Ынтымақтың жалауын тік ұстаңдар! (Шорманов Ж. http://www.kuttybolsyn.kz/)
ҚЫЗҒАНЫШ
Зәуре кешкі ас әзірлігіне кіріспек болып, алжапқышын байлады. Әжесінің сұрауы бойынша бүгін бір дәмді етіп палау баспақ ойы бар. Тоқпақтай бұрымын төбесіне төңкеріп, шаршы орамалмен әдемілеп буды да, ас үйге қарай бет алған Зәуре кілт тоқтап қалды. Іштен ері Әлібектің салмақты да баяу үні естілді:
- Балам, бері қарашы, өзің ойлап көрші! Мен саған ол ақшаны шаңғы сатып алу үшін бермеп пе едім. Ал сен шарф сатып әкелгенсің. Сенде шарфтың бірнешеуі бар ғой. Шаңғыны ауыстырмағалы көп болды, тозды емес пе ол? «Түсіне қызықтым» дейсің. Көрсеқызар болмау керек, балам. Шаңғы тебу денсаулыққа пайдалы екенін саған қайталай беруім керек пе? Әке айтса, біліп айтады. Ендігәрі арамызда мұндай келіспеушілік болмасын, ұқтың ба, балам?
Сәбіз қырып, төмен қарап отырған Жандос:
- Ұқтым, папа, жарайды, - деді басын көтеріп. Көзінен ытқып кеткен мөлдір моншақты әкесіне көрсеткісі келмей, есік жаққа қарай бергенде, әйнек сыртынан байқап қалған Зәуре атылып ішке кірді.
- Болымсыз нәрсе үшін баланы ренжіткенің не,- деді кейістік білдіріп.
- Жандос, екеуміз келістік қой, балам. Ал, енді барып сабағыңа кіріс, - деді Әлібек жұмсақ дауыспен. Жандос төргі бөлмеге кетісімен Әлібек әйеліне бұрылып:
- Әй, Зәуреш-ай, сені ешкім ақылсыз әйел дей алмайды. Бірақ балаға деген ерекше ықыласың мен мейіріміңнен зиян тауып жүрмесең жарады. Неге орынсыз қорғаштайсың? Сенде бар жүрек менде жоқ деп ойлайсың ба әлде? Қазірден дұрыс бағыт сілтемесең, келешегі не болмақ оның? Баланың жақсылығы бақыт та, жамандығы қасірет екенін неге кеңірек ойламайсың?
- Бәрін де түсінем, Әлібек. Бірақ ана жүрегін қайтерсің, езіледі де тұрады бар болғыр… Өзіңді апам әлі күнге еркелетіп отырады ғой.
- Иә, еркелетіні бар. Бірақ өмірі бұрыс ісіме кешірім жасап көрген жан емес. Соның арқасы шығар, менің өз басымды дұрыс алып жүргенім. Зәуре мойындағандай үнсіз тұр. Бұл әңгіме салғыласу емес, салиқалы кеңес екенін екеуі де іштей түсінулі…
Зәуре тездетіп ас пісіруге кірісті де, Әлібек балаларының сабағын қадағалауға төргі бөлмеге кетті. Асханада жалғыз қалған Зәуреш Әлібек туралы ойлады. Шынында да ол әр нәрсеге байыпты қарайтын жігіт. Әлібектің дұрыс қарым-қатынасы, шынайы жанашарлығы болмағанда, Зәуренің алып-ұшпа бала мінезі әлденелерге апарып тіреген болар еді-ау. Енді, міне, біреуге ақыл айтар байсалды ана. Бұл Әлібектің адал да жанашыр жар бола білгендігінен емей немене?!
Алғаш осы үйге келін болып түскендегі бір оқиға ойына оралып, Зәуре қып-қызыл болып кетті. Жас келін үйдің ішін реттемек оймен, алдымен ортада тұрған аласа ас столын жинап, бір бұрышқа қойды. Алаша-сырмақтарды шиыршықтап, оларға да орын тапты. Еденді жуып, ортаға биік стол, жағалай орындықтар тізіп тастады.
Көрші кемпірдің халін білуге кеткен Алтын әжей қайтып келіп, мына жаңалыққа аң-таң болды.
- Е, шырағым, біздің үй көшіп кеткен екен десем, мұнда екенсің ғой, - деп қабағын шыта төргі бөлмеге барып төсегіне жатып қалды. Әжейдің бұл мінезі Зәуреге тіпті ұнаған жоқ. Үйді тазалағынама айтқан рахметі ме?- деп ол да бұртиып асханадан шықпай қойды.
Жұмыстан шыға сала асыға үйіне жүгірген Әлібек те лезде келіп қалды. Үйдегі жаңалыққа қуанып кетіп:
Апа, Зәуреш, - деп дауыстап еді, үн жоқ.
Болған жайды әбден түсініп алған Әлібек жайдары жүзбен күліп жүріп, келіншегін апасының бөлмесіне әкелді.
- Қане, Зәуреш, апамнан кешірім сұра, рұқсатсыз неге жинап тастадың бәрін? – деді күліп.
- Кешіріңіз, апатай, мен білмей қалдым, - деп Зәуреш енесінің мойнына асылды.
- Шырағым-ай, мынауың жақсы ғой. Бірақ кәрі адамға сол жер үстел ыңғайлы емес пе еді? – деп келінін бауырына тартты әжей.
Әлібек пен Зәуре жүгіріп жүріп, үйдің бір жағына алаша-сырмақты қайта төсеп, аласа столды қойды.
- Ал, апатай, қайсысын қаласаң, соған отыр, - деп Әлібек келіп апасының бетінен еркелей сүйді. Ана реніші сонымен тарқап еді-ау …
Күрішті демдеп жатып, Зәуре оқыс мырс етті. Иә, мен ақымақ одан да зорғы не түрлі өнерлерді көрсеттім емес пе Әлібекке.
Екеуі қосылған жылы Зәуре жұмыс істемей, үйде отырды. Аяғы болса күн санап ауырлап келеді. Бірақ қолы бостық Зәурені ұсақ ойларға жетелеп, жарына деген шынайы махаббаты күйіп-пісер қызғанышқа айналып, іштей берекесіз жайға душар етті. Өзіне білдірмей, ол Әлібекті аңдитын әдет тапты. Ештеңе шығара алмаған соң, қалтарыста қалтасын ақтарып, қойын дәптердегі телефон номерлерін, арлы-берлі жолға пайдаланылған билет сандарын тексеріп әлекке түсті.
Осындай күдіктер кеудесін кеулеп алған Зәуренің қолына бір күні сол жақ қалтадан тілдей қағаз іліге кетпесі бар ма. Жұлып алып қараса, арасы жыртылмаған екі билет. Ішін қызғаныш өрті жалап өткен келіншек екі көзі жасаурап, Әлібектің жатақ бөлмеге енуін асыға күтті. Жайбарақат кіріп келген күйеуіне:
- Мынау не нәрсе, түсіндірші маған, іштей құсаланып өлетін болдым, - деп билетті қолына ұстатып, еңіреп жылап жіберді Зәуре.
- Зәуреш, аурып тұрсың ба, жаным, саған не болған? Бұл билет қой, автобустың билеті.
- Ол неге екеу? – деп шаңқ ете түсті өксігін тия алмаған Зәуре. Сен кіммен, қайда бардың? – дегенде тіпті өктем шықты дауысы.
- Кіммен, қайда барғаны қалай? – деп Әлібек қарсы сұрақ қойды да, жауабын өзі қайырды.- Жұмыс бабында кіммен, қайда бармаймыз. Менің жолдасым, қызметтесім жоқ па? Коллективтен, қоғамнан тыс өмір сүреміз бе әлде? Ол не дегенің, Зәуреш?
- Жаттап алған жауабыңның дайын екенін өзім де сезіп едім. Арамдыққа төзе алмаймын, Әлібек, не де болса, ағыңнан жарыл … - Келіншектің дауысы дірілдей шықты.
Әлшібек маңдайына бұрқ еткен суық терді орамалымен сүртіп тастап, төсекке сылқ етіп отыра кетті. Айтатын жауабы дайын тұрса да, әйелінің мұншама шолақ ойлайтындығына іштей қапаланды. Бірақ істі осымен тындыруға хақысы бар ма оның. Білмегенін түсіндіріп, қатесін түзетпесе, жанашыр жар болғаны қайсы? Сол түні Әлібектің айтқан үш ауыз сөзі Зәуренің есінде әлі сақтаулы.
- Зәуреш, мені шын сүйген болсаң, өз анаңдай етіп анамды сыйла. өзіңді менен еш уақытта бөлме. Бір бүтіннің екі жартысымыз деп ойла. Адамдық құнымызды түсінер күдіктерден мүлде арыл. Қызылға қызығар нәпсінің құлы мен емес. Ақ махаббатымыздың лайланбайтындығына адамдық арым куә. Ертең ана боласың, «балалықты» тастағаның дұрыс.
-Ал қазір Зәуре жары Әлібектің осы айтқандарын дұрыс түсініп, бұлжытпай орындай алғанына шекіз қуанышты. Қаймағы бұзылмаған нағыз ұйтқылы отбасы – сол бір ақылға, парасатқа жетелеген кісіліктің жемісі. Әжесі осы үйдің қожасы. Жандосы мен Назымы қандай! Әлібек екеуі жұмыста да абыройлы. Қолдарындап тұратын інісі Ғазиз институтта оқиды.
Зәуре асты апасының аласа столына әзірледі. Дөңгелек столды жағалай жайғасқан отбсаы мүшелерінің төрт көзі түгел екен. Ғазиз да жаңа сабақтан келіп, ыстық асқа үлгерген.
Буы бұрқыраған сары палауға Алтын әже бастап қасық салды.
Зәурешжан, палауың дәмді болыпты, қарағым, - деді әже еміреніп.
- Апа, оның сәбізі мен сарымсағын, етін біз жаедос екеуіміз турадық емес пе, сосын дәмді болған шығар, - деп әзілдеді Әлібек.
- Сарымсақ пен сәбізді мана назым екеуіміз әкелгенбіз базардан, - деп Ғазиз жездесін қостай жөнелді.
- Менен басқаңның бәріңнің де еңбегің бар бұл палауда, бәріңе де рақмет, өңкей құлыншақтарым, - деп әжей кең жаулығының етегімен көзін сүртіп қойды…
Иә, әрі ана сыйлаған бала, қамқор әке әрі адал да ақылшы жар, жақсы аға бола білген парасатты азамат Әлібектің біз бір күнгі тірлігін ғана сөз еттік. Бірақ осы бір күн оның барлық мағыналы тіршілігінің айнасы іспетті. Бұл айтылғандапр тым ұсақ та болып көрінуі ықтимал. Бірақ азамат алдымен азғантай отбасынан шашау шығармай, дұрыс басқара білуі керек қой. Көп нәрсе отбасынан басталмай ма?
Не ана қадірлей алмаған, әке болып та жарытпаған, не жарын жарылқай білмеген, аға болуды ойына да алмаған, бастаған ісін божыратып, пышыратып тастап кетіп жүрген жігіттеріміз аз ба?!
Ошақ басын оңды ұстаған адам, отбасында беделді болмақ. Ол үшін жігіттер өзінің анаға – бала, балаға - әке, сүйгеніне – жар, кішіге - аға екенін бір сәт те есінен шығармағаны абзал.
Достарыңызбен бөлісу: |