Менің негізгі шығармашылық еңбегімнің назардан тыс қалғаны сондай, таяуда эпос жөніндегі талқылауда негізгі баяндамашы М.Ғабдуллин менің барлық өміріме және қызметіме саяси қатаң үкім шығара отырып, өзінің қорытынды сөзінде: маған – жазушы ретінде емес, тек ғылыми қызметкер ретінде баға бергенін айтты. М.Ғабдуллиннің бұл үікімінің шындығын жоғарыдағы Алматыда өткен талқылауға қатысқан Л.И.Климович растай алады.
Бір жағынан алғанда, адамды құртуға бағытталған сын айта отырып, екінші жағынан, сенің негізгі қызметіңді ескермейді. Адамға баға беруге келгенде мұнда қандай қисын, қандай әділет бар?
Екінші, өзінің фольклор тақырыбына арналған және өткендегі өзге де еңбектерінде буржуазиялық-ұлтшылдық бағытта көптеген өрескел саяси қателіктер жіберген, соның ауыртпашылығын күнәсінің салмағы бұрыннан белгілі маған аудара салуға тырысып жүрген сыңаржақ бағыттағы ауқымды бір топ адамдар бар. Бұл адамдар: не ана, не мына тақырып бойынша алғаш пікір білдірген адамның ықпалында кетіп, қателікке ұрындық-мыс деп мені ұйымдасқан түрде мені нұсқайды. Сонымен қатар, партия мүшесі, аса жауапты қызметке ие, ғылым мен әдебиет майданында ондаған, одан да көп жылдар бойы істеп келе жатқан бұл адамдар: алғашқы қателескен адамды көрсету арқылы олар жауапкершіліктен құтылады, бұл олардың кінәсін жеңілдетеді – деп қарайды.
Бірақ та, бұл адамдардың қателігі менің қателігімнен де үлкен әрі зиянды, олар тек мақала ғана жазумен шектелген жоқ, мектепке арналған оқулықтар жазды, хрестоматиялар құрастырды, бірігіп мектепке вуздарға арналған (ұзақ жылдар бойы оқулықтың орынын алмастырып келген) бағдарламалар жасады, олар көптеген жылдар бойы, осы күнге дейін осы авторлық құрамды сақтай отырып өздерінің осы ұжымдық еңбектерін қайталап бастырып келді.
Алайда, талқылаулардағы, жиналыстардағы сөздерінде аталған адамдар біреулердің кәнәсін жеңілдететін, екіншісінің кінәсін ауырлатып, соның ішінде менің кінәмді ҚазГУ-дің ректорының бұйрығы сияқты талқандай көрсетумен келеді.
Өзіме деген әділдікті ғана талап ете отырып, менің қаламымнан 21 пьеса, бірнеше роман, бірқатар повесть, көптеген әңгімелер шыққанын еске сала кетемін.
Көрсетілген пьесалардың жартысынан астамы кеңестік тақырыпқа арналған, бұлардың көпшілігі қазақ театрларында тұрақты қойылды. Мен бқл арада Абай туралы романдар тізбегіне тоқталып жатпаймын. Бір ғана айтарым, менің интеллектулды-шығармашылық ізденісімнің ірі туындылары болып саналатын ірі шығармаларымның жекелеген кемшіліктеріне қарамастан, олар ұлтшылдықты насихаттайтын кітаптар болып саналмайды. Керісінше, олардың ең басты жетістігі, олардың ең қасиетті мәні – орыс мәдениетіне, орыс халқына деген терең де шынайы махаббат пен құрметте, яғни, қазақ ұлтшылдығына белсенді түрде қарсы тұрғандығында. Менің ұзақ жылдардан бергі еңбегімнің ең мәнді жақтары туралы үнсіз қала отырып, жүгенсіз саяси айып таға отырып, бұл адамдар менің жеке басыма аяусыз зорлық көрсетіп отыр, сол арқылы адал да ізденгіш кеңес жазушысына, маған бүгінгі жауапты шығармашылық жұмысыммен айналысуыма зор кедергі жасап отыр.
Міне, сіздердің ара түсулеріңізді табанды түрде өтінуімнің себебі, тым болмағанда, менің дұрыс тұстарымды көрсетіп, белгіленген ар сызығынан аттаған, жолдастық сынның талаптарын бұзған, төзіп болмайтын мазақ жолына түскен адамдардан қорғауларыңызды сұрауымның себебі, осында.
Мұхтар Әуезов.
Алматы қ., Абай, 157 үй,тел.82-60. 2 апрель 1953 ж.». Ең қауіпті, ең ауыр, ең шындыққа жақын айыптаулардан аман құтылған Мұхтар Әуезов эпос туралы пікір талқысы тұсында неге сонша мазасызданып, қамығып, өзін өзі ерікті қуғынға түсіріп, Мәскеуге барып шағынады? Эпос туралы пікірлерінің кеңес өкіметіне қарсы қастандық әсері соншама күшті ме еді? Әлде М.Ғабдуллиннің, Смирнованың, С.Нұрышевтің шығарған үкімі сондай пәрменді ме еді? Марқұм Мәлік Ғабдуллин өзінің фольклор туралы дәрісінің тең жартысын осы жағдайды түсіндіріп беруге арнаушы еді. Екі қолын кеудесіне айқастырып алып толғана айтқанда өне бойымыз шымырлай отырып тыңдаушы едік.
Мұхтар Әузовтің соншама секем алуы түрмеде жатқан Қ.Жұмалиевтің беруге тиісті айғақтары сияқты. Тергеу ісіндегі жауаптың айыптау үкіміне алып келетінін ол бәрінен жақсы білетін. Оның үстіне Берияның найзағайы ойқастап тұрды. Бұл кезде одан М.Әуезовтің ғана емес, Саяси бюроның мүшелерінің де төбе құйқалары шымырлай бастаған еді. Сол үшін де олар да жанталаса қарманып жатты.
Жоғарыдағы «Хат» СССР жазушылар одағының басқарма жиналысында арнайы талқыланды. Оған Ә.Жаймурзин, Ә.Әбішев қатысты. Сол мәжілісте М.Әуезов «Менің қателерім жайында» атты «Литературная газетаға» арналған бұрынғы ашық хаттың мәтінін қайтадан өңдеп, оқуға дайындап апарды. Тағдырының қыл үстінде тұрғандығына анық көзі жеткен М.Әуезов бұл хатында «Абай» романының негізгі желілерінен бас тартуға дейін барды. Бұл хаттағы пікірлер алдыңғы сөзіндегі ойлардың түңілген, жанталаса жаныққан, рухы ұшып, сүлдері қалған пенденің ант мезгілі еді. Біз түтастай келтіре отырып, ондағы бас тартуларының астарына қысқаша түсінік берумен шектелеміз.
«МЕНІҢ ҚАТЕЛЕРІМ ЖАЙЫНДА Биылғы ақпанның 23-індегі Алматыдағы жазушылардың жиналысында, «Правданың» 30-ыншы қаңтарындағы «Сынау орнына мадақтау» деген мақаласын талқылағанда менің ауызша айтқан мәлімдемем бар-ды. Қазір сондағы сөзімді толықтыра, дамыта отырып, өзімнің жазушылық, зерттеушілік жұмыстарым да болатын кейбір идеялық-саяси қателерімді баспа жүзінде батыл сынамақпын.
«Правданың» мақаласын, барлық жазушы жұртшылығымен бірге, мен де партия мен кеңес халқының обьективтік сыншылдықты, әділ талапты танытқан үні деп білемін. Ол мақала Қазақ совет әдебиетінің идея жағынан таза, сапалы боп өсуін ойлаған Ленин-Сталин партиясының қамқорлығын көрсетті. Қазақтың жас кеңес әдебиетін лениндік-сталиндік ғылымға жат салт-санадан, бағыттардан сақтауға тырысты.
Сонымен қатар, сол мақаланы менің өзіме де көмек етуді мақсат еткен, мендей қазақ, кеңес жазушысына да қамқорлық ойлағаны деп бағалаймын. Бұл – мен сияқты кеңес қайраткері, халық пен Ленин-Сталин партиясының сенімі мен құрметін, өз еңбегімен және әлеуметтік мінезімен дұрыстап ақтай білсін дегенді аңғартады.
Негізді, салмақты сөзбен менің қателерімді өзіме танытқысы келген партиялық әділ сыннан өз еңбектерімде мен қорытынды шығара білуге міндеттімін. Ол сын, менің еңбегімді халық үшін пайдалырақ, бағалырақ ету талабымен айтылған, идеялық-саяси әралуан олқылықтар мен қателіктерден сол еңбектің сау болуын ойлаған сын деп түсінемін.
Бізде – тіршіліктің бар саласына және бар майданындағы адамдардың бет-ажарына қарамай айтылатын сын мен өзара сын бар. Оны халқымыздың, Отанымыздың ұлы оқытушысы және тәрбиешісі Ленин – Сталин партиясы қайратты даналықпен қолданады. Менің өзіме бұдан бұрын да пайдалы, бағалы әсері болған сондайлық сынды аса зор бағалаймын. Өзімнің жазушы болып қалыптануым мен кеңес қайраткері атану жолында мен Коммунистік партия мен кеңестік Отанның тәрбиелік әсерін, жақсы ықпалын көре отырып өскенмін. Сол үшін өзімді оларға моральдық тұрғыдан өмірлік қарыздармын деп санаймын.
Осы жайларды қабылдаумен қатар «Правданың» мақаласында көрсетілген менің шығармамдағы сыналған нақтылы фактыларды түсінуім туралы, сол мақалада көрсетілген жайларға қатысты қосымша фактыларды да айтпақпын. Жұртшылықтың әділ талабы мен күткеніне орай өзімді салт-сана майданының жауапты қайраткері деп біле отырып жауап бермекпін. Бұл жайды баяндау кеңес жазушысы есебіндегі қарызым деп білемін. Әсіресе, бұрын ешбір тарихтарда болмаған қалыпта, партия мен халықтың жазушылардың сөзіне берген салмағы мен мәнін, беделі мен қуатын, бейілі мен құрметін есте тұтамын.
Кейбір шірік, орасан, зиянды жайларды сынап серпіп тастаумен қатар, менің атыма байланысты кейбір әдебиет фактыларын оқушыларға айрықша ескерте атаймын. Бұлар – идеялық қателігі бар шығармалар болғандықтан да ең нашар шығарма, көркемдігі жоқ шығарма – деп санаймын. Ал ғылыми еңбектерімнің сондайларын идеялық құнсыз, залалды, шығармалар деймін.
Өткендегі осындайлық қателерімді мансұқ етуім арқылы оқушылар алдындағы өз жауапкершілігімді ендігі еңбектерімде тереңдеп түсінбекпін. Соииалистік қоғамның көмегі мен керегіне жарап келген бұрынғы еңбектеріме қосымша жаңа шығармалар туғызуға барлық ой-қуатымды, өнерім мен қайратымды түгел жұмсауға тырысамын. Сонымен Отан алдындағы кеңес жазушысы деген атқа сай зор қарызымды ақтамақпын.
Осы аталған жайлардан соң З.Кедринаның «Правдадағы» мақаласында сыналған мен жайындағы кітабына ораламын. Бұл еңбекті менің де, қазақ кеңес әдебиетінің де пайдасына арналып жазылған кітап деп танымаймын. Жазушы мен оның шығармасына және негізгі қоғамдық сынға, біздің заман қойып отырған талаптарға бірде-бір жауап бере алатын кітап емес бұл.
Кітап толған мадақтау мен әсірелей мақтаулар. «Правданың» мақаласы өте әділ түрде атап отырған сол кітаптың ең негізгі міндеті болған жайға да жауаптар жоқ. «Правданың» мақаласында: «М.Әуезов өзге де барлық кеңес жазушылары тәрізді мадақтау мен қошеметті күтпейді, ол өзінің табысы мен жетіспегендігін айтатын негізгі әділ сынды тосады», – делінген.
З.Кедринаның өзі зерттеген жазушыны оның замандас жазушыларының тобынан даралап бөліп, аспандатуы сорақылық. Әсіресе бір жазушыны өзге жазушылардан асыра мақтау жолында көңілдестікті, отбасышылдықты қолдануы, әсіресе, татымсыз айыпты, залалды мінез.
З.Кедринаның кітабы жөніндегі менің айыбым: өзімнің творчеством жөніндегі оның сөздеріне, қорытындыларына, бағыттарына әділ сыншылық, қатал талап ретінен қарай алмадым. «Правданың» мақаласында менің Абай жөніндегі романдарымның да кемшіліктері аталғандықтан, сол кітаптарға әсер еткен өзімнің тарихи түсініктерімдегі бір қате кемшілікті арнап атап өтпекпін. Бұл жай, бірінші, Кенесары Қасымов қозғалысына байланысты мәселеде, екінші, «Абай мектебі» дейтін мәселеде және үшінші, осы аталағандарға жалғас патриархалдық-феодалдық салт-сананың кейбір адамдарын дәріптеу мәселесінде айқын байқалған еді. Осы бір топ мәселелердің ішінде, өзі көбірек таратылып жазылған тақырып болғандықтан да, «Абай мектебі» деген мәселенің романға еткен ауыртпалық дертті әсері, әсіресе, көбірек болды.
Абайдың ақындық мектебі бар – деген өзімнің көптен келе жатқан, кейін аса терісекендігі анықталған бір түсініктерім бойынша, мен «Абай» романына жалғастыра «Ақын аға» деген кітап жаздым. Осы кітапта романның жағымды адамының бірі етіп, Абайдың жақын досы етіп, оның озғын ойларын тұтынушы етіп Көкбай деген реакцияшыл кертарпа ақынды бейнеледім. Ал Көкбай қазақтың еңбекші халқының қасдұспаны болған Кенесары Қасымов жайында мадақтап поэма жазған ақын еді. 1951 жылы «Правданың» «Қазақстан тарихы мәселелері марксшілдік-лениншілдік тұрғыдан баяндалсын» деген мақаласы Кенесары қозғалысының қазақ еңбекші халқына жау мазмұнын әшкереледі. Оны мадақтаушы буржуазиялық-ұлтшыл тарихшыларды таңбалады. Осының артынан Қазақстан Ғылым академиясы мен Жазушылар Одағы бірігіп «Абайтану» жөнінде дискуссия ұйымдастырды да, сол дискуссияға қортынды жасады. Осы саналған жайлардың барлығы «Ақын аға» романындағы менің қателік, залалды түсініктерімді түгелімен қайта қарап түзеуіме себеп боллы.
«Абай мектебі» жөніндегі өз қателерімді тереңдеп ұғыну нәтижесінде ғана мен романымды қайтадан көп өзгертіп жаздым. 1951 жылы «Знамя» журналында жарияланған нұсқасына «Абай жолы» деп жаңадан ат қойып, жаңадан түзеп жазып шыққан сол романыма сегіз баспа табақтай түзетулер кіргіздім. Осы соңғы кітапта Абайдың Кенесары қозғалысына да және ол жайында поэма жазушы Көкбайға да қатты сын айтқыздым. Абай Көкбай мен Кенесарыны жирене сынаған уақытында, әсіресе, олардың Россияға жаулығын батыра әшкерелейді. Өзінің қараңғылық қорлықта жүрген елінің бар үміті, бақытты болашағы тек Россиямен достықтың арқасында ғана туатынын ойлап отырып, жаңағыларды айыптайды.
«Ақын аға» романында жаңағы аталғандай өрескел қателіктер болғандықтан мен сол кітабымды ұлы ақынның қасиетіне сай шығарма деп танымаймын. Ол кітапты солайша мансұқ етіп, оның орнына оқушы жұртшылыққа Абайды тану жөнінде жіберген қателерім турасындағы партиялық сынды ескеріп отырып жазған «Абай жолы» атты романды ұсынамын. Осы айтылғанға байланысты сол «Абай мектебі» дейтұғын мәселенің жөніндегі өз қателерімнің тамырын ашу қажет деп білемін. Бұл мәселе 1933 жылдан бері қарай Абайды тану жөнінде менің сыңаржақ сипаттап келе жатқан бір қателігім боп келді. Абай өлгеннен кейін көптен соң Абайдың өмірбаяны мен бұрын жарияланбаған шығармаларын жинауға кірісіп жүргенімде мен Көкбай сияқты талай кісілердің ауызша әңгімелері мен естегілерін сынамай қабылдай беріппін. Өз уақытында олар айтқан жайларды қатал сынап, өздігіммен дұрыс байлау жасай алмаппын. Көкбайдың өзін Абайдың шәкіртімін деп айтқанына сенумен бірге, сол Көкбаймен және соған ұқсаған Абай замандастарының шығармаларындағы, салт-санасындағы халыққа қарсы реакциялық, жат жайларды түгел аңдамаппын.
Сол Көкбай алуандас кейбір адамдар жөніндегі менің теріс түсінігім 1939 жылы мен жариялаған Абайдың өмірбаянына да араласты. Және «Правданың» 30-ақпандағы мақаласында дұрыс көрсетілгендей, осы жай Абай шығармаларын орысшаға аударып бастыруда орын алуына және кейбір жалған «шәкірттерді» менің орынсыз бағалауыма әкеп соқты. Осы жай және де сондай тақырыптарға жазылған кейбір жұмыстарға менің берген баға-рецензияларымда да орын алды. Абайдың өмірі мен еңбегін сипаттаған менің романдарымның ішіне кіріп кетуіне Қазақстандағы әдебиеттану ғылымында кең орын алған сорақы бірыңғай ағым теориясының да әсер болды. Соның салдарынан «Абай» романының алғашқы тарауында кертартпа ақын Бұқар, Шортанбайлар орынсыз аталады. Бұл жөніндегі менің қателігім, әсіресе, кертартпа ақын Дулатты мадақтау тұсында тіпті тереңдей түсті. Ешкімнің өмірбаянына сүйенбей, менің өз жанымнан шығарылған халықтық санасы бар жағымды ақын бейнесін жасап едім, сол өз қиялыммен жасаған жағымды бейнеге мен Дулаттың атын бердім. Бұл тұста оқу құралдарында, жеке баспаларда орынсыз мадақталып жүрген жалған халық ақыны делінген Дулаттың атына мен орынсыз құрмет көрсетіппін.
Соның салдарынан әдебиет зерттеушісі есебінде мен қабылдаған буржуазиялық объективтік бірыңғай ағым жүйесі осы тұста «Абай» романының да бір тарауына теріс әсер етті. Ал Абай жайындағы менің романдарым он екі жыл бойында менің ой-санамның бар күшін салып тудырған белгілі бір дәуірдегі өмірлік тақырыбым есепті шығармалар еді. «Правданың» мақаласында бұл жайдың атап ескертілгеніндей, ол романдарда мен өзімнің бұрынғы көзқарастарымның барлығын өте терең, салмақты түрде қайта сынап жазып ем. Қазақ халқының тарихын маркстік-лениндік тұрғыдан түсінуге өзімнің жаңа идеялық-саяси ең қадірлі, барынша асыл ойларымды танытуда осы еңбектерге ерекше зер салған едім.
Осылайша ұғылған кеңестік оқырмандар, осылайша бағаланған «Абай» романы өзінің бар мүддесімен, барлық негізгі идеясымен және күрделі сюжеттік тартысымен, тұтас тұлғасымен жаңалықтың ескілікпен алысуына арналған-ды.
Және жиырма-отыз жыл бойына созылатын сол алыс, сол тартыс –тарихи жағынан дәлелдену, баяндалу тұрғысындағы диалектикалық процесті сталиндік түсінік бойынша көрсеткен деп түсінемін. Нақтылап айтқанда, бұл жай – жаңалыққа ұмтылған, біртіндеп өсіп, күшейіп бара жатқан Абай бейнесін де көрсетілді, ал ескілікті түсінік – әуелде тұғырында мықты отырғанымен тозуға, жоғалуға, жойылуға үкімі шығарылған Құнанбай бейнесінде, Абайдың әкесі бейнесінде суреттелген. Осындай тарихтық елеулі екі адамды біріне бірін қарсы қойып алу кездейсоқ емес-ті. Бұл «Абай» романы мен кейінгі романдардың да идеялық көркемдік мазмұнындағы ең соқталы арқауы, барлық желінің тұтқасының өзі болатын.
Осы аталған өзімнің негізгі еңбектерімде Құнанбайдың және оның салт-сана жөніндегі туыстары болған арғы-бергі дәуірдің құнанбайшаларын әшкереледім. Сол арқылы тек қана патриархалдық-феодалдық салт-санаға өкім шығарып қана қоймай, панисламизмге, пантюркизмге және сол шақта туып келе жатқан реакцияшыл буржуазиялық-ұлтшылдықты да әшкерелеп үкім айтуға тырыстым. Ал «Абай» романында – Абай бейнесінде, «Абай жолы» романында оның жас серіктері – Әбіш, Дәрмендер бейнесінде қазақ пен орыс халқының достық идеясын танытуға тырыстым. Еңбекші қазақ халқына жарық дүние тек қана орыс мәдениетіне қол арту арқылы ғана болатынын айттым. Ескілікті дәріптеуші консервативтік реакцияшыл санашылдардың барлық топтарын айыптап көрсетуге тырыстым. Осы аталған еңбектерімде және өзімнің де ұлтшылдық қалыптағы қателерім мен кемшіліктерімді айыптадым да, сол өткен заманды дәріптеген өзімнің бұрынғы бірнеше пьесаларымды, әңгімелерімді, повестерімді де сынап өттім. (Қараш) Осы себепті, әсіресе, ең салмақты және менің идеялық-саяси дұрыс көзқарасымды ең толық, ең айқын көрсететін шығармаларыма әдебиетшілдік-зерттеушілік қателерім әсер еткеніне («Ақын аға» романы сияқты және «Абай» романының кейбір беттері сияқты) ерекше күйінемін.
Өзімнің Абай жөніндегі еңбектеріммен байланысты бір топ мәселелерді сынап өтудің нәтижесінде, өзімнің ендігі қарызым деп білетінім – Абай жайындағы шығармаларымды ерекше зер салып, түбірлі түрде қадағалап, қайта қарап өтуім керек және қажет тұстарымда қайта түзеп жазуым шарт. Бұл жөндегі міндеттерімді романдардың қайта басылу қарсаңында орындамақпын. Және де Абай жөніндегі романдарымның соңғы кітабы «Абай жолы» романының екінші кітабын идеялық көркемдік жағынан мінсіз толық етіп аяқтауым шарт. Бұл жөнінде, сын ретінде Кенесары мен Абайдан бұрынғы дәуір ақындарын көрсетудегі талаптардан басқа, Абайдың өзінің төңірегінде болған Көкбай, Шұбар, тағы басқалар сияқты адамдардың бейнесін сипаттауларға да қатты зер салып, қайта қарап өтпекпін. Бұрынғыдан да әшкерелей түсіп, олар жайынан қатал үкім шығарып, Абайдың жасырын жаулары етіп суреттеуім шарт. Абайдың тірісінде оған жасырын жау боп, ал ол өлген соң ұлы ақын жолының жауы боп және еңбекші қазақ халқының жауы боп шыққан феодалшыл-байшыл, буржуазиялық-ұлтшылдардың жаулық әрекеттерін аша көрсетуім шарт.
(Бұл жалған тартыс туғызды. Қарашығын, Әзімхан. Ең қауіпті және түзелмейтін түс осы) «Правданың» мақаласында менің қазақша, орысша жазған мақала, зерттеулерімдегі буржуазиялық-ұлтшылдық бағыттағы қателіктердің барлығы айтылған. Бұлардың саны ол мақалада көрсетілгеннен гөрі де көбірек. Солардың кейбіреулері туралы «Правданың», «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақаласын 1951 жылы талкылау тұсында мен өзімнің ілгергі, соңғы қателерім деп атап-атап өткем-ді. Әдебиеттанудағы өз қателерімді мойындап, Қазақстан Ғылым академиясының жиналысында, Жазушылар одағының жиналысында, Тіл және әдебиет институтында және де Алматының интеллигенциясының қалалық жалпы жиналысында сөйлегемін. Сол жиналыстарда және республикалық баспасөз жүзінде менің қателеріме арналған әділ сындар айтылғаны есімде. Және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ҮІІІ пленумында, онан соң Ү-ҮІ партия сьезінде жасалған Шаяхметов жолдастың баяндамаларында менің идеялық-саясаттық өрескел қателерім туралы әділ сын айтылғаны және де есімде.
(Мұның барлығын атап өттік) Бұл жолғы сөзде жеке зерттеулерімдегі қателіктерді нақтылап теріп айтуға мүмкіншілік болмағандықтан, сол бір топ жұмысымның түгелінде байқалатын жалпы негізгі ортақ жайды айрықша атап өтпекпін. Ол айтпағым: әдебиеттану ғылымына мен маркстік-лениндік методология жағынан толық құралданбай келіп араластым. Шамасы отыз жылдан артық уақыт бойында өте көп мақалаларды, пікірлерді, зерттеулерді өз өмірімнің әр кезінде жаза жүргемін. Бұрын баспа жүзінде айтылмаған кейбір жайларды ең алғаш рет мәселе етіп көтеріп жазғандарым да бар. Қазір айқын байқағаным бойынша, 1932 жылға дейін орын алған мендегі буржуаздық-ұлтшылдық идеялар мен шығармашылық идеяларымды кіналап, одан бас тартсам да, бірақ бертінге дейін, көп уақытқа шейін кеңес ғылымының сара жолын айқын меңгере алмадым. 1948-1950 жылдарға дейін кеңестік жоғары оқу орындарының әдебиет бөлімдеріне арналған оқу программасы, оқу кітабы, оқу құралы боп келген, өздерінің қателігі, идеялық-методологиялық терістігі мол шығармаларды – кеңес ғылымының табысы екен деп санап жүрдім. Осылардың ішінде жалған ғылымдық, космополиттік Веселовский жүйесі, Н.Я.Маррдың жалған ғылымы және буржуаздық-объективтік бірыңғай ағым жүйесі де болды. Осы соңғы жүйе – 1938 жылға дейін Қазақстанда ерекше орын алған реакциялық-буржуаздық бір жүйенің орнына 1939 жылы келді. Жаңағы аталған, 1938 жылға шейін дәуірлеген теріс жүйе бойынша қазақтағы барлық ауызша әдебиет ескерткіштері «билер дәуірінің әдебиеті» деп аталды.
Осы жүйеге қарсы 1939 жылдан бастап, барлық ауызша әдебиет үлгілерін түгелімен халықтікі дейтін жүйе орын тепті. «Батырлар» атты жинақ 1939 жылы осындай бағытпен шықты. Осы тұрғыдан орта мектептердің оқу құралдары және ағарту орындарының әдебиет програмдары методикалық құралдары жазылып, басылып, кеңінен тарап жатты. 1940 жылы «Дала жырлары» деген қазақ антологиясының эпос бөліміне арналған кіріспе сөзді мен де осы тұрғыдан жаздым.
Осы алуандас, 1930-1940 жылдары өзім жазған мақалаларды, кіріспе сөздерді, рецензияларды еске ала отырып «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томы атты еңбекті дайындаудағы жауапкершілігімді сезіне отырып, оны айырықша сынға аламын. Бұл кітап – Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің 1947 жылғы «Қазақстан Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателер жөнінде» деген қаулысынан соң, 1948 жылы шыққан еді. Бірақ өзінің соңғы қалпында да бұл көп кісі бірігіп жазған еңбектің бірнеше тараулары мен бөлімдерінде өрескел қателер жіберілген құнсыз кітап боп шықты. Сол томның авторының бірі және редакторы болғандықтан да, маған бұрынғы көп қателіктерді қайта қарап, толығынан түзеп жазуға мүмкіншілік берілген еді. Бірақ мен өзімнің бұрынғы мақалаларымдағы және өзге де көп авторлардың оқу құралдарындағы, жоғары оқу орындарының программаларындағы, зерттеулеріндегі, кіріспе сөздеріндегі, жеке очерктері мен монографияларындағы қателіктерді маркстік-лениндік методология жолымен зерттеп шығу жағын қамтамасыз ете алмадым. Томның зерттелмек материалдары арасынан сол кездегі оқу құралдарында, жинақтарда көп тарап жүрген «Орақ», «Мамай», «Шора» сияқты дастандарды кіргізбей шығарып тастағаным болмаса, бар жайды барарына барғыза алмадым. Өзімнің зерттеуімде бірыңғай ағым жүйесін бұзып, «Қозы Көрпештің» кей нұсқаларын және «Қыз Жібекті», онан соң бір топ ертегілерді тыңнан сынап тексергеніммен, бұл істегендерім жеткіліксіз болды. Және «Қорқыт» жайын тексеруде де оны дұрыс деп бағалап, терістік жасадым. Ал бұл ескерткіш кейін, 1951 жылы реакцияшыл шығарма ретінде сыналды. Қатал сынап, талдау әдісін және реакцияшыл феодалдық мазмұндарды әшкерелеп ашу негізін «Қарасай», «Қази», «Алпамыс» сияқты эпостарға және «Қобыландының» Марабай жырлаған феодалдық нұсқасына қолдана алмадым. Сол әдісті, әсіресе, өрескел залалды феодалдық-монархиялық тарихтық жырларға, нақтылап айтқанда, қазақ еңбекші халқының қас дұспаны Кенесары мен Наурызбайға, солар жайындағы жырларға қолданып, оларды таратып сынауға орын берілмеді.
Осылардың орынына, бірінші томда, бұрынғы оқу құралдарында, жоғары мектеп программларында, монографияларда талданып жүрген хандық-феодалбдық фольклорға берілген жағымды бағалалар молайтылып, бұрынғы қалпынша қайталанып отырды. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы салт-саналық қателіктерді сынау, маркстік-лениндік тұрғыдан дәлелдеп сынау 1951 жылы «Правдадағы» «Қазақстан тарихы мәселелері марксшілдік-лениншілдік тұрғыдан баяндалсын» деген мақала шыққан соң, әсіресе, мол өріс алды. Фольклор, XIX ғасыр әдебиеті, абайтану жөніндегі біздің қателерімізді анықтау – жыл санап менің де ғылымдық түсініктер мен міндеттерімді дұрыстап ұғынуыма себеп болды. Бірақ сол бағыттағы түзетулерді өз лекцияларыма кіргізе жүргеніммен, партияның қаулыларына сай боларлық кесек ғылыми еңбек жазып үлгіре алмадым.
Фольклор мен тарихи тақырыпқа қалам тартқан өзімнің жазушы және ғылым қызметкері есебіндегі еңбектерімді салыстыра келсем, қателіктің көбі ғылыми-зерттеу жұмыстарымнан кеткен екен, ал жазушы ретінде жазған көркем шығармаларымда олардың мазмұны идеялық-тарихи тұрғыдан толығырақ, дұрысырақ ашылғанын, танымды шыққанын аңғарамын. Бұның себебі, менің жазушылық еңбекте марксистік диалектиканы дұрысырақ меңгергенім, бұл алуандас еңбекке көбірек маманданғаным, көбірек әзірлігім, дайындығым болғаны әсер етті ғой деп білемін. Осы айтылғанға мысал ретінде өзім жазған «Айман-Шолпан», «Қобыланды», «Бекет», «Түнгі сарын» пьесаларын, «Еңлік-Кебектің» соңғы вариантын және Абай жөніндегі романдарды атауға болады. 1930 жылдарға шейін жазған «Хан Кене» сияқты өзім айыптаған пьесаларға, жаңағы аталған, 1930-1940 жылдар ішінде жазылған шығармалар ұқсамайды. Бұларда – феодальдық санаға қарсы халықтық сана немесе таптық, тарихтық озғын ойлар өткен заман оқиғаларын көрсетудегі негізгі бағыт, мақсат болып отырады.