87-бап. Бала асырапалу тәртібі 1. Бала асырап алуды бала асырап алуға тілек білдірген адамдардың (адамның) өтініші бойынша сот жүргізеді. Бала асырап алу туралы істерді сот Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде көзделген ерекше іс жүргізу тәртібімен жүргізеді.
Сот балаларды асырап алу туралы істерді бала асырап алушылардың өздерінің, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган өкілінің, сондай-ақ прокурордың міндетті түрде қатысуымен қарайды.
2. Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік болып табылатын баланы асырап алған кезде баланың заңды өкілінің және бала азаматы болып табылатын мемлекеттің құзыретті органының келісімін, сондай-ақ бұл аталған мемлекеттің заңнамасына сәйкес қажет болса, асырап алуға баланың келісімін алуы қажет.
3. Бала асырап алушы азаматы болып табылатын шет мемлекеттің құзыретті органы Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын және Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұратын баланы асырап алуды жүргізуі оның тұратын жері бойынша жергілікті атқарушы органнан немесе Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге кеткенге дейін оның ата-аналарынан асырап алуға алдын ала рұқсат алған жағдайда Қазақстан Республикасында жарамды деп танылады.
4. Қазақстан Республикасының азаматтарымен некеде тұратын шетелдіктердің Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын баланы Қазақстан Республикасының аумағында асырап алуы осы Кодексте шетелдіктер үшін белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 09.04.2016 № 501-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
88-бап. Бала асырап алушылардың құқықтары мен міндеттерінің басталу кезі Бала асырап алушының және асырап алынған баланың құқықтары мен міндеттері бала асырап алу туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап туындайды.
Баланы асырап алу туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде сот осы шешімнің үзінді көшірмесін бала асырап алу туралы сот шешімі шығарылған жер бойынша тіркеуші органға және шешім шығарылған жер бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға жіберуге міндетті.
Ескерту. 88-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 31.10.2015 № 378-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).