Н. Дауенов ДӘСТҮрлі қазақ этнографиясы



бет10/22
Дата11.01.2017
өлшемі5,68 Mb.
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   22

3.4 Сүйек пен мүйіз қолдану

Қазақ қолөнерінде сүйек пен мүйіз өндеу ісі өз алдына жеке кәсіп ретінде бөлінбеген. Ертеректе сүйектен кейбір еңбек құралдары мен қару-жарақ бөлшектерін жасаған. Ағаштан жасалатын үй жиһаздары мен ыдыс-аяқтарды көркемдеу үшін мал сүйегін кеңінен пайдаланған.

Үй бұйымдарын әсемдеуге жылқы мен түйе сүйектері ғана жараған. Оның өзінде, ең алдымен, олардың жауырын сүйектері мен қабырғалары қолданылса, кейде әсемдеу үшін жіліктің қақ сүйегі іске асқан. Әдетте, қыстыгүні соғымға сойылатын ірі жылқы мен түйе сүйектерінің жарамдыларын тастамай, жинай беретін. Шеберлердің айтуынша, шикі сүйектерден гөрі асылған еттің сүйегі өндеуге қолайлы болады. Семіз соғымның сүйектері тым майлы болған жағдайда, оларды артық майдан арылу мақсатымен өндеу алдында тағы да бірнеше сағат суға қайнатып алады. Сүйекті іске қосу алдында суға қайнатаудың тағы бір себебі, кеуіп тұрған сүйектен гөрі қайнатылған сүйекті өңдеу оңайға түседі.

Алдымен жылқы және түйе жауындарының кеміксіз қақ сүйегінің екіге жаруға келетін жалпық етек жақтары мен қабырғаларының жалпықтауын қол арамен кесіп, кесінділерді шапа-шотпен кеміктен әбден арылтып алады, содан кейін іске кіріседі.

Әсемдейтін бұйымдарының ыңғайына қарай, дайындалған сүйектерден мүмкіндігінше көлемі жағынан біркелкі тік бұрышты, төрт бұрыш, шаршы үш бұрыш, ромбы тәрізденген әшекейлер кесіліп алынады, олардың беттері тегістеледі, мұқият өңделеді. Сүйек бетін өңдеу үшін пышақ, шапашот, егеу, шыны сынықтары қолданылады. Сүйек әшекейлерді ағаш бұйым бетіне шеге арқылы ұстататындықтан, олардың шеге қағылатын тұстарын жіңішке қуысқұлақпен алдын ала тесіп алады. Сүйек әшекейлерді бетіне бедерлі ою-өрнек ойылумен бірге сызу әдісімен әр түрлі геометриялық өрнектер де жүргізіледі. Сүйек бетіне жүргізілген бедерлі оюлардың түрі қызыл, қоңыр, жасыл бояулармен боялады. Кейде сүйек әшекейлердің өзін мүсіндеп, оймалаумен бірге ағаш бетін ойып орналастырады. Сүйек әшекейлерімен әсемделетін үй бұйымдарының түрлері көп. Оның ішінде, әсіресе, жиірек көркемделетіндері – кебеже, төсағаш, сандық, ер, піспек басы, адалбақан, қант тоқпақ және домбыра сияқты музыкалық аспаптар. Жылқы мен түйенің асық жіліктернің жіңішке жағының қақ сүйектері пышақ, қылыш, қанжар, ожау саптарын әсемдеуге кеңінен пайдаланылады.

Сүйекті түзетіп, жонып, тегістейтін құралды бастырақ не қысқы дейді. Жалпы, сүйекті жону, өрнектеу, шегелеу, сүйекке күміс қақтау жұмыстары - асқан шеберлікті талап ететін өте нәзік өнер.



Ірі қара, серке, арқар, арқар, ақбөкен және таутеке мүйіздері мен тұяқтары хас шеберлер өте тиімді пайдаланатын болған. Мәселен, сиыр, серке мүйіздерінен шақша, тарақ; ақбөкен мүйізінен қамшының сабы, шиті мылтықтың сирақтары, арқар және таутеке мүйіздерінен қымыз ожау, қасық сияқты заттар жасалады. Сүйекке қарағанда, мүйіз жонуға, июге, қалыпқа салуға, тесуге, шегелеуге өте ыңғайлы. Және оны оюлап өзге заттарға қиюластыру да жеңіл. Жоғарыда айтылған үй жануарлары мен тағы аңдардың мүйіздерін іске жарату үшін, оларды жастай жинап, ылғи көлеңкеде сақтау қажет. Өйткені, далада көп жатып, қабыршақтанып, әбден қураған мүйіздер іске жарамайды. Мүйізден жасалатын бұйымның ыңғайына қарай, бабымен кептірілген мүйізді қол арамен көлденең кесіп, дайындап алады да, ыстық қоламтаға бие сауым уақыт көміп, әбден жұмсартып, балқытады, одан кейінт ғана шебер іске кіріседі. Айталық, шақша жасайтын болса, мүйіз кесіндісінің сыртқы пішінін қалауынша өзгертіп, суығынша арнайы қысқашпен қысып қояды. Суығын мүйізді пышақпен, егеумен, шынының сынығымен және киізбен мұқият өңдейді. Сосын сүйектен, ағаштан, күмістен, не мүйізден түп, қақпақ салып кейде сыртын күміспен, көздің жауын алатындай етіп әсемдейді.

Сиыр мүйізінің түп жақ кесіндісінен тарақ жасайды. Ол үшін арнайы жасалған әлді темір пышақпен мүйіз кесіндісінің бауырынан жара тіледі, алдымен мүйізді түзетіп, содан соң қысқашпен қысып қойып суытады. Суыған мүйізге тарақ кескінін нобайлап, мұқият өңделген соң оны қысқашқа қысып қойып, бір жақ шетінен «еркек тістер» деп аталатын ірі тістер, екінші жағынан «ұрғашы тістер, деп аталатын жіңішке тістер шығара жұқа қол арамен тілетін. Болмаса екі түрлі – бірі қалың, екіншісі жұқа пышақпен тарақ тісін тіледі. Дайын тарақтар егеліп, ыспаланады, боялып әдеміленеді. Ақбөкен мүйіздерінің қуысы жоқ жіңішке ұштарын қоламтаға салып түзетіп, бірнешеуін жалғастыру арқылы қамшының сабын жасайды. Оның сыртын да әдемілеп өңдеуге болады. Оны жез не күміс әшекейлермен көркемдейді. Арқар не таутеке мүйіздерін қоламтаға көміп, балқытып барып, түзетуге болады. Ал, сыртындағы кедір-бұдырын шаппа шотпен шауып, пышақпен жонып тастайды. Сөйтіп барып, шағын қымыз ожаудың басы мен сабын тұтастыра шығарыды. Бұл аңдардың мүйізінен пышақ, семсер, қанжар, қылыш саптары да жасалған. Ерте замандарда сүйек пен мүйізден жебе, ине, пышақ жасағандығы археологиялық зерттеулерден белгілі. Келе-келе халық өміріне метал түрлерінің енуіне байланысты сүйек пен мүйізден, жоғарыда көрсетілген,құрал түрлерін жасау сирей бастады. Өйткені, қару-жарақ, құрал-сайман ретінде сүйек пен мүйіз металл түрлерінің қайсысымен болсын бәсекелесе алмайтыны айрықша дәлелдеуді, әрине, қажет етпейді ғой.



Осы көрсетілген үй бұйымдарының ішінде сүйекпен көркемделетін беттері көлемдірек келетін кебеже,төсек ағаш сияқты бұйымдардың беттерін әдетте бірнеше төрткүлге бөліп, олардың әрқайсысының беттеріне ою-өрнек ойыған көлемді келген сүйек тақтайлар күміс бүркеншікті шегелерлен қиыстырылатын. Әр төрткүлдің ортасына күмістелген бедерлі темір әшекейлер орнатылатын. Ажурлы әшекейдің астына төселетін қызыл не жасыл шұға,көксауыр былғары, дәл ортасына ақық не перуза тастарынан,яки түрлі шынылардан орнатылатын көздер сүйек түсімен үйлесім тауып, безендірілген бұйым бетінің реңін енгізетін.

Мұқият өңделген сүйек әшекейлермен мейлінше ұқыпты безендірілетін үй бұйымдарының бірі ұзатылған қыздарға арнайы дайындалатын қол сандықтар. Бұлардың хас беттері, екі жаны және қақпақтарының төбесі түгелдей сүйектелген.


3.5 Тері ұқсату мен етікшілік қолөнері

Үй жануарлары мен әр түрлі аң терілерін өңдеу қазақ өмірінде ежелден-ақ үлкен орын алды. Өйткені, революцияға дейінгі қазақ жұртшлығы иленген мал, аң терілерінен сан алуан киім түрлерін тігіп киген. Сонымен бірге, өздері илейтін немесе сатып алатын былғары түрлерінен қазақ шеберлері киімнен басқа көптеген үй бұйымдарын да жасады.



Қазақ шеберлерінің ішінде ел арасында тұрып, тері илеуді кәсіп еткендері де аз болмаған. Ондай ісмерлер, негізінен, Өскемен, Семей, Омбы, Орынбор, Орал, Ақтау; оңтүстігіндегі: Алматы, Тараз, Қызылорда қалаларында тері илеп, былғары жасауды үйренген қазақтар кейінірек ел арасына шығып, өз алдына осы кәсіппен айналысты.

Мал терісін илеудің ел арасына кең тараған екі түрі бар. Біріншісі – ағаш күбіге немесе басқа кең ағаш ыдысқа айранның сары суына, ашыған іркітке, ұн кебек, тұз салып ашытады да, теріні соған салады. Екіншісі – тері бетіне ұн, тұз араластырылған іркіт жағу арқылы орындалатын. Мұны иі жағып илеу дейді.

Мал терілерін өңдеу тәсілдеріне көптеген өзгешіліктер бар. Ол өзгешеліктер қай түліктің терісінен қандай бұйым жасайтынына байланысты. Мәселен, сырт киім, бас киім, тігуге арналған қозы, лақ, құлын терілерінің немесе әр түрлі аң терілерінің жүнін алмай илейтін. Ол үшін әлі кеуіп үлгермеген жас терілерге немесе су бүркіліп жібітілген терілердің өң жағына іркіт жағып, ұн не кебек, тұз сеуіп алып, тері бетіндегі иді араластырып, терінің шеттерін үстіне қарай қайырып, жылы жерге бүктеп қояды. Мұндай әдіспен иленетін терілердің иі қану, яғни дайын болу мерзімі тері түрлеріне байланысты. Қозы, лақ және аң терілері жылдам иі болса, үлкен қой-ешкінің, әсіресе, құлын, жабағы не тай терілерінің иі болу мерзімі әлдеқайда ұзақтау келеді. Орта есеппен 3-5 күн ішінде қандай теріге болсын иі сіңіп үлгереді. Иіден шыққан теріні көлеңкеде кептіріп, талқыға салып жұмсартады, содан соң қырғышпен қырып, өңдейді, жақсылап уқалайды. Елтірі мен аң терілерін талқысыз-ақ уқалап жұмсартады.

Көбінесе, бас киім немесе ішік тігетін аң терілері мен елтірі, сеңсердің боямай-ақ матамен тыстап тіге береді. Ал, қыс киетін тон, шалбар тігуге арналған қой терілерін томар бояу немесе тігуге арналған қой терілерін томар боу немесе қара тал қабығының қайнатындысымен бойды. Жарғақ және тайжақы тігуге арналған құлын, жабағы немесе тай терілерінің жүні сыртына қаратылғандықтан, оларды боямай-ақ матамен астарлап тігеді. Ешкі терісінен тақыр шалбар; серке терілерінен кестелі жарғақ шарбарлар тігу үшін немесе ірі қара терілерінен үй шаруасына қажетті қайыс, аяқ киім тігуге арналған көн илеу үшін теріні суық суға салып, әбден жібітіп алып, жүнін ұстарамен қырып тастайды. Кейде жас теріні бүктеп жылы жерге 23 күн қою арқылы жүнін жидітіп те түсіреді. Жүні алынған терілерді ағаш күбіге салып үстінен иі құяды. Мұндай терілер иіге түгелдей батып тұрады да, бір жетінің ішінде иіге қанады. Иіден шыққан терілерді көлеңкеде кептіріп, талқыға салып жұмсартады. Қайысқа арналған теріні талқыдан кейін өңдемей, сол күйінде кептіріп қояды да, керек болғанда шетінен таспалап, тіліп алып отырады. Ал, аяқ киім не болмаса басқадай үй бұйымын жасауға немесе оларды көркемдеуге арналатын теріні талқыдан соң қолымен уқалап, қырып өңдейді де қара, қоңыр түсті бояулармен бояйды.

Түрлі ас құятын ыдыс жасауға арналған жылқы, түйе, сиыр, серке терілерін, әдетте, илемейді. Өйткені, иленген тері су тисе болды тез жібіп, былжырап кетеді, оған құйылған сұйық тағамға иінің дәмі шығып тұрады. Сондықтан саба, торсық, жан торсық, сүйретпе, көнек жасауға арналған жылқы терісінің жүнін ұстарамен қырып, кейде, тіпті, жүнімен аязға тастайды да, көктемде қайта жібітіп, жүнін алып ыстауға кіріседі.

Қазақ арасында тері асытауға маманданағн ысшылар болған. Саба жаңартқысы келгендер терісін жинап, ысшыға ыстатын. Мәселен, Көкшетау төңірегінен /1970/ жиналған деректерге қарағанда, революцияға дейінгі ысшылар қыстау жанында бірнеше жылқы терілерін бірден ыстау мақсатымен жөртөле қазып, оның төбесін топырақпен түтін шықпайтындай етіп жауып отырыпты. Тек бір шетінен аздап леп шығып, ауа кіріп тұратын саңылау қалдырады. Жөртөле ішіне бірнеше екіден ұзын сырғауы дайындап, біреуін жертөле төбесінің астынан орнатып, оған жіңішке жіптермен терінің әр жерінен ілетін де, төменгі жақ шетінің әр жерінен жіңішке жіптер арқылы астыңғы сырғауылға байлап, сырғауылды жерге тимейтіндей етіп салбыратып қояды. Сырғауылдың салмағымен тері жақсы керіліп тұрады. Теріні ысқа ілер алдында суға салып, жібітіп, мұқият шелдеп, жүнін тегіс қырып тастайды. Осылайша ілінген терілер бір-біріне тимей, әбден сорғып, дегдуді қажет етеді. Жертөле есігі де түтін шықпайтындай болып жабылады. Бұдан, әрине, Қазақстанның барлық өңірінде тері ыстау үшін тек осындай жертөлелер қазылады екен деген ұғым шықпаса керек. Мәселен, кейбір ауылдар терілерін ысшыға бермей-ақ, ені 1 метр ұзын ор қазып, оған әркім белгі салынған терілерін іледі де, төбесін шыммен жауып, арнайы мұржа арқылы тобылғы, қайың түтінін жібереді. Тері ыстаушылар отты кезекпен жағады. Кейбіреулер жалғыз-жарым терілерін шыммен не құрым киізбен жабылған шағын күркелерде де ыстай береді .Тасы көп таулы жерлерде, әсіресе, оңтүстік Алтай атырабында ысшылықты кәсіп еткен адамдар ысты тастан да салатын.

Ыстың жанынан беті жабық жерошақ қазылады да, одан шығатын түтін арнайы жасалған ұзындығы 2-3 метрдей мұржамен жертөле ішіне тоқтаусыз баруы қажет. Жертөле мен жерошақ арасының мұншалықты қашық болатындығы – от жалынының тікелей жертөле ішіне жетпеуін көздегендіктен. Өйткені, ыстық жалын лебі терілерді бырыстырып, күйдіріп жіберуі мүмкін.

Жерошаққа бықси жанған қайыңның не тобылғының түтініне жертөле толғанша от жағылады. Оның өзі жертөлеге толтырылған түтіннің қаншалықты сақталуына байланысты. Тері ыстау үшін қайың мен тобалғыдан басқа ағаштың, әсіресе, май қарағай еш уақытта қолданылмайды. Мұндай отындардың майы сіңген сабаның қымызынан оның жағымсыз қышқыл дәмі шығып тұрады.

Жоғарыда айтылған әдіспен күн сайын ыс салып отырғанда, бір ай шамасында терілер дайын болады. Теріге ыс сіңуі барысын үнемі бақылап отырады. Терілерді күйдіріп алмай, әбден бабына келтірген уақытта тері жұқарып, тығыздалып, артық майы шығып шыңылтырланады. Ар жағынан күн көрінгендей жағдайға жеткенде ыстау жымысы тоқтатылады. Кейде терінің тілген жері ақ жолақтанбай, қара қошқылданып жылтырап тұруы керек. Жеріне жете ысталған теріден тігілген сабаның ішіндегі қымыз деңгейі сабаға жарық түскенде анық көрініп тұратындай болуы керек. Сабыны, көбінесе, 1-3 жылқы терісінен жасатады. Бұрын атаққұмар байлар үлкен астарға көп қымыз апарып, атын шығару үшін 10 жылқының терісінен саба жасататын болса керек. Сабаның түбі шаршыланып, жоғары жағы қусырыла келіп, мойынына піспек басы еркін сыятындай болып пішіледі де, шуда жіппен сырт жағынан жөрмей тігіледі.

Кейде жүні қырылған теріні бірер күн қара тал қабығының не томар бояудың жылымшы қайнатындысына салып, бояу сіңіріп алады да, біраз дегдіген соң, одан саба тігіп , дайын сабаны ыстайды. Сабадан қалған тері кесінділерінен үлкенді-кішілі торосық, жан торсық, сүйретпе сияқты ас құятындар ыдыстар да тігеді. Сүйретпеге түйенің мойнағы да жиі қолданылатын болған. Жан торосықтың көлемі шағын, сыйымдылығы 2-3 литрлік болатын да, әр түрлі тәсілдермен көркемделеді екен. Жылымшы томар бояу қайнатындысынан шыққан тері біраз дегдіген соң, одан бірнеше жан торсық пішіліп, өронектеліп барып тігіледі, сосын ішіне ыстық құм толтырып кептіреді. Торсық кепкен соң құмды төгіп, ысқа іледі. Мұндай әдіспен жасалған жан торсық өз пішінін еш уақытта жоймайды.

Жол жүргенде қымыз құйып алып жүру үшін жасалатын қолайлы ыдыстың бірі – мес. Месті бітеу сойылған семіз серкенің терісінен жасайды. Ол үшін жібітілген серке терісінің жүнін ұстарамен алып, тазалап шелдейді. Бұдан соң оны тал қабығының тұздалған қайнатындысына бірер күн ұстап, түбін шуда жіппен тігіп, біраз дегдітеді, одан кейін уақлап, созғызып жұмсартады. Жел қақтырып кептіргеннен кейін, местің мойынынан тобылғы түтінін жіберіп, 2-3 күн бойы ыстайды. Сөйтіп, оны дайын ыдыс ретінде керегіне жарата береді. Қымыз құйған месті көлікке артып, бір жерден екінші жерге жеткізерде леп шығып тұру үшін, местің аузына іші қуыс қой жілігі қоса байланады. Өйтпесе мес жарылып кетеді. Жолшыбай местен қымыз құйып алғысы келгенде, оны көліктен түсіріп жатпайды, бітеу сойылған серке терісінің алдыңғы аяғының біреуінің ұшын тікпей, шүмек есебінде қалдырады, ол жерді ағашпен мықтап тығындап қояды, соны ашып, местен қымыз құйып алады. Жасалмалы серкенің терісінен жақсылап істеген мес көпке шыдайды. Қымыз біткеннен кейін, оның ішін сумен шайқап, көлеңкеге ілңп, жел қақтырады. Қатырмай керпі-созып, майлап отырады.

Жылқы, сиыр және серке терілерінен өөдері илейтін қалың былғарыны халық көн дейді. Одан тоқым, тебіңгі, белбеу, жағлан жасаумен бірге етік, мәсі тігіледі. Бұрын ауқатты адамдар мұндай заттарды, көбінесе, саудагерлерден сатып алынатын қалың былғарыдан, хромнан /жұқа былғары/ жасататын болған.

Тоқым, тебеңгі, жағлан жасауға арналатын көнді де, қалың былғарыны да ою-өрнектермен көркемдейді. Оның өзі әр түрлі әдістермен орындалады. Қалың көн мен былғарының бетіне ою түсіру үшін, оны, ең алдымен, суға салып, жібітіп алады. Аздап дегдігеннен кейін оның бетіне мүйізден не сүйектен жасалған сызғышпен жүргізетін оюдың ізін түсіреді. Енді бірде тақтай үстіне жайылған былғары бетіндегі өрнек бойымен ұшында кішкене шеңбер ізі бар темір қадаубасты ағаш тақпақпен ұру арқылы болмаса қалың жүзді жалпақ шапқымен терең із қалдырып көркемдейді. Көн не қалың былғары бетіне бедерлі ою-өрнек жүргізу үшін ағаштан арнайы қалып жасалады. Қалыптың бетіне бедерлі ою ойылады, оның үстіне жібітілген көннің не былғарының өңі астына қаратылып төселеді. Сөйтіп, балғаның жіңішке басымен былғарыны таптай ұру арқылы оған бедер түсіреді. Мұндай бедерлі оюдың кепкеннен кейін жойылып кетпеуі үшін, астына желімге иленген балшық қоймалжыңы толтырылады. Желім араласқан балшық былғарыға жабысып қатып қалады да, былғары бетіндегі бедерлі өрнектің ұзақ уақыт сақталауына жағдау туғызады. Кейде осындай қалып арқылы жүргізілген бедерлі оюлардың айнала жиегі астармен қосыла, жіңішке тарамыспен қайылып тігіледі. Бұл әдіс ою-өрнектің былғары бетінде айқын тұруымен бірге, оның көпке дейін жойылмауына көмектеседі. Мұндай бұйымдардың бет жағы әр түрлі тәсілдермен жүргізілген ою-өрнектерге қоса күміс, тас, сүйек әшекейлермен де безендіріледі.

Қазақ арасында жылқы терісінен көн илеп немесе сатып алатын қалың былғарыдан бедерлі ою-өрнек жүргізілген тұс киіздер жасайтын шеберлер де болған. Әрине, мұндай бұйымдарды, көбінесе, ауқатты адамдар сонау 18-19 ғасырда жасата алатын. Мұндай бұйымдарды жасау тәсілі қазіргі күнде ел арасынан мүлдем ізін жойған. Осы үлгідегі былғары тұс киіздің бір тамаша үлгісі Қазақ ССР-ініің Мемлекеттік Орталық музейінің қорында сақталған. Оның көлемі 2×1,5 метр шамасында. Мөлшермен 18 ғасырда жасалған бұл дүниенің ісіне, көркемделу стиліне қарағанда, Жетісу өңіріндегі айтулы өнер иесінің қолынан шыққан туынды деуімізге болады. Музей деректері де соны қуаттайды.

Түс киіз өңіне түсірілген өрнектің композициялық құрылымы әдеттегі киіз, мата, тұс киіздердікіндей дәстүрлі бөліністерден тұрады: ортасы, шеті, жиегі бір-бірімен кестеленіп бөлінген де әрқайсысы өзінше оюланып безендірілген. Ою мотиві, негізінен қазақтың дәстүрлі қошқар мүйіз сыңар мүйіз, өрнектерінің ұнамды үйлесімі арқылы өз көркемдік шешімін тапқан. ТҮс киіз бетіне жүргізілген бедерлі ою-өрнек ыңғайына қарай, симметтриялық заңдылықты сақтай орналастырылған 107 әр түрлі күміс розеткалар бар. Олардың басым көпшілігі күн символы тәрізді дөңгелек розеткалар да, қалғандары ұшқан құс бейнесін не жарты ай кескінін танытатын әшекейлер.

Сөйтіп, бедерлі ою-өрнекпен безендірілген қара-қошқыл былғарыдан жасалған тұс киіз негізінің бетіне тігілген ақ, қызық жібек кестелер, ақ күмістен орнатылған әр түрлі әшекейлер тұс киіз бетінде үйлесім тауып, оның реңін енгізіп тұр.

Мұның өзі қазақ шеберлерінің жоғары талғамдық дәрежесін аңғаруға мүмкіндік бергендей. Олай болса, бұл бұйым бұрынғы өткен қазақ шеберлерінің өнерлі еңбегінің бізге жеткен тамаша үлгісінің бірі екені даусыз.

Қазақ өмірінде ірі қара терісінен иленетін қайыс та үлкен орын алды. Иленген теріден қайыс жасау үшін малмадан иі қанып шыққан теріні көлеңкеде дегдігіп, талқыға салып, жұмсартып алады да, керегіне жарата береді. Қазақта ағаш талқының екі түрі болады. Бірі ағаштың екі айыр жерінен жасалады. Ол үшін айыр ағаштың үстіңгі бетіне кертпе бедер жасалады. Айыр ортасынан келетін білектей қайыңның бір басын топсалап орнатып, оынң астыңғы қырынан кертпе бедерлер түсіріледі. Қайысты осы кертік ағаштардың арасына салып жұмсартады. Талқының екінші, кейінірек қалыптасқан түрі мынадай: оның ұзындығы 40-50 сантиметр, жуан ағаш кесіндісінің ортасынан биіктігі 50-60 сантиметр екі тақтай тігінен орнатылады. Тақтайлардың жоғарғы қырлары жұқартылып жонылады. Иленген теріне осы талқының үстіне көлденең салып, тіземен басу арқылы қайысты жұмсартады. Кейде қайысты ағаш жаңғырық үстіне салып, қол тоқпақпен ұру арқылы да жұмсартатын болған.



Қайыстан қамыттың құлақ бауы, айыл, шілия, жүген, тізгін, шылбыр, қанжыға, қамшы, божы, тұсамыс, шідер, ноқта, тағы басқа да үлкенді-кішілі бұйымдар жасалады.

Қазақ арасында ежелген бері етікшілік өнері де кең дамыған. Семья мүшелеріне түгелдей аяқ киім тіккізгісі келген адамдар, әдетте, етікшіні өз үйінде бірнеше ай бойы ұстайды. Етікшілердің құрал-саймандары онша көп болмайды, олардың бәрі шағын ағаш қобдиға сыяды. Олар – балға, шапашот, шағын, төс, пышақ, түрпі, кергіш ағаш, тістеуік, ине, қаю біз, жуан қайқы біз, шеге біз, әр түрлі қалыптар және басқа да саймандар.

Аяқ киім тігуге қажетті көн, былғары, қайыс, ұлтан, сірі, тоз, тарамыс сияқты заттарды, әдетте, аяқ киім тіккізушінің өзі табады. Тек, ағаш шеге жасайтын кепкен қайың кесіндісін, ұсақ темір шегелерді, үлкенді-кішілі қалып түрлерін еткіші әрдайым өзімен бірге ала жүреді.

Өзіне керекті саймандардың бәрін, сондай-ақ, аяқ киім түрлеріне арналған қалыптарды етікшінің өзі жасап алады. Аяқ киім түрлеріне арнап қалып шабудың бір ерекшелігі – түзу табан болып шабылған бір қалыптың екі аяққа бірдей жарай беретіндігінде.

Ертеректе қазақ етікшілері ер адамдарға арналатын етіктің бірнеше түрін көннен не қайыстан жалаң қабат етіп тігетін. Жаздыгүні ат үстінде жүргенде киетін көн етіктердің басы қайқы, ұлтаны ішінен тігілетіндей жұмсақ келеді. Мұндай еткітерге өкше мүлдем салынбайды немесе өте жұқа болады. Қыста ерлер киетін ұзын қонышты, киіз байпақты еткіті саптама етік дейді. Киіз байпақпен, кейде, тіпті, аяққа шұлғау орап не мәсінің сыртынан киетіндіктен саптама еткітердің басы да, қонышы да кең болады. Мұндай еткітердің байпағы, әдетте, тізеден асады.

ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ даласына сырттан келетін былғарының тарауына байланысты, саптама етік пен жеңіл етіктерді қалың қара былғарыдан тігу өріс алды. Сонымен бірге, орыс үлгісімен қисық табан жеңіл еткі тігу де біртіндеп берік орын ала бастағандығы белгілі. Әйелдерге арналған жеңіл етікті қара,қызыл, жасыл түсті жұқа былғарыдан сәндеп тігеді. Олардың өкшесі биік келеді, қонышы түсті жібек барқыттармен көркемделеді, сонымен бірге сәнді кестеленеді.



Ер адамдарға арналған кебісті көннен немесе қалың былғарыдан түзу табан етіп тігеді. Бұлардың өкшесі биік болмайды. Әдетте, еркек етіктері мен кебістерінің өкшесіне темірден нәл қағады.Әйелдерге арналған кебістер түрлі түсті жұқа былғарыдан тігіліп биік өкше қағылады,әр түрлі жібек жіптермен кестеленіп көркемделеді. Әрине, мұндай әсем кебістерді ұзатылатын қыздарға арнап жасататын болған.

Кебісті әдетте, ерлер де, әйелдер де мәсімен киеді. Мәсіні көннен, қалың былғарыдан, ал әйелдерге арналатын мәсілерді сатылып алынатын түрлі түсті жұқа хромдардан тігеді.

Мәсі тігудің екі тәсілі болған. Оның ішінде ең көп тарағаны-жалаң қабат ұлтанды мәсінің басын ішінен тігу әдісі. Ол үшін мәсінің қонышына басын, намаздығын тығып алып, теріс айналдырады, сосын қалың былғарыдан ұлтан шегеленген қалыпқа тартылады,ұлтан мен мәсінің басын жуан тарамыспен қайып тігеді, онан кейін қалыпты суырып алып, мәсіні айналдыра салады.

Мәсі тігудің күрделірек тәсілі - қос ұлтандап тігу. Ол үшін қонышына басы мен рамаздығын тігіп болған соң, ішпектелген қалыпқа тартылады. Содан кейін сыртынан ағаш шегелермен қалың ұлтан шегеленеді, оған бір қабат аласа өкше қағылады. Мұны халық шәтік мәсі деп атайды.

Етікшілер етік тігуде олардың өкше сірісін мықтап жасауға көбірек көңіл бөледі. Ол үшін өкшелікті былғарыдан екі қабатттап тігеді, арасына сіріден немесе қайың тозынан өкше сірі салады.

Етік, шетік мәсінің ұлтанын шегелеу үшін қолданылатын ағаш шегелерді әбден кепкен қайыңнан жасайды. Әдетте, етік шегесі ірірек, мәсі шегесі кішірек келеді.

Етікші ісінде орын алатын заттың бірі - тарамыс. Тарамысты соғымға сойылатын ірі қараның сирағындағы сіңірінен дайындайды. Сіңірді кесіп алысымен күлге бір аунатып қораның құмдығына іліп қояды, сөйтіп ол жазға дейін қатып кеуіп қалады. Кепкен сіңір еш уақытта бұзылмайды. Одан тарамыс жасау үшін,алдымен,ағаш тоқпақпен соғып жұмсартады, содан кейін талшықтарға бөле тарамдайды. Міне, осы тарамдалған сіңірдің жіңішке және жуан тарамыстар ширатылады .

Сонымен, революцияға дейінгі қазақ өмірінде аң, мал терілерін ұқсатып, одан әр түрлі киім тігу, үй бұйымдарын, ер-тұман әбзелдерін, ыдыс түрлерін жасау үлкен орын алған. Көрші елдермен сауда-саттықтың артуына байланысты, көптеген дайын былғары түрлерінің қазақ даласына жайылуы көн илеуді азайтып жіберді, сөйтіп одан жасалатын бұйымдар да азая бастады. Дегенмен, сауда-саттықтың күрт өсуі былғары түрлерінің қазақ өміріне берік енуіне қолайлы жағдай туғызды. Бұдан былай қазақ шеберлері көннен, сіріден, тақыр жарғақтан, былғарыдан тігілетін киім түрлерін, жасалатын үй бұйымдарын оюлап, кестелеп, күмістеп көркемдеуге көп көңіл бөле бастады.


3.6 Киіз, сырмақ басу және алаша тоқу

Қазақ қолөнерінде пайдаланылған негізгі шикізаттың бірі және ең бастысы – жүн болды. Материалды терең зерттеп, оның бар сырын, бар мүмкіндіктерін аша білу – қолөнері үшін маңызды жәйт. Халық шеберлері материалдың табиғи қасиеттеріне зер салып, оны өңдеуде техникалық тәсілінің барынша тиімді және күнделікті тұрмысқа ең қолайлы жақтарын қарастыра отырып, әсемдік, әдемілік дүниесіне де көңіл бөле білді. Күні бүгінге дейін өз маңызын жоғалтпай келген сондай дәстүрлі қолөнер үлгілерінің бірі - киіз басу.

Киіз басу өнері адамзат өмірінде сонау көне заманнан бері белгілі. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде Алтай жеріндегі Пазырық қорғанынан табылған киізден жасалған бұйымдар осының айқын дәлелі.

Тарихи деректерге қарағанда, адамдар қола дәуірінде тас үйлерін тастап, жаңадан қоныс теуіп, көшпелі өмір жағдайына көшкен тұста киіздің алғашқы нұсқалары дүниеге келджі десек қателеспеген болар едік. Себебі қола дәуіріндегі тас үйлердің сыртқы формасы секілді дөңгелек, күмбезді, жарық төбесінен түсетіндей етіп жасалынағн. Киіз үйдің сыртқы формасы сол қола дәуіріндегі тас үйлерден алынып, жылдан жылға практикалық жағынан күрделеніп байытыла келе біздің уақытқа дейін жеткен.

Әрине, дүние жүзіндегі әр халыққа ата-баба мұрасын, халық қол өнерін сақтап қалу парыз. Атадан балаға мирас болағн қол өнерін жалғастырушы шеберлердің қатары бірте-бірте азая түсуде. Халық шеберлерінің теңдесі жоқ ғажайып өнер туындылары болашақ ұрпақты қуантып, өнердің жаңаша түр алып, өміршеңдігі арта түсеріне сөз жоқ.

Оюлап киіз басу өнерімен басқа халықтардың да айналысқаны белгілі. Бірақ туысқан халықтарда жекелеген кездесетін киізді оюлап әдісінің тәсілдері Қазақстан территориясының барлық аудандарында кездеседі. Сондықтан да оюлап киіз басу өнері қазақ халқының еншісіне тиген қолөнері деп атауға әбден хақымыз бар.

Киіз пайдалану мақсатына байланысты қалың не жұқа, тығыз да мықты немесе босаң етіп басылады. Киіз үйдің сыртына жабылатын туырлық пен үзік, түндік суықта жылу ұстайтындай, шілденің аптабында ыстық өтпейтіндей қалың, жаңбырлы күндері су өтпейтіндей тығыз шымыр етіліп ерекше ұқыптылықпен асылады. Киіздің қазақ қолөнерінде тек құрлыс материалы ретінде практикалық жағы, сапасының мықты болуы ғана емес сонымен бірге әдемілігне де ерекше көңіл бөлінген. Мысалы, дөдеге арнап жеке киіз басылған. Сонымен қатар киізден тұрмысқа қажетті текемет басып, сырмақ ойыстырып, түскиіз тігіп, әр түрлі аяққаптар, теңдер, дорбалар, шайкиіздер жасалынған. Жұқа басылған ақ киізден әр түрлі бас киімдер мен сырт киімдер тігілген.

Киіз сапасының мықты болып, көңілден шығуына киіз басуға алынған қой жүні мен қойдың тұқымы ерекше орын алған. Киіз басуға алынатын қой жүніні талшықтары және оның сапасына қойылар талап өз алдына бөлек әңгіме.

Киіз басу өнерінде залық арасында кең атарлағаны – текемет басу, сырмақ ою түрлері. Текемет басу тәсілінің негізгі ұзынырғасы бір болғанымен, оның бетін әр түске боялған жүнмен оюлау әдісі әр елдің өзіне тән белгілі бір жүйемен жасалынады.

Киіз басу, текемет ойыстыру ісі алдымен жүн сұрыптаудан басталады. Негізінен, киіз басуға көбіне қойдың күзем жүні мен қозы жүні қолданылады. Осы орайда жүн түрлеріне қысқаша анықтама бере кеткен жөн секілді.

Жабағы жүн қойдың күн жылып, мамыржай болғанда, яғни жазғытұрым қырқылады. Жабағы жүннің қырқылуы оны теріден тұтас көтеріле бастаған кезіне сай келу тиіс. Өйткені, қой терісінде жаңа түктердің өскіндей бастауы жабағы жүнді көтеріп, біріншіден, қырқым жұмысын оңайлатады, екіншіден, мал терісін зақымдаудан сақтайды, үшіншіден, ысырапқа жол берілмейді.

Күзем жүн қойдың күз мезгілінде қырқылып алынады. Тағы да жергілікті жердің ауа райын ескере отырып, қара суыққа ұрындырмай, қойды бірнеше рет тоғытып, жүні кепкеннен кейін қырқады.

Қозы жүні – қозы туған жылғы бірінші қырқылған жүн. Сапасы жағынан талшықтары нәзік, ұйыспаған, күзем жүнге ұқсас келеді.

Текемет, киіз басу жұмысына осы жүндерден араластырып пайдалануға немесе бір маусымдық жүнді пайдалауға да болады.

Егер жабағы жүн шайырлы әрі лас болса, әбден жуылып, кептірілгеннен кейін ғана пайдаланылады. Жуылған жабағы жүн қайшымен ұсақтап қиылады. Өйткені оның талшықтары ұзын, ұйысып, қол байлайды.

Осы сұрыпталаған жүндерді одан әрі өңдеуге кірісу қажет.

Алдымен жүн сабалады. Жүн сабау да оңай жұмыс емес. Оған ең алдымен ұзындығы метрден артығырақ сабау таяқ керек. Сабауды жыңғылдың, ырғайдың бүрін тегістеп қабығын сыдырып, кептіріп жасайды.

Жүн сабайтын жер тегіс әрі кең болуы керек. Жүнді тулақ үстінде аула ішінде сабайды. Ал, ондай мүмкіндік болмаған жағдайда, бөлмедегі нәрселерді шаң-тозаң, қиқым түспейтіндей етіп түгел қымтап жауып тастаған соң ғана жүн сабауға кірісуге болады. Сабар алдында жүн 2-3 сағат күн көзінде жатса тіпті жақсы.




Хү-хүіі ғасырлардың этносаяси тарихы.
Хіх ғасырдағы қазақстан. этносаяси тарихы.
Этносаяси тарихы.
Сабын қайнату.
Тұрақты және жылжымалы баспана түрлері.
Күпі көрпе — ішіне түтілген түйе жүнін салып, шүберекпен қаптап, сыр-мақталған жылы жамылғы. ыдыс-аяқ.
Бақташылық жырлары
Сыр бойындағы күйшілік өнер.

Каталог: fulltext -> transactions
transactions -> Казахстан республикасының Ғылым және білім министрлігі
transactions -> Азамат Тілеуберді
transactions -> Қырықбай Аллаберген тарих және баспасөЗ Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуыбаспасөзінде тарихтың
transactions -> Екінші кітап
transactions -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
transactions -> МӘШҺҮр тағылымы жинақ 2 Том
transactions -> Е. Жұматаева жоғары мектепте оқытудың біртұтас дидактикалық ЖҮйесінің теориясы монография Павлодар 2012 Кереку


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   22


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет