8.2.2.Несиелеу субъектілері мен объектілері Несие құрылымы несие беруші мен қарыз алушыдан, сондай-ақ қарыз капиталынан тұрады. Мұндағы несие беруші мен қарыз алушыларды несиелік мəмілеге қатысушы тараптар немесе оларды несиелік қатынас субъектілері деп атауға болады. Осы тараптардың біреуі болмаса несиелік мəміле жасалмайды. Несие берушілерге мемлекет, банктер (орталық жəне коммерциялық), банк типтес мекемелер мен қаржылық ұйымдар, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдары да жатады. Кейбір жағдайларда, несиенің коммерциялық формада берілуіне байланысты несие берушіге өнім өндіруші кəсіпкерлер де жатуы мүмкін. Ал, қарыз алушыларға қаражатқа деген уақытша қажеттілігі бар кез келген заңды жəне жеке тұлғалар жатады.
Несиелеу объектісі - бұл несиенің пайдалану заты, яғни несиенің іске асырылу аясы деп түсінуге болады.
Несиелеу объектісі материалды құндылықтар, өндіріс жəне айналыс шығындары түрінде, сол сияқты, егер несие материалдық жағынан қамтамасыз
етілмеген жағдайда, банк алдындағы шаруашылық ұйымның міндеттемесі ретінде де болады. Материалды қамтамасыз етілген несиелеу объектісіне өндірістік шикізат қорларын, негізгі жəне көмекші матариалдарды, жанар-май, ыдыстар, сатып алынатын жартылай өнімдер, азықтар жəне басқа да материалды құндылықтардың маусымдық жинағы жəне өнеркəсіптегі дайын өнімдердің жəне сауда ұйымдарындағы тауарлардың маусымды қорлары жатады. Мұндай қорларды жасау, ең бастысы, өндіріспен жəне өнімдерді сату процесімен тығыз байланысты.
Несиелеу объектісіне, экспортты жəне импортты тауарлар мен қызметтермен жабдықтау, экономикалық қызметке байланысты шығындар, кəсіпкерлік қызметпен айналысатын заңды жəне жеке тұлғалардың сатып алынатын шикізаттары, материалдары, құралдары жəне басқа да мүліктері, ломбардтық операциялар, шаруашылық субъектілердің кірістері мен шығыстары арасындағы алшақтық жатады.
Ұзақ мерзімді несиелеу объектілеріне жататындар мынадай түрлерге бөлінеді:
•өндіріс объектілерінің құрылысы;
•өндіріс объектілерін қайта құру, техникалық жағынан қайта қаруландыру, кеңейту;
•техникалар, құрал-жабдықтар жəне көлік құралдарын сатып алу;
•жаңа өнім шығаруды ұйымдастыру;
•өндірістік емес маңызы бар объектілерді салу.