Бауырдағы зат алмасулары Бауыр барлығына жуық кластағы қосылыстардың метаболизміне қатысады.
Көмірсулардың метаболизмі. Глюкоза және басқа да моносахаридтер бауырға қан плазмасынан түседі. Мұнда олар гликолиз өнімдері глюкозо-6-фосфатқа және басқаларына айналады. Глюкоза резервтік полисахарид гликоген түрінде деполанады немесе май қышқылдарына айналады. Қан плазмасында глюкоза мөлшері төмендегенде бауыр глюкозаны гликогеннің мобилизациясы есебінен толықтыра бастайды. Егер гликогеннің қоры көп азайған болса ол глюконеогенез үдерісі арқылы лактат, пируват, глицерин, аминоқышқылдардың көмірсутекті бөліктерінен, немесе, көмірсу емес табиғаттағы заттардан синтезделе алады.
Липидтерметаболизмі. Май қышқылдары, бауырда, ацетаттық блоктардан синтезделеді. Сонан кейін майлар мен фосфолипидтердің құрамына қосылып қанға липопротеиндер формасында түседі. Май қышқылдары бауырға қаннан да түсе алады. Ағзаны энергиямен қамтамассыз ету үшін бауырдың май қышқылдарын кетондық денелерге айналдыруы да маңызды болып табылады. Кетондық денелер қайтадан қанға түседі.
Холестерин, бауырда ацетаттық блоктардан синтезделеді. Сонан кейін ол липопротеиндер құрамында басқа мүшелерге тасымалданады. Холестериннің бір бөлігі өт қышқылына айналады немесе артық мөлшері ағзадан өт құрамында шығарылады.
Аминоқышқылдар мен протеиндердің метаболизмі. Қан плазмасындағы аминоқышқылдардың деңгейі бауыр арқылы реттеледі. Артық аминоқышқылдар ыдырайды, олардан бөлінген аммиак орнитиндік циклге қосылып мочевина түзілуіне қатысады. Мочевина бүйректерге тасымалданып олар арқылы шығарылады. Аминоқышқылдардың көміртектік бөлігі аралық метаболизмге глюкоза синтезі үшін алғызат ретінде немесе энергия көзі ретінде қосылады. Мұнан басқа, бауырда қан плазмасының көптеген протеиндерінің синтезі мен ыдырауы атқарылады.
Деполану. Бауыр ағзаның энергиялық резервінің (гликогеннің мөлшері бауыр массасының 20%-не дейін жетуі мүмкін) және көптеген алғызаттарының, минералдық заттарының, витаминдерінің A, D, K, B12 және фоль қышқылының, темірдің (ағазадағы темірдің 15%-ке жуығы) деполану орны болып табылады.
Биохимиялық трансформация. Стероидтық гормондар және билирубин, сонымен бірге дәрілік заттар, этанол және басқа да ксенобиотиктер бауырға түседі де олар инактивтеліп жоғары полярлы қосылыстарға айналады.