Құнанбайдың тірі кезінде болған уақиғалар болатын



бет3/8
Дата04.11.2016
өлшемі1,27 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8

«Біз Бұқарды жазба әдебиетіміздің басы дегенде, біз Бұқардан бастап Абайға дейін үзілмей жалғасқан өзекті байланыс бар деп тұжырымдаймыз. Бұқардан кейін аса көрнекті Дулат, Махамбет, Шернияз, Нысанбай, Шортанбай, Мұрат сияқты т.б. ақындар оның дәстүрін жалғастырған», – деп жазады. Демек, Абай мен Махамбет феодалдық хандықтың жыршысы Бұқармен, Нысанбаймен бір қатарда тұрғаны ма, мұнан да өткен сорақысы, оларды Шортанбаймен, Мұратпен қатар қояды, одан да өткен сорақылығы, мұны: олар реакциялық бағыттағы, халық мүддесіне жау ақындар – деп ҚКП(б) Орталық Комитеті шешім шығарғаннан кейін жазып отырғандығы.

Ғылымға қарсы, маркстік ілімге қарсы деп танылған буржуазиялық сана ағымы теориясы негізінде жасалған бұдан асқан тұжырымның болуы мүмкін емес.

Сонымен қатар, Кенесары мен Нысанбай және өзге де ақындар жөніндегі ж.Исмаиыловтың еңбектерінде үлкен әрі өрескел қателер жіберілген. 30-жылдардан бастап жолд.Исмаиылов өзінің мақалаларында, кітаптарында, баяндамаларында Кенесарының ең белсенді насихатшысына, әспеттеушісіне және мадақтаушысына айналды. Бұл аздық еткендей, ол халық ақындары мен жазушыларға Кенесарыны бұрынғыдан да бетер әспеттеуге ықпал етті.

Жолдас Мұқановтың «ХҮІІІ және ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихының очерктері» атты кітабінде де өрескел қателер өте көп. 20-жылдардың басында Кенесарыға дұрыс баға берген ж.Мұқанов ертегілердегі сияқты таңғажайып және түсініксіз трансформацияларды басынан кешіп, нәтижесінде Кенесарының қас дұшпанынан ашық жақтаушысына айналып шыға келді.

Енді, тарихи шындықты, яғни, әділетті қалпына келтіру үшін 1934 жылғы, жоғарыда аталып өткен «Очерктер» мен «Хрестоматияға» енгізілген Кенесары мен Нысанбай туралы мақалалардың басты авторы болып табылатын өзімнің мақалама қысқаша тоқтала кетейін. «Хан Кене» пьесасында жіберілген қателіктен кейін мен сол кездегі кеңес ғалымына тән ұстанымға көштім. 1934 жылы құрастырылған ХІХ және ХХ ғасыр ақындарының «Хрестоматиясында» Нысанбай туралы мен:

«Нысанбай сол жолды таңдап алды және өзінің жырын жоқтауға айналдырды. Бұл жоқтау Нысанбайдың таптық тегі мен ұстанған бағытын анықтайды. Ол хан билігін бөліскен адам емес. Бірақ ханның көңілінен шыққан бағынышты адамның сөзі. Ол – әміршінің алдында жұбату, көңіл аулау мақсатында мақатау мен мадақтау жырын айтқан жырау. Ол ханның көңілінен шығуға тырысты, билеуші үстем таптқа қызмет етті», – деп (11-бет) жазыппын, ал 1934 жылғы Кенесарының өзі туралы «Очерктің» 31-бетінде: «Барлық ашық мақсат – Кенесарының жеке басының хандығын, тағын, даңқын қорғауға келіп тоғысады, міне, осындай да кезең өткен, Кенеге жақын батырлар мен билер тобы да өздерінің билігін нығайту үшін мұны қолдаған», – деп жазыппын.

Міне, менің осы еңбегімді ж.Жұмалиев өзінің кейінгі оқулықтарында бірнеше рет сынаған болатын. Жолдастар, ж.Жұмалиевтің сол оқулығының 22-бетіндегі мына пікірге назар салуларыңызды өтінемін. Онда кітаптың атын атамай, бағдарлама мен хрестоматияны құрастырған автордың позициясын: «Ол материалдарда халықтық көтерілістің маңызы, халықтың басын біріктірген бұқараның тәуелсіздік жолындағы күресі, халықтың басын қосып, осы көтерілісті ұйымдастырған, жетекшілік еткен Кенесарының орыны анықтап көрсетілмеген, қозғалыстың прогрессивті мәні жайдақтатылған», – деп сынаған.

Мұны өзге де авторлар қайталап көрсетті.

Міне, мен Кенесары мен Нысамбай туралы 1934 жылы жазған соңғы мақаламнан соң 1947-1948 жылдарға шейін, қашан «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томына редактор болғанша үндемей жүрген кезде осындай да оқиғалар болды.

Ал ж.Жұмалиев Нысанбай туралы ғана емес, сонымен қатар Бұқар, Шортанбай, әсіресе, Мұрат туралы бұрынғы өрескел қателіктерін ҚКП(б) Орталық Комитетінің шешімінен кейін де жалғастырып келеді. Бұл қателіктер мынадан көрінеді, ж.Жұмалиев жолдас ҚКП(б) Орталық Комитетінің шешіміне орай оларды феодализмнін ақындары, қанаушы таптың идеологтары ретінде атай келіп, тікелей әдеби талдауға көшкенде оларды шебер ақын ретінде жоғары бағалап, шығармаларын бір ыңғай мақтай жөнеледі. Соңғы оқулығында ол Бұқарды шектен тыс әспеттеп, жыраулардың атасы, данышпан деуге дейін барды. Хандықтың бас идеологы, феодалдық сарай ақыны жөнінде осындай пікір білдірген.

Әрине, ж.Жұмалиев оқулықтарды құрастырушы ретінде белгілі және онымен бұрыннан айналысып келеді. Осы арада оның өте елеулі кемшілігін айтпасқа болмайды. Оның саяси қателіктеріне әділ сын айтсаң, ж.Жұмалиев сол арада өзгенің қателіктерін термелей жөнеледі. Өзінің қатесін өзгелердің өткендегі қатесімен бүркемелегісі келеді. Басқасын былай қойғанда, осы арада ең бір заңды және түйінді сұрақ туындайды: өзіңіздің кешегі қатерлерін осылай жуғысы келген, өткендегі қателерін мойындаған сол автордың кітабына сілтеме жасадыңыз ба? Ол сілтеме жасаған жоқ. Оны өзінің пікірі ретінде көрсетті. Ендеше сол пікірлер мен қателерді, өзінің кінәсін ашық мойнына алсын.

Осы айтылғандардың барлығын – біздің әрқайсымыздың қатеміз бен кемшілігмізді обьктивті түрде көрсетіп, партия көрсеткен саяси қателерімізді жоюға көмек қолын ұсынып, бағыттап отыратын көпшілік қауым да ескеруі тиіс.

Сонымен қатар, партия мен ауқымды да әділ көпшілік қауым кейбір сөйлеушілердің (Мен Тіл және әдебиет институтының қызметкерлері арасындағы пікір таласын айтып отырмын): жеке адамның мұқым еңбек жолын жалаң сөзбен келеке етіп, өткендегі жіберген жекелеген қатерлері мен сілтемелерді бетіне шіркеу ете отырып, соңғы жылдардағы қол жеткізген нақты табыстарды мүлдем өшіріп тастағысы келген жойымпаздардың, қайталап айтамын, БКП(б) Орталық комитеті мен «Правда» газеті, Кеңес одағының жалпы көпшілігі қатал сынаған, ниглист Белик сияқты айқайшыл, раппшыл жаңа жойымпаздардың сөздерін байыппен талдап, тиісті шешім шығарады деп ойлаймын.

Осы арада өзімнің және ж.Жұмалиевтің, әсіресе, оның көпшілікке кең тараған оқулықтарындағы қателерін сынай отырып: Жұмалиевке қарсы ешқандай қызғанышым да, арам ойым да жоқ, өйткені онымен бөлісе алмай жүрген ештеңем жоқ, ол – менің, мен – оның қателіктерін көрсету – міндетіміз – дегім келеді. Пікір таласы болсын, пікір таластыра жүріп, партия, Сталин үйреткендей, шындықтың жолын табайық. Тек принципті, обьективті-партиялық, әділ сын, өзара сын болсын. Соны жетекшілікке ала отырып, көпшілік партия-кеңес қауымының күнделікті көмегіне сүйене отырып, біз – зерттеушілер мен жазушылар жас кеңес ғылымы, оның ішінде Қазақстан тарихы мен мәдениет тарихын зерттеу барысында тұйыққа тірелген әдебиеттану саласы осы ауқымды да ауыр жағдайды бұзып шығады және оған міндеттіміз деп есептеймін» (сонда, №36  іс.637-49 беттер).
Сөзінің соңында Қ.Жұмалиевтің Бұқар жырау туралы пікіріне айтылған сын, екі үлкен ғалымның арасындағы Абайдың ақындық мектебі туралы айтыстары олардың аражігін мүлдем ашып тынды. Тіпті бір-бірін жеккөрінішті етіп көрсетуге дейін барған. Қ.Жұмалиев те «қарызданып қалмай» «Абай жолы» романы арқылы М.Әуезовтің «ұлтшылдығын әшкереледі».

Қ.Жұмалиев: «Біздің кейбір әдебиеттанушыларымыз, жолдастар, Кенесарыны мадақтауды әлі де жалғастырып келеді. Мысалы, Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты жариялауға ұсынған, М.Әуезовтің тікелей жетекшілігімен 1948 жылы шыққан қазақ әдебиеті тарихының І томы – Маррдың антимаркистік көзқарасының шылауына оратылған, Радлов, Диваев және т.б. сияқты буржуазиялық ғалымдардың қате тұжырымдарының ықпалында кеткен, сондай-ақ Кенесары мен оның серіктерін әспеттеген, Кенесары туралы дастанды халықтық дастан деп жалған көрсеткен, методологиялық тұрғыдан зиянды басылым болып табылады. Оның 311-бетінде: «ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен аса үлкен қозғалыс – Кенесары Қасымов бастаған халықтық көтеріліс», – деп жазылған.

Сондықтан да Әуезовтің редакциялық жетекшілігімен жарияланған бұл том Бекмахановтың саяси зиянды кітабімен қатар тұруы тегін емес. Бұл кітап Орталық комитеттің шұғыл түрде араласып, қатаң талқыға салып, қайта қарауын қажет етеді. Өйткені бұл кітап кеңес студенттерінің оқулығы болып табылатындықтан да, ол жат пиғылда тәрбиелейді.

Кенесарыны әспеттеудің және әдебиеттанудағы одан да басқа ұлтшыл идеяладрың тұпнұсқалық қазығы – М.Әуезов. Оның 1932 жылға дейінгі әрекетін айтпағанның өзінде, ол бұл идеяны 1933 жылдан қазіргі күнге дейін жүргізіп келеді. Жолдастар, «Правдадағы» мақаладан кейін Кенесары туралы өзінің зиянды ұстанымын жалғастырып келе жатқан М.Әуезовтің әрекетін аса өрескел саяси қателік деп есептеймін. Таяуда ғана, 1951 жылы 7 көкек күні Қазақ ССР ғылым академиясының қоғамтану ғылымдары институттарының біріккен ғылыми Кеңесінде Мұхамедхановтың қорғауы болды, онда Абайдың ақындық мектебі және Кенесарыға қатысты көптеген мәселелер талқыланды. «Кімді Абайдың шәкірті деп танимыз?» – деген мәселе кеңінен қозғалды... Әуезов сонда Көкбайдың «Кенесары – Наурызбай» дастанын Абай мектебінің үздік өкілінің шығармасы ретінде атап өтті... Дастанда Наурызбай кімді өлтіреді? Орыстарды. Кімнің қаласын өртке орайды? Орыстардың. Көкбай Кенесарыны неге мадақтайды? Бір жолда 99 өзбекті өлтіргені үшін. Қасымовтарды ақын не үшін мақтайды? Қырғыз бен қазақ елінің бейбіт тұрғындарын қатыгездікпен, аяусыз қырғаны үшін. Міне, Әуезов кімді Абайдың шәкірті, халық ақыны деп есептейді. Әуезовтің бұл пікірімен келісеміз бе, Әрине, жоқ...

Осы мәжілістегі М.О.Әуезовтің сөзіне келетін болсақ, ол мені де, қатысып отырғандарды да қанағаттандырған жоқ. Турасын айтайын, Кенесарыға байланысты мәселеде өрескел саяси қате жібергендерге екі-ақ жол қалды: біріншісі – большевиктік турашылдықпен өзінің қателіктерін мойындап, оны түзету, ал екінші жол – өзінің сорлы менмендігінің тұтқынында қалып, жеккөрінішті қорқау кейпінде қалу»(сонда).
Бұдан басқа, үшінші жол бар болатын. Осы тартыстың нәтижесі бойынша:М.Әуезов – Қ.Жұмалиев емеуірін еткен «сорлы менмендігінің тұтқынында, жеккөрінішті қорқау кейпінде қалып» қоймай, оның өзі сияқты жиырма бес жылға жер аударылып кете баруы да мүмкін еді. Тістескен тамырлар бір-бірін улап барып, ажырасты. Олардың бұл шарпысуларынан ғылыми таластан көрі пенделік салғыласу басым түсіп жатты. Оны тарихшы Т.Шойынбаев айтқан мына дерек те растайды. Сол бір арбасқан күндері қызметтен қуылған Қ.Жұмалиев қаражаттан қысылып, үйіндегі әппақ жиһазын несие дүкеніне өткізеді. Дүкеннің терезесінен соны көзі шалып қалған қаламгер: «Ә, солай ма екен?», – деп еркін тыныс алыпты. Т.Шойынбаев таңдана: «Сіздердің дұшпандықтарыңыз осындай ма еді?», – деген сұрағына: «Қайдан білейін, қыртыңдап қоймаушы еді», – депті де бұрылып кетіпті.

Ал Қажым Жұмалиев сияқты азулы, қара тілді, өжет адамды «қыртыңдатып» қойған, оның азуын Абай мен Кенесарыға қарсы білеткен аяр заманы еді. Екеуінің жұлдыздары өзара қарсы болғаны – өкінішті, бірақ қасірет емес. Қасірет – бірімен бірі қаржасып жүріп, халықтың тағдырын шайқалтып жібергені.

Бұл редакция алқасына ұнап қалса керек:

«Шығып сөйлеген профессор X. Жұмалиев жолдастың сөзі әрі мазмұнды, әрі ғылыми дәлелді болды. Ол Кенесары-Наурызбай қозғалысына байланысты әдебиет зерттеу еңбектеріндегі қателіктердің туу себептерін айта келіп, Бекмаханов, Әуезов, Исмаилов жолдастарды батыл сынады.

Профессор Әуезовтің Абай мектебінің көрнекті өкілі деп жүрген Көкбайы қазақ халқының зұлым жауы Кенесары мен Наурызбайды мадақтап поэма жазған. Сондай-ақ Әуезовтің Абай шәкірттері деп жүрген кейбір ақындары қазақ халқының дана ақыны Абайдың шәкірті деп айтуға татымайды, - деді Х. Жұмалиев жолдас» - деп іштарта көрсетті.



Е.Исмайылов: «Бізде Кенесары Қасымов туралы арнайы мақала жазбаған, алайда оң баға берген әдебиетші-тарихшылар бар. Олардың аттарын атамай-ақ қояйын, өзімнің кінәмды өзгеге аударғым келіп тұрған жоқ, алайда Қазақстан тарихы ғылымындағы қайшылықтарға және Кенесары Қасымовқа қатысты әдеби мәселелерді зерттеуде жіберілген қателіктерге, олардың белгілі мөлшерде тарихшыларға ықпал жасағанына қарамастан, кейбір жолдастар өзін-өзі ақтауға тырысты. Бұл – шындық. Алайда мынадай сұрақ қойғым келеді: Мұқанов пен Жұмалиев жолдастар өзінің оқулықтарының тұтас бір тарауын шынымен де Исмаиыловтың ықпалымен жазды ма? (Республиканың) жиырма жылдығына арналған тезистер де Исмаиыловтың диктовкасымен жазылды ма? Тимофеев-Федоровтың мақаласын да Исмайылов жазып беріп пе? Иә, мен қатты қателстім, нағыз табанды кенесарышыл болдым, алайда осының бәрін, барлық пәлені Исмаиыловқа үйіп-төгіп, оның жалғыз өзін кінәлі деп мәлімдеуге болмайды».
Иә, Ұлы отан соғысындағы жауынгерлерге: «Сендерді Абылайдың, Кенесары, Наурызбайдың әруақтары қолдасын!», – деп ұран тастағанын.Ж.Шаяхметовтің өзі де мойындай сөйлеп, оған иедеология хатшысы І.Омаровты жанай кінәлап өтті. Скворцов, Қазақпаев, Оңдасынов, Әбдіхалықов та Кенесарыны ауызына алып, атой салған. Тіпті Сталиннің өзі де Иван Грозныйдың әруағын шақырған болатын. Жеңіске жеткеннен кейін енді сол әруақтарды қарғыспен кебіндеп, қайта көмгілері келді. Зады әруақтар оларға да тыныштық бермесе керек.

Қ.Х.Бекхожин (жалғасы): «Мен өзімнің әлі тәжірибе жинақтамаған қарапайым әдеби қызметімді СССР ҒА-ның Қазақстандағы филиалының Тіл және әдебиет секторында, Кенесары мен басқа да хандар мен билер туралы пікірлердің дәнін сепкен Исмаиыловтың жетекшілігінде атқара жүріп, Қазақстан тарихы мен Қазақ әдебиеті тарихының кейбір тұстарын түсінуде адасып етіппін...



Ең соңында айтарым, өзінің ұлтшыл, оның ішінде Кенесары туралы қателерін осы уақытқа дейін ашық және шын жүректен мойындамай отырған Исмаиыловтың тәртібін қатаң талқыға салуға болмай ма? Кенесарыны әспеттеген ондай адам жоқ, ол бұл мәселе жөнінде идеялық қателік қана жіберіп қойған жоқ, сонымен қатар бірнеше жыл бойы мұқым бір мемлекеттік ғылыми мекемені жұмылдырып, мемлекеттің қаржысын жұмсап, Кенесарының тарихын мадақтайтын зерттеулер жаздырды, сөйтіп, жалған дәлелдер арқылы Кенесарыны «халықтық» тұлға етіп көрсетіп, қоғамдық ойды адастырды. Соның тапсырмасымен кеңес ақындары бірқатар қате шығармалар жазды. Жылқыайдаров, Керімбаев, Шипин сияқты халық ақындарымен қоса ақын Аманжолов та оның тапсырмасымен Кенесары мен Наурызбайды мадақтайтын дастандар шығарды. Неге ж.Аманжолов өзінің Кенесары туралы жіберген қателігін ашық мойындауды парызым деп есептемейді? Өзіміздің барлық қателігімізді ашық мойындап, оны сынау арқылы ғана өзіміздің шығармаларымызға жат, зиянды идеялардың кіріп кетпеуіне жол ашамыз».
Жауап сөзінде «келісімді орындап» Е.Исмаиылов Х.Бекхожиннің атын атамайды. Бірақ астарлы емеуірінді екеуі де, өзгелер де түсінген.

Е.Исмаиылов (жалғасы): «Әдебиетшілердің арасында өзгелердің қателігін көрсетуге шебер, ал өздері ештеңе істемей, «тыныш қысып» отырғанды жөн көретін сыншысымақтар бар. Ешқашанда да ештеңеге араласпайтын, ештеңе жазбайтын жолдастар да бар. 5-6 жыл бойы қолына қалам ұстамағандар да кездеседі. Әрине, ол жолдастар ешқашан қателеспейді (күлкі).



Әрине, ішінара қателіктер кетуі де мүмкін, партия мен үкімет талап етіп отырғанда табанды түрде еңбектену керек. Мен принципті шығармашылық сынды қашанда қабылдаймын, алайда, өзің баяғыда бас тартқан ескі қолжазбаларыңды ақтарып, қояңды шығаруға бағытталған сыңаржақ сынды қабылдамаймын. Мұндай кемшіліктерді, соның ішінде Қ.Жармағамбетов жолдастың баяндамасында айтылған сындарды мойындаудан бас тартамын, менің жақсы істерімді жасырып, жаманттың барлығын маған жапсырған мұндай сынды жоққа шығарамын. Лайықты, орынды сынды өзім де жақсы көремін және ондағы қателерді түзетуге тырысамын. Партия ұйымы тарапынан айтылған сынды да қабылдаймын».
Жалпы мерзімі үш жылға созылған осы арпалысты, жанталасты, әшкерелеуші бағыт ұстаған талқылауларда өзінің пікірін ашық білдірген және қарсы уәж айтқан тұлға Есмағамбет Исмаиылов қана. Қ.Бекхожин айтқандай, бәрібір жазадан құтылмайтынын біле тұрып, өзінің «соңғы сөзін»:

«Осы партия жиналысында: Кенесары Қасымовтың қозғалысын бағалауға, оның реакциялық мәніне қатысты қателіктерімді түзету жолында адал еңбек ететініме уәде беремін», – деген үмітті тілекпен аяқтады.
Алайда бұл көпшіліктің назарын жай ғана алдарқату еді. Осы жиналыстан кейін:

«Кенесарының жолындағы талмайтын күрескер, оның меншікті қорғаушысы, жән хан тұқымдарының тұрақты алдияры» атанған (Қ.Жұмалиев)

Е.Исмаиылов – Е.Бекмаханов пен Қ.Мұхамедхановтың, Б.Сүлейменовтің қатарында қамаққа алынып, жиырма бес жылға кесіліп, Семейге жер аударылды.



Күнделікті баспасөздердегі даурықпаны былай қойғанда ой қорытып жазуға мүмкіндігі бар журналдық мақалалардың өзінде жоғарыдағы мазмұндағы сөздер қайталанып, астарланып, жұмырланып, саяси-идеологиялық жақтан салмақтанып үзбей жарияланып жатты. «Әдебиет және искусство» басылымының №8 санындағы «Әдебиетіміздің идеялығы үшін» атты редакциялық бас мақала соның бір дәлелі. Онда:

«Көркем әдебиетіміздің өркендеу жолында қолымыз жеткен осындай табыстарды айтумен қатар, біз бұл салада соңғы уақытқа дейін орын алып келген идеологиялық бұрмалаушылықтарды, өрескел қателіктер мен елеулі кемшіліктерді де ешбір жасыра алмаймыз. Өткен жылдың декабрінде «Правда» газетінде жарияланған «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақала және бұл мақалаға байланысты Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің осы жылғы 10 апрельдегі қаулысы жалған тарихшы Бекмахановтың «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» деген кітабында Қазақстан тарихы мәселелерін буржуазиялық-ұлтшылдық тұрғыдан баяндағанын, халық бұқарасының қас дұшпаны сұлтан Кенесарының феодалдық-монархиялық қозғалысын «халықтық», «бостандық» қозғалысы болып еді деп дәріптегенін әшкереледі. Бұл мәселені талқылау үстінде Қазақстанның кейбір тарихшыларының еңбектерінде ғана емес, сонымен қатар кейбір әдебиетшілері мен ақын-жазушыларының кітаптарында да буржуазиялық-ұлтшылдық бұрмалаушылықтардың, өрескел саяси қателіктердің орын алып келгендігі анықталды.

Қазақстан К (б)П Орталық Комитетінің 1947 жылғы «Қазақ ССР Ғылым Академиясы Тіл және Әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» қаулысында, әдебиетшілер Е.Исмаилов пен X.Жұмалиевтің буржуазиялық-ұлтшылдық бағыттағы қателері атап көрсетілгеніне қарамастан, бұлар өздері жөнінде болған қатаң сындар мен ескертулерден сабақ ала білмеді, соңғы кезге дейін олар әдеби зерттеулерінде, мақалаларында Кенесары мен Наурызбайды жер-көкке сыйғызбай дәріптеумен болды, халықтың бұл дұшпандарын мақтап өлең жазған хан маңындағы ақындар мен жыршылардың зиянды шығармаларын барынша насихаттап, оларға оқу кітаптарынан, оқу программаларынан, әдебиет тарихына арналған еңбектерден кең орын беріп отырды. Жазушы М. Әуезов Қазақ әдебиеті тарихының бірінші томында, «Хан Кене» деген арнаулы пьесасында Кенесары мен Наурызбайды, олардың маңындағы феодалдарды үнемі мақтаумен, оларды бұқараның «көсемдері» етіп көрсетумен болды. Қазақстан жазушылар одағының председателі С.Мұқанов та сұлтан Кенесарыны дәріптеушілердің буржуазиялық-ұлтшылдық пікірлеріне кезінде тойтарыс берудің орнына, қайта ондай зиянды пікірлерді өзі қостап отырды.

БК(б)П Орталық Комитетінің органы «Правда» газеті осы жылғы 2 июльдегі «Әдебиеттегі идеологиялық бұрмалаушылықтарға қарсы» деген редакциялық мақаласында және 16 июльдегі «Совет әдебиетінің маңызды міндеті» деген бас мақаласында кейбір жазушылар мен ақындардың шығармаларынан ұлтшылдықтың сарқыншағы байқалатынын көрсетті, бұл жөнін ақын В. Сосюраның «Украинаны сүй» деген ұлтшылдық сарында жазылған өлеңін мысалға алды. Ұлтшылдықтың мәнісі, – деп жазды «Правда» – оқшаулануға және ұлттық тар өрісті шеңберде томаға тұйықтануға тырысушылықта, Совет Одағындағы ұлттардың еңбекшілерін жақындастыратын және біріктіретін істерді көрмеушілікте екені мәлім. Қазіргі заманның тақырыптарынан қашықтап, алыста еткен заманға бой ұру, ескілікті дәріптеу - ұлтшылдықтың жеке жазушыларда кездесетін ерекше бір түрі» деп атап өтілді.
1951 жылы 20 көкек күні Жазушылар одағының ашық партия жиналысының ҚКП(б) Орталық комитеті бюросының 10 көкек күнгі Қаулысы мен «Правда» газетіндегі «Қазақстан тарихы мәселелері маркстік-лениндік тұрғыданбаяндалсын» деген мақалаға орай Қ.Жармағамбетовтің баяндамасын тыңдап, талқылап, қаулы мен мақалада, баяндамада айтылған пікірлерге орай:

«1. Хан Кенесары Қасымовтың феодалық-монархиялық, реакциялық қозғалысын мәнін ашып бере алмаған жазушылар мен әдебиеттанушыларды әшкерелеуде жетекшілікке алынсын. 2. Хан Кенесары Қасымовтың феодалық-монархиялық, реакциялық қозғалысы қатаң сынға алынып, Жазушылар мен әдебиеттанушылар көпшілік арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізсін. 3. «Әдебиет және искусство» жураналында Кенесарының қозғалысын суреттеген әдебиеттерді әшкерелеу бағытында сыни мақалалар жарияласын. 4. Әдебиеттанушылар – Қазақ әдебиеті тарихының көп томды тарихы мен мектеп оқулықтарында кеткен қаеьеліктерді түзету үшін әдебиеттанушылар Қазақ ССР ҒА Тіл және әдебиеттану институтына және Қазақ ССР оқу ағарту министрлігіне белсене атсалыссын. 5. Жұмалиевтің, Бекхожиннің, Әуезовтің, Мұқановтың өзінің қателіктерін мойындағаны ескеріліп, оларға шығармаларында, оқулықтарында, қазақ әдебиеті тарихында кеткен қателіктерін тез арада түзету тапсырылсын. 6. а/ Қазақ ССР тарихы мен Қазақ әдебиеті тарихы мәселесі бойынша жазушыларға арналып лекция оқылсын. б/ Осы қаулының орындалуының барысы туралы ай сайын партия жиналысына хабарланып отырсын», – деген (сонда) қаулы қабылданды.
Мұндай қаулыны көні кеуіп барып, жібіген былғарымен ғана салыстыруға болады. Әдебиет саласындағы барлық айып түрмеге қамалып, жер аударылған Есмағамбет Исмайыловқа тағылды. Тіпті Қасым Аманжоловтың өзі: маған тапсырма берген халық жауы Е.Исмайылов пен Х.Бекхожин деп райынан қайтты. «Хандардың жоқтаушысы» деп Х.Бекхожинді әшкерелеген мақала да жазып барып «айыбын жуды».

Сөйтіп, жалпылама әшкерелеу дабылы қағылды.

Бұдан кейін екі айдан кейін өткен талқыда Кенесары тақырыбы М.Әуезовтің екінші бүйірінен тағы да шаншу боп қадалды. Енді 1951 жылы 24 тамызда Жазушылар одағының қалалық жиналысы өтті. Оны қалалық партия комитетінің хатшысы Исқақов басқарып отырды. Одақтың төрағасы С.Мұқанов «Қазақ әдебиетіндегі идеологиялық бұрмалаушылықтарға қарсы» атты баяндама жасады. Екі-үш ауыз сөзбен әдебиет жетістіктеріне жеделдете тоқталып, сол бір қызылөңеш кезеңнің дәстүріне сәйкес бірден саяси-идеологиялық әшкерелеуге көшті. Әрине, тағы да «дәстүр бойынша» алдымен Мұхтар Әуезов және оның «Хан Кенесі» нысанаға алынды. Қара дауылдың демімен «үш бәйтерек» бірін-бірі тағы да тамырларын солқылдата ырғады.

С.Мұқанов: «Алайда қазақ совет әдебиетінде, сондай-ақ кейбір жеке ақын-жазушылардың творчествосында өрескел саяси қателер, бүгінгі өміріміздің шындығын бұрмалау, совет халқының мүддесіне зиянды, ұлтшылдық сарындар орын алып келді. Қазақтың көптеген ақын-жазушылары өздерінің шығармаларында қазақ халқы мен орыс халқының қас жауы сұлтан Кенесары Қасымовтың монархиялық, кертартпа бағыттағы көтерілісін ұлт-азаттық жолында болған күрес деп дәріптеді. Жазушы Мұхтар Әуезов бір кезде «Хан кене» атты пьеса жазып, онда қанішер Кенесарының бауырлас қырғыз халқына жасаған зұлымдығын, жыртқыштығын оның ерлігі етіп көрсетті. Сөйтіп, бұл зиянды шығарманы жазу арқылы жазушы Мұхтар Әуезов сұлтан Кенесары Қасымовты дәріптеумен тынбады, ол жүздері жарасқан бауырлас қазақ, қырғыз халықтарының достығын бұрмалап, олардың арасында ұлт араздығын қоздыруға әрекеттенді. Бірақ, Октябрь революциясы арқылы қайта туған, Ленин-Сталин партиясының ұлт саясаты негізінде тәрбиеленген қазақ еңбекшілері М.Әуезовтің бұл жат оймен жазылған, зиянды шығармасын қабыл алмады.



Халқымыздың мүддесіне опасыздық жасаған Кенесарыны дәріптеуде жазушы Әуезовтен басқа кейбір ақын, жазушыларымыз да қалыса қоймады. Ақын Қалижан Бекқожин Кенесарының баскесер інісі, қанішер Наурызбайды мадақтап «Батыр Науан» деген поэма жазды. Бұл поэмасында ол қазақ халқының қас жаулары Кенесары мен Наурызбайды азаттық туын көтерген, еркіндік аңсаған, халық қамын жеген көсемдер, ел үшін еңіреп туған ерлер етіп суреттеді. Сөйтіп, Қ.Бекхожин совет ақыны деген атты бетке ұстап, халқымыздың мүддесіне опасыздық жасады, халықтың қас жауларын дәріптеуден ол тайсалмайды. Кенесары Қасымовты дәріптеу басқа да көптеген әдебиетшілердің еңбектерінде, оқу құралдары мен хрестоматияларда, сондай-ақ қазақ әдебиеті тарихының профессоры М.Әуезовтің басқаруымен шыққан бірінші томында да орын алды. Профессор Х.Жұмалиев пен Е.Исмаилов жолдастар өздерінің «ғылыми-зерттеу» еңбектерінде маркстік-лениндік методологиядан қол үзіп, өрескел қателіктерге ұрынды» - деп қызылкеңірдек айтыстың тамағын қырнап берді.

Қашанғы әдетімен екі жағын бірдей түйреген партияда жоқ жазушы Ғ.Мүсірепов те қалыс қалмады. С.Мұқановтың өзін де қармаққа іле кетті.

Ғ.Мүсірепов: «Большевиктік сын қазір ұлтшылдық пен идеясыздықтың түп-төркінін терең ашып беріп отыр. Большевиктік сын кейбір жазушылардың пікірі Кенесары Қасымовты дәріптеуде буржуазияшыл-ұлтшыл Бекмахановтың пікірлерімен ұштасып жатқандығын көрсетті. М.Әуезовтің «Хан Кене» пьесасында, қазақ әдебиеті тарихының бірінші томында, С.Мұқановтың «Балуан шолақ» повестінде, «XVIII-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті тарихының очерктерінде», Жұмалиев пен Исмаиловтың оқу құралдарында, Бекхожиннің шығармаларында Кенесары халықтың көсемі ретінде, ал, оның көтерілісі прогрессивті болып көрсетілді. Олардың бұл еңбектерінде ұлтшылдықтың екінші беті − орыс халқына қарсылық көп орын алды. Әуезов жолдастың соңғы жылдардағы ұлтшылдық сарындағы қателері, сөз жоқ, оның өткендегі идеялық тұрақсыздығымен, адасуларымен тығыз байланысты. Басқа ешкім емес, Әуезов жолдастың өзі әдебиетшілеріміз бен ғалымдарымыздың ішінде ең бірінші рет халықтың зұлым жауы Кенесарыны жер-көкке сыйғызбай дәріптеп, аспанға көтерді. Мұқанов жолдастың өрескел қатесі де бұдан кем соқпайды. Ол өзінің «Очерктерінде» Едіге мен Қобландының, Кенесары мен Наурызбайдың, Көтібар мен Есеттің арманы Аманкелді Имановтың Октябрь революциясындағы күресі арқылы жүзеге асты деп жазды. Бұдан большевик комиссар Аманкелді Иманов Едіге мен Кенесарының арманы мен мақсаты үшін күрескен болып шығады. Сөйтіп, Сталин жолдас қазақтың Чапаевы деп атаған Аманкелді Иманов Социалистік Октябрь революциясының жемісі емес, Едігеден бері келе жатқан феодалдық қоғам батырларының ұрпағы болып қана қалады» - деп бұларға тарихшылар Толыбеков пен Қыстауовты да қосақтап қойды.

Бұл да сол қызылөңеш кезеңге тән тақыс тәсіл. Мұндай қыздырмадан қалыс қалу, еруліге қарулы көрсетпеу өзіңнің «жаулығыңды мойындаумен» пара-пар. Сондықтан да «жанр заңына байланысты» М.Әуезов те мінбеге көтерілді. Ол енді жоғарыдағы ұлтшыл-идеясыз жазушылардың қатарына Ғ.Мүсіреповтің өзін де «қыстырып» жіберді.

М.Әуезов: «Идеология майданын, әсіресе, әдебиетімізді зиянды әрекеттерден тазарту туралы мәселе қазір барынша батыл қойылып отыр. Буржуазияшыл ұлтшылдық тарихи прогресске, халқымыздың өткендегі тарихына қарама-қарсы. Біздің халқымыздың өзінің өткен замандағы тарихында Шоқан, Абай, Ыбырай сияқты ұлдары болғанын мақтан етеді. Халқымыздың бақытына қарай олар ұлтшылдық адасудан аулақ болды, өз халқының келешегін орыс мәдениетінен, орыс халқымен достасудан көрді. Ал панисламистер мен пантүркистерден бастап алашордашыларға дейінгі ұлтшылдар тарихи прогресске улы зардабын тигізумен болды. Қазіргі совет жағдайындағы ұлтшылдар да сол жат идеяны бүркемелеп өткізуге тырысып бақты. Ұлтшылдықтың бір түрі өткен заманда болған кейбір тарихи адамдарды халық қамын жеген патриот етіп көрсетуде. Сондықтан, біз тарихи тақырыпқа жазылған шығармаларды қайта қарап, оларды бүгінгі күннің тұрғысынан әділ бағалауымыз керек. Бұл ретте драматург Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасын атауға болады. Бұл пьеса орыс халқына жаны қас болған, панисламист ақын Ақан серінің өмірінен алынған. Ал Ақан сері орыс шаруаларының қазақ жеріне орналасуына, қазақ кедейлерінің олармен араласуына барынша қарсы болған, кейде патшадан үміт күтіп, түңілгенде Бұқараға, Түркияға көшуді аңсаған, халықты соған үгіттеген адам. Ақан сері өзінің творчествосында, поэзиясында, музыкада жекелік сарында, эстетизм бағытында болды, халықтан, халық өмірінен аулақтанды. Біз бұл қателердің бетін тереңірек ашып, мұндай адамдардың творчествосын, өмірін таптық тұрғыдан қарап бағалауымыз қажет» - деп Ғ.Мүсіреповтің орнына Ақан серіні жазғыруға дейін барды.

Әрине бұл ақыл-ойдың шешімі емес, амалсыздықтың, «суға кеткен тал қармайдының» жанталасы. Сәбит пен Ғабит қатар шығып, екеуінің өзін ортаға тықсырғанына көрсеткен азуы, батырған тісі еді. Қарама-қарсы пікірде сөйлеген пікірлердің бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Әсіресе, стенограммалардағы сөздердің тұздығы ащы, қыжырынуы басым. Тіпті бет жыртысуға барған жағдайлар да кездеседі. Оның барлығын тізіп шығу біздің міндетімізге де жатпайды. Ресми сипат алған пікірлерге ғана тоқталдық.



Кенесары ұлт-азаттық қозғалысы туралы мәселе Қазақстан Компартиясы ОК-нің ҮІІІ пленумында арнайы қаралып, бірінші хатшы Ж.Шаяхметов «Республиканың партия ұйымдарында идеологиялық жұмыстың жайы және оны жақсартудың шаралары туралы» баяндама жасады. Сол кездегі партиялық принцип пен пікірдің, қоғамдық ойдың қандай дәрежеде екендігін көрсету үшін баяндаманың қажетті-ау деген тұсын ықшамдап бердік. Онда жалпы идеологиялық майданға шолу жасай келіп Ж. Шаяхметов:



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу