...Мезгіл түске таяп қалған. Газ плитасына шай қойылып, қайнағанша бүгінгі газеттерді қарап отыр едім, есік сынып кетердей тарсылдады. Үйде жалғыз отырған соң әрі әдеттегіден тыс мына тарсылдың өзгешелігі шошытып жіберді. Тапа-тал түс болса да есікке келіп:
- Бұл кім? - дедім.
- Мен! Атаңмын! Бар, киін! - деді күн күркірегендей үн есіктің сыртынан. Алғашқы қорыққаным қорыққан ба, зәрем ұшты. «Бар, киін» деген сөздің байыбын бірден ұға алмай, үйде киіп жүретін халатымның түймесін бір салып, бір ағыттым. Киім салатын шкафқа жүгірдім. Сасқалақтап, киімдерімді жұлмалап, әлекке түстім де қалдым. Дегенмен өзіме-өзім «сабыр-сабырлап» үстіме жеңі ұзын көйлек, басыма орамал, аяғыма шұлық тауып кидім. Барып есік ашып, ата-бабамның салтымен иіліп сәлем салдым.
- Бақытты бол, балам! - деп қолын болар-болмас басыма тигізіп, бөлмеге кірді. Ата жалғыз емес, қасында бір кісі бар, өң-түсінің қандай екенін көргенім жоқ, бірден басымды көтеруге батылым жетпеді...»
(Ахметова З. Шуақты күндер: Естелік, эссе. – Алматы: Жалын, 1987. – 264 бет. 11-бет)
«Сөз анасы - сәлем». Сәлемдесудің түрі көп. Әр сәлемнің өз үлгісі мен ерекшелігі бар. Біз бүгін келін сәлеміне тоқталсақ дейміз. Ол туралы қазақ келіндерінің символына айналған апамыз - жазушы, атақты батыр Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметовамен пікірлескен едік...
Келін сәлемінің мәні зор, мағынасы терең. Өз үйінен кетіп, түскен босағасына бірінші рет кіргенде келін шаңыраққа үш қайтара сәлем салған. Жас келіннің екі жағында екі жеңгесі, яғни сол шаңырақтың бұған дейінгі түскен келіндері (абысындары) үлкендерге иіліп сәлем салғызған. Қайын енесі мен абысындары жас келінге әулеттегі үлкен адамдарды таныстырып, сәлем салуды ескертіп, олардың алдынан кесіп өтпеуді қадағалап отырған. Білмегенін үйретіп қамқорлық танытып жүрген.
Беташар кезінде бір жағы - қазақ халқы жеті санын киелі санағандықтан, бір жағы - қысқа да нұсқа етіп, ең қадірлі, ең сыйлы деген адамдарға - ата-ене, қайнаға-әпкелерге, апа-жезделерге арнап жеті рет сәлем салғызған. Өкінішке қарай, бүгінгі беташарда жас келін отыз-қырық адамға сәлем салады. Жаңағы сансыз адамның аты аталып біткенше тойға жиналғандар да жалыға бастайды. Әрі сонша адам өздерінің аттары атала сала бет ашатын өнерпаздың алдындағы табаққа ақша тастауды дәстүрге айналдыра бастады. Ең сорақысы сол, қазіргі кезде жаңа түсіп жатқан келіннің сәлемін осылай сатып алып жүрміз. Біздің келін түсіру тойларымызға осындай келеңсіз көрініс дендей еніп барады.
Достарыңызбен бөлісу: |