230-бап. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде қиылған некені (ерлі-зайыптылықты) тану 1. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде Қазақстан Республикасы азаматтарының арасында және Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың арасында қиылған неке (ерлі-зайыптылық), ол аумағында неке қиылған мемлекеттің заңнамасын сақтай отырып жасалса, осы Кодекстің 10 және 11-баптарында көзделген жағдайлардан басқа, Қазақстан Республикасында жарамды деп танылады.
2. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде шетелдіктер арасында қиылған неке (ерлі-зайыптылық), ол аумағында жасалған мемлекеттің заңнамасын сақтай отырып қиылса, егер ол Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмесе, Қазақстан Республикасында жарамды деп танылады.
231-бап. Қазақстан Республикасында немесе Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде қиылған некенің (ерлі-зайыптылықтың) жарамсыздығы Қазақстан Республикасында немесе Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде қиылған некенің (ерлі-зайыптылықтың) жарамсыздығы неке қию (ерлі-зайыпты болу) кезінде қолданылған Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
232-бап. Некеге құқық қабілеттілігі туралы анықтамалар беру тәртібі 1. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша некеге құқық қабілеттілігі туралы анықтама Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын не бұрын тұрған азаматтарға беріледі.
2. Некеге құқық қабілеттілігі туралы анықтаманы кез келген тіркеуші орган акт жазбаларын мемлекеттік тіркеуге арналған ақпараттық жүйе мәліметтерінің негізінде береді.
Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасының бар-жоғын тексеру он алты жастан бастап жүргізіледі.
3. Анықтамалар алу үшін өтініш беруші мынадай құжаттарды:
1) жеке басын куәландыратын құжатты;
2) егер өтініш беруші бұрын некеде тұрса (ерлі-зайыпты болса), Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде берілген некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы куәлiкті немесе сот шешімін не жұбайының қайтыс болуы туралы куәлiкті көрсетеді.
Ескерту. 232-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).