Үйсін дәуірінің ескерткіштерін талдап қорытындылау, ғылыми тұжырымдар ұсыну ісінде аса көрнекті сақ-үйсін зерттеушісі К.Ақышев еңбектерінің айрықша маңызы бар. Жалпы алғанда Үйсін дәуірінің ескерткіштерінің жерлеу үрдісі, шаруашылығы, тұрмыс-тіршілігі, діни наным-сенімдерінен мол деректер беретін ескерткіштердің ең көп зерттелген түріне обалар жатады. Сонымен қатар қыстақ-қоныстар, қалалық отырықшы орындар тәрізді ескерткіштер де көптеп кездеседі.

Ең аз зерттелген жәдігерлерге тастағы таңбалар, осы кезеңдегі металлургия орындары жатады. Металл бұйымдарынан тұратын археологиялық көмбелер де белгілі. Дөңгелек, сирек жағдайда сопақша пішіндегі обалар топырақтан үйіледі, ал мұның шағын тастардан түзілген сақина-қоршаулары бірнеше түрде орналасады:
үйіндінің шетін ала;
үйінді шетінен 1 — 2 м, не одан сәл көбірек қашықтықта;
үйіндінің астында, оның шетіне жақын;
үйіндінің бетінде.
Кей жағдайда топырақ оба тұрғызылмай, тас қоршаудың өзі ғана кездеседі. Жерлеу камерасының басты түрі — беті ағашпен жабылатын шұңқыр қабірлер. Мүрде басымен күнбатысқа қаратыла, созылыңқы күйде арқасымен жатқызылады. Қабір ішінде заттардан қыш ыдыстар (әдетте, бір қабірде 1 — 2 ыдыс), бірен-саран қола,темір бұйымдар (пышақ, түйреуіш, т.б.), сырға, білезік сияқты түрлі әшекейлер, айналар, кейде қайрақ, дәнүккіш тәрізді тас құралдар кездеседі. Көп жағдайда қабірге мүрдемен бірге қойылатын арнайы ет тағамы болады. Бұл ең алдымен қойдың құйрық, ұша сияқты артқы жағы. Садақ жебелері, қанжарлар сияқты қару-жарақ тым аз кездеседі, бұл жалпы үйсін обаларына айрықша тән құбылыс.