Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз.
25
Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек.
26
Оқу құралының ең ұлығы – бала оқытатұғын кітап.
27
Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады, өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады.
28
Өзгелер бас қосуымызға сенімсіз көзбен қарайтын болса, оларға көмекші өзімізден табылар. Ағашты кесетін балта, балтаның сабы ағаш. Соның мысалы басқа нәрселерде де бар. Адал кәсіппен күн көре алмайтын я арам жемесе, басы ауыратын иттер қай жерде де болса табылады. Айтпағанды айтты деп, етпегенді етті деп оттайтын хайуандар әсіресе біздің қазақта көп.
29
Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес, дарға асқаны, атқаны,
Маған қиын осылардың бəрінен,
Өз аулыңның иттері үріп-қапқаны...
30
Мен өлсем де өлемін жөнімменен,
Тәннен басқа немді алар өлім менен?!
Өлген күні апарып тығары – гөр,
Мен жоқ болам көміліп тәнімменен.
Тән көмілер, көмілмес еткем ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса ұқпасын жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін.
31
Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды.