Ізгіліктік қағидасы кез келген тұлғаның жеке ерекшеліктеріне қарамастан, құндылықтар жүйесін қалыптастыруды, педагог пен оқушы арасындағы ізгіліктік қарым-қатынас орнатуды, мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға білім алуға мүмкіндік беруді, оңтайлы жағдай жасауды қамтиды.
Ізгіліктік адамның қадір-қасиетін, еркіндігін, бақытқа құштарлығы мен талпынысын, адамның құқы мен жауапкершілігін, арын, намысын, мейірбандығы мен қайсарлығын, адамның жасампаздығын ұлықтайды.
Ізгіліктік қағидасының жүзеге асуы жалпы адами құндылықтардың көрінісін білдіреді. Олардың көріну ерекшеліктері белгілі бір елдің мәдени-тарихи даму ерекшелігіне, діни дәстүріне, өркениет түріне тәуелді. Ізгіліктік қағидасы үшін адами тұлға - ең жоғарғы құндылық. Адамның мүдделері, құқықтары, еркіндігі дәріптеледі. Сондай-ақ барлық адамдар тең және әртүрлі ұстанымын қолдайды [71].
Инклюзивті оқыту ізгіліктікке негізделе отырып, тұлғалардың түрлі мұқтаждарына бейімделген қолжетімділікті білдіреді. Білім беру ортасы білім беру процесінің белгілі бір кезеңінде тұлғаның нақты даму қажеттіліктерін қамтамасыз етуі қажет. Білім беруді инклюзивті оқытуға айналдыру әрбір білімгердің білім алу әлеуетін ескере отырып, әлеуметтік әділеттілікті талап етеді.
Инклюзивтік оқытудың негізінде барлық тұлғалардың тең қарым- қатынасын қамтамасыз ететін, ерекше білім беру қажеттілігі бар адамдарға ерекше жағдай жасайтын, оларды қандай да бір кемсітуге жол бермейтін идеология жатыр.
Инклюзивті оқыту ізгіліктік ұстанымдарды басшылыққа алады:
-адамның құндылығы оның қабілеттері мен жетістіктеріне байланысты емес, әр адам бірегей;
-әрбір адам сезінуге және ойлауға қабілетті;
-әрбір адам қарым-қатынас жасауға және оны өзгелердің тыңдауына құқылы;
-барлық адам бір-біріне мұқтаж, барлық адам құрдастары мен тәлімгерлерінің қолдауына және достығын зәру;
-білім алушылардың жетістігі олардың қолынан не келетіндігінде;
-түрлі құбылыстар адам өмірінің барлық жақтарын күшейтеді
Әлеуметтік бейімделу қағидасы мүмкіндіктері шектеулі тұлғалар бейімделетін білім беру ортасын құруды, әлеуметтендіру, мүмкіндіктері шектеулі білім алушылардың отбасымен серіктестікте болу, медициналық, әлеуметтік және психологиялық қызмет өкілдерінің жұмысын, білім беру мекемелерінің жұмысын үйлестіре білуді қарастырады.
Қазақстан Республикасының инклюзивік оқытудағы мемлекеттік саясаты әлеуметтік бейімделу қағидасына сүйенеді:
мүгедектіктің алдын алу;
әлеуметтік қорғау, соның ішінде мүгедектерді оңалту;
мүгедектерді қоғамға кіріктіру.
Мүмкіндігі шектеулі тұлғалар өмір сүруге, қоғам өміріне белсенді араласуға, физикалық, ақыл-ой қабілеттерін дамытуға, сапалы білім алуға, қызмет түрі мен ұнаған мамандығын таңдауға, мемлекеттің қоғамдық өміріне қатысуға құқылы. Өйткені инклюзивтік білім беру жағдайында кедергілерді жою, әлеуметтік қажеттіліктерін арнайы қолдау, әлеуметтендіру және әлеуметтік қорғауға бағытталған мемлекеттік саясаттың басымдығына айналды. Әлеуметтену өмірге қажетті білімді, дағдыларды игеру процесі және нәтижесі, мінез-құлық пен қарым- қатынастың әлеуметтік нормаларын игеру және көбейту, бейімделу, адамның әлеуметтік шындыққа бейімделуі [72].
Достарыңызбен бөлісу: |