***
«АҚСУ – ЖЕР ЖАННАТЫ» РОМАНЫНДАҒЫ СУРЕТКЕР ШЕБЕРЛІГІ
Қазақтың көрнекті қаламгерінің бірі – Қалихан Ысқақовтың «Ақсу – жер жаннаты» романы қазақ әдебиетіндегі өзіндік орны бар айтулы туынды. Осынау көркем шығармада өмірді көріп-білген, айтары мол қаламгердің бүгінгі өмір шындығын еліміздегі Алтай топырағы, онда тірлік жасап, ғұмыр кешкен саналуан адамдар тағдырлары арқылы көркем бейнелеген. Сөз қадірі мен оның киесін жете түсініп, күрделі роман жанрында шебер суреттеген. Кемел ойлар тізбегімен әсем өрнектеген. Автордың дүниетанымы, көзқарасы осынау шығармада кейіпкерлер арқылы табиғи әрі кесек те ұтымды сөз өнерімен айшықталған.
Роман екі бөлімнен тұрады. Әр бөлім, ондағы оқиғалар үдерісі, қат-қабат психологиялық иірімдер, сондай-ақ суреттелген жағдаяттар көлемі бір роман жүгін көтереді деуге лайық және осынау күрделі жанр заңдылығын ойдағыдай жүзеге асырған да. Әдебиет теориясы тілімен сөйлесек, «Ақсу – жер жаннаты» туындысы роман-дилогия дегенге толық сай келеді. Кітаптың баспа қарпімен өте кішкентай шрифтермен терілуінің өзінде көркем туындының ауқымы 33 баспа табақты немесе 524 бетті құраған.
Астанадан Алтайға келіп, ұшатын ұшаққа міне алмай, сол өңірде бір апта еріксіз қалған Бекет осынау топырақтың адамдарымен қоян-қолтық танысуына мүмкіндік алады. Романның бастапқы оқиғасы осылайша өрбиді. Наурыз айы келіп, Алтайдың жылымық ауасы төңіректі енді-енді ғана жібітіп жатқан шақ. Адамдардың күн шуағына жылынған болмыс-бітімі де жайдары қалыпты аңғартпайды. Қатқыл қыс табиғаты олардың бойынан әлі де арылып үлгермеген. Тірі жүргеніне кейіп, әрі оны өзгелерге салық еткендей: «Қара жерді күте-күте төсектен де жерідім» деген кесір шалдың сөздері ірі, ой-пікірді кесек турайтындығымен айшықталады. Ұсақ-түйекке жаны қас болуымен де өзгеше.
Кесір шал болғанмен де, ол халықтың салт-дәстүрін, жөн-жобасын жақсы біледі. Бірақ қыңыр тартатын мінезіне салатын әдеті оны тұлғалық дәрежеге биіктеткен. Бекеттің осынау шалдан жасы қаншаға келгенін білмекші болған сұрағына берген жауабы да халқымыздың басынан кешкен шындықты әйгілеп те тұрғандай. «Қазақтың қай жасы шын, қай жасы өтірік, оны ит біліп пе, селсебет жүздің жетісіне жеткізіп сап отыр ғой», деген қыжыртпа сөзі сөзіміздің айғағы.
Қыңыр шал не айтса да зілі жоқ қоңыр үнімен көңілге қаяу түсірмей жеткізеді. Сөзінен, сөйлеу мәнерінен, сөйлей білу өрнегінен жақтырмау, кектену секілді мінез түрлерін аңғармайсыз. Үйге етігімен кіріп, еден үстін былғаған және қолы май сасыған тракторшыға арнап сөйлеген сөздері де түсінген жанды жер айырылса, жердің астына кіргізіп тастайтындай түйсіледі. Қыңыр шал әрбір құбылысты, іс-әрекетті, иірім психологиясын мақтамен бауыздағандай әсерде қалдырады. Мәселен: «Бір шөмеле шөп ерте келген екенсің, рахмет! – деп етігіңмен еденді қорладың дегенді айтып салды. – Мына батырға майлық берші, ептеп байлығын жеңілдетіп алсын.» Мінеки, кесір шалдың бітім-болмысы, кескін-келбеті. Шал бейнесі осылайша типтік дәрежеге жеткен.
Қыңырлау болса да, әр сөзді қалт жібермейтін, сөзінің астарында еш зілі жоқ Жанжігіт шалдың үйіне кірген еңгезердей сары әйелдің сөзі де ерекше. Өзгеше. Қыстың қатал кезінде үйде малға қажетті шөп пен жылытуға арналған отынның кемшін болып жатқан сәтінде күйеуін осы шалға жіберіп, соңынан өзі еріп келген әйелдің сөзінен қазақы өмір-тіршіліктің суреті мен психологиясын еркін сезінесіз.
Қарға тамырлы қазақтың қалжың тізгінін босата сөйлеген сөздері, жезде мен балдыз, нағашы мен жиен және ағайынның аяқ астынан бірін-бірі тауып алып, өз ниеті мен пейілі үшін сөйлесе кететін әзіл-оспақтары сол сәттегі эпизодта да анық байқалады. Шал ерлі-зайыптының, тіпті, балаларының алды шалғы ұстауға жарап қалғанын, бірақ жаз бойы шырпы басын сындырмай жүргендерін сары еңгезердей келіннің бетіне салық етіп айтады. Бірақ сары келіннің өз уәжі бар. Өзің тоқ болған соң айта бересің, мен жиеніңнің баласын табудан қолым босамайды. Балағым да тозып бітті деп, халатының өңірін тартқылап, ет-септі қарнының бос еместігін меңзейді. Екеуара сөз қарпысу, диалог сөздер құр баяндау поэтикасы емес. Нақты суреттеу. Көркем де ойлы сезімге бөленген ішкі иірімдерді үйлесімді түрде көз алдыңа әкеледі. Роман авторының оқырманды суреттеген оқиғаға терең үйірететіні де дәл осында деп білеміз. Қасқа сиырдың қамы деп, нағашысынан бір қол шана шөп дәметіп келіп, бір қыстан өтетін шөп алып кетуді ойлаған сұраншақ келін бейнесі шынайылығымен, табиғилығымен айрықшаланады.
Жазушы Қалихан Ысқақовтың «Ақсу – жер жаннаты» романындағы кейіпкерлердің түр-келбеті, бейнесі, атаулары да ылғи ерекше. Тың әрі соны естіледі. Мысалы, күбі қарын буаз қайнаға, шораяқ қайнаға, қисық бас қайнаға және тағы тағылары. Ауыл әйелдерінің ат қойғыш қасиеттеріне, шыны керек, таң қаласыз. Ал автор осынау менталитетті дөп басып, оны прозаның көркемдік биік деңгейіне поэтикалық тілмен қаламгерлік мәнерде әсем өрнектеген.
Жазушы ауыл өмірін суреттей отырып, ұлттық болмыстың елдік пен бірліктің ұйтқысы екендігін алға тартады. Кеңестік заманды мүлдем қаралауға, күйе жағуға болмайды. Бұл дұрыс емес те. Әйтсе де, ұлттық кескін-келбеттен ойысқан, азғындыққа апарар жәйттерді де автор өз кейіпкерлерінің бейнелері арқылы айна-қатесіз көрсеткен. «Иесі төрт аяқтап кеткен соң, төрт аяқты хайуаннан не қайыр?!» «Елдің түрі осы, еркегінің түрі әлгі, малының түрі мынау! Қатын арақ ішетін болды, бала сүндеттен қалды, сиыр пұл болады деп еді, оның бұтына жүгінетін ұрғашы қалмаған соң, бүгіннің сиыры да өгіз боп кеткен!» деген Жанжігіт шалдың сөзінен адам қоғамы экологиясының да тоза бастаған шақтары менмұндалайды.
Түстіктің жылы жағында дүниеге келген Бекет Алтай өңірінде жеті жыл еңбек етеді. Отыз жасына дейін ел қайда, туған жер қанеки деп білмеген ол өзінің атамекенін, әкесінің жұртын іздеп көрмепті. Есіне де алмапты. Біреуден сұрамапты да. Астанада үлкен қызмет жасайтын әкесі де жеті жыл бойы түзде қаңғырып жүрген баласына тіс жарып, бірдеңе демепті.
Романда ұлттың ұяты саналар саналуан мәселелер жеткілікті. Және де солардың бірі қазақы тірліктегі әйелдердің отбасындағы рөлі мен маңызы да Жанжігіт шалдың толғанысы арқылы көкейкесті мәселеге айналған. Әйтпесе, күресін басынан көрші келін-кепшіктің жүріс-тұрысына баға беруі қиқар шалдың негізгі міндеті емес. Ауыл үйлерінің тірлігіне биіктен қарағысы келетін көненің көзі, Жанжігіт шалдың ойлары оғаш емес. Оңтайлы. Орынды.
Ел ішіндегі рухани кедейлік, ошақ басының тексіздігі мен кіршең қалпы, әрине, қыжылы көп болса да, зілі жоқ сөзімен әдіптейтін қарттың қарсылығын туғызады. Қайынатасының алдынан қасқайып өтіп бара жатқан екі келін, олардың от иесін, үй басшысын билеп-төстеуі, желін ұстап, қаймақ қалқып көрмеуі, есіктен кіре етігін лақтырып, ертеңгісін шұлғауын ерінен сұрауы, мінеки, бұндай көріністер тектіліктің кереғар көріністері. Ошақтың қасиеті емес, қасіреті болған келіндерге өз ой-толғақтарымен сес танытқан, реніш-назы аралас өкпесі де болар. Жанжігіт қарияның сөздері Бекетке де ой салады. Елім, жұртым бар екен-ау деп сонда ғана ой түйеді.
Әзіл екені де белгісіз, ұрысқа да бергісіз бастық Қылаңхан мен жиен келіннің отбасындағы сөз егесі өзге жанды секемдендіреді. «Тігерге тұяқ қалдырмай қырып салды» деп, әкесі берген жеті байтал жеті үйір болғанда, бірде-біреуіне тісі, ал балаларының саусағы тиіп көрмеген жылқыларының тәркілеу жылдарындағы шыңғырған дауыстары әлі құлағымда сақталып тұр деген ғасырдан асық жасаған Жанжігіт қарияның жан айқайы, реквимі. Өткен ғасырда жанғырыққан үніндей сезіледі. Тарихтан хабардар әрбір оқырман үшін бұл, әрине, еліміз өмірінде орын алған қасіретті нәубеттер.
Романда адам тағдырына байланысты бірқатар ой салыстырулар сонылығымен айрықшаланады, әрі оқырман ретінде көңілге дөп тиеді. Сонылығымен санада сақталады. Мәселен, мына бір үзіндіге назар аударалық. «Алтай тәкаппарлығы адамына қонбапты. Мүмкін, адамының мешелдігі тауының биіктігінен шығар?.. Биіктің қашанда аласаның пысын басып, меселін мес қылып тастайтын құдіреті бар емес пе?.. Осынау ой үзігін сөз өрнегінің ой иірімдерімен ерекше қауышуы дер едік біз.
Романда көрнекті қаламгерлер Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшімханов, Асқар Алтай, Дидахмет Әшімханов және автордың өзі мекен еткен Қатонқарағай атауына байланысты ойлау жүйесі де кездеседі. Мәселен, «Бұл өңірдің өзінен бастап жер аты, мекен аты түгелімен «қатын»: Қарағайлы Қатын, Өрдегі Қатын, Ойдағы Қатын – бүкіл дүниені жиып-теріп қатынға беріпті де, әке сорлыны өлі-тірісін қосақтап, сыпыра сабап жатса да обал болды-ау дейтұғын пәтуалы ауызды Бекет көрмеген шығар, оның есесіне анаға тіл тигізген тірі пендені ел естіген емес.» Осынау ана атаулысына деген сөз киесіндегі тектілік те өр Алтайдың айбынын асқақта түскендей аңғарылады. Әйтпесе, анаға қатысы кейбір өрескел, сөлекет сөздерді еліміздің кей-кей өңірлерінде естіп те, байқап та жүрміз. Ренжитініміз де, оны елеп-ескермейтініміз де, бұған етіміздің өліп кеткені де рас. Жасырын еместігі де мәлім.
Бағзы заманнан бері бұғы өсіретін Алтай өңірінің алтайы мен қазағы, қалмағы мен кержағы араласып тұрған. Бірақ өзара аралас-құраласы кем болған. Көршісінің амандығын көктемде ғана сұрайтын, бірақ момын деген өлшемге сыймайтын, ынжық деуге сай келмейтін ел-жұрттың ауа райы, қабағына қарап тіршілік жасауы, табиғат-анамен еншілес екендігінен хабар береді.
Қылаңхан – Жанжігіт қарияның төрт ұлының бірі. Ұшқыш. Соғыс кезінде төрт ұлы бірдей майданға аттаныпты. Сонда қария: «Төртеуіңнің түгел қайтып келеріне көзім жетпейді, тек сенің оққағарың самолөт болады, – деп еді, – құрығанда біреуің жердің жанжалынан биік бол!» – деп батасын беріпті. Шалдың айтқанындай Қылаңхан елге аман-сау оралады. Жанжігіт шалдың ойлау үрдісінің ерекше екендігі осы сөйлемде де байқалады. «Жердің жанжалынан биік бол!» деуі, жер бетіндегі шайқас, ірілі-ұсақты жанжал, уақ-түйек егестерден аулақ бол дегендей ұғынылады. Қылаңханның мінез-құлқы автор баяндағандай, көкте ұшқандықтан, биіктен бүкіл дүниенің қалтарыстары мен жамау-жыртығын түгел көргендіктен, кішіпейіл әрі көнбіс. Алайда, бұны сырт көз қалай бағамдасын?
Мұртында күлкісі, ала көзінде мұң бар секілді Қылаңханның бейнесі жалғыз бетке екі түрлі сезімнің бір сәтте қона кеткенін Бекет арқылы қалайша шебер бере білген десеңізші. «Ғашық болу пенде шіркінге екі қайтып келмейтін ұлы сезім еді. Оны да шалаптай шайқап бітірдік!» деген сөзі де Қылаңханның өмір көргендігінің нәтижесі.
Романда жазушының тіл шеберлігі аса ерекше. Кейіпкерлердің бірін-бірі таныстыруы да айрықша. Мәселен, бір көзі қитарлау, қасы қара, кірпігі жирен сепкіл бет Ситанды Бекетте таныстырғанда, Асхат орманшы былай дейді: «Тұрқы қораш, тұрпаты стандартқа жатпайды демесең, бұл енді осы өңірге бітпеген мырза жігіт.» Мұнда жылы юмор да, сөзді орынды қолдану да бар.
Күні кешегі соғыста жастық шағын құрбан еткен екі кемпірдің болмыс-бітімдері де бойға жылылық ұялатады. Оқып көрелік: «Қос кемпірді кемпір десе де, келіншек десе де болғандай екен: жүздеріндегі қыз кезінен ұйып қалған жасқаншақтық пен жылы нұр, тоза қоймаған әйелдің бұла бітімі бойда кеткен жастықтың жұрнағымын деп тұр да самайдың ағы, алқымның торы, ерінді жүйектей кертіп-кертіп түскен кейісті әжім сол жастыққа зорлап кигізген кәріліктің маскасы тәрізді. Екеуінің ажарынан да кешегі өткен соғыстың жеңгелер жүзінде қап кеткен портретін Бекет жазбай танып еді. «Соғыста өз боздақтарынан жастай айырылған келіншектер галереясынан орын алған кейіпкерлер бейнесі оқырман сезімін толқытады.
Романда кейіпкерлердің сөйлеу тілінің саналуан екендігіне куә боласыз. Мәселен, орманшы Асхат, яғни Асекең атанған бейненің бір ерекшелігі сөзін қыжыртып айтатыны. Біреуді мүжіп жеп тұқыртқанда жілік майына дейін ақтап, қан тастататын, кеспей бауызданың нақ өзі. Мақтағанының өзі даттауға бергісіз. Тамып кетсе түскен жерін ойып түсетін усойқы дерсіз. Ол қыртып сөйлейді. Авторлық поэтикалық баяндау тәсілімен берілген осынау көркемсөз өнері, қаламгерлік шеберлік арқылы оқырман осылайша ұғынады.
Сіз неге қырғызша сөйлеуге құмарсыз деген Бекеттің сұрағына біршама қырғыз достарының болғанын, оларды көрмегеніне он бес жыл өткенін, сол тілде сөйлесе ашуы басылатынын айтады. Екі жыл Меккеде болдым дейді. Меккесі – браконьерлікпен жасаған қылмысы үшін түрмеде болған жылдары екен. Мінеки, оның қыртпа, қыртып сөйлейтін әдетінің бір түрі осы. Асекеңнің, яғни Асхаттың өз жауы бар. Қас дұшпаны Қотанағаштың арғы бетіндегі орманшы Әжібек кәззап. Бергі беттегі ата жауы қолды-аяққа тұрмай жылмаңдайтын Тынымқұл. Қисық мұрын, бір иығын үнемі алдына салып жүретін Асхат пен Ситан орманшының қарым-қатынасы да өзара сөз жарысы, сөз таласына құрылған секілді. Қайсысы иланып, қайсысы қиналып, сөйлегендері белгісіз.
Бірі ақымақтан қарызға ақыл сұрағандай, бірі өз ақылына ақымақтың арсыздығын айырбастағандай итжығыс сөз сайысы. Әрине, айтылған сөз құрғақ яки қызыл сөз емес. Өмірге, тіршілікке мейілінше суарылған, қаныққан пәни дүниенің күйбеңге тола тағдырының талайлы сөздері. Екеуі бірін-бірі ұтып, яки ұтылып жатқан сыңайда емес. Өмір ағысы секілді бірін-бірі толықтырып, бірінсіз бірі күн көре алмайтын сияқты жанды бейнелер.
Көрнекті жазушы Қалихан Ысқақовтың «Ақсу – жер жаннаты» романында әр түрлі мінез иелері өздерінің іс-әрекеттері арқылы өз тағдырларын айқын аңғартады. Романды оқи отырып, Өр Алтайдың қалың ағашы мен әр қилы аңдарынан басқа да өз қуанышы мен уайымы жеткілікті екендігіне көз жеткізесіз. Ну орманы мен ондағы жануарлар әлеміне қамқор көздің қажет екеніне наным-сеніміңіз бірте-бірте арта түседі.
Автордың Өр Алтай өңіріндегі совхоздың жүзден астам түтінінің қорасынан ендігіде ертелеп мал емес, ит өріп шығатынын, мал бағуды ұмыта бастаған құнтсыз елдің тірлігін сол кезеңдегі замана шындығы ретінде көркем суреттеген. Ауыл тұрғындары да ендігіде қала жұрты сияқты айына бір алатын жалақының бетіне қарап отырады дейді қаламгер өз кейіпкерлері арқылы. Әрі кеткенде жалғыз сиырдың желінінен басқа дым ұстап көрмеген, тандыр жауып, пәтір нан жабудың орнына дүкеннің көкаяз нанына құлқын сәріден жүгіретін тұрғындар өмірін бір сәт көз алдымызда елестетеді.
Осынау көріністі одан әрі жалғай түсуге болады. Қажет болса айтуға жеткілікті-ақ. Мәселен, сол совхоздағы жүзден астам сауын биесі қысы- жазы ноқта көрмей тайганың тағысы атанған. Бұрын асау аттар қауғадан үркетін, енді адам үркетін болды, қазір жұртта қымыз жоққа тән, айранға ұйытқы жоқ деу кәдімгі жағдаятқа айналды делінеді романдағы оқиғаларды баяндау үдерісінде.
Романда бір эпизод бар. Ескі «Белорусь» тракторы айдалада жатқан цистернадан солярканы керегінше құйып алды. Тіпті, артық солярка жерге төгіліп қалады. Не деген молшылық. Әрине, мұндай ысырапсыздықтың орын алғандығы шындық. Кеңестік жүйенің ыдырауға бет алған шағы. Сонымен бірге жер-жерде үйме-жүйме шашылған техника үйінділері. Бұлар сол кездегі кеңестік шаруашылықтың мүліктері. Ұқыптылық байқалмайды. Осынау сәтте совхоздың бас инженері Сан Саныч пен орманшы Асхат арасындағы сөздерге назар аударалық.
« – Асеке, жол болсын!
– Жолым болса өстіп отырам ба?! Қалай, шашылып қалмай жүріп жатырсың ба, әйтеуір?
– Е, шашыламыз да бір күні. Шашылып қалатын шығармыз!»
Осынау диалог сөз күні кешегі жоспарға негізделген делінген кеңестік жүйенің жүгені басынан сыпырыла бастаған сәтін дәлме-дәл беріп тұрғандай. Оқиға да, адамдар психологиясы да сол уақыттың шындығынан проза жанры тұрғысында айна-қатесіз сыр шашқандай аңғарылады.
Жазушы Қалихан Ысқақов қазақ әдебиетінде өз орнын ойып алған шебер қаламгер, айтулы жазушы. Өр Алтайдың табиғаты қаншалықты ну әрі қалың болса, суреткер әрі автор адам әлемінің саналуан иірімдерін, терең қабаттарын көркем сөзбен әсем де айшықты өрнектеуге ынта-ықылас танытқан. Сөз құдіретін жете түсінген, сөз иірімдерін сөз зергеріне тән аса зор талғампаздықпен пайдаланған көрнекті жазушы өзі туып-өскен өңірге сөз өнері киесінің қасиеттері дарыған биік те еңселі ескерткіш орнатты. Осынау рухы асқақ көркем туынды ұлан-байтақ еліміздің игілігіне жемісті қызмет жасай бермек.
Ақсу – Алтай өңіріндегі орман шаруашылығы. Ол 1932 жылы ұйымдастырылыпты. Өткен ғасырдың 50-жылдарына дейін Алтай өлкесіне қараған. Қазақстанға қайтарып бергеніне де 15 жыл өтіпті. 1947 жылы Ақсу орман шаруашылығына түпкілікті өткен кезде елді мекендердің маңы мен тау беткейіндегі орман тып-типыл етіп кесілген-ді. Осы өңірдегі қазақ ауылының тілі тарғыл, діні шұбар ала бола бастағаны да шындық еді. Жазушы осынау бір шындықты мына бір диалог арқылы нақты көрсеткен де.
« – Әгүршік дегеніміз огурец! – деді қызылкөз.
– Бадран мен қиярдың туысқаны болды ғой.
– Болса болат та, – деді. – Біз өзі туысқанды тани бермейтін кісікиіктеу жұрт едік, бәдрен мен қиярдың қай ру екенін кім біліпті...»
Рас, ұлан-байтақ елде бір ғана қияр атаулысының оңтүстікте бәдірен, ал шығыста әгүршік деп аталатыны қалыпты жағдай. Мұндай мысалдарды көптеп кездестіруге болады. Жазушы осынау бір сөздің диалектілік яки говорлық мән-мағынасын көркем тілмен, өрнекті сөзбен шебер әдіптеген.
Сондай-ақ, Ақсу өңіріндегі роман кейіпкерлерінің бәрі дерлік астарлап, кекетіп, қисықтау және қиқар тілмен қыжыртып сөйлеуге шебер екендіктерін әр эпизод сайын айқын пайымдай аласыз. Бірақ кейіпкерлер сөзінде зіл жоқ. Ақ, адал ниет, шынайы пейіл менмұндалайды. Жасырын, астыртын іс-әрекет ету, бұғып қалу, іштен шалу әдеттерінен мүлдем ада. Ой тазалығы, көңіл мен ниет мөлдірлігі іс-әрекеттерден, мінез иелерінен айқын сезіледі. Кейіпкерлерінің әрбірі өр Алтай секілді асқақ. Айбарлы. Тәкаппар. Заңғар көкке атылған орман қарағайлары сияқты әр-әр кейіпкер өршіл мінез иелері. Әр сөзді, нақты қимылды, ірілі-ұсақты мінездерді көркемдеп, әспеттеп, астарлап, меңзеп айтуға құмбыл. Не еткен ерекше кейіпкерлер әлемі дерсіз. Тіпті, темекі тұтатпаған жігіттер жоққа тән екендігін пайымдату үшін дәл әрі тура мағынада айтпайды. Қырыққа жеткенше үйленбеген қисық мұрын Асекеңше, яғни Асхатша айтқанда «Езуіне от жақпайтын албастылар» бұл жерде, яғни ағаш аралау мекенінде кемде-кем дейді.
Романда тіршілік қамымен өз күндерін бағумен күнелткен әйелдердің психологиясы да олардың ішкі әлемін білмейтін Бекетке де оңайға соқпайды. Жесір келіншектердің уайымы бар-ау, сол уайымға мен де ортақпын-ау демеген көңілі тоқ, жүгі салт басшы Бекет алғаш рет орман шаруашылығының, онда тыныс-тіршілік ететін адамдармен жұмыс жасаудың оңай еместігін түсінеді.
Романда адамға қамқорлық жасау, адам капиталын бағалау және қызметте тұрақтандыру мәселесіне қаламгер айрықша назар аударады. «Қызылтанау болып Алтайдың ағашын қоримыз, адамын кім қориды?.. Елді асырамаса, кез келген шаруашылықтың кімге қажеті бар? Біздің кімге қажетіміз бар?.. Демек, оларды да тұрақтандыру керек. Ол үшін қосалқы шаруашылықты мықтап қолға аласың.» Мінеки, осынау көркем де публицистикалық мәнермен жазылған үзіндіде автордың көркемдік дүниетанымы мен қаламгерлік көзқарасын айқын аңғара аласыз.
Өр Алтай өңірінде адам қолымен жасалынған экологиялық апат нәтижесінде, тегіс жерде және тау бөктерлей өскен орман алқабы тоза бастағандығы да оқырман қаперіне салынады. «Шынжырлы табан тау бөктерін бір жүріп өтсе, жүз жылдық топырағын сылып түседі... Өзің білесің, жер тусырап, шым қалыңдап кеткен соң, дән топыраққа жетпейді. Оның үстіне, тайганың дән шашатын аңы мен құсы да азайып барады, жөні түзу тұқым беретін орман да қалған жоқ. Ендігі бар үміт тек қана көшет.» Табиғат пен адам қоғамы арасындағы үйлесімділік жойыла бастаса, екі тарапқа да оңай болмайтындығын жазушы сөз өнері арқылы романда шебер өрнектеген.
Ақсудың атауы да суреткер қаламы арқылы «Ақсудың жалы ақжал болғанмен, тереңі тұңғиық екен, Ақсу деп неге атағанын кім білсін?..» деп, біршама танымдық тұрғыда сипаттама берілген аталмыш романда.
Романдағы кейіпкерлер бейнесі саналуан. Зілсіз айтылатын, сөздері өткір, ірі сөйлейтіндер қатары өте көп. Қыршаңқы тілді Бескемпір мен Жақыптың сөздері сен тоқта, мен атайынның нақ өзі. Бескемпірді қыршаңқы сөзімен қағытқан Әбдіжапардың сөзі де өзге кеіпкерлерден бір елі қалмайды. «Бес кемпірдің тақымынан өткізсе де, бесіктегі баладай есің жоқ-ау» деп тұқыртқанына ол да есесін жібермей сөз қайтарады. Сөзінің өзі поэзияға бергісіз өлең тармақтары. Бірін-бірі көтермелеп, сөзбен шарпысқан бір кезде «Көрбике» деп аталған, ендігіде «Зеренді» деп аталатын орман шаруашылығы тұрғындарының өмір тіршіліктері ірі мегаполистерден жырақ жатса да, ешбір зеріктірмес хал-ахуалды аңдатады. «Асырауың келіссе алты алашты аузыңа қарататын жансың ғой!» деп, қайран жырауым, дегізеді.
Романда жылқылы ауылдың түтінін көргенде Бескемпір сол тұстағы шалдың үйіне соға кетуді ұсынады. Бескемпірді сөзден жеңе алмайтынын Жақып бригадир жақсы ұғынса да, сен үшін қазан көтеріліп жатқан шығар деп сөзден іледі. Қысырдың қымызынан дәметкенін Бескемпір сөзге тиек етеді. Ол үшін аузыңды алдымен шайғаның жөн дейді Жақып. Бескемпір де сөзден тосылмайды: «Шіріген ауыз болмаса, дуалы ауызға індет жоламайды» дейді.
Осынау соншалықты уәжді болса да, қыршаңқы сөздерді қаншама зілсіз десек те, төл халқымыздың құнарлы сөздерінің ой легі сезімге, ішкі діл мен сыртқы болмыс-бітімге қаншалықты толық әрі үйлесім таба үндесе қабысатынын айтпасқа еш лаж қалмайды.
Адам көңілінің де тым нәзік болатын сәттерді романда шебер суреттелген. Алматыда қалың елдің ортасында болып, ну орман ішінде тыныс-тіршілік жасап жүрген Бескемпірдің аяқ астынан қиыстыратын бір шумақ әзіл-оспақ өлеңін сағынған ол әп-сәтте-ақ көңілі ортайып шыға келеді. «Көңіл шіркін көріскенше ғана болу керек, жүздескен соң дос-жаран түгілі, жақынға деген тәтті сезімнің өзі де кермектеп, көңіл ортайып, көкіректі күпті қылатын көп сыр арзандап кететін тәрізді.» Мінеки, Бекет ендігіде өз бойынан осындай хал-ахуалды байқайды. Біраз жыл дәмдес болған дос-жаранының бір ауыз қалжыңын көтере алмай, томсырайған сәтіндегі Бекеттің ой-пікірі осыған саяды.
Өмірдің қиындықтарын, түйткілді мәселелерін көркем сөзбен, зілсіз әзіл-оспақтарымен, тапқыр сөздерімен жеңілдеткен көрнекті жазушы Қалихан Ысқақовтың «Ақсу – жер жаннаты» романындағы өр Алтай төрін мекендеген кейіпкерлері адалдығымен, аңғалдығымен, өр де қайсар, қажырлы мінездерімен, іс-әрекеттерімен есте қалады. Олардың бір-біріне айтқан қыршаңқы сөздерінде теріс ниет байқалмайды. Қажытпайды. Қайрай түскендей сезіледі. Тіршіліктің тауқыметіне жасыма, қиындығына күйреме дегендей, болбыр мінездің иін қандырып илегендей қасиетті шынайы түйсінеміз. Адам баласының еңсесін тіктей түсетін, түскен қабақты көтеретін қажет-ақ көркемдік-психологиялық сипаттар дегіңіз келеді бұны.
Роман кейіпкерлерінің өзара тіл қатысып сөйлегендері, қалжыңы, әзіл-оспағы тым терең. Тым иірімді. Сан қатпарлы. Бірақ одан пәлсапа іздеудің, астарына үңілудің қажеті жоқ. Кейіпкерлер әлемі ерекше. Өзгеше. Бүтін бір әлем. Мәселен, үйсіз-күйсіз үйленбей жүрген Мешел үйленер ме екенмін деп, Леся есімді жеңешесінен бал ашып беруін өтінеді. Леся келіншек сол да уайым болып па, не көп, қыз көп қой дейді. Қызды алу үшін шығынның мол жұмсалатынын алға тартып, өзіне үйі-күйі бар жесір әйелдің жетіп-артылатынын және бойдақ салығынан құтқаратын баласы болса, тіпті жақсы екендігін айтқан Мешелдің болмыс-бітімінен осы орайда қалжыңның ізін таба алмайсыз. Осынау ой-пікірді ол байыппен аңғартады. Мінеки, кейіпкердің дара бейнесі. Айрықша психологиясы. Кейіпкер сонылығымен, тұлғалығымен пайымдалады. Келісе кету яки қарсылық таныту немесе бейжайлық таныту жазушы шығармасындығы кейіпкерлерге мүлдем жат. Олар айтарын айтып, жайып салады. Бүгежектемейді. Бейімделмейді. Беріктігін байқатады. Бұлғақ мінез көрсетпейді.
Содан соң Леся келіншек пен Мешелдің сөздері одан әрі өрбиді.
« – Аш болмайсың, аузың астан босамайды! – деді.
– Маған керегі де осы!
– Ғұмыр-бақи қойның құр өтеді! – деді.
– Оған да ризамын, бұл күнде артық ауыз да азап! – деді.
– Басыңда панаң, бауырыңда бала болмайды! – деді.
– Уақасы жоқ, бала белде, баспана деген түк емес, өкімет аман болса босаға табылады!»
Мінеки, роман кейіпкерлерінің поэтикалық-көркемдік ой-пікірлері. Психологиялық иірімдер қаншалықты терең, қаншалықты сан қатарлы дегіңіз келеді. Не еткен өр мінез, не еткен ірі мінез дейсіз.
Бригадир Жақып кеңестік кезеңде жаппай дерлік спиртті ішімдікті ішетіндердің қатарынан емес-ті. Автор осынау жәйтті Жақыптың баяндауы арқылы оқырмандарға мәлім етеді. «Бұл құрғырды аңсап ішпейтін. Алдына келгенін қайтармайтын... Ішейін деп те ішпейді, сыйлау үшін ішеді. Сыйламасаң – ала қарғадай көпке оғашсың. Сыйлаған екенсің – бәсекелесіңнен тым болмаса, түкірігің озсын, жалтаңтап қалтаңның түбіне қарама. Жұрт мысыңды танып табынбаса да қалтаңды көріп бағынады. Қалымщиктердің дәстүрі осы. Дәстүрге сыймаған соң бұл қауымға бөтенсің...» Міне, авторлық баяндаудағы Жақыптың ішімдік хақындағы өмір тәжірбиесіне негізделген өзіндік философиясы. Жеке ой талғамы. Бірақ сол кездегі көпке тән ортақ ойдың пішіні деуімізге де болады.
Достарыңызбен бөлісу: |