Нәзипа Құлжанова 1923 жылы мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру жайлы «Мектептен бұрынғы тәрбие» атты әдістемелік кітабын жазған. Бұл Қазақстан оқу комиссариатының тәрбие бөлімінің нұсқауымен және арнайы тапсырысымен жазылған алғашқы авторлық туынды.Осы кітапқа алғысөз жазған қазақ халқының ұлы перзенті Ахмет Байтұрсынұлы:«Заман амалының жарысынан, заман көшінің қатарынан қалмай өмір сүру үшін бүгінде адамға көп өнер– білім даярлау керек» деп жазған.
Н.C.Құлжанова Европа елдеріндегі балалар бақшаларының өмірін үлгі ете отырып, күншығыстағы Жапония мемлекетіндегі балалар тірлігін де әңгімелейді. Автор бұл еңбегінде ойын ойнау, еңбекке дағдыландыру, тазалыққа, реттілікке, ұйымшылдыққа баулу, балалардың ойына, жас шамасына, қабылдау ерекшеліктеріне байланысты – өлең айту, сурет салу т.б. өнерлерін дамыту, дәрігерлік бақылауда болуын қадағалау мәселелеріне көңіл бөледі. Болашақтағы қазақ балалар бақшасы сондай болса екен деп армандайды.Мектеп жасына дейінгі балаларды мектепке баруға дайындауды, оларға «Мен» түсінігін қалыптастыруды және де жас шамаларына байланысты даму деңгей ерекшеліктерін ғылыми түрде негіздеген. Сонымен қатар, балаларды мектепке толыққанды дайындау мәселелері бойынша қойылған сауалдарды жауапсыз қалдырмаған, ғылыми тұрғыда негіздеп берген.
Н.С.Құлжанованың ағартушылық, ұстаздық, қайраткерлік еңбегінің тағы бір ірі көрінісі 1927 жылы Қызылорда қаласында 5000 данамен басылып шыққан – «Ана мен бала тәрбиесі» кітабы. Бұл кітап педагогтарға, тәрбиешілерге, ересектер мен балалар дәрігерлеріне әдістемелік кітап ретінде ұсынылған.
Нәзипа Сегізбайқызы дәрігерлік арнайы білімі жоқ болса да көптеген әдебиеттерді ақтара келе, бала мен ана денсаулығына қатысты пайдалы кеңестерді ретретімен оқушысына, қалың көпшілікке ұсынып, қазақ тарихында есімін қалдырған еліміздің көрнекті ұстазы. Н.Құлжанова «Баланы ауырудан сақтандыру» атты еңбегінде ана мен оның перзентін дерттен сақтандыру жолдары, баланы бағу, күту, тамақтандыру турасында ой толғайды. Бала тәрбиесіне байланысты сындарлы пікірлерін түсінікті, өрнекті кестелі тілмен, айтпақшы ойын жан-жақты түсіндіре келіп жеткізеді.
Н.Құлжанованың тағы бір қыры – ол қаламы аттай желген сөз зергері – публицист, жазушы әрі аудармашы болған. Н.Құлжанова - қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш журналистердің бірі.Күйеуі қайтыс болғаннан кейін Н.Құлжанова Семейден Ақмолаға кетіп, 1920-1922 жылдары Ақмолада мұғалім болып жұмыс істейді. Ал 1922 жылы С.Сейфуллин басшылық еткен «Еңбекші қазақ» газетінің редакция алқасының мүшесі болып, 1923-1925 жылдары «Қызыл Қазақстан», 1925-1929 жылдары «Әйел теңдігі» журналдарында жауапты қызметтер атқарған. «Айқап», «Қазақ», «Бірлік туы», «Алаш» басылымдарында оқу-ағарту мәселелері туралы мақалалар жариялаған, сонымен бірге қазақ әйелдерінің тағдырына қатты зейін аударған.Төмендегі суретте Редакция алқасының мүшесі болып қызмет еткен 1924-1925 жылдары түскен фото.Суретте бірінші отырған Нәзипа Құлжанова, ортадағы Сәкен Сейфуллин, шеткі отырған Сәбит Мұқанов.
Нәзипа Құлжанова – республикада әйелдер қозғалысына ірі қозғау салған және көптеген ауылдық, губерниялық, уездік комитеттерде әйелдер бөлімін аштырған қайраткер.Шығыс әйелдерінің І съезін ұйымдастыруда атқарған еңбегі ұшан-теңіз.«Қазақ әйелінің қазіргі тіршілігінің ең күшті тілегі – ана болып, бала өсіре білу һәм қазақ ел шаруасында мағыналы болу. Бұл міндеттерге жеткізетін тура жол – оқу, өнер, кәсіп» деп жазған Нәзипа Сегізбайқызы өз еңбектерінде.
Қаламы ұшқыр жазушы Нәзипа Құлжанованың әйел тақырыбына арналған «Маржан», «Есіл қызай!» сияқты көркем әңгімелерімен қатар қазақта ең алғаш Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», Ыбырайдың «Көктем» өлеңін, Ғ.Мүсірепов шығармаларын орысшаға аударуы ол кез үшін ерекше жағдай болған және орыстың классикалық әдебиетінен аудармалары да баршылық. Ол В.Г.Короленконың «Күн тұтылғанда»,А.Куприннің «Лапылдап жанған крейсер», А.Скиталецтің «Дала соты» және Б.А.Лавреневтің «Қырық бірінші» атты повесін қазақ тіліне аударған.
Достарыңызбен бөлісу: |