238-бап. Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу үшін негіздер
1. Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы ерлі-зайыптылардың бірлескен өтініші, белгіленген тәртіппен некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуға құқығы бар ерлі-зайыптылардың біреуінің өтініші некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеуге негіздер болып табылады.
2. Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды тіркеуші органдарда мемлекеттік тіркеу кәмелетке толмаған ортақ балалары жоқ және бір-біріне мүліктік және өзге де талаптар қоймайтын ерлі-зайыптылардың некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуға өзара келісімі кезінде жүргізіледі.
3. Алып тасталды - ҚР 07.07.2020 № 361-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
4. Ерлі-зайыптылардың ортақ кәмелетке толмаған балаларының болуына қарамастан, некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу ерлі-зайыптылардың біреуінің өтініші бойынша:
1) жұбайын хабар-ошарсыз кеткен деп тану туралы соттың заңды күшіне енген шешімінің;
2) жұбайын әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп тану туралы соттың заңды күшіне енген шешімінің;
3) жұбайының қылмыс жасағаны үшін кемінде үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталғандығы туралы сот үкімінің негізінде тіркеуші органдарда бұзылады.
Ескерту. 238-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.07.2020 № 361-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
239-бап. Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу орны
Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу ерлі-зайыптылардың немесе олардың біреуінің қалауы бойынша Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген тіркеуші органда жүргізіледі.
Ескерту. 239-бап жаңа редакцияда - ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Достарыңызбен бөлісу: |