ТҮЗДІҢ АДАМЫ
Қоңқа бидің жасынан жауға бірге аттанып жылқы алысқан, дауға бірге түсіп олжа табысқан Жыланкөз деген досы болыпты. Екеуі екі ауылдың адамы болғанына қарамастан бір анадан туғандай тату өсіпті. Қоңқа қартайып, жетпістен асқан шағында:
Қой, мен сол досымды бір көріп қайтайын. Жасымда бірге жүрген
жолдасым еді ғой, амандық-есендік айтысайын, - деп жолға шығады. Жол үстінде бір бала кездеседі. Жөн сұраса ол да Жыланкөздің аулына бара жатыр екен.
Екеуі келе жатса бір жерде көп адам жиналып, көр қазып жатыр екен.
– О, балам,, - дейді Қоңқа би,- анау жиналған топ адам кімдер? Көзің жетік қой, қарашы?- дейді.
Бала қарайды:
- Ата, өлген адамды қойғалы көр қазып жатқан кісілер көрінеді.
– Ендеше, сен барып біліп қайт. Көметіндері өлген адам ба екен, тірі адам ба екен? Соны сұрағын.
Бала шапты да кетті. Барып көр қазып жатқандарға сәлем береді.
- Сіздердің жерлейтіндеріңіз өлген адам ба, тірі адам ба?
Кісі өліп, жаны күйіп тұрғандардың біреуі:
- Не деп былшылдайды мынау? – дейді, екіншісі келіп қамшымен басынан салып жібереді.
– Иттің баласы, не оттап тұрсың?!
Бозбалалардың екі-үшеуі жабыла кетіп еді, бір қариялау кісі:
Тоқтаңдар! – дейді айқайлап.- Әуелі жөн сұралық. Қайдан келе
жатқан бала екен, білейік.
Бала жөнін айтады.
Балам, сен не дедің?
Мен көміп жатқандарыңыз өлі адам ба, тірі адам ба дедім.
Қарағым, осы сөзді өзің айтып тұрсың ба, жоқ басқа біреу айтқызды
ма саған?
Қасымда үлкен кісі бар еді. Сол кісінің атқосшысы едім. Мені
осылай сұрап кел деп жіберді.
Апырым-ай, мұны сұраған қария тегін адам емес екен-ау. Қой,
баланы ұрмаңдар, жігіттер. Мұнда бір мән бар. Сол қарияны біреуің барып шақырып келіңдер.
Екі жігіт қуып жетіп, сәлем беріп:
- Ақсақал, бір қадірлі адамымыз қайтыс болып, соны қойып жатыр едік. Ілгергінің жолы, өлікке құран оқып аттаныңыз, - дейді. Қоңқа би:
Ә, ондай болса, жарайды, - деп атының басын бұрып келеді. Өлікті
қойып болған соң көпшілік:
- Ақсақал, алыстан келе жатыр екенсіз. Өзіңіз де бір қадірлі кісі көрінесіз. Бұл кісі де қадірлі адамымыздың бірі еді. Мына баланы бізге жіберген екенсіз. Бала шауып келді де бізден:
- Қойып жатқан өліктеріңіз өлген өлік пе, болмаса тірі өлік пе?- деді. Соны ауыр көріп, шыдай алмай осындай тентек бозбалаларымыз қол көтерді. Баладан «мұны қалай сұрадың, өзің бе, жоқ саған біреу үйретті мен деп едік, ақсақалым бар еді, сол кісі сұра деді» деп шынын айтты.
- Сізден сұрайтынымыз, мұны қалай айттыңыз? Бұл өлі өлік пе, жоқ тірі өлік пе дегеніңізді түсіндіріңіз?
- Ә, оны дұрыс сұрайсыңдар. Тірі өлік пе дегенім артында өзіндей болатын бала-шағасы бар ма, ас-су беретін мал-жаны бар ма дегенім. Ал өлі өлік пе дегенім, өзіндей болып өсетін артында бала-шағасы жоқ болса, ас-суын беретін мал-жаны жоқ болса, мұның аты шын өлік, шырақтарым. Бұл өлік осының қайсысы?
- Уа, ата, артында баласы бар, ас-суына жарайтын мал-жаны бар, дәулетті кісі.
Ауылға жүріңіздер, мейман болыңыздар, - дейді көпшілік.
- Шырақтарым, маған ауылға қонуға болмайды. Мен түздің адамымын, - дейді Қоңқа қарт. Жолда келе жатып бала:
Ата, түздің адамымын дегеніңіз қалай? – деп сұрайды.
- Қарағым, өзің аңғарымпаз адал бала екенсің. Сенің атың кім?
- Төле қарағым, түздің адамымын дегенім көпшіліктің, халықтың адамымын дегенім... Бата берейін, сені түзде кездестіріп, серік болдым. Мен секілді сенің де өмірің түзде өтсін, түздің адамы бол, балам, - деп бетін сипайды қарт. (Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер.Құраст. Б. Адамбаев, Т. Жарқынбекова.- Алматы: Жазушы, 1989.-368 бет. 25-28 беттер)
Достарыңызбен бөлісу: |