76-бап. Ата-ана құқықтарынан айыру тәртібі 1. Ата-ана құқықтарынан айыру сот тәртiбiмен жүргiзiледi.
Ата-ана құқықтарынан айыру туралы iстер ата-аналардың бiреуiнiң немесе баланың басқа да заңды өкілдерінің, кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау жөнiндегi мiндеттер жүктелген органдардың немесе ұйымдардың өтініштері, сондай-ақ прокурордың талабы бойынша қаралады.
2. Ата-ана құқықтарынан айыру туралы iстер прокурордың және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қатысуымен қаралады.
3. Ата-ана құқықтарынан айыру туралы iстi қарау кезiнде сот ата-ана құқықтарынан айырылған ата-аналардан алимент өндiрiп алу туралы мәселенi шешедi.
4. Егер сот ата-ана құқықтарынан айыру туралы iстi қарау кезiнде ата-аналардың iс-әрекетiнен қылмыстық жазаланатын әрекет белгілерін байқаса, ол мұны жеке қаулымен прокурордың назарына жеткiзуге мiндеттi.
5. Ата-ана құқықтарынан айыру туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап үш күн iшiнде сот бұл шешiмнiң үзінді көшiрмесiн баланың тууын мемлекеттiк тiркеу орыны бойынша тіркеуші органға және баланың тұратын жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға жіберуге мiндеттi.
77-бап. Ата-ана құқықтарынан айырудың салдары 1. Ата-ана құқықтарынан айыру баламен туыстық фактiсiне негiзделген барлық құқықтардан, оның iшiнде одан күтіп-бағу қаражатын алу, сондай-ақ балалары бар азаматтар үшiн белгiленген жеңiлдiктер мен мемлекеттiк жәрдемақыны алу құқықтарынан айрылуға әкеп соғады.
2. Ата-ана құқықтарынан айыру ата-аналарды өз баласын күтіп-бағу мiндетiнен босатпайды, бұл міндет оны асырап алуға байланысты тоқтатылады.
3. Бала мен ата-ана құқықтарынан айырылған ата-ананың одан әрi бiрге тұруы туралы мәселе сот тәртiбiмен шешiледi.
4. Ата-анасы ата-ана құқықтарынан айырылған бала тұрғын жайға меншiк құқығын немесе тұрғын жайды пайдалану құқығын, сондай-ақ ата-аналарымен және басқа да туыстарымен туыстық фактiсiне негiзделген мүлiктiк құқықтарын, оның iшiнде мұра алу құқығын сақтайды.
5. Баланы басқа ата-анаға беру мүмкiн болмаған кезде немесе ата-аналарының екеуi де ата-ана құқықтарынан айырылған жағдайда, бала қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қамқоршылығына берiледi.
6. Егер бұл балаға теріс әсер етпесе, ата-ана құқықтарынан айырылған ата-аналардың өтініші бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган баламен жолығуға рұқсат етеді.
7. Ата-аналары ата-ана құқықтарынан айырылған жағдайда бала асырап алуға соттың ата-аналарды ата-ана құқықтарынан айыру туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап алты ай өткен соң жол берiледi.
Ата-аналарының біреуі ата-ана құқықтарынан айырылған баланы асырап алуға екінші ата-анасының келісімімен жол беріледі.