Құнанбайдың тірі кезінде болған уақиғалар болатын



бет4/8
Дата04.11.2016
өлшемі1,27 Mb.
#300
1   2   3   4   5   6   7   8

«Алайда идеологиялық жұмыста, әсіресе, тарих ғылымы, әдебиет және искусство саласында әлі де ірі кемшіліктер, саяси қателер және ұлтшылдық бұрмалаушылықтар бар. Бұл қателер, әсіресе Кенесары Қасымовтың қозғалысына баға беруде айқын көрінді. Е.Бекмахановтың және басқа тарихшылардың, әдебиет зерттеушілердің және кейбір басшы партия және совет қызметкерлерінің Кенесары Қасымов қозғалысына баға берудегі принциптік саяси, буржуазиялық-ұлтшылдық қателері неде? Бұл қателер мынада: бұл реакциялық-монархиялық қозғалыс ұзақ уақыт бойына ұлттық-азаттық қозғалыс деп көрсетіліп келді, ал оның басшысы, казақ халқын тұншықтырушы – Кенесары Қасымов қазақ халқыньң азаттық қозғалысының басшысы деп дәріптеліп келді, шынында мұның бәрі тарихи шындыққа және Сталин жолдастың ұлт мәселесі жөніндегі нұсқауларына қайшы келеді.

Сталин жолдас былай деп үйретеді: «Мәселенің диалектикалық қойылысы тегінде бір жерде қажет болатын болса, нақ осы жерде, ұлт мәселесінде өте-мөте қажет» (И. Сталин. Шығармалар, 2 том, қазақшасы, 352 бет). «Ұлт мәселесі өзімен өзі ғана болып отыратын, мәңгі бір қалыпта тұрып қалатын мәселе емес. Кәзіргі құрылысты өзгерту туралы жалпы мәселенің тек бір бөлімі бола отырып, ұлт мәселесі тұтасымен әлеуметтік жағдайға қарай, елдегі үкіметтің сипатына қарай, жалпы айтқанда, қоғамдық дамудың бүкіл барысына қарай анықталады» (И. Сталин. Шығармалар. 4 том, қазақшасы. 174 бет).

XIX ғасырдың бірінші жартысында, патриархтық-рушылдық қатынастың көптеген қалдықтарының болуына қарамастан, Қазақстан тап күресі айқын көрінген таптық феодалдық қоғам болды. Бұл дәуірде, ең алдымен Россия жағынан, сауда-ақша қатынасы, сауда капиталы қазақ даласына барған сайын кең тарала бастады. Қазақстанның экономикалық дамуындағы бұл жаңа құбылыс еңбекші бұқараны талаудың жаңа формаларын енгізді, бірақ мұнымен бірге ол Қазақстанның экономикасындағы орныққан патриархтық-феодалдық қатынастарды іс жүзінде қирата бастады.

Бұл өзгерістерді, әсіресе ханның өкімет билігін жоюға әкеп соққан кейбір жүздердің Россияға қосылуынан кейінгі өзгерістерді Кенесары Қасымов хандар мен сұлтандардың праволарына тікелей шек қойғандық және онан әрі шабуыл жасағандық деп таныды. Феодалдардың осы праволары мен мүдделерін қорғау үшін Кенесары Қасымов көтеріліс бастады.

Кенесары Қасымовтың патша әкімдеріне жазған хаттарында айтылған басты-басты талаптарының ап-ашық феодалдық-монархиялық сипаты бар. Кенесары Абылай хандығының үлгісімен ханның өкімет билігін қалпына келтіруді, яғни орта ғасырлық феодалдық тәртіптерді сақтауды талап етті. Кенесарның талаптары қазақ халқын патша өкіметінің отарлық езушілігінен азат етуді емес, өзінің феодалдық праволары мен ардақтылықтарын сақтауға бағытталған.

Сталин жолдас өзінің «Социал-демократия ұлт мәселесін халай түсінеді?» деген классиктік еңбегінде былай деп жазды: «Әртүрлі кезеңдерде күрес майданына әртүрлі таптар шығады, сондықтан әрбір тап «ұлт мәселесін» өзінше түсінеді. Демек, «ұлт мәселесі» әртүрлі кезеңдерде әртүрлі мүдделерге қызмет етеді, оны қандай таптың және қашан көтеруіне байланысты түрліше сарын алады» (И. Сталин. Шығармалары, І том, қазақшасы 33 бет).

Ленин мен Сталин ұлт мәселесінің әртүрлі дәуірлердегі ерекшеліктерін барлық жағынан аша келіп, бұл дәуірлерде туған ұлттық қозғалыстар бірдей емес екенін, олардың ішінде прогрестік, ұлттық азаттық қозғалыстар және реакциялық, ұлтшылдық қозғалыстар болатынын көрсетті. Оның ішінде реакциялық сипаты бар ұлттық қозғалыстар революциялық қозғалыстың дамуының және жалпы коғамның дамуының мүдделеріне қайшы келіп, еңбекшілердің таптық сана сезімінің өсуіне бөгет жасайды.

Кенесары Қасымовтың қозғалысы нақ осындай қозғалыс болды. Бұл қозғалыс Қазақстанның саяси және экономикалық дамуына бөгет жасап, қазақ халқының орыс халқымен жақындасып, достық жасау ісіне зор зыян келтірді.

XVIII ғасырдың 30-жылдарында Кіші жүздің қазақтары өз еркімен Россияның кол астына қарап, Қазақстанның Россияға қосылу процесін бастады. Бұл процесс XIX ғасырдың 60-жылдарында аяқталды.

Қазақстанның Россияға қосылуы, бір жағынан, товарлы-ақшалы қатынастың күшеюіне, өндіргіш күштердің өсуіне, таптық жіктелудің күшеюіне және ол кездегі қазақ ауылының патриархтық томаға тұйықтығының бұзылуына, шаруашылықтың және қоғамдық қатынастың неғұрлым жоғары формаларының дамуына көмектесті, қазақ халқының мәдениетінің өсуіне, қазақ халқының үздік ағартушыларының, жазушыларының және қоғам қайраткерлерінің – Шоқан Уәлихановтың, Абай Құнанбаевтың, Ыбырай Алтынсаринның қалыптасуына көмектесті.

Қазақстан Россияға қосылмаған да, сыртқы жауларға қарсы күресте ұлы және қуатты орыс халқының туысқандық көмегі болмағанда, саяси бытыраңқы қазақ халқы өзінің өмір сүруін қорғай алмай, неғұрлым артта қалған орта азиялық хандықтар тарапынан бөлшектелген және құлдыққа түскен болар еді. Россияның неғұрлым алдыңғы қатарлы экономикасымен тығыз байланыс жасамағанда Казақстан өзінің артта қалған, феодалдық-монархиялық құрылысымен экономикалық прогрестен тыс қалған болар еді, озат орыс мәдениетінің игілікті әсері тимей, артта қалған мұсылмандық Шығыстың ықпалына түскен болар еді.

Қазақстан Россияға қосылмағанда орыс халқының революциялық азаттық қозғалысына қатыспағанда қазақ халқы жалпы демократиялық революциялық, қозғалыстан шет қалған болар еді. Ол кезде патшалық Россияның қойнауында туған жаңа, революциялық-демократиялық Россия россиялық империяның ұлттық шет аймақтарының халықтарына орасан зор тілектестікпен, кұрметпен қарады, патшалық отаршылдарды әшкерелеп тілдеді. Сонымен, Қазақстанның Россияға қосылуының, патша үкметінің отарлық саясат жүргізуіне және қазақ еңбекшілерін қанауды күшейтуіне қарамастан, сөзсіз орасан зор прогрестік маңызы болды.

«...Россия Шығыс жөнінде шынында да прогрестік роль атқаруда». «...Россияның үстемдігі Қара теңіз және Каспий теңіз, Орталық Азия үшін, башқұрттар және татарлар үшін мәдениеттендірушілік роль атқаруда...» – деп жазды 1851 жылғы 23 майда Ф. Энгельс К. Маркске жазған хатында (К. Маркс және Ф. Энгельс, Шығармалар, XXI том, 211-бет).

Қазақстан Россияға қосылмаған болса, қазақ халқының тағдыры басқаша болар еді.

XIX ғасырдың 30-40 жылдарындағы халықаралық, жағдайда патшалық Россия мен ағылшын отаршылдары арасында Орта Азияның ұлан-байтақ, бай жерлерін өздеріне қаратып алуға таласқан қатты күрес болды. Өздерінің мақсатына жету үшін ағылшын отаршылдары Кабулға және Кандағарға өздерінің резиденттерін қойды, олардың Орта Азия мен Қазақстанда көптеген шпиондары болды. Орта Азия хандықтары Қазақстанның өздерімен жапсарлас жерлерін басып алып, қазақ еңбекшілерін варварлықпен талады және қанады. Кенесары ағылшын отаршылдарының агенттері – Орта Азия хандарымен тығыз байланысты болды.

Ал, тарихи шындықты бұрмалаушылар Қазақстанды Россиядан бөлектеп, өз қолдарына алуға тырысқан ағылшын отаршылдарының әрекеттерін «байқамады» . Өздерінің еңбектерінде олар Орта Азия мен Қазақстанның халықтарын құлдыққа түсіруге, оларды ағылшын-американ империалистерінің табан астындағы қазіргі отарлық араб, Шығыс елдерінің кебіне ұшыратуға тырысқан ағылшын отаршылдарын әшкерелемеді. Сөйтіп, барлық тарихи мәліметтер Кенесары козғалысының революциялық та, прогрестік те болмағанын көрсетеді. Бұл қазақ халқын кері тартқан, патриархтық-феодалдық негіздерді нығайтуға, орта ғасырлық хандықты қайта орнатуға, Қазақстанды Россиядан және ұлы орыс халқынан бөлектеуге тырысқан реакциялық қозғалыс болды.

Кенесарының реакциялық қозғлысына дұрыс баға беру үшін, Қазақстан тарихшыларының қармағында нақты және документтік материалдар жеткілікті болды. Алайда, Сталин жолдастың нұсқауларын ұмыту нәтижесінде, бұл реакциялық-монахриялық қозғалыс идеологиялық майданның бірсыпыра участоктерінде көп дәріптеліп келді. Партиямыздың орталық органы – «Правда» газеті 1950 жылғы 26 декабрьде «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақала жариялады, Е. Бекмахановтың буржуазиялық-ұлтшылдық концепциясын әшкерелеуде біздің республикалық партия ұйымына көмектесті, Кенесары Қасымовтың қозғалысына ғылыми, тарихи шындыққа үйлесетін баға берді. Кенесары ханның және басқаларының карақшылық зорлықтарынан туғызады. Мұнда жастарымызды советтік Отанға сүйіспеншілік және шын берілгендік рухта тәрбиелеп отырған большевиктік партияның совет мемлекетінің рөлі туралы бір ауыз сөз айтпайды.

Кейбір «әдебиет зерттеушілері» әдебиетті бұрмалау жолына түсті, қазақ ақындарының, оның ішінде Абай мен Жамбылдың Кенесарыға және оның хан сарайындағы ақындарына қарсы пікірлерін халықтан жасыруға тырысты.

(...) Семейдің облыстық газеттері «Прииртышская правда» және «Екпінді» идеология жұмысының мәселелеріне мүлде жеткіліксіз көңіл бөлді. Семейдің Абай атындағы музейінде, Абайдың шәкірттері ретінде Шәкәрім сияқты реакцияшыл ақындар көрсетіліп келді, ал оның октябрь революциясынан кейін совет өкіметіне қарсы шыққаны мәлім. Облыстық газеттер бұл сияқты идеологиялық қателер мен кемшіліктерді дер кезінде сынамады. Газеттердің коммунистерге, совет интеллигенциясына идеялық-саяси тәрбие беру мәселелерін жазуы жеткіліксіз, мектептердің, мәдени-ағарту мекемелерінің тұрмысы туралы материалдарды сирек басады.

(...) Ал, біздің идеологиялық жұмысымыздың жеке участоктерінде буруазиялық-ұлтшылдықтың қайталауының, идеясыздық пен бисаясаттың белгілерінің пайда болуының себебі не? Сталин жолдас былай деп үйретеді: шын большевиктердің «өз қателерін ашық мойындауға, олардың себептерін ашуға, оларды түзеудің жолдарын белігілеуге, сөйтіп партияның кадрларды дұрыс үйретуіне және саяси дұрыс тәрбиелеуіне көмектесуге ерліктері жететін болуы керек» .

Идеологиялық жұмыста қателер мен ұлтшылдық бұрмалаушылықтар болатындығының себебі мынада: Орталық Комитеттің бюросы және Орталық Комитеттің бірінші секретарымен, саяси және шаруашылық жұмысты ұштастыру туралы Сталин жолдастың нұсқауларын ұмытып, идеологиялық жұмысқа жеткілікті көңіл бөлмедік, кейбір тарихшылардың, әдебиет зерттеушілердің, кейбір басшы партия және совет қызметкерлерінің еңбектеріндегі қателер мен бұрмалаушылықтарды дер кезінде көрмедік және партиялық принциптік жағынан сынамадық, сонымен бірге «Правда» газетінің «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген белгілі мақаласын талқылауда және бұл мақалада көтерілген мәселелер жөнінде республиканың партия ұйымадарында түсінік жұмысын жүргізуде үлкен шабандық істедік.

Мен 1944 жылы Амангелді Имановтың кайтыс болуына 25 жыл толуына арналған, «Социалистік Қазақстан» газетіне жарияланған мақаламда елеулі саяси қате жібердім. Қазақ жауынгерлерін неміс-фашистерге қарсы күресуге шақыра отырып, мен оларды өздерінің даңқты бабаларына лайықты болуға шақырдым, сөйтіп, Сырымның, Исатайдың, Махамбеттің, Амангелдінің есімдерімен қатар, Абылайдың, Кенесары мен Наурызбайдың аттарын да атадым. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің сессиясында 1944 жылы апрельде жасаған баяндамасында Оңдасынов жолдас та осындай қате жіберді.

Орталық комитеттің насихат және үгіт мәселесін басқаратын секретары Омаров жолдастың идеологиялық жұмыспен шұғылдануы қанағаттанғысыз болды, буржуазиялық-ұлтшылдық сыпаттағы қателерді дер кезінде аша білмеді және ол қателерді Орталық Комитет бюросының талқылауына салмады. «Қазақ ССР тарихының» екінші басылуының бас редакторларының бірі бола отырып, Омаров жолдас Бекмахановтың қателері туралы дабылдарға құлақ қоймады және «Қазақ ССР тарихының» Кенесары Қасымовтың қозғалысы туралы тарауын жазуды соның өзіне тапсырды» (Әдебиет және искусство», 1951, № 10) - деп барып баяндамасын одан әрі жалғастырады.

Бұл баяндамаға алып-қосатын, түсініктеме беретін ештеңе де жоқ. Өйткені өмірдің саяси-идеологиялық шындығы сол. Тиісті қорытынды шығарылып, Е.Бекмаханов, Е.Исмаиылов, Қ.Жұмалиев, Б.Сүлейменов, Қ.Мұхамедханов жиырма бес жылға сотталып кете барды. Алайда «қызылөңеш кезең» енді ғана екпін алып еді.

2.

Ендігі тақырып кезегі абайтану ілімі мен «Абайдың ақындық мектебіне» келді. Бұл мәселе жоғарыда аталған Кенесары туралы жазушылар одағының партия ұйымы мен қалалық партия ұйымының ортасында 1951 жылы 13 маусым күні Жазушылар одағында және 20 маусым күні Ғылым академиясы мен Жазушылар одағын бірігіп өткізген жиналыста талқыланды. Екі жиналыста қаралған мәселе де және онда сөйлеген адамдар да, олардың пікірі де бірдей еді. Сондықтан да екі мәжілістегі пікірлерлі қосарлана пайдаландық.



Бұл Мұхтар Әуезовке бағытталған идеологиялық шешуші соққы болатын. Ол стенограммадан анық аңғарылады:

«Төраға М.Ғабдуллин: «Жолдастар! Ғылым академиясы мен Жазушылар одағының бірлескен кеңесінде абайтану ілімі туралы пікір таласына кейбір қорытындылар шығару туралы комиссия құрылған болатын. Екінші, абайтану саласында атқарылатын алдағы жұмыстардың бағыт-бағдары жасалуы тиіс. Соның ішінде Абайдың ақындық мектебі төңірегіндегі пікірлерді қорытып, кімді Абайдың шәкіртінің қатарына қосу керек, кімді қоспау керек, сол жөнінде обьективті шешім қабылдауға тиіспіз. 1954 жылы Абайдың қайтыс болғанына 50 жыл толады. Осыған орай ҚКП(б) Орталық комитеті Абайдың шығармаларын екі тілде шығару туралы шешім шығарды. Абай поэзиясын кезеңге бөлу мен оның кейбір өлеңдерінің текстологиясы жайында даулы пікірлер қозғалып жүр. Абай шығармаларын жариялауда қандай дайындық жұмыстарын жүргіземіз, соны осы кеңесте анықтап алғанымыз дұрыс. Үшінші: бұрмалаудан, жалған талдаулардын тазарған Абайдың жаңа ғылыми өмірбаяны жөнінде де пікір алысуымыз қажет. Соған байланысты Абай шығармашылығын зерттеу мәселелерінің бағыт-бағдарын да анықтауымыз қажет шығар. Соңында, біздің шешімімізде Абайдың әдеби мұражайы немен айналысу керек деген мәселе қамтылу керек» (Сонда, 34-іс, 26-бет).


Сонымен бағыт пен басты қарауыл анықталды. Әрине, Абайды «бұрмалап, жалған талдаған», «Абайдың ақындық мектебін ойлап тапқан», Абайға «исламият туралы өлең жаздырып» (солай демеске лаж да жоқ), оны жинаққа кіргізген, Абайға рухани опасыздық жасаған және оны зерттеуге дәрменсіз адам – Мұхтар Әуезов болатын. Бұл науқан үш жыл қатарынан жүргізілді. Басты әшкерелеушілер – сол тұстағы Мұхтар Әуезовтің «жеке дұшпаны» (өз сөзі) Қажым Жұмалиев және орталау мектептің білімімен кандидаттық диссертация қорғап, онысы кейін әшкереленген жалаңтөс С.Н.Нұрышев. Ол жиырмасыншы жылдары «Абайдың буржуазиялық-ұлтшыл философияларының тамырына балта шауып, қазақ руханиятын қоқыстан тазартайық» деп шу шығарған І.Қабыловтың мақаласының атын сәл өзгертіп алды да, «Абайдың шығармашылығын зерттеудегі буржуазияшыл-ұлтшыл бұрмалаушылықтың тамырына балта шабайық» және «Абай шығармаларының алғашқы кезеңі» – деген тақырыпта (1951 және 1953 жылдары) баяндама жасады.

Кейіннен анықталғанындай, және өзінің мойындауынша, бұл білімсіз жалаңтөстің айтақшысы – Орталық комитеттің жазалау қызметін бағыттап отыратын кеңестік идеология бөлімі мен қауіпсіздік мекемесінің идеологиялық қарсы күрес бөлімі, оның ұйымдастыруын қадағалаған Сақтаған Бәйішев, орындалуына жауапты адам Қажым Жұмалиев екен. «Гүлденген Қазақстанның саяси-экономикасының идеологиялық негізін қалаған», әскери комиссар, 1946–1954 жылдардың арасындағы саяси қысымның бас идеологі, 1947 жылы «Профессор М.Әуезов есікіліктің шырмауында» деп мақала жазып, ашық күнде найзағай ойнатқан С.Бәйішевке қарсы М.Әуезов ешқандай уәж айта алмайтын. Ол кеңес идеологиясына қарсы шығумен бірдей болатын. Ал М.Әуезовтің қара тілдің шешені, азулы Қажым Жұмалиевке жалын тістеткенімен, үйіріне жолатпайтындай айбары бар болатын және оған қарсы нәтьижелі түрде күресе білді. Жек көрініштің тамыры қайда жатқанын кім білсін, адам ретінде де олар бір-бірінің тіршілігін тілемеген жандар болған сияқты. Ал Абайдың ақындық мектебі олар үшін айқас алаңы болған. Ауыр сөз, бірақ, шара қайсы. Бұл – талқылауды, дәлелдеуді қажет етпейтін, шиін шығармай қалдыратын тылсым тақырып.

Ал ешқандай білімі мен ғылыми салмағы жоқ С.Нұрышев «күштінің қолжаулығы», бар ғылыми мақсаты: «Мен Әуезовтің өзін былай сүмірейткемін!»? – деп (Қ.Мұхамедханов) атын шығаруға ұмтылған қазақ Геростраты ғана. Мүмкін, өмірінің жалғыздықпен аяқталуына да сол жанығудың зауалы тиген шығар, кім білсін. Әуезовтің қара басын қарауылға алған баяндаманы толық келтірудің, тіпті ішінара келтірудің ретін таппадық. Үш жыл бойы Мұхтардың басына қамшы үйірген С.Нұрышевтің ұстанған пікірін тұжырымдап қана түйіп береміз.

С.Нұрышев: 1.Кеңес өкімет орнағаннан кейін буржуазияшыл ұлтшылдар, пантюркистер, панисламистер Абайдың атын бетқап етіп жамылып өздерінің дұшпандық, кеңеске қарсы көзқарастарын қазақ әдебиеттануына бүркемелеп енгізді. Мұндай саяси, идеологиялық ұлтшыл қоқыстан арылтпай Абайды зерттей алмаймыз. 2. Абайдың шығармаларын таптық қайшылықтардан, шығыстық реакциялық ықпалдан тазартуымыз керек. 3. Абайдың ақындық мектебі деген маркстік, лениндік, сталиндік ілімге қарсы тас-талқаны шығарылып талқандалған қылмыстық тұжырымдаманың тамырын мәңгілікке отап тастауымыз керек.



Ол үшін: 4. өткендегі буржуазияшыл, ұлтшыл, феодалдық, пантюкистік, панисламистік идеясын бүгінге дейін бүркемелеп келген; 5. Абайтанудан дәріс өтетін, «Ақын аға» атты романы арқылы теріс тұжырымды насихаттаған; 6. Алаш идеясын «Абай» журналы арқылы насихаттаған; 7. Контрреволюцияшыл «алашордашыл жастардың көсемі», 8. Орыстарға қарсы үгіттейтін «зар заман» теориясы мен «Хан Кененің» авторы, 9.Абайдың буржуазиялық-панисламистік, шығыстық реакциялық шығармаларын бұрмалап талдаушы, 10.Пушкинді, Лермонтовты еркін аударды деп Абайдың орыс әдебиетінен үйренгенін жоққа шығарушы, сөйтіп, Абайдың жалақоры болып отырған, онымен де шектелмей, 11. Әдебиет тарихын зерттеуде контрабандалық жолмен айналысып, А.Байтұрсыновтың «Қаздар» атты мысалын Абайдың атынан жариялатқан, 12. «Қазақ ССР тарихы» мен «Қазақ әдебиетінің тарихына» Кенесары туралы талдауларды «сана ағымын» ұстана отырып енгізген, 13. өзінің ғылымға жат, дұшпандық иеологиялық марксисзмге қарсы ұстанымын М.Дүйсенов, қазір халық жауы ретінде әшкереленіп, ғылыми дәрежесі алынып тасталған Қайым Мұхамедханов сияқты шәкірттері арқылы өткізіп жіберуге тырысқан, 14. қоғамдық ойды адастырған, 15. З.Кедринаға өзі туралы зерттеу жаздырып, одақтық деңгейдегі әдебиетану ғылымын жалған жолға салған, 16. Абай мұражайына жалған деректер мен мұрағаттар жинау арқылы халық жауларының идеясын насихаттаған, бұл айтылғандарың барлығы да оның отыз жылдан бері әдебиет саласына енгізген бұрмалаулары мен саяси қателігін, оның нағыз бүркемеленген бет-бейнесін толық ашып бере алмайтын М.Әуезовтің ұлтшыл-буржуазиялық, дұшпандық ұстанымын әшкерелеп, әдебиеттану ғылымын ұлтшыл көзқарастан тазартқанда ған ілгері баса аламыз, – деген мазмұнда айып тақты.

Мұндай тармақ-тармаққа бөлініп, уытты тілмен тұздықталған, «неғылайынсыз әшкерелеулер» М.Әуезовтің тергеу ісінде де кездеспеген. Қазір езу тартқызғанмен, ол кезде жағыңды айыратын айыптар еді. Үш жыл бойғы талқы осы бағытта өрбіді. Талқылау мен сілкілесу барысында бұл тармақтардың өзі бұдан да ұсақ және шетін тақырыптарға бөлініп кетті. Біз сол кездің ауа райын аңдату үшін ғана үш жылға созылған бұл айтыстардың жекелеген тұстарындағы шарпысуларды жинақтай қамтып, қорытынды отырыстағы хаттаманы ықшамдап назарға ұсынамыз.



Қ.Жұмалиев: «Мұхамедхановтың диссертациясында… бірінші оппонент ретінде Әуезов сөз алды, ол бұл жұмысты өте мақтап, аспанға көтерді. Мен бұл диссертацияны бізге жат ұлтшыл, панисламистік идеяны көпе-көрінеу өткізіп жіберу деп есептеймін. Неге?

Біріншіден, Абайдың шәкірті ретінде Тұрағұлды ұсынады, ал ол болса кезінде халық жауы ретінде Қазақстан территориясынан қуылған болатын. Диссертанттың пікірі бойынша, Абайдың екініші шәкірті – коллективтендіруге қарсы шығып, Шыңғыстауда қарулы бандылар көтерілісін басқарып жүргенде қызыл армия бөлімдерімен атыс кезінде өлген Шәкерім Құдайбердиев екен, ал оны Әуезов 1933 жылы-ақ Абайдың шәкірті есебіне қосқан болатын (Абай шығармалары, 1933 жыл, 383-бет).

Мұхамедханов: Абайдың ең жақын досы және талнатты шәкірті – аса ірі дін өкілі, ірі феодал, орыстарды, өзбектерді, қырғыздарды және қазақтарды қырған, бүгін партия мен кеңес бұқарасы әшкерелеп отырған Кенесары мен Наурызбай туралы дастан жазған Көкбай еді, – деп есептейді.

М.Әуезов өзінің 1933 жылы ұстанған Көкбай туралы қате пікірін тұрақты түрде табандап қорғап келеді және Кенесары Қасымовтың қозғалысы туралы большевик партиясының орталық органы «Правда» газетіндегі мақаладан соң да, ҚКП(б) Орталық комитетінің ол туралы шешімінен кейін де бізге жат осы тұжырымды Мұхамедхановтың диссертациясы арқылы өткізіп жіберуге тырысып келеді. М.Әуезов Абай мектебінің үздік өкілі деп бағалаған Көкбайдың «Кенесары – Қаншайым» дастаны қандай екен, тыңдаңыз:

Қылышын суырып алып қынабынан,

Адамның дауысын естіп құлағынан.

Шаһарға «Абылайлап!» кіріп кетті,

Кем болмай түлеп ұшқан қыранынан.

Көп қойға бір көк бөрі жүрген кіріп,

Басына қалқан ұстап, сауыт киіп.

Бәрін де тыстағының қырғаннан соң,

Көшеге жан шықпады ауызы күйіп.

Көшеге еш бір адам шықпаған соң,

Шаһардың өрт қояды бір шетінен...
Дастанда Наурызбай кімді өлтіреді? Орыстарды. Кімнің қаласын өртке орайды? Орыстардың. Көкбай Кенесарыны неге мадақтайды? Бір жолда 99 өзбекті өлтіргені үшін. Қасымовтарды ақын не үшін мақтайды? Қырғыз бен қазақ елінің бейбіт тұрғындарын қатыгездікпен, аяусыз қырғаны үшін.

Міне, Әуезов кімді Абайдың шәкірті, досы, халық ақыны деп есептейді. Әуезовтің осы пікірімен келісеміз бе? Жоқ, ешқашанда. Мұны бір деңіз.

Екіншіден, өзінің Абай туралы соңғы зерттеулерінде оның шығармашылық қайнар көзі, орыс әдебиетімен байланысы туралы дұрыс талдағанына қарамастан, бәрібір, Мұхамедхановтың еңбегі туралы пікірінде диссертанттың: оның өзінің `(Әуезовтің – Т.Ж.) «Әдебиет майданы» журналының 1934 жылғы №11-12 сандарында жарияланған, онда М.Әуезов Абайды Гаспиринскийдің, Ауғанидің, Ғабдукудің және басқа да таза панисламистердің идеялық жалғастырушысы ретінде көрсеткен пантүркістік, панисламистік мақаласына жасаған сілтемесімен ымрыраластық білдірді.

Үшіншіден, 1951 жылы ақпандағы «Правданың» мақаласынан кейін де М.Әуезов доцент Смирнованың «18 ғасырдағы қазақ әдебиетінің очерктері» атты еңбегіне маркстік зерттеу деп баға берді, ал бұл еңбекте идеологиялық тұрғыдан жат, зиянды сілтемелер келтірілген, олардың қатарында халықтық шығарма деп бүркемеленген, «Алашорданың» көсемдерінің бірі Жұмабаевтің шығармасынан үзінді келтірген. Бұл Әуезов үшін масқара жағдай.

Исмаиыловтың, Кенжебаевтің, Қоңыратбаевтың жән басқалардың еңбектерінде жіберілген ұлтшылдық қателер Әуезовтің мадақ пікірлерімен тікелей астасып жатқаны ешкімге құпия емес.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Нарманбет Орманбетовтің өлеңдер жинағы шықты, Исмаиылов оны да демократ халық ақыны деп Абайдың шәкірттерінің қатарына қосты, Әуезов ол жинаққа жақсы баға берді және оның редакторы болды. Ал бұл «ақын» «Алашорданың» мүшесі болды және өлерінде өзінің барлық мүлкін контрреволюциялық ұйымның пайдасына қалдырды. Бұл туралы «Сарыарқа» газетінде 1919 жылы жазылды.

Әуезов мұны шынымен білмеді ме? Менің ойымша мұны оның білмеуі мүмкін емес.

Бізге жат осындай идеологияны өткізіп жүруін кездейсоқтық дейміз бе? Жоқ, кездейсоқ емес. Бұл қандай да бір жүйеге түсірілген, нақты бір мақсаты бар тұжырым.

М.Әуезов өзінің осы қателерін батылдық танытып, шын жүректен мойындаудың орынына, қасарысып, өзінің осындай саяси зиянды тұжырымдарын өзінің шәкірті-міс деп есептейтін – Исмайылов, Қоңыратбаев, Мұхамедханов тағы басқалар арқылы табанды түрде дәлелдеуін жалғастырып келеді, өзімен пікірлес тарихшылардың қатарына Сүлейменов сияқты әдебиеттен хабарсыз адамдарды қосып алды, сөйтіп, олар Әуезовтің қолындағы шоқпарға айналды, өзінің өрескел саяси қателерін көрсетуге ұмтылғандарды Әуезов солардың көмегі арқылы есеп айырысады»( сонда, 36 –іс, 74 -75- беттер).
Сәбит Мұқанов өзінің «Абайдың шәкірттері туралы» баяндамасының негізгі пікірлері біз қысқарта пайдаланып отырған мына мәселелерді қамтыды және оның барлығын тек қана М. Әуезовке қарата айтты:


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет