З. Ахметова шуақты күндер



Pdf көрінісі
бет1/3
Дата08.09.2023
өлшемі1,81 Mb.
#180507
  1   2   3
Байланысты:
Shuakty kunder Kaz



З. Ахметова
ШУАҚТЫ КҮНДЕР
АЛМАТЫКІТАП БАСПАСЫ
2022


Кітап Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында қан майданда әйгілі 
командирлердің бірі болған, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының 
өміріне арналған. Ақылы мен адамгершілігі мол, халықтың ер жүрек асыл 
перзентінің бейнесі келіні жазған бұл шығармада жан-жақты ашылады. 
Семьялық архивтен алынған суреттер де кітаптың мазмұнын толықтыра түседі.
УДК 821.512.122-3
ББК 84 (5Қаз)
А 94
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі 
жалпы білім беретін мектептердің оқу-тәрбие үрдісінде
пайдалануға ұсынады
ISBN 978-601-01-4666-2
УДК 821.512.122-3
ББК 84 (5Қаз)
© Ахметова З, 2008
© «АЛМАТЫКІТАП БАСПАСЫ» ЖШС, 2008
Ахметова З.
Шуақты күндер: 
Естелік, эссе. – Алматы. «АЛМАТЫКІТАП БАСПАСЫ», 
2022. – 264 бет + 0,5 жапсырма.
А 94
ISBN 978-601-01-4666-2


«Шуақты күндердің» жазылуы
Қайда бармайын, қандай кездесу-жүздесулерде болмайын, маған 
қойылатын сан алуан сауалдардың ішінде ең көп сұралатыны мыналар еді:
– «Шуақты күндер» қалай жазылды?
– Кітап шығару үшін күнделік жаздыңыз ба?
– «Шуақты күндердің» жалғасы бола ма?
Әр кезде ештеңені бүкпей, ағымнан жарылып жауап беріп жүрдім. Енді 
осы сұрақтарға тағы бір айналып соғып, кітап бетінде қайталасам артық 
болмас деп ойлаймын.
...Баланың әр нәрсеге әуестенгіш әдетімен мектепте оқып жүргенде 
күнделік жаздым. Ол жазбалардың көбі «ұйқыдан ояндым, бетімді жу-
дым, шашымды өрдім...» деп басталатын баланың кәдімгі қарабайыр ба-
яндаулары еді. Келе-келе оң-солыңды ажырата бастағанда есте қалдырғың 
келетін ерекше күндерді, оқыс оқиғаларды жазатын болдым. Кейінірек ой 
толқындарымды, қайсыбір нәрселерге көзқарасымды анда-санда қағазға 
түсіріп қоятынмын. Қазір ойлап қарасам, қағаздың «қарсылығын» біршама 
жеңуіме сол күнделіктердің көп әсері болған екен.
Тағдырдың маңдайға жазуымен атаға келін атанған сәттен бастап, 
күнделікті қайта қолға алдым. Әсіресе атаға қатысты дүниелерді ықтияттап 
жаза бастадым. Бірақ алғашқы жылдары атаны жиі көру мүмкіндігім ша-
малы еді. Ол кезде атаның бөлек отбасы болды. Кейін Кәмеш апай қайтыс 
болған соң, атаның өтінішімен қолына көшіп келдік. Мен істеп жүрген 
қызметімді тастап, ең үлкен міндетім – атаның күтіміне біржола кіріскен-
де, күнделігімді тиянақтап жазуға бекіндім. Атадан естігенімді, көргенімді, 
одан түйгенімді мүмкіндігінше толық түсіруге тырыстым. Сондағы ақ, 
адал ниетім мынау болатын: «Қазақтың біртуар марқасқа батыр ұлының 
қолына су құйып, шайын қайнатып жүргенім – Алланың маған тартқан ерек-
ше бір сыйы. Атаны бір көруді армандайтын адам қаншама! Ал мен ертелі-
кеш қасында жүрмін. Қашанғы жүрерімді кім біліпті?! Қайшылықтардан 
жаратылған, қалыпқа сыймайтын күрделі адамның ертең қалай өзгеретінін 
өзге түгіл, өзі де білмейтін. «Кемпір алып» кетіп қалуы мүмкін немесе 
жасы келе бастаған жаны да, тәні де жаралы жан қайтпас сапарға аттанып, 
орнын сипатып кетуі де әбден ықтимал. Сондықтан ата «қолда тұрғанда» 
әрбір сөзіне дейін, қимыл-қозғалысына дейін қағазға түсіре берейін. Бала-


4
сы Бақытжан бірер кітабын шығарып, жазушылыққа талпынып жазып жүр. 
Күні ертең менің жазбаларым оған керек болар. Әрі-беріден соң уақыт өте 
келе немере-шөберелеріне қажет болар», – деп ойладым.
...Алланың сызығынан кім өткен, ата бақиға кеткен соң мен жазбала-
рымды Бәкеңе беріп: «Сен қаламың төселе бастаған жазушысың. Ерте ме, 
кеш пе әкең туралы жазу қажеттілігі туады. Сонда мына күнделіктерді пай-
далан. Атаның өз аузымен айтылған талай өнегелі сөздері бар, керегіңше 
пайдалан», – дедім.
– Жоқ! Мен бұларыңды алмаймын, – деп кесіп тастады.
– Тұра тұршы, бірден бас тартпай. Мен саған бірнеше эпизодты оқып 
берейін, содан кейін өзің-ақ жабысасың, – деп, оның қарсылығына қарамай 
оқи бастадым. Сәлден кейін Бәкең мені тоқтатты да, былай деді:
– Енді тіпті де алмаймын. Біріншіден, мұның бәрі – келіннің көзімен 
көріп, келіннің түйсігімен түйінделген ойлар. Әйел адамның психологи-
ясымен жазылған. Ал менің әкеммен қарым-қатынасым, көзқарасым, ой 
қорытуым сенен мүлде басқа. Екіншіден, мен Алматының асфальтында 
туып-өсіп, орысша оқыған шала қазақпын. Сенің жазбаларың таза қазақи 
ұғым, түсініктермен, ұлттық болмыспен, ұлттық таным-наныммен жазылған. 
Егер сенің күнделігіңді пайдалансам, аққа қара тігіс жүргізгендей бады-
райып қалады. Қанша әдемілеймін десем де, жасанды болады. Адам өзінің 
бойында, табиғатында бар қасиетімен жазғанда ғана шынайы болады. Әсілі, 
кез келген автордың жазғанынан оның қандай адам екені, деңгейі көрініп 
тұрады. Сондықтан ешкімде жоқ мына әңгімелеріңді өзің естелік-эссе етіп 
шығар. Тек әрбір эпизодтың басына әуен, соңына ұғымды қорытынды берсең 
болды. Ал енді, бүгіннен бастап жұмысқа кіріс, – дегені.
– Мен жазушы емеспін, жазбаймын, жаза алмаймын, – деп шыр-пырым 
шықты.
– Саған ешкім роман, повесть жаз деп жатқан жоқ. Сенде дап-дайын 
тұрған естеліктер бар. Соның бас-аяғын келтірсең болды. Шындап келген-
де, мынандай деректерді жарияламау күнә, атаңның рухы алдында айып, – 
деп, Бәкең мені тіпті шошытып тастады.
Мен иліге қоймай, Бәкең үгіттеуін үдетіп, текетіресте жүрген күндердің 
бірінде үйге «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы Сейдахмет аға 
Бердіқұлов келді. Ұмытпасам, бір мақаланы Бақытжанға аудартуға әкелді. 
Шай ішіп отырғанда Бәкең күнделіктің тарихын айтып салды. Аға журна-


5
лиске тән әуестікпен елең етіп, ықыласпен тыңдап: «Әкеліңдер, көрейік», – 
деді. Бас-аяғы бүтін емес дүниені дайын тұрғандай етіп, мені ұстап бергені 
үшін жұбайыма кәдімгідей ренжідім.
Арада бірнеше күн өткенде Бәкең аударманы алып, Сейдахмет ағаға 
кетті. Қайтып келгенде сондай бір салмақты, салиқалы дауыспен:
– Сейдағаң газеттің бірнеше санына сенің естелігіңді жоспарлап 
қойыпты. Газет деген алдын ала, кейде бірнеше ай бұрын жоспар жасайды. 
Егер ол жоспар бұзылса, аға жоғарғы жақтан сөгіс алуы мүмкін. Өйткені, 
олардың жоспарын ЛКЖО ОК бекітеді. Саған енді шегінетін жер қалған 
жоқ. Басқа тірлігіңді жинап қой да, жұмысқа отыр, – демесі бар ма.
Қорыққанымды айтпаңыз, аузыма сөз түспеді. Қазақстан комсомолының 
Орталық Комитетін естіген соң есеңгірегенім болар, әйтпесе «қолжазбаны 
көрмей, оқымай тұрып, жоспарға қалай кіргізеді?» – деген сауал есіме кел-
меген. Кейде аяғымның астындағыны көрмейтін аңғалдығымды Бәкең 
әдемі пайдаланып, мені алдап соққанын кейін білдім ғой.
Әлемге аты жайылған өр тұлға жайлы қалам тербеу асқан жауап-
кершілікті, нақтылықты, тазалықты қажет ететін үлкен парыз екенін 
жүрегіммен түсіндім. Түсіндім де, бұл зор міндетті ойдағыдай атқара ала-
мын ба деп үрейлендім. Оның үстіне Сейдахмет аға мен үшін сөгіс алып, 
қызметіне кесірім тие ме деп қысылдым. Шынымен енді маған шегінер 
жер қалмады. Жаратқанға жалбарынып, атамның рухына бағыштап құран 
оқытып, шелпегімді пісіріп, нар тәуекел деп жұмысқа отырдым.
Кезінде жазылған, ай-күніне дейін айқын күнделік бірте-бірте естелік 
әңгімеге айнала бастады. Әр жазғанымды Бәкеңе оқып беремін. Кейбір 
жерінде: «Мына жерде ойың аяқталмаған», – дейді, кей тұсында: «Көңіл-күй 
жетпей тұр», – дейді немесе өтірік пе, шын ба: «Жарайсың!» – деп қояды. 
Қалай болғанда да, Бәкең менің алғашқы қадамыма сын көзбен қарап, ауыз-
ша көмегін аямады. Сонымен бір деммен, бір екпінмен алты-жеті эпизодты 
әңгімелеп жазып, қолжазба күйі Сейдағаңа апардым.
– Аға, машинкаға әдейі басқызбадым, жарамаса, ешкім көрмей-ақ 
қойсын. Бәкең мен сізден басқа күнделік жайлы әлі ешкім білмейді, – деп, 
қолжазбаны қалдырдым.
Бұл жазғаным шыға ма, шықпай ма, ойламауға тырыстым. Оның 
үстіне, атаның жылы жақындап келе жатты. Қазақта ер-азаматтың жы-
лын уақытына жеткізбей өткізетін ырым бар. Біз де қалыптасқан қазақ 


6
қағидасымен атаның асын атқару қамына кірісіп кеттік. Ол заманда той 
болмаса, өлімге байланысты шаралардың ешбірі ресторан, асханаларда 
өтпейтін. Оны бір түрлі сөкет көретінбіз. Үйіңнің ыңғайына қарай адамдар 
топ-топқа бөлініп келіп, дәм тататын. Есесіне оқылған құран, айтылатын 
бата-тілектер шаңырағыңның астында айтылып, керегелеріңе сіңетін.
Атаның жылын абыроймен өткізген соң, бір жарым айдан кейін, атаның 
тура қайтқан күні – маусымның 10 жұлдызы 1983 жылы «Лениншіл жас» 
газеті «Бауыржан Момышұлының қайтпас сапарға кеткеніне бір жыл тол-
ды» деп, атаны еске алды. Атаның өзінің шағын екі әңгімесін, ата мен не-
мересі Ержанның суретін, «Шуақты күндер. Келіннің күнделігінен» деп, 
менің естелігімнің беташарын берді. Содан газеттің тағы төрт санына ара-
сын үзбей жариялады.
«Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дегендей, алғаш рет мені 
оқырманға таныстырған «Лениншіл жастың» сол қадамы менің жолымды 
ашты. Сегіз баспа табақтық қолжазба «Жалын» баспасына қабылданып, 1984 
жылы алғашқы кітабым шықты. Ел-жұрт өте жақсы қабылдады. Бұл менің 
мықтылығымнан немесе шеберлігімнен емес. Ұлттық намысты, ұлттық 
қадір-қасиетті, ұлттың асыл қазынасын ешкімге жалтақтамай, қаймықпай 
ардақтаған батырын халқы сағынып жүр екен. Қарапайым келіннің ата-
сы жайлы бір үзік сырын ыстық ықыласпен қабылдауы – сол сағыныштан 
туған ел-жұрттың таза сезімдері еді.
1986 жылы «Шуақты күндер» толығып, екі есе көбейіп, қайта шықты. 
Ол жыл бүкіл бір халықтың мойнына «ұлтшыл» деген қамыт кигізіліп, 
ұлттық құндылықтарға қырғидай тиіп жатқан ауыр кезең болатын. Соған 
қарамастан, кітап жарық көрді. Кітаптан ұлттық дүниелерді түгел алып 
тастау мүмкін емес еді. Өйткені кітап ата туралы, атаның аузымен айтылған 
үлгі-өнегелер мен өсиеттер туралы еді. Әйтсе де, ұлттық салт-дәстүр, әдет-
ғұрып, таным-нанымдардың «көзге ұрып» тұрған тұстары күзелді. Талай 
әңгімені жібермейтінін білген соң, өзім ұсынбадым. Сөйтіп, менде бар 
күнделіктің бір бөлігі ғана кітап болып оқырман қолына тиді. Кейін 1990 
жылы «Светлые дни» деген атпен орыс тілінде шықты.
...Баяны да, тоқтауы да жоқ дүние дөңгелегі зырылдап, содан бері талай 
таң атып, талай күн батыпты. Өзгерместей көрінген қоғамдық құрылыстың, 
өмір салтымыздың бой-бойы қақырап, тіршілігімізге ұлан-ғайыр өзгерістер 
ерікті, еріксіз еніп жатты. Кеңес дәуірінде ойың түгіл түсіңе енбеген ұғым 


7
түсініктер, тосын жаңалықтар ояу отырып түс көргендей есеңгіретіп жібер-
ді. Тек бір ғана нәрсеге жүрек жарылардай қуандық. Ол – ата-бабаларымыз 
армандаған, армандап қана қоймай найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен, 
білектің күшімен қорғаған еркіндік, тәуелсіздік еді. 
Бұрынғы даналар: «Алла басыңа бақ берсе, қиындығын қоса беретінін 
ұмытпа», – деп айтқан екен. Бодандықтан құтылдық, еркін елміз деп шат-
танып, бөркімізді аспанға атып, қуаныштан есігімізді де, құшағымызды да 
айқара аштық. Сол кезде бөтеннің жақсысы мен жасығы, арамы мен ада-
лы, өзіне қажетсіз болып қайда жіберерін білмей отырған керексіз қоқыр-
соқыры лек-легімен бізге ағылды. «Көрмегенге көсеу таң» болып, талда-
май, талғамай, келгеннің бәрін қабылдадық. Жаттың қаңсығын таңсық етіп, 
бұрынғы құндылықтардан лезде жеріп шықтық. Өткеннің бәрін жамандау 
үрдісі басталды да кетті. Шындығында солай ма еді?..
Бір Алла ғана жалғыз. Қалғанының бәрі қос-қостан жаралған. Өмір 
мен өлім, күн мен түн, ыстық пен суық, жамандық пен жақсылық... деп, 
жұп-жұбымен кете барады. Бірінсіз бірі болуы мүмкін емес. Олай болса, 
өткеннің бәрі керексіз деп айту тарих алдында, ата-бабаларымыздың рухы 
алдында күнә.
Өзге үшін жауап бермейтін, өзім өткен күндерімді сызып тастаудан 
аулақпын. Талай қиындығына, қайшылықтарына қарамай, сол өткен 
күндерімнен алған тәлім-тәрбием, көрген шарапатым мол еді. Күні бүгінге 
дейін өміріме өзек болып тартылған, тіршілігімнің мәні мен сәніне айналған 
қыруар рухани байлықты сол өткен кездің жемісі деп анық айта аламын. 
Әне, сондықтан да «шуақты күндердің» бұрынғы басылымдарын ешбір 
өзгеріссіз, қоспасыз, сол күйі беріп отырмын. Өйткені бұл сол дәуірдің, 
заманның ағымы ырғағында жазылды. Кеңес тұсында шығып, көптің 
көңілінен орын алған кітапты заман өзгерді екен деп бұрмалап, бүгінгі 
күннің салтына, қалыбына ешқашан сүйремеймін. Ол – менің сағынышпен 
еске алатын өмірім. Ол – тарих. «Өткенге тас атсаң, болашақ саған оқ ата-
ды», – депті ғой бір ғұлама. Мен осыған сенетін адаммын.
Ал «Шуақты күндердің» жалғасы жазылды, амандық болса, оқырман 
қолына ол да тиер.


8
Маңдай тұсымыздағы биік төбенің артынан алаулап күн көтеріліп ке-
леді. Қала үстіне нұрын шашып, басталар күннің бар шапағатын арқалап, әке 
мейіріндей жылылық шуағын төгіп күлімдейді. Мен мұндалап тұратын осы 
бір биік төбе, жайшылықта, жылдар бойына байқалмаған сияқты, байқалса 
да жүрегімізден өшпес орын алып, өміріміздегі үлкен бір мәнді орынға ай-
наларын білмеппіз. Бүкіл халықты күңірентіп, жүрегімізді қан жылатып 
кеткен қаралы күннен кейін бұл төбеге жанарымыз жиі қадалатын болған.
Міне, бүгін де күннің алғашқы сәулесі түсер-түспестен уәделескендей 
балконға шығып, күн көтеріліп келе жатқан төбеге үнсіз қарап тұрмыз.
Екеуміз де бір-бірімізге ләм деспейміз, әркім өз ойымен өзі әлек. Алай-
да менің де, оның да ойлап тұрған ойымыз ортақ, көз талғанша қарайтын 
нүктеміз де біреу-ақ.
Еңсені басқан тыныштықты Ержанның үні бөліп жіберді.
– Атама қарап тұрсыздар ма?
– Иә, балам, – деді әкесі.
Ертеңгі ұйқыдан оянып, жылы төсектен қазір тұрған бала сәл бүрсеңдей 
келіп, әкесінің қолтығына ене түсіп, алдыңғы жаққа үнсіз қарап тұрып 
қалды. Содан кейін:
– Атам биік жерде, – деді.
– Атаң өмірде биік еді, топырақ бұйырған жері де биік болды, – дедім.
...Қазақтың маңдайына жарқырап біткен ерен ұлдарының бірі, елінің 
еркесі, қайталанбас біртуар тұлғаның алып жүрегі тоқтап, отты жанары 
жұмылғалы да біраз уақыт өтіп қалды. Бұны ақылмен түсінесің, бірақ көңіл 
шіркін күмәнданатындай. «Әттеген-айы» көп бұл жалғанның уытты өкініші 
жүрегіңді тілгілеп, дара туған үлкен бейненің енді арамызда жоқтығына 
сенгісі келмейді-ақ.
Ержан үйге келген кісіні балконға ертіп шығады. Атасының соңғы – тән 
тұрағы болған қасиетті төбені көрсетеді.
– Көрдіңіз бе, атам сонда. Бізге үнемі көрініп тұрады. Ал ол жер-
ге барғанда біздің үй анық көрінеді. Атам біздің қарап тұратынымызды
біледі, – дейді.


9
Олай емес екенін түсінбейтін есі кірмеген, кішкентай сәби емес. Бірақ 
табиғаттың бұлтартпас қатал заңы мен тағдырдың өзіне істеген қиянатын 
әлі де болса мойындағысы келмеген бала жүрегінің бұлқынысы еді бұл. 
Өзін де, өзгені де басқаша түсінуге, басқаша сендіруге тырысады. Бір емес, 
екі емес жиі қайталанатын осы әдеті жүрегіңді жаншып-ақ тастайды. Өзім 
жайбарақат ести алмаймын. Бір жолы шыдамым таусылып, Ержанды бауы-
рыма қысып еңіреп жылап жібердім.
– Ата бізге жоқ енді, түсінесің бе? Ешқашан оны көрмейміз! Ата бізді 
көре алмайды, – дедім көз жасыма тұншығып.
Бала үнсіз қалды, мен құсап егіліп жылаған жоқ, тек атасына тартқан 
қасының арасы түйіліп, бетіме суық көзбен қарады.
– Мама, жоқ деп айтпаңыз, – деді даусы дірілдей шығып.
Төбемнен біреу соққандай есеңгіреп, не дерімді білмей қалдым. Бала 
ойының бекем шындығы мен үлкенге тән салауатты сөзіне бірден жауап 
бере алмай әлсіздік көрсетіп, бордай езілген дәрменсіздігіме ернімді тіс-
тедім. Ойлап қарасаңыз, баланың айтқаны жай қиял, арман емес. Бүкіл халық 
біздің әкеміздің екінші өмірі, өшпес өмірі басталды деп отыр. Ержанның ай-
тып тұрғаны да сол шындық емес пе?
Бір жолы, топырағы кеппеген ата қабірінің басынан қайтып келе 
жатқанда, Бақытжан:
Отвергнув мед хвалы и яд хулы, 
Упрямо веря в смерти поражение,
Отец мой, Бауржан Момышулы, 
Ушел в свое последнее сражение, –
деген өлең жолдарын баласы екеумізге оқып берді. Тағы да Ержан «послед-
нее сражение» деген сөзге қарсы болды. Мен ойға қалдым, шындығында, 
«соңғы шайқас» деуге болмайды. Атамның әділет пен шындық жолындағы 
шайқасы әлі де жалғаса береді, ұрпақтан-ұрпаққа жете береді. Мансапқор-
лық, екіжүзді жәдігөйлік, тоғышар көлгірліктерге қарсы ұстанар әділеттің 
алмас қылышы болып таныла береді.
Бақытжан ақын емес, бірақ сол бір шумақ өлең шынайы сезім мен пер-
зенттік тебіреністен шығып еді. Мен үйге келген соң әлгі жолдарды қағазға 
түсірдім. Өйткені жүректі жарып шыққан әрбір сөздің өзін бағалауды, оны 
сақтауды маған атам үйреткен. Атам бізден бөлініп кетерінде архивін өзіме 
аманат еткен болатын. Сонда былай деп еді:


10
– Балам, қазақта «қара шаңырақ» деген өте ертеден келе жатқан 
қасиетті сөз бар. Оның негізі әкеден балаға, ұрпақтан ұрпаққа қалып 
отырған шаңырақтан талай түтін шыға-шыға әбден ысталып, көпті көрген 
деген ұғымнан шықса керек. Мына, өзіміз отырған пәтер, үкіметтің жа-
сап берген баспанасы болғанмен, Ержанға қалатын Момышұлының қара 
шаңырағы, менің ұрпағым осы үйде, – деп, сәл үндемей қалды да, сөзін 
қайта жалғады.
– Мен дүние жиған жоқпын, бірақ кедей емеспін.
Менің қазынам – тірнектеп жазған қағаздарым. Халықтың кәдесіне жа-
рап, біреуге ой салып, біреуге өнеге болып жатса, одан басқа байлықтың 
керегі не! Сол жазбалар осы қара шаңырақта қалады, сақтаушысы сен 
боласың. Өзің ошағын ұстап, дастарқанын жайып отырған бұл үйдің 
босағасының берік, маңдайшасының биік боларына сенімім зор. Сондықтан 
саған тапсырып отырмын. Бірақ менің рұқсатымсыз бір жапырақ қағазды 
біреуге ұстатпағын. Алда-жалда қажет болып жатса, хабарды өзім берем, 
қай жазбаның қандай жерде екенін жақсы білесің. Қайталап айтам, менен 
сұраусыз бір адамға беруші болма, ұқтың ба? – деп еді.
Мен атама берген уәдемді орындадым. Өзге тұрмақ, жалғыз баласы 
Бақытжанға да ақтартпадым, кілттеулі күйі тұрды. Атам да маған берген 
бұйрығын өзгертпеді, бөлек тұрған жылдарында бір рет сұраған жоқ. Сол 
сенім артқан күйі өтті бұл өмірден...
Міне, енді басқа түскенге көніп, өзекті тіліп өткен қайғы уыты саябыр-
лай түсіп шексіз сағынышқа ұласқанда, атамның қағаздарын парақтадым. 
Қарап отырып оның жалынды да жаралы жүрегінің лүпілін естуге тырыс-
тым. Топ алдында тұлғасы оқшау асыл бейнесін елестете отырып, биік 
ойларын тереңірек түсінуге, қайсарлығы мен шыншылдығын тани түсуге 
талпындым. Түсінген кісіге атам жазған бір жапырақ қағаздың өзі, біз 
үшін, әкемізбен кездесу, үнін естіп, өсиетін тыңдау емес пе? Әсіресе менің 
көзіме оттай басылатыны – өзімізбен бірге тұрған кездегі жазбалары. Ол 
жылдар Момышұлдарының – әкесі, баласы, немересі болып басы бірігіп, 
бір шаңырақтың астында тұрып, бір дастарқаннан ас ішкен берекелі жыл-
дар еді. Талай қиындығына қарамай өзара түсініскен, өрелі ой, аталы сөздер 
айтылған табысты жылдар еді. Өзім үшін тіршілігімнің мәніне өшпес өзек, 
жарық сәуле болып тартылған, өмір мектебі болған жылдар еді. Өкінішке 
қарай, құстай зымырап өте шыққан қанатты жылдар еді!


11
Атамның бір папкасынан қағазға оралып, сыртынан жіппен буылған 
көк конверт таптым. Көзіме ерекше көрінді. Ашып қарасам, кәдімгі уақыт 
табы сарғайтқан сәлем хат екен. «Полевая почта, станция 993, 1073 стрел-
ковый полк. 1-ый отд. батальон, старшему лейтенанту Бауржану Момыш-
улы», – деп Алматыдан жіберілген. Хатта Бақытжанның дүниеге келгені 
хабарланып, әке болуымен құттықтап, жеңіспен оралуын күтетін тілек 
айтылған. Мен осы бір жапырақ қағазды қолыма алып қарап, миллиондаған 
ер-азаматтың басын жұтқан қанды соғыста қалай жоғалмай сақталғанына 
таңғалдым. Одан кейін де атамның алдында сайрап жатқан даңғыл жол 
болмаған. Бұралаңы, бұлтарысы көп өмір өткелдерін басынан кешкен. Соған 
қарамай, перзентінің дүниеге шыр етіп келгенін хабарлайтын бір жапырақ 
қағазды бұл күнге дейін жеткізуі әкелік үлкен жүректің, сырт көзге ашық 
көріне бермейтін мейірімнің айқын белгісі екенінде дау жоқ еді.
Мына бір папка басқаларға қарағанда жап-жаңа. Мектеп оқушысының 
дәптерлерін салатын қатты қағазды, төрт бұрышты, жіппен байланатын пап-
касы. Сыртында: «Ержан Момыш-улы Третий. Сохраните это в его личном 
архиве. В будущем скажет свое слово. 19/1–74.12.30», – деп атамның өзі жа-
зыпты. Папканың ішіндегі Ержанның шатпақ жазулары мен шимай сурет-
тері екен. Әр қағаздың аяқ жағына күнін, айын, жылын ата өз қолымен жа-
зып отырыпты. Сәби қиялынан шыққан сурет, жазулары әртүрлі, уақытына 
қарай өзгеріп отырған. Тек атасының ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы ғана 
өзгермеген.
Енді бір дәптердің бетінде «13/ХІ–73 ж. Немеремнің анасы айтып бер-
ген Шеген бидің келінінің жоқтауы» деген бір шумақ өлең жүр. Немене-
ге байланысты айтқан едім деп ойландым. Бірден есіме түспеген соң өз 
қағаздарымды ақтара бастадым. Қуаныш-ренішіміз ортақ болған сол 
жылдардың тіршілік-тынысын, атамызбен бірге тұрған әрбір күнді көз 
алдыма келтіретін қалың бес дәптер бар. Ол менің күнделік-жазбаларым. 
Дәптерлердің жазылуына атаның өзі тікелей себепкер болған. Бір күні Ер-
жан ұйқыдан ояна салып, атасының бөлмесіне кіріп кетті. Бір нәрсе жазып 
жатса бөгет болады-ау деп, артынан барсам, Ержан көрген түсін айтып жа-
тыр екен. Өзі түс көргіш, күніне қанша рет ұйықтаса, сонша түс айтады. 
Атасы да жалықпай тыңдайды. Кейде көрген түсінің аш ішекше шұбатылып 
бітпей қоятыны бар. Бұл жолы да менің кіргеніме назар аударған жоқ, соғып 
тұр. Атам кіргенімді байқады да, қолымен сөзді бөлме деген белгі берді.


12
– Содан келе жатсам, үлке-е-ен бақта алма, алмұрттар өсіп тұр екен.
Алмұрттар электр шамдары сияқты жарқырайды. Мен келе жатырмын. 
Үстіне сауыт киген, кеудесіне қалқан ұстаған, қолында қылышы, қалтасында 
маузері бар. Басына қызыл жұлдызды алтын каска киген, бетін көре алма-
дым, сіз оны танымайсыз ба, ата? – деді Ержан түсін зорға аяқтап.
– Сенің түсіңе жиі кіретін батырлардың қайсыбірін тани берем?..
– Ол өзіміздің советский батыр ғой.
– Е, онда танып қалуым мүмкін.
– Ол кім?
Атасы сәл ойланғандай болды да:
– Ол Митя Снегин,– деді.
– Әнеугүні үйге келген орыс ата ма? Оның маузері бар ма?
– Маузері есімде жоқ, бірақ пушкасы болғаны анық.
– Пушка қалтаға сыймайды ғой, – деді Ержан тауып айтқанына мәз бо-
лып.
– Пушканы арнайы сүйреп жүреді.
– Ал қылышы болды ма?
– Болды.
– Онда мен түсімде көрген батыр, расында, орыс ата екен,– деді Ержан 
сеніммен.
– Бәсе, айттым ғой, Митя деп, – дейді атасы немересінің сенімін 
нықтап.
– Немене, орыс ата алмұрт күзетті ме?
– Жоқ, жарықты күзеткен.
– Сіз ше?
– Екеуміз бірге болғанбыз.
– Мен қараңғыдан қорқам, жарық болғаны жақсы. Жарайды, ата, мен 
енді папамды оятып, түсімде батыр көргенімді айтып берейін, – деп, Ержан 
әкесінің бөлмесіне кетті. Мына әңгімені бағанадан бері тыңдап тұрып, енді 
кете берген мені атам тоқтатты.
– «Устами младенца глаголет истина» деген сөз бар, сен мына Ержанның 
күнделікті іс-әрекетін, айтатын әңгімелерін сол қалпында жазып отырғын. 
Бұны айтып отырғаным, Бақыттың аудармаларын қоспағанда, өзінің де кі-
табы шықты. Байқауымша, жұртшылық жаман қабылдамаған сияқты. Ол 
туралы рецензиялар жылы жазылды. «Қойдың бойында арқардың қаны 


13
болмаса, тастан ырғымас еді». Осының жазушы болатын сыңайы бар, сонда 
сенің жазбаларыңның үлкен көмегі тиеді, – деді.
Атамның дуалы аузынан шыққан сол сөз, шындығында, айнымай келді. 
Бақытжанның балаларға арналған «Тихие голоса», «Я еще ребенок» деген 
екі кітабына Ержан туралы жазғандарым «шикізат» болды.
Мен атамның жаңағы тапсырмасынан кейін «неге өзі туралы қағазға 
түсіре бермеске» деген ойға қалдым. Бұрын да үзіп-жұлып кейбір әңгімелерін 
жазып қоятынмын, енді күнделікті көңіл бөлуге бекіндім. Не жазам деп 
қиналатындай емес, мүмкіндігім көп еді. Үйімізге де неше түрлі адамдар 
келетін. Әсіресе қыс айларының кешкі шақтарында, атаның төсегінің жа-
нында үй-ішімізбен жиналып алып, сан алуан тақырыпта әңгіме шертетін-
біз. Атам деген тірі тарих, шексіз шежіре еді. Сол әңгімелерді әйелдің өмірі 
бір бітпейтін үй шаруасының арасында кейде асығыс, кейде толық, шамам 
келгенше, қағазға түсіре бердім.
Атам бұл жазбаларымды талайға дейін білмей жүрді. Бір жолы, кешкі 
ас үстінде, Бақытжан құпиямды айтып қойды. «Ашық ауыз» жұбайымды 
сол минутта атарға оғым болмады. Неге десеңіз, ата бір ісіңді ұнатып, 
мақтап отырып, іле-шала өтің жарылып кетсе де, басқа ісіңнің тас-талқанын 
шығарады. «Прекратить безобразие» деп, зекіп тастар ма екен деген 
қорқыныштан бір уыс болып бүрісіп, басымды көтере алмай, төмен қарап 
отырып қалдым. Менің жермен-жексен болып қалған бейшара халімді атам 
түсінді білем, баласына қарап:
– Несі бар, жазғаны жақсы, жаза берсін. Өзгелер сияқты сырттан із-
деп келіп, қаптатып сұрақ қойып, айтқаныңды қағазға түсіріп жатқан жоқ. 
Атасы көз алдында, «ашса алақанында, жұмса жұдырығында», бар бол-
мысымен жатыр. Шүкіршілік, мен туралы көп жазылды, бірақ олар мені 
Момышұлының келінінің көзімен көрген жоқ. Ол мүмкін емес те. Естелік 
дегендерді әйелі, ұлы, қызы, туған-туысқандары, үзеңгілес жолдастары 
жазу ертеден келе жатқан дағдылы дәстүр. Ал келіні жазғанды өз басым әлі 
кездестіргенім жоқ. Так что, это только твоя привилегия, доченька, – деді 
мен жаққа бұрылып.
Қарапайым жазбаларымды естелік кітап етіп шығарам деп ешқашан 
ойлаған емеспін. Ержан үшін, өзіміз үшін жазатынмын. Атамның естелік 
туралы айтқан сөзінің байыбына аса бара қоймадым, әйтеуір дәл сол мезет-
те өзіме ренжімегеніне ғана іштей қуандым. Көңілім сабасына түсіп, батыл-


14
данып жүзіне тура қарағаным сол еді, саласы ұзын қолының сұқ саусағын 
тура көзіме безеп:
– Ойыңнан ештеңе шығарма! – деді даусын көтеріп. Өз көзіңмен 
көргеніңді, өзімнен естігеніңді, одан түйген ойыңды жалтақтамай, жасыр-
май, ашық жаз. Жылтырақ сыр жағып әдемілейін деп әуре болмағын. Содан 
кейін, орысша айтқанымды орысша, қазақша айтқанымды қазақша есіңе 
ұстап, сол күйі түсіруге тырыс, мені аударам деп қара тер болмай-ақ қой. 
Тағы бір есіңе берік ұстайтын нәрсе – мен туралы айтылатын вагон-вагон 
анекдоттарды қоспа! Это тебе не к лицу, понятно! – деді. Бұл әңгіме 1973 
жылы, 28 қазанда болып еді.
Атам туралы көрнекті әскери қолбасшылар, атақты жазушылар, белгілі 
журналистер жазды. Ақындар поэма, өлең арнады. Режиссерлер мен актер-
лер кино экранына, театр сахнасына шығарды. Осының бәрінен кейін ата 
жөнінде қалам тарту үлкен жауапкершілікті, нақтылықты талап ететінін 
қорқып та, қуанып та мойындаймын. Өйткені мен жазушы да, ақын да емес-
пін. Мен тек атамның келінімін. Тұла бойы қайшылықтарға тұнып тұрған, 
қайталанбас адамның биік шаңырағының кең дастарқанын ұстаған, шамам 
келгенше иіліп қызметін істеп, өнегелі өсиетін де, өңменімнен тесіп өтер 
айқайын да естіген маңдайлы келінімін. Дегенмен аз жыл болса да атамды 
күту құрметіне ие болып, үнемі үнін естіп, сәт сайын дидарын көріп ал-
дында жүрген туған келінімін. Егер тағдыр маған қарап тұрса, бар өмірімді 
атамның күтіміне арнар едім. Амал қанша, атам ағыны қатты тасқын еді, өз 
қалауымен бұзып-жарып жүре беретін...
Мен өз жазбаларымда атамның асыл бейнесіне титтей де көлеңке 
түсіруден аулақпын. Барынша әділ болуға, шындықты бүркемелемеуге ты-
рыстым, өйтпесем атамның өлмес рухы алдында кешірілмес күнәлі адам бо-
лар едім. Бұл күнделік-естелігімді жазуымның өзі ата алдындағы перзент-
тік борышымды өтеудегі кішкентай бір талпынысым еді. Атамның бізбен 
бірге тұрғандағы өзгеге аса белгілі емес өмір кезеңі мен семья тіршілігін-
дегі – әке, ата, қайын ата есебіндегі қарым-қатынасын бүкпесіз көрсетуді 
ниет еттім. Өзім көрген, өзім сезінген ата мінезінің кейбір қырларын, одан 
түйген түйіндерімді бүкіл келіндер қауымына бөлісе айтып, ортақтасқым 
келді.
***
Әке үйінің оң жағындағы салтанатты қыз дәуренмен қоштасып, өз 
алдыма түтін түтеткеніме үш айға жуықтап қалған. Бұрынғы қызметім 


15
қала сыртында болғандықтан, біржола босап, әрі мамандығым бойынша 
жұмыстың ыңғайы келе қоймай уақытша үйде отырғанмын. Оның үстіне 
жұбайым көшпелі редакциямен бір айға Целиноградқа іссапарға кеткен. 
Үйде бітпей жатқан шаруа жоқ. Бақытжанның мамасынан қалған ұядай 
екі бөлмені жинап, жуғанға қанша уақыт кетеді дейсіз. Бар ермегім – кітап 
оқу, одан қала берсе, бала кезден жақсы көретін әдетім, күннің шыққаны 
мен батқанына қарап тұру. Бұл үйдің бір бөлмесінің терезесінен күннің 
алғашқы сәулесі нұрын төксе, екінші бөлме терезесінен соңғы ал қызыл 
шапағы түседі. Міне, осылай бір бөлмеде күнді қарсы алып, екіншісінде 
шығарып салып, сырт көзге бейқам тіршілікпен тұрып жаттым.
Алайда көңіл күпті, жүрек орнында емес еді. Атам біздің тойымызда 
болған жоқ. Москва түбіндегі Малеевка творчество үйінде демалып жатқан. 
Бақытжан әкесінен шет жайлап, бөлек қыстауға жасынан үйреніп кеткен 
бе, тойда болмағанына онша ренжімейтін сияқты. Ал менің қабырғама 
шаншудай қадалды. Қанша бөлек тұрғанымен, әйтеуір бір келер деп өзімді 
жұбатам, сөйте тұрып әзірше келмегенін тілеймін. Олай дейтінім, не бо-
ларын көзіме елестете алмаймын, көрмей тұрып-ақ бойымды қорқыныш 
билейді. Ес білгелі ата туралы небір керемет аңыз-әңгімелер естіп, таңдай 
қаға таңғалып өскен жанның бірі едім. Кішірек кезімде ол кісіні «атса оқ 
өтпейтін, шапса қылыш кеспейтін» баяғының батырларындай елестететін-
мін. Балалық әсердің күштілігі соншалық, кейін студент кезімде КазГУ-дегі 
кездесуде өзіміз сияқты ет пен сүйектен жаратылған адам екендігіне сен-
гім келмеп еді. Енді, міне, тағдыр маңдайға жазып, баласының жары болып 
отырмын...
Мезгіл түске таяп қалған. Газ плитасына шай қойып, қайнағанша бүгінгі 
газеттерді қарап отыр едім, есік сынып кетердей тарсылдады. Үйде жалғыз 
отырған соң әрі әдеттегіден тыс мына тарсылдың өзгешелігі шошытып жі-
берді. Тапа-тал түс болса да, есікке келіп:
– Бұл кім? – дедім.
– Мен! Атаңмын! Бар, киін! – деді күн күркірегендей гүрілдеген 
үн есіктің сыртынан. Алғашқы қорыққаным қорыққан ба, зәрем ұшты.
«Бар киін» деген сөздің байыбын бірден ұға алмай, үйде киіп жүретін 
халатымның түймесін бір салып, бір ағыттым. Киім салатын шкафқа 
жүгірдім, сасқалақтап, киімдерімді жұлмалап әлекке түстім де қалдым. Де-
генмен өзіме-өзім сабыр-сабырлап, үстіме жеңі ұзын көйлек, басыма ора-
мал, аяғыма шұлық тауып кидім. Барып есік ашып, ата-бабамның салты-
мен иіліп сәлем істедім.


16
– Бақытты бол, балам! – деп, қолын басыма болар-болмас тигізіп, 
бөлмеге кірді. Ата жалғыз емес, қасында бір кісі бар, өң-түсінің қандай 
екенін көргем жоқ, бірден басымды көтеруге батылым жетпеді. Жайғасып 
отырған соң атам:
– Мынау, Мекемтас Мырзахметов деген ғалым қайнағаң, маған іні бо-
лады, – деді.
Әншейінде, біреуді таныстырғанда, «өте жақсы», «танысқаныма 
қуаныштымын» деп, өзіңнің атыңды айтып суырылып жатасың. Ал қайын 
атаң, қайнағаңды таныстырғанда не істеу керек, не айту қажет екенін біл-
сем бұйырмасын. Бар бітіргенім басымды көтере алмай, төмен қарап тұра 
беріппін. Бағыма қарай әлгінде, бұлар келердің алдында, газға қойған шай 
қайнап, быжылдап төгіле бастады. Сылтау табылды, ас үйге кіріп, «уһ!» 
деп демімді алдым. Содан кейін тездетіп дастарқан әзірлеп, қонақтарға шай 
әкелдім.
– Маған сүт қатпай, қарадай құйғын, – деді атам. «Е, мына әдетін есте 
ұстау керек екен», – деп ойладым.
Бір кеседен шай ішілген соң атам, ұмытқаны есіне енді түскендей, есігі 
ашық тұрған түпкі бөлмеге қарап:
– Черновик қайда? – деді.
Мен сұраққа түсінбей қалдым.
– Нені айтасыз?– дедім даусым зорға шығып. Атам күліп жіберді, ағай 
да күліп жатыр. Неге мәз болғандарын білмесем де, ел қатарлы езу тартқан 
болдым.
– Түсінбедің бе, балам? Момышұлы екіншіні айтам, – деді қол 
орамалының ұшымен көзін сүртіп. Мен сонда барып баласын сұрап 
отырғанын білдім.
– Көшпелі редакциямен Целиноград жаққа бір айға командировкаға 
кетті, – дедім.
– Ол сияқты қаладан шыққысы келмейтін жалқауларға ел аралау пай-
далы. Босқа көше таптап табанын тоздырғанша, еңбек адамдарының тір-
шілігін көріп, қиындығы мен қызығына аз да болса ортақтасып келсе, одан 
олжалы адам жоқ, – деді.
Жаңа сасқалақтап жүріп, көйлекті халаттың сыртынан киген екен-
мін. Оның үстіне есіме түскен сайын зәрем кетіп, күтіп жүрген айбынды 
қайын атаның алдында бірінші рет отырғандықтан қысылып, пысынап бе-


17
рекем кете бастады, білдірмеуге тырысып-ақ отырмын. Алайда атам бәрін 
байқаған сияқты.
– Балам, қысылма. Басыңды көтеріп, көзіңді жасырмай отырғын. Мен 
өзім сөйлесіп отырған адамның көзіне тура қарамасам, сөйлесе алмаймын. 
Содан кейін «келін» деген атауды онша ұнатпайтын адаммын. «Келін» де-
ген сөз басқа жақтан, бөтен үйден келген деген мағынаны білдіреді. Сен де 
менің баламсың, мен сені «балам» деймін. Алдағы уақыттарда көзге тура 
қарап, ойыңды ашық айтуға ұялмағын, – деді.
Қорқа-қорқа күткен қайын атамның бірден балам деп бауырына тартқан 
мейірімі өзімнің әкемді есіме түсіріп, бір түрлі көңілім босап, толқып кет-
тім.
– Рақмет, ата. Әкем марқұм да келіндерін балам дейтін, – дедім...
– Онда құдама тартқан екенмін,– деді.
Өз құлағыма өзім сенбедім. Аты аңызға айналған атақты адамның 
қарапайым дәрігер болған менің әкеме тартқан екенмін дегені таңғалдырды. 
Іле-шала ернімді тістедім. «Қап! Бекер айттым-ау әлгі сөзді! Көңіліне 
келді ме? Кекетіп отыр ма?» – деген сумаңдаған суық ойлар ішкі жан 
дүниемді мұздатып жіберді. Сонда да батылдық тауып, жүзіне қарадым. 
Темекісін будақтатып, күлсалғышқа мүштегін тық-тық еткізіп, күлін 
түсіріп, жайбарақат отыр. Кеміту, кекетудің ешқандай ізі көрінбейді. Сұсты 
да қайратты бет пішініне сәл шаршаңқы өткір көздері ерекше бір нұр бе-
реді екен. Мынау отты жанар қаһарланғанда нені болсын өртеп жіберер-
дей, ештеңені шыдатпайтындай көрінді. Қасындағы ағай кере қарыс кең 
маңдайлы, ақ құбаша келген, өте жылы жүзді, жұмсақ көзқарасты адам 
екен. Бір сәтке қайратымды жиып, жүздеріне назар аударғандағы көзіме 
түскені – екеуінің бір-біріне мүлде ұқсамайтын осы бір сырт ерекшеліктері 
еді.
– Үйде жалғызбысың?–деді атам, мен жүзім тайып, қайта төмен қарай 
бергенімде.
– Иә, ата.
– Үйленбей жатып жалғыз тастап анау неге қашып кетті?
Міне қызық, жаңа ғана баласының жолаушылап жүргенін құптап отыр 
еді.
– Қашқан жоқ, өзім шығарып салдым, бүгін он екі күн болды ұшып 


18
кеткеніне, – дедім. Самолетке дейін шығарып салдым демекші болдым ба, 
әйтеуір, сөзім бытырап, ұйқаспай кетті.
– Тоже мне, птичка божья! – деп мырс етті де, – дегенмен қалай жалғыз 
тұрып жатырсың? – деді. Мен үйреніп қалғанымды айттым.
– Жалғыздыққа үйренудің қажеті жоқ, – деп даусы өктемдеу естілді. Не 
жауап берерімді білмеген соң үндемедім.
– Немен қоректеніп жүрсің?
Бұл сұрақ маған қызық естілді.
– Тамақ бар. Апам келіп тұрады,– дедім.
– Ым-ым... Үйде қорың бар да шығар, дегенмен қазірше, мынаны ала 
тұр, – деп ақша ұсынды.
– Рақмет, ата, ақша бар, – дедім.
– Ал!–даусы тым қатал шықты. Бұл кісінің шешіміне қарсы келуге 
болмайтынын қайдан білейін, өзімше сыпайыгершілік жасағаным еді. Ата 
ақшаны төмен қарап отырған менің тұмсығымның тұсына тастай салды. 
Ренжітіп алдым ба деп:
– Рақмет, ата, рақмет,– дедім сасқалақтап.
– Әй, Мекемтас, нағашыңның үйіне келгендей жайғасып отыруың же-
теді, бар машина әкел, – деді.
Ағай менімен қоштасып шығып кетті. Атам бір нәрсе айтпақшы 
болғандай еді, бірақ ештеңе деместен орнынан шұғыл көтеріліп есікке бет-
теді. Мен ілесе жүрдім. Сыртқы есіктен шығарда салют бергендей қолын 
көтерді де, бұрылмастан табалдырықтан әрі аттады.
Олар кеткен соң талайға дейін өзіме-өзім келе алмай дел-сал күйде 
отырып қалдым. Шірей бұралған домбыраның тырсылдап тұрған ішегі 
босағандай бір күй кештім. Біраз уақыттан кейін атамның әрбір сөзін есі-
ме қайта түсіріп, жүйелеп талдай бастадым. «Құдама тартқан екенмін» де-
гені әкемді емес, қайта адамның бойындағы жақсы әдетін бағалай білетін 
асыл қасиеті екенін жүрегіммен сезіндім. Өзін жоғары қойып, өзгені 
төмендетпейтініне кейін көзім әбден жетті. «Бар, киін» дегенін де өзімше 
түсіндім. Жасыратыны жоқ, үйде жеңіл болсын деп кеудесі ашық халат 
киіп, жалаңаяқ, шашымыз қобырап жүре береміз. Содан бара-бара әдетке 
айналады. Үйге біреу келе қалса да, сол күйі қабылдай береміз. «Көшеде 
емес, өз үйімде жүрмін ғой», – деп, өзімізді өзіміз жұбата салатын әдетіміз 
тағы бар. Атам мені осындай келісімсіз, ашық-шашық күйде көргісі келмеді. 


19
Мен өзім де аңқайған киімге жақын емеспін. Өз әкем де ондайға жаны қас 
кісі еді.
«Баланы жастан, келінді бастан» деген өте дана сөз. Мен кейін, атаммен 
бірге тұрған жылдары, осы алғашқы жүздесудегі көңіліме түйгендерімнен 
танбадым. Атам еш уақытта сен былай киін, олай киін деп айтып көрген 
жоқ.
Атам өз өмірінде сый-құрметке, қошеметке бөленген адам. Бірақ 
халқымыздың жақсы салттарын сақтап, әдеп пен ізет көрсетуім тіпті ұнап-
ақ тұратынын білетін едім.
***
Ержан дүниеге келген күннің ертесіне палатаның есігі ашылып, 
құшаққа зорға сыятын түрлі түсті раушангүлі, содан кейін аласа бойлы, 
жап-жас қазақ қыздың жүзі көрінді. Гүл шоғының үлкендігі соншалық, 
палатадағы бәріміз таңғалып қарадық да қалдық. Осыншама гүл бір адамға 
арналған деп тіпті де айтуға болмайтын еді. (Ол кезде, қазіргідей, гүлден 
аллергия болады деп қорықпайтын, дәл мынандай құшаққа әрең сыятын 
болмағанмен, сыйға келген бір шоқ гүлді қабылдай беретін).
– Ахметова кім? – деді гүл құшақтаған қыз.
– Мен! – дедім жүрегім аузыма тығылып. – Атам келді ме?
Күні бүгінге дейін неге бірден солай сұрағанымды өзім де білмеймін. 
Әйтеуір, мынау оқшау сыйлық басқаның қолынан келмес еді.
– Үлкен кісінің өзі келді. Қасында бір бұйра шаш жігіт бар, сізге ұқсайды, 
ініңіз емес пе? Бір адамға мұндай к-ө-ө-п гүлді алуға болмайды, бірақ 
тұтас алмауға қорықтым. Бұрын ол кісіні бір-ақ рет сыртынан көріп едім, 
бүгін жап-жақын жерден көріп сөйлестім, – деп танауы желпілдеп, гүлді 
құшақтаған күйі атаны көрген қуанышын жасыра алмай тұр. – Өй, кеші-
ріңіз, сізге арналған хат бар, – деп халатының қалтасынан төрт бүктелген 
қағазды алып берді. «Балам! Немеремнің бауы берік болсын! Атаң. 16/VІІІ–
69». Жалғыз сөйлемді қайта-қайта оқимын.
Адам өміріндегі ұмытылмастай болып көрінетін талай қуаныштар 
уақыт өткен сайын көмескіленіп кете барады. Ал атам жазған жалғыз сөйлем 
күні бүгінге дейін менің жүрегімді шаттыққа бөлейді. Баға жетпес асыл 
қазынадан артық сол бір жапырақ қағаз әлі сақтаулы. Ержан кейде: «Мама, 
мен туғандағы гүлді айтып беріңізші?!» – деп өтінетіні бар. Талай рет есті-


20
ген әңгімесі, сонда да өзі өмірге келгенде атасының қалай қуанғанын тағы 
бір рет тыңдағысы келіп тұрады.
Соншама гүлді, шелек болмаса, біздің палатадағы ыдыстардың біреуіне 
де салу мүмкін емес. Егер, қазір, еденге шашып жіберсе, гүл-кілем төселіп 
шығар еді. Жаңағы қызға бір шоғын ұсындым.
– Рақмет, тәте, Момышұлының қолы тиген гүл деп апама апарып 
көрсетем, – деп қуанып шығып кетті. Палатадағы менен өзге үш әйелге де 
бір-бір шоқтан бөлдім.
Дабырлап жатқанымыздың үстіне келген дәрігерге әйелдер гүлдің 
жайын баяндап жатыр. Дәрігер басын шайқап, гүлдерге таңғалып қарап 
тұр. Ол кісіні де құр қол шығармадық. Гүл алушылар мұнымен біткен жоқ, 
гүлдің тарихы перзентханаға лезде тарап кеткен екен. Басқа палаталардағы 
қазақ келіншектер сәбилеріне ырым ғып гүл сұрап келіп жатты. Әйелдің 
ырымшыл келетін әдеті емес пе, жақсылыққа жорып келіп тұрғанда, ақымақ 
болмасаң, қалай көңілін қалдырасың.
Иә, бұл күн – қуаныш, мақтаныш сезімі арнасынан асып төгілген 
бақытты күн еді. Көңілім шалқып жатып бір нәрсеге қайран қалдым. Гүл 
жалғыз маған арналмаған сияқты, ана деген асыл атаққа ие болып, өмірге 
адам әкеліп отырған осындағы келіндердің бәріне жіберілген сыйлықтай 
көрінді.
Біз үйге шыққан соң атам немересін көруге келді.
– Астапыралла! Мынау бір жапырақ қызыл шақа ғой!
Момышұлы үшіншінің бар келбеті осы ма? – деп бәрімізді күлдірді. Со-
дан кейін апама қарап:
– Балаға сіз көмектеспесеңіз, мыналар баға алмайды, өлтіріп алады,– 
деп тарс еткізді.
– О, не дегенің, Бауке, әкесін баққанда баласын неге бақпайын. Немереңді 
«қызыл шақа» дейсің, Бақыт «көк бақа» болатын. Басында шашы да жоқ 
әлсіз туылып еді, ол кезде өзің фронттасың, көрген жоқсың ғой. Міне, ал-
памсадай жігіт болды. Амандық болса немерең де әлі-ақ жетіліп кетеді,– 
деді апам.
– Мен сізге өмір бойы қарыздармын. – Атамның қасының ортасы 
түйіліп, даусы кінәлі адамдай сәл күмілжіп шықты.
– Әкем-ау, арамызды алыстатпайтын дәнекер осы балалар емес пе? 
Бақыт – бауырымның жалғыз көзі, құрттайынан қолымда өскен балам, 
қайдағы қарызды айтып...


21
– Апапа! – Атам апамның сөзін аяқтатпады. Даусы қаттырақ шығып 
кетті. Бәріміз ыңғайсыз бірдеменің бетін ашып алғандай үнсіз қалдық.
Атамның «апапа» деп отырған адамы туған қайынбикесі. Бақытжанның 
анасы Бибіжамалдың (Жамал) әпкесі Бибінұр дейтін көпке сыйлы, қадірлі 
адам. Атаның жастай өлген Шолпан деген қызының «аппақ апаға» тілі кел-
мей «апапа» атап кетіпті. Содан атаның өзінен бастап күллі туған-туысқан, 
жегжат-жұрат, қазақтың талай ақын-жазушылары, әйтеуір, үлкен-кішінің 
бәрі, осылай атайды. Атамның апама «қарыздармын» деп отырғанының 
өзінше мәні бар. Бақытжан туғаннан бастап апаға аз салмағын салмаған. 
Әсіресе мамасы қайтыс болған соң жалғыз сүйенері осы кісі болған. Бақыт 
апамды анам, мамам дейді. Мен туған енемді көрген жоқпын. Өз анам да мен 
тұрмысқа шыққаннан кейін бір жылдан соң дүние салған. Туған анамның 
да, енемнің де орнын жоқтатпай отырған тәрбиешім, ақылшым – осы апам. 
(Бұл өз алдына үлкен хикая. Сондықтан, тек таныстырып өттім).
Апам әлгіндегі ауыр үнсіздікті бөліп, әңгіме тақырыбын басқа арнаға 
бұрып жіберді:
– Немереңе ат қойып бер. Балалар өзіңді күтіп, атасы қойсын деп отыр.
Атам ойланып қалғандай болды.
– Мен Москваға бара жатырмын. Қазір аяқ астынан қалай болса солай, 
бірдемені қоя салуға болмайды. Адамның аты иттің кличкасы емес. Ойла-
нып өзім хабар берем.
Жарайды деп біз қалдық, хабарласам деп атам кетті. Ол кезде қазіргідей 
туыла салып атын қойып, перзентханадан куәлігін алып бір-ақ шықпайтын. 
Баламыз аты да жоқ, кім екенін дәлелдейтін қағазы да жоқ айға жуық 
жатты. Уақытша бірдеме деп атау керек қой, «Мырқымбай» дейміз, 
мультфильмдердің кейіпкерлерінің атымен «Умка», «Чипполино», «Гау-
гау» дейміз. Әйтеуір, қоймаған атымыз қалмады. Бір күні атадан хат алдық, 
хатты маған арнап жазыпты. «Балам! Мені сыйлағаныңа рақмет. Жолым-
ды саған бердім. Атын өзің қойғын. Марқұм Жамал мен соғыста жүргенде 
Бақытжанның атын өзі қойған. Балаға туған анасынан жақын ешкім бол-
майды. Ал саған перзентіңнің қаншалық қымбат екенін дәлелдеудің қажеті 
жоқ. Атаң, Гвардия полковнигі Б. Момышұлы. 12 .ІХ .69».
Мен немересінің атын Ержан қойдым. Кейін атам: – Бұл да «жан» бол-
ды ма? Бірақ қазаққа тән жақсы есім, – деді.


22
***
Күндер, айлар өтіп жатты. Атам біресе Москваға, біресе Сарыағашқа 
кетіп, сонау Ержанды көруге келген күннен қайтып бізге соқпады. 
Өздігімнен жетіп баруға сескенем, Бақытжан ертіп бар дегеніме көнбейді. 
Өстіп жүріп біршама уақыт көріспедік. Тек ара-арасында: «Апапа, балалар 
қалай екен?» – деп, апамның үйіне телефон соғып, сұрап қоятынын апам 
бізге айтып келетін.
Бір күні Бақытжан үйде жоқта, баланы көтеріп, нар тәуекел деп бұрын 
өзім есігін ашпаған атаның үйіне тартып отырдым. Бұл кезде Ержан бес 
айға толып, уілдеп, күліп, киім киюге жарап, әжептәуір болып қалған.
Есікті атамның өзі ашты, үйде басқа ешкім жоқ екен. Біздің үстіміздегі 
қорбиған қыстық киімнен бе, әлде жиі көріп тұрмағандықтан ба, бірден та-
нымады. Менің сәлемімді алған соң, не шаруамен жүрген адам екенімізді 
сұрағанда жылап жіберуге шақ қалдым.
– Ата! Бұл біз ғой. Немереңіз Ержан, – дедім.
Атам біресе маған, біресе Ержанға қарап, бір нәрседен қорғанғандай 
қолын сермеп, сасқалақтап қалды. Одан қолымдағы баланы алып, бетін 
бетіне тақап, әлденені күбірлеп бауырына қыса түсті.
Жүзі керемет бір қасіретті күйден бозарып, көзі жасаурап, немересін 
өзінің алып құшағына қысып тұрып қалған жан тебірентерлік сол бейнесі 
күні бүгінге дейін көз алдымнан кетпейді. Мен ол кезде атамның баланы 
өте сирек еркелетіп, езілетінін білмеуші едім. Мына елжіреу немересін 
танымай қалған кісінің жай кінәсін жуып-шаюы емес, ата жүрегінің қарс 
айрылған жан күйзелісінің ауыр көрінісі, іштей егілуі еді.
– Алжыған шал! Өз немересін танымай қара басты ма! Жарайды енді, 
қабағыңды шытпасаңшы. Кешір атаңды! Момышұлы III деп маңдайыңда 
жазулы тұр, атаңның шаршаған кәрі көзі бірден көре алмай қалды, – деп, 
Ержан бір нәрсе түсінетіндей сөйлесіп жатты.
Өзгенің алдында оңайлықпен кішірейе қоймайтын әдетін де мен білетін-
мін. Шынымен өзі кінәлі болғанда ғана бар тәкаппарлығын ысырып тастап, 
бала екеш баладан кешірім сұрауға арланбайтын ұлылығын кейін білдім. 
Сонысымен дараланып биіктей түсетін, жайшылықта көзге шалына бер-
мейтін үлкен жүрекке тән қарапайымдылығы жалт етіп көрінетін.


23
***
Атам өзін «алжыған шалмын» дегенмен, 60 жылдық тойын бүкіл ел 
болып енді өткізді. Той қазақтың М. Әуезов атындағы Академиялық драма 
театрында болды.
Бақытжан ауыр операциядан кейін гипсте жатқандықтан, қазір өз 
аяғымен жүріп, тілі де шығып қалған Ержанды жетектеп тойға бардым. 
Үйде науқас күйеуің орнынан қозғалмай жатқанда қайбір той тойлай-
тын көңіл күй болсын, бірақ Ержанды атасының үлкен тойына қалай ғана 
апармасқа!?
Атамыз, кейінгі енеміз және оның қызы – бәрі өздеріне арналған 
құрметті орында – сахнада отырды. Халық көп, ине шаншар орын жоқ. 
Түрегеп тұрған адам қаншама! Осының бәрі оқшау туған ақиық, асыл ұлын 
қадірлей білетін халқымыздың жүрегінің лүпілі, шексіз сүйіспеншілігінің 
куәсі еді.
Салтанатты жиналыстың соңында атаға сөз берілді. Ол кісі сөйлеп бола 
бергенде дембелше келген қара мұртты жігіт тіземде отырған Ержанды 
көтеріп апарып сахнаға шығарып жіберді. Мен алғашында ештеңе түсінбей 
аңырып қалдым. Әдетте, мұндай жиын-тойларда, емін-еркін жүретін фо-
тотілшілер емес пе? Жаңағы жігіт те әлгінде олай да, бұлай да тырсылда-
тып суретке түсіріп, алшаңдап жүрген. (Бұл жігіттің астанадағы танымал 
фототілшілердің бірі Сайлау Пернебаев екенін соңынан әдейі сұрап біл-
дім).
Ержан кіп-кішкентай аяқтарын тыпырлатып тура атасына қарай асығып 
барады. Атам бірден байқады, балаға қарай екі қолын созып ұмтыла берген-
де аяғы, микрофонның ба, телестудия аппараттарының ба, әйтеуір, айқыш-
ұйқыш бір сымдарға сүрініп кетті. Бүкіл зал «аһ» дегендей естілді маған. 
Жоқ, атам құламады. Еңкейе беріп, сондай ширақтықпен немересін жерден 
іліп алып, лезде бойын түзеді. Ержанның бетін залға қаратып, басынан асы-
ра көтеріп:
– Мынау да Момышұлы! Момышұлы үшінші! Менің немерем Ержан! – 
деп айқай салды. Қарақұрым адам толқыны тікесінен тік тұрып, көпке 
дейін қол соғып басылмай қойды. Мамамыздың көзін көрген, Бақытжанның 
өмірін жақсы білетін талай апайлар қуаныш үстінде көз жастарын сүртіп 
жатты.


24
***
Астанадағы осы тойды өткізерден үш ай бұрын атамды Жамбылға – 
туған еліне 60 жылдығын өткізуге шақырғанда, атам Ержан екеумізді ала 
кетті. Бақытжан онда ауырған жоқ болатын, өзі апамның үйінде, сол кісінің 
қасында қалып, бізге барып келуге рұқсат етті. Содан тойға деп кетіп, екі ай 
дегенде Ержан екеуміз үйге бір-ақ оралдық. (Екі ай күтсек те, тойға қатыса 
алмадық, Бақыт ауырып қалды).
Атам тойдың алдында демалмақшы болып Билікөлге жақын жерде-
гі Берікқара демалыс орнына келдік. Бұл жерде дайын тұрған асхана жоқ, 
атам мен Ғайникамал енеміздің күтімін жасау тікелей менің міндетім еді.
Берікқара аңғарының іші толған тал-терек, жеміс-жидек, құстары 
сайраған, сылдырап суы аққан ғажап бір әдемі, тыныш жер екен. Қылтиған 
ағашы жоқ, жалаңаш, сұсты таудың арасында мынандай жер жанаты 
бар деп тіпті ойламайсыз. Атама арнап тігілген алты қанат киіз үй әдейі 
көрмеге жасалғандай. Сыртындағы жалпақ белдеу бауының өрнектері мен 
жіп түстерінің үйлесімділігіне қызықпай қоймайсыз. Ішіндегі басқұрлар, 
желбау, үзікбаулардың ашық түсті нәзік өрнектері бірінен-бірі өтеді. Тіпті 
сәндік үшін ілінетін шашақ баулардың әдемілігі өз алдына бір керемет.
Қаланың шуынан кейін және бірнеше жылдан бері табиғат аясына 
шығып көрмеген байғұс басым мына жердегі сұлу көріністерге көзім той-
май есім кетті.
Атам киіз үйге, біз жеке-жеке салынған ықшам, ыңғайлы үйлердің бірі-
не орналастық. Өзімізбен-өзіміз жатқан тыныштығымыз көпке бармады. 
Бір жеті өтпей-ақ сәлем беруге, дидарын көруге, батасын алуға, әңгімесін 
тыңдауға жан-жақтан жұрт ағылып келе бастады. Айналаны қызықтауға 
қол тимейтін қызу күндер мен үшін енді басталды. Шынын айту керек, 
екі кісіге ас әзірлеп, дайынды дүкеннен сатып алып жаман үйренген мен 
сияқты қаланың адамына күніне төрт-бес қайтара қазан көтеру оңай шаруа 
емес еді. Қайткен күнде де шыдау керек болды. Шыдау керек деу айтуға 
оңай.
Бірінші рет қойдың басын үйіткенімде құйқасының бәрін күйдіріп ал-
дым. Ол аз дегендей табаға салған наным көкаязданып шала пісті. Қолымнан 
дым келмейтін бейшаралығыма ыза болып, өз жанымды өзім жеп түксидім 
де қалдым. Сол күні ыдыс-аяғымның салдырлаған даусы күндегіден 
басқаша шығып жатты. 


25
– Зейнеп! Кел бері! – деген атамның ызғарлы даусы шыққанда кінәлі 
болғанымды түсіндім. Атам ашуланғанда атымды атап шақыратынын біліп 
қалғам, тыныштық болса «балам» деп дауыстар еді, үні де ызғарлы шықпас 
еді. Ағаш саясында отырған атама жақындадым.
– Қазір машина шақыртам, кет Алматыға, – деді. Әрбір сөзі тістеніп, 
тісінің арасынан шықты.
– О не, Бауке! – деп Ғайникамал апай бір тықырды сезгендей бізге қарай 
қадамын жылдамдатты.
– Әй, Маржабай, жолына ақша бер. Кетсін көзіме көрінбей, – деп үдей 
түсті. Кінәмнің анық не екенін білмеймін, оны ойлап талдауға шамам да 
жоқ.
– Сабыр етші, «бас жарылып, қол сынғандай» не болып қалды сонша? 
Байғұстың есін шығардың ғой, – деді апай сабырлы үнмен.
– Тапқан екенсің есі шығатын кісіні. Бәледен де қорықпайды,– деп тым 
қатты кетті.
– Ақырын, бала ұйықтап жатыр, шошытасың. Жайлап түсіндірсеңші не 
болғанын, – деп, апай басу айта сөйледі.
– Атам елге демалдыруға, тойға әкеліп, енді тамағын істетіп, 
қаптаған қонағын күткізіп қойды деп қабағынан қар жауып жүргенін неге 
көрмейсің?! – деп апайға адырая қарап, зекіріп жіберді.
Енді түсіндім ашудың себебін, қуса қуып жіберсін, неде болса түсіндіріп 
айтпақшы болып аузымды ашқаным сол еді, қара басып, тілімнің ұшында 
тұрған сөздің быт-шыты шықты.
– Басым күйіп...
– Не-е-е? – Атамның айқайы бүкіл аңғардың ішін жаңғыртып жібер-
гендей... Осы арада мен де айтар сөзімді жұптап үлгердім.
– Ата, мен жұмыстан қашпаймын. Қойдың басын күйдіріп алдым, на-
ным шала пісті, соған ыза болып өзіме ашуланып жүрмін, – дедім.
Енді не болар екен деп ойлап үлгергенімше, атамның ох-охалағаны, 
оған апайдың сыңғыр күлкісі қосылғанын естіп, дым түсінбей басымды 
көтердім. Соншама мәз болып жатқан ата-енеме «Не болды?» дегендей 
аңқайып қарап қалыппын. Атамның мінезіндегі лезде ауысып жататын 
көңіл күйдің қырларына мен әлі үйренбегенмін, тіпті білмеймін де. Жаңа 
ғана қаңтардың аязындай қарып, бүрістіріп еді, от айланбай жаздың жайда-
ры күніндей жайнап шыға келді. Күліп болған соң атам байсалды үнмен:


26
– Жаман әйел ыдыс-аяқтан өшін алады. Сен менің баламсың, жа-
ман болуға хақың жоқ. Бізге келіп-кетіп жатқан адамдар сені құйқаны 
күйдіргеніңе ашуланыпты демейді, өздерінің келгеніне торсаңдап жүр екен 
деп ойлайды. «Момышұлының келіні барған кісіні жақтырмайды екен» де-
ген жағымсыз атаққа ілінесің. Кім келсе де жылы жүзбен, ашық қабақпен 
қарсы алғын. Егер қадірін кетіріп жатқан қонақ болса, қалай шығарып са-
луды өзім білем. Сен маған қарама, үлкен-кіші демей дәміңді алдына тар-
тып, сыйлап аттандырғын. Бүгін-ертең ауылдан Үрзада келеді, біраз уақыт 
бөгелдіре тұрамыз, талай нәрсені үйретеді. Ал шыныңды айтқаныңа риза-
мын, енді шаруаңа бара бер, – деді.
Атамның Әбділда деген жақсы көретін інісі бар еді. Бұл кісі – «Ұшқан 
ұя» кітабындағы аты жиі аталатын, мінезі қызық, ақ көңіл Момынқұл 
атамыздың баласы. Атам екеуі – ағайынды кісілердің ұлдары. Үрзада – сол 
Әбділда атамның жұбайы. Кіші апамның келетін хабарына шынымен қатты 
қуандым. Өйткені атамның ыстық-суық мінезінің қырларын ертерек көріп, 
биязылықпен төзе білген келіні, әрі отбасы тіршілігіне маған қарағанда 
тәжірибелі ысылған адам.
...Мен сол жолы басы қатты басталған әңгімеден өмірлік сабақ алдым. 
Атаның үлкен үйінің ақ дастарқанын ұстап, есікті ашқан адамдарды ізетпен 
күтіп, құрметпен шығарып салу мен үшін зор міндет, әрі таудай сын екенін 
түсіндім.
***
Ғайникамал апай қайтыс болған соң, атамның тілегі бойынша біз қолына 
көшіп келетін болдық. Бақытжан соның алдында жамбас сүйегіне жасалған 
бесінші реткі ауыр операциядан кейін ұзақ жатып, үйге жақында шыққан. 
Атамның да ол кезде денсаулығы нашарлап, дүркін-дүркін ауруханаға түсіп 
жүрген кезі еді. Екеуіне күнделікті күтім, жақсы жағдай жасау өте қажет 
екенін түсіндім де, телестудияда істеп жүрген жұмысымнан босандым.
– Сендер дұрыстап орналасып алыңдар, – деп, атам «Алматы» санато-
рийіне емделуге кетті. Мен Бақыт пен Ержанды апаның үйіне апарып са-
лып, көшіп-қону қамына кірістім. Көшіп-қону дегенде тіреліп тұрған дүние 
жоқ, өзімізге жетерлік жұпыны мүлік машинамен бір қатынағаннан артыл-
мады.


27
Атам келгенше үйді реттеп дайындауым керек. Үйді ақтап-майлап, 
жуып-тазартып, әр заттың орнын тауып орналастыру – әйелдердің дағдылы 
шаруасы екені белгілі. Ал творчествомен айналысатын адамның жұмыс 
бөлмесінің жиналуына тіпті жай қарауға болмайды. Мен оны Бақытжанмен 
бірге өмір сүріп жатқан жылдарымда біле бастағам. Бақытжан әлі жа-
зушы емес еді. Газет-журналдарда шығатын әңгіме, мақалаларынан басқа 
өзінің бір жеке кітабы, бірнеше аудармалары ғана жарық көрген болатын. 
Әдебиетте өз қолтаңбасымен көзге түсіп, өз соқпағын сала ала ма, жоқ есік-
тен сығалаған күйі босағада қалып қоя ма, кесіп айтуға болмайтын. Де-
генмен, қалай десем де, ол творчестволық еңбекпен айналысатын. Жазуға 
отырғанда айналасында көзге түсіп, көңілін алаңдататын бөгде нәрсенің 
болмағанын қалайды. Оңашалықты, тыныштықты ұнатады. Қағаздарына 
өте ұқыпты. Жазу үстелінің үстінде басы артық нәрсе жатпайды. Үнемі рет-
ті, таза ұстайды. Жұбайымның осындай әдеттеріне үйренгендіктен, мына 
пәтерді жинап, жөндеуді атамның жұмыс бөлмесінен бастадым.
Шынымды айтайын, бұрын бұл үйге келіп жүрсем де, кабинетті көрген 
емеспін. Өздігімнен кіруге именетінмін. Қазір кіріп барғанымда-ақ көңілім 
құлазып қалғандай болды. Атамның кабинеті мен ойлап жүргендей керемет 
көрінбейді. Қалай болса солай қойылған папкалар, үстелдің үстінде үйіліп 
жатқан дәптерлер, әр жерде бөлек-бөлек тұрған кітаптар, әйтеуір, қараусыз, 
шашылып кеткен дүниедей сезілді. Мүмкін, атаның өзі керекті бір қағазын 
асығыс іздеп, әлемтапырығын шығарған болар деп, екі білекті сыбанып жі-
беріп, кірісіп кеттім. Жеке жатқан кітаптарды шкафқа салдым, папкаларды 
үлкен-кішісіне қарай орын беріп, қыздың жиған жүгіндей әдемілеп тізіп 
шықтым. Дәптерлерді жазу үстелінің тартпаларына сықап орналастырдым. 
Жазу машинкасының қасына таза ақ қағаз қоюды да ұмытпадым. «Біткен 
істің бәрі жақсы» дегендей, тындырған жұмысыма разы болып, атамның 
көңілінен шығатыныма алдын ала сеніп, марқайып қалдым. Айтты-айтпа-
ды, есіктен кіргенде көзің қуанатындай болды.
Біз көшіп келген соң атам үнемі телефон соғып тұрды, аралықта не-
мересін алып, санаторийге өзім де барып қайттым. Демалыс мерзімінің 
бітуіне әлі біраз уақыт бар болатын. Алайда, оған қарамай, күтпеген күні 
атам үйге келді. «Күтпеген» дейтін себебім, сол күні сәскеде телефон-
мен сөйлескенімізде: «Ертең Ержанды алып келгін, таза ауада жүгіріп, 
біраз ойнасын»,– деген. Түстен кейін есіктің қоңырауы құлақ тұндыра 
шырылдағанда, Бақытжан:


28
– Бұл – тек папамның қоңырауы, – деді.
Сонау, алғаш рет мені көруге келгендегі есіктің сынып кетердей 
тарсылдағаны есіме сап ете түсті. Мен барып есік ашқанша қоңыраудың үні 
басылмады, есік ашылған соң ғана бармағымен басып тұрған ақ түймені 
жіберіп:
– Қоныстарың құтты болсын! – деп үйге кірді.
Отбасының анау-мынау әңгімесінен кейін атам біраз демалайын деп 
бөлмесі жаққа кетті. Іле-шала қаһарлы үні де естілді. Бақытжан орындықтың 
арқалығына сүйеулі тұрған балдақтарына жармасты. Мен, одан бұрын, 
жүгіріп атаның қасына жетіп бардым.
– Не істегенсіңдер? Что за безобразие! – Ашулы арыстандай аласұрып, 
айналасын қолымен сілтей көрсетеді. Нені айтып жатқанын түсінбей мен 
тұрмын.
– Неге тиістіңдер қағазыма?! – дегенде барып бірдемені ұғып, ақтала 
бастадым.
– Мен реттеп едім.
– Бүйтіп реттегенің құрысын! Сапта тұрған солдаттай қақшиып қалған 
не пәле мыналарың! Қалай табам енді? Қалай? – Атамның жүзіне көз 
тоқтатып қарай алмаймыз, түтігіп, көздері от шашып тұр.
Сасқалақтап Бақытжанға қарап едім, иығын қиқаң еткізіп, «бүлдірген 
өзің, жауабын өзің бер» деген сыңаймен балдақтарын сықырлатып, ләм де-
местен бөлмесіне кіріп, есікті жауып алды.
– Бар! Барғын! – деді атам мен жаққа қолын сермеп.
Зытып бердім десем өтірік болар еді, аяғымды зорға сүйретіп ас үйге 
әрең жеткендей болдым. Атаның өзіме ұрысқанына қорланған жоқпын, бірге 
тұратын бірінші күннің айқайдан басталғанынан сескендім, әрі жөндеймін 
деп бүлдіріп, атамды ренжіткеніме ұят қысып, өкініш кернеді. Өз әкем ай-
тушы еді: «Қалмақтың аты жем жемейді, жесе дорбаның түбін теседі», – 
деп. Сол сияқты тым тықыраңдап ұқыпты болғандағы қызған шекем мы-
нау болды. Біліп тұрмын, көл-көсір бір көз жасы алды-артыма қаратпаймын 
деп тұр. Қазір өзіме ерік берсем, даусым шығып кете ме деп ваннаға кіріп, 
есіктің ілгегін салып, сарылдатып су ағыза бастадым. Шүмектен судың 
шығуын күтіп тұрғандай өзім де ағылдым келіп...
Кейде кеудең қысылғанда жылап алсаң жеңілденіп қалатын әдетің емес 
пе, әлгіндегі өксік басылып, сергіп қалдым. Сергуін сергідім-ау, енді ван-


29
надан шығуым мұң болды. «Ұят-ай, бағанадан бері су сарылдатып тұрмын, 
андағылар не ойлап жатыр екен? Мына қылығым тіпті сорақы болды-ау», 
деген ойлармен шығуға батылым жетпей тағы біраз тұрдым. «Қой, бұлай 
мақсатсыз тұра бермейін, бәрібір шығуға тура келеді. «Қолмен істегенді, 
мойынмен көтеріп» кешірім сұрайын. Әрі-беріден соң, әдейі істегенім жоқ 
қой», – деп, ақылым енді кіргендей болды. Жылағаным көрініп қалмасын 
деп бетімді жуып, ілулі айнаға қарадым, ештеңе сезілмейтін сияқты. Бір 
жақсы жері көзім жуық арада қызара қоймайтын, менің боркемік жылаңқы 
екенімді атам білмей қалады деген сеніммен орамалымды түзей салып, ван-
надан бері шықтым.
Бақытжан балдағына асыла сүйеніп, әкесінің қасында тұр, атам бір 
нәрсені баяу айтып жатыр екен. Қастарына бірден баруға әлі де жасқанып, 
анадайда саусағымды шұқылап тұрып қалдым.
– Бері келгін,– деді атам. Даусында бағанағы ызғарлы леп білінбейді, 
дегенмен Бақытжанды қалқалай келіп, қалтарыста тұрдым.
– Мой беспорядок – это есть высший порядок, – деді. 
Атамның орысша, қазақша маған сөйлей беретінін бұрын да білетін-
мін. Бірақ орысша айтылған тұжырымды осы сөйлем миыма шегелен-
гендей қайтып есімнен кетпеді.
– Кешіріңіз, ата, мен енді ештеңеге тиіспеймін, – дедім.
– Бұл қайдан білсін, айту керек еді, енді өзіңе қиындау тиетін болды, – 
деді Бақытжан «жау кеткен соң қылышын тасқа шауып».
– В адвокатах не нуждаюсь. – Баласына ала көзімен қарап, бұрқ етті.
Бақытжан маған қарағанда, әкесінің мінез, сырын жақсы біледі, өзінше 
жол тауып кетті.
– Өзі тәртіпке бағынбайтын адамның қағаздарын жөнге салам деп нең 
бар еді? Өзіңе обал жоқ,– деп күліп, сөзді мен жаққа бұрып жіберді.
– Менің ойлап тұрғаным да сол ғой,– деді атам көңілденіп, сөйтті де мен 
жаққа қарап:
– Бұдан былай жылағың келгенде суды сарылдатпай-ақ жылай бер, – 
дегені.
Бақытжан үйді басына көтере қарқылдап күліп жатыр. Амал жоқ, 
күлкіге өзім де қосылдым. Атам байқамайды дегенім бекер екен, сезімтал 
адам сезбей қоймапты.
Ең бастысы, ата ашуланғанда алғашқы соққыға төтеп, шыдамдылықпен 


30
үндемей құтылсаң, суынып, сабасына түскенде түсінуге болады екен деп 
ойладым.
Атам кейін, біртіндеп, қағаздарын өз қалауынша «реттеп» алды. Енді 
мені де қатыстырып отырды. «Әкел, апарып қой, көк папкаға сал, қызыл 
дәптерді әкел, астыңғы тартпаға тиме» дегенін орындай жүріп, ненің 
қайда жатқанын білетін халге жеттім. Бірақ атамнан сұраусыз, өздігімнен 
қағаздарына қайтып тиіспедім.
Шындығында, сырттай бей-берекет көрінетін сол дүниелер кез келген 
папканы ашқанда қатаң жүйеге бағынатынын білуге болар еді. Жазылуға 
тиісті тақырыптардың жиынтығы жазылған, бірақ әлі жарық көрмеген 
шығармалары, өлең, афоризм, кездесулер тағы басқалар – бәрі жеке-жеке 
жүйемен реттелген. Папкалар мен дәптерлердің орнын өзінен басқа адам 
ауыстырса, таба алмай қалатын. Сондықтан да басы айқайдан басталып, 
аяғы күлкімен біткен кішкентай эпизодтан атаның өзіне тән қиын әдеттерінің 
бірін есіме берік ұстап, қайтып ұмытқан жоқпын.
***
Біз көшіп келіп, атаммен бірге тұра бастаған алғашқы уақыттар маған 
өте ауыр болды. Бақытжан өз бөлмесінен тамаққа шақырғанда шығады. 
Атам төсегін кабинетіне қойғызып алып, қағаздарын оқып, өзімен-өзі ол 
кісі жатады. Әкелі-балалы болып шүйіркелесулері сирек, көзге көрініп 
тұрған көңіл жібітер мейірім, жылылықтың нышаны білінбейтін сияқты. 
Дастарқан басына жиналғанда кәдімгі көңіл жықпас қара дүрсін әңгімеден 
әрі аспайды. Байқауымша, алдымен сөзден қашқақтайтын баласы. «Аяғым 
көп отыруға шыдамайды» деп, ауруын алға тосады немесе істеп жатқан 
аудармасын сылтау етеді. Әйтеуір, бөлмесіне тезірек кеткісі келіп тұрады. 
Бастары енді қосылып, бір үйде тұра бастағанда бұлай болады деп ойламап 
едім. Бұрын да әкелі-балалы екеуінің арақатынасының кейбір көріністерін 
түсінбейтінмін. Бірін-бірі айлап-жылдап көрмей жүре беретін, ал кездескен-
де мейірленіп қауышып, сағынысып көрісетін. Айқасса да, татуласса да 
ашық сөйлесіп түсінісіп жатушы еді.
Өз басым бір әке-шешеден өсіп-өрбіген үйде туып-өскенмін. Әкемізді 
Бақытжан сияқты «сен» деп сөйлемейтінбіз. Мен анамнан гөрі әкеме жақын 
едім, сондықтан болар жұбайымның әкесіне деген салқын мінезіне жыным 


31
ұстайды. Алайда бас салып кінәлауға бітеу жараның аузын тырнап алам ба 
деп қорқам. «Отты кім ұстаса, соның қолы күйеді» дегендей, әке қанатының 
астында өспеген адамның ішінде не жатқанын кім білсін?
Күннен-күнге үйге еңсені басқан бір үнсіздік орнығып келеді, да-
уыл алдындағы тына қалған аспандай тымырсық тыныштық үрейімді ала 
бастады. Айналам толған электр тогы сияқты, абайламай тиіп кетсем өрт 
шығатындай демімді ішіме тартып, аяғымды аңдап басам. Өрт шыға қалса, 
дүлей күшке істер амалым қайсы? Бірге күйіп-жанғаннан басқа қолымнан 
не келеді? Бұл сұрауларға жауап таба алмаймын, өмірден көргенім аздық 
етеді, шешуіне өрем жетпей дал болам. Бір нәрсе істеу керек деймін, бірақ 
не? Өзім де білмеймін, ал белгісіздік деген қашан да адамды оңдырмай 
қинайды.
Бұл үйдегі ең еркін адам – кішкентай Ержан. Үлкендердің ара-
қатынасында шаруасы жоқ, қай бөлмеге кіргісі келсе, алшаң басып кіріп 
кетеді, не айтқысы келсе де өзгеге пысқырып қарамай сөйлей береді. Қайта 
арадағы дәнекер, бәрімізді жалғастырып тұрған нәзік жібек жіп сол. Бұған 
да тәубе деймін.
Тастай жабық есіктердің үрейлі болатынын мен сол кезде терең түсіндім. 
Есік айқара ашылып, «ассалау» деп біреу кіріп келсе, үйдегі ауыр тыныштық 
серпіліп, әдемі бір жылылық қоса кіреді екен. Кім болса да үйге кісі кел-
се екен деп тілеп тұратын болдым. Әсіресе атам мен Бақытжанның жақсы 
көретін бауырлары Шерхан аға Мұртазаев, Мекемтас аға Мырзахметовтар 
келгенде көмескі күн жарқырағандай бәріміз көңілденіп кетеміз. Ондайда 
ортақ әңгіме де, әзіл де табылып жатады. Мені орап, уысынан шығармайтын 
үрей дүниесі ыдырап, иығымды басқан зіл қара тас та жоғалып, аяқ-қолым 
жеңілдеп бір жасап қаламын. Алайда бір күн өтпей қайтадан қайратымнан 
айырылып, жасқана жалтақтап, болбырап шыға келем. Маған ұрсып-зекіп, 
«отырсам опақ, тұрсам сопақ» етіп жатқан пенде жоқ. Тек әкелі-балалы 
екеуінің қас-қабағын бағудан осындай бейшара күйге түсемін.
Сезімтал жанды, өткір ойлы, асыл атам! Менің екі тастың арасында 
жаншылғандай болып жүрген жан азабымды түсініп, өзі жөн сілтеді. Бір күні 
қасына шақырып алып, қарсы алдында тұрған креслоға отыруды бұйырды. 
Темекі қорабынан бір тал «Қазақстан» сигаретін алып, мүштегіне жайлап 
кигізді, шырпы соңына дейін жанғанша асықпай тұтатты. Атам темекіні 
көп тартады, бірақ нағыз темекішілер сияқты құмарлана сорып, түтінін іші-


32
не жіберіп, мұрнынан бұрқыратпайды. Тек түтіндете береді. Бір жолы сөз 
арасында «есекке мінудің де ебі бар, менің өз әдісім бар» деп күлдіріп еді.
Атам үнсіз отыр, күлсалғышқа мүштегін тықылдатып қояды. Менің 
отырғанымды ұмытқандай назар аудармайды. Қалың қасының екі ара-
сындағы қос сызық әдеттегіден тереңдеп кеткендей көрінеді. Айтсам ба,
айтпасам ба деп ой тұңғиығына батып отырғандай. Мен үндемей күттім, 
атам ақыры сөзін бастады.
– «Сабырлыға сыр айтсаң, сыр түбіне жете тыңдайды» деген бар. Мен 
сені сөз түсіне біледі деп ойлаймын... Момышұлдарының отбасына сен 
кейін қосылған адамсың, бірақ жат емессің, бөтен болғың келсе де бола 
алмайсың. Жасым алпысқа келгенде тұңғыш сүйген немеремнің анасысың. 
Ол да Момышұлы. Өз ұрпағым! – Әңгіме желісі мен екенмін деп ойладым.
– Бұл шаңырақтың жұрт неше саққа жүгіртіп жүрген атақ-шатағы көп. 
Өзің өскен семьяда болмаған қайшылықтары жетерлік, соның бірін білсең, 
бірін білмейсің. Меніңше, сенің аса түсіне бермейтін бір түйінің – балам 
екеуміздің арақатынасымыз болса керек. – Мен осы тұста «иә» дей жазда-
дым.
– Бақытжан 41-ші жылы, соғыстың ең сұрапыл кезінде туған. Оның
3 қазанда дүниеге келгенін желтоқсанның ортасында білдім. Хабардың 
дер кезінде жете қоюы мүмкін емес, аласапыран кез еді. Содан баламды екі 
жастан асқанда бірінші рет көрдім. Тағдырдың өзі мені оған сирек көруге 
жазған екен, соғыстан кейін Отанға қажет болдым; армия қатарында тағы 
қалдым. Әскери академия, Красноярск, қайтадан академия, міне, осы жыл-
дарда Бақыттың менімен бірге болған күндерін жинақтаса қанша бола-
тынын айта алмаймын, аз екенін анық білем. Бірақ мен ұлымды ұмытқан 
жоқпын, – деп, сәл тоқтады.
– Большой разрыв во времени привел к иному разрыву, – дегенде күнде 
айтыла бермейтін, жүрек қалтарысының бірінде жататын мұндай сырды әрі 
қарай орысша баяндаса, кейбір жерін жете ұғына алмай қалам ба деген бір 
күдік қылт етті. Бірақ атам әңгімесін қазақша жалғастырды.
– 57-ші жылдан бастап мен біржола кеттім, мамасы екеуі бөлек тұрды.– 
Неге? – деген сөз тілімнің ұшына келіп-ақ қалғанмен, дер кезінде ернімді 
тістей қойдым.
– Мен қарым-қатынасымды үзген жоқпын, қалай болғанда ол менің 
жалғыз балам, өз қаным, балталап шауып кетіре алмайсың. Алайда 


33
Бақытжанның мені түсінуге ол кезде жасы да, шыдамы да жетпеді. Өшпенді 
көзбен қарап, бар кінәні маған артып өсті. Сыбағасынан айырылып, әке 
мейірімінен аулақ, тастанды болдым деп сезінгені анық. Бір жағынан 
оныкі де жөн шығар, пәлендей жүйелі әкелік тәрбие көрмеді. «Күтімі жоқ 
егіннен қабың толмас» дегендей, жығылды, сүрінді, өздігінен бұл күнге 
жетті. Енді жасы отызға келгенде әкесімен бір үйде тұруға лезде көндіге 
қалады деу ақымақтық болар еді. Қартайған шағымда маған да оңай тиіп 
жатқан жоқ. «Сен былай істе, солай істе» деп, жол көрсетіп ақыл айтудан 
аулақпын. «Алма сабағынан алысқа түспейді», ол менің черновигім, ақылы 
мен ақымақтығы, қырсықтығы бір басына жетерлік, – деп, атам әңгімесін 
бір қайырды.
Неге екенін қайдам, атам осы жолы кібіртіктей сөйлеп отырған сияқты 
көрінді. Баласын ақтап, өзін кінәлайтындай сезілді. Мұны бұрын байқамаған 
едім, атамның иілуге келмей шорт сынатын мінезіне үйрене бастаған мен 
үшін бұл бір тосын нәрсе болды.
– Только я оправдываться и давать отчет не собираюсь, понятно?! – деп, 
қияға самғауға дайындалған қырандай дүр сілкінді, өзіне-өзі енді ұқсады.
– Понятно, ата, – деппін сасқанымнан.
– Түсінікті болса, жалтақтап, үрейленбей, алдымен өзің есіңді жи. Сен 
қазір осы үйдің главнокомандующийісің. Үш Момышұлы қолыңа қарап 
отырмыз, «шөміштен қатырам» десең де еркіңдеміз, – деді.
Атам сөзін әзілмен аяқтады. Дегенмен ар жағында батпан салмақ 
жатқанын байқадым. Мені «главнокомандующий» дегенде екі тізгін, бір 
шылбырды келінге беріп, айтқанға көніп, айдағанға жүретін менің атам 
емес. Өзге тұрмақ өзіне-өзі бағынбайтын, табиғаты тәкаппар жаратылған, 
өзгеше жан.
Атам маған ақылгөйсіп уағыз айтып, құрғақ насихатты тепелеген жоқ. 
Келін деп кем көрмей, тең адамша сырласып, ұзақ сөйлесті. Отбасымыздың 
басқаға жайып, жар салуға болмайтын ішкі жағдайларын тереңірек зерделе-
уге жетеледі. «Түндікті мен аштым, есігіңді өзің қымта» дегенді ұқтырды. 
Қазір отбасындағы жалғыз әйел мен болғандықтан, осы үйдің ұйытқысы 
болып, от басының береке-құтын, жылылығын сақтауда атқарар рөлім мен 
төгер терімнің зор екенін анық сездірді.
Анам марқұм айтушы еді: «Он еркек толтыра алмаған үйді бір әйел тол-
тырады», – деп. Ондай құдірет менің қолымнан қайдан келсін. Әйтсе де 


34
өзіме қараған жауапкершілік пен міндетті көтеруде кездесетін азды-көпті 
кедергілерге босаңдық жасап мүжілмеуім керек екенін білдім.
Әрбір іс-әрекеттің тууына түрткі бір себеп болады. Мен іс-әрекетті 
ғана көрмей, оны тудырған себепті түсінуге, үйдегілердің жан-күйінің 
толғаныстарына, сезім сырларына терең үңілуім керек екенін білдім. Ру-
хани бірлік, рухани түсінісу болмаса, менің ас әзірлеп, дастарқан басына 
жинағаным жартылай қызмет, оны жат та істей алады деген қорытындыға 
келдім.
***
Атам бүгін, түскі астан соң, әжептәуір ұйықтады. Ұйқысынан оянғанын 
жөтелгенінен білдім. Қазір темекі тартады, бері шығып беті-қолын жуа-
ды, одан шай ішкісі келеді. Менің де күтіп отырғаным сол, дайын шайды 
әзірлеп, ақ шайнекті алып барам.
Атамның қасында отырып шай құйып беруді күнделікті дағдылы 
тіршіліктің ешқайсысына теңемеймін. Бұл деген мен үшін өзгеше бір үлкен 
дәреже, ұсынған кесені қолымнан алып шай ішуі маған істеліп жатқан ерек-
ше құрметтей сезінемін. Атамның ақ жүрегінің мейірімді шуағына бөленіп, 
даусын естіп, жүзін көріп отырғаным үшін тағдырыма мың мәрте рақмет 
айтатынмын.
Атам самаурынды сарқып ішетін шайшыл кісі емес, екі-үш кесемен 
шектеледі. Алайда осы шай үстінде өзінен-өзі әңгіме басталып кетеді. Мен 
білгім келген нәрсені, көбінше, алдын ала дайындап жүремін де, жайбарақат 
отырғанымызда сұрай қоямын. Атам сұрағаныңның егжей-тегжейін терең 
түсіндіріп, жан-жақты ашып әңгімелейді, арасында сенің ой-пікіріңмен са-
наса біледі. Көңіл күйі болмай отырғанның өзінде сұрағымды жауапсыз 
қалдырып көрген емес. Мен кейде мазасы кетіп, көңілсіз отырғанында әдейі 
тілге тиек болар сөз қозғайтынмын. Өйткені, үнемі болмаса да, ондайда 
әңгімеге айналып жадырап кететіні бар.
Атам әңгіме айтқанда жүзіне қарап әрбір қимылын, сөйлеу мәнерін, 
даусының әуенін бақылау деген өзінше бір ғажап көрініс. Әсіресе көңілі 
көтеріңкі болып отырған шақтарда бір адам туралы сөз басталып кетсе, сол 
кісінің дауыс ырғағын айнытпай салады, оған тән әдет, қозғалыстарды дәл 
келтіреді.
Бір жолы әншілер туралы сөз болғанда атам:


35
– Бір кезде Күләшті елжіреп тыңдаушы едім, қазір де радиодан үнін 
естісем жүрегім шымырлап, көзіме жас толады. Ал Құрманбек (Қ. Жан-
дарбеков) өзім үшін бір төбе болатын. Қазіргі өнер шеберлерінің ішін-
де Бибігүлді бұлбұлға теңеп жүрсіңдер, ол одан да артық. Сендердің 
бұлбұлдарың менің Бибігүліме жетпейді. Оған табиғат көрік те берген, 
ешкімге ұқсатуға болмайтын дарынды да берген. Кейде әжептәуір атағы 
бар деп жүрген әншілердің талайы дирижердің таяғына ғана бағынып ды-
бысын шығарады. Егер дирижер таяғын жоғары көтерсе,– атам осы тұста 
темекі кигізілген ұзын мүштегін жоғары көтерді, – і-і-і-й дейді, – деп дау-
сын шиқылдатып жіп-жіңішке шығарады.– Дирижер таяғын төмен түсірсе, 
ы-ы-ы-й дейді, – деп, даусын ең төменгі нотаға түсіріп гүрілдегенде, шыдап 
отыра алмай ішек-сілем қатты.
– Әй, балам, неге күлесің? – деп қойып, әрі қарай әңгімесін жалғастыра 
беріп еді...
– Балашка, шайың бар ма? – деген дауыс ойымды бөліп жіберді.
Атамның жақсы тынығып, сергек тұрғанын біле қойдым. Неге десеңіз, 
көңіл күйі өте жақсы кезде мені «балашка» дейді, бір қалыпты болса «ба-
лам», ал ренжи бастаса «Зейнеп», тіпті ашуға мінгенде «турчанка» деп 
айқайлайды.
Мен шай мәзірін салған ыдысымды көтеріп, атаның бөлмесіне бардым. 
Аласа үстелдің үстіндегі темекі қалдықтарына толып қалған күлсалғышты 
ала бергенімде, ашық жатқан дәптердің бетіне ірі араб әріптерімен жазылған 
қысқа үш жолға көзім түсті, бірақ оқымадым. Күлсалғышты тазартып алып 
келсем, атам дәптерін әлі алмапты, сол күйі жатыр. Дастарқанға керекті 
дәмдерді орналастырмақшы болып дәптерді бір шетке қарай ығыстырдым. 
Тағы да жазуға еріксіз көзім түсті, шыдамымды тежемей оқып үлгердім.
Найзаның ұшына қарамағын, 
Оның тұтқасын ұстаған
Қолдың күшіне қарағын, –
деген жолдар екен.
– Көзіме тура қара! – Оқыстан шыққан дауыстан жүрегім зырқ етті.
– Шыныңды айт, араб әріптерін оқи аласың ба?
– И-и-ә, – дедім, неге екенін, аяқ астынан кекештеніп.


36
– Шекем қызған екен! – Маңдайын алақанымен сарт еткізді.
Мен сасқалақтап қалдым.
– Сорым қайнаған екен! Құпияларымды жазғанда осы әріпті пайдала-
нушы едім, енді қайттім? – дегенде амалым таусылып жүзіне қарасам, атам
мұртынан күліп отыр. Әзіл екеніне көзім жеткен соң:
– Қағаздарыңызға рұқсатсыз тиіспеуді үйрендім ғой, – дедім. Неге 
солай айттым? Өзімді ақтамақ болдым ба, білмеймін.
– Тәйт әрі, өтірік айтпа! Жаңа рұқсатсыз оқығаныңды көзіңнің 
жүгіргенінен көрдім ғой, – деді.
«Ұрлығыңды қолыммен ұстадым, енді не дер екенсің» дегендей көзін 
сәл сығырайтып сынап қарап тұр.
– Кешіріңіз, бақырайып тұрса... еріксіз оқыдым, – деп шынымды айт-
тым.
– Балам, егер сөздің жөніне көшсек, бұл әріпті білгенің өте жақсы екен. 
Менің жазбаларымның әжептәуір бөлігі араб әрпімен жазылған. Бала кезім-
де сауатымды осы жазумен ашқанға ма, қол оңай жүгіреді. Кейін Бақытжан 
қолжазбаларымды өзгенің көмегінсіз оқи алмайды-ау деп ойлаушы едім, 
енді қарасам сен бар екенсің, – деді кесесін қолына алып.
Төбем көкке жеткендей көтеріліп қалдым. Қазір сол жазбаның бәрін ал-
дыма үйіп беретіндей іштей шалқиын келіп... Тіпті тезірек оқысам деген бір 
батыл ой келгенін қайтерсіз.
– Қашан оқуға болады? – деппін, ойымды жасыра алмай түйеден 
түскендей дүңк еткізіп.
– Мен өлген соң, – дегенде жүрегім су ете түсіп, аузыма сөз түспеді. 
Өкін, өкінбе, «Айтылған сөз атылған оқ», қайтып қайтара алмайсың.
– Өйтіп айтпаңызшы, ата?! Мен байқамай қалдым, мен тек...– Біреу 
буындырып жатқандай сөздерім тұншыға шықты.
– Әй, балам, неменеге сонша қорықтың? Өмір сүре білмеген өлімнен 
қорқады. Ажал қай жағымнан ала түседі деп берекең кетіп, дірілдей берсең, 
тіршіліктің не мәні қалады, не үшін өмір сүрдім демексің? Өмір бар жер-
де қаза бар, мен де адаммын, өлмегенде сайтан болып ұшып кетеді дейсің 
бе? – деді босаған кесесін беріп жатып.
«Аңғармай сөйлеген ауырмай өледі» дегендей, өзім басталуына себеп 
болып, жүйкеге түрпідей тиген мына әңгіме осымен біткен шығар деп ой-
лап едім, ар жағы тіпті ғаламат болды.


37
– Мен өлгенде өтірік-шыны аралас бәрің жылайсың. Бірақ талай 
нәрсенің беті ашылады. Шынайы егілу, пасықтықпен жыламсырау, сасық
қулықпен сықсыңдау, арамдықпен бет жыртып айқайлап жылау – бұның 
бәрі ел көзінен таса қалмайды, біреу болмаса біреу байқайды. Өкініштісі 
сол, мен ештеңе көрмеймін, естімеймін. Тым болмаса Момышұлының 
жалғыз келінінің атасын не деп жоқтайтынын білгім келіп отыр, қалай 
қосақтап жылайтыныңды қазір айтып бергін, – деді.
Мен жайшылықта өзімді қорқақтардың қатарына қоспаймын, бірақ 
атамның сөздерінен кейін көзім қарауытып, аяғымның астындағы жер 
қозғалып бара жатқандай болды. Бәленің көкесі енді басталған сияқты. 
Тірі адамды жоқтау деген не сұмдық! Қалай жауап беріп жалтаруды біл-
мей, шынымен зәрем кетті. Алғашқы кездердегідей емес еркіндеу сөйлеуге 
дағдыланып қалып едім, ата мінезіне үйрендім дегенім бекер-ақ екен. 
Ойламаған жерден омыртқам опырылғандай қозғалуға шамам келмей, 
бір уыс болып шөгіп, отырып қалдым. Мына қыспақтан қалай босана-
рымды білмей ернімді тістелей бердім, лезде суық тер шып ете қалды. 
Сасқаным емес пе, өзінен көмек сұрағандай атама қарадым. Бір жағынан, 
егер атамның жүзінен сәл жымиюдың, жылылықтың нышанын көрсем, 
күліп құтылмақшы едім. Атам, бірақ қабағын керіп, маған салқын жүзбен 
тік қарап отыр. Атамның жанарына төтеп беру қайда, көзімді тайдырып 
әкеттім.
«Шыныменен жыласа, соқыр көзден жас шығады». Бір кезде апам ай-
тып отыратын бір нәрсе есіме түсіп, құтылар бір тұс осы болар деп:
– Ата, баяғыда атақты Шеген бидің келіні қайын атасы дүние 
салғанда:
Аспанда ұшар лашын,
Лашын жаяр құлашын. 
Атамды алған құдайдың, 
Келіні мендей жыласын, –
деп жоқтап жылаған екен дедім, әй қайдан шықса, содан шықсын деген оймен.
Атам қарқылдап келіп күлсін! Біраздан бері мұншалық ашылып 
күлгенін ести алмай жүр едім. Бір қақпаннан құтылғанымды біліп, өзім 
қосыла күлдім. Біреу айтыпты ғой, «осы аурудан аман қалсам, келесісін ал-
дап кетер едім» деп, менікі де сондай хал болды.


38
– Балашка-ау, мен сені қиналған жерің осы енді десем, шебер тактика 
қолданып, қоршауды бұзып, құтылып кеттің ғой. Қайта айтып берші, – деді 
қол орамалымен көзін сүртіп жатып. Мен қайталадым.
Атамның бір дәптеріндегі «13/ХІ–73. Немеремнің анасы айтып берген 
Шеген бидің келінінің жоқтауы» деген жазудың сыры осында еді.
***
Қазақстан жұртшылығы Азия және Африка елдері жазушыларының Ал-
матыда өтетін V конференциясына қызу дайындық жұмыстарын жүргізіп 
жатқан. Бүкіл республикалық газеттер, радио, телевидение халықаралық 
маңызы зор бұл жиынның мақсаты жайлы, оған қатысатын қонақтар тура-
лы үздіксіз хабар, мағлұматтар беріп, күнделікті жаңалықтарды көпшілікке 
жеткізіп отырды. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деп, конференция 
ашылатын күн жақындаған сайын астана көшелеріне алуан түрлі жалаулар, 
құттықтаулар мен суретті плакаттар ілініп, онсыз да әсем Алматы салта-
натты түрге еніп, құлпыра түскендей болды.
Алыс елдердің өкілдерін құрметпен қарсы алудың қарбаласы кезінде 
атамды іздеп телефон соғушылар көбейді. Біздің көңіліміз мазасызданып, 
әбігерлене бастадық. Өйткені атам Семейге кеткен, мына болғалы жатқан 
үлкен форумға үлгеріп келе ме, жоқ па деп қатты алаңдадық. Ақыры шыдай 
алмай, Семейге хабарлассам, атам әлдеқашан Жамбылға кетіпті. Жамбылға 
барса, өзінің туған жері Жуалыға соқпай қоймас, одан туған-туысқандардың 
арасында бөгелетін де болар, ал мұндағылар іздеп жатыр. Сөйтіп, шарасыз-
данып отырғанымызда, істің сәті оңынан туып, атам өзі келе қалды. Бірақ 
анада үйден аттанғандағы қалпы жоқ, әрі-бері жол жүру ауыр тисе керек, 
жүдеңкіреп, келбеті келіспей қалыпты. Конференцияға дейін бір апта бар, 
сондықтан үйде жатып біраз тынықпақшы болды.
Бақытжанның бұл жиынға қатыса алмайтыны екібастан белгілі, қос 
балдақтың тұтқынынан құтылуға әлі ерте еді. Өзі бір түрлі көңілсізденіп, 
терезеден сыртқа телміріп жиі қарауды шығарды. Әйтсе де конференция 
жөнінде атаммен қызу әңгімелесіп те кетеді. Сөз арасында әкесіне: «Көрген-
білгеніңді жадыңда жақсы сақтап, бізге толық айтып бересің, теледидардан 
көрген бір басқа, өз әсеріңді есту бір басқа», – деп ескертіп жүрді. Атам 
оның жүзіне қарап мұңая күледі де, ештеңені ұмытпайтынын білдіріп ба-
сын изейді.


39
Конференцияға тікелей қатысым болмағанмен, мен де өзімше дайындық 
үстіндемін. Менікі жай, келіндік дайындықтар; атамның қас-қабағына жіті 
қарап күтімін күшейтіп, киетін киімдерін реттеу. Киім демекші, апапаның 
айтуы бойынша, бұрын атамның әр түймесіне дейін жарқырап, сәнді де 
ұқыпты киініпті. Неге екенін, қартая келе үстіне мүлде мән бермейтін 
болған. Біз бөлек тұрған кезімізде қалай болса солай киініп жүретініне 
түсінбейтінмін, сөйтсем, бұл кісіні өз дегені болмаса, айтқаныңа көндіріп 
киіндіру деген өте қиын екен. Мен талайға дейін сөзімді өткізе алмадым, 
тіпті бір жолы үйде жүрген күйі әжептәуір беделді мекемеге барып келді. 
Неге өйтесіз дегеніме: «Шүберек мені кимейді, мен оны киемін, ал қалай 
киіну өз еркім. Жұпыны киім ішінде мені танымағандар танымай-ақ 
қойсын», – деп, қолды бір-ақ сермеді. Не дерсің? Әйтсе де қыр соңынан мен 
де қалмадым, бірде олай, бірде бұлай киім мәселесіне айналып соға бердім. 
Ақыры жыларман болып:
– Ата, сіз қалай жүрсеңіз де, не кисеңіз де жарасады, оған сын айтатын 
ешкім жоқ. Бірақ ендігі жерде сөздің бәрі маған тиеді, келіні салақ екен, 
атасын күтпепті деп жұрт мені кінәлайды, – дедім.
Атам қасын қайшылап бетіме тесірейе қарады да, үндемеді. Содан бас-
тап ылғи болмағанмен, мен дайындаған киімді киетін кез де туды. Бірте-
бірте байқатпай киімдерін өзгерте бастадым. Өзгертуге болмайтын ерекше 
бір заты бар, ол – сәл бостау етіп күлтелеп мойнына байлайтын ұзын қара 
крепдешин бантигі.
Өзім келін болып келгелі кәдімгі жұрт тағатын галстукті пайдаланғанын 
тек 1974 жылы партиялық билетті ауыстыру кезінде суретке түскенде ғана 
көріппін. Былайғы уақыттың бәрінде: қонақта, театрда, арнаулы мекеме-
лерде, әйтеуір, қайда бармасын бантигінен екі елі ажыраған емес. Ал енді 
бар ғой өзіне ғажап жарасатын, басқаға ұқсамайтын бүкіл жаратылысының 
бұл да өзінше бір белгісіндей еді. Қазақстанда атамнан өзге адам дәл осын-
дай бантикті тақпады, оған еліктеуге ешкімнің дәті жетпейтін. Өйткені кез 
келгеніміздің мойнымызда оғаш көрінер еді.
Бұл бантик түп-түзу лента секілді емес, қиғаштай қиылған. Бір жағынан 
жалпақтау басталып, ұшына қарай жіңішкере береді. Атамның қолына көшіп 
келіп, бірге тұра бастағанда оны қалай байлау керектігін өзі маған түсіндіріп, 
көрсетіп берді де, әрі қарай бұл істі маған сеніп тапсырды. Момышұлының 
бантигін байлау екінің бірінің пешенесіне жазылмаған құрметтей көріп, 


40
бар ынтамды салып жүріп шеберленіп алдым. Мақтанғаным емес, алғашқы 
байлағанымда-ақ «О, мына түюің төгіліп түсті» деп бағалағанда, орден 
алғандай қуандым. Өйткені атамнан естіген бірінші мақтауым еді. Басқа 
жұмысқа ептілікті қайдам, ал осы бантикті байлауға келгенде, алшы тұрғыш 
оңқай асықтай жолым болып жүрді. Адам деген қызық, жетістікке қолың 
көбірек жетсе, сақтықты ұмытасың да басың айналып, табаның таяды екен. 
Атамның ерекше бантигіне байланысты естіген мақтаудың буымен ақыры 
оны бүлдіріп алып, төбеден домалағанымды бір-ақ білдім.
Сәтсіздік конференцияның ашылуына екі-ақ күн қалғанда кезік-
ті. Пысықтығым ұстап бантикті жуа қойып едім, өз көзіме өзім сенбедім. 
Қалбырдың тор көзіндей шұрық тесік болып шыға келді. Ә дегенде қандай 
қырсыққа душар болғанымды ұқпай, үңіліп қарай беріппін, біржола 
құрығаны санама жеткенде, жүрегім тас төбеме шықты. Аяқ-қолым діріл-
деп, жағымның түгі үрпиді. Анадағы атамның қағаздарын жинаймын деп 
бүлдіргеннен кейін пәлендей кедергіге ұшыраған жоқ едім. Ал мына бантик 
жай шүберек емес, өзіндік тарихы бар, атам үшін өте құнды дүние бола-
тын.
Жиырмасыншы ғасырдың ұлы мүсіншісі, әлемге аты әйгілі Евгений Вик-
торович Вучетич атаммен өте жақын сыйлас болған адам. «Тауды тау көреді» 
дейді ғой, сол секілді бұлар бірін-бірі жүрекпен танып, рухани түсінісіп, 
берік те адал достықтарына қылау түсірмеген. Е.В. Вучетич – өз өмірінде 
ең жоғары наградалар мен атақтардың бәрін-бәрін алған үлкен дарын иесі. 
Дүниеге өлмес туындылар беріп, мәңгілік ескерткіштер қалдырған. Мамай 
қорғанындағы ғаламат мүсіндер ансамблін білмейтіндер кемде-кем шығар. 
Берлинде Трептов бағында оң қолына ұстаған семсерімен фашистік кресті 
қақ бөліп, сол қолымен кішкентай неміс қызын кеудесіне қыса құшақтаған 
айбынды Кеңес солдатының құдіретті бейнесі бүкіл әлемге «Жеңімпаз 
жауынгер» деген атпен белгілі. Алматыдағы гүл алаңында В.И. Лениннің 
үлкен ескерткіші тұр, ол да Е.В. Вучетичтің талантты қолымен қашалған. 
Айта берсе толып жатыр; қазақтың талай ардагерлерінің, соның ішінде, 
ең алдымен атамның мүсінін жасаған, ол қазір Жамбыл қаласындағы му-
зейде сақтаулы. Евгений Викторович Вучетич даңқтың шыңына шығып, 
пенденің басын айналдыратын сый-құрметке белшесінен батып жүрсе де, 
атамның сөзімен айтқанда «алды ақ жайлау кең, сәбидей пәк» болыпты. 
Атам кемеңгер досын сол адамдық асыл қасиеттеріне бола ардақтаған.


41
1963 жылы күзде атам Кубаға бармақшы болғанда Бақытжанды 
Мәскеуге бірге ала кетіп, оны жазушылардың астана түбіндегі Голицын 
шығармашылық үйіне орналастырды. Бақыт әкесі Кубадан қайтқанша сол 
жерде болуы керек екен. Атам өзі жолға шыққанға дейін баласын Мәскеудегі 
достарымен таныстырған. Олардың ішінде КССРО халық артисі Григорий 
Львович Рошаль, ол кісінің жұбайы, кино қайраткері, атамның жазушылық 
алғашқы қадамына үлкен сүйеу болған Вера Павловна Строева (атам өзінің 
ең бірінші шығармасы – «Наша семьяны» осы кісіге арнаған), Евгений Викто-
рович Вучетичтің үйлеріне апарып, Бақытжан ұмытылмас кездесу сәттерін 
бастан өткізген. Вучетич өзінің ақкөңіл аңқылдақ мінезімен Бақытты бірден 
баурап әкетіп, музейге бергісіз шеберханасын аралатып, талай кереметті 
көрсетіпті. Сол жолы шай үстінде атаммен қызу әңгімелесіп отырған Евге-
ний Викторович кенет ұшып тұрады, көз ілеспес шапшаңдықпен атамның 
мойнындағы оңай ағытылатын галстугін жұлып алып, лақтырып жібереді. 
Өзі алды-артына қарамай басқа бөлмеге жеделдете кіріп кетеді. Бейқам 
отырған атам досынан мұндай тосын қылықты күтпеген, не болғанын 
бірден ұғына алмай, біресе ана кісі кіріп кеткен есікке, біресе Бақытжанға 
қарайды. Бірақ қас қағымда болған жайды байыптағандай өңі түтігіп, көзі 
шатынап, от шаша орнынан қарғып тұрады. Өмірі біреудің қолы жағасына 
тиіп көрмеген өрлігіне өзге емес, қалбалақтап қарсы алатын жақсы досының 
басынуы атамды қалшылдатып жібереді. Осы кезде үй иесі күле сөйлеп 
шығып келе жатады, ал атам екі аттап қасына жетіп барған. Сонда ана кісі:
– Кез келген жерде сатылып, екінің бірі мойнына іліп алатын галстук 
саған жараспайды. Батырдың батыры, серінің серісі, менің аяулы досыма, 
міне, мынау лайық, – деп өз қолымен су жаңа ұзын қара бантикті шашы-
рата күлтелеп атамның мойнына байлайды. Атам не рақмет айтарын, не 
сілкіп тастарын білмей қатуланған күйі қалшиып тұрып қалады. Ал Евге-
ний Викторович атамды құшақтап:
– Менің қыран қазағым! Жаңа мені шайнап, түкіріп тастауға аз-ақ 
қалдың-ау, – дегенде атам қарқылдап күледі де, әлгіндегі бойын булықтырған 
ашуы тарқап кетеді.
Мен бұл әңгімені алғаш рет Бақытжаннан, кейін бірнеше рет атамнан 
естідім. Бір кезде Берікқарада демалып жатқанда үй толы адамға осы бан-
тик уақиғасын мақтана айтып, кішкентай ескерткіш сыйлықты қастерлеп 
отырды. Сонда атамның Құлжабай дейтін қарт нағашысы:


42
– Шырағым, Бауыржан, екі елі суыртпақтай қара шүберегін сен әтуерлеп 
тағатындай Өтеш дегенің кім? – деп сұрады (Вучетичті өзінше айтқаны).
Атам бар пейілімен селкілдеп күлгенде, оған бүкіл қонақтар қосылып, 
алты қанат киіз үйдің кереге, уықтары сілкінгендей болды. Атам көзін ора-
малмен сүртіп, кеседегі қымыздан сіміріп барып, күлкісін әрең басты да:
– Нағашы, Өтеш деген әулие адам. Мен оның құдіретіне талай рет ба-
сымды игенмін, – деп еді.
Сөйткен досының көзіндей көріп жүрген бір белгісін лезде мен шоқпытқа 
айналдырдым. Олай-бұлай аударып қараймын келіп, әй, жыртылысы жа-
ман, тігу, жамау мүмкін емес. «Бірдеңе ойластыру керек және тезірек» деп, 
ішімнен қайталай беріппін. Бантикті атам мен Бақыттың көзі түспейтін 
жерге іліп қойып, өзім әрі қарай амал іздестіре бастадым. Ойлап тапқаным 
осындай етіп тігу керек, сонда мүмкін аңғармай қалар деген болар-болмас 
сенім пайда болды.
Азық-түлік дүкендері болмаса, былайынша, зат, кездеме сататындарына 
бас сұқпағаныма көп болып еді. Сөйтсем крепдешиннің қарасын табу құстың 
сүтін табумен бірдей болып шықты. Таксилетіп қанша жерге бардым, ес-
титінім «жоқ» деген жалғыз сөз. Кейбір сатушыға жалынып та көрдім, бәрі 
бекер. Қаланың бұрыш-бұрышын аралап жүруге уақытым тағы тар, сәт сай-
ын үйдегілерге керек болып қалуым мүмкін. Содан, қашқанда да, қуғанда 
да барар жерім апам, екі өкпемді қолыма алып, сол кісіге келіп жағдайды 
айттым. Апам: «Үйіңе қайта бер, ана бала-шағаң сені іздеп жатқан шығар, 
мен іздестіріп көрейін», – деді. Өкінішке орай ол күні апам да ештеңе таба 
алмады. (Қазіргідей емес, жетпісінші жылдары крепдешиннің қаны жерге 
тамбай тұрған кез) Тек ертесінде кешке қарай бір құрбысының сандығының 
түбінен жұп-жұқа бірыңғай қара жібекті зорға тапты да, содан тігіп берді. 
«Мүмкін, атам білмей қалады» деген үмітім біржола өшті, өйткені мына 
жаңа бантик формасы дәл келгенмен басқа екені мен мұндалап тұр. Неде 
болса көрейін, не айтса да шыдайын деп өзімді нықтап, ертең сырым ашы-
латын күнге іштей дайындалдым.
Бүгін бәріміз ерте оянып, бірге отырып азанғы асты іштік. Бақытжан 
атама айтқан тапсырмасын ұмытып кеткендей қайтадан әкесіне: «Ештеңені 
ұмытпа, бәрін айтып кел», – деп, кішкене бала секілді тағы қыңқылдағанда 
атам:
– Тү-у, не деген мазасызсың, – деп күліп жіберді.


43
Атамның көңілді күйін көріп, менің одан әрі берекем кетті. «Қазір рен-
жиді, үлкен жиынға үйден қабағы салқын шығатын болды» деген ойлармен 
тамағымнан ас өтпеді.
Атам рақметін айтып, дастарқан басынан бөлмесіне кетті. Конференция-
ға киіп баратын киімін бір қыртыс қалдырмай жөндеп, реттеп-ақ қойдым, 
тек бантикті көрсете алмадым. Атам киінуге кеткен замат, екі күннен бері 
Бақытқа да білдірмеген бантик жайын қысқаша айтып, енді не болатынын 
сұрадым.
– Әрине, ерекше көретіні рас, бірақ та он жыл деген оңай мерзім емес. 
Қанша күтіп ұстағанмен, шүберектің аты шүберек. Ол тұрмақ он жыл-
да адам да өзгереді. Папам оны түсінбейді дейсің бе? Сондықтан менімше 
қатты кете қоймас, – деп, Бақытжан мені кішкене жұбатқансыды. Со-
лайы солай-ау, алайда жүріп-жүріп келіп, дәл менің қолымда ыдырағанын 
айтсаңшы.
– Балам, бант қайда? – деп атам дауыстағанда мен:
– Ағатай, менімен бірге жүрші, – дедім Бақытқа жалынып. Оның маған 
тигізер пайдасы жоқ болса да ана жаққа жалғыз баруға жүрексіндім. Бақыт 
бетіме таңдана қарап мырс етті, бірақ обалы қанша, аяқ астынан қырсығатын 
әдетіне баспай, ілесе кетті.
– Ата, мен жаңа бантик тіккіздім, мына жаңа костюміңізге өте жара-
сады, – деп, ішімнің қалтырағанын білдірмеуге тырысып күле сөйледім. 
Қасына жақындап жібекті байламақшы болып едім, басын сілкіп, қолымды 
жеңілдеу қағып жіберді. Жібек сусып барып жерге түсті.
– Өзімдікін әкелгін,– деді салқындау үнмен.
Енді шегінетін жер қалмады, халатымның қалтасына бүктеп салып 
алған жыртық бантикті көрсеттім. Өзім жүзіне тура қарай алмай басым 
тұқырып төмен тартты. Атам сәл үндемей қалып:
– Байла!– деп бұйырды.
Қыңырайды деген осы, әйтпесе жырым-жырым шүберекпен тоқсан 
түрлі ұлттың бас қосатын жеріне қалай бармақшы? Амал қанша, айтқанын 
орындамауға дәрмен жоқ. Көрер көзге сиқы кеткен жыртық бантикті 
жағасына жақындатқанымда:
– Жаңасын, – деді сөзді қысқа кесіп.
Менің қуанғанымды айтпаңыз, қолым мұндай тез қозғалар ма, лыпыл-
датып байладым да бердім. Байлап жатып ана бантикті қалай жыртқанымды 


44
одан да тез айтып шықтым. Атам болар-болмас жымиғанмен, үндемеді. 
Бақытжан осы кезде күліп жіберді, шамасы, менің қуанғанымнан өзіме ие 
бола алмай жеңілтектенгенімді байқай қойған.
– Женяның бантын, – деді атам маған қарап, – таза орамалға орап, 
үстелдің ортаңғы тартпасындағы ағаш қобдиға салып қойғын. Ал мынаған
рақмет, – деп, бір саусағымен кеудесін нұқыды.
Атамды есік алдында күтіп тұрған машинаға дейін шығарып салып, 
соңынан біраз қарап тұрдым. Аспанда шөкімдей бұлт жоқ, күздің жанға 
жайлы жайма-шуақ бір әдемі күні екен бүгін, ал менің көңілім тіпті кере-
мет. Бүкіл денем жеңілденіп жүгіре жөнелетіндеймін. «Екі күн бойы ішім 
әлем-жәлем болып, әр долбарға бір соғылып неге сонша қорықтым?» – деп 
ойладым. Ойладым да неге зәрем кетіп әбігерге түскенімді ұғындым. Бұл – 
әншейін сөз естіп қалам ба деген үрей емес, атам қадірлеген, атам ұстаған 
әрбір затты бағалай құрметтеуден туған сезім толқыны екен.
***
Атам Азия және Африка елдері жазушыларының Алматыда өткен V 
конференциясына қатысып, жақсы әсермен үйге қайтып еді. Тағдыр шіркін 
де кейде мейірімсіз, кімге кәрін төгерін білмейді, атамның онсыз да жиі бола 
бермейтін көңілділігін көріп қойғандай, конференциядан келген күннің ер-
тесіне ауырып жатып қалды. Аяғындағы ескі жарақатының аузы ашылып, 
табанын жерге баса алмады. Дәрігер шақырдық, олар ауруханаға салу керек 
дегенді айтты. Ал атам халінің қиындау екеніне қарамай үзілді-кесілді бас 
тартты, дәрігерлер қанша көндіргісі келгенмен иілмей қойды, неге сонша 
қарсыласқанына түсінбей, себебін сұрағанда:
– Әй, қарағым, мен сендерден әбден жалықтым. Оның үстіне титімдей 
жара үшін үкіметтің тегін тамағын ішер жайым жоқ, – деп, сөзді қысқа 
қайырды. Айтты, бітті, әрі қарай сөз таластыру жақсы нәтижеге апармайды. 
Сонымен «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» болып атам айтқанын 
істетті. Дәрігерлердің кеңесімен үйде өзім күтетін болдым. Қолымнан кел-
генше жағдайын жасап, әр қимылын қалт жібермеуге тырыстым. Алайда 
мен үшін ең ауыр тиетіні – аяғын жуып, дәрісін жағарда мені қасына жолат-
пайтыны.
Қолының икемі келмей жатқанда жөндей қояйын деп ұмтылсам 


45
қолымды қағып жібереді немесе зекіп тастайды. Сезімі бар пенде емеспін бе, 
көңіліме жаман тиеді. Ал Бақытжаннан қайыр шамалы, соңғы операциядан 
кейін оң аяғы серейіп иілмей, еңкеюі қиындап қалған. Бәрібір оның көмегін 
қабылдағалы тұрған атам жоқ. Тек күнара келіп тұратын дәрігер олай да, 
бұлай да аяғын айналдырып көргенде, қарсыласпай жатады, кеңесін үнсіз 
тыңдайды, ауырды деп тіс жарып шағынбайды.
Осылай бір апта өтті. Атам маған сенбейді екен деген ой күннен-күнге 
күшейіп, намыстанып болдым. Осы ойымды жұбайыма шет жағалап айтып 
едім:
– Босқа быжылдама,– деді ол. – Папам сенің көзқарасыңнан, сөзіңнен 
аяушылық, мүсіркеуді көрген, «Үй-й-й, аһ, уһ, ауыра ма?» деп, толып 
жатқан аяныш білдіріп, жынын ұстатасың. Ол өзін аяғанға төзбейді, оны 
қорлаудан әрі көреді. Әлсіздік көрсету бойына дарымаған қайсар адам, сен 
осыны түсінуге тырыссаңшы, – деді.
Мүмкін, атамның өзі білетін басқа себебі бар шығар, дегенмен 
Бақытжанның айтқаны маған ой салды. Мен енді қулыққа көштім. Атам 
өзі айтқандай, «процедурасын» жасар кезде дәрі-дәрмегін дайындап, жылы 
су әкеліп қасында тұрам. Біржола шығып кетуге болмайды, су құйып 
беріп, дәрілерді, дәкені кезегімен әперіп жанында болуым керек. Мен енді 
көпе-көрнеу ештеңе байқамағандай бейқам, жайбарақат көрінуге тырыса-
тын болдым. Бұрынғыдай көмегімді алға тоспадым, ақыр менің қолымды 
тигізгісі келмейді, тиіспедім. Бірақ көп сөйлейтін әдет шығардым, себебі не 
десеңіз, өзімше сөзге айналдырған сияғым. Бұның қаншалықты дәл шығып 
жатқанынан хабарым жоқ. Дарынсыз актерлердің жасанды ойыны секілді 
болуы мүмкін. Атам осы «қулығымды» білмеді деп айта алмаймын, бірақ 
пәлен деп сездірген жоқ. Есесіне мен өзімді еркін ұстауға үйрендім. Бұрын 
қысылып, кейде ойымды анық жеткізе алмай сөзімнің берекесі кетуші еді, 
қазір кәдімгідей батыл сөйлейтін дәрежеге жеттім.
Атамның төсекке байланып жатып қалғаны тағы бір ыңғайсыздықты 
туғызды. Атама тамақты төсегіне әкелем, өзіміз ас үйде ішеміз. Бір үйдің 
ішінде отырып дастарқанды бөлу деген, тағдыр басқа салмасын, өте 
жағымсыз ауыр жағдай екен. Кеңірдегіңе бірдеңе тығылғандай ас ішкім 
келмейді, тамағыңнан өтсе де, дәмін аса сезінбей, сүйсінбей ішеді екенсің. 
Атамның жеке тамақтануы былай лажсыздық болғанмен, бөлектену сияқты 
сезіліп, қабырғама қатты батты. Асқа отырғанда Бақытжанның да еңсесі 


46
түсіп, үндемей қалатын болды. Ас ішу деген тек қарын тойғызу емес, 
адамдардың бір-бірімен шүйіркелесе түсетін кезі екені белгілі. Тіпті бұрын 
таныстығы жоқ адамдардың өзі бір рет дәмдес болған соң көрген жер-
де жылы ұшырап сәлемдесіп жатады. Ал біздің жағдайымыз күрделірек, 
ұзақ жылдар бойына бірге тұрмаған әке мен баланың енді бастары бірігіп 
жатқанда дастарқандарының бөлінбеуінің үлкен мәні бар еді. Осыны 
Бақытжан екеуміз жақсы түсінетін сияқтымыз. Сонымен бір жолы ас 
түсіргелі жатқанымда Бақытжан:
– Жүр, папама, – деді. Неге деп себебін сұрамастан ілестім.
– Папа, ертегі айтып берейін бе? – деді жұбайым есіктен кіре салып.
Атам таңғалғандай баласына үнсіз қарап қалды. Бақытжан атамның 
келісімін күтпей-ақ сөзін бастады.
– Баяғы заманда бір ерлі-зайыпты адамдар өмір сүріпті. Күйеуінің 
қартайып, әбден қаусаған әкесі бар екен. Сол шалды баласы мен келіні тал-
дан өрілген ат ақырға отырғызып қойып тамақ береді екен, ана байғұстың 
қарсыласар қауқары жоқ, үндемей, бергендерін ішіп, жамбасына тал батып 
жата беріпті. Ал жаңағылардың кішкентай ұлы күнде жас шыбық әкеліп, 
бірдемені тоқи бастайды. Содан әке-шешесі:
– Мына істеп жатқаның не?– дейді.
– Бұл екі кісі сыятын себет, сендер қартайып, қайраттарыңнан 
айрылғанда, осы себетке отырғызып қойып тамақ беремін, – депті.
– Әй, сен қыршаңқы нені меңзеп тұрсың?– Атам шын пейілімен 
рақаттана күлді.
– Папа, мен сені шал деуден аулақпын, бірақ қасыңда отырып ас ішуіміз-
ге рұқсат етші, – деді баласы.
– Балам-ау, оның несін сұрап отырсыңдар, үйге сыймай жатқан басы-
мыз жоқ, бір жерде отырайық дегенің табылған ақыл. Мына аласа үстел 
төртеуімізге жетеді, қонақ келгенде көре жатарсыңдар, – деді атам. Біздің 
ұсынысымыздың көңілінен шығып, жағымды әсер еткенін риза бола 
сөйлеген дауыс ырғағынан білдім.
Үйдегі қасиетті дүниеміз – дастарқанымыз бөлініп, берекеміз кете 
бастағандай болып едік, енді жұбымыз жазылмай атамның қасында отырып, 
жай «қара судың» өзін алаңсыз ішетін болдық. Мен онсыз да атаның қасына 
жиі кіретін адаммын, қазір Бақытжан да қалыспайды. Әсіресе кешкіліктер-
де жұмсақ креслоға шалқая жайғасып, папасының қарсы алдында әңгіме 


47
соғып отырады. Әкелі-балалы екеуінің көңілді дауыстары бұрынғыдан 
көбірек естілетін болды. «Қайтсем баптарын табам» деп, қыл үстінде 
қылпылдап жүретін маған ондай сәттер қанат бітіре желпіндіретін.
Өне бойы төсекке шегеленіп қозғалмай жату кімге болсын оңай емес. 
Атам мазаны алып ешқашан шағынбайтын, алайда қолы тыным таппай жа-
зып, оқып, сурет салып, барам деген жеріне барып жүретін адамның мына 
тұтқын халі кісі аярлық еді.
Кітапты көп оқиды, бірақ алпыстан асқан атамның жанары жасқа тола 
береді, ойына жаза қоятын бірдеңе келгенде жатып жазу тағы ыңғайсыз. 
Кешке дейін қасынан шықпай отыруға шаршатамыз, әрі ондай мүмкіндік те 
жоқ. Бақытжан әлі балдақпен жүреді, отырғанынан жатқаны көп. Бір сағат 
машинка басса, аяғы шыдатпай, төсегіне құлай кетеді. Мен болсам үйге 
кіріп, әйелдің, сыртқа шығып, еркектің шаруасын бітіретін осы үйдегі дені 
сау жалғыз адаммын. «Ауру кірді, әлек кірді» дегендей, екі бірдей науқастың 
бабын табу қанша айтқанмен жеңіл емес.
Маған әсіресе атамның жатып қалғаны қатты батады. Әрекетсіз 
жатқан соң тән азабына жан азабы қосылып, ауыр ой, мұң басатын сияқты. 
Жұмыспен айналысып, көңілін бөлуге тек шалқадан жатқаны бөгет етеді, 
сондықтан бір нәрсе ойластыру керек болды.
Бір кезде Бақытжан кеудесінен аяғының ұшына дейін он ай гипсте 
жатқан. Сонда жиһаз фабрикасында істейтін ініме айтып бір үстел жасатып 
едім. Үстелдің ең басты қасиеті – алдыңғы аяқтары артқыларынан қысқа. 
Өзі жеп-жеңіл, ені бар-жоғы 50 сантиметр, ұзындығы төсектің енімен бір-
дей. Үстелді төсектің үстіне кигізсең, парта сияқты тура кеудеңе ыңғайлана 
қалатын. Басына жастықты сәл биіктеу қойғанда қолы да, мойны да тал-
май жаза беретін. Ал қажет емес кезінде көтермей-ақ төсектің аяқ жағына 
сырғыта салуға болады. Кейін Бақытжанның гипсін алып, өзі жазу ма-
шинкасына отырып істеуге шамасы келген соң, үстелдің қажеті болмай 
қалғанда, мен оның аяқтарын тегістеп, киім үтіктейтін қажетке пайдала-
нып едім. Атама неге осындай үстел жасатпасқа деген ойға келдім де, інім 
Камалдан тағы сондай үстел жасауын өтіндім.
Камал бір-екі күнде үстелді алып келді. Бақыттыкі боялмаған, жай 
ағаштан жасай салынған еді. Мынау кәдімгі сәнді бұйымдар сияқты жал-
тырап тұр. Үстелді көтеріп, атаның бөлмесіне бардық.


48
– Бұл не? – деді атам алғашында ештеңе түсінбей. Мен алдын ала 
айтқан жоқ едім, Камал үстелді төсекке кигізіп көрсеткен соң атам:
– Оһ-о, мынау керемет болды ғой! Әй, қарағым, Камал-паша, көсегең 
көгерсін,– деді ініме қарап. Атам інімді көрген күннен бастап, оның атына 
«паша» деген лауазымды қосып айтып кеткен болатын.
Камал атамнан бата алғанына қуанғанынан құлағына дейін қызарды. 
Тағы мақтау естігісі келді ме:
– Ата, ыңғайлы ма? Кемістігі болса айтыңыз, жөндеп берем,– деп үстелді 
ұстай бергенде:
– Попробуй отнять! – деп, ойыншығын қызғанған баладай үстелге шап 
беріп жабысқанда бәріміз ду күлдік, өзі де күліп жатыр.
– Қарағым, Камал-паша, мына сыйлығыңа қатты риза болдым. Рақмет, 
шырағым!– деді. Атам сол күні – 24 желтоқсан, 1973 жылы 63-ке толып 
еді.
Үстелін олай да, бұлай да қарап, қағаз бен қалам сұрап алып, жазып 
көріп, балаша қуанды. Мүмкін, сіздер, арыстандай ақыратын, айбатты 
Момышұлының балаша қуанғанына сенбей отырған шығарсыздар? Онда 
атамды білмейді екенсіздер. Атам өмірі өздігінен дүние-мүлік жинап, 
байлыққа қызыққан пенде емес. Ақшасыз болып көрген жоқ, бірақ уысқа 
тұрмайтын су секілді қоры лезде босайтын. Ақшаның бетіне қарап, мына-
уым ертеңге қалсын деген әдетінде болмаған. Қалтасындағы соңғы бес-
он сомын бір сомның орнына такси жүргізушісіне беріп жүре береді. Бір 
қызығы, анда-санда дүкенге кіре қалса, керек пе, жоқ па, оны ойлап бас 
қатырып жатпай көзіне түскен затты алып келгенде, таңғалмасқа шараңыз 
жоқ. Атама сыйлық та көп келетін, алайда қалай келсе, солай кетеді. Көңілі 
түскен адамға үлкен-кіші, бала демей өзі де сыйға ұсынатын. Егер ата-
ма берілген сый шапан мен бөрік, домбыраларды жинаса, анау-мынау он 
театрдың артистерін қамтамасыз етуге болар еді. Мыңдаған адам атамның 
қолынан алған кішкентай заттың өзін, күні бүгінге дейін қадірлеп сақтап 
жүр. Атама мінгізген аттарды жинаса, өңкей сұлу арғымақтардан бір үйір 
жылқы болары анық. Сол сәйгүліктерді алдына ойқастатып көлденең 
тартқанда, өзіне істелген құрметке рақмет айтып:
– Момышұлының аты болып жүре берсін, жануар, – дейтін. Әлдекімдер 
құсап оны «конвертке» айналдырып немесе ет комбинатына сенімхат алып, 
соғымға жарату ойына келмейтін. Атаның сол аттары Қазақстанда ғана 


49
емес, басқа республикаларда да пайдалы жұмысқа жарап, бәйгеге шауып, 
көзге түсіп жүр. Өкінішке орай, қасына жақын жүрген бірер тоғышарлар 
сыртынан пайдаланып, ұят іс істеген кез де болды.
Біздің үйге келген талай адамдар, әсіресе әйелдер жағы, «үйлерінде 
түк жоқ қой» деп еріндерін сылп еткізгенде, іштей күліп қала беретін
-
мін. Өйткені біздің үйдің байлығы қаз-қатар тізілген ағаш, сыңғырлаған 
хрусталь, қат-қабат қалы кілемдер емес. Байлық – атамның өзі! Кең байтақ 
Отаны мен кемеңгер халқы үшін де атаның бар болмысы қазына-дәулет. 
Атамда да бәрі бар – бүкіл Қазақстан – туған үйі, күллі Кеңес Одағы туған 
аулындай – төрт түлігі сай еді.
Иә, атам шексіз бай адам! Өзінің алып жүрегімен, қара қылды қақ 
жарған шыншылдығымен, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып сақталатын інжу-
меруерт сөздерімен, қайталанбас қайшылықты өмірімен бай болатын.
Бір қарағанда мүлік деуге тұрмайтын үстелге атам балаша мәз болды. 
Қиындау халін аз да болса жеңілдетіп, жұмыс істеуіне септігін тигізетін 
болғандықтан үстел ата үшін құнды зат еді. Адам затқа емес, зат адамға 
қызмет етіп, мұқтажынан шығып, қажетіне жарап жатса ғана жақсы мүлік 
болады екен.
Атамның қолы тиген сол үстел, бүгінде Бақытжанның бөлмесінде тұр. 
Жай тұрған жоқ, қазақтың бір топ белгілі жазушыларының еңбектері осы 
үстелдің үстінде аударылып, одақ көлеміне тарады. Бақытжанның өзінің төл 
шығармалары жазылды. Бірақ «атамның үстелі» деген атау ешбір өзгерген 
жоқ, өмір бақи өзгере қоймас, өйткені атаның алақанының тері сіңген шағын 
үстел – біз үшін киелі дүние, қастерлі ескерткіш.
...Атамның сол күнгі қуанышын баласы бұзды. Сәбидей шат болып 
жатқан көңіл күйіне бұлт үйірді.
– Пах, пах! – деді Бақытжан атаның қасына жақындап, – Бауыржан
Момышұлы қозғала алмай жатып та жұмыс істеуін тоқтатпайды! Егер 
журналистер көрсе ғой, тағы бір ерлігіңе куә болып, улап-шулап мақала 
жазып, интервью алып, аспандатар еді. Ал мен кітабымды тасқа оранып, 
гипсте жатып жаздым. Есігімді біреуі ашпады. Халің қалай деген адам жоқ, 
ең болмаса, осы бейшараға бір жапырақ мақтау қағаз берейік деп елеген
пенде болсашы, – деп күле бастады.
– Убирайся вон, дурак! – Атам ақырып есікті көрсетті.
Бақытжан езуіндегі күлкіні бірден жия алмады, балдақтарын 


50
сықырлатып, басы салбырап есікке қарай беттеді. Ол шығар-шықпастан 
атам қайтадан гүрілдеді.
– Подожди! Ступай ко мне!
Бақытжан бұрылып, әкесінің қасына жақындады. Балдағына асылған 
күйі жерден көзін алмай қалыпты. Мен мұның мұншалық тыңдағыш бола 
қалғанына қайран қалдым.
– Выслушай меня, молодой балбес! – Атам осы сөзді айтты да, үндемей 
біраз жатты. – Сен садақа тілейтін қайыршылыққа қашан жетіп жүрсің? 
Алдыма кім сүйек тастар екен деп аянышты қыңсылайтын бұралқы ит 
болыпсың ғой! – Даусын көтерген жоқ, алайда өңменіңнен өтер мұндай 
зәрлі сөзді есту кімге де болса жеңіл тимес еді. – Егер өмірге деген түбегейлі 
адал көзқарасың, түзу бет алыс, бағыт-бағдарың болмай атақ алу үшін жа
-
зып жүрсең, онда қылмыскерсің. Сен, алдымен, халқың мадақтайтын не 
тындырдың? Үкімет бағалайтын әдебиеттің қай қамалын алдың? Бірде шік, 
бірде бүк, алшы тұрып көрдің бе? – Атам соңғы сөйлемді тісін шықырлатып, 
тістеніп айтты.
Кейбір кезде баж етіп қарсыласа түсетін Бақытжан өрттей қызарып, 
ерні әлденеше жыбырлап барып, әрең тіл қатты.
– Кешір, папа! Ойланбай әзілдеп, орынсыз ренжіткенімді кешір. Әр сөзің 
жаныма оқтай тисе де, әділін айттың. Дегенмен мен де адаммын, бес рет 
дәрігердің пышағына түсіп, бес рет өлім төсегінен тұру оңай болған жоқ. 
Сондықтан, мен өмірдің бағасын, тіршіліктің мәнін білетін шамаға жеткен
-
мін. Бірақ қайсыбіреулердің жылтырата жазып, бір түрлі айтып, екінші түрлі 
жеңіл өмір сүріп, яғни періштедей сөйлеп, сайтандай бүлдіріп-ақ атаққа ие 
болып шалқып жүргенін көргенде ызадан жарылатыным рас. Өзімді тасада 
танылмай қалғандай, керексіз қоқыр-соқыр үйіндіге лақтырып тасталғандай 
сезінетін сәттерім жоқ емес. Алайда тәнім мүгедек болғанмен, жаным 
мүгедек емес. Бүгін жіберген қатемді ертең түзетуге тырысамын, кейде оған 
шамам келмей жатады, сонда да тырысып жүрмін ғой. Өзің білесің, мен 
қағаз жүзінде – заң бойынша үкіметтен пенсия алуға хақым бар. Бірақ аз да 
болса жұмыс істеуге, ана қара машинканы тықылдатуға мүмкіндігім барда 
пенсия алуға моральдық тұрғыдан ар-ұятым жетпейді. Жеген нанымды әлі 
ақтамадым, құлап қалғанша еңбектенуге жанымды салармын. Оған сенгін, 
папа. Мен туралы жаңағыдай нашар ойды ойлама! – деді де, сомадай болып 
жылап жіберді. Бұл Бақытжан тарапынан мен күтпеген көрініс болды.


