42-бап. Неке шартынөзгерту және бұзу 1. Неке шарты ерлi-зайыптылардың келiсiмі бойынша кез келген уақытта өзгертiлуi немесе бұзылуы мүмкiн. Неке шартын өзгерту туралы немесе бұзу туралы келiсiм неке шартының өзi сияқты нысанда жасалады.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген жағдайларды қоспағанда, неке шартын орындаудан бiржақты бас тартуға жол берiлмейдi.
2. Ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң талап етуi бойынша неке шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде шартты өзгерту және бұзу үшiн белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша соттың шешiмiмен өзгертiлуi немесе бұзылуы мүмкiн.
3. Неке шартында неке (ерлі-зайыптылық) тоқтатылғаннан кейiнгi кезеңге көзделген мiндеттемелерді қоспағанда, неке шартының қолданылуы неке (ерлі-зайыптылық) тоқтатылған кезден бастап тоқтатылады.
43-бап. Неке шартын жарамсыз деп тану 1. Неке шартын сот Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде көзделген мәмiлелер жарамсыздығының негiздері бойынша толық немесе iшiнара жарамсыз деп тануы мүмкiн.
2. Егер шарттың талаптары ерлi-зайыптылардың бiреуiн өте қолайсыз жағдайда қалдырса немесе осы некеден (ерлі-зайыптылықтан) туған немесе асырап алынған балалардың мүліктік құқықтарын бұзса, сот ерлi-зайыптылардың осы бiреуiнiң талап етуi бойынша неке шартын толық немесе iшiнара жарамсыз деп тануы да мүмкiн. Осы Кодекстің 41-бабы 3-тармағының талаптарын бұзатын неке шартының талаптары жарамсыз деп танылады.
§3. Ерлі-зайыптылардың міндеттемелер бойынша жауапкершілігі 44-бап. Ерлі-зайыптылардың мүлкінен өндіріп алу 1. Ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң мiндеттемелерi бойынша тек сол жұбайының мүлкi ғана өндiрiп алынады. Бұл мүлiк жеткiлiксiз болған кезде кредит берушi өндiрiп алу үшiн ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу кезiнде борышкер жұбайға тиесiлi болатын борышкер жұбайдың үлесiн бөліп беруді талап етуге құқылы.
2. Егер сот ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң мiндеттемелерi бойынша алынғандардың бәрi отбасының мұқтажына пайдаланылғанын анықтаса, өндiрiп алу ерлi-зайыптылардың ортақ мiндеттемелерi бойынша, сондай-ақ ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң мiндеттемелерi бойынша ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкi өндіріп алынады. Бұл мүлiк жеткiлiксiз болған кезде ерлi-зайыптылар көрсетілген мiндеттемелер бойынша өздерiнiң әрқайсысының мүлкiмен ортақ жауапкершілікте болады.
Егер соттың үкiмiмен ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкi ерлi-зайыптылардың бiреуi қылмыстық жолмен алған қаражат есебiнен сатып алынғаны немесе көбейтiлгенi анықталса, тиiсiнше ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкi немесе оның бiр бөлiгi өндіріп алынады.
3. Ерлi-зайыптылардың өздерінің кәмелетке толмаған баласы келтiрген зиян үшiн жауапкершiлiгi Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен айқындалады. Ерлi-зайыптылардың өздерінің кәмелетке толмаған баласы келтiрген зиянды өтеуi кезiнде осы баптың 2-тармағына сәйкес олардың мүлкiнен өндiрiп алыну жүргізіледі.