52-бап. Бір-бірімен некеде тұрмайтын (ерлі-зайыпты емес)адамдардан туған баланың құқықтары мен міндеттері Осы Кодекстің 47-49-баптарында көзделген тәртiппен әке болуы анықталған жағдайда, баланың бiр-бiрiмен некеде тұратын (ерлі-зайыпты) адамдардан туған бала сияқты, ата-аналары мен олардың туыстарына қатысты сондай құқықтары мен мiндеттерi болады.
53-бап. Жеке өмірге қолсұқпаушылық, жеке және отбасылық құпия 1. Жеке өмір, жеке және отбасылық құпия заңның қорғауында болады.
2. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке өмір туралы өзгеше түрде хабардар болған басқа да адамдар жеке және отбасылық құпияны сақтауға міндетті.
3. Азаматтардың жеке және отбасылық өмірі туралы мәліметтерді жария ету Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
4. Тіркеуші органдардың қызметкерлері бала асырап алушының келісімінсіз бала асырап алу туралы қандай да бір мәліметтерді хабарлауға және бала асырап алушылар асырап алынған баланың ата-анасы болып табылмайтындығы туралы ақпарат қамтылатын құжаттарды беруге құқылы емес.
Асырап алынған бала туралы мәліметтер мемлекеттік органдардың сұрау салулары бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде ұсынылады.
9-тарау. СУРРОГАТ АНА БОЛУ ЖӘНЕ ҚОСАЛҚЫ РЕПРОДУКТИВТІК ӘДІСТЕР МЕН ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ҚОЛДАНУ 54-бап. Суррогат ана болу шарты 1. Суррогат ана болу шарты Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының талаптары сақтала отырып, жазбаша нысанда жасалады және міндетті түрде нотариатта куәландыруға жатады.
2. Суррогат ана болу шартының жасалуы қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану нәтижесінде туған балаға ерлі-зайыптылардың (тапсырыс берушілердің) ата-аналық құқықтары және міндеттерінің болуын әдейі көздейді.
3. Суррогат ана болу шартымен бір мезгілде ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) тиісті қызметтер көрсететін, қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолданатын медициналық ұйыммен шарт жасасады.