ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ
Ана тiлi мен қазақ қызы. Маған осы екi сөз бiр-бiрiнен ажырағысыз табиғи тұтасып кеткен киелi ұғым тәрiздi көрiнедi. Аңғарғанға ананың ақ сүтi мен аялы алақанысыз ана тiлiнiң қанат жаюы мүмкiн бе, сiрә. Менiңше, мүмкiн емес.
Мен бұл тақырып бойынша сөз қозғау үшін көп ойландым, көп толғандым. Қазақтың өлеңдері мен мақал-мәтелдерін, ертегі-аңыз әңгімелері мен эпостық жырларды, қазақ жазушылары мен жыраулар дүниелерін, ғұламалар толғауларын шарлап шықтым. Өз аналарымыз бен әпке, қарындастарымыздың тағылымға толы табиғатын барлап, көз алдымызда, алақан аясында өскен және білім, ғылым саласындағы қыздарымыз бен немерелердің алып отырған тәрбие мен өнегесін ой әлемінен өткізіп, саралап шыққандай болдым. Жақсы ма, жаман ба, осы бір табиғаты мен тақылеті өзгеше, болмыс бітімі ерен, өмірдегі орнын ешқандай сөзбен айтып тауысуға болмайтын жандар жөнінде мейір-шапағатқа, ықылас-бейілге толы өз топшылауымды оқырманмен бөліскім келді.
Мұның өзін аналар мен ана тілі туралы жыр десе де болғандай. Рухани тарихымыздың тарғыл беттерін парақтасақ, қазақ қыздары мен қазақ әйелдері, жалпы, аналар әлемі туралы толғанбаған тұлғалар сирек екен. Оның үстіне жүрек тербер, сезім қоздырар қазақтың халық әндеріне немесе мақал-мәтелдеріне бір сәт көңіл аударып көрелікші. Нені меңзеп, не айтар екен. Бұларға дендей берсек, сөзді ұзатып алар ек.
Бұларда аналарға, қыздарға тән әрі тәрбиелік, әрі тағылымдық мәні ерекше толғамдар бар. Соларды саралай келе мынадай сөз үйірлерін байқадық. Әрине, әлгі тақырыптардың бәрін толық баяндау мүмкін емес. Сондықтан бұл жолы халықтық мақал-мәтелдер төңірегінде ғана кейбір ойларды алқаға салған жөн-ау дедік. Сонымен, ой қозғайық.
Қазақ қауымында қыз баланың орны айрықша болған. Оны мынандай мақал-мәтелдерден анық аңғарамыз. Ата-бабаларымыз қызды қонақ деп есептеп, барған жерде бағының ашылуын үйде отырып қамдаған. Барынша ізетті, сыпайы, мейірімді де ісмер, қылықты да қырмызы болуын үнемі қадағалап отырған. Еркін ұстаған, бірақ тым еркінсітпеген.
«Қыз – өріс, ұл – қоныс» деп білгендіктен қазекем өрісін кеңейтер қыз балаға айрықша көңіл бөлген. «Қыз мінезді келсін, ұл өнерлі келсін» дей отырып, «қызға қырық үйден тыйым» жасайды. Қыз тәрбиесіндегі жеңге рөлі де көзден таса болмайды. «Қызы бар үйдің жеңгесі сүйкімді келеді». Өйткені, әке-шеше айта алмайтын сырды жеңге жеткізеді. Қыздың балғын болмыс-бітімі мен тәрбиесінің басы-қасында аяулы жеңгелер жүреді. Сүйген жігіті мен екі арадағы әдепті қарым-қатынастың табиғи өрбуіне себеп болатын осы жеңгелер. Бұларды жеңгетайлармен шатастыруға болмайды.
Ата-ана қызынан ешнәрсені аямайды. Оның ешнәрседен мұқтажсыз, бұла өсуін қадағалайды. Өйткені, қызға бергенді қызыр өтейді деп біледі. Сонымен бірге қазекең қызды бетімен де жібермейді. «Қызды қымтап ұстаған ұялмайды» дей отырып, оларды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіруді парыз санайды. Олардың ар-ұятының сақшысы бәріне жауапты екенін еш уақыт ұмытпаған. Содан да болар, бір жағынан «қыз бен жылқы жаудікі» деп қыз тәрбиесіне мейлінше сақ қарайды. «Қыз баққаннан қысырақ баққан оңайлығын» жадынан шығармай баянды отанын тапқанша өзінің жауапты екенін еш ұмытпаған. Сөйте тұра қызды жағадағы құндыздай күтеді.
«Күйеу жаман болса қызыңнан» деуінде үлкен мән бар. Өзінің отбасында керекті тәрбиенің бәрін көріп өскен қыз бала, соған қоса мінезді де қылықты болса, парасатты да пайымды болса екен дейді. «Қызды күте алмаған күң етеді, жібекті түте алмаған жүн» етеді. Мұның көбі, негізінен қыздың шешесіне байланысты дүниелер. Сондықтан, қыз көретін жігіттер, алдымен жеңгесі арқылы шешесінің қандай адам екенін анықтағысы келеді. «Шешесі жаманның қызын алма» немесе «шешесін көріп, қызын ал» деуде осындай мақсат бар.
Заманның бағыт-бағдарына қарай мақал-мәтелдер де түрленіп, өзгеріске түсіп отырады. «Шешесі отырып, қыз сөйлегеннен без» дей келе, қыздың жақсысын іздейді. «Ақылды қыз білімге жүгінер, ақылсыз қыз сөзге ілігер» деп біледі. Осындай негізгі тәрбиелік жұмыстарды жүргізіп алған соң, қазекеңнің құдайдан тілейтіні қызының барған жеріне тастай батып, судай сіңуі. Барған жерінде бағының ашылғанына қатты қуанады, бағы тайса қатты күйінеді. Қорқатыны – «қайта шапқан жау жаман, қайтып келген қыз жаман» екені.
«Шыққан қыз шиден тысқары» қыз баланың ендігі жердегі тіршілігі шектеулілеу болатыны белгілі. Ол келіндік және әйелдік дәуір. Бұл қыз бала үшін мейлінше жауапты кезең. Жаңа түскен келінге сыншы да, мінші де көп. Ол енді төркінінде алған тәрбиенің қаншалықты мағыналы екенін көрсетуге тиіс. Жеңгесі мен шешесінен көргенін істеп, қайын жұртының көңілінен шығуға тырысады.
Қазақ қыздың өз жұртымен бірге қайын жұртының да тәрбиеге жауапты екенін қатты сезінеді. Оның қандай елге, қандай отбасына келін болып түсуіне көп нәрсе байланысты. «Жақсы елге түскен келін келін, жаман елге түскен келін келсап». Бұл жерде қайын ененің рөлі көріне бастайды. Көбінесе «келіннің қайын ене топырағынан жаралғандай» болып келуін қалайды. Шынында көргенді елден шыққан қыздың, көсегелі елге тап болуы зор бақыттың кепілі.
Жас келіннің бетін ашу рәсіміне қазақ халқы айрықша мән берген. Мұндағы мақсат – ақынның астарлы да ойлы, көркем де шебер тілімен жас келінге келген жерінің үлкен-кішісімен, ел-жұртымен таныстырып ізет-құрмет күтуі өзге елдерде бола бермейтін ұлтымызға тән тамаша дәстүрдің бірі. Бұл мәңгі есте қалар, ұмытылмас сәттер. Сондықтан «келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дейтін нақыл сөз көптің көкейінде қалып қойған. Сөйтіп, келін енді келген жерінің тәрбиелік мектебінен өте бастайды.
Қазақтың бұл тұстағы тәсілі де өзгеше. Ата-ене көңіліндегі ойды келінге туралап емес, тұспалдап жеткізуге тырысады. Тіпті, көбінесе қызына сөйлеп отырған болып, келінінің құлағын діттейді, «Қызым саған айтамын, келінім сен тыңда» дейді. Келін татулық жаршысындай болса деп армандайды. Әсіресе, абысындар арасының ынтымақты болуы көзделеді. «Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп».
Қыз, әйел, қатын, абысын-ажын, ағайын туралы мақал-мәтелдерді саралай отырып, халық даналығына қайран қаласың. Атам қазақ ешбір жарғы, нұсқау жазып әуре болмай-ақ әрі қысқа, әрі нұсқа нақылдармен тәрбие-тағылымның тамаша үлгісін түйіп айтып отырған.
Осының бәрінде ананың орны айрықша. Барлық ізгілік, мейірім, шапағат адам баласының бойынан ананың ақ сүтімен дарыса керек.
«Ана сүті бой өсіреді, ана тілі ой өсіреді». Әрбір ана бойындағы тағдыр берген бар асылын тоғыз ай толғатқан перзентінен аямаған. Олардың арасынан сөз ұстаған ақын да, ел қорғаған батыр да, шежіре шерткен ғалым да, ел қамын жеген дана да, үлгі-өнеге шашқан ұстаз да тағысын тағы талай дүлдүлдер мен шешендер, өмір гөй-гөйін түйіндеген шеберлер де шыққан. Елі-жұртына ойран салған опасыздар да, қатыгез қара ниеттілер мен халқын қан қақсатқан жауыздар да болған.
Соған қарамастан анаға табынбайтын, оған тоқтамайтын, оның алдында тізе бүкпейтін жан сирек. Иә, қазақ үшін ана алдындағы қарыздың өтелмегені өте ауыр. «Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да, қарызыңнан құтыла алмайсың», «Анасыз қыз жасауға жарымайды». Ендеше, «Анаға қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер». Сол себепті «Анасын көріп қызын ал».
Бұлар ана туралы халық даналығынан алынған бірен-саран мысалдар ғана. Тағылымға толы осынау толғауларды тарата отырып, қазақ тілінің түпсіз де терең байлығына, ойыңды көріктендіріп, көңіл сарайыңды нұрландыра түсер асқан қасиетіне қалайша шаттанбайсыз.
(Айтбайұлы Ө.//Дала мен қала, № 10 (191), 08.03.2007)
Достарыңызбен бөлісу: |