Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»



бет33/292
Дата05.02.2022
өлшемі6,93 Mb.
#4779
түріБағдарламасы
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   292
Шәкәрім Құдайбердиев.
Кереку-Баян кітапханасы. Рухнама.
7- кітап. Павлодар, 2003.198-233 беттер;


МӘШҺҮР ЖҮСІП КӨПЕЕВ


БҰЛ ҚАЗАҚ ҚАЙ УАҚЫТТА ҮШ ЖҮЗ АТАНҒАН

Қырық сан Қырым, отыз сан Рұм, он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыт, қырық сан қара Қалмақ, Қатсыбан, он сан Ноғай, бүлінгенде Орманбет би өлгенде Ноғайлының елі бір алаша тайдан бүлініпті. Ала тайдай бүлдірді делінген сөз сонан қалған деседі. Жұрт аузында бір замандарда осылай сөйленген. Сол замандарда Құндыкер, Құбан, Қотан, Қоғам дегендер болыпты.


«Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» – деген болыпты. Тоғыз ханды қолынан таққа отырғызған кісі екен деседі. Сол заманда қырық ханның бірі болған Қызыл Арыстан хан Бұқарада тұрып хандық қылған екен.
Бір өзінде он бес азаншы жұма күні азан айтады. Мұнараны сол Қызыл Арыстан хан жасатқан екен деседі. Бәйбішесінен бала болмай, Қызылаяқ деген бір елді шауып, ат көтіне салып келген бір қызға хан аяқ салып, онан бір бала туып, өзі сауысқанның аласындай ала туып, бәйбіше өзінен тумай тоқалдан туғандығын іштарлық қылып, күндеп, бұл балаңды балам деп сақтама, көзін жоғалт, қарашығын батыр. Мынау өскенде жұртыңды ала қылып, ала тайдай бүлдіреді деген соң хан қырық жігітке бұйырыпты:
– Мына баланы, тапқан шешесін Сырдариядан әрі өткізіп, қоя беріңдер! Өлсе өлсін, өлмесе өз бетімен қаңғып күн көрсін деп... жер аударыпты. Егіз екі қайтып бұл жұртты мына қатын мен бала да көрмесін. Сендер де көрмеңдер деп.
Бұлар Сыр суынан өтіп, Алатау, Қаратаудың алабына келіп, жан сақтап, күн кешіпті. Бала өз асын өзі алып ішерлік болған соң, өзінен басқа жанды жақтырмай, керек қылмай, тағы болып, жалғыз жонға шығып кетіпті. Тобылғыдан жақ қылып, жүзгеннен оқ қылып, көзіне көрінгенді қорек қылып, ішіп-жеп, оғын құралайдың көзінен өткізетұғын мерген болыпты. Дәл он екі жасында аң аулап жүрген Майқы бидің баласы Үйсінге оқтай ұшырап, кез болып, ләм-мим деп бір ауыз тіл қатпай қала беріпті. Үйсін батыр үйіне барған соң әкесіне сөйлепті:
– Бір ағаштың көлеңкесінде отырған бала көрдім. Ай дейін десем, аузы бар, күн дейін десем, көзі бар. Көрген кісі қызыққаннан бір қасық сумен жұтып жіберерлік келбеті, сымбаты бар. Құсбегі тіккен томағадай құнысып тұрған бала. Өзінде Әзірейілдің анық бір түгі бар. Маңайына жан батып бара алмаса керек. Жалғыз-ақ айыбы – тілі жоқ екен депті.
Майқы би өзі ақсақ, өмір бойы арбамен жүреді екен. Арбасын көлікке салдырмай, жаяу кісіге тартқызады. Мені арбамен алып барыңдар, көрейін, – депті.
Баяғы сағымнан пайда болған Шыңғыстың шын ұлын да көріп едім, мынау сонан соң жалғанға жалғыз қара болып келген жан екен деп барса, бала Майқы биді көре сала ұшып түрегеліп:
– Ассалаумағалейкум, хан атаулының қазығы, қара бұқараның азығы, – дегенде Майқы би:
– Әлейкимсалам, әмісе аман бол, балам. Сәтті күн туған ұл екенсің, жеріңе жетпей тұр екенсің. Кел, балам, қасыма мін, – деп үйіне алып келіп, төрткүл ошақ қаздырып, төбел бие сойдырып, төменгі елді жидырып, жорға бие сойдырып, жоғарғы елді жидырып, ала бие сойдырып, аймақ елді алдырып, баласы Үйсінді бас қылып, атқа мінгізіп, ердің ері, егеудің сынығы дегендей іріктеп, таңдап жүз жігітті қасына қосып:
– Мына баланы жебе қылып бастарыңа шаншыңдар, шеп қылып беттеріңе ұстаңдар, ту қылып төбелеріңе көтеріңдер. Қаратаудан әрман қарай асыңдар, Шу мен Сарысуды көктей өтіңдер. Ұлытау, Кішітау деген таулар бар, Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Айдаһарлы, Құдаберді деген жерлер бар. Соған барып салық салыңдар. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел болуды, жұрт болуды ойлаңдар. Күндердің күнінде осы бала хан болады, сендер қараша боласыңдар. Хан әділ болса, басынан бағы таймайды, қарашасы табанды болса, қара жерден кеме жүргізеді деген деп, батасын беріп жөнелтті. Бұл жорықшылар Қаратаудан асып, Шу мен Сарысудан көктей өтіп, Майқы бидің айтқан жерлеріне келіп, ұйқыны бұзып жылқы алды, күймені бұзып қыз алды. Көш елді көш жөнекей шапты. Еру елді отырған жерінде шапты. Асулы қазан, тігулі дап-даяр үйге ие болып, орныға бастады. Өз алдына мал малданып, жан жанданып үйлі-баранды болды. Сатусыз дүние алған соң, қалыңсыз қатын алған соң, ел болмасқа немене, жұрт болмасқа немене? Бұлардың мұндай болғанын баяғы Қызыл Арыстан хан естіді. Қотан, Қоғам, Құндыкер, Құбан, Майқы билерге елші жіберді:
– Менің баламды жігіт-желең беріп, желіктіріп жібергені не қылғаны, баламды өзіме алып келсін, тапсырып, менен қалағанын алсын – деп. Сонан соң ақсақалдар жүз жігітпен Қотанұлы Болатты жіберді, барып шақырып келіңдер деп. Бұлар келген соң бұрынғы келгендер «қайт» деген сөзді бізге айтпа, өздерің де қайтпа. Аты бестісінде қартаятұғын, жігіті жиырма бесте қартаятұғын, тауықтан басқа құсы жоқ, көк шөпті жұлғаннан басқа ісі жоқ. Еркегі ат болатұғын, әйелі жат болатұғын, тымақты тақияға айырбастап, пышақты қасыққа айырбастап, тәлімі бидайдың нанын жегенге, тары көженің суын ішкенге әлде қандай көріп, мас болып, биттей бөдененің бір санын жеумен күпті болып қалатұғын сарттың жаз болса, тұзын, қыс болса, отыны мен көмірін тасып, бейнет тартқаннан басқа көрер қызығы жоқ жерде не ақыларың қалды деген соң, рас-ау, рас, – деп шақыра келгендердің өздері де қайтуды керек қылмады. Қызыл Арыстан хан қайта-қайта кісі жібере берген соң, Қоғамұлы Алшынды жүз жігіт қосып тағы жіберді. Он үш ақсақал қосты. Есеп саны үш жүз он үшке жетсе, дүние жүзі жиылып жау болса, бетіне келмейді, деп айтылған сөз бар дейді деп.
Үндемесе де, үйден шықпаса да «Бабыр еңбек» дегендей ақсақал шал жұмысты жатып-ақ жайлап бітіріп жатса керек.
Бұлар да келіп орнығып тұрып қалыпты.
Енді біз ел болғанымызды, жұрт болғанымызды жұрт көзіне түсірелік деп, баяғы ала баланы алашаға салып, Ұлытаудың басына алашамен көтеріп шығарып, хан көтерді. Оған «Алашахан» деп ат қойды. Бастапқы бір келген жүз жігіт қолбасы, мырзасы Үйсінді «Ұлы Жүз Үйсін» атады. Түпқазық салықшы болсын. Жауға шапқанда бұлар шаппасын, тас түйін боп тұрсын десті. Ортаншы келген жүз жігіт қолбасы, мырзасы Болат қожа бұл жүз жігіт тосқауылшы орта буында жүрсін, ханның бақташысы есепті болсын деп, оны Орта Жүз «Ақжол» атады. Соңғы келген жүз жігіт қолбасы, мырзасы Алшынды беті қайтпаған жаужүрек, жан қадірін білмейтін кезуілші деп, қарсы алдында жүріп жауға шабатұғын да осылар болсын деп, Кіші жүз «Алшын» деп ат қойды. Кезуілші қашса тосқауылшыға, тосқауылшы қашса салықшыға барады, салықшы қашпайды. Тұрған-тұрған жерінде өліп қалуға бар, көндімбай, көнтерілерді қойса керек. Қазақтың үш жүз аталған жері осы.
Бұрынғы заманда қазақтың Жүз деген де аталарының аты болса керек. Алаш деген де аталарының аты болса керек. «Жүз» деген атты ұруға, «Алаш» деген атты ұранға қойып, жауға шапқанда «Алаш, Алаш» деп шабыңдар, «Алаш, Алаш» демегенді әкең де болса, ұрып жық деп бата қылысыпты. Кеше «Алаш, Алаш болғанда, Алаша хан болғанда, үйіміз ағаш, ұранымыз Алаш болғанда үш жүздің баласы қазақ емес пе едік» деп айтылған сөз сонан қалды. Бұл Алаша ханнан бұрын қазақ ел болып, жұрт болып, өз алдына отау тіккен емес, әр жұртқа бұратара қоңсы болып жүрген.
Біреу Болат қожа дейді, біреу Ақжол дейді. Екеуі бір кісіге аталған ат деседі. Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс үш жүздің аталарының аты деседі. Біреулер ақсақ Келімбет, Қаракелімбет, Сарыкелімбет, Науан, Шодан деген аталары бар десіп жүрді. Бірақ олардың ар жағы кім, бер жағы кім екенін біліп сөйлеуші жоқ болды. Түбірлі сөз қылып, туынды қылып айтушы болмаған соң біз ондай сөзді нұсқа қылып сөйлеуге еріншектік қылдық.

* * *

Бір адамның жақсы қатыны болады, сол қатыны өліп қалса, көңілі бұзылған шәһәр есепті болады. Еш нәрсесі орын-орнына қайтып келмейді. Бұл турада бұрынғылар бір мақал айтыпты:
Қарадан хан қойса,
Қасиеті болмайды.
Үлгісізден би қойса,
Өсиеті болмайды.
Кемелсізден пір болса,
Кереметі болмайды.
Тоқтышақтық терісін,
Тон ғып кисе тоңбайды.
Қарғыс алған атадан,
Егіз екі оңбайды.
Үш ай тоқсан түспесе,
Үлкен теңіз тоңбайды.
Қатын шайпау болмаса,
Ер жалғыз үй қонбайды.
Мыңды беріп, бірді алсаң,
Баяғыдай болмайды.

ОН ТӨРТ ТОЙМАС БАР


Жер жұтуға тоймайды, от отынға тоймайды. Кісі ойға тоймайды, бөрі қойға тоймайды. Құлақ естуге тоймайды. Көз қарауға тоймайды. Ғалым ғылымға тоймайды. Жер суға тоймайды. Қатын ерге тоймайды. Өлік дұғаға тоймайды... Бала нанға тоймайды. Тірі іске тоймайды.




ҒЫЛЫМ

Ғылым-білім немен болады? Ең алды құдайды, құдайтағаланы танымақ. Ол құдайды қайтсе таниды? Әркім өзін таныса, Сонда тәңірісін таниды. Қазақ қариялары да айтады жақтырмаған кісісін: «бұл, шіркін, өзін танымайды, кімді таниды?» – деп. Олай болғанда, ғылым-білімге талап қылушылар алдымен өзін тануды мақсат қылу керек.


* * *



Бір жаманы – өзіне де, басқаға да залалды ағаш. Денесі зор, бұтағы есепсіз көп, жапырақтары қисапсыз. Әр жапырағы әр түрлі басқа-басқа у. Көзге көрінісі бек тамаша, қызықты. Көрген кісі құр көрумен өзіне құмар. Исінің оңдылығы мұрын жарады. Тәттілігі бал мен қанттан тәтті десең өтірікші болмайсың. Бірақ қай-қайсысы болса да, ақыры у болып, жолап кеткеннің басын жоймай тынбайды. Және ол жаман ағаштың түбінен гүрілдеп ағып тұрған өзен бар. Ағып жатқан өзен болғанына – бұтағы, жапырағы мол. Өзі қызықты болғанына қызығып, бір ел келіп сол ағаштың түбіне қонды. Ағашта у барлығын біліп, уы білінген бұтақтарын кесумен әуреленді. Бір жағынан бір бұтақты кесіп жатса, ар жағынан тағы өніп-өршіп шыға береді. «Залалды болды» деп бір бұтағын бүгін кесіп тастаса, ертең және бір бұтақ шыға келеді. Ол онан да зор залалды болып шығады. Ешкімнің ойына келмеді, әуелі суды құртайық, сонан соң ағаштың түп тамыры құрып қалған соң шығып өсіп-өнуге жарамайды ғой деп. Бұл ел сол ағаштың бұтағын кесіп, тауысамыз деумен өздері таусылып бітті.
Енді бір ел келді. Бұл ел бұрынғы елдей болмады. Білді, су құрыса түп тамырынан ағаш құрып жоқ болатынын. Суды бір жаққа бұрып ағызып жіберді де, ағаштың айнала түбіндегі топырақты алып тастап, ағаштың түбін кемпірдің қаса сүйегіндей ақситты да тастады. Енді ағаш өзінен-өзі құрып, у жапырақ шықпақ түгіл, қу тобыр болып, дәнемеге жарамай қалды.
Текке көп бұтақ кесіп бейнеттенуден бұл ел халас болды. Қиссадан қисса, мақсұттан мақсұтты сезіп білу керек. Бұл жаман ағаш не дейсіз, бұл жаман ағаш адамның ішкі-сыртқы көрінісі. Қаншама қызықты болғанымен бір кісінің ішінде... көп бұтақ, оған шыққан жапырақтар – бәрі де у болып жатқаны... пайда болған тәкаппарлық, күпірлік... күншілдік, сараңдық, қырыстық... өрлік, кекшілдік... ұшы жоқ ұзын, түбі жоқ терең жаман мінездердің неше атасының ауылы. Ол ағашың түбінен гүрілдеп ағып жатқан өзен адамның денесіндегі қан.
Әй, жігіттер! Естеріңде болсын, шайтан... ол бір кесек нәрсе емес, бит пен бүрге сықылды бір жеріңнен денеге кіріп кететұғын. Өзіңнің денеңдегі арам қанның жүрегіңе барып құбылып, жүрегіңді толқытып, өзіңді бұзатұғын шайтан да сол... Қан бұзылса, кісі бұзылады. Шайтан деген нәрсе өзіңнің ойың. Ой иесі шайтан жүрегіне неше түрлі ой салады. Бәрін өзіңнің бұзылған қаныңның күші салады. Олай болса, көп ішіп, көп жеумен екі арам денеңді аралайтұғын қан. Бұл екеуі бойыңда толық болып тұрғанда басқан-тұрған жұмысыңның бәрі өзіңе у болғаннан пайдасы жоқ. Құнанбаев Ыбырай марқұм айтты ғой:
Өмір дүние дегенің ағып жатқан су екен,
Жүрген-тұрған жұмысың ойлап тұрсаң у екен, –
деп. Және бір сөзі:
Адам бір боқ көтерген боқтың қабы,
Өлсең сасық боласың боқтан тағы.
Менімен сен теңбе деп мақтанасың,
Білімсіздік белгісі ол баяғы, –
дейді екен. Соңғы әулиелер адамды адам санына кіргізбей жүрген қарындағы бір қап... екенін білді де ішпек-жемекті аз қылды. Ол екеуі азайған соң, ұйқы бөлінді, сергек болды. Сонан соң күлкі кем болды. Денеде арам қан азайды. Арам қан азайған соң жүректі барып ұйытқытып бұзатын дәнеме табылмады... күш, құт алып періште сипатта болды...

* * *

Адам баласында бір табиғат бар, кәдімгі заманнан өзге өзгерсе де бұл табиғат өзгермейді. Бұл күнге шейін мәңгі-бақи.
Ол не десең? Тура сөйлеушінің жазасы нахақ өлтірілу. Күнәкәрларға кесімді түрлі жазалар бар. Бір адам турашыл болса, хақ сөйлеуші болса, оның жанына сұқтанып, қас қылушы даяр тұрады.
Бұ табиғат әр милләттә, әр жыныс адам баласында бүгінге шейін бар нәрсе. Хақиқат дұрысы осы деп қостаушы болмайды, соның көзін қалай жоғалтудың жабдығына кірмек. Сол табиғат хазірет пайғамбарымыз Мұхаммед ғалайссаламның жанына ғаріптердің сұқтанып өшіккені сондай, замананың абзалы болып жаратылған пайғамбар да қашып, басын зорға құтқарды...
Тура сөз иелері өз ұлтында тұрып күн кешіре алмайды.
Батырлық жолдасқа пайда, жанға қас,
Мырзалық қонаққа пайда, малға қас,
Өтірік сөз дауға пайда, иманға қас,
Өткір пышақ қолға пайда, қынға қас.
– Басқа пәле қайдан?
Басқа пәле тілден.
Бір менің дегенім дәнемеге тұрмайды. Құдай өзі сақтауында қылсын, я Алла өзің сақтай гөр.

* * *
– Сөз өзі не нәрсе?


– Сөз – адамның өнері. Өнер алды – қызыл тіл деген. Адамның ғазизлігі... сөзбен болды. Хайуан сөз өнері болмағаннан хайуан болды. Көңіл бір жатқан кеннің дәриясы. Сонан шыққан сөз жауҺар. Ауыздан шыққан сөз көмір. Тіл бір болаттан жасалған өткір қанжар. Оның майдалап, уақтап жасап шығарып жатқанының бәрі інжу. Көп адамның бір жерге бас қосқаны – бау-бақша жасалған сияқты. Соның ішінде сөз жеміс сықылды. Бұ дүние бір қараңғылықтай нәрсе. Оны жанды қылатұғын ақиқат сөз. Сөз өліп қалған көңілді тірілтеді. Сөздің ізітінен адамның жаны рақат алар. Сөз жүгінің самалы Хазірет Жәбірейіл ғалайсаллам болды. Сөз осал жүк екен. Тіс тізіліп орнында тұрғанда қандай? Жерге шашылса, не құн қалады. Назымнан келген сөз орнында тұрған тіс сықылды. Қара сөз соның шашылып жерде жатқаны сықылды. Назым – әр түрлі жеміс шығып тұрған бау ағашы. Қара сөз көңілдің бау-бақшасында үлпілдеп тұрады. Жерге шашылды – қара сөз болды. Меруерт, маржан, інжу әбдіреде жатты – кім көрді? Тізілсе, жұрт көзіне түсетұғын болды. Қара сөз солардың әбдіреде жатқаны.

* * *



Адам қалай қылғанда адам болады? Ұшқан құстан, жүгірген аңнан ғибрат алып, солардың мінезімен мінезденбесе, аш арыстан жүректі болып келсе, палуан жолбарыс білекті болып келсе, досы көп болып, дұспаны жоқ адамнан осы екеуінің жүрегі, білегі табылады. Бұл екі хайуанның мінезінен шафағат табылады. Қазақта мақал бар: «Қарға табанымен басып жейді, сұңқар шашып жейді» – деген. Оның мәнісі – қарға біреу көріп қоймасын деп жалтақтап табанымен басқаны – жасырғаны. Сұңқар өзінің жегенін мақсат қылмайды, басқаға пайдам тисін, сарқытымды кім болса, сол жесін деп, жан-жағына шашып отырады екен. Сондай болғаны үшін қазақ мақал сөзінде: «Қарғаға балшық, сұңқарға талшық» делінеді. Бұл сөзден нәсихат табылады. Бал жинайтын ара қандай ұя жасайды... Адам «мен дәнеме білмеймін» деп қарап отырмай, өнерге тырысу керек. Қазақ мақалында бар: «Өнерлі өрге жүзер» деген.
Мысық бір тышқан алып жесе, аузын-басын сүртіп, жаланып, өзін-өзі таза ұстауға қандай тырысады. Сол үшін оның өзі арам емес, тазалықты мұнан ғибарт алуға жарайды. Кішкененің қайраттысы мысық. Өзі кіп-кішкентай болып, зор нәрседен қорықпайды. Қараңғы түнек жерге хайуаннан қорықпай жетіп баратын мысық.
Өзінің қаралдысынан үлкенді құмырсқа көтереді. Ол үмітінің зорлығынан үмітті болуды мұнан ғибрат алуға жарайды.
Жігіт адамның қырағылығы бүркіттей болсын. Зеректігі байғыздай болсын. Жүрісі маймылдай болсын. Он екі қырлы, бір сырлы, отыз аяқты болсын. Бұлай дегені – басқан ізін білдірмей, жүрген ізін кісіге сездірмейтін болсын дегені. Орнына қарай мінез қылсын. Сонда адам болып, адам қатарына кіреді. Біреуді біреу ит десе ашуланады. Өзі ит дәрежесіне жеткен жоқ. Ит суыққа, аштыққа шыдамды болады. Иесіне опалы болады. Ас құйса да, құймаса да, қадірлеп күтсе де, күтпесе де басқа біреудің есігіне телміріп бармайды. Қанша ұрып, соқса да иесіне кек сақтамайды. Түн болса, дамыл таппай үріп, иесінің маңына күзетші болады. Қараңғыдағы дыбысты аттан ит бұрын естиді. Түн болса ұйқыға да сақ болады, не үшін, иесіне көмек көрсету үшін. Жақсы кісіге, киімі әдемі кісіге үрмейді. Жаман кісіге, киімі жаманға үреді. Естілікте жаман-жұман кісіден есті болады. Қазақта мақал бар: «Киімі жаманды ит қабады, пиғылы жаманды тәңірі табады» деген. Ит иесіне болысып дұшпанға қару қылады. Сол үшін бұрынғылар айтқан: «Ит опа, қатын жапа» – деп.
Адам мінезді қайдан үйренем демесе керек. Түйе деген малдан ғибрат алу керек. Түйе сондай зор биіктігін ойына алмай, бір тышқанның құйрығына байлап қоя берсе, еріп жүре береді. Өзі қырық күн шөлге шыдайды. Көзіне көрінгенді қорек қылып, еш нәрсені талғамай жеп қанағат қылып жүре береді. Күштілікте қара жердің кемесі десе болады. Көнгіш те, сондай көнгіш бола шөгерсе де шөгіп жатады. Түн болса, байлап қойған жерден қозғалмайды. Оның жалғыз-ақ құмар нәрсесі тұз болады. Тұз жалата берсе, жаны кіре береді. Қазақта мақал бар: «Түйе тұзға тоқтайды, жігіт қызға тоқтайды». Және бір мақал бар: «Тұз десе, түйе тұтпайды, төркін десе, қыз тұтпайды» – деген. Төрт аяқты хайуанда түйе малының ұрғашысы ер іздемейді. Иесі қолынан шөгерсе жатады. Әйтпесе, ғұмырында еркегін керек қылмайды десе де болады. Мұнан ғибрат алуға жарайды.
Біздің қазақ жұрты мақтаған адамын «қойдан қоңыр» деп сөйлейді. Қойда жуастық мінез бар. Сол себепті басқа хайуандардан сипатты болады. Ешкі егіз табады, ит сегіз табады, шошқа тоғыз табады. Онан да көп табатын хайуандар да бар. Қасқыр қанша күшіктейді? Түлкі, қарсақ, мысық әрқайсысы қанша бала табады. Қой жылына жалғыз-ақ қозы табады. Сонда да төрт аяқтыда қойдан көп жануар жоқ. Өзі жылына үш түлейді. Бір қабат жүнін «жабағы» деп атайды. Қазақ халқы оны қанша пайдасына жаратады. Өзіне киім, малына жабу, артығын сатып, керек-жарағын алады. Бір түлеген жүнін қозының қарын жүні дейді. Одан текемет басып, қызға жасау қылады. Үй ішіне төсеніш қылады. Ақ жүнінен аппақ киіз басып, тұскиіз жасайды. Үшінші түлегенін күзем жүні дейді. Қанша киіздер басып, онымен керек жабдықтардың бәрін бітіреді. Жазда отыратын киіз үй, ішкі-тысқы төсеніштері мен қысқы үйдің астына төсейтін төсеніш – бұлардың бәрінен артылғанын және сатып керек-жарағын алады. Қазақ жұртының тұрмысын бірсыпыра көтеріп ірілендіріп тұрған осы қой деген мал. Құрт-май. Қыс болғанда қазақ деген жұрттың отыны қойдың барлығынан табылады. «Қой дегенді қой-ақ қой» дегені – ол жарықтықты айтып не қыласың деген сөз. Қойдың жүнінен басылған киіздің бір қасиетін сөйлейік. Кеше қазақ жұртында Едіге баласы Шоң би жаз күнінде қанша игі жақсы бас қосы, бір киіз үйде отырғанда жарқ-жұрқ етіп найзағай ойнап жаңбыр жауды дейді. Сонда Шоң би отырған үйдің төбе киізіне қараса, бір саңылау-тесік жоқ екен. Қасында отырған әлеуметтен сұрады:
– Осы үйдің екі үзігін ұрлағанға қандай айып саларға керек? – деп. Жұрт дәнеме дей алмады. Сонда Шоң би өзі айтты дейді:
– Дәл осы үйдің екі үзігін ұрлағанға іші тола отырған жанның құнын төле деп бұйырар едім, – дейді. Отырған жұрт бұл сөзіне көнбей:
– Бұл екі үзікті сатса пәлен қой, мұнша құнды, мұнша пұлды болатын мұның не артықтығы бар, – дейді.
Сонда Шоң би отырып айтты:
– Сендер құдайдың қай бергенінің қадір-қасиетін білесіңдер. Күн күркіреп жауып тұр. Найзағай ойнап, жарқ-жұрқ етіп тұр. Естігенде жанда зәре қалды ма? Аспаннан түсетұғын жайдың оғы тесігі жоқ бүтін киізден тіпті өтпейді. Дәл осы күнде осы үйдің үстінен жайдың оғы кез келсе, өтетұғын жері жоқ, киіздің жүнінің арасына бытырап-бытырап сіңіп кетеді. Осынша жанды сақтап қалуға себеп болған соң бұл үзіктің құны үй толы жанның құны болуға жарамайды, – дейді. Отырған жұрт жағасын ұстап, таң-тамаша қалды дейді.
Жапалақ деген құс болады. Өзі он жұмыртқа табады. Соның бәрін бірден жарып ұшырмайды. Екеу-екеуден жарып бала қылып ұшырады. Бәрін бірден жарып бала қылсам тамақ жеткізе алмаспын деп. Өзі намаздыгерден жоғары, бесіннен төмен бір-ақ мезгіл ұшады. Алса бір тышқан алады, алмаса алмай қалғаны. Сонда да құстың семізі болады. Себебі, қанағаты мол болғаннан. Адам қанағатты содан ғибрат алса керек.
Байғұз деген құс бар. Ғариплықты, бейшаралықты мойнына алып таста жатады, қайда бұзылған жай болса, сонда жатады. Су ішпейді, бидай, тары жемейді. Өзінде көлденең тістеген қылдан да жіңішке шөп болады. Оны да жемейді. Құры тістеп жүрсе керек. Қазақта бір сөз бар: «Тұрымтай екеш, тұрымтай да тайлы биенің етін жейді деген. Бір тауыққа һәм дән керек, һәм су керек деген. Бір нәрсені қорек қылып жейтұғын болсам, соның қарғысына ұшырап бейнетке қалсам керек» – деп. Сол үшін ешкімнің көзіне түспейді, жанға көрінбейді. Сүлеймен пайғамбарға барша құстар қызметкер, құл болғанда, ол келмеген. Сонда Сүлеймен патша:
– Не үшін маған келмейсің? – дегенде, байғыз айтты:
Менің жалған дүниеден ешбір керек қылған нәрсем жоқ. Сенен не іздеп келейін деген. Бұл сөзге ақыл жіберіп, ықылас қойған адам мұны ойлап пікір қылу керек. Ұшқан құсты торға түсіретұғын, жүгірген аңды орға түсіретұғын тамақ екен. Жұтқын тамағына ие болған адам торға да түспейді, орға да түспейді. Осы күнгі адаммын деп жүрген адамдардың жауы иегінің астында. Ол жау не десеңіз, жұтқын тамақ жалғанда мазаққа, ақыретке, ғазапқа түсіретін тамақ. Тамағынан тартылған бәріне ықыласты болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   292




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет