Наурыз – космогониялық таным қоры
Наурыздың бүгінге соншалықты әлсіреп жетуі, рәсімдер мен атрибуттан жұрдай болуы, тек қана тарихи таластың нәтижесі емес, оның аса ежелгі тұрпатының да белгісі. Тарихи нысан неғұрлым ежелгі болған сайын ол жұрнақ күйінде ғана талықсып жететіні табиғи жайт, ол үшін біреуді жазғыру дұрыс болмас. Тіпті, оның туындауына да таластың болуы сол себептен. Сонымен, Наурыз неден жұрдай болды? Шын мәнінде, Наурыз о бастағы бірегей тұжырымынан ажырап, өзі әркімге діни, рәсми атрибуттар ретінде таланғандай күй кешті.
Наурыздың тіні үш санаттан (категория) тұратын және үш принципке негізделген болмысын жоғалтқан деп пайымдауға болады. Оның үш принципі: құбылыстың, жылдың және маусымның басы екендігі; ал үш санаты: дәм, үн және өң.
Наурыздық санаттар о баста Құбылысты құрайтын құрамталар ретінде мойындалған болуы керек. Ежелгі түркілер ондай құбылыстың белгілі бір қорегі (дәм), үдерістің дыбысы (үні) және нәтиженің өңі (бояуы) болады деп мойындаған. Осыдан келіп, Наурыз Құбылыс басы ретінде қабылданады да, барлық істің бастауы есебінде қайырым мен жақсылықтың нышанындай бұлақ көзін ашу, дақылды (сүмелек) өскіндету, гүлді және ағашты егуге, болашақ ұлы істі бастауға, бойжеткен мен ержеткенді қосуға итермелейтін ойындар мен кештерді ұйымдастырып, «ұйқыашар» ырымдарын жасауға, «селтеткізер» (сюрприз) сыйлауға т.б. тек қана жақсылық ырымдарына негізделген «Жақсылықтың басы ғана жақсылыққа ұласады» деген бастамаларға орын берілген.
Наурыз Құбылыстың басы болғандықтан, оның санаттарының жетік те кемел болуы ойластырылған және іске асырылған. Сол себептен, Наурызда біртекті дәм емес, жетітекті наурызкөже пісірілген. Тіпті, мұндағы «көже» сөзінің өзі ең ежелгі тәңірлік танымның терминдерінің жұрнағы болып табылады: кө – Көк, же – ас, «Көктің ырқына сәйкес киелі ас» деген мағана сыйып тұр. Наурызкөжеге сүр еттің салынуы, әлгі Жылаңның өз құйрығын өзі тістелеуі секілді, өткен Уақыт тізбегінің жаңа Уақытпен сабақтастығын қамту пыйғылын паш етсе керек.
Наурыз рәсімінің шарықтау шегі болып табылатын күн мен түннің теңелу сәтін білдіретін таңғы сәулені қарсы алу кезінде ауылды азан-қазан қылатындай жастардың дауылпаз ұрып, қоңырау соғып, кернейлетіп, сырнайлату арқылы түрлі дыбыс пен үнге ерік беруі Ұлы күнді үдеріс ретінде мойындаудың бір көрінісі және құбылыстың Үнін жетік етуден туатын ырым. Бұл - қуаныштың, жақсылық пен қайырымның үні ретінде қарсы да кері үнді қашыру, «ыңырсуды» болдырмау, жұт пен жағымсыздыққа жол қалдырмау әрекеті. Бәлкім, бүгінде қолданысы тым тарылған қазақтың жетіген аспабының о бастағы шығуы осы сәттен бастау алуы ғажап емес. Оның үстіне «жетіген» сөзі «жетіг үн» тіркесінен де туындап тұр. Осылайша бір кезде кең қолданылған бірнеше (жеті) қоңырау тағылған сылдырмақ аспабы да шығуы кәдік.
Наурыздық өң санатына келсек, ол да жеті бойаумен анықталады. Аспандағы алғашқы көктемгі жеті түсті кемпірқосақтан бастап, жер бетіндегі бірыңғай ақ түсті қардың кетуінің өзі жер бетін талай түске бойайтыны, мереке күнгі түрлі түсті киім-кешек пен үйдегі алуан түсті заттарды жайу көріністері жетік түсті принципті қанағаттандыру болып табылады. Ежелгі түркілердің түсінігінде әр түстің өзіне тән құбылыстық сыйпаты бар: солғын жасыл түс балаңдық пен бастау түсі; ақ түс кемелдіктің, қартайудың белгісі болып табылады. Сондықтан да, келіннің шымылдығын, жас жұбайлар отауын әлем-жәлем етіп, алуан түспен жасандырса, қария бейітінің басына шыққан қасиетті ағашқа ақ орамал байлау оның кемелдігін мойындау, екі дүние арасындағы делдалдықты әсерлеу болып есептеледі. Қазырда кең қолданыс тауып отырған қазақы құрақ көрпенің шығу себебі де, осы наурыздық алуан өңді паш етуден туындаған деп топшылаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |