3.3 Металл өңдеу
Ұсталық пен зергерлік өнер әр түрлі металдардан сан алуан үй бұйымдары, сәндік әшекейлер жасаумен байланысты. Қазақстан жерінде мыс, жез, темір және күміс сияқты металдардан бұйымдар жасау ісі өте көне замандардан басталады. Содан бері ұсталар мен зергерлер ісінде сан қилы жағдайларға байланысты даму және тоқырау кезеңдер де болды. Соған қарамай, ұсталар мен зергерлердің дәстүрлі өнері біздің заманымызға дейін жетіп отыр.
Көшпелі өмір жағдайында қазақ ұсталары мен зергерлерінің арнайы дүкендері болмаған. Кейде ескі киіз үйде немесе қысы-жазы ездері тұратын тұрғын үйлерде жұмыс істеген. Жаздыгүні есік алдындағы үй көлеңкесінде немесе әдейі жасалатын лапастар мен күркелерде отырып, ұсталық құрды. Мұндай жағдай зергерлер ісіне онша қиындық туғыза қоймады, бірақ темір ұсталары үшін өте қолайсыз болды.
XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында қазақ халқының отырықшылыққа не жартылай отырықшылыққа көшу процесінің дамуы нәтижесінде ұсталар өз қыстауларының бір бұрышынан немесе тошала ішінде дүкен жасап, сонда қысы-жазы бірдей жұмыс істеуге мүмкіндік алды.
Қазақ ұсталары мен зергерлері құрал-саймандардың көпшілігін өздері жасап алушы еді. Әсіресе, темір ұсталарының саймандары зергер саймандарына қарағанда шағын және қарапайым келеді. Олай дейтініміз, әдетте, зергерлердің көбі ұсталық өнерді де толық меңгергендіктен, қолдарында темір өңдейтін саймандарды ұстаған. Ал, ұсталардың бәрі бірдей зергерлік өнермен айналыспады. Өйткені, зергерлік кәсіп өте шеберлікті талап етеді ғой. Аса шебер зергерлердің көбі-ақ істеріне қажет болған темір бөлшектерді өздері жасай алатын.
Ұста мен зергерге бірдей қажетті құрал-саймандар — көрік, төс, балға, шапқы, сапты шапқы, тескіш, қысқаш, көсеу, қайшы, шеге жасайтын қалып, металл балқытатын бақыраш не ожау, қалайылау құралы, т. б. Бұларға қоса зергерлерге алтын, күміс өңдеуге арналған шағын төс, әр түрлі кішкене балғалар, бірнеше егеулер, іскенже, күміс үретін түтік, үлкенді-кішілі шапқылар мен тескіштер, сым созатын, шеге жасайтын темір қалыптар, ұшында сан түрлі бедерлері бар көптеген темір қадаубастар, неше алуан күміс әшекейлерді кептеп не құйып жасайтын темір қалыптар, үшкір пышақ, өткір біз, алтын-күміс өлшейтін кішкене бізбен сияқты саймандар болды.
XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында қазақ ұсталары негізінен шаруашылық саймандары — жер ағаш тісі, орақ, тырма тістері, кетпен, күрек, қырықтық, арбаның темір бөлшектері, қақпан, балта, шот; ер-тұрман әбзелдеріне арналған әшекейлер мен ауыздық, айылбас, үзеңгі, таға, кісен; әр түрлі үй бұйымдары — темір адалбақан, ошақ, мосы; қару-жарақ түрлері — пышақ, семсер, сапы, қылыш, найза ұшы, айбалта мен білтелі мылтық сияқты заттарды жасай білді.
Темірден соғылатын заттарды көрік-пеште қыздырып, төске салу арқылы жасаса, мыс, жез, қола, қалайы бұйымдарды, негізінен, балқытып, арнайы қалыпқа құю арқылы орындады. Темірді қыздыру, басқа металдарды балқыту үшін ұсталар қызу-қуатымен сексеуіл шоғын пайдаланды. Мұндайда, әсіресе, сексеуіл өте қолайлы болады. Көмірді, көбінесе, ұсталардың өздері іздеп табатын.
Көп ретте орыс көпестерінен сатып алатын сүймендерден неше түрлі темір заттар жасады. Кейде сүймендерді ұстаның өзі сатып алса, көбіне-кеп темірді жасатушылардың өздері тауып беретін. Күнделікті тұрмысқа пайдаланатын бұйым-дардың ішінде тек темірден ғана жасалатындары онша көп болмады. Өйткені, қазақ даласында темір табу қиынға түсті. Оны, көбінесе, қалалар мен орыс поселкелерінен сатып алды. Сондықтан XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында қазақ ұсталары, көбінесе, ауыл шаруашылық құрал-саймандарын жөндеумен айналысты. XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап найза, айбалта, қылыш, мылтық сияқты соғыс қару-жарақтарын жасату күрт сиреді. Өйткені, қазақтардың көрші елдермен достығы нығая түскен, феодалдық алауыздыққа ру-ұлыстық қақтығыстарға тыйым салынуына байланысты көпшілік халыққа қару-жарақтың қажеті болмады. Оның өзінде сән қуған ірі байлар, төрелер қазақ ұсталарына болат қанжар, қайқы қылыш, сармойнақ пышақ, күмістеген айбалта сияқты қару-жарақ түрлерін айнала жұртқа сес көрсету мақсатымен, мақтаныш үшін жасататын болған.
Жоғарыда көрсетілген соғыс қару-жарақтарын 1916 жылы ұлт-азаттық қозғалысы кезінде Қазақстанның әр өңіріндегі көтерілісшілер көптеп жасатты. Қара темірді қамырша илейтін қазақ ұсталарының қару-жарақ соғудағы ролі айтарлықтай болды.
Халық шеберлері темірден жасалған кейбір үй бұйымдарын да әдемілеп көркемдеуге тырысты. Мәселен, үш аяқты дөңгелек темір ошақ аяқтарының сырт жағынан шығыршықтар, ішкі жағынан кішкентай алақандар орнатылды. Шығыр-шықтар ошақты көтеру үшін, ішкі алақандар шағын қазан үшін жасалды. Кейде жұмырлап соғылған темірден үш бұрышты ошақтар жасады, ал аяқтарының өн бойын мүсіндеп, өрнектеп көркемдеді. Ұсталар ағаш адалбақанның ілгектерін түгелдей темірден жасап, күміспен безендірді. Әдетте, мұндай темір адалбақандарды көш-қонға ыңғайлы болу үшін, екі не үш бөлектен алмалы-салмалы етіп те жасады. Мұндай адалбақанның өн бойы иілген темір өрнектермен көркемделді, оның бетіне кейде күміс, алтын, жез жапсырылып әсемделді. Осындай темірден жасалған тамаша адалбақанның бір үлгісі Ленинградтағы Антропология және этнография музейінде сақталған. Оны XIX ғасырдың орта шенінде Омбы уезін мекендеген қазақ ұсталары жасаған. Ол үш бөліктен тұрады. Үстіңгі бөлігінің жоғарғы басы ашаланып жасалған да, астыңғы бөлігінің төменгі жағынан үш аяқ шығарылған. Әр бөлімінің төменгі жағы сүйірленген, сыртына алтын қапталған. Бақанның үш жерінен беті алтындалған өрнекті қорғасын әшекейлер жапсырылған.
Достарыңызбен бөлісу: |