Реферат Тағдыр деген сөз барлық ұлттың тілдерінде бар және тағдыр туралы дәстүрлі діндерде де көп айтылады. Қарапайым ой қисынына салып қарасақ: егер тағдыр деген түсінік бар екен, онда тағдыр дегеннің өзі де бар болғаны ғой
Тағдыр деген сөз барлық ұлттың тілдерінде бар және тағдыр туралы дәстүрлі діндерде де көп айтылады. Қарапайым ой қисынына салып қарасақ: егер тағдыр деген түсінік бар екен, онда тағдыр дегеннің өзі де бар болғаны ғой. Адамдардың көбі шынында да тағдырға сенеді және алдын ала белгіленіп қойған осындай өмір жолын өзгертуге болмайды деп ұғынады. Шындығында солай ма?
Тағдыр – алдын ала белгіленген өмір жолы
Енді тағдыр дегеннің өз не? Сол мәселеге жауап беретін кез келгендей. Тағдыр дегеніміз – бұл біз дүниеге келген сәттен бастап өлгенге дейінгі аралықтағы алдын ала Жаратқанның белгілеп берген өмір жолымыз. Дәстүрлі діндердің түсінігі – осындай. Жаратқан тарапынан алдын ала белгіленетіндіктен, тағдыр жолын өзгертуге болмайды деп санайды көп адамдар. Мұндай адамдар әдетте, тағдыр салды, біз көндік деген ұстаныммен, санасыз, мақсатсыз өмір сүреді.
Жалпы, дәстүрлі діндерде, оның ішінде ислам, христиан, иудей діндерінде тағдыр дегеннің болатынын мойындағанмен, ол туралы толымды түсінік бермейді. Ал, буддизм және индуизм діндерінде тағдыр туралы жан-жақты және толымды түсінік берілген. Буддашылар мен индустар «карма заңы» деп аталған адамдардың іс-әрекеттеріне орай пайда болатын заң – біздің болашақ өмір жолымызды, яғни тағдырымызды белгілейді дейді.
Индустар мен буддашылардың түсінігі бойынша адам өмірі бір ретпен ғана шектелмейді. Ол туу мен өлімнің тұйық шеңберінде шыр айналып жүреді. Бұны – самсара деп атайды. Осындай өмір жолында адам жасаған іс-әрекеттері арқылы оның болашақ алатын тәні мен өмір жолы, яғни тағдыры айқындалады. Егер сіз өткен өміріңізде жақсы әрекеттер жасап, иманды болсаңыз, онда бақуатты, қайрымды отбасында дүниеге келіп, деніңіз сау, қол-аяғыңыз бүтін, жолыңыз болғыш болып, бақытты ғұмыр кешесіз. Ал керісінше, жаман әрекеттер жасаған болсаңыз, маскүнем немесе келеңсіз отбасында туып, кемтар, болмаса сұрықсыз болып, қиындықтан көз ашпай тірлік кешесіз.