Қазтуғанның қонысымен қоштасуы
Арайна, билер, арайна,
Арайна десем, болғай ма?!
Арайнасыз әр қайда
Ердің ісі оңғай ма?!
Арайна болған Қазтуған,
Қайғыланып сонда толғай ма?!
Ел қияға қонғай ма,
Еділ, Жайық арасы
Кеңшілік қоныс болғай ма?!
Ебей басты құба үлек
Ернімен шырпы шалғай ма?!
Бұл қоныста отырып,
Біздің мұсылман баласы
Жағасы босап тынғай ма?!
Еділді қоныс етпеңіз,
Жағалай қалмақ алады.
Жайықты қоныс етпеңіз,
Сыдыра біткен көкжиек,
Кәпірлер қала салады.
Аштарханды қоныс етпеңіз,
Шөһөрін оның алады.
Еділді алса – елді алар,
Енді алмаған не қалар?
Жайықты алса – жанды алар,
Жанды алған соң не қалар?
Ойылды алса – ойды алар,
Ойлашы, сонда не қалар?
Қара мауыты мұшақат
Бүтін тоғай жерді алар.
Жаз кіреге жақсы деп,
Дулығалы нарды алар,
Қыс кіреге жақсы деп,
Шудасы қалың айырды алар.
Сусынына шай алар,
Шайнауына май алар.
Ойыл да Қиыл, Жем, Сағыз,
Қайран саланың жатқан аңғары-ай,
Ақ шалмалы пірлердің
Мешітке жаққан шамдары-ай!
Менің бүйтіп қозғалақтап жүргенім
Аузы түкті көпірдің
Күшті болған салдары-ай!
Кәпірден тендік алуға
Қайта келер деймісің
Мұсылманның баяғы
Шыңғыстан туған хандары-ай?!
Бұл қоныстан кетпесең,
Мұны талақ етпесең,
Атаңа нөлет кәпірдің
Пайдасына қалмаса игі еді
Ноғайлы, қазақ жұртымның
Кейінгі туған балдары-ай!
Адыра калғыр көк Жайық,
Аңырап қалған қонысым!
Қонысымнан ауған соң,
Кетпегей еді ырысым.
Таудағы тарлан бөрі едім,
Тарылған сынды тынысым.
٭٭٭٭٭
Достарыңызбен бөлісу: |