51
Атам баласының ағынан жарылып, түпкі ой-мақсатын терең тебіреніс
-
пен айтып салғанына ма, әлде жасы отыздан асқан адамның шынайы көз 
жасы жанына батты ма, әйтеуір, өзінің де көзі ылғалданып, даусы дірілдей 
шықты.
– Аяғың қатты ауыра ма?
– Папа, өзің айтқандай мен сенің черновигіңмін, шағынғанды мен де
ұнатпаймын. Кейде сынып кете жаздайтыны рас, бірақ қазір жақсы болып
келеді. Тек мені кешір, кешіресің ғой?
– Сен де мені дұрыс түсінгін, балам. Ал қазір оңаша қалдырыңдар, – 
деп, атам бізге иегімен есікті нұсқады.
«Кісінікі қиында», кім білсін, атамның сонда қандай ойларды кешкенін. 
Әйтсе де, баласының бойынан жылт еткен жақсы бір адамдық қасиетті 
көргені, менімше, анық.
Кешке жақын Мекемтас аға мен Бағира апай, Шерхан аға мен Мариям 
апайлар атамды туған күнімен құттықтап келді. Өзінің жақсы көретін інілері 
мен келіндерінің келгеніне атам қатты қуанды. Бағанағы көңілсіздіктің ізі 
де қалмай, үйге күн сәулесі қайтадан нұрын төккендей болды. Дастарқанды 
атамның қасына әзірлеп, бәріміз сонда жиналдық. Кеш бойы әңгіме айтыл
-
ды, үйіміз көңілді күлкіге толды.
Ағалар кеткен соң атам көпке дейін ұйықтамады. Шамы жанып тұрды. 
Ертеңгілікте қайырлы таң айтуға кіріп: – Ата, шаршаған жоқсыз ба? Түнде 
талайға дейін ұйықтамадыңыз, – дедім.
– Жоқ, балам. Мына жаңа қаруды сынақтан өткіздім, – деді үстелін
көзімен көрсетіп, – жұмыс істедім, бірдеменің жобасын жасап, қағазға
түсірдім. «Бірдеме» дегенім, қандай формада шығатынын әлі білмеймін. 
Мына жоспарды оқуыңа рұқсат, – деді дәптердің бас жағындағы жазуларды 
нұсқап.
«1973 ж. 24 желтоқсан. Түнгі сағат 12
40
».
Жоспар: Мен, Шерхан, Мекемтас, Бақытжан.
Шерхан екеуміз Жуалыда туып-өскенбіз. Мекемтас Түлкібаста туып-
өскен. Бақытжан коренной алматылық». Әрі қарай оқытпады.
Мен сол жазбаны тоғыз жылдан кейін атамның архивтерін реттеп 
отырғанымда кездестірдім. Үлкен бір повестің жақсы жасалған толық жо
-
басы екен. Соны оқып отырып, әдебиетімізге қосылар құнды бір дүниенің 
келмеске кеткенін біліп, жүрегім ауырды. Кім біледі, Бақытжан әкесінің 


52
бітірмей кеткенінің жүзден біріне өмір бере алар ма, жоқ па? Ата қолымен 
жазылған ұлағатты жалғыз сөздің жарық көрмей жатып қалғанын қаламас 
едім, өйткені ол – жалғыз бізге емес, біз сияқты атаның миллиондаған ұл-
қыздарына керек қазына.
***
Жоғарыда айтып өткен күннің ертесіне, 25 желтоқсан күні, академик 
Ақай ата Нүсіпбеков келді. Мен бұл кісіні көрмеп едім. Кең маңдайлы, 
аппақ шашты, жасына қарамай көз жанары таймаған, ұзын бойлы, тіп-тік 
жүретін келісті қарт екен.
Атам көңілі жақын адамының, әрі майдандас жолдасының келгеніне 
қуанып қалды. Екеуінің сөзі әзілден басталып кетті.
– Жолдас, полковник, мамық окопқа жақсылап орналасыпсың ғой? 
Мынауың не үстел? Қарап жатқан соң неше түрліні ойлап шығарасың-ау?
– Мен қарап жатсам да, пайдалы полковникпін.
– Қалайша?
– Жалғыз «За нами Москваның» жетінші рет басылымы болды. Соңғы 
шыққанының тиражы 200 000, бағасы 1 сом 20 тиыннан. Әрі қарай есеп
-
те. Есептеп болдың ба? Ал енді бір кітапты орта есеппен бес адам оқиды. 
Сен көбейту кестесін ұмытып та қалған шығарсың, бұл дегенің миллион 
оқырман деген сөз. Сен академиксің, бірақ мұндай аудитория өңің түгіл 
түсіңе кіріп көрген жоқ. Армандасаң да жете алмайсың. Потому что ты чи
-
новник, и очень убыточный чиновник. Көп аласың, аз бересің, понятно?
– Түсіндім, Бауке, түсіндім, – деп, Ақай ата күліп құтылып, әрі қарай 
сөзді созбай шегініп кетті де:
– Мына бала Бақытжанның келіншегі ме? Ой, айналайын, – деп, әңгімені 
мен жаққа бұрып жіберді.
– Аты Зейнеп, өзі турчанка, – деді атам жайбарақат. Ана кісі маған 
сенімсіздеу көзқараспен қарап иығын қозғады.
– Ұқсамайды ғой, – деді.
– Құдағиға тартқан, – деді атам.
Мен үндемей дастарқан жасап жаттым. Атам тыңдаушысын ынтықты-
рып, тұйыққа тіреп барып, әңгімесін жалғастыратын әдеті бар.
– Япыр-ай, ә! – Ақай ата біресе маған, біресе атама қарап жалтақтап 
қалды. Атам сонда барып ата-тегімді айтуға көшті.


53
– Марқұм Мәлике құдағи мына Кеген жақтағы албандардың Тоқан де
-
ген руының қызы. Он жеті жасында қазақтың ішінде жүрген жалғыз атты 
дәрігер түрікке ғашық болды. Айдаһардай алты бауырының қаһарынан 
қорықпастан, ай қараңғы бір түні түріктің етегінен ұстап, қашты да кет
-
ті,– деді тура өзі басы-қасында болып, қолымен аттандырғандай баяндап.– 
Жүректісін көрдің бе? Түбі Момышұлына құдағи болатыны әуел бастан 
белгілі болған. Байқап отырған шығарсың, Зейнеп «арғы атам ер түріктің» 
қызы. Өзі жүректі. Әйтпесе төрт бауырының ашуынан тайсалмай, тілін 
шайнап жүрген менің балбесіме сескенбей қалай келген, а?
– Ой, айналайын-ай, өзіміздің албанның жиені екен ғой, – десе де 
атамның сөзіне әбден күлді.
– Кеңірек ойла, академик жолдас, барлық қазаққа жиен болады,– деп 
атам темекісін будақтатып қойды.
Мені таныстыруының, көңіл күйіне қарай, неше түрлісі бар, жаңағы-
сы – толық түрі. Қысқалау таныстырғанда: «немеремнің анасы», «Әкесі 
түрік, шешесі қазақ, өзі нағашысына тартқан қара пұшық», «Бақытжанның 
таңдап тапқан ай мен күні. Аты – Зейнеп, өзі будан», т.б. дейтін. Қалай та
-
ныстырса да жарасатын, не деп атаса да жүрегімді қуаныш-шаттық толқыны 
кернейтін. Осы бір құдіретті үлкен адамның туған жалғыз келіні екенімді 
сезініп, жасыратыны жоқ, пендешілікпен іштей шалқып кететінмін. Шір
-
кін, зымырап өте шығар, алтын уақыттар-ай, айналып бір соқпайсың-ау!..
Мен шай құйып отырып, қарттардың әңгімесіне зейін салдым. Ақай ата 
тарих маманы, әрі Ұлы Отан соғысының ардагері болғандықтан Иван Ва
-
сильевич Панфиловтың 80 жылдығын өткізудің жоспары тапсырылыпты. 
Соны менің атаммен ақылдасуға келген екен.
Атам бағанағыдай қуақы емес, жүзі салқын, қасының арасы түйіліп, 
ана кісінің сөзін бөлмей тыңдады.
– Иван Васильевичтің 80 жылдық тойын қалай өткізудің жоспарын шай 
ішіп отырып жасай салуға болмайды. Ол – өте даңқты генерал, 28 жаппай 
ерліктің символы, – деді. Біраз үндемей қалды да:
– Бұны жан-жақты ойластырған жөн. Ол командир бейнесімен, абзал 
азаматтық тұлғасымен ешқашан өлмейтін адам, – деді.
– Сол үшін келіп отырмын ғой.
Атам жауап қатпады, сәл үнсіздіктен соң:
– Ал 30 жылдыққа не дайындық істеп жатырсыңдар? – деп өзі сұрақ 
қойды.


54
– Арнайы қаулы әлі шыққан жоқ.
– Қазір дайындықтарың жұрдай болса, қаулыдан кейін не бітір-
мексіңдер?
– Оның дұрыс қой. Қазір бесжылдықтың ақырғы жылы, тыңның 20 
жылдығын қалай өткізудің соңындамыз.
– Отыз жылдықтың оларға кедергі боларлық несі бар?
– Мүмкіндік тумай жатыр.
– 30 жылдыққа алда бір жарым жылдай уақыт бар. Соған «Отты жыл
-
дар естен кетпес, ерлердің аттары өшпес» немесе «Отты жылдардың өшпес 
даңқы» дегендей рубрикалармен газеттерге ай сайын естелік, патриоттық 
тақырыптағы мақала, очерктер шығып тұрса, оған қандай мүмкіндік ке
-
рек? Бұл позицияларың маған түсініксіз.
– Айтқаныңның бәрі дұрыс, бірақ қаулы... – Атам сөзін аяқтатпады, 
қолын сермей тоқтатып тастады.
– Бұл – әрқайсымыздың азаматтық және адамгершілік міндетіміз. Ал сен
-
дер қаулы күтіп, ауызды құрғақ шөппен сүртіп, қол қусырып отырсыңдар. 
Бұйрықсыз аяқ басқыларың келмейді, – деп, мүштегін күлсалғышқа қатты 
тықылдатты, бір нәрсеге көңілі толмағандағы әдеті.
Дәл осы кезде Ержанның «мамалаған» даусы естілді, ұйықтап жатыр 
еді, оянып кетіпті.
– Балаға бар! – Мені ала көзімен бір атып, гүр ете қалды.
Ержанның беті-қолын жуып, киіндіріп жүріп, ана кісілердің әңгімесінің 
ар жағын ести алмадым. Мен бері келгенде Ақай ата кетуге жиналған 
екен.
– Жарайды, Бауке, онда хабарды өзіңнен күтем, – деп, қолын ұсынып 
қоштасты.
Қонақ кеткен соң Ержан атасының қасына барып, әдеттегідей, көрген 
түсін айта бастады. Мен үстелдің үстін жинастырып жатып, Ержанның 
түсінде ұшқан ерлігін құлағым шалып қалды. Байқаймын, немересін 
тыңдап жатқанмен зейінді емес, ойы мүлде басқа жақтан шықты.
– Түсің жақсы екен, ұшқаның тіпті керемет, үлкен жігіт болып өсесің. 
Енді саған бір нәрсе айтайын, – деді атасы Ержанның иығына қолын қо-
йып. – Мен қазір жұмыс істеймін, жазу жазам. Өзім шақырмай маған еш
-
кімді кіргізбе. Ана папаң мен мамаң тәртіпке бағынбай, сұраусыз кіріп кетіп 
жүрмесін, жарай ма?


55
– Жоқ, жоқ, кіргізбеймін. Өзім де кірмеймін.
Атама керегі осы сөз еді. Баланың аты бала, кірме десең, кіргізбей жа
-
тыр деп аттандайтыны айдан анық. Ал атам оның өзіне сенім артып, міндет 
жүктеп, сәби жүрегіне жол тапты. Мен кіріссем, мұндай елшіліктен гөрі 
туралау кетіп, бүлдірер едім.
Ержан атасының тапсырмасына жақсылап кірісті. Әншейінде, бүкіл 
үйді аралап, кірем деген бөлмесіне ешкімнің рұқсатынсыз еніп кететін. 
Бұл жолы ойыншықтарымен ойнап, қала берді бізді аңдумен болды. Теле
-
фон шылдыр етсе менен бұрын жүгіреді, қоңырау соққан адамның кімді 
сұрағанында шаруасы жоқ, тұтқаны көтерген замат «тиш-ш, ата жазып жа
-
тыр» деп, орнына қояды. Олардың талайы түсінбей қайтадан хабарласқанда, 
мән-жайды ұғып күлетін болды.
Атам екі күн не дұрыстап тамақ ішпеді, не тынығып ұйықтамады. 
Ара-арасында өзінің шақыруымен кіргенімде, қысқа жауаптасудан арыға 
бармаймыз. Қарындаш ұстаған етсіз саусақтары үздіксіз жазудан қатты 
талатын, оны бір сәт сұлық түсіп, көзін жұмып жатып қалатынынан біл
-
дім. Бірақ соңғы нүктесін қойғанша еш нәрсеге назар аудармады, бүкіл жан 
дүниесімен жазып жатқан жұмысына берілген.
Үшінші күні түске жуық:
– Балашка, бері кел!– деп мені шақырды.
– Ау, ата, – деп қасына бардым. Жүзіне назарым түскенде жүрегім 
езіліп, сондай аядым. Көзінің алды күлтеленіп, жиегі қызарған. Әншейінде 
тікірейіп тұратын кірпі шашы үш күннен бері су тимей ұйпа-тұйпасы
шығыпты.
Алайда көзінде бір ұшқын бар, өзіне де, өзгеге де көңілі толып тұрғандай,
шаршағанына қарамай соншама көңілді.
– Баханың қолы бос па?
– Бос. Ержан екеуі төсекте алысып ойнап жатыр.
– Шақыршы бері.
Мен шақырып үлгергенше ұмар-жұмар өздері де шығып келеді 
екен, есіктен қабаттаса кірді. Бақыт папасының жұмысы біткенін біздің 
дабырласқанымыздан білсе керек.
– Папа, мынауың бізді аңдып, дыбысымызды шығартпады ғой, – деп,
Ержанды атасына қарай балдағымен итеріп қалды.
– Үп-үлкен болып төбелеспе, – деп, Ержан баж етіп басын ұстады.


56
– Ержикке тиіспе. Ол өте маңызды тапсырма орындады. Жолдас, 
Момышұлы үшінші, берілген тапсырманы ойдағыдай орындағаныңыз үшін 
сізге алғыс жариялаймын, – деді атасы қолын шекесіне апарып.
– Жарайды, ата, – деді Ержан қолын честь бергендей көтеріп.
– Алғыс айтқанда «Кеңес Одағына қызмет етемін!» деу керек, – деді 
атам.
– Кеңес Одағына жұмыс істеймін. Қызмет істейтін шляпам жоқ.– Атасы 
немересінің тіліне әбден мәз болып күлді, қасына шақырып бетінен иіскеді. 
Содан кейін:
– Баха, қиналмасаң, менің мына жазғанымды машинкаға басып бер
-
ші, – деді өте жұмсақ үнмен баласына қарап.
– О, не дегенің, папа, әрине, басып берем, керек болса қазір отырам, – 
деп, әкесінің қажетіне жарап жатқанына ол да қуанды.
– Әй, аяғыңды ауыртып алма, демалып істегін, – деді баласы шығып 
бара жатқанда.
Япыр-ай, мың жерден қатал болса да, әкенің балаға деген мейірімі мол-
ау. Үш күннен бері өзі бір сағат дұрыстап демалған жоқ, енді баласының 
қамын ойлап жатыр.
Атам машинканы Бақытжан сияқты тез баспағанымен, өз жұмыстарын 
жайлап тырсылдатып істей беретін. Қазір қозғалмай жатып қалды, ал мына 
жазбаны кешіктіруге болмайтын еді. Бұл – генерал И.В. Панфиловтың 80 
жылдығын өткізу және жеңістің 30 жылдық мерекесіне арналған маңызды 
жоспар-жоба болатын.
Машинкаға басылып біткенде 45 бет болды. Атам оны «суысын» деп 
екі күн қолына алмады, содан кейін оқып көріп, кейбір жеріне түзету ен
-
гізіп, Ақай атаға телефон соққызды. 1974 жылы қаңтардың екісі күні ол кісі 
келіп, атамның дайындаған жұмысын өте ризашылықпен рақмет айтып 
алып кетті.
***
Мен кіргенде атам биік жастыққа жотасын сүйеп ұйықтап отыр екен. 
Оятып алмайын деп, аяғымды ұшынан басып шығып кетпекші болдым.
– Ты мне не мешаешь, – дегенде селк ете қалдым.
Осы кісі ұйқтап жатып та көретін сияқты. Байқамайды деген болар-


57
болмастың өзін біліп қояды, ештеңе жасыруға болмайды. Бетіңе қарап 
ойыңды дөп басқанда таңғалмасқа шараң жоқ. Әсіресе мінез-құлқыңдағы 
сәл өзгерісті қанша білдірмеуге тырысқаныңнан түк шықпайды. Кейде 
өзіңе хабарсыз бір нәрсені алдын ала болжап айта салатын «көріпкелдігі» 
бар, мен әсіресе сонысынан жаман қорқатынмын. Бір жолы ойымда ештеңе 
жоқ, жайбарақат отырғанымда:
– Әй, балам, сен оңбай ауырайын деп отырсың, – деді.
– Жоға, ата, сап-саумын,– дедім. Шындығында, еш жерім мазалап 
тұрған жоқ, ертелі бері сондай сергек шапқылап жүргенмін. Кешке қарай 
демім қысылып, бүкіл денем мыңдаған инелерді аяусыз сұғып жатқандай 
күйіп-жанып әкетті дейсіз... Күні бүгінге дейін менің ауыратынымды қалай 
білгеніне қайран қалам.
– Қасқыр көрген қояндай неменеге үрейің ұшып бақырайып тұрсың? 
Бері жақындағың. Отырғын мына жерге, – деп, қарсы алдында тұратын 
креслоны нұсқады.
– Ештеңе, – дедім аузыма басқа сөз түспей.
– Ештеңе болса, мына Бақыт неменеге жай таппай аласұрып жүр?
– Өзім де білмеймін.
– Әлде жазғандарының қиюы келмей қисыны кетіп жатыр ма екен?
– Не жазып жатқанын көргенім жоқ. Бірақ кеше профессор Ерзакович
-
ке телефон соқты, сөз желісі музыка туралы. Бүгін композитор Балдырған
Байқадамовамен сөйлесті.
– Валяның қызы композитор ма еді? (Валя деп отырғаны генерал 
Панфиловтың қызы).
– Иә. Онда да сол музыка, нота деп жатты. Жаңа Болат Қарақұловпен 
сөйлесті.
– Ишанбайдың баласы ма? Ол да композитор ма?
– Жоқ, ол – музыка зерттеуші. Білмеймін, әйтеуір, бәрі музыканың ай
-
наласы сияқты.
– Немене екен бұны қызықтырып жатқан, әне, тағы шықты.
– Папа, сенімен әңгімелесуге бола ма? – Бақыт есіктен кіре сөйледі. 
Жүзі алабұртып, көзі ойнақшып жанып тұр. Мына жазғанды бірдеменің 
«салқыны» соғып кетті ме деген бір жаман ой қылт ете қалды. Айтары жоқ, 
сұры сау адамға ұқсамайды. Бір себептен таңғалуға да болмайды. Кейде, бір 
тақырыптың құлағы қылтиғанда, осылай көзге оғаш көрініп жүретіні бар.


58
– Отыр, – деді әкесі. Бірақ анау отыра қойған жоқ, түрегеліп тұрған 
күйі:
– Қалай айтсам екен. В общем, сонау баяғы заманда біздің ата-
бабаларымыздың төл нотасы болған, – деп, бас-аяғы жоқ лақ еткізді. Нота 
туралы сөз бастағанына мен таң-тамаша қалдым, неге десеңіз музыканы, 
әсіресе классиканы түсініп тыңдағанмен, нота дегеннен әліпті таяқ деп 
білмейтіні белгілі.
– Әй, балам, аптықпа. Алдымен отырғын! – Атамның даусы өктемдеу 
шықты. Бақытжан әкесін тыңдап жайланып отырды. 
– Тағы не ойлап шығарғаныңды дұрыстап, жүйемен түсіндіргін, – деді 
атам.
– Я ничего не выдумал. Бұл кәдімгідей келелі әңгіме, – деп тырсия 
қалды. Бұның осындай «шыбық тимес шыңқ етер» әдеті бар, баладан ары.
– Бай болғыр, тыңдайық деп аузыңа қарап отырмыз ғой,– деп атам 
ақтала сөйледі.
– Мен әнеугүні «Знание – Сила» журналынан шағын мақала оқыдым. 
Өзбекстанда Күн жүйесі түсірілген бір кестелі гобелен табылыпты. Бы
-
лайынша қарағанда, өзбектердің кәдімгі ұлттық өрнек-кестесі дейді. Өзің 
білесің, ескі заманда дін иелері астрономия ғылымының нағыз қас жауы 
болған. Солардың жойып жіберуінен қорқып, ақылды ғалым оны кесте 
түрінде жасырған. Қандай жолмен болсын кейінгі ұрпаққа өзі ашқан ғылым 
жетістігін қалдырғысы келген, күндердің күнінде шешуін табатынына сен
-
ген. Ол қазіргі біздің заманымыздың ғылымына баяғыдан-ақ жаңалық емес 
шығар. Бірақ, бұл жерде, оның сақталу түрі құнды болып отыр.
– Бұның сен айтқан нотаға қандай қатысы бар, – атам ұнатпағанын жа
-
сырмай жиырыла қалды.
– Асықпашы, папа. Ал енді Қазақстан топырағында осыдан 3000 жыл 
бұрын жазу-сызу, жоғары мәдениет болғанын қазір ешкім жоққа шығара ал
-
майды. Күні кеше табылған алтын киімді адам соның бір айғағы. Қазақстан, 
Орта Азия жерінде өмір сүрген халықтардың басынан талай қанды
шапқыншылықтардың өткеніне тарих куә. Басқыншылар қай заманда бол
-
масын, ең алдымен, өзі басып алған елдің рухани байлығын – әдебиетін, 
мәдениетін, өнерін жоюға күш салатыны белгілі. Міне, сол кезде біздің но
-
таларымыз Отырардың кітапханасымен бірге өртеніп құрыған. Халықтың 
ішіндегі даналар нота жазуын, әйтеуір, бір нәрсе түрінде жасырып қалуға 


59
тырыспады деп айта алмаймыз. Алайда қайда, қайтіп жасырды – бұны біз 
білмейміз. Бірақ нота әліппесі, нота жазуы болған.
– Бұл – сенің қиялыңның жемісі, ғылыми дәлелі жоқ бос сандырақ,– 
деді атам қолын сермеп.
– Қалай десеңіз де, жоқ деп кесіп айта алмайсыз. Өнері толысқан сауат
-
ты халықтың нота жазуы болды деп неге қиялдамасқа? Мәселен, Комитас 
армян халқының өте ерте замандағы ноталарын тауып оқып берді, ол өлген 
соң әлгі ноталар қайтадан құпия құшағына енген. Қазір Армения ғалымдары 
оның шешуін қайта іздеуде. Америкадағы Беркли университетінің 
ғалымдары 3700 жылдан бері жасырын жатқан нотаны тауып, он бес жыл
бойы еңбектеніп, оның сырын ашты. Нотаны ескі Шумер аспабымен ойнап 
көргенде, осы замандағы баяу бесік жырына ұқсайтын әуен естілген. Ал 
біздің музыка өнеріміз сонау тас ғасырына тіреледі, оны тастағы сан алу
-
ан суреттер дәлелдеп отыр. Олай болса, неге жаңағылар сияқты біздің әсем 
әуезді музыкамыздың нотасы бір жерде өзінің ашылуын күтіп жатыр демес
-
ке. Мүмкін, ол халқымыздың ұлттық ою-өрнектері ретінде өрілген шығар. 
Тұскиіз, текеметке салып жүрген жай қошқар мүйіз суреті емес, нотаның 
әліппесі болса қайтесіз?
– Сен бір сөйлесең қоймайтын көк ауыз екенсің, – деп, атам баласын 
зорға тоқтатқанда, мен күліп жібердім. Атам мен жаққа қарап саусағымен 
сес көрсеткенде, күлкімді бірден тыя қойдым.
– Сен жаңағы айтқандарыңды әдейі жинап жүрсің бе? – деді атам.
– Иә, шынымды айтсам, бір нәрсе жазбақшымын.
– Әрине, не істесең де, қалай жазсаң да ерік өзіңде. Бірақ сен тарихшы 
да, музыка зерттеуші де емессің. Бұл тақырыпқа бару үшін сол салада ұшан-
теңіз білім, бұлтартпайтын дәлел керек. Менің байқауымша, сен жазушы 
қиялының жетегінде кеткенсің. Кенеттен әсер ете қалған ойдың етегінен 
ұстап отырсың. Жылт еткен бір сәулені көріп, өлерін білмей от айналатын 
жынды көбелек құсап айналсоқтап жүрсің.
– Папа-ау, жоқ дей бергенше, өткеніміз де бар болған деп неге қиялдамас-
қа? Әрі-беріден соң көзсіз қиял деуге болмайды, негізі бар сияқты.
– Әрине, кешегі күнім өтпесе, бүгінім болмас еді деу жақсы қасиет. 
Алайда тілекке еңбек тірек болмаса, ойға омалып, қырдан аса алмайсың. 
Сен ізденіп, еңбектенейін деп отырған жоқсың, тек жазушыға тән шалқыған 
сезіммен жазбақшысың. Кейде ғылыми жаңалықтар фантазиядан басталып 


60
кететіні рас. Бірақ сені құртатын да – өзің айтып отырған «сияқты» деген сөз. 
Сусыған құмның үстіне сарай тұрғызбақсың. Болжаммен оқырманды алдай 
алмайсың, қазіргі оқырмандардың талабы күшті, кез келгені сене бермейді. 
Мен мергенмін. Нысанамды көрмесем атпаймын, білмесем жазбаймын. Ал 
сенің оғың көбінесе лағып кетеді, көр-көрме далақтап ата бересің. Көздеген 
нысанаға тиіп жатыр ма, жоқ па, оны ойлап бас қатырмайсың...
– Ну-у, папа, қанша уақыттан бері толғантып жүрген тақырыбымды 
тас-талқан еттің, – деп, Бақытжан кәдімгідей қызарақтай бастады.
– Әй, тұра тұрғын. Өзің сөз тыңдай білмейді екенсің ғой.
– Тәрбием солай болса қайтейін.
– Тіл-жағыңа сүйеніп, шымшыламай жайыңа отыр, мен әлі ойымды ай
-
тып болғаным жоқ. Сенің ойыңның қызықтырар жағы да жоқ емес.
– Тура, әлгі газеттердегі, қаптаған дағдылы рецензия жазатындар 
сияқты.
– Тфу, «сияқтыңмен» құрғыр. Тыңдайсың ба, жоқ па?
Атам айқайлап жіберді. Осы арада жұбайымды оңдырмай шымшып ал
-
дым, әкесі сөйлегенде ойын бөліп басына бәле тілеп отыр.
– Кешір, папа. – Бақытжан лезде жуаси қалды, бұған да жан керек.
– Сенің айтқаныңның қызықтырар жағы да жоқ емес. Бала кезімде үйге 
бір кісі келді. Әжем соның алдында ғана ашық түсті, өрнекті басқұрды ілген 
болатын. Әлгі кісі әлдебір өлеңді баяу ыңылдап, басқұрды басынан аяғына 
дейін көріп шығып: «Әуенді басқұр екен», – деді. Сонда, басқұрда да әуен 
болады екен-ау, деп таңғалып едім. – Балам, көзің неменеге жыпылықтап 
кетті? Сенің де бірдеме айтқың келіп отыр ма? – дегенде бетім ду ете қалды, 
сөзден құр қалғым келмегені рас еді, бірақ атаның сөзін бөлдім бе деп сес
-
кеніп, дыбысымды шығармадым.
– Айта ғой, не еді айтпағың? – деді атам батылым жетпей отырғанын 
сезіп.
– Жаңағы сіздің әңгімеңіз менің есіме бір нәрсені түсірді. Анама жақын 
туыс нағашы апамыз кілем, алашаларға керемет өрнектер салатын. Өрмек 
тоқығанда ылғи қоңыр дауыспен ән айтып отыратын. Бір жібі үзілсе, әні де 
дереу тоқтап қалатын, жібін жалғаған соң әнді жаңағы өзі тоқтаған жері
-
нен әрі қарай қайтадан жалғастыратын. Әлгіндегі сіздің айтқаныңызбен бір 
байланысы бар ма деп қалдым.
– Міне, көрдіңдер ме? Өрнек пен ән үнемі қабаттасып тұрғанын, – деп, 
Бақытжан қуанып кетті.


61
– Өнердің бәрі бір-бірімен әуендес, байланысты екенін ұмытпағын,– 
деп, атам кенеттен тоқтап қалды, сәл отырды да, мырс етіп күліп жіберді.
– Есіме бір өлең түсіп кетті,– деді баласына қарап.
Сырмақ ою, кестелер – өлең емей немене, 
Балта соғып, балта ұстау – өнер емей немене? 
Долбармен бір жақтайсың, байғұс балам, 
Ойланшы өзің, қолыңнан сенің келе ме?
– Иә саған, ойыңа түспей-ақ дәл қазір шығара салдың, – деп, 
Бақытжанның ерні дүрдиіп шыға келді.
– Ну и что? Бұл күрделі тақырып, үлкен жауапкершілікті талап етеді деп 
отырған жоқпын ба? Егер менің тілімді алсаң, кәдімгі әңгіме немесе повесть
жазам дегенше, ертегі жазсаң қайтеді? Жалғыз нотаны емес, бүкіл өнерді 
сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізген халықтың ерлігін, қаһармандығын 
суреттейтін патриоттық ертегі жазғын. Сенің дәлелсіз жазған дәмсіз 
повесіңнен гөрі жас буынға, мына Ержандарға, ата-бабаларымыздың 
батылдық, табандылық, ерлік дәстүрлерін үйренуде, оны жалғастыруда 
тәрбиелік мәні зор болатыны анық. Сен осыны жақсылап ойланшы, – деп, 
атам сөзін бітіріп еді.
Кейін Бақытжан әкесінің осы кеңесін дұрыс көріп, өзінің ойында жүрген 
тақырыбына арнап аңыз секілді бір жақсы ертегі жазды.
***
Біздің үйде есік қаққан кісіге үйде тұрып, «Кімсің?» деп, немесе 
қиғаштай ашып, сығалап қарайтын әдет жоқ. Үлкен-кішіге есігіміз ашық. 
Бұл үйдің табалдырығын аттайтын адамдар атамның жүзін көріп, үнін 
естуге келеді. Кім келсе де, үлкен үйдің адамдарына лайық жылы қабылдап, 
сыйлап шығарып салуға ұмтыламыз. «Жақсы қонақ құт, жаман қонақ жұт» 
дейтін көнеден келе жатқан сөз бар. Есіктен кірген қонақтың қандай адам 
екені маңдайында жазулы тұрған жоқ, бірақ кім екенін кеткенде білесің.
Есіктің қоңырауы үсті-үстіне мазасыз шырылдады. Кіруге асығып 
тұрған адамның қолтаңбасы сияқты. Нан илеп жатыр едім, қолымның ұнын 
жүре сүртіп барып есік аштым. Орта жастағы, аласа бойлы, арықтау сары 
кісі тұр екен. Мен амандасып үлгіргенше:


62
– Момышұлының пәтері осы ма? – деді.
– Осы, үйге кіріңіз, – деп, бір шетке ығысып жол бердім.
– Момышұлының өзі үйде ме? – деді ішке енген соң.
– Мені іздегенің бері қарай жүре бер. – Атам есігі ашық тұрған бөлмесінен 
гүрілдеп өзінің үйде екенін білдірді.
Қонақты алға өткізіп, атаның қасына кіргіздім де, шаруама қайта 
кірістім. Асты тездетейін деп ойладым. Өйткені үйге келген кісіге дәм 
татқызбай шығармайтын халқымыздың жақсы салтын атам өте қадірлейді. 
Бұрын ата-бабаның осы дәстүрін бірде орындап, бірде ұмытушы едім, ата
-
ма қарап, сол қасиет бойыма берік сіңді.
Әзір тұрған тамақтың үстіне осылай біреу келген сайын анам марқұм есі
-
ме түседі. Келіндері қазанға ас салғанда, «қонақтың сыбағасын ұмытпаңдар» 
дейтін. Қайдан қонақ келетінін өзі де, біз де білмейтінбіз. Келсін келмесін, 
әйтеуір, асты артық істетеді. Сондайда біреу үйімізге бас сұға қалса, келіні 
ұл тапқандай қуанатын. Келген кісінің уақытымен санаспай, «несібеңді жеп 
кет» деп жібермей жата жабысатын...
Атамның оқыстан қатты шыққан даусы ойымды бөліп, есімді бірден 
жидым. Мені шақырып жатыр ма деп жүгіріп жеттім. Ентелеп барып, есік 
көзінде еріксіз тоқтадым.
– Ей, сенің балаң қылмыс жасағанда менімен ақылдасты ма? – Даусы-
ның ызғары сұмдық, түсі түтігіп кетіпті. Ана кісі үндемей төмен қарады.
– Бағанадан бері шөлдің масасындай ызыңдап едің, енді неге үндемейсің? 
Ақылдасты ма деймін?
– Жо-о, жоқ.
– Жоқ болса, не оттап отырсың?
– Қазақтың батыры... – деп келе жатыр еді, атам қылыш сермегендей, 
қолымен ауаны осып түсті.
– Қылмыс жасаған қазақтың кез келген итінің былығына Момышұлы 
араласады деп кім айтты саған?
«Ажалына асыққан аң адырға қашады» дегендей, ана кісі де өлер жерін 
білмейтін бір байғұс екен, атама тура қарай алмай отырып:
– Ағатай құр қол емеспін, не сұрасаң да берейін, – дегені.
– Әй, турчанка, неменеге бақырайып тұрсың? Мына шелпекке есіктің 
қайда екенін көрсет, – деп, енді маған кәрін төкті.
Қонақ істің насырға шапқанын түсінді, орнынан асығыс тұрып маған 


63
ілесті. Өзім де қорқып кетсем керек, есік тұрмақ лифтіге дейін шығарып 
салдым.
– Сұмдық-ай, шатақ адам екен ғой! – Атам соңынан қуа шығатындай 
артына жалтақтап қарап қояды. – Қазақ десе жанын береді деп аңыз етуші 
еді, – дейді.
– Сіз қате түсінген екенсіз, ағай. Атам әділеттік үшін жанын береді, – 
деп, сөзін түзеттім.
Иә, амал қанша, бұл кісіге біздің үйдің дәмі бұйырмаған екен...
***
Іңір мезгілі. Тыныштық құшағына бөленіп, қара көк түн шымылдығын 
қымтай түсердің алдындағы осы бір тылсым шақ маған ерекше ұнайтын. 
Адамды амалсыздан білдіртпей қажытатын күндізгі күйбең тіршіліктен бір 
сәт дамылдап, атамның көгілдір сәулелі кешкі шамының жарығында отба
-
сымызбен шүйіркелесіп отыратын қимас кездеріміз болушы еді. Ондайда 
әлдеқалай күндіз қабағыңа түскен кірбіңнің ізі де қалмай, ішкі жан дүниең 
жауыннан кейінгі құрақтай құлпырып, жадырап сала береді.
...Бақытжан әлгінде әкесінің қасына кеткен. Ержан өзімен-өзі ойнап да
-
бырлап жүр. Үй шаруасын бір қайырып тастап, шамалы демалғым келгесін 
мен де аталар отырған бөлмеге қарай беттедім. Ержан өзінің мына жақта 
жалғыз қалып бара жатқанына көнгісі келмегендей мені қаға-соға кимелей 
кіріп, атасының қасына ентелеп жетіп барды, бара сөйледі.
– Ата, мен өлең шығардым, – деді танауы желпілдеп.
Сөзді тізбектеп, «өлең жазатын өнері» бар өзінің.
– Қандай өлең? – деді атасы.
– Жақсы өлең.
– Онда оқып жібергін.
– Мен жаза алмаймын, ақылымнан шығардым. Қалай оқып берем оны? 
Оданда айқайлап айтып берейін.
– Айқайлаудың қажеті жоқ, өлеңді айқайлап айтуға болмайды, – деп, 
атасы басын шайқады. – Сен өлеңіңді бір қалыпты дауыспен, бірақ мәнерлеп 
айтқын.
– Мәнерлеп деген не? – деді түсінбеген Ержан.
– Ол өзіңнің айтып тұрғаныңды оймен көруің керек, әрі естуің керек, – 
деп, атасы ұқтырған болды.


64
– А-а, жарайды! – Не түсінгенін кім білсін, екі қолын кеудесіне 
айқастырып, аяқтарын алшақтау қойып, басын бір жағына қисайтып өлеңін 
оқи бастады.
Бір, екі, жақсы оқы, 
Екі алсаң бүрсиесің, 
Үш алсаң мүрсиесің, 
Төрт алсаң қуанасың, 
Бес алсаң бақырасың.
Әкесі күлкіге басты, мен төрттен жаңа асқан баламның мына «туын
-
дысына» таңданып-ақ қалдым, әрі анаға тән мақтаныш сезімінің жағымды 
лебі сипап өткендей болды.
– Әй, Черновик, неге күлесің? Шынында, жақсы өлең екен. Тек бес 
алғанда неге бақыратыныңа түсінбедім, – деп, атасы Ержанға қарады.
– Соны да білмейсіз бе? Өте қуанғаннан бақырмай ма?
– Е-е, енді ұқтым. Мұндай өлең шығару менің қолымнан келмес еді. 
Ержан әне-міне дегенше мектепке барады, ал мына өлеңі қарыз программа 
екен. Жарайсың, Ержик! Кел, бері жақындағын! – Немересінің басынан си
-
пап, бетін бетіне тақап құшақтады. Атам баланы өте сирек сүйеді, бірақ та 
мейірленіп, мынадай еміренуін ештеңеге теңемес едім.
Атасының өзін мақтап, еркелете бауырына қысқаны Ержанның сәби 
сезімін шалқытып жіберді білем:
– Мен жұмбақ та шығарғам. Кіп-кішкентай бойы бар, алтын-алтын 
қолы бар, ол не? – деді.
– Міне, керемет! Әй, мынаның бойы тұнып тұрған өнер ғой, – деп, ата
-
сы қасақана таңғалып алақанын жайды. – Әттең, кішкене мақтаншақтығы 
болмағанда, өзіне баға жетпес еді. Жарайды, кәне, шешіп көрейік. Кіп-
кішкентай бойы бар, алтын-алтын қолы бар. Бұл не болды екен? – Атасы 
ойланғандай сыңай білдіріп, шекесін ұстады.
– Капуста, – деді Бақытжан.
– «Аш тауықтың түсіне тары кіреді», капустадан басқа білерің бар ма? – 
деді атам баласына жалт қарап.
– Капуста емес, ол – мама! – Ержан өз жұмбағын өзі шешіп айқайлап 
жіберді.


65
– Қалайша мамаң болады? – деді атасы. – Мүмкін емес.
– Мамамның бойы пападан кішкентай ғой, мамам қолымен бәрін іс- 
тейді.
– Немене, басқа жұрт аяғымен істей ме? – деп атасы қарсылық білдірді.
– Сіз тамақ жасай алмайсыз. Еден жуа алмайсыз. Кеудеше тоқуды біл-
мейсіз. Содан кейін, содан кейін... Ә, бәліш пісіре алмайсыз, алма қосылған 
бәліш. – Ержан кәдімгідей қызарақтап сөз бермеуге айналды.
Атам немересінің сөзіне мәз болып:
– Жеңілдім, жеңілдім, – деп, қолын көтерді.
Көңілді басталып кеткен әдемі кешті ата әрі қарай өзі жалғастырды.
– Ал енді мен айтамын, сендер шешіп көріңдер. Он екі бием бар еді, 
алтауы буаз, екеуі неғайбыл, екеуі тесік өкпе, екеуі күн қақты, – деп, атам 
жұмбағын айтып, бізге сынай қарады.
Әрине, жұмбақ шығарғыш пысық Ержан бұдан дым түсінген жоқ, ол 
тұрмақ біз де не екенін білмей отырмыз. Өзім жақсы білмейтін нәрсе сөз 
болғанда үндемей құтылатын әдетіме бағып отырмын, өйткені таба алатын 
сұрым жоқ. Бақытжан мен сияқты емес, айтатынын айтып қалады:
– Бұл – он екі ай,– деді әлдеқалай бәлсініп.
– Неге?– Атам бір қасын кере баласына қарады.
– Бәрі көрініп тұрған жоқ па? Он екі бие бір жыл, буаз алты биең 
жемісті, астықты жаз бен күз, тесік өкпе дегенің елдің бәрі тұмаумен ауы-
рып күркілдеп жөтелетін қыстың суық екі айы. Ал неғайбыл деген осын-
дай тұмаудан сау қалмайсың дегені. Күн қақты – көктемнің жаңадан қыза 
бастаған күніне өзің сияқты шалдардың арқасын қақтайтын айлары. Міне, 
бәрі түгелденді.
– Ойдайт, шіркін! Жауабыңа болайын. Әйтеуір, санын толтырдың. 
«Ит төлеуі – бір күшік» болды. Бірақ бос бөшкедей даңғырлап тұрсың. 
Таппадың, шырағым балбес, – дегенде мен күліп жібердім. Бақытжанның 
жаңағы «шал» дегенінің қарымтасын келістіріп қайтарды.
– Таба алмайсыңдар ғой? Онда тыңдаңдар! Қойда он екі мүше бар. Алты 
буаз бие деген ішінде майы бар алты жілік – екі асықты, екі тобықты, екі 
ортан жілік. Неғайбыл деген болар-болмас майы бар кәрі жіліктер. Тесік 
өкпе – екі жамбас, күн қақты – екі жауырын. Міне, енді түгенделді он екі 
бие, понятно!
– Түу, папа! Капустадан басқаны білмейтін мен бейшара мұны шеше 
алмас едім, – деді Бақыт.


66
– Қолыңды салып, асап ет жегенді білесің, аяқтап сорпа ішкенді 
ұнатасың, а мозгами шевелить не умеешь,– деп, баласының сыбағасын ал-
дына тартты.
– Тағы біреуін айт, осы жолы шешіп берем, – деп мақтанды Бақытжан.
– Жарайды, шеше алмасаңдар өз обалдарың өздеріңе, басқа айтпаймын. 
Әжемнен естіген бір жұмбағым бар.
– Атаның да әжесі бола ма? – Ержан атасының сөзін бөліп жіберді.
– Е, неге болмайды. Мен осы күйімше мұртым тікірейіп аспаннан түсті 
дейсің бе? Сен сияқты қара домалақ, ауылдың шаңын шығарып шауып 
жүрген шикі өкпе бала болғанмын.
– Мен неге жамбас болам? – деп, әлденеге ренжи бастады. Біз алғашында 
түсінбей қалдық. Ержанның сөзін бірден ұға қойған атам көзінен жас 
аққанша күлді. Сөйтсек, әлгіндегі жұмбақта айтылған «тесік өкпе»– жам-
баспен «шикі өкпені» шатастырыпты, әрі «сен сияқты» деген атасының са-
лыстыруына «шамданып» қалыпты.
– Ал бастаймын, – деп, атам үзіліп қалған сөзін жалғады.
Борп-борп борпылдақ, 
Борпылдақта қызыл тақ. 
Қызыл тақта үш тармақ, 
Үш тармақта шұқыршақ, 
Шұқыршақта балқаймақ, 
Балқаймақта сұр жайдақ, 
Сұр жайдақта сері бойдақ.
Атам жұмбағын бітіргенде, Бақытжан шеше алмайтынын бірден мойын-
дады. Мен осы секілді бірдеңені естіген сияқты едім, бірақ есіме түсіре ал-
май қойдым.
– Бұл жұмбақтың жауабын таба алмағандарың бір себептен кешірімді. 
Неге десеңдер, мұндағы кездесетін кейбір заттар қолданудан шығып, аты бұл 
күнде архаизмге айнала бастаған. Ал енді жалпы жұмбақ шеше алмайтын 
себептеріңді айтайын. Өмірде көрген нәрселеріңнен қорытынды шығарып, 
түйін түймейсіңдер. Жұмбақ деген еріккеннің ермегі емес. Баяғыда жұмбақ 
айтыс, жұмбақ шешу үлкен өнер болған. Жұмбақ адамның логикалық зер-
делеу қабілетін жетілдіреді. Тапқырлыққа, шапшаңдыққа, ұтымды ойлана 
білуге үйретеді.


67
– Ата, мен, мен ойланамын. Мені үйретіңіз, – деп, Ержан тағы да ор-
тадан киіп кетті. Атам сөзін бөлгенге ренжитін болды-ау деп Ержанның 
қолынан тартып тоқтатпақ болдым.
– Бері жақындағын. Әкел қағаз-қарындашты – деді атам немересіне.– 
Мен қазір жұмбақтың жауабын суретке саламын.
Атам суретті жақсы салады, өзінің автопортретінің бірнеше түрі бар, бәрі 
тамаша шыққан. Әр дәптерінің бетінен сурет кездестірмей қоймайсыз. Оны 
былай қойғанда, эскиз, сюжетті суреттері де біршама, маман суретшілердің 
өздері көңіл бөліп қарауға тұрарлық дүниелер.
Ержанмен бірге мен де атаның қасына жақындап, қолының қозғалысы-
на зер сала қарадым. Бірте-бірте көзге таныс заттар қағазға түсе бастаған-
да: – Е-е, – деп келе жатыр едім, Бақытжан аяғымды басып, тыйып тастады. 
Содан біз үндемей, тек бақылап тыныш отырдық. Суретті салып болған 
соң, атам әрқайсысын асықпай анықтап, Ержанға кеңінен түсіндіріп берді. 
Жұмбақтың шешуі – күл, от, үш аяқты темір ошақ (мосы), қазан, ішіндегі 
тамақ, қақпақ, ожау екен.
Ержан күні бүгінге дейін «жұмбақ» деген сөз шықса болды атасынан 
үйренген сол екі жұмбақты дереу есіне алады. «Атамның жұмбағы» деп 
достарына, ұстаздарына, папасының жолдас-жорасына талай айтып берді. 
Бір қызығы, жауабын ешкім таба алмайды. Ержан кереметтей келісіп жат-
паса да, жұмбақ ойлап шығаруын әлі қойған жоқ. «Ойлануға үйретеді» деп 
шешуі қиын есептерді айналдырғанды өте ұнатады. Бұл – атасының бала 
бойына сіңірген жақсы әдетінің бірі екені даусыз.
***
– Қайырлы таң, папа! – деді Бақытжан ертеңгілікте. – Сен түс 
жорығышсың ғой, мен мировой бір түс көрдім. Ержандікі сияқты көп сери-
ялы емес, қысқа метражды. Бірақ цветной түс,– деді тамсанып.
– Осы сендер мені неменеге айналдырып алар екенсіңдер, жарайды, 
айтқын, – деді атам.
– Күн жарқырап нұрын аяусыз төгіп тұр, көз жетер жердің бәрі көк 
шалғын, балауса гүлдер. Мына Көктөбенің үсті екен деймін, ешқандай 
«ауылдың» қарасы жоқ. Айналаның бәрі самал желмен тербелген көгорай. 
Кең пішілген түйе жүн шекпен киген алып денелі бір кісі қолымнан же-


68
тектеп келеді. Жүзіне үңіле қарасам, кім дейсіңдер ғой? Абай ата! Маған 
аса бір келелі кеңес айтады екен деймін, әлдебір міндеттер жүктейтін 
сияқты. Даусы алыстан талып жеткендей, бірақ сөздері анық естіледі. Мен 
қолтығына кіре түсем, жақындаған сайын қайраттанатын секілдімін. Бір 
кезде төбенің етегіне көзім түсіп кетіп еді, қаптаған адам. Барлығының жа-
нары Абай атаға қадалған, сол кісіні күтіп тұр. Машина дегенің адамнан 
көп. Биіктеп қарағанда қызыл, жасыл, қара қоңыздар сияқты бейшара бо-
лып көрінеді екен. Мен күтіп тұрған адамдардың арасынан өзіміздің талай 
ақын-жазушылардың өң-түсін анық көрдім, ішінде сен де барсың. Бұл не, 
а? – деп, Бақытжан түсін аяқтап, әкесіне сұраулы жүзбен қарады.
– Ну, ты и нахал, Черновик, – деді атам. «Мынаны көрдің бе? Ес бар 
ма өзіңде?» дегендей сұқ саусағымен баласын көрсетіп, басын изеп-изеп 
қойды.
Бақытжан қысылып тұрған жоқ. Абай атаны түсінде емес, өңінде 
көргендей дәрежесі артып, бізді менсінбей екі бүйірін таянып, төбемізден 
қарап тұр.
– А вообще-то, я никакой не нахал. Шынымен көргенімді айттым. Ұлы 
Абайдың түсіме кіргеніне мен кінәлі емеспін. Ойымнан шығарғам жоқ.
– Иә, түсің классикалық түс екен, – деді атам. 
Әзілі ме, шыны ма ажырата алмадым.
– Әрине, рядовой түс емес. Абай ата түсіме жай кірген жоқ, ол кісінің де, 
менің де нағашым – қаракесек, – дегенде атам жағасын ұстады.
– Астапыралла! Ну и чудеса! Оказывается, этот дурак знает, что его 
нағашы каракесеки! – Мен өзімді ұстай алмадым, күліп жібердім, атам 
маған көңіл бөлмей:
– Әй, сен қашаннан бері рушыл бола қалып едің? Бір кезде тым болмаса 
жеті атаңа дейін үйретейін дегенімде: «Қойшы, папа, миымды ашытпай, 
ешқандай ру-пруыңды білмеймін. Ұлтым – қазақ, руым – алматылық» де-
ген сен емес пе едің?
Бақытжан мұндай бұрылысты күтпесе керек, көздері жыпылықтап, 
дағдарып қалды.
– Ата, бұл кемеңгер Абайға бізден гөрі, әйтеуір, бір туыстық жақындығын 
білдіргісі келіп, нағашысының қаракесек екенін әдейі біліп алған, – деп, мен 
де сөзге араластым.
– Е-е-е, өзіне пайдалы жерде рудың туын ұстап, өңешін жырта айқайлап 


69
шыға келетін «қымыз патриот» десеңші! Ру атымен ағайын арасындағы 
көже өкпені көкке көтеріп, ойран төбелеске ерік беретіндердің айтақтайтын 
итіне айналып, қолжаулық болмаса неғылсын осы? – деп, атам жатқан 
жерінде қозғалақтап кетті.
– Қойыңдаршы осы... – деді Бақыт қолын сермеп.
Ашулана бастағанын бірден байқадым. Жүзі сұрланып, екі қасының 
арасы түйіліп барады. Жайшылықта өңі жайдары, көзқарасы өте жұмсақ 
көрінеді. Ал осындайда әкесінен аумайды. Бетің бар, жүзің бар демейді, 
көңіліне келер, тілім тиер деп жатпайды, тілінің ұшына келгенін төге са-
лады. Мен өздігімнен жынына тимеуге тырысам, алда-жалда тас-талқан 
болғанда үндемей құтылам. Бұл да әкесі сияқты ашу үстінде қызу қолға 
ілінсең, оңдырмайды.
«Атымның сыры өзіме мәлім» дегендей, атам баласының шатынап келе 
жатқанын байқады. Қайнай бастаған қазанға суық су құйғандай, қоңыр да-
уыспен басалқы сөйлеп кетті.
– Балам, сен ренжімегін. Түсің, әділін айтсам, ғажап екен. Мұндай 
түсті өміріңде бір-ақ рет көруің мүмкін. Енді түсіңді жорып көрейін. Сен 
Абайды терең білмейсің, шығармаларын ат үсті оқыдың. Абай қазақтыкі 
деп мақтанғанмен, ештеңе өзгермейді. Абайдың артына қалдырған мұхит 
мұрасына сүңгі. Мұздасаң жылынасың, күйсең салқындайсың, тасып 
бара жатсаң арнаңа түсесің, қалып қойсаң алға ұмтыласың. Алайда тек өз 
басыңның сусынын қандырумен шектелсең, Абайдан саған түк те жұқпайды. 
Абай атаңның саған түсіңде айтқан келелі кеңесі осы емес пе екен? Ана 
тіліңді, ата жұртыңды қадірле. Еліңе аянбай адал қызмет ет деп міндет 
артқан жоқ па? Ал Абай шыққан биіктің етегіне ілінгеніме мақтанбасам, 
ренжімеймін. Сен төбеде тұр екен деп қорланатын мен жоқ, ведь на холме с 
Абаем был не мой сын, а наше будущее и, наверное, писатели, смотревшие 
на вас, видели рядом с Абаем новое поколение, дочерей и сыновей народа, 
а не какого-то начинающего писаку и переводчика Бахытжана ибн Баур-
жана. Сен өзіңнің керемет түсіңді осылай түсінгін. Абайдың қасында жүру 
деген – оның өмірлі, өнегелі шығармаларына үңіліп, бойға сіңіру деген сөз. 
Сонда рухани жағынан Абайға жақындап, қолтығына кіре түсесің. Сенің 
мына жартысы айран миыңа бір сәуле түсірмей қоймайды. Сана-сезіміңе 
сәуле түскен соң, дау жоқ, қайраттана бастайсың. Ал үйренгің келмесе, 
білуге құлықсыз жалқау, бос белбеу ез болсаң, нағашың қаракесектен де 


70
пайда жоқ. Қайраңға шыққан балықтай тұншығасың. Міне, түсіңді осылай 
түсінгін. Қалай, жори алдым ба?
– Рақмет, папа. Абай атаның түсіме кіргені, оны сенің мынадай етіп жо-
рып бергеніңді сирек сыйлықтай көкейімде мәңгі сақтармын. «Болмасам 
да ұқсауға» талпынармын, – деді. Жөн сөзге ұйып, көрер көзге өзгергендей 
салмақтанып, даусы да байсалды шықты.
Түс күндізгі ойдың елесі дейміз, жүйке шаршағанда түс көреді дейміз, 
мейлі солай-ақ болсын, алайда атаның мына әңгімесін қалай ұмытарсың. 
Сонау 1973 жылдан бері талай жыл өтті. Бақытжан осы түсті қайталаудан 
бір жалықпайды. Күні кеше болғандай, атамның түс жоруының майда-
шүйдесіне дейін қалдырмай баяндайды. Бұл әңгімені көп адамдар естіді, 
алғашында күледі, соңынан еріксіз ойға батады. «Күндізгі ойдың елесін» 
атамның педагогикалық үлкен мәні бар арнаға бұрып, бізге өсиет-мұра 
қалдырғанына таңғалып сүйсінеді.
***
Біздің үйге бірінші рет келген адам қолында анық үйдің мекен жайы 
болса да, пәтерімізді таба алмай әлекке түседі. Оның өзіндік себептері бар; 
пәтеріміз биік тас үйдің жетінші қабатындағы қараңғы дәліздің ең түкпіріне 
орналасқан. Қараңғы дейтінім, бұл жерге өмірі күн сәулесі түспейді. Ол 
аз болғандай қысты күні кешкі сағат алтыға дейін, жазда түнгі тоғызға 
дейін шамы жанбайды. Электр энергиясын үнемдеу үшін осындай тәртіп 
орнатқан. Оң жақ қанаттағы екінші дәлізге түсетін күндізгі жарықтың бері 
қарай әрең жететін болар болмас жұрнағымен сипалап жүріп есігімізді 
әрең табасыз. Енді келгеніңізді білдірмекші болып, ішке хабар жіберетін 
қоңыраудың бармақтай түймесін іздейсіз. Оны да дөп баса қоюыңыз екі-
талай, сондықтан есіктің өзін тақылдатуыңызға тура келеді. Ал іштен есік 
ашарда алдымен пәтердің кіре берісіндегі киім ілетін жердің шамын жағып 
барып ашпасаң келген кісіні сен, сені ол ә дегеннен ажырата алмайды.
Әдетте есік ашу менің «міндетім» еді, бұл жолы орайы солай келіп 
Бақытжан ашты.
– Здравия желаем, товарищ полковник! – деп әлдекімдер шу ете қалды. 
Дауыстары жіңішке, ересек адамның үніне келмейді.
– Мен емеспін, мен емеспін! – Бақыттың сасқалақтаған даусын естіп,


71
тез барып шам жақтым. Жарқ ете қалған электр жарығы келгендердің түр-
тұрпатын айқын көрсеткенде, таңғалғанымды жасыра алмай, «О-о!» деп-
пін.
Есік алдында қаз-қатар тізіліп, құртақандай төрт «офицер» тұр. 
Алғашқы таңданудан арылып, анықтап қарасам, кәдімгі балалар, жастары 
көп болса он бір, он екіден аспайды. Салтанатты мейрамдарда киетін сәнді
әскери форма бойларына үйлесе жарасып тұр.
Тосын қонақтарға не үйге кір демей, не жөндерін сұрамай қызықтап 
қарап қалыппыз. Біздің сонша сұқтанғанымызға әрі Бақытжанды атам екен 
деп шатастырғандарына олар да дағдарып қалған, ебедейсіздене қысылып, 
кірпіктерін жиі қағады. Бақыт осы ыңғайсыздықты серпілте:
– Үйге кіріңдер, сұңқарлар! – деді көтеріңкі қуақы үнмен.
Балалар тартыншақтамай, бірінің соңынан бірі ішке енді. Араларындағы 
ересектеуі ме, жоқ топ басшысы ма, басқаларына қарағанда сұңғақтау сары 
бала келген шаруаларын айта бастады. Өздерінің даңқты панфиловшы, 
гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлына әдейі келгендерін, ол кісіні 
көрудің мүмкіндігі болса, сәлем беріп шықпақшы екендерін Бақытжанға 
баяндап жатты. Мен мына балалардың күнде көріп көз үйренбеген сырт 
өзгешеліктерінен әсерленгенім сонша, ел естімеген жаңалық айтатындай, 
атамның кабинетіне салып ұрып жетіп бардым. Ол кісі газет оқып жатыр 
екен, көзілдірігінің астынан қарап:
– Ол не, балам? Не шу? – деді.
– Бойлары кішкентай-кішкентай төрт офицер келді, – дедім аптығып.
– Вьетнамдықтар ма?
– Жоқ, балалар, – деп, күліп жіберуге шақ қалдым.
Осыдан үш күн бұрын атам екеуміз округтік офицерлер үйінің му-
зейіне барғанбыз. Сонда сыртынан қарасаң, бала секілді, шағын денелі 
вьетнамдықтарды көрген едік.
– Бай болғыр, дұрыстап түсіндірші, мен ештеңе ұқпадым, – деді атам 
қолындағы газетті былай тастай беріп.
Осы кезде Бақытжан есікті айқара ашып:
– Кіріңіздер, мырзалар, – деді қулана күліп.
Балалар әлгінде Бақытқа сәлем бергендей, қолдарын шекелеріне апа-
рып, әскери тәртіппен тақылдап сәлемдесті.
– Здравствуйте, товарищи! Прошу садиться. – Атам «офицерлердің» 


72
сәлемін салмақты қабылдап, байсалды кейіппен оларға отырар орын 
нұсқады да, әлі кетпей тұрған бізді суық көзқараспен шолып өтті. Бақыт 
екеуміз іркес-тіркес есіктен шыға жөнелдік. Бері келген соң:
– Бұлар кімдер?– дедім Бақытжаннан.
– Білмеймін! – деп, аяқ астынан бұрқ ете қалды.
Осы жаңа ғана көңілді еді, демде неге өзгере қалғанын құдайым біл-
сін. «Мейлі үндемейін, өзіндік себебі бар шығар» деп, немқұрайды, 
самарқауланып шаруамды істей бердім. Бақытжан бір темекіні тартып 
тауысқанша қозғалмады. Айтар ойын салмақтағандай қасының арасы 
түйіліп, тағы біраз отырды да:
– Әлгінде екеуміз әбес қылық көрсеттік, – дегенде таңырқап бетіне 
қарадым. Мен күтпеген сөз болды бұл, өйткені өз кінәмді көріп тұрған 
жоқпын.
– Қалай? – дедім.
– Папам балаларды ересек, дәрежесі тең адамдарша құрметтеп қабыл-
дады. Ал екеуміз ыржалақтап, цирктің сайқымазақ – клоунын тамашалаған-
дай езуіміз құлағымызға жетті. Баласынып басынғандай болдық. Папам 
соны сезе қойып, бізді көзімен айдап шықты. Енді түсіндің бе?
Жарқыраған сары ала әскери киім киген балаларды кинодан бол-
маса, көріп тұрғаным осы. Ойламаған, күтпеген жерде сау ете қалса, 
қалай таңданбайын. Дегенмен қауызында дәні жоқ сабандай борпылдап, 
жеңілтектеніп кеткенімді енді түсіндім. Бақытжанның «мырзалар» деп 
майысқанын қайтерсің.
– Енді қайттік? – дедім шынымен сескеніп.
– Қайтуші едік, неде болса көреміз, – деп, Бақытжан бөлмесіне кетті.
Ой тиянақсыз болса, қол берекелі еш нәрсе істей алмайды екен. Ман-
дытып жатқан шаруам жоқ, тек күйбеңдеп жүрмін. Ана жаққа барайын де-
сем, «Мен сені шақырмадым» деп атам есікті көрсетсе, балалардың көзінше 
қадірім кетер, ұятқа қалып, талайға дейін мазам болмас.
Бір кезде үйде киетін ұзын шапанының етегі жайылып, атам асүйге кел-
ді. «Қашайын деген қоянға, тәйт деген соң не сорым» демекші, жазықты бо-
лып, жүрегім онсыз да аунақшып отырғанда атамды көріп селк ете қалдым. 
Бірақ орнымнан тез көтеріліп, жүзіне тура қарадым. Атам қасыма тақап 
келіп, бәсең үнмен:
– Мына балалар әскери-патриоттық бағытта тәрбие беретін мектептің 


73
шәкірттері екен. Маған арнайы келіпті, сұрайтын сұрақтары бар көрінеді. 
Тура жиырма минуттан соң шай дайын болсын. Дастарқанды менің
алдымдағы аласа үстелге жаса. Содан кейін, бұлар қанша әскери киім киіп 
қаздиғанмен бала ғой, тәтті-пәттіңнен түрлеп сал және мол қойғын, – деді 
де, жауабымды күтпестен шұғыл бұрылып, ширақ адымдап шығып кетті.
Ойың орнығып, істер ісің айқындалса, қол-аяғың жеңілденіп батыл 
қимылдайсың. Көңілім жайбарақаттанып, атамның тапсырмасына кірістім. 
Жақсы асын қонағына сақтайтын қазақтың ежелгі әдеті емес пе, менің 
де жасырғандарым бар еді, соларды шығара бастадым. Әншейінде атам 
дастарқанды қалай жасап, не қою керек екенін айтатын адам емес. Бірақ бұл 
жолы қонақтарының бөлектігі өзіне де ерекше әсер еткен секілді.
Сәл уақыт өткенде жұмсақ қозғалатын дағдысымен, жүрісі білінбей 
Бақытжан келді.
– Жаңа папам шыққандай болды, осында келді ме? – деді. Әлгінде мені 
қорқытып, талайға дейін берекемді кетіргені үшін біраз бәлсініп, үндей 
қоймадым.
– Не деді? Айтсаңшы тымыраймай, – деп қайта сұрақ бергенде ғана:
– Қорықпай-ақ қой, жүзі жылы, өзі жайдары. Шай әзірлей бер деп кет-
ті, – дедім.
– Тапқан екенсің қорқатын кісіні! Даусы қатты шықса көзі бақыраятын 
өзіңдей сужүрек көресің бе елдің бәрін, – деп шамданып кетіп қалды.
Бәкең дәл осы жолы шынын айтпай кетті. Өзінің кінәлі екенін білген-
де, сескенетінін анық білемін. Бірақ көп ретте атамның алғашқы соққысын 
маған қалдырып, бұлт ыдырап, жауын басылғанда келе қалатын әдеті бар. 
Қулығы ма, ұқсас мінездердің қақтығысып от шықпауына жасаған сақтығы 
ма, оны өзі біледі.
...Қонақтар менің келгеніме селт етер емес, әңгіменің нағыз қызған тұсы 
болса керек. Тек балаларға тән сүйкімді таңданыс кейіппен, бейкүнә көздері 
мөлдіреп, атамды зор ықыласпен тыңдап отыр. Қандай кезде болмасын, 
атам әңгіме айтқанда тыңдаушысын баурап әкететін, қозғалтпай ұйытатын 
бір ғажайып қасиеті бар. Ондайда басына бәле тілеген адам болмаса, сөзді 
бөлуге ешкімнің құдіреті жетпейді.
Қазіргі әңгіме желісі ерлік туралы болып жатыр екен. Дастарқанды ды-
быссыз жасап, шай құя отырып, сөзге құлақ түрдім.
– Ешкім батыр болып тумайды. Басында бұлағы бар өзеннің ұзақ ағаты-


74
ны секілді, өнегелі ата-ананың тәліміне сусындап, адалдық, еңбексүйгіштік,
бауырмашылдық рухта ер жеткен бала, мектеп, қоғам тәрбиесін де бойына 
жақсы сіңіреді. Мен бауырмалдық дегенді бірнеше рет қайталадым. Оның 
кең мағынасы халықаралық достық – интернационализм. Батырлықтың бір 
негізі осы бауырмашылдықтан шығады. Ерлік аспаннан түспейді, ол Отан-
ды сүюден туады. Ал Отанды сүю үй ішіңнен, от басынан өседі. Ата-ананы, 
апа-қарындасты, аға-ініні сыйлап құрметтеген халқының да қадіріне жетеді. 
Халқын қадірлеген сын-сағаттан сүрінбей өтеді. Елін сүйген ер атанады.
Өйткені ерлік білекте емес, елін сүйе білген адал жүректе.
Атам қашан да «Отан, Халық» дейтін ұлы ұғымдар жайлы ой қозғағанда 
«айту керек» болғандықтан емес, өзінің бар болмыс-жаратылысымен елін, 
жерін қалтқысыз сүйіп, қастерлегендіктен бүкпесіз ағытылатын. Сондықтан 
да ...Отаны үшін отқа түскен... атамның өмірі халық өмірімен жіксіз бірігіп, 
халық тағдырымен тұтас өріліп кеткен.
– Тағы бір айта кететін нәрсе, – деді атам бәрімізді елең еткізіп, – пәленше 
түгеншенің ерлігін қайталады дейтін жаттанды сөз бар. Бұл түбірімен қате 
түсінік. Ерлік – еліктеу емес. Есеппен ерлік жасалмайды. Ерліктің дайын 
рецебі жоқ. Подвиг – не повторяется, а совершается в конкретной обста-
новке боя, в конкретных условиях. Подвиг – всегда индивидуален. Өйткені 
бір ұрыс екіншісіне ұқсамайды. Әрбір шайқастың өзіндік сипаты бар; ұрыс 
өтетін жері, уақыты, мақсаты, басталу-аяқталуы, тағы басқа факторлары 
жағынан ешқашан бірін-бірі қайталамай, жеке-дара жасалады. Жауынгер 
ұрыс үстінде ерлік көрсетіп жүрмін деп әсте ойламайды. Ол өз міндетін 
қайткенде адал, абыроймен орындап, ар-намысына дақ түсірмеуді, жолда-
сын жауға тастамауды ойлап, әрекет, қимыл етеді. Ерлікті сырт көз көреді, 
ал батырлықты өз бойынан көретін кісінің адамдық жаратылысында 
жалғандық бар.
Мен атамның аузынан шығып жатқан түйдек-түйдек тұжырымды тір-
кестері мен мағыналы нақылдарын ішімнен қайталап, ұмытып қалмасам 
екен деген тілекпен отырдым. Бір сылтаумен шығып кетіп, тезірек қағазға 
түсірер ме еді деп те ойладым. Бірақ дастарқанды тастап, қонақтарды еле-
усіз қалдыруға болмайтын еді.
– Кәне, қарақтарым, ұялмай шай ішіңдер, – деп, атам сөз желісін 
кілт үзіп, балаларды дәмге шақырды. Осыған дейін олардың ешқайсысы 
дастарқанға қол созбай отырған. Қонақжайлылық көрсетіп, «шай ішіңдер, 


75
алыңдар, жеңдер» деуге, атамның сөзін бөлем бе деп батылым жетпей 
жалтақтап отыр едім. Соны сезгендей алдымен өзі кесесін қолына алып 
шай ұрттады.
– Сендерді менің немеремнің көрмегені өкінішті, – деді атам бір кезде.
– Немереңіз үлкен бе? – деп сұрады бағанағы сары бала.
– Үлкен. Бес жаста, аты Ержан. Әскери киім киген кісіні көргенде көзі 
жайнап кетеді. Ал сендердің қастарыңнан шықпас еді. Өзі өте әңгімешіл 
және әсерленгіш. Ойынан неше түрлі қиял-ғажайыпты шығарады. Соның 
ең басты қаһарманы етіп мені алады, бірақ өзін де ұмытпайды. Ол екеуміз 
жеті басты айдаһарды да, жезтырнақ жалмауызды да жеңіп жүреміз, – деп, 
Ержанның ұшы-қиыры жоқ ертегілерін есіне алып жымиды.
Меніңше, атам бұл әңгімені немересін мақтағысы келгеннен айтпағаны 
анық. Алдында отырған балалардың қысылып-қымтырылмай дастарқаннан 
тағам алып, өздерін еркін ұстауы үшін әдейі тілге тиек етті. Кішкентай 
қонақтар аты аңызға айналған батырдың жайма-шуақ, мейірбан қария да 
екенін сезініп, шай үстінде көңілді отырды.
– Ата...– деді бір кезде мойыл көз, ақ құба бала.
Сөйтті де саусағымен ернін жаба қойды.
– Кешіріңіз... жолдас полковник, – деп, қайтадан тіл қатып, құлағына 
дейін қызарып кетті.
Қанша айтқанмен әскери тәрбиеге, қатаң тәртіпке дағдылана баста-
ғандары байқалады. Полковникті «ата» деп атағанды ерсі санап, әлгі балаға 
жолдастары жазғыра қарады. «Бүлдірдің» дегенді көздерімен ұқтырып, 
өздері абыржып-ақ қалды. Осы қазір ғана аталық жылы пейіл танып, 
арқаларын кеңге салып отыр еді, енді үстеріндегі әскери форманың мысы 
басқандай демде шөгіп, жанарларын жасыра төмен қарасты. Кішкентай 
«офицерлердің» мына әбігерлеріне күлкім келді, бірақ мен секілді өзі әскер 
ойынын ойнап көрмеген адам, олардың жай-күйін қайдан түсінсін.
– Менің сендерге ата екенім рас, – деді атам жұмсақ үнмен, – қайта, 
мені қазір осылай атаған өзіме көп ұнайды. Сондықтан қысылма, балам, не
айтпақ едің, айта ғой.
Атамның қарапайым, бірақ мейірімге толы лебізі балаларды қайтадан 
сергітті. Қар астынан бас көтерген бәйшешектей еңселерін тіктеп, жүздеріне 
жылылық үйірілді.
– Сіз соғыста қорықтыңыз ба? – деді мойыл көз бала.


76
– Мен қоян жүрек емеспін, бірақ қорықтым, – деп атам іле жауап 
қатты.
Балалар қозғалақтап, бір-біріне қарап кәдімгідей елеңдеді. Шамасы, қас 
батырдан мұндай мойындауды күтпесе керек. Осылардай кезімде мен де 
сенбес едім, «танкіге қарсы шауып, қиратып тастап отырдым» десе ғана 
иланар едім.
– Соғыста қорықпадым, түршікпедім деп тек ақымақ, мақтаншақтар ай-
тады, – деді атам аналардың «бұл қалай» дегенін түсінгендей, – қорықпайтын 
пенде болмайды. Қансыз темір емеспіз ғой, ой-түйсігі, сезгір жүйкесі бар, 
ет пен сүйектен жаратылған адамбыз. Қорқу – табиғи сезім. Бірақ әңгіме 
онда емес, бұл жерде ең бастысы сол қорқынышты жеңе білу. Егер өзіңді-
өзің жеңбесең, жауды да жеңе алмайсың. Ол үшін намыс керек. Халқымның 
қажетіне қара таңба бастырмаймын, елімнің еркіндігіне кісен салдырмай-
мын деген үлкен адамгершілік мағынадағы намыс болу қажет. Сол намыс
аласапыран арпалыста бойыңа қуат беріп, жүрегіңе от тұтатады. Ұлы Отан 
соғысында кеңес жауынгерлері ана сүтін намысқойлықпен адал ақтап, 
елінің атын әлемге танытты. Халқының ар-намысы олардың алдында 
Темірқазықтай жарқырап, шөлдегенде сусын, қалжырағанда қайрат берді.
Сондықтан елдің намысы – ердің туы, ер намысы – ел намысы дейміз. Бұл – 
біздің ата дәстүріміз, советтік салтымыз. Ал енді жасынан жасқанып өскен 
жасық жаумен жағаласуға жарамайды. Ондайлар қара басының амандығын 
ойлап, қысылтаяңда тасаға бұғады. Ар-ұятты таптап, тірі жүрсем болды 
деген пасық пиғылмен күнелтеді. Халық оларды бұрынғы заманнан бері-ақ 
«шіріген жұмыртқа» деп атаған. 
Атам соңғы сөздерді айтқанда даусы ызғарланып шықты. Мен атамның 
терең мағыналы кесек сөздерін балалар ұғынды ма деп, жүздеріне барлай 
қарадым. Олар қыбыр етпей аңсары тек атама ауған екен. Бала болса да, 
осылардың сәби санасына атамның жүрек жарды, шынайы сөздерінің ши-
палы ұшқындары жұққаны даусыз. Әжептәуірге созылған үнсіздіктен соң 
атам маған қарап:
– Балам, «Генерал Панфилов» кітабының төрт данасын әкелгін. Алды-
мен дастарқаныңды жина, – деді.
...Бақытжан балалар кетуге жиналғанда, шығарып салуға бір-ақ шықты. 
Атам қонақтарына аталық ықыласпен жақсы тілек айтып қоштасты. Бала-
лар кеткен соң Бақытжан атама қарап:


77
– Жаңағылар мені қара көлеңкеде сен екен деп честь беріп, шулап 
сәлемдескенде жаман састым. Сасқаным соншалық, шам жағу есіме түспеді. 
Соңынан «қап» деп өкіндім, неге дейсің ғой, біраз уақыт сенің рөліңді ой-
нап, полковник бола тұруым керек еді, – деп, бағанағы әбестігін әзілге ай-
налдырып жіберді. Бұл өзі қу, «қорғанудың әдісі – қарсы шабу» деп атам 
айтқандай, сөз естіп қалам ба деген күмәннан біржола арылмаған екен. 
Соған қарай әдейі оспақтап тұрғаны. Бірақ атам баласының әуеніне ілесе 
қоймады. Жүзіне барлай қарап алды да:
– Әй, балам, – деді саусағын тура Бақытжанның көз тұсына дәлдеп, – 
әркімнің өзіне арнап пішілген үлгісі бар, ол біреуге тар, біреуге кең ке-
леді, – деп, кабинеті жаққа беттеді. Бақыт басын шайқап, таңдайын тақ
еткізіп:
– Шалың мықты. Қашан да нысанаға дәл тиеді, – деді.
...Сонау 1974 жылдан бері қаншама уақыт өтті. Тіршіліктің күнделікті 
мазасыз ағысы үстінде талай нәрсе ұмытылып, талай нәрсе батқан күнмен 
бірге көзден таса болып жатыр. Әйтсе де сол кішкентай «офицерлерді» есі-
ме жиі аламын. «Қандай болып өсті екен, өмір жолдары қалай қалыптасты 
екен?» деген сұраулар ойыма оралады. Мүмкін, бауырмалдық борышын өтеп 
туған жерден алыста елді сағынып жүр ме, кім білсін. Тек аналық жүректен 
тілерім – қайда жүрсе де аман болсыншы. Мен солардың ел қадірлер абзал 
азамат болып өскендеріне сенімім мол, басқаша ойлай алмаймын. Өйткені 
олар атамның жүзін көріп, ақ батасын алып еді.
***
Үйіміздің қасында толып жатқан майда-шүйде сататын дүкен бар. Ошақ 
басының шаруасына керекті бір затты іздеп кіріп едім, әйнектің астында 
тізулі жатқан ұзынды-қысқалы мүштектерге көзім түсті. Атам темекіні 
мүштекпен тартады, қашан көрсең тістеп отырғаны. Бірақ жиі жоғалтып, 
сипаланып қалатыны бар. Сондай кезде қажет болар деп қарапайым болса 
да бес-алтауын сатып алдым.
Мен үйге келгенде Бақытжан хат оқып, атам соны тыңдап жатыр екен. 
Атамның аяқ жағында тұрған орындыққа ақырын ғана үндемей отырып, 
хат сөздеріне құлақ түрдім. Мұндайда қозғалақтап, жыбырласаң, бет-
жүзіңе қарамай атам қуып жібереді. Өзі тыңдай білгендіктен басқадан да 
соны қатаң талап етеді.


78
Хат иесі Дивногорск қаласында тұратын отставкадағы майор Алек-
сандр Олимпиевич Шарыпов дейтін кісі еді. Ол соғыс кезінде, атам Балтық 
жағалауында 9-гвардия дивизиясының командирі болғанда, атамның қол 
астында батальон командирінің міндетін атқарған екен. Шарыпов өзінің 
хаттарында «8-гвардия туралы көп жаздыңыз, ал 9-гвардия дивизиясы ту-
ралы, Балтық жағалауындағы ұрыстар жөнінде қашан жазасыз?..» – деп 
үнемі сұрайтын. Бұл жолы сол әдетінен танбай біраз сөз арнағаны көрініп 
тұр. Бақытжан төрт парақ көлемді хатты оқып болғанда атам көзін жұмып 
үндемей жатты да:
– Істелуге тиісті жұмыстарымның ішіндегі ең үлкені осы. Материал 
жеткілікті, бірақ өндіріп жаза алмай-ақ қойдым. Алайда жазу керек. Кім 
біледі, қанша уақыт күннің қызылын көріп, жер басып жүрерімді. Осы-
дан денсаулық біраз дұрысталса, отыруым қажет. Дегенмен Александр 
Олимпиевичтің Балтық жағалауындағы өзі қатысқан ұрыстар туралы жа-
зуына толық қақысы бар. Ол солдаттың артына тығылып, оларды оққа қалқа 
етіп көрмеген адал, ержүрек комбат болатын. Солдаттармен бір жапырақ 
нанды тең бөліскен, жастығына қарамай әкедей қамқор, әділ командир бола 
білген нағыз азамат еді, – деп, атам темекісіне қол созды.
Мен осы кезде жаңағы алған мүштектерімді ұсындым. Атам рақмет ай-
тып, ұшталған қарындаштарды сақтайтын қағаз қорапқа салып, қақпағын 
жауып қойды. Бақытжан әкесінің қолының қимылын қалт жібермей қадалып 
отыр еді, атам қорапты әрірек жылжытқанда, көзі жыпылықтап кетті. Со-
дан кейін әкесіне қарап қолын жайды:
– Папа, біреуін берші. Қашан болса мені сыбағамнан құр қалдырасың. 
Немене, өгей балаң ба едім? Олжасқа ғой сонау Чехословакиядан әдемі 
мүштек әкеліп бердің. Мен оның орнында болсам «Момышұлы сыйлаған 
мүштек» деген өлең жазар едім, – деді.
– Онда сен «Момышұлы бермеген мүштек» деген өлең жаз. Бірақ сен 
ақын емессің, әңгіме жаз, өлеңге әуре болмағын, бәрібір жаза алмайсың.
– Мен мұндай қорлауға төзе қоймаспын. Әрине, сыйланбаған мүштек 
шабытымды шалқыта қоймас, дегенмен Олжастың өзі тұрмақ түсіне кірме-
ген өлең шығарам, тура қазір шығарам, – деді қомданып.
– Па, шіркін! Қолыңды кім ұстап отыр, құлағымыз сенде. – Атам мен 
жаққа қарап, мынаның даңғойын көрдің бе дегендей кескінмен мырс етті.


79
Бақытжан сәл ойланып, желкесін сипап отырды да, алға қарай 
ұмсынып:
Отец не дарит мне мундштук, 
Хоть у него их десять штук. 
И это даже не ужасно, 
А просто, знаете, Олжасно! –
деп қарап отырды. Күні кеше Ержанның өлеңіне күліп еді, енді атам екеуміз 
бұған күлдік, дегенмен Бақытжан тапқырлық жасады ма деп қалдым.
– Қалай екен? – Өзі қосыла күліп отыр. – Бір мүштекке еңбегім сіңді 
ме?
– Жарайды, біреуін алғын. Бірақ енді өлең жазбағын. Поэзияны қор 
етпе, – деді атам.
– Неге жазбаймын? Олжас өлең жазуды қойды, аузымызды немен 
дәмдейміз? Тым болмаса, осы секілді шөп-шаламға қарын тойғызайын.
– Алда байғұс-ай, ә? Бәсе, әлгі Олжас мені көрген сайын: «Бақытжан 
жүдеп, мойны жіңішкеріп, қарны қабысып кеткен жоқ па?» – деп, қабырғасы 
қайысып сені неге сұрай береді десем, өлеңге жарымай жүр екенсің ғой.
– Кекетпей-ақ қой. Өзім іздеп оқитын ақыннан жақсы, жаңа өлең та-
лап етуге қақым бар. Мен оқырманмын, ол – ақын, олай болса, Олжастың 
Жазушылар одағының секретары болғанынан оқырманға келіп-кетер түк 
жоқ. Бізге өлең керек, нағыз поэзия қажет, оның бізді өлеңсіз қалдыруы өте 
өкінішті,– деді Бақытжан қызына сөйлеп.
– Әй, балам, қай жеті атаңда көрдің ақынға зорлап өлең жаздырғанды?
– Оқырман үмітін алдауға бола ма? – деді орысшалап.
Қазақша сөйлеуге тілі бұрала бастағанда, орысша сайрайтын әдеті.
– Жаңа өлең тұрмақ, бұрын жазылып, бүкіл жұртты тамсандырған 
«Жүректі немен қуантам» дейтін поэмасының бүкіл әуенін бұзып, бүтін 
дүниенің сәнін кетірді. Поэманың ырғағын, орындар мақсатын көтеріп 
тұрған үлкен бір бөлігін балтамен шапқандай кейінгі басылымнан алып 
тастаған, – деп, Бақытжан желдей есті.
– Тоқтағын, шығармасын қалай өзгертем десе, автордың өз еркі 
өзінде. Өзгертпе деп бұйыра алмайсың. Сондықтан қара тер болып, май-
сыз қуырылудың керегі не? – Атам жаратпағанын жасыра алмай, даусы 
көтеріліп кетті.


80
– Папа, сен білесің ғой, менің онымен ешқандай бас араздығым жоқ. 
Олжастың өлеңдері көңілімнің қайдағы бір қара түнек сәттерінде жүрегімді 
жылытып, өмір сүрудің шынайы мәнін түсінуге жетелеген. Ал кейінгі, 
қайтадан басылып шыққан кітаптарынан, өзіме сонша әсер еткен таныс 
дүниелерін таба алмай қалдым. Бір кезде өзі ұсынған асылын өзі тонап 
алғандай әсер қалдырды, – деп, даусы кәдімгідей мұңая шығып, үндемей 
қалды.
– Мен сенің оқырман ретіндегі ойыңды, талабыңды жаңа түсіндім. Кі-
тап жазылған соң оқылуы керек, оқылған екен оқырманның жан дүниесіне 
әсер етіп, із қалдырмаса бәрі бекер. Ал енді сен қанша ренжіп, өкпе артсаң 
да, Олжастың жазған әрбір өлеңі жүрекке жол табады. Бір жолы өзін 
қазақтың белді ақынымын деп есептейтін біреу Олжасты сыртынан жерден 
алып жерге салды. Ақындардың тізімінен өшірді, мен оны сол замат тыйып 
тастадым. Әлгінде, сенің шала бүлінгеніңнен алғашында тіксініп қалғаным 
сол еді. Өзгенің талантына тәнті болса, жетістігіне қуану жазатындардың 
кез келгенінің қолынан келе бермейді. Өйткені ондайлар үлкен масштабта 
ойламастан, тек «анау менен озып кетпесе екен, бәрі өзіме, өзіме болса» дей-
ді. Менімше, Олжас басқаның шыққан биігіне адал қуана біледі, талантты 
қадірлей біледі. Ол шын мәнінде кеңпейіл. Ал мен ұрысқан ақынның іше-
гіне шынтақ айланбайды. Ой жүгіртіп, зер салып қарасаң, «тек өзіме» дей-
тін ниеті творчествосынан көрініп тұр. Қазы-қарта менікі, жал-жая, қымыз, 
ауыл мен арғымақ, асқар тау да менікі деп зарлап жазады. Ал Олжас осы 
байлықты бүкіл әлемге жайып салады: «Менің заңғар тауларыма келіңдер, 
айдыны шалқар көлдерімді көріңдер, қазы-қартамнан жеп, қымызыма 
сусындаңдар. Менің арғымақтарыма мініп кең даламды аралаңдар», – дей-
ді. Айырмашылықты сезіп отырсың ба?
– Творчестволық портретке жақсы штрих екен, – деп Бақыт күліп жі-
берді. Атам оған назар аудармай, сөзін жалғастыра берді.
– «Вблизи Чингизских гор его могила» – бұл орыс тілінде жазылған 
мен білетін өлеңдердің ішіндегі Абайға қойылған ең мықты ескерткіш. 
Қысқа ғана өлеңде ұлы Абайдың – ұлы ақынның орны толмас бөлектігін 
көрсетті. Мыстан жасалған ескерткіштерге қарағанда, мына өлең-ескерт-
кішке адамдар көп келеді, тебіреніп оқиды. Олжасты қазақшаға аудару 
қиын. Қазақ поэзиясының біз үйренген канондарына оның өлеңдері келе 
бермейді. Осы арада Фариза екеуінің бір ұқсастығы бар. Фариза – нәзік жан-


81
ды, сыршыл ақын. Оны да орысшаға аударғанда реңін тайдырып жібереді. – 
Өзім орыс, қазақ тілінде бірдей жазғандықтан, Олжас пен Фариза баламның 
аудармаларының жолы онша болмай жатқанын жақсы білемін. Олжасты 
орысша жазады деп кейбір қазақ ақын-жазушылары тыжырынады. Сөйте 
тұрып кітабын Одақ көлеміне, орысша оқитын оқырмандарға жеткізу үшін 
аудармашы іздеп зыр жүгіреді. Олжас пен орыс тілінде оқитындардың ара-
сында ешкім жоқ. Көкірегінен жарып шыққан сезімін қаймағы бұзылмаған 
күйі жеткізеді. Өйткені аударма үнемі түпнұсқасының жүгін көтере бер-
мейді. Әрине, бұл жерде тек орысша жазыңдар деген ұғым тумаса керек. 
Олай деу үлкен қылмыс болар еді.
Олжас – қазақтың ақыны. «Орыстың атақты ақыны Олжас Сүлейменов» 
дегенді естідіңдер ме? Жоқ. Тек қазақша жазылған ғана қазақтікі емес, ой 
да жоқ, айтар сыр да жоқ талай Жартыбайлар қаптап жүр. Олар қазақтың 
атын шығарып, өзге халыққа танытуда өз үлесін қосып жатқаны шама-
лы, әйтеуір, сан көбейтіп сабылып, сапырылысқан біреулер. Олжас болса 
өз халқының жанын, ұлттық қасиетін, кемеңгерлігін басқа жұртқа терең 
көрсетіп, әсерлі жеткізіп берді. Қазақты біле бермейтін талай елге ол 
жаңалықтай көрінді. Олжас сияқты үлкен дарын иелері көпке ортақ. Көпке 
ортақ болмаса, Гагариннің ескерткішіне оның «Земля, поклонись человеку» 
дегені жазылар ма еді? Қанша жылдан бері қарай 12 сәуір – ғарышкерлер 
күнінде Бүкілодақтық радио мен телевизия тойды Олжастың поэмасынан 
бастар ма еді. Міне, бүкіл халықтың ақыны деген осы.
Атам жан-жағын сипалап әлденені іздегендей болды, одан жастығының 
астындағы қолорамалын алып, көрпесінің үстіне түскен күлді желпи баста-
ды. Осының бәрін аса қажеттіліктен істеген жоқ, өзінің көтеріліп, қызынып 
сөйлеп бара жатқанын бәсеңдетуге тырысты.
Атам басалқы дауыспен әңгімесін қайтадан жалғастырды.
– Олжастың өлеңдерінен халқымыздың тарихы, Қаратаудай көнекөз 
қарттар көрінеді. Кең далада дүрсілдей шапқан арғымақтардың дүбірі, 
қазақ әуенінің сазы келіп, жусанның иісі аңқиды. Ол өзге байқамағанды 
көріп, теріп ала біледі, соның бәрін қайтадан жомарттықпен бере біледі. 
Он умеет искренне плакать, потому что высокие поэты плачут по высоко-
му. И я знаю, что когда-нибудь мой мундштук наполнит его сердце такой 
же горечью, и он выплеснет ее по-русски за всех казахов. Ал мына сен – 
Бақытжан Момышұлы олай ете алмайсың, басқаша жылайсың. Сенен тек 


82
әкесін жоқтаған жетімге тән көз жас қана шығады. Мен оны қаламас едім, 
бірақ амал қанша?
Сен әрі-беріден соң әкеңді емес, бір кезде сыбағаңнан құр қалғаныңа, 
мен әпермеген шапанға өкініп өксірсің. Осы бастан айтып қояйын, шамаң 
келсе, бұдан жоғары көтерілуге тырыс, – деп, баласына шаншыла қарады.
– Мені бас салып кінәлауға асықпа. Өзгені көзсіз мыжып өтпеу үшін 
өзімді жеңген адаммын. Биіктікті қадірлеуді саған қарап үйренемін. Рас, 
менің иығым сен әперген шапанға жарыған жоқ, бірақ менің тамырларым-
да сенің қаның бұлқынып тұр, денемді қаптап тұрған тері де сенікі, ша-
панды кез келген шешіп алады немесе тозып қалады. Ал теріні менен еш-
кім сыпырып ала алмайды. Өзіммен бірге тозып, бірге кетеді. Олай болса, 
шапаныңды қайтейін! Сенен қаны бөлектер-ақ шапаныңа ие болсын. Мұны 
аз десең, сенің фамилияң да менікі...
Атам баласының сөзін аяқтатпады:
– Сен оны ұрлап алғансың. Момышұлы болып жазылуға тек менің 
ғана қақым бар, ал сен Бауыржанов болып жазылуың керек еді, – деп, жан-
жағына одырая қарап қойды.
– Ну, да-а-а, – Бақыт даусын соза әндетті. – Қандай ақымақ өз еркімен 
мұндай фамилиядан бас тартады. Бүкіл Қазақстанда үш-ақ Момышұлы бар, 
әрі қарай Одақта, қала берді Жер шарында, – деп, Бақыт бөсіңкіреп кетті.
– Пах, пах! Сыпайыгершілік пен кішілікке келгенде менің балам алды-
на жан салмайды. От скромности мой сын не умрет! Бірақ есіңде болсын, 
сендер тек Момышұлы болып қағаз жүзінде жазыласыңдар. Егер саған да 
меншікті болсын десең, «темір етіктен теңгедей де, темір таяқтан тебендей 
де» қалмау керек. – Бала кезден құлаққа сіңген осы нақыл сөзді атам өзінше 
бұзыңқырап айтты.
– Білемін, әркім өз атын өзі шығаруы керек, – деді Бақытжан білгіш-
сініп.
– Әңгіме атақта емес, игілікті еңбекте. Бықсымай жанып, жылу беру-
де, – деді атам баласына ала көзімен қарап, сөйтті де:
– Идиот ты все-таки еще, – деп қолын сермеді.
Атам жазғанда қатесіз түсіретін талай сөзді айтқанда өз мәнерімен айта-
ды. «Идиот» деген жетіскен сөз болмағанмен, атамның аузынан шыққанда 
қызық естілетін.


83
– Мүштегіңді ал да, маған маза бер, – деді атам баласына.
– Қанша мақтасаң да сенің Олжасың өлең жазбайтын болды, – Бақытжан
орнынан тұра беріп, әкесіне тағы жабысты.
– Оған сенің қабырғаң қайыспай-ақ қойсын. Плещеев алты жыл өлең жаза 
алмай қалған. Асықпа, Олжас бәрінің орнын бір-ақ толтырады, понятно?
Атамның Олжасты сонша қызғыштай қорығанына еріксіз жымидым. 
Атам маған қарап:
– Балам, сен мәз болып тұрсың. Мен мына мылжыңнан жалықтым, әрі 
алып кетші. Өзің шай қойғын, – деді.
– Өзім-ақ кетем. Мүштегіңе рақмет. – Бақытжан күле сөйлеп, өзінің 
әдетімен әкесінің бетінен сүйді.
***
– Балам, мұнда келгін, – деген атамның даусын естіп қасына бардым.
– Үстелдің ең астындағы тартпасында «А. Бек» деген сыртында жазуы 
бар папканы тауып бергін, – деді.
Ержан өзінің меншікті орны – атасының төсегінің аяқ жағында сіріңкенің 
бос қораптарын тізіп ойнап отыр екен. Тартпаны ашып жатқанымда қасыма 
келіп:
– Мама, ана вазадағы гүлден біреуін алайыншы, – деді.
– Тиме, босқа солып қалады, суда тұрса талайға дейін әдемілігін 
сақтайды, – деп, тартпаны ақтаруға кірістім.
Бер жағындағы дәптерлерді шығарып, түпте жатқан қалың қоңыр пап-
каны ала бергенімде, бірдеңе еденге соғылып сынғандай болды.
«Сүйінші!»– деп жалт қарасам, гүлі шашылып, суы жайылып, ваза 
қирап жатыр. Ержанның көзі бақырайып, ерні жыбыр-жыбыр етеді. Менің 
көзімді ала беріп, гүлге киліккенінде абайламай қалған болу керек. Сынған 
вазаның әйнектерін жинаудан бұрын папканы атама әкеліп бердім. Ержан 
үндемей сол тұрған орнында үрпиіп әлі тұр, көзінде үрейлену, қаймығу 
бар.
– Ештеңе етпейді, сен әдейілеп сындырған жоқсың ғой, – дедім. Осы 
кезде атам Ержанға қарап:
– Екеуміз балконға шыға тұрайық, мамаң мына жерді сыпырып ал-
сын, – деп, немересіне қолын ұсынды. Ол атасына ілесе беріп, кінәсін 
мойындағандай, не деу керек екені есіне енді түскендей:


84
– Маматай, кешіріңіз, – деп, қолын кеудесіне басты.
– Жарайды, бара бер, – дедім.
Олар шығып кетті, мен сыпырғышты әкелмекші болып есікке жеткенім-
де, қайта кіріп келе жатқан атама маңдайым тіреліп кейін серпілдім.
– Жаңағы ырымың жақсы екен, – деп, басын еңкейтіп сыбырлай айтты. 
Дәліздің орта тұсында бізге қарап тұрған Ержан естімесін деген секілді.
Қайдағы ырым, әншейін әдет болып кеткен сөз ғой. Анам марқұм өстіп 
бір нәрсе сынғанда «сүйінші» деп, бірдеңе абайсызда төгілсе «шашу» дей-
тін. Сол бала жастан құлаққа сіңіп, есейе келе маған да дағды болып кетіп-
ті. Әйтпесе бұл ырым ба, ырымның көкесі атама келетін кісілерде. Біреуі 
атамның киілген көне көйлегін сұраса, біреуі жерге түсіп қалған мүштегін 
қағып кетеді, енді біреуі қолорамалын тыға қояды. Айта берсе толып жатыр. 
Әсіресе атам бір жаққа жолаушылап қайтқанда қол сандығы сол бойы бос 
оралады. Сонда ойлаймын ғой, «Осы кісі қызық, не қолында зат тұрмайды, 
не үстіне киім шақ келмейді және соның бәріне немқұрайды қарайды», – 
деп. Кейде өзімше іштей кейіп те қалатынмын. Бір жолы «талай адамдар 
жоқты ырым етеді» деген сөз аузымнан шығып кетті. Сонда атам:
– Ырым деген адамның пейілінен туады. «Жақсыға жақын болайын, жа-
маннан абай болайын» деген ниетінен шығады. Ырым – кісінің көңілі. Егер 
адамның өмірлік басты принциптеріне қайшы келмесе, айналасына залалы 
тимесе, ырымнан неге қашасың. Ырымды да халық жасаған. Жақсылары 
заманнан заманға жалғасып, жаңарып, өңделіп жүрген жоқ па? Мысалы, 
балаға арналатын «Шілдехана», «Қырқынан шығару», «Тұсау кесер», «тіла-
шар» дегендерді алайық. Осылардың әрқайсысының ізгі мақсаты бар, жүрек 
түкпірінен шымырлап шығатын ақ тілегі бар. Абай атаңның «Адамның бір 
қызығы бала деген» дейтіні де осыдан басталмай ма? Сол қызыққа көңіл 
жетер қадірлестерінің басын қосып, қуанышқа ортақтастырғаннан қандай 
ескіліктің иісін сезіп, ізін кестің? Сондықтан, балам, ойланбастан, түбіне 
үңіліп түсінбестен ырымның бәрін ескілік, жоққа сену деп айқайлатып ай-
дар тақпағын. Кесірлі, кесапат ырымдар әлдеқашан құрыған, оны халықтың 
өзі жойған. Тек заман ағымына, дәуір желісіне лайықты жарасымдысын 
қалдырған.
Мен атамның саусаққа шақ сақинадай орнықты, көкейге қонымды осы 
әңгімесінен кейін бұл кісінің өзім жете ұғына алмай жүрген тағы бір қырын 
түсіндім. Түсінгенімді былай түйдім: атам зат емес, көңіл сыйлайды екен; 
киім, шүберек емес, ақ ниет, сенім тарту етеді екен.


85
Атама ырыммен келетіндер көп еді дедім, солардың күнделігіме жазы-
лып, ұмытылмай қалған біреуін баяндай кетейін...
...Сыртқы есіктің қоңырауы сылдырлай жөнелді, барып есікті аштым. 
Құндақтаулы баласын аялай құшақтаған орта жастағы ер адам мен үлкен 
қой көзді сымбатты әйел тұр екен. Атама келгендері айтпаса да түсінікті. 
Қонақтарды үлкен бөлмеге кіргізіп, күте тұруларын өтініп, өзім атаға бар-
дым. Келгендерді қабылдай ма, жоқ па соны білмекпін. Осыдан жарты сағат 
бұрын «академияданмын» деп, қолында бүйірі қампиған портфелі бар, ұзын 
тұра бір жігіт келген. Не сөйлескендерін білмеймін, он минут өтер-өтпесте 
сол жігіт атамның бөлмесінен асығыс шығып, менімен қоштасуға мұршасы 
келмей тайған болатын. Ондай-ондай көріністерге қанша көз үйренгенмен, 
әрқайсысының себебі әр түрлі. Сондықтан «не болғанын айтып берер» деп, 
атам сұрамаса да, бір кесе ыстық шай алып бардым. Жауар бұлттай түнеріп, 
қастары қайшыланып кетіпті. Мұндай кезде үндемегеннен тынышы жоқ, 
ақырын ғана кесені үстелге қойып, кетіп қалғам. Кейде біреуге ызаланып, 
терісіне сыймай отырғанда келген екінші біреу бостан-босқа күйіп кететін. 
Мына қонақтарға әлгіндегі жігіттің кесірі тимесін деген оймен бірден атама 
кіргізбегенім сол еді. 
– Ата, сізге кісілер келді.
– Ешкімнің керегі жоқ, – деп тарс кетті. Ашуы әлі тарқамапты.
– Кішкентай сәбилері бар, – дедім кете қоймай. Өйткені атамның иілер 
тұсы осы болса керек еді.
– Ә, бала ма, онда кірсін бері, – деді.
Қонақтар сәлемдесіп креслоға жайғасты. Отыруын отырды, бірақ 
атамның тіктене қараған көзқарасына төтеп беруге пәрмендері жетпей, бас-
тары салбырап кетті.
– Мына үлкен кісінің есімі кім? – Атам иегін көтеріп балаға қарады.
Берекесі кете бастаған қонақтарға: «Кімсіңдер?» – деп тікесінен тиіспей, 
сөзді сәбиден бастады.
– Есімі – Жұлдыз, – деді ағай бөгелместен. – Аспандағы жұлдыздай 
алыс арман болып жүргенде дүниеге келген соң осылай атағанбыз. Сізге 
сәлем беруге әдейі келді.
Ағай атамның алғашқы салқын қабылдауына қарап, «әлдеқалай бола-
ды» дегендей қолайсызданып еді, байқаймын, сөзін көшелеп әкетті.
– Солай ма? Онда жақынырақ танысайық, – деп, атам балаға қолын


86
созды. Өзіне кісі назарының тіктелгенін сезгендей сәби көзін ашып, жана-
рын жылтыратып, атама қарап қалды.
– Атасының алдында отырғанын біліп жатыр, – деп, ағайдың танауы 
желпілдеді. Сөз тізгінін жұбайына ұстатып, өзі үнсіз отырған апай да көзі 
күлімдеп, басын изеп-изеп қояды.
Мен бұдан әрі тұра бермей, дастарқан қамын жасауға кеттім. Сәлден 
кейін баланың жылаған даусы естіліп, іле-шала қонақ әйел менің жаныма 
келді. Өзі күліп тұр, бірақ көзінен аққан тарам-тарам жас бетін жуған. Бір 
қолымен баласын бауырына қысып, бір қолының сыртымен көзін сүрте бе-
реді. Не дерімді білмей, тек өзіне-өзі келсін деп, құшағындағы сәбиді ал-
дым. Апай бетін шайып, орамалын түзеп салып: 
– Айыпқа бұйырма, айналайын, қуаныштың көз жасы ғой, ерік бер-
мей жатқан. Ағаң екеуміз қу бас атанып, жасымыз жер ортасына келгенде 
көрген ботамыз еді. Атасының батасын алайық деп келгенбіз. Қасиетіңнен 
садаға кетейін, Жұлдызды етегіне орап батасын берді. 
Менің жүрегім лүпілдеп, соғуы жиіледі. Мына бақытты анамен қоса 
толқыдым. Қырықтың қырқасына шыққан әйелдің тұңғыш перзент сүйген 
қуанышын атам одан әрі арнасынан төге шаттандырғандай сезіндім.
Қонақтар бір сағаттай отырып, дастарқаннан дәм татып, қайтуға рұқсат 
сұрағанда атам маған қарап:
– Балам, Жұлдыз сіңліңді үйден құр шығарма, – деді.
«Ұятты қонақ келгенде, ұн таусылар» дегендей кішкентай бөпеге бе-
ретін ұсталмаған бұйым таба алсамшы! Көзіме түскендері көңіліме олқы 
соғып, әр затты бір ұстап, ыңғайлысын таба алмай жатқанымда дабыр-
ласып қонақтар шықты. Есіктің бұж-бұж күңгірт әйнегінен олардың өтіп 
бара жатқандарын көріп, «қап, ұят болды-ау» деп одан әрі сасқалақтадым. 
Сол мезетте мен жүрген бөлменің есігі жартылай ашылып, атамның басы 
көрінді, жүрегім су етіп сескене қарадым. Атам қолымен құлағын көрсетті 
де, есікті қайта жапты. «Ымға түсінбеген, дымға түсінбейді» деген осы да. 
Нені ұқтырмақ болғанының байыбына бірден жете алмадым. Оны айтасыз, 
бірдеңе жабысып тұр ма деп құлағымды ұстай алыппын. Бірақ соның пай-
дасы тиді, саусағыма сырға ілінгенде дағдарыстан құтылғанымды біліп 
шынымен қуандым.
Абырой болғанда кісілер әлі кете қоймапты, сырт киімдерін киіп жатыр 
екен.


87
– Апай, мынау Жұлдызжанға, – деп, ал қызыл лағыл тасты шағын 
сырғаны ұсындым.
– Ниетіңе рақмет, айналайын, өзіңде қалсын, – деп алғысы келмеді.
– Рақмет, шырағым, біз онсыз да үлкен құрметке ие болып бара жатыр-
мыз. – Ағай да жұбайына қосыла сыйлығымды жолатар емес.
– Ал! – деді атам өзінің ешкім қарсы тұра алмайтын өктем үнімен. – 
Жұлдызға деп арнап тұр ғой. Ақыр ырымшыл екенсіңдер, бұл да – ырым. 
Менің балам жаман адам емес!
Еншіге тиген күн деген осы шығар, күтпеген жерден өзім «ырымға» 
айналып, әрі «жаман еместігімді» атамның өз аузынан естіп, ойдой, көңілім 
аспаннан бір-ақ шықты.
Орайы келіп тұрғанда айта кетейін, мен сол кісілердің аты-жөнін біл-
меймін. Күнделікке болған жайды ғана түсіріппін. Жұлдыз мен көргенде 
үш-төрт айлық сәби еді. 1973 жыл, қарашаның жиырма алтысынан бері де 
қыруар уақыт артта қалыпты.
...Бақытжан кісілер кеткен соң, бері шықты. Бағана аралықта қонақтарға 
қысқа сәлемдесіп, бөгелмей бөлмесіне кетіп қалған. Содан машинканың 
тақылдаған даусы естіліп жатты. Бұл жұмыс істегенде, өзі шықпаса қасына 
жоламаймыз. Тағы бір әдеті – өзіміздің жақындардан басқа атама келген 
кісіге жұғыса қоюы қиын.
Мен әлгіндегі көтеріңкі көңілдің желігімен елпілдеп, Бақытқа қо-
нақтардың неге келгенін, өзіміздің қалай шығарып салғанымызды айтып 
едім, ха-ха-халап келіп күлді.
– Жаңағы баланың өңі саған, мінезі қайын атаңа тартса, қауым жұрттың 
қорыққанынан жүрегі қозғалар, – деді.
– Думай, о чем болтаешь! – Үндемей отырған атам саңқ ете қалды. – Олар-
ға менің кедір-бұдыры көп мінезімнің де, Зейнептің бір жапырақ ұсқынының 
да керегі жоқ. Баланы етегіме орап ырым еткенде тек жақсылыққа сеніп, 
ізгі үмітпен келіп отыр. Игілікке бағыштаған көңілін қайтарып, тілегін 
қабыл алмай астамшылық жасасам, өзімді сыйлаудан қалар едім. 1944 
жылдың қысында мамаң екеуміз сені Жамбыл атаңның етегіне орап, ба-
тасын алғанбыз. Сонда Жәкең қолымды қағып, пейілін бермесе, көңілім 
көрдей қара түнек болар еді. Өйткені «шарапаты тисін, шөкімдей ұлыма 
қарияның қасиеті жұқсын» деген ақ тілеуге нанып, ырым етіп ем. Мұны 
түсінбейтіндей ақымақ емессің, тек қыңырлығыңа салып әдейі айтасың. 


88
Есіңде болсын, күндердің күнінде мен жоқ болармын; алайда елдің ырымы 
жалғаса береді, – деді атам.
Қазір атам арамызда жоқ, бірақ «Артында баласы қалса, көзі қалды 
де, сөзі қалса, өзі қалды де» дегендей, атамның өзі де, көзі де арамызда. 
Сондықтан болар әкеміз бар кездегідей үйімізден кісі үзілмейді. Ырым әлі 
жалғасып жатыр. Дастарқанымыздан нан ауыз тиіп, Бақытжан мен Ержан-
ды көруге келеді. Атам отырған көнетоз креслоға отырып, «Москва үшін 
шайқас» кітабы жазылған үлкен жазу үстелінің үстін алақандарымен си-
пайды. Атам ойған оюға сүйсінеді, атам салған суретке таңданады. Осының 
бәрі – халықтың атама деген аппақ пейілі, толастамас сүйіспеншілігі. Халық 
кез келгенге сенбейді, өзі қадірлеген, өзі қастерлеген қыран перзенттерін 
ғана ырым көреді. Атамның биіктігінің, даралығының тағы бір қыры – өзі 
қайтқан соң да адамдарға көңіл сыйлап, сенім тарту етіп жатқаны еді.
***
«Құлын» сыңғырлай кісінеп, тұяғымен жер тарпып үлкен бөлмеден 
ойнақтай шықты. Шапқылаған күйі ас үйге кіріп, үстелді бір айналып өтті 
де, көздері от шаша секіріп, атасының бөлмесіне қарай құйындата жөнелді.
Ержан апасының үйінде екі күн болып, бағана келген, содан бері аяқ-
қолы тыным таппай зырылдау үстінде. Бала секіріп, жүгіріп өседі деуші еді 
үлкен кісілер, бұның да өсіп жатқаны ма, дамылдамайтын болып алды.
– А-а-а! – Ержанның бақырған ащы үні құлағыма келгенде, жүрегім 
шым ете қалды. Қай ана перзентінің даусы шыққанда жан ұшыра жүгірмейді 
дейсіз, шаруамды тастай сала мен де жеттім.
Ержан едендегі алашаның шетін ала тыпырлап бақырып жатыр екен.
– Встать! – деген өктем де ызғарлы дауыс естілгенде өзім де шошып 
кеттім.
Ержан айқайын тоқтатпаған күйі екі қолымен жер тірей орнынан 
тұрды.
– Не смей плакать. – Атасының бұйрығы тым қатал естілді. Ержанның 
даусы пышақ кескендей тыйылды.
Мені өзіне қорған көрді ме, бері қарай жүре бергені сол еді:
– Не двигаться с места!
Бала құрттай жұдырықтарымен көзін уқалап тұр. Шынымды айтсам, 


89
баламның жылай алмай көз жасын тұншыға жұтып, бір уыс болып қалған 
мына мүсәпір халі жүрегімді қарс айырды. Ержанға қараудың өзі соншалық 
аянышты, шығып кетуге шамам жоқ, араға түсуге қорқам. Амалсыздан есік-
ке сүйенген күйі тұра бердім.
– Бері жақындағын, – деді атам немересіне. Зекіген жоқ, бірақ даусы әлі 
суықтау екен.
Ержан батылсыздау басып атасының қасына келді. 
– Менің немерем болашақ солдат деп ойлаушы едім. Солдат жылай 
ма екен? Жаттығу кезінде жүз жығылып, жүз тұрады. Жығылған сайын 
бақырып-шақырып жылап жатса не болады, ойлашы өзің? Ондай бос бел-
беу жылаңқы солдаттың Отанға керегі қанша? – деп, сәл үндемей қалды.
– Сені біреу жотаңнан итерді ме, сонша шала бүлінетіндей? Жоқ! Өзің 
жығылдың да, айқайлай бастадың.
– Мен әлі кішкентаймын, – деді Ержан аяғымен жер теуіп. Шыбындай 
боп бұның да мінезі өзіне жетіп асады.
– Кішкентай болсаң қайтесің. Құлағанды білесің, орныңнан тұруды 
үйренбедің бе? Ауырған жерің баяғыда басылды, бірақ әлі жылағың келіп 
тұр. Біреу аяса екен, еркелетіп конфет берсе екен деп тұрсың, солай ма?
– Конфеттің керегі жоқ, тісім ауырады, – деді Ержан қабағын ашпас-
тан.
– Конфет болмаса, бетіңнен сүйгенін қалап тұрсың, – деп атам немере-
сіне қолын сілтеп қойды да:
– Қанша айтқанмен, ұят емес пе? Болашақ солдаттың бақа құсап 
тырбаңдап бақылдап жатқаны. Сүрініп құладың ба, ешкімнің көмегінсіз 
тұруға тырыс, жәрдем сұрап, аяушылық тілеу жағымсыз әдет.
– Ішім қатты соғылды ғой, – деп, атасына бір адым жақындады.
– Білем оңбай жығылдың. Сен айқайлауға кеткен күшіңді орныңнан 
тұруға жұмсауың керек еді. Ауырды ма, сен шыда, қазір басылады деп 
көңіл бөлмей қойсаң, ауырғаны тыйылады. Әйтпесе ауру деген қу бола-
ды, істегеніне көніп еркелетсең, орныңнан қозғалтпай қояды. Сондықтан, 
жығылдың ба, тезірек тұруға тырыс, түсіндің бе?
– Түсіндім.
– Түсінгенің жақсы. Кәне, мына төсектің шетіне маған жақынырақ отыр 
да, үйде неге қатты жүгіргеніңді айтып бергін.
– Мен сиқырланған сарайдан ханшаны атпен алып қаштым емес пе? – 


90
дегенде мен күліп жібердім. Атам маған жалт қарап, қолын көтеріп, қабағын 
түйді.
– Ханшаның керегі не? – деді атасы.
– Неге керегі жоқ, – деп таңданды Ержан. – Мен оған үйленем. Екеуміз 
кубик ойнаймыз. Балаларымыз да бізбен бірге ойнайды, – деп түсіндірді.
– Е-е, онда мен шөбере сүйіп, баба болады екенмін ғой. Бірақ, есіңде 
болсын, ханның қыздарының қолынан ештеңе келмейді. Ханшалар ас істеп, 
кір жуып, үй тазалап үйренбеген. Ал жиналмаған былғаныш үйде мен жат-
паймын, саған менсіз тұруға тура келеді.
– Ата, бәрін өзім істеймін. Сарайдың іші жарқырап тұрады.
– А-а, сонда сен хан сарайында тұрмақшысың ба? Бізсіз, жалғыз өзің?
– Жоғ-а, жұрттың бәрі тұрады сарайда бөлме көп. Біреуін сізге бе-
ремін.
– Оныңа үлкен рақмет. Алайда үйдің бар шаруасын бір өзің мойныңа 
алма, ханшаға да жұмыс істеткін.
– Өзіңіз ештеңе істей алмайды дедіңіз ғой.
– Істей алмаса үйретеміз, қайта тәрбиелеп, адам қатарына қосамыз, – 
деді атасы нық дауыспен Ержанды сендіріп.
Көңілі орнына түскен Ержан:
– Ата, мен әлгі сарайға тағы бір шауып барып келейін, – деді.
– Неге? – деді таңданған атасы.
– Ол сарайда қазына деген үйіліп жатыр. Алтын, күміс, хрусталь – бәрі 
бар, содан әкелмеймін бе?
– Нағыз азаматтар оған пысқырып қарамайды. Алтын үшін басыңды 
қатерге тікпе, ол – батырлық емес, ашкөздік. Саған керегі не сол 
алтынның?
– Мен оны әкеліп, өзіміздің адамдарға, кедейлерге бөліп берем, – деп, 
Ержанның жеңілгісі келмеді.
– Сенің садақаңды жұрт қабылдайды деп ойлайсың ба? Біздің адамда-
рымыз көлденең олжаға қызықпайды, қымбат нәрсені өз қолдарымен адал 
тер төгіп, өздері жасап алады. Содан кейін біздің елімізде кедей жоқ. Кісі 
қолына қарап қайыр сұрап, шағынып жүретіндер – олар керенау жалқаулар, 
еңбек еткісі келмей жеңіл өмір сүргісі келетін арамтамақтар. Түсіндің бе?
– Түсіндім. Ханша да жұмыс істемейді, мен оған үйленбеймін, – деп, 
Ерекең бас тартып шыға келді.


91
– Мәссаған, керек болса? Әй, сен сөзіңде тұрмайтын тұрақсыз болдың 
ғой.
– Ханша зілдей шығар, одан да Жанатқа үйленейін. Ол кіп-кішкентай.
– Түк түсінсем бұйырмасын, – деп атасы иығын қозғады.
– Кеше төртінші қабатта тұратын Славканың мұрты бар ағасы лента 
байлап, алдына қуыршақ отырғызған әйбат машинамен келді. Ақ көйлек, 
басына вата киген тәтені көтеріп алды. Көтеріп алып, төртінші қабатқа 
жаяу кетті. Кө-ө-п кісілер шулап өлең айтты. Славканың ағасы қызарып 
ұялғанынан мұрнын тартты. Сіз естімедіңіз бе?
– Біріншіден, мен үйде жатқан адаммын, ештеңе естімедім. Екіншіден, 
басына вата кимейді, фата киеді. Үшіншіден, бұның бәрінің саған қанша 
қатысы бар?
– Неге қатысы жоқ! Славканың мұрты бар ағасы менен қанша үлкен. 
Мын-а-ндай! Ол тәтені әрең көтерді. Мен жетінші қабатқа зілдей хан-
шаны қалай алып шығамын? Қиын шығар, көтере алмай тастап жіберсем 
қайтем?
– Оның рас, бұл оңай шаруа емес. Бірақ жақсы досты салмағына қарап 
таңдамайды. Дегенмен сен осы бастан күш жина. Ертеңгілікте, мамаң 
оятқан кезде, созылып жатып алмай ұшып тұр. Төсегіңді жина, жаттығу 
жаса. Салқын сумен жуынып, тісіңді тазартуды ұмытпа. Содан кейін 
дастарқан басына көңілді келіп отырып тамағыңды іш, алдыңа қойғанды 
тауысып жегін.
– Өзіңіз неге тамақты аз ішесіз – деп, атасының кемшілігін есіне 
түсірді.
– Мен шалмын, өспеймін. Ал сен сағат сайын өсіп жатқан баласың. 
Саған асты мол-мол ішу керек, әйтпесе өспей қаласың. Ақылың да аз бо-
лады. Ең бастысы айтқанға көніп, ата-анаңды тыңдағын. Үлкен-кішіні 
сыйлап, мектепке барғанда жақсы оқып тер шығарсаң, қайратты, ақылды, 
сұлу жігіт болып өсесің. Ондай азаматтар Отанға, халыққа өте керек екенін 
ешқашан ұмытпағын, – деді атасы.
***
Мен Бақытжанның бөлмесінен атқып шығып, есігі ашық тұрған 
атамның кабинетіне бір-ақ аттап кіріп кеттім. Оқыс жүрісімді білдірмеуге 


92
тырысып лып етіп креслоға отыра қалдым. Атам кітап оқып жатыр екен, 
көзәйнегінің үстінен сүзе қарап:
– Қуып шықты ма?– деді баяу үнмен.
– Иә,– дедім. Жасыр, жасырма, жаңағы арбаңдаған жүрісімнен бірдеңені 
сезіп жатыр.
– Ы-ым, – деді де, көзәйнегін көтеріп қойып, кітабына қайтадан үңілді, 
керек болса «неге» деп те сұраған жоқ. Атам «ерлі-зайыптының арасына 
есі кеткен түседі» және «екі кісі бейім тұрса, есті кісі кейін тұрадының» 
адамы. Бақытжан екеуміздің әдебиет, музыка, өнер жайындағы талай 
таластарымызға төреші болып, әділ де әдемі билігін айтып, араға кіріс-
кенмен, кәдімгі, отбасындағы бірді-екілі ерегісімізге ешқашан араласпай-
тын, дым сезбегендей сыңай танытатын. Сонысының өзімен, үнсіздігімен 
біздің тез тыйылып, жым болуымызға көмектесетін. Қазір де жұбайлардың 
арасындағы қара дүрсін қақтығысу деп ойлады білем, маған назар аудармай 
қойды.
Түсіндірмесем болмас, баласы екеуміздің бөлісе алмай жатқан ол-
жамыздың не екенін айтып бермекші болдым.
– Ата, Бақыт бір әңгіме жазған екен, соны оқып берейін деген соң қасына 
барып жазғанын аяғына дейін зер салып тыңдадым. Басты кейіпкері әйел 
адам екен, былай қараса көркі де, ақылы да бар. Әңгіменің тілі төгіліп тұр, 
бірақ ол кейіпкері әйелше сөйлемейді, тура Бақыттың өзі сияқты сөйлейді. 
«Мына кейіпкеріңнің психологиясы әйелге келмейді», – десем, «Мұрныңды 
неге тыржитасың, білгіш болсаң өзің жаз» деп, айтайын деген дәлелдерімді 
тыңдамай, әңгімесін маған қарай лақтырып жіберді. Ашуы басылғанша 
көзіне түскім келмей, сіздің қасыңызға келдім, – дедім болған жағдайды 
жасырмай айтып.
– Менің кабинетім Бақыттан қорғайтын қауіпсіз қамал болады деп 
ойлайсың ба? Ол мұнда да келеді қазір, – деді атам.
Мен ыңғайсызданып қалдым. Не шығып кетерімді, не отыра берерімді 
білмей қипақтай бастадым. Осы кезде есік ашылып, Бақыт бері шықты. 
Қолында – жаңағы маған лақтырған әңгімесі болу керек – бір уыс қағаз. 
Менің артымнан неге іле-шала шықпады, булықпай қалай отыр деп ой-
лап ем, сөйтсем шашылған қағазын жинастырған екен. Бір аяғы иілуге 
келмейтін адам қалай еңкейіп терді екен? Жаным ашып, өзін аяп кеттім. 
Алайда оның аяғысы келіп тұрған жоқ, тағы бір рет қолындағысын маған 
«сырғытуға» дайын.


93
– Шағынып үлгердің бе? – деп, бері қарай жақындағанда, мен атама 
қарадым.
– Шағынған жоқ, баяндады, – деді атам мені ақтай сөйлеп.
– Өзі жаза алмайды, біреудің жазғанына сын айтқанда, керекке алғысыз 
етеді. Өзі жазсын, мен тыңдап көрейін, қалай болады екен, көреміз сонда. 
Мен енді ештеңе жазбаймын, қойдым қалам ұстағанды. Тер төгіп, жаңа 
бітірген дүниеңді машинкадан шықпай жатып талқанын шығартқанша, 
жылы тон киіп, түнгі қарауыл болғаным мың есе артық, – деді Бақыт әлі 
түрегеп тұрған қалпы.
Атам кекесінмен мырс етті де:
– Қарауыл болу қолыңнан келмейді, – деді.
– Неге қолымнан келмейді екен?
– Күзетші болу үшін сергек бас, ширақ дене керек, сен ұйқышыл 
жалқаусың. Бірінші түні-ақ жылы тонға оранып, пырылдап ұйықтап 
отырғаныңда қару мен тоннан айырылып масқара боласың. Сонда санаң 
болса, ұялғаннан сары суық сыртыңа шығады. Бұл – бір. Екіншіден, бос 
жатқан күзетшінің орны жоқ, әркімнің өз орны өзінде. Үшіншіден, біреудің 
орнына сұқтанатындар – не бағы тайған бейбақтар, не қызғаншақ, күншіл 
адамдар, – деді атам. Баласы сәл бөгеліңкіреп қалды. Әкесінің әр кез аяусыз 
тиетін «оқтары» оңдырмай жатса да, маған есесін жібергісі жоқ.
– Мүмкін, сенің айтқаның дұрыс та шығар, бірақ мынау қайдан біледі 
менің геройларымның психологиясын? Оларды жасайтын, кеудесіне жан 
салатын өзім, қалай көрсеткім келсе де қақым бар. Мен автормын. Мүмкін, 
мен оларды өзіме жақын етіп жазғым келетін шығар, ал бұл болса, «ондай 
болмайды» деп пұшық мұрнын шүйіреді.
– Вот как? – деп, атам маңдайына көтеріп қойған көзілдірігін жұлып 
алды. – В боги метишь? Вот тебе герои и мстят. Кейіпкерлеріңнің саған 
ұқсағысы келмесе қайтесің? Қораға айдап тыққан қойдай топырлатып 
өзіңнің қалыбыңа сыйғызғың келеді. Сен өзің үшін емес, оқырманға ар-
нап жазасың. Зейнеп – сенің алғашқы оқырманың, әрі бірінші сыншың. 
«Көлденең көз көреген келеді» дегенді ұмытпағын, – деді атам. Баласының 
төбемді оярдай болып тұрған екпінін басып-ақ тастады. Атам тарапынан 
үлкен қолдау тапқан соң менің де тілім шықты.
– Сенің кейіпкеріңнің іс-әрекеті, сөзі мен сезімі, тіпті қозғалысы әйелге 
келмейді. Мен әйел адаммын, маған көрініп тұр, – дедім.


94
Жел үрлеген оттай жұбайым қайта көтерілді.
– Охо-хо! Қандай керемет пікір десеңізші?! Сен әйел емессің, сайтанның 
сапалағысың, – деді.
Мен атама жалт қарадым. Мұртының бір жақ шеті жыбырлап, күлкісі 
келсе де, күлген жоқ. Менің көңіліме келер деп өзін ұстаған сияқты. Оған 
ренжігелі отырған мен жоқ, Бақыттың қай сөзді қандай әуенмен құбылтып 
айтатынына қанықпын. «Сайтанның сапалағы» дегенін «айналайын» 
көріп, үндемей қойдым. Бір жағынан, Бақытжанның быжылдайтыны да 
жөн. Кім баласын жаман дейді, «өзінікі өзіне, ай көрінер көзіне» дегендей, 
жазушының шығармасы іштен шыққан перзенті секілді.
– Мен сенің әңгімеңді оқығаным жоқ, – деді атам темекісіне қол созып,– 
не туралы екенін білмеймін. Оқымастан пәлен деп пікір айтпаймын. Бірақ 
әйел адамның қат-қабат психологиясын ер кісіден гөрі әйел біледі дегенге 
қосыламын. Бұл жөнінде өзгеге сенбесең де, маған сенгін. Талай рет білдім 
десем де, аузым күйген адаммын, – деп, үйде бізден басқа ешкім жоқ болса 
да жан-жағына одырая қарап қойды.
– Мысалы, – деді сөзін жалғастырып, – әйелдердің қарапайым шаруа-
сы нан илеудің технологиясын жақсы білесің бе? Нүкте, үтіріне дейін жат-
тап алған күннің өзінде нан илеу кезіндегі әйелдің қозғалыс-қимылын ер 
адам істей алмайды, басқаша шығады. Немесе Ержикті қанша мейірленіп 
өпсең де – сендегі әкелік сезім. Ана болу бақытын, рақатын сен Зейнеп-
тей сезіне алмайсың. Сендер – еркек жазушылар қанша «Аһ, уһ!» деп, сөзді 
оңдырмай төккендеріңмен ананың түйсінгенін, ой-сезім қатпарларын бере 
алмайсыңдар. Сондықтан бір мезгіл қасыңдағы жарыңнан білмегеніңді 
сұрауға арланбағын. «Мынаны сен қалай ойлар едің, нендей шешімге келер 
едің?» деп ақылдасудан ұтпасаң, ұтылмайсың, – деді атам.
– Құдай сақтасын! Сенің келініңнен бір ауыз сөз сұрасаң, сөз селінің 
астында қаласың. Я поражаюсь, как в такой маленькой голове вмещается 
столько чепухи! – деді Бақытжан.
– Тіл мен жағына сүйенуге келгенде сенен өткен көк езу мылжың жоқ, – 
деді атам.
– Әкенің алдына баласының түскені жараспайды, папа, – деп енді мені 
қойып әкесін жағалады. Атам, тегі, шыдай алмаса керек, ақыры күліп жі-
берді. Қызыл сөзден баласының тосыла қоймасын біліп, осыны сөйлете 
бермей құтылайын деді ме:


95
– Әкелгін жазғаныңды, енді мен оқып көрейін, – деді. 
Бақыт бағанадан бері ұстап отырған әңгімесін беріп, кетейік дегендей 
маған ымдады. Біз есікті ақырын жауып, бері шықтық.
Бақытжан кейін өзінің көлемді шығармасы – «Когда ты рядом» деген 
романын жазды. Романның басты кейіпкері жас келіншек еді. Соны жазу 
үстінде біраз мәселелер жөнінде ақылдасып, пікір сұрап отырды. Әрине, 
менімен бастан-аяқ келісті дей алмаймын, келіссін де демеймін. Шығармасы 
үшін «толғатып», ұйқысыз түндерін өткізетін – автор. «Күзетші болам, 
тон береді» деп, мені қуып шықпағанмен, тісін талай шықырлатты. Де-
генмен атамның баяғыдағы әңгімесін зердесіне түйіп, орынды жерінде 
пайдаланғанын анық білем.
***
Атамның кабинетінде, аса көрнекті жерде, қазақтың ұмытылмас 
ұлы перзентінің үлкен портреті ілулі тұратын. Ол кісінің сәл күлімсірей 
қарап қалған парасатты жанарынан жан-жағына бір жылы сәуле таралып, 
жүрегіңді мейірімге бөлегендей сезілетін. Атам сол суретке жиі қадала 
қарайтынын байқап жүрдім. Сонда, бір тұтам тіршілікте айта алмаған, жет-
кізе алмаған ойларын үнсіз ақтарып, сырласып жатқан жоқ па екен деп те 
қалатынмын.
Бұл керемет портретті атамның алпыс жасқа толу тойына Мұхтар 
Әуезов атындағы Қазақтың Академиялық драма театрының ұжымы сыйға 
тартып еді. Содан бері көзге бірден түсетін орында тұр. Атамның кабинетіне 
қарай келе жатқан адам алдымен Мұхтар Әуезовтің бейнесін көріп, содан 
кейін бөлменің сол жақ қанатындағы төсекте жататын атама сәлемдеседі.
...Ол күні атам екеуміз хаттарды реттедік. Басында әдейі жөндеп, 
жүйелейміз деген жоқ едік. Ғұлама ғалым, академик Әлкей Марғұланның бір 
хатын атам іздеп таба алмай, мүмкін көпшілік хаттар сақталатын сандыққа 
түсіп кетті ме деп, соны ақтартты. Ақыры қопара араластырған соң біржо-
ла алфавитке бөліп, іздегенде оңай табылатындай тәртіпке келтірдік. Осы 
жұмыс үстінде атам басқарып, жөн сілтеп, мен тек орындаушы болдым. Ер-
жан біздің қасымызда өзімен-өзі ойыншықтармен ойнап отырған. Бір кезде 
атасына қызық сұрақ қойды.
– Ата, ана кісі сіздің папаңыз ба? – деп, Әуезовтің суретін көрсетті. 


96
Бақытжанның бөлмесіндегі атам мен мамамның суреттеріне қарап, әке-
шешенің суреттерін қабырғаға іледі деп ойлайтын болу керек.
Атам Ержанға жотасын бере отырып еді, мойнын бұрып:
– Кімді айтасың? – Немересінің шошайған саусағының нені нысанаға 
алғанын көріп, күліп жіберді.
– Ол – ұлы адам. Өте үлкен жазушы, – деп түсіндіре бастағанда, Ержан 
балаға тән шыдамсыздықпен сөзді бөліп жіберді.
– Е-е, ол да Момышұлы екен ғой.
– Неге Момышұлы болады? – Атамның қасы жоғары көтеріліп, 
қолындағы екі-үш хатты үстел үстіне тастай салды.
– Ешқандай Момышұлы емес. Ол – Мұхтар Әуезов, – деді.
– Өзіңіз ұлы дедіңіз ғой. Ұлы болса ол да Момышұлы болады, – деп, 
Ержан өз жорамалын айтып қояр емес.
Атам таңдана басын шайқап, немересіне ұқтыруға кірісті.
– Ереке, ең алдымен осы кезге дейін бұл кісінің аты-жөнін білмегенің 
ұят екен. Оған әке-шешең кінәлі. Содан кейін Момышұлы деген Момыштың 
баласы деген сөз. Ал Мұхтар Әуезовке қосып айтылатын «ұлы» басқа 
мағынаны білдіреді. Өте ақылды, көп білетін білімді, мейірімді, кеңпейіл, 
күн сияқты жарық тарататын адамды айтады, – деп тоқтап қалды.
Бес жасқа толмаған баланың санасына бірдеңе жеткіздім бе, түсінді ме 
дегендей немересіне сынай қарады. Ержан үндемей көзін жыпылықтатып, 
атасына жақындай түсті. Шамасы, атасынан естіген ұғымдардың, бірдей 
айтылатын екі сөздің басқа-басқа мағына беретінін кішкентай басына 
сыйғыза алмай жатқан болу керек.
– Неге екі ұлы бірге емес? – деп, әрі қарай анықтағысы келді.
– Ержан, дегенмен сен барып тұрған мақтаншақсың. Мен саған қазір 
ғана түсіндірдім. Бірақ жақсының бәрін өзімізге тарта жапсырғың келіп 
тұрады, – деп, атасы сынап тастады.
– Мақтаншақ дей бересіз ғой. Мақтаншақ емеспін. Шынымен ұлы де-
генді білмедім. Енді ешкімді ренжітпейтін, ұрыспайтын, ақылы көп, шар-
шамайтын, тіл алғыш Мұхтар ата екенін білдім, – дегенде мен күліп жібер-
дім.
Ержан ата сөзінен не ұққанын бізге қайтадан түсіндіріп шықты.
– Несі бар? – деді атасы. – Осыған да рақмет. Есейген сайын терең біліп 
ақылмен танитын боласың.


97
– Жарайды, ата, сөйтемін. – Ержан «уәдесін» беріп, ойыншықтарына 
қайта кірісті.
– Не проблема шешіп жатырсыңдар? – деп, қасымызға Бақытжан келді.
Мен атамнан бұрын сөйлей қоймадым, ол кісі баласына әлгіндегі 
әңгімені жақсылап айтып, Бақытжанды біраз күлдіріп алды да:
– Мұқаңды менің әкем дегенінің, бір жағынан, жаны бар. Мен Мұхтар 
ағаны шынымен рухани әке көруші едім.
Оны жұртқа жар салып жария еткен жоқпын. Бұндай нәрсе әр адамның 
өзінің жүрек қалтасында жататын қымбат құпиясы, өзіне мәлім адал сыры 
болса керек-ті. – Атам баласы екеумізге алма-кезек көз тастап, темекісіне 
қол созды.
Бақыт жақсылап жайғасқан, бір ұзақ әңгімені күткендей әкесіне пейіл-
дене қарайды. Мен ғой болса-болмаса бұл жерден қазір кете қоймаймын, 
қолым жұмыс істегенмен, құлағым бос, не айтса да тыңдауға даяр.
– Мұқаңды соғыстан бұрын тек сырттай білетінмін, – деп бастады атам 
сөзін. – Кейін майданда жүргенімде «Абай» романының алғашқы томын өзі 
жіберді туған елден. Мұқаңнан келген бұл сәлемдемеге қатты толқыдым. 
Даламның жусан аңқыған жұпар иісін сезіп, қыран қанатының сусы-
лын естігендей болдым. Домбыраның сырлы сазымен аспандата шырқай 
салған елімнің әні құлағыма жеткендей кеудемді сағыныш толқыны кернеп 
бара жатты. Шақырусыз келген қанқұйлы жаудың қасиетті жеріме салған 
ойранының ортасында, сәт сайын көз жұмған жолдастарыңнан мәңгіге 
айырылып, жүрегіңе кек қатқан оттың ішінде менің әлгі әсерім сендерге 
түсініксіз болуы мүмкін. Бірақ бұл – шындық. Снаряд жарылмайтын, 
қым-ғуытсыз, өлімсіз, өртсіз, бейбіт оттың басында отырып, қарттардың 
тәлімді сөзін тыңдағым келді. Ақ кимешекті әженің тарамыс қолын аялай 
сипап, әжімді жүзінен сүюді аңсадым. Жоқ, бұл кітап мені Отан мен халық 
алдындағы жауынгерлік борыш, міндетімнен ешбір алаңдатпады. Жігер 
берді, қайратыма қайрат қосып, дұшпанға деген өшпенділігімді өршіте 
түсті. Өйткені фашистер күлкі ойнаған жүзімізді жауып, соқаның орнына 
қару ұстауға мәжбүр етті. Елімнің ішінде еркін жүру мүмкіндігімнен айыр-
ды. – Атам өшкен темекісіне бір қарап тістеніп сәл отырды. Осылар менің 
не айтпақ болғанымды шамалап отыр ма екен дегендей бізге қарады. Бақыт 
креслоның жақтауына, алақанымен жағын сүйеп, ұйып отыр. Атам сөзін 
басалқы үнмен қайта жалғап әкетті.


98
– Мен Мұқаңа көлемді хат жаздым. Бірақ жаңағы сендерге айтқан әсерім 
жайлы емес, тікелей кітапқа қатысты ой-пікірімді ашық айтып жаздым. Көп 
кешікпей өте жылы жауап хат алдым, содан былай хабарласуымыз үзілген 
жоқ. Ал жүзбе-жүз көрісіп танысқанымыз – 1943 жылдың желтоқсан айының 
аяғы. Мен госпитальдан шығып, Алматыға демалысқа келгенімде ақ ниетін 
білдіріп, құшақ жая алдымнан шығып қарсы алды.
Кездескеннен кейінгі жерде жақын араласып, ақтарыла сырласып кет-
тік. Мен Алматыдағы демалысымды пайдаланып, майданда ұрыс арасын-
да жазғандарымды, бөлек-бөлек дәптерлерімді ретке келтіріп, жөндемекші 
болдым. Бұның өзі оңайға түспеді, бәрін жүректен қайтадан өткізіп, бас-
тан кешіруге тура келді. Орталық Комитет менің алаңдамай оңаша жұмыс 
істеуіме жағдай туғызды, арнайы кабинет бөлді. Бір күні маған Мұқаң кел-
ді. Үстелдің үстінде жайылып жатқан қағаз, дәптерлер, карталар. Әсіресе 
Мұқаңның баса назар аударғаны дастарқандай екі үлкен сызба. 
– Мыналарды өзің сыздың ба? – дейді жұмсақ үнмен.
– Иә, Мұқа, карталарымды тек өзім сызамын. (Атам, шынында, шебер 
картограф болған. Соғыс кезінде өз қолымен сызып, қолын қойған бір топ 
картасы қазір үйде сақтаулы тұр).
– Япырай, мына бір сызықтарың түзу ұшқан жебедей тартылған, ал мына 
біреулерің өрнек құсап доғалана түсіпті, – дейді. Осы кісі менің сызғаныма 
сеніңкіремей тұр ма деп, қолыма қарындашты алдым да:
– Мұқа, бері қараңыз, егер түзу сызықты сызғышсыз түсірмекші болған 
адам қарындашты абайлап, еппен жүргізе бастаса, міндетті түрде қисық-
қыңыр жебе шығады. Ондай жебе түзу ұшпайды, лағып кетеді, нысанаға 
дөп тимейді. Ал қолы дірілдемей сызықты батыл жүргізсе, міне, мынадай, – 
деп, қолымның шынтағын циркуль сияқты пайдаланып, қарындашты қағаз 
бетімен тартып қалдым. Іле-шала екіншісін қатар түсірдім. Мұқаң басын 
шайқап:
– Мынауың – ғажап түзу ғой. Сенің бұл жебең өзіңе ұқсайды, мен сенің 
мінезіңді көріп тұрмын. Табиғаты жуас адамнан мынандай түзу сызық шыға 
қоймас. Сызғыштың көмегіне сүйенбесе, иіліп-бүгіліп қалған майысқақ 
жебе шығады, – деді. Екеуміз де күліп жатырмыз. Әйтсе де біздің осы 
әзілімізде шындық бар еді. Я говорил как воин, он говорил как писатель. 
Мен Мұқаң қызыққан карталарға біраз түсінік бердім. Бұның бәрі әскери 
топографиялық тілмен түсірілген Панфилов дивизиясының жауынгерлік 


99
жолы, ұрыстардың әртүрлі кезеңіндегі шайқастардың болған жері, бағыты 
екенін айттым.
– Бұларыңды қашан бітірмексің? – деп сұрады Мұқаң, айтқандарымды 
зейін қоя тыңдап алған соң. Кездейсоқ ештеңе кезікпесе, келер аптаның 
аяғында тамамдайтынымды айттым. Содан не дейсің, Мұқаң келесі жетінің 
соңында тағы келді.
– Мен өткен жолы осында көрген-білгенімді Қаныш Сәтбаевқа 
түгел баяндадым. Сенің рұқсатыңсыз айтқаныма ренжіме. Бізге мына 
сызықтарыңның сырын айт, кеңірек түсіндір. Мұндағы жазушылар, 
ғалымдар, өнер қайраткерлері майдан жөнінде білетініміз, жазғанымыз – 
бір тоғыз да, білмейтініміз, жазбағанымыз – тоқсан тоғыз. Басы-қасында 
болып, өзің басқарған ұрыстардың барысын аузыңнан естудің маңызы 
зор. Отан соғысы тақырыбына қалам тартатындар үшін сенің әңгімең аса 
бағалы деректерді беретіні сөзсіз. Сондықтан келісіміңді бер, Қаныш та 
өтініп отыр, – деді.
Мен бас тартпадым, келістім. Екі күннен соң Академияның конференц-
залына іріктелген тыңдаушылар жиналды. Президент Қаныш Имантайұлы 
Сәтбаев алдымен мені таныстырды, кездесудің мақсатын, маңыздылығын 
айтып, қысқаша кіріспе сөз сөйлеп, кезекті маған берді. Қаныштың ақылды, 
терең ойлы білгір адам екенінде дау жоқ, бірақ оған да, маған да ой салып 
қозғау болған, осы жиынды ұйымдастырған Мұқаңның сезімтал зеректігі 
еді. Мұқаң болмаса менің отыз алты сағат лекциям болмас та, сақталмас та 
еді.
Қаныштың кіріспе сөзінен кейін сөз маған берілді дедім ғой, енді тізгін 
біржола қолыма тиіп, орнымнан тұрдым:
– Әңгімемізге кіріспес бұрын айтатын тақырыбымның жоспарымен сіз-
дерді таныстырамын. Оның өту барысындағы орындалуға тиіс шартымды 
қоса түсіндіре кетейін.
Бұл кездесуге майдан тақырыбына жазатындар ғана қатысуы керек; жай 
тыңдау үшін келгендердің мұнда отырып қажеті жоқ. Содан кейін, тәртіпті 
қатаң сақтап, уақытымен келіп, лекцияның соңына дейін төзе біліңіздер. 
Әңгімеміз бірнеше күнге созылады, сондықтан бір келіп, бір кетіп үзіп-
жұлып тыңдамай жүйелі түрде қатынасуларыңызды талап етемін. Лекция 
сағат он екіде басталып, бесте бітеді. Мен сіздерге сызылған сыпайы әңгіме 
айтамын деп уәде бермеймін. Иногда у меня будут проскальзывать блиндаж-


100
ные обороты речи. Менің қолымда арнайы жазылған конспектім жоқ. Мына 
көз алдарыңызда ілулі тұрған сызбалардың көмегімен еркін сөйлеймін. Егер 
артық айтсам, дөрекілікке санап, айыпқа бұйырмайсыздар, – деп бастадым 
да, әрі қарай лекцияның жоспарын айттым. Олар мыналар болатын: бірін-
ші – Ұрыс және оның психологиясы; екінші – Волоколам бағыты; үшінші – 
Зимняя компания 1942 года; төртінші – Жинақтау; бесінші – Қорытынды. 
Бұдан соң әрі қарай негізгі әңгімеге тікелей көштім, – деп, атам дамылдап, 
ашыған көженің суынан әкелуімді сұрады.
«Зимняя компания» деген қазақша қалай айтылады екен, «қысқы топ-
талу ма, қысқы шабуыл ма», қазір анықтап сұрап алайыншы деп, бір кесе 
көжені алып кірсем, атам қайтадан сөйлеп кетіпті, сұрақ қойып, ойын бөлгім 
келмеді.
– Бұрын аттарын тек сыртынан естіп жүрген ығай мен сығай жиналған 
екен. Өңшең ғалым, жазушы, өнер қайраткерлерінің алдында бірінші рет 
сөйледім. Аудитория мені сынап отыр, менің екі көзім оларда. Сөйлеп 
тұрмын, алғашқы сәт арбасып, арпалысып басталды. Мұқаң мені де, зал-
ды да бақылап, іштей мазасызданғаны байқалады. Өйткені даусым бірде 
бәсеңдеп, бірде көтеріліп, кейбір жерде мәдениетті қауымның құлағына 
жылы тимейтін қисықтау сөздер кетіп жатыр. Мұқаң бір жағынан маған се-
неді, бір жағынан бұл қылығыма түсінбей жалтақтап қарайды. Өстіп жарты 
сағат өткенде, жоғары қабаттан тағалы аттың тас көшемен шапқылағанын-
дай бір дыбыстар естіліп, мен лекциямды дереу тоқтаттым. Шамасы, жөндеу 
жұмысы басталған болу керек.
– Жолдас президент! – дедім Қанышқа салқын жүзбен. – Сіз сөзді 
маған бердіңіз бе, жоқ әлде аналарға ма? Жұмыскерлеріңізді тәртіпке
шақырмайынша, мен лекциямды тоқтатуға мәжбүрмін, – деп шығып кет-
тім.
Демнің арасында тыныштық қайта орнады. Әңгімені әрі жалғастырдым. 
Қатынасушылар өте ұқыпты тыңдаумен қоса, менің психологиялық ере-
желерімді жазып та отырды. Мұқаң мен Қаныш арнайы стенографистер 
шақырған екен. Олардың қолы-қолына жұқпай, аузымнан шыққанын лы-
пылдатып жазып жатыр. Сол түсірілген жазбалар қазір Академияның 
архивінде сақтаулы, көлемі екі томдай болады. Лекцияның екінші күні 
жиналғандардың ішінде кеше болмаған екі адамды байқадым да:
– Президент жолдас! Кеше менің көзіме түспеген екі адам отыр. Шар-


101
тымыз бойынша бастан аяқ қатысу еді ғой. Маған жолбикелердің керегі 
жоқ деп ескерткенмін. Олар кетпейінше, мен сөзімді бастамаймын, – деп, 
дәлізге беттедім.
Бері шығып, темекі тартып тұрғанымда Мұқаң қасыма келіп:
– Жүр, Бауыржан, бәрі реттелді, сені күтіп отырмыз. Жаңағының біреуі 
профессор, біреуі белгілі өнер қайраткері, – деп, екеуінің аты-жөнін айтты.
– Кім болса ол болсын, басында айтылған, келіскен шарт, тәртіпке 
бағынулары керек, – дедім.
– Кешегі бастамаң, бүгінгі жалғастыруың көпке ұнап, айтқаныңды аса 
зейінмен қағып алып отыр. Сен кішкене қызбалыққа тұсау сала көрші,– деп, 
Мұқаң өтіне қарады.
– Жарайды, Мұқа, абайлайын. Бірақ тағы бірдеңе кезіге қалса, үндемей 
қалам деп уәде бере алмаймын, – дедім. Содан не дейсің, лекцияның ара-
арасында ұсақ қақтығыстар болғанмен, негізінен кездесу-әңгімеміз жақсы 
өтіп жатты. Күнде Мұқаң мені шығарып салып, жол-жөнекей сөйлесеміз. 
Ол кісі менің кей кезде қатуланып, кейде сыбырлап, кейде айқайлап кететін 
мінезіме парасатты адамға тән әдеппен мен қарсы дауласа алмастай пікір-
лерін білдіріп отырды. Мұқаңның зерделі, орынды ескертпелерін құп алып, 
келесі күні лекцияларымды оңдап, көпшілікпен санаса жүргізуге тырыс-
тым. Бірақ Мұқаң мені шідерлеп, тізгіндеген жоқ. Ақылгөйім, жетекшім 
болып, ағалық қамқорлығын таза ниетпен көрсетті. – Атам осы жерге келіп 
әңгімесін бір түйгендей болып үндемей қалды.
– Әй, балам! – деді оқыстан маған жалт қарап. – Шаруаңды бітірдің бе, 
жоқ, әңгімеге алақтап қолың жаңылды ма?
«Келін кейін отырады, көтерілуге бейім отырады» дегенді үлкен әже-
лерден талай естіп едім. Естісем де естен шыққан-ау, қақ төрде алашаның 
үстіне бір тізерлей орнығып алып отыра беріппін. Абырой болғанда істеп 
жатқан жұмысым аяқталған еді, хат салған сандықты көтере-мөтере 
бөлмеден шыға жөнелдім.
Атамның Мұхтар Әуезов хақында айтқаны күні бойы ойыма орала 
берді. Жақсы шығарманың беташары секілденді де тұрды. Ана бір күні 
атам «Люди и встречи» деп аталатын көлемді папканы ақтарып отырғанда
«Ілияс Омаров», «Мұхтар Әуезов», «Белгібай ақын», «Күләш» деген сыр-
тында жазуы бар дәптерлерді көзім шалып еді. Соған қарағанда Мұхтар ата 
жайында қағазға түскен бір нәрсе болуы мүмкін, орайы келгенде анығын 
сұрап білейінші деп, өзімше іштей жоспарладым.


102
Бұл ойымның сәті сол күні кешке түсе кетті. Ержанды ұйықтатып, бері 
шықсам, Бақыттың даусы атамның бөлмесінен естіледі, қашан кіргенін 
байқамаппын. Әйтеуір, «шаршадым, шаршадым» деп шағынып жатыр.
Ол осыдан үш күн бұрын бір аударманы тамамдап, иесіне тапсырған 
болатын. Содан бері қағаз атаулыдан жүрегі май ішкендей шайлығып, 
қарағысы келмей, керек болса, күнделікті газеттерге көз салмады. Өзінің 
төл туындысын жазғанда шаршамайды, ал кісінің ісін бітіргенде оңбай 
қалжырайды. Қанша айтқанмен, бөтен автордың ойын, сөзін басқа тілде 
оның өзінікіндей етіп оқырманға жеткізу жеңіл тірлік емес көрінеді.
– Қағаздың шаршататыны өз алдына, бұның адамды қорқытып, 
қинайтыны тағы бар, – деп жатыр екен атам мен кіргенде. – Әсіресе жа-
уапкершілігі үлкен тақырыптарға, күрделі образдарға барғанда, әбден 
миыңда пісіп, өзіңді жан-жақты толғантпаса, қағаз сені беттетпейді. Егер 
қайнауы кем, шикі болды ма, қанша кеуделесең де, қағаздың қарсылығына 
кезігесің.
Бақытжан дереу әкесінің сөзін іліп әкетті.
– Әрине, папа, оған таласым жоқ. Бірақ кейде енді қайтып қағазға біржо-
ла қарамаспын, қолыма алмаспын деп жеріп шығасың да, біраздан соң қалай 
кірісіп кеткеніңді өзің білмей қаласың. Олай болса, қағаздың қарсылығымен 
қоса тарту қасиеті де күшті емес пе? Меніңше, творчествоның қызығы мен 
қиындығы осындай қарама-қарсы қайшылықты процесінде шығар, – деді 
Бақыт.
Атам мақұлдай басын изеп, темекі тұтата бастады. Бағанағы сұрап 
білейін дегенімнің ыңғайы келгендей көрініп сөзге араластым.
– Ата, Әуезов туралы жазасыз ба? – дедім. Атам темекісін тістеген күйі 
біраз үндемей отырды да:
– Шынымды айтсам, Мұқаңмен кездесу, арадағы әңгімелеріміздің 
желісін, жалпы алғанда, ол кісінің жаратылысын өзім қалай түсінгенім 
жөнінде біршама ойларымды қағазға түсіріп, жоспарын жасап қойғам. 
Алайда жалаң факті – жарты іс, оны лайықты бере білу керек. Әсілі, өмірдің 
кез келген фактісі тарихтан орын алмайды.
Ал Мұқаң секілді дара тұлғалар туралы сөз қозғап, ой толғарда ең 
бірінші: «Осы кісіні жазуға моральдық қақым бар ма? Оның алдында арым 
таза ма?» – деген сұрақты қою керек. Бұл – образға барар жолдағы естен 
шығармайтын шарттың бірі ғана. Содан кейін, жазғалы отырған үлкен 


103
адамның биік идеясы мен терең сезіміне өзің сәйкес келесің бе? Оның мас-
штабына үйлесе аласың ба? Егер осыған адал жауап таба алсаң, онда бас-
та. Но и здесь ты обязан о большом писать крупно, о великом – высоко. 
Сол адаммен бірге болған кездеріңнің есіңде қалған, санаңда сақталған іс-
әрекеттерін айтқанда, ұсақ-түйек пендешілікті лақтырып тастау керек. Ұлы 
адамдар туралы майдалықты халық қаламайды. Сәті түсіп бірге отырып же-
ген қазы-қартаң мен ішкен коньягіңнің оқырманға керегі жоқ. Ол адамның 
күнделікті тіршілігіндегі кішкентай әлсіздігін, сәтсіздігін көпсітпе, көзің 
сондайын ғана көрген болса, жазба, үндеме. Қайсыбіреуді мансап пен атаққа 
ие болу мақсаты жан тапқызбайды, ең болмағанда, даңқы барды жағалап, 
паналағысы келеді. Өзін оған жақын етіп көрсетуге, сенімдісі, сүйіктісі едім 
деп сендіруге күш салады. «Пәленше-екең екеуміз сөйткенде, мен былай 
айттым. Мен солай істедім» деп, үлкен адам арқылы өз «менін» көрсетпек 
болып алға өңмеңдейді. Өзін суреттеп шіренгенде, бой-бойы қақырап шыға 
келеді. Ой-түйсігінің жазып отырған адамынан әлдеқайда кем, төмен соғып 
жатқанына мән бермей күшеніп, ісіп-кеуіп, күлкілі халге жетеді.
Ең өкініштісі сол, атын қастерлеп өтер адамның төрдегі басын есікке 
сүйрейтінін түсінбей, өзінің тоғышар немесе ұсақ қалыбына сыйғызбақ 
болады. Ергежейлі сезім алып туралы әділ сөз айта алмайды, ол жайдақ 
төмпешікті көрер, ал күн сүйген шыңды көрмейді. Бірақ бұл пәстігін өлсе 
де мойындамайды.
Кейбіреу шындықты жаздым деп көр – жерді қоңырсытып сөз тізеді. 
Шындықтың да шындығы бар емес пе? Елге керек, ұрпаққа өсиет, тәлім бо-
лар, мұра болар категориясын көрсетпестен әдеттегі күйбеңнен аса алмаған 
сұйық шындықтың кімге керегі бар? Ұлы адамды жазсам атым шығады деу 
ақымақтың ойы. Бұл өмірде кіммен кім кездеспей жатыр, дәмдес-тұздас 
болғанның өзінде бәрін тізіп жазу міндет емес.
Әрине, жазба деп ешкімге тыйым салуға болмайды, жазсын, айтсын. 
Бірақ ақ қағаз бәрін көтере бермейді. Қай жағынан келіп, қай қырын көрсетіп 
ұқтырмақсың, жұртқа белгісіз өнегелі несін айтпақсың, міне, осының бәрін 
саралап, салмақтап барып жаз. Кішкентай нәрсенің өзін үлкен азаматтық 
деңгейге көтере білсең нұр үстіне нұр. Ал «өзі жоқтың көзі жоққа» салсаң, 
сол адамның қасиетін қастерлеген халық сені кешірмейді. Да, памяти быва-
ет еще больней, чем при жизни, потому что она уже принадлежит народу, а 
кто пытается унизить народную память и любовь, тот преступен, жалок и 


104
подл, понятно?! – Атам тура алдында қылмыскер отырғандай бізді көзімен 
кезек атып, соңғы сөзін қатты айтып қалды.
Мен әлгі сұрақты сұрағаныма өкіндім, мұншалық әсер етіп толқытады 
деген ойымда болсашы. Өзім бұрын естімеген, білмеген осы сөздерді тал-
мап бойға сіңіру үшін де маған уақыт керек деп ойлап, үндемей төмен қарап 
кеттім.
– Өз басым (дегенмен даусы баяулады) Мұхтар Әуезовті қанша рет 
қайталап оқыдым. Оқыған сайын жаңа көкжиектер мен тың алқаптарға 
кезігіп, қайран қаламын. Қайран қаламын да оның биіктігі мен тереңдігін, 
айдындай кең парасатты табиғатын жете білу оңай емес деген қорытындыға 
келем. Сондықтан дәм бұйырып, Мұқаң жайлы естелік жаза қалсам, өзім 
жақсы түсінген тек бір қырын ғана айтуға тырысамын. Міне, балам, халық 
жүрегіне басылған асыл бейнелерді жазудың жоғарыдағы мен айтқан мін-
дет-жауапкершіліктерінің салмағы тым ауыр.
– Мен аздап білемін, өзіңді қалай азаптайтыныңды, – деді Бақытжан 
әкесінің үндемей қалғанын пайдаланып.
– Қандай азап? – Атам қасын кере таңырқай қарады.
– Біреу туралы, анығырақ айтқанда, үлкен фигураны жазғанда жаныңды 
аямай қинайтыныңды алпыс бірінші жылы көргенмін.
– Ол не? Есімде жоқ, – деді атам.
– Қазір есіңе түсірейін: алпыс бірінші жылы сәуір айының аяқ шенін-
де таудағы демалыс үйінен телефон шалып, «тез жет» деп бұйырдың. Мен 
көп кешікпей таксилетіп тауға келдім. Соның алдында өткінші жаңбыр 
селдетіп өткен болатын. Қаладан аулағырақ ауасы таза тау іші жаңағы 
жаңбырдан кейін одан әрі ғажап бір мөлдір күйге енген екен. Демалушылар 
бірден екіден рақаттана серуендеп бой жазып жүр, олай-бұлай қараймын, 
көрінбейсің.
Содан бас корпустағы нөміріңді іздеп тауып, есігіңді ашқанымда, кіре 
берісте еріксіз бөгелдім. Диванның бір жақ шетінде басыңды шалқайта 
көзіңді жұмып отыр екенсің.
Айналаң толған кітап пен қағаз, ең аяғы орындықтың үстінде бос орын 
қалмапты. Менің сәлемімді алып, «балконды аш» дедің. Далада бейқам, 
жайбарақат демалып жүргендерге көзім тағы түскенде сонша қағаздың 
арасында, қапырық бөлмеде тұтқындалып ұйпа-тұйпаңның шыққанына 
түсінбедім. Сөйтсем, Рабиндранат Тагордың жүз жылдығын атап өтуге 


105
арналған салтанатты жиналысқа баяндама жасау тапсырылыпты да, соны 
жазып бітіріпсің. Машинкада он беттен аз ғана асатын нәрсе үшін жиырма 
екі кітап оқығаныңды естігенде мұндай таңғалмаспын, – деді Бақытжан.
– Балам, оның таңғалатын ерекше ештеңесі жоқ. Әрине, ана кітаптан, 
мына кітаптан бір жұлып, Тагордың қысқаша өмірбаянымен танысып, 
оның кітаптарына жазылған алғы сөздерді оқып, өзіме де, тыңдаушыға 
да дым бермейтін әсерсіз, құрғақ бірдеңені қиюластыру қиын емес еді. 
Мен бұрын Тагордың бірлі-жарым әңгімелерін оқығаным болмаса, оның 
творчествосымен таныс емес едім. Сол баяндаманы дайындау үстінде 
Үнді халқының кемеңгер перзенті, әлем әдебиетінің бел ортасында орны 
бар ойшыл жазушыны өзіме жаңа ашқандай болдым. Оның өмір жолын, 
ғаламат талантының өсу сатыларын, Отаны үшін жанкешті қызмет етіп, 
тек өз халқына емес, бүкіл әдебиет қадірлер адам баласына қыруар мұра 
қалдырғанын ұқтым. Тагордың философиясын, мінез-құлқын, ұстаған 
бағытынан мағлұмат алдым. Бірақ жан-жақты жете меңгеру мүмкін емес. 
Өйткені оның жеке пікірлерінің талайына кең трактовка керек. Ол үшін 
Тагордың туған халқының салт-дәстүрі мен психологиясын, тарихын, айта 
берсе толып жатыр, соның бәрінен хабардар болу керек. Дегенмен қазір Та-
гор туралы бір кісідей білемін деп ұялмай айта аламын. Осы білгенім үшін 
тағы да Мұқаңа мың алғыс! Неге десеңдер, баяндаманы маған тапсырған 
сол кісі. Мен ол кезде Үнді-Кеңес достық қоғамының мүшесі болатынмын. 
Ашығын айту керек, алғашында өзіме күмәндандым да:
– Мұқа, бұл жүкті көтере алмаспын, – дедім.
– Көтересің, саған сенген соң тапсырып отырған жоқпын ба? – деді. Әрі 
қарай сөзге келмей:
– Сеніміңізге рақмет, тырысып көрейін, – деп, жиырма екі кітапты 
құшақтап тауға кеттім.
Бұл кітаптар Тагордың өзінің шығармалары және басқалардың ол тура-
лы жазылған еңбектері болатын. Айға жуық уақыт барлығын оқып, содан 
кейін ойланып-толғанып ұққанымды қорыта келіп, енді айтарым бар-ау 
дегенде қағазға түсірдім де, Тагордың жүз жылдығына арналған салта-
натты жиынға келдім. Жиналыс Академияның үлкен залында Мұқаңның 
кіріспе сөзімен ашылды. Мен жиырма бес минуттық баяндама жасадым, 
байқауымша тыңдаушыларға ұнады. Әйтсе де Мұхтар аға не дер екен де-


106
ген қаупім де болды. Жиналыс аяқталып, концерт басталардың алдында 
қасыма өзі келіп:
– Сенімімді ақтадың, Баукем! Ризамын, – деп құшақтағанда көзім жай-
нап кетті. Анау-мынау емес, Мұхтар Әуезовтің көңілінен шығып, мақтау 
есту деген аз сыйлық емес.
– Я считаю для себя честью выполнять поручения Мухтара Ауэзова! – 
дедім смирно тұрып.
Тегінде, терлеп еңбек етпегеннің тілегіне жеткенін көргенім жоқ. Сөйтіп, 
маңдай терімнің арқасында Мұқаңның мадақтауына ие болғанмын, – деп, 
атам жан-жағына желпіне қарады.
Топты жарып бәйгеден аты келген баладай қуана масаттанған осы бір 
қарапайым да кішіпейіл бейнесінен сол сәтте көз алмадым. Өзінің бір-
беткей қайсарлығымен әйгілі болған қатал адамды әдеттегі «қарапайым» 
деген сөз қалпына сыйғыза қою бір қарағанда мүмкін емес секілді. Бірақ 
«Жемісті ағаштың басы жерге иіледі» дейді халқымыз. Менің атам бала-
дан да кішірейер кішіпейілдігімен дара болатын, шынайы биіктік алдында 
тәкаппар басын июді ешқашан төмендеу санамаған. Осының өзінде тек ата-
ма тән ұлылық бар еді.
***
Кішкене кезімде, қыстыгүні, терезеге аяз салған сан алуан өрнектерге 
сағат бойы қараудан зерікпеуші едім. Баланың қиялы жүйрік, әсерленуі 
күшті болатын әдеті емес пе: сол өрнектер өзінше бір сиқырлы, тылсым 
дүниедей көрінетін. Олар бірін-бірі қайталамайтын, қайткенде қағазға 
түсіруге тырысатынмын, алайда қанша әрекеттеніп, ынтыққаныммен мар-
дымды нәрсе шықпайтын. Сол бір ғажайып нәзік өрнектер менің қолыммен 
қағазға түскенде көріксізденіп, сиқырлы сәнін жоғалтатын. Қазір ойлап 
қарасам, бала тұрмақ, үлкен талант иелерінің өзі табиғаттың төл сұлулығын 
сол қалпында қайталауы қиын екен. Өйткені табиғи сұлулық қарапайым, 
әрі шынайы. Көшірмеге көнбейді, көнсе де жансыз қайталанатынын мен 
кейін түсіндім.
...Шай жабдығы салынған ыдысымды көтеріп, атамның бөлмесіне кір-
дім. Үстел үстінен кәдімгі тор көзді қалың дәптердің бетіне ойылған әдемі 
оюды көрдім. Көлденең шетіне жазу жазылған. Алып қарағым келгенмен, 
атамның рұқсатынсыз қол жүгіртуге батылым жетпеді.


107
– Ата, мына өрнекті көрейін десем қасында жазуы бар екен, – дедім.
– Е, алып қарай бергін. Түнде ұйқым келмей жатқандағы әншейін ерме-
гім ғой, – деп, дәптерді мен жаққа қарай сырғытты.
Дәптердің беті жыртылмаған, түбінен босатылмаған, сол бүтін күйі 
өрнекті түсірген. Қалың дәптердің ортасындағы параққа қайшымен әсем 
өрнектің мінсіз ойылуы мені таңғалдырды. Өзі рұқсат етті ғой деп жазуын 
оқып шықтым.
Өткендерді еске алып ойға толам, 
Сұрыптап, тезге салып көп ойланам.
Ой түбіне жете алмай титықтасам, 
Қолыма қайшы алып ою оям.
Осы қарапайым өлең жолдары жүрегімді шаншып өткендей болды. 
Жұмыр басты пенденің аяушылық сезімі көзіме еріксіз жас үйірді. Асыл 
атам! Түнімен нелерді ойлап, қандай тұңғиықтарға батады екен? Оймен, 
елеспен алпарысу азаптың азабы шығар?.. Менің ойымды Бақытжан бөліп 
жіберді.
– Қара бұларды, маған айтпай өздері «ысқырып» отырып шай ішеді. Ме-
нен жасырып тағы не көріп жатырсыңдар, мен де білейін де? – деп қасымызға 
отырды. Бақыттың өкпесінің жөні бар, шынында, біздің талай әңгімемізден 
сырт қалып жүргені рас. Шайым Шаваев деген ұйғыр жазушысының, 
әрі өзінің жолдасының «Кестелі тақия» атты кітабын орысшаға аударып, 
Мәскеудегі «Советский писатель» баспасына дайындап жатқан. Өздігінен 
шықпаса бөгет болмайық деп мазаламайтынбыз.
– Мына оюды қарашы, – дедім дәптерді көрсетіп. Бақытжан қызығып 
қарады, бұл да атамның ою оятын өнерін алғаш көрген сияқты.
– Папа! Мынауың керемет. Патент алып, «Тұскиіз» фабрикасының 
атақты шебері болуға тұратын өнер ғой бұл деген, сөйтсек қайтеді, а, папа?
– Момышұлдарына ендігі жетпеген атақ сол еді, – деп атам мырс етті. 
Содан кейін көзі қуланып:
– Тәуекел деп көрейік, мүмкін байып кетерміз, шікірейіп машина мінер-
міз, – деді.
– Ең бай адам қарызы жоқ кісі, біздің жеке адамдарға ақшалай да, зат-
тай да қарызымыз жоқ, – дедім, әкелі-балалы Момышұлдары баю жолына 
түскелі жатқандай.


108
Атам мен Бақытжан бір-біріне қарап, уәделескендей күліп жіберді. Ор-
тадан қыстырыла ақылгөйсіп шыға келгеніме ұялып-ақ қалдым.
– Оюды ғой көрсеттіңдер, – деді Бақыт. – Ал мына иректеріңнің не 
екенін оқып бермейсіңдер ме? 
Ол араб әріптерін танымайтын; мен оқып жіберейін дегенімде атам:
– Тұра тұрғын, – деді маған қолымен белгі беріп, сөйтті де домбыра 
ұстаған адамдай қолын мәнерлеп қозғап «домбырасын» шерте бастады.
Е-е-ей, інісі Жартыбайдың Бауыржанмын, 
Зейнеп пен Бақыттан тәуір жанмын. 
Батыр деген атақты халқым берген, 
Аржақ-маржақ ұйқасын өздерің шығара беріңдер, ау, аха-аха-ау! –
деген жазу еді. Біз көзімізден жас аққанша күлдік. Жартыбай деген кісінің 
кім екенін күні бүгінге дейін білмеймін, әйтеуір, ұйқас қуып жазған өлең 
болса, атам «Жартыбайский» дейді. 
Сол күні Ержан апасына кеткен болатын, ертесіне оюды оған көрсетіп 
қойып едім, бәлеге қалдым. Кез келген қағазды атасына апарып «жасап 
беріңіз» деп қылқиып тұратын болды. Тіпті қиюға келмейтін, алақанның 
жартысындай қағазды апаратынды шығарды. Содан, атасы оған басқаша 
жол сілтеді:
– Ереке, сен мазаны көп алатын болдың. Сондықтан екеуміз былай 
келісейік. Мен темекіні тартып болғанда қорабы босайды. Соның ішінде-
гі жылтырақ қорғасын қағазына мен ою оям, сен оны альбомға жинағын. 
Әйтпесе қайта-қайта сенің әкелген қожалақ қағаздарыңмен айналыса бер-
сем, кітапты кім оқиды, жазуды кім жазады? Солай ма, балам? – деді атам 
мен жаққа қарап.
– Мен сізден өтінуге бата алмай жүр едім, бұл шешіміңіз өте жақсы 
болды. Менің бір тілегім, әрқайсысының сыртына өз қолыңызбен мезгілін 
жазып отырыңыз, – деп өтініш айттым.
Одан бері талай таң атып, талай күн шықты. Үлкен қоңыр альбомның 
іші толған ою. Сонау бала кезімдегі терезе әйнегіне түскен сиқырлы су-
реттер сияқты бірін-бірі қайталамайтын бір-біріне ұқсамайтын нәзік 
өрнектер. Табиғат өзі жаратқан төл таланттың қолынан шыққан сұлулық 
пен тапқырлықтың бір куәсіндей. Күні бүгінге дейін қайран қалатыным, 


109
атам ешқашан алдындағы ойған оюына қарамайтын, ұқсас болып қалмасын 
дегенді ойына да алмайтын. Темекісін аузынан түсірмей-ақ немесе сөйлеп 
отырып, қайшыны жорғалата беретін.
Атамның саласы ұзын, етсіз саусақтары қарасаң көзің тоймайтын 
ғажайып ұлттық өрнектерді немересі үшін ойып еді. Енді әкенің асыл 
мұрасы, үлкен адамның теберігі болып, көзіміздің қарашығындай сақтаулы 
тұр. Бір кезде бәріміз ұнататын кешкі тыныш шақтарда, көгілдір сәулелі 
шамның жарығында альбомды алып қараймыз. Ержан сындырып алмайын 
дегендей альбом беттерін аса ұқыптылықпен аялай ашады. Ұзақ-ұзақ қарап 
көріп, үнсіз отырып қалады.
Өмірдің талай соққысын жеп, отқа күйіп, мұзға тоңып болаттай 
шыңдалған қайсар да қатал адамның жүрегінің нәзіктігі мен шынайы 
сұлулық талғамына басыңды иесің. Келмеске кеткен, зымырап өте шыққан 
сол бір шуақты күндердің нұрлы шапағы күні бүгінгідей көңілді баурап, 
жылытып сала береді...
***
Әйел адам өзі әзірлеген астың нәрлі, дәмді болатынына көп көңіл бөледі, 
оның сүйсініп желінгенін қалайды. Жасаған тамағың желінбей жатса, кінәні 
жемеген кісіге емес, алдымен өзіңе қоясың. Асым татымсыз болған екен, 
ұнамапты деп ұялып, намыстанасың. Ал атамның, қанша тырысқаныма 
қарамай, тамақты жарытып ішпейтіні маған қиын-ақ болды. Бұрын, бөлек 
тұрған кезде, келіп-кетіп жүріп онша байқамайды екем. Тіпті Берікқарада екі 
ай бірге болғанда да жете аңғармаған екенмін. Араға күн салмай келіп жата-
тын қонақтардың қамымен, көбінесе, ас үйден шықпайтынмын. Оның үстіне 
марқұм Ғайникамал апай болғандықтан ба, атамның «құс тамақтығына» аса 
мән бермеппін. Енді атамның күтімі бір өзіме қалғанда, бабын табуға жан 
салып, жанталасып жүргенімде, арнап дайындаған асымның шеті ойылмай 
қайтуы қабырғама қатты бататын болды.
«Ас адамның арқауы», «Ас тұрған жерде дерт тұрмайды» дегенге ке-
ремет сенемін. Олай дейтінім, Бақытжанды көп жылдан бері емдеп, өз 
қолымен оған талай операция жасаған белгілі профессор Сегізбаев Әнуар 
Оспанұлы бір жолы былай деп еді:
– Бақытжанның асқа тәбетінің жоғалмайтыны, оның жағдайында, үлкен 


110
жақсылық. Егер асты жақсы қабылдамағанда, бес ауыр операцияға төзуі
екіталай еді, – деген.
Сондықтан болар, атам тамақты мол жесе, мына жатқан орнынан қарғып 
тұрып кететіндей көрем, соған сенем. Атам өзі қанша рет мені жұбатып:
– Балам, организмім азға қанағат етуге үйренген, – десе де, менің оған 
көнгім келмейді. Алғашқы айларда жасырын жылап та алатынмын. Бір күні 
Мекемтас аға келгенде:
– Ағатай-ау, атам жасаған тамағымды ұнатпайды, жемейді, енді 
қайтем, – деп, шыдай алмай шағындым.
– Оған ренжіме. Баукең бұрыннан сондай, дегенмен сорпалы тамақтарды, 
әр түрлі жарма ботқаны сүйсініңкіреп жейді, сол жағына көңіл бөл, – деген. 
Аға атамның қасында көп болған, мінезінің талай қыры мен сырына жақсы 
қанық, етене жақын көрінетін інісі. Мен ағаның кеңесіне құлақ қойып, 
қандай асты әкелсем де, қайсысының қалай желінуін абайлап бақылайтын 
болдым. Шындығында, кеспе көже, күріш көже, капусталы сорпаларды 
дұрыс ішетініне көзім жетті. Алайда үйреніп қалған қол, дәмденіп қалған 
ауыз тұшпара, манты, палау, дүнгеннің лағманы сияқты астарды еріксіз 
жасатады. Бұл тағамдарды әзірлегенде осыған қосымша көжелердің біреуін 
жасап қоямын. Бірақ бірден әкелмеймін, алда-жалда ана тамақты онша же-
мей отырса:
– Ата, мүмкін мынадан ішерсіз деп өзі ұнатыңқырап ішетін көжені 
әкелем.
– Несіне әуре боласың, балам. Алдымда ас тұр ғой, – дейді. Немесе 
«бүгін мазасыз ұйықтап едім, тәбетім болмай отыр», «темекі тартып отыр-
мын», «Бақыттың мешкейлігіне үйреніп, мені де сол қалыпқа салмақсың 
ба?» деп, сылтауды қаптатады. Ешқашан «мына тамағың ұнамайды», «пәлен 
керек, түгенді істеп бер» дегенін естіп көрмеппін. Не деген қанағатты адам
екеніне түсінбеймін. Мүмкін, ұзақ жылғы әскери өмірдің тақ-тұқ тәртібінен 
солай ма, білмеймін.
Сонысына қарамай, біз атамды тамағын тауысып ішуге үйреттік. 
Оның Бақытжан екеуміз білетін бір құпиясы бар еді. Көп жағдайда кішке-
не балалардың асты дұрыстап ішпейтін әдеті емес пе, Ержан да ас алдына 
келгенде қасықты тістелеп, нан уатып, табағын тықырлатып араластырып, 
берекесізденіп отыратыны бар. Бұл да атасына сай, шұқылап ызаңды кел-
тіреді. Содан, бір жолы, Ержанды тамақ ішкізбек болып:


111
– Ержан қазір атасынан бұрын бәрін тауысып жеп қояды, – дедім. 
Атасы әлі зерігіп отырған Ержанға қарады да:
– Көреміз қазір, кімнің бұрын тауысатынын, – деп, қасығын қолына 
алды. Ержанға қалай жеуді көрсетемін деп отырып, ыдысын босатқанын 
өзі аңғармады. Атам Ержанға ас жегізгеніне мәз, біз атамның ыдысының 
босағанына мәз болдық. Осы жарыс бара-бара кәдімгідей дағдыға айналып, 
екеуі де алдарындағы сыбағаларын түгел тауысатын болды.
– Мына Ержик асты тәуір ішетін болып қалды, – деп, немересінің 
өзгергеніне көңілі толатын халге жетті. Сөйтіп, «ұйықтап жатып тышқанның 
жорғалағанын білетін» сергек атам біздің қулығымызды аңғармады. «Ба-
тыр аңғал болады» деген рас, бірақ бұл тек атама тән, үлкен ақ жүрекке тән 
аңғалдық еді. Қырандай қырағы адамның бейкүнә сәбидей сенгіш осы бір 
сүйкімді аңқаулығы кіршіксіз адалдығының, баладай пәктігінің бір көрінісі 
еді.
***
Тура қақаған қыстың ортасында етігімнің сыдырмасы ажырап кетті. 
Әрі-бері шұқылап көріп едім, қолымнан келер емес. Амалсыздан күздік 
туфлиімді киіп, етігімді шеберханаға апардым. Жол-жөнекей талайлар 
аяғыма көз тастап өтіп жатыр. Пендешілікпен бір түрлі қорынғандай болып 
үйге жеткенше-ақ еңсем түсіңкіреп қалды. Есіктен кіргенде атам дәлізде 
телефонның қасында тұр екен. Жіті көзбен бас-аяғымды бір шолып өтіп:
– Әй, балам, мынау қандай сән? – деді.
– Етігімнің сыдырмасы бұзылып... соны...
– А, сәнің бе десем, салақтығың екен ғой, жазда күн қайнап тұрғанда 
қыс хабар беріп: «Тоны жоққа сәлем айт, етігі жоққа өзім барам» демеп пе 
еді? 
Әлгіндегі көңілдің көлеңкелене қалған түйткілі лезде ғайып болып, ал 
кеп күлейін. Алайда атама тән осы екі ауыз қызық сөздің өзінде ақыл да, 
тәрбие де бар болатын.
***
Атам бір жақтан жолаушы жүріп қайтқанда бізге базарлық әкелетін. 
Бақытжанға – кітап, Ержанға – түрлі-түрлі төсбелгі мен суретті кішкен-
тай күнтізбелер, ал маған – қалам мен блокнот. Мұндай сыйлықтарды тек 
алысқа барғанда емес, осы қаланың ішінде, үйден шықса болды, жолында 


112
кездескен дүңгіршектерден ала салатын. Әуелде атамның бұл әдеті маған 
бір түрлі қызық көрінгенмен, бара-бара үйреніп алып, сырттан келгенде 
дәмеленіп қолына қарайтынды шығардым. Бұрындар значок дегенді бұйым 
етіп ұстауға жарамайтын пайдасыз, әр жерде бір елеусіз қалып жоғалатын, 
жоғалғанына өкініш те туғызбайтын құнсыз нәрсе деп қарайтынмын. 
Сөйтсем, олар белгілі бір үлкен даталарға, ұлы адамдардың мерейтойла-
рына арналып шығады екен. Ертеректе зер салып аңғармай, ұсақ-түйек 
деп ықылас қоймаған қарапайым төсбелгілер мен суретті күнтізбелердің 
адамға әр жайдан кәдімгідей мағлұмат беріп, қызықтыратынын атамның 
Ержанға айтқан түсініктерінен білдім. Атам немересіне жайдан-жай: «Міне, 
саған сый әкелдім», – деп төгіп бере салмайтын. Ондағы суреттерде кім, не 
бейнеленгенін, неменеге байланысты шығарылғанынан хабардар ететін.
Алғашында төсбелгілерді қорапқа жинатып жүрді де, біраз көбейгенде 
қалыңдау матаға қадап, Ержанның төсегінің тұсына ілгізіп қойды. Бертін 
келе Ержан атасының бастамасын жалғастырып, толықтыра берді. Қазір 
күнтізбелері бірнеше мыңға, значоктары кішігірім кілемнің бетіне жетерлік 
болды. Мұндай төсбелгілерді әдейі, құлшына жинайтын құмарлар көп дей-
ді. Бірақ біздікі мүлде басқа. Атасы оны Ержанға бола әкелетін, сондықтан 
жүрегіңді елжіретер өзгеше бір мағынасы бардай сезіледі де тұрады. Ал 
енді осылармен қатар бастап, негізін атам өз қолымен қалаған тағы бір ке-
ремет қазынамыз бар, оның біз үшін орны да, жөні де бөлек.
... Атам бүгін жақсы тыныққан шыраймен сергек оянды. Аяғына жағатын 
дәрі-дәрмекті тоқтатқанымызға аптадан асқан, әйтсе де нық жүріп кете 
қоймай аяғын сүйретіңкіреп, сақтана басатын. Ертелі бері онысы байқал-
майды, қадамы ширақ көрінді. Ауа райының өзгеруіне қарай қозғалатын 
термометрдің сынап бағанасы секілді үйдегілердің қас-қабағын бағып 
дағдыланғандықтан, атама қарап, менің де көңілім көтеріліп кетті.
Атам «Қараңғы түнде тау қалғыпты» ра-ра-рамен гүжілдей әндете 
дәліздегі үлкен айнаның алдына келіп, өз бейнесін көргенде әні кілт үзіліп, 
«Пах, пах!» деп, сақал-мұртын сипалап, басын шайқады.
– Шайға дейін шақырайын ба? – дедім атамның нені меңзегенін 
түсініп.
– Сөйткін. Әйтпесе жабайыланып кетіппін, – деді. 
Атам сақал-мұртын өзі алмайды, ал Бақытжанның алып берейін де-
геніне: «Алақандай бетімді саған сеніп тапсыратын ақымақ емеспін», – 


113
деп, маңына жолатпайды. Сондықтан шаштаразды қыстай үйге шақырып 
жүрдім. Бір оңдысы – үйіміздің астыңғы қабатында жақсы шаштараз бар. 
Олар да бізге әбден үйреніп алған, барсам болды, кезек күттірмей ұстара-
сайманын көтеріп келе қалады.
Шаштараз Коля келіп кеткен соң атам жуынып-шайынды. Бақыттың 
оянуын күтпей, өзіміз шайға отырдық. Шай үстінде атам:
– Дастарқаныңды жинаған соң, менің киімдерімді дайындап, маши-
на шақырғын. Көптен бері Жазушылар одағына бармадым, оның үстіне
Жобсқа кіретін шаруам бар, – деді.
Жобс дегеннің кім екенін бұрын естіген емеспін, өзі кісінің аты ма, фа-
милиясы ма, құлаққа тосын естілді. «Кім болды екен бұл?» деп, іштей ой-
ладым да қойдым. Біз жиналып бола бергенде Бақытжан оянып, бөлмесінен 
бері шықты. Екі айдан аса дала бетін көрмей сарылып төсекте жатқан 
әкесінің мұздай киініп тұрғанына таңырқай қарап:
– Оһо, мыналарды қара! Өздерің бүгін иненің көзінен өткендейсіңдер 
ғой, қайда барасыңдар? – деді көңілдене дауыстап.
– Одаққа барамыз. Жобсқа кіретін жұмысым бар, – деді атам баласына.
– Жобс деген кім? Мүмкін Жовтиспен шатастырып тұрған шығарсың? 
Бірақ ол Одаққа былайынша келіп-кетіп жүргенімен, қызметі КазГУ-де, 
сонда істейді, – деп, Бақытжан шұбырта жөнелді.
– Жовтисіңді білмеймін. Оның маған керегі жоқ, – деді атам.
– Жобс деген де ат бола ма екен? – деп, Бақыт иығын қозғады.
– Е, неге болмайды. Ол – Жазушылар одағының бірінші секретары де-
ген сөз. Орысшасы – Персек, – деп атам түсіндіргенде, біз әбден күлдік.
– Түу, папа, адамның ойына келмейтінді айтады екенсің.
– Ойыңа келгенді сен айтқын, – деп, атам өзі де күлді.
Сыртқа қарай беттегенімізде атам кілт тоқтап:
– Ілиястың, Энвердің (жазушы Әлімжановты осылай атайтын), 
Олжастың бір-бір кітабын ала жүр, – деді.
Алдын ала айтса даярлап қояр ем, жыпырлаған көп кітапқа көзім сүрініп 
бірден таба алмай қалдым. Бипазданып іздеуге уақыт керек, төменде ма-
шина күтіп тұр. Атам аттарын атаған кісілердің қолыма алғаш ілінген 
шығармаларын сумкама салдым да, үйден шығып кеткен атамның артынан 
жүгірдім.
Талайдан бері ат ізін салмай кеткен батырдың ойда жоқта келе қалғаны 


114
Одақтағы біреулерді «тағы не дер екен» дегендей әбігерге түсіріп, ал 
көпшілігі атамның сырқатынан айығып, өз аяғымен келгеніне шынымен 
қуана шұрқырасып күтіп алды. Әншейінде анау-мынау көзінен таса қалмай, 
жаратпағанын жанынан қуып тастаушы еді, бүгін айналасына өте пейілді 
қарап, ешкімнің бетін қайтармады.
Атам алдымен Жазушылар одағының екінші секретары Ілияс Есен-
берлинге кірді, кірер кезде маған қолын созып, кітапты сұрады. Ілияс 
ағаның «Алтын құсын» бере қойдым. Атам ол кісіде біраз уақыт отырып 
шыққан соң, жаңағы кітапты қайтадан маған берді. Одан Жобс-қа – Әнуар 
Әлімжановқа бардық. Бұл жолы Әнуар ағаның «Джемшидова чаша» дейтін 
кітабын кабинетке ала кірді. Атам ұзақ отырды, бір сағаттан аса күттім. Ал 
Олжаста онша бөгелмеді.
Енді кітаптарды неге апарған дейсіз ғой, Ержанға арнап қолтаңба 
жазғызып алыпты.
Үйге келген соң атам Бақытжанға қарап былай деді:
– Секретарьларға тікелей кіретін шаруам болған соң, кітаптарын ала ке- 
тіп Ержанның атына қол қойғызып келдім. Әрі қарай өздерің жалғастырың-
дар. Ұқыптап үзбей жинасаңдар, Ержик үлкейгенше жақсы кітапхана 
құралады. Құдайға шүкір, үйде кітап аз емес, бірақ менің ойлағаным кейін 
дүние жүзілік әдебиетке көбірек айналып, өзіміздің ақын-жазушыларды аз 
оқуы мүмкін. Бұл әдет әсіресе қалада туып-өскен балалардың көпшілігіне 
тән болып барады. Ал қолтаңбамен өзіне арнап сыйлаған кітапты оқиды. 
Сонда қазақ әдебиетінің белгілі бір кезеңін түгел болмағанмен, қай кезде 
не жазылып, қандай тақырып қозғағанын, өз ұлтының қаламгерлерінің 
өсу жолын, өресін, шыққан биігін бір шама білетін болады. Оны білген 
соң «бұлардан бұрын кімдер болды екен, олар өз кезінің заман ырғағын 
қалай қалдырды» деп, өткен тарих қойнауына кіруге талпынары сөзсіз. 
Жазушылар, ақындар тақырыпты аспаннан алмайды, халықтың өмірінен 
алады. Біреуі айтпағанды біреуі айтады, біреуі көрсетпегенді екіншісі 
көрсетеді. Сөйтіп, әдебиет жасайды, әдебиет арқылы халықтың тарихы, 
оның тіршілік-тынысы, дәстүр-салттары, ұлттық мінез-құлқы көрсетіледі. 
Оны Ержан оқуға міндетті. Өйткені өз жұртын жете білмеген, өзгені та-
нып жетістірмейді. Төл әдебиетінің інжуін көре білмеген басқаның асылын 
бағалап жарытпайды. Ғасырдан-ғасырға өтіп, әлем халқына ортақ болған 
ұлы шығармалардың, кейінгі шыққан озық үлгілердің еңселі сарайына 


115
именбей ену үшін де, алдымен, өз үйінің алтын табалдырығын аттауы ке-
рек. Ал оның ішінде не бар, қалай қабылдайды, не пікірге келеді, ол жағын 
Ержанның талғамына қалдырайық, – деп, өз байлауын ұқтырды.
Атамның Ержанға арнап кітап жинауы бұдан бұрынырақта басталған, 
бірақ оның жаңағыдай терең мағыналы мақсаты бар екенін енді пайымда-
дым. Әйтпесе біраз кітаптың сыртына «Личная библиотека Ержана Мо-
мыш-улы», «Ержана Б. Бахытжани», «Момышұлы Бауыржан біріншінің 
немересі Момышұлы Ержанның жеке кітапхана қорына» деген секіл-
ді сөздерді жазып, қол қойып берген. Олар үйдегі көп кітаптармен бірге 
тұратын, атамның өсиет секілді әңгімесінен кейін бөлек сақтайтын болдым. 
Қазір тек қолтаңбамен үлкен бір шкаф кітап жиналды, енді Ержанымыз өзі 
жалғастырып жүр. Жай жинамайды, сол шығармалардың көпшілігін оқып 
үлгерді.
Бұл кітапхананың біз үшін құндылығы – ең алдымен атамның өзі бастап 
бергендігі, оған қоса қазақ халқының үлкенді-кішілі қалам қайраткерлері 
өз туындыларына Ержанға арнап ақ ниеттен шынайы тілектерін жа-
зып бергені әрі соның бәрінің атаммен байланысты айтылатыны. Сондай 
қолтаңбалардың тек бірнешеуін ғана назарларыңызға ұсына кетейін.
«Бауыржанымның көзіндей, Бақытжанымның өзіндей ұлым Ержаныма 
естелік. Шал әкең: Әбділда Тәжібаев».
«Айналайын Ержан!
Кешегі халық маңдайына ілуде бір сирек бітетін батыр десең батыр, 
дана десең дана атаң – Бауыржанның бар-бар қасиеті түгел-түгел саған да 
даруына тілектеспін. 
Әбдіжәміл Нұрпейісов».
«Қымбатты балам Ержанға!
Атаңның халқын сүйген асыл қасиеті қонсын.
Ағаң Ілияс Есенберлин».
«Ержан Момышұлына!
Қазақтың сен де даңқын шығаратын ардақтысы болып өс.
Ғафу Қайырбеков».
«Аруағыңнан айналайын атаңның ардақ тұяғы Ержанның бәрімізден 
озатын жарқын болашағына шын жүректен тілектес көңілден –
Әбіш Кекілбаев».
«Третьему Момыш-улы Ержану, пока мал и не велик, как ата.
Олжас ага». 


116
Міне, осылай асыл арнау тілектер жалғасып кете береді.
Ержан кітапханасындағы қай қолтаңбаны алмаңыз, олардың әрбірінде 
атамды шынайы ардақтаған адал пейілдердің мұхит түбінен терілген ме-
руерттей таза сөздерін оқисыз. Олар елін, жерін шексіз сүйіп, Отаны үшін 
от боп лаулаған ұлы адамның ұрпағына кімнің немересі екенін есінен екі 
елі шығармай, ата атына лайық болу жауапкершілігін жүктейді. Көптің 
көңілінен тарамдалған зор сенімнің жылу лебі Ержанымның өмірін жы-
лытып, атам жүрген түзу жолдан ауытқымасына аналық жүрекпен мен де
сенемін. 
***
Ағыны жойқын тасқынды алақанмен сипап тоқтатуға бола ма? Күн 
сәулесін уысыма қыстым деп кім айта алады? Құбылған сағымға жеттім 
деген жан бар ма? Саумал самалды ұстадым деп мақтана аласыз ба? Ақ 
түнек қарлы боранды арқандағанды кім көріпті? Олай болса, менің атамды 
да жете білдім деп ешкім айта алмайды.
Атам «сегіз қырлы, бір сырлы» деп мақтап айтатын дәстүрлі сөзге сый-
майды. Гауһар тастың қырының көптігі оның асылдығы, құндылығының 
белгісі екен. Алайда оның қырын зергерлер санай алады. Ал атам сан сыр-
лы, алуан қырлы, табиғаттың тақ жаратқан қайталанбас бір сыйлығы.
Жаратылыстың бірінен соң бірі келетін қат-қабат құбылыстарын 
атамның бойынан бір мезетте көруге болатын. Бір адамға мөлшерсіз 
қайшылықтардың қалай сыйып тұрғанына ақылым жеткен емес. Таң-
ғаларлығы сол – бет-жүзіне қарамайтын ымырасыздығы, бұзып-жарып өте 
шығар өрлігі, сүйегіңді сырқыратар қаталдығы, жайдары жаздай шуақты 
мейірімі, тіпті бір қарағанда көзге ұрып тұратын түсініксіз, өрескел кейбір 
әрекеттері – бәрі тек атама ғана жарасатын, ерекшелендіре түсетін.
Біз бірге тұрған алғашқы қыста атам көбінесе төсекте жатты, есесі-
не денсаулығы жақсарып, бұрынғыдан көш ілгері тыңайды. Қиналмай, 
өздігімен еркін жүре алатын болғанына біз керемет қуандық. Содан, көк 
қаулай шығып, күн жылынғанда аяқ астынан ауылға кетті де қалды. Мен 
керек заттарын қас пен көздің арасында зорға жинап үлгердім. Түнде 
ғана басқа жұмыстарды жоспарлап отыр еді, неге бұлай, ойламаған жер-
ден орнынан қозғалып бара жатқанын түсінбедім. «Күте алмаған екенмін, 
ойлағанындай қызмет көрсете алмаппын» деген ойдан көңілім жер болды 
да қалды. Қолымнан келгенді шамам жеткенше істеген сияқты едім, кім 
білсін, бірегей жанның бабын таба алмауым мүмкін ғой. Кінәлі адамдай 


117
жаутаңдап, қайыр күтіп жүзіне қарай бердім. Тілімнің ұшына келіп тұрған 
«Неге?» дегенді айтуға батылым жетпейді. Күдігім шынымен анық болып, 
атам маған наразы көңілмен кетіп бара жатса қайтемін деп іштей дірілдеп 
берекем кетті.
Атамды жолға шығарып салуға вокзалға бірге келдім. Дүниесі жеткілік-
ті, бірақ жиналмаған үй сияқты көзге аса жылы көріне бермейтін вокзал 
басының әдеттегі тіршілігі: біреу келіп, біреу кетіп сапырылысқан жұрт. 
Баяғыда аулынан аттап шықпаған бір кісі алғаш рет сапар шеккенде: «Мен 
ғой оқудағы балама бара жатырмын, ал мына жұрт қайда барады?» – деген 
екен. Сол айтқандай, өзім сыртқа сирек шығатын болғанға ма, оқта-текте 
осылай келе қалғанда, елдің бәрі бар жұмысын жинап қойып, жолаушылап 
жүретін сияқты көрінеді. Алайда вокзал басының тынымсыз «өмірі» менің 
қам көңілімді бөле алған жоқ, қайта қоштасар сәт жақындаған сайын өзегім 
өртеніп бара жатты. Кетуге уақыт таяп қалғанда, атам ештеңе демей қоя ма 
деп, көзі құрғырға жас толып шыға келді.
– Тәйт, әрі, елден ұят! – деп атам зекіп тастады. Келіп қалған көз жасым 
мынандайдан кейін тоқтауға ерік бермей төгіліп-төгіліп түсті.
– Не смей плакать! – Бұл жолы зекіген жоқ, мен туфлиімнің тұмсығымен 
жер шұқып, дымым шықпай тұрып қалдым.
Атам кенеттен мырс етіп күліп жіберді. Осы күлкі маған дем бергендей 
басымды көтеріп, жүзіне қарадым. Атам деген өте сезгіш психолог адам, 
менің сұрай алмай тұрғанымды көзімнен оқып қойғандай сөйледі.
– Балам, екі бірдей ауру адамды күтіп, қыстан шаршадың. Өсіп келе 
жатқан жас баланың міндеті де оңай емес. Мен сияқты «көктемдей 
құбылмалы мінезі бар» шалмен арпалысудың өзі-ақ қажытқан шығар. Сен 
біраз демалғын, – деді.
– Ой, ата-ай! – деп қарсы сөз айтпақ едім, саусағын шошайтқанда кілт 
тоқтадым.
– Шаршаған жоқпын десең бәрібір сенбеймін. Көнбіс адамның сы-
пайыгершілігімен өтірік айтқалы тұрсың. Өзгені алдасаң да, мені алдай 
алмайсың. Қажығаның рас, одан да мен қайтып келгенше күш жинағын, – 
деп сөзін күліп аяқтады.
Атамды ақ жол тілеп шығарып салдым. Айтқан сөздерін ойша екшеп 
көрсем, бір жағынан жөні де бар екен. Осы алғашқы жылдың ешқайсымызға 
оңай тимегені рас. Атам төсекте қыстай шегеленіп жатты. Қолтығын қажаған 


118
қос балдақпен сықырлап Бақытжан жүрді. Кейде өзіме ауырлау тигені рас. 
Сонда да қиын деп шағынудан аулақпын. Қалай болғанда бір жылдың ішін-
дегі мен алған өмір сабақтарын ешқандай университет бағдарламасы бере 
алмас еді.
Вокзалдан қайтып келгенімде үйдің іші әлі көшкен жұрттай құла-
зып, берекесі кеткендей көзіме суық көрінді. Айналамдағы заттың бәрі 
көріксізденіп, маңдайша аласарғандай сезілді. Неге соншама жұтаң тар-
тып, сұрлана қалғанын бірден түсінбедім. Сырт киімдерімді шешпеген күйі 
орындыққа сылқ түсіп, біразға дейін талай ойдың басын шалып үнсіз отыр-
дым...
Үйдің ішінде ештеңе өзгермеген, бәрі орнында, құлазып далада 
қалғандай болған менің көңілім екен.
«Япырым-ау, мына үйдің көркі, алтын қазық берекесі атам екен ғой! 
Үйдегі жылылық пен жарық атамнан таралған екен ғой...
– Неге шешінбей отырсың? – деген Бақытжанның даусы ойымды 
бөлді.
Түк болмағандай маған таңырқай қарап тұрған мына сиқы ызамды 
келтірді. Жайшылықта өздігімнен өмірі тиіспейтін әдетімнің осы жолы 
қабырғасы сөгілді. «Таз ашуын тырнаудан алады» дегендей жабыса кет-
тім.
– Сен кінәлісің бәріне, өзіңнің тік мінезіңе салып атама бірдеңе дегенсің. 
Ашық айтам деп дөрекілікке барасың, адал болам деп көңілге қарамайсың. 
Өзіңді-өзің игере алмай, қырсықтығыңның бәрін бізден көресің. Атам 
түнде ешқайда барам деген жоқ еді, аяқ астынан кетті, сен тістеп алғансың, 
әйтпесе лезде неге кете қалды.
– Тапқан екенсің жазалайтын жанды! Папамның мінезін түсіну үшін әлі 
талай көзіңнің жасын көлдетерсің. Қыстай мына тас керегелерге қамалып, 
тәртіпті болып үйге сыйып жатқанына тәубе де. Мен оның жұмсарғанына 
таңғалып жүрсем, сен оны жай нәрсе көреді екенсің ғой. Қалай түсінбейсің, 
папамды шектеулі тіршілікке сыйғызуға болмайды, табиғат оған бәрін 
мөлшерсіз берген. Бір орында жатып қалуы рухани жағынан әлсіретеді. 
Халықтың қалың ортасына үйренген адам – ол саған тоспадағы су емес, 
ағыны қатты дария. Ал аулына барып, туған жерінің желіне кеудесін 
тоспаса, тұншығады мына үйде. Содан кейін сен қанша «отымен кіріп, 
күлімен шықсаң да», келінісің. Қасында шүйіркелесіп отырған кемпірі жоқ, 
оған айтқанды саған айта алмайды. Сондықтан жүрегінің бір түкпірінде 


119
жалғыздық көруі мүмкін. Сен маған да тиіспе, өзіңді де қинама. Шамаң 
келсе, кең ойлап, тереңірек үңіліп, мінезінің, әдеттерінің жүзден бірін біліп
жатсаң олжалы болғаның, – деді Бақытжан.
Атам сол кеткеннен екі жарым ай өткенде оралды. Қатты ауырып келіп, 
тағы жатып қалды. Соны Бақытжан менен көрді, «Жылап шығарып салып, 
жаман ырым жасап, бәрі сенен болды», – дегенде аузыма сөз түспеді.
***
1973 жылдың қараша айының соңғы күндерінің бірінде ертелетіп те-
лефон шырылдады. Телефон соққан адам өзінің Ленинградтан келгенін, 
атамның жолдасы Кәрім Мыңбаевтың баласы екенін айтып, үйге келу-
ге рұқсат сұрады. Бірден «келіңіз» дей алмадым, әлгінде атам ұйқысынан 
оянған бетте: «Сағат онға машина шақыр, баспаға барамын», – деген. Сыр-
тынан билеп, жоспарын бұзармын, неде болса бұл жігітке жауапты өзі берсін 
деп телефонды атама апардым.
– Кім? – деді.
– Кәрім Мыңбаевтың баласымын дейді.
– А-а-а! – Даусы таңырқай шығып, телефон трубкасын қолымнан тез 
ала қойды.
– Тыңдап тұрмын. Иә, иә, Тимурмын дейсің бе? Аман-саусың ба, ай-
налайын! Кел, кел, мен үйдемін. Адресті білесің бе? Онда тіпті жақсы. 
Ал, көріскенше. – Сөздерін қысқа қайырғанмен, үнінде еркелеткендей ме, 
өзімсінгендей ме, жақын тартқан бір әдемі жылылық бар.
– Машина шақырып қойдың ба? – деді маған бұрылып.
– Әлі ертелеу болғансын...
– Енді керегі жоқ. Бүгін ешқайда бармаймын, қазір қонақ келеді.
Телефонның ұзын бауын жүре жинастырып шығып бара жатыр едім, 
қолымен белгі беріп, мені тоқтатты.
– Кәрім Мыңбаевтың кім екенін білесің бе? – деді.
– Жоқ. – Атам жауабымды жаратпай тыжырына қалды.
– Шынымен білмейсің бе? – Даусының екпініне қарағанда, іштен теп-
кен бір ашу келе жатқан секілді.
«Жоқ» деген сөзді қайталауға бөгеліп, үндемей төмен қарадым. Менің 
көзқарасымнан сұрап тұрған адамын білмейтінімді ұқты, ұқты да жазғыра 
бастады.


120
– Бұның ұят екен, шырағым, осы кезге дейін шошқа тағалағансың ба? 
Мектепте, университетте не оқыдың? Қайда жүргенсің өзің?
Не дейін, білмегенді білемін деп қалай жалған айтпақпын. Ұстаз алдын-
да жазықты болған шәкірттей кінәлі кейіппен үндемеген күйі тұра бердім.
– Кәрім Мыңбаев – биология саласында қазақтан тұңғыш шыққан үлкен 
ғалым. Понятно? – деді әр сөзін нығырлай.
Мен кішкене жеңілденіп, еркін тыныстай бастадым. Биологияға 
қатысым болмаған соң, Мыңбаевты білмеуім кешірімді секілді көрінді.
– Ата, мен биолог емес, филологпын ғой, – дедім батылданып.
– Сен наданологсың! – деп зірк еткізді.
Мұндай керемет терминді ешбір сөздіктен таппайсыз, тек атамнан ғана 
естуге болады. Дәл қазір бұртиып өкпелеудің де, қызық көріп күлудің де реті 
жоқ. Үндемеуін үндемей-ақ тұрмын, бірақ сұрымның қаншалық салмақты 
көрініп жатқанын қайдам, әйтеуір, атамның шаншыла қараған жанары ор-
нымнан қозғалтпады.
– Қайырлы таң, папа! – Ту сыртымнан Бақыттың жайдары даусы естіл-
генде қуанып кеттім бе, атамнан бұрын жауап қатып:
– Қайырлы таң! – деп елпең етіппін.
Атам баласына немқұрайдылау басын изеді де, маған саусағын безеп 
қатқыл үнмен:
– Егер мына Бақытжан болмаса, сен мені көрмес едің, – деп кілт теріс 
бұрылды.
Бақыт әкесіне аңырая қарап, иығын бір қозғалтты да, ваннаға беттеді, 
мен сол орнымда телефонды құшақтап әлі тұрмын. Осы әлгінде айтып 
жатқанымызға мағынасы маңайламайтын сөзге таңғалып, қапелімде не ой-
ларымды білмедім. Әйтсе де бұл жерден енді неғұрлым тезірек кеткен жөн 
екенін аңғардым, атам жаққа сақтана көз тастап есікке қарай жылыстадым.
«Егер менің балама тұрмысқа шықпасаң, бұлай алдымда тұру қайда 
саған? Сен секілді үлкеннен бұрын сөйлейтін әдепсіз, биология ғылымының 
қазақтан шыққан алғашқы академигінен хабары жоқ білімсіз адамды қасыма 
жолатпас едім» дегені шығар әлгі сөзі? Басқа не?
Осындай күмәнды ойдың санама сарт ете түскені мұң екен, көпе-көрнеу 
қорлап жатқандай сезіліп, өне бойымды бір көңілсіздік билеп бара жатты.
– Балам, бері кел! – «Балам» деп шақырғанына қарағанда әлгіндегі 
туырлықтай тұтасқан ашу бұлты сейіліп, сабасына түскен секілді. Бірақ 


121
мен қырсығып тұрғам. Тағы қандай тұйыққа тірелер екенмін деп іштей 
қиястанып, аяғымды құлықсыздау басып, асүйден бері шықтым.
– 1948 жылы күзде, – деді атам бірден сөз бастап, – Калининнен 
Алматыға келдім. Сол күзде Бақыт бірінші сыныпқа баруы керек еді. Оның 
мектеп табалдырығын аттағанын көріп, біраз күн үйде аунап-қунадым. 
Енді қайтуға жинала бастағанымда Кәрім хабарласып: «Самолетке билетті 
бірге алайық. Сенің осы келісіңде екеуміз кең отырып сөйлесе алмадық, 
тым болмаса Мәскеуге жеткенше әңгімелесіп барайық», – деді.
Ол кезде ұшақ Мәскеуге қазіргідей жылдам жете қоймайтын, ұшуы 
бар, жол-жөнекей тоқтаулары бар, әңгімеге уақыт жетіп артылады. Кәрімнің 
ұсынысын қуана қабылдап, бірге жүретін болып билет алдық. Бірақ 
ойламаған жерден жоспарым бұзылды. Мына Бақытжан қызылшамен ауы-
рып мұрттай ұшты. Ойбо-оой, аурудың алғашқы беті өте қатты болды, 
қызуы қырық градусқа жетіп, бала есін білмей жатты. Айырылып қаламыз 
ба деп жаман састық. Баламды мұндай халде тастап қалай жолға шығайын, 
Кәрімге жағдайды айтып қалып қойдым. Ертесіне сұмдық хабар дүңк ете 
түсті. Кәрімдерді алып ұшқан самолет апатқа ұшырап, ішіндегі адамдар 
түгел қаза тапқан. Менің жаным олардан ардақты емес еді, тек кездейсоқ 
кезіккен себеппен сол жолы ажалдан қалдым. «Талқаның таусылмай табытқа 
түспейсің» деген рас. Жаңа «Бақыт болмаса мені көрмес едің» дегенімнің 
мәнісі осы болатын. – Атам мүштегін іздей бастап:
– Есік тықылдап жатыр, қараңғыда қоңырауды таба алмай тұрған Ти-
мур болар. Бар тез, – деді.
Тимур талдырмаш келген қара торы әдемі жігіт екен. Мен қазақша 
сәлемдестім, ол орысша жауап қатты.
Атам қасына кірген Тимурды құшақтап арқасынан қағып, өзінен сәл 
алыстатып қарап, қайтадан бауырына қысып, жібектей есілген сыпайы 
жігітті лезде балаға айналдырып жіберді. Атамда мұндай көңілшектік 
жиі бола бермейді, алайда жолдасының ұлын көзіндей көріп босаңсығаны 
байқалады.
Дастарқан басындағы әңгімеден ұққанымның ұзын-ырғасы мынау: 
Тимур азамат болып оң-солын танып дегендей шамаға жеткенде, әкесінің 
еліне, ата жұртына әдейі іздеп келіпті. Жай көріп кету үшін емес, осында 
тұрақтап жұмыс істемекші. Өзі композитор әрі дирижер екен.
Қонақ кетуге рұқсат сұрағанда атам:


122
– Тимур қарағым, Отанымыз кең, қай түкпірге барсаң да бөтендік 
көрмейсің. Дегенмен туған халқыңды, өзің өмірге келіп кіндік кескен жер-
ді қастерлеп келгеніңе әкелік жүрекпен қуанып отырмын. «Мың шақырым 
жол бір адымнан басталады» дейді, қадамың қайырлы болсын, еңбегің 
еліңе игілік әкелсін. Кәрім аз жасағанмен, артына үлкен белгі, мол мұра 
қалдырған нағыз халықтың ұлы еді. Әкеңнен асып түссең таласым жоқ, 
бірақ оның есіміне сай болу перзенттік парызың. Халық та сенен соны 
күтеді, мұны ұмытпағын. Ал енді бұл үйді өз үйіңдей көр, қашан келсең де 
есік ашық. Ешбір жатсынба, балам! – деп ниет, тілегін білдірді.
Тимур кеткен соң, атамның тағы бір қуанышын естідік. Сонау 1928 
жылы жазылған дәптерін әлдеқашан жоғалдыға санап жүріпті. Сол дәптерді 
Тимур анасының тапсыруымен бүгін атамның қолына табыс етіпті.
Мыңбаевтың жұбайы өзі араб әріптерін танымағандықтан, қолжазба 
көпке дейін елеусіз күйі отбасылық архивтерінде жата берген. Кейін араб-
ша жазуды білетін адамға оқытып көрсе, иесі атам екендігі анықталған 
(Атамның өзіне тән жақсы әдеттерінің бірі – қандай қағазы болмасын не 
басында, не соңында аты-жөні мен датасы жазулы тұрады).
Атам жоғалып табылған «олжа» дәптерін маған көруге берді. Қағазы 
сарғайғанмен, жазуы анық, жақсы сақталыпты. «1928 жылы тамыздың 
23 күні Сырдария Губерниялық Халық ағарту бөлімінен мен, Құрманбек, 
Сейтқасым үшеуміз Орынбордағы Халық ағарту институтының шақыру 
қағазын алдық...», – деп басталған екен.
– Әй, балам, шұқшимай бері әкелгін. Мен саған тек көруге бердім, ішін-
де не бар екенін, он сегіз жасымда нені шатпақтағанымды білмеймін, әлі 
дұрыстап қараған жоқпын, – дегенде орынсыз әуестігіме ұялып, дәптерді 
өзіне қайтардым.
Атам қолжазбаны қолына алып аударыстырып, ең сыртқы бетіндегі 
жазуға үңілді, үстел үстінде жатқан көзілдірігін киіп, мұқият қарай баста-
ды.
– Япырмай, мынау Кәрімнің қолтаңбасы ғой, – деді жазуды саусағымен 
сипай көрсетіп. – Бірнеше сөйлеммен пікірін білдіріпті. Міне, былай депті: 
«Жастық шақ өтсе жалт беріп, деме қайта оралар» демекші, жігерге толы жас 
шағыңда оқу іздеген сапарың баяндалған екен. Қоспасыз шыншылдығымен 
аса ұнады». Шамасы, оқып көргін деп берген болуым керек, бірақ қашан 
бергенім қазір есімде жоқ. Менің Кәріммен таныстығым 1944 жылдың 


123
қаңтарынан басталды. Сол жылы жазда Мәскеудегі ВАКГШ-та (Высшие ака-
демические курсы генерального штаба) оқып жүргенімде Кәрім докторлық 
диссертациясын қорғауға дайындалып, «Мәскеу» қонақ үйінде тұрды. 
Екеуміз сәті түскен бос уақытымызды бірге өткізіп, ой-пікіріміз араласқан 
жақсы жолдас болып кеттік. Кәрім әдебиетке, әсіресе өлең-жырға құмар-ақ 
еді. Абайдың көп өлеңдерін жатқа білетін, өзінше бір әдемі мәнермен айта 
жөнелгенде тыңдаушысын баурап әкететін. Орыс жолдастарымыздың ара-
сында керек жерінде тәп-тәуір тәржімалап та жіберетін. Өз мамандығының 
шеңберінен басқаға мойын бұрмайтын қайсыбір оқымыстылар секілді емес, 
жан-жақты шын мағынасындағы білімді жігіт еді. Өзінің айтуынша, ауыл 
шаруашылық ғылымының соңына түсуіне Сәкен Сейфуллиннің тікелей әсері 
болыпты. Жас кезінде өлең жазып, ақын боламын деп оқуға келгенде Сәкен 
оның ақындық шама-шарқын байқап көріпті де: «Ақындық мамандық емес, 
ол – өнер, егер кеудеңде табиғат берген ақындық ашытқың болса, қандай 
мамандықтың иесі болсаң да жазасың», – деп, ауыл шаруашылық технику-
мына орналастырыпты. Сәкен ағаның жұбайы Гүлбаһрам апаймен Кәрім 
ағайынды кісінің балалары. «Сол үйде тұрып оқып, талай-талай жақсы 
үлгі-өнегелерін көрдім, тәрбие алдым», – деп отырушы еді марқұм. – Атам 
темекі тұтатқанша Бақытжан сөзге араласты.
– Жаңа Тимурға қарап отырып, Кәрім ағаның кескін келбеті көз ал-
дыма елестеді. Тимурдың өңі папасына өте ұқсайды екен. Бірақ Кәрім аға 
ұзын бойлы, иықты, кесек бітімді еді. Сен Мәскеуден келген сайын бізге 
жиі соғушы еді ғой, былайынша да үй арасы жақын, араласып тұратынбыз. 
Әлгі Тимур, ұмытпасам, менен бір жас кіші болу керек. Өзі біз секілді 
ойынқұмар емес, қолына ылғи скрипка ұстап, маңғаз басатын доп-домалақ 
қара бала болатын. Қазір келіскен жіптіктей жігіт болыпты.
– Бұл өзі егіздің сыңары,– деді атам.
– Иә, иә, Алма екеуі – егіз. Бұлардан үлкендері – Жаппар мен Гүлнар. 
Кәрім аға қайтыс болған соң екі-үш жылдан кейін Ленинградқа, сонда 
тұратын нағашыларының қасына көшіп кетті. Одан бері де жиырма жыл-
дан асыпты-ау!..
***
«Ерте тұрған адамның ырысы артық» дейтін ескіден келе жатқан дана 
сөз бар. Еркектерді қайдам, осы сөз әйелдерге көбірек арналған сияқты 


124
көрінеді. Әрине, өзге үшін жауап бермеймін, өзім үшін солай сезіледі. Неге 
десеңіз, әйелдің үй ішіндегі ұсақ-түйек тіршілігі көп-ақ. Ерте тұрмасаң, 
істелуге тиісті басты шаруаның өзін үлгере алмай жатасың. Бұрын, жеке 
тұрғанымызда, «Жұмысқа кешікпесем болды», – деп, ертеңгі тәтті ұйқыны 
қимайтынмын. Ерте тұруды маған атам үйретті. Сіздер атам маған азаннан 
тұруға арнайы бұйрық берген екен деп ойлай көрмеңіздер. Үйімде үлкен 
кісім бар менің күн шыққанша ұйықтауым, өз ойымша, аса көргенсіздік 
болар еді. Үйдегілер оянбай тұрғанда қобыраған шашыңды жөндеп, үсті-
басыңды жинақылап, отыңды жағып дегендей... біраз шаруаңды реттеп 
алсаң, күні бойы сергек те, ширақ жүреді екенсің.
Біздің үйде ерте тұрмайтын адам – Бақытжан. Көбінесе түнде, ты-
ныш кезде жұмыс істегенді ұнатады да, басы қазандай болып түске дейін 
ұйқтайды. Бірақ бүгін ол әдеттегісінен ерте оянды, оған себеп өзім. Бағана, 
үйдегілер ұйықтап жатқанда, ертеңгі газеттерді көз жүгіртіп қарап отыр-
сам, Бақытжанның кітабы туралы үлкен рецензия шыққан екен. Кітапқа 
жан-жақты кең талдау жасалыпты. Жетістігін мақтап біраз жерге апарыпты, 
оңдырмай тісін де батырыпты. «Әр бақа өз батпағын мақтайды» дегендей, 
қанша айтқанмен жұбайымның кітабы емес пе, кейбір жерінде қызарақтап, 
шамданып қалдым. Әйтсе де «Бақыт қайтер екен» деген ой маза бермеді. 
Ақыры шыдай алмай, оны оятып, газетті қолына ұстатқам. Одан шығып, 
атама бардым.
– Баха әлі ұйықтап жатыр ма? – деді мен басқа газеттерді атама 
апарғанда.
– Әлдеқашан оянған, – деп жымидым. – Өзі туралы жазылған мақаланы 
оқып жатыр, қазір шыдай алмай шағынып келетін шығар, – деп, осыны 
айтқаныма өзім риза болдым. Атам үндемеді. – Тұз жалағандай іші өртеніп 
жатқаны анық, ол сын көтере алмайды, – деп, ала алмай жүрген өшім бар-
дай тағы қосып қойдым.
Атам газеттерді оқымай былай алып қойды, маған тіктене бір қарады да:
– Бұрынғылардан қалған, қалыптасып жөн-жүйе арнасына түскен, өсиет 
боларлық істерді халық дәстүр деп атап кеткен, – дегенде «бұның рецензияға 
қанша қатысы бар, әңгімені әдейі баласынан басқа жаққа бұрды» деп ой-
ладым. – Кемшіліксіз адам болмайды. Білмегендіктен, тәжірибесіздіктен 
қателесулер болады. Қателесу – кінәлі болу. Кінәсін мойындау әркімнің 
қолынан келе бермейді. Ал жөн сөзге түсіне жығылып, кінәсін мойындап, 


125
қатесін түзей білу – ақылдылықтың, қайраттылықтың белгісі. Сын көтере 
білу азаматтыққа жатады. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген сөз бар. 
Әділ сын – ауызбірлік дәнекері. Бұл да – ата дәстүрі, – деп атам үндемей 
қалды.
Жаңағы шолақ ойымды атам біліп қойғандай іштей өкініп отырмын. 
Атама көзімнің астымен қарап қоямын, байқауымша, баласын ойлап 
отырған болу керек. Мен, әлгіндегі атам айтқан сөздерден кейін, Бақыт 
қазір ақталып, арыз айтып келсе, папасы не дер екен, баласын қай топқа 
қосар екен деп ойладым.
– Қалай ұйықтадың, папа? – Бақытжанның даусы оқыстан шыққанда, 
бетіне қарадым.
– Рақмет, балам. Біразға дейін қағаз ақтарып, ескі жазбаларымды 
қарадым, соның салдары ма талайға дейін ұйқым келсеші. Сағат екіден 
кейін ғана қатты ұйықтап қалыппын, – деп атам жайбарақат жауап берді.
– «Ленинская сменаға» менің кітабым туралы Павел Петрович Ко-
сенко үлкен рецензия жазыпты, – деді Бақытжан қолындағы газетін
көрсетіп. – Мазмұнды, ақылды жазылған. Жақсы тілеулестікпен, шынайы 
жанашырлықпен сөйлейді. Әрине, автор ретінде кейбір пікірлерімен келіс-
пейтін жерім де бар. Бірақ ой салып, талай нәрсеге тереңірек қарап, алдағы 
уақытта жаңа көзқараспен басқаша қорытынды жасауға септігі тиейін деп 
тұр. Оқып шығасың ба? Содан кейін маған өз ойыңды айтсаң жақсы болар 
еді, – деді Бақыт.
– Кәнеки, көзәйнегім қайда? Қайда құрып кетті? Е, міне, – деп атам бала 
сияқты сасқалақтады. Әлгіндегі ойлы да сұсты жүзі жұмсарып, иығынан 
ауыр жүкті сілкіп тастағандай қалбалақтап, баласы ұсынған газетке екі 
қолын бірден созды. Газетті ала беріп маған жалт қарады, қарағаны бар бол-
сын, оқты көзі өңменімнен өте жаздағанда:
– Ой-бүй, газға сүт қойып едім... – деп, бетімді бір сипап тайып отыр-
дым. 
***
Таңертеңгі асты әзірлеп, үйдегілердің оянуын күтіп отырғанымда, өзіме 
бейтаныс бір апай келді. Таныс емес деп үйге келген кісіні жатсынуға бола 
ма, жылы жүзбен қарсы алдым.
– Келінсің бе? Саламат па, айналайын. Баукеңнің, Бақытжанның 


126
денсаулықтары жақсы ма? Балаң өсіп жатыр ма? – деп аман-саулықты тегіс 
сұрады.
Мен апайдың сырткиімдерін ілгенше сол салдырлай сөйлеген күйі есігі 
ашық бөлмеге еніп, диванға жайғасып үлгерді. Кейде «жол болсын» демесең 
сөз бастамайтын, «төрге шығыңыз»-ды айтпасаң қайда отырарын білмей 
состиып тұратын адамдар болады. Апай ондай емес, қимыл-қозғалысы 
ширақ, өзімси сөйлеген сөзі де еркін, ашық-жарқын жан көрінеді.
– Мен Баукеңе қарындас боламын. Бір елдікіміз, – деп, бұл үйге өзінің 
бөтен еместігінен мені хабардар етті. – Сендер Баукеңнің қолына көшіп 
келгелі бері мен кіріп шыға алмадым, әйтпесе бұрын араласып тұрушы 
едік. Келмейін демейсің, көңіліңде тұрады-ау, бірақ сол баяғы қу тіршілік-
тен мойын босамайды. Күнде ертеңмен жүргенде уақыттың қалай өткенін 
байқамай қаласың. – Мен басымды изеп апайды тыңдай бердім. Осы кезде 
атамның гүрілдеген үні естіліп, іле өзі көрінді.
– Таң атпай тақылдап қыдырып жүрген кім десем, сен екенсің ғой, – 
деп, біз отырған бөлмеге кірді. Қонақ орнынан күле көтеріліп, атама қарай 
жүрді, хал-жағдайын тәптіштей сұрап, жаны қалмай жатыр. Атам қысқа жа-
уап қайырып, дастарқан басына келіп отырды.
Ертеңгі шайға бал қосқан алуа әзірлеп едім. Атам жиі болмағанмен, 
осы тағамды сүйсініп жейді. Бұған берген бағасы да бар: «Тілге тәтті, тіс-
ке жұмсақ. Баяғыда біздің елдің быламық деген тамағы болушы еді, соған 
ұқсайды. Бірақ бұл Зейнептің өзі сияқты араласып кеткен «будан ботқа» 
дейтін. Сол «будан ботқадан» қонақ апайдың алдына қойсам ба, қоймасам 
ба, не ойлап қалады?» деген шүбәлі оймен асүйде біраз бөгелдім. Дегенмен 
жаратсын, жаратпасын, көрген астан қалай бермейсің. Тәбеті шапса, жер, же-
месе алдынан қайтсын деп, апайға да алуа ұсындым. Атам өз сыбағасын жай-
лап асықпай жеп отыр, ана кісі қарап-қарап қояды. Шамасы, «қойыртпаққа 
күні қараған екен» деген пиғылда болды білем. Көзінде мүсіркеу секілді 
бір көлеңкені байқап қалдым. Сөзге айналған болып алдындағыдан ауыз 
тимеді, тек мейізбен шай ішті. Мейлі ғой.
– Балаларың қалай? – деді атам.
– Жаман емес. Үлкен ұлым оқуын бітіріп үйленді. Жастар емін-еркін, 
өздері оңаша тұрсын деп бөлек шығардым. Текені жезде, ешкіні апа деп 
жүріп, екі бөлме пәтерді зорға алып бердім. Кенже балам қолымда.
– Ы-ым, солай де, дұрыс екен, – деді атам бейжай үнмен.


127
– Дұрыс болмай тұр ғой, Бауке. Сізге сол үшін келіп едім, – деп, әлгінде 
жайдары отырған апай кемсеңдеп жылауға айналды.
– Айтарыңды жыламай жеткіз! – Атамның даусы қатқыл шықты.
– Кенжем биыл оқуға түсті. Қазір конкурс деген сұмдық. Өзіңіз білесіз, 
әкесінің бір кісідей атақ-беделі бар еді ғой. Пәленшенің баласы түкке жара-
май қалыпты демесін, әрі тең құрбысынан кем болмасын деп талай есікті 
аштым. – Апай осы тұста «уһ» деп көкірегін кере бір күрсініп алды да: – Со-
дан балам оқып жүр еді, осыдан жарты ай бұрын кездейсоқ бір төбелеске 
араласып, енді оқудан шығарғалы жатыр. Деканы барып тұрған дема-
гог екен, үлкен басымды кішірейтіп алдына бардым, жағдайымды айтып 
жалбарынғаныма көнер емес. Папамыз тірі болғанда звонокпен-ақ жөндер 
еді, амал қанша. – Апай қолорамалымен көзін сүртіп, атама қарады. – 
Соның аруағы үшін сіз бір ауыз айтсаңыз, бәрі өзгеріп шығар еді. Сізді 
тыңдамайтын адам жоқ, аға!
Апай сөйлеп отырғанда атама қарап өзімше бақылағансыдым, бірақ бет-
пішінінен сыртқа теуіп тұрған пәлендей өзгерісті байқай алмадым. Атам 
мойнын сәл бұрып, кілем тұсында ілулі тұрған жез табақшадағы нақышты 
суреттен көзін алмады. Египеттің атақты әйел патшасы – Кийаның бейнесін 
дәл қазір көріп отырғандай, басқа нәрсеге назар аударар емес. Бір жақ езуіне 
қарай қисайта тістеген ұзын ақ мүштектен әлсін-әлсін бұрқ ете қалған те-
мекі түтіні болмаса, өзге қимыл білінбейді.
Апай атамнан жауап күтіп, жалтақтап қарап қояды. Бір қыдыру уақыт 
осылай үнсіздікпен өтті. Бораннан гөрі жым-жырт аяздың қысымының 
қатты келетіні секілді, мына тыныштық көңіліме көмескі бір мазасыздықты 
үйіре бастады. Аяқ астынан өзгере қалатын атамның қиын мінезінен бе, 
бұл сезім менде жиі болады.
– Жарайды, айтайын, – деді атам оқыстан. – Бірақ не дейтінімді алдымен 
өзің тыңдағын. – Мүштегіндегі темекі тұқылын асықпай түсіре бастады.
Апай өзінің тыңдауға әзір екенін білдіріп, алға қарай ентелеп, үміткер 
кейіппен атама телміре қарайды. «Баланың білегі ауырса, ананың жүрегі 
ауырады» демекші, бауыр еті баласының жолында отқа түсуге де дайын 
сияқты.
Атамның жаңағы сөз ыңғайына қарағанда, көңілі қапалы қарындасына 
қайырым жасап, көмек беретін пейіл танытқандай еді, алайда олай болмады.
– Маңдайы жіпсіп еңбек етпеген, нанның шынайы дәмін білмей-
ді. – Адамды бір қарағаннан ықтырып тастайтын өткір көз жанары апайға 


128
найзадай қадалды. – Сенің маңдайың терлеп, алақаның ойылып көрмеген. 
Күйеуіңнің тірі кезінде қызметі мен атағын пайдаландың, өлген соң, көрде 
тыныш жатқызбай аруақ сатып, көбін жалмап жүрсің. Біреуге тиісті пәтерді 
жолдан қағып, біреудің институттағы орнын олжалап, балаларды паразит 
өмірге баулыған өзіңсің. Сені соттау керек. Жалғыз өзіңді емес, ана «теке 
жездеңді, ешкі апаңды», «аруақ, аруақ» десе берекесі кетіп дірілдейтін көз 
көрген жігіттеріңді қоса соттау керек. Бірінші күйеуің... – Дәл осы араға 
келгенде сөзін аяқтамай маған жалт қарады да:
– Выйди, – деді.
Орнымнан ұшып тұрмақ болып ұмтылғаным сол еді, ұзын халатымның 
етегін бастым ба, әлде аяғым шалынысты ма, орындықты ала еденге жал-
памнан түстім. Шынтағым бірдеңеге сақ ете қалғанда бүкіл денемнен 
электр тогын өткізгендей бір жағымсыз діріл зырылдап барып миымнан 
бір-ақ шықты. Ойда жоқта кездескен қырсықтан есеңгіреп, бірден көтеріліп 
кете алмай жан-жағымды қарманып жанталасқанымда:
– Вон отсюда! – деген атамның айбарлы айқайы есімнен тандыра жаз-
дады. Орнымнан қалай тұрғанымды да, есіктен қалай шыққанымды да біл-
меймін. Әлем шыр көбелек айналып, үйдің іші қарауытып кеткендей болды. 
Бері келіп бетімді салқын сумен жуған соң ғана айналам айқындала баста-
ды, әйтсе де құлақ-шекем дуылдап, өртеніп барады. Бір жағынан шынтағым 
тыз-тыз етіп ауырып тұр. Өзіме де обал жоқ, ана кісіге атамның шабуылы 
басталғанда-ақ табанды жалтырату керек еді. Самаурын түбінде қылқиып 
отырып алдым. Енді өкінгенмен не пайда, болары болды.
Шамамен он минуттай уақыт өтті, жаңағы жайсыз күйге ұшырағаным 
жанымды жай тапқызар емес. Ойым еш нәрсеге тұрақтамай, босқа сенделеді. 
Бақытжанның бөлмесіне кірейін десем, әлі ұйықтап жатыр. Асүйге барып, 
шаруамен айналысайын десем, баруға болмайды. Болмайтын себебі, менің 
құлағыма тимеу керек сөздерді айтатын болғандықтан, атам мені әдейі қуып 
шықты. Ал олар отырған бөлме мен асүй іргелес. Қала үйлерінің көпшілігі 
секілді керегелеріміз жұқа, сәл қатты сөйлесе, анық естіледі. Қасақана сөз 
тыңдау үшін жүргендей көрінбейін деп, пәтеріміздің түкпіріндегі атамның 
кабинетінде тып-тыныш отырдым. Көп ұзамай есіктің әйнегінен апайдың 
шығып келе жатқанын байқап, қоштасып, шығарып салмақ болып қасына 
келдім. Апайдың жүзіне көзім түскенде өзін қатты аядым; бағана бидай өңді 
еді, қазір оңған шүберектей боп-боз. Томпақтау қабағы одан әрі домбығып, 


Бауыржан Момышұлының 
Қызыл әскер қатарындағы 
суреті. 1930 жыл.
Қиыр Шығыс.
Ф.Д. Толстунов пен Бауыржан 
Момышұлы.
1941 жыл.


Бауыржан Момышұлының майданда түскен 
суреті. 1942 жыл.
Б. Момышұлы мен Ф.Д. Толстуновтың 1942 жылы майданда түскен суреті.
Бауыржан Момышұлы Волоколамск тас 
жолында. 1941 жыл.


Подполковник Бауыржан Момышұлының 
майданда түскен суреті. 1942 жыл.
Б. Момышұлы Калинин майданында. 1942 жыл.


Б. Момышұлы. 1952 ж.
Бауыржан Момышұлы, зайыбы 
Бибіжамал. 1948 жыл.
Бауыржан Момышұлы, зайыбы Бибіжамал, ұлы Бақытжан және қызы Шолпан.
1944 ж. Алматы қаласы.


1-ші қатарда солдан оңға қарай: Баукең, Әбділда Тәжібаев; 
екінші қатарда солдан оңға қарай: Бәукеңнің ұлы Бақытжан, 
Ә. Тәжібаевтың ұлы Рүстем.
Кубалық студенттердің Б. Момышұлынан қолтаңба алып жатқан 
сәті.


«Артымызда Москва» фильмі шыққан кез. Солдан оңға қарай:
Б. Момышұлы, М. Бегалин, К. Кенжетаев, Ғ. Мүсірепов.
Қазахфильм, 1968 жыл.
Б. Момышұлы, немересі Ержанмен бірге. 1974 жыл.


Б. Момышұлының соңғы суреті. 1982 жыл.
Бақытжан Момышұлы, зайыбы Зейнеп, баласы Ержан. 1990 жыл.


Б. Момышұлы мен Әзілхан Нұршайықов. 1981 ж. 
Жеңістің 30-жылдығы. 28-Панфиловшылар 
паркіне ағаш отырғызу сәті. Б.Момышұлы, 
Д.Қонаев, Зухра апай (Қонаевтың жұбайы).


129
көзі қанталап тұр. Плащын алып кигізбек болып едім, қолымнан жұлып 
алды. Еңкейіп туфлиін киіп жатып, мұрнының астынан күбірлеп: «Бейша
-
ра!» – деді. Оның кімге арналғанын білмеймін: өзіне ме, маған ба ажыра
-
та алмадым. Апай плащын иығына ілмеген күйі есікті сілке тартып ашты 
да, шыға беріп, пар пәрменімен тарс еткізді. Есіктің екпінмен жабылғаны 
соншалық, қақ маңдайымнан періп жібергендей еріксіз кейін шегініп, 
киімілгішке сүйендім. «Кірерден бұрын шығарыңды ойла» дегендей, 
қонағымыздың келуімен кетуінің арасы жер мен көктей болды.
Дел-сал бір дәрменсіздікпен болбырап тұрғанымда, мына жақтан 
атам көрінді. Бойымды жинап ала қойдым, бірақ маған мойын бұрмастан 
қасымнан өте шықты. Сол күні кешке дейін сөйлеспей қойды, кейде біреуге 
ашуланғанда осылай қосақ арасында қоса кететінім бар.
Бір айдан соң әлгі апайды көшеде кездестірдім. Бетпе-бет келіп 
қалмағанда, ебін тауып бұрылып кетер едім. Өйткені апайға көзім түскен 
замат анадағы жығылып масқара болғаным, атамның күні бойы маған 
қарамай қойған сұсты келбеті есіме түсіп, көңілім лезде жабырқауланды. 
Обалы не керек, қабағымның салқындығына назар аудармай жалпылдап 
амандасты. Бұл жолы Момышұлдарының саушылықтарын сұрамады. Ел 
жүріп жатқан жолдан былайырақ, ағаштың көлеңкесіне қарай қолымнан 
тартып, бір нәрсе айтпақшы болды.
– Сенің қайын атаң – бәріміздің ағамыз. Ағамыз болса да айтайын, барып 
тұрған демагог. Турашыл, турашыл дегенге сонша асқақтап бетімен кет
-
кен. Өткенде өзіңді қатты аядым. Өйтіп көрген күнің құрсын, байғұс бала. 
Современный, оқыған адамсың баяғының надан келіндерінше қорлағанға 
неге төзесің. Бәрібір жақсылығыңды бағаламайды, айтпады деме, рақмет 
естімейсің...
– Мейлі, – дедім сөзін бөліп.
Әйтпесе тоқтар түрі көрінбейді. Осы шабысымен шапқылай берсе, 
сағат бойы шалдырта қоймас. Біреуді жамандап тұрған адам өзін қоса 
қаралайтынын аңғармайды екен. Адалдықтың алтын тағындай көретін 
атамды маған шағыстырып ортаға от салмақшы. Араздастырмаса бітістіру
-
ге жоқ күйдіргілігі бақырайып тұр. Егер қазір жақсылық пен сыйластықты 
сатуға да, сатып алуға да болмайтынын өз өлшеміммен түсіндірер болсам, 
«барып тұрған демагог екенсің» деп дауласары анық.
Мен жаңа сөзін бөлгенімде, бетіме таңдана қарап тұрды да, қолын бір 
сілкіп тастап:


130
– Атаңа айта бар, кеңпейіл адамдар құрып қалған жоқ, солар аман бол
-
сын, – деп, төбемнен оқырая көз тастап жөніне кетті.
Кердеңдеуіне қарағанда ана жолғы шаруасы реттелген сияқты. Тіпті 
оған күмәндануға болмайды. Өйткені бұл тектес адамдар одан салса бұдан 
шығатын жолы болғыш. Біреуді алдап, біреуге жалбарынып жүріп жоғын 
табуға арланбайды. Оны өмір сүрудің ережесіндей санайды. Дегенмен 
қанша мықтымсынып күпінгенмен, шындыққа маңдайы тірелгенде төтеп 
бере алмайды. «Атаңа айта бар» деп сәлем жолдап, сыртынан қыр көрсетті. 
Бірақ атамның өзі тұрмақ, көлеңкесі көрінгенде, күзгі ағаштың жел соққан 
жапырағындай қалтырайды. Өйткені менің атам әділдік пен шындықтан 
соғылған алмас семсер болатын.
***
Әр халықтың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүр-салт-
тары бар. Ұлттық ерекшелікті айқындай түсетін белгінің біреуі сол 
ғасырлар бойына қалыптасқан әдет-ғұрыптар екені белгілі. Кері тартатын 
жағымсыздары қалып, өнегелі өмірлілері замана талабына сай кеңейіп, 
көркейіп жаңа түр, жақсы мазмұнмен күнделікті тіршілігіміздің мәніне ай
-
налып жүр. Біртұтас іргелі ел болған соң біздің қазақтың да талай салт-
дәстүрлері өзіне жетерлік. Озғаны да, тозғаны да, кейін қосылғандары да 
баршылық. Осыған орай, атаммен арада болған бір әңгіме маған көп ой са
-
лып еді.
Жақсы араласып жүрген бір жолдасымыздың әкесі қайтыс болды. Сол 
кісінің жетісіне барып келгенімде, атам:
– Иә, балам, қалай барып қайттың? – деп әңгіме сұрады. Мен кісілердің 
көп келгенін, дастарқандарының мол болғанын, үй иесіне жұрттың риза 
екенін айтып бердім.
– Адам өлген соң көмусіз қалмайды, әйтеуір, жүзі жабылады, дегенмен 
«орнында бар оңалар» дегендей, баласы артында қалып, жөн-жоралғысымен 
жақсылап жөнелткені дұрыс болған екен. Шындап келгенде марқұм үшін 
енді бәрібір, бұның барлығы тірілер үшін жасалатын нәрселер ғой, – деді.
Кейде өзің күтпеген тосын нәрсені топ еткізіп айтып салатын әдетін 
білсем де, өлім туралы салқынқандылықпен жайбарақат сөйлеп отырғаны 
бір түрлі денемді түршіктіргендей болды, бірақ үндемедім.
– Дастарқандары таза болды ма? – деді атам.


131
– Иә, өңкей аппақ крахмалданған дастарқан жауыпты, – дедім сөзді тура 
мағынасында түсініп, әрі неге олай сұрағанына таңданып қалдым.
– Ақымақтанба! Нені сұрағанымды білесің,– деді көзінің оты жарқ 
етіп.
– Кешіріңіз ата, шынымен түсінбей қалдым.
– Дастарқанда ішімдік болды ма деп отырмын.
– Е-е, болды. Неше түрлісі болды, – дедім сөз мәнісін енді түсініп.
Атам ештеме демеді, әңгіме осымен бітіп қалды ма деп ойладым. Бірақ, 
меніңше, атам жайдан-жай, текке әңгіме болсын деп бас-аяғы жоқ сөзді 
қозғамайды. Бастаған екен, қайткенде бір түйін түйіліп жатады. Атамды әрі 
қарай сөйлетпекші болып:
– Қазір молшылық кез ғой, елдің бәрі осылай істейді, дәстүр болып кет
-
кен, – дедім атам ондайды көрмей жүргендей білгішсініп.
– Дәстүр дейсің бе? Қай жеті атаңнан қалған мұра еді бұл дәстүрің? – 
деп даусы ызғарланып шыға келгенде тілімді тістедім. «И-и, сорлы ба
-
сым-ай, жайыма қарап отырмай арыстанның торына кіріп нем бар еді, 
«құйысқанға қыстырылып» басыма бәле тілеп алдым ба?» – деп, бетіммен 
жер басқандай төмен қарап, саусақтарымды сытырлата бердім. Үнсіз өткен 
бірнеше минуттың салмағы еңсемді басып барады, одан да ұрысқаны-ақ 
жақсы еді.
– Дәстүр дейді ғой, дәстүр емес – жұқпалы ауру, егер түсінсең, – деді 
атам. Әйтеуір, үнсіздік бұзылып, әңгіме тізгінін атаның өзі алғанына сәл 
жеңілденіп, басымды көтеріп, жүзіне қарадым.
– Қабағыңның жоғары қарай көтерілгенінен байқап отырмын, өзі 
ішімдікке кет әрі емес адамның бұл сөзі қалай деп таңғалып отырсың. Мен 
өзім жақсы білмейтін нәрсені айтпаймын. Ішпе, жеме деп біреуге тыйым 
салудан тағы аулақпын. Қайда, қалай, неге ішуді өзім білем. Бұны түсінетін 
уақытың болды. 
Осы арада мұртының бір жақ ұшын тістелеп бір сәт кідірді де, қайтадан 
сөйледі:
– Өлім – жаратылыстың бұлтартпай бұғаулайтын тұзағы. Біреуге ерте, 
біреуге кеш келеді. Уақыт шіркін мидың ине көзіндей тесігінен құмсағаттай 
сырғып өте шығады. Смерть – это приговор природы, не подлежащий об
-
жалованию! Соны анық біле жүріп өмір сүру – адамзаттың ұлылығы. Қалай 
десең де, өлімнің аты ызғарлы, тіпті асарын асап, жасарын жасап, немере, 
шөбере, туажат сүйіп өлсе де, тіршіліктен адам қайтады. Қурай сынды дей 


132
алмайсың. Суық қара жерге, қараңғы көрге мәңгі жалғыздыққа аттанады.
Айналасындағыларды дір еткізіп, бір сәт алды-артына көз жіберуге мәжбүр 
етеді. Күйкі-күйбеңмен қоқыс дүние үшін кеткен асыл уақытына өзегі 
өртене өкініп, алдағы күнін басқаша барлайды. Той үстінде өкпелескен, 
өлім тұсында татуласады. Жүз көріспей жүрген ағайын арасындағы араздық 
осындайда ымыраға келіп, жымдасады. Тірілер тірілігіне іштей тәубе етіп, 
жарық дүниенің қадіріне жетуге тырысады. Міне, не үшін құрметтеу керек 
өлімді! Марқұмды ақ жауып, арулап көмген соң, артын күтеді. Бұл деген 
қара жамылып, кешке дейін қамығып, тіршіліктің берекесін алу деген сөз 
емес. Қайтқан адамның үйіне жетісі, қырқы, жылы, асы деп, туған-туысқан, 
жегжат-жұрат, жанашыр жолдас-жоралары жиналады. Жақсы қасиеттерін 
еске түсіріп, өнегелі істерін үлгі етеді. Міне, өлімнің артын күту деген осы. 
Оның дінге ешқандай қатысы жоқ, – деп, асықпай темекі тұтатты.
Атам әңгімесін баяу дауыспен жайлап айтты, алайда естір құлаққа суық 
тиетін «өлім» деген сөздің жиі қайталануынан сызды топырақтың иісін 
сезгендей төбе құйқам шымырлады. Қозғалмай бақырайып отырған менің 
сұрым тым ұсқынсыз көрінді білем, атам маған қарап:
– Не болды? – деді.
– Ештеңе, – дедім. Бұл өзімнің сөйлей алмайтын жерде қолданатын 
үйреншікті жауабым еді, соның өзін естілер-естілмес әрең айттым. Әңгіме 
осымен бітсе екен деп іштей тілеп-ақ отырмын, бірақ атамның әлі нүкте 
қоймағанын да сезгендеймін. Шынында, атам қайта сөйледі:
– Сен жаңа «Молшылық заман, қазір елдің бәрі сөйтеді, дәстүр болып 
кеткен», – дедің. Молшылық екені рас, халықтың өз еңбегі – өз қолымен 
жасаған берекесі. Ал осы тоқтық бұрын біздің салтымызда болмаған әдетті 
істетіп жүр. Жақсы емес екенін білмегеннен емес, «Пәленше сөйтіпті, 
мен неге асып түспеймін», – деп, кейбіреу өлімнің дастарқанын тоғышар 
жарысқа айналдырып алыпты. Кейде «аттыға ілесемін деп, жаяудың таңы 
айырылып» жатады, сонда да қоймайды. Өйткені тоқтай алмайды, қатардан 
қалуды мін көреді. Той-томалақ, жақсылықта ішімдік дегендердің емен 
үстелді майыстыратынына баяғыда-ақ тез үйренген. Қазір жас өлсін, кәрі 
өлсін, марқұмның жүзін топырақ жасырмай жатып саусылдатып тізіп қояды. 
Қойылған соң ішіледі, ішілген соң кейбіреудің көзіне түйенің екі өркеші 
төртеу болып елестей бастайды: «Неге бұлай-ей», – дейді, біреу жылайды,
біреу күледі, енді біреу даурығып, көпе-көрнеу өтірік мақтауға кіріседі. 


133
Сөйтіп, қаралы үйде артық ауыз сөз туып та кетеді. Барлық жерде кезде
-
седі демеймін, бірақ өз көзіммен көрмесем айтпас едім. Бір композитордың 
(атам ол кісінің атын атаған болатын) қырқында еске түсірейік деп, оның 
шығарған әндерін айтып, содан кейін тірі композиторларды еске қоса түсіріп, 
аяғы концертке айналды. Это неуважение к памяти человека! – деп ақырып 
қалғанда, онсыз да зорға отырғам, шошып кеттім. Атам тісін сықырлатып, 
бір сәт үндемей қалды. Осы кезде жартылай ашық тұрған есіктен Бақытжан 
көрінді.
– Не болып қалды? – деді кіре беріп.
– Әй, тұра тұрғын! – деп, баласына қолын сермеді. Бақытжан үндемей 
есікке сүйеніп тұрып қалды.
– Мен ішпеймін десем ит те сенбейді. Ішпе деп ешкімге ақыл да айт-
паймын. Әркімнің өз ақылы өзіне. Бірақ бөтелкені мөлтілдетіп тізіп, ән 
салып, ата-бабам өлім жөнелтпеген. Осыны ұмытпаңдар, – деді саусағын 
шошайтып.
Бақытжан әңгіменің неден шыққанын білмеген соң үндемеген сияқты. 
Мен арбалған адам секілді міз бақпай атама қарап қалыппын.
– Доклад окончен. Благодарю за внимание! Тамағым құрғап кетті, 
ашыған көжеңнен сұйықтау ғып әкелгін, – деді атам сөзін маған арнап.
Мен сол күні, – 1974 жылы ақпанның тоғызында, үйдегілер ұйқыға 
жатқанда, атам айтқан әңгіме желісін күнделігіме түсіріп, «әке өсиеті – ата
-
лы сөз» деген осы емес пе деп ойға батып едім.
... «Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ» дегендей, асқар 
тауымыз құлап, қаралы күн біздің де басымызға түсті. Бүкіл халық егіл
-
ді, қайталанбас қайсар ұлын қайтпас сапарға шығарып салып, бас иіп 
қоштасты.
Ежелден келе жатқан ел дәстүрімен соңын күтіп, перзенттік борышы
-
мызды атқарғанда, «Дастарқаны таза болды ма?» деген атамның сөзі 
көкейімнен кетпеді. Үні осы әлгінде айтқандай құлағымда тұрды. Біз ақша 
қуып, дүние жиған адамның қамсыз өскен мұрагері емеспіз. Біреуден іл
-
гері, біреуден кейін ащы маңдай терімізді төгіп, нанымызды еңбекпен та
-
уып жүрген жандармыз. Алайда атамның өлмес рухы алдында ешбір ая
-
нып қалғамыз жоқ, әке өсиетін, керек болса бұйрығын Бақытжан екеуміз 
бұлжытпай орындауға тырыстық. Атамның Ержанға қалдырған қара 
шаңырағының ақ дастарқанын кең жайып, таза ұстадық. Қайғымызға 


134
ортақтасып, ізгі ниеттерін білдіруге келген ардақты аталар мен аяулы 
әжелерге, ақылшы аға, қамқор апаларға, өмірдің ащы-тұщысын әлі тата 
қоймаған жастарға – бәріне «бөтелке» орнына ең қадірлі асымыз шұбат пен 
қымыз ұсындық.
«Өкінішсіз өлім, армансыз адам болмайды» дейді. Асыл атам мәңгілікке 
көз жұмарда басына жастық қоя алмай, қолымыздан сусын бере алмай, 
ақтық демін ести алмай арманда қалдық. Ендігі жерде, бізге, ата өсиетін 
орындаған әрбір ісіміз ғана аз да болса жұбаныш әкеледі.
***
Үйдегі сирек суреттер сақталатын шағын альбомды ашқан сайын 
атамның жылы шыраймен күлімдей қарап тұрған бір суреті көзімізге ал
-
дымен түседі, ерекше әсер етеді. Бұл сурет Ұлы Отан соғысының қаһарлы 
жылдарының қас қағым сәтінде түсірілген. Бірақ қазір сол жылдардан 
жеткен мұндай суреттер тарихқа айналған. Бір адамның, бір отбасының 
меншігінен шығып, көпке ортақ, келешекке керек ескерткіш болған десем, 
артық кеткендік емес.
Сөз еткелі отырған суреттің өзіндік өзгешелігі бар. Атам оны 1943 
жылы екі жасар баласына арнапты, ал Бақытжанның қолына тек 1974 жылы 
он алтыншы қаңтар, сәрсенбі күні тиді.
...Күнделікті келетін газеттердің арасынан бір хат сусып жерге түсті. 
Еңкейіп ала беріп, мекенжайына еріксіз назар аудардым. Хатты Владимир 
облысының Александровск қаласынан Уральский деген кісі жіберіпті. Мен 
газеттер мен хатты атама ашып беріп, оқуына кедергі жасамай шығып кет
-
тім. Шамалы уақыт өткенде:
– Бері келіңдер, – деп, атам бізді дауыстап шақырды. Бақытжан екеуміз 
қасына барғанда, тосын бір әсерден толқығандай, өңі бозарып отыр екен. 
Қолындағы кішкентай суретті үнсіз ұсынды, атама тақау тұрғандықтан, ал
-
дымен мен алдым. Бұл сурет – ешкіммен шатастыруға болмайтын, ешкімге 
ұқсамайтын атамның асыл бейнесі еді. Кере қарыс кең маңдайын айқындай 
қалың қара шашын артына қайырған. Соғыс сұмдығын алыстағы сәбиі сез
-
бесін, өңінен байқалмасын дегендей күлімсіреп отыр. Кім білсін, ол кез
-
де күлімдеуге де үлкен қайрат керек болған шығар. Сиректігінде дау жоқ, 
өзіміз көріп жүрген суреттерінің арасынан кездеспеген. Суреттің сыртына 


135
араб әріптерімен «Бақытжанға папасынан» деп, сиямен жазылыпты. Сан 
түрлі қолтаңбаның арасынан мен мұндалап тұратын, өзім жазбай танитын 
ақықтай әдемі тізілген атамның жазуы. Ал жоғары таман қарындашпен 
«подполковник, 1942 г. На фронте» деген бөтен кісінің қолы тұр.
– О, ғажап! 1942 жылдан бері қайда жүрген? – Бақытжан суреттің өзіне 
арналғанын, соны бүгін ғана алып отырғанына айран-асыр таңғалды.
– 42 жылдың суреті емес, – деді атам, – оны иықтағы погонға қарап-
ақ ажыратуға болады. Біздің армияда погон тағу 1943 жылдың алтыншы 
қаңтарынан, ал теңізшілерде, ұмытпасам, сол жылдың он бесінші ақпанынан 
басталған. Мына суреттің сыртына 1942 жыл деп жазған адам қателескен.
Мен бұл деректі білмеуші едім.
– Суретті кім жіберіп отыр және ол кісінің қолына қалай түскен? – деді 
Бақытжан мән-жайды толығырақ білгісі келіп.
– Бұл суретті жіберген Николай Матвеевич Уральский деген кісі. Пан
-
филов дивизиясының бұрынғы офицері, қазір отставкадағы полковник. 
Николай Матвеевич – қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұловаға алғашқы 
ескерткіш белгінің қойылуына тікелей септігін тигізген адам. Ол Әлияның 
қарулас құрбысы, мерген Надя Матвеевнамен және Казачиха деревнясының 
байырғы тұрғындарымен бірге Әлияның қаза тапқан жерінің әр сүйеміне 
дейін анықтаған. 1965 жылы мартта Псков облысы, Новосокольник 
ауданының комсомол комитетінің бюросында Әлия Молдағұлованы мәңгі 
есте қалдыру жөнінде үлкен баяндама жасайды. Сол кезге дейін бұл аудан
-
да батыр қыз туралы тиісті орындар еш нәрсе білмеген. Бюрода Казачи
-
ха деревнясындағы Әлияның қасиетті қаны төгілген жерге мемориалдық 
тақта, ал Монаково бауырластар зиратына ескерткіш орнату туралы қаулы 
қабылданды. Ескерткіш сол жылдың 9 мамырында жеңістің 20 жылдығына 
ашылған. Николай Матвеевич оған өзі арнайы барып, басы-қасында болып, 
көзімен көріп қайтқан, – деп, атам әңгімесін үзіп, темекі тұтата бастады.
Осы сөз болып отырған күннен көп алға озып айта кетейін: мен 
кейін атамның қағаздарын реттеу үстінде Уральскийдің бір топ хаттарын 
кезіктірдім. Неге екенін, басқа көптеген хаттар сақталған сандықта емес, 
ұқыптап қағазға орап, папкаға салған. Мен хаттарды мұқият оқып шықтым. 
Солардың ішінде Әлияның ескерткішіне байланысты жазылған үш хат, екі 
сурет бар. Ал қомақты жасыл конверттің ішінде ескерткіш белгінің қойылу 
барысындағы қабылданған қаулы, қатынас қағаздардың көшірмелері 


136
сақталыпты. Суреттің біреуінде Монаково бауырластар зиратының жалпы 
көрінісі түсіріліпті де, екіншісінде Әлия Молдағұлованың ескерткішінің 
жанында, құрметті қарауылда, кеудесі орден, медальға толы Уральский бей
-
неленіпті. Сыртында «9 мая 1965 г.» деген жазу бар. Николай Матвеевичтің 
үлкен адамгершілігіне, бауырмалдығына, қалтқысыз адалдығына бас имеу 
мүмкін емес.
Осы орайда айтып өтуге болмайтын бір нәрсе – хаттардың мазмұнына 
қарағанда қазақтың батыр қызының белгісіз жатқан қабірі туралы мәселені 
қозғаған, Уральскийге түрткі болған атам екені анық байқалады. Бірақ «мен 
сөйтіп едім» дегенін ешқашан естіген емеспіз.
– Мына суретті, – деп атам әңгімесін жалғап кетті, – 1943 жылы, на
-
урыз айында бір әскери тілші түсіріп еді. Уральский ескі хат, қағаздарын 
ақтарғанда тауып алыпты. Қолына қалай, қашан түскенін айта алмайды. 
Мен де білмеймін. Әйтеуір, суреттің оған арналмағаны анық. Майданда 
Уральскиймен менің жолым жақын түйіскен емес. Холм қаласының маңында 
кездейсоқ танысып, бір-екі рет жүрдім-бардым кездескенбіз. Жақсы білісіп 
араласқанымыз, соғыстан көп жыл өткен соң, мұнда болды. Ал суретті ол 
кезде өзім жоғалтып алдым ба, жоқ Алматыға салып жібер деп біреуге тап
-
сырдым ба, бұл арасын есіме түсіре алмай отырмын. Әрі-беріден соң оған 
бас қатырудың қажеті шамалы. Бұл суреттің ерекшелігі – жоғалмай, тозбай 
31 жылдан соң табылуы. Бас күнінде саған арналған екен, ендігі иесі де 
сенсің. Сақтайсың ба, жыртып тастайсың ба, онда шаруам жоқ, – деп, су
-
ретті Бақытқа берді.
– 31 жыл бұрын маған арнаған саған да рақмет, енді бұны жіберіп 
отырған Уральскийге де рақмет. Әйтпесе өзің тарапынан маған тиістіні 
жол-жөнекей пайдаланатындар аз емес,– деді баласы.
Қарап тұрсаңыз, сурет деген ғажап нәрсе. Өзіңдей болмағанмен, бел
-
гілі бір уақыттағы келбетіңді сақтап қалады. Суретің неғұрлым көп бол
-
са, соғұрлым өміріңнің әр түрлі кезеңдерін есіңе айқын әкеліп, өткенді 
көзіңе елестетесің. Қазіргі кезде фотосуретке түсудің мүмкіндігі ұшан 
теңіз, бірақ құнттап пайдаланбаймыз. Қай-қайсымыздың болмасын талай 
қимас шақтарымыз белгісіз өтіп жатыр. Соның титімдей бір жұрнағын 
алып қалуға көпшілігіміз жалқауланамыз, ерен етпейміз. Басқаға қажеті 
болмағанмен, балаларымызға керек екен. Өзім суретке сирек түсіппін. 
Амал қанша, қайталанбас қайран сәттерім қайырылмай кете барыпты. Енді 


137
өкін, өкінбе, өткенді қалай қайтарасың, орнын қалай толтырасың. «Неге?» 
деген сұрақтың миыма шегедей қадалатыны бар, бірақ көңіл көншитін жау
-
ап таба алмаймын. «Бұл неменеге осынша таусылып отыр, тәйір-ай, сурет
-
те тұрған не бар?» дер. Айтып отырғаным жай емес: менің атаммен бірге 
бейнеленген суретім жоқ. Әке біздікі, үлгереміз деп ұзын арқау, кең тұсауға 
салынған ұқыпсыздық па, әлде жанына жарбиып тұра қалуға келіннің имен
-
шек жіңішке жолы жібермеді ме, білмеймін. Басқалар атамның жанына ен
-
телеп суретке түсіп жатқанда, шетке ығысып, қарап тұрушы едім. Олардың 
менде шаруасы болмайтын, атам да «кел» деп шақырмайтын. Сонда «биік 
таудың басы болмасақ та, бауырындағы тасымыз» деп, өзгеден гөрі бір та
-
бан жақындығымды білдіріп, бой көрсетуге жарамаппын. Жасықтығым 
шығар...
Әміртай Бөриев дейтін жазушы, ерке қайным бір жолы: «Жеңеше, қолда 
тұрғаныңызда бірге суретке түсейікші»,– деп күлдіріп еді. Сол сияқты 
атамның шайын құйып жүргенімде мол мүмкіншілікті пайдаланып қалу 
қолдан келмепті. Әйтсе де әр нәрсе жолымен лайықты, атам тұрған жерге 
кимелеп дарақыланбай қалтарыста қалып, іштей мақтаныш сезіміне бөлену 
өзім ғана түсінетін бақыттылық еді.
Сурет дегеннен шығады, атамның партиялық билетіне жаңа сурет ке
-
рек болып фотографты үйге шақырттық. Сонда атам:
– Ержанның түлкі тымағын кигіз, менікін де әкел, – деп бұйырды.
Атамның өзі пішіп берген үлгісі бойынша апам Ержанға әдемі тымақ 
тігіп берген. Кішкентай баланың ұлттық баскиіммен жүргені таңсық 
көрініп, көшеде кездескендер қызыға қарайтын. Өзіне жұрттың назарының 
көп ауатыны тымағының арқасы екенін аңғарып, басынан тастамай киіп 
алатын. Ал атамның тымағы көнетоздау еді. Жаңа «менікін де әкел» де
-
генде, шырайына жақсы жарасар сусар бөркін кимей бұны қайтеді,– деп 
қынжылдым. Бірақ, амалым бар ма, алып келдім.
– Ата, мына тымақтың ұсқыны келіспей тұр, тым сабалақтанып кетіп
-
ті, – дедім, мүмкін айнытармын деген үмітпен.
– Это не важно. Не кисем де сол Бауыржанмын, – деп қолды бір сер
-
меді.
Сөйтіп, атасы мен немересі кабинетте қыстық киіммен сурет
-
ке түсті. Бақытжан үйде жоқ еді, ал менің қастарына барып тұра қалуға 
ынтыққанымды айтпаңыз. Бірақ атам тарапынан ондай пейіл байқалмаған 
соң, тағы бірде кезі келіп, сәті түсер деген оймен қала бердім.


138
Ержан сол суреттің біреуін өз меншігіне алып, үйге келген кісілерге 
көрсетуден жалықпайтын болды.
– Міне, көріңіз, – дейді, – атам менімен бірге суретке түсті. Атамның 
тымағы менің тымағым сияқты, атам маған ұқсайды, – деп мақтанғанда 
танауы шелектей болады. Баланың тілін қызық көріп біреуі күледі, біреуі 
«шындығында, солай екен» деп, өзі байқамай Ержанды одан әрі желпін
-
діріп, дем береді. Бақытжан осыны байқап, баласына кәдімгідей кейіді:
– Неге сөздің мағынасын бұзып сөйлейсің? – деді.
– Қалай бұздым? – деп Ержан таңданады.
– Жақсылап тыңда, қалай бұрмалайтыныңды түсіндірейін. Сен «атам 
менімен бірге суретке түсті» дейсің, ал дұрысы «мен атаммен бірге су
-
ретке түстім» болуы керек, «атамның тымағы менікі сияқты, атам маған
ұқсайды» емес, сенің тымағың атаңдікіндей, сенің келбетің атаңа ұқсайды. 
Енді ұқтың ба? Бұдан былай үйге келген кісіге өзіңнің кім екендігіңді 
танытпақшы болып суретті ала жүгіргеніңді қой. Сен екеуміздің атаңның 
баласы екенімізге ешкімнің таласы жоқ, бірақ суретпен дәлелдеуге жан са
-
лып, кез келген жерде алға тартсақ ұят болады, бізге жараспайды, – деп, 
кішкентай Ержанның ұғымына жеңіл емес сөздермен түсіндірді.
Бақытжанға ашық айтар таласым болмағанмен, баланың көңілін басып 
жасытқандай көрінді. «Япырмай, осы-ақ бүйректен сирақ шығарып жүреді, 
әйтпесе суретте тұрған не бар, мақтанса өзінің атасы, одан не зиян», – дей
-
мін ішімнен.
Беу, пендешілік-ай, сөйтсем Бақытжанның Ержанға айтқандарының ас
-
тары, титімдейінен санасына сіңсін деген мақсаты бар екен. Сурет екеш су
-
ретті жыртыққа жамау ететіндер кездеседі екен. Әрине, аты көпке әйгілі емес 
қарапайым кісілердің бейнесін ешкім саудаға салмайды. Соры қайнайтын-
дар – атақтылар. Белгілі адамдармен бірге түскен суреттің өзін олқы келетін 
жерде бет-бедел етіп, «пәленше-екең екеуміз» деп тәкаппарланып, ақкөңіл 
аңқауларды алдап соғуға пайдаланатындарға не дерсің?
1984 жылғы тамыздың ыстық күндерінің бірінде отыздың ішіндегі 
жігіт біздің үйге келді. Бұрын атамды іздейтін, енді ол кісінің аруағын сый
-
лап, ұрпағына келеді. Сондықтан есік ашқан адамды тосырқамаймыз. Осы 
жолғы жігіт те сөзді атамнан бастады.
– Атақты, айбарлы Бауыржан әкеміздің балаларымен танысайын 
деп әдейі келдім, – деді. Өзінің кім екенін таныстырудан бұрын қойын 


139
кітапшасының арасына салған бір суретті көрсетті. Суретте еліміздің 
қадірлі, жұлдызды ақсақалымен иық тірестіре отыр екен. «Өте жақын 
інісімін» деп, сол кісі жайлы әңгіме айта бастады. Адам жаны қашан 
да жақсыға құмар, әйгілі адамның суреті емес, дастарқан басында өзі 
отырғандай көріп, жігіттің сөздерін зейінмен тыңдадым. Бір кезде әлгі жігіт 
әңгімесін басқа арнаға бұрып жіберді.
– Бүгін ыңғайсыз жағдайға тап болдым. Бағана таксидің ішінде кос
-
тюмімді ұмытып кетіппін. Бар қаражатым қалтасында еді, қоса құрыды. 
Қалада құжынаған такси, қайсібіріне жабысасың, тапқан күннің өзінде бе
-
реді дейсің бе, көрмедім дейді, бітті. Жаңа осында келе жатып қалған тиын-
тебенді жинастырып, көкеме телефон шалдым. – Осы арада дастарқанның 
шетінде жатқан суретке қарап қойды.– Бүгіннен қалдырмай телеграфпен 
ақша саламын деді. Қанша айтқанмен шалғай аудан, келіп жеткенше жиыр
-
ма сом бере тұрсаңыздар, – деді.
Шашылып жатқан дүние жоқ, дегенмен қысылып отырған кісіге 
қалай жәрдемдеспессің. Біреуін бердім, бірақ неге екенін, бетіне қарай 
алмадым. Енді тезірек кетсе екен деген жасырын тілегім де болды. Жігіт 
«мың рақметін» айтып, кетуге жиналды. Бағанадан бері қалтасына салуды 
ұмытқандай дастарқанның бір шетінде жатқан суретке қол соза бергенде, 
Бақытжан одан бұрын лып еткізіп ала қойды. Тағы бір рет көрейін деген 
шығар десем, ойы бөтен, сөзі қисық.
– Іздеп келгеніңе рақмет. Ал мына суретті осы үйге сыйла. Біз секілді 
емес, ол кісіні күнде көресің. Басқа да талай суретің бар болар – деп, жігіттің 
келісімін күтпестен шкафты ашып, бір қағаздардың арасына сүңгітіп жіберді.
– Мен сізге бұдан жақсысын әкеліп берейін, тағы келем, тағы келем,– 
деп, қонағымыз жаман абыржыды.
– Осы да жарайды. Жақсы естелік болды бұл, – деп, Бақытжан жайбара-
қат балпиып тұр. Жігіттің енді айтар сылтауы болмады білем, басын изеп, 
зорлана жымиды. Бірақ байғұстың жымиғаны жылауға бергісіз болды.
Бақытжаннан мұндай қылық күтпеп едім. Біреудің затын сұрамақ түгіл, 
өз үйіңде не бар, не жоғын дұрыстап білмейтін адамның мына әрекетіне 
қалай ренжімессің. Ана жігіт табалдырықтан ары аттасымен:
– Масқара-ай, бермесін тартып алдық қой, тартып алмадық, сатып 
алдық. Көмек сұраған адамға қашаннан бері мұндай жәрдем жасайтын 
болғансың, – деп, ызамды ірке алмай екпіндедім келіп.


140
– Әдейі істедім. Осы үйден шығып, тағы бір жерге барып, жаңағы бізге 
көрсеткен спектакльді қайталамасына кім кепіл. Егер шынымен ақсақалдың 
жанашыр жақыны болса, атын сатпас еді. Бұл әншейін бір оңынан келіп 
қалған мүмкіндікті пайдаланып суретке бірге түскен біреу. Тіпті туысы бол
-
са да, алақол арамзалығы бар адам. Мен алып қалған сурет жалғыз болса 
жарар, егер көбейтілген болса ше? Ол да мүмкін. Папам «мамандықтың кіл
-
ті машықтануда» деуші еді ғой, сол секілді бұл да өз ісіне машықтанып 
алғаны көрініп тұр. Әй, ақыры жақсылыққа апармас, – деді Бақыт. Біз ол 
жігітті қайтып көрмедік.
Кейде атамның ілулі тұратын үлкен суретіне ұзағырақ көз алмай қарап 
қалғанымда, осы қазір қас-қабағы қозғалып сөйлеп кететіндей көремін. Бұл 
ешқандай әсірелеу де, қызыл сөз де емес, шынымен солай. Атам секілді 
алыптар лаулаған отпен рухтас. Айналасына жарық та береді, жылу да бе
-
реді. Адасқан, сол жарыққа қарап бағыт тапқан, тоңған – жылуынан қуат 
алған. Олардың жансыз суретінің өзін таза қолмен ұстап, адал ниетпен 
көзіне үңілсең талай сырды үнсіз ұқтырады. Менің атамның әрбір суреті 
тарихтың әр белесіне жол тартады, өмірдің әр кезеңінен шежіре шертеді.
Атам соншама құдіретіне қарамай, өз басын қорғауға дәрменсіз болған, 
кеудесі нысанаға ыңғайлы ашық өткен. Иә! Атам от болатын, сол отқа 
жақындаса күйетінін біліп, тиіп-қашып, бірақ сол маңнан кете алмайтын 
шыбын-шіркейлердің күйін кешетіндермен жағаласып майдаланбаған, 
олардың қалыбына жақындап төмендемей, тіршіліктен өтті. Енді тірілердің 
қолында суреті қалды. Тар пиғылдың көлеңкелі мақсатына немесе «жақын 
болғанын» дәлелдеуге жұмсай ма, жоқ баласының баласына ескерткіш бел
-
гі ғып қастерлеп сақтай ма, оны атаммен бірге бейнеленген адамдардың ары 
шешсін. Өйткені атамның суреті де өзін арашалауға, қорғауға дәрменсіз...
***
Атам таңертеңгілікте:
– Балам, мен бүгін тайекемнің (нағашы) аулына – Асаға жолаушы 
жүремін, – деді.
Жамбыл облысындағы Аса ауданының орталығында атамның өзі жақсы 
көретін жақын нағашысы Жігітеков Рақметхан көкем тұрады. Көкем сым
-
баты ақылына сай, аса бір мәдениетті, атамның талай жиендік «еркелігін» 
қабақ шытпай көтеретін ер көңілді, кең пейіл жан.


141
Атамның аяқ асты шешім қабылдай салатын әдетіне қанша көндіктім 
десем де, ылғи сасқалақтап қалатынмын. Бұл жолы да: Неге? – деппін.
– Неге дейсің бе? «Жастығың ойыңа түссе, нағашыңа бар, жігіттігің 
ойыңа түссе, қайныңа бар», – дейді қазақ атаң. Былтыр жігіт шағым есі
-
ме түсіп, қайын жұртыма – Семейге бардым. Бүгін бала кезім есіме түсіп 
отыр.
– Ата-ау, бір-екі күн бөгеле тұрмадыңыз ба? Тұрғын мен Нұржан
каникулға шығады, бірге кетер едіңіздер. Жолда қиналмас та едіңіз, – де
-
дім.
Тұрғын мен Нұржан Рақметхан көкеміздің осында, жоғары оқу орнын
-
да оқып жатқан балалары болатын.
– Сен менің әкем бе едің, шешем бе едің, маған ақыл айтатын?! Маған 
атқосшының керегі жоқ. Содан кейін, екі күннен соң менің қандай өнер 
шығарарымды қайдан білесің? Сен тұрмақ, өзім де білмеймін, – деді 
төбемнен одырая қарап. Сонымен сөз бітті, кешкісін жолға шықты.
***
Бір жаққа барсам болды, үйге қайтқанша асығатын бала шақтан бойы
-
ма сіңген әдетім. Жас кезімде ата-ананың жылы қанатының астына ену
-
ге асығасың, есейгенде сенің құшағыңды балаң асыға күтеді екен. Өзіңді 
үйде біреудің тағатсыздана күтіп отырғанын, керек екеніңді сезіну деген 
өмірді босқа сүріп жүрмегеніңе сеніміңді арттыра түсетін сияқты. Сол үшін 
бе, өзін ешкім күтпейтіндерді, үйінің есігін лажсыздан, кеш ашатындарды 
қатты аяймын.
Қазіргі жағдайымда жалғыз Ержан емес, үйге тезірек оралуымды 
атам мен Бақытжан да күтеді. Олардың баспа, редакциялардағы «алып ке
-
летін, апарып беретін» бүкіл жұмыстары менің мойнымда. Атамның сон
-
дай тапсырмасының біреуін орындап, үйге келсем, Ержан дегенің барлық 
ойыншықтарын атасының бөлмесіне тасып апарыпты. Ойыншықтың 
шашылмаған жері жоқ.
– У-у-у, пых-пых! – деп, үйді басына көтеріп, төрт аяқтап, паровоз бо
-
лып жатыр екен.
– Бұның не? Атаның мазасын алдың ғой, шық, қане! Ана жаққа барып 
ойна! – деп, орнынан жұлқып тұрғызып, есікке қарап итеріп жібердім де, 
шашылып жатқан кубик, машина... «солдаттарын» жинай бастадым.


142
– Бармаймын ол жаққа. Атамның қасында ойнаймын, – деп, қайтадан 
ойыншыққа жармасты.
– Барасың, – деп, қолынан мықтап ұстап есікке қарай жетелеп едім, Ер
-
жан кетпеймін деп тырмыса бастады.
Осы кезде үндемей қарап жатқан атам:
– Ержик, маманы тыңдау керек, – деді немересіне. Осының өзі жеткілік
-
ті болды. Қолына сыйған ойыншығын алып, бөлмеден шықты. Қалғанын 
мен жинап, еденді жым-жылас етіп, енді бітіріп келген шаруамды баян
-
дайын деп аузымды ашқаным сол еді...
– Керегі жоқ, – деді төбемнен қойып қалғандай екпінмен.
– Отыр! – Сұқ саусағымен орындықты көрсетті. Пышақпен кескендей 
сөзі де, қимылы да шұғыл. «Ол тықыр мен бұл тықыр ұқсамайды» деп өзі 
айтатынындай, бір пәленің басыма төніп келе жатқанын біле қойдым.
– Сенің балаң екені рас! Қалай тәрбиелеймін десең де ерік өзіңде. 
Баланың арасына түсуден аулақпын. Бірақ менің көзімше Ержанды жұл-
қылама! – Соңғы сөздерін тісін шықырлатып айтып, тістенген қалпы 
үндемей сәл отырып:
– Маған бөгет болып жатса, мазамды кетірсе, өзім тіл таба алам. А 
таких безграмотных педагогов мне не нужно, понятно?! – деп айқайлап 
жіберді. Басымды көтеруге шама қайда! – Айналдырған жалғыз баланы
жер-әлемге сыйғызбайсыңдар. Бала ойнамаған, бала шашпаған үйлерің 
құрысын! Не сұмдық бұл! Жұмыс істеп жатырмын деп анау данышпаның 
қасынан қуады, әрі бар тамақ пісіріп жатырмын деп сен айдап шығасың. 
Одан қалса, Апапаға апарып тастап құтыласың. Маған келіп еді жұлмалап 
ала жөнелдің. Кез келген жерінен теуіп ойнайтын доп па бала сендерге? Он 
человек! Надо уважать достоинство ребенка!
Аяқ-қолым дірілдеп, суық тер маңдайымнан бұрқ ете қалды.
– Кешіріңіз, ата...
– Жоғал көзіме көрінбей!
Атам ашуланғанда қарсы сөз айтып немесе ақтала бастасаң онда отқа 
май құйғаның, бұны жақсы білем. Сөйле десе де, ақталуға қазір сөз тап
-
пас едім, тілім таңдайыма жабысқандай мелшидім де қалдым. Мұндайда 
бейшарасынып көз жасыңды көрсетсең, тіпті қадірің кетеді. Осалдығыңды 
көрсе, аяудың орнына одан әрі қазық қып қағып, жермен-жексен етеді.
Өзімнің кабинетіме – асүйге келдім. «Күтіп отыр деп асығып едің, 
алдың сыбағаңды», – деп, өзімді-өзім табалап біраз отырдым. Қолым 


143
ештеңеге бармайды. Біресе сүлгіні, біресе пышақты мақсатсыз ұстай бе
-
рем. Атамның қасына қайта баруға жүрегі бар болғыр дауаламайды; аяғым 
баспайды. Ақырын асүйдің есігін ашып, берірек келіп тың тыңдадым. Ер
-
жан қайтадан кіріп кетіпті, даусы сол жақтан шығады. Кірсем бе, кірмесем 
бе деп есікке жақындадым. Ержанның шіңкілдеген, атасының гүрілдеген 
үндері кезек алмасып, кейде қосылып кетіп, бір әдемі дуэтке көшкен екен. 
Кіруімнің дәл қазір қажеті жоқ сияқты.
Бақытжан түнде таңға дейін жұмыс істеген. Қазір ұйқыдан өшін алып 
жатыр. Ояу болса да оған шағына алмайсың, көмек күтуге болмайды. Мен 
кінәлі болайын, болмайын басын кесіп алса да арашаға түсіп, араласпай
-
ды. Бөлмесіне кіріп, есігін жауып, машинкасын тықылдатып отыра береді. 
Кейде дәл осылай атамның қаһарына ұшырап, сыбағамды оңдырмай алып 
жатсам да, жұбайымның от шығармайтын осы бір әдетін азаматтыққа са
-
наймын.
Түскі асты сылтауратып, неде болса кірейін деп тұрғанымда, атаның өзі 
шақырды, даусы әрең естілді. Сөйтсем, Ержан атасының қолтығына басын 
сұғып ұйқтап қалыпты.
– Апарып жатқыз. Өзің қайтып келгін, – деді. Бағанағыдай емес, жүзі 
жұмсарған сияқты.
Ержанды апарып, дұрыстап жатқызып, атамның қасына келдім, нұс-
қаған жеріне отырдым.
– Мына Ержанды балалар бақшасына беру керек. Екі жылға жетпей 
мектепке барады. Балаларға үйреніп, тіл табысуы оңай болмайды. Өйткені 
жалғыз өсіп үйренген бала ешкімге қосыла алмай талай таяқ жейді. Көп 
баланың тобы жат болып көрінеді де, мектепке барғанда баланың пси
-
хикасына жаман әсер береді. Балалардан қашқақтаған соң олар да бұны 
қабылдамай, көпке дейін араларына сіңдірмей, түртпектейді. Балалардың 
қарым-қатынасының өз заңдылықтары бар екенін ұмытпаған жөн.
Мүмкін, мектеп бітіргенше, көптің ішінде жүріп жалғызсырап, мек
-
тепті жат көріп кетуі ғажап емес. Сонда қандай білімнің нәтижесін 
күтпексіңдер? Коллективке үйренбеген бала эгоист, өзімшіл болып өседі, 
өзін басқалардан ерекше, артық екенмін деп санайды. Ал ондайлардан 
шынайы азамат шықпайды. Ауылда болса бір сәрі, далада еркін жүру 
мүмкіндігі мол болар еді. Қалада төрт қабырғаға қамалып отыр, айнала 
қаптаған машина, өзін көшеге шығарып жіберу қауіпті. Үнемі ертіп алып 


144
шығуға сенің де мүмкіндігің болып жатқан жоқ. Қайта апапа алып кет
-
кенде өңіне қан жүгіріп, жел қағып, қоңырқайланып келеді. Бала өзі ша
-
малас тең-тұстарымен жиі араласып, асыр салып ойнап жатпаса жетектеп 
алып шығып қыдыртып әкелуден пайда шамалы, әншейін эпизодтық бірде
-
ме болады. Содан кейін, бұның жазу танып, кітапты өздігінен оқығанына 
мәз болмаңдар (Ержан жаза алмағанмен төртке толар-толмаста жазуы ірі 
ертегілерді өзі оқи беретін). Ол көзіне зиян және мектепке барып әліппені 
оқи бастағанда «мұның бәрін білем» деп мұғалімді зейінсіз тыңдап, сабақ 
үстінде зерігіп отыратын болады, міне, осы жерде өзімшілдіктің алғашқы 
белгісі қылтияды. Сондықтан мұны ойластыру керек, кейінге қалдыратын 
жай нәрсе емес, – деді.
– Балалар бақшасы туралы біз де ойлағамыз, – дедім атам сөзін 
аяқтағанда.– Бірақ реті келмей жатыр.
– Қандай реті?
– Көршілердің балаларындай емес, Ержан қазақша таза сөйлейді. Кейін 
қазақ мектебіне берейік дегенбіз. Үйдің қасында № 204-қазақ балабақшасы 
бар. Бір-екі жыл болса да соған барса деп едік, орын жоқ деп жолатар емес. 
Осы мәселе жөнінде аудандық оқу бөліміне де барғанмын, олар да орын жоқ 
деп отыр. Орысшаға мүмкіндік болып қалар, бірақ қазір емес дейді. Уақыт 
өтіп жатыр, орын табылғанша қашан! Оның үстіне қазақ мектебіне баратын 
баланың кейін тілі бұралып, екі ортада шалағай болып қала ма деп ойлай
-
мыз, – дедім мән-жайды ұқтырып.
– Өз ана тілінде тілі шықпаған баланың соры қайнайды. Қазіргі заман
-
да қала тұрмақ ауылдың балаларын орысша білмей қалады деу ақылға сый
-
майды. Ал енді қаланың қазақша оқыған баласы екі тілді де жетік білетін 
болады. Кейбіреулер қазақтың баласының қазақша сөйлегенін таңсық 
көргенде намыстанып жарыла жаздайсың. Өзге тілді білу артықшылық, 
ана тілді білу міндетің. Өз тілін сезбеген бала ана сүтін татпаған жетіммен 
бірдей.
Мына Бақытжан Алматыда туып-өсті. Орысша мектепте оқыды. Күрделі 
ойларын жеткізе алмай, сөздерін шашыратып жіберетіні сондықтан. Бірақ 
өзімен бірге оқып, тең өскен жолдастарына қарағанда көп артықшылығы 
бар, оны көріп жүрсің. Бұның тілі қазақша шықты, мамасы мен апапаның 
ортасында тәрбиеленді. Олар орысша жақсы білгенмен, үйде тек қазақша 
сөйлейтін. Содан кейін, «Лениншіл жастың» жігіттерінің әсері көп бол
-


145
ды. Олай дейтінім, мамасы ұзақ жылдар сонда істеген. Бақытжан тура 
редакцияның баласы сияқты болып кеткен. Жәмке марқұм өте кішіпейіл, 
көпшіл, ақжарқын, ешкімге жаттығы жоқ кісі еді. Әке-шеше, туыстары 
ауылда, өздері қалада қызмет істейтін талай жастарға есігін ашық ұстап, 
қамқор көңілін аямаған. Ол, мен ол кезде Мәскеудемін, жалғыз баланың 
жалғыздығын білдірмейін деді ме, әйтеуір, үйге адамның көп келгенін 
қалайтын. Мына өзің жақсы көретін қайын ағаң Шерхан, «Лениншіл 
жастың» қазіргі редакторы Сейдахмет ағаң, Хайдолла Тілемісов, Әбілмәжін 
Жұмабаев, Тельман Жанұзақов, Саттар Бөлдекбаев, Сапар Байжанов, 
Бүркіт Ысқақовтар Жәмкені біреуі апасындай, біреуі туған анасындай көріп 
сыйлайтын. – Қазір ойлап қарасам, Бақыттың тек тіл жағынан емес, жазу 
жағына ауғаны, журналистерді етене жақын, жақсы көруі солардың әсері 
болса керек. Сен байқайсың ба, өзінің қазір алпамсадай денесімен оларға 
бала сияқты еркелеуден қымсынбайды. Өйткені туған інісіндей көз алда-
рында өсті, – деді атам өшкен темекісіне бір қарап. – Ал сендердің Ержан 
туралы ойларыңды мен құптаймын. Ақылды шешім.
Атам қабағы қарс жабылып, темекісін үсті-үстіне сорып түтіндетіп, 
үндемей отыр. Үнсіздік созылған сайын көңіліме бір қауіп кірді. «Мені 
пайдаланғалы отырсың ба?» дегенді ойлап қала ма деп сескене бастадым. 
Егер Ержан туралы әңгімені өзі бастамағанда, балабақша жөнінде аузымды 
ашпас едім. Атам өз атын пайдаланған адамды оңдырмайды, білмесе амал 
жоқ, біле қалса, екі туып бір қалғаны болса да тәубесін есіне түсіреді. Өз 
басым, біржолғы жағымсыз жағдайдан кейін, тіпті «кімсің?» дегенге жау-
ап беруден аяғымды тартатын болғанмын. Ол былай болып еді. Атаммен 
бірге тұрған жылдардың алғашқы қысында базардан қолдың қымызын 
әкелетінмін. Қыстыгүні қымыз сатушылар да аз, алушылар көп. Қария 
кісілер ала таңнан барып күтіп жүреді, солармен мен де жүрем. Бірақ жақсы 
қымызға жете алмай тигенін алам, кей күні құр қайтамын. Оның үстіне, 
қымыз құмарлардың сөзіне қарасаң, кейбіреулердің қымызы биенің таза 
сүті емес көрінеді. Сондай бірдеңе қосылған қымызды әкеліп, онсыз да 
денсаулығы жоқ атамның асқазанын бұзып жүрермін деп ойладым. Сонда 
барып жүргенімде бір байқаған нәрсем: үсті-басы жинақы, салмақты келген 
орта жастағы апайдың қымызын күтушілер ылғи көп болады, лезде талап 
алады. Қайтсемде осы апайды айналдырмақ болып, ол кісі үйіне қайтқанда 
артынан жүріп отырдым. Ілескеннен ілесіп аялдамаға дейін келдім де:


146
– Апай, мен қымыз алушылардың бірі едім, бірақ сізге жете алмай-ақ 
қойдым. Қымыз өзіме емес, қайын атама керек еді, Момышұлына. Үйіңізге 
өзім барып алып тұрайын, әйтпесе сізден қымыз алатындар өңкей үлкен 
кісілер, таласып-тармасуға ыңғайсыз, – деп өтініш айттым.
– Шырағым, қасиетті кісінің келіні екенсің, сөзіңді жерге тастамаймын. 
Үйге барып әуре болма, қаланың сыртында алыс тұрамын. Өзім күнара ке-
лем, сен мені базардан емес, осы жерден ертеңгі 7-де күтіп ал. Жеті-сегіз 
литрден артық әкелмеймін, соның жартысын құйып беріп жүрейін, – деді.
Апай уәдесінде тұрып, айтқанын орындады. Бара-бара арамыз тіпті 
жақсарып кетті. Атам мен Бақытжан қымызды ұнатып отырып ішіп алады. 
«Басқа бәле қызыл тілден» дегендей, жақсы қымызға қолымның қалай жет-
кенін бір күні мақтанып айтып қойғаным... Жартылай қымызы бар кесені 
атам жерге бір періп күл-талқанын шығарды да, үндемей бөлмеден шығып 
кетті. Ол аз дегендей, Бақытжан айқайлады:
– Ты хоть понимаешь, как подло отца утопила в рублевом кумысе?!
«Ойлап жүргенім осылардың қамы емес пе? Бұлар неге сонша шала 
бүлінеді, судың орнына сүйсініп ішсін дегеннен басқа жазығым не?» – деп, 
мен де іштей ызаландым.
Атам қайтып мен әкелген қымыздан татпайтын болды. Мінеки, атамның 
атын пайдаланғанымның алды-арты осы болды. Алғашында жәбірленіп, 
ренжігенім рас, бірақ болашақта өзімше ауа жайылмауыма, Момышұлы 
үйінің бір мықты ережесін қайтып бұзбауыма үлкен сабақ болды. Тұмсық 
көтере шіреніп, атын сыртынан пайдалануға, өзге тұрмақ, балалары біздің 
адамгершілік қақымыз жоқ. Кез келгенге араластыру – төрдегі басын есік-
ке сүйрейтін ұят әрекет, оны бір сәтке де ұмытпау міндет екен. Ойлап 
қарасаңыз, атамның даңқына, сіңірген еңбегіне біздің ешқандай теріміз 
төгілмеген. Момышұлының баласы, келіні, немересі, жиені, құдасы, тағы 
«біреулері» деген тек жақындық атаулар ғана.
– Сонымен, – деп атам гүр еткенде селк ете қалдым.
Себебі, атам біраз үндемей қалған аралықта осындай өткен-кеткенді 
ойлап кетіп едім.
– Не болды?!
– Жай, ештеңе, – дедім.
– Баяғыда қазақтың бір атақты шонжар байы Меккеге барыпты. 
Арабтардың жерін көргенде: «Япырмай, Мұхаммед пайғамбарды құдайдың 


147
қимас досы деп дәріптеуші еді, сондағы жарығаны осы ма? Алақандай ірге 
жаяр тәуір қоныс сұрап ала алмаған соң, құдайдың тамырымын деп несіне 
пайғамбар болып қоқырайып жүрді екен депті», – дегенде күліп жібердім.
– Әй, балам, неге күлесің? Сонымен, жалғыз немереге бақшадан бір 
орын таба алмасам, несіне қоқырайып жүрмін, – деп өзі де күлді.
Ертесінде ертеңгі астан кейін:
– Киімдерімді әкел! Өзің де киін! – деп бұйырды. Қайда баратыным-
ды білгім келсе де сұрамадым, өзі айтпай тұрып қазбаласаң, ертпей кетіп 
қалуы мүмкін. Біздің жиналып жатқанымызды көрген Бақытжан:
– Қайда барасыңдар? – деп сұрады.
– Қайда баратынымызда шаруаң болмасын. Ержанмен ойнап отыра 
тұрғын, – дегенде күліп жібере жаздадым.
– Жарайды, – деді Бақытжан. Атамның көзін ала беріп: «Қайда?» – деп 
маған ымдады, мен білмейтінімді сездіріп, иығымды қозғадым.
Біз далаға шығып, Комсомол көшесінің бойына түскен соң, атам өзін 
қолтықтап жүруді бұйырды, сөйтті де:
– Жығылсам нардан жығыламын, аттан жығылмаймын: мен шабандоз-
бын. Ал есегіңді мініп көргем жоқ, – деді.
Сонымен атам екеуміз қалалық комитеттен бір-ақ шықтық. Жоқ деген 
орын бар екен, бүгіннен бастап баланың керекті қағаздарын дайындайтын 
болып үйге қайттық. Жұмысымыз біткенмен атам күрсініп, үндемей келе 
жатты. Себебін сұрауға батпадым. Бір кезде атам:
– Ақымақтар! Қоңырау деген пәлеге үйреніп алған, төбелерінен 
шұқымаса, ханға сәлем бермейді. Заңды нәрсені қиындатып, сасық қулық 
істейді, қашан қалар екен бұл сұмпайы індет?!
– О не, ата? Кімді айтасыз?
– Бюрократ, таныстық, жең ұшынан жалғасу дегенді білесің бе? Білсең – 
сол, – деді. Ашуының төркіні не екенін түсіндім де үндемедім.
Ержанның балабақшаға баратын болғанын естігенде Бақытжан:
– Қарай гөр бұл жаманды! Жасым отыздан асқанша туған әкемнің атын 
бір пайдаланбадым. Бесіктен белі шықпай жатып таныстықпен орналаса-
ды, – деп, Ержанның төбесінен шертіп қалды.
– Әй, Черновик! Оттамай жайыңа тұр! Это место по праву принадлежит 
ему. Только ты за себя постоять уже сможешь, а он – нет, по малости своей. 
Дети являются единственным привилегированным классом в нашем обще-


148
стве, в нашей стране. Это сказал не я, это говорит партия! Ал сен өзің адам 
болдың, әрі қарай да менсіз жүре бер.
Бақытжан желкесін қасып, басын шайқап, үндей алмай тұрып қалды.
***
Сонымен баламыз үйдің қасындағы №204-қазақ балабақшасына ор-
наласты. Ержан алғашында бақшаға баратын сәтті тағатсыздана күтіп, 
құлшынып-ақ жүрді. Сол күні ертеңгілікте өздігінен оянып, киімін өзі ки-
юге тырысты. Ал атасы тіпті азаннан тұрып алған: «Әй, Баха, ұйқыңды аш, 
Ержик бүгін қызметке барады»,– деп гүрілдеп, баласын оятып жіберді. Тура 
Ержанды армияға шығарып салғалы жатқандай, үйімізде бір әдемі қарбалас 
басталып кеткен.
Кешке қарай баламды алып қайтуға бақшаға барсам, өзге балалар асыр 
салып ойнап жүр. Ержан кішкентай ағаш үйшікке арқасын сүйеп жалғыз 
тұр. Екі көзі қақпаға телмірген, мені көрген бойда тұра жүгірді. Келе мой-
нымнан құшақтап:
– Маматай, мені тезірек әкетіңізші, – деп, булыға сыбырлады. Осы 
сөздерді бақырып жылап, жер тепкілеп айтса соншалық әсер етпес еді, 
баламның жалынышты өтініші жүрегімді бір аунатып тастағандай, буын-
буыным босап барады. Әйтсе де осалдығымды білдірмей:
– Сен осы арада сәл күте тұр, мен апайыңа жолығып шығайын, содан 
кейін бірден үйге қайтамыз, – дедім де, тәрбиешіні іздеп кеттім. Ондағы 
ойым, Ержанның бақшадағы алғашқы қадамын қалай бастағанын, өзін 
қалай ұстағанын білгім келді. Өйткені ертеңгілікте «кешігеміз» деп асығып, 
бақшаға қарай ентелеп еді, жаңағы сөзі көңіл жұбанарлық емес.
Тәрбиешімен сөйлескенде ол кісі былай деді:
– Жалғыз өскен бала екені көрініп тұр, оңашаланып бөлектене береді. 
Бірақ әлі-ақ үйреніп кетеді, бәрі өзі секілді балалар, оған қам жемеңіз. Кейде 
көпке дейін көндікпей, жылап қашатындар кездеседі, жүре келе олар да жу-
асып, бақша тәртібіне дағдыланады. Сіздің балаңыз жыламады, тентектік те 
жасамады, – деп, әлдебір қызық нәрсе есіне түскендей сыңғырлап күліп жі-
берді, – Ержан түскі астан кейін менің қасыма келіп: «Апай, тамақтарыңызға 
рақмет, мен енді қайтайын, үйім жақын, төбесі көрініп тұр, өзім тауып ба-
рамын», – деп, ересектерше сөзін таптағанда, ал кеп күлкі қыссын. Мен 


149
оған кетуге болмайтынын жайлап түсіндіріп, ұйықтайтын бөлмеге апарып, 
төсегін көрсетіп бердім. Қабағын шытып томпиғанмен, қарсы сөз айтпа-
ды, – деп, баламның ештеңе бүлдіре қоймағанын әңгімелеп берді.
Біз үйге келген соң атасы мен папасы алдынан шығып, бірінші «жұмыс 
күнін» қалай өткізгенін сұрағанда, бұртиып қалды. «Өздеріңіз тыныш үйде 
отырасыздар. Мені шулайтын жерге жіберіп, басым ауырды. Мен бармай-
мын. Апама кетем...», – дегенде алдымен Бақыттың көзі бақырайды. «Қа-ра 
бұны...», – деп келе жатыр еді, атам иығынан қағып тоқтатып тастады. Ер-
жан соны байқай қойып, одан әрі үдете түсті.
– Ұйқым келмесе де, ұйықта дейді. Арқасында бұрандасы бар маймыл-
мен ойнайын десем, бір бала бұл сенікі емес, общий деп итеріп жіберді. Мен 
жығылып қалдым. Мұрат деген бала ұятай сөз айтты. Мен енді бармаймын. 
Әйтпесе, әйтпесе жылап-жылап, өспей қоямын, – деп, бізді қорқыта бастады.
«Масқара, – дедім ішімнен, – бауырымдағы баланың осынша-
ма өзімшілдігін бұрын қалай байқамағанмын. Тақылдап үлкен кісіше 
сөйлегеніне мәз болғаннан саумын ба осы. Әлден бастап өзім деп, жан 
тыныштығын қорғаса, бара-бара не болмақ. Есейе келе көкемізді көрсетпесе 
не қылсын» деген ащы ойлар санамды сабалады. Бір жағынан анасы болған 
соң мұндай қыңырланып келе жатқанына мен де кінәлімін. Көңілім басы-
лып, ұнжырғам түсе Бақытжанға қарасам, оның да өңі алабұртып килігу-
ге дайын тұр. Кеше апам: «Бақытжан бақшаға бар болғаны бір күн барып, 
содан кейін сүйресек те баспай қойды. Ал пионер лагерінен, сонау таудың 
басынан жаяу қашып келген. Күні бүгінге дейін өзімен-өзі оңаша жүргенді 
жарататыны жасынан көпке араласпағанынан», – деп еді. Сол есіме сап 
ете қалып, Ержанның мына сүйкімсіз қылығына нағыз айыпкерді енді 
тапқандай, атама білдірмей Бақыттың жотасынан шымшып алдым.
– Ой, мынау қайтеді, – деп ол қиқаң еткенде, атам:
– Араласпай тұра тұршы, – деді баласына, шамасы Ержанға тиіскелі 
жатыр десе керек.
– Айтарыңды айтып болдың ба? – Атам немересіне сынай қарады.
– Айналайын, ата, мен мазаңызды алмаймын. Ойыншық шашпаймын. 
Тыныш отырып ойнаймын. Сіз мамама «Ержанды бақшаға апарма» деп 
айтыңызшы, – деп, атасына жалынышты көзбен жәудіреді.
– Жүр менімен бірге, – деп, атам Ержанға қолын ұсынып еді, бала ілесіп 
кете барды. Осы арада Бақытжан маған жұдырығын көрсетіп, сазайыңды 


150
кейін тартқызам дегендей, аналардың артынан кетті. Мен қайдан қалайын, 
барсам, атам креслоға өзі жайғасыпты, Ержанды қарсысындағы төсектің 
үстіне шошайтып отырғызып қойыпты.
– Жап-жаңа жылтыраған көп шегені үлкен бір құрылысқа әкеліпті, – 
деп, атам ойламаған жерде тосын бір әңгімені бастады. – Оларды жас шебер 
жігіт көріп: «Пах-пах, неткен әдемі еді, біркелкі түзуін-ай!» – деп қызыға 
сүйсініпті. Шегелер өздерін мақтағанға қуанып, «Енді тезірек жұмысқа 
кіріссек екен, сонда мына жас шебер біздің мықты, беріктігімізді де 
көрер еді» десіп жымыңдай сыбырласыпты. Солардың ішінде бір шегенің 
қырсығы ұстап, өз-өзінен тас-талқан болыпты. «Неге мен басқалармен бір-
дей болуым керек, мен бұлардан артықпын. Сондықтан бөлек кеткенім жөн, 
әйтпесе менің ерекшелігім көрінбей, көптің бірі болып қаламын», – деп, 
жолдастарының қатарынан секіріп түсіп кетіп қалады. Ал, шындығында, 
қырсық шегенің өз құрбыларынан титтей де, айырмашылығы жоқ екен. 
Содан не дейсің, әлгі шеге салынып жатқан үлкен құрылысты аралап келе 
жатады. – Әңгіме десе аузы аңқаятын Ерекеңнің әдеті, атасының әр сөзін 
жұтардай болып көзін алмай отыр.
– Құрылыс болған соң, әрине, жұмыс көп, талай жерге шеге керек, бірақ 
қырсық шегенің еш орынға бұрылғысы келмейді. Қалпағын қырлап киіп, 
түзу аяқтарын тәкаппарлана адымдап, жүре береді, жүре береді. Орын 
тауып тұрақтамай, тек сайрандай береді. Бір күні, найзағай ойнап, аспан 
гүрілдеп, қалың жаңбыр жауады. Жас шебер қатары бұзылмай тұрған көп 
шегені құрғақ, қалқа жерге кіргізіп, ұқыптап үстін бекітіп қояды. Ал қырсық 
шеге қайтті дейсің ғой, ауыздықсыз ат секілді лағып, мақсатсыз қыдырып 
жүріп, жауынның астында қалады. Қайда тығыларын білмей олай-бұлай 
безектеп, жалғыз өзі жол таба алмай сүме-сүме су болады. Ол аз дегендей, 
жүгіріп бара жатқан біреу батпаққа құлатады. Мықшыңдап тұра берейін 
дегенде, тағы біреу белінен басып кетеді. Қырсық шеге сол жатқаннан мол 
жатады. Батпақтың астында қанша уақыт болғанын өзі де білмейді, тек жо-
тасынан күннің ыстығы өтіп, бүкіл денесі күйіп бара жатқанда ғана көзін 
зорға ашып, есін әрең жияды. Өзіне барлап қараса, адам танымастай өзгеріп 
кетіпті. Қалпағы мыжылған, бұрынғы едірейіп тұратын қыры салтақ-салтақ 
кір, белі шодырайып, іші қабысып, екі бүктетіліп қалыпты. Түрегеліп 
жүрейін десе, тұра алмайды, ұмтылады, ышқынады, бірақ қозғалуға шама 
жоқ. Қырсық шеге өзінің бейшара халіне күйініп, көзінің жасын көлдетеді. 


151
Амал қанша, одан жеңілдік болмайды. Неге осындай дәрменсіз, сорлы күйге 
ұшырадым деп ойлайды. Бәленің бәрі – жұмыс істегісі келмей, жолдаста-
рын менсінбей, олардан бөлініп кеткен соң басталған екен. Осыны түсініп, 
енді қайтсе де құрбыларына жеткісі келеді. Алайда айтуға оңай болғанмен, 
орындалуы қиын еді. Неге десең, бұрынғыдай тік басып жүре алмайды. 
Бірде еңбектеп, бірде жамбасымен сырғи сүйретіліп, шаршап, қажып, тот 
басып, баяғы құрылысқа әрең келеді.
Алғашында жолдастарының ешқайсысын таба алмайды. «Е, олар да мен 
секілді жалғыз-жалғыздан тарап кетіп құрыған екен ғой», – деп, қайтадан 
қапалық басады. Не істерін, қайда барарын білмей екі бүктеліп жатып, айна-
ласына алақтап қарай береді. Сөйтсе жағдай мүлде басқаша екен, өзі құсап 
құрыды деген жолдастарының бәрі осы маңда, бірақ әрқайсысының қатқан 
орны бар. Бір тобы терезе жақтауларында, бір тобы есіктерде және бір үлкен 
бөлігі үйдің шатырында жалтырайды. Жүздері ашық, көңілдері шат, өздеріне 
тиісті міндеттерін атқарып тұр. Қырсық шегенің солардай болғысы келеді. 
Бір орын табылып қалар деген дәмемен әдейі көзге түсетін жерге сүйретіліп 
барады. Бірақ қисық, тот басқан шеге кімге керек, қайсы шебердің қолына 
түссе де, лақтырып тастайды. Сөйтіп, ақыр аяғында сыпырынды, қоқыс 
төгетін орыннан бір-ақ шықты. – Атам әңгімесін осы араға жеткізіп, – қырсық 
шеге секілді болғың келе ме?– деп Ержанды селк еткізді.
Ол атасының сұрағына көп бөгелмей жауап қатты:
– Жоқ. Болғым келмейді.
– Болғың келмесе, өзің сияқты балалардың арасынан, құрбыларыңнан 
неге қашасың? – деді атам.
Ержан пысылдап, мұрнын тартып, кішкентай саусақтарын шұқылап 
төмен қарап отырды да:
– Жарайды, ата, шыдап көрейін, – деді.
– Міне, бұл – ақылды адамның сөзі. Сенің осылай айтарыңды білгенмін. 
Әншейін, бір кішкене әлсіздік басқан ғой. Менің немерем ондай-ондайға 
жеңіле қоймайды, – деп, атам Ержанға қарай қолын созды. Ол төсектің 
үстінен сырғып түсіп, атасының бауырына кіріп кетті. Атам кекілінен си-
пап, маңдайынан сүйді.
Ержан тұрмақ, Бақыт екеуміз әңгімеге құлай беріліп, ұйып тыңдаппыз. 
Ең бастысы, тарамыстай тыртысып, енді бармаймынға басып байбалам 
салған Ержанның қалай оп-оңай көне қалғанына қайранбыз. Егер біз кіріс-
кенде, екеуміз екі жақтағанда, ондай нәтиже шыға қоюы екіталай еді.


152
– Ата, ана шеге не болды? Оны ешкім, ешкім көрмеді ме? – Шығып бара 
жатып, Ержанның сұрағын естіп, есік түбінде аялдадым.
Бала жүрегі бейшара болған бақытсыз шегенің керексіз болып қалмай, 
жақсы бір нәрсемен біткенін тілейтін секілді. Ондай құдірет-күш тек 
атасының қолында тұр деп, үміттене қарай берді. Атам «көрдіңдер ме?» де-
гендей біресе Бақытқа, бір сәт маған көз тоқтатып:
– Ол шегені қолы ісмер, ақылды адам тауып алды, – деп, қайтадан 
әңгімесін жалғастырды. – Бірақ шегені сол күйінде еш жерге пайдалануға 
болмайтынын көрді. Мұндай қисық шегеге орын табу мүмкін еместігін 
біліп, оны түзетуге кірісті. Қалай дейсің ғой? Қысқышпен қысып ұстап 
темір төске салып, балғамен жанын шығара соққылады. Шеге өзіне қанша 
ауыр болғанымен, тістеніп шыдады, қыңқ етпей ерлік көрсетті. Есіңде бол-
сын, кінәні қасқайып мойындау да ерлік. Сонымен жаңағы ақылды адам 
шегені түзулеп, татын тазартып, киімілгішке қағып қойды. Ал шеге болса, 
адамдарға қызмет етіп, қажетке жарап, септігін тигізгеніне өте қуаныпты, – 
деп, атасы әңгімесін біржола қорытындылады.
Осы мысал-әңгімені атам бұрыннан білген деп ойламаймын. Немересінің 
бойынан қылт еткен бір жағымсыз мінезді зеректікпен аңғара қойды. Аңғара 
қойды да, асқындырмай алдын алды. Қалай исең солай өсетін жас шыбық 
сынды сәби жаратылысының өзіндік ерекшелігін ескерді. Аталық ақылын 
құрғақ насихатқа айналдырмай, сөз жүйесін ұшқыр тауып, бала санасына 
әсерлі әдіспен сіңірді.
***
Бүгін демалыс күні. Менің қазіргі атқарар «қызметім» – атамның күтімі, 
бұған демалыстың керегі жоқ. Бақытжан туған баласы болса, мен де бала-
сымын, әке алдындағы болар-болмас еңбегімді ешкімге міндет етпеймін. 
Мұны перзенттік борышым деп білемін.
...Атам екеуміз үйде қалдық. Бақытжан жылдан аса қолтығын қажаған 
балдағынан құтылып, бір таяқпен жүре бастағалы бері, далаға шығып 
қыдырып келетін халге жеткен. Баласы екеуі ертеңгілікте аяқтарының 
ұшынан басып, ақырын ғана шығып кеткен. Себебі, атам аппақ таңға 
ұйқтаған жоқ, жұмыс істеді. Тек таң ата көз ілгендей болған. Алайда 
ұйықтап та жарытпады, үш-төрт сағаттан кейін оянып, бері шықты.


153
– Балашка, – деді атам менің сәлемімді алған соң – кешегі әңгімені 
қағазға түсірдім, осының «Ұшқан ұяға» бір тарау болатын сыңайы бар. 
Үстелдің үстінде жатқан қызыл дәптерде, оқып шығам десең рұқсат, – деді.
Атам оразасын ашқан соң газет қарай бастады. Мен атам айтқан дәптерді 
алып, бері келіп, оқуға кірістім. Бір таңғалғаным, атам түнде бізге әңгімені 
қалай баяндаса, қағазға солай төгіліпті. Мен жазушы емеспін, бірақ мұның 
оңай шаруа емес екенін жақсы сезінемін. Өйткені көкейіңде сайрап тұрған, 
бас-аяғы жинақталған бір бүтін нәрсені қағазға түсірейін десең-ақ болды 
шашырап сала беретінін күнделік жазғалы бері біліп жүрмін. Кейде не-
бір шебер әңгімешілердің жазғанын оқыр-оқымастан-ақ көңілің ортайып, 
зерігіп шыға келесің. Атамның мына жазғаны – өңдеуді қажет етпейтін, 
есте қалар дайын әңгіме. Осы шағын шығарманың тууына немересі себеп-
ші еді. 
Біздің үйде домбыра тартатын ешкім жоқ, бірақ атаға сыйға келген 
домбыралардың екеуі ілулі тұратын. Кеше Ержан домбыра «тартқысы» 
келіп, қайта-қайта қыңқылдап мазамды алған соң біреуін әпергенмін. Әрі-
бері айналдырып болған соң, құлағынан даңғырлата сүйреп, атасының 
қасына жетіп барды. Атам баласы екеуі бір ескі суреттерді көріп отырған. 
Ержанның мына қылығы атама қатты ұнамады. Мені ала көзімен бір шолып 
өтіп, көріп отырған суретін үстел үстіне тастай салды.
Қаршадай басымен өзінің бірдеңені бүлдіргенін сезгендей жақын ба-
рып, кішкентай алақанымен атасының бетін сипап:
– Ата, мен көп емес ойнадым, – деді. Оның мүләйім пішіні ашуын 
тарқатса да, бізге зілдене сөйледі.
– Домбыра деген қазақтың қасиетті дүниесі. Өздерің тарта алмасаңдар 
да, қадірлей біліңдер. Баланың бойына халықтың рухани байлығын сіңіру
осындайдан бастау алады. Домбыраның сырлы сазына ауызданбаған бала, 
уызына жарымаған көтерем қозыдай болады. Домбыраны қастерлей білме-
ген қазақтың баласы туған халқының жанын білмейді, ал халықтың жа-
нын түсінбеу деген тамыры шабылған ағашпен тең. Ондай ағаш жапырақ 
жайып сая да болмайды, жеміс те бермейді. – Атам біраздан соң қабағы 
ашылыңқырап, бір әңгімені бастап кетті.
– Біздің тұқымда күйді сүйіп тыңдап, түсінетіндер болғанмен, атақты 
күйшілер, анау айтқан домбырашылар болған жоқ. Бірақ күні бүгінге дейін 
Орманқұл есімнен кетпейді. Біздің Құлилардың ішіндегі Үсен тармағына 


154
Өтеулі, Батырбек, Әжі ұрпақтары жатады. Біз Әжі баласына кетеміз де, 
Орманқұл Өтеулі әулеті болатын. Сол Орманқұл менің Момынқұл көкеммен 
құрдас болатын. Өзі жалғыз басты кедей жігіт еді... – деп, аса бір сырлы да 
мұңлы әңгімені айтып берді. Бұл әңгіме «Ұшқан ұяға» жаңа тарау болып, бір 
үтір, нүктесі өзгерместен енгізілді. Оқырман қауымға әңгіме желісі атаның 
өз кітабы арқылы таныс болғандықтан, мен бұл жерде қайталамадым.
Бақытжан жазатын адам емес пе, алақаны қышып әңгімеге қызықты. 
Жазғысы келгенін шет жағалап әкесіне айтып көріп еді, атам «нет» деп ба-
сын шайқады.
– Мен сенен тақырыпты, сюжетті қызғанып отырғаным жоқ. Жаза 
алмайсың. Сен оны көрген жоқсың. Орманқұл домбырасының үнін естіген
жоқсың. Мен алған әсерді, сен сезінбейсің. Өзіңнің төкпе тіліңе салып әдемі 
сөзді қанша селдетсең де, сенімсіз шығуы мүмкін, – деді.
– Папа, әңгімеңнің күшті әсер еткені рас, алайда сенің айтқаның 
көкейіме қонады. Дегенмен бұл сюжетті жылы жауып қоюға болмайды, 
қағазға тезірек түсірсеңші, – деді. Айтқандай-ақ, әңгіме сол түні жазылып 
шықты.
***
...Есіктің қоңырауы сылдыр еткенге есік ашсам, орта бойлы, шымыр 
денелі, қара торы, қалың шашын артына жатқыза тараған, кең маңдайлы бір 
бейтаныс жігіт тұр екен.
– Сәлеметсіз бе? Бауыржан атаның пәтері осы ма? – деді.
– Иә, осы. Үйге кіріңіз, – дедім.
– Ол кісіні көруге болар ма екен?
– Ұйқтап жатқан жоқ па, қазір қарап келейін. Сіз мына жаққа өте 
беріңіз, – деп, өзім атаға барсам, әлі газет оқып жатыр екен.
– Ата, бір жігіт сізге келіп тұр, – дедім.
– Е, кірсін. Осында ертіп келгін, – деді.
Бейтаныс жігіт атамның бөлмесінің есігінен кіре бере:
– Ассалаумағалейкум! – деп, екі қолын бірдей ұсынды.
– Уағаликумассалам! – деп, атам да ықыласты дауыспен сәлемін алып, – 
мына креслоға жайғасып отырғын, – деді.– Қарағым, не шаруамен келіп 
едің?
– Сыртыңыздан бірнеше рет көргем, кітаптарыңызды түгел оқығанмын. 


155
Сіз туралы жазылғандардың бірде-біреуін жібермеуге тырыстым. Ди-
дарыңызды жақыннан көріп, сөзіңізді естуге құмар жанның бірі едім. Баты-
лым жетіп келген шаруам сол, – деді. Өзі қысылып-қымтырылмай, салмақты 
сөйлейді.
– Шырағым, өзің өлең жазбайсың ба? – деді, неге екенін қайдам, атам 
жігіттің бетіне жымия қарап.
– Жоқ. Ондай үлкен өнерден құр алақанмын, бірақ жақсы өлеңді 
оқығанды ұнатам, – деді жігіт.
– Мамандығың қандай?
– Тоқыма фабрикасында істеймін, – деді.
Атам сол арада әлі кетпей тұрған маған қарап:
– Балам, қонаққа дәм әзірле, біз әңгімелесе тұрайық, – деді.
Мына жігіттің сәлем беру мәнері атама ұнады. Өйткені жақсы 
қабылдады. Әйел адам болса бір сәрі, ал енді ер кісілердің, әсіресе өзінен 
кішілердің, «сәлеметсіз бе», «амансыз ба» дегеніне атам:
– Іздрәсти, – дей салады, немесе – здрам-жлам, – деп ұсынған қолды 
көрмегендей төбесінен қарайды. Бұның мәнін талайлар біле бермейді, 
атамның «қырсығы» ұстап қалғанын аңғармайды.
Атам Ержанға қос қолдап, кәдімгідей қазақшалап сәлем беруді баяғыда-
ақ үйреткен болатын. Бала емес пе, алғашқыда қызық көріп атасына кірген 
сайын амандаса беретін. Атам да немересі үйренсін деді ме, күніне қанша 
рет сәлем берсе, сонша рет қабылдайтын. Бұл күнде, қаланың баласы 
болғанмен, сол атасы үйреткендей үлкенге ізетпен амандасуынан танған 
жоқ.
Мен дастарқан мәзірін алып барғанымда атам кеудесін көтеріңкіреп, 
арқасын жастыққа сүйеп, сөйлеп отыр екен. Ана жігіттің бар ынта-пейілі 
атама ауған, жағын таянған күйі көзін алмайды.
– Тамырбояу деген сортаң жерге шығатын сабағы қатты шөп. Соның 
түбірін қазып алады, аршып, жарып суға қайнатады. Алғашқы қайнатпасын 
төгіп тастайды, суды жаңалап құйып, тағы қайнатады. Қайнай-қайнай 
қоюланған соң ашудас қосып жүн бояйды, тері бояйды. Өзінің түсі 
бағжиған емес, сүйкімді сары болып келеді. Ал енді жосабояу деген бар, 
онымен киіз үйдің ағашын бояйтын. Бұл өзі бор шығатын тау, қырқаларда 
уақ, сұрғылт сары тас күйінде кездеседі. Соны жинап әкеп, отқа күйдіреді. 
Әбден өртеніп болғасын, суға салса езіліп, қып-қызыл болып шыға келеді. 


156
Күйдірген күйі алып қойса – дайын бояу. Онымен киіз үйдің кереге, уығын 
бояғанда, жылқының, қойдың майына езіп жағады, артынан малдың шикі 
бауырымен ысқылап сүртеді, өйтпесе бояу тез көшіп кетеді. Ал кәдімгі 
талдың, қарағаштың қабығын қайнатып та тері бояйды. Қарағым, дәм алып 
отырғын, – деп, атам шанышқыны қолына алды.
Мен атамның мына әңгімесін естіп отырып қайран қалдым, осының 
бәрін қалай біле берген? Кеше Бақытжан аударып жатқан жұмысын тастай 
салып:
– Папа, «Тазтырна», «Қазанат» деген не пәлелер? Жұмысым тоқтап 
қалды, – деді.
– Е-е, олар құмның жылқылары ғой. Тазтырна қылағай, жіңішке бола-
ды. Мініске төзімсіз, тамақ талғайтын тұқым. Тазтырнадан өрен жүйріктер 
шықпайды, тез тыз етпе, ошақ басы ғана шабысы болады. Қазанаттың жөні 
бөлек. Тазтырнаға қарағанда мініскер жылқы. Етсіз басты, омыраулы, бура 
сан, сауырлы болып келеді. Өзі тамақ талғампаз емес. Бұлардың арасынан 
бәйге жүйріктер көп шығады. Бірақ құмның қай малы болмасын тақыр 
жерге келгенде табаны тайып, жүріске онша жарамай қалады, – дегенде, 
Бақытжан аяқ астынан мұншалық толық түсінік алғанына таңғалып:
– Ну-у-у, папа! Жанды энциклопедиясың тура, – деп, әкесінің жүзіне 
қызыға әрі сүйсіне қарап еді.
Өмірінің көбін елден тыс жерде өткізді. Қар жамылып, мұз төсеніп, 
қырғын соғыстың ортасында кеудесін оққа тосып, Отанын қорғады. 
Одан кейін академияда оқыды. Сібірде әскери қызметте болды, академи-
яда әскери тактикадан сабақ берді. Халқымыздың рухани мәдениетінің 
тарихынан үлкен орын алатын күрделі де маңызды кітаптар жазды. Өзге 
адамның басынан өтпеген шешуі қиын өмір соққыларын басынан кешірді. 
Енді келіп, өмір бойы бояушы болған адамдай, қазақтың жерінде кездесетін 
табиғи бояулардың егжей-тегжейін айтып отыр. Кейінгі әңгімелерін жөнді 
ести алмадым, Ержан мен папасы келіп, солармен айналысып кеттім. Оның 
үстіне әйел адамның майда тіршілігі біте ме, қазан-аяқ деп жүріп, кейде 
талай нәрседен шет қалып жатасың.
Қонақ жігіт екі сағаттан аса отырды. Қоштасып, кетерінде атам есікке 
дейін өзі шығарып салды. Бұл жігіт атама аса ұнаған екен, әйтпесе кез кел-
генді орнынан тұрып шығарып сала бермейді.


157
– Құтпан қарағым, үйді көрдің, келіп тұрғын, – деді. Құтпан кеткен соң 
Бақыт: «Бұл кім?» – деп сұрады.
– Өзі еті тірі, есті жігіт. Тоқыма фабрикасында істеп, сырттай ауыл 
шаруашылық институтында оқиды екен. Әкесі жоқ, шешесі ағасының
қолында Зайсан жақта тұрады екен. Ағасы көп балалы көрінеді. Соларға 
салмағын салмастан, әрі оқып, әрі жұмыс істейді. «Оқуым бітсе, елге кетіп, 
өз мамандығым бойынша жұмыс істеймін. Түкпірде жүріп, көп нәрседен 
кенже қалыппын, қанша айтқанмен, астана – білім-мәдениет ордасы, шамам 
келгенше білуге тырысып жүрмін», – дейді. Мұқаңның музей үйінде болып 
тұратын Қазақ әдебиеті мен өнері халық университетінің сабағын жібермей 
қатынасады екен. Әр түрлі тақырыптағы әңгімелерге өзінше талдау жасап 
отыр. Өзіміздің жазушыларды былай қойғанда, басқа халықтың алдыңғы 
қатарлы әдебиет өкілдерінің шығармаларына оқырман ретіндегі ойын ба-
тыл да әдемі айтады екен.
Атам осының бәрін мақтанышпен баяндады. Бұл кісі өзгенің бойындағы 
жақсы қасиетті көре білетін, соны өз жетістігінен артық бағалайтын. 
Жастардың мінезіндегі жалқаулық, бойкүйездікті, әсіресе өздері еңбек 
етпей, төрт түлігі сай болып кеудесіне нан пісіп жүретін еркетайларды 
жиырыла жек көретін. Ондайлардың алдымен әке-шешесін кінәлайтын. 
«Ата-ананың дәулеті уақытша қанат бітіріп шалқытқанмен, қанаты сәл 
қайырылса, ол ақсаусақ көкелер еңбектеуге жарамай қалады. Өйткені, 
аяқтарымен өздігінен жүруге үйренбеген», – дейтін.
Құтпан үйге талай рет келді. Атам жоқ кездерде Бақытжанмен 
әңгімелесіп тұратын. Кейін оқуын бітіріп еліне кетті, көпке дейін хат жа-
зып тұрды. Атам сол жігіт келгенде көңілденіп қалатын, жақын адамындай 
қарсы алатын. Сағаттар бойына сөйлесіп отыратын. Құтпан сол әңгімелерден 
біраз жайды көңіліне түйгені анық, мүмкін баласының баласына қайталап 
айтып берер.
Атам еңбекқор жастарды жақсы көретін. Олардың өршіл талабына қанат 
бітіріп, алға басқан әр қадамына өнеге болған ұлы тұлға еді.
***
Жаңа жыл кешін өз отбасымызбен қарсы алуға дайындалып, үстел жа-
сайын деп жатқанымда атам:


158
– Балам, қай кезде болмасын дастарқанға ең алдымен нан қоюды есің-
нен шығармағын, – деді.
***
Атам екеуміз бір жақтан келе жатыр едік, алдымыздан атаның танысы 
кездесе кетті. Аман-есендік сұрасқан соң әлгі кісі:
– Қалай қартайып кеткенсіз? Тү-у, қалай өзгергенсіз? – деп, атамды аяп, 
мүсіркей сөйледі.
– Сен өзгермепсің. Ақымақ өңін жасқа бермейді. Дураком был, дура-
ком остался, честь имею, – деп, атам таяғын жоғары қарай бір көтеріп жүріп 
кетті.
***
Атам Жазушылар одағындағы бір жиыннан келген соң: – «Байлаудағы 
бұзау бұқа болмайды» дегендейін, әлі жассың ғой деп, аяқ-қолдарын 
тұсап, талай жастарымызды қартайтып алыппыз. «Кәрі айғыр үйірін 
қайтара алмайдының» салдарынан ауызбірліктен айырылып жүргенімізді 
мойындауға тура келеді,– деді.
***
– Бауке, мені М-ға мақтапсыз ғой, – деді бірде дырдай атағы бар жа-
зушы ағай атама қарап.
– Басқаларға айтып жүрсін деп әдейі мақтадым.
– Сөзіңіздің төркінін түсінбей тұрмын, Бауке.
– Тактика, батенька, тактика.
– Қандай тактика?
– «Таспен ұрғанды аспен ұр» дейтін...
***
Қызмет орны дырдай бастыққа әлдебір жұмыспен кіріп шыққан атам:
– Ол менің маңдайымнан қарады, мен оның төбесінен қарадым. Шалқая 
берген бастан шаш та қашады екен, байғұстың төбесі жып-жылтыр, – деді.


159
***
«Қайда жығыларымды білсем, сабан төсеп қояр едім» депті ғой біреу. 
Сол айтқандай, қырсық ескертіп келе ме, күтпеген жерде кездесті; қойдың 
жамбас сүйегі мен құйымшағының жігін ажырата алмай жатқанымда 
пышағым тайып кетіп, оң қолымның алақанын орып түсті. Қас қағымда не 
болғанын сезбей қалдым, іле қан саулай жөнелгенде тура пышақ ұстаған 
қолымның қалай кесілгеніне ақылым жетпеді.
Пышақ батыңқырап кетсе керек, қан тоқтар емес. Йод та жақтым, бай-
лап та көрдім, көмегі шамалы, таңған дәкем лезде шыпылдап шыға келеді, 
әрі тұз құйғандай ашытып барады. Тіпті болмағасын, қолымды қалың ора-
малмен орай салып, дәрігерге жүгірдім. Бір оңдысы – поликлиникамыз 
жақын, бар-жоғы екі-ақ көше.
Қай жерің ауырса, жаның сол жерде тұрғандай көрінетін әдеті, қазір 
қансырап құлайтындай сабырсызданып, дәрігерге кезек күтіп отырғандар-
дан рұқсат сұрадым да, кабинетке кірдім. Соншама жетіп қалған қауіп жоқ 
екен, дәрігер салмақты қимылмен дәрі-дәрмегін жағып, тап-тұйнақтай ғып 
байлап: «Ертең келіп қайта таңғызыңыз», – деп шығарып салды. Адам де-
ген қызық қой, осыдан жарты сағат бұрын басыма бәле төнгендей денемді 
діріл басып қорқып едім, дәрігерден шыға сала: «Ойбұй-й, тамақты қалай 
жасаймын», – деп, күйбең тіршіліктің уайымына түстім.
Қолымды қоқайтып есіктен кіргенімде, атамның үні шошына шықты.
– Не болды! – деді көз шарасы үлкейіп (үйдегілер қолымды жаралап 
алғанымнан бейхабар болатын).
– Абайламай кесіп алып... қан тоқтамаған соң дәрігерге бардым, – деп 
күмілжи жауап қаттым.
– Кескен замат білегіңді қысып таңбадың ба? – деді.
– Сасқалақтап жүріп есіме келмепті.
– «Үрейдің көзі үлкен» деп қорқынышқа бой алдырып қалтырағансың
ғой, шамасы. Сұрын қара-ей, ауырған адамдай. «Есіме келмепті» дейді, әй 
қойшы, сені де дәрігердің семьясында өскен дейміз-ау! – Атамның зілсіз 
сөккені мені еркелете жұбатып, маңдайымнан сипап жатқандай сезілді. 
Кенет әке-шешем есіме түсіп, көңілім босап барады. Көзіме іркіліп, кір-
пігімді қақсам домалауға дайын тұрған жасты әрең тежедім. Өйтсем, бала 
құсап қолын кескенге жылады дер. Жүрегімнің дәл сол сәтте мейірім аңсап 


160
езілгенін сөзбен қалай ақтарайын. Минуттық әлсіздігімді бүркемелеу үшін 
бірдеңе деу керек. Сондағы аузыма алғаш түскені «тамақты қайттім» болды.
– Қайғысының түрін-ай! – деп атам күліп жіберді. Сөзге араласпай үнсіз 
тұрған Бақыт әкесінің күлкісі жан бітіргендей:
– Қайтушы едің, «Өнерлі қол аш болмас», өзім-ақ жасаймын. Бұрын сен 
келмей тұрғанда менің арнайы аспазым болды дейсің бе? Нан илей алмай-
мын, былайғы тамақтың талайы қолдан келеді. Рагу дейсің бе, котлет дейсің 
бе, борщ дейсің бе...– деп тізбектей жөнелгенде:
– Шіркіннің желдей есуін, көреміз әлі, – деп, атам қолын бір сілтеп, 
қасымыздан кетіп қалды. Бақытжанның айтып тұрғаны жай мақтану емес, 
шынында, асты тәп-тәуір әзірлейді. Бірақ өте бір лажсыздық болмаса, мені-
мен қабаттасып қазан-ошаққа араласпайды.
Сол күннен бастап менің тынымсыз тіршілігім сап тыйылды, әдеттегі 
жеңіл қозғалатын қимылымнан айырылып ой басты. Бос бір кеңістікте, 
ешкімге енді қажетім жоқ пайдасыз адамға айналғандай жан дүнием 
қоңылтақсып, өзімді қоярға жер таппадым. Үй шаруасынан босағым келіп, 
қолымды әдейі кескендей өз-өзімнен қуыстанамын. Отбасында әркімнің 
алатын орны, керек жері бар емес пе, мен содан жұрдай болған секілденем. 
«Маған тіреліп тұрған ештеңе жоқ екен-ау» деймін кәдімгідей күйініп. 
Өйткені бір өзім атқаратын шаруаның бәрі бөлінді; Ержанды апам алып 
кетті, дүкеннен таситын азық-түлік, айран-сүтті інім жеткізіп береді, тамақ 
істерде Бақыт асүйге кіргізбейді. Алғашында оған көмектеспек болып, 
«ананы аз салдың, мынаны көп қостың» деп араласып едім:
– Мен тамақ әзірлегенде қасыма келіп мазамды алсаң, аяғыңды 
қырқамын, ызылдамай кет әрі, – деді де, асүйден айдап шықты.
Атам Бақыттың істеп берген асын қалай ішер екен десем, көңіл үшін 
көз қыла ма, жоқ шынымен ұнай ма, әйтеуір, мені мақтамайтын кісі баласы 
әзірлеген асты мақтауға жомарт-ақ.
Осылай үш-төрт күн өтті. Дағдылы хал-жағдайымның шырқы бұзылып, 
іріген сүттей берекесі кеткесін, қабағым ашылып күлуден қалдым. Айна-
лама бейжай қарап, салақси бастадым. Менің осындай келісімсіз кейіпке 
енуім атама ұнамады.
– Қолыңды құшақтап үйдің ішінде бос сенделгенше, неге кітап 
оқымайсың? Уақытын өткізе алмай зерігетін адамдарды суқаным сүймейді, – 
деді. 


161
«Әй, ақымақ басым-ай! Әншейінде бірдеңені оқып тастауға мүмкіндік 
таба алмай жүрем. Өзімді іштей кеміріп қинағанша неге кітап оқымасқа» 
деп, атамның сөзінен кейін сергіп, тіпті қуанып кеттім.
Кітаптары жиірек көріне бастаған өзіміздің бір жазушының рома-
нын бастадым. Қаламы төселген, жазу техникасын жақсы меңгерген, тілі 
шұрайлы қаламгер біраздан соң көңілімді суытты. Қалыңдығы көз тоқтатып 
қарайтындай көлемді шығарманың кейіпкерлері – кілең бір жеңілтек, 
тиянақсыз, жарының көзіне шөп салып, жылы ошағын мұздатып ұя бұзған 
әйелдер мен жылпос жігіттердің қармағына ілініп, алданған қыздар. Еркек-
тер де жетісіп тұрған жоқ, «Қай жерді бассам аяғым таймайды» деп, жүріс-
тұрысын есеп-пайдаға құратын пысық, өмірді өз қалауынша шайқап, әйел 
тағдырын қақпақылша қағып, кейде ауыстырғандай оп-оңай алмастыра са-
латын бір сабаздар. Осылардың кесірінен бірді-екілі жағымды кейіпкерлері 
ұтымды шықпаған. Менің таңғалғаным: автор әйелдерді жазғанда сөзін де, 
бояуын да аямайды. Ала алмай жүрген өші бардай олардың іс-әрекетін су-
реттеуге құлшынып, ішкі қоймасын сілекейі шұбыра ақтарады.
Кітаптың соңғы бетін жапқанымда: «Япырмай, бұл кісінің аялаған ана-
сы, қадірлейтін жары, жанашыр апа-қарындасы, бауырында қыз баласы жоқ 
па екен? Әйел затын неге сонша қорлап ластаған? Тазарту, биікке көтеру өз 
қолында еді ғой», – деп ренжідім.
Жаман ба, жақсы ма, бала кезден келе жатқан бір әдетім – кітап кейіп-
керлерін өмір сүріп жүрген адамдардай қабылдаймын. Сондықтан болар, 
мына қаламгердің шығармасындағы қаптаған «махаббатшыл» әйелдердің 
мінез-құлқы қазақтың бүкіл ақ жаулықты аруларына күйе жағып жатқандай 
намыстандым. Күні ертең осы кітап орыс тіліне аударылып, Одақ көлеміне 
тарағанда өзгелер біз туралы не ойлар екен? Жасөспірімдер ше? Қандай 
өнеге, қандай эстетикалық тағылым алмақшы? Өмір тәжірибесі жоқ жастар 
шын тіршілік осы екен деп тұрмысқа, жар сүюге жеңіл қарап, шалыс баспа-
сына кім кепіл?
Біз Әйгерім мен Тоғжанды, Ботагөзді үлгі тұтып өсіп едік. Олардың 
жүріс-тұрысына, сөйлеу мәнеріне, өзін ұстауына еліктейтінбіз. Солар секіл-
ді сүйікті жар болуды армандап, адалдыққа ұмтылушы едік. Мүмкін, қазір 
уақыт басқа дейтіндер бар болар, бірақ қай дәуір болмасын адамгершілік, 
нәзіктік, жар алдындағы тазалық, төзімділік әйелдің асыл қасиеті, көркі емес 
пе? Әрине, бес саусақ бірдей емес, өмірде не кездеспейді. Жазушы ұнамсыз 


162
қылықты әйелдер арқылы оқырманды ойлантып, «бұлай болмаңдар» де-
гісі келетін шығар. Дегенмен сол бір ұнамсыз жандарды әсірелеп кітапқа 
жазып, жай адамның қолында жоқ сөз өнерін олардың сүйкімсіз тірлігін 
суреттеуге қор қылғанша, бір асыл арудың бейнесін жан-жақты сомдап жа-
саса, оқырманның талғам тәрбиесінде мәні салмақты болар еді.
Басқаларды білмеймін, өз басым кейіпкерлерін сыйламайтын, олар-
ды қинап, тағдырдың тәлкегіне салатын қатыгез жазушыларды кім болса, 
ол болсын, ұнатпаймын. Осы оқыған романның ішінде бір әйел адасып, 
былғанып, қат-қабат жан азабын тартып жүріп, ақыры кездейсоқ өліммен 
өлді. Ол байғұсты марқұм еткен автор. Өйткені кейіпкерінің қызықты 
жүрістері таусылғанда, авторға да қажеті болмай қалды, қайда жіберерін 
білмеген соң қазаға ұшыратып құтылды.
Жүз таныстығым жоқ жазушымен үйде отырып дауласқанмен, ештеңе 
өзгерген жоқ. Шығар кітап шығып кетті, қаламгердің бұрынғы жарық 
көрген еңбектерінің саны тағы бір кітапқа артты. Оның өз есебі өзінде, жеке 
оқырман ретінде менің өз пікірім өзімде қалды. Әйтсе де автормен іштей 
айтысып талай жерге барып қалыппын, ойымды біреумен бөліспесем болар 
емес. Атаммен бұл кітап жайлы сөйлесе алмаймын, қайын ата мен келіннің 
ортаға ашық салмайтын нәрселері көп. Ал Бақытжанға ой түйіндерімді 
айтуға болады.
Бақыт менің кіргеніме көңіл бөлмеді, өз-өзінен күбірлей сөйлеп, 
әлденені жылдамдата жазып жатыр. Дереу есігін жаба қойдым. Жұмысы 
жақсы жүргенде осылай сөйлеп жазатын әдеті. Мұндайда қасына барып 
дыбысыңды шығарсаң, бітпес дауға қаласың. «Геройларымды шошыттың», 
«Ойымның әуенін бұздың», «Сөзімді ұмыттырдың», тағысын тағылар, 
қаптаған кінәні мойныма ілгенде, жазықты боп шыға келем. Оған өкпелеуге 
болмайды, өйткені ойды ой қуалап, сөзді сөз қуалап көкейден тоғытыла, 
сөйлеп жазатын сәттері күнде түгіл айында бола бермейді. Шабыт деген 
сол шығар.
Атам жақ та тым-тырыс. Ақырын барып есігінен сығаласам, бейкүнә 
сәбидей бұйығып, бір рақат ұйқы бесігінде жатыр екен. Атамның күндізгі 
ұйқысы ұзақ болмайды, бірақ аз уақыттың ішінде таң асқан тұлпардай 
ширығып, аса көңілді оянады. Осындайда дәліздегі телефон нағыз тілсіз 
жау, түбінен шығарып тастамасақ, тыныштығын бұза салады. Бұл жолы 
үйреншікті сол әдісті қолдандым. Өзім, ақыр тындырып жатқан ісім 


163
болмаған соң, үлкен бөлменің есігін қымтай жауып, теледидардың даусын 
баяу шығарып, экран алдына жайғастым. Алматыдан көркемөнерпаздардың 
концертін беріп жатыр екен, басталып кеткендіктен, қай жердікі екенін біле 
алмадым. Шындығында, қазір маған не көрсетсе, кім айтса да бәрібір бо-
латын. Төрт-бес ән мен күй орындалған соң концерт жүргізуші «Халық әні 
Ақбөпе» деп хабарлағанда елең етіп, ынтамды аудара тыңдай қалдым.
Анам марқұмның бірсыдырғы жағымды даусы бар еді. Көбінесе іс тігіп 
немесе тоқыма тоқып отырғанда баяу үнмен: «Ескі Шудың бойында бес үй 
отыр. Ақбөпеден айрылып несіне отыр», – деп осы «Ақбөпе» әнін бастап ке-
тер еді. Бұл әннің жүректі сыздатар мұңы, тек өзіне тән нақышы бар, «Ахау, 
Ақбөпе-ай, қош аман бол. Ахау, Ақбөпе-ай, айрылдым-ау», – деп, әрбір екі 
жолдан соң қайталанып отыратын қайырмасының өзі-ақ орындалмаған ар-
ман мен жүрек күйігін төгіп жатқандай көңілің жабырқап, әлдеқайда өзіңе 
беймәлім замандарға жетелеп әкетеді. Қиялыңызда бір суреттер көлбеңдеп 
көзіңе елестейді.
– Это не так поется! – деп, дәл желке тұсымнан атам саңқ еткенде, ор-
нымнан ұшып тұрдым.
Апам қайтыс болғалы бері «Ақбөпені» естіп отырғаным осы, бар 
ықыласым әнге ауып әрі ыңылдап қосылып кетіппін де, атамның келгенін 
байқамаппын. Ол кісі менің әбігерленіп қалғаныма назар салмай, бөлмеден 
шықты да кетті. Теледидардан күнде айтылып жүрмеген сирек ән туралы 
әлгі сөзі тосындау естіліп, аң-таң күйде қала бердім. «Әйтеуір, тегін емес, 
ізін суытпай сұрап қалайын, осында бір сыр бар», – деп, атамның қасына 
келдім.
– Отыр, – деді, артынан көлеңкедей ілесіп келерімді күтіп тұрғандай.
«Үйдегі ойды базардағы баға бұзады» демекші, менің ойым орындалма-
ды, сұрар сөзімді жұптап үлгергенше, есіктің қоңырауы сылдырлай жөнелді. 
Орнығып отырмай жатып қайта көтерілдім. Қонақ ауыл үйдің адамы емес, 
елден келген бір туысымыз екен.
Екі күн өткен соң кешкі астан кейінгі жайбарақат демалатын кезімізде 
жадымнан шықпай, ынтықтырып жүрген «Ақбөпе» жайлы сұрамақ бол-
дым.
– Ата, алдыңғы күні «Ақбөпе» әнінің орындалуын жаратпадыңыз 
ғой, – дедім.
– Иә. Жаратпадым. – Атам құс жастықты шынтағының астына ала, 


164
бері қарап бұрылды. – Мен даусымды шығарып ән салсам, қандай әнің 
болмасын басы жарылып, көзі шығады, сондықтан айтпаймын. Бірақ мен 
әншімін, – деді.
– Оһо, ән салмайтын әншіні бірінші көруім! – деп Бақыт күліп жібер-
ді. – Сондай да бола ма?
– Болады, – деді атам паңдана. – Болады. Белгілі бір әннің мәні мен сәні, 
ырғақ діріліне дейін көкейде айтылатыны бар. Өзің дауыс көтеріп шырқай 
алмайсың, бірақ кеудеңде күмбірлеп тұрғандай болады. Сол әнді біреу 
бұзып айтса, құйқа терің құрыстайды.
– Ә, ә, енді түсіндім сөзіңнің астарын. Ондай-ондай менде де болады, – 
деді Бақыт.
Ықыласты сөз бастаған атам, лезде көзін жартылай жұмып, қалғыған 
кейіпке енді. Баласы қайта-қайта қыстырыла бергенге шырт етіп қиқарланып 
отыр ма деп күмәндана жүзіне қараймын. Қайсыбір шақтарда атам тара-
пынан айтылғалы тұрған дайын әңгімеден осы Бақыттың кесірінен құр 
қалушы едім.
– «Ақбөпе» әнін Белгібай ақыннан естігем, – деп, атам жаңағы бейжай 
күйден арылғандай, сөзін бастап кетті. – Белгібай күңіренте отырып ғажап 
әсерлі орындайтын. Әннің шығу тарихын да сол кісінің аузынан естіп 
едім. Белгібай Бектұрғанов. «Ақбөпені» алғаш рет Арқаның атақты әншісі 
Шашубайдан, ал Шашубай Жетісу жерін аралағанда ән иесі Сауытбектің
өзінен үйреніпті. Белгібайдың айтуынша, бұл әнді үзілдіріп аса шебер са-
латын тағы бір адам – Кенен Әзірбаев. Өкінішке орай, Кенекеңнен естудің 
сәті түспеді, – деп бір тыныстады.
Біздің назарымызды өзіне толық аударып алды да, асықпай темекі 
тұтатты. Сөзінің кіріспесіне қарағанда, үлкен әңгіменің нобайы байқалады. 
Күні бүгінге дейін «Ақбөпені» халық әні деп жүргем, авторы белгілі, әрі 
тарихы бар екенін білгесін тағатым таусылып-ақ отыр.
– Мына Шу өзені мен Қорағаты өзендерінің құяр тұсының екі ара-
сы аша секілді көрінгендіктен, Аша аталып кетіпті. – Әңгімені кеңінен
өрістетердегі әдетімен қарапайым, жалпақ тілмен сөз бастады. – Револю-
циядан бұрын осы маңды мекендеген елді жер атымен Аша болысы деген 
екен. Осы Аша болысынан Шу бойына атағы жайылған Сауытбек ақын 
шыққан. Ол – Ұса деген тақыр кедейдің алты ұлының бірі. Ұсаның ке-
дейлігін Сауытбектің бетіне басып, кеміткісі келген қарсыласы: «Әкеңнің 


165
қырық шоқпыт, шұрық-тесік үйіне мың торғай қамаса, бірі қалмай ұшып 
кетеді», – деп келемеждепті. Осыған қарап-ақ әл-ауқаттарының қандай 
болғанын көздеріңе елестете беріңдер.
Сауытбектің аға-інілері жалшылықтан шыға алмай, кісі есігінде тесік 
өкпе болып, жоқшылықпен күн кешіпті. Айналасы осылай жұтап тұрғанда 
Сауытбек қайдан жарысын, ол да тұрмыс тауқыметін көп тартқан. Тек оның 
бауырларынан артықшылығы – жез таңдай әнші, суырып салма ақындық 
өнерімен ел аузына ерте ілініпті. Ән мен жырға келгенде, мал кемдігін естен 
шығаратын көшпелі елдің салты, Сауытбек те жиын-той, сауық-сайранның 
ұйтқысы, отқа тиген желдей қыздырушысы екен.
Енді осы Аша болысындағы елдің құлақтағы алтын сырғадай сәні – 
Ақбөпе есімді сұлу бойжеткен болыпты. Оның туып-өскен аулы Аралтөбе 
деген жер. Ақбөпенің әкесінің аты, ұмытпасам, Өтелбай. Пәлендей шалқыған 
бай болмағанмен, өзіне жетерлік дәулеті бар ауқатты кісі екен.
Ақбөпе қырдың қызыл қызғалдағындай көркімен, ақыл-парасатымен, 
күміс қоңыраудай сыңғырлаған әншілігімен аты шығыпты. «Жақсыны 
көрмек үшін» деп, оны көруге, тілдесуге құмарлар көп болыпты. Бірақ 
Ақбөпе өте зерделі, қызыққанның бәріне көз сала бермейтін әдепті, салмақты 
жан екен. Ақбөпенің атағы өз елінен асып, Алатауда жатқан елдерге жетеді. 
Арнайы ат сабылтып іздеп барып көріп қайтушылар оның даңқын одан әрі 
ауылдан-ауылға, елден-елге жая түскен.
– Сауытбек ақын мен Ақбөпе арудың қоныстары іргелес, ауылдары ара-
лас-құралас болғандықтан той-томалақ, алтыбақан, шілдехана, бастаңғы 
секілді жастар бас қосатын сауықтарда кездесіп жүріпті. Келе-келе олар 
бір-бірін аса қадірлеп жүрекпен ұғысады. Алайда ол заманның қалыптасқан 
дағдысы, ертеден келе жатқан салт-дәстүрі талай жастарды арманына 
жеткізбеген. Олардың жолын көлденең кесер тосқауыл бөгеттер аяғын 
тұсап, жойқын дариядай өткел бермеген. Теңсіздік құрығынан құтылуға 
бұлқынған кейбір жастар мерт болып, елі шабылып, малы барымталанып, 
бәрібір бір-біріне қосыла алмай азап тартқан.
Адамдық қасиетінде міні жоқ ер жігіттің өзі басына тіккен үйі, 
өрісте малы болмаса қанаты қайрылған құстай жапа шеккен. Ақбөпе мен 
Сауытбектің де тілек-мақсаттары орындалмайды; Алатаудағы Қасқарау 
руының мықты бір шонжары мол қалыңмал беріп, Ақбөпені айттырады. 
Өтелбай белді жермен құда болып, қыруар қалыңмал кеңірдектен өтіп кет-


166
кен соң, қызының өтініш-наразылығына қарамастан, тездетіп той жасап 
Ақбөпені ұзатқан...
– Сауытбек ше?! – Бақытжанның даусы жарықшақтана шығып, әкесінің 
сөзін бөлді. – Қолынан түк келмегені ме?!
– Әй, балам-ай, сен бүгінгі дәуір адамының көзқарасымен сұрап тұрсың 
білем. Әйтпесе жаңа біраз түсіндірген жоқпын ба? Сауытбек қарап қалды
дейсің бе, ол да неше түрлі амал қарастырып, алып қашпақ болған. Бірақ 
шынжыр балақ, шұбар төс бай оларды бір төбеден асырмай-ақ ұстайды. 
Қорғаушысы жоқ жалғыз атты жарлы жігіттің басы ықпалы жүріп тұрған 
күштінің қанжығасында кетпей ме?
– Түсіндім, түсіндім. Ақбөпені ұзаттық. Әрі қарай не болды? – деді 
Бақыт әңгіме желісінің қиғаштап бара жатқанын сезгендей.
– Ақбөпенің келін боп түсетін жері мен Аралтөбе аулының ара-
қашықтығы алты көштік, яғни, алты қонып баратын жер екен. Одан не 
дейсің, қызылды-жасылды сән-салтанатпен Ақбөпенің көші Алатауға жол 
тартқанда күйіктен өртенген Сауытбек бірнеше жолдастарымен көшті жа-
намалап, Ақбөпеге арнаған зарлы әнін айтып бірге жүріп отырған. Бесін-
ші қонаға келгенде Ақбөпенің күйеуі өзінің мекенжайы – Қасқарау елінің
шегіне кірді. Сол күні әбден ыза кернеген, намыстан жарылардай болған 
ол Сауытбекке кісі жіберіп, былай депті: «Мен бүгінге дейін Сауытбектің 
жүгенсіз қылығына тыйым салмай шыдадым. Енді жетер осы басынғаны. 
Мен өз жерімнің шетіне жеттім, ертең елімнің ішіне кіргелі отырмын.
Бұдан әрі Сауытбек ілеспесін, үнін естіртпесін. Бұл айтқаныма тоқтамаса, 
Сауытбектің құнын төлеуге әлім де, малым да жетеді», – депті. Сауыт-
бек елінің ішіне кіріп отырған азулы күйеумен қалай тірессін, өзін былай 
қойғанда, Ақбөпені жазым етермін деп еріксіз тоқтайды.
– Сыңарынан айрылған аққудай боп жылай-жылай құр сүлдері қалған 
Ақбөпе алға кетеді, айналаны күңірентіп «Ақбөпе» әнін аңыратып запыран 
зармен Сауытбек кері қайтады. Ақынды көрген қариялардың әңгімесіне 
қарағанда, ол өле-өлгенше «Ақбөпені» айтып өткен. Әнді ел аузынан есті-
ген адам көзіне жас алмай қоймайды екен. 
– Қай шамада өмір сүрген кісі? – деді Бақыт атам сәл кідіргенде.
– Сауытбек алпыс екі жасында, 1933 жылы қайтыс болған дейді. Сонда 
оның туған жылы – 1871 жыл. Ал «Ақбөпе» әнін жиырма төрт, жиырма бес 
жастар аралығында шығарыпты деседі. 


167
– Ал Ақбөпенің тағдыры не болды? – деп, Бақытжан тағы сұрақ 
қойды.
– Күйіктен көз жұмған қазақтың қыздары аз ба еді ол дәуірде. Ақбөпе 
де барған жерінде көп жасамай, құсадан қаза болыпты, – деді атам.
Бақытжан орнынан бір қозғалып:
– Біздің қазақтар қызық болған-ау өзі. Қыздарының бетін тұмшалап 
жаппай, жүздерін ашық ұстаған, сауық-сайранға жігіттермен бірдей жі-
берген, көзінше әбес сөз сөйлемеген. Өзі кимесе де, оңды киімді қыздың
үстіне жапсырған, дәмдіні жегізген, жорғаны мінгізген. Сөйтіп, әлпештеп 
тұрып, адам нанғысыз қатыгездікке барып, перзенттерін бақытсыз ет-
кен. Осыны түсінбей-ақ қойдым.
Атам баласының сөзіне жауап қайтармады, есесіне маған қадала қарады. 
Соншама тіктелген ата назарынан көзімді алып қашып, таңулы қолымның 
дәкесін жөндегенсідім. Басымды көтермесем де сезіп отырмын, атам әлі 
қарап отыр. Бір нәрсе айтатын болар деп біраз күттім, қозғалар емес. Әрі 
қарай шыдай алмадым.
– Шай қояйын, – деп күбірлеп шыға жөнелдім.
Қандай құдіреттің сөйлетпей қойғанын қайдам, Ақбөпе әңгімесі 
басталғаннан ләм деп дыбысымды шығармай отырыппын. Жаңа атам 
менің бірдеңе деуімді күтті ме, жоқ ашқарақтана сөзге сонша құныққаным 
ұнамады ма, білмеймін.
Сәлден кейін Бақытжан бері шығып, шай жасауға жәрдемдесті. Екеуміз 
шыны-шәйнегімізді көтеріп, атаның жанына кіргенде:
– Балашка, әлгінде бір жайларды ойлап кетіппін. Ернің жыбырлап 
қаша жөнелгеніңде, көзім сені нысанаға алып отырғанын бір-ақ білдім.
Шындығында, ойым сен туралы емес болатын, бекер қуыстандың, – деді.
Әне, ылғи осылай, өзі састырады, өзі жұбатады. Атам бір кесе шайды 
үнсіз ішіп:
– Шай дәмді екен, осының ақысына тағы бір әңгіме айтып берейін, – 
деді жайдары үнмен.
– Қайран, әкем! Шай ішу үшін келініне әңгімемен ақы төлейтін күнге 
жетті! – деп, Бақыт даусын жыламсыратқанда, атам күліп:
– Баха, тұра тұршы, – деді қолын сермеп. – Жайшылықта еске түсе бер-
мейді, Ақбөпе уақиғасын айтып отырып, Сәндібаланың тарихы ойымды 
шырмауықтай шырмап тастады. Соны сендерге айтып бермесем болмас. 


168
Бұл әңгімені де Белгібай ағамыздан естіп едім. – Атам және бір кесе шай 
ішіп, алақанымен мұртын сипап қойып, басқа бір жайдан перне басты.
– Сәндібаланың әкесі Жарылғап пен Ақбөпенің әкесі Өтелбай аталас, бір 
ауылдың адамдары. Ақбөпе ұзатылғанда Сәндібала тоғыз-он жастардағы 
тұлымы желбіреген қыз екен. Әкесі тақ-тұқ қана шаруасы бар, қолы 
қысқалау болғанмен, қалыңмалға қызығып, баласының басын жастай бай-
ламапты. Құда түсе келушілерге «есейгенде өзі қалаған адамына беремін»
деп ешкімге атастырмапты. Шама-шарқы келгенше қызын қатарынан кем 
қылмай, маңдайынан шертпей, бұла етіп өсіріпті. Толған сайын жарық 
болатын ай секілді Сәндібала өсе келе Ақбөпе әпкесі сияқты ақылды, тұлға-
бітімі көз тартарлық көркем, әрі әшекейлі тұскиіз тігіп, кілем тоқитын қолы 
өнерлі екен. Сонымен қоса, ескі ауыл қыздарының мінез-құлқында жиі кез-
десе бермейтін ер көңілді, өжет боп бой жетіпті.
Сәндібала өскен сайын айттырушылар көбейіп, Жарылғапқа маза бер-
мейді. Әлді де, жарлы да, дәмесі бардың бәрі бағын сынайды. Жарылғап 
ешкімге еңкеймейтін, бір еңкейсе, сүріне құлайтын ер мінезді кісі екен. 
Басында айтқан сөзінен қайтпай, қызын теңіне ұзатыпты. Сәндібаланың 
қалаған адамы Тұрғанұлы Солтыбай малға кем болғанмен, топта суыры-
лып сөйлейтін шешен, жүйесін тауып ой айтатын білгір, кеудесін өзгеге 
оңайлықпен басқыза қоймайтын, жаратылысында ер жүрек қайраты бар 
жігіт екен. Осындай қасиеттерімен қарапайым халық арасында сыйлы, 
беделді, төңірегіне адам жиналғыш болыпты. Солтыбай кедей-кепшіктің
жыртысын жыртып, ел ішіндегі атқамінерлердің бетіне тік келіп, сөзге 
жығып кете беріпті.
Жасырынып, жасқанбайтын адамның кеудесі қашан да оққа ныса-
на, Солтыбайдың да дұшпаны аз болмайды. Оның үстіне малдылардың, 
әлділердің қолы жетпеген мақтаулы қызға үйленген соң тісін басушы-
лар тіпті көбейеді. Сонымен не керек, «Айлалы жау алмай қоймас» деп, 
өтірік жаламен түрмеден бір-ақ шығады. «Патшаға қарсы сөз сөйледі, мал 
ұрлады, кісі тонады» деген секілді айыптарды тағып, жалған куәларды 
ұйымдастырып, болыстың мөр таңбасымен қағаздатып-қаттатып патша 
әкімдеріне ұстатқызады. Момын шаруа адамдары оның нақақ күйіп бара 
жатқанына жандары ашығанмен, артынан қуып барып арашалап алуға ша-
малары жетпейді, сөздері өтпейді.
Солтыбай 1903 жылы он екі жылға сотталып, Сібірге айдалады. 


169
Сүйіп қосылған жігітімен екі жылға жетер-жетпес өмір сүрген Сәндібала, 
аяқ-қолдарына кісен салып айдаған жаяу этаптың артынан бірге кетеді. 
Тұтқындарды күзететіндер келіншекті күйеуіне жолатпай қуалайды, 
мылтықтың дүмімен ұрып, тас лақтырып, талай қорлықты көрсетеді. 
Сәндібала алған бетінен қайтпайды, азық салған қоржынын арқалап, 
этаптың қарасы көрінер аралықпен адаспай жүріп отырады. Күзетшінің 
бастығы өлтірем деп оқ та атады. Сәндібала: «Солтыбай секілді азаматым-
нан жаным артық емес», – деп, қаймықпай ілесе береді. Ақыр күзетшілердің 
көзі үйренді ме, жоқ кері қайырылмайтын қайсарлығына сене ме, қолдарын 
бір сілтеп жөніне қалдырады.
Тұтқындардың жол бойы тоқтауы бар, түрмелерде аялдауы бар, 
көрмеген азапты көріп, бір жарым жылда Лена өзенінің бойындағы алтын 
қазатын кенге әрең жетіпті. Солтыбай өзі секілді шынжырлы тұтқындармен 
бірге кен қазады. Ал Сәндібала былайғы адамдардың кірін жуып, ісін тігіп, 
қорасын тазалап дегендей күн көрістің қамына кіріседі. Жат жер, қақаған 
аязда жиырмаға жаңа келген келіншекке күнелту оңай дейсің бе, бірақ 
тұтқындағы күйеуіне тамақ, киім табу үшін жұмыстың небір түрін істей-
ді. Солтыбайдың жасып, әлсіремеуіне қабырғалы қара нардай қайрат беріп 
отырыпты. Солтыбайдың он екі жылы біткенше қасында болып, жаза мер-
зімі аяқталғанда күйеуін ертіп еліне бір-ақ қайтады.
– Туһ, неткен ерлік! – деп, Бақыт дауыстап жіберді.
– Сәндібаланы ел-жұрты осындай табандылығы, азаматының басын да-
лада қалдырмай, еліне жеткізген асқан адамгершілік төзімі үшін төбесіне 
көтере қадірлепті. Өкінішке орай, Солтыбай Сібірдегі ауыр жұмыстың 
салдарынан айықпас ауруға шалдығып, бір жылдан соң дүние салады. 
Сәндібала өзі перзент сүймепті, бірақ жақын қайнысының баласын бауыры-
на салады да, Солтыбайдың шаңырағын құлатпай, түтінін түтетіп, сәбиді 
тәрбиелеп отырып қалады. Сәндібала Сібірде жүргенде орысша тіл үйреніп, 
әжептәуір хат таныған екен. Революциядан бұрын өз елінде орыс тілін ол 
секілді жақсы сөйлейтін адам болмапты. Ұлық, әкімдермен сөйлесуге тіл-
маш керек жерге, арнап ат жіберіп Сәндібаланы алғызады екен. Ол мұндаға 
дейін өмір сүріп, қырқыншы жылы қайтыс болыпты. Сәндібала өлген соң 
елі басына күмбез орнатып, атын аңызға қосыпты.
– Папа-ау, бұл дегенің Некрасов жер жүзіне мақтан етіп жырлаған Ма-
рия Николаевна Волконскаядан кем жан емес қой! – Сәндібала тағдыры 


170
Бақытжанды толқытып жібергендей. Креслоны сықырлата екі жағына ке-
зек аударылып, тыпыршып, басын шайқай берді.
Атам баласының беймаза қозғалысын самарқау көзқараспен үнсіз 
бақылады, оның жайбарақаттануын күткен секілді.
– Волконская мен Сәндібаланы салыстырып, қайсысы артық, қайсысы 
кем екенін таразылағалы отырғам жоқ, – деді атам. – Дегенмен кейбір ерек-
шеліктерді айтпауға тағы болмайды. Декабристердің қозғалысы тарихтың 
жаңа беті, орасан бір үлкен кезең болғанын сендерге түсіндірудің қажеті 
шамалы. Менсіз де білесіңдер. Бұл тақырыпқа күні бүгінге дейін жа-
зушылар том-том кітап жазып, суретшілер үлкен полотнолар арнап, зерт-
теуші ғалымдар көптеген диссертациялар қорғады. Ал декабристердің 
әйелдерінің Сібір айдалған жұбайларының артынан өз еркімен кетуі тек 
Россияны ғана емес, бүкіл Еуропаны дүр еткізген ғаламат жаңалық болды. 
Ата-бабаларынан бері қалыптасқан ақсүйектік әдет-салттары бар жоғары 
қауымның нәзік арулары үйреншікті ортасын, жылы орнын тастап, үлкен 
идея жолында мойнына бұғау түскен азаматтардың соңынан ілесуі ол кезде 
құлақ естімеген ерлік еді. Уақыттарын кітап оқып, музыка ойнап, би билеп, 
шілтер тоқумен өткізетін княгиналар мен графиналардан мұндай табанды 
бетбұрысты, әрине, ешкім күтпеген. Бекзаттар қауымының түсінігінше ол 
әйелдердің бел буған сапары дозақ жолы болып есептелген. Ал Сәндібала 
қандай жолмен жүріп өтті?
– Волконскаялар жұбайларының соңынан аттанғанда қастарында
күтушілері, жылы күймелері, қалтасында қаражаты болды. Оларды ешкім 
мылтықтың дүмімен ұрған жоқ, оқ атқан жоқ. Өйткені ақсүйек тұқымының 
алдында үнемі бас иетін, ұнатпаса да «сіз» деп сөйлейтін қағиданы бұзбаған. 
Декабристердің әйелдері білімді, жоғары мәдениетті, ереже-заңдарды жақсы 
білетін жандар. Олар кіремін деген есікке кіріп, құқықтарын қорғай алған.
Сәндібала – қазақтың оқымаған қарапайым қызы. Өз аулының, әрі 
кеткенде бір болыстың аумағынан өзге жерге табаны тимеген, өз тілінен 
басқаны сөйлеп көрмеген. Өскен ортасы, қаны, діні, салт-санасы бір-біріне 
ұқсамайтын топтың ортасында он екі жыл өз еркімен тұтқында болудың 
не екенін көзге елестету қиын. Сондықтан декабристердің әйелдері мен 
Сәндібаланың жүріп өткен жолының әрқайсысының өзіне тән ерлік, ерек-
шеліктері бар. Қалай болғанда да бұлардың түпкі мақсаттары бір арнаға са-
яды: басына іс түскен азаматтарымен бірге жанып, бірге тоңып, қажығанда 
қайрат, талаусырағанда демеу болатын асыл жар бола білгендіктері.


171
– Сәндібала тағдыры сирек кездескен ғажап тағдыр екенінде дау жоқ. 
Күні кешеге дейін өмір сүріпті, туған-туысқандары әлі бар шығар,– деді 
Бақыт.
Атам тек иығын қозғап, темекісін түтіндете берді.
– Осы уақиғаны ешкім жазбаған ба? – деп Бақыт үміттене қарады.
– Білмеймін, – деді атам мүштегін тістеген күйі. – Мүмкін, жазған да 
шығар, бірақ өзім көрмедім, оқымадым. Ал сендерге тек естігенімді айт-
тым.
Сол түні демалуға кеш тарадық. Мен үйдегілер ұйықтаған соң біраз 
отырдым. Қолы құрғырдың кесірінен қалам ұстай алмайтыным өкіндірді, 
әйтсе де ұмытқанымды атамнан сұрап алып-ақ жазамын деген жұбаныш та 
бар. Әй, бірақ дәл мынадай тарихтарды естен шығара қою оңай болмас.
Бүгінгі қос қабат әңгіменің күші оңдыртпады, таңға сарылып кірпік іл-
медім, көзім жұмулы болғанмен, көкірегім ояу. Біресе желегі желбіреп, ішкі 
күйігін қайғы жасымен жуып тағдырына нәлет айтып, арманда бара жатқан 
Ақбөпе бейнесін көргендей болам. Біресе кісендері шықырлаған қауғадай 
сақал-шашты тұтқындар тобының соңынан ілесіп, айналасындағы сонау 
ұсқынсыз көріністі мойындағысы келмей, басын тәкаппар ұстап, батыл 
жүріп келе жатқан Сәндібала суретін көрем.
«Әттең дүние-ай, табиғат шіркін, үйіп-төкпесе де тарыдай талан-
тын қимапты-ау!» – деймін іштей. Көсілтіп көркем шығарма жазатын 
таланттардың талайы Сәндібаладан бейхабар, білсе, бірі болмаса, бірі жа-
зар еді. Мұндай деректерді сұрастырса, ел ішінде не жоқ, бірақ еңбекқор 
жазушылар болмаса, іздеп те жатпайтын шығар. Бір жағынан мәселе тек 
дерекке тіреліп тұрған жоқ, нені жазу жазушының көңіл қалауына байла-
нысты. Бақытжанмен құрдас бір жазушыға: «Неге жібі бос әйелдерді көп 
жазасың?» – десем, «Дау-жанжал үшін керек, әйтпесе қызық болмайды», – 
деді. «Қызық үшін әйелдің етегіне жабысатын дау-жанжалың құрысын», – 
деп ренжіп едім. Соған қарағанда тақырып, уақиға таңдаудың әр түрлі 
мақсаттары болу керек.
...Кейін атамның қағаздарын қарап жүргенімде, «Белгібай ақын» дей-
тін папканы ақтардым. Онда Белгібай Бектұрғановтың бір топ өлеңдерін 
және Шашубай атамыздың «Ақбөпе» әнін Сауытбектен қалай үйренгені 
жайлы Белгібайға айтып берген әңгімесі орыс тілінде атамның өз қолымен 
жазылыпты. Менің үміттене іздегенім, Ақбөпе мен Сәндібала жайлы жеке 


172
жазылған дүние еді, амал қанша, атамның архивінен ондайды кездесті-
ре алмадым. Бірақ оқиғалардың жыл мерзімдерін, кісі аттарын, олардың 
туған-өлген уақыттарына дейін жазбай есіне сақтап, бірден әңгімелеуіне 
қарап, жазылған ештеңе жоқ дегенге әлі сенбей жүрмін.
***
Атам көбінесе жазда жолаушылайтын. Бұл жолы сол әдетін өзгертіп, 
қараша айының ортасында Жамбылға кетіп қалды. Атам қайда, қашан ба-
рамын десе өзі біледі. Азандағы жоспарын сәскеде бұза салатын ала құйын 
әдетіне дағдыланғанмын. Бірақ «адам үйден қырық қадам аттап шыққан 
соң мүсәпір» дегендей, аман-сау оралғанша мазам кетеді. Менің атам 
қай түкпірге, нендей ортаға бармасын жұрт құрметіне бөленіп алақанда 
жүретін кісі, әйтсе де, мынау мазасыз тіршілікте, күнделікті кездесіп жата-
тын кездейсоқтықтар аз ба? Жұмыр басты пенде болған соң әр нәрсені ой-
лаумен тағы тыным таппайды екенсің. Оның үстіне денсаулығына жүйелі 
күтім керек, қонақ болып жүргенде тәртіп сақтала бермейді. Бірнеше рет 
жолдан келгенде сырқаттанып жатып қалған болатын.
Осы жолы қыс көзі қыраулап келіп қалғанда жолға шығуының бір себебі 
бар шығар, бітіруге тиісті шаруасы болар десем де алаңдай бердім. Аман-
есен барғаныңызды хабарлап жеделхат салыңыз деп өтініп едім, жарайды 
десе де, екі күн өтті, үнсіз жатыр. Тек үшінші күні ертеңгілікте Ержанның 
атына телеграмма алдық. «Ержан, жақсы жеттім. Қазір ауылдамын. Бір 
айдан соң қайтамын. Апаңды, әке-шешеңді тыңда. Атаң», – деп жазыпты. 
Өзіміз бірге тұра бастағалы бері сыртқа шыққанда хат, телеграммаларды 
немересінің атына салатын.
Күпті болып отырған көңіл орнына түсіп, үй ішімізбен қуанып 
қалдық.
– Қайын атаңның қайда жүргенінен хабар алдық, – деді Бақытжан,– 
енді мен саған бір пайдалы кеңес айтайын. Сен сонау Берікқараға барғаннан 
қайтып Алматыдан аттап шықпадың. Менің науқасыма бола елге араласып 
тұрақты қызмет те істей алмай келесің. Кім біледі, кейін жағдайымның не 
боларын. Біржола масыл болып жатып қалам ба, әлде «үмітсіз шайтан» де-
гендей екі аяғымнан тең басып шапқылап кетем бе, бәрін уақыт көрсетеді. 
Сондықтан сен Мәскеуді көріп, аралап кел. Папам келгенше бір жетіге ба-
рып қайт, – деді.


173
Менің мұндай алыс жерге үйден суырылып шыға салуым қиын еді. 
Жұбайым алдында тірелген ағасы, артында ілескен інісі жоқ жал-құйрықтан 
жұрдай жалқы жігіт болғандықтан ба, әлде төсекке таңылып жиі жатып 
қала берген соң ба, әйтеуір, бейқам жүре алмаймын. Мүмкіндігінше басқаға 
салмақ салмауға, тырбанып өз шамама сенуге тырысамын. Сондықтан бо-
лар мен үйден шықсам бірдеңе қисайып қалатындай, менсіз таң атып, тауық 
шақырмайтындай себеп-сылтауларым қаптап шыға келеді. Шындығында, 
бұл менің солай сеніп алған көңілім болса керек, әйтпесе көмекке келер 
жақын, қол ұшын берер жанашырлар, шүкіршілік, бар ғой.
Мәскеуге кімнің барғысы келмейді дейсің, сонда да етектен тартар 
тіршіліктің күйбеңімен бір аптадан аса әрі тарт та, бері тарттап жүріп, 
астананы көріп қайтатын шешімге келдім. Бақытжанның қасында менің 
інім Камал мен келінім Қорлығайын қала тұратын болды. Ержан онсыз да 
апасының бауырында көп жүретін болғандықтан, оны ойлап қам жемедім. 
Алғашында апам өзі келіп тұрмақшы болып еді, жасы келіп қалған адамға 
мына зәулім үйден жоғары-төмен түсіп, шығу жайсыз тиеді, мазасы кетеді 
деп Бақыт көнбеді.
Сонымен таңғы сағат төртте ұшатын самолетке билет алып, жол 
жүруге дайындалып отырғанымда, кешкі сағат тоғыздар шамасында 
есіктің қоңырауы шылдырлады. Атамның келгенін бірден білдім, бұлайша 
қоңыраулату тек атама тән. Шатастыру мүмкін емес, өзгеше үн. Мен барып 
есік аштым.
– Дәл бүгін мені күткен ешкім жоқ шығар, – деп атам үйге кірді. Алғашқы 
амандық сұрасқан абыр-сабыр сәл басылған соң Бақытжан:
– Дәл бүгін күтпегеніміз рас, тыныштық па, – деді.
– Мазам болмады, ауырып қалмай тұрғанда үйге жетіп алайын дедім. 
Мен қазір беті-қолымның шаңын шайқап шығайын, қалған әңгімені содан 
кейін айтып берем, – деп, атам жуынатын жерге кіріп кетті.
– Енді не істейсің, тәте? – деді інім амалы таусылған адамның кейпі-
мен.
– Бас қатыратын түк жоқ, барып билетті тапсыр. Ал сен, Бақыт, аузыңа 
ие бол, менің жолаушыламақ болғанымды атама сездірме, – дедім.
– Неге сездірмеймін? Бәрін айтамын! – деді Бақыт.
– Жоқ, айтпаймыз. Мен ешқайда бармаймын.
– Баяғыда барып келетін едің, бақандай тоғыз күн бойы «барам, бар-


174
маймын» деп басың бұлғақтап жүріп алдың, – деп, жұбайымның даусы 
қаттырақ шыға бастады.
– Айналайын, ақырын сөйле. Атам шаршап келгенде мен қыдыруға 
кетіп жатсам не болады? Камал, сен қозғал, міне, билет...
– Почему вы так суетитесь? Может, я не вовремя вернулся? Так я завтра 
же могу уехать! – деп, атам қаһарланып ту сыртымыздан келіп қалғанда, 
келінім байғұс балконға зытты, інім бір шетке ыршып түсті, мені шығарып 
салуға келген құрбым Күләш сасқанынан орындыққа отыра қалды. Мен 
атамның үніндегі әуеннің мәнісін түсінсем де, сөз қата алмадым. Қасқайып 
тұрған жалғыз Бақытжан, түк болмағандай әкесіне күле қарап:
– Тіпті жақсы! Зейнеп екеуің бірге кетесіңдер, – деді.
– Зейнеп қайда бармақшы? – деп атамның даусы таңдана шықты.
– Елдің есін шығармай өзің мына орындыққа жайланып отыршы, бәрін 
баяндап берейін, – деді баласы.
Атамның даусы бәсеңдегенмен, бір қасы әлі көтеріліп тұр. Қолын сер-
меп, тыңдамай, бөлмесіне кіріп кетер ме екен деп едім, өйтпеді, баласы 
ұсынған орынға отырып: «Иә», – деді.
– Әңгіме былай, папа. Біз, шындығында, сені бүгін келеді деп ойлама-
дық. Жеделхатқа сеніп қалдық. Мен біраз үгіттеп келініңді Мәскеуді көріп 
келуге көндіріп едім. Камалдарды мұнда әдейі әкелгенбіз. Қорлығайын 
қазір демалыста жүр екен. Немерең, әлгінде сұрағаныңда айттым ғой, 
апасының үйінде шапқылап жүр. Ал Зейнеп бүгін таңғы сағат төртте ұшуы 
керек болатын. Билеті қалтасында, жол қапшығы жинаулы тұр. Енді айнып, 
«бармаймын, билетті өткізіңдер» деп қырсығып жатыр. Төрелігін өзің айт-
шы, – деп, Бақытжан мән-жайды баяндады.
– Е-е, бұның жөні бөлек, – деді атам жүзі жылып. – Сен баруға 
міндеттісің, балам. Мүмкін болып жатса астананы көріп, Владимир Иль-
ич Лениннің мавзолейіне бас иіп қайту – қасиетті борышың. Сен маған 
алаңдамағын. Жақсы ниет еткен екенсің, жолыңнан қалмастан аттанғын. 
Мына Камал-пашаның «жұлдызы» ыстық шай беріп тұрса болды, сен кел-
генше ешкімнің мазасын алмай тыныш жатам, – деп, атамның қабағы ашы-
лып, жадырап, сөзін бітірді.
Ата қабағындағы бұлт ыдырағанымен, менің көңіл-күйім көлеңкеленіп 
қалды. Бір үйде тұрып, атамның бабын бірде тапсам, бірде таба алмай, кейде 
шекем тасқа тигендей болып жүреді. Ал сырын онша біле бермейтін Қорлы-
ғайын көңілінен шыға алар ма екен? – деген күмән қинайды мені.


175
– Ата, барғым келмейді, – дедім ішкі ойымды осылай тұжырып.
– Хватить безобразничать! – деп зекіп жіберді.
Мықты болсаң таласып көр, мұндайда «үндемеген үйдей бәледен 
құтылады» дегенге жүгінген жөн.
– Сөйтіп жүгендеп қойшы, папа. Әйтпесе сен жоқ болсаң-ақ, қайыруға 
бағынбай, жайылып, төбеме ойнақтап кетеді, – деп, Бақыт өзінің әдетіне 
басты. Камал осы тұста күліп жіберді. Басынан менің бір сөзімді асырмай-
тын жездесінің төбесінде қалай ойнақтап жүргенім көз алдына елестеп кет-
ті білем. Атам «саған дауа жоқ» дегендей баласына қолын бір сілтеп сөзін 
маған арнады.
– Со мной шутить можно, но баловаться нельзя! Понятно? – деді.
– Түсінікті, ата, – дедім. «Еркеліктеріңді көтерем, бірақ ерегіскендеріңе 
көнбеймін» дегенін ұқтым.
– Түсінсең, баскиіміңді жылы киініп, беліңді мықтап, етегіңді қымтап, 
жолға шыққын, – деп, осымен сөз бітті дегендей, орнынан тұрды. Атамның 
тақпақтай айтқан осы сөздері кейін бізге мақал болып кетті.
«Қашпақ болсаң зымыра» дегендей ақыр жүретін болған соң, келіні-
ме құлаш-құлаш нұсқау беріп, бір айтқанымды таптап он қайталап, үйден 
шықтым. Бұл күнде самолетке жол алыс па, қиналмай Мәскеуге жеттім. 
Келесі күні таң атпастан Қызыл Алаңға барып, арқандай шұбатылған адам 
тізбегінің соңынан ілестім. Қанша тұрғаным есімде жоқ, әйтеуір, қалқып 
жауған ұлпа қардың астында тұрып қатты толқығаным жадымда. Ленин-
ге тағзым етіп, алаңға қайта шыққанымда, әлгіндегі жүрек тебіренісінің 
әсерінен ажырай алмай, буындарым дірілдеп тұрды. Бүкіл жан дүниемді 
сыздатқан мұңлы сезімнің құрсауында «Белгісіз солдаттың» ескерткішіне 
келдім. Мұнда да үнсіздік құшағына беріліп, өткенімізді қастерлей бас июші 
жұрт. Мен бұл арадан көпке дейін кете алмадым. Тиегі тайған домбыраның 
үніндей ішкі әлемімдегі әлдебір сезім әуені күрт өзгеріп, басқа бір дыбысқа, 
өзгеше сазға ауысып жүре бергендей болды. Дәл қазір ауызбен түсіндіріп 
айту қиын, өзім ғана сезіп, білген кереметтей жан құбылысы баурай билеп 
әкетіп барады.
Мынау аспаннан төгілген қардай қалың оқ астында, найзағай отты болат 
семсерлерін жарқ-жұрқ еткізіп құлаштай сермеп, ел намысын ту етіп көтеріп, 
майданда етігімен қан кешіп қиналған ерлердің бел ортасында болды емес 
пе менің атам. Әлемге жұлдызы жарқырап көрінген Кремльдің қабырғасын 


176
қорғап, кеудесін оққа қалқан ғып тосып, опат болғандардың бәрі де атам 
секілді ер-азаматтар емес пе еді. Көк жүзі тітіреп, жер күңірене солқылдап, 
ажал, апат айнала төнгенде «Отан үшін, алға!» – деп қол бастаған айбынды 
азаматтардың да бірі менің атам емес пе еді. Мың мәрте борыштымыз сіз-
дерге, аяулы аталар! Қадірлеріңізге жетіп жүрміз бе? ...Осынау үнсіз-түнсіз 
сызды қара жерді құшып жатқан қыршын боздақтардың аманат, белгісіндей 
болып жер басып жүрген тірі солдат – атамды ардақтап жүрмін бе? Қадір 
тұтып, қабағына қарап, қалт кетпей қастерлей білдім бе?
– Япыр-ай, – дедім қинала күрсініп өзіме-өзім іштей күбірлеп, – 
Алматының қара күзінде атамды тас қабырға үйге жалғыз қамағандай бо-
лып тастап кетіп, қала аралап желкілдеп, серуендеп жүргенім қалай? Осы 
ойдың миыма шаншудай қадалғаны соншама, табанда елге тартқым келді. 
Сана түкпірінен екінші бір дауыс «қайт, қайттың» астына алды.
Ертесінде Алматыдағы жылы ошағыма, атама қарай асығып, жолға 
шықтым.
***
Бүгінгі жаңа газеттердің арасын ашпастан атама апарып бердім. Көп 
ұзамай мені қасына шақырды. Есіктен кіре бергенімде-ақ:
– Ана хат саған арналған, – деді. 
Аласа үстелдің шетіне ілініп тұрған көк конвертті көзімен нұсқап, оқып 
отырған газетіне қайтадан үңілді.
– Кімнен, келді екен? – дедім хатты ала беріп.
– Білмеймін!
Хаттың кімнен келгенін атамнан сұрайын дегем жоқ, әншейін осын-
дайда ауызға түсе кететін сөздің салтымен айта салыппын. Әйтпесе өзінен 
басқамызға келген хаттың төменгі мекенжайына, кім жібергеніне назар 
аудармайтынын жақсы білемін. Жалпы бұл үйдегілер бірінің атына келген 
хатты бірі ашпайды. Қажет деп тапсақ естіртіп оқып береміз, не мазмұнын 
айтамыз. Ал бірден «кім жазыпты», «не жазыпты» деген құмар сауалдар 
араға килікпейді. Осы қағиданың қай кезден қалыптасқанын қайдам, бірақ 
әлі жалғасып келе жатыр.
– Е, Алтыншаштан екен, – дедім хаттың адресіне қарап.
– Оның кім? – деп, атам газеттен басын көтерді.
– Кіші атамның армиядағы баласы ғой.
– Па, шіркін! «Жаман иттің атын Бөрібасар қояды», ол жирен қашаннан 
бері алтынға айналған?


177
– Еркелетіп атын солай қойып едім.
– Ах, сола-а-ай-ма! – деді даусын әндете созып. – Сен ат тергеуді де 
білуші ме едің?
Атамның сөзі мысқылдағандай болып естілді. Жаңа хатты алған замат 
шығып кетпей неменеге айналсоқтағанымды кім білсін. Онсыз да атамның 
нысанасына жиі ілінуші едім, мынау соның біреуі болар. Әйтпесе ат терге-
генде тұрған не бар, қайнымды қалай атағым келсе өз еркім. Атамның кіші 
інісі Әбділда атамның Бекет дейтін баласы бар. Ол Германияда әскери мін-
детін өтеп жатқан, хатты жазған сол. «Алтыншаш» атағанымның себебі, 
қазақ арасында сирек ұшырасатын шашының түсінен, өзгеше бояуынан 
еді.
Үнсіз тұрып қалғанымда, атам менен назарын тайдырмай қарап отыр-
ды. Сол бір-екі минут шексіздікке созылғандай сезілді. Дегенмен әрі қарай 
мақсатсыз тұра беруге де болмайды, кету керек.
– Тоқтағын, – деді атам мен қозғалғанда,– отыр мына жерге.
Атам көзілдірігін шешіп, қолына ұстап отырған газетті былай алып 
қойды. Жастығын биіктете түзеп, соған арқасын сүйеді де, сұқ саусағын бір 
шошайтып қойып сөйлеп кетті.
– Қазақтың ат тергейтін ғұрпы көп халықта жоқ, талайлар оны түсіне 
бермейді. Бас күнінде ат қоюдың неден шыққанын түсіндіретін білгіштер 
бар. Оны сол баяғы ескілікке, сауатсыздыққа телиді. Меніңше, бұл сыйлап 
құрметтеуден, жақсы көруден, өзің айтқандай еркелетуден шықса керек. 
Мен солай қабылдаймын, әрі өзіме ұнайды. Кейбіреу ат тергегенді артта 
қалғандай көреді, мәдениетсіздік, қараңғылық деп ат-тонын ала қашады. 
Әрине, ол әркімнің өз шаруасы, өз көңілінің қалауы. Адамның атын атау 
үшін қояды. Бірақ Жомартты – Жорж, Әлімбекті – Алик, Сәулені – Соня 
деп те жүр ғой. Мына Бақыт алғаш рет ауылға барғанда Үрзада жеңешесі 
(Алтыншаштың мамасы) атын тура атамай әтуерлеп, «Төрежан» десе: «Ша-
тастырып алыпсыз, менің атым Төрежан емес Бақытжан», – депті. Содан 
жақсылап түсіндірген соң, бала екеш баланы сонша сыйлап, қадірлегеніне 
таңданып, әрі қуанып, Алматыға келгенде талайға дейін аузы көпіріп 
мақтанып жүрді.
Байқауымша, күні бүгінге дейін жеңгесінің «Төрежан» деп атағаны, 
әй, жанына жағып тұрады. Баяғыда, кішкене бала күнімде, Сегізбай де-
ген кісінің бір келіні «Екі төрт қайнаға» дегенін естігенде жерге дома-


178
лап күлгенім бар. Кейін ойлап қарасам, неткен тапқырлық, ұтымдылық 
деймін. Тегінде, біздің халық атау беруге шебер. Сұлулық, көркемдікті 
көре білу, оны образды ойлап, тұжырымды жеткізу қабілеті ғажап. Қарап 
тұрсаң, қазақ жеріндегі кішкентай бұлақ, жайдақ төбе, арықтай жыра, жы-
лап ағып жатқан титімдей жылғаға дейін атсыз емес және солар жайдан-
жай қойыла салмаған. Белгілі бір ерекшелігіне немесе қасиетіне, әлденеге 
ұқсайтын көзге ілінер көрінісіне сәйкес дәл тауып ат қойған. Бояу тілімен 
жасаса, үлкен полотноға сыймайтын суретті екі-ақ ауыз сөзбен жеткізе са-
лады. Мысалы, «Шымылдық қарағай» деген атауды алайық. Төгіліп тұрған 
торғын шымылдықтай тау төсіне қарай тұтаса өскен қалың қарағай бірден 
көз алдыңа келе қалады. Атауларда әуен бар. «Мың бұлақ» деген сол жер-
де бұлақтың көптігіне сай қойылған. Соның тұп-тура мың бұлақ болмауы 
да, бірақ «Жиырма жеті бұлақ», «Қырық бес бұлақ» деп атаса жаңағыдай 
сүйкімді естілмейді, әсем үндесіп жымдаспайды. Көптеген топономикалық 
атаулар сонау өтіп кеткен заманнан, тарихтан бір белгі бергендей адамды 
елең еткізіп ойлантатыны бар. «Жау қашқан», «Қалмақ қырған», «Қарауыл 
келді», «Батыр өлген» дегендер моңғол шапқыншылығындағы жаугершілік 
кезде нақтылы уақиғаға байланысты қойылып, содан қалып қалған. – Атам 
мұртының бір жағын саусағымен бұралап үндемей қалды. Бірдеңені есіне 
түсіргісі келіп, бірақ жадына түсіре алмай алаңдаған пішінде отыр.
– Балам, үшінші тартпадағы сұр папканы тауып әкелші, – деді.
Атам айтқан тартпада бірінен-бірі айнымайтын екі сұр папка бар екен. 
Қайсысы екенін білмеген соң, екеуін де әкелдім. Атам өзіне керегін бірден 
танып, ішін ақтара бастады.
– Ә, таптым, міне. – Қызыл жиекті, сыртында суреті бар «Прага – 
Мәскеу» деген журналды алды. Парақтап ашып жатып:
– Чехословакияда шығатын журнал. Бері жақындағын. Егер латын 
әрпінен хабарың болса, мына суреттің астындағы жазуды оқуың мүм- 
кін, – деп, журналды маған берді.
Журналдың атам ашып берген парағының сол жақ бетінде қаһарман 
Куба халқының даңқты перзенті Фидель Кастро аузында сигары, басын-
да әскери береті, шалқасынан түсіп кітап оқып жатыр. Бар ынта-пейілмен 
құныға үңілген. Суреттің астындағы жазуды ежелеп, ернім жыбырлап зорға 
оқыдым. «Фидель Кастро. «За нами Москва», Бауыржан Момышұлы деген-
нен басқа сөздерін түсінбедім. Бірақ соның өзі жеткілікті болды, ішімнен 


179
құрастырғанымда «Фидель Кастро Бауыржан Момышұлының «За нами 
Москва» деген кітабын оқып жатыр» деген жазу шықты. Шындығында, 
солай. Ал журналдың оң жақ бетінде – өзімнің атамның суреті. Аппақ 
тонның жағасын тік көтеріп, папахасымен қасқиып отыр. Бұл атам туралы 
жазылған көлемді мақала екен. Авторы чех журналисі Вацлав Кубик деген 
кісі. Амал қанша, тіл білмеген соң оқи алмадым, алайда тамаша сөздерге 
толы екені анық.
Атам екеуміздің әңгімеміз ат қою туралы еді, мына журналға не қатысы 
бар екен деп ойладым, сөйтсем мақаланың аты қызық – «Правда о Шанти-
месе!». Шаңтимес – атамның бала кездегі қосалқы аты, зеректігіне, оқуда 
алдына жан салмаған алғырлығына бола солай атапты.
– 1962 жылы жазда, – деп, атам темекі тұтата беріп әңгіме бастады,– 
Вацлав Кубик Алматыға келіп менімен кездескен. Сол жолы біздің үйде үш 
сағаттан аса отырып, сұхбаттасқанбыз. Сөзден сөз туып, қазақтың ат тер-
гейтін, ат қоятын салтын түсіндіргенімде, таңғалғаннан басындағы қалпағы 
қисайды. Бірақ «Шаңтимес» туралы айтқан жоқ едім, оны Бектің «Волоко-
ламск шоссесінен» оқыған болу керек. Кубик Алматыға келіп кеткен соң көп 
ұзамай осы журналды жіберді, шынымды айтсам, боқтап жазды ма, мақтап 
жазды ма, әлі күнге білмеймін. Кейін 1963 жылы Кубаға сапар шеккенім-
де, Чехословакия арқылы жүргендіктен, Прагада аялдадық. Мейманханаға 
орналасқанымыз сол еді, менің нөміріме мойнына фотоаппаратын, асай-
мүсейін іліп алған бір чех жігіті кіріп келді. Өзі орысша білмейді, қолына 
менің соғыс кезіндегі мұртсыз суреттерімнің бірін ұстап алыпты. Суреттің 
астына үлкен әріппен орысшалап «ОН ЛИ?» деп жазған екен. Нені білмек 
болғанын түсіндім де, «ОН ЛИ?»-дің астына аты-жөнімді толық жазып, қол 
қойып бердім.
Ертесінде газеттер «Бауыржан Момышұлы Прагада» деп шулады да 
кетті, бір күннің ішінде модный адам болып шыға келдім. Мені іздеушілер, 
кездесуге шақырушылар қаптады. Бір кезде Бас штабтың академиясында 
менің қолымнан оқыған шәкіртім полковник Хомач іздеп келді. Ол өзінің 
арнаулы машинасымен кездесу, қыдырулардың бәріне алып жүрді. Сол 
қарбаластың арасында арсалаңдап Кубигім де жетті. Қоярда-қоймай үйіне 
қонаққа шақырды, көңілін қайтармадым, бардым. Доланска деген өте бір 
кішіпейіл, ашық-жарқын жұбайы бар екен, соның маған арнап әзірлеген 
асынан дәм таттым. Әлгі Кубик баяғы мен айтып берген ат тергеуді қайта 


180
қозғады, әйелі екеуінің неменеге сонша қызыққанын білмеймін, әйтеуір, 
«Аһ, уһ!» деп естері кете тыңдады. Толып жатқан сұрақтар қойып, біраз 
нәрсе жазып алысты. Міне, балам, кейде осылай өзің бағаламайтынды 
басқалар қадірлеп жататыны болады, – деп, атам әңгімесін тамамдады.
Чех азаматы Вацлав Кубиктің «Шаңтимес туралы шындық» деген 
мақаласының мазмұнын мен әлі білмеймін, өйткені оқи алмадым. Бірақ 
қазақ халқының ардақтаған перзенті туған елінің шаң тимеген тазалығы 
мен озықтығын басқаға танытқанын анық білемін.
***
Мен зәру затымды тауып бере қоятын «таныс» дегеннен жұрдаймын. 
Мүмкін қазақ бар жерге бас сұғып, кім екенімді, кімге керек екенін ұқтырсам, 
бұйымтайымды айтсам, қол ұшын беріп, мұқтажымнан шығаратындар та-
былып та қалар. Бірақ әуел бастан бұл мәселе жөнінде Момышұлдарының 
қаһарына қатаң ұшырап, тауым шағылып қалған. Екінші қайтара олардың 
атын атап бір нәрсе алуға беттемейтін болғанмын. Әрі соған икемім де жоқ. 
Кейбір құрбыларым «өмір сүре білмейсің» (не умеешь жить) деп, дүкеннің 
сырт жағынан кіретін есікті пайдаланбайтыныма күледі. Дегенмен өзім 
үйренген дағдым жөн секілді. Біреуге жалынышты болып жүзімді төмен-
деткенше, «көппен көрген ұлы той» деп, барға қанағат етіп, соны ұқсата 
білсең, қайта көңілің тыныш болады екен. Өйткені басқада жоқ жылы-
жұмсақты қайдан аламынды ойлап аласұрмайсың. «Алдыма өтініп келіп 
еді, пәлендей затты, түгендей табылмайтын тағамды тауып бердім» деп те 
ешкім міндет етпейді.
Әйтсе де тіршілік болған соң қысылатын кезің де болады. Керегіңді 
дүкеннің ашық сөресінен кездестіре алмағанда, бірақ соның бар екенін 
сезгенде: «Қап, бәлем, үйдегілерге айтпай таныс пайдаланбасам ба, тұра 
тұр!» – деп кәдімгідей кіжініп, өзімді-өзім қамшылаймын. Алайда мұны 
үйдегілер білмегенмен, өзімнен қалай жасырармын. «Қой, құрысын», – дей-
мін де, азық-түлік алуға базарға тартамын. Біздің үй базарға тиіп тұр, жаяу 
барып келетін жер, «Базары жақын байымас» демекші, лездің арасында 
қалтам қағылып, алақаным босап шыға келеді. Қанша айтқанмен, тиын те-
гін табыла ма, ішім удай ашып-ақ қалады. Ал үйдегілердің онда шаруасы 
жоқ, әйтеуір, қазан оттан түспей, дастарқан берекелі болу керек. Бірақ өздері 


181
ненің қанша тұратынын, оны қайдан алуға болатынынан бейхабар. Тіпті 
Бақытжанның өте ұнатып аузынан тастамайтын мақалы бар. «Асы жоқ ал-
тын табақты атып ұр да, отқа жақ» дейді. Бір жағынан мал тапқанның кінәсі 
қанша, көз майларын тауысып маңдай терлерімен келген нәсіпті өздерінен 
аяйын ба?
Бүгін де базарда болдым. Гу-гу еткен сөздің ғана құны жоқ, қалғаны 
күйіп тұр, бәрі қымбат. Үйге келсем, әкелі-балалы екеуінің дауыстары ке-
зек алмасып шулап жатыр. Мұнда да сөз. Бірақ бұлардың таласы қойдың 
нарқы, пияздың бағасы емес екені анық.
Қолымдағы нәрселерді орналастырып жатқанымда, Бақыттың екпіндей 
сөйлегені естілді.
– Алдымен идеясына, мазмұнына тоқталмай, қайдағы жеке сөзге жабы-
са бересің ғой. Бірді-екілі сөзді ауыстырып қолданғанда не тұр? Мүмкін, со-
нысымен өзіме ұнайтын шығар, – дегенде, мына жақта жүріп еріксіз мырс 
еттім. Осы әлгінде сөздің құны туралы ойлап едім, мыналардың «сөз» деп 
жатқаны ойымның үстінен түскендей болды.
Момышұлдарының қасына кірсем, кабинеттің іші түтіннен буалдыр-
ланып, күлсалғыш темекі қалдықтарына толыпты. Әңгімеге айналып, 
қолқаны атқан темекі түтінінің ащы иісін елер емес. Денсаулықтарына 
жаны ашитын сұрлары көрінбейді. Кірген бетімде терезе желдеткіштерін 
ашып, күлсалғышты бері алып шықтым. Қайтадан жандарына барғанымда, 
атам баяу ғана сөйлеп жатыр екен.
– Жүйесі мен орнын тауып қолданбаған сөз қисық тіс секілді. Көзге 
бірден түседі. Алтынмен қаптап қойсаң да, бәрібір қисық. Соның кесірі-
нен қасында тұрған түзу тістің әдемілігі байқалмай қалады. Сол сияқты
жақсы құрылған мағыналы сөйлемнің өзін үйлеспеген жалғыз сөз оп-оңай 
бұза салады. Ал сен бұны түсінгің келмейді, – деді баласына.
Шамасы, мен жоқта Бақытжан әкесіне кешегі жаңа әңгімесін оқып беріп, 
атам соның бақайшағын шағып жатқан көрінеді. Бақыттың қозғалақтауына 
қарағанда, оңайлықпен бітісе қоятын сыңайы байқалмайды.
– Папа, сен менің әңгімемді әскери бөлімше деп, сөйлемдерімді қатар 
түзеп сапта тұрған солдатқа санайсың. Ал өзің солдаттардың белдігінің бос 
буылғаны мен түймесінің дұрыс қадалмағанын қадағалап, кез келген ұсақ-
түйекке жабысатын мазасыз старшинаның рөлін атқарып тұрсың, – деді.
– Оның несі жаман, – деді атам. – Қатал тәртіптің өзінше әсемдігі бо-


182
лады. Бірақ сен секілді жайма төсек жалқаулар оны түсінбейді. Түсіну 
былай тұрсын, қорқады. Амал қанша, кезінде старшинаның жұдырығын 
иіскемегеніңе өкінемін.
– Бізде солдаттарды ұрмайды, заңға қайшы келеді, – деді Бақыт 
қуланып.
– Дәл мына сені ұрса да артық болмас еді, – деп баласына қарады да, – 
сен жаңа сөйлемдеріме қатар түзеп сапта тұрған солдаттай қарайсың дейсің, 
солай ма? Қош делік. Егер сымдай түзу әскери адамдардың арасынан жай 
киіммен олпы-солпы болып тұрғандарды көзім шалғанда не істеуім керек? 
Әрине, саптың сынын бұзғаны үшін қуып жіберемін, – деді атам.
Шынымен әлдекімдерді қырына алып, жазалап жатқандай қолын оқыс 
сермеп, өңі демде қатулана қалды.
– Жөндерін сұрамай неге қуасың? Мүмкін, ол халық пен армияның 
жақындасуы шығар, – деп Бақытжан әзілдей бастады.
– Помолчи! – деді атам баласына бұйыра зекіп. – Салмақты әңгімені 
келекеге айналдырма! Тыңдағың келмесе, таяз судай салдырламай шығып 
кет.
– Түу, папа, сонша жазғыратындай не дедім? Жай әзілдегенім ғой, – деп, 
Бақыт жуып-шая бастады.
Атам үн қатпай, мүштегіне темекі кигізіп, жайлап тұтатты. Бурыл 
мұртының арасынан бірнеше қайтара түтінді будақтатқан соң барып:
– Жазушы болуға талпынып, бел буған екенсің, сөздің мән-мағынасын 
пайымдап, түсініп пайдалан. Сөздің қадірін білмеген жазушы өзінің де қаді-
рін білмейді. Жазушының қаруы – тілі. Ал қаруға салақ қараған жауынгердің 
абырой тапқанын көрген емеспін. Жазушы – отставкаға шықпайтын жа-
уынгер. Ол – идеология майданының ең алдыңғы сапындағы жауынгер. 
Идеологиялық күрес үздіксіз жүріп жатқанда жазушы қолындағы құдіретті 
қаруы – сөзін заман ағымына, уақыт талабына сай жұмсамаса, текке атылған 
оқпен тең. Ағынан жарылған адал позициясы болмай, қыршаңқы сөзге не-
месе сырты жылтыр, іші қуыс бос сөзге әуес болу қаламгер үшін кешірімсіз. 
Кейбіреу айтар ойының салмағына мән бермей сөйлемнің түйдектелгенін 
шеберлік, күрделілік деп қарайды. Шеберлік деген, меніңше, сөйлемнің 
шиыршықтанған, қиындағаны емес, күрделі ойды көпке түсінікті, ұтымды 
тілмен жеткізіп ұқтыру. Әрине, әркім өз өресіне қарай ой түйіндейді. Миы 
ойлағанды тілі тындырады. Бірақ қалай? Сөз, сөйлем тіпті тыныс белгілері-


183
не дейін негізгі идеяға бағынып қызмет еткенде ғана шығарма сәтті шығады. 
Бұл менің жеке пікірім, қабылдау, қабылдамау өз еркің.– Мен Бақытжанға 
қарасам, ынтамен тыңдап отыр екен.
– Ал тілді жауапсыз, салдыр-салақ қолданатындардың ойы да берекесіз. 
Ондайлар көбінесе ойының саяздығын бүркемелеу үшін сөзді төпелейді, 
кейде ұшы-қиырына өзі де шыға алмай қалады. Жазушы ағайындарда
ешкімде жоқ аудитория бар. Кітаптары мыңдаған, жүз мыңдаған тираж-
бен басылады. Өзі жетпеген жерге сөзі жетеді, өз елімізден асып шет жер-
ге кетеді. Шалғайдағы бөтен елдерге халқымыздың хабаршы-қарлығашы 
болып барады. Елінің ерендігін танытып, салтының өнегелі қасиетін паш 
ететін хабар апарса, достың мерейі тасып, дұшпаны жерге басылады. Егер 
от басының күйкі тірлігін күйттеп, тырнақ астынан кір іздеп, қорамыздың 
қоқысын көрсетсе, дос қиналып, дұшпан масайрайды. Жазушы өз атынан 
сөйлеп отырып, халық атынан сөйлейді. Сондықтан күшіңе көңілің сенбе-
се, көптің жүгін көтерме. Көтерген екенсің – таза сөйле. Қалам былғаныш 
болса, қағаздың ақтығынан қайыр жоқ. Керісінше, бар болмысыңды бады-
райтып көрсетіп, неге тұратыныңды айқындап береді. Жазушының қаламы 
бір жағынан өзінің соры, қанша жасырғысы келсе де, өзін ұстап береді.
Атам сөйлегенде арбалып кете алмай қалатын әдетіммен қозғалмай, 
әңгіме қызығына батып отыра беріппін. Енді бақсам, қазан-ошағым 
жайына қалыпты, ескерту алмай тұрғанда тезірек кетейін деп орнымнан 
көтерілдім.
– Ал сен болсаң әрбір қисық сөзіңді қимай, жата кеп жабысасың. – Есік-
тен шығып бара жатып атамның баласына тағы сөйлегенін естісем де, енді 
мұнда айналмай тамақ қамын жасауға кеттім.
«Сөз сөзден шығады, сөйлемесе қайдан шығады» дегендей, біздің үйде 
әңгіме жай бір нәрсенің тілге тиек болуынан өрбіп, бара-бара тақырыбы 
көлемденіп, мазмұны күрделене түсетін. Жаңағы секілді, Бақытжанның 
титімдей туындысын сөз етуден бастап, жазушы қауымына тікелей қатысы 
бар проблемалардың талайы қамтылып, ой қорытылатын кездері жиі еді. Сол 
әңгімелер кітаби тілмен, қалыптасқан теориялармен қаруланған әдебиеттің 
арнайы сабағы да, лекциясы да емес. Қарапайым, баршаға түсінікті ұғымдар 
болатын. Бірақ соның әсері өзгеше, жүйелі бір арнамен ағылып келіп, санаңа 
шым-шым сіңіп, көзі аршылған бұлақтай ішкі сарайыңды тазарта беруші 
еді.


184
Атам Бақыттың творчествосының бет алыс бағдарын мүмкіндігінше 
көзден таса қылмай оқып бақылайтын. Оқырман ретіндегі ойларын ашық та 
әдемі пікірталасқа айналдыратын. Алайда Бақытжанның қалыптасып келе 
жатқан өзіндік әдеби әдісі мен жазу стиліне, психологиялық шешімдеріне 
ешқашан қысым жасаған емес. Ал енді қандай қаламгер болмасын оның 
идеясындағы екіұштылық, тұспалдап айту секілді жалтақтығына жаны 
төзбейтін. «Писатель без позици опасней бездарности», «Сөзі күңгірттің ойы 
шикі» дегендерін талай естігем. Өзі өмірі бүкпесіз ашық сөйлейтіндіктен бе, 
ойдың астына орынсыз ой жасырып қуланатындарға жиырыла қараушы еді.
Атамды баласының творчестволық жетістіктеріне тек оқырман есебін-
де қарады десем қиянат болар. Бақыттың қаламынан шығып, жарық көрген 
кішкентай әңгіменің өзіне жүрдім-бардым көңіл танытқанын көрген жоқпын 
(әйтеуір, өзімізбен бірге тұрғанда сондай болатын). Қашан да жақсысына 
көңілі өсіп, сәтсізіне қабағы түсетін. Бірақ осыны өзімізден басқа сырт көз 
білген емес. Оған себепкер тағы сол атам...
Бақытжанның екінші кітабы шыққанда орыс жазушылары жылы лебіз, 
әділ ескертпелерін газет-журналдарға жариялап, пікір айтып жатты. Әсілі, 
барлық елге бірдей ұнайтын кітап болмайтын шығар. Өйткені әркімнің 
талғамы әр қилы, біреуге жаққан біреуге жақпайды. Әсіресе, бір жазушының 
асылым дегені, екінші жазушыға жасық көрінетіні бар. Қалай болғанда да 
кітап жазушы қолынан кетіп, оқырманға жеткеннен кейін оң болсын, теріс 
болсын айналасына сөз туғызып, елең еткізгені жақсы. Кейде қайсыбір кі-
тапты жерден алып жерге салып, авторын төмпештеп жатқанда, тура сол 
шығарманы оқығың келеді. Өзің танысып шыққан соң, сын айтушының 
таразының екі басын қандай дәрежеде тең ұстаған немесе орынсыз қол 
батырғанына өз пікірің қалыптасады. Ал жұрт назарынан тыс, үн-түнсіз, 
белгісіз қалған кітаптың тағдыры аянышты ма деймін.
Атам Бақыттың сол кітабын ешқандай рецензияға қарамай, алдымен өзі 
оқыды. Оқығанда қолына қарындаш алып, кітаптың беттеріне түрлі белгі 
қойып, айғыздап тастады. Соған қарап-ақ, ненің ұнап, ненің ызасын келтір-
генін білу қиын емес. Атам онымен де тынған жоқ, бір кешті талқылауға 
арнап, қып-қызыл дискуссия жасадық. Сөз соңында атам өз ойын, пікірін 
былай қорытындылады:
– Жалпы алғанда, жаман емес. Бірінші кітабыңда өмірге өкпелі 
қатыгездік, у тілді қырсықтың сарыны сайрап тұратын. Жеке басындағы 


185
сәтсіздікті елден көріп, айналасына түңіле қарайтын кейіпкерлерің бар 
еді. Аяса екен деп қара қайғыны басына үйіп мүсәпірситіндерді ешкім 
ұнатпайды. Сондықтан сенің ол кейіпкерлерің сүйкімсіз көрінетін. Мына 
кітапта кейіпкерлеріңнің алдына қойған мақсаты айқындалып, жүрегі 
жұмсарып, адам кейпіне түсіп қалыпты. Жазушының әр кітабы өсу 
жолындағы бір баспалдақ болу керек. Әрине, мен кітаптың санын айтып 
отырған жоқпын, сапасын айтамын. Арқалаған жүгі мен жеткізген межесі 
бір-бірінен асып түсіп жатса ғана өсу көрінеді. Сан дегеннен шығады, өзінің 
қандай дәрежедегі жазушы екенін кітабының санымен өлшеп, «он кітабым 
жарық көрді, құдайға шүкір, қазақтың белді жазушысымын» деп айтатын-
дар да бар. Мысалы, Ершов бір ертегімен әйгілі болып, аты қалды. Грибо-
едов жалғыз «Горе от умасымен» бүкіл әдебиеттің тарихын шалқасынан 
түсірді. Ал әлгі «белді» жазушы он томымен өзі шалқасынан түсіп жатыр. 
Меніңше, ең жаманы, жазушының өзін-өзі қайталап, бір орнында тыпыр-
шып қалғаны. Бұл оқырманды мезі етеді. Осы жағынан алғанда сенде 
алға ұмтылу, аз да болса ілгерілеу бар екен. Әжептәуір ойың өркештеніп, 
қаламың төселіп келеді. Әрқашан мақсатың мүмкіндігіңнен артық болсын, 
сонда бүгінгі ісің кешегіден, ертеңгі ісің бүгінгіден артық нәтиже береді, 
– деді атам.
Енді мына қызықты қараңыз: осы әңгімеден біраз күн өткен соң атам 
екеуміз «Жазушы» баспасына бір жұмыспен бардық. Баспаның байырғы 
қызметкері, әрі атамның орысша кітабының редакторы Нина Александров-
на Мұханова дейтін кісі Бақыттың кітабын оқыған екен. Өзіне ұнағанын, 
алған әсерін айта бастап еді, атам сөзін бөліп жіберді.
– Мен Бақытжанды оқымаймын, не жазатынынан хабарым жоқ, – деді.
Ал мықты болсаң түсініп көр атамды. Көзім жыпылықтап жүзіне қарай 
бердім. Кітап туралы бар сырды білетін мен тұрмақ, Нина Александровна 
таңғалып:
– Мүмкін емес, – деді сенгісі келмей.
– Нина ханым, бұл әңгімені доғарыңыз да, менің келген шаруамды 
бітіріңіз, – деп тойтарып тастады.
Ана кісі ыңғайсызданып:
– Иә, иә, шаруамызға кірісейік, – деп, үстелдің тартпасынан қомақты 
папканы бері алды.
Дәл қазір керегім шамалы болғандықтан, дәлізге шығып кеттім де, адам 


186
аз жүретін қалтарыстау бұрышқа барып тұрдым. Сол-ақ екен, бойыма лап 
еткен бір ыза тарап бара жатты. Бірақ ол бұрқ етіп сыртқа шыға алмайтын, 
булыққан ыза еді. Қаптаған кедергілерге тірелетін дәрменсіз сезім болатын. 
Дәрменсіздік емей немене, жаңа «оқып едіңіз ғой» деген сөз тілімнің ұшына 
ілініп тұрса да, ернімді тістеп үндемей қалған жоқпын ба?! Атам тектен-
текке ештеңе айтпайды. Керек десеңіз, көзге оғаш көрінетін қылығының 
өзінде астар бар және сол қыңырлығын ұғындыруға әсте тырыспайды, се-
бебін сирек ашады. Атамның мұндай әдетін білсем де, әлгіндегі айтқанын 
тым әділетсіздік көрдім. Бақытжанға әкесі тарапынан қатыгездіктің тағы 
бір тікені қадалып жатқандай.
Атам баспадағы жұмысын бітіріп үйге қайттық. Байқауымша өзі көңілді, 
бойын тіп-тік ұстап, таяғын сәнмен сілтей тастап жүріп келеді. Бағанадан 
көкейімді тесіп, маза бермеген сұрақты атама қойып қалдым:
– Ата, Бақыттың жазғандарын оқитыныңызды неге жасырдыңыз?
Айтуын айтсам да, кінәлау сияқты сезіліп, жотамнан жылан жүріп 
өткендей арқам мұздап сала берді.
«Қазір бірдеңе болады» деген ой зымыран ағыспен зулап өтті. Бірақ атам 
маған пысқырып та қарамады. Шыбынның ызыңы құрлы көрмей, сөзімді 
жауапсыз қалдырды. Дым естімегендей сол мәнерлі жүрістен танбады, тіпті 
әлдебір әуенді ыңылдап қояды. Иттей болып аяғымның астынан көз алмай, 
тепеңдеп ілесіп келемін. Көп ұзамай әлдекімнің:
– Ассалаумағалейкүм! – деп әндеткенін естіп, басымды көтерсем, таны-
майтын бір ағай атама қолын ұсынып сәлемдесіп жатыр.
– Халың қалай? – деді атам жайдары үнмен.
– Майда қадамдап жүріп жатырмыз ғой, Бауке, – деді ана кісі.
– Иә, аршындап басуға арын керек, – деді атам іле-шала.
– Оныңыз рас, оныңыз рас, Бауке, – деп ағай рақаттана күлді де:
– Бауке, балаңыз жазушы екен ғой. Менің студент қызым кітабын оқып 
ұнатып жүр, – деді.
Ішімнен «ә, енді не дер екенсіз, бір күнде бір кітапқа екі мақтау жиі кез-
деспейді» деп көңілім іріленіп, мардымси бастадым.
– Қағаз шатпақтағанның бәрі жазушы емес, Бақытжан жазса жазатын 
шығар, бірақ мен оны оқымаймын, – деді атам.
Ағай не дерін білмегендей атамның жүзіне аңырая қарады. Әлденені 
айтуға ыңғайланғанын ернінің қозғалысынан байқай қойған атам:


187
– Ал, жақсы, сау бол. Келінге сәлем айт, – деп, қоштасып жүріп кет-
ті. Мен бірден ілесе алмай сәл бөгеліп қалдым, ағай маған қарап иығын 
қозғады. Не демекпін, тек «қош болыңызды» айтып, жүрісімді жылдамдата 
атамның соңынан ентелей жеттім.
Адам бір нәрсені өте білгісі келгенде одан басқаны ойлай алмай қалады 
екен. Атамның қайта-қайта «оқымадым» дей бергені білуге құштарлығымды 
өршітпесе, басылар емес. Көбінесе үнсіз тыңдап, үндемей құтылушы едім. 
Бірақ осы жолы әлдебір тосын қайсарлық мені тағы сөйлетті. Бұл жолы 
сұрақты төтесінен қоймай:
– Жаңағы кісі де Бақытты біледі екен, – дедім сипақтатып.
– Желпілдеме! «Түйенің нарқы артса, қотыр тайлақ тайраңдайды» де-
мей тыныш жүр, – деді көзінің оты жарқ етіп.
«Сауап болды» дедім ішімнен өзімді-өзім көзге шұқып. Бақытжанның 
жыртысын жыртамын деп қотыр тайлаққа теңелдім.
Үйге келген соң атам әдеттегідей бітірген жұмысын, кімді көріп, не 
сөйлескенін баласына әңгімеледі, бірақ бағанағы жайларға жоламады. Мен 
де естігенімді Бақытқа ләм деп сездірмедім. Әкелі-балалы екеуінің арасына 
сына қаққандай болып неғылайын. Керек деп тапса, атам өзі сөз қозғар, айт-
паса және өзі білсін. Бәрібір, ерте ме, кеш пе Бақытқа біреу жеткізеді, тек 
менен естімесін. Әй, естігенде ерін бауырына алып бір тулайтын шығар. 
Аяғынан гөрі аузымен жедел жүретіндер оның өңін құбылтып, бояуын 
қалыңдатып айтады. Оларға қызық керек, бізге бірлік керек екені ойларына 
келмейді. Момышұлдарының ынтымағына көлденеңнің кесірі көп тигені де 
осындайлардан.
Өз аңғаруымша, атам сол күні мені бақылады. Жүзіне тура қарамай, 
көзімді қанша тайдырғаныммен, атамның өңінен бір мысқылды айқын 
көрдім. Көрдім де, ойым онға бөлінді. Көңілім көншіген жауап таба алма-
дым. Май ішкендей жүрек тұсым кілкіп, аузымды ашсам запыран төгілердей 
болғасын, тістеніп қана үндемей бақтым. Жай-күйімді білдірмеуге тырыс-
тым, алайда соған шамам келмей босаңдық көрсеттім білем, қабағым кір-
тиіп, онсыз да шүңірек көзім әрі қарай батып, ұсқыным келіспеді.
Кешкі ас үстінде атам маған қарап отырды да, қарқылдап келіп күлді. 
Қызық бір нәрседен дәметкен Бақыт:
– О, не, папа? – деп, ештеңенің мәнісін ұқпай-ақ көзі күлімдеп шыға кел-
ді. Мен басымды тұқырайтып, дастарқан үстіндегі нанның майда қиқымын
шымшып теріп жатырмын.


188
– Бүгін Зейнептің көңілі күпті, – деді атам баласына, – өзінше жасырғысы 
келеді, бірақ кішкентай бойына сыяр емес. Маған деген өкпесі қара қазандай. 
Жел толтырған дүңгіршектей торсиып отырғанының себебі бар. Бағана екі 
кісіге сені оқымаймын дегем.
– Мен оны білемін, – деді Бақыт.
– Қайдан білесің?! – Неге екенін, атам мен жаққа бұрылып қарады.
– Бұрыннан білемін, Зейнепке болмаса, маған жаңалық емес. Бірінші 
рет өз аузыңнан естігем. Қашан, қалай айтқаныңды қазір есіңе түсірейін. 
Сонау алпысыншы жылдардың ортасында мен «Каз. правдаға» жұмысқа 
орналаспақшы болып, редактор алатын болып, ризашылығымды білдіріп, 
қуанышым қойныма сыймады. Алып-ұшып саған келдім. Мені мұқият
тыңдадың, содан кейін көзімше редакторға телефон шалдың. «Жұмысқа
көбірек салыңдар, үйретіңдер» дейтін шығар деп ойладым. Бірақ сенің не 
айтқаның күні бүгінге дейін жүрегімде сөзбе-сөз жаттаулы тұр: «Партиялық 
жауапты газетте істей алмайды. Оған ақылы да, тәжірибесі де жетпейді. 
Алдымен мұрнын дұрыстап сүртуді үйренсін», – дедің.
Телефонның ар жағындағы адам, шамасы, менің жазғандарыммен та-
ныс екенін айтты-ау деймін, сен оған: «Мен оқымаймын. Ақымақ екенін 
онсыз да білемін»,– дедің. Мен әрі қарай шыдап отыра алмадым, аузымнан 
өрескел сөз шығып кетпесін деп есігіңді тарс жаптым да, үйіме кеттім.
Ертесінде уәдеміз бойынша редакторға бардым. Ол кісінің аты-жөні 
Кияница Андрей Петрович екенін де ұмытпай жүрмін. Барсам, кеше ғана 
жақсы қабылдаған редактор, бүгін қыңырайып, айнып қалыпты. Ең бол-
маса көңіл жықпас сылтау айтпайды, турасынан: «Қымбаттым, сен үшін 
Бауыржанмен ренжісер жайым жоқ. Жұмысты басқа жерден ізде», – деп, 
ашығын айтып шығарып салды.
Ал, шындығында, мені оқитынсың, әрине, алғашқы қадамдарым бола-
тын, бәрібір оқып пікір айтатынсың. Сонда басқалардың әкесі секілді демеп 
жібергеніңде, көп сүрінбес пе едім, кім білсін. Әкесі жығып берсе, басқалар 
тебуге дайын тұрмас па еді? Балаларының жасы қырықтан асқанша жете-
леп жүретін әкелердің шыдамына, кеңдігіне қайран қаламын. – Бақыт екі 
қолын екі жаққа жайып сөзін бітірді.
Өзі туралы емес, басқа біреуді айтқандай салмақты баяндады.
Мен бұл сырды бұрын естіген емеспін. Осыны атама бекер айтты ма, 
қалай қабылдар екен, не дер екен деп іштей толқып отырмын.


189
– Дұрыс істеген екенмін, – деді атам саусағын безеп. – Жығылып, 
шекеңе ісік түспесе, жердің қаттылығын білмес едің. Қолтықтап үйретсем, 
өз аяғыңнан жүре алмас едің. Оңай жазуға дағдылансаң, сөз қадірін ұқпас 
едің. Жазуды өнер деп емес, кәсіпке айналдырар едің. Мен ол кезде сенікі 
жай әуесқойлық, кедергіге кезіккен күні жазуды тастап кетеді дейтінмін. 
Кейін қарасам, құлап жатып та творчествоға тұрақтылық көрсеттің.
– Ал қазір неге оқымаймын дейсің? Солай айту қайсымызға көбірек ке-
рек? Соны түсіндірші? – деді Бақыт қызынып.
– Чтение и прочтение – разные вещи. Чтение – труд. Мен Абайды, 
Әуезовті немесе Толстой мен Тагорды оқығанда өзімде жоқты табамын. 
Жаным жадырап, рухани өсемін, биіктеймін. Мен олардан алғанымды
өмірімнің талай бұрылыс кезеңдеріне жараттым. Ал сенде мен алатын 
ештеңе жоқ. Сенің айтатының екі де екі – төрт. Оқымадым деген осы, – деді 
атам.
– Оһо, қалай қарай бұрып жіберді! Одан да өзіңнің көзіңше мені жақсы 
деп те, жаман деп те сөйлегенді ұнатпаймын демейсің бе!
– Ол да жоқ емес. Қанша айтқанмен, сен менің баламсың. Елдің көзінше 
жеріне жеткізе әділ бола алмауым мүмкін. Содан кейін кімнің қандай оймен 
айтып тұрғанын да білмейсің. Жақсы десем, баласы болған соң мақтады 
дер, жаман десем, әкесіне де жазғаны ұнамайды екен дер. Сондықтан жат 
көзге «оқымағаным» дұрыс, – деді атам баласына қарап.
– Бір жағынан оның да жөн екен, папа, – деді Бақыт.
Сол жолы мардымды ештеңе түсінбедім, ашығын айтқанда, екеуін де 
түсінгім келмеді. Қарсы айтар сөздерім де қаптап тұрды, бірақ жеңе ал-
масымды білдім. Талай уақытқа дейін осы әңгіме есімнен кетпеді. Үнемі 
өз ойым басым түсе берді. «Сонда бұл қалай болғаны, – деймін. – Оңай 
нәрсені қиындатып өздерінше ереже құрастырмай-ақ, оқығанды оқыдым 
деп турасын неге айтпайды? Күні ертең талас туған жерде атамның 
Бақытжанды оқығанын айтсам, маған сене ме, Момышұлына сене ме? 
Әрине, атама сенеді. Өтірікші мен боламын. Бірақ менің жақсы дәлелдерім 
бар. Дәлел болғанда – бұлтартпайтын дәлелдер. Ол – көшірмеге көнбейтін 
атамның өз қолтаңбасы. Бақытжанның кітабының, газет-журналдарға 
шыққан әңгімелерінің сызылмағаны, жазылмағаны кемде-кем. Тіпті 
қайсыбіреулерінде ашықтан-ашық сықпыртып та жіберген. Алда-жал-
да біреу сөзімді теріске шығармақшы болып өзеуресе, ерінбей үйге ертіп 
әкеліп көрсетерім анық.


190
Ал атамның көзі тірі кезінде Бақытжан екеуміз сол қыңырлығын 
дәлелдеуге әсте тырыспадық. Толып жатқан ыстық-суық қайшылығының 
бірі көріп, үнсіз жүре бердік.
***
Қыс түссе болды, бір беймаза жаман тұмау адамның зықысын 
шығарады. Өзінің жыл сайын аты да, түрі де өзгеріп отырады. Одан жұртқа 
келер жеңілдік шамалы, біресе құлағыңнан, біресе тамағыңнан ала түседі. 
Осы тұмау деген бәлемен ауырмадым дейтін адам кемде-кем шығар, әсіресе 
бұрыннан қыңқыл-сыңқылы барларды оңдырмайды екен.
Біздің үйде биылғы тұмау Ержаннан басталды. «Бала ішегін шұбатып 
жүріп ойнайды» деген рас, денесінің қызуына қарамай тыным тауып жа-
туы қиын болды, қайта-қайта атасы мен папасының қастарына зып береді. 
Сөйтіп жүріп, ақыры екеуіне тұмау жұғып тынды.
Алдымен Бақытжан мұрттай ұшты. Бұл енді бір қызық жаралған адам; 
әрқайсысы бес-алты сағатқа созылған ауыр операцияларды басынан өткізіп, 
қайыспай жеңгенімен, тұмау-сұмауға келгенде барып тұрған шыдамсыз. 
Баладан бетер қыңқылдап өзін де, өзгені де қажап бітеді. Атам ғой бәрін 
үнсіз көтереді, әйтсе де осы жолғы тұмаудың бет алысы жаман болды. Ер-
жан пышылдап сырқаттанған күні атам маған: «Аузыңды дәкемен байла, 
сарымсақ жегін. Сен жатып қалсаң басқамызға оңай болмайды», – деген 
секілді ескертпелерді құлаққағыс еткенмен, өзі сақтанудың әдістеріне мән 
бермеді. Бақытжан сауығуға бет алғанда, атам түшкіре бастады. Алғашқы 
күні ерен етпегенсіді, алайда ертесіне бірден қызуы көтеріліп, халі 
ауырлағанда, дәрігер шақырдым. Олар келіп укол жасап, біраз отырған соң 
уколды тағы қайталады. Қызуын әлсін-әлсін өлшеп, біршама дұрысталды-ау 
дегенде, дәрі-дәрмек қалдырып, жөндеріне кетті. Дәрігер әйел маған: «Егер 
түнге қарай ыстығы және көтерілсе шақырыңыз», – деп, кезекші дәрігердің 
телефонын қалдырды. Кешке дейін айтарлықтай өзгеріс бола қоймады, атам 
әжептәуір тынышталды. Сағат түнгі он бірге жуық маған былай деді:
– Мына тұмаудың өзі кезегімен келіп жатыр. Сен менің қасыма 
қайта-қайта кіре бермегін, ауырып қаласың. Қазір сергекпін, біраздан соң 
ұйықтайтын шығармын. Әрі-бері жүріп, мазамды алмай, демала бергін.
Сырқат адамға күндізден гөрі түн ауыр тиеді. Жаман айтпай жақсы 


191
жоқ, қайтадан қиналғандай болса, тым болмаса дәрігер шақыруға дайын 
тұрайын деген оймен шешінбеген күйі диванға қисайдым. «Ұйқы жастық 
сұрамайды» деп, қанша сақ жатсам да, көзім ілініп кетіпті. «Балам» де-
ген атамның күңгірт даусы құлағыма жеткенде, ұйқым шайдай ашылып, 
қасына бардым.
– Тер шыға алмай жатыр. Ыстық шай әкелгін, – деді.
Жазда қарақат пен қантты араластырып, әдейі қысқа сақтап едім, 
атамның тәттіні ұнатпайтынын білсем де тер шығаратын емдік қасиетіне 
бола шайға қосып алып бардым. Шай ішуге ыңғайлы болсын деп жастығын 
биіктеткенімде, жүзі алаулап күйіп тұр екен, демінің өзі оттың жалынындай. 
Байқауымша, қызуы күндізгіден әлдеқайда күшті. Дәрігер шақырмақшы 
болып есікке қарай жылыстай бергенімде ойымды оқып білгендей:
– Керегі жоқ, шақырма. Одан да үстімді қалыңдап жапқын. Өзің мен 
шай ішіп болғанша осында отыра тұр, – деді.
Атам екі кесе шай ішті, мен кете қоймадым. Көзі жұмулы, қайқаң өрге 
жүк арқалап шыққандай ентіге демалады. Осылай біраз жатты да, қабағын 
көтеріп мен жаққа сығырая қарады. Қазір «кет» дейтін шығар деп ем, 
үндемей көзін қайта жұмды. Жүзі барған сайын қызыл күреңденіп, ісініп 
келе жатқан секілді. Өңінің құбылуынан тіксіндім, неде болса дәрігер 
шақырайын деп ақырын орнымнан көтерілгенімде:
– Отыр, – деді жанарын ашпаған қалпында. Қайтадан отырдым. Атам 
біразға дейін үнсіз жатты да, кенет сөйледі:
– Қарттық аяғымды тұсап, үйден шығармай, от басына көгендеп 
қойды. Қолым қалтырап, түрегелсем тізем дірілдеп, буынымнан әл кеткен-
мен, көкірегім ашық, ақылым жетік, көзім әлі де қырағы. Ойдың жүйрік, 
ұшқырлығын кісі қартайып төсекке тұтқын болғанда жақсы біледі екен. Ел 
ісі, ақыры үй шаруасына алданып, тірлікке араласпаған соң өткен-кеткеннің 
барлығы ап-айқын болып көкірегіңде сайрап, көз алдыңда жолдай жосы-
лып жатады екен. – Атам көзін жұмған күйі алқына демалып сөйлей берді. 
Тер қысып сандырақтап жатыр ма десем, сөздері жүйелі, логикасы мықты. 
Алайда әңгіме тосын.
– Тоқсан түрлі шешуі бар жібек сияқты іліге, түйіле шатасқан өмірдің 
тоқымасын қартайғанда шешуің оңай ма деймін. Бірақ та кәрі қойдың жасын-
дай жасың қалғанда денеңдегі қалған-құтқан күш-қайратың ойыңды өрге 
сүйремей, жаныңды көрге сүйреп, тәніңді күннен-күнге салқындатқанын 


192
сезесің. Кейде ойға терең сүңгіп отырып, қалғып-мүлгу қарттықтың се-
руен жолдасы екеніне көзім анық жетті. Кеудіреген кәрі денені мұң кернеп, 
сыздауықтай сыздататын мезгілі аз көрінбейді. Тек өткен өмірің ғана өне 
бойы ми қонағы болып тұра бермейді, болашақты да ойлайсың. Бірақ оған 
өзіңнің жетпейтініңді білгендіктен болашақ балалардікі, менікі емес де-
ген өзімшілдік мінез пайда болады екен. Егер де өмірдің мен татқан ащы-
тұщысынан түсінгенімді, білгенімді айтсам жастар дұрыс түсіне ме, жоқ 
әлде «сіздің заман өткен, біздікі бөлек» дегенді естіртіп айтпағанмен, іштей 
ойлай ма деп қаймығатын шақтарым болады. Әне, сонда бар сырыңды 
ішке сақтап, сезіміңді жасырып отыра бересің. Ылғи демейін, бірақ сөзіңді 
зейінсіз тыңдап, тезірек құтылуға құлшынып тұратындарды білемін. Біле
тұрып, «басыңа келсін» деп қарғамай, «көп жаса, бақытты бол» деп бата 
бергенде қарттықтың кеңдігіне таңғаламын. – Атам тіпті демігіп жатыр.
Қысқа кірпі шашының арасынан аққан тер, маңдайдан бері қарай та-
рамдалып, жұмулы көзінің шұңқырына қарай құйыла бастады. Жұмсақ 
орамалмен дамыл-дамыл сүрте бердім. Атам қолымның қозғалысына 
қарсылық көрсетпейді, сөзінің желісін де бұзбады.
– Қарттық қайратыңнан ажырата бастағанда өзіңді бұл дүниеден 
ертең, бүрсігүні кететін қонақ санайсың. Жас кезіңде бар қызығың алда 
тұрғандай боп көңілің желігеді, аққан судай белгісіз өмір өтерін жастық
дәуренде аңғармайсың. Тіршіліктің мән-мағынасын бірде ұғып, бірде 
ұқпай, тек ертеңге ентелейсің. Ал қарттық шынымен өмір қадірін біл-
діреді екен. Ақырғы қырыңды асарда ешкімді ренжіткің келмейді, біреудің
көңілін қалдырмасам дейсің. Әсіресе жастарға «қарағым, шырағым»
деп айналып, жылы пейіл танытасың. Осыны алдап емес, ақ ниетіңмен 
айтасың. Жастар көзіңе құлпырған гүл сияқтанып көрінеді, оларға мейір-
леніп қызыға қарайсың, бақыт тілейсің. Өрелі жастың өнегелі ісін көргенде 
өміріміз жақсы жалғасады екен деп қуанасың. Кесірленген келеңсіз бейәдеп 
қылығын байқағанда, кәрі қабырғаң қайысады. Солар үшін күні кеше шейіт 
болып, өмірін қиғандарды есіңе алып, қайғы сеңі соққандай шөгіп отырып 
қаласың. Әйтеуір, келер күннің иесі – балалардың бәріне сәулелі жақсылық 
дарыса дейсің. Еңбекпен өмір қасиетін танып, тіршіліктен уайым-қайғысыз 
өтсе деген тілеуден ажырамайды екенсің. Бұдан бұрын қарттықтың осын-
шама мырза екенін кім білген. – Атам сәл тоқтады.
« – Бала да бір, қарт та бір» дейді қазақ. Мүмкін, дұрыс та шығар, 


193
бірақ баланың ойы алға жүйрік, қарттың ойы артқа жүйрік, баланың ойы – 
тәлтіректеген тапыр-тұпыр, ұйтқи соққан, ұшы-қиыры жоқ қызық ой. 
Қарттың ойы – тіс қаққан тетік ой. Лезде бел асып, қырға шығып, өзіңе-өзің 
қарап, қисық-қыңырыңды сынақ көзбен көріп, саралайтын саналы ой. – Еп-
теп ентігі басылғандай болды, бірақ даусы бәсеңдеп барады. Бағанадан бер-
гі ағыл-тегіл тер де тыйылды.
– Қарттықтың екі елі ажырамайтын бір тірлігі – ой, ой үстінде қалғып-
мүлгу. Қалғу – менің тұлпарым, ұйқы менің желмаям. Көзім сәл ілініп 
кетсе, жаһан кезіп серуендеп, шаршағанымды оянғанда бір-ақ сезем. Ой-
дан да жалығасың, алайда қайда қашып құтыласың. Өлшеулі өмір өткенше 
көнесің. Жарық күнің аз ба, көп пе, кім білсін. Татар дәмің таусылмай көз 
жұмбайсың. Бірақ көп жасап, қатарымнан айырылып жетім болғым кел-
мейді. Өзімнен кішілерге топырақ салғыза көрме деп тағдырыма жалбары-
нам, – деді де үні мүлде тыйылды.
Қазір қайта сөйлейтін шығар десем, үндемейді. Адам жаман ойға қандай 
жүйрік, бойымды демде қорқыныш жайлап, буындарым дірілдеп, орным-
нан тұрып атамның жүзіне үңілдім. Аузы сәл ашылып сұлық жатқанын 
көргенде: «Ата!» – деп, даусым оқыс шығып кетті.
– Құрғақ киім дайында, – деп үн қатқанда бетімді басып жылап жібер-
дім. Қорыққан да бір, қуанған да бір деген осы.
– Бар, тез! – Атамның дағдылы даусы қанат бітіргендей бөлмеден ұшып 
шықтым. Құрғақ киім әкелгенімде, атам ұзын шапанын киіп, тәлтіректей 
бері шығып келеді екен. Қолтығынан сүйемек болып едім:
– Өзім,–деді қабырғаны ұстап.– Сен төсекті ауыстыр.
Тездетіп төсектің ақ жайма, сейсебін ауыстырайын дегенімде таңғал-
дым, көрмеген адам сене қоймас, терлегені соншалық, көрпенің өзі су, жайма 
сығып алғандай. Атам үстін құрғақтап, төсегіне жайғасқанша, шай қойдым. 
Оңбай терледі, шөлдеген шығар деп ойладым. Бір кесе шай ішті де:
– Шамды өшіріп шығып кеткін, – деді.
Асүйдегі шкафтың тартпаларының бірінде тұратын күнделік дәптерім 
мен қаламды алып, «1974 жыл, 26 қаңтар, сенбі» деп жазып, сыртылдап 
тