Н. Дауенов ДӘСТҮрлі қазақ этнографиясы



бет8/22
Дата11.01.2017
өлшемі5,68 Mb.
#7138
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   22

3.1 Үй ішілік өнер

Ағаш өңдеу өнерінің ішіндегі аса іскерлік пен қыруар еңбекті, шынайы талғамды керек ететін түрі — киіз үй сүйегін жасайтын үйшілер ісі. Мұны халық тілінде «үй басу» деп те атайды.

Киіз үй сүйегі, яғни керегесі мен уықтары, көбінесе, өзен жағасында өсетін әр түрлі талдан жасалады Мәселен, оған Қазақстанның әр өңірлерінде өсетін сәмбі тал, көк тал, қара тал, боз тал, құба тал сияқты түрлері пайдаланылды. Тал, халық тәжірибесі бойынша, киіз үй сүйегін жасауға ең қолайлы ағаш түрі деп танылған. Біріншіден, жиі өсетін тал тоғайы ішінен кереге мен уыққа жарайтындарын таңдап алу қиынға түспейді, екіншіден, өңдеуге өте қолайлы және одан бабымен кептіріліп жасалған уық-керегелер өте жеңіл және берік болады. Сән-салтанат құруды көксеген ірі байлар, төрелер мен билер үйшілерге киіз үй сүйегін түгелдей қайыңнан жасатады. Әдетте, қайыңнан жасалатын үйлердің көлемі үлкен болумен бірге, оның сүйегі де салмақты және өте берік. Қайыңнан жасалған кереге-уықтарды мұқият өңдеген соң, оны боямайды. Өйткені, ағаштың жылтырата өңделген табиғи түсі үй ішіне аса ұнамды рең беріп тұрады.

Киіз үй сүйегіне жарайтын ағашты, көбінесе үйшілердің өздері ерте көктемнен бастап әзірлеп, кемінде бес-алты ай, кейде, тіпті, жыл бойы көлеңкеде кептіреді. Киіз үй сүйегіне арналып дайындалатын ағаштың ұзындығы мен жуандығы кереге-уық жасауға жарамды болуы қажет, ал олар-дың қисықтығына онша мән берілмейді. Шаңырақ үшін дайындалатын қайың мүмкіндігінше түзу, бұтақсыз болуы қажет. Кейде мұндай ағаштар тым жуан болса, оларды кесіп, ұзынынан жарып, ыңғайлап шауып қояды. Үй ағашын кесіп, бұтақтап, қабығын сыдырады. Бұлай етудің өзіндік себептері де бар. Біріншіден, жаңа кесілген жас тал мен қайыңның қабығы оңай сыдырылады, көп еңбекті қажет етпейді; екіншіден, қабығы алынбаған ағашты көлеңкеге жиып қойса, ол жуыр-маңда кеппей, қабық астында құрт пайда болып, ағаш борсып, шіри бастауы ықтимал. Сондықтан, кесілген ағашты жылдам аршып, бас-аяғын тегістеп отап, керегеге жарайтындарын бір бөлек, уыққа арналған әлдіректерін бір бөлек 20—30 ағаштан бір-бір бума жасап, көлеңкеге бірінің үстіне бірін жинай береді. Мұндай бумаларды, әдетте, сыдырылған тал қабығының өзімен-ақ буады. Үй ағашын бұлайша бумалап кептірудің де өзіндік себебі бар. Біріншіден, тасымалдауға ыңғайлы, екіншіден, көлеңкеге жиналған көп бумалардың бәрін дұрыс, біркелкі кептіру үшін оларды әлсін-әлсін аударыстырып, астын үстіне, ортасындағысын шетіне шығарып қозғап отырады. Ал, барлық бумаларды бір шамада жел қақтырып отыруға немесе шыжыған ыстықтарда ағаш тез қурап, жарылып кетпеу үшін оларға су бүркетіндей етіп бумалап жинау тым қолайлы болады. Осындай әдіспен әбден кепкен үй ағашын үйшілер: «Қақсал кепкен ағаш»,— дейді және ол жоғары бағаланады.

Үйшіге қажетті жабдықтар: тез, сықаурын, жонғы, қуыс жонғы, тісті жонғы (сызғы, ыруыш), тесе шот, шапашот, балта, қашау, қол ара, ою-пышақ, үскі сияқты саймандармен бірге кереге, уық және шаңырақ жасауға арналған әр түрлі қарапайым қалыптар мен кепкен ағашты жібітуге арналған қоз, мор, обын атанатын ыстық «пештердің» де болуы аса қажет. Осы айтылған саймандар мен жабдықтардың барлығын да тәжірибелі шебер үйшілер, көбінесе, талғамдарына сай етіп, өздері жасап алады.

Тез — үйшінің ең басты, негізгі құралдарының бірі. Тезді, көбінесе, сүйегі ауыр, тығыз және жарыла қоймайтын мықты қарағаш, қайың және жиде ағаштарының (ұзындығы 80—100 сантиметр) жуан кесінділерінен жасайды. Тез жасау үшін мүмкіндігінше ағаштың қатар өскен екі мықты бұтағы бар тұсын таңдайды. Өйткені, бір метрдей жерінен кесілген екі бұтақ сүйірлеу ұштарымен жерге кіре тездің бір басындағы екі аяғының ролін атқарады. Ал, екінші басын қолдан жасалған, жерге мықтап орнатылған арнайы аша ағашқа жатқызады. Жерге бұлайша орнатылған тез оның үстінен қанша күш түссе де, мызғымайтын берік болады және үйшінің жұмыс істеуіне жағдай туғызады. Бұтақты ағаш кесіндісінің жөні келмегенде тез ағашты айыр ағаштарға жатқызады. Қайткен күнде де үйші іске кіріскенде тез солқылдамай, нық тұратындай болуы қажет. Үйші тез басқанда ылғи түрегеп тұрып істейтіндіктен, оның биіктігі бір метр шамасында болуы керек.

Тез ағаштың үстіңгі жағының дәл ортасына ені бір қарыс, тереңдігі сынық сүйемдей көлденең кертпек жасалады. Кертпектің екі басының оң және сол жағынан арнайы жасалатын тік тесіктерге кертпек биіктігінен сәл асып тұратын екі қайың қазықшалар орнатылады. Қисық ағашты түзетуде немесе түзетілген ағашқа иін жасап мүсіндеуде осы қазықшалардың атқаратын қызметі өзгеше. Өйткені, ағаштың қисық тұсы осы қазықшалардың бірімен сықаурын алақанының арасында сығылудың нәтижесінде түзетіледі.

Сықаурын — міндетті түрде әбден кепкен, жуандығы білектей, ұзындығы 1,5 метр шамасындағы қайыңнан жасалады. Сықаурынның бір жақ тегістелген жуан басын «алақан», үйшінің жамбасына дәл келетін орта тұсын «жамбастық», ал, жіңішке ұшын «тұтқалық» деп атайды. Қандай қисық ағаш болмасын оны оқтай етіп түзететін немесе түзу ағашты көңілдегідей етіп ию арқылы оған жаңа мүсін беретін аты шулы тездің қарапайым көрінісі мен құрамы осындай ғана. «Қисық ағаш жатпайды тез қасында» деген халық мақалы да киіз үй сүйегін жасаудағы қарапайым қазақ тезінің орны бөлек екенін аңғартқандай.

Әбден кепкен үй ағашын тезге салып түзету үшін, ең алдымен, оларды от қызуына қақтап, балқытып алу керек. Ол үшін үй ағаштарын арнайы жасалатын «мор», «обын», «қоз» сияқты «пештерге» салады.

Қазақстанның солтүстік аудандарында мор — деп аталатын пешті тақыр жерге ұзындығын 3,5 метр, биіктігі мен көлденеңін 30-40 сантиметр етіп, екі қабырғасы мен төбесін кірпіштен не тастан қалайды, бір басынан 2,5 метр мойын шығарады. Осы мойынға үй ағаштарын тігінен салып, пештің аузынан от жағады. «Обын» атты пеш жерден қазылып жасалады. Ол үшін ұзындығы 3,5 метр, тереңдігі мен көлденеңі 40-50 сантиметр ор қазады. Ордың үстіне 3—4 жерден көлденең шабақ ағаштар орнатып, үстінен үй ағаштарын, ұзыннан-ұзақ сұлата жатқызады да, шыммен бүркей жауып, обынның бір жағынан от жағады, екінші жағынан түтін шығады. Бұл пештерге үй ағаштарын салып жібіту ісін үйшілер тілінде «мор салу» не «обын салу» дейді.

Қазақстанның көпшілік аудандарында үй ағаштарын дайындау әдісі өте қарапайым келеді, яғни жағылған оттың қозына жібітеді. Мұндай әдісті үйшілер тілінде «қ о з с а л у» дейді. Қоз жасау үшін тездің жанынан мол етіп қой не түйе құмалақтарынан немесе қидан от жағады да, күлін жинамай орнында қалдырады. Ертеңіне сол күлдің үстіне тағы от жағып, әлі кебе қоймаған дымқыл құмалақ, тезек қалап, лапылдатып жандырмай бықсытып қояды да, от астындағы ыстық күлге алдын ала су бүркілген үй ағаштарын сұғып, 20—30 минуттан соң бір-бірлеп суырып алып, тезге салып өңдей бастайды. Дымдау үй ағаштарын қозға салар алдында оның күймей, буланып жылдам жібуіне жағдай туғызады. Кейде қозды құмнан да жасайды. Ол үшін тездің жанына көп қылып ұсақ құм үйеді, оны біраз жаймалап, үстіне қи жағады. Құм әбден қызған уақытта жоғарыда айтылғандай үй ағаштарын балқытып, жібітетін қоз болып шыға келеді.

Ж о н ғ ы — үй ағаштарының сыртқы кем-кетігін тегістейтін құрал. Мұны ұзындығы екі сүйем, ені екі елідей темірден соғады. Екі шетінде ағаш саптары бар, өткір жүзді аспап. Мұның — түзу жонғы, қуыс немесе ойыс жонғы, тісті немесе ыру жонғы деп аталатын үш түрі болады. Түзу жонғының өткір жүзі түзу болады. Үй ағашын алғашқы өңдеу кезінде және керегенің басын, уықтың алақанын шығара тегістей жону үшін қолданады. Қуыс немесе ойыс жонғыны ағашқа жұмырлық бейне бере жону үшін пайдаланады, тісті жонғының жүзі иректеліп тіс тәрізденіп шығарылады, оны кереге басы мен уық алақанына ыру-сызықтар жүргізу үшін колданады. (Мұны сызғы деп атайды.) Түзу жонғының екінші жағына иректеп тіс жасауға байланысты оны екі бірдей процесті орындауға қолданды.

Үскі — кереге желісінің көк өткізетін көздерін және уық алақанындағы уық бау өткізетін көзді тесу үшін арнайы жасалған құрал. Ел арасында үскінің бірнеше түрі болған. Соның ішінде ең көп тарағаны — араларын 20-25 сантиметр етіп жерге қағылған екі қазықтың бас жағында бір-біріне қарама-қарсы тесіктері болатын, оған темір үскі орнатылатын түрі. Үскінің жұмырланған ағаш бөлігінің өн бойына ұсақ кертпектер жасап қояды. Ол кертпектер үскінің нық және жылдам айналуына себін тигізеді. Өйткені, үскіні айналдыратын ұзын қайыс бау осы ағаш білікшеден 2—3 рет шалынып алынады да, оның екі ұшынан бір кісі екі қолымен кезек тартып отырады, сонда үскі зыр қағып оңды-солды айналады. Ал, үйші айналып тұрған үскіге кереге шыбықтарын тосып, оның алдын ала белгіленген көк өткізетін көздерін лезде тесіп шығады.

Үскінің екінші түрі қазықсыз жасалады. Сырты бұжырланған қысқа жұмыр ағаштың бір жағына үскі темір, екінші жағына қысқа темір кіндік орнатылады. Кейде үскі темір ұзын етіп соғылады да, оның төрт қырланған орта тұсына ұзыннан-ұзақ екі жарылған жұмыр ағаш бекітіліп, жоғары жағы кіндік, төменгі үшкір жағы үскі ретінде пайдаланылады.

Бұл үскілердің жоғарғы жағынан басып тұруға арналған екі басты қалақ ағаштың ортасындағы тесікке кіндік кигізіледі де, ырғақ үстіне шалқасынан сұлата жатқызған кереге сағаналарының иек өткізетін көздерін жоғарыдан төмен қарай тесіп шығады. Үскінің бұл түрлері де қайыс бау арқылы екінші бір кісінің күшімен жұмысқа қосылады.

Үскінің бұрғы сияқтанған түрі қазақ шеберлеріне кейінірек тарады. Бұл үскі 60-65 сантиметр жұмыр темірден жасалады. Оның төменгі ұшы қуыс құлақтандырылып шығарылады, ортасына айналдыруға арналған тұтқа, ал жоғарғы басына бір қолмен басып тұруға арналған жұмырланған ағаш кигізіледі. Мұндай үскімен кереге тесіктерін жоғарыдан төмен қарай теседі.

ЬІрғақ — кереге сағаналарының мүсін біркелкілігін сақтау үшін арнайы жасалатын қалып. Ырғақ жасау үшін ұзындығы кереге сағаналарымен шамалас жарыстырыла қойылған екі сырғауылдың үстіне көлденеңінен ұзындығы 1 метрдей төрт ағаш шабақтар қырынан бекітіледі. Бұл шабақтар-дың әрқайсысының биіктіктері мен орналасатын орындары кереге сағаналарының мүсініне байланысты болады. Сондықтан, мұндай ырғақ үстіне кереге сағаналарын шалқасынан салғанда олардың біркелкілігінің немесе сәл ғана үйлесімсіздіктерінің өзі үйшінің қырағы көзіне бірден шалынып, кемшілікті дереу жөндеп отыруға мүмкіндік береді. Керегенің әр қанатын көктеп болған уақытта да оны осы ырғаққа шалқасынан жатқызғанда, оның мүсіні ырғақ қалпымен үйлесетін болуы керек, мұның өзі киіз үй сүйегінің орнықты, берік болу шарттарының сақталғандығын көрсетеді.

Уыққа арналған қалып, көбінесе, үш қазық арқылы жасалады. Ол үшін алғашқы уықты әбден өңдеп болған соң (негізгі мәселе оның иінінде) оны тақыр жерге қырынан жатқызады да, уық алақанының сыртынан, иін ортасының ішкі жағынан және уық қырының сыртынан биіктігі бір метрдей түзу жонылған үш мықты қазық қағылады, ал солардың арасына жасалған уықтарды ретімен бірінің үстіне екіншісін қырынан қыстыра береді. Мұндай қазықтардан жасалған қалыпқа қыстырылған уықтардың иіндері сол қалпында қатып, кейін су тисе де, жазылмайтын күйге түседі. Уық иіні көбіректеу жасалатындықтан, оны дереу қалыпқа салып қатырмаса, балқып тұрған уық иіні жазылып кетеді.

Керегеге арналған ырғақ болсын, үш қазықтан тұратын уық қалпы болсын үйші жұмысының өнімділігін арттыруға себін тигізеді. Уықтың иініне де, кереге сағаналарының мүсініне де көзі қанығып, әбден дағдыланған тәжірибелі үйші жасап жатқан бұйымның белгілі үлгі деңгейіне дөп келді-ау деп ырғаққа не уық қалыбына салғанда, көбінесе, жаза баспайды, ішінара үйлесіңкіремей қалған жерлерін дереу жеріне жеткізе жөндеп жібереді. Осы айтылған станоктар еңбек өнімділігін, сапасын арттырумен қатар үй сүйегі бөлшектерінің біркелкілігін, формасының беріктігін қамтамасыз етеді.

Үйші жұмысқа кіріспес бұрын неше қанат үйдің сүйегін жасайтынын біліп, соған қарай дайындалған ағаштарының қажеттілерін іріктеп, ыңғай-лайды. Жұмыс орнын, саймандарын жөнге келтіріп алып, көбінесе, таң сәріден іске кіріседі. Әрине, шебер үйшілердің бос отыратын уақыты болмайды, негізгі күнкөріс осы кәсіппен байланысты болғандықтан, олар, әдетте, бір үй сүйегін бітсе, екіншісін бастай береді. Соның өзінде үй сүйегін әркімнің тапсыруы, алдын ала келісімі бойынша жасайтындықтан оның әрқайсысын әркімге арнап, іске кіріседі. Өйткені, әркімнің қалауы әр түрлі болады. Айталық, біреуге —4, біреуге —6, енді біреуге —8 қанат не одан да үлкен үй керек болады. Біреулерге тым сәнді, әшекейлі үй қажет болса, енді біреулерге қарапайым баспана болса болғаны. Осы жағдайлардың бәрі үйші еңбегіне айтарлықтай әсерін тигізеді.

Киіз үй сүйегінің ең күрделісі де, қыруар еңбекті қажет ететіні де кереге болғандықтан, үйші ең алдымен кереге сағаналарын дайындауға кіріседі. Ол үшін алдын ала дайындалған қозға немесе мор мен обынға, керегеге арналған ағаштардың он шақтысын салып, әбден жұмсартады. Жақсы кепкен ағашты қозға салар алдында суға малып алса, ол тез жұмсарып, бабында балқиды, ағаштың сырты күймейді де. Қозда жатқан ағаштарды біртіндеп алып өңдеуге кіріседі. Ең алдымен ағаштың қисық жерлерін тезге салып, түзетіп алады. Ол үшін қоздан шыққан ыстық ағашты биялай киген сол қолымен ұстап, оның қисық жерін тездің кертпегіндегі қазықшаның тұсына апарып ұстайды да, оны сықаурын алақанымен жанши отырып түзетеді. Сықаурынды оң қолмен ұстап тұрып, сабы жағын жамбасқа салып, бар дене салмағымен бір басып, бір босатқан уақытта түзетілетін ағашты ретіне қарай аударыстырып, қозғап отырады. Оның ұзына бойындағы олпы-солпысын түзетіп шығады да, бас-аяғьш шапашот-пен шауып, сағаналар ұзындықтарын біркелкі етеді. Одан соң ағаштың жуан басының екі жағын түзу жонғымен тегістейді, тісті жонғымен ыру сызықтарын жүргізеді. Кереге сағаналарының қалған ұзына бойын түгелдей қуыс не ойыс жонғымен жұмырлай жонады. Жону, түзеу жұмысы біткен соң тезге салу арқылы кереге сағаналарына арнайы мүсін бере, әр жерінен белгілі мөлшерде иіндер жасайды. Осының нәтижесінде кереге сағанасының басы сәл шалқақтау болады, мойын тұсы ішке еніңкі, бүйірі сыртқа теуіп шығыңқы келеді. Ал, бір жағы біртіндеп ішке тартып, төменгі ұшы тіп-тік келуі қажет. Кереге сағанасын тігінен қойғанда оның басы мен етегінің ең төменгі ұшы бір түзу бойында болуы шарт. Мұның өзі киіз үй сүйегінің орнықты және берік, әсіресе, киіз үйдің салмағына керегенің шыдамды болуының басты шарты. Кереге сағанасының осылайша мүсінделуі бүкіл қанатының әдемі болуына айтарлықтай әсерін тигізеді.

Мүсінделген кереге сағаналарын көлеңкеде тұратын ырғақ үстіне қатарлап қоя береді. Шалқасынан қатар жатқан кереге сағаналары ұзын-дығы, жуандығы және иіндерінің үйлесімділігі жағынан егіз қозыдай ұқсас, біркелкі болуы қажет. Мұңдай біркелкілік болмаса, кереге қанатын дұрыстап көктеу мүмкіндігі де болмайды. Ал, әуреленіп көктеген күннің өзінде керегенің жиналып-жазылуының өзі қиынға соғады, көрер көзге де сиықсыз, олпы-солпы болумен бірге тым осал келеді, әсіресе, оның көгі шыдамай үзіле беретін болады.

Киіз үйдің ең көп тараған негізгі түрі — алты қанат үй. Алты қанат үй дегеніміз — алты керегелі үй деген сөз. Сонда үйдің үлкен-кішілігі оның қанат санымен анықталады. Қанат санына қарай кереге бастарының саны, кереге басына қарай уық саны әр түрлі болып келеді. Мұнымен бірге кереге көздерінің үлкен-кішілігіне қарай т о р көзкереге (жұдырық сыярлықтай ғана) және желкөз кереге (қос жұдырық сыярлық кең көзді) болып екіге бөлінеді. Олай болса, тор көз және жел көз керегелі киіз үй сүйегінің кереге басы, оған қарай уық саны да әр түрлі болады. Мәселен, Қызылорда, Алматы облыстарынан өзіміз /Х. Арғынбаев бастаған экспедициялық топтың/ ел арасынан жинаған деректерге қарағанда, тор көзді 12 қанат үйде— 180 бас, 8 қанат үйде— 130 бас, 6 қанат үйде — 90 бас, 5 қанат үйде —80 бас, 4 қанат үйде —60—65 бас болса, жел көз керегелі 6 қанат үйде —72 бас, 5 қанат үйде —60 бас болады. Тор көзді керегенің біреуінде (яғни, қанатта) 15—16 бас, 6 қанат үй керегелерінің үшеуі 15, қалған үшеуі 16 басты болып келеді, яғни үйдің қанат саны қанша өскенімен, оның жартысы 15, жартысы 16 бастан тұратындығы заңдылық. Ал, жел көзді керегенің біреуінде 12— 13 бастан болады, ал оның жартысы 12, қалған жартысы 13 бастан тұрады. Бұлай болу себебі, қанаттарды бір-бірімен қосқан, яки үйді тіккен уақытта екі керегенің бір-бір басы бірігіп, бір бас болып шығады да, тігілген үйдегі керегелердің әрқайсысының басы тор көзді керегеде 15-тен, жел көздіде 12-ден шығады. Бұл арада айта кететін тағы бір заңдылық — киіз үй сүйегінің қанат саны 6-дан артқан соң оның керегелері әрдайым тор көзденіп жасалады, ал жел көз керегелі үйлер, әдетте, 4, 5 және 6 қанаттан аспайды. Көп қанатты үлкен үйлердің сүйегі салмақтырақ болады. Үйдің көлемі үлкейген сайын жауын-шашын, дауыл, құйын кездерінде үй сүйегіне сырттан түсетін күш те көбірек. Сондықтан, өз салмағы мен сырттан түсетін табиғи күштердің тегеурініне үлкен үйлердің сүйегі төтеп беретіндей орнықты, әлді болуы қажет. Тор көзді үлкен үйлер сүйегінің жасалуы күрделі, бағасы да қымбатқа түсетіндіктен, оларды кезінде ауқатты адамдар ғана жасатты. Ал, жел көзді шағын үйлердің сүйегі жеңіл, жасалуы оңай, бағасы да арзан болғандықтан, орта шаруалар қауымының басым көпшілігі осыны қанағат етті. Алты қанат киіз үйдің бір тор көз керегесіне жұмсалатын сағаналардың үлкенді-кішісін түгел қосқандағы жалпы саны 42 шыбықтан тұрады. Оның ең ұзын ерісінің саны 18 болса, қалғандары сағанақ атанады да, қос-қостан барған сайын қысқара береді. Оның жалпы саны 24-ке жетеді. Кереге ерісінің ұзындығы 2 метр болса, сағанақтың ең ұзындары 1,6 метр, ең қысқалары 30 сантиметр шамасында болады.

Жасалып жатқан киіз үй сүйегінің керегелеріне жетерліктей түгел сағаналар түзетіліп, жонылып, мүсінделіп, ырулар жүргізіліп болған соң, олардың барлығына да көк өткізетін көздер тесіп шығу қажет. Әрбір кереге сағанасына қанша тесік жасалатындығы керегенің тор көз не жел көз болып жасалуына байланысты. Керегенің басы қанша болса, кереге қанатында жоғарыдан төмен қарай сонша көз бар, ал әрбір кереге ерісінің соншама көк тесігі жасалады. Айталық, 15 басты керегенің әр ерісіне 15 тесік жасалу керек. Шын мәнісінде, оның 13-і тесіледі де, екеуі тесілмейді. Тесілмейтін екі орынды «а з а т» дейді. Көк тесіктері арасынан азат қалдырудың өзіндік мәні болумен бірге, белгілі тәртібі де бар. Азат қалдырмай керегенің барлық көздерін көктесе, кереге қанаты жиылып-жазылмайтын болады. Олай болса, бір қанатының екі деңгейінен азат қалдыру арқылы оңай жиылып-жазылуын қамтамасыз етеді, әрі жинауға да қолайлы болады.

Кереге сағанасына жасалатын 15 тесіктің аралары тең болуы қажет, бұл жағдай кереге көздерінің біркелкілігін қамтамасыз етеді. Кереге ерісінің бас жағынан төмен қарай 5 тесік жасалып, 6-сы тесілмейді, одан әрі 3 тесік жасалып, 10-сы тесілмейді, одан әрі керегенің етегіне дейін тағы 5 тесік қатар тесіледі. Кей уақытта 18 басты тор көз кереге ерісіне 15 тесік жасалып, 4 азат қалдыратын жағдай да кездеседі. Мұндай жағдайда әрбір үш тесіктен соң бір азат қалдырып отырады. Керегедегі көз санының өсуіне байланысты азат саны да артады. Азат қатары жиі қайталанса, керегенің жиылып-жазылуын жеңілдетеді. Азат қатары бір үй сүйегінің барлық қанаттарында бірдей болуы қажет.

Кереге сағаналарының көк өткізетін көздері үскімен түгелдей тесіліп болған соң ғана оның қанатын көктей бастайды. Ол үшін, ең алдымен, көктелетін кереге астына арнайы төселетін жастық ағашты орнықтырып, оның үстіне көктелетін кереге сағаналарын орын-орнына қояды. Содан кейін кереге көктеу ісіне кіріседі. Кереге сағаналарының ең ұзын ерісін екі қатар етіп қиғаштап орналастырады да, ұзынды-қысқалы сағанақтар ерісінің екі жағынан, жоғарыдан төмен, төменнен жоғары келесі қанатқа дәл қиысатын-дай болып көктеледі. Әдетте, керегенің бір ерісінен ұзынды-қысқалы екі сағанақ шығады.

Керегені көктеу үшін түйе сірісінен алдын ала тілініп дайындалған жалпақ, ұзын таспаны су бүркіп жібітеді. Содан кейін бір ұшын арнайы мүйіз ине көзінен өткізіп, екінші жағынан кішкене тесік жасап, одан ине арқылы таспаны түгел өткізгенде, оның соңғы ұшында түйін пайда болады. Түбі түйінделген ұзын таспаны екі қабатталған кереге сағаналарының тесіктерінен төменнен жоғары қарай өткізіп, таспаны тартынқырап тұрып түбінен керегеге тигізе тесіп, одан таспаның инелі ұшын қайта өткізеді де, қиып алады. Екі жағы нық түйілген түйе сірісі аз уақыттың ішінде тас болып қатады да қалады. Мұндай көк тозып үзілмесе, өз бетімен ешқашан шешілмейді, кереге сағаналарын біріктіріп мықты ұстайды, жуыр маңда тоз-байды да. Бір үй сүйегіне қажетті кереге қанаттарының бәрін көктеп болған соң, оның басқа бөлшектерін жасауға кіріседі.

Кереге сағаналарының көгі мен уық алақандары тесіліп болған соң, оның әрқайсысы майда түрпі, темір қырнауыш немесе шыны сынықтарымен мұқият өңделіп, көбінесе, жосамен боялады. Ал, шамасы келгендер кереге мен уықтарды түгелдей қызыл, жасыл, көк түсті май бояулармен боятады, содан олар сырлы үй атанады. Тек қайыңнан жасалған киіз үй сүйегін мұқият өңдегеннен соң өсімдік майын неше қайтара сіңіре жағады. Содан барып өте ұнамды қайың ағашының өзіндік табиғи түсін сақтайды. Мәселен, XIX ғасырдың екінші жартысында Шоқан Уәлихановқа әкесі арнайы жасатқан 10 қанат киіз үй сүйегінің боялмағандығы, мұқият өңделгендігі, керегелерінің өте әдемі мүсінделгендігі туралы 1865 жылы Шоқан өлгеннен кейін Шыңғыс аулында болып, осы киіз үйде жатқан генерал А. К. Гейнс мұндай тамаша киіз үйді бұрын-соңды еш жерден көрмегендігін баяндайды. Міне, дәл осы Гейнс көрген Шоқан үйінің қайыңнан жасалғандығы туралы академик Ә. X. Марғұлан еңбектерінен де көреміз. Ал, енді сән-салтанат куған, әсіресе, сауда-саттықпен, қаламен байланыста болған қазақ әкімдері мен ірі байлары кейде сырлы үйлерді місе тұтпаған. Олар кереге бастарын, уық алақаны мен қаламдарын күмістетіп, сүйектетіп те әшекейлететін болған. Мәселен, XIX ғасырдың екінші жартысында адай руынан шыққан Талпақов Қаражігіт деген бай киіз үйінің сүйегін таза күміс, күмістелген темір және өрнектелген сүйек әшекейлермен мейлінше мол безендірген екен. Сол туралы осы күнге дейін ел арасында тамсана сөз етеді. Қазақ әкімдерінің әр уақытта Россия патшаларына сыйлаған немесе әр түрлі көрмелерге жіберген киіз үй сүйектерін айтулы шеберлерге жасатқан, сыр, күміс, сүйек сияқты әшекейлермен түрлендіре безендірген. Осындай қымбат үйді XIX ғасырдың бірінші жартысында Бөкей ордасының ханы Жәңгір бірінші Николайға сыйға тартқандығы туралы П. Столянский жазса, XIX ғасырдың екінші жартысында Зайсан қазақтары Бірінші Николайдың баласы Николайға сыйлаған үй де нағыз өнер туындысы болғандығы туралы академик Ә. Марғұлан жазды.

Кереге мен шаңырақ арасын біріктіріп, киіз үйдің төбесін шығарып тұратын иінді ұзын ағаштарды у ы қ деп атайды. Бір үй сүйегіне арналған уық саны кереге бастарының жалпы санына тең болады. Олай болса, уықтың саны да, әрқайсысының ұзындығы да, әлділігі де киіз үйдің көлеміне, яки қанат санына, керегенің тор көз не жел көзділігіне тікелей байланысты болады. Әдетте, киіз үйдің маңдайшасына алты уық байланады. Сонда кереге бастарының санына 6 маңдайша ұяларын қосып, жалпы уық санын есептеп шығару қиынға түспейді. Орта есеппен 6 қанат үйдің уығының ұзындығы 12—13 қарыстай болады. Әрине, әр жағдайда, әсіресе, шаңырақ көлеміне қарай уықтың ұзындығы жоғарыда көрсетілген мөлшерден не аздап ұзарып, не қысқаруы да ықтимал. Қанат саны өскен сайын уықтың ұзындығы да арта түседі. Мәселен, 8 қанат үйдің уықтары 15—16 қарысқа дейін барады. Уық иіні иінділеу келсе, яғни 130°—135° доғал бұрыш шамасында болса, үй төбесі күмбезделіп шығады, ал иіні аздау болса, яғни 145°—150° доғал бұрыш шамасында болып, уық алақаны қысқалау келсе, үй төбесі конус тәрізді шошақтау болады. Біздің көп жылдар бойы ел арасынан жинаған деректерімізге қарағанда, Жетісу өңірінің киіз үй уықтары иін-сіздеу, шаңырағы шағындау келеді де, үй төбесі қалмақ үйі тәрізді шошақтау болады екен, ал Қазақстанның қалған өңірінде уық иіндірек, шаңырақ көлемділеу болады да, үй төбесі күмбез тәрізді жалпақтау келеді. Академик Ә. X. Марғұлан дәл осындай талдау жасай келіп, төбесі конус тәрізденген киіз үй конструкциясын киіз үй сүйегінің көне түрі ме деген болжам жасайды. Шынында да, жалпы киіз үйдің пайда болу, даму процестеріне ой жүгіртсек, бұл болжамның дұрыстығына шүбәлануға болмайды.

Уықтың ұзына бойын қазақ халқы төртке бөледі: алақаны — кереге басына байланып бекітілетін жалпақтау түбі; иіні — алақанға жалғаса иілетін тұсы; қары — иіннен ұшына дейінгі оқтығы; қаламы — шаңырақ тесігіне еніп тұратын уықтың төрт қырлы ұшы. Уықтың алақанының бетін түзу жонғышпен тегістеп алып, тісті жонғышпен ыру жүргізеді. Уық түбін шапашотпен доғалдап шауып, үскімен уық бау өткізетін тесік жасайды. Уықтың қарын ойыс жонғымен жұмырлап жонады. Уық иінінен бастап қаламының дәл ұшына дейін біртіндеп жіңішкере береді. Уықтың мұндай конструкциясы, үйшілердің айтуынша, тегін қалыптаспаған. Біріншіден, уықтың жеңілдеу болуына әсерін тигізсе; екіншіден, шаңырақ шеңбері де онша жуан болмайтындықтан, оған жасалатын көптеген тесіктер саусақ сыятындай ғана болып жасалатындықтан, уық ұшына қарай жіңішкере беруі керек; үшіншіден, дөңгелене құрылған кереге бастарынан киіз үй аумағының 1/3-дей көлемде болатын, дөңгелек шаңыраққа қарай жарыса ұмтылатын уықтардың кереге басына бекітілетін алақан аралықтары алшақтау болады да, уық қаламдары сұғынатын шаңырақ ұяларының арасы 2,5-3 сантиметрден аспайды. Олай болса, уықтар аралығындағы кеңістік те, уықтардың өздері де төменнен жоғары қарай біртіндеп жіңішкере беріп, шаңырақ шеңберінде тыныштық тапқандай келісті көріністі аңғартады. Мұның өзі халық шеберлерінің ғасырлар бойы эстетикалық талғамы дамуының нәтижесі; төртіншіден, қаламының жуандығы оның алақанымен тең болса, олар шаңырақ шеңберіне сыймайды, ал уық иіні жіңішке, әлсіз болса, жоғарыдан түсетін салмаққа шыдамайды. Сондықтан, уықтардың төменгі жағының жуан, әлді болуымен қатар жоғары қарай жеңілдеп, жіңішкеруі заңды қажеттіліктен туған өнер үлгісі. Уықтың ең жоғарғы жіңішке ұшынан оның 7—8 сантиметрдей төрт қырлы қаламын шығарады. Уық қаламының төрт қырлы болуы мен түбінен ұшына қарай жіңішкере беруі уықтың аунамауына және шаңырақ ұясына оның нық сұғынып, орнықты болуына ең қолайлы жағдай туғызады. Төрт қырлы уық қаламын шапашот және түзу жонғы арқылы теп-тегіс етіп шығарады, оның біркелкілігіне мұқият көңіл бөледі.

Уық ағаш керегеге арналған ағаштан гөрі ұзындау, әлділеу болуы қажет. Уық басу үшін оны да қозға салып жібітіп алады, содан кейін тезге салып түзетеді. Одан соң жонғылармен әдемілеп жонады, қырнауышпен не шыны сынығымен қырып мұқият өңдейді. Уық иінін тезге басып иеді де, тақыр жерге белгілі тәртіп бойынша қағылған қалып қазықтар арасына қыстыра береді. Мұндай қалыптың болуы үйшінің уық біркелкілігін сақтай отырып, жылдам істеуін қамтамасыз етумен бірге, жаңа иілген уық иінінің қатпай жатып жазылыңқырап кетуіне мүмкіндік бермейді.

Уық алақанының ішкі бетіне жүргізілетін ырудан басқа басы артық ою-өрнектер жүргізуді уық ағашы көтермейді, сондықтан уықтар көбінесе жосаланып, кейде сырланып немесе күміс, сүйек әшекейлермен көркемделеді. Әбден жасалып біткен уықтарды 20—25-тен біріктіріп, бас-аяғын жіппен байлап, көлеңке жерге қояды, олар үй сүйегі түгел біткенше тұрады.



Шаңырақ — киіз үйдің төбесін шығарып тұратын шеңбер. Шаңырақты, көбінесе, тұтас немесе 2—3 бөлек қайың кесіндісінен, кей жерлерде қара талдан да жасайды. Шаңыраққа арналған ағашты да алдын ала дайындап, сыртқы қабығын сыдырып, көлеңкеде кептіреді. Шебер үйшілер шаңырақты тұтас ағаштан да, екі не үш бөлек кесінділерден де жымын білдірмей, дөп-дөңгелек етіп иіп жасайды. Шаңырақ ағашының диаметрі 7—8 сантиметр болатындықтан, оны сындырмай дұрыс шеңбер етіп ию де оңайға түспейді. Дегенмен, қазақ үйшілері өздерінің тым қарапайым қалыптарына салып, шаңырақ шеңберін, яғни тоғынын, шын мәнісінде, мінсіз етіп шығарады. Ел арасында ең жиі кездесетін шаңырақтардың диаметрі 1 —1,8 метрдей, кейде 2 метрге де жететін шаңырақтар болады. Диаметрі белгілі болған шаңырақ тоғынының (шеңберінің) ұзындығын табу қиын емес, яғни шаңырақ тоғынының ұзындығы оның диаметрінен 3 есе артық болады. Сонда шаңырақ тоғыны-ның ұзындығы 3—5 метр шамасында болады десек, қателеспейміз. Шаңырақ ағашын шаппа шотпен ыңғайлап, астыңғы бетін шығара шауып, жонғымен мұқият тегістеп болған соң, оны құрым киізге орап, дымқыл жерге көмеді, содан он шақты тәуліктен соң, шаңырақ ағашы өз бойына жеткілікті ылғал тартып үлгерді-ау дегенде, оны қазып алады. Осыдан кейін үстіне себілген су бойына сіңген кезде дайын тұрған қозға көмеді. Ыстық қозда бие сауым уақыт (1 —1,5 сағаттай) жатып әбден жібіген шаңырақ ағашын кірпіштен не ағаштан арнайы жасалатын қалыпқа салып иеді. Айталық, жасалатын шаңырақ диаметріне сай етіп жер бетіне дөңгелентіп кірпіш қалап қатырып қояды. Немесе жуандығы жеңді ағаш кесінділерін қатарластырып қойып, бір-бірімен кепіл ағаштар арқылы біріктіріп, оның шет-шетін арамен дөңгелентіп, шаңырақ диаметр дәлдеп кеседі де, шаңырақ қалпы ретінде пайдаланады. Мұндай арнайы шаңырақ қалпын — б а т е с дейді. Арнайы қалыптың болуы үйші жұмыс жеңілдетіп, көптеген қолайлылықтар туғызады. Шаңырақ тоғынының жалғасатын екі басын астастыру ісі де осы қалыпқа кигізіп қойып жасағанда он орындалады.

Шаңырақ тоғынын екі не үш бөлек ағаштан құрастырғанда кейде оның әрқайсысына белгілі мөлшерде иін жасау үшін ішінара тезді пайдаланады.

Шаңырақ көздерінің саны киіз үй сүйегіндегі уық пен керегелер басының санына байланысты жасалады. Оны тоғынның төменгі жиегін жоғары қарай төрт қырлап тесіп шығады. Бұл тесіктер уық қаламдарының нық және бөгет сұғынуына сай асқан дәлдікпен жасалуы тиіс. Сондықтан, шаңырақтың сыртқы және ішкі жиектерінің көз тесілетін жерлерін алдын ала белгілеп алып, үскімен тесіп алады, содан кейін оны жіңішке қашаумен төрт қырлап кеңітіп шығады. Одан соң көздердің біркелкі болуы үшін уық қаламындай етіп соғылған «қалам-темір» «көзеу» деп аталатын аспапты отқа әбден қыздырып алып, шаңырақ көздерін күйдіріп жөндейді. Бұл күйдіру жұмысын үйшілер тілін «көзеу» дейді.

Шаңырақтың төбесін шығарғанда түндікті төм түсіріп алмас үшін оған күлдіреуіш орнатады. Шаңырақ шеңберінің диаметрімен бірге жоғары қа- рай көтеріле иіліп, бір-бірін дәл ортасынан кесе өтетін шыбықтарды күлдіреуіш дейді. Күлдіреуіштің әр қатарында 3-тен 8-ге дейін шыбықтар орнатылады, оларды арнайы жасалған қарғаша, немесе б а қ а л ақ деп аталатын кепіл ағаш тесіктерінен өткізеді. Кепіл ағаш саны күлдіреуіштер тобында екіден не төрттен жасалады. Кейде оларды күлдіреуіш шыбықтарының төменгі жағынан әрқайсысына шегемен жапсы бекітеді. Күлдіреуіштің бұлайша жасалу тәсілі қазақ арасында ертеден келе жатқан дәстүр өнер.

Қазақстанның оңтүстік өңірінде шаңырақ күлдіреуішін жасау тәсілінің кейінірек қалыптасқан басқаша түрі де болады. Оны халық табақты күлдіреуіш дейді. Шаңырақтың төбесін алақандай табақ тәрізденген қалың дөңгелі тақтай шығарып тұрады, 5—6 имектеу күлдіреуіштер оны шаңырақ шеңберімен біріктіреді. Табақты төменгі бетінің ортасында шаңырақ көтерген, бақанның басын тірейтін саяздау ұя жасалады, оның айналасына ою-өрнек ойылады. Күлдіреуіштің мұндай түрін жасау оңай-ақ, бірақ көркемдік және беріктік жағынан дәстүрлі күлдіреуі түрінен әлдеқайда төмен. Көпшілік бұқараға арналған шаңырақтарға ешқандай әшекей жасалмады, тек жосалаумен ғана шектеледі. Ал, сән қуған байлар шаңырақты да үйдің басқа сүйектерімен қосып сырлатады немесе шаңырақ бөлшектерінің үй ішінен көрініп тұратын беттерін мүмкіндігінше саяз сызықтар жүргізу арқылы әр түрлі өрнектермен көркемдетеді. Ою-өрнектер, негізінен, геометриялық, символдық, өсімдік және зооморфтық мотивтер элементтерінен тұрады. Шаңыраққа ою-өрнек жүргізетін құралдың негізгісі үшкір пышақ сияқтанып темірден соғылатын арнайы аспапты қ о б ы дейді.

Шаңырақ бөлшектерін сырлау, оюлаумен бірге күмістеу, сүйектеу тәсілдерімен де көркемдейді. Әрине, күмістелген, сүйектелген шаңырақтарды сән қуған ауқатты адамдар ғана жасатады.

Киіз үйге арналған дәстүрлі «сықырлауық» ағаш-есік: екі ашпалы есіктен, маңдайшадан, екі босағадан және табалдырықтан тұрады. Осы есік бөлшектері бөлек-бөлек жасалады, керек болған жағдайда арнайы жасалған тетіктері арқылы үйлесе бірігіп, біртұтас «сықырлауық» есік болып шыға келеді. Сықырлауық есік бөлшектерінің бір-бірімен шегесіз біріктірілетіндігі көш- қоңның кезінде қолайлылық туғызады. Киіз үй есігінің биіктігі тігілген үйдің керегесінің биіктігіндей, яғни орта есеппен 170—175 сантиметр, ал ені 120—122 сантиметр шамасында болады. Маңдайшаның ені 10—12 сантиметрдей, екі босаға мен табалдырық ендері 7—8 сантиметр. Маңдайша, босаға және табалдырық ағаштары жарылмай кепкен, бұтақсыз қайыңнан шабылады. Маңдайшаның енділеу келетін себебі — оның жоғарғы жағынан уық байлайтын түзу бұрышты 6 тесік қашалады, кейде маңдайшаның үстінен уықтың алақаны сыйып тұратындай тереңдігі 3—4 сантиметр шамасында ұялар жасалады. Маңдайшаның астыңғы жағының, табалдырықтың үстіңгі жағының екі бастарынан қос босағаның бас-аяқтары сұғынып тұратын түзу бұрышты екі ұя болады. Ал, екі ашпалы есіктердің топсасы есебінде олардың босаға жағынан, жоғарғы және төменгі шеттерінен маңдайша мен табалдырықта арнайы жасалған дөңгелек ұяларға кіріп тұратын «сықырлауық» атты жұмыр дөңестер шығарылады. Бұл жұмыр дөңестер маңдайша мен табалдырық ұяларына кіріп тұрады, есікті ашып-жапқанда сықырлаған дыбыс шығарады. Киіз үйдің екі ашпалы ағаш есігінің «сықырлауық» атануы, бәлкім, осыдан да болар.

Сықырлауықтың ашпалы есіктері әр түрлі әдістермен жасалады. Бірде есіктің әр ашпасы тұтас қайың не терек ағаштарының жалпақ тақ-тайларынан жасалса, енді бірде бірнеше жіңішке қарағай тақтайлардан құрастырылып жасалады. Киіз үй есігі мен маңдайша, босағаларының ішіне қарайтын беттеріне ою-өрнектер ойылып, түрлі түсті бояулармен сырланып, сүйектеліп безендіріледі. Кейде бәсекелес төрелер мен байлар киіз үй есіктерінің ішкі жағын түгелдей әр түрлі өрнекті сүйек, күміс әшекей және түрлі түсті асыл тастармен де сәндейтін болған. Әдетте, маңдайша мен босағалардың сыртқы беттері, табалдырықтың екі жағы да ешбір ою-өрнек, әшекейлермен безендірілмейді. Оның есесіне ашпалы есіктердің сыртқа қарайтын беттеріне ою-өрнектер ойылып, түрлі түсті бояулармен сырланады. Әдетте, ашпалы есіктердің ішкі және сыртқы беттеріне жүргізілетін ою-өрнектер екі түрлі болады, ішкі беттеріндегі оюлар өте күрделірек келеді.

Кейде ашпалы киіз үй есігінің әр ашпасын ұзынды-қысқалы тақтайлардан түзу бұрышты рама тәріздендіріп құрастырады. Ортасына тақтайдан шаршы не сопақтау 2—3 табақшалар орнатады немесе есік ашпасының үстіңгі жағының 1/3 бөлігіне тақтай табақша орнына жұмырланып безендірілген бірнеше таяныштар тігінен орнатылады. Ал, басқа табақшаларға ою-өрнек нобайын үш қырлы саяз сызықтар жүргізу арқылы немесе түрлі түсті бояулармен көркемдейді, кейде осы айтылған өрнектеу әдістері қатар жүргізіліп әсемделеді.

Киіз үй есіктерінің ішкі беттеріне ою-өрнектің сан алуан түрлерін бедерлеп оймыштау тәсілі сирек кездеседі. Дегенмен, Қазақстанның батыс және оңтүстік-батыс өңірлерінде ішінара кездесіп отырады. Мұндай есік беттеріндегі ою-өрнектің өзі бедерленіп ойылады, оның түрі (фоны) әжептәуір тереңдікке дейін түгелдей қашалып, сәнді өрнек айқындала түседі. Бедерлі оймыштың әр өрнегі өте нәзік болады, бірімен-бірі астасып келеді, өткермеленіп жатқандай бейнеде орындалады, ол өрнектердің әрқайсысы фоны түрлі түсті бояулармен боялғанда бұйымның әсемдігі артып, нағыз өнер туындысы дерлік дәрежеге жетеді. Мұндай есік беттеріндегі ою-өрнектің өзі бедерленіп ойылады, сәнді өрнек айқындала түседі. Мұндай есік бөлшектерінің ою-өрнектер негізі өсімдік, символдық және зооморфтық мотивтердің біте қайнасып араласуының нәтижесі деуге әбден болады. Бедерлі ою-өрнекті қашау арқылы орындау тәжірибелі шеберлердің ғана қо-лынан келеді. Олар өз ісіне өте жауаптылықпен қарап, жасаған есіктерінің өте сәнді болуын көздейді.

Қалың бұқара киіз үй есіктерін ешбір ою-өрнексіз-ақ жасата береді. Тіпті, кейбіреулердің ашпалы ағаш есіктері де болмайды ғой, оның орнына «есік-ергенек», «ит кірмес» атанатын ағаш шарбақтармен-ақ күн көреді. Оның есесіне, әр үйдің есігінің сыртынан жабылатын киіз есіктері болады.

Көшпелі елдің шаруашылық жағдайына қарай, жорық немесе көші-қон кезінде уақытша тігілетін баспананың негізгі түрі — қ о с. Оның қаңқасын жасау киіз үй сүйегіндей қиынға түспейді. Қос қаңқасының құрамы ұзындығы 3 метрдей 30—35 уық пен диаметрі 1 метрдей шағын шаңырақтан ғана тұрады. Қосқа арналған қарапайым шаңырақтың киіз үй шаңырағынан кішілігі болмаса, басқа айырмасы шамалы. Ал, қос уықтары тіптен өзгеше болады. Олар көбінесе қарағай мен шырша ағаштарынан жасалады. Бұл ағаштар оқтай түзу және кепкен уақытта өте жеңіл болады. Қос уығына ұзындығы 3 метрдей, түп жағының жуандығы 5 сантиметр шамасында болатын қарағай кесіндісі жарай береді. Мұндай сырықтардың бұтақтарын шауып, қабығын жонып, жіңішке ұшынан төрт қырлы қалам шығарса болды, қосқа арналған әлді уық шыға келеді. Осындай 30—35 уықтың қаламдарын шағын шаңыраққа сыртынан көлбете сұғындырғанда, конус тәрізді қостың қаңқасы қалыптасады. Мұндай қостарға ағаш есік салынбайды, сыртынан жабылатын киіз есіктері ғана болады. Қостың киіз жамылышы екі үзік пен бір түндіктен ғана тұрады. Өзі жеңіл, жылы, жиюы мен тігуі де оңай мұндай қостарды революцияға дейін, көбінесе, даладағы жылқышылар баспана есебінде пайдаланған.

Киіз үй сүйегінің құрамына тікелей енбегенімен, міндетті түрде шебер жасайтын қажетті бөлшектің бірі — адалбақан. Адалбақанды үйшілер ағаштан жасаса, ұсталар темірден жасайды. Кейде ағаштан жасалған адалбақанды күмістелген темір ілгектермен, тағы басқа әшекейлермен де безендіреді. Оның металдан жасалатын қосымша бөлшектерін, көбінесе, үйшілердің өздері-ақ, кейде ұста-зергерлер де істейді. Адалбақанның ағаштан жасалатын негізгі бөлігінің ішкі беттеріне ою-өрнек жүргізіліп көркемделеді. Кей жерлерде адалбақанды қызғылт түсті жеміс ағашынан немесе қызыл қайыңнан жасайтын үйшілер оның ұзына бойын мүсіндеп шауып, алдымен ою-өрнектерін ойып алады. Содан кейін ағаш бетін мұқият өңдеп, бірнеше қайтара өсімдік майын сіңдіре жағады, сөйтіп ағаштың өзіндік табиғи реңін енгізіп қана қояды. Мұның өзі өте ұнамды болады. Ауқатты адамдар жұмырланып шабылған адалбақанның сыртын түгелдей былғарымен қаптатып, ілгектерін күмістеп, темірден салғызады.

Адалбақанның ұзындығы киіз үйдің іргесіне тігінен қойғанда, уықтың иінінен келетіндей биіктікте болу керек. Тігінен сүйеп қоятын адалбақан бір жағына аунап кетпес үшін, оның бас жағы екі айыр болып жасалады, бір уықтың иініне ашасымен тірей сүйеледі. Әдетте, адалбақанның түп жағы көркемделмейді, өйткені оның түбін жерге көміп қояды.

Адалбақан, негізінен, киім, ертеректе қару-жарақ ілу үшін қолданылды. Жоғарыда айтылған жалпы сипаттамалар дәлелді болу үшін, Қазақстанның әр жерінен кездестірген адалбақанның тамаша бірнеше түрінің нақтылы сипаттамаларын жеке-жеке келтірейік. Мәселен, 1952 жылы Жамбыл облысындағы Мерке ауданы Жданов атындағы колхоздың тұрғыны Көкталов Әділбайдың үйінен кездестірген адалбақанды сөз етсек деп жазады Х. Арғынбаев, бұл мүлік, үй иесінің айтуынша, революциядан /төңкерістен - құраст./ бұрын жасалған екен, сөйтіп балаға мұра болып келе жатса керек. Сондықтан, оған үй іші адамдары асқан құрметпен қарайды. Адалбақанның ұзындығы 227 сантиметр, түп жағының ені 10 сантиметр де, бас жағының диаметрі 5 сантиметр. Адалбақанның сыртқы кескініне қарағанда, ол екі бөлімнен тұрады. Төменгі бөлімінің ұзыны —91 сантиметр, ені —10 сантиметр, қалыңдығы —5,5 сантиметр. Түзу бұрыштанып жасалған, ең түбінен диаметрі 12 сантиметрдей домалақ шар шығарылған. Бұл шарда еш өрнек жоқ, тек қоңыр бояумен түгел боялған. Өзінің көк бояумен сырланған жоғарғы бөлігімен қысқа жұмыр мойын арқылы жалғасқан. Жұмыр мойынның үстіңгі жақ беті тегістеліп жасалған, 91 сантиметрлік түзу бұрышты төрт бұрыш. Оның бетіне үш жерден күмістелген үш дөңес темір көз орнатылған, айналасы дөңгеленіп, көк бояумен боялған, ондай көздердің ара-арасына күмістелген екі сопақша әшекейлер орналастырылады. Дөңгелек және сопақ әшекейлердің шеттері иректеледі. Бұл күмістелген әшекейлердің арасындағы бос орындарға бедерлі ою-өрнектер ойылған, жиегі түгелдей түрлі түсті бояулармен өрнектелген. Адалбақанның осы біз сөз еткен төменгі бөлігінің екі иығынан күміс шабылған темір ілгектер шегеленеді.

Адалбақанның жұмырланған, төменнен жоғары қарай жіңішкере беретін бөлігінің ұзындығы 136 сантиметр. Мұның төменгі бөлігі буынтақталып, жоғарыдан төмен қарай жасыл, қызыл, сары бояулармен жолақтана боялған. Бунақтың жоғарғы жағынан күмістелген төрт темір сақина кигізіледі. Сақина араларына үш-үштен құстың басы секілді күмістелген темір ілгектер бекітіледі. Ең жоғарғы — төртінші сақинаның үстіңгі жағы жіңішкеленіп барып күмістелген темір ашаланып бітеді. Адалбақанның жұмырланған жоғарғы бөлігі де қызыл, сары түсті бояулармен тігінен жолақтана боялған. Ал, ең жоғарғы басы көгілдір аспан түсті реңде болады.

Сөйтіп, қазақтағы үйшілер өнері сонау көне замандардағы көшпелілік өмір салтына байланысты қалыптасып, ғасырлар бойы даму, жақсару процесінің нәтижесінде шынайы халықтық өнер дәрежесіне жеткен. Үйші өнері XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында нағыз үй кәсібіне айналды, онда еңбек бөлісінің нышаны да бой көрсете бастады. Э. А. Масановтың зерттеулеріне қарағанда, XIX ғасырдың соңында жәрмеңкесі жақын немесе қалалар төңірегіндегі ел арасында, әсіресе, ағашы мол жерлерде киіз үй сүйегін жасаудың өзі —«кереге», «уықшы» және «шаңырақшы» сияқты мамандықтарға бөлінген. Киіз үйдің жоғарыда көрсетілген негізгі құрамдарын жасауда көп өзгешеліктер болмаған. Ал, мұндай еңбек бөлісінің бой көрсетуі оның өте сәнді екі ашпалы есік ағаш есіктерін (сықырлауық) жасауда бой көрсеткен. Әрине, бұл пікірден Қазақстанның барлық өңірінде үйшілер кәсібінде түгелдей еңбек бөлісі үзілді-кесілді жеңді деген ұғым тумаса керек. Өйткені, XX ғасырдың басын-да ел арасындағы үйшілердің басым көпшілігі үй сүйегінің барлық құрамдарын түгелдей өздері жасай білді. Әр үйшінің шеберлік мүмкіндігі, көркемдік талғамы әр түрлі болғандықтан, олардың қолынан шыққан үй сүйектерінің сапасы бірдей еместі. Нағыз өнер иесінің жасаған кейбір үй сүйектерінің ешбір ою-өрнегі, күрделі нақышы, қымбат әшекейлері болмаса да, ісінің жатықтығымен, бөлшектерінің үйлесімділігімен-ақ көздің жауын алады.

Киіз үйдің үлкен-кішілігі ондағы кереге қанаттарының санына байланысты болады. Ел арасынан өзіміз жинаған деректерге қарағанда деп жазады Х. Арғынбаев, XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында қазақ арасына ең көп тараған киіз үйдің түрлері 4 қанаттан 12 қанатқа дейінгі үйлер болды. Ал, академик Ә. X. Марғұланның зерттеулерінде 18—30 қанатты үйлердің де бір кезде болғандығы сөз болған. Тіпті, әріректе, орта ғасырларда қазақ даласын мекендеген көне тайпаларда төрт аяқ арба үстіне киіз күркелер тігіп жүрудің болғандығын орта ғасырлық тарихшы Рузбихон өз еңбектерінде атап өткенді. Әрине, Рузбихон айтқандай, арба үстіне тігілетін киіз күркелерді біздің ұғымымыздағы үлкен киіз үйлер деудің қисыны келмейтін сияқты. Өйткені, ол уақыттағы жер бетінің рельефі қазіргіден өзгеше болмағанын, тегістелген кең жолдардың жоқтығын ескерген жөн. Оған қоса, ең шағын деген 4 қанат үй сиятын арбаның өзі қандай кең болу қажеттігін және, ең бастысы, бірнеше құрамнан тұратын киіз үй қаңқасының арба үстіне тігіліп, жол азабына төтеп беру мүмкіндігінің тым аздығын еске алу керек. Рузбихон айтқан арба үстіндегі күркелер бірлі-жарым адамдарға жол бойында жауын-шашыннан баспана, күннен көлеңке болған сияқты. Кейініректе арба үстіне күрке тігу дәстүрі үстем таптың қыз-келіншектеріне арналған күймелі арба ретінде сақталды. Мұндай күймелердің тамаша үлгілері «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Қамбар батыр» сияқты эпикалық жырларда сипатталған.


Каталог: fulltext -> transactions
transactions -> Казахстан республикасының Ғылым және білім министрлігі
transactions -> Азамат Тілеуберді
transactions -> Қырықбай Аллаберген тарих және баспасөЗ Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуыбаспасөзінде тарихтың
transactions -> Екінші кітап
transactions -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
transactions -> МӘШҺҮр тағылымы жинақ 2 Том
transactions -> Е. Жұматаева жоғары мектепте оқытудың біртұтас дидактикалық ЖҮйесінің теориясы монография Павлодар 2012 Кереку


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   22




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет