Наурызды түркілік тұрғыдан негіздеу
Наурыз тарихын саралай отырып, отырық өркениеттер шаруашылыққа қолайлы оның күнтізбелік қана мәніне назар аударып, ал көшпелі түркілер Наурыздың теологиялық-мифологиялық мазмұнын барынша маңыз еткен. Оған дәлел, ежелгі парсылық жазбалардағы Наурыздың күнтізбелік шежіресінің ғана хатталуы болса, ал көшегендердің Наурызды мерекелеуі сол отырық өркениет өкілдерінің таңданысын жасыруға мұрша бермей, олардың барлық ғұрыптық, жоралғылық рәсімдерінің қағазға түсуі еді. Және де отырық жұрттар күнтізбенің шаруаға қолайлы болу болмауына барынша мұқият қараса, көшегендердегі наурызға деген көзқарас ғұрыптық, жоралғылық рәсімдермен айшықталған. Бұл - олардың Наурыз мерекесіне деген теологиялық мәнді жоғары қоюының дәйегі еді. Осындай жазбаны А.Сейдімбекұлы былай келтіреді: «...Грек тарихшысы Квинт Руф (б.з.д. І ғ.) өзінің «Ескендір жорығы» деп аталатын еңбегінде Орта Азия көшпелілерінің ұлыс тойын қалай тойлайтынын тамсана жазады. Ұлыстың ұлы күні таң шапақ шашып, күн шығар сәтте қаған ордасының үстіне күн бейнелі жалау көтеріліп, қотанға шымқай қызыл мауытыдан киім киген 365 бозбала шығатын болған. Балалардың саны бір жыл ішіндегі тәуліктердің айғағындай болып, 365 өнерпаз бозбала тойдың шырайын келтірген. Бір жыл ішіндегі әрбір тәуліктің шежіре-баяны сияқты 365 күй тартылған. Сонан соң, бүкіл елдің батагөй абызы, Тәңірмен тілдес бақсысы ортаға шығып, қағанаттың үміт-тілегін Тәңірге жеткізетін 9 күй тартқан. Бұл 9 күй міндетті түрде қобызбен тартылатын болған. Мұнан әрі, Ұлыстың ұлы күнін тойлау бүкілхалықтық қуаныш-қызыққа ұласқан» (Квинт Курций Руф. Поход Александра. VII-VIII тараулар. Мына кітапта: Хрестоматия по истории древней Греции. В.В.Струвенің сарабымен шыққан.М.,1951).
Көріп отырғанымыздай, О.Хайам парсылардың он екі айға бөлінген жылдан күнтізбе түзгенін басты дерек ретінде келтірсе, ортаазиялық көшегендер, тіпті, бір жылдың ішінде 365 күннің барына дейін рәсімге балалардың өздерін қатыстыру арқылы мән берген. Және де Наурыздың күнтізбелік мәні оның мифологиялық мағынасымен қабысатындай жоралғы жасауы, шынында да таңданарлық қана емес, ұлы мерекенің тео-мифологиялық мазмұнға бай екендігі.
Достарыңызбен бөлісу: |