Құнанбайдың тірі кезінде болған уақиғалар болатын



бет2/8
Дата04.11.2016
өлшемі1,27 Mb.
#300
1   2   3   4   5   6   7   8

«Ақыры түрмеге қамалатын болдым. Сондықтан да Есмағамбет екеуміздің не істеп кеткенімізді арттағылар біле жүрсін деп, өзімнің кінәмды мойындағансып, әй бір көсілдім. Ал бізге Кенесары туралы жинақ құрастыруға тапсырма берген Орталық комитеттің өзі болатын. Мен сол орталық комитеттің өзіне ишара жасай отырып сөйледім. Ажалдан мені сол сөзім құтқарды ма, кім білсін. Менің мінезім қапастағы булығуды көтермейді. Құсадан, не қыстығып жүріп өзіме өзім қол жұмсаудан жазым болар едім. Ал Есмағамбет туралы айтатын пікірімді алдын-ала өзімен келісіп алғамын. Ол сол сырдың барлығын өз сөзінде айта бастағанда зәрем ұшып кетті. Атамашы сол күндерді. Бәрінен де мен үшін Әбділдәнің сөзі қауіпті еді», – деді.
Соңғы пікірді бұдан әрі дамытпаймыз. Х.Бекхожиннің «келер күндердің» қаперіне ұсынған сөзінен үзінді келтірумен шектелеміз.

Х.Бекхожин: «Осы арада, Кенесарыны әспеттеут туралы қате пікірлер 1940 жылы Қазақ ССР-нің 20 жылдығына орай орталық газеттерде жарияланған біздің сол кездегі басшыларымыздың (Скворцов пен Қазақпаев) Кенесарыны ХІХ ғасырдағы қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының көсемі ретінде мойындаған мақалалары арқылы таралғанын айтып өту артық емес сияқты... Бұл екі адамның (мәтінде бұл сөз Скворцов пен Қазақпаевтың атынан кейін қолданылған) Бекмаханов пен Исмайыловтың Кенесары Қасымовтың тарихтағы орыны жөніндегі жалған пайымдаулары олардың пікірлестерін де, Қазақ ССР тарихының редакциялық алқасын да аталған қателіктерді жіберуге алып келді» (сонда, 84-бет)


Бұл талқыға «бір басынан дауы арылмаған» Қасым Аманжолов та араласып кетті, ол өзін ақтау орайын кешегі досы, бүгінгі қаралаушысы Е.Исмаиылов пен Қ.Бекхожинге әкеп тіреді.

Қ.Аманжолов: «Ол кезде Исмаиылов пен Бекхожин ғылым академиясында істейтін. Бекхожин екеуіміздің айырылмас дос болғанымызды бәріңіз білесіздер. Менің әдеби сауатым жоқ болатын, ал Бекхожинның жоғары әдеби білімі бар болғандықтан да, мен онымен дос болдым, айтқанын тыңдадым. Бірде Бекхожин Кенесары туралы жинаққа арнап дастан жазуымды өтінді. Сол дастан үшін екіжүз жетпіс сом алдың дейді Бекхожин. Шынын айтсам, соның екеуі де есімде жоқ. Міне менің қателігім осында... Бекхожинның ұлтшылдығын әшкерелеп, «Социалистік Қазақстан» газетіне «Хандардың жоқтаушысы» деген мақала жаздым», – деп (сонда, 92 бет) жиналысқа қатысушылардан өзін арашалауды өтінді.


Жиналыс оның бұл өтінішін қанағаттандырды.

Қ.Бекхожин: «Қасымның ақталғанына ішімнен қатты қуандым. Сыртымнан мысымды бастырғым келмей, мен де мақала жаздым. Көпшілік алдында ақталды. Енді оған сын батпайтын және күні кешегі бірге жатып, бірге тұратын, бір күн көріспесек заманақыр орнайтындай сезілетін досыма қыр көрсеткім келді. Екеуміздің де мінезіміз жетісіп тұрған жоқ еді. Оның тез сөзге ергені шамыма қатты батты. Ал ақшаның айтылуының себебі, Кенесары туралы жинақ шықпай қалған, ал қаламақысын Қасым екеуміз алып қойғамыз. Соны қайтартама деп зәресінің ұшқаны ғой. Ол үкіметтің қаулысымен бөлініп, төленгендіктен қайтаруға жатпайды. Мен шарпысып қалғанда соны еске салғамын әдейі. Әттең, қандай тату едік, екеуміз де мінезіміздің еркінде кеттік», – деді арыстан жалды ақын.


Мұндай саяси-көркем мағынаға ие емес жазушылар одағының қорындағы және баспасөз беттеріндегі жаныққан жарыссөздерді бұл араға кіріктірмесе де ештеңе өзгермес еді. Бірақ та жандайшап идеологияның жанықпасы тұсында ұлы тұлғалардың да кібіртіктеп, жасып, еркінен айырылып, пендешілікке ұрынуы – рухани жұтаңдыққа, өкінішке ұрындыратынын ескерте кетуді жөн көрдік. Біз тұлғаларды тұлдаған кеңестік жазалау саясатының психологиясын көрсету үшін олардың сол «қызылөңеш кезеңде» бір-бірін «қыстыра» кетіп, жалғыз өзі ғана жазаланып кетпеуге ұмтылған мәжбүрлік пендешілігін аша кеткіміз келді. Бұл да келешекке сабақ.
Сөйтіп, өңештеу науқанына өрт қойылды да лаулай жөнелді. Сәбит Мұқановтың өзі баяндамашыдан кейін іле сөз алды.

С. Мұқанов: «Түймедей болсын, түйедей болсын, бәрібір, күнәнің аты – күнә. Сондықтан: «Мен аз қателестім» немесе: «Оның қатесі көп» деп, дәрменсіз дәлелдер іздеп жатудың керегі жоқ. Кінәлісің бе, мойныңа ал кінәңді!.. Аз ба, көп пе, әңгіме онда емес, әйтеуір мен де қателестім, онымды түп-түгел мойындаймын. Баяндамашы:«Кенесарыға көптен қарсы С.Мұқанов пен Х.Жұмалиев жолдастардың кенет өзгергені қалай?» деді. Дұрыс сұрақ. Өз қатемді адалдықпен мойындай тұра, осы сұраққа жауап бере кеткім келеді. Себепсіз салдар жоқ, жолдастар! Турасын айтуға керек, Қазақстанда совет өкіметі орнағаннан бастап-ақ, Кенесарыға батыл қарсы шыққан кісі екеу болса, біреуі мен едім. Сол пікірім ұлы отан соғысының алғашқы жылдарына дейін өзгерместен келді. Ал, 1942 жылы қазір осында қайта-қайта аталып жатқан кітабымда бұрынғы дұрыс пікірімнен шұғыл бас тарттым. Ашық түрде, большевикше мойындаймын, бұл менің қателігім. Бірақ, сын ретінде, менің әлгі қателігіме сол кездегі жауапты қызметкердің бірі Әбдіқалықов жолдастың да мықтап ортақтасқандығын, тіпті менің қателесуіме қолма-қол себепші болғандығын айтпай өте алмаймын» («Әдебиет және искусство», 1951, №8).


«Тонна тарта ма, пұт келе ме, бірібір, күнәнің аты – күнә» дейтін С.Мұқанов та ақталу сөзінде жаласын жатқа жауып шыға берді. Орталық комитеттің хатшысы Әбдіхалықов жолдас шақырып алып, Корней Зелинскийдің Жамбыл туралы мақаласында Кенесарыны сынаған пікірі қате екенін ескертіп:

«Бұл қатені түзетіп, Кенесарыны халық қаһарманы етіп көрсету туралы тапсырма берді. Міне, осы нұсқауды жетекшілікке ала отырып қазір үзінді келтіріліп жүрген «атақты кітабімді» жаздым. Мен ертең сіздерге қолжазбамды әкеп көресетемін, онда Кенесары халық жауы ретінде әшкереленген. Менің қолжазбам орталық комитеттің қолына түсіп қалыпты да мені сол кездегі үгіт-насихат бөлімінің бастығы Ахметов шақырып алып: «Кітаптың мына күйінде шығуына рұқста бермейміз»,– деді. Онда қандай бағыт беретінін сұрадым. Ол: «Әбдіхалықовпен сөйлестіңіз бе? Ол қандай нұсқау берсе, сол тұрғыда жазасыз», – деді. Мен: «Бұл жеке адамның емес, партияның көзқарасы осындай шығар», деп ойладым. Республиканың үгіт-насихат жөніндегі хатшысына сенбеуіме бола ма, соның мәжбүрлеуімен менің кітабімнің ішіндегі пікірді жаздым. Мен түсінемін және қайталап айтамын, көп болсын, мейлі, аз болсын, жексұрындықтың аты – жексұрындық, мен өзімнің қателіктерім үшін өзімді кешірмеймін», – деп жалтарды.

Ал редакциялық есеп мақалада бұл сөздер: «Бұдан әрі «С.Мұқанов жолдас «Қазақ ССР тарихының» бірінші басылуындағы редакциясын басқарған Әбдіқалықовтың өрескел қателігін, дәлірек айтқанда, Кенесарыны халықтың жауы деп тауып, дұрыс жазылған пікірді өзгерттіріп, мадақтата жаздыртқанын айтты», – деп («Әдебиет және искусство», 1951, №8)жазылды.
Сәбит Мұқановтың сол кездегі Орталық комитеттің хатшысы М.Әбдіқалықов жаздырды деп отырған «Қазақтың ХҮІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктері» атты 1942 жылы жарияланған монографиясындағы «Бостандық күресі» атты тарауындағы пікірлері еді. Соның ішінде Кенесары көтерілісі туралы С.Мұқанов:

«Ең алдымен, 1822 жылдың заңы шығып, қазақ халқын өзіне біржола бағындырып, қазақ феодалдарынан өзіне сенімді кісі тауып, ауыл арасына үкіметке сенімді мықты әкімшілік аппаратын құрғаннан кейін, патша үкіметі халықты ашықтан-ашық талау жолына түсті. Н. Тимофеев, Е. Федоров, «1837-1847 жылдары қазақ халқының өз тәуелсіздігі үшін күресуі» деген мақалаларында («Большевик Казахстана», № 4 1940 жыл) халықтың сол кездегі күйзелушілігіне мынадай мысалдар келтіреді: «қазақ халқын патша үкіметінің бүлдіруінде өте зор рөлі болған «репрессия» дейтін заң, екінші сөзбен айтқанда, қарулы орыс әскерінің қазақ ауылына шабуыл жасауы, талауы, малын айдап алуы, қазақтың балаларын тартын әкетуі т. т. Бұл зорлықпен талауда олар, қазақ халқы керуенді талапты-мыс, орыс қалаларына шабуыл жасапты-мыс деген өтірік жалаларды сылтау қылды. Бұл «репрециялар» көбінесе, хан мен сұлтандардың ұлықсатымен болды, олар өздеріне қарсы шыққандарды осылай талатып, ықтырып отырды...

«Қазақ халқының хәлі ауырлағандығы сондай, сол кездегі Россия патшасы І Александр, 1808 жылы, 25-майда Оренбург губернаторы Волконскийге былай деп жазады: «Оренбург төңірегіндегі көшіп жүрген қазақтардың хәлі ауырлағандығы сондай, олар бір жақтан, амалсыз талау жұмысына кіріссе, екінші жақтан Хиуаға апарып, балаларын сатады» .

«Орта жүз қазақтарының кедейленуі сондай, деп жазды Тройцкий қаласындағы таможня 1802 жылы сауда министрі Румянцовқа, олардың көбі осы маңда жалаңаш-жалпы, еркегі, әйелі, балалары қаңғырып қайыр сұрап жүреді. Бұлардың хәлі аянышты, көзге ерекше түседі» .

1819 жылы, І Александр, қазақ балаларын сатып алуға, балаларды алып сатармен сауда жасауға заң шығарды. 1832 жылы «Қырғыз-қазақ ордаларының тарихы» атты кітап жазған Алексей Левшин, «базарда қазақтың еркек баласының сатылатын құны 4 иә 5 қапшық арыш бидай еді, қыз баланың бағасы 3 иә 4 қап арыш еді» - дейді және бір айда қазақтан жүз бала сатылғанын айтады. Халықты осылай талаған патша үкіметі, екінші жақтан, өзіне арқа тіреу болған қазақтың феодалдарын көтермелейді. Даланың қайдағы шұрайлы жерінен қазақ феодалдарына кең жер береді, оларға «дворян» деген атақ береді, сән-салтанат жасайды, қазақ феодалдарын орыс князьдары мен орыс дворяндарының дәрежесінде ұстайды.

Кенесары мен Наурызбайдың халық көтерілісін бастаудағы мақсаты туралы соңғы кезге шейін қата ұғым болып, оларды: «хандықты көксеушілер, қара басының пайдасы үшін, хан болу үшін көтеріліске катынасушылар» - деп бағалады. Бұндай қата пікірден, бір кезде, осы очеркті жазушы автор да сау болған жоқ. Кенесарыны демократтық идеядағы адам еді деушілер бар, ол, әрине, асыра бағалағандық. Кенесарының мақсаты − хандықты сақтау. Хандық − қанаушы таптың қолындағы құралы. Бірақ, осы хандықтың өзі адам баласының өркендеу дәуіріндегі белгілі бір сатыда халықтың елдігін сақтауға қажет және прогрестік құрал. Кенесары заманында қазақ ауылында, хандықтан басқа әлеумет билеу формасы болуы мүмкін емес, басқа форманы ол кездегі қазақ ауылының саяси-шаруашылық жағдайы көтермейтін еді. Сондықтан, егер, мемлекет басындағы хан патшаға сатылмай, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрессе, бұндай хан объективтік жағынан, халықшыл хан еді. Кенесары осындай хан, Кенесарыны одан артық көтермелеу − орынсыз идеалдау боп табылады.

Мәселе, Кенесарының хандық құрылысты қолдануда емес, отаршылық саясатқа, екі жақты талауға халық қарсы шығып көтеріліс жасағанда, Кенесарының халық жақта қалуында, халық көтерілісін бастап, казақ халқының тәуелсіздігін қарулы көтеріліспен қорғауға тырысуында», – деп жазып еді.

Осыған қарап академик Сәбит Мұқановта дербес ғылыми көзқарас болды ма, жоқ па, соған күмәнданасың. Бірақ оған қысылып-қымтырылмастан «екінші мәселеге» – Әуезовке «жайлап қана ауысып» кетеді. Сол арадан қос тұлғаның шарпысу басталады. Әңгімені М.Әуезовтің ең жанды жері – «Абай» романынан бастайды:



«Мына бір жаңа көріністі қараңыздар: Кенесары туралы лап ете қалған өртті өшіріп үлгергеміз жоқ, Әуезовтің айналасынан тағы да өрт шықты. Ендігісі – Абай мектебі туралы мәселе. Мен бұл мәселе төңірегінде көп ойландым. «Ақын аға» атты тамаша романыңыздағы ең тамаша тұс Абайдың ақын шәкірттері суреттелетін кез. Сіз: бүркіт өзінің жұмыртқасын жылдың ең суық маусымында шайқайды, содан кейін тастүлек етіп құздан лақтырып жібереді. Сол тастүлек балапандар сияқты Абай да өзінің шәкірттерін қанаттандырып ұшыруға дайын – деп жазасыз. Ал сіз ол балапандардың қалай қарай ұшатынын өз романыңызда көрсетпейсіз.

Әуезов: Пәлі, олар әлі балапан ғой (күлкі).

Мұқанов: Жоқ, олар онда ұшып жүр, бірақ Абай араласқан өмір тартысына белсенді қатыспайды, олардың әзірше халық өмірімен байланысы жоқ, заманынан оқшау тұр. Әуезов жолдас, менің ойымша, сіз оларды шәкірт болғандықтан ғана оқиғаға араластырмай отырған жоқсыз, сіз реалист жазушы есебінде жөндемі ештеңе ойлап табуға дәрменсіздік көрсеткенсіз.

Әуезов: Олардың өздері ойдан шығарылған кейіпкерлер емес пе.

Мұқанов: Жолдас Әуезов, сіз Абайдың шәкірттері деп көрсеткен адамдарыңыз сол атты ақтай алмайды-ау. Әй, сол күдігім шын боп шығатын сияқты. Өйткені, олар мұны іс-әрекетімен де, шығармашылығымен де, басқа да қасиеттерімен де өтей алмайтындай боп көрінеді маған, сондықтан да еріксіз сіз оларды Кенесарымен байланыстырғансыз, енді келіп оларды қорғамақ боласыз... Соның бір мысалы, Көкбайға Кенесары туралы дастан жаздыруға мәжбүр болғансыз.

Әуезов: Оның бұдан да басқа өлеңдері бар емес пе, (Әріп) төрт өлең (Ленинге) арнаған. Және мен Абайдың шәкірттерінің барлығы әулие деп айтып отырғамын жоқ қой» (сонда).


Романдағы тастүлектерден Кенесарыны жырлаушылар шығатынын қиыннан қиыстырған бұл қисынын С.Мұқанов алдағы екі жылда одан әрі ұштай түсті. Бұдан кейін мінбеге Мұхтар Әуезов көтеріліп, «өткендегі қателері мен ескі ойынан арыла» ұзақ сөйледі. Біз әдеби үрдіс пен жазушы психологиясынан хабардар ететін және үш жылғы лек-легімен толқындата соұұан талқылауларда М.Әуезовтің пікірінің өзгеруін аңғарту мақсатында сол тұстағы сқйлеген сөздерін қысқартпай беруді мақұл көрдік.

М.Әуезов: «Правда» газетіндегі мақалаға байланысты ҚКП(б) Орталық комитетінің қабылдаған шешімі республикамыздың идеологиялық майданындағы жаңа, кезеңді және маңызды оқиға. Біздің қателерімізді түзету арқылы партия бізге қайта-қайта көмек қолын созумен келеді және кеңестік ғылымды жалған антимаркстік, антилениндік жолға түсіп кетуден сақтандырды. Осы шешім арқылы біздің әрқайсысымыздың және осы уақытқа дейін адасып келген өзге де жолдастардың терең бойлап кеткен қателіктерін мойындап, түсінуді талап етуі заңды тілек.



Бұл қателік ауыр болды және ұзаққа созылды. Өйткені бұл қанатын кеңге жайған және өзінің шеңберіне тарих, әдебиет тарихымен қоса республикамыздың басқа да қоғамдық-саяси өміріне қатысты әртүрлі саларды қамтитын адамдардың басын қосты. ҚКП(б) Орталық Комитетінің шешімі мен баспасөздегі, соның ішінде «Правда» газетіндегі мақала арқылы тарихшылардың қателіктерін нақты көрсетті. Ал әдебиет пен әдебиеттану саласындағы кінәларіміз бен қателіктерімізді ашу біздің – әдебиет тарихшылары мен жазушылардың міндеті.

Мектеп оқушыларынан, студенттерден бастап көпшілік қауымның санасына дейін улаған зиянды тамырларға балта шабуға деген партиямыздың қарымды бастамасы мен ұмытылысына көмектесу – біздің парызымыз.

Мен сөзімді өзімнің қателерімнен бастаймын.

Менің «Хан Кене» деген пьесам болды. Қазақ Ғылым Академиясы ұжымындағы жиналыста да, ғылыми-зерттеуден тыс әдеби шығармашылық қызметімде де өзімнің бұл шығармама тиянақтап тоқталғам жоқ. «Хан Кене» пьесасы мен сол кездегі өзімнің саяси қателіктеріме бүгінгі өтіп жатқан әдебиетшілердің арасындағы осы мәжілісте кеңірек түсінік бере кетуді жөн көріп отырмын. Бұл пьеса 1928 жылы жазылды және онда автордың ұлтшылдық ұстанымына баса көңіл бөлінді. Алғашқы нұсқасы саханада қойылған жоқ, жарияланған да емес, сол қолжазба күйінде қалды. Тек бес жыл өткеннен соң, 1933 жылы менің «Еңлік-Кебек» деген пьесам саханалық қалыпқа түскеннен кейін ғана театр қызметкерлері «Хан Кене» пьесасын қою туралы әңгіме қозғай бастады. Әртүрлі деңгейдегі мекемелермен кеңестім, олар бірқатар өзгерістер мен өңдеулер жасауымды ұсынды. Мен бұл талапты орындадым, сөйтіп, 1939 жылдың басында оның премьерасы өтті, сол премьерадан кейін тоқтатылды. Оған екі түрлі сыни пікір білдірілді. Қатты сынаушылар да және жағымды баға берушілер де оны репертуардан алып тастау туралы емес, қойылымды уақытша тоқтата тұрып, ішінара өзгерістер енгізіп, содан кейін қойылымды саханада қайта жалғастыру туралы ұсыныс айтты. Пьесаның ішкі құрылымы қойылымнан соң сыншылардың сол кезде көрсеткен саяси қателіктеріне сай өңдеуге келмейтінін түсіндім. Пьеса сол саяси қате күйінде және кеңестік көрермендерге керексіз дүние болып жабық қалды. Сыншылардың ауызша және баспасөз бетінде айтылған тілектеріне қарамастан, оған қайтып оралудан бас тарттым.

Осыған орай айта кетерім – менің пьесама және ондағы рөльдер мен Кенесарының жеке басына қатысты ең әділ сынды ж.Мүсірепов айтты. Мысалы, өзге сыншылар маған пьесаның мазмұнын Патшалық Ресейдің режиміне қарсы күрес бағытында өрістетуді ұсынды. Ал Ғабит Мүсірепов: қазақ еңбекшілерінің патшаға қарсы күресін Кенесары қозғалысына қатысты емес, 1916 жылдың оқиғалары негізінде көрсету керек – деп дұрыс бағыт берді. Ал Кенесарыға: халықтың тілегі мен іс-әрекетіне қарсы реакционер хан – деген қатулы баға берді.

Сөйтіп, ол пьесаны былай ысырып қойдым, қайтып оған оралғамын жоқ. Сол жылы, яғни 1934 жылы Оқу ағарту халық коммиссариятының тапсыруымен «ХІХ және ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихы бойынша очерктер» атты ұжымдық оқу құралын жазуға қатыстым. Сол оқулық бойынша «Хрестоматия» құрастырдым. Соңғы аталған екі еңбектегі Бұқар, Махамбет, Нысамбай, Шортанбай, Мұрат және Абайға қатысты бөлімдерді мен дайындадым.

Бұл жайды, яғни, көрсетілген тараулардың менің авторлығыммен құрастырылғанын біле тұрып, ж.Жұмалиев менің аталған еңбегімді атамай, оның өзі құрастырған ХІХ ғасырдағы әдебиет тарихы туралы оқулықтары мен бағдарламаларында менің Махамбетті бағалауда жіберген қателерімді үнемі көрсетіп отырды. Ал онда, Бұқар, Шортанбай, Мұрат, соның ішінде Кенесарының жыршысы Нысамбай туралы мадақ пікірлер жоқ болатын, керісінше, олардың шығармашылығы әшкерелеу бағытында талданып, таптық-саяси тұрғыдан алғанда барынша дұрыс баға берілген. Бұл жайлы кейін кеңірек тоқталамын.

Қазір сол баяғы 1934 жылғы еңбегімді еске ала отырып, Кенесары мен оны мадақтаушыларды және жоғарғыдағы зиянды кітаптарды барынша тереңдей зерттеген тарихшылардың, әдебиет тарихшыларының, жазушылардың назарын мынаған аударғым келеді. 1934 жылғы «Хан Кенеде» кеткен қателігімді «Түнгі сарын» пьесасы арқылы түзеткенім бұл жолдастардың есінде болар. 1916 жылғы оқиға туралы бұл шығарма 1935 жылдан бері жақсы баға алып келеді. Мұны айтып отырған себебім, осы үрдістің барлығы, яғни, қателіктерімді жеңу жолындағы менің күресім ішкі, тарихи және логикалық толғаныспен тікелей байланыста өрістегенін жеткізу.

Жоғарыда айтып өткенімдей, әдебиет тарихшысы және жазушы ретінде де 1934 – 1947 жылдар аралығында Кенесары тақырыбына қайтып оралғаным жоқ.

1934 жылдан кейінгі өзімнің жеке еңбектерімде Кенесары тақырыбына жолағамын жоқ, алайда, соңғы жылдары ұжымдық еңбектің редакторы ретінде үлкен, аса үлкен қателік жібердім. Әңгіме – 1948 жылы жарияланған «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томы туралы болып отыр. Мұндағы лиро-эпостар тарауына – «Наурызбай-Ханшайым» және тарихи жырлар тарауына – Кенесары, Наурызбай, Саржан, Ағыбай туралы мақалалар енгізілді. Біріншісін институттың сол кездегі қызметкері Қоңыратбаев, екіншісін – институттың сол кездегі директоры Исмаилов жолдас жазды.

Ондағы басты қателік – мақалалар тек мадақтауға ғана құрылды. Феодалдық, хандық құрылымның және Кенесары Қасымов пен Наурызбайдың қозғалысын жырлаған бұл жырауларды әспеттей мадақтады, әрине, бұл мақала авторлары Исмаилов пен Қоңыратбаевтың қателіктерін ақтай алмайды. Сол қателіктің үлкен салмағы, әрине, маған тиесілі. Сондай-ақ, оны қолдап рецензия жазған Баишев, Дүйсенбаев, Сағындықов жолдастар, құрастыруға қатысқан Сауранбаев пен Мәлік Ғабдуллин де жауапкершілікті бізбен бірге көтеруге тиісті.

Сондықтан да, бірінші томның қайта басылымында бұл қателіктерді жою – менің басты парызым екенін мойындаймын. Ал сіздерден: тиісті кеңестеріңіз бен ұсыныстарыңыз, орынды сындарыңыз арқылы бізге көмектесулеріңізді өтінемін».
«Жаздым, жаңылдым» дегізіп алып, дегеніне көндіретін не сөндіретін сталиндік идеологиялық тәсілдің айла-амалын Мұхтар Әуезов қзгелерден көрі жақсы білетін. Сондықтан да бас баяндамашы стенограммадағы Қ.Жармағамбетовтің:

«Енді Абай мектебі туралы мәселеге көшемін. Бұл туралы кандидаттық дссертация қорғатуға дейін барған Әуезовтің ұстанымы бар, сондай-ақ оған қарсы Жұмалиевтің және оны қостайтын өзге де әдебиетшілердің пікірі бар, бұл мәселе туралы мен де пікір білдіргемін. «Шындық таласта туады» – деген, сондықтан да бұл мәселені жолдастық, ашық пікір, ғылыми-талап тұрғысынан талдап, бір шешімге келуіміз қажет», – деген сөзіне орынында отырып:.

Әуезов: Бірақ сілейтіп (охаиваниия) салу тұрғысынан болып жүрмесін», – деп реплика (сонда, 36 іс, 97-бет) тастаған сөзді жауапсыз қалдыруға болмайтын.
Сондай-ақ осы еңбекке Ғылым академиясының қоғамдық ғылымдар бөлімінің жауапкері әрі жауапты рецензенті, кейін партия саясаты өзгерткен тұста үкім иесі боп шыға келген Сақтаған Бәйішевті, эпостар мен фольклор туралы үкімді баяндама жасаған Мәлік Ғабдуллинді де өзімен қосақабат жөрмеген. Бұл да саяси сес. Өйткені М.Әуезов құласа, кеңестік жазылмаған заң бойынша, «қылмыстының» көрсетіндісінде аты аталған адам да жазасыз қалмайтын.

Арасынла Абайдың ақын шәкірттеріне тоқтала кетіп, содан кейін негізгі тақырыпқа қайтып оралған. Мұның да өз астары болатын.



М.Әуезов (жалғасы): «Міне, мен осылай өзімнің соңғы уақытта жіберген қателерімді есептеп, екшеп, ескеру барысында Кенесары туралы әдебиеттердің түгелін және Кенесарыны шабыттана жырға қосып, оларды насихаттаған, ХІХ ғасырда өмір сүрген Досқожа мен Нысанбайдың шығармаларын тағы бір қарап шықтым. Кенесары қозғалысының бұл жыршы-жыраулары Кенесарыны мадақтаудан басқа ештеңе жазбапты, демек оларды жақтау, мақтау – Кенесарының өзін жақтау болып шығады.

1939 жылдан бастап 41, 42, 43, 46, 47, 48 және 49-жылдары шыққан қазақ авторларының тұтас бір шоғырлы кітаптарын, олардың әдебиеттану туралы оқулықтарын, очерктерін, зерттеулерін, мақалаларын, ең соңында жыл сайын шығып тұратын жоғары оқу орындарына арналған бағдарламаларын оқып шығып, олардың жыл сайын, табанды түрде, бір бағытта және теріс бағытта жібергенген шынжырдай шырматылған қателіктерін, бір емес, көптеген қателіктерін байқадым. Қазақстан ҚКП Орталық Комитетінің Тіл және әдебиет институтындағы 1947 жылғы тарихи шешімі – олардың Кенесарының тарихтағы орнын және оның жорық жыршылары Досқожа мен Нысанбай жыраудың мұраларын бағалауына ерекше өзгеріс әкелмепті.

Біз кезінде үнсіз ғана бас изеп, бұл айтылған сындар зар заман ақындарына ғана қатысты деп есептеп, Кенесары мен оны жырлаушыларды айналып өтіп кеттік. Сондықтан да, бұл зиянкестікті сезіне отырып, оның тамырын анықтай отырып, оны түбірімен жұлғымыз келсе, онда жоғарыда аталған барлық қателіктерді ашып көрсетуге тиіспіз.

Біз алысқа қарауымыз керек, яғни, Абайдың және оның шәкірттерінің қателігін біз қателік емес, қарама-қайшылық есебінде қарастырғанымыз жөн.

Мен 1939 жылдан бергі еңбектерге тоқталдым. Бұған жоғарыда өзім айтып өткен бірінші томнан басқа (менің редакторлығыммен шыққан) мына еңбектер кіреді: ж.Исмайыловтың оқулықтары, мақалалары, баяндамалары, профессор ж.Жұмалиевтің 1941 жылдан бастап 42, 43, 46, 48, 49 және 50-жылдары басылған оқулықтары, ж.Марғұланның мақалалары, ж.Мұқановтың «Очерктер» кітабі, Жұмалиевтің Мұқановпен, Ғаддуллинмен, Кәрібаевпен, Оқу министрінің орынбасары Ә.Шәріпован бірігіп жоғары оқу орындарына арнап дайындаған ХІХ ғасыр әдебиеті туралы оқу программалары жатады.

Жұмалиев жолдастың ХІХ ғасыр әдебиеті бойынша дайындаған, 1941 жылдан бері үзбей басылып келе жатқан оқулықтары мен программаларында бір ғана бағыттағы табанды баяндауға, тек Кенесарының жыршыларын әспеттеп, мадақтауға жол берілген. Досқожа мен Нысанбайды басқа көтере бағалау орын алған, ал ХІХ ғасырда өмір сүрген бұл екі ақын, жоғарыда айтып өткенімдей, Кенесарыны әсірелей жырлаудан басқа соңына ештеңе қалдырған жоқ, оларды жақтау – Кенесарыны мақтау болып шығады.

ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетіннің тарихы бойынша педагогикалық жоғары оқу орындары мен мұғалімдік институттарға арналған 1948 жылғы программасында ж.Жұмалиев Нысанбай туралы 1941-42 жылы шыққан оқулығындағы пікірді сөзбе-сөз көшіріп беген:

«Соңғы дастанда (әңгіме Нысанбайдың «Кенесары – Наурызбай» дастаны туралы) Кенесары мен Наурызбай бастаған көтеріліс оқиғасы көрініс тапқан. Дастандағы Наурызбай, Бұқарбай, Бұғыбай, Ағыбай образдарын тұлғалай сомдаудағы шеберліктері ...», – деп одан әрі жалғаса береді.

Автор өзінің осы ұстанымын 1949 жылы шыққан «Қазақ әдебиетінің» І бөлімінде бұдан да сорақы қателікпен бекіте түседі. Сол басылымның 144-бетінде Ломоносов, Қарамзин және Пушкин жөніндегі Белинскийдің пікіріне сондай бір орапайсыздықпен сүйене отырып:


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет