94-бап. Баланы ата-аналарының келісімінсіз асырап алу Егер ата-аналар:
1) белгiсiз болған немесе сот оларды қайтыс болған деп жариялаған, хабар-ошарсыз кеткен деп таныған;
2) сот оларды әрекетке қабiлетсiз деп таныған;
3) сот оларды ата-ана құқықтарынан айырған;
4) баламен бiрге тұрмаған және сот дәлелсiз деп таныған себептер бойынша алты айдан астам уақыт бойы оны тәрбиелеу мен күтіп-бағудан жалтарған жағдайларда, олардың баланы асырап алуға келісімі талап етілмейді.
Некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) ананың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ресімделген, медициналық ұйымдағы баладан бас тарту туралы жазбаша өтініші болған кезде сот ата-аналардың баланы асырап алуға келісімін растайтын басқа да құжаттарды талап етуге құқылы емес.
95-бап. Баланың асырап алуға келісімі Он жасқа толған баланы асырап алу үшін оның келісімі қажет.
Баланың асырап алуға келісімін ата-аналарының не баланың басқа да заңды өкілдерінің, прокурордың қатысуымен сот анықтайды.
96-бап. Ерлі-зайыптылардың біреуінің бала асырап алуға келісімі 1. Егер баланы ерлi-зайыптылардың екеуi асырап алмаса, ерлi-зайыптылардың бiреуi баланы асырап алған кезде бала асырап алуға екінші жұбайдың жазбаша келiсiмi талап етiледi.
2. Егер ерлi-зайыптылар іс жүзінде отбасылық қатынастарды тоқтатқан болса немесе бiр жылдан астам уақыт бөлек тұрып жатса, бала асырап алуға екiншi жұбайдың келiсiмi талап етiлмейдi.
97-бап. Асырап алынған баланың аты, әкесінің аты және тегі 1. Асырап алынған баланың өз аты, әкесiнiң аты (егер бар болса) және тегi сақталуы мүмкін.
2. Егер бұл баланың мүдделерiне қайшы келмесе, асырап алынған балаға бала асырап алушының өтiнiшi бойынша бала асырап алушының тегi, сондай-ақ ол көрсеткен аты берiледi. Егер бала асырап алушы ер адам болса, асырап алынған баланың әкесiнiң аты - асырап алушының аты бойынша, ал баланы некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) әйел асырап алған кезде, ол асырап алынған баланың әкесi ретiнде көрсеткен адамның аты бойынша осы Кодекстің 192-бабына сәйкес айқындалады.
Егер бала асырап алушы ерлi-зайыптылардың тектерi әртүрлi болса, бала асырап алушы ерлi-зайыптылардың келiсiмi бойынша, асырап алынған балаға олардың бiреуiнiң тегi берiледi.
3. Баланы некеде тұрмайтын (ерлі-зайыпты болмаған) адам асырап алған кезде, оның өтiнiшi бойынша асырап алынған баланың әкесiнiң (анасының) аты, әкесiнiң аты және тегi бала асырап алушының көрсетуі бойынша тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына жазылады. Бала асырап алушының тілегі бойынша әкесі (анасы) туралы мәліметтер көрсетілмеуі мүмкін.
Бала асырап алушының өтініші бойынша әкесінің (анасының) көрсетілген тегі бала асырап алушының тегі бойынша беріледі.
4. Бала асырап алу құпиясын талап ететін жағдайларды қоспағанда, он жасқа толған асырап алынған баланың аты, әкесiнiң аты және тегi оның келiсiмiмен ғана өзгертiлуi мүмкiн.
5. Асырап алынған баланың атының, әкесiнiң аты мен тегiнің өзгеруі туралы оны асырап алу туралы сот шешiмiнде көрсетiледi.
6. Тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына өзгерістер, толықтырулар енгізу соттың бала асырап алу туралы заңды күшіне енген шешімі және баланың заңды өкілдерінің өтініші негізінде кез келген тіркеуші органда жүргізіледі.
Тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына бала және бала асырап алушылар туралы мәліметтер сот шешімінде көрсетілген мәліметтерге сәйкес енгізіледі.
Ескерту. 97-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).