МАХАББАТТЫ ҚОРҒАУҒА ШАҚЫРАМЫН
Жасыл бұта жая алмай жапырағын,
Сусыз дала жасырып жатыр әрін.
Суретші емес, бәріңді орманшы боп,
Сұлулықты сақтауға шақырамын.
Келер-кетер ойыңды сапыра күн,
Айтып-айтпай өтеді ақын әнін.
ТАБИҒАТҚА,
АДАМҒА ДЕГЕН
БАРЛЫҚ
МАХАББАТТЫ
ҚОРҒАУҒА ШАҚЫРАМЫН.
Осы ойменен әр таңды атырамын,
Ауасында толқыған әтір-ағын.
Туған жердің киелі атырабын –
Тобылғылы, топ шилі топырағын.
Торғын гүлін,
Жайқалған ЖАПЫРАҒЫН –
БӘРІН,
БӘРІН
СҮЮГЕ ШАҚЫРАМЫН!
(Ахметова К.//Жұлдыз, № 5, 2011)
БІРЛІК ТУРАЛЫ ЖЫР
Жас баладай қуанып тұрмын бүгін,
Құшағыма ап боз жусан – қырдың гүлін.
Асып-тасып көңілім шаттанады,
Ұмытқандай байырғы күннің мұңын.
Сағыныш па, білмеймін, қуаныш па –
Жүрек қанат қомдайды бір алысқа.
Жер, аспан да көлеңке-бұлтсыз бүгін,
Тербелгендей дүние жыр-ағыста.
Жыр-ағыста келемін алып-ұшып,
Қуанғандай есімнен жаңылысып.
Бейне бүгін үйіме абыр-сабыр
Қимастарым келгендей сағынысып.
Мөлдір өзен, жап-жасыл жаға, талдар,
Адамдар-ау, шын барлап қарасаңдар,
Мынау таңда жаңа леп, жаңа сән бар!
Маған қарап күлімдеп қол бұлғайды,
Бейтаныс балақандар.
Күн төгеді
тау, далаға мейірім - құтты нұрын.
Қол ұстасып адамзат шықты бүгін
алаңдарға алқызыл ту орнаған –
ескертуге есерлеу мына әлемге
бірліктің мықтылығын.
(Оңғарсынова Ф. Сұхбат. Өлеңдер. Алматы: «Жазушы», 1982.- 180 бет. 39 -бет)
Достарыңызбен бөлісу: |