Кітап иесі өзі үшін кешірім сұрайды
Тілек еді – білікті бек, сөз қымбат –
Кейінгіге бір жәдігер қалдырмақ!
(Ей, дана бек, ұрпақ қамын жеп едім,
Тілегім – пір сөз қалдырсам деп едім).
Әуелі – ес, сөз туды көр, сонан соң,
Сөзін жаңсақ шықса, өзің қор боласың!
Халық тілі жаман, «жаман» деуге әзір,
Кісі құлқы тар, етіңді жеуге әзір.
(Сөгер-сөйлер, халық тілі – былғаныш,
Етіңді жер, кісі құлқы – қызғаныш).
195 Байқап көрсем, жеңілдеді жүгім де,
Айтсам дедім, бар сөзімді тілімде.
Қандай десең, саған айтып көрейін,
Тыңда, мәрт ер, тілге кезек берейін:
«Иалнұқ* аты жаңылғаны үшін де,
Иаңлұқ* болды жаңылмағы үшін де!»
Сен айт маған: жаңылмайтын кісі кім?!
Мен айтайын: жаңылғандар түмен, мың!
Білімді – аз, білімсіздер қаптаған,
Ақылсыз – көп, ақылдыны таптаған.
(Білікті – аз, білектілер толып жүр,
Ақылды – жоқ, ақымақтар оңып жүр).
200 Білімсіздер білімдіге жау болды:
Надандардың аңсағаны дау болды.
(Жау болды да біліктіше білімсіз,
Қастық қылды білімдіге білімсіз!)
Кісіден кісі айырмасы – парқы көп,
Айтсам, білім – бұл парықтың нарқы дөп.
Бұл сөзімді білімдіге арнаым,
Білімсіздің тілін ұға алмадым.
Білімсізбен ешбір сөзім жоқ менің,
Ей, білікті, қызметшіңмін мен сенің.
Сөйлегенім үшін саған, имендім,
Кешірім сұрап, жөн көрдім бас игенді.
205 Сөз сөйлеген жаңылар һәм адасар,
Есті естісе, түзеп-оңдап қарасар.
Сөз бұрындық* дерлік таққан түйеге,
Түйе ере берер бұйда, иеге.
Біліп сөйлер кісілер көп өмірде,
Оны білген ерлер жақын көңілге.
Бар жақсылық, пайда ол, келген білімнен,
Болды көкке жол, мысалы, біліммен.
Білікпенен сөйлегейсің сөзді сен,
Ұлы деп күллі білікті ерді сен.
210 Қара жерге жасыл көктен келді сөз,
Сөзбен адам ұлы болды, енді сез!
Кісі көңілі түпсіз теңіз, ойласаң,
Білім – інжу, түбінде – анық, қойма сан.
Кісі інжуді шығармаса теңізден,
Тас не, інжу не пайдасы не тегінде?!
Қара жердің қатында алтын тас болар,
Егер, шықса, бек басында тәж болар.
Білімді ілімін шығармаса тілімен,
Жылдап жатсын жарық шықпас білімнен.
215 Ақыл, білім ең әз нәрсе, күшті, нық,
Егер болса, істет, ұшып көкке шық!
Не дер екен елдің бегі аңдағын,
Көріп білген ақыл, білім салмағын;
«Ақыл керек ерге жаһан бастауға,
Ақыл, жүрек керек елді ұстауға.
Ақылменен тұтты, әлемді ұстаған,
Білімімен биледі, елге нұсқаған!»
Дүниеде жаралғалы бар адам,
Ақылымен келді үйретіп заң адал.
220 Қай кез болсын, бұл күнде де, бұрын да,
Білімдіге тиді бектік орын да.
Кісі бұзығы ақылменен жоғалар,
Ел бұлғаңы білімменен оңалар.
(Кісі міні ақылменен күзелер,
Халық міні білімменен түзелер).
Бұл екеумен қыла алмасаң жұмысты,
Білімді қой, ал қолыңа қылышты!
Ақылды бек – басшысы елдің, шырығы,
Қылыш жұмсау – білімсіздің қылығы.
Әлем тұтушы, болса ақылы асқан ер,
Ел билеуші, болса білімі тасқан ер.
225 Бұл екеуі біріккенде, ер кемел,
Кемел ерге – бүтін жаһан, жер келер.
(Бұл екеуі қосылса – асыл, ер бүтін,
Бүтін ерге – тиер әлем, жер бүтін).
Ізгілік пен жақсы қылық – амалы,
Мұнымен ер екі дүниені алады.
Сен ізгілік тілер болсаң; одан да,
Кел ізгілік қыл, сөзіңді доғар да.
(Қайырым күтсең, ақылыңмен аңғар да,
Қайырым жаса, қайырымды жандарға!)
Кісі мәңгі болмас, мәңгі – ат, ары,
Мәңгі қалар оның жақсы атағы!
Өзің мәңгі емес, атың мәңгілік,
Атың мәңгі болса, затың – мәңгілік.
9
Ізгілік қылықтың сипаты, пайдасы айтылады
230 Егер қолың ұзын болса халыққа –
Қылық, сөзді ізгі қылып, жарылқа!
Жігітшілік өтер, өшер тірлігің,
Дүние – түс, көшерсің тез бір күні.
Ізгілік – пайда. Тірлігіңді пайда қыл,
Ізгілік, соңыра – жер, киерің, ойлағын!
Тыңда, кісі ізгілері не деді:
«Жүрген – тынып, тынған ақыл өледі!»
Жалғанға сан жаңылыс ер келді, көр,
Біраз жүріп, қайта кетті, өлді, көр.
235 Бек пе, құл ма, мейлі, жақсы-жаман ба,
Өзі өлді, қалды аты – ізі ғаламда.
Саған тиді енді орынның кезегі,
Жақсы боп өт, жақсылық ет еселі.
Тірі өлер, ақыры жер жастанар,
Жақсы кісі өлсе, жақсы ат қалар.
(Тірі өледі, жер – төсеніш, жастығың,
Аты өлмейді, өлсе де өзі жақсының!)
Екі түрлі ат, тілде жүрер, қалғанда,
Бір – жақсы, бір – жаман, мына жалғанда.
Жаманды — сөгіп, жақсыны асыл санайды,
Байқап қара, көңілің нені қалайды!?
240 Жақсы болсаң, атыңды атап мақтайды,
Жаман болсаң, ей ер, сөгіп, даттайды.
...
10
Білім,ақылдың қасиеттерін, пайдасын айтады
Тілегім сөз еді білгір, ей, бегім,
Ақыл, білім жайлы келді сөйлегім.
Ақыл — шырақ, қара түнді ашатын,
Білім — жарық, нұрын саған шашатын.
Ақыл қолдап, біліммен ер жетілер,
Екеуімен қадірі артып, бекінер.
290 Нушин рауанды*, көр, сенбесең айғақтан,
Ой көзімен дүниені жайнатқан.
Байыды елі, заңды түзу жүргізді,
Жақсы аты қалды, дәурен сүрді ізгі.
Дана айтқан мынадай сөз халықта:
«Күнәһар да құтылар,— деп — тамұқта!»
Қара, ақылға бейім адам баласы —
Қалам бермес жетпей жасы, шамасы!
Ақылды адам, көр, қартайса — қайғырар,
Ақыл кетті дер, қаламы қайрылар.
295 Егер, ақымақ өлсе, байқа, құны жоқ.
Келмес, кетті дауасыз дерт құлы боп!
Қандай десең, ақыл-ессіз кісілер,
Парықсыз һәм деме ештеңе түсінер.
Ақылдыға қадір құрмет лайықты,
Ақымақ жан керең, сезбес айыпты!
Көрсең барып, мына бір сөз жаңылтпас:
«Ақылсыз надан өзін-өзі жарытпас!»
Қарап тұрсаң, күллі сөздің, рәсімін:
Ақыл, білім ең асылы, әсілі.
300 Ақыл болса, асыл болар — болса ер,
Білім болса, бектік қылар — қылса ер.
Ақыл кімде болса — болар асыл ол,
Білім кімде болса — бек һәм басың ол.
Кісі ұланы қара жерге қол салды,
Кетерді бәрін, білімін ол қолданды.
Ақылымен кісі асыл атанар,
Бекке ел ісі білімімен жасалар.
Талай ізгі іс, атқарылды ақылмен,
Мың рахмет ақыл-еске асыл кен!
305 Пайдасы көп, аз ақылды аз деме,
Қадыры көп, аз білімді аз деме!
Төрт нәрсе бар, аз деп ұғып кейіме,
Дана айтқан сөзді түйгін зейінге:
Бұл төртеудің біреуі — жау, бірі — өрт,
Үшіншісі, тіршіліктің торы —дерт.
Бұлардан басқа біреуі бар, ол — білім,
Осал көрме төртеуінің ешбірін.
Көп бұлардың пайдасы да, залалы,
Қайсысы беріп, ал қайсысы алады.
310 Кимйә тектес — білім қорытып, толысар*,
Ол ордасы ақыл-ойдың тоғысар.
Жұпарға ұқсап білім де тез таралар,
Сақтап болмас басқалардан даралап.
Жасырсақ жұпар, оны иісі білдірер,
Жасырсаң білім, тілің айтып бүлдірер.
Білім — байлық, азаймас һәм жоғалмас,
Еш қарақшы, ұрыға да тоналмас!
Ақыл, білім бейне кісен кісіге,
Кісенді ашып бармас қылмыс ісіне.
315 Сәйгүлік атын ер кісендеп ұстайды,
Жәй көлік атын ер күзетке-ақ тастайды.
Кісенделген қашпас, керек жеріңде,
Шідерленген жүрер тілегенінде.
Ақыл, сенің анттасқан нақ жолдасын,
Білім, сенген мейірімді қандасың.
Наданға жау — білгені мен көргені,
Екеуі соры, білмегенмен өңгені.
Бар түркіде мысал мұны меңзеген,
Сен оны ұғып, құйып алғын зердеңе:
320 «Ақылды ерге ақылы ес-дос болар,
Наданға аты-ақ қоңыраулатып қас болар.
Біліктіге білім — күллі тон, асы,
Білімсіздің қылығы — сұм жолдасы!»
Ей, ақылды! Өкпе-сорға шалдырма!
Сақтап атты, ашуға бой алдырма!
Өкпе, ашумен ешқашан іс етпегін
Егер, олай қылсақ, жапа шеккенің!
Өкінерсің ренішті істе сен,
Адасарсың қызбалықпен істесең.
(Ренішті істің соны — өкініш,
Жаңыларсың қызбалықпен етіп іс!)
325 Ерге керек төзімділік күш-қайрат,
Тұру керек күн мен айдай нұр жайнап.
Жомарттық һәм салмақтылық қажетті,
Білімділік, ақылдылық қажетті.
Ақыл керек, білім таңдап аларға,
Білім керек, іске жақсы қарарға.
Жарамды мен жарамсызды көрерге,
Керектіні-керексізден бөлерге.
Барлық іске зерек болса, парықтап,
Ала білсе өз керегін анықтап.
Достарыңызбен бөлісу: |