1.5 Етті бағыттағы тауықтарды бағып-күту әдістері Қазіргі уақытта құс өнімдерін алуда, ірі мамандандырылған құс шаруа-шылығының, құс фабрикасының және де жеке құс шаруашылықтарының маңызы өте зор. Құстарды күтіп-бағумен, азықтандырудың әдістерін және жаңа техника дамыған жетістіктерін пайдалану жағдайында бір шаруашылықта құс саны көп мөлшерде ұстауға (бірнеше мың), әрбір мекиен тауықтан жылына 280-290 дана жұмыртқа, 50-60 күндік еттік балапандардың салмағы 1800-2000 г мөлшерде алуға мүмкндік туады. Немесе жақсы күтіп-бағу нәтижесінде қаз балапандарының 60-70 күндегі салмағы 3,5-4,5 кг дейін болуына толық жағдай бар.
2010-2015 жылдарға арналған республикалық Агроазық-түлік бағдарлама-да 2009 жылдың басында жұмыртқа өндіру көлемін 2140 млн. данаға жеткізу көзделіп отыр. Ал тек «Алматы құс» компаниясы құс фабрикаларын түбегейлі түрде өндіруді 500 млн. данаға жеткізбекші. Аталған межелерге жету үшін құстарды күтіп-бағудың озық тәсілдерін енгізу, құс шаруашылық өндірістерінің құрылыс жағдайын, өндіріс жабдықтарын түбегейлі өзгерту және т.б. жұмыстар жүргізу қажет.
Жоғарыдағы келтірілген мәселелерді дұрыс шешу үшін құс шаруашылығында түрлі экологиялық, малдәрігерлік-санитариялық жұмыстарды жақсарту аталынған шараларды дер кезінде өткізу, құс фермаларында тұрақты микроклимат жағдайын туғызу, дұрыс азықтандыру, нысандарды дұрыс жобалау, құрылыс және қайта құру кезіндегі зоогигиеналық талаптарды орындау және де құстардың биологиялық ерекшеліктерін ескеру қажет. Құстардың биологиялық ерекшеліктері олардың:
-күтіп-бағу мен азықтану жағдайына өте сезімталдығы;
-зат алмасу қабілетінің жоғарылығы;
-өсімталдығының жоғарылығы (құстардың негізгі өнімдік қасиеті – олардың жұмыртқалағыштығы);
-тез жетілуі (7-8 апталық балапандардың салмағы 1,6-1,7 кг жетеді);
-ішкі анатомиялық құрылыстарының ерекшеліктері, яғни тістерінің болмауынан түскен азық олардың жемсауында қорытылады;
-ең маңызды ерекшелігі – аналық организмнен тыс дамуы, яғни жұмыртқадан пайда болуы;
-көру қабілеті нашар, ал керісінше есту қабілеті жақсы жетілген;
Құс қораларын жобалау, салыну кезінде осы айтылған ерешеліктерін ескеру қажет.
Ересек құстар мен балапандардың барлық түрлерін қора еденінде бағып-күтеді, оның серуендететін орны болады. Тауықтарды шарбақтардың ішінде бағып-күтеді, балапандарды топтастырылған, емесе жекелеген шарбақта бағып-күтеді. Ересек құстарды және балапандардың барлық түрлерін лагерьде күтеді.
Құстың түріне, жасына және жергілікті жағдайға байланысты бағып-күту тәсілін біріктіре жүргізуге де болады. Ересек құстардың барлық түрлерінің мекиендерін еркін серуен жағдайда бағып-күтеді.
Интенсивтендірілген құс шаруашылығында негізінен ересек құстарды және балапандардың барлық түрлерін қора еденінде бағып-күтеді. Еден жағдайында күтіп-бағу тәсілінің екі түрі бар:
1. Қалың ауыстырылмайтын төсеніште.
2. Жұқа тақтайшадан жасалған еденде немесе торлы еденде. Еден жағдайында күтіп-баққанда құстардың санына қарай арнаулы типті құс қоралары салынады.
Құс қораларының едені тақтайдан салынады (түгелдей тақтайдан немесе жұқа тақтайшадан) немесе асфальтталады, болмаса тор көзді болады. Ересек құстарды торлы немесе жұқа тақтайшалы не еденде ұстағанда олар негізгі еденнен 40-80 см биіктікке орналастырылады. Балапандар қорасына бұл биіктік 20-25 см, тор көздің мөлшері туғанына 20 күн болған тауық балапандары үшін 12 х 12 мм, ал 45 күн толған балапандар үшін 15 х 15 мм.
Құс қораларда жылжымалы тұрақты жем берілетін астаумен су құйылатын науа болады. Бұлардың саны балапандардың азықтану кезінде алатын орын мөлшеріне қарай белгіленеді.
Құс қоралары тұрақты жинап алатын, немесе бөлшектеп алатын етіп құс қонақтайтын ағашпен жабдықталады. Тұрақты құс қонақтайтын ағаштың астынан қорап түрінде немесе терең траншея қазып, саңғырық жинағыш жасалады. Ересек құстар қонақтайтын ағаштың биіктігі еденнен 60-80 см, балапандар үшін 50 см аспауы керек.
Тері паразиттері (қауырсын және мамық жеушілер) жабыспау үшін жәшік түрінде күл-құм ваннасы қолданылады. Оның көлемі ересек құстар үшін 0,7 х 0,2 х 1 м болады, әрі 180-200 құсқа бір ваннадан келеді. Құс қорада құс жұмыртқалайтын ұялар салу көзделіп, олар 10-12 тауыққа бір ұядан есептеліп салынады. Тауықтар ұяны еденнен 0,5-0,7 м биіктікте салынады. Бұл ұялар гигиена ережесіне сай таза ұсталынуы қажет.
Қазіргі уақытта өнеркәсіп құс қораға арнап жасалған механикалан-дырылған жабдықтардың (Ресейлік немесе шетелдік) комплектісі бар. Бұл комплектіде жемді шөпті таратыпберетін құрал. Науалы суат, түбі көтермелі ұя және механизм күшімен жұмыртқа жинағыш аспап, құс қонақтайтын сырғауылдар, ұяларды және құс өтетін жолдары ашып жабатын механикалан-дырылған қондырғылар, құс саңғырығын жинайтын механизмдер, өндірістік процестерді автоматты жолмен басқаратын станция бар. Құс қораларға жабдықтарды орналастыру жобасы қора құрылысының конструкциясына байланысты болып, құстарды еден жағдайына қолайлы орналастыру тығыздығы белгіленген. Етті бағыттағы ересек тауықтарды 1 м2-қа 4-5; ал балапанын 18 бастан орналастырады.
Құстардың денсаулығы мен өнімділігі көп жағдайда төсеніштің құрамы мен экологиялық жағдайына байланысты. Төсеніш ретінде ағаш үгінділері, майдаланбаған сабан, тағы басқа материалдар пайдаланылады.
Төсеніш қора ішінде экологиялық-гигиеналық жағдайды жақсартады, құстың астынан сыз өткізбей, тері ауруынан және жарақаттандырудан сақтандырады. Төсеніш ылғалды, зиянды газдарды бойына тартып алып, құс қауырсынын ластамайды, жұмсақ болады. Төсеніш материалдары зоогигиеналық жағдайларға сай, құрғақ, шаңсыз, ластанбаған құрамында түрлі улы өсімдіктер болмай және түрлі микробиологиялық процестерге ыңғайлы болып, соңынан тыңайтқыш ретінде пайдалануға жарамды болуы қажет.
Қора ішіндегі ауаның ылғалдылығы мен температура көрсеткіштері тікелей төсеніш жағдайына байланысты. Мысалы: дымқыл, көгерген төсеніштер құстардың аспергиллез, түрлі тыныс жолдары ауруларына себепкер болып, гельминт жұмыртқалары мен балапан құрттардың өсуіне қолайлы.
Төсеніш ылғалдылығын қалыпты жағдайда сақтау үшін қораның микроклимат көрсеткіштерін бірқалыпты ұстау қажет. Қалың төсеніштерді құстардың кезекті тобымен ауыстырып, оларды құс қоймаларында биотермиялық өңдеуден өткізеді. Құстарды еден жағдайында күтіп-бағу әдістері негізінен ыстық және ылғалды аймақтарда пайдаланылады.