Наурыздық мән мен дәріп
Ежелгі түркілерде жеті саны Ғарыштың кемелдік күйінің сыйпырлық мәні ретінде мойындалған. Сондықтан да «жеті» сөзінен «жетік» түріндегі кемелдік сипаттың мәні аңғарылады. Бұл сөз о баста астарында «кемел» ұғымы секілді сын есіммен қатар, діттеген мақсатқа жетуді көздейтіндей құбылыс пен әрекеттің де мағанасы болған «жет» (Йе ед! – Йең секілді кемел бол! Жолыңа ие бол!) түрінде болса керек. Ол – түркілік дүниетанымның кемелдік мағынаны білдіретін басты ұғымдарының бірегейі ғана емес, жан-жақты паш етілген, таңбаланған әрі бейнеленген қасиетті дәріп. Сондықтан да түркілік «жеті» сөзі тәңірлік әмбебап терминдердің бірі. Оның түбірі кәзір бұйрық райлы «жет» болғанмен, ол о баста әрі етістік, әрі зат есім, әрі сан есім мен сын есімдік сипатта қатар болған. Осыдан келіп, кемелдікті, дамуды білдіретін ұғымның сыйпырлық мәні «жеті» болып туындаған және кез келген нәрсенің кемелдігі оның жеті сатыдан өтілуі орныққан. Сөйтіп, Наурыздың санаттары да жетілік санмен қамтылса керек.
Ежелгі түркілік Ғарыштың кемелдік сипаты үш категорияның жеті еселенуімен анықталады: жеті дәм (наурызкөже); жеті өң (алуан бояулы әшекей, түрлі түсті киешек); жеті үн (жетіген, жеті дауылпаз немесе жеті адамның хоры).
Наурыз Құбылыстың басы болғандықтан, оның санаттарының жетік те кемел болуы ойластырылған және іске асырылған. Сол себептен Наурызда біртекті дәм емес, жетітекті наурызкөже пісірілген. Наурызкөжеге жеті дәммен қатар ескі жылғы соғымнан қалған сүр еттің, қарынға салынған сары майдың, басқа да дәмнің араластырылуы Жыйыл принципін қанағаттандырудан шыққан. Тайқазанға бір астың пісірілуіне әр уақыттағы алуан тұрпатты дәмдердің салынуы Уақыт пен Кеңістің бір сәттік және бір қауыздық мәнге ие болу сипатын паш ету болып табылады.
Бояудың кемелдік сипаты түркілердің түсінігінде ақ түс болып табылады. Сондықтан да ақ түс - қарттықтың нышаны. Ал, қыс - Жылдың “қартаю” кезеңі (маусымы). Сол себепті кемеліне келген адамның бейітіне ақ шүберек байланады да, ал той-думанда жас-кәрісіне қарамастан қазақтар қызылды-жасыл (ақ пен қара түстен өзге) алуан түсті киім киінеді. Алуан түсті құрақ көрпе жаяды. Ал, әзербайжандар Наурызда жұмыртқа бояуды бірнеше ғасыр бойы жалғастырып келеді. Бұл – мерекелік мәнді жеті өңді принципті қанағаттандыруға тиіс Көк шартына бағындыру белгісі.
Наурыз мерекесінің жеті үндік принципін Жаңа жылдың алғашқы таңын қарсы алу кезінде таңмен таласа қыз-бозбалалардың ауылды бастарына көтеріп, құлын-танаға қоңырау байлап, азан-қазан, у-шуға бөлеу дәстүрі болғандығын көрсетеді. Ал, ежелгі замандарда, бәлкім, жеті түрлі аспап тартып, адамдар хормен ән шырқау дәстүрінің болуы әбден рас. Бұған ежелгі Шумерде жасанып киінген жұрттың дауылпаздатып шеруге шығу көрінісін алуға болады. Батыс Азияда (Таяу Шығыс) арфатекті аспаптардың таралуы бұған куә. Әсіресе, қазақтың жетіген аспабының қолданылуы да Наурыздың бас таңын қарсы алу кезінде тартылуы ғажап емес. Ал, бүгінде хордың көптеген діндердің басты ритуалы болып сіңірілуінде де, Наурыз мерекесінің ежелгі сілемі жатқаны анық. Қорыта келгенде, Наурыздың жаңажылдық сипатының бірнеше ғасыр бойында қалыптасуына, нығаюына ежелгі түркілік дүниетанымның үлесінің бар екендігін бүгінгі күн тұрғысынан мойындап, тиісті шараны қолға алған абзал.
Достарыңызбен бөлісу: |