34-бап. Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін иелену, пайдалану және оған билік ету 1. Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн иелену, пайдалану және оған билiк ету ерлi-зайыптылардың екеуінің келiсiмi бойынша жүзеге асырылады.
2. Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiне билiк ету жөнiнде ерлi-зайыптылардың бiреуi мәмiле жасасқан кезде екiншi жұбайының келiсiмi қажет болады. Екінші жұбайдың тек қана оның талап етуі бойынша оның келісімі болмаған себептері бойынша және егер басқа тарап осы мәмiленi жасасуға екінші жұбайдың келiспеуі туралы бiлгендiгi немесе көрінеу бiлуге тиiс болғандығы дәлелденген жағдайларда ғана сот ерлi-зайыптылардың бiреуiнің ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiне билік ету жөнiнде жасасқан мәмiлені жарамсыз деп тануы мүмкiн.
3. Ерлi-зайыптылардың бiреуi жылжымайтын мүлікке иелік ету жөнінде мәміле және нотариатта куәландыруды және (немесе) заңда белгіленген тәртіппен тіркеуді қажет ететiн мәмiле жасасуы үшiн екінші жұбайдың нотариатта куәландырылған келiсiмiн алу қажет.
Аталған мәмiлені жасасуға нотариатта куәландырылған келiсiмi алынбаған жұбай осы мәмiленiң жасалғандығы туралы өзi бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен бастап үш жыл iшiнде мәмiленi сот тәртiбiмен жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы.
35-бап. Ерлі-зайыптылардың әрқайсысының меншігі 1. Мыналар:
1) некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) дейiн ерлi-зайыптылардың әрқайсысына тиесiлi болған мүлiк;
2) ерлi-зайыптылардың некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңiнде мұрагерлiк тәртiбiмен немесе өзге де өтеусіз мәмiлелер бойынша сыйға алған мүлкi;
3) некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңінде ерлi-зайыптылардың ортақ қаражаты есебiнен сатып алынса да, қымбат заттар мен басқа да сән-салтанат заттарын қоспағанда, жеке пайдаланатын заттары (киiм-кешек, аяқкиiм және басқалар) ерлi-зайыптылардың әрқайсысының меншiгi болып табылады.
2. Некенің (ерлі-зайыптылықтың) іс жүзінде тоқтатылуына байланысты бөлек тұрған кезеңде ерлi-зайыптылардың әрқайсысы жинаған мүлiктi сот олардың әрқайсысының меншiгi деп таниды.