86-бап. Бала асырап алушының құқықтары мен міндеттері 1. Бала асырап алушы баланы тәрбиелеуге, оның денсаулығына, дене бітімі, психикалық, адамгершілік және рухани жағынан дамуына қамқорлық жасауға міндетті.
2. Бала асырап алушы баланың пікірін және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның ұсынымдарын ескере отырып, баланы тәрбиелеу тәсілдерін өз бетінше айқындауға құқылы және осы Кодексте көзделген талаптарды сақтауға міндетті.
Республика аумағында тұрақты тұратын, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын бала асырап алушының жетім баланы және (немесе) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы асырап алуға байланысты біржолғы ақшалай төлем алуға құқығы бар.
Бала асырап алудың күші жойылған жағдайда бала асырап алушы жетім баланы және (немесе) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы асырап алуға байланысты төленген біржолғы ақшалай төлемді бюджетке қайтаруға міндетті.
Жетім баланы және (немесе) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы асырап алуға байланысты біржолғы ақшалай төлемді тағайындау, қайтару тәртібін және оның мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3. Бала асырап алушы баланың пікірін ескере отырып, ол міндетті жалпы орта білім алғанға дейін білім беру ұйымын және баланың оқу нысанын таңдауға құқығы бар.
4. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын бала асырап алушылар бала он сегіз жасқа толғанға дейін жылына кемінде бір рет бала асырап алу туралы сот шешімі шыққан жер бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға асырап алынған баланың тұрмыс, оқу, тәрбие жағдайы және денсаулық жағдайы туралы есептер ұсынуға міндетті.
Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұрақты тұратын, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын бала асырап алушылар және шетелдік бала асырап алушылар Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органға бала асырап алу туралы сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін бала он сегіз жасқа толғанға дейін алғашқы үш жылда әрбір алты ай сайын, кейінгі жылдары - жылына кемінде бір рет асырап алынған баланың тұрмыс, оқу, тәрбие жағдайы және денсаулық жағдайы туралы есептер ұсынуға міндетті.
Жекелеген жағдайларда, есептерді ұсыну кезеңділігі бала асырап алушылардың отбасында қалыптасқан нақты ахуалға байланысты Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органының шешімі бойынша белгіленеді.
Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұрақты тұратын, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын бала асырап алушылар және шетелдік бала асырап алушылар есептерді бала асырап алушы және бала тұрып жатқан елде орналасқан Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері арқылы ұсынады.
Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұрақты тұратын, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын бала асырап алушылар және шетелдік бала асырап алушылар осы тармақта көзделген тәртіппен есептер ұсынбаған немесе уақытылы ұсынбаған жағдайда Қазақстан Республикасында бала асырап алу кезінде олардың мүдделерін білдірген бала асырап алу жөніндегі агенттіктің қызметі осы Кодекстің 112-бабы 8-тармағының 6) тармақшасында көзделген негіздер бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуға жатады.
Асырап алынған баланың өмір сүру, оқу, тәрбие жағдайлары туралы және денсаулық жағдайы туралы есепті ұсыну тәртібі мен мерзімдерін, нысанын Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы бекітеді.
Ескерту. 86-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 31.03.2014 № 180-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 09.04.2016 № 501-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.