Шымкент қ., Қазақстан
А. СЕЙДІМБЕКТІҢ “КҮЗЕУДЕ” ПОВЕСІНІҢ ДАРАЛЫҚ СИПАТЫ
Әдебиет қашан да ұлттық-азаматтық сана-сезім мен ұлттық мораль қалыптастырушы гуманистік қасиеттің жаршысы міндеттерін атқарады. Шын мәніндегі әдеби шығарма игі ниетті халықтарды бір-бірімен таныстыратын дәнекер. Осы тұрғыдан келгенде нағыз көркем туынды эмоциялық әсерлі сезім сыйлаумен қатар, сол ұлттың ұлағатын, азаматтық-адамгершілік игі дәстүрлерін, тамаша қасиеттерін жеткізетін қоғамдық-философиялық ойдың көркем формасы екені мәлім. Біз қаламгер шығармаларынан көкейіңе жылылық, жүрегіңе жақындық әкелетін өзгеше бір қасиетті сезінеміз. Бұл жазушы стиліне тән орнықтылық, даралық сипат болса керек.
А.Сейдімбектің “Күзеуде” повесіндегі негізгі кейіпкерлер - Ршыман, оның әйелі Уәкила, баласы Құдайменде, Торғын. Хикаят күздің көрінісін суреттеуден басталады: “Сарыарқаның саумал иісті, сары ала жапырақты күзі еді. Бұл кездің жер бауырлап жатып алатын қорғасын бұлты да, көк иық етіп ұзақ сілбілейтін жауыны да бой жаздырмас ызғарлы суығы да әзірше білінбей тұр. Оның орнына күзгі таңның хабаршысындай болып басталатын майда леп күн арқан бойы көтерілгенше толқи есіп, күй сазындай көңіл сергіте тербеумен болады. Осы сәтте әбден бояуы қанған табиғат қыс түспей соңғы рет дәурен күйін шертіп қалғысы келгендей малына құлпырады” [1,3-б]. Әрине, күздің табиғаты былайша мамыражай болып тұра бермесі белгілі. Оның сүйектен өтер қара суығы, адамды мезі ететін сылбыр жаңбыры мен сұрқай күні алда. Осы мезетті автор жайдан жай алып отырған жоқ. Бұл уақытша, алдамшы сәт қарттық жеткенде ойы мен көңілі бұзылған Ршыманның жағдайына дөп келеді. Үй ішін жайлаған үнсіздік пен салқын қабақ алда болатын бір жағымсыз оқиғадан хабар береді. Сөйтсе де ұзақ отасып бір-біріне сыралғы жандар әліптің артын бағып, әлі бет жыртыса қойған жоқ.
Оқиғаның бәрі жылқысын іздеп жүріп, “Лесник” қыстауына келгенде, мінген аты қада ағашқа сүрініп, шынтағын жаралап алған сәттен басталады. Орманшы Әубәкірдің әйелі Торғын төрт жасар баласымен жалғыз отыр еді. Күйеуі осыдан бір жыл бұрын аз ауырып қайтыс болады. Торғынның ағасы Жақып көшіріп әкетейін дегенде “жылын өткізейін” деп қалып қойған еді. Жараланған шынтағын таңып, шай беріп аттандырған Торғынға Ршыман сол кеште қайта оралады. Осыдан бастап, олардың арасында қимас бір қарым-қатынас орнайды. Екеуінің арасындағы бұл байланыс соншалықты нәзік, ынтық сезімге айналған еді. Оны жазушы: “Сонда толған айдай жесір әйелге деген лып етпе құмарлық қызығуы емес, бір жұма көрмесе кәдуілгідей сағынып, құлазып, көзіне ештеңе ілікпей қоңылтақси берген соң келетін. Торғын да Ршыманға кәдуілгідей бауыр басып, еті үйреніп, оның шыншыл пейілінен қанағат тапқан соң келуін күтіп, елеңдеп жүретін болған”[1, 13-б],- деп суреттейді. Ршыман бұл тірлігінің осы жасында өрескел екендігін сезеді. Сөйте тұра, Торғын өзінің сәби күтетінін айтқанда, дегбірі кетіп, есеңгіреп қалады. Үш ұлын соғыс жалмады, екі қызы есейіп қалғанда қайтты. Қалғандары қиын-қыстау кезеңде туғаннан ба, жастай шетінеді. Құдайменде - ең кенжесі. Ол да тұрмай ма деп қорыққан Ршыман баласының кіндігін балтамен өзі кеседі. Сөйтіп, жалғызының тілеуін тілеп қалғанда, Торғынның жүкті болуы шынында да есеңгірететіндей қуаныш еді. Осыдан кейін “Лесник” қыстауына баруын да жиілетіп, баласы мен әйелін қыстауды ертерек қамдай беруге жібергісі келеді. Ршыман оларға үйге жапсарлас салынған шошаланы жөндеп, ішіне үш құдық пеш алу керектігін де тапсырады. Ондағы ойы кейінірек көмекшінің жоғын сылтауратып, Торғынды көшіріп алу еді.
Шағын жанрда кейіпкердің сюжетке қатысуы негізінен бір желіде болады. Қаламгер шығарма құрылымындағы баяндау ситуациясын шектеулі уақытқа құрады. Сондықтан да кейіпкердің мінезіндегі өзгеру немесе қайшылықты көрініс оқиға өрімінде көзге бірден шалынып отырады. Қаламгер Ршыманның аз уақытта өзге күйге түсуін бірден байқатады. Ол сырт көзге томырық, салқын мінезі бар адам. Енді тіпті де ой иектегіш, тұйық болып алды. Кейде сабыры кетіп, ұрлық қылғандай қуыстанса, кейде қиянат, зорлығым болмаса, неден жасқанам деп өз-өзін қайрайды. “Ршыман қанша ой жады болғанымен осының бәрі де мезгілсіз келген махаббат шарпуы екенін сезбеді. Тіптен, осынау ұзақ өмірінде әйел затына бұлайша ынтық болып көрмегенін, жүрек шіркіннің ағыл-төгіл төгіле бір ақ рет балқитынын, сол балқудың сәті кештетіп келгенін ойлап та көрген жоқ. Мұнысын “махаббат, ғашықтық” деп бағалауға жүрегі дауаламайды. Тіптен күрсіне отырып өз ойынан қолайсызданғандай болады. Бірақ бұл тірлігінің оғаштығын бар болмысымен қанша сезінсе де күн өткен сайын Торғынға деген аяулы сезімнің құлына айналып бара жатты” [1,17-б]. Жалпы, мінезі сабырлы, кісілігі де жеткілікті Ршыман қаншама уақыт отасқан жұбайын мұндай көңіл алағызуына қимайды да. Сөйтсе де қанша қиналып, толқыса да Уәкиламен бет ашысуды жөн көреді. Уәкила: “Бұ тоқсан көремін деген жасым ба еді, быламық татамын деген асым ба еді”, дегендей, мұндай масқараға кездесем деген ойымда бар ма... Бұған дейін көрдім деген қоқайым жырдың күйі екен ғой. Тарықсам да, жабықсам да сырдың суы тобығымнан келмей, өзіңді тірек етіп жүргенде, көрсеткенің осы болса, бұл тірліктің не бағасы қалды?”-деп, өкси шағымданады» [1,18-б]. Бұл сөзге пейілі құлай құптаған Ршыман да: “... Саған тағар еш кінәм жоқ. Өзіңмен отасқан ұзақ өмірімде жанашыр жақындығыңнан басқа, жатсынар мінезіңді көрген емеспін. Шүкір, етегің құтсыз болған жоқ, туып сүйініп, өліп күйінбеген де бар. Өзіміз тудық сүйіндік, өлді күйіндік, енді қалғанына қанағат. Сөйтсе де жалғыздық құдайға ғана жарасқан. Балаңның өкшесін басып, соңыңнан апалап жүретін бір жас иіс болса оның несі айып! Құдайдан жасырмағанды адамнан жасырып болмайды екен, тәңірім талайыма не жазса да, бір іске бел буғаным рас. Ақталып отыр деп ойлама, алдыңнан өткені деп қабылда” [1,19-б],- деп суырыла сөйлеп, ағынан жарылады. Ақыры Торғынды көшіріп ап, Ршыманның жаны жай табады.
Автор адамдар арасындағы кірбің, қақтығысты айту үстінде табиғатпен астастыруды да назарынан тыс қалдырмайды. “... Қоңыр күздің жанға рахат маужыр күндері зымырап өтіп жатты. Табиғат шіркіннің осынау бір ашық-жарқын саумал шағы малға да, адамға да келер күннің қатал суығы барын ойлатпаған еді” [1,22-б]. Әрине, бұл жандардың көңіл түкпірінде мазасыздық, алаңдау жоқ деуге болмайды. Ршыман түс секілді болған сезімнің өңінде болғанына қуанып, ұзағынан сүйіндіруін тілек етсе, Торғын бұл жайына разылық танытқанымен, келер күнін, күні ертең Уәкиламен қалай кездесетінін ойлап, мазасызданады. Шынында да Уәкиламен бетпе-бет келетін сәт жетеді. Ішкі мұң-шерін армансыз ақтарып, кінәласу сөзінен соң: “Мені қойшы: тулармын да бастығармын, жылармын да жұбанармын, әне бір жалғыз ұл болмаса...” [1,26-б] көнген қалып танытып, аттанып кетеді.
Бұл дәуреннің ұзаққа созылмасын Ршыман да, Торғын да іштей сезетіндей. Сондықтан болар, олардың көңілдері алаңдаулы еді. Осы тұста табиғат та өзгеріп сала береді: “Жер бетін бозарта жапқан боқыраудың қырбығын күн нұры шалған соң, осынау қоңыр леп елеусіз ғана тынушы еді, бүгін өйткен жоқ. Керісінше, күн көтерілген сайын бірте-бірте екпін алып, ызыңдай соққан суық жел келіп қалған қыстың деміндей ызғарын үдете түсті” [1,27-б]. Ақыры Торғынды ағасы көшіріп әкетеді де, Ршыман күңіреніп қала береді. Осы шағын шығармада қаламгер Ршыман ақсақалдың көңіліндегі оқыс туған сезім сәтін шыншылдықпен қызғылықты баяндайды. Торғынға ынта-ықыласы ауған Ршыманның жан күйзелісі күзгі табиғатпен астарлана суреттеледі де, қартайғанда “өзгерген”, өмірінің көбі кетіп, азы қалған кейіпкердің әрекетіне кешіріммен қарайсыз.
Осы шығарма туралы ақын С.Ақсұңқарұлы: “Сейдімбеков суреткер. Хас суреткер қандай қоғамдық система, нендей жалмауыз цензор қасқая қарап тұрса да, өзегін өртеген ШЫНДЫҚТЫ көркем ойға бөлеп, көз алдыңа тарта алады. Күшеншек “жалған” жазушы қолындағы қаламын қанша жерден сүйреңдеткенімен, Суреткер көтерілген биікке көтеріле алмай өмірден өтіп жатыр, өмірге келіп жатыр. “Күзеуде” - Ақселеудің перзенті. Мұнда исі қазаққа деген риясыз көңіл-күйі, алты Алаш атаулыға деген асқақ махаббаты көзге ұрып тұр”[2], -деп тебірене пікір білдіреді.
Көркем уақыт әдебиеттану ғылымында негізінен екі аспектіде қаралған. Эстетикалық сана үшін уақыт ұрпақ, дәуір мен адамдар арасындағы байланыстың және қозғалыс пен дамудың, өзгерістің көрінісі. Алайда кейінгі жылдары осы екі бағыттың үндесуі байқалды. Егер кең түрде алсақ, кеңістік дегеннің өзі шартты. Себебі, көркем шығармада бейнеленген кеңістік көп жағдайда шығармашылық ойлауға, қаламгердің фантазиясына, көзқарасы мен дүниетанымына байланысты. Сондықтан, автор өзіне жақын дүниені өзінің қабылдауында кең немесе тар шеңберде береді. Осыған байланысты автор бір оқиғаны жеңіл, үстіртін, шолу түрінде, кейбірін терең, толық суреттеп жатады. Осы ретте кеңістік шеңбері ұлғаяды немесе тарылады. Мәселен, халқымыздың тұрмыс-салтын бір ғұрыптың орындалуы арқылы да, бірнеше түрін кең суреттеу арқылы да жеткізуге болады. Соған сәйкес кеңістікті толтыратын оқиға мен адамдар әр қилы болады. Көркем кеңістік шынайы дүние ретінде географиялық сипатты иеленеді. Қаламгер А.Сейдімбектің кейіпкерлері кей кезде уақыт ырқына бағынғысы келмейді. Өздерінің жүрек қалауындағы сезімге ерік беріп, бір сәт адамға тән бақыттың дәмін татуға бел буады. Осыған табан тіреген Ршыман: “Тәңірім қадамыңды қайырлы, құтты қылсын, Торғын. Өзіңе ғана айтқан имандай сырым ғой осы жасқа келгенше дәл қазіргідей пендеге лайық зор қуаныш кешкен емеспін”[1,26-б],- деп ағынан жарылады. Өзінің шешіміне риза қалып танытады Бұл жас емес, жер ортасына келген адамның ағынан ақтарыла, қуана айтқан сыры. Адам ретіндегі өзіндік, ішкі сезім қабатындағы жеке сырын ашуы. Әрі болашақ ұрпағымның анасы, жарым деп айтқан сыры.
Жүсіпбек Аймауытовтың айтуынша, әрбір адамда үш «мен» болады [3, 259-б]. Мұның біріншісі – мендік “мен”. Екіншісі – меншік “мен”. Үшіншісі - әлеуметтік “мен”. Жазушының дәлелдеуінше, адамды тұтас әрі толық тану үшін осы үш “менді” де тығыз бірлікте, тұтастықта қарастыру керек. Адамды, адамның жанын зерттеген кезде, әсіресе, мендік “менге” айрықша көңіл бөлген жөн. Өйткені, адамның “жан дүниесінің шын суреті”, “әр қилы ықтиярсыздықтары”, “жанның дәйімгі, орнықты халдеріне ұқсамайтын тосын күйлері, кейде кенеттен жолығатын соқпа халдері”, “құлпырмалы күйлері”, “жүректің асыруға да, жасыруға да болмайтын шын халдері”, “жан құбылыстарының күйі мен реңі”, “адамның өзін-өзі іздеген халі”, “санамен білінетін заттардан басқа, бір көмескі, мәлімсіз қуат арқылы білінетін ойлары”, “кейде не себепті, қайдан шыққаны мәлімсіз төтенше ойлары”, “біздің санамызға ғана байланысты, санамыздың екінші бір дәрежесіне байлаулы жатқан, санамыздың ар жағындағы мұнартқан санасыздық дүниясымен байланысып жатқан сезімдеріміз”, “жанның әрбір толқынды, жүректің терең сырлары”, “жан дүниенің жалпы ағыны” осы мендік “менде” көбірек көрініс береді. Сондықтан да адамның жанын терең ашу үшін осы мендік “менге” ерекше мән беру керек.
Өмірді танып-білу, адамның табиғатына үңілу қоғамдық талаптың биігіне көтеріліп, өз айналасының ұлттық сипаттарын ашу, характерлердің жанды, нәзік сырларын тауып, қай тақырыпта жазса да, ол халқының бағалы мұрасына айналатындай болғаны жөн.
Сырт қарағанда өзімізге таныс, өмірде жиі кездесетін қарапайым ғана оқиғаны ала отырып, жазушы шеберлігі осы шағын оқиғаны үлкен философиялық мәні бар көркем туындының негізіне айналдыра алуынан көрінеді. Бұл жерде жазушының жүрек сыры, тебіренісі, айтылар ойдың мәнділігі, көздеген мақсатының айқындылығы өте маңызды. Автор ойы кейіпкер ойымен үндесе өріліп, оқиға өрісіне араласатын басқа да кейіпкерлердің сөзімен айқындала түсу керек. Көп жағдайда авторлық «мен» кейіпкердің «менімен» тұтасып, бірігіп кетеді.
Жазушы А.Сейдімбектің өмірдің әр тарапты құбылыстарын тоқайластырып, тұтас көркем дүние жасауға деген ұмтылысы шығармаларынан айқын байқалады. Өмірдің диалектикалық байланысы мен адамның кәдімгі тірлігі көркем бейнеленген.
Жазушының кейіпкерлері даланың тыныс-тіршілігін бағып өскен жандар. Олар даланың әрбір құбылысын тап басып, оның әрбір маусымдағы тірлігін, өзгерісін жіті бақылайды, солардан өз байламдарын жасап отырады. Содан да қаламгер бейнелеген кейіпкерлер ойға, пайымға бай, дүниетанымдары терең, сөзге жүйрік, көшелі. А.Сейдімбектің әңгіме-повестері белгілі бір желіге, жүйелі тақырыпқа құрылады. Өйткені, жазушы ең алдымен өмір шындығын, көрген, сезген етене тақырыпты нысан етеді. Автор шығармаларының тақырыптық-идеялық, жанрлық, көркемдік қуаты бір-бірін толықтырып отырады. Суреткердің көркем бейнелері ұлттық, көркемдік-эстетикалық жағынан, ұлттық сана мен ойлау жүйесі тұрғысынан астасып, орайласып, оның қаламгерлік шеберлігін айғақтайды.
ӘДЕБИЕТ
1. Сейдімбек А. Аққыз. Повестер мен әңгімелер. Алматы: Атамұра, 2002. 288 б.
2. Ақсұңқарұлы С. Алаштың Ақселеуі. // Орталық Қазақстан. 2. 11. 1992.
3. Аймауытов Ж. Псиқолоғия. Алматы: Рауан, 1995. 312 б.
А. Кемелбаева
Астана қ., Қазақстан
АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕК. «ҚАЗАҚТЫҢ АУЫЗША ТАРИХЫ». ЭССЕ
1. Ақселеу Сейдімбек фольклорлық мұра – шежіре жанрында
Қазақ халқының түп тарихы – шежіре. Қасиетті рухани күш шежірешілдік түркінің бір бұтағы қазақтардың генетикалық болмысында әлі терең сақталған. Шежірені ұмыту, хан жарлығымен бекіген жеті атаға толмай қыз алыспау дәстүрін жоғалтып алу – ұлт ретінде құруға бастайтын қатер. Біз шежірелік сипатымызды жан-тәнімізбен сүйетін халықпыз. Сондықтан ғалам біртұтастанған, қарабайыр тобырланған сайын шежірені ғылым ретінде дамыта түсіп, жер тұрғанша жоғалтпауымыз керек.
Шежіре – қазір әлемге ықпалы зор болып отырған еврей елі үшін де аса маңызды. «Таурат. Көне өсиет» – бұл Израильдің 12 буынының шежірелік жылнамасы. Еврейлер Мысыр құлдығынан құтылып, халық ретінде күшеюіне, қайта өрлеуіне ықпал жасаған жасампаз күш – ел бастаған дінбасылары һәм көсемдері арқылы мызғымаған шежірелік жады мықтылығының әсері. Тектен айрылмаудың артықшылығын олар білген.
Ақселеу Сейдімбек – қазақ халқының шежірелік тарихын бергі заманда классификациялап, энциклопедия түрінде бір жүйеге келтіріп, ұлтқа ұйтқы екенін айқындап, бабымен жинақтап кеткен асылдың сынығы. XX ғасыр басында ұлт көшбасшысы Ахмет Байтұрсынов: «Қазақ жоқ іздеуші» дегенде, сол ізгі мұратқа адал болғандардың бірі Ақселеу Сейдімбек екені дау тудырмас. Тексіздік нағыз қазақ жиренетін ұсақталу, азып-тозумен тең.
Тәңірінің өзі берген күнінде
Хан ұлынан артық еді менім несібем!
XVI ғасырда өмір сүрген ноғайлының Доспамбет жырауы теңдік салтанат құрған дәуірдің азаттығын қалай асқақ сезінеді, шіркін! Сол қасиет қазақтың қанында құдайға шүкір, әлі бар, жоғалмайды.
Ақселеудің қазына ұстаушылығы – жыр бұлағы жыраулардан жалғасқан құдіретті рухты өлтірмеуді, фольклорлық баянды жаңғыртуды мұрат еткен мирасқорлық. Ол-дағы бір керуенбасы. Көш-керуенін ұзатып, кейінгі ұрпаққа аманаттап тапсырушы. Көненің көрікті дүниесінен басы бүтін айрылуды жаны қаламаушылық. Ел үмітін ақтаған ер атағын енді елі сақтайды. Ақселеу миссиясы осындай биік. Оның ең басты кітабының бірі – «Қазақтың ауызша тарихы».
Әсіресе, шеттен келген қазақ зиялылары қазақтың рухани ассимилияцияға ұшырағанын көзімен көріп, қорынды. Этнограф ғалым Жағда Бабалықұлы алашшыл ақын Қасымхан Бегмановқа берген этнографиялық сұхбаттарында: «Қазақ жерінің табиғаты бұзылды. Қазақ елінің шаңырағы шайқалып, елі тозды. Қазақ ұлтының тұрмыс ырғағы бұзылды. ... Осы аса улы саяси ассимилияцияның кесірінен қазақ ұлтында ұлтсыздану қасіреті төбе көрсете бастады» деп налиды. Советтік заманда өскен Ақселеу Сланұлы ұлтсыздануға іштей наразылығын өзіндік пафоспен, қазақтың өзінен туған ұлға тән түйсікпен берді.
Жазушы, зерттеуші Мырзакелді Кемел «Ақселеу асу» атты танымдық еңбегінде: «Ақселеу Сейдімбектің жанры алуан стильге толы. Мұнда дала әңгімелері де, қорғандар мен діндер аңыздары да, күй шежіресі де, қазақтың ауызша шежіре-тарихы да, жүз-тайпа-ру таралымдары да, ертектер де, мақал мәтелдер мен қазақ болмысын ашып көрсететін аңызға бергісіз бастан өткенді әңгімелеу де, қара өлең де, естеліктер де, аудармалар да бар», – деп шындықты саралап жазады. Сонымен қоса ол Ақселеу Сейдімбек мұрасының негізгі тұжырымдарын термелейді. Соның бір-екісін қайталасақ: «Ақселеу Сейдімбек қазақ этнологиясының ғылыми терминологиясын қалыптастырды. Ақаң «Қазақтың ауызша тарихы» арқылы қазақ мемлекеттігінің құрылымын ғылыми негіздеді. Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрін ұстанатын қазақтан басқа этносты жер бетінде бар екенін біз біле алмадық , – деп ұлтымыздың бұл ерекшелігінің қасиетін дәріптейді. Бұл тыйымның қазақтардың тұқымдық сұрыпталуына себепші болумен бірге, этномәдени біртұтастығын сақтаудың бірден-бір тетігі болғандығын айтады».
Әлхисса, бұл кітапта не жоқ, қазақ үшін қасиетті һәм қастерлі саналатын дүниетанымдық ұғым-идея, белгі-нышанның бәрі бар. Кең даламызда өсіп-өнген тайпалар мен рулар, ұлыстардың бір-бірімен тамырласқан, будандасқан, қапталдасқан, бауырласқан шынайы тарихы бар. Оқылуы кей сәт мың бір түндей көркем шежіре әдебиеттегі небір жанрлардың бір арнада тоғысқандығымен озық. Оның мазмұны тым терең, іші толы құнды деректер, кісілік келбет, қилы жазмыш. Қазақ асқан философ халық екенін бұл кітап аша түседі.
Ақселеутану – өзтану. Қазақтыққа тағзым. Ал қазақтық еркіндік аңсаудан, азаттыққа сүйіспеншіліктен туғанын қазір ұмытсақ та, түйсіктегі ұлы зердеміз, жадтық таңба, ұлттық код ұмыттырмайды.
«Көшпелі өмір-салт Ұлы дала (Қазақ даласы деуге де болады) тұрғындары үшін ұзақ уақыт тиімді өмір сүрудің бірден-бір оңтай үлгісі болды» («Қазақтың ауызша тарихы», 485 бет).
«Алаш үстірті – Ресей Федерациясына қарасты Тыба республикасының жеріндегі Батыс Саян тау сілемдері. Бұл тау сілемдерінен ағатын ең бір арналы өзен – Сүткөл (Сут-Холь)» (489 бет).
Қазақ біледі, қазір Тыба атанған ел бұрынғы ұранқайлықтар, дәлірегі, қалмақтың бір атасы. О баста монғолданған түркінің бір бұтағы болуы керек. Бірақ бейбіт ел жиі шабылған бұлғақта қазақты қан қақсатқан тайпаның бірі. Ал мынау этнотопонимнен көрініп тұрғандай, жер атауы таза қазақ тілінде. Осының бәрі кейінгілерді ойландырары сөзсіз. Сүткөл деген атауда тұнып тұрған өлең бар. Сүт тағамдары – сүттен таза, судан ақ уыздай дүниені сүйетін малқор қазақтың ұлттық асы.
«Арғын тайпасының таңбасы «көз таңба» немесе «күн таңба» деп аталады. Севан көлінің байырғы атауы – Көкше (Гокча)» (492 бет).
Ақселеу аға қазақтықтың уыз табиғатын күллі әлемнен іздеп табады, әрі айғақсыз сөз сөйлемейді. Ол әңгіме желісін ақын жырларымен әдіптеп отырады. Ескінің есті сөздері қайнар бұлақтай саулап шыға береді. Мысалы, «Нұрдан жаралған Адай» туралы айтқанда: «Қашаған Күржіманұлының «Адай тегі» деген жырымен үндес» дей келе, жырдан үзінді келтіреді (315 бет). Өлең десе жаны.
Анасы жас нәрестені жерошаққа жасырып жүргеннен Ошақты аталған деседі. Бір рудың атасы осылай туады, және осы тектес нұрдан жаралды делінетін үлкен аталардың шығу тарихы ондап-отыздап кездеседі. Демек, жалған діндарлық әу баста қазақта болмаған. Ауызекі шежіренің бір ғажабы, адам баласын айыптау, сөге жамандаудан аулақ, сонысымен анархиясы жоқ еркін халықтың еркебұлан қалыбын даралап тұратындығы. Сонымен қатар қазақта ру атына шыққан ұлы аналардың аз еместігін Ақселеу Сланұлы ерен сүйінішпен, өз алдына даралай жазады. Олардың бір тайпаның үлкен шешесі ғана емес, әулиелік жаратылысын қоса қамтиды. Мысалы, әйгілі Домалақ ана.
Ақселеу Сланұлы эпостық стильге етене, оның прозасынан ескі асылын жоймаған қазақтың қаймағы бұзылмаған ақсүйек қалпын көресіз. Қазақтың бауырмалдығы мен адуындығын қатар көрсетеді. Мысалы, орта жүздегі қазаққа сіңген қырғыз руы туралы айтқанда, ол өз атасы тарақты Мәтімұсаұлы Сейдімбектің басынан өткен тектілікке қатысты бір оқиғаны бипаздай жеткізеді. Соғым басына шақырып, дәмдес болған екі адамның арасындағы ата тегіне қатысты шындық әңгіменің шарпуы түптеп келгенде қазақ ұлтына тән шежірешілдіктің де анық баяны. Түбі қырғыз Қазылық байдың бір сөзіне шамданған Сейдімбек ақсақал аталы сөзін құр жібермей: «Сенің арғы атаң Алатаудан шығып, Арқаға бас сауғалап келгенде ашытқылық қымызын қанжығасына бөктеріп келіп пе еді! Оны бізден алмағанда, қайдан алдың!» – деген екен», (356 бет).
«Ұлы Абайдың ақын шәкірттері Көкбай Жанатайұлы мен Әріп Тәңірбергенұлы нағашылы-жиенді болып келеді. Сонсоң да олар өмір бойы бірімен бірі өлеңмен қағысып, өнерлерін жарыстырып, туысқандық сезімдерін ұтқыр әзіл-қалжыңмен айғақтап отырған» (190 бет) дей келе, автор әл үстінде жатқан Әріптің көңілін сұрай келген нағашысы Көкбай қазақтың ажалдың өзін кейде қалжыңға салып, жалған дүниеге мойынсұнбай, құсаланбай қарайтын ғадетімен, жиеніне әзіл айтады. Оған өлгелі жатқан Әріп қарап қалмай, «Кетемін дүниені саған тастап, / Осымен к..ті қысып тоқтаймысың?!» әзілмен жауап қайтарып, екеуі өлеңмен айтысып бақұлдасады. Осы екі ақынның өлім философиясын терең түйсініп, Абай айтқан: «Туғанда дүние есігін ашады өлең. / Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген ақиқатты жатсынбай тұрғаны исі ұлттың ұлы мінезін танытады.
Шежірелік деректерде Ақселеу Сейдімбек аталардың мінезін, пейілін өз сөзімен өрнектеп ашады. Солардың аузынан шыққан сөздерін алтын кенішіндей ардақтайды.
Қазақтың этногенезін түзген жайтқа тән шындықтың бәрі айтылады. Рулық жүйені тарқата, оның таңғажайып шебер құрылыс, далалықтарға лайық бірден-бір елдік жүйе болғанын дәріптей келе, этнограф ғалым қазақ халқының рулық жүйесі мызғымас, берік, қатып қалған, қамал еместігін, бір рудан бір руға ішінара аталар қосылып, әбден сіңіп, кірігіп кеткенін айқын жазады. Сөйтіп, түбін қазса, жүзге кіретін қазақ та, жүзге кірмейтін қазақ та бір қазақ екенін ол ерекше сүйіспеншілікпен танытады.
«Ең ғажабы, қазақтың шежіре тарату дәстүрінде сіңісті аталар, кірме әулеттер, асыранды балалар және олардың өсіп-өнген ұрпақтары еш бүкпесіз шыншылдықпен баяндалады. Соған қарамастан, еншілестік институтымен бекемделген ру-тайпа мүшелерінің қылаусыз біртұтастықтағы мүдделестігі тіптен қайран қалдырады». Ол «Қазақ шежіресі ...ру-тайпалардың ұлы бірлік идеясын дәріптеуге бағытталған жаңа түзілім болып табылады» (21 бет) дей келе, қазіргі трайбализм, жікшілдік деген қауесеттің негізсіз екенін перзенттік парызын биік ұстап, жанын сала дәлелдеп шығады. Расында қазақ біртұтас халық. Жікшілдік бірен-саран дүниеқоңыз, мансапқұмарлардан шыққан әлек. Жалпақ халықта оның ем қонбайтын арсыз дерті жоқ.
Ал түбін жасырмайтын мінезі, «Құл ғана атасын жасырады», ертедегі қазақтың тым шыншыл болғанының белгісі! Өтірікке баспаған баба Қазақ!
Ақселеу – көне дүниелердің дара туған хаттаушысы. Оның жазушы-ғалым, этнограф, тарихшы, мәдениеттанушы, өнертанушылық сан алуан таланты бір арнада тоғысып, бағасы барған сайын зорая түспекші құндылықтарды өшпестей қылып, таңбалады. Ол шежірелік аңыздардың өз жанрын қалыптастырып кетті. Ақселеу ыждаһатпен жиған ортақ қазынадан жас ұрпақ, кел де, көсіп ала бер. Өйткені ол сенің төл тарихың. Ол қазақтың ырыс-несібесін түзетін игіліктерді қызғыштай қорып һәм қорғап кетті. Сонысымен прометейлік таудай еңбек жасады. Жауһар әрі жалқы еңбек. Қазақ халқының этногенезіне шежірелік мағлұматтардың тікелей әсері бар дейді ол. «Жер бетінде этномәдени болмысы біртұтас жалғыз ұлт болса, ол – қазақ ұлты» (4 бет).
Бұл кітап автор өзі жазғандай, «Қазақ даласында есте жоқ ескі заманда бастау алып, сол қазақ даласында аяқталған (XX ғ.) көшпелі өмір –салтты «эпикалық көшпелі өмір-салт» деп айырып атаудың қисыны бар», (8 бет) дей келе, ол өзін соның шырақшысы, «Мен өзімді көшпелі өмір-салттың әрі сырт көз бақылаушысы, әрі айғақшысы (носитель, этнофора) ретінде сезінемін» деп оқырманға таныстырады.
Осы құбылысқа адалдықты Ақселеу Сейдімбек аққудың қоштасу әніндей көріп, биік трагедиялық пафоспен қабылдайды.
«Бір ғана өңірде – Сарыарқаның Бетпақдаламен шектескен жапсарында дәстүрлі эпикалық көшпелі өмір-салт сақталып қалды. Көш көлігі – түйе, баспанасы киіз үй. Қоғамдық өмірде кісілік пен парасат басшылыққа алынып, адамдар ғажайып асқақ сезімдерге бөлене алатын.
Міне, мен өскен өңір, мені қалыптастырған әлеуметтік орта осындай еді. Бұл ортаны эпикалық көшпелі өмір-салттың саба түбі сарқындысы, ең соңғы жұқанасы деуге болады. Өз басым тарих пен этнографияға ден қойып жүрген адам ретінде мұндай өмір-салтты көріп үлгергенімді тағдырдың сыйына балаймын» (8-9 бет).
Далалық тұрмыс-салт, қоғамдық, әлеуметтік, мәдени әлемнің жүйелі энциклопедиясын, тіл ұшында, зердеде тұнған ұлы тарихын Ақселеу Сейдімбек елінің таңдаулы ұлы болып құлай жазды.
2. Шежіре – тек пен зерде.
Мөңке Би Тілеуұлы (1675-1756):
Алыстағы дұшпанның
Жағаға қолы жетпеске,
Артында туысқанның көбі игі.
Екіталай іс болып,
Еңсеңе дұшпан табан қойғанда,
Өзіңменен бірігіп,
Қыр басына шықпаған,
Ағайынның күнінде,
Барынан да жоғы игі.
Шежіре сыры, елдің былайғы күйі осы жолдарда анық.
Қазақтан басқа халықтар шежіренің рөлі мен маңызын жанама болсын танып білді, ал білмесе опынды. Мысалы, көне эллиндік трагедияның марқасқасы Софоклдің «Эдип патша» атты тұңғиық драмасының лейтмотиві – шыққан тегін білмей сұмдыққа ұрынған адам тағдыры, құйынша соққан жазмыш тауқыметі. Жеті атасын білмеген жетесіз. Шежіресін білмей қор болған, асыранды өскен Эдип ақыры сұмдық қасіретке душар болады. Ол туған әкесін өлтіріп, патшалыққа тағайындалып, сол елдің заңы бойынша өлген патшаның әйеліне үйленеді. Эдип өз анасын алған, әкесін білмегендіктен жазым еткен. Бұл әулетке әкесінің істеген қара ісі үшін қарғыс тиген. Қазіргі адамдар Эдип патшаны көбінесе жаңа заманғы философ Зигмунд Фрейдтің «Эдип комплексі» деп атаған психологиялық ауытқуларды зерттеулері арқылы көбірек білетін сияқты. Софоклдің ұлы таланты оларға беймәлім.
Пусть чем угодно разразиться.
Я хочу узнать свой род – пусть он ничтожен!
Таков мой род – и мне не быть иным.
Я должен знать свое происхождение.
(Софокл. «Эдип-царь». Аударма: С.Шервинский ).
Бұл – жүрегі бір сұмдықты сезген Эдип патшаның жан дауысы. Сонда анасы әрі жары Иокаста, ол-дағы удай жазмыштан құтылмағанын ұғып: «Несчастный! О, не узнавай, кто ты!» деп құсамен жауап береді. Эдип жан төзгісіз қайғылы азаптан өзін-өзі соқыр қылып жазалау арқылы, ұзамай жеткен өлім арқылы арылады. Жаза оны ластан тазартардай қабылдайды.
Шежіре түркі халықтарының бәрінде бар. Қарақалпақ ақыны Бердақ Қарғабайұлы:
Көриңлер халықтың шежиресін,
Есит шежиренің мәнисин,
Бәршенің ата-бабасын,
Айтып баян қылған екен:
Әнес, Мәлик екки киси,
Пайғамбардың сахабасы,
Әнес – қазақтың бабасы,
Шундын «алаш» болған екен.
Мәликтің ұғлы – Разыхақ,
Яшлығында қойды ғұлпақ,
киген екен қара қалпақ,
Шундын «қалпақ» болған екен.
Сахра халқы көшип гезбек,
Кәнтли жерден уатан дүзбек,
Қалпақтың ұғлыдүр өзбек,
Өзбек жекке болған екен.
1827 жылы туған Бердақ Абайдан 22 жасқа үлкен. Мына өлең жолдарында Бердақ қазақ, қарақалпақ, өзбек – үш халықтың шыққан тегі бір екенін әйгілеп тұр. Түбін қазса, «Өзбек – өз ағам» деген сөз рас. Қазаққа башқұрт пен ноғайдың басқалардан ғөрі жақындығы тағы аян. Ешбір дәлел, айғақсыз, әншейін осы екі халықтың қалың ортасына тап болсаңыз, қазақтан еш айырма көрмейсіз.
Владычь в Сейильхане, баба Эрсары!
Ты славен могуществом с древней поры,
Деяния твои справедливы, мудры:
За бедных вставал ты стеною, бывало.
Бұл Сеиди, түркмен классик ақыны, ата-баба аруағын асыра сөйлеу кең даланың ұлдарына етене тән мінез. Өзінің ерсары руынан шыққанын ақын мақтан қылып, жырға қосады.
Все теке, салыры, эрсары придут,
Будут все сарыки – весь туркменский люд.
Все, кого туркменским людом ни зовут,
Все верхом прискачут, все придут, наверно.
(Орысшаға аударған С.Иванов).
Сеидидің бұл жырында түркменнің сөйлер тілі – Мақтымқұлының руы көклен аталмағанмен, үш-төрт ру бар. Қазақ ру аттарын сүйіп айтатын халық, сол дәстүрге түркмендер де берік. Евразиялық жад.
Қазақ ру тайпаларының атаулары көбінесе таңба немесе адам өңіндегі нышан атауларынан шығады: шапырашты, қаңлы, шанышқылы, сіргелі, ошақты, ысты, ойық, тілік, үштаңбалы, тутаңбалы, қайшылы, қанжығалы, тобықты, жоғары шекті, төмен шекті, бағаналы, балталы, ергенекті, терістаңбалы, көлденең, қарақас, шеруші, шимойын, ашамайлы керей, тарақты, шекті, байбақты, оңтаңбалы табын, теріс таңбалы табын, қарақойлы, жағалбайлы. Жер атаулары да осылайша қойылады: Жыланды, Бұғылы, Құланды, Бұланды, Теректі, Қайыңды, Шиелі, Бақалы, Алмалы, Текелі, Құлынды болып көктегі тырналардай тізіліп кете береді.
Шежіре – тектану. Ал философияда «Өзіңді өзің таны» – өмірдің мәніне жақын ұғым. Шыққан тектің ұрпақтың өмір сүру салтына әрі тағдырына үстемдігі зор. Қазақтың «Жақсыдан жаман туса да, Жаманнан жақсы туса да, Тартпай кетпес негізге» деуі соны терең білгендіктен.
Ақселеу аға қазақ жаппай тектен жаңылады-ау деген сұмдық сүрей ойдан сананы арашалайды. Оның тек туралы танымдық кітабына тіпті оқымай-ақ бір көзі түскен исі қазақ баласы қазығын айналған атқа ұқсап, намысы оянып, дүр сілкініп шыға келері анық. Ол енді қазақтығынан айнымайтын өрелі, саналы азаматқа айналады.
Сондықтан бұл кітап – таңғажайып бағбанның кәусарлы бағынан аумайды.
«Ілияс Есенберлин «Жанталаста» жыраулар әңгімесі түрінде қаншама нақтылы тарихи аңыздарды сыйыстырған, бұл кезге дейін ауызша таралып келген, шындығы, қиялы аралас шежіренің орайын тауып орналастырған», – деп жазады академик Рахманқұл Бердібай. «Көшпенділер» тарихи роман-трилогиясымен қазақтың рухы жаңғырғаны аян.
Шежіреге халық ру-руымен енеді. «Ағайын бір өліде, бір тіріде» дейді қазақ. Шежірелік сарынды болсын, жақсы мен жаман айырмасын жыраулар тегіс жырлап өткен.
Жағаға дұспан қолы тимеске,
Артыңда туысқанның көбі игі.
Күндердің күні болғанда,
Қырға шықпас жаманның
Барынан да жоғы игі!
Шалкиіз жыраудың бұл өлеңі қазақтың ұлттық санасында берік қалыптасқан аксиома: «Ағайынды жігіттің кере қарыс жалы бар, жалғыз басты жігіттің шығар-шықпас жаны бар» дегенінен алшақ түспейді. Ал Әбубәкір Диваев жинаған қазақ мақал-мәтелінде: «Үйі жыртықты тамшы жейді, / Ағайыны аз қамшы жейді», «Жалғыздың үні шықпас, / Жаяудың шаңы шықпас». Тағы сол Диваевта: «Көшкен жұрттың қадірі қонғанда өтер».
Бұдан қазақ шежіресінің фольклорлық жанр, асыл мұра екенін әбден ұғуға болады.
«Төс айылдың батқанын иесі білмес, ат білер, / Ағайынның қадірін жақыны білмес, жат білер».
Доспамбет жырау:
Жағдайсыз, жаман қалып барамын
Жанымда бір туғанның жоғынан!...
Ақтанберді жыраудың неліктен «Құлым бір ұлдай киінсе» деп адамшылықты дәріптегені жалғыздықты кемістік көргенінен анық сезіледі:
Жағама қолдың тигенін,
Жалғыздық, сенен көремін.
Жамаулы киім кигенім,
Жарлылық, сенен көремін.
Атадан тудым жалқы боп,
Жақыннан көрдім талқы көп.
Ал Ақселеу Сейдімбектің бабасы тарақты Байғозы батырдың мәліметі керей Қожаберген жырауда бар:
Тарақты ер Байғозы қолдың басы,
Жиырманың алтауына келген жасы.
Бұл-дағы кіші жүзге күйеу екен,
Ерлігін көрді елдің кәрі-жасы.
Байғозы қолма-қолда екен күшті,
Ер болып, жеке шығып, көзге түсті.
Атысқа ғадеттенген қалмақтардың,
Бетпе-бет кездескенде зәресі ұшты.
Шежірелік деректер арқылы тұтас бір рудың атына айналған аталардың тарихын білеміз. Оны қара өлең соңына, ұрпақтап жадына ұмытылмастай қалдырып отырды.
Адамқожа ер жетіп,
Өзі жөнін білгесін,
Ат жалын тартып мінгесін,
Әлім менен Шөменге
Бір себептен өкпелеп,
Басқа салды іргесін.
Сонысына халық ат қойған,
Осы жұртқа «Кете» деп.
Рулы ел – ұялы терек болса, оның бұтақтары тарамданып, ұшқан құсша қанатын кең жайып өспей ме! Сыр сүлейі Нұртуған Кенжеғұлұлы кіші жүзде Қаракесектен тарайтын кете руы осылай аталу себебін түсіндіреді. Ал Ақселеу Сейдімбек «Қазақтың ауызша тарихында» қаракесек атасының орта жүз арғында да, кіші жүз әлімде де бар екенін жазады.
Ру аттары қазақ халқында ән мен жырға қосылды. «Әніме мен салайын «Тілеу-Қабақ»», «Сұрасаң руымды Қаракесек», «Тегімді менің сұрасаң, / Қалың найман нуынан», ән-жырды қойып, күй атауы «Адай» болып шалқиды. Дулат Бабатайұлы, Құрманғазы, Мәди Бапиұлы, қазақтықтың қыран қанат ұлы рухынан жаралған кілең тектілер. Рулық жүйе қазақты жүзжылдықтар ауысқан сайын сақтап келді. Қан арқылы туыстық, бауырмалдық идеясы, бір атадан тарау ұлтты ұйыстырды.
Жетісудың марқасқасы Сүйінбай ақын қырғыздың Қатаған ақынымен айтысып, қазағын айбар қылып түгендеп беруі, сөйтіп қарсыласына мықтап сес көрсетуі Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген асқан перзенттік махаббатымен үндес. «Көкте – құдай, жерде – түркі» деп әуелден ел атын санасында үкілеген халықтың ұрпағы осылай сөйлеуге қақылы.
Тегінен танбайтын асыл ғұрып техногендік ғасырда халқымызды сырт факторлардан сақтаушы жасампаз күш болып қаларына сенеміз. Оған сендіретін рухани әлем қазақта күшті.
«Қазақтың ауызша тарихы» атты кітаптың құнды һәм қасиетті жүгі әлі талай зерттеулерге, шығармаларға астар боларына дау жоқ.
М. Кемел
Астана қ., Қазақстан
АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕК ЕҢБЕКТЕРІНІҢ ҒЫЛЫМИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ
Халқына ғұмырын саналы түрде арнаған, қазақ мәдениетінің тағдыры үшін сан жылдар еңбектеніп, ұлттық ділдің жанашыры болған Ақселеу Сейдімбек жайында «Қазағым деп тілін сындырып, қазағым деп өмірден өтер, құр сөзбен емес, бар болмыс-бітімімен, бүкіл саналы тірлігіндегі қам-қарекетімен дәлелдеп жүрген осы Ақселеудей азаматтары бар ел бақытты» деген екен Кәдірбек Сегізбай.
Ақселеуді әркім әр түрлі қырынан көреді. Серік Ақсұңқарұлы: «Алғаш рет Асан Қайғы, Ақтанберділерді мен осы адамның аузынан естігем-ді. Ести салысымен басыма жастанып оқып, бір сөзін түсіне алмай дал болғанымды да несіне жасырайын. Евтушенкоға есі кеткен бала жігіт мына дүниеде одан басқа ешкім жоқ деп ойлап жүр ғой баяғы...».
Ақселеудің Шәкәрімнің «Үш анығының» елден алынған екі қолжазбасын салыстырып, дәл оқылуына, бастапқы қалпына келтірілуіне мұрындық болғанын Мекемтас Мырзахметов «Түркістан» газетіне жазған.
Илья Жақанов Ақселеудің қаламынан ірі эпикалық сүйекті шығарма тумауын ол кісінің көп оқығандығымен байланыстыратынын білдірді.
Ғалым М. Ребров ғарыш «пайғамбары» С. Королев туралы: «Табиғат оған даналық пен талант сыйлайды. Алайда, талантты адам қиындыққа жиі кезігеді, өйткені дарын дегеніміз – мінез. Ал бұл әркімге ыңғайлы бола бермейді. Осы өмірден-ақ көрініп тұр – өз ісіне неғұрлым қабілетті кісі келісімпаздыққа соғұрлым икемсіз және министрлік дәліздерде дәрменсіз» депті.
Оралхан Бөкей айтқандай, Ақселеу – өз замандастарының ішіндегі ең бір ізденімпазы. Көп біледі. Туған халқының тарихын, ересен мол этнографиясын, ауыз әдебиеті мен ән-күйін зерттеу мен адамзат өнерінің даму, баю заңдылықтарының сырына үңіліп, тұтастай қарастырып жүреді. Осынау, әркімнің бойына қона бермес фанатиктік (жақсы мағынасында) ізденіс үлкен білімпаздықты сыйға тартты да, нақтылы жемісін берді.
Сейдімбектің қай шығармасы болмасын, ойлы, саналы қазаққа ата-бабамыздың осал болмағанын бұлтартпас дәлелдермен терең түсіндіріп береді.
Өз сөзі: «Жарық дүниеге пешенесі бестен келіп, алғашқы тартқан демінен бастап ақжолтай ғұмыр бұйыратын адамдар болады. Олар тіршілігінде не қаласа да дегені болып, ішкені – алдында, ішпегені – артында дегендей, мұңсыз-қамсыз ғұмыр кешеді. Дарыны тасып, күресі асып тұрмағанына қарамастан, өзі араласқа түскен қоғамның әлпеші болмаса да, қолпашынан кенде болмайды. Мұндайлар қара басының мұң-мүддесі үшін біреуді қарақтап, біреуді жарақтауға келгенде әбжілдік танытқанымен, өзі бір мүшесі болып жүрген қоғам тағдырына қатысты істерге әсте қабырғасын қайыстырмайды. «Менен кейін маған десе топан су қаптасын» – деген ұстаным мұндай адамдардың өмір сүру тәсіліне айналады.
Ал енді, келесі бір адамдар болады: арманы асқақ, ниеті адал, жүрегі нұрлы, дарыны тасқын, ақылы кемел. Айтары жоқ, қызыға қарайсың. Бірақ, ондай адамдар, әдетте, тағдырдың торына шырмалып ғұмыр кешеді. Аттаған қадамы кедергіге жолығып, таңдаған жолы тосқауылға тіреліп, ақылы – азапқа, дарыны – тозаққа ұласып жатады».
Осындағы: «Айтары жоқ!» деген сөз Ақселеу лексиконында жиі кездеседі. Сондай-ақ: «анда», «дың», «тін», «жосық», «немеурін» сияқты соны сөздерін бүгінгі жазушыларымыз түгілі әдебиет зерттеушілеріміз де пайдалана бермейді. Оның: «Атама деймін!» деген сөзінің де өмірде талай рет куәсі болғанбыз. «XX ғасырдың соңғы бесінші жылы басталды» деген сөйлем де ерекше емес пе?! Айтып отырғаны 1996 жыл ғой, бірақ соның өзін әсерлеп, әдемілеп беріп отыр.
«Өндір деп, теріден тігілген мейлінше үлкен сабаны айтады» деген сөзі, байырғы түркі тілінде «ас» этнонимінің «адам» деген мағына беретіні, ал «ас беру» рәсімінің байырғы ұғым бойынша Тәңірге адам беру болып шығатыны туралы тұжырымы танымдық тұрғыдан аса қызықты.
Ақселеу шығармашылығы сирек қолданылатын немесе өзі ойлап тапқан, аудармасын өзі топшылаған сөздерге толы. Сазсырнайды – уілдек деп атап, ояну дегенді – ренессанс, ынты – стихиясы, тәнік – аналог, мұрағаттау – архивация, төсекжанды – сексуальды, сүргін – катаклизм, тектем – генезис, төлтума – самобытный, рухани сұғанақ – плагиат, қайта жаңғырту – реставрация, арман-аңсар – идеал, иррационалды – ақыл жетпес, иерогамиялық - жанығудың киелі сәті, қозушылық – эротикалық, кірігу – интеграция, сандырақ – нонсенс, құйтырқы сөздер – балогурство, құлдыраған – рецесивный, самобытный – төлтума, дарашыл қасиетті – монодийность, іліңгір – якорь, түпнұсқа – аутентті, дүбара – маргинал, киетек – тотем, діңгек идея – центральная идея, адамдық бастау – антропоцентризм, этнозерде – этническое самосознание, псевдосараптама – псевдоаналитика, дүбәралану – маргинализация, сандырақ – абсурдизация, түбірлі – аутентичный, жойдасыз – тотальный, айғақшы – носитель, фора, жұқана – рудимент, орайлас – обусловленный, жаралым – образование, ұлыс – держава, түпөзек – замысел, дәйектеме-роман – инфороман, туындыны тиектеу – обрамление, дәнекерлік – коммуникативный, әлеуметтік-жүйелеушілік – социально-классификационный, кіріктірушілік – интегрирующий, ұстаным – принцип, орайлас – обусловленный, айғақшы – носитель, жад – память деп қазақшалануы жарасымды-ақ. Бұл аудармалардың бірі дұрыс, бірі бұрыс болар, мұндағы орыс сөздерінің қазақшалануының біреулері тілдік қорымызға сіңер, кейбірі сіңбес, бірақ ұмтылыстың өзі бағалауға лайық.
Күнделігіне: «Түркі-славян тілдеріндегі тектес сөздер: іш – ешь, ылай – ил, бол – был, мен – мне, қышқыл – кислый, топас – тупой, қопару – копать, кесек – кусок, таптау – топать, рет – рядь, толу – толстый, сілекей – слюна, ашық – ясный, ине – игла, жарық – яркий, бақуатты – богатый, аулау – ловить, түлеу – тлеть, шыр – жир, жану – жечь, сору – сосать, сұғу – совать, бос – пустой, мұң – уныние, жүзі – лезвия, түн – тень, қайда – куда, қыр – край, ақыру – крик т.б. Әрине, бұл жорулардың біразы халықтық этимология болуы да мүмкін. Дегенмен, ойға өріс боларлық...» деп жазып қойыпты. Бұлар да біздің әрбірімізді қай сөздің, қай мақал-мәтелдің болса да түп мағынасын іздеуге, яғни әрбір сөздің мағынасын ойлауға үндеп тұрғандай.
Сонымен бірге ол өз шығармаларына арқау етіп бір кездері айтылып-жазылып, халық жадында жатталып қалған сөздерді де ұтымды пайдаланады:
...Пушкин: «Суреткерді өзі мойындаған ереже бойынша саралау керек».
...Жаманның басына іс түссе ойлай береді,
Жақсының басына іс түссе бойлай береді.
...Тауратта бір сөз бар: «Нені жаратсам - соны білмеймін!» деген, т.с.с.
Ақселеу де Жүсіп Баласағұн, Сенека, Толстой секілді мәңгілік тақырыбына бой ұрған:
Сенеканың мына бір сөзін Ақселеу Сейдімбек өмір бойы ұстанып өткендей:
«Өзіңді өзің үшін жеңуге тырыс, бұрындары сенен тартып алған немесе ұрлаған, бостан-босқа өткен уақытыңды сақта және жинақта. Біздің уақытымыздың бір бөлігін бізден күшпен тартып алады, бір бөлігін ұрлайды, біраз бөлігі босқа ағып кетеді. Бірақ барлығынан ұяттысы – біздің өз ұқыпсыздығымыздан жоғалтқан уақытымыз. Бажайлап қарап көрші: біз өміріміздің басым бөлігін ақымақтық істерге, бірталай бөлігін – бостан босқа, және барлық өмірімізді керек емес істерге жұмсап өткіземіз. Уақытын бағалай білетін, бір күннің өзі неге тұратынын білетін, әр сағат сайын өлімге жақындап жатқанын толық сезінетін бір адамды көрсетші... Өлім біздің алдымызда тұр, біз өлімнің құрығындамыз. Сондықтан әр сағатыңды босқа жіберме. Бүгінгі күнді уысыңда ұстай білсең, ертеңгі күнге азырақ бағыныстасың. Кейінге қалдырып жүргеніңде, бүкіл өмір ағызып өте шығады».
Ақселеу Сейдімбек қадім заманғы философ Сенеканың осы сөздеріне жан-жақты сай келеді.
Ақаңның күнделіктерінде орыстың ұлы жазушысы Толстойға қатысты мынадай ойлар бар:
«...Л.Н.Толстойдың құдіретін айтып жеткізу қиын, жан-жүрегіңмен сезінетін әсері ғажап.
Адам тағдыры үшін, жо-жоқ, адамзат тағдыры үшін бұл ақсақалдан артық ойжады болған, өмір бойы ой құрсауында өткен жазушыны елестету қиын. Ол алуан түрлі ойларды, ағымдарды, философиялық толғамдарды өз көкірегінің елегінен әлде неше рет өткерген. Сондағы тапқан тобықтай түйіні – құдіреті күшті құдайдың бар екендігін мойындау керек. Л.Н.Толстой қаңқа сүйегіне дейін атеист бола тұрып, құдайшылдықты саналы түрде ұсынады. Оның ойынша адамзат атаулының бойындағы алуан түрлі кемшілікті ауыздықтайтын құдірет, тек қана, адам өресі жетпейтін құдіретті құдай; бәрін көріп, біліп, болжап тұратын құдай ғана, оған деген сенім ғана адам баласын толып жатқан опасыздықтан шектейді; адам баласының бойына тән әлсіздік басқаша таным мен моральдың барлығын аттап кете алады. 22.01.72.
...Адамзат тағдыры үшін басын тауға да, тасқа да соққан Л.Н.Толстой «жамандықпен жағаласпау керек» деген тоқтамға келді. Оның ойынша адамзат атаулының келешегі адамға лайық бітімде болу үшін «құдай» қажет. Адам баласының тойымсыз ындынына тосқауыл болатын бір ғана құдірет бар. Ол – өресі, ақылы жетпес Құдайдың құдіретін мойындауы. Яғни, адамның пенделік әлсіздігін Толстой ұсынған «Құдай» ғана шектей алады. Және де Толстойдың «Құдайы» кез келген прогреспен оп-оңай мәмілеге келіп, тіл табысып кетеді.
Болмайды екен, кодекстегі моральды жатқа білетін баукеспелерден қоғам ешқашанда арылмақ емес 7.06.72».
Бұл сөздерді Ақселеу Сейдімбек бар болғаны отыз жасында, оның үстіне Құдай туралы жылы сөз айтуға қатаң тыйым салынған кезде айтыпты.
Толстой да өмірдің мағынасы, мәңгілік өмір туралы азапты ойлар кемірген сәттерде сол отыздың үстінде болатын:
«...Мен кіммін? Не үшін өмір сүремін? Өмірімнің мақсаты не? Жақсылық қайда? Жамандық ше? Бай болайын, атақты болайын, маған не пайда? Бүгінгі ісімнің, ертеңгі тіршілігімнің не мәні бар?...Өмірде ең сенімді дегенімнің өзінің күл-талқаны шықты. Неге сүйенсем жаныма сая табам?..».
Несіпбек Айтұлының Шәкірге соңғы сауал» деген ойлы өлеңі бар. Сонда мынадай жолдар бар:
«Керегем жетім – басқұр жоқ.
Өнегем өгей – дәстүр жоқ.
Қорадан тартар қойымды
Кенерем анау – қасқыр көп.
Амалын айтып кетпесең
Көлденең тұр ғой кедергім.
Соңыңнан жетсем жұрдай боп
Мақшарда саған не дермін?»
Бір кездері (2000 жылы) Ақаң да осы сөздерге үндес, «Өмір осылай өтіп жатыр...» деген атпен Бейімбет Майлинше мына өлең жолдарын қағазға түсіріпті:
«- Уа, Бабай! Ел-жұрттың халі қалай?!
- Е-е, Балам-ай! Ел аман, жұрт тыныш демесе:
Әйел – ерге қарады, ер – жерге қарады;
Қартымыз – қақбас, қатынымыз – қақпыш;
Шешеніміз – шерменде, көсеміміз – сергелдең;
Биіміз – жалтақ, батырымыз – қорқақ;
Данамыз – бала, баламыз – шала;
Әйел – арыды, келін – жеріді;
Бозбала – сайтан, бойжеткен – сайқал;
Азамат – әлсіз, арғымақ – жалсыз;
Сері – селтең, сал – мөлтең;
Көршіміз – кәпір, туысымыз – мүсәпір;
Жауымыз – атарман, досымыз – сатарман;
Тұлпарымыз – жабы, сұңқарымыз – жапалақ;
Өнеріміз – молақ, өнерпазымыз – олақ;
Дініміз – шала, тіліміз – шұбар;
Еліміз – азды, жеріміз – тозды;
Бүгініміз – тұман, ертеңіміз – мұнар;
Сенеріміз – жоқ, секеміміз – көп;
Жан – шыққан жоқ, үміт – өлген жоқ;
Өмір осылай өтіп жатыр!
Жас Алаш. 2000 ж. 4 сәуір».
Ақселеу сонау тоталитарлық деп есімізге алатын кеңес заманының қайнап тұрған кезінің өзінде-ақ (14.10.74) қазақтың қазақ рухы әлсіреуіне орыстың өзімшіл идеологиясының өктемдігі әсер етіп жатқанын жазады:
Ақселеу Сейдімбекпен жеке таныстық, аз ғана араластық кездердің бірінде: «Орысша газетті ұстамаймын – қолым былғанады, орысша сөйлемеймін – аузым былғанады» - деген сөзін естіген ем. Бұл зерделі азаматтың асырыңқырап айтса да, кезінде империяның қазаққа жасаған қиянатына наразылық ретінде айтылған деп бажайладым.
Толстойға қарасақ, орыстың озық жазушыларының «Не істеу керек?» деп өздеріне өздері қойған сауалы төңірегінде ол да көп ойланып, ақиқатты іздеді. Бұл жолда ол философ сияқты емес, жанын жегідей жеген өлім қорқынышының шарасын іздейді. Ақселеу Сейдімбек те Толстойшылап «Ойтолғаққа» мына сөздерді жазыпты:
«Менің өмірге араласуым бейтаныс қаланы аралаған жолаушыға ұқсас. Аяқ аттаған сайын тылсым дүние алдыңнан шығады. Қиыны – бейтаныс құбылыстың алдыңнан шығуы емес. Қиыны – сол бейтаныс, беймағлұм дүниені ешкімнің көмегінсіз өзіңнің ғана танып-түсінуге кірісуің. Шегінер жол жоқ. Артым – армандай аяулы, алдым – жұмбақ.
О, Тәңірім, қандай заманға тап болған ұрпақ едік!.. 9.06.72».
Толстой өмірінің соңына қарай тірліктің мәнін қайта іздеуге кіріседі: «Оны ұзақ уақыт бойы азаптанып іздедім. Өзін құтқармақ болған адамша іздедім, ештеңе таба алмадым».
«Отбасы, әдеби шығармашылық та оны қанағаттандыра алмайды».
«Сұмдық ақиқат алдында көзіме перде болған екі тамшы – отбасым мен шығармашылық та мен үшін мүлдем ләззатсыз боп қалды».
«Отбасым, иә балаларым мен әйелім олар да адам, олардың да жайы мәз емес: я жалғанға алданып жүре береді, я болмаса қорқынышты шындықпен бетпе-бет келеді.
Оларды жаныммен сүйемін, бірақ ақиқатты жасырып қалу мүмкін емес. Ғылымдағы әрбір қадам, өмірдегі әрбір адым ақиқатқа жетелейді. Ал ақиқат – өлім. Өнер мен өлең жай безендіруші әшекейлер ғана, өмірдің мәнін нақты түсіндіре алмайды.
Фәлсафадан да қайыр жоқ!»
Дүрмекті өмір кешіп келе жатқан кісі тыныш өмірге көндігуі қиын. Тыныш өмірді аңсаған кісінің көбі ойлануға уақыт іздегендіктен тыныштыққа ұмтылады. Адам баласына қашан да уақыт аздық еткен, қазір ол - өте-мөте тапшы.
Адамның жасы ересек тартып, ақыл тоқтатқанда, өмірге тұрақты көзқарасы қалыптасқанда өзіне-өзің есеп беру қажеттілікке айналатындай, сол кезде кей істерінен, кей әдеттерінен қашатындай.
Толстой сексеннің сеңгіріне шыққанда екі қолын төбесіне қойып, өз үйінен өзі қашады.
Осы орайда Ақселеу Сейдімбектің Толстойға ұқсастығын тағы да қайталап айтуымызға тура келіп тұр: оның «Қазақтың ауызша тарихын» шығардым, енді ештеңе жазбаймын, бұдан кейін өле берсем де болады» деуі, өмірінің соңғы айларында барлық рухани мұрасын жүйелеп, аса қажет деп тапқандарын ғана қалдырып, қалғандарын үлестіріп беруі, негізгі еңбектерін жинақтап алты том етіп баспаға тапсырып, қалған дүниесіне кім иелік ететінін айтып, соларға табыстап кетуі, кеше ғана аман жүріп, бір түнде кездескен жұмбақ қазасы ол кісіні білетін адамдар үшін сол жұмбақ күйінде қалып тұр.
Толстой өзі өмір бойы қарсы болған, кемістіктерін әшкерелеген дінге оралғандай болып, өмірінің соңына қарай: «өмірдің мағынасы иманда екен» деген екен. Біздің кейінгі тарихымызда Қонаевтың да, Назарбаевтың да тұсында министр дәрежесінде қызмет атқарған Макиевскийдің өмірінің соңғы жылдарын шіркеу дьяконы болғаны да иман іздеу десе боларлық.
Ақселеу ағамыз да бір кезде сенім биігіне көтеріліп Меккеге қажылық сапар жасаған болса, өз сөздерінен білгеніміздей Құран Кәримді қазақшалауға ниет еткен болса, өмірдің ақыры иман іздеуде деген ойдың шынында да беріктігі басым секілденеді.
Конфуцийден «Он ұрпақтан кейінгілердің не көретінін болжай аласыз ба деп сұрағанда: «Ұрпақтан-ұрпаққа, әкеден-балаға не қалып жатқанын дәл білсек, оныншы емес жүзінші ұрпаққа да не қалатынын болжап білу қиын емес». Ақселеу Сейдімбектің де келешек ұрпағымыз өз тарихын білсін, шежіре дегенде үйішілік психология жетегінде қалып, жеті атасын ғана білуді міндет тұтпай (оған да шүкір), ел шежіресін түйсінсін, сол арқылы өзінің қазағының қаншалықты ерекше жаратылыс иесі екенін білсін деген ниетін, бүгінгіден ертеңгіге қалдырар мұрам осындай зердені толықтырар, рухты оятар дәлелді зерттеулерім болды дегенін айтқызбай-ақ түсінеміз.
Пауло Коэльо «Алхимик» атты кітабында: «Адамдар биіктерге өрмелейтін себебі – бүгінгі өмірден жақсырақ өмір бар ма деп іздейді. Жер-жерді аралау, теңізге шығу да адамдардың бақытты болудың өзге жолдарын іздеу себебінен келіп шығады. Бірақ, олар, айналып келгенде, кешегілердің өмірі бүгінгілердікінен жақсырақ екеніне көздері жетеді» деген. Сол айтқандай, Ақселеу де қазақтың кешегі өмірі бүгінгілердікінен анағұрлым жақсы деумен, соны дәлелдеумен кетті.
Ақаң бір әңгімені беріле, қызыға айтып тұрғанда медитация жасағандай болып, адамды ойға шомдырушы еді.
Ақылға салып, ойланып қимылдайтын адамдардың мінезі Ақселеудің мінезі секілді жайлы болады. Осы ізденістер үстінде түрлі азаматтармен сұхбаттас болып, Ақселеу туралы сұрастыра жүріп, олардың бір де бірінен ол туралы жаман сөз естімедім және оның біреуге «Әй, атаңа нәлет» деп кейіді дегенін де ешкім айтып бере алмады. Ешкімге ешқандай жақсылық ойламайтын адам – бақытсыз. Ал, тұтас ұлтқа немесе бүкіл адамзат баласына жақсылық ойламайтын адамды адам деуге болмайды.
Ол өз деңгейін қашан болса да сақтап қалған, өзімшілдіктен ада, өзін біреуден ақылды санамаған, бірақ кем де санаушы болмаған, адамдарды өз деңгейіне қарай тартуға тырысқан, сонымен бірге, басқалардың да ең озық мінездерін бойына сіңірген үлкен мәдениет иесі еді.
«Дао дэ цзинде»: Ізгіліктің ізгілік екенін барлығы білгенде, зұлымдық пайда болады. Болмыс пен болмыстың жоқтығы бірін-бірі туғызады, ауыр мен жеңіл бірін-бірі туындатады, ұзын мен қысқа бірі-бірімен салыстырылады, биік пен аласаның бірі екіншісі арқылы анықталады, дауыстар араласып үндестік пайда болады, өткен мен күткен бірінің соңынан бірі ереді. Сондықтан жетілген дана іс атқарғанда әрекетсіздікті қалайды; дәріс бергенде сөздерге мән бере бермейді; заттарды ауыстыруға үндегенде оны өзі жасамайды; қозғалысқа түсіргенде, оған өзі күш салмайды; бірнәрсені оңтайлы аяқтағанда мақтанбайды. Ол мақтанбағандықтан оның еңбегі ұмыт қалмайды» - делінген. Осы сөзді Ақселеу Сейдімбектің шығармашылығына арнап айтуға болар еді.
«Үш нәрседен тазамын» депті Нұртас Оңдасынов: бірінші – сонша жыл ел басқарғанда, біреуге нақақтан жала жауып, қиянатқа барған емеспін, арым таза; екінші – 1937-1938 жылдардағы қаралы күндерде, боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға қол қойған емеспін, сенбегендер архивті ақтарып көрсін, қолым таза; үшінші – адамдарды жершілдікке, атаға, руға, жүзге бөлген емеспін, жүзім таза» деп жазып кеткен екен.
Осылайша айтсақ, Ақселеу де біреуге нақақтан жала жауып, қиянатқа барған емес – ары таза, біреуден бірнәрсе дәмеленіп, саумалаған емес – қолы таза, адамдарды жершілдікке, атаға, руға, жүзге бөлген емес – жүзі таза. Оған қоса ол билікті, билікшілерді жосықсыз мадақтап ода айтқан жоқ – ұяты таза.
Бүгінгі өркениеттің қатаң ритмінде, ауа райы жылынып, адам жүрегі суынып бара жатқан кезде біз қаншама жақсы өмір сүріп, ғылыми техникалық дамудың нәтижесінде қолымызды жылы суға малып қана отырсақ та, жаяу жүрмесек те, бабалар көрген тұрмыстық қиындықтың бір де-бірін көрмесек те, өмірді толығымен сезінуден қалып, жаратылыс біртұтас екенін ұмытып барамыз. Ақселеу Сейдімбек өзінің бүкіл шығармашылық мұрасымен осыны біздің есімізге қайта-қайта түсіріп тұрғандай...
Ақселеу байқаусыз ақ, өз шығармашылығымен эпохаға айналған, жалпы, уақыттың өз тұсын әдемілеп тұрған адам еді.
Кейінгі қазақтарда энциклопедиялық білім иесі жалғыз ғана Әбіш Кекілбаев деп жүруші едім, сөйтсем ол менің ғана білуімше солай екен, Ақселеуді зерттеп қараған соң осындай ойға келдім. Бұрынғылардан Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев, Евней Букетовтерді солай санаушы едім.
Маржан теруге теңіз жағалауына барғандар, тек маржан ғана термейді, ол үшін күнұзақ уыс-уыс құмды қолдан қолға салумен, үңіліп іздеумен әлек болады.
Ақселеу де осыншама мол мұраны бірден игермеген, біздің алдымызға күй-шежіре мынадай, ауызша тарих осындай болған деп лақ еткізіп төге салмаған. Ол осы жеңістеріне сатылап жеткен, бірте-бірте қаламы ұштала түскен, деректері толысқан, қосымша тың деректер тапқан.
«Адам жетілудің үлгісін өзінен табады. Ізгі кісі өзін жетілдіргенімен өзгеден соны талап етпейді. Өзін жетілдіруді қиынсынған кісі алдамшы жолға түскен кісідей: ылғи алаңдаумен, бақытты сәтті күтумен болады. Адам ізгілікке жетсе, садақ атып, тимей қалғанда межелеген нәрсеге емес, өзіне өкпелеген мерген сияқты, сәтсіздік бола қалса өзгеге өкпелемейді. Жетілуге ұмтылған адам ұзақ жолды біртіндеп өтетін, тауға өрмелегенде төменнен бастаған адам сияқты.
Тоғышар адам бір іс туралы оны білмей тұрып пікір айтады, менмен кісі мәселенің шешімін өзі айтуға ұмтылады. Ізгі кісі үшін мәселенің ірі-ұсағы болмайды, ол ең майда мәселені де байқаусыз қалдырмайды, соның өзін жетілу дәрежесіне жеткізуге тырысады. Ол өзінің ескі білімін бағалайды және оны толықтырып отырады.
Ізгі адам мынаны уайымдайды: әркім өз жүрегін ұдайы тыңдайды, онда ешқандай есуастық қалмауын ойлайды.
Ізгі адам өзгенің көре алмайтын нәрсесін көреді. Аспан әрекетінде жарық та, дыбыс та, иіс те жоқ. Ол тек ізгі кісіге көрінетінінің себебінің өзі сондықтан».
Бұл - қытай ілімінің Толстойға еткен әсері. Конфуцийді адамзат баласы осылай таныған. Осы сөздердегі әрбір ой мен әрбір тұспалды біздің Ақселеуіміз жете түсінген, мүлтіксіз қабылдаған және соған лайық өмір кешкен.
Лев Толстой Конфуцийдің адамзат үшін үлесі мол ілімін былайша мақұлдайды:
«Шын ілім адамдарды биік ізгілікке үйретеді, ол - адамдардың жаңаруы. Биік жетістікке жету үшін: бүкіл халықтың тұрмысы жақсы болсын.
Ол үшін: отбасының жағдайы жақсы болсын.
Ол үшін: жеке өзіңнің жағдайың жақсы болсын.
Ол үшін: жүрегің таза болсын.
Ол үшін: шыншыл бол, ой саналылығы болсын.
Ол үшін: жоғары сатылы білімің болсын.
Ол үшін: өзіңді өзің зертте.
Ақселеу Сейдімбектің тұла бойынан осы жалғасты жеті мінезді қалайтынын, соған лайық өмір сүргенін танимыз, сөйтеміз де біздің Ақселеуіміз де Конфуциймен, Толстоймен үндес, теңдес екеніне қуанамыз.
Арлы адам өзі жалғыз қалғанда да өзіне сақ, ол қашан да тепе-теңдік пен келісімді сақтайды. Оны барлығы бірдей біліп, құрметтемесе де ол оған өкінбейді. Оның ісі елеусіз жасалып-ақ ұзаққа жетеді. Ақселеудің шығармашылық жолына көз салғанымызда, оның дабырасыз жасаған істерінің қазақ аман тұрғанда ұзаққа жететініне күмәніміз қалмайды.
Қазіргі заманғы ең көп оқылатын жазушылардың бірі Пауло Коэльо: «Менің басыма қойылатын тасқа не жазуым мүмкін. Мен: «ол тірі кезінде өліп қалған» деп ойып жаздырған болар едім. Бұл ақылға сыймайтын нәрсе болып көрінуі мүмкін, бірақ мен тірі кезінде өмір сүруін тоқтатқан адамдарды көп көрдім, бірақ олар жұмыс істеуін жалғастыра береді, тамақ жейді, көпшілікке араласады. Олар мұның бәрін әрбір жаңа күн әкелетін сиқырлы сәтті сезіне алмай, өмірдің кереметі жайлы ойлану үшін тоқтамай, келесі минут ол үшін бұл планетадағы соңғы сәт болып қалуы мүмкін екенін түсінбей, барлығын дағды бойынша жасайды» депті. Ақселеу Сейдімбек мұндай адамдарға керісінше өмір кешкендер қатарында, ол өмірін жазумен, жазғанда да ұлтына онша түсінікті емес, бірақ ашып айтылуы аса қажет жүйелі еңбектер берумен өткізді.
Сөз соңында айтарымыз, Ақселеу Сейдімбектің алты томдығын сүзіп шыққанымызда біз оның бұл мұрасы қашанда да өз құндылығын жоймайтын әрбір жаны қазақ азаматымыздың, зерттеуші мұрагерлеріміздің соқпай өтпейтін аялдамасы, темірқазық іспетті бағдарламалық оқу құралы болатынына, қазаққа бағдаршам болып әлі ұзақ уақытқа қызмет ететініне көзіміз жетті.
Тағы да қайталап айтар болсақ, Ақселеу Сейдімбектің жанры сан алуан стильге толы. Мұнда дала әңгімелері де, қорғандар мен діңдер аңыздары да, күй шежіресі де, қазақтың ауызша шежіре-тарихы да, жүз-тайпа-ру таралымдары да, ертектер де, мақал мәтелдер мен қазақ болмысын ашып көрсететін аңызға бергісіз бастан өткенді әңгімелеу де, қара өлең де, естеліктер де, аудармалар да бар. Мұны барынша дәлелдеуге тырыстық. Ақселеудің жан-дүниесі жөнінде де біраз мысалдар келтірдік.
Бұл алты томдық – қазақ рухының генетикалық жады, ұлттың психологиясы мен дүниетанымы жүйеленіп, сақталған кітаптар жиынтығы. Әрбір қазақтың жүрегінде бір сәуле түссе осы кітаптардан түсер, көкірегі тазарса осы мұрадан тазарар.
Ақаңның тіл байлығы жаттанды дүние емес, іштен шыққан қасиет. Сол қасиет бала кезінде жақсы тілдік ортаға түсіп шыңдалған, кейіннен өзінің ақыл-парасатының арқасында Ақаң ол тілді нақыштап, әшекейлеген. Ақаңның әңгімесін естіген уақытта XX ғасырдың 70-80 шы жылдары өмір сүрген қазақ шежірешілдік дәстүрінің соңғы тұяқтары, соңғы қариялары еске түседі. Бірақ қаз қалпында қазақтың шежіре тілін ауызша, немесе жазбаша қолданыста ұстау қиын. Қалай дегенмен, оның кейбір заңдылықтары мен құндылықтары сақталып қалғанымен де, ол реликт, яғни алдымен тарихшы және тілші ғалымдардың еншісі.
Өз сөзі: «Өткен ғасырдың басында өмір сүрген француз ойшылы социалист-утопист Шарль Фурье қала алаңдарынан машина ойлап тапқандарға қойылған ескерткішті көргенде: «Япырау, қанаушысы жоқ, қиянаты жоқ қоғамды ойлап тапқан менің елеусіз жүргенім император Наполеонның да, банкир Ротшильдің де қаперіне келмейтіні қалай?!» - деп қайран қалады екен».
Ақселеу Сейдімбектің де қанаушысы мен қиянаты аз көшпелілер қоғамын дәріптеген, қазақта рушылдық жоқ деп, бүгінгі керісінше айтылып жүрген бірыңғай пікірге қарсы тұрған, қазақтың қай ісі болса да бейтарап қала алмаған ізгілігін біздің билікшілер мен қалталылар да бағалай білмей, елеусіздеу қала берген екен-ау деген ойға қалдым. Өмір сыйы қашанда тепе-тең бөлінбеген. Кейбіреулерге үлкен үлес тисе, біреулердің үлесі атаусыз қалып отырған. Ақселеу үлес іздеген жоқ, үлес үшін еңбектенген жоқ. Дегенмен, еңбегі үшін емес, қатысы барлығы үшін біреулер Еңбек Ері болғанда, ол болмай-ақ қойсын, кілт ұстаушыға да, серіктестік иелеріне де, мақташыға да беріліп жатқан «Отан» ордені осынау отаншыл азаматқа бұйырмағаны несі?! Қазақтың түп-тұқиянынан бүгініне дейінгі өмір баянын бүкіл қиқыр-шиқырына дейін бүгінгі меңіреу болып бара жатқан қазаққа жеткізе айтып берген еңбегі еленуі тиіс еді ғой... Атақ үлестірушілерге де оңай болмаса керек. Марапатын сыйғыза алмай жатқандар одан да көп иеленгісі келіп тұрғанда, әрқайсысы өз атасының баласын ұсынып әурешілікке түсіп жатқанда, оның бәріне тең таразы болу оңай да емес шығар.
2010 жылдың қорытындысымен қазақ мәдениеті мен руханиятына қосқан үлесі үшін Ақселеу Сейдімбекке «Жыл адамы» арнайы жүлдесі берілді. Сол жүлдені көзі тірісінде, «Қазақтың ауызша тарихы» шыққан жылдың қорытындысымен беруге неге аяндық екен?! Аянбас па едік, сол атақты беретіндер мен соны ұйымдастырып, басы-қасында жүргендер кезінде бұл кітапты оқымады-ау сірә!
Ақселеу Сейдімбектің мұрасы несімен құнды?
Адамшылық тұрғысынан алғанда да, ғылыми тұрғыдан алғанда да, бұл еңбектерде бәссіз, талассыз мойындайтын бірнеше тұжырымдар бар. Олар мыналар:
1. Ақселеу Сейдімбекті күй аңызы деген фольклорлық жанрды ғылыми айналысқа енгізіп, саралап зерттеудің отандық ғылымда негізін салған ғалым деп есептеуге лайық.
2. Ақселеу Сейдімбек қазақ этнологиясының ғылыми терминологиясын қалыптастырды.
3. Ақаң «Қазақтың ауызша тарихы» арқылы қазақ мемлекеттілігінің құрылымын ғылыми негіздеді.
4. Ғалым қазақ хандығы тұсында қырық ру халықты бір орталықтан басқаруды жеңілдету үшін «жүз» институты енгізілгенін, оны үшке бөлудің астарында мемлекеттің бірлігін сақтау, демократиялық шешімдерге ыңғайлау тәсілі жатқанын қисынды таратады. Ол жүз атауы тәңірлік дүниетанымнан бастау алады алады, тәңірлік наным-сенім түркі тілдес тайпалардың діні ғана емес, сонымен бірге өмір-салты деп түсіндіреді.
5. Ақаң қазақ даласындағы соңғы үш-төрт мың жылдың аясында тұрақты қалпын сақтаған рулық жүйенің қалыптасуының өзі біздің артта қалғандығымыздың немесе озықтығымыздың белгісі емес, рулық жүйені – ұжымдасып өмір сүру қажеттігі дүниеге келтіргенін дәлелді жеткізеді. Далалық тұрмыста қойын біреуі жайып, ол қойды екіншісі күзетіп, үшіншісі өнімін ұқсатып, төртіншісі ел-жұртты жаудан қорғап, бесіншісі қора-қопсысын сайлап дегендей ұжымдасып тірлік құрмаса, жеке-жеке нарықтың бәйгесіне түсіп көгеріп кетем деу мүмкін емес дейді.
Автордың айтуынша, ру аясындағы кез келген байдың малшысы сол байдың етжақыны, ағайыны, аталасы. Мал өнімі өзінен-өзі тұтас рудың игілігі болып табылады. Бай мың жерден іштарлық көрсеткенімен, мыңғырған малдың артық өнімін жеке дара тұтына алмайды. Ал, көшпелі өмір-салты артық өнімді қаттап жинап қоюды тағы да көтермейді. Сондықтан туыстық сезімге қылау түсірмеу көшпелілер үшін өмір сүрудің негізі, күнкөріс-тіршілікке тірек болып отырған төрт түлік малдың қас-қабағына малшы зор жанашырлықпен қарауға міндетті, өйткені жұт болып, мал қырылса бақташы да, бай да қоса ашығады.
6. Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрін ұстанатын қазақтан басқа этностың жер бетінде бар екенін біз біле алмадық, - деп ұлтымыздың бұл ерекшелігінің қасиетін дәріптейді. Бұл тыйымның қазақтардың тұқымдық сұрыпталуына себепші болумен бірге, этномәдени біртұтастығын сақтаудың бірден-бір тетігі болғандығын айтады.
7. «Қалың мал» деген сөздің дәстүрлі болмысымен шендес этимологиясына мән бергенде оның «Қалыңдықтың малы» – яғни, үй болып, шаңырақ көтеріп, әлеумет санатына қосылу үшін қажет материалдық игілік деген сөз екенін, салт-дәстүр, жөн-жоралғы үлгісінде өтетін қалыңмал дәстүрлі құдалар арасындағы таза саудаға құрылатын меркантилді пиғыл емес, ұлттың мәдени-рухани дәстүрі екенін дәлелдейді.
8. Қазақтағы «қатын-қалаш», «тұтқа», «бұйрық», «жабғы», «құл», «күң» деп келетін сөздердің Түркі Қағанаты кезінде атақ-лауазымды, әлеуметтік орынды білдіретін еді дегені де тың тұжырым.
9. Көшпелі өмір-салт қалыптастырған, адамдар арасындағы өзара кісілікті қарым-қатынас қалыптарының шырқы бұзылып, үлкен мен кішінің, туыс пен туғанның, жат пен жақынның, еркек пен әйелдің, жігіт пен қыздың арасындағы моральдық-этикалық, салт-дәстүрлік қарым-қатынас қалыптарының шекарасы көмескіленуі, адамдар арасындағы қарым-қатынас дәстүрлі наным-сенімге мойын ұсынбаған соң, салт-дәстүрді сақтамаған соң, тыйым-тосқауыл көрмеген соң еркіндік дегеннің өзі көргенсіздікке ұласып, яғни, адамдардың бойында іштей тыйылудан гөрі, салт-дәстүрмен санасудан гөрі заңнан ғана қорқу немесе сырт көзден ғана қаймығу сезімі басым болды деуі қисынды тұжырым.
10. Көшпелі қоғамда мүлік теңсіздігі болуы мүмкін емес, пендешілік аңсармен зат-мүлік молайтқысы келіп тыраштанғанымен көшпелі өмір-салтының ілкімді қозғалысы артық заттың бәрін керексіз етіп, сыртқа теуіп, табиғи сұрыпталудың ырқына көндіреді. Ал, егер бәрібір көз тоймас қомағайлыққа салынып, орынсыз дүние-мүлікті көбейтсе мыңдаған шақырымдық көш жолында артық бейнетке ұрынады деуі көшпелі өмір салтында іс жүзінде керексізді қаламау қажеттілігін дәлелдейді.
11. Қазіргі адамдар өзін өзгеден оқшау, ерекше етіп көрсетуге құмар болатын болса, қазақ ауылдарында жеке адамның көпке ұқсамауы, жұрттан өзгеше болуы жаман қасиет саналған. Қазақтардың жеке адам туралы идеалы көпке ұқсауымен, көппен бірдей болуымен өлшенуі – халқымыздың мәдени-рухани идеалының тұтастығына себепші жақсы қасиет еді деген тұжырым бүгінгілердің өркөкірек мінезіне рухани соққы.
12. Ақселеу Сейдімбектің әйгілі тұлғаларымыздың өмірлік дерегі туралы шежірелік баяндарды «әлем халықтарының тарихында кездесе бермейтін бірегей рухани феномен» ретінде бағалауы – ғылым жаңалық.
13. Шаңырақ күлдіреуіші үш жүздің тұтасқан бірлігін көрсетіп, үш-үштен кергіш ағаш айқастырылып көктелген, ұлт дәстүрінде шаңырақ кергіші тек үш-үштен ғана айқастырылады деуі ұмытылуға айналған, естен шыққан шындық.
Берік Әбдіғали айтыпты: «Ұлттың рухы оянса, ұлттық намыс оянады», «Ұлт мықты болмай тілдің бағы жанбайды» - деп. Бодандық қазақ рухын қалғытса, оны да оятатын ұлттық намыс. Ұлттық намыс оянуы үшін төл тарихымызды жете білуге тиіспіз, ол үшін Ақселеу Сейдімбектің рухани мұрасындай еңбектер қазаққа таныла түсуі тиіс. Тілді де түлететін сол танымның жеткіліктілігінен туындайтын ұлттық рух.
Сөздің киесі бар. Ақселеу мұрасы – сол киені терең сезінетін, әр сөзі үшін жауап бере алатын, әр сөзінің дәлелі бар мұра. Ол – ұлтының мерейін тасытады, мәртебесін асқақ етеді. Бұған сенім мол.
Ақселеу Сейдімбек – «Қазақты көргің келсе – міне сол қазақ» деуге жарарлық келбетіне мінезі сай, мәдениетіне ақылы сай атпал азамат еді.
Конфуций туралы Янь Юаньның айтқаны бар екен: «Қараған сайын биіктейді, үңілген сайын тереңін сеземін, түбіне жете алмаймын, бірде алдымда тұрғандай болып тұрып, бірде артыма шыққандай, бірде жанымда сияқты, бірде ұзап кеткендей. Бәрін бірден ашып көрсетпейді, адамды еліктіріп әкетеді, көзімізді ашқандай, дәстүрлер мен рәсімдерді сақтай біледі. Күшім азайып бара жатса, маған жақындағанын сезінемін. Артынан көз жұмып ерейін десем ере алмаймын»,- депті. Ал, Лао-цзы Конфуцийдің аға замандасы болып келеді. Екеуі бірінші рет кездескеннен соң Конфуций өзінің сұхбаттасына соншалықты таң-тамаша болғандықтан үш тәулік бойы тіл қатпапты деседі. «Сіз оған қандай уәждер айттыңыз?» деп сұраған замандастарына «Мен бір айдаћар көргендей болдым, ол бірде тұманға айналды, бірде аспанда қалықтап, инь мен янның аспан сәулелерімен тыныс алып тұрды. Мен оған қарсы бір уәж айтпақ түгілі, аузымды да аша алмадым» деген екен. Қарап тұрсаңыз Янь Юань Конфуцийді, Конфуций Лао цзыны таңырқай мойындап тұр. Осы бір ұлтын сүйген, ұлтының ертеңінен үміттенген, сол ертеңгі күнді жарқын ету жолында білгенінің бәрін жеріне жеткізе айтып кеткен Ақселеу Сейдімбек тұлғасына осы мойындауларды қайталап айта беруге әркім ақ арланбағаны жөн.
Ақселеу Сейдімбекті зерттеу оңай болсын ба?! Оның бүкіл ұңғыл-шұңғылына бір оқығанда жете алмаспыз... Оның тереңіне бойлау үшін Ақаңшылап табандап отырып тер төгу керек. Мұхтар Шаханов қайта-қайта айтатын «қарын философиясын» күйттегендерді жетектеу емес, «ру», «тайпа», «жүз» дегенде «бұл маған жақынырақ тұрған адам екен» деп емес, мақтаныш ету үшін емес, бірін-бірі орынсыз сүйрелеу емес, Ақаң ақтап алғысы келетін «рушылдық пен протекцияшылдықты шатастырмауды» берік ұстанып, «бұл біздің тараған тегіміз, оның бүгінге пайдасы – «шежіремізді біліп, ұл-қызымызды дәстүр бұзбай аяқтандырсақ» дегенге ғана пайдалану, бұл құбылысты ұсақ пайдакүнемдікке пайдаланбау, пенделік пиғылға ермеу, ұлт мүддесін сатпау болса керек.
Абай дананың бір сөзі жайлы мынадай ұлағат қалған: Тобықты елімен көршілес төлеңгіттен шыққан Меңаяқ би қайтыс болғанда, Абай аза тұтып, дұға оқиды. Артынан жиналған елге: - Меңаяқ өзінің атын өзі алып жүре алатын адам еді, - дейді. Азалы елдің бір үлкен адамы: - Абай ау, сен дана емес пе едің. Ол не дегенің?! Меңаяқ өз атының басын ғана алып жүрген емес, рулы елді билеген адам емес пе еді?! - дейді. Оған Абай: - Елді билеуден адамның өзін-өзі билеуі қиын. Жағдайы келгенге бақ көтеріп, бай болу, таққа отыру бола береді. Бірақ соның буымен өзін-өзі ұстай алмай, абыройын ашатындар көп. Меңаяқ сонан аулақ жан еді. Оның зор адамдығының өзі сонда еді, - депті.
Ақселеудің бағы мен тағы – оның артында қалған мол мұрасы. Ол оған адал, өзінің атын өзі алып жүрді, оған куә – ел зиялылары, қалың қазақ жұрты.
«Өмір сүру өмір мен өлімнен тұрады» деген екен Лао цзы «Лидердің даосы» атты еңбегінде. Ақаңның да екі өмірі бар. Ол өлмеуі тиіс, өйткені оның өлімінің өзі өмір, ол өліміне үлкен дайындықпен келе алды. Ол не болуы мүмкін екенін қиялдап өмір сүрген жоқ, барынша байыппен, асығып-аптықпастан, ширықпастан өзі мақұл көрген ісін біртіндеп атқара берді.
Ақселеу Сейдімбектің көптен бері бірге келе жатқан іні-досы, өмірден кетерінде бүкіл мұрасының ең іліп аларын тапсырып кеткен Тұрсын Жұртбай былай деп жазады: «Жазмыштан озмыш жоқ, пәни мен бақидың заңы бойынша әрбір адамның мәңгілікке аттануы – өзекті өртейтін өкініш. Сол пенденің дауысы, мінезі мынау жалған дүниеге жетпей тұратыны анық. Ал Ақаңның дауысы мен орыны Алаш дүниесіне мәңгі жетіспей тұратын болады. Оның артында жетім бала мен жесір жар ғана қалған жоқ, жетім ел, жетім күй, жетім ән, сыңар дос, аялы құшақсыз іні, сусыны қанбаған шәкірт қалды.
Күн сайын өлім мен өмір алмасып, біріне бірі орын босатып беріп жатқан тіршілік қой. Алайда, Ақаңсыз өмір – бәрібір баяғы өмір емес, бәрі де «баяғыдай көрінбейді». Оның мінезі, сырбаздығы, әңгімесі, мәрттігі, тіпті шақшасының тықылы да бізге жетпей тұратын болады. Маған осы ажал оның мырза өміріне жараспайтын-ақ сияқты, оның осы өлімінің өзінде бір үйлеспейтін заңсыздық, бір тосын тылсым бар сияқты көрінеді де тұрады.
Ақаң «Армансыз өмір сүрді» дегізетіндей ғұмыр кешті. Ол «Қазақтың ауызша тарихын» маған ұсынып тұрып, тіршілікке соншама бір наразы да разы құштарлықпен қарап: «Енді ештеңе жазбаймын. Шаршадым. Қолымда бардың барлығын таратып беремін. Ал өзімнің өмір бойы жиған-терген кітаптарымның, шежірелерімнің, мұрағат-құжаттарымның, сирек басылымдар мен фотокөшірмелерімнің бәрін сенің кітапханаңа, сенің өзіңнің қолыңа тапсырамын. Өзге – ортақтаспас, сен қиянат жасамассың. Біреуге болмаса, біреуге сауабы тиер, рахметін алармын. Енді өмір сүремін. Өмірдің рахатын көремін. Қойшығарамен тасқаяқ ойнаймын. Сендерді серуендетемін. Тапқанымды шашамын. Шіркін, сонда қандай рахат болар еді, ә, бала», - деді.
...Енді оның жоқтығы күн сайын, апта сайын, ай сайын, жыл сайын, мәңгілік сезіліп тұратын болады. Ол сағыныш та сартапқа айналып, жүрегімізде өшпейтін тат болып қалатын күндер де алда болса керек. Бұл рухани өкініштің орыны тола қоймас, сірә».
Журналист-жазушы Талғат Айтбайұлы да Ақселеудің өткеніне қайғырғанын мына сөздерімен жеткізіпті: «Ақселеу ағаның мезгілсіз қазасы жайлы естіген кезде көзіме ыстық жас келді. «Ахаң өлетін кісі емес еді ғой» деген сөз тілімнің ұшына оралып, ойымнан кетпей қойды. Бір мен ғана емес, Ақселеу Сейдімбекті білетін елдің дені сөйтті. Аяқ астынан келген ажалы туралы сан саққа жүгіртіп, әңгіме еткендер де болмай қалмады. Араларында өзіне-өзі қол салыпты деушілер де ұшырасты. Үй толы кітаптарын таратып бергенін, құнды қолжазбалары мен суреттерін мұрағатқа қаттап, тізімдеп өткізгенін, сондай-ақ ауылына ат ізін салған соңғы сапарында: «Өле қалсам, осы жерге қоярсыңдар» деп інілеріне құлаққағыс қылғанын қайта-қайта есіме аламын. Тіпті бір газеттен: «Әй, мен өзі осы жылдан қалмаспын» деген сөзін де оқыдым-ау. Демек, Ахаң ажалын алдын ала сезіп білген және соған асыққан сыңайды. Мына сайқал саясаттың аярлығынан әбден жерінді ме, кім білсін. Әйтеуір, азабы мен мазағы мол бұл жалғаннан ертерек кеткенді жөн көргендей ме, қалай? Ия, қалай десе де, ол маған билікке де, байлыққа да қызықпайтын мәңгілік мекеніне бұрынырақ баруға, аруақтар арасына тезірек жетуге асыққандай көрінеді де тұрады».
Қазақтың Ары мен Намысы болған дара тұлғалар тізбегі үзілмек емес. Әйтеке би өмiрден озғанда досы, аузы дуалы абыз, дiн көсемi Мүсiрәлi сопы былай деген: "...Әй, тойымсыз қара жер-ай, дара туған дарағымды алғанда қойным толады дедiң бе! Бетiмдегi беделiмдi алғаның – Алатауымды аласартқаның емес пе! Арқамдағы сүйенiшiмдi алғаның – исi қазақтың атакүлдiгi – Қаратауымды құлатқаның емес пе! Жұлдызы биiк жаралған жан едiң-ау! Асып туған абызым-ай, мына соңыңда қалған бiз ендiгi жалғанда тiрi жетiм емеспiз бе?! Өзгелерден асып туған, қазағына, елiне нұр сипатын шашып туған, бағаналы бәйтерегiм-ай, сен өлдi дегенге қайтiп сенейiн?!." – деп, елiне күңiрене жоқтау айтқан екен (М. Есламғалиұлы, "Әйтеке би", 364 бет). Бұл жоқтау тұтастай Ақселеу ағаға арналғандай...
Озық ойлы жазушы Айгүл Кемелбаева былай дейді: «Көшпелі дегдар баба жұрттың соңғы тұяғы болған жазушы бұл жалғаннан қазақ мүддесін қорғап өтті. Қазыналы таңғажайып еңбегі асыл ағаның аққу әніне айналғанын білгенде, қазақ жүрек қан жыласты. «Ақселеу өмірден озды» дегенде, қимастық жанын тебірентпеген қазақ болған жоқ. Қайғының таты талайының көкірегіне ұялап қалды.
Аяулы болғаны сүйіндірсін. Екінің бірінің маңдайына жазылмайтын бақ. Өз халқына жан-жүрегімен құлдық ұрып, ұлтжандылықтың тұма бұлағын суалтпауға тырысқан азамат. Қара бастан аспаған арамзалар көбейген заманда елін сүйген бекзат азамат».
Өмірдегі бар сыйды алып болып, өлгенде аты өшіп жатқандар бар. Өлгеннен соң аты мәңгілік қалатындар көп емес. Сол мәңгілік қалатындардың бірі, біздің пікірімізше – Ақселеу Сейдімбек.
Ғаламдану уыты, ол дегеніміз ұлтсыздану, тексіздену қасіреті қазақты қос өкпеден қысқанда, ұлттың қорғаныс тетіктерін тап басқан қоғам қайраткері Ақселеу Сейдімбек феномені осы: жаћанданудың жойқын тартылыс күші алты құрлықты аждаћадай аранымен орай бастағанда қазақтың тегінің асыл екеніне құлшылық қылғаны. Ол Алла Тағаладан әр дербес ұлттың жаны мен қаны бөлек екенін, көпке жұтылуды қаламайтынын, біртекті қоғамға өлсе көнбейтінін сұраған жанкештінің бірі болды.
«Шеткі үй құласа, ортаңғы үй шет болар» деген сөз бар. Өкініш – Ақселеудің шетіне жетпей, ортадан енді ауғанда құлағаны ғана. Тағдыр солай, Алла адамдарды аларда біртіндеп, кезекке қойып, жасының келуіне қарай алса, онда жасы әлі жете қоймағандар «Әлі біздің кезегіміз келген жоқ» деп білгенін істемес пе еді?! Сондықтан да Алланың алған адамының уақыт-мезгілі келгеніне шүбә келтірмеуге мәжбүрміз.
Бір нәрсеге шүкіршілік етеміз: Ақаң еліміздің тәуелсіздігін көріп, еңсе тіктей бастағанына куәгер болып, айтам дегенін армансыз айтып үлгергеніне, оның тағдыры Байтұрсыновтар мен Әуезовтердің тағдырынан ұтымды қалыптасқанына шүкір!
Қ.С.Құлманов
Астана қ., Қазақстан
АСЫЛ МҰРАМЫЗДЫ ИГЕРУДІҢ МӘНІ МЕН МАҒЫНАСЫ
Фольклор мен әдебиеттiң өзара қарым-қатынасы, проблемасы теориялық, тарихи-әдеби мәнi бар мәселе. Жалпы алып қарағанда, көркем әдебиеттi басқа өнердiң түрiнен бөлiп алудың өзi оның сан қырлы, мол арналы екендiгiн танытады. Сол арналардың бiрегейi-халық жадында сақталған мол мұра-фольклор. Әдебиет пен фольклордың тарихи өзара байланысы әлем әдебиетi дамуының ең бiр мәндi заңдылығын байқатады. Сондықтан фольклор проблемасы әдебиеттiң теориясы мен тарихын жасауда, қаламгердiң шығармашылық мұрасын игеруде көрнектi орын алады.
Әр дәуiрде әдебиеттiң фольклорға бет бұруы, күрделi тарихи заңдылықтардың ашылуы, ақын-жазушылардың,фольклордың нақты тарихи мәндi кезеңдерiн назар аударуы, оның басты бiр ұлттық ерекшелiгiн, халықтығын танытудағы бірден-бір құрал болғандығын ешкiм жоққа шығара алмайды.
Әрине, фольклор мен әдебиет өзiндiк екi эстетикалық жүйе болғандықтан, шындықты танудың көркемдiк тәсiлi, оның жасалуы екеуiнде бiрдей емес. Сол себептен де фольклор творчестволық ерекше формасы деп танылады. Өйткенi әдеби дәстүрдiң фольклорлық дәстүрден терең айырмасы бар.
Әдебиет тарихы көрсеткендей, әдебиет пен фольклор арасындағы өзара әсер ету процесi үнемi бiрқалыпты, бiрдей формада өткен жоқ. Кей дәуiрлерде бұл байланыс жанданып белсендi түрде жүрсе, бiрде бәсеңдеп отырды. Осыған сәйкес, әрбiр ұлттық фольклор мен әдебиет өздерiнiң қатынас жүйесiн, яғни жалпы заңдылықтардан туындаған өзiндiк даму процесiн қалыптастырды.
Ескi мұраны игеру туралы мәселе Қазақстанда әсiресе, жиырмасыншы жылдардың бас кезiнде көтерiлдi. Бұған қазақ әдебиетi тарихы, жекелеген қаламгердiң шығармашылығы жөнiнде келелi мәселелердi қозғап, көлемдi мақала-зерттеулер жазуға Телжан Шонанұлы да қатысты. Ол фольклор тарихы, оның жай-күйi, болашағы туралы сан-саналы ой қозғап отырды. Мәселен, «Қазақ халық ауыз әдебиетi» («Литературный Казахстан», 1926, № 2) мақаласында бұл әдебиеттi жасаушы халық екендiгiн, сандаған өнер иелерiнiң ел арасынан шығатынын айта келе: «Институтта әлi басылмаған 150 ертегi мен әртүрлi ауыз әдебиетiнiң ерекшелiктерi бар. Осы байлықтың арасында Кеңес өкiметi кезiндегi қазақ фольклорының жәдiгерлерi баршылық. Қазiр қазақ фольклорына тек ғылыми мекемелер, ғалымдар ғана емес, музыкалық драма театрлар, филормониялар, баспалар, жазушылар одақтары да қызығушылық бiлдiруде. Бiрақ, бұл тек үлкен жұмыстың бiр бөлiгi. Бiз әлi күнге дейiн қазақ фольклорының барлық жәдiгерлерiн бiлмеймiз», /1,83/ - дейдi. Қаламгер өз мақаласында халық ауыз әдебиетiнiң көкейкестi мәселелерiн сөз етедi.
Сонымен қатар, қаламгер қазақ фольклорында батырлар жыры үлкен орын алатындығына тоқтала келiп: «Батырлық эпостар батырлардың ер жүректiгiн, халқының қамын житiн азаматтар туралы. Әр эпос қазақ тарихының кезеңiн, немесе тарихи тұлғаларды суреттейдi. Осы образдарды дәрiптеумен, қазақ шаруаларының байларға деген шыдамдылықтарының, құрмет сезiмiнiң пайда болуын көздейдi, сонымен қатар эпостарда қарапайым халықтың өздерiнiң құқықтары үшiн күрескендерi туралы да бар» /1,85/ дей келе, мысал ретiнде «Ер-Сайын» эпосы мен «Қамбар батыр» эпосынан нақты үзiндi келтiре отырып, қазақ халқында кластық бөлiнiс, құл, құл иеленушi, бай, кедей болғанын, алайда кедейлер класы өздерiнiң мұңдарын батырлар жырлары арқылы, шығармашылық арқылы көрсете бiлгендерiн және әр эпос 2000-5000 өлең жолдарынан тұратынын сөз етедi. Және де батырлар эпостарынан, әдет-ғұрып, салт-дәстүр лироэпостар өзгеше. Мысал ретiнде «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» (Тверитиннiң аудармасы), «Қыз Жiбек», «Айман-Шолпан» т.б. мысал келтiруге болады. Осы эпос бiздiң опералық театрымыздың ең алғаш қойылымы. Осы эпоста да Қодар құлдың күресi суреттеледi. Потанин көп зерттеулерiнiң арқасында «Қозы-Көрпеш» жырын монғол Гесерладасынша орыс жырларына жақындастырады. Иван Годинович және Данило Ловчанин ертегiсiн, Гесердi, Қозыны Кощейге ұқсастырады дей келе, Телжан Потаниннiң бұл пiкiрiне келiспей Қозы-Көрпештiң ежелден келе жатқан эпос екендiгiн айтады. Қорыта келсек, әр елдiң өз қаhарманы бар, өзiне тән туасылы қасиетi бар және халық ой-арманынан туған дүниенiң, өзiндiк табиғатын тез арада түсiне бiлген-Телжан ойымен бiздiң қосылмасқа шарамыз жоқ.
Телжан Шонанұлы ертегiнiң басты қасиеттерiне де тоқталып өтедi. Ертегiнiң басты қасиетiнiң өзi ешнәрсеге ұқсамайтын өзгеше оқиғаны беруiнде. Мұнда тыңдаушыны елiктiру, қызықтыру мақсатында тiптi кейбiр өмiрдегi шындық оқиғаларға мүлде таңғажайып iс-әрекеттер қосылады. Мәселен, шыншыл ертегiлерде кездесетiн тазша бала айла-тапқырлығымен, ақылдылығымен хан, уәзiр немесе басқа да зұлым күш иелерiн әжуа-күлкi ете отырып, кек алады. Яғни, алғыр, айлакер тазша –халық қалаған қаhарман. Тазшаның iс-әрекетi арқылы халықтың жауыздыққа, үстемдiкке деген қарсылығын бейнелейдi. «Мефистофель секiлдi Алдар-көсе өзiнiң ирониясымен ақылдылығымен ерекше. Ол байлардың дүниеқұмарлығын, ессiздiгiн әшкерелейдi. Жиренше мен Қарашаш, хан озбырлығына шыдаған кедейлер, қиын жұмыстарды орындай алатын, қиыншылықтардан шыға алатын кейiпкерлер. Мазмұны әр түрлi болғанмен, барлығында да өмiр, тұрмыс-салт, өткен ғасырдың қоғамдық қатынастары және халықтың мұңы жайлы айтылады», - деп ертегi жанрына тоқталып өтедi. Әрi қарай өз ойын тарқата келiп: «Каждый род казахского фольклора богат и обширен. Одних загадок собрано Институтом нацкультуры около 1000 штук. В фольклоре нашли отражение все своеобразнные стороны жизни казахов, поэтому мы встречаем здесь жанры, отсутствующие у многих народов, например, публичные состязательные песни, представляющие собой, повидимому, зародыши сценического, актерского искусства. На месте прежнего фольклора возникает современный советский фольклор. Мы имеем уже песни, пословицы, загадки, прозайческие сказания-новеллы, состязательные песни и др., как жанры советского фольклора. Гражданская война, конфискация баев, передел пахотных и сенокосных угодий, соцсоревнование и ударничество, новые люди-вcе это нашло отражение в советском фольклоре» /1,88/ - дейдi.
Ертегi мен аңыз-фольклордың аса бай жанрлары. Сондықтан да Телжан ертегiнi ешнәрсеге ұқсамайтын өзгеше оқиғаны бере алатын, халқымыздың өлмейтiн рухын, биiк мұратын бере алатын жанр деп қарастырады.
Жалпы, фольклорлық жанрлардың бәрi халықтың тарихымен, болмысымен қатысты болады. Фольклорлық элементтер әдебиетке енгенде өзгерiп, түрленедi. Сөйтiп, фольклорлық жанр мен сюжеттер әдебиетпен көпқырлы үндестiкте бола отырып, өзiнiң көркемдiк қасиетiн, қолдану аясын, өмiршеңдiгiн кеңейте бередi.
Негiзсiз әдебиет болмасы хақ, сондықтан да Телжан әдебиетiмiздiң бастау көзi болған фольклор туралы қалам тартуы, ескiнi дәрiптеп жаңаны құптағандығы деп түсiнемiз.
Сыншы жалпы қазақ халық ауыз әдебиетi туралы ғана емес, сонымен бiрге ауыз әдебиетiнiң жекеленген үлгiлерi туралы да өз пiкiрлерiн бiлдiрiп отырған бұл салада Телжан Шонанұлының «Қазақ әдебиетi» 1935 жылы 9 мамырда «Қыз Жiбектiң шығарушысы» туралы атты әдеби-сын мақаласы шықты. Осы аталмыш мақаласында «Қыз Жiбек» жырының бiзге қалай жеткендiгi туралы және оны кiм шығарғандығы жөнiнде көңiлге қонымды жауап бередi.
Мақалада: «Ауызша таратылған жырды басқа айтушылар өзiнше өңдейдi, қосады, кемiтедi, өзгертедi. Жылдар зымырап, ғасырлар өткен соң, ол жырды кiм шығарғандығы солғындап, iзi тотығады. Жырға әр заманның ақындары, айтушылары жақсылы, жаманды атсалысқан болып шығады. Соңғы ақындар да өз табының қараблынан ол жырды өңдейдi, қосады, өзгертедi. Сондай өлеңдер мен жырларды халық өлеңi деймiз. Сондай жырдың бiрi «Қыз Жiбек» деуге ақымыз бар» /2,3/ дей келе, Телжан бұл жырды шығарушыларды және жырды жеткiзушiлердi сөз етедi. Сөйтiп, «Қыз Жiбек» жырын Шайқы Ысламұлы деген кiсi шығарды дегенге қосыла алмайтындығын дәлелдi пiкiрлерi арқылы көрсетуге тырысады. Бұл еңбекке үңiле қарасақ: бiрiншiден, Шайқы Ысламұлы бұрынғы Жетiсу, осы күнгi Алматы облысының қарқара жағында тұрған және де «Қыз Жiбектi» Шайқы Ысламұлы шығарса, бұл мұнан 25-40 жыл ғана iлгерi дүниеге келген әдебиет мұрасы болмақ. Солай ма? Олай сияқты емес.
Екiншiден, бұл оқиға Жайық жағасында болған сияқты, - деп Телжан оқиға болған жермен оны мен шығардым және елге жеткiздiм деген Шайқы Ысламұлының сөзiне қосыла алмайтындығын бiлдiредi. Телжан осы еңбегiнде Шайқы Ысламұлынан бұрын өмiр сүрген Сайым жырау деген жыршының өзi «Қыз Жiбектi» кiм шығарғандығын дөп басып айта алмайтындығын сөз етедi. Телжан Сайым туралы: «Сайым жырау осы күнгi Қармақшы, Қазалы, Арал, Шалқар, Ырғыз, Орыскi (Жаман қала) аудандарының елiн тамсандырған, оның аузынан шыққан өлеңдерiн ел жазып алып отырған. Сол ауданның қарттарының аңыз сөздерiне қарағанда Сайымнан асқан жырау болған емес. Бiз хат таныған кезде «Қыз Жiбек» қазанда басылап шықты, онда Шайқы Ысламұлының аты да жоқ. Соңынан Шайқы Ысламұлы жазған, Сәкен бастырған варианттағы 1,2,3,4,28,54,55,56 өлең шумақтары да жоқ. Бiрақ, ол жазса да Сайым айтатын «Қыз Жiбек»-тiң қалған жерлерi бар екен. Бiренеше жылдан кейiн қазанда «Қыз Жiбек» тағы да басылып шықты. Мұның алды-артына Шайқы Ысламұлы менiң жарым деп бiрнеше ауыз өлең қосып шығарды. Сол Шайқы Ысламның мен шығардым деген «Қыз жiбек» бiз оқып отырғанда, Сайым былай айтушы ет деп хат танымайтын кемпiр-шалдар түзетiп, қосып отыратын. /2,3/, - деп дәлелдi жауап айтады.
Телжан «Қыз Жiбектiң» шығарушысы туралы айта келiп, бiр күнi оқып отырғанымызда, Жамал деген хат танымайтын жеңгем: «Ой, Сайым ақын Сансызбайда сөздi былай бастайтын едi ғой.
«Мiн десең де мiнбеймiн,
қалмақтан келген тайыңа.
Ертең түсте жетермiз
қос обаның сайына.
Ашулансаң жүре бер
Жеңеше-еке жаным-ау,
Орен де қалмақ байың»
– деп қосқан әні есімде бала үнiмiзде оқытып отырып, кемпiр-шалдар «Қыз Жiбектiң» әр жерiне осылай қосылып отыратын. Оның көбi есiмнен шығып кетiптi «Қыз Жiбектiң» бiз бiлетiн үш басылымында да бұлар жоқ. Мiне, бұларға қарағанда Шайқы Ысламұлы ел аузындағы «Қыз Жiбектi» Сайым сықылды бiр жыраудан жазып алып, мен жаздым деп баспаға берген деп ойлаймыз. «Қыз Жiбекке» Шайқы Ысламның ие болуына күдiктiмiз» – деп нақты мысал келтiредi.
Мiне, осы мысалдан байқасақ, Телжан жас кезiнен әдеби шығармаларға ден қойып, жастайынан халық ауыз әдебиетiмен сусындап өскендiгiн аңғартады
Сонымен қатар, Телжан бiзге бұрын соңды беймәлiм болып келген Сайым жырау туралы да мәлiмет бередi. Ақын Сайым бiр жағынан өз жанынан өлең шығарып, екiншi жағынан «Қыз Жiбек», «Қобыланды», «Қозы Көрпеш», «Қамбар» сияқты жырларды ел арасына таратуға шебер болған.
«Домбырам саған не болды,
Бәйге атындай аңқымай?
Даусым саған не болды,
Ескен желдей шалқымай?
Ақтарылып келдiң бе,
Жер таңдауға қалдырмай?»
деп Сайым топ арасында өлең бастайды екен. Ырғыз елiнде Олжабай деген тақылдақ, сөзуар, кәнi құлақ, тұрымтайдай кiшкене кiсi болған,-дей келе:
«Қарымыңа қарасам қол басындай,
Салмағыңа қарасам қорғасындай.
Атадан артық туған Олжабайды,
Қайдан бiлмей жүр едiм сор басым-ай?»
деп Сайым Олжабайды да мерейлендiрiп қояды. Сонан соң, ол Олжабай Сайымның сөздерi мен жырларын жаттап алып елге таратып жүретiн болған»- дейдi.
Телжан мақаласында Сайымның көптеген өлеңдерiнен үзiндiлер келтiредi және бұрын соңды бiзге таныс емес Сайым ақын туралы тұшымды жауап бередi.
Телжан «Қыз Жiбектiң» шығарушылары мен таратушылары туралы салыстырулар жасайды: «Сайымұлы жазған «Қыз Жiбек» Жiбектiң Сансызбай аулына келуiмен тынатын едi. Ал, Шайқы Ыслам оған мiсе тұтпай, Сансызбайға қалмақты соңынан да қырдыра бередi. Жырлардың ара-арасында ырғақтасып келген қара сөздерi болады. Сондай сөздер де бар. Елге Сайымнан тараған «Қыз Жiбекте» сондай ырғақты дара сөзбен: «Жағалбайлы елiнде, Жайық деген жерiнде, Базарбай деген бай бопты, төрт түлiкке сай бопты, бiр перзентке зар бопты, ақ тайақты қолға алып, әулие қоймай қыдырып, етегiн шеңгел сыдырып» деп бастаушы едi. Оның бәрiн Шайқы Ысламұлы қиралаң өлеңге аударған», - дей келе Шайқы Ысламның өлеңдерiнен үзiндiлер келтiре отырып, сынап өтедi:
«Шын бiр саудагер келдi дейдi,
Бұлардың әбден жайын бiлдi дейдi»
болмаса,
«Сансызбай артынан қуып бердi
Қолға тиген қалмақты қырып бердi»
– деген сияқты қиралаң болып келедi. Сөз соңында Телжан: «Жырдағы «Қыз Жiбектiң» өз өлеңдерi елеңдеп дөңгеленiп келе жатқан «көк жорға аттың» ағысындай, зымыраған «Сандай көктiң» шабысындай, сұңқылдап сумаңдаған «Жеңгенiң желдiрмесiндей», зарлап жарыққа шыққан Жiбектiң дауысындай өрнекпен құрылған» /2,3/
Қорыта келе, Телжан халық ауыз әдебиетi түрлерiнiң қайнар көзi болып келген, жыр-дастандардың жанашыры болды, болашақ ұрпаққа мұра ретiнде қалған халық ауыз әдебиетi үлгiлерiн жинап, бастырушы және оны таратушы қауымға баға бере отырып, өзiндiк ой-тұжырымын жасады.
ӘДЕБИЕТ
1.Т.Шонанұлы.Қазақ халық ауыз әдебиеті. Литературный Казахстан №2.1926 ж.
2. Т.Шонанұлы. Қыз Жібектің шығарушысы туралы.Қазақ әдебиеті, 1935 ж.
Н. Мырзаханов
Астана қ., Қазақстан
АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕКТІҢ ТАРИХШЫЛДЫҒЫ
Адам баласы жаралғаннан бері адамның өзін-өзі тану, ұлтын тану, ұлттық тарихының көш-керуенін түсіну үрдісі толассыз дамып отырған. Десек те, мың өліп мың тірілген қазақ тағдырының маңдайына ел тарихын әспеттеу, һәм қорлау басқа жұрт тарихшыларының үлесінде болғандығы ақиқат. Әрине бұл құбылыс халқымыздың шынайы тарихын қалыптастыруға кері әсерін тигізді. Біз көбінекей басқа ұлттарға тағы, мәдениетсіз, сауатсыз болып танылып, тарих көлеңкесінде қалып келгендігіміз ақиқат. Тәуелсіздігімізге 20 жылдан асса да қазақ тарихы енді басталды, басталды деген есек дәмемен жүрміз. Бірде елбасы, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев құрметті ғалымдар неге бір пайымға келіп Отандық тарихты дұрыстап жазбайсындар деген ұсыныс жасаған еді. Алайда баяғы жартас бір жартас қалпында қалып отырмыз. Менімше мәселе оқиғаны бір-бірімізге сілтеуде емес, әлдеқайда күрделі болса керек. Кейде біз тарихты жалаң дерек, жекелеген тұлғалар, аймақтардың басынан өткен жолы деп қарастырамыз. Бұған дерек еліміздің әр түкпірінен табылып жатқан алтын адамдар, зергерлік бұйымдар, археологиялық табыстар. Бұл жетістіктеріміз жақсы жазылып, Қазақстанда ғана емес, басқа да әлем жұртшылығына көз қарасты болған дүниелер. Бұл да тарих, ұлттық намысымызды қамшылап, текті халықтың ұрпағы екенімізді мақтаныш етуімізге жол ашып, болашақ көк жиегімізді жоғарыдан көруімізге ұмтылдыратынын айту абзал. Алайда Қазақ әлемін жан-жақты игеруге бұлар жеткіліксіз. Басты гәп тарихтыңтарих үшін емес ұлттық рухани тәрбиелеуге қажеттілігінде. Мәселе осы үрдісті тәрбиелеу, жаңғырту, жасау үстінде болған, болып жатқан және болатын тарихи деректерді, мейлі ол қолөнер, ән-күй, түрлі материалдың құндылықтар болсын халқымыздың этно-генетикалық қорының өрмегіне моншақтай тізіліп тұруы қажет. Сонда ғана тараған деректер халықтың рухымен ұштасып біртұтас Қазақ әлемін қалыптастыруға қол жеткізеді.
Осы арада Ақаңның, қазақ шежіресін (шежірешілдігін), әсіресе оның тарихи мағлұмат беретін қабаттарын елеп-ескермеу дегеніміз – «қазақ халқының өз тарихы туралы өз жадында сақтаған түп нұсқа деректі елеп-ескермеу болып шығар еді» деген сөздерінің ақиқат екенін айту абзал. Бұл арада Ақаң айтып отырған «түпнұсқа дерек» деп ұлтымыздың этногенетикалық қорын ұққан абзал. Ақаңның қазақтың этно-генетикалық жүйесін зерттеу, зерделеу үстінде бүкіл әлемдік әдебиеттерді пайдалана отырып, ғылыми қисында озық ойларды пайымдауы таң қалдырады. бұрын сонда эно-тарихи зерттеулерде кездеспеген үрдіс. Феномен. Ақаңның пайыдаулары мен қисындары болашақ жас ғалымдарға аманат қалап кеткен сара және азаматтық жол деп ұқсақ болар.
«Шынтуайтына келгенде Ақаң тарихи-этнологиялық ғылымның қазіргі қол жеткен шыңына шығып қазақтың шежірелік деректерін пайымдауға бар күш-жігерін, өмір бойы жиған-терген бар өнерін салған. Бұл қарапайым шежіре емес, бұл шежіретануға арналған кіріспе. Ақаң ХХ ғасырдың басында Алаш зиялы қауымы өкілдерінің ісін әрі жалғастырып ағартушылық шаруа жасап отыр», - деп жазады белгілі ғалым Жамбыл Артықбаев мырза. Толық құптауға пейілдімін. Ақаң ойларының ұлтымыздың ойлау, түсіну, тұшыну өрісіне жол ашатындығы ақиқат, тарихшылдықтың жаңа сатысы.
Г.Ә. Мұратова
Астана қ., Қазақстан
ҒАЛЫМ А. СЕЙДІМБЕК ЗЕРТТЕУЛЕРІ – ЭТНОЛИНГВИСТИКАНЫҢ
ТАНЫМ-ТІРЕГІ
Иә, этнолог-ғалым Ақселеу Сейдімбек зерттеулері – қазақ тіл біліміндегі жаңа ғылыми бағыт этнолингвистиканың мақсат-міндетіне толық жауап бере алады, әрі осы пәннің оқу құралы қызметін де атқара алады. Пәннің теориялық мәселелеріне қосымша хрестоматиялық дәрежедегі оқу құралының танымдық мәні зор болмақ.
Жаһандану үдерісінде ұлт тарихы мен ұлттық құндылықтар қайта қарала бастады. Соның бір дәлелі, лингвистикалық және этникалық факторлардың өзара әсер-ықпалын тіл әлемі аясында зерттейтін макролингвистиканың бір саласы – этнолингвистика ғылымы дүниеге келді. Бұл пән қазіргі қазақ қоғамындағы ұлттық сананың жаңғыруы, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне байланысты қызметінің жандануына қатысты ұлттық мүддеге сәйкес тілдің этномәдени және әлеуметтік қызметін айғақтау қажеттігін және дәлелдеп отыр.
Қазақ тіл білімі бүгінгі күні жаңа арнада толығып, танымдық, логика-философиялық бағыттағы өзіндік бет алысымен тілдің қызмет аясын және қуатты әлеуетін барынша айғақтай түсуде. Сонымен қатар, қазақ тіл біліміндегі ұлт пен тіл, ұлт пен мәдениет сабақтастығын қарастыратын зерттеулерде жаңа сапаға көтеріліп келеді.
Тіл тарихы мен тіл иесі халықтың этникалық тарихын ұштастыра зерттеуді мақсат тұтқан тіл біліміндегі жаңа сала – этнолингвистика пәні жетілу үстінде. Академик Ә.Қайдар бастаған этнолингвистика мектебінің зерттеулері ғылыми мақала, диссертациялық ізденіс түрінде жинақталып жатқаны белгілі. Бірқатар зерттеу нәтижелері болғанымен, нақты оқулығы әзір жоқ. Десек те, ғалым А.Сейдімбектің халқымыздың санғасырлық мәдениеті мен болмысындағы құндылықтарды танып-білуге бағытталған, тарихи деректерге сүйенген зерттеулері – олқылықтың орнын толтыра алмақ. Бұл еңбектерде қазақ этносының ұлттық бейнесін, өзіндік ерекшелігі мен мәдениетін «тіл әлемі» арқылы жан-жақты танып білуге керекті деректер ғылыми тұрғыда жүйеленіп берілгеніне көз жеткіземіз. Бұл – мәдениеттің мұрагерлік табиғатына сәйкес, оның сақталуы, кейінгі ұрпаққа жетуі, игерілуі, жаңғыруы тіл арқылы ғана іске асатынына, осы бағыттағы зерттеулер арқылы дәйектелетініне нақты дәлел бола алады.
Этнолингвистика пәнінің мақсаты – этнос болмысын тіл арқылы танып-білу, бірақ концептуалды талдау тек лингвистикалық тұрғыда ғана жүргізілуі, әрине, жеткіліксіз. Осы пәнді оқыту барысында халқымыздың рухани өмірі мен этнос танымын, этностың тілдік табиғатын тарихи категория ретінде ғылыми тұрғыда саралау мақсаты да көзделеді. Соған сәйкес, этнолингвистика пәнінің зерттеу нысаны мен мақсат-міндетіне жауап беретін зерттеулердің қажеттігі айқын сезілуде. Олқылықтың орнын толтырып, сұранысты толық өтей алатын ғылыми зерттеудің бірі А.Сейдімбектің «Қазақ әлемі» атты еңбегі деп есептейміз.
«Ұлан-ғайыр сахарамызды түгел шолып, ұлан-асыр сыр-сипаттарымызды тегіс қамтып, қат-қабат тарихымызды терең қаузап, дүлділ оймен, ділмар тілмен толғайтын ғұлама ғалым, сұңғыла білімпаз, сүлей суреткер, қайран Ақселеу енді жоқ» (Ә.Кекілбаев) болса да, «ғалымның хаты» қалды өлместей болып. (А.Сейдімбектің ғылыми шығармашылығына берілген осы барынша дәл, шынайы бағадан асырып ештеңе айта алмаспыз!).
Ғалым еңбектерінде ұлтымыздың төл тарихына, дәстүрлі мәдениетіне, этнографиясына қатысты мол деректер келтіріліп, ғылыми баяндау, нақты ой-тұжырымдар арқылы дәйектелген. Ғалым зерттеулеріндегі этно лексиканы қоғамдық ой, этникалық сана аясында алып, тілдік бейненің этникалық дереккөзі ретінде қарастыра отырып, қазақ мәдениеті туралы өте мол мәліметтер ала аламыз.
Этнолингвистика тілді этносқа қатысы тұрғысынан алғанда, қоғамдық-әлеуметтік пәндермен де (этнография, өлкетану, мәдениеттану, мифология), лингвистикалық пәндермен де (психолингвистика, паралингвистика, диалектология, ономастика т.б.) сабақтастыра зерттейді. Осы пәнаралық байланыстың басты мақсаты этнос табиғатын ашу болса, этнограф-ғалым А.Сейдімбек зерттеулері де – мәдениеттанымдық, этнологиялық, мифологиялық, психолингвистикалық, ономастикалық, фольклорлық, тарихи-өлкетану бағытындағы зерделі-зерттеудің синтезі іспетті, кешенді, толымды, ғылыми пайым.
«Халықтың рухани дәулетін сабақты жібіне дейін түгендеуді мұрат тұтқан ұлтжанды азаматтың» (Қ.Салғара) зерттеу еңбегі қазақтың төл тарихы мен дәстүрлі мәдениетінен аса мол ақпарат жеткізіп, деректері ғылыми тұрғыда дәйектелуімен де аса құнды. Тілдің этнолингвистика саласы үшін бұлар – таптырмас құндылық, баға жетпес байлық. Кең мағынада алғанда, бұл еңбектер – ұлт руханиятының бағалы, бай қазынасы, сондықтан аталған ғылым салаларының қайсысының болсын зерттеу өзегіне айналып, әрі-қарайғы тың зерттеуге бағыт-бағдар сілтеп тұр деуге болады. Этнос болмысына қатысты небір құнды дерек, танымдық мағлұматтарды таба аламыз.
Этнолингвистика пәнін оқыту үдерісінде этностың тіл әлемін тереңнен, жан-жақты меңгерту жолдары мен арналары әртүрлі. Атап айтқанда, этнос болмысынан қанықтырар, небір бай ақпараттарды жеткізетін этнолингвистикалық арналарды былайша жіктеп жүрміз: фразеологизмдер, эвфемистік баламалар, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, ауыз әдебиеті үлгілері (әдет-ғұрып, ырым-кәде, наным-сенім т.б. рәсім-салтанат үлгілері т.б.). Бұлардың бәрі де – этностың рухани әлемінен табылатын танымдық құндылығы мен көркем бояуы айқын-лингвомәдени деректер.
Ал А.Сейдімбек зерттеулерінен осы аталған арналардың барлығын да кездестіре аламыз. Олар әр түрлі тақырыптық топтар аясында жинақталып, этностың танымы мен тіл әлемін, ұлттық менталитетін айқын танытатын этнолингвистикалық деректің қызметін атқарып тұр. Ғалымның «Қазақ әлемі» еңбегінің төртінші тарауы «Халықнама» деп аталып, «Мақал-мәтелдер», «Қазақтың дәстүрлі тыйымдары», «Қазақтың дәстүрлі ырымдары», «Ел аузынан», «Ұлттық өнер», «Табиғат тынысы» және т.б. халықтық қалыпқа айналған қастерлі рәсімдер мен өмір-салтқа қатысты, өнер туындылары жайлы терең толғаулар келтірілген. Ғалым оларды әрбір тарихи-әлеуметтік кезеңнің өз талғам-танымына лайық дәстүрі ретінде бағалап, ғылыми таным жүйесіне айналдырады, сөйтіп, көшпелілер әлемінің қасиет-болмысына айғақ болар эмпирикалық мысалдар ретінде ұсынады. Біз сол этноатауларды тілдік табиғаты, тіл мен мәдениет сабақтастығы тұрғысынан қарастыруды мақсат тұттық. Паремиологиялық, прецеденттік, фразеологиялық және аңыз әңгіме, көркем мәтін деректерінің лингвомәдени сипатын ашып, ұлт болмысынан, өнерінен этникалық ақпарат жеткізетін тарихи, мәдени және рухани әлеуметтік құбылыс деп қарадық.
Кемел зерде иесі А.Сейдімбек: «Қазақ халқының өмір салты көшпелі болғанымен, рухани болмысы көшпелі болмаған», – деп ой түйе келе, «ғасырдан – ғасырға, ұрпақтан – ұрпаққа ауысатын тарихи-әлеуметтік, қоғамдық-тәжірибелік дәстүр сабақтастығы болмаса, адамзаттық прогресс те болмақ емес» [3, 141], - деген тұжырым жасайды. Адамзат қауымына тән дәстүр сабақтастығына баса мән береді.
Ғалым халықтық салт-дәстүрлерді бір ғана ұлттың, бір ғана рудың, тіпті тұтас бір елдің ғана талғам-түсінігі деп қарамайды. Этнографиялық деректерге ғылыми ойдың «сәулесін» түсіре зерттеуді мақсат етеді. Ол деректерді жеке халықтардың мәдениетін, моральдық-этикалық қасиетін, халықтың жалпы адамзаттық өркениет этникалық тегін танытатын дерек көз деп қарайды.
Гуманист ғалым былай дейді: «Адамның парасаттылығы сол адамның өзгелерге деген қарым-қатынасы арқылы ғана анықталады. Түптеп келгенде, қоғамдық өмірдің парқын да адамдардың парасат-пайымына қарап бағалауға болады. Қазақ қоғамында адам өміріндегі қуаныш та, қайғы да жекелік сипат алмаған» [3,150]. Иә, біздің көпшілігіміз жай ғана салт-сана көрінісі деп ғана қабылдайтын ментальдық қасиетімізді этнограф-ғалым кең ауқымда алып қарайды. Автор адам өміріндегі қарапайым ғана қуаныш белгілері – «сүйінші, шашу», «көрімдік» деген жөн-жоралғыларды – «көшпелі өмір салтындағы этникалық арман-аңсардың (идеалдың) ортақ болуы», - деп, оны моральдық-этикалық, ғылыми пайыммен таразылайды. Немесе қазақтың қонақ күту дәстүріне мынадай баға береді: «Көшпелі қазақтың қонақжайлық дәстүрі, түптеп келгенде, этносты біртұтас әлеуметтік жаралым ретінде іштей үйлестіре реттеп отыратын ең пәрменді тетіктердің бірі болған» [3,143].
Тағы бірер мысал келтірсек. Мысалы, кәдімгі ырым-наным, тиым-табу дегендердің де этикалық негіздемесін дәлелді келтіріп, ғылыми-философиялық сипатын айқындап береді. «Кез келген қоғамдағы этиканың, діннің, заңның, мәдениеттің негізі тиым арқылы қалыптасады, тиым да әрбір әлеуметтік ортаны реттеп отыруға қызмет етеді», – деп бағалайды. Адам қоғамы мен табиғи орта арасындағы қарым-қатынасты үйлестіріп отыруда тыйымның атқарар рөлі айрықша екенін көрсетеді. Ғалым барша өмір-тіршілігі экожүйемен кіндіктес көшпелілер әлемінің ақыл-парасатының биіктігін дәлелдейді. Ғалымның: «Ғасырлар бойы табиғатпен етене болу арқылы өмір салтын қалыптастырған көшпелі қазақ мифтік қиял-елес пен әлеуметтік-экономикалық ақиқаттың ара жігін ажырата білген. Өмір талабы соқыр сенімнен гөрі нақтылы өмірмен санасын айыруды қажет етеді» [3, 194], – тәрізді пайымдаулары ұлттық құндылықтардың ғылыми таным-түсінігін зерделеп береді.
Немесе, «Отты шашпа», «Отты баспа», «Ошақтағы отты су құйып өшірме» деген тыйым түрлерінде мифтік-діни сенімнен де бұрын, таза практикалық мән бар: яғни отты шашса өрт кететіні, өртке күйетіні, отты қайтып тұтату қиын болатыны – көшпелі қазақтың нақтылы өмір тәжірибесі ғана емес, одан кісілігі де айқын аңғарылады: Алдыңғы көштің адамдары әрбір қоналқадан ілгері аттанарда өзінен кейін келе жатқандарға ошақтағы отты күлмен көміп, сөндірмей кетеді. Кейінгілер шаршап-шалдығып жеткенде қиналмай от жағып, тамағын демдеп, ертерек тынықсын деген қамқорлықты танытады. Немесе, «Малды ноқтамен ұрма» деген қарапайым тыйымның түпкі мәні – адамның мейірім –қамқорлығына саяды: тіршілігіне тірек болған төрт түлікке кісілік қарым-қатынас орнату мәні басым.
Бесікті ашық қалдырма, Жерошақтан аттама, Босағаға сүйенбе, Көгенді аттама, Сүтті үрлеп ішпе, Түнде суға барма, Мойынға белбеу салма тәрізді адамға, табиғатқа, қоғамға қатысты тыйым, ырым-наным-сенімдердің барлығы да әлеуметтік ортаны реттеп отыруға, табиғат пен әлеуметтік өмір арасындағы үйлесімге қызмет ететініне дәлел бола алады.
Этнограф-ғалым өз зерттеулерінде тілдің кумулятивтік функциясын жете пайдаланады: Ұлт тарихы мен ділін, өзіндік болмысын, рухани құндылықтарын өз бойында сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізер тілдің қызметін танытар этнолингвистикалық факторларға ғалым еңбегінде өте мол орын бергенін айттық. Сондай лингвомәдени деректердің бір қатарына назар аударып көрейік: Мысалы, Көншарық, талқы сияқты этномәдени лексиканың мәнін жете түсінеміз бе? Этномәдени лексика, яғни этнос мекен еткен аймаққа тән табиғат құбылыстары мен заттық мәдениет атаулары, «астарына талай сыр бүккен»... Ал, тілдің сөздік құрамы сол тілді тудырған қоғамның материалдық және рухани мәдениетін айқындап беретіні белгілі.
Ғалымның этнографиялық зерттеулерінен қазақтың қолөнеріне байланысты заттық мәдениет лексикасынан көптеген танымдық этнолингвистикалық деректерді таба аламыз. Мысалы, «Шарық-теріден тігілген қарадүрсін аяқкиім. Шарықты үш түрлі теріден жасайды: 1) иленген қайыстан тігеді; 2) терінің түгі сыртына қаратыла тігіледі; 3) иленбеген шикі теріден жасалады. Оны көн шарық деп атайды [3, 233]. Осыған орай, «Білімдінің беті – жарық, білімсіздің беті көн шарық» деген мәтелдегі көн шарық талдап-түсіндіруді қажет етпейді деп есептейміз.
Ал тіліміздегі талқыға түсті, талқыға салды деген фразеологиялық тіркестің мәнін мына мәнмәтін толық ашып береді: «Талқы дегеніміз – теріні керіп, созып, иін қандыра жұмсартатын ағаш аспап. Талқымен тері илеуді «талқыға салу» дейді» [3, 231].
Сөз мағынасының астарында жасырын жатқан өзге де этнолингвистикалық мәліметтерді «Халықнама» тарауынан зердемізге тоқып, (ат құйрығын кесісу; тарамысша тырысу; жүні жығылу; үйірімен үш тоғыз; ит – жеті қазынаның бірі т.б.) фразалардың пайда болу уәжіне көз жеткіземіз. Оның дәлелі этностың тілдегі бейнесін ашатын этнолингвистикалық факторлармен тікелей байланысты.
«Көшпелі қоғамның жоқтаушысындай әсер қалдыратын Ақаң көзбен көрген деректерін перзенттік махаббатпен қат-қатымен баяндаған», – деген пікір-пайымдардың шынайылығы дау туғызбайды, өйткені көрнекті ғалым, абзал азамат, «халықтың рухани дәулетін сабақты жібіне дейін түгендеуді мұрат тұтқан», әрі сол кемел білімін асқан тереңдікпен, биік парасатпен ұрпағына табыстаған.
Мысалы, бір ғана қолөнер түрінің өзін бүге-шігесіне дейін түгендейді. Атап айтқанда, ою-өрнекке қатысты атаулар, дәстүрлі қазақ ою-өрнегінің түрлері; ою түзетін материалдар; тоқу, күйдіру, тасқа қашау, металға бедерлеу, шеку арқылы салынатын ою түрлері, оюдың бітімі, ою тәсілдері; зергерлік саймандар, білезік, жүзік, сақина, сәукеле, сырға, белбеу т.б. Сондай-ақ, құсбегілік өнердің қыр-сыры, ұлттық тағам; уақыт пен кеңістік; ауа райы туралы халық болжамдары: далалық өнер; жердің тілі; Алаша хан мазары, Жошы хан мазары, уақыт межесі сияқты этностың таным зердесі пайымдалатын деректерді ұсынып, халық болмысының өткенін, бүгінін және болашағын біртұтас құбылыс ретінде қарауға, халықты – біртұтас феномен деп қабылдауға шақырады. Сөйтіп, халық мұрасының еленбей жатқан қырларына дейін биіктен көз тастайды.
Көрнекті этнограф-ғалым, білгір мәдениеттанушы А.Сейдімбек – қазақ ғылымындағы этнология саласының көшбасшысы. Сонымен қатар, қазақ тіл біліміндегі этнолингвистика бағытының бірден-бір өкілі болып табылады деп бағалаймыз.
Ұлттық ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалымның қазақ тарихы мен этномәдениетіне қатысты ой-пікірлер жинақталған «Қазақ әлемі» (1997) атты ғылыми еңбегі өзінің бастау көзін әріден алады: Қазақтың өмір салты мен әдет-ғұрпы, табиғат тіршілігінен таным беретін «Кеніш» (1979 ж.), «Серпер» (1982), «Күңгір-күңгір күмбездер» (1983), Қара өлең жанрын саралайтын «Мың бір маржан» (1989), қазақ мәдениетіндегі күй өнерін жырлайтын «Күй шежіре» (1992), түркі тектес халықтардың тарихынан, археологиясы мен этнографиясынан сыр шертетін «Көшпелілер тарихы» (1995), ұлт руханияты мен халықтың аңсар-арманын әспеттеген «Ой толғақ», Гомердің «Иллиада», «Одиссея» эпосы (1974) мен «Әлемнің 7 кереметі», этнологиялық деректану бағытындағы «Қазақтың ауызша тарихы» (2010), жекелеген тарихи тұлғалар арқылы ел тарихын екшеген (авторлық бірлестіктегі) «Елтұтқа» сынды еңбектері – қазақ халқының этногенезі мен этномәдени өзегіне қатысты, қазақ этнологиясына қатысты пайымға толы зерттеулері – ұлтымыздың рухани қазынасының құндылығына дәлел болуда. Ал қазақ халқының этногенезі мен этномәдени байланыстарын сарапқа салған «Қазақтың ауызша тарихы» атты зертеуі – тарихи-этнологиялық ғылым биігіне айналып отыр.
Көрнекті ғалым А.Сейдімбек зерттеулері арқылы тұтас бір ғылыми зерттеу институты атқаратын ауқымды істер жүзеге асты деуге болады. Ерекше атап өтуге тұрарлық тағы бір жағдай – А.Сейдімбек зерттеу еңбектеріне арқау болған мәселелер – мемлекеттік деңгейде көтерілген іс-шаралармен үндес келуі. Мәселен, 2004 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қоғамда кең қолдау тауып, өзінің басты бағыттарын белгілегені мәлім. Ал сол бағыт-бағдардың бірқатары қазақ этнологиясының көрнекті өкілі, филолог-ғалым, белгілі этнограф А.Сейдімбек зерттеулерінің нысанына айналған. Нақты айтқанда:
- қазіргі ұлттық мәдениетті фольклор, әдет-ғұрыпты зерделеудің біртұтас жүйесін құру;
- ұлттық мәдениет үшін айрықша маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру;
- қазақ халқының мәдени мұрасын зерделеу бағытында жаңа ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу;
- мемлекеттік тілде әлемдік ғылыми ой-сананың, мәдениет пен әдебиеттің жетістіктері негізіндегі гуманитарлық білім қорын жасау т.б.
Осы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясындағы ізденістердің мақсаты – ұлттың тарихи-мәдени мұрасын қалпына келтіру, ұлттық танымды зерделеу болса, ғалым А.Сейдімбектің де алға қойған басты кредосы: «Өзіндік қасиетінен айрылған ұлт өледі. Ұлтты өлтірмейтін оның төлтума мәдениеті ғана, сондықтан азапты өмірді тәңірдің сыбағасына балай жүріп, өткеннің асылдары болашақ ұрпақтың жан-жүрегін жылытуы үшін қол жалғап жіберуіміз қажет-ақ» («Күй шежіре»).
Қабырғалы қазақ руханиятының ірі өкілі Ақселеу Сейдімбек еңбектері ұлттың өзін-өзі тануға сүбелі үлес қосатын құндылықтар қатарынан табылып отыр.
Ұлтымыздың өмірі мен өнеріндегі болмыс-бітімі қандай? Ел мен өнер тағдыры, уақыт пен ұрпақ сабақтастығы жөніндегі зерде-зейініміздің деңгейі ше? Ұлттық рухымыздың биік деңгейін танытқан мұраларымызды өз дәрежесінде қастерлей алып жүрміз бе? – сұрақтарға жауап беруімізді талап еткендей А.Сейдімбек еңбектері.
ӘДЕБИЕТ
1. «Егемен Қазақстан» газеті, № 25, 2009 ж.
2. «Мәдени мұра» бағдарламасы: 2004-2008 ж. нәтижелері. Астана, 2008.
3. Сейдімбек А. Шығармалар. Алты томдық. Астана, 2010. Т.2. 816 б.
Қ.Ө. Сақ
Астана қ., Қазақстан
А. СЕЙДІМБЕК ЖӘНЕ БАҚ
ФУНКЦИЯСЫН ЗАҢДАСТЫРУДЫҢ ӨЗЕКТІЛІГІ ХАҚЫНДА
Алаш ардақтысы Ақселеу Сейдімбек туралы сөз қозғалғанда, бар саналы ғұмырын қазақтың ұлттық құндылықтарын түгендеуге арнаған асыл азаматтың журналистік және көсемсөзшілік қызметін айтпай, айналып өту қиянат болар еді. Ақаңның БАҚ-ты ұлт қажетіне жарату туралы ойлары ылғи да ХХ ғасыр басындағы ұлт көсбасшылары – Алаш көсемдерінің пікірлерімен ұштасып жататын. Саналы ғұмырының соңғы күндері «Астана ақшамы» газетіне берген сұхбатында қазақ телевизиясын шетелдік экспанциядан құтқару туралы өте өзекті мәселе көтереді де, әлемге әйгілі Әуезовтің «ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөзін жаңа заман талабына сай «ел боламын десең, телевизияңды түзе» деп қабылдау керек деп қорытады. Сөйтеді де, кейбір БАҚ басшыларының телеарна жекеменшік құзырында екендігін тілге тиек етіп, ойына келгенін істегісі келетіндігін, бірақ оған жол беруге болмайтынын былай дәлелдейді. Телеарна біреудің жекеменшігі болуы мүмкін, бірақ соны көріп отырған халық оның жекеменшігі емес қой. Ендеше халықпен санасуы тиіс, сондай заңды талап қойылуы керек деген уәжін алға тартады. Бұл кезінде ұлтымыздың рухани ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мәселе етіп көтерген қисын (теория). Оған сәл кейінірек тоқталатын боламыз. Кешегі кеңес дәуірінде КСРО бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі Коммунистік партияның көсемі В.И.Лениннің «журналист – коллективті үгітші, коллективті насихатшы және коллективті ұйымдастырушы» деген ілімінен тарқатылып, БАҚ бүкіл билікті уысында ұстаған компартияның сойылын соғып келді. Соның салдарынан партия ұйымының органы болғандықтан шындықтың жаршысы, халықтың жанашыры бола алмады. Оған көптеп дәлел келтіру қиын емес.
1929-1933 жылдар аралығында компартияның солақай саясаты салдарынан болған нәубәт – ашаршылық қасіретінен халқымыздың жартысына жуығы қырылды. Бірақ, оны сол кездегі газет-журнал қызметкерлері ашық жаза алмады. Керісінше жұртты жаппай ашаршылыққа душар еткен орталықтың солақай саясаты – ұжымдастыру науқаны әсіре насихатталумен болды. Мұрағаттарда сақталған газет тігінділерін ақтарсаңыз, соған көзіңіз анық жетеді. 1937 жылғы саяси қуғын-сүргін зұлматы кезінде де дәл солай болды. Тіпті күні кеше көз алдымызда өткен 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі де «қайта құру», «жариялылық» лебі есіп тұрған кездің өзінде бұқаралық ақпарат құралдары бетінде қалай көрініс тапқаны жадымыздан өше қойған жоқ. Орталықтың шовинистік саясатын айыптап алаңға шыққан жастарды партияның тапсырмасы бойынша БАҚ-та маскүнем, нашақор, ұлтшыл етіп көрсету жаппай етек алды. Коммунистік партия басшыларының солақай саясатын айыптау орнына БАҚ жастарды қырғынға ұшыратқан партия шешімін насихаттаумен, жүзеге асыруды ұйымдастырумен әуре болды. Бұл үшін, әрине, журналистерді кінәлау қиын. Олар сол заман талабына орай кәсіби міндеттерін адал орындады. Партия шешімін талқылауға сол партияның органы болып табылатын бұқаралық ақпарат құралдарына қатаң тыйым салынғандықтан, тапсырманы бұлжытпай орындап, үгіт-насихат және ұйымдастыру жұмыстарымен айналысты. Кеңес дәуірі журналистерінің кәсіби міндеті сонымен шектелді.
Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан бергі уақытта еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі түбірімен өзгерді. Ең алдымен, бір партияның қолшоқпары болудан босатылды. БАҚ-қа меншіктің алуан түрлілігі қамтамасыз етілді. Ата заңымыз – Қазақстан Республикасының Конституциясында сөз және баспасөз бостандығына кепілдік берілді. Цензураға тыйым салынды. Қысқасы, демократиялық бағыт үрдіс алды.
Дей тұрсақ та, ел журналистикасының әлі шешімін таппай тұрған мәселесі де жоқ емес. Айталық, бұқаралық ақпарат құралдарының функциясы қандай болуы керек деген сауалға әркім әрқалай жауап беріп жүр. Біреулер оның ақпараттық қызметін алға тартса, кейбіреулер көңіл сергіткіштік, сейілдік, жарнамалық функцияларын бірінші орынға қояды. Осындай алуан түрлі түсініктің салдарынан бүгінгі күні еліміздегі БАҚ алабажақ күй кешуде. Бұл жақсылық па, жамандық па?
Елбасымыз ана жылы «Қазақстан-1» телеарнасы журналистерімен кездесуінде бұқаралық ақпарат құралдары қызметін қарулы күштермен қатар қойып қарастырып, ел қауіпсіздігі үшін кейінгісінен гөрі алдыңғысының рөлі басым екендігін тілге тиек еткені бекер емес. Ақпараттық қауіпсіздік – қазір күн құрғатпай дұрыс шешуді қажет етіп отырған көкейкесті мәселе.
Осы орайда, еліміздің тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың жоғарыда тілге тиек еткен жүздесуде журналистерге арнап айтқан: «Халыққа жақ, санаға сақ болыңдар»,- деген аталы сөзі көңіл төрінен орын алады. Бұл тұжырымдама – сонау ХХ ғасырдың басында қазақ журналистикасының негізін қалаған алаш азаматтарының көзқарастарымен ұштасып жатқан қағида. Әсіресе, төл журналистикамыздың тұңғыш теоретигі Ахмет Байтұрсыновтың төмендегі тұжырымдарымен өзектес. Осыдан-ақ Алаш азаматтары ілімінің өміршеңдігін анықтауға әбден болады.
А.Байтұрсынов өз заманындағы жалғыз бұқаралық ақпарат құралы – мерзімді баспасөздің мынадай төрт қызметін алдыға тартады. Ол кезде радио мен тележурналистика және интернетжурналистика әлі пайда бола қоймағандықтан Алаш арысының бұл тұжырымын бүгінде барлық БАҚ-қа қатысты қарастырып, журналистердің атқаруға тиіс ортақ қызметі деп қабылдасақ қателікке ұрынбас едік.
«Әуелі, газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ – керең, тілі жоқ – мылқау, көзі жоқ – соқыр сықылды. Дүниеде не болып жатқанын есту жоқ, өз пікірін айту жоқ. Бүгін дүние жүзіндегі халықтар телеграмм, телефон, пошталардың арқасында бір-бірімен хабарласып, газет арқылы жұртқа жайып, бір үйдегі адамдардай сөйлесіп отыр. Дүниеде болып жатқан істер, сөйленіп жатқан сөздер кімге пайдалы, кімге зарарлы екендігін күні бұрын біліп, пайдалы болса, шаттанып, зарарлысынан сақтанып тұрады.
Екінші, газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатын мәнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады.
Үшінші, газет – халыққа білім таратушы. Олай дейтініміз, газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетпекші.
Төртінші, газет – халықтың даушысы. «Жұртым!» деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады» [1].
Бұл – осыдан бір ғасыр бұрын айтылған, бүгінгі күні де қоғамдық мән-маңызы жойылмаған құнды тұжырым. Бір кереметі, мұның Компартия көсемі В.И.Лениннің жоғарыда тілге тиек етілген «теориясынан» атандай бес жыл бұрын айтылғанында. Бірақ, өкінішке қарай, ол кешегі кеңес дәуірінде игілікке жаратылмай, авторының тағдырын кешіп, ел жадынан тыс қалып, қапаста ұсталынып келді. Десек те, өміршең ілім түбі жарыққа шығып, жарқырап көрінетінін дәлелдеп берді.
Сонымен, Ахаңның, Ахмет Байтұрсыновтың ұйғарымынша, БАҚ-тың басты қызметі – «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болу. Басқаша айтқанда, мемлекеттік өзге билік тармақтары секілді журналистика да халыққа қызмет етуші дербес әлеуметтік институт. Қазір БАҚ кімге қызмет ету керек деген сауал қоғамдық келелі мәселе болып тұр. Оған әркім әрқалай жауап беріп, елді адастырушылық байқалады. Билік тармақтарын айтпағанда, БАҚ-қа құрылтайшы болып отырған жеке кісілердің мүддесін көздеп отырған топтар журналистерге билік жүргізгісі келеді. Бұл түптің түбінде өкіндірмей қоймайды. Сондықтан оның алдын алып, БАҚ-тың фунциясын заңдастыру уақыт талабы деп білеміз.
Осы орайда, Ахмет Байтұрсынұлы іліміне жүгінсек, БАҚ халыққа төмендегідей қызмет түрлерін көрсетуі тиістігі анықталады. Ең алдымен, ақпарат таратушылық қызметі алға тартылуы тиіс. Ол қоғамда, әлемде болып жатқан шындықты жариялауға негізделгені жөн. Сонда ғана халық оның пайдалысынан нәр алып, залалдысынан сақтанып тұра алады.
Екінші, журналистер – жол бастаушы. Басқаша айтқанда, қоғамдық пікір қозғаушысы. БАҚ арқылы «халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп», жол басшылық жасайды.
Үшінші, БАҚ – халыққа білім таратушы. Журналистер осыны әр кез есте ұстап, елдің білімінің артуына адал қызмет етуге міндетті екенін ұмытпағаны жөн.
Төртінші, журналистер – халық өкілі, ендеше соның жоғын жоқтап, мұңын зарлап, сойылын соғушы. Осылайша «қарғаға көзін шоқытпасқа» қызмет етуі тиіс.
Міне, журналистердің атқаруға тиіс кәсіби міндеттері. Біздіңше, БАҚ туралы заң мен журналистердің кәсіби этикасы осы ілімнің негізінде түзілгені жөн. Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі сонда ғана дұрыс шешім табарына күмәніміз жоқ.
1. «Қазақ» газеті. 1913. № 1.
Қ.Қ. Сәрсембина
Астана қ., Қазақстан
Ақселеу Сейдімбек шығармашылығы және
ұлт мүддесі
Жер жүзінде қанша ұлт болса, солардың әрбірінің өзіндік болмысын сомдайтын төл тарихы бар. Тарих дегеніміз ұлттың бет-бейнесі, ұлттың рухы, бір сөзбен айтқанда ұлттың жаны. Алаштың ардақты зиялылары түйіндегендей, тарих түзушіліктің кітабы. Тарихпен бір ұрпақ ғана емес, тұтас ұлт тәрбиеленеді. Сондықтан, ұлттың даналық келбеті түзу жазылған тарихқа көгендеулі десек те артық айтпаған болар едік. Ал, ұлт тарихының түзу жазылуы өз кезегінде ұлтының жанын ұғына білген сергек ойлы жандардың қаламына тәуелді екендігі де ақиқат.
Әр ұлттың ғасырлар қойнауынан қалыптасқан діліне байланысты тарихының жазылуы да түрліше болады. Мәселен, қазақ ұлтының тарихы ұзақ ғасырлар бойы ауызша айту дәстүріне негізделген-ді. Жат пиғылдағы саясаткерлер (патшалық кезеңдегі отарлаушылар) шамасы жеткенінше қазақ ұлтының тарихынан сыр шертетін ақпараттарды жиыстырып, өз мақсат-мүдделеріне орай пайдалануды көздеді. Одан қалды қызылдар билігі қазақ ұлтының рухын өшіру мақсатында өздерінің ел басына тудырған ылаңдарын қазақ ұлтына жауып (мәселен, саяси қуғын-сүргін жылдары бір-бірінің үстінен айыптап, «қол қойдырту» ісін қолдан жасап, «қазақ бірін – бірі сатқан» деген мазмұндағы теріс пікір және т.б.), мұрағат қойнауларын қазақты жасытатын «құжаттармен» толтырды. Алайда, әдеттегідей, табиғи заңдылыққа сай ақиқат пен шындық жүзі халыққа қайта оралды. Өкінішке орай, ұлтсыздандыру саясаты жылдарында жоғалған уақыт қаншама ұрпақты тексіздікке жетеледі. Алайда, солай десек те ұлтымыздың ауызша тарих айту дәстүрі әкелеріміз бен аналарымызды қазақтың күре тамырынан ажыратпады. Біз, бұл тұста қазақтың күре тамыры деп өмір мәнін, өмір ақиқатын түзу ұғындырған қазақы даналықты айтып отырмыз. Қазақы даналықты жанына сіңіріп өскендер қатары аз болса да, олардың ұлт мүддесі жолындағы қызметі ұлттық рухымызды көтеруге тірек болды.
Бойына қазақы даналықты сіңіргендер ғана ұлт жолында адал қызмет ете алады. Олай дейтін себебіміз, ондай тұлғалар ұлттың жанын түсінгендіктен, ұлтқа қол ұшын беруді адамдық борыш деп санайды. Осы бір өзекті мәселе туралы өткен ғасыр басындағы Алаш зиялылары тереңнен зерделеп, ұлт қызметшісі болудың қыр-сырын түсіндірген-ді. Осы бір өмірлік ұлағат санасы сергек, көңілі ояу жандарға өмірлік ұстаным екендігі де ақиқат. Сонымен, ауызша тарихқа қанып өскен қазақ балаларының арасынан дара тұлғалар табиғи қалыппен өсіп жетілді. Олар ел аузына таралған даналықты елмен қайта табыстыру ісі жолында күллі ғұмырларын арнады. Сөйтіп, бұрмалана бастаған қазақ ұлтының болмысын өз қалпына салып, қайта сомдауға күш салды. Төл тарихымыздың төрінен орын алған дара тұлғаларымыздың бүгінгі қазақ баласын тәрбиелеудегі рөлі тым биік. Сондай тұлғаларымыздың бірі – Ақселеу Сейдімбек.
Тәуелсіздік бақыты енді қолға түскен жылдары жасып қалған ұлттық сана мен төменшіктеген ұлттық рухты қайта көтеру ісіне ұлтжанды зиялыларымыз бір кісідей жұмылды. Құнды-құнды еңбектер жарияланып, қазақ ұлтын өзіне қайта табыстыру ісі қарқынды жүрді. Ұттық санасы биік тұлғалардың қазақты өзіне табыстыру ісіне қосқан үлестері де орасан зор болды. Түйіндеп айтар болсақ, Ақселе Сейдімбек сынды ұлтының жанын түсінген тұлғалар ұлтсыздандыру саясатының салдарынан өз өрісінен ажырай бастаған рухани тамырымызға қайтадан жол салды. Сөйтіп, «қазақ қандай ұлт еді?»,-деген сауалға ұлттық мүдде тұрғысынан қарап, империялық мүддедегі саясаткерлердің қазақ ұлтына қатысты қолдан жасап шығарған жасанды формуласының іргесін сөкті. Нәтижесінде, Қазақ ұлтының рухани тамырларына жан беріп, қазақ рухын көтеруге күш салды. Ақселеу Сейдімбектің «Кеңес Одағы кезінде жеке ұлттардың тек-тамырына үңілудің қажеті де болмады. Көптеген ұлттар өздерінің этногенетикалық тек-тамырынан көз жазып, сырттан зорлап таңылған «бұрынғы жабайы жұрт» деп келетін теориясымақты жатқа айтуға мәжбүр болады»,-деп жазғандары сөзімізге дәлел.
Ұлттық рухымыздың өзегі тарихи тұлғаларымыздың тектілік бейнесінде, ән-күй өнерінде, әке-ананың тарихи келбетінде және осы тектес мазмұннан өрбитін іргелі мәселелерде жатыр. Ақселеу Сейдімбек сынды қазақтың жанашыр ғалымдары жаһандану қарқынының екпінін сезіп, ұлтты сақтау ісіне өзіндік зор үлесін қосып кетті.
Мәселен, «Қазақтың күй өнері» кітабының «Тарихнама» және «Этнографиялық шолу» тарауларында көшпелі өмірдің қазақ ұлты ділінің өзіне тән ерекше қалпыпта болуына әсер еткендігін тереңнен сомдайды. Көшпелілер өміріңдегі ән-жыр, айтыс-дастандар, тіпті бақсылық өнердің белгілі бір аспапсыз айтылмағаны, айтылса да өз мәнінде орындалмағандығын зерделеп, ән-жырдың ұлттық тәрбиелеу ісінде ерекше қызмет атқарғандығын дәйектеген.
Қазақтың күй өнерінің қазақ ұлтының рухын биіктетудегі орны жете зерттелмеген тақырып десек-те артық айтпаған болар едік. Күй өнерінде қазақтың қатпарлы тарихы жатыр. Әрбір күй жай ғана саз емес, белгілі бір тарихи оқиға желісінен туындаған. Осы бір іргелі мәселені байыппен қараған Ақселеу Сейдімбек былай деген еді: «Осы уақытқа дейін қазақ музыкасының, дәлірек айтқанда, қазақтың музыкалық фольклорының бірі ғана қырына баса назар аударылып келгені аңғарылады. Ол - ән-күйлердің таза музыкалық туынды ретіндегі қасиеттері. Яғни ән-күйлердің әуендік, сарындық ерекшеліктеріне ғана мән беріліп келді. Ең талдап сөз еттік дегенде, сол ән-күйлердің музыкалық туынды ретіндегі жанрлық сипаты, ішкі құрылым-бітімі, орындалу ерекшеліктері тілге тиек болып отырды. Алайда, қазақтың аса бай музыкалық фольклорының екінші қыры - сөзбен байланысты филологиялық қыры назардан тыс қалып келді. Ән-күймен біте қайнасып жатқан өлең, жыр, толғау, аңыз, әңгіме сияқты көптеген жанрлар музыка зерттеушілері үшін филологиялық объект болып есептелсе, филологтар үшін музыкалық мұраның объектісі ретінде ескерусіз қалып отырды. Нәтижесінде, қыруар мұраның назардан тыс қалып, жиналмай келуі өз алдына, оған қоса музыкалық фольклордың синкретті болмысындағы тарихи-эстетикалық қадір-қасиеті де толық ашылмай келді. Әрине, мұндай жағдайда музыкалық фольклордың және онымен шендесіп жатқан күй аңыздарының да төл ерекшеліктері туралы ойдың өрбуі мүмкін емес. Бұл тұрғыдан келгенде, қазақ халқының тарихи - рухани шежіресінің құнарлы бір арнасы болып табылатын көл-көсір күй аңыздарын жинап бастыруды саралап зерттеудің мән-маңызы ерекше зор. Кезінде академик Мұхтар Әуезов былай деп жазды: «Күй аңыздарының көп екенін ел біледі, бірақ кітап, баспа білмейді. Егер олқылықтар толып, күйлердің көрікті аңыздары, тілдегі баяндауыш әңгімелер жазылса, онда қазақ халқының музыка фольклорына әдемі айшық, нақыш қосылуымен, мағыналы мазмұн анықталып, жалғасуымен қатар, ауызша фольклор да өзінің бір қысқа түрдегі көркем әңгіме, новеллаларын көп айтқан болар еді». М.Әуезов көтерген, жүзеге асуын арман еткен бұл проблема өзінің мән-маңызын әлі күнге жойған жоқ» [1].
Қазақтың күй өнерінің ұлттық болмыспен бірегей дүние екендігін дәлелдеген зерттеуші, күй өнеріне қатысты ел аузындағы аңыздарды баяндап, Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Тоқа, Қазанғап сынды тума таланттар өмір сүрген әрі қазақтың ән - күй өнерінің алтын ғасыры болған ХІХ ғасыр туралы: «Егер әрбір халықтың тарихтағы орны жалпы адамзат мәдениетінің дамуына қосқан рухани үлесімен өлшенер болса, онда қазақ халқының ұялмай бетке ұстары - музыкалық мұрасы болса керек. Бұл орайда, әсіресе ХІХ ғасырдың алар орны айрықша. Өзіне дейінгі талай ғасырдың сарын-сазынан нәр алған ХІХ ғасырдағы қазақ музыкасы бойын түзеген арудай сыланып шыға келді де өзіне бұрынғы-соңғы ғасырларды тәнті етіп, мәңгі ару күйінде қалып қойды» [1, 32 б.], - деп тұжырымдаған.
Ғалым қазақ халқының ертеден қалыптасқан өнерпаздық дәстүрі бойынша кез келген күй тартылмас бұрын білікті домбырашы сол күйдің авторын, күйдің шығу себебі, күйдің тартылу ерекшелігі, күйді кімдердің жеткізгені және қазіргі тағдыры жайында толық мағлұмат беретін әңгімесін айтып алатындығын да оқырман назарынан тыс қалдырмайды. Демек, күй өнері тұнып тұрған тарих. Ал, күйді орындаудағы мақсат - дала тарихының ұмытылмай, ауыздан ауызға берілуі, сонымен қатар ұлттық рухты биіктету болса керек-ті.
Ақселеу Сейдімбек қаламынан туындаған туындылар ұрпақты ұлттық рухпен тәрбиелеуде зор үлес қосуда. Мәселен, «Күзеуде», «Қыз ұзатқан», «Ақ қыз», «Біратым насыбай», «Ақиық», «Атамекен», «Алпамыс батыр» атты хикаяттары, «Тауға біткен жалбыз», «Рамазан мерген», «Қақпаншы», «Көңіл шіркін», «Зерде», «Олжа», «Аңшы өтірік айтпайды», «Айқас» деген әңгімелері, «Бақыт», «Бақ, Дәулет және Аман», «Әйел-Ана», «Махаббат», «Батпан құйрық», «Серілер мен перілер», «Қосаяқ», «Емші», «Бай, байғұс және би», «Бетпақдала», «Бір түп жусан», «Ақ ешкінің шағымы», «Ағыбай батыр» деген ертегілері, «Абылай хан», «Күннің қызы Күнікей», «Аққыз» атты киносценарийлер, «Солдаттың оралуы» деген либреттосы мен «Ойсылқара», «Қаныш берген қарындаш», «Жұлдыздар із тастап кетеді», «Сонар», «Шоқан Уәлиханов – публицист», «Батырдың анасы», «Күз ырғақтары» деген жиырма шақты очерктерінің тарихи мәні жоғары. Өйткені, олардың мазмұнында ұлттық идея жатыр. Сондай-ақ, «Сарыарқа», «Дәурен-ай», «Толғау» сияқты ұлт рухын көтеретін тамаша әндерін де саналы азамат жақсы біледі. Осы тұста Қойшығара Салғараұлының: «Ақселеу Сейдімбектің азамат ретіндегі болмысын айғақтайтын айқын қасиеттерінің ең бастысы – оның жалтақсыз ұлтжандылығы. Бұл ұлтжандылық – әйтеуір, бір ұлтқа тиесілі болғандықтан қиқуға ілесетін пендешіліктен ада, халқының қадір-қасиетін терең танып-түсінуден туындаған құрбаншыл ұлтжандылық. Содан да болуы керек, ол өзінің ғылыми-шығармашылық ізденістерінде ұдайы ұлттың рухани дәулетін еселеп, бұрын із түспеген соныға құлаш ұрып, жаңалыққа жаршы болып, әсіресе, халық мұрасының еленбей жатқан сырларын түгендеп отыруға айрықша құштар. Ол үшін қазақ ұлтының тарих аясындағы болмыс-бітімі біртұтас киелі жаралым. Содан да болар, оның ғылыми-зерттеу еңбектері бүтін қалпында парықтауға арналып отырады»-деп жазғандары ойымызға оралып та отыр.
Ақселеу Сейдімбек ұлтының жанын ұғынғандықтан да ұлтын қалтықсыз сүйе білді. Сондықтан да ол өз еңбектерін әрдайым «Қазақ» деп бастады, мәселен, «Қазақ әлемі», «Қазақтың қара өлеңі», «Қазақтың күй өнері», «Қазақтың ауызша тарихы» және т.б.
«Қазақтың ауызша тарихы» еңбегі қазақ ұлтының тарихын түгелдеуде ұлттық болмысыздың ерекшелігін көрсететін ауызша тарих айту дәстүріне ерекше ден қою керектігіне жол сілтейді. Шындығында да қазақ тарихы көп соққы көргендіктен (тарихи шындықтың бұрмалануы) әлі күнге дейін өз жоғалтқанын түгелдей алмай келеді. Көптеген мәселелер қазақ этносы мәселесі тұрғысынан қайта қарастырылып, өз мәнінде қайта зерделеуді де қажет етеді. Бұл уақыт талабы.
Сонымен, Ұлтының рухын көтеру ісіне өзінің тұлғалық келбетімен, ғылыми жанашыр ізденісімен, құнды туындыларымен өлшеусіз үлес қосқан тұлға – Ақселеу Сейдімбек. Ол қазақтың рухани өрісін жалғастырып, тектілік бейнесімен тарихта қалды.
Әрбір тұлғаның өмір сүрген уақыты мен ортасы түрлі болғанмен, оның рухани өрісі бір. Ол: еркіндік, батырлық, даналық, тектілік. Абай даналығында айтылғандай адамның басты парызы да сол. Адам болып дүниеге келген соң, әрбір адамға өзінің рухын ұдайы жетілдіріп отыру - басты парыз. Рух философиясының мәні осында жатыр. Отан тарихы дара тұлғалардан кенде емес. Өткен кезеңдерде рухты істің көріністері әр қилы. Қазақ тарихындағы ұлттық рухтың тұлғалық көріністері болар ақын – жыраулар, батырлар, би – шешендер, сөзбен айтқанда зиялыларымызды зор құрметпен айтамыз. Қазақтың бұрынғы мәдениеті батырлықтың феноменіне толы. Ерліктің субстанциясы Аристотель, әл - Фараби, И. Кант, Гегель, Абай, Шәкәрім, Жүсіпбек, Мағжан және басқа да ойшылдар зерттеген адам болмысының тұлғалық субстанциясы - интеллектінің шексіз мүмкіндігінде. Гегель жазғандай «Рух интеллект түрінде емес, ерік түрінде емес, интеллектіге негізделген ерік ретінде анықталады» [2].
Адам жанын ұғынған секілді ұлт жанын да түсіну қажет. Бұл абстрактілі түсінік емес, шынайы өмірден туындап отырған ақиқат. Ұлтының жанын ұғынып, ұлт болмысының сырына қаныққандар кісілік келбетті иеленіп, дара тұлғаға айналады. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір уақыты келгенде олардың абыроймен атқара білген ұлт алдындағы адал парызын кейінгі ұрпақ қайтарады. Бұл тарихтың ешкімнің иласына көнбейтін қатал заңы. Ақиқаттың Жаратушыдан, шындықтың адамнан екендігін ғылым сырын түсінген адам жаны тез ұғады. Ұлт адам қолымен жаратылған дүние емес, сондықтан ұлтыңның жанына желеу болып, адалдықпен қызмет ету өмір ақиқаты. Бұл ешқандай бұра тартуға да, көпірме сөзбен талқылауға да келмейтін дүние. Ұлт жанын ұғыну дегеніміз сол ұлттың болмысын жете білу деген сөз. Ұлттың болмысын жете білуге жетелейтін сол ұлттың тілі. Ана тілі арқылы ұлттық мінез бойымызға сіңеді. Ал өзге тілдерді игеру арқылы өзгелердің даму бағытын ұғынамыз. Ұлттық мінез өзіндік болмысты қалыптастырады.
Мемлекеттіліктің тұғыры халықтың мемлекетшілдік рухтағы тәрбиесіне, әсіресе зиялы қауым өкілдерінің ұлттық мүдде тұрғысындағы зиялы істеріне келіп тірелетіндігі ақиқат. Сондықтан да нағыз зиялыны қалыптастыру, тәрбиелеп шығару әр ұлттың орасан зор жетістігі болмақ. Ондай ұлттың болашағы да зор. Қазақтың даналық тарихына көз жүгіртсек тұлғаның зиялылық деңгейінің қалыптасуына, үнемі өсіп - жетілуіне терең мән берілгендігін аңғарамыз. Мәселен, Әйтеке бидің «Қасиетсізден хан қойсаң, қайыры болмайды. Батыры ессіз, биі парақор елдің маңдайының соры кереқарыс. Ел ағасы ақымақ болса, елін жау түгілі жолаушы тонар... Ездер ел басқарса, өз елін жаумен бірге тонаудан шімірікпейді. Құлдық ұрған көбейсе, жұтағанның белгісі, азамат деп жүргенің атасымен бұлданса жұтағанның белгісі» [3] – деген даналығы ұлт мүддесін ойлай білмейтін «зиялылардың» бейнесін сомдайды.
Тарихымыздағы есті хандар, кемеңгер билер, азулы ақын-жыраулар, ақылды аналар, көнекөз қариялар, ұлтжанды зиялылар әрқайсысы өз әлеуметтік мәртебесіне сай даналықпен Отанға қызмет еткен. Бұл мәселені ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай тарихты «ақыл көзімен» зерделей білген адам ғана терең түсінеді.
Қазақ тарихының ұлтты тәрбиелеудегі қуатын білген Ақселеу Сейдімбек жат пиғылдың қазақ ұлтының болмысына түсірген жараларын ұғынып, оны емдеудің бір ғана жолы ұлт тарихын қалпына келтіру деп ұғынды. Ұлтын сүйген ғалымның сөзімен айтсақ: Отарда болған елдің өз жүрегі өзіне шабуыл жасайды. Оның емі – рухани азаттық және рухани жаңғыру. Азаттық дегеніміз – өз еңбегің өзіне бұйырып, өз жүрегіңдегіні жасқанбай айта алуың.
ӘДЕБИЕТ
Сейдімбек Ақселеу. Қазақтың күй өнері. А., 2004
Гегель И. Феноменология духа, СПб. 1992. – С. 21
Есламғалиұлы М. Әйтеке би //Жұлдыз.- 5 мамыр.- 2003.- 82 б.
Ш. Б. Cағатова
Астана қ., Қазақстан
1920-1930 ЖЫЛДАРДАҒЫ ЖАЗБА ӘДЕБИЕТІ МЕН АУЫЗ ӘДЕБИЕТІНІҢ ДАМУЫНА САЯСАТТЫҢ ТИГІЗГЕН ӘСЕРІ
Төңкерістен кейін Қазақстанда орын алған саяси-әлеуметтік өзгерістер қоғамның әр саласындағы күрделі мәселелерді іс жүзінде шешуге келгенде қым-қиғаш пікірлер туғызды. Большевиктер барлық мәселеге таптық тұрғыдан келіп, пікір қайшылықтарын ушықтыра түсті. Оқыған зиялы қауым таптық принциптің қоғамдық-экономикалық, мәдени өмірдің мәселелерін шешудің әмбебап құралы ретінде қолданылуына ашық қарсы шыға бастады.
Қоғамның бай, кедей болып қақ жарылуы, большевиктердің барлық мәселені кедейлердің көзқарасы тұрғысынан шешуді ұсынуы мәдениет, әдебиет саласында көптеген қиындықтарды, түсінбеушіліктерді туғызды. Әсіресе, халықтың ғасырлар бойы жасап келген ауыз әдебиетін, әдеби мұрасын таптық тұрғыдан жоққа шығарушылық, сөйтіп, халықты рухани көзіден айырушылық ақылға сыймайтын іс еді. Осыны түсінген көзі қарақты зиялы қауым өз пікірлерін көпшілік алдына ұсынды.
Жиырмасыншы жылдардың бас кезінде қазақ әдебиеті жайлы «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан», «Ақ жол», «Жаңа әдебиет», «Шолпан», «Сана», «Темірқазық», «Лениншіл жас» т.б секілді басылым беттерінде қызу пікірталастар болып өтті. Бұлардың ішінде «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан» сияқты ресми басылымдар негізінен большевиктердің көзқарасын қорғады да қалғандары еркін пікір айтып жатты.
Төңкеріс жеңгенннен кейін соң партияның әдебиет жайлы бағыты белгілі бір бағытта болды да сол кезде әдебиет жайлы айтылған пікірлердің барлығында дерлік белгілі бір ғана бағыттың принципі жатты деуге толық болады. Сол кездегі әдеби сынның жалпы сипатын С.Мұқановтың «Еңбекші қазақ» газетінің 1923 жылғы 1-інші наурызында шыққан «Қара тақтаға жазылып қалмаңдар, шешендер», «Ақ жол» газетінде 1925 жылы 4 наурызында шыққан «Әдебиет мәселесі», Ж. Аймауытовтың «Лениншіл жас» газетінің 1925 жылғы №5 санында шыққан «Мағжанның ақындығы», 1926 жылы шыққан Ғ.Тоғжановтың «Мағжанның ақындығы, Жүсіпбектің сыны», 1925 жылы 22 қазанда «Еңбекші қазақ газетіндегі шыққан «Көркем әдебиет туралы марксшілдер не дейді? Жүсіпбек не дейді?» мақаласы, С.Сәдуақасовтың 1919 жылы «Трудовая Сибирь» журналының №1 санында шыққан «Қазақ әдебиеті», 1925 жылы «Лениншіл жас» газетінің 1 санында «Қазіргі дәуір – іс дәуірі», Н.Төреқұловтың 1925 жылы «Темірқазықтың», №2 санындағы «Сәкеннің «Асау тұлпарына», 1923 жылы шыққан «Темірқазықтың» №3 санында «Сәкеннің «Тар жол тайғақ кешуіне», жазған пікірлері, Ә. Бәйділдиннің «Көркем әдебиет туралы» «Еңбекші қазақ» газетінің 1925 жылғы №24,25,27 сандарындағы мақаласы, С. Қожановтың 1925 жылғы 2ақпандағы «Ақ жолдағы» «Жақындық па, жалақорлық па?», Д.Бабасұлының «Еңбекші қазақ» газетінің 1925 жылғы 21 мамырдағы «Әдебиет жайынан», С.Сейфуллиннің «Қызыл Қазақстандағы» 1923 жылғы №16 санындағы «Әдебиет және оның ағындары», М.Әуезовтің «Шолпандағы» 1922 жылы №2-3 санында шыққан «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі», Ж.Сәрсембиннің «Ақ жолдағы» 1925 жылы 18 мамырда шыққан «Әдебиетте ұлтшылдық қашан қалады?» секілді түрлі тақырыптарға, түрлі ыңғаймен жазылған мақалалардан анық аңғаруға болады. Тіпті, жекелеген шығармаларға жазылған Д.Кәкітайұлының «Санада» 1924 жылы №2-3 санындағы «Қорғансыздар», С.Сәдуақасовтың «Еңбекші қазақта» 1926 жылы 8 мамырда шыққан «М.Әуезовтің «Бәйбіше-тоқал трагедиясына сын», І.Жансүгіровтің «Тілшіде» 1923 жылы мамырда шыққан «Абай кітабы» сияқты рецензияларының өзінен-ақ концептуальды ойлардың өзегін көреміз.
Көркем әдебиет туралы пікіралысулар қызып жатқан кезде ҚазАПП ұйымы құрылып, оған қарсылар «Алқаның» төңірегіне топтаса бастаған 1925 жылы маусымның 18-күні РКП (б) Орталық Комитетінің «Партияның көркем әдебиет саласындағы саясаты туралы» арнаулы қаулысы шығып, онда әдебиет саласында да мәдени революция жасау ауқымында партия ұстанған бағытта түбірлі өзгерістер жасауды ұсынды. Бұл оқиға жүріп жатқан әдебиет жайлы пікірталасқа май құя түсті де әдеби сын саяси сипат ала бастады. Төңкерісшілер көркем әдебиеттен таптық принципті қатал түрде талап етті де ұлтжанды қаламгерлер бұл бағытқа барынша қарсы тұрды.
Әдеби айтыстар негізінен әдеби мұраға деген көзқарастан өрбіді де әдебиет дегеніміз не, оның табиғаты, тап ақыны бар ма, ақын кім, ол кімдерден үлгі алуы керек, қазақта таптық әдебиет бар ма, бар болса, оның өкілдері кімдер, қазіргі әдебиет техникамен байланысты ма, қазақ әдебиетінде қанша бағыт бар, әдебиетіміз қай бағытта дамуы керек деген сияқты сан сауалдар төңірегінде қызу таластарға ұласты. Әдеби айтысқа С.Мұқанов, Ә.Бәйділдин, Ғ.Тоғжанов, Қ.Кемеңгеров, Ж.Сәрсенбин, С.Сәдуақасов, М. Дәулетбаев, Е.Алдоңғаров, Екеу, С.Сейфуллин, Ы.Мұстамбаев, Ш. Тоқжігітов, т.б. белсене араласып, пікірлерін ашық білдірді.
Осындай пікірталастың барысында әдебиет қоғаммен бірге дамып отыра ма деген мәселеде «Ақ жол» газетінде Тікеннің №556, №558, 571 сандарында, Пошанның №574, №576 сандарында «Әдебиет ісіне техниканың керегі жоқ, қиыстырып, кестелей білсең, онсыз-ақ түрленеді, күшейеді». Ж.Аймауытов «Техника (әдіс өнері) мен әдебиет ол ұстасып жүре бермейтін шағы да болады. Әдебиет озып кетуі де мүмкін. Көш бастауға да мүмкін. Қалып қоюға да мүмкін» деген болатын. Осы пікір кейбір ресмилерге ұнамай қалды да, «Еңбекші қазақ» газеті артынша-ақ «Тікеннің мақаласы туралы» 1925 жылы 30 мамырда ескертпе басты. ҚазАПП-тың ұйымдастыру бюросының мүшесі Ә.Байділдин бұл пікірдің дұрыс емес екендігін дәлелдеп «Еңбекші қазақтың» 1925 жылғы №24.25.27 сандарында бірнеше нөмірінде сериялы мақала жазды. Онда «техникасыз-ақ әдебиет күшейеді» деп жаңадан Америка ашқан. Техникасыз әдебиет күшеймейді. Әдебиет күшеюіне түпкі себепкер – техника» деп, қарсы шықты. Себебі «Әдебиет - салт - сананың бір түрі, салт-сананың түпкі сүйеніші – техника».
Әбдірахман әдебиеттің қоғамдағы орны, міндеті жайлы: «Көркем әдебиеттің әлеуметтік өмірде атқаратын міндеті зор. Көркем әдебиет «тілге жұмсақ, жүрекке жылы тиіп» оқушылардың сезімі мен ойын тәрбиелейді. Көркем әдебиет адамдардың мектеп пен тұрмыс тәжірибесінен алатын білімін бойға сіңіріп, қосымша білім береді»[1,45-б] - деген. Автордың таптық позициясы айқын: «қазақты хан билеген, батыр бастаған, би басқарған замандағы» «көркемдік, әдемілік жаулығын бүркенген зиянды әдебиет жұрнақтарынан» [1,-46-б] сақтандырады. Кезінде Ә.Бөкейхановқа адьюдтант болған Ә.Бәйділдин төңкерістен кейін коммунист партиясына өтіп, өлкелік партия комитеті баспасөз бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып жүріп, әдеби сынға белсене араласуы заңды. Бұл сыншының қызмет бабына байланысты да болу керек, пікірлерінде көркем әдебиетті Маркс – Ленин ілімі тұрғысынан түсіндіру жағы басым. Қазақта төңкерісшіл, байшыл ақын жазушылар бар ма деген пікіралысудың барысында оған қатысушы пролетариат әдебиетін жақтаушылар және оған қарсылар болып, екіге бөлінді.
Ресми орындар әдебиеттің таптығы принципін өмірге енгізу бағытындағы жұмыстарын өрістетіп жатқан тұста Ташкентте шығып тұрған «Ақ жол» газеті әдебиет жайлы пікір алысуды әдебиеттің таптығы мәселесіне қарай бұрып, көптің пікірін білдірді. «Ақ жолда» жарияланған мақалалар негізінен қазақ әдебиетінде тап ақыны жоқ дегенге сайды. Жүсіпбек Аймауытов: «Тап ақыны әзір қазақта жоқ. Бірақ болуға мүмкін. Қазақ жазушылары, ақындары төңкеріске жолдан қосылды. Бір қанаты төңкеріс рухымен суарылса, екінші қанаты ұлтшылдықпен суарылып қалғаны... «Әдебиетіміздің ендігі беті төңкерісшілдік, бұқарашылдық болу керек. Бұрын оянған ұлт сезімін тұншықтыру емес, тегістік, теңдік жолына икемдеп, дұрыс жүйеге, қалыпқа түсіру болу керек» [2] 1925 жылғы 1 сәуірдегі «Ақ жол» газетінде жазған болатын. Байқап қарасақ, Ж.Аймауытов жазушыларды тапқа бөлуді емес, бұқарашылдықты ұлтшылдықпен айыптау емес, теңдік жолын ұсынып отыр.
«Қазақта тап ақыны жоқ» деген Жүсіпбектердің пікірін Ә.Бәйділдин қате, адасушылық деп тапты. Ол «қазақта тап бар, тап болғанда да бүгін, не кеше ғана туған жарымжан, белгісіз тап емес, ертеден бері бар, белгілі тап. «Қазақта тас жоқ» дейтіндер зауыттардағы, кендердегі, балық кәсібіндегі, тағы басқа өндіріс орындарындағы санасы жаңа өсіп келе жатқан жүздеген, мыңдаған жұмыскерлерімізді қайда жасырып қоймақ.
Қыр қазақтарында да тап бар. Қазақтың өз тұрмыс-тіршілік ерекшелігіне қарай шаруа теңсіздігі, зорлық – зомбылығы, бай-кедейі, жарлы-жалшысы бар... Міне, қаладағы, қырдағы осы таптардың өмірі, күресі әдебиетте өз көрінісін табуға тиіс.
Төңкерістен бұрын-ақ бұл тап тартысы, тап теңсіздігі әдебиетте өз елесін берген. Абайдан да, Сұлтанмахмұттан да өз суретін тапқан. Ендеше кеше болған таптық әдебиеттің бүгін жойылып, жоқ болып кеткеніне жол болсын?!» [1,2-б] – дейді де сол кездегі қазақ әдебиетіндегі қаламгерлерді үш топқа: байшылдарға Мағжанды, жұмысшы-шаруаға Сәкен мен Сәбитті, Бейімбетті, жолбике-бұқарашыларға Жүсіпбекті жіктейді.
1926 жылы күзде С.Мұқановтың «Көркем әдебиет туралы» «Еңбекші қазақ» газетінің 1926 жылы 14-15 қазанда мақаласы шығып, жүріп жатқан пікірталасқа жаңа қарқын әкелді. Сол жылдың сәуір айында өткен өлкелік партия комитетінің пленумында партияның бірінші хатшысы Голощекин жасаған «Қазақстанға Кіші Октябрь керек» деген авантюрлық ұсынысын қолдай отырып, жазылған мақала «Кіші Октябрь керек болса, кіші үгіт те, кішкене айғай да керек» - деп, саяси мақсатты көздегені көрініп тұр. Сәбит осыған дейін әдебиет туралы болған пікірталасуларды «Бұл айтыс «сын» емес ұрыс сықылды еді. Бұл жанжалдың арты тиянақты бір мәселеге тірелген жоқ»[3] - дей келіп, «қазақта тап ақыны бар ма?» деген мәселеде «коменес ақындардың бетін айғыз-айғыз қылдық, тап ақынын жоқ қылып шығардық, ұлтшыл ақындарға жол аштық деп ұлтшыл сыншылар жүрді; «тап ақыны бар, ұлтшыл ақындарға кедергі салдық», - деп коменес сыншылдар жүрді» [3] - дей келіп, осы мәселенің маңыздылығын, сондықтан да тиянақты шешу керектігін алға тартқан.
М.Дәулетбаев «Сыншылар мен көркем әдебиет» мақаласында «Еңбекші қазақта» 1926 жылы 30 желтоқсанда шыққан мақаласында көркем әдебиетті дамыту үшін сынның қажет екендігін, «Әдебиет пен сынды бірізді қатар өсіру, қатар жүргізу керектігін» мәселе қылып көтерді. «Әдебиет жас болған сияқты сын да жас», «Осы күні әдебиетке сыншылар қолына қалам ала қит етсе сөгіп тастайтындар (сын бере салатындар) аз емес» - дейді де сында орын алған кемшіліктер жайлы Ерғали Алдоңғаровтың «Жазушылар мен көркем әдебиет» деген мақаласындағы айтылған ойларға сын көзімен қарай отырып әңгіме етеді.
«Көркем әдебиет туралы» [4] «Еңбекші қазақта», 2.2.1927) мақала жазған Ж.Сәрсенбин «Қазақта тап ақыны жоқ емес, бар. Бірақ нағыз таза жұмыскер таптың дара шыққан ақындары қазақта қазір жоқ ... Осы күнгі қазақтың тап ақыны деп жүрген жолдастарымыз Сәкен, Сәбит, Бейімбет біздің мұнау айтып отырған жеке жұмыскер табының дар ақыны емес. Бұлар кедей қара шаруа ақындары» [4] - деп, негізінен С.Мұқановтың «тап ақыны бар» дегенін жақтады. Бес тараудан тұратын көлемді мақаланың дені Қ.Кемеңгеровтің Сәбитті сынаған пікірлерінің дұрыс еместігін дәлелдеуге арналған.
Саяси қуғындардың аяғы 1929 жылғы үстем тап аталған байларды, қазақ ақындарын халық жаулары ретінде жою зобалаңдарына апарып соқтырды. А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов сынды ұлтжанды жазушылармен бірге жиырмасыншы жылдары өткен әдеби таластарға белсене қатысып, ұлттық бағытта пікір білдірген қоғам, мәдениет қайраткерлерінің алды ұстала бастады. Бірақ та әбден қызып алған айтыс саябырсымады, қайта өрши түсті. Пікір таластырушылар бір-бірімен ұстасуын тоқтатпады.
ӘДЕБИЕТ
1. Байділдин Ә. Тікеннің мақаласы туралы. // Еңбекші қазақ. 30 мамыр. 1925. №24.25.27.
2. Аймауытов Ж. Тап ақыны әзір қазақта жоқ. // Еңбекші қазақ. 4 cәуір. 1925.
3. Мұқанов С. Көркем әдебиет туралы. // Еңбекші қазақ. 14-15 қазан. 1926.
К.А. Тлегенова
Астана, Казахстан
АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕКТІҢ ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗ БЕТТЕРІНДЕ ЖАРИЯЛАНҒАН МАҚАЛАЛАРЫНЫҢ КОЛДАНУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Бүкіл әдебиет атаулыны асқар биік тау бейнесінде көріп, ал поэзияны оның асыл шоқтығы ретінде таныған, оған бас иіп табына білген үлкен тартыс дауылы қанаттандырған жалынды күрескер ақын Ақселеу Сейдімбектің өмірлік, әсемдік сырлары мол талантты шығармалары қазақ әдебиеті тарихының төрінен ерекше орын алады. Туған халқының игі арманы мен өткір мақсатын ұштастыра білген Ақселеу ұйқысыз көз ілмей жазған дүниелері ұйқылы-ояу ұлтына әрқашан демеу болып, дарынды шығармашылық өсу жолында ұлы өнер қайраткерлерінің қатарына ерте көтерілді.
Жаңа өмірді, жаңа мәдениеті жасаудың ауыр жүгін көтеріп, тұтастай бір ұлттың өлгенін қайтып тірілтіп, ұмытылғанын қайта жаңғыртып бір ғана адамның қолынан келе бермейтін дүние екенін көрсете білді. Ендеше, қазақ әдебиетінде оның соны дәстүрін қалыптастыру, сөз жоқ, ұлы талант иесіне тән сипат деп ұғамыз.
Ақселеу Сейдімбекті еске алғанда, тұтастай қазақтың шежіресі, қазақ әдебиетінің негізін қалаған жазушы салтанатты сарайын да салысқан адам деп танимыз. Ақселеу Сейдімбек қазақ әдебиетінің жаңа дәуірі іспеттес ол әдебиеттің барлық жанрында да алдынғы, озық қатарда болып, барлығында ескірмес, өшпес үздік үлгілер жасады. Сол себепті Ақселеуді қазақ әдебиетіндегі жаңа адам ретінде көре аламыз. Жалпы айтқанда, Ақселеу Сейдімбектің басылым беттерінде жарық көрген мақалаларын есептемегенде, «Күй шежіресі» мен «Қазақтың күй өнері» атты екі бірдей кітабы жарық көрді және әдебиетіміздің тарихында күй аңыздары - Ақселеу Сейдімбек еңбегінің негізгі нысанасы. Өйткені бұл музыкадан гөрі фольклорға, әдебиетке жақын, күйдің тууына себеп болған жағдайларды, оның туу процесін таныта алатын аңыз-әңгімелер. Осы күнге дейін музыкалық фольклордың өзін ғана сөз етіп, оның филологиялық сыңарын сөз етпей келген болсақ, Ақселеу соның орнын толтыра зерттеген лирик-романтик ақын, көркем шебер тілді прозашы, драматург, көсем-сөзші, әдебиет сыншысы, әдебиет тарихын, фольклорды зерттеуші ғалым-педагог ретінде бағаланады.
- Сондай-ақ Ақселеу-қазақ баспасөзін ұйымдастырушы редакторлардың бірі, оқырманға алдымен қаламы жүйрік журналист ретінде танылды, оның публицистикалық еңбектері журналистиканы жаңа деңгейге көтерді. Жәнібек Кәрменов екеуінің қазақтың ән өнері туралы сыр-сұхбаттар сериясы қазақ телевизиясының алтын қорына кірді. Өз туындыларына көптеген әнмен, күймен біте қайнасып жатқан өлең, жыр, толғау шығарған композитор. Қазақстанның жоғарғы оқу орындарында әдебиет тарихы мен фольклорынан дәріс оқып, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бірыңғай ғылыми жұмысқа ауысып оқу орындарын басқарған ұстаз–тәрбиеші. Ы.Алтынсарин атындағы Білім проблемалары институтының директоры, Қазақ Білім академиясының президенті, Президенттің мәдени орталығы директорының орынбасары қызметтерін атқарды. 2000 жылдан бастап Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, профессоры болып істеді. Осындай сан қилы дарындылыққа ие болып, асыл қасиеттерге көмілген Ақселеу Сейдімбек тұлғасы болашақ үшін әрдайым биік болып қала береді.
Ақселеу Сейдімбек аса көрнектілікпен қызу күрес үстінде дамыған жазушылық қызметі өте-мөте қызықты. Өз дәуірінің шындығын үлкен ақындық шабытпен дер кезінде жырлауы-бұл ақынның қазақ әдебиетінің қалыптасу тағдырын шешкен күрделіде тың шығармашылығының, туындыларының тұңғиыққа енуі.
Өнер жолына ерте қанат қағып, биікке шарықтай өрлеген ақын Ақселеу Сейдімбек қашан да өз халқының бақыттылығын, азаттығын жастайынан өз көзімен көруін аңсады. Қайнаған қызу өмір оның ақындық жан-дүниесін билеп, жаңа шығармалар бірінен соң бірі туып, жігерлі сезімі бірте-бірте тереңдей түсті.
Ақселеу Сейдімбекті тек зерттеуші-ғалым ретінде тану аздық етеді. Оның қолына қалам алған күннен бастап баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары оның публицистикаға да етене жақын екендігін көрсетті. Жалпы, біздер Ақселеу Сейдімбекті ұлттық журналистиканың негізін қалаушылардың қатарына да жатқызатындығымыз сондықтан.
Ақселеу Сейдімбек тұлғасы қазақ елін өркениетке қалай жеткіземін, басқалармен терезесін қалай тең етемін деп ойлағандықтан дараланбақ. Ол өзінің өлең-жырларында, көркем шығармаларында ғана емес, әрбір істерінде де осы арманын көрсетіп, дәлелдеп отырды.
Ақселеу Сейдімбек - шынайы қоғам қайраткері. Бұл «лауазымды» үлгі өнегесі бар пенденің іс әрекетіне қарап, ешбір жарлықсыз халықтың өзі береді. Осының бәрі бір адамның бойынан табылуы-тарихтағы өте бір бақытты сәт. Міне, сондықтан Ақселеу Сейдімбектің талай асыл қырларымен дараланып, тарих бетінен мейлінше жарқырап көрінетіні де осыдан.
Осыншама үлкен парасат, атақ-даңқты өмір өткелдерінен аударып төңкермей өтуіне Ақселеу Сейдімбектің асыл қасиеттері, әсіресе адалдығы, қандай ауыр дүниеге түссе де, өкінбейтін табандылығы, бір сөзбен айтқанда, кімді болсада, сүйсіндіретін арлы азаматтығы екені баршаға аян. Сенгеніне құлай берілу, иман деп тапқанынан табан аудармау, көз жазбау, алданып қалмаймын ба деп ойланбау, –көзсіз табандылық. Осы принцип Ақселеу Сейдімбекті әр қилы өмірде бірде сүріндіріп, бірде жарқыратып көрсетіп отырды.
Ол, – әдебиеттанушы және этнограф ғалым ретінде ұлттық төлтумалықты айғақтауға елеулі үлес қосты, қазақтың қара өлеңдері мен күй аңыздарын жүйелеп, ғылыми айналымға түсірді. Қазақстанда этнографиялық және этнологиялық ізденістердің жандануына ықпал етті. Ақселеу Сейдімбектің есімі зерделі өнер зерттеушісі әрі өрісті өнер иесі ретінде халқымызға кеңінен танылды. Қазақтың дәстүрлі әншілік өнерін тұғыр ете отырып, «Сарыарқа», «Дәурен-ай», «Толғау» сияқты ұлт рухын көтеретін тамаша әндер шоғырын дүниеге келтірді.
Ақселеудің баспасөз беттеріндегі ғұмырын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады.
1) Қазақ публицистикасындағы жаңғыру кезеңі (1957-1977 ж.ж.);
2) Тоқырау кезеңі (1978-1985 ж.ж.);
3) Жариялылық кезеңі (1985-1990 ж.ж.).
Осы үш кезеңде де жазушы қаламы мұқалған жоқ. Қайта тыңнан түре салған мақалалары мен зерттеу кітаптары осы кезеңдерде қазақ оқырманының қолына тиді. Әсіресе, тәуелсіздік алған жылдардан бастап ұлттық журналистиканың қарыштап дамуына сүбелі үлес қосты. Мысалы, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ұлттық сарындағы публицистика туды. Алайда Ақселеу Сейдімбектің кеңестік кезеңнен бастап ұлттық сарында жазған дүниелері тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық публицистиканың дамуына өлшеусіз үлесін қосты. Күлтегін жазбаларында із қалдырған тарихтан бүгінге дейінгі тәуелсіздік идеяларын саралау бағытында «Тарих және тәуелсіздік» атты зерттеу мақаласы ұлттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдады. Ұлттық сипаттағы көптеген публицистикалық ойлары біртіндеп басылым беттерінде шыға бастады. Негізінде Ақселеу Сейдімбектің көптеген мақалалары «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрді. Өйткені жазушы-ғалым өмірінің бір кездері аталған газетте меншікті тілші қызметін атқарса, кейінгі өмірін Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінде өткізді. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап ұлттың басына төнген қатерді жазуымен түземек болған Ақселеу Сейдімбек бірнеше мақалаларын, очерктерін, хаттарын, зерттеу мақалаларын қазақ басылымдарында үзіліссіз жариялап отырды. Соның бірі 1994 жылы республикалық «Ана тілі» газетінде жарық көрген «Ұлт басына төнген қатер» атты көлемді мақаласы болатын. Мұнда автор Қазақстан Республикасының Жоғарғы кеңесінің Конституциялық сотының ұлттық Қауіпсіздік комитетінің назарына ұлттық алалауды тоқтату, мемлекетті құрайтын негізгі ұлттың абыройын қандай жағдайда болмасын түсірмеуін өтінеді. Одан соң араға бір жыл салып 1996 жылы тағы да сол ұлт газеті атанған «Ана тілі» апталығында ҚР сол кездегі Мәдениет министрі Т.Мамашевке қаратып «Ұлт мүддесі мәңгілік серігіміз!» атты мақаласы жарық көреді. Мұнда қазақ ұлтының мәдениеті мен әдебиеті, өнері мен тарихына байланысты деректердің сыртқа шығарылып, халық санасына тікелей жету керектігі жайлы сөз қозғайды.
Ақселеу Сейдімбек отызға жуық көркем, ғылыми-көпшілік, монографиялық еңбектер жазып, соңына мол мұра қалдырған еңбегі лайықты бағаланып, ол Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанып, «Құрмет» орденімен марапатталды. Сөйтіп жауапты мемлекеттiк лауазымдарда атқарған қажырлы қызметiмен танылып, халық құрметiне бөлендi. Тiрлiктiң түрлi белестерiнде табиғат берген ширақтық пен ақыл-ойдың, парасат-пайымның арқасында қоғамымыздың белдi де белсендi мүшелерi қатарынан лайықты орынға ие болған мәртебелi жан.
Халықта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген асыл сөз бар. Біз артта қалған шәкірттері Ақселеу Сейдімбекті әрдайым айналасына мейірім мен қамқорлық шуағын төгіп жүретін нағыз азамат ретінде құрметтейміз, мақтан етеміз.
Ол дарынды педагог-ғалым, жоғары мектепті ұйымдастырушы, белгілі қоғам қайраткері – осының барлығы оның жеке тұлғасының жан-жақты қырларын көрсетеді. Ақселеу Сейдімбектің белсенді өмірлік ұстанымы, терең патриоттық сезімі, ғылыми шеберлігі, іскер еңбегі Отанға қалай қызмет етудің нағыз үлгісі болып табылады.
Ақселеу Сейдімбектің 70 жылдық мерейтойының қарсаңында өздеріңіз оқып біліп жүргендей баспасөз бетінде Ақселеу Сейдімбектің бүгінгі үрдісі қалыптасуының куәсі болып отырсыздар.
Көріп отырсыздар өмірде бұралаң жолы көп болған, бірақ сенімінен айнымаған, адалдығымен, табандылығымен таң қалдырған және оның бәрін буы білініп тұратын сезімімен, сырын жасырмайтын ақындығымен жарқырата көрсеткен азамат туралы кейінгі ұрпақтың айтқан ой-пікірі, таным билігі мен көзқарасы шын дарынның тарихтағы ізін, өрелі іс әрекетін, қашаңда халқым, жерім деп соққан жүрегін ешкімде солай емес еді деп айта алмасы сөзсіз.
Ақселеу Сейдімбек – қазақ әдебиетінің бар жанрында алғаш күрделі шығарма берген жаңашыл да батыл суреткер. Бар өмірі идеялық шығармашылық тартысқа, қоғамдық күреске, жаңашылдық ізденуге толы Ақселеу Сейдімбектің суретшілдік жағынан кемелденіп жетпеген ой-қылығы оның өршіл, турашыл, алғыр ұлы ақындық тұлғасына көлеңке түсіре алмайды. Бір біріне қарама-қарсы қаншама айтыс, тартыс сындар туса да, Ақселеу Сейдімбектің қазақ әдебиетінің дамытудағы тарихи ролі асқақтай түседі.
Ақселеу Сейдімбекке деген халық махаббатында шек жоқ.
Ақселеу Сейдімбек шығармалары адамгершілік, көркемдік жағынан болсын, біздің кемеліне келген бүгінгі әдебиетіміздің асқар таудай аса зор тірегі саналады. Оның шығармаларын оқыған, толық түсінген бүгінгі және ертеңгі қауым өзінің Ақселеу Сейдімбек туралы жаңа ойын дамыта беретіні даусыз.
Ұлы ғұлама философ әл-Фарабидің: «Жақсы мінез-құлық пен ақыл күші болып екеуі біріккенде – бұлардан адамшылық қасиеттер туындайды» - деген данышпандық ойы мақала арқауы болып отырған – Ақселеу Сейдімбек секілді ізгі жанға арналғанын түсіну қиын емес.
Ақселеу Сейдімбек – тылсым дүние, тұнып тұрған білім маржаны, ғылымның көкжиегіне көз жіберіп тұрған ғалым.
Қай заманда болсын, адамның адамшылық келбеті, ішкі болмысы, рухани жан дүниесі ең негізгі сұлулық болып қала бермек. Мен Ақселеу Сейдімбекті осындай жаны сұлу, бауырмал әрі қайырымды ел азаматы қатарына жатқызамын. Қажыр-қайраты мен ел тамсанған таланты, кішіпейіл міңезіңіз бен шәкірт сүйсінген «Ұстаздық тұлғасы» – бізге үлгі, өнеге. Осы арнауымда өз еліне, туғандарына, қоршаған ортасына өзінің жақсы қасиеттерімен пайдасын тигізіп, мейіріміне бөлеп жүрген біздер үшін, яғни шәкірттеріне ең қымбат, ең жақын адам – ұстазымыз Ақселеу Сейдімбек туралы аз да болса, шын жүрегімнен шыққан лебізімді білдіргім келді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. Астана, 2002.
Тұрғынбаева Б.А. Ұстаздық шығармашылық. Алматы-2007-186 б.
М.П. Ықылас
Астана қ., Қазақстан
АҚСЕЛЕУ – ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ МЕН ЖУРНАЛИСТИКАСЫНЫҢ
БИІК ШЫҢЫ
Ақселеу Сейдімбек - ХХ және ХХІ ғасырдың алып кемелері қабырғаласар кезеңде қазақтың халықтық өнерінің, қазақ мәдениеті және салт-дәстүрлерін өз бесігіне бөлеп алу ісінің, қазақ тілі мен дінінің бір ізге түсірілуіне көзге көрінер еңбек сіңірген айтулы қоғам қайраткері, қаламгер.
Ұлылықтың үлгісіндей болған Ақселеу Сейдімбек – халқымыздың өр рухының, өнегелі салтының, өрелі қалпының аса көрнекті өкілі еді. Туған халқын, оның төл тарихын, салт-дәстүрін, тілі мен дінін жан-тәнімен сүйіп, бойындағы тәңірі берген бар қабілет-дарыны мен қайрат-жігерін ұлт игілігіне арнаған үлкен парасат иесі еді. Ел егемендігін алып, өз тізгіні өз қолына тиген кезге дейін-ақ Ақаң көп адам айта бермейтін, айтса да жаза бермейтін қазақтың көне мәдениеті мен рухани шежіресін шырылдай жүріп жаңғыртып, қызғыштай жүріп қорғай білді.
Көз майын тауысып «Күңгір-күңгір күмбездерді» жазды, мамырлатып «Мың бір маржанды» жазды, күмбірлетіп «Күй шежірені» жазды. Сөйтіп қазақи үрдіске тән көрнектi кесенелер мен сарайдай сағаналарамызды, қызыл тілге сүйенген сөз өнері мен шешендік мол мұраларымызды, қасиетті қара домбырамызды, одан туған кемеңгер туындыларымызды кілемдей тоқып, өрнектей өріп берді.«Даланың ауызша тарихын» жарыққа шығарып, қазақ шежіресін ғылымның шырқау шыңына көтерді.Сол арқылы қазақтың әдебиетін ғана емес, қалың тарихын да тереңдетті. Ілкіден іргелі ел, жоралы жұрт болғанын дәлелдеді.
Көрнекті әдебиеттанушы ғалым, этнограф, өнер зерттеушісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ақселеу Сейдімбек 1942 жылы 12 желтоқсанда Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы Байдалы би ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген соң өмірінің әр кезеңінде «Жас Алаш», «Орталық Қазақстан», «Егемен Қазақстан» газеттері, «Зерде» журналы, «Әлем» альманағы редакцияларында түрлі шығармашылық басшы қызметтерде болды.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бірыңғай ғылыми жұмысқа ауысып, Ы.Алтынсарин атындағы Білім проблемалары институтының директоры, Қазақ Білім академиясының президенті, Президенттік мәдениет орталығы директорының орынбасары қызметтерін атқарды. 2000 жылдан бастап Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, профессоры болып істеді.
Ақселеу Сейдімбек алдымен оқырманға журналист ретінде танылды. Оның публицистикалық еңбектері журналистиканы жаңа-деңгейге көтерді. Жәнібек Кәрменов екеуінің қазақтың ән өнері туралы сыр-сұхбаттар сериясы Қазақ телевизиясының алтын қорына кірді.
Ол әдебиеттанушы және этнограф ғалым ретінде ұлттық төлтумалықты айғақтауға елеулі үлес қосты; қазақтың қара өлеңдері мен күй, аңыздарын жүйелеп, ғылыми айналымға түсірді. Қазақстанда этнографиялық және этнологиялық ізденістердің жандануына ықпал етті.
Ақселеу Сейдімбектің есімі зерделі өнер зерттеушісі әрі өрісті өнер иесі ретінде халқымызға кеңінен танылды. Қазақтың дәстүрлі әншілік өнерін тұғыр ете отырып, «Сарыарқа», «Дәурен-ай», «Толғау» сияқты ұлт рухын көтеретін тамаша әндер шоғырын дүниеге келтірді.
Ақселеу Сейдімбек — Қазақстан Республикасы Ұлттық Кеңесінің, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қоғамдық кеңесінің, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының, ПЕН-клубтың мүшесі. Ол — «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты он томдық толымды еңбек авторларының бірі.
Оның «Күй-шежіре», «Көшпелілер тарихы», «Қазақ әлемі», «Қазақ¬тың ауызша тарихы» сияқты іргелі еңбектері ұлт руханиятының бағалы қазынасына айналды. Ол ел бірлігін сақтау, мемлекет тәуелсіздігін нығайту, ұлт руханиятын ұлықтау тақырыбына көптеген тағылымды еңбектер жазды.
Отызға жуық көркем, ғылыми-көпшілік, монографиялық еңбектер жазып, соңына мол мұра қалдырған, Ақселеу Сейдімбектің еңбегі лайықты бағаланып, ол Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанып, «Құрмет» орденімен марапатталды.
Ақселеу Сейдімбектің қаламынан «Күзеуде», «Қыз ұзатқан», «Ақ қыз», «Біратым насыбай», «Ақиық», «Атамекен», «Алпамыс батыр» атты хикаяттар әдебиет әлеміне жол тартты. «Тауға біткен жалбыз», «Рамазан мерген», «Қақпаншы», «Көңіл шіркін», «Зерде», «Олжа», «Аңшы өтірік айтпайды», «Айқас» деген әңгімелер жазды. «Бақыт», «Бақ, Дәулет және Аман», «Әйел-Ана», «Махаббат», «Батпан құйрық», «Серілер мен перілер», «Қосаяқ», «Емші», «Бай, байғұс және би», «Бетпақдала»,»Бір түп жусан», «Ақ ешкінің шағымы», «Ағыбай батыр» деген ертегілерді туындатты. «Абылай хан», «Күннің қызы Күнікей», «Аққыз» атты киносценарийлер, «Солдаттың оралуы» деген либретто жазды. «Ойсылқара», «Қаныш берген қарындаш», «Жұлдыздар із тастап кетеді», «Сонар», «Шоқан Уәлиханов – публицист», «Батырдың анасы», «Күз ырғақтары» деген жиырма шақты очеркті өрнектеді. Ақселеу Сейдімбектің есімі зерделі өнер зерттеушісі әрі өрісті өнер иесі ретінде халқымызға кеңінен танылды. Қазақтың дәстүрлі әншілік өнерін тұғыр ете отырып, «Сарыарқа», «Дәурен-ай», «Толғау» сияқты ұлт рухын көтеретін тамаша әндер шоғырын дүниеге келтірді. Өзі де күй тартқанда кез келген дәулескер күйшіден қалыспайтын жан еді.
Ақселеу туралы әңгімеде оның ғылым саласындағы салиқалы еңбектері екшеліп, егжей-тегжей талданып, таратыла таразыланады да, қаламгерлік қыры ақтүсті, жол-жөнекей айтылумен шектеліп жүргені шындық. Ал ақиқатына жүгінер болсақ, алдымен Ақселеудің атын шығарып, есімін елге танытқан әдеби шығармалары. Оның жорналшыдан басталған шығармашылығы ұзамай көркем әдебиет ауылына қоңсы қондырған. Бұл әсте әуестік емес, шынайы шығармашылық қасиет-дарынның жемісі еді. Іле-шала төрт бірдей кітабы жарыққа шығып, ол бірден белгілі қаламгерлер қатарына қосылған. Әсіресе, «Күзеуде», «Аққыз», «Ақиық», «Қыз ұзатқан», «Бір атым насыбай» повестерімен туған әдебиетіміздің қатары тағы бір талантты жазушымен толысқанын оқырмандар да, әдеби орта да қуана қарсы алғаны ақиқат. Бұл жерде жас жазушының өз тақырыбымен, өз жазу мәнерімен келгендігін айту парыз.
Өзі айта беретіндей, оның өскен ортасы – көшпелі өмір салт-дәстүрі сақталған сақарадағы қазақ ауылы-тын. Сол көшпелі елдің сүт кенжесі болғандықтан да оның ой-санасы, адами болмысы – жан жаратылысы таза ұлттық – қазақы қалыпта қалыптасқан еді. Осынау қастерлі қазақы қасиет кейін жазушының күллі шығармашылығының алтын арқауына айналуының түпкі сыры осында жатыр. Рас, қазақ қаламгерлері мен зиялыларының баршасының да кіндіктері сол қазақтың қараша ауылдарына байланған. Алайда олардың бәрі бірдей сол қазақы ортаның үлгі-өнегесін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын тап Ақселеуше қан-жандарына сіңіре алмаған сынды. Жазушы-ғалым Ақселеудің өзгелерден артықшылығы дейсіз бе, ерекшелігі дейсіз бе, әйтеуір болмысында – бекзаттық, тұлғасында тектілік қасиет бар. Оның шығармаларындағы ұлттық бояудың қанықтығы, қазақы қасиет, мінез-құлықтың, түйсік-түсініктің қырдың саумал желіндей жан сарайыңды рахат сезіміне шомылдырып, үйіріп әкетуінің түпкі сыры да осында деген болжамымыз да бекер болмаса керек. Қорыта айтсақ, Ақселеудің жазушылығы мен ғалымдығының үндестігінің, үйлесімділігінің негізі бізді осындай тұжырым-түйін жасауға көндіріп те сендіріп отыр. Біздің бұл пікіріміздің ақиқаттығына Ақселеудің қазақтың жан дүниесін тереңнен тартып, адами қасиетінің асқақтығын жазбай танытып, жарқырата жазуы анық айғақ. Оған бұлтартпас мысал ретінде «Күзеуде» повесіне ой жүгіртіп көрелікші.
Шығарманың негізгі желісі бар болғаны екі ай аралығында өткен оқиғаға құрылған. Алпысты еңсерген Ршыман ақсақалдың жоқ жер – мәнәйі себеппен жесір әйел – жас келіншек Торғынға ынтыға ықыласы ауған сәттегі көңіл күйін жазушы жалғыз ауыз сөзге сыйдырыпты: «…Осы жасқа келгенше дәл қазіргідей жүрегін сыздатқан ағыны күшті сезімді көрмегенін іштей мойындап, терең таңданыс үстінде үнсіз қалған». Ал екеуінің іштей ұғысып, жарасымды жұптасқан соңғы алаңсыз арақатынасы да повесте сондай қисынды кестеленген. Қыстауда 3-4 жасар жалғыз ұлымен отырған Торғынның үйіне Ршыман жиі қатынайтын болған. Бұл болса «…әйелге деген лып етпе құмарлық қызуы емес, бір жұма көрмесе кәдуілгідей сағынып, құлазып, көзіне ештеңе ілікпей қоңылтақси берген соң келетін». Жазушы мезгілсіз келген махаббат шарпуының шындығын бір ауыз сөзбен сипаттаған.
Тағы бір мысал: Торғын бір жолы Ршыман келгенде өзінің бойына бала біткенін айтқан. Сондағы Ршыманның ағынан ақтарыла имандай сырын жазушының көңіл сезінетін, жүрек тебіренетін сөздермен әдіптегеніне де сондай сүйсінесің: «…Осы жасқа келгенше дәл қазіргідей жар қызығын көріп, дәл қаіргідей пендеге лайық зор қуаныш кешкен емеспін. Түн жамылып отырмын ғой, Уәкиланы (кемпірі) жамандағаным емес, обалы нешік, ұзақ ғұмырыма серік болғанда «әй» дегізер қылығын көргем жоқ. Бірақ еркек үшін әйтеуір әйелім бар деп көңіл демдеу бір бөлек те, сол әйелмен өзіңді жарты сезінудің жөні бір бөлек екен. Нансаң, өзіңмен жарасқанға дейін жарты боп келіппін, адамға лайық рахаттан мақрұм халде жүре берген екенмін… Енді тағдырдың мұнысына да ризамын…» Осы бір сәтте «…сақал-шашы бозарса да, ботадай елпілдеген бұл не қылған асыл жүрек?! Мұндай да керемет болады екен-ау…» деген Торғын ойының төркіні де кештете оянған сүйіспеншілік сезім мен ғұмыры қысқа баянсыз бақыттың баяны көңілдегі көп түйткілдің түйінін шешкен.
Шығарманың ұзын ырғасындағы оқиғаларды тізбелеп баяндамай, сөздің тоқетеріне көшелік. Повестің соңына қарай Ршыман қой жайып, қыр асып кеткен кезде – бір күні, күзеудегі үйіне Торғынды біржолата кіргізіп алғанын құлағы шалған Уәкила келіп, көкірегі жарыла күңіреніп, жанын жаралаған зар-мұңын айтып, көз жасын көлдетіп, іштегі шерін ақтарып барып, әзер дегенде тоқтаған.
Бұл – Ақселеудің кейіпкерлерін тұла бойы тұнған ұлттық қасиеттерімен бейнелеуге ерекше мән бергендігіне бір мысқал мысал. Оңаша кездескен екі әйел бет жыртысып, былапыт сөздер айтып, шаш жұлысып шатыспайды. Уәкиланың уайым-қайғысын жан жүрегімен түсінген Торғын шапылдап ұрсысып, сөз қайырып көргенсіздік көрсетпей, санасын сабырға жеңдіреді. Өз басының күнәсін мойындап, Уәкиланың алдында бас ие кішірейіп, кісілік танытады. Уәкиланың да ашуын ақылға жеңдіріп, ауылға қайтар кезде өзінің бұл келісі қызғаныштан емес, ерінің ерсі қылығы үшін ел-жұрт алдында қысылып-қымтырылып ұялатынын айтып әрі ертең бір шаңырақтың астында тұрсақ ит көрген мысықтай болмай, алдын-ала көрісіп-білісіп қайтпақ ниетпен келгенін білеміз. Міне, ұлттық қасиетті қастерлеудің өнегелі үлгісі повесте осылай мүсінделген. Жазушы кейіпкерлерінің сөз саптауы, ұлттық ұғымдағы жөн-жобаны білуі, қазақы бірегей мінезі, адамгершіліктің тура жолынан таймауы – міне, осының бәрі қазақ жанының қисынды кескін-келбеті. Ұлт қаламгері қазақ болмысын осылайша суреттесе ғана шығармасының мән-маңызы арта түсетінін жанымен түйсінген.
Повестің аяқталуы әрі нанымды, әрі қисынды, солай бола тұра өзек өртердей өкініші де бар.
Уәкиланың сыр-мұңының артында өз өмір жолында асу бермес бір тосқауыл тұрғанын іштей сезінген, мойындаған Торғынды басқа жақта тұратын ағасы көшіріп әкеткен кезде Ршыман қой бағып қырда жүрген. Кешкілік үйінің қаңырап бос қалғанын көрген сормаңдай Ршыманның сондағы көңіл күйін суреттеген жерлерін оқыған сәтте сенің де жаның жаурап, діңкең құрып, күйзеліс күйігіне өртеніп, арпалыс сезімге бой алдырарың ақиқат. Ршыманның «…Көрген қызығымның бар ғұмыры осы ғана ма?! Тәңірім-ау, онда аз күнгі қызыққа несіне емексіттің?!.. Бұл өмірден бұрынғыдай қызусыз, сезімсіз өткенімнің өзі артық еді ғой!» – деген ойларға беріліп, таусыла сөйлеуінен еш оғаштық таппайсың, қайта өзің де оған қосыла өкініш өртіне шалынып, қараптан-қарап шала бүлінесің. Қарапайым адамдардың болмысындағы қазақы қасиеттің қайнар бұлағының көзін ашқан Ақселеуге риясыз риза боласың.
Ршыманның кеш келген, еш балаңдығы, жаза басуы жоқ, кіршіксіз, таза, аяулы сезімінің – сүйіспеншілік тағдырының мезгілсіз мерт болу хикаясын осылайша қара сөзбен жырлаған Ақселеудің аса талантты жазушы екендігіне осы бір ғана шығармасы күдік-күмәнсіз көз жеткізіп тұр емес пе?!
Ақселеудің біз әңгімелеп отырған повестері түгелдей өткен заман оқиғаларынан желі тартқан, кешегі қаймағы бұзылмаған көшпелі қазақ жұртының өмір-тұрмысы, салт-санасы, жалпы жаратылысы қандай ұлт еді, қазір сол рухани мұрадан өмірлік өнеге алып жүрміз бе деген көкейкесті ойларды ортаға салып, сырласуға арналған.
Жаза берсе, талай жауһар дүниені өмірге әкелетін еді. Неге осы бір жазушылық кәсіптен күрт бұрылып, зерттеушілікті, ғалымдықты таңдады? «Ұлт алдындағы парызымды өтеудің өзге жолын таңдадым»,– деп ағынан жарыла айтқан сырын Ақаңның бұдан кейінгі қазаққа берген толымды туындыларын қолға алған кез келген қазақ терең түсінеді деп ойлаймын.
Ақселеу ағаның үзеңгілес серігі, жан жалауы Қойшығара Салғариннің мына бір сөзі Ақселеу Сейдімбектің бүткіл өмірлік қағидасын мейлінше аша түсетіні анық.
– Ақселеу Сейдімбектің азамат ретіндегі болмысын айғақтайтын айқын қасиеттерінің ең бастысы – оның жалтақсыз ұлтжандылығы. Бұл ұлтжандылық – әйтеуір, бір ұлтқа тиесілі болғандықтан қиқуға ілесетін пендешіліктен ада, халқының қадір-қасиетін терең танып-түсінуден туындаған құрбаншыл ұлтжандылық. Содан да болуы керек, ол өзінің ғылыми-шығармашылық ізденістерінде ұдайы ұлттың рухани дәулетін еселеп, бұрын із түспеген соныға құлаш ұрып, жаңалыққа жаршы болып, әсіресе, халық мұрасының еленбей жатқан сырларын түгендеп отыруға айрықша құштар. Ол үшін қазақ ұлтының тарих аясындағы болмыс-бітімі біртұтас киелі жаралым. Содан да болар, оның ғылыми-зерттеу еңбектері бүтін қалпында парықтауға арналып отырады. Бұл ретте Ақселеу Сейдімбек еңбектерінің ұдайы «қазақ» деп басталып отыратыны да көп жайтты аңғартса керек: «Қазақ әлемі», «Қазақтың қара өлеңі», «Қазақтың күй өнері», «Қазақтың ауызша тарихы», «Қазақтың эротикалық фольклоры», т.б. Сөз жоқ, осы аталған еңбектердің қай-қайсысы да тегеурінді де тың ой-тұжырымдарымен қазақтануға олжа салған, ешқашан ғылыми-танымдық мәнін жоймайтын өміршең дүниелер.
Ақаңның жазушылықтан ғылым саласына дендеп бет бұруы ұлт үшін үлкен олжа болғаны айқын. Көркем дүние де керек әрине. Әйтсе де бар ғұмырын қазақтануға арнаған Ақселеу Сейдімбектің «ешқашан ғылыми-танымдық мәнін жоймайтын» салаға саналы түрде білек сыбана кірісуі тегін таңдау емес-ті.
Қанаттас, қаламдас серігінің шығармашылық және ғылыми еңбектерінің бедерлі тұстарын Қойшы-екең былайша жүйелейді: Ақселеу Сейдімбек бұрын жиналмаған да зерттелмеген қара өлең мен күй аңыздарын алғаш рет рухани айналымға түсірді; алғаш рет қазақ эпостарының қара сөзбен насихатталуына мұрындық болды; алғаш рет Гомер туындыларын қазақ оқырмандарына таныстырды; алғаш рет тарихты жеке тұлғалар арқылы зерттеу идеясына ден қойды; Қазақстанда этнографиялық және этнологиялық ізденістердің жандануына ықпал етті; сөйтіп, көшпелілердің төлтума мәдениеті деген категориялық ұғымның орнығуына тегеурінді үлес қосты; қазақтың музыкалық мәдениетінде бес мектептің барын алғаш рет саралап танып, олардың даралық сипаты мен типологиялық тұтастығын айғақтап берді; қазақтың ән өнерінің тарихи-эстетикалық қасиетін алғаш рет кешенді қалпында танытуды мақсат еткен телехабарлар сериясын жасады; қазақтың ру-тайпалық жүйесін алғаш рет тарихи-этнологиялық, әлеуметтік-саяси және мәдени-рухани аяда зерделеп, қазақ шежіресінің қазақ тарихына қатысты түпдеректемелік мән-маңызын ашып берді; әр қилы пікір-бағаға қарамастан, халық мұрасы ретінде алғаш рет қазақтың бейпіл сөздерін жинап, оның ғылыми басылымын жарыққа шығарды; белгілі тұлғалар өмірінің ғибратты сәттерін жинақтауға себепші болған «…деген екен!» айдарын бастап берді. Сөз жоқ, мұның бәрі де халықтың рухани дәулетін сабақты жібіне дейін түгендеуді мұрат тұтқан ұлтжанды азаматтың қам-қарекеті екені кім-кімге де күмән келтірмесе керек. Осындай қасиеттерінің арқасында оның есімі халық арасында айрықша құрметке ие.
Қойшығара ағаның осы пікіріне ден қоя отырып, біз Ақселеу Сейдімбектің жалғыз өзі тұтас бір ғылыми-зерттеу институтының шаруасын атқарғанына куә боламыз. Халық Ақаңды айрықша қастерлеп, ардақ тұтса, ең алдымен оның өз ұлтын өлгенше сүйгені үшін, халқының мол мұрасын шыр-пыры шығып қорғағаны үшін, өшкенді жандырып, өлгенді тірілтуге деген жанкешті еңбегі үшін ардақтап, әспеттейді. Көркем сөздің зергері Әбіш Кекілбайұлының Ақселеу дүниеден өткенде: «Ұлан-ғайыр сахарамызды түгел шолып, ұлан-асыр сыр-сипаттарымызды тегіс қамтып, қат-қабат тарихымызды терең қаузап, дүлдүл оймен, ділмар тілмен толғайтын ғұлама ғалым, сұңғыла білімпаз, сүлей суреткер – қайран Ақселеу, енді жоқ.
Атар таңның жарығы жаңа-жаңа себездеп, айналаны толтыра бастағанда ай маңдайы жарқырап, аққан жұлдыздай көзден ғайып болады деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмепті.
Алапат төсін айқара жайып, күректей саусақтарын салалай тарақтап, әр сөзін саралай салмақтап, шалқая қарап, шабыттана сөйлеп тұрғаны күні кеше ғана емес пе еді?! Қашанғы қара домбыра мен иірімі мол қыл қобыздың көмейіндегісін, құймақұлақ кәриялардың көкейіндегісін төгіп-шашпай түгел жинап, енесінің бауырына сүңгіген ашқарақ қошақандай қомағайлана бас сұғып, күрпіте сораптап, талмай еміп, жебей сауып, ештеңе қалдырмай, ақтап-қақтап, әбден сарыққан соң байыппен пайымдап, саралай салмақтап, әбден сораптап еді-ау шіркін!… Тілімен бал емізгендей еді. Жүрегінен күн көрінгендей еді. Оның кең қарымды, тың серпінді, тынымсыз ізденіске толы тарихи зердесі өзімізді дүние танып, өзгелерді дұрыс бағамдаудың асқаралы шыңдарына шығып, бұрын-соңды батылымыз бармаған ұшы-қиырларын еркін самғай бастап еді. «Қазақтың күй өнерін», «Қазақтың ауызша тарихын» аяқтағалы бері мойнынан батпан жүк түскендей болып, ешкісі тауға жайылғандай емін-еркін жүр еді… Ойдағысына жеткендей еді, ел алдындағы парызын, ақтағандай еді!.. Маңғыстаудың қалғып жатқан қара ойы мен сағым шалып, мұнарға батқан ақ шыңдарын селт еткізіп, өзіне қаратып, көсілте жөңкіліп, талайды көріп, талайды біліп үлгерген тарлан басын сәндене шайқап, сырбаздана күлімсіреп еді-ау сабазың.
Алаш аруағы мен қазақ рухының қайта тіріліп, қайта оянып, қайта қалыптасып келе жатқан шағында ұлпа сезімімізге қаяу түсірген қаза болды ғой бұл!
Есімізден тандырып кетті. Жер жастандырып кетті. Өкініште қапы жоқ.
Жер бетіне келіп-кеткеніне, аз күн дәмдес, мұңдас-мүдделес болғанымызға, бірге жүріп, бірге тұрғанымызға тәубе дейміз.
Қазақ санасында оның өлмес-өшпес іздері жатыр жосылып…
Қиырға шарлатып, қияға самғатып…Қазақта сал қандай болады? Ақселеудей болады. Сері қандай болады? Ақселеудей болады. Би қандай болады? Ақселеудей болады. Батыр қандай болады? Ақселеудей болады. Пір қандай болады? Ақселеудей болады. Қазақтың жақсысы мен жайсаңының бәрі қандай болады? Ақселеудей болады. Қазақтың қатепті қызыл нары қандай болады? Ақселеудей болады. Бәрінің орнына бір ғана Ақселеу жүре алады. Ал Ақселеудің орнына кім жүре алады? Ешкім де емес, тек Ақселеудің өзі жүре алады», – деп күңірене сөйлеуінің мәнін енді ұғынғандаймыз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Белгілі қаламгер және этнограф ғалым, халқымыздың үлкен жүректі, ұлтжанды азаматы, Ақселеу Сейдімбектің кенеттен өмірден озуына байланысты, орны толмас ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Ол жан-жақты дарын иесі ретінде өзінің бүкіл білімі мен қажыр-қайратын туған халқының мүддесіне бағыштап, мейлінше мақсатты әрі жемісті еңбек ете білген аса айтулы тұлға еді. Сол себепті, төл мәдениетіміздің жаңғырып, өсіп-өркендеуіне мол үлес қосып, өзінің айшықты ізін қалдыра білді. Еңбегімен халқымыздың зор құрметі мен сүйіспеншілігіне бөленді. Онымен жастай танысып, өзара сыйлас, пікірлес болғанымды ұмытпаймын. Ұлт руханиятының үлкен жанашыры әрі шынайы жоқтаушысы болған ардақты азаматтың еңбегі мен жарқын дидарын халқымыз әрдайым жүрегінде сақтайды деп сенемін», – деген көңіл айту сөзінде де дара болмысты текті тұлғаны тану мен мойындау, халық үшін қаламгерлік, зерттеушілік, ғалымдық дарынын сарқа жұмсаған Сейдімбекұлының өлшеусіз еңбегін бағалау жатқаны айдай анық. Еуразия университетіндегі азалы жиынға Елбасының арнайы келіп, жастайынан таныс, сырлас болған досын ақтық сапарға шығарып салуы кездейсоқтық емес. Ақселеу аға жазушылыққа журналистикадан келді. Ақселеу Сейдімбек Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған соң, республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі жалпыұлттық «Егемен Қазақстан») газеттерінде, сондай-ақ түгел елге тараған «Зерде» журналы мен «Әлем» альманағында жұмыс істеген болатын. «Лениншіл жастың» тілшісі, «Орталық Қазақстан» газетінің қызметкері болып жүргенде Теміртаудағы металлург Нұрсұлтан Әбішұлымен танысып, кейіннен таныстығы елдік мұраттар тұрғысында тізе қосып жұмыс істеуге себеп болған достыққа ұласқан еді. Елбасының «Онымен жастай танысып, өзара сыйлас, пікірлес болғанымды ұмытпаймын», – деуінің үлкен мәні бар. Елордасы Астанаға ауысқанда алты алаштың төбе биіндей үш тұлғаға Елбасы ерекше ілтипат білдіріп, батагөй ақсақалдардың қатарына қосса, халқымыздың аяулы ұлдары Мырзатай Жолдасбеков, Әбіш Кекілбайұлымен бірге Ақордада аяғын алшаң басқан Ақселеу Сейдімбек еді.
«Қазақтың ауызша тарихы» деп аталатын ақырғы еңбегін жазуға Ақаң барлық күш-жігерін, қабілет қарымын, білімі мен білігін жұмсады. Бірде Астанаға жол түсіп, Ақаңа сәлем беруге барғанымда кабинетіндегі компьютерге бар ынты-шынтысымен төне түсіп отыр екен.
– Осы кітап мені жеп қоя ма деп қорқамын. Жаным ұяда болса, мынау Иманғали берген үйде отырып, осы бір дүниені аяқтап тастауға ниет етіп отырмын. Бұны мен істемесем, кім істейді? Қаншама дерек жинақталды. Соның бәрін жүйе-жүйесімен ретке келтіріп, тәптіштеп шығу орасан күшке түсіп жатыр. Кез келген туындыны жазу үшін өзімнің арнайы қолданатын әдісім бар. Ол «кілт» деп аталады. Мысалы, «Қазақтың күй өнерін» жазуды осы әдіс арқылы бітірдім. Ал оны мен марқұм Лев Гумилевтен үйрендім. Бір жолы Мәскеуге барып, өзімнің ғылыми жұмысымды көрсеткенімде, оның есі шығып кетті. «Ой, батыр-ау, осылай да адам өзін қинауына бола ма? Мына деректерден адам адасады ғой. Тіпті, жынданып кетуге де болады ғой. Әй-әй, ай! Осылай да бола ма екен? Мынау не деген бейнет!», – деп басын шайқап-шайқап отырды да өзінің қалай жұмыс істейтінін көрсетті. Міне, қара. Мынау «Қазақтың күй өнері». Енді мынау кілтті қара», – деп ағатайым маған мұқият түптелген қолжазба кітапты көрсетті. «А» деп басталады. «Абай» деген сөзден кейін кілең шифр. Нақ бір барлаушының дәптері сияқты. «Ал енді не түсіндің?» – деді Ақаң. Мен еріксіз басымды шайқадым. «Міне, мен болмасам мынаның бәрі әшейін цифр болады да қалады. «Қазақтың ауызша тарихы» да тап осы сияқты. Бұны мен бітірмесем, басқа ешкімнің де тісі батпайды», – деп еді.
Президенттік мәдени орталықтың директоры болып қызмет атқарған Мырзатай Жолдасбеков те Ақаңның ақырғы еңбегі туралы сөз ете келіп:
– Осы кітаптан кейін Ақселеу маған айтып еді, Мырзеке, қазір тіпті саусағым да жауыр болды. Енді тіпті қалам да ұстағым келмейді, қағаздың да бетіне қарағым келмейді деп жүретін. Ойпырым-ай, ол кезде мән бермейміз, енді ойлап қарасақ, тіпті соның бәрін бітіріп кетейін деп жанталасып осыншама қыруар еңбекті жазған сияқты, – деп сыр ақтарған болатын.
Қолға алған ісіне жанын сала кірісу, бастаған жұмысын аяқтау, әрбір дерекке мұқият болу, жалпы қағаз атаулыға деген құнттылықты қай-қайсымыз да Ақселеу аға Сейдімбектен үйренсек абзал.
Ақаңның рухани інілерінің бірі Сауытбек Абдрахманов Ақаңның қағазға ұқыптылығы туралы былай әңгімелеп бергені бар: «Сырт көзге сал-серінің салтымен салқам жүргендей көрінетін Ақселеудің қағазға ұқыптылығы да бөлекше еді. Өткен жылы Орталық мұрағатта Ақселеу Сейдімбек өзі көзі тірісінде өткізіп кеткен құжаттардың көрмесі ұйымдастырылды. Ақаң мұрағатқа 3 мыңнан астам құжат тапсырған екен, соның 700-ден астамы жазысқан хаттары. Жиналған жұрттың назарына 250 құжат ұсынылды. Үйіне барсаңыз кітап сөрелерінің үлкен бір бөлігі қаз-қатар тізілген папкалар болатын. Тақырып-тақырыпқа бөліп, үлкен әріптермен таңбалап тастаған. Газеттен қажет мақала көрсе де, кітаптан керек дерек тапса да тап-тұйнақтай етіп соған тігіп не жазып қояды. Мақала не зерттеу еңбек қолға ала қалса, жаңағы папканы ашады да әлгі материалды қалауынша пайдалана береді. Дүниеден өтерінен бір жылдай бұрын үйіне барғанымда кітаптың көптігінен ауызғы бөлме жаққа арнайы сөрелер жасатқанын көрдім. Еденнен төбеге дейін тірелген жаңағы сөрелердің бәрі ру-тайпаларға арналған папкалармен толтырылған. Қазақ шежіресіне қатысты мың-мың парақ қағазды жылдар бойы ерінбей-жалықпай жинағанының, соның бәрін жүйелеп отырғанының арқасында Ақаң «Қазақтың ауызша тарихы» атты кәдуілгі кітап көлемімен мың беттей болатын ең соңғы, ең басты еңбегін аз уақыттың аясында жазып тастаған».
Ақселеу аға Алматыда, Серке Қожамқұлов көшесіндегі үйде тұрғанда «Талай дүниемді мынау Есентай өзеніне жыртып-жыртып ағызып жібердім. Басыма пәле болатын болды. Қайтейін, одан басқаға амалым қалмады ғой. КГБ-ның қыспағы мына жүректі құртып кетті ғой…», – деп оңашада ағынан жарылып, сыр ақтарғаны бар-тын.
Сәукең Ақселеу Сейдімбектің басына бұлт үйірілген Желтоқсан оқиғасының кезіндегі бірталай сырды жақсы біледі. «Егеменде» жазған еске алу мақаласында Сауытбек Абдрахманұлы сол бір шетін жайттың бүге-шігесіне дейін жазған екен. «Еркін ойлылығы, азаматтық асаулығы Ақаңның алдынан талай рет тор құрғызды. Сақтанбай жүретін серілігі, секемсіз сөйлейтін ерлігі өзіне сойыл болып тиіп жатқанда да сағы сынбайтын Ақаңның. Әйтсе де, әміршіл жүйенің әншейіндегі әкіреңдеуі Колбиннің тұсында қанқұйлы қиянатқа ұласқаны қатты соқты. Өткен тарихты боямалап көрсетті, ескішілдікті дәріптеді, ұлтшылдық сарындарға жол берді деген сияқты айыптармен «Білім және еңбек» журналының бас редакторлығынан босатқанымен қоймай, желтоқсан оқиғасына желік бергендердің, «қазақ ұлтшылдығын дайындаушылардың» бірі ретінде қоңырау байланып, қадағалауға алынды, жүрісі аңдылып, сөзі тыңдалды, ақыр аяғында үстінен іс қозғауға дайындық жасалды. Бұған Мемлекет қауіпсіздігі комитетінің кезінде баспасөзде жарияланған құжаттарындағы «По делу проходили известные писатели Шона Смаханулы, Акселеу Сейдимбеков…» деген жолдар дәлел. Шона ағамыздың ол тізімде жүретіні Алматыда қазақ мектептерін ашқызуға атсалысып, үйді-үй кезіп жүріп, тұрғындардың қолын жинағандығы екендігі белгілі.
Іс қозғауға дайындық жасалды деп кесіп айтатыным – соған көзім анық жеткендіктен. 1987 жылдың көктемінде бізге (ол кезде Орталық комитеттің насихат және үгіт бөлімінің нұсқаушысымын) бір мақала келіп түсті. Мемлекет қауіпсіздігі комитеті арқылы дайындалған. Тақырыбына дейін қойылған: «Ржавчина» («Тат»). Халықтың кіршіксіз санасына тат түсіруге, халықтар достығына сына қағуға әрекет еткен бір топ жазушыларды әшкерелейтін мақала. Негізгі кейіпкерлері – Шона Смаханұлы мен Ақселеу Сейдімбеков. КГБ тіпті бір редакцияға алдын ала құпия жіберіп, мақаланы қазақшаға аудартып та қойыпты. Тек қол қоятын адам табу ғана қалған. Ол адамның ұлты қазақ болуға тиісті. Бөлімнің «таңдауы» сол тұста «Ленинская смена» газеті редакторының орынбасары қызметіндегі Әділ Ыбыраевқа түсті. Әділ сонда бір азаматтық жасады. Бөлім меңгерушісі орынбасарының кабинетінде мақалаға қол қоюдан бас тартқанымен тоқтамай, сол жерде кәдімгідей шу шығарды. Ол әңгіме біраз адамның құлағына жетті. Мұны аппаратта «утечка» дейді. «Утечка» шыққаннан-ақ мен бір тәуекелге кірістім. «Лениншіл жаста» жұмыс істейтін курстасым Ерғали Сағатовты екі кештің арасында оңаша шақырып алып, осылай да осылай, сондай бір мақала дайындалып жатыр, ол шықса жағдай шындап қиындайды, ағаңа айт (Шона мен Ерғали бір ауданнан ба, тіпті бір совхоздан ба, әйтеуір жақындығы барын білетінмін), бізге телеграмма салсын, қарсылығын білдірсін, қалғанын көрерміз дедім. Әңгімені құпия ұстауын қадап тапсырдым. Жеделхат жетіп келді. Орталық комитет хатшысының алдынан қайтыпты. Бөлімдегілер опыр-топыр болды да қалды. Ондай мақала бары рас еді деп қағаз жүзінде қалай айтарсың? Шона Смаханұлын шақырып (қазақтілді газет-журналдардың кураторы ретінде бұл шаруа маған тапсырылды), «Мына әңгімені қайдан шығарып жүрсіз? Жеделхатты неге сүйеніп жаздыңыз? Сіздер туралы ешқандай редакцияда ешқандай мақала жоқ екенін анықтадық» деп «қыспаққа» алып жатырмын. Ол кісі: «Қайдан білейін? Біреу телефонмен айтып еді, кім екенін де сұрап үлгермедім», – деп күмілжиді. «Өзіңіз коммуниссіз, өзіңіз соғысқа қатысқан адамсыз, сөйтіп жүріп өсекке сүйеніп ЦК-ға жеделхат жібересіз. Ұят емес пе?» – деп тағы қысамын. Шөкең қателігін мойындайды, ендігәрі олай етпеуге уәде береді. Содан Орталық комитет хатшысының атына қызметтік жазба дайындап, ондай мақала жазылмағанын, жалған ақпаратқа сеніп, жеделхат жіберген КПСС мүшесі Ш.Смаханұлы өз қателігін мойындағанын айтып, құжатты бақылаудан алдырттық. Сөйтіп, жеме-жемге келгенде ол мақаланы бастырудан Орталық комитеттің өзі тартынды. Мақала басыла қалғанда, сонда аты аталатын басқаларды қайдам, нақты айыпталатын Ш.Смаханұлы мен А.Сейдімбековтің желтоқсандағы қазақ ұлтшыл-дығының идеологиялық негізін дайындаушылар ретінде істі болуы әбден-ақ мүмкін еді».
Ұлт мүддесін жанын шүберекке түйе жүріп қорғау қазақтың талай азаматының өмірін келте етті. Ақаң да сондай қыспақ пен құқайды көп көрді. Соның тікелей зардабы деуге де болады, нағыз кемеліне келген, болған-толған, деген шағында, 67-ге қараған тұсында ұлтын сүйген ұлы жүрек тоқтады. Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбе-тов қоштасу рәсіміне жиналғандар алдында сөз сөйледі.Ұлылықтың үлгісіндей болған Ақселеу Сейдімбек – халқымыздың өр рухының, өнегелі салтының, өрелі қалпының аса көрнекті өкілі еді. Туған халқын, оның төл тарихын, салт-дәстүрін, тілі мен ділін жан-тәнімен сүйіп, бойындағы тәңірі берген бар қабілет-дарыны мен қайрат-жігерін ұлт игілігіне арнаған үлкен парасат иесі еді. Ел егемендігін алып, өз тізгіні өз қолына тиген кезге дейін-ақ Ақаң көп адам айта бермейтін, айтса да жаза бермейтін қазақтың көне мәдениеті мен рухани шежіресін шырылдай жүріп жаңғыртып, қызғыштай жүріп қорғай білді. Сол арқылы қазақтың әдебиетін ғана емес, қалың тарихын да тереңдетті. Ілкіден іргелі ел, жоралы жұрт болғанын дәлелдеді.
…Ұлт ұстазы атанған алғашқы Ақаң – Ахмет Байтұрсынұлы болса, қазақтың екінші Ақаңы – Ақселеу Сейдімбек болатын», – деп ардақты ағасын ақтық сапарға өзі бастап шығарып салды. Ақылман – Ақселеу, ғалым – Ақселеу, этнограф – Ақселеу, күйші – Ақселеу, сері – Ақселеу, қазақтың жоқшысы болған Ақселеу қасиетті Қадір түнінде дүниеден өтті. Бір басына қаншама өнер мен қасиет-қабілетті сыйдыра білген қайран Ақаң қазақтың сайын даласына сыймады…
«Өз ғасырым өзімнің иінімде,
Өле берсін күншілдер күйігінде,
Ақ жаңбырлар тоздырған тау секілді,
Мен өлемін өзімнің биігімде» –
деп арқалы ақын Төлеген Айбергенов жырлағандай, Ақселеу Сейдімбек өзінің ұлы даласында, Сарыарқаның Жаңарқасында, ел-жұрт «Ақселеу биігі» деп атап кеткен қасиетті топырақта мәңгіге тыным тапты.
Ақселеу әлемі – қазақ әлемі. Қазақтануға асығатын ұрпақ Ақселеу әлеміне міндетті түрде қайырылатыны анық.
Аяулы азамат Ақселеудің өмірі мен шығармашылығы туралы толғанысқа түскенде, алдымен ойға оралатын бір аталы сөз бар. Ол қазақтың жақсы-жайсаңдарының ұлтының ұлына сүйсінген сәтін бейнелейтін «сегіз қырлы, бір сырлы» дейтін текті теңеуі. Осы тұжырым тікелей Ақселеуге қарата айтылған сыңайлы. Неге десеңіз, дәлелі даяр. Соны тізбелеп шығар болсақ:
Алдымен: Ақселеу ой-қиялы, қаламы жүйрік жорналшы. Оған дәлел келтіріп, уақыт шығындаудың қажеті шамалы. Ол үшін қазақ баспасөз беттерін, әсіресе «Лениншіл жас» тігінділерін ақтарып шықсақ болғаны. Оның бірсыпырасы өз қолынан құрастырып, қайтыс болғаннан кейін, ұлтымыздың көкірегіне қайырым-мейірім ұялаған қазақтың айтулы азаматтары Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Иманғали Тасмағамбетовтің қамқорлығымен жарық көрген алты томдығына кіргізілген.
Ал екінші қыры – көрнекті жазушы екендігі. Оның жарық көріп, жұртшылықтан жақсы бағасын алған төрт кітабы – көркем шығармалары.
Ақселеудің ғұламалығы ғалымдығында. Ғылым докторы, профессор сынды атақ-дәрежесі соның айқын айғағы.
Мен білетін Ақселеу сонау «Лениншіл жаста» тілші болып жүрген кезден бастап қазақ елін аралай жүріп, ұлтымыздың көмбеде жатқан, елеусіз қалған көне ескерткіштерін зерттеп, қара өлеңдерін жинастырып, кейін оларды кәдеге жаратып, «Күмбір-күмбір күмбездер» (2-том), «Мың бір маржан», «Қазақ әлемі. Эмномәдени пайымдау» деген атпен кітап болып шықты. Бұл оның білгір де білімді мәдениеттанушы болғандығының жарқын мысалы.
Бертін келе Ақселеу өнердің өзекті мәселелерін қозғап, пікір-пайым, тосын да тың, жаңалығы шаш-етектен ұлттық күй өнерінің алтын қазынасына айналған еңбегін жариялады. «Қазақтың күй өнері» оны теңдессіз өнертанушы қатарына қосты.
Тәуелсіздік туы тігілген жылдары Ақселеу ұлтымыздың ұпайын түгендеуге аянбай атсалысып, қазақтың ежелгі елдігін, байырғы мемлекеттігін, қабырғалы халық болғандығын бұлтартпай, дәйекті деректер арқылы баяндаған ғылыми мақалаларын үзбей жариялап, артынан атақты ғалым-әріптестері Мырзатай Жолдасбеков пен Қойшығара Салғараға қосылып «Елтұтқа» деген кітап жазып шықты. Жекелеген тарихи тұлғалар арқылы ел тарихын тасқа таңбалаған бұл еңбек зәру тақырыпты қозғауымен құнды. Рас, оның қайсыбір пікір, дерек қайшылықтары болса, ол жүре келе түзелетін кемшілік. Ал Ақселеудің төл тарихымызға қосқан сүбелі үлесі зерделі зерттеушінің жемісі, оған дейін батылы жетіп ешкім түп тамырын тереңнен тартып, жинақтап, жаңаша, халықтық көзқараспен пайымдамаған, ой-тұжырымдары тың еңбегі «Қазақтың ауызша тарихы». Ендеше, Ақселеудің Ел, Ұлт, Мемлекет болуымыздың бастауы бағзы замандарда жатқандығына ерекше қымбат, ерекше қазыналы үлес қосқан тарлан тарихшы екендігіне талас бар ма?!
Ақселеудің айрықша атап өтуге тиіс қыры – оның ұлтымыздың барын базарлауға қоса жоғымызды іздеп, тауып, қазақтың арман-аңсарына ақ жол ашылып, тезірек көшін түзеп, ынтымақ-бірлігі, тіршілік-тынысы жарасқан іргелі ел болу жолындағы жанқиярлық еңбегін – қайсар қайраткерлігін әрқашан есте ұстап, есімін әрдайым қастерлеп жүру бүгінгі және болашақ ұрпағымыздың парызы. Бұл орайда ұлтымыздың мұратты мәселелерін қозғаған, байыпты, сарабдал, парасатты пікірлерімен бөлісіп, билік басшыларына арнап, шешімін табуын тікелей солардың жауапкершілігіне жүктеп, өзі және есімдері елге сыйлы азаматтарға қосылып республикалық баспасөз беттерінде сандаған үндеу хаттар, сұхбаттар жариялағаны да күні кеше еді ғой.
Бір мақалада Ақселеудің қыры мен сырын түгел айтып тауысу мүмкін емес. Бұл оны мақтап-мадақтап, атын асқақтату үшін айтыла салған көпірме, қыздырманың қызыл сөзінің бірі демессіз. Ақселеу жаратылыс-тумысынан бекзат азамат. Оның домбыра шауып, шақша жасап, қамшы өретін қолөнер шебері, қоңырлата ән айтып, күмбірлете күй тартатын өнерпаздығы, кеудесі алтын сандық кәрі құлақ, ескінің көзі – қарияларша күнді түнге ұластырып, ұзақ таңға майын тамызып айтатын әңгімеші-шежірешілігі ше?
Иә, қайсыбірін айтып тауысайын. Ақселеудің біз шола тоқталып, өткен әр қырын зерттеп-зерделеуге арнайы ғылыми еңбектер жазылса, докторлық диссертациялар қорғалса артық болмас еді және бұл Ақселеу үшін емес, еліміз, ұрпағымыз үшін қажет тірлік. Ұлтының әдебиетін, мәдениетін, тарихын түгендеу арқылы туған халқының қадір-қасиетін арттыруға аянбай атсалысқан ардақты азаматымыз Ақселеу Сейдімбектің өзі жоқ болса да, ұлым деген ұлты тойлайтын жетпіс жасқа толу қарсаңында жазушы-ғалымның ғұмырын ұзартқан шығармашылық-қайраткерлік ерен еңбегі елі-жұрты барда естен шықпасы шыққан күндей шындық.
…Ұлт ұстазы атанған алғашқы Ақаң – Ахмет Байтұрсынұлы болса, қазақтың екінші Ақаңы – АқселеуСейдімбек болатын.
Ақселеу – ұлан-ғайыр сахарамызды түгел шолып, ұлан-асыр сыр-сипаттарымызды тегіс қамтып, қат-қабат тарихымызды терең қаузап, дүлдүл оймен, ділмар тілмен толғайтын ғұлама ғалым, сұңғыла білімпаз, сүлей суреткер.
Қыр қазағының бар болмысын – қазақы қадір-қасиетін қаны мен жанына терең сіңірген ұлттың ұлы еді ғой Ақселеу!
МАЗМҰНЫ
ПЛЕНАРЛЫҚ МӘжіЛІС
Е.Б. Сыдықов
АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕК ЖӘНЕ ҚАЗАҚТЫҢ АУЫЗША ТАРИХЫ…………………………………...
Ш.Ы. Ыбыраев
КӨШПЕЛІ МӘДЕНИЕТ ТУРАЛЫ ЖАҢАША ПАЙЫМДАУ
(Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» кітабы хақында)..............................
Р.Р. Асылгужин
ЗНАНИЕ ШЕЖЕРЕ И ИДЕНТИФИКАЦИЯ НА УРОВНЕ РОДО-ПЛЕМЕНИ – ВАЖНЕЙШИЕ ЧАСТИ СТРУКТУРЫ ЭТНО-НАЦИОНАЛЬНОЙ ИДЕНТИЧНОСТИ БАШКИР И КАЗАХОВ……………………………………………………………………….
M. Benkő
KAZAKH-MAGYAR SEZHERES AND LEGENDS OF ORIGIN
(Details from the results of the common Kazakh-Magyar expeditions to Torghay (2002)
and Western Siberia (2006)……………………………………………………………………
Ж.О.Артықбаев
ҚАЗАҚТЫҢ АУЫЗША ДӘСТҮРІ: ҰҒЫМ ЖӘНЕ ТӘПСІРЛЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
З.А. Тычинских
О КЛАНОВОЙ СТРУКТУРЕ В СИБИРСКОМ ХАНСТВЕ……………………………….
К.К. Абуев
ИСТОРИКО – КУЛЬТУРЫЙ ОПЫТ И ТРАДИЦИИ УСТНОЙ ИСТОРИИ КАЗАХСТАНА...........................................................................................................................
Н. Назаров
НЕКОТОРЫЕ ЭТНИЧЕСКИЕ ОСОБЕННОСТИ ЛАКАЙСКОЙ НАРОДНОСТИ……...
З. Жандарбек
ҚАЗАҚ ШЕЖІРЕЛЕРІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ КЕЗЕҢДЕРІ......................................................
I секция
АУЫЗША ДӘСТҮР (ШЕЖІРЕ) ЖӘНЕ ЕУРАЗИЯ КӨШПЕЛІЛЕРІНІҢ ТАРИХЫ. «АУЫЗША ТАРИХ»-ЗЕРТТЕУ МЕТОДОЛОГИЯСЫ МЕН ТӘПСІРЛЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
М.А. Алпысбес
Ауызша дәстүрдегі, шежіредегі түсіндіру құрылымдары және
естелік айту...............................................................................................................
А.Б. Анасова
ҚАЗАҚ ЭПОСТАРЫ-ТАРИХИ ДЕРЕК РЕТІНДЕ.................................................................
Ж.О. Артыкбаев
КАЗАХСКОЕ ИСТОРИЧЕСКОЕ СКАЗАНИЕ О ТОЛЫБАЙ СЫНШЫ, РОДОНАЧАЛЬНИКЕ ПЛЕМЕНИ КАНЖЫГАЛЫ (КАНГЛЫ, ХАНГАЛАСОВ)……….
И.Н. Байназаров
НЕКОТОРЫЕ ВОПРОСЫ ИЗУЧЕНИЯ И СОСТАВЛЕНИЯ
ШЕЖЕРЕ БАШКИР…………………………………………………………………………..
Ж. Бейсенбайұлы
ШЕЖІРЕТАНУ ЖӘНЕ ДНК-ГЕНЕАЛОГИЯ ЗЕРТТЕУЛЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ РУ-ТАЙПАЛАРЫНЫҢ ЭТНОТЕКТІК НЕГІЗДЕРІ....................................................................
А.Х. Бикенов
АУЫЗША ТАРИХ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫН ЗЕРТТЕУДІҢ ТИІМДІ ТӘСІЛІ..........................
Д. Махат
ҰЛТ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУДЕ АУЫЗША ТАРИХ ДЕРЕКТЕРІН ПАЙДАЛАНУ: МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР.....................................................................................
С.В. Дмитриев
СЛЕДЫ КИМАКСКОЙ ГЕНЕАЛОГИЧЕСКОЙ ЛЕГЕНДЫ В ОДНОМ ИЗ
ВАРИАНТОВ ШЕЖИРЕ КАЗАХОВ МЛАДШЕГО ЖУЗА………………………………..
Қ.А. Еңсенов
ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ТАРИХИ ЖАДЫ ЖӘНЕ АУЫЗША ТАРИХ АЙТУ ДӘСТҮРІ........................................................................................................................
Б.Б. Кәрібаев
ҚАЗАҚ ШЕЖІРЕСІНІҢ ДЕРЕКТЕРІ МЕН МАТЕРИАЛДАРЫ ЖӨНІНДЕ
(Табын тайпасының шежіресіне қатысты материалдар негізінде)………………………..
Қ. Кемеңгер
«ҚАЗАҚТЫҢ АУЫЗША ТАРИХЫНЫҢ» БҮГІНГІ ҚАЗАҚ ҮШІН ҚАДІРІ ХАҚЫНДА..................................................................................................................
Б.Ж. Кемелбеков, Е.Т.Жасымбаев
ШҰБАРТАУ ТӨЛЕҢГІТТЕРІНІҢ АҢЫЗ-ШЕЖІРЕЛЕРІНДЕГІ ҒАЖАЙЫП ДЕРЕКТЕР……………………………………………………………………..
А. Күзембайұлы
ҚАЗАҚ ТАРИХЫ АУЫЗША ДЕРЕКТЕРІН
ЖҮЙЕЛЕУ ЖӘНЕ ТАЛДАУДЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ................................................
А.К. Кушкумбаев
МАДЬЯРЫ В КОНТЕКСТЕ УСТНО-ИСТОРИЧЕСКОЙ ТРАДИЦИИ
И ШЕЖИРЕ КАЗАХОВ……………………………………………………………………..
И.А. Мамбетов
устная история (Oral History): становление научного направления………………………………………....
Г.К. Муканова
ИСТОРИОЛОГИЯ, ИЛИ УСТНАЯ ИСТОРИЯ КАЗАХОВ В ДИСКУРСЕ МЕЖДУНАРОДНЫХ ОТНОШЕНИЙ, НОВОЕ ВРЕМЯ…………………………………
Т. Омарбеков
АҚСЕЛЕУ ЖӘНЕ ТАРАҚТЫ ТАЙПАСЫНЫҢ ШЕЖІРЕСІ.............................................
Ж.М. Сабитов
КАЗАХСКОЕ ШЕЖИРЕ КАК ИСТОЧНИК ПО ИСТОРИИ КАЗАХОВ………………..
С.И. Ковальская
УСТНАЯ ИСТОРИЯ И НОВЫЕ ВОЗМОЖНОСТИ В ИЗУЧЕНИИ ИСТОРИИ КАЗАХСТАНА………………………………………………………………………………
У.А.Әлменбетова
АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕК ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ҚҰНДЫЛЫҒЫ …………………………..
Н.М. Мусабекова
ПОНЯТИЕ «ЖУРТ» В УСТНОЙ ТРАДИЦИИ КАЗАХСКОГО НАРОДА……………..
Ғазез Райыс
ҚАЗАҚ ШЕЖІРЕСІ ТУРАЛЫ………………………………………………………………
А. Тоқтабай
АУЫЗША ТАРИХТЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ................................................................
З.А. Тычинских
РОЛЬ УСТНОЙ ТРАДИЦИИ В ФОРМИРОВАНИИ И ФУНКЦИОНИРОВАНИИ ИНСТИТУТА АСТАНА У СИБИРСКИХ ТАТАР………………………………………...
В.В. Ушницкий
УСТНАЯ ИСТОРИЯ НАРОДА САХА……………………………………………………..
II секция
ЕУРАЗИЯ КӨШПЕЛІЛЕРІНІҢ РУХАНИ МҰРАСЫ МЕН ДҮНИЕТАНЫМЫ. АУЫЗША ДӘСТҮР-ТУЫСТЫҚ ЖҮЙЕНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ МЕН ҚЫЗМЕТІ
Т.С. Садықов, С.Сыздық
ҚАЗАҚТЫҢ РУ-ТАЙПАЛЫҚ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚОҒАМНЫҢ
ӘЛЕУМЕТТІК-САЯСИ ҚАЛЫПТАСУЫНДАҒЫ РӨЛІ.....................................................
И.М. Сулейманов
МАЙКЫ-БИ - СОРАТНИК ЧИНГИСХАНА, ИДЕОЛОГ «ЧИНГИЗИЗМА»....................
Ш.К. Ахметова
ТРАДИЦИОННЫЕ ПРЕДСТАВЛЕНИЯ И ИННОВАЦИИ В МИРОВОЗЗРЕНИИ
КАЗАХОВ ЗАПАДНОЙ СИБИРИ…………………………………….................................
К.И. Искакова
АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕК: ТАРИХШЫ -ЭТНОЛОГ..............................................................
Р. Бейсетаев
АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕК ЖӘНЕ САРЫАРҚА ЖЕРІНІҢ
КӨНЕ ЕСКЕРТКІШТЕРІ.........................................................................................................
Attila Mátéffy
“THE DEEDS OF THE MAGYARS” – COMPARATIVE STUDY ON THE LEGEND
OF THE ORIGIN OF THE MAGYARS……………………………………………………...
Б.А. Бичеев
Исторические предания калмыков, записанные
Номто Очировым в начале XIX века…………………………………………….
Г.И. Кульдеева
К ВОПРОСУ ОБ ЭТИМОЛОГИИ ОДНОГО ТЮРКИЗМА В РУССКОМ ЯЗЫКЕ….....
Г.Ч. Файзуллина
ЭТНОЛИНГВИСТИЧЕСКИЙ АНАЛИЗ ЗАИМСТВОВАННЫЙ ХОЗЯЙСТВЕННО-БЫТОВОЙ ЛЕКСИКИ СИБИРСКИХ ТАТАР……………………………………………..
А.Н. Догалов
ВОПРОСЫ СОЦИАЛЬНО-ЭКОНОМИЧЕСКОГО ОБУСТРОЙСТВА
ОГУЗСКИХ ПЛЕМЕН (IX-XIII вв.) В ДРЕВНИХ РАССКАЗАХ
«КНИГИ МОЕГО ДЕДА КОРКЫТА»……………………………………………………...
Г. Дьенн
ДРЕВНЯЯ ИСТОРИЯ МАДЬЯР В КОНТЕКСТЕ ВЕНГЕРСКИХ ИСТОЧНИКОВ…….
Г.Б. Избасарова
О РОДОПЛЕМЕННОМ СОСТАВЕ КАЗАХОВ И БАШКИР……………………………...
И.Ф. Кагарманов
О БАШКИРСКОМ ВАРИАНТЕ ТУРЕЦКОГО ХИТРЕЦА ХОДЖЕ НАСРЕДДИНА.........
А.К. Кушкумбаев
ВОЕННЫЕ СЮЖЕТЫ ИЗ ИСТОРИИ УЛУСА ДЖУЧИ ПО ДАННЫМ
“ЧИНГИЗ-НАМЕ” УТЕМИША ХАДЖИ…………………………………………………...
Г.К. Кульмаганбетова
НАСЛЕДИЕ КАЗАХСКИХ КУРАКОВ……………………………………………………..
Н.Ж. Мынбаев
ФЕНОМЕН ЭТНИЧЕСКОГО НАСЛЕДИЯ КАЗАХСКОГО НАРОДА…………………..
Ж.Ә.Жүнісова
«АЙМАН – ШОЛПАН» ЖЫРЫ ЛЕКСИКАСЫНЫҢ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ СИПАТЫ
С.Ж. Дүйсен
АҚЫН-ЖЫРАУЛАР ШЫҒАРМАЛАРЫ-ТАРИХИ ДЕРЕККӨЗІ РЕТІНДЕ.....................
Б. Рахимов
ҒЫЛЫМ МЕН ӨНЕР ШЕЖІРЕСІ...........................................................................................
З.А. Тычинских
ИЗ ИСТОРИИ СИБИРСКИХ МУРЗ КУЛЬМАМЕТЕВЫХ В XVII - XIX ВВ. ...............
А. Рыскильдин
САМООПРЕДЕЛЕНИЕ ИДЕНТИЧНОСТИ: ОТ РОДОСЛОВНЫХ
К АЛЬТЕРНАТИВАМ ГЕОКУЛЬТУРНОГО ВЫБОРА……………………………………
Л.Х. Самситова
СЕМАНТИЧЕСКОЕ ПРОСТРАНСТВО КОНЦЕПТА «ТУЙ/ТОЙ» (СВАДЬБА) В БАШКИРСКОЙ И КАЗАХСКОЙ ЯЗЫКОВОЙ КАРТИНЕ МИРА………………………
Е.М. Смағұлов
ҚАЗАҚТЫҢ АС БЕРУ ДӘСТҮРІНІҢ САЯСИ МАҢЫЗЫ
АУЫЗША ДЕРЕКТЕРДЕ……………………………………………………………………
Т. Мәми
ҚОРҚЫТ АТА ЖАЙЛЫ ЭТНОМӘДЕНИ ЗЕРТТЕЕУЛЕР……………………………….
М. Б. Шындалиева
«ЕЛТҰТҚА» КІТАБЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ-ӘДІСНАМАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІГІ........................
Д. Қалиолаұлы
ТӨРТ АНАҒА МАХАББАТ.................................................................................
Э. Гюнейлигиль
СЕКСЕН ТӨРТ МЫҢ КИІЗ ҮЙМЕН
БАРАҚ ОҒЫЗ ТҮРІКТЕРІ АНАДОЛЫДА ОРЫН АЛДЫ..................................................
III секция
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫ ЖӘНЕ ЖУРНАЛИСТИКА. АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕК ЖӘНЕ ҰЛТ МҮДДЕСІ
Б.С. Абдуова
СӨЗ ТАҢДАУ ЖӘНЕ СӨЗ ҚҰБЫЛТУ (АБАЙ ӨЛЕҢДЕРІ МЫСАЛЫНДА).............................................
Б.С.Абдуова
«ЖАМИ-АТ-ТАУАРИХ» ПЕН ТАРИХИ РОМАНДАР ТІЛІНІҢ САБАҚТАСТЫҒЫ.....
Б. Ақбұзауова
ТАРИХИ ТҮРКІ ТІЛДЕРІНДЕГІ ЕСІМШЕ ФОРМАЛАРЫНЫҢ АРИБУТ
ҚЫЗМЕТІНДЕ ЖҰМСАЛУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ....................................................................
А. Әбсадықов, А. Тажина
Тұтқын дауынан жесіпр дауына дейін
Г.Ж. Болатова
АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕК – ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРЫН ЗЕРТТЕУШІ.....................................
Т. Б. Жомартова
СӘКЕН СЕЙФУЛЛИННІҢ «КӨКШЕТАУ» ПОЭМАСЫНДАҒЫ
АҢЫЗДАР ТУРАЛЫ СЫР......................................................................................................
А.К. Ишанова
ЛЕЙТМОТИВЫ РАССКАЗА «ГОРНЫЙ ШАЛФЕЙ» А. СЕЙДИМБЕКА………………
З. Қазбекқызы, Г. Рахметоллақызы
ШЫҒЫС ЖӘНЕ ЕРЛІК ТАҚЫРЫБЫ МАҒЖАН ЖЫРЛАРЫНДА.........................
С. Қалибекова
А. СЕЙДІМБЕКТІҢ “КҮЗЕУДЕ” ПОВЕСІНІҢ ДАРАЛЫҚ СИПАТЫ..............................
А. Кемелбаева
АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕК. «ҚАЗАҚТЫҢ АУЫЗША ТАРИХЫ». ЭССЕ…………………
М. Кемел
АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕК ЕҢБЕКТЕРІНІҢ ҒЫЛЫМИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ....................
Қ.С. Құлманов
АСЫЛ МҰРАМЫЗДЫ ИГЕРУДІҢ МӘНІ МЕН МАҒЫНАСЫ……………….
Н. Мырзаханов
АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕКТІҢ ТАРИХШЫЛДЫҒЫ..............................................................
Г.Ә. Мұратова
ҒАЛЫМ А. СЕЙДІМБЕК ЗЕРТТЕУЛЕРІ – ЭТНОЛИНГВИСТИКАНЫҢ
ТАНЫМ-ТІРЕГІ........................................................................................................................
Қ.Ө. Сақ
А. СЕЙДІМБЕК ЖӘНЕ БАҚ ФУНКЦИЯСЫН
ЗАҢДАСТЫРУДЫҢ ӨЗЕКТІЛІГІ ХАҚЫНДА....................................................................
Қ.Қ. Сәрсембина
Ақселеу Сейдімбек шығармашылығы және ұлт мүддесі......................
Ш.Б. Cағатова
1920-1930 ЖЫЛДАРДАҒЫ ЖАЗБА ӘДЕБИЕТІ МЕН АУЫЗ ӘДЕБИЕТІНІҢ
ДАМУЫНА САЯСАТТЫҢ ТИГІЗГЕН ӘСЕРІ...................................................................
М.П. Ықылас
АҚСЕЛЕУ – ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ МЕН ЖУРНАЛИСТИКАСЫНЫҢ БИІК ШЫҢЫ......
Достарыңызбен бөлісу: |