ӘКЕ ӨСИЕТІ
Ғұмырдың ерте-кешкілігінде жадыңда көмескі тарта бастаған естеліктер аса жарқын әрі айқын көріне бастайды екен. Қараңғылық қоюланған сайын күні кешегі ғайып болып, өткен жылдар елесі еліктіре беретін сияқты. Осыған орай, әкем туралы естеліктер еске түседі, өйткені біраз уақыттан бері ол менің жеке тағдырыма айналып, жан-дүниемді билеп, өз тағлымын тоса беретін сияқты.
Десек те, менің әкем туралы бір ауыз сөз жазбақшы әрбір адамға әңгімені неден бастау оңай емес-ау. Өйткені әкей ғайыптан пайда болған жан емес, керісінше, ұрпақтары, ата-баба рухы оның жүріп өткен жолын қырағы бақылап тұр. Бір кезде біздің бойымызға қан жүгіртіп, тәнімізге ақыл-ой, сезім-түйсік сепкен қасиетті аруақтар ру тайпаның ғана емес, бүтін бір халықтың тарихын жасайды емес пе!? Алайда әр ұрпақтың маңдайына жазылған өз талай-тағдыры, өмірлік тәжірибесі бар. Мұндай тағдыр таңдауы қажет-ақ, өйткені таным қанаты қатайып, жүрек сәулесі ашылмақ емес. Тамыры халықтың таусылмас рухани қазынасымен ұштаса алмаған білім ешқашан ғылымға айнала алмайды. Адам жаны ұлттық арнадан барынша сусындағанда ғана, оның жүрек лүпілі халық деп соғады. Бұл лүпіл сонда ғана өзі үшін емес, халық үшін, соның тағдыры, болашағы, үміт-арманы үшін жалындайды, лаулайды.
Мұндай ой-арман аспаннан түскен жоқ, оған мені тірі кезінде әкем алып келді. Табан тіреп қасарысқан мені ол бұл жолы құлағымнан сүйреп әкеп салып, бағыт сілтеді, осы жолы кездесетін негізгі қағидалардың әліппесімен таныстырды. Оның айтқандары бірте-бірте ұмытылмас ережеге айналса да, мені әлі оның өсиеттерін түгелдей орындап шығуға пісіп жетіле қойған жоқ едім ...
- Халықтың жолымен жүрсең, ешқашан адаспайсың. Халықпен бірге болсаң, ешқашан жалғызсырамайсың, - деген ең басты өсиеті жадымнан шықпайды.
Бір күні ол мені бөлмесіне шақырып алып, қасындағы креслоға отырғызды да:
- Сен қаланың тас кеудесінде өстің, сондықтан сенің тамырың әлсіз. Сен туғанда мен соғыста едім, шинелімнің етегі қанға малшынып, лаулаған оттың түтіні сіңген еді. Сені өзіммен бірге оқтың астына әкете алмадым, өзімнің әкелік парызымды өтеу үшін, саған келе алмадым, себебі мені Отан алдындағы перзенттік борышым жібермеді. Қиырдағы жат жерде жүріп, саған әкелік мейірімімді, әке тәрбиесін бере алмадым. Бұған менің кінәлі емес екенімді сенің түсінуің керек. Бірақ саған ұлттық рухтың дәнін себе алмаған айыбымнан бас тартпаймын. Мен сенің мәңгүрт болып өскеніңе қатты күйінемін, бұған да сенің ешқандай кінәң жоқ екенін жақсы түсінемін. Дегенмен сенің айыбың сол: өзіңнің шыққан жеріңе, өз халқыңа қайта оралуға асығар түрің жоқ. Сен нағыз тас жүрек космополит болсаң да, мен сенен кете алмаймын, бірақ бұл менің жүрегімде айықпас дерт болып қалмақ. Маған бала керек, бірақ менің балам өз халқын мақтан тұтатын әрі басқа ұлттарды өгейсітпейтін қазақ болуы керек. Адамзат үшін өз халқының жолы – оның ең дұрыс жолы, ал кез келген қыңырлық оны сөзсіз бақытсыз етеді, өйткені теріс пиғыл халықтан жырақтатады. Өз халқыңның өгей баласы атансаң, өзгеге де сыймайсың. Осы есіңде болсын, - деген еді.
... Күздің бір кешінде әкем маған келіп, керуеттің шетіне отырды да, темекі тартты, ымырт үйіріле бастаған терезеге ойлана қарап, сөзін бастады:
- Өзімшілдік өкіндіреді. Ұлттық өзімшілдік тек сені ғана сансыратпайды. Бұл жағдай жаппай құлықсыздыққа бастайды. Егер елімізді отбасы деп санасақ, онда қазір біздің отбасымыздың толыққанды емес екенін аңғару қиын емес. Мемлекетіміздің негізгі Заңы, яғни Конституция билігі бар, оны қазақтар Ата Заң дейді. Ал отбасында атамен, яғни әкемен бірге ана да бар ғой. Ендеше біздегі Ана Заңы қайда? Ана Заңы - адамгершілік заңы. Ол адам бойына ұлттық психологияны, ұлттық мінезді ұялатып, халықтың ең асыл, ғасырлар қойнауынан екшелеп өткен әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін, оның дүниеге көзқарасын, мәдениеті мен рухын жаңғыртып, дамытуға жол сілтейді, бағыт-бағдар нұсқайды. Өз сәби кезінде анасының емшегін ембеген бала басқа малдардың сүтімен ауызданады, демек ешкінің сүтін ішкен сүзеген серке, қой сүтін ішкен қой мәнзелдес болып өседі, сиыр сүтімен қоректенгендер өгіздей өкіреңдесе, мегежін сүтін ішкен доңыздай торсаңдайды.
Мен еріксіз күлдім, бірақ әкем қабағын үйіп, шорт тоқтатты:
- Мен мұның бәрін күлкі үшін айтып отырған жоқпын! Бұлар аса қажет нәрселер: сенің оларға күлгенің - өзіңе-өзің күлгенің. Сақ бол, бұл қауіпті. Саған қауіпті болатыны сол: егер сен киелі нәрсеге күлгеніңді қоймасаң, мен сенің тұмсығыңды бұзамын. Мен мұны мүлтіксіз орындайтынымды өзің жақсы білесің.
- Кешір, әке! Мен бәрін жақсы түсінемін, алайда мен сенің теңеулеріңді естігенде, еріксіз күлгенім ғой, - дедім мен.
- Ақымақ! Бұл салыстыру емес, сақтандыру! Күллі қазақ әлемі өзінің болашағына секемденіп қарап тұрғанын сенің түсінуің қажет, бірақ бұл туралы ой-пікірін ана тілінде айта алатын біреу табыла қояр ма екен?! Өйткені оның жан даусы мидай далада естілген жаңғырық сияқты ғана. Ана тілін баяғыда ұмытқан және бөтен тілде шүлдірлеген оның балалары оны естімейді әрі түсінбейді. Тіл дегеніміз – жүрегіңді шарпып, жаныңды жалындататын от. Мен осындай оттың өшіп бара жатқанына қиналамын. Сенен өтінетінім: өз халқыңнан ажырама. Мұны сенен өтініп отырғаным: сен халыққа керексің, өйткені халық тіпті қажетірек, - деп әкем сөзін бітіріп, орнына тұрды да, бөлмеден шықты.
Тағы бірде әкей бәрімізді кабинетіне жинады. Жарқырап атқан таң әлі есімде, бірақ аспан әлемін бүркеп алған қара бұлттай түнеріңкі әрі қатулы.
- Мен сендерге немеремді мәңгүрт жасата алмаймын, - деді ол қатал үнмен. – Бір отбасы үшін бір рухани бейшара жетіп артылады. Ержанның қазақша сөйлегеніне ризамын, бірақ қазіргі ортада бәрінің тез өзгеруі қиын емес, сол кезде орыс тілі оның ана тіліне айналады. Қаланың баласының орыс тілін білмеуі қасірет месе, ана тілінен мақұрым қалу – нағыз сорақылық. Менің байқауымша, ол орыс сөздерін араластырып сөйлейді. Қазір бұған кінәлі Бақыт сенсің, кейін кінәлілер көбейе береді. Бәке, сен сөзіңе мән бермейсің де, орысшаға қарай ауыса бересің, ал бала оныңды естіп-біліп отыр. Былық сөздеріңді доғарыңдар! Мұндай қылығың орыс тіліне де, қазақ тіліне де пайда келтірмейді.
- Бірақ мен қазақша сөйлеуге көбірек талпынып жүр емеспін бе? Әсіресе баламның көзінше, - дедім мен ақталып.
- Мен сенің ондай талабыңды байқаған емеспін, - деді әкей түйіліп. – Тілді үйрену үшін, ең алдымен оның өмірге қажеттігін сезіну қажет. Сондықтан өзіңнің қазақ екеніңді түнде де, күндіз де ұмытпа. Тіпті түсіңде де қазақша сөйле. Сонда ғана қазақ рухы жүрегіңде ұялап, ұлттық намысыңды оятады, ұлттық сезіміңді асқақтатып, өзіңді-өзің тануыңа даңғыл жол ашады. Жұрттың күлгеніне мән бермей, қазақша үздіксіз сөйлеуден жалықпа. Айналаңдағылардың қарғысына қалғанша, сыни күлкісіне қалғаның жақсы. Өйткені, халықтың қарғысынан басқа күшті еш нәрсе жоқ. Ондайдан сені бір Алланың өзі сақтасын! Халық қарғысынан ешқайда қашып құтыла алмайсың.
- Сенен ұзақ жылдар бойы қол үзгеніме қарамастан, қазақ болу үшін мен қолымнан келгеннің бәрін істедім,, - деді әкем біраз үнсіздіктен кейін. – Біздің үйде үнемі қазақша сөйлейтінбіз, өйткені Қазақстанның әртүрлі жерінен Алматыға келген қазақтың жас журналистері үшін біздің үйдің есігі әрдайым ашық еді. Менің арманым ана тілінің әуені біртіндеп сенің қаныңа сіңіп, жатырқамаса деуші едім.
Журналистердің бірсыпырасы туған баламдай болып, саған ағалық көзбен қарайтын. Және де … жыл сайын жазда сені ауылға жіберіп, жусан исі сіңген ауаны мейірлене жұтсын дегенім ғой. Ауылдың өзін сағындырып тұратын әрі адамды тау мен далаға еріксіз жетелеп әкететін бір сиқыры бар. Бұл құпия бірден сезілмейді, бірақ есейген сайын ауыл жиі-жиі есіңе түсіп, жүрегіңді сыздатады. Ауылға барған сайын, туған жердің шипалы ауасын жұтып және ата-бабаның қасиетті топырағын басып тұрып, кеудеңді кере дем аласың. Мұндай кезде тамырың тереңдеп, жаның тазарып, алысты болжайсың және түсінігің артады. Адамға қанат бітіріп, сен бір ауылдың ғана емес, күллі Қазақстанның ұлы екеніңді, оның түкпір-түкпірінде өмір сүріп жатқан туыстарыңның бар екенін сезесің. (Момышұлы Б. Ұшқан ұя.- Алматы: «Санат», 2005. – 224 бет. 216-222 беттер)
Достарыңызбен бөлісу: |