165-бап. Ұйымның лауазымды адамының алиментті ұстап қалу міндеті Алимент төлеуге міндетті адамның жұмыс орны бойынша ұйымның лауазымды адамы нотариатта куәландырылған алимент төлеу туралы келісімнің негізінде немесе атқару құжатының негізінде төленген күнінен бастап алуға жататын оның жалақысынан және өзге де кірісінен алимент алатын адамның пайдасына ай сайын алимент ұстап қалуға және оны алимент төлеуге міндетті адамның есебінен жалақының және өзге де кірістің төленген күнінен бастап үш күн мерзімнен кешіктірмей төлеуге немесе аударуға міндетті.
Төлеушіден ұсталған, бірақ алушыға уақтылы аударылмаған алиментті төлеуді кешіктіргені үшін жауапкершілік ұйымның лауазымды адамына жүктеледі.
Ескерту. 165-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 26.06.2020 № 349-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
166-бап. Алимент төлеу туралы келісімнің негізінде алиментті ұстап қалу Нотариатта куәландырылған алимент төлеу туралы келісімнің негізінде алиментті ұстап қалу, егер осындай келісімнің және атқару құжаттарының негізінде ұстап қалудың жалпы сомасы алимент төлеуге міндетті адам жалақысының және өзге де кірісінің елу пайызынан аспайтын болса, жүргізіледі.
167-бап. Алимент төлеуге міндетті адамның жұмыс орнын немесе тұрғылықты жерін ауыстырғаны туралы хабарлау міндеті 1. Сот шешімі немесе нотариатта куәландырылған алимент төлеу туралы келісім негізінде алиментті ұстап қалатын ұйымның лауазымды адамы алиментті өндіріп алу туралы шешімнің орындалатын жері бойынша сот орындаушысына және алимент алушы адамға алиментті төлеуге міндетті адамның жұмыстан босағаны туралы, сондай-ақ, егер бұл өзіне белгілі болса, оның жаңа жұмыс орны немесе тұрғылықты жері туралы үш күн мерзімде хабарлауға міндетті.
2. Алимент төлеуге міндетті адам сот орындаушысы белгілеген мерзімде осы сот орындаушысына және сондай-ақ алимент алушы адамға жұмыс орнының немесе тұрғылықты жерінің өзгергені туралы, ал кәмелетке толмаған балаларға алимент төлеген кезде қосымша табысының немесе өзге де кірісінің болуы туралы хабарлауға және хабарлағаны туралы растама алуға тиіс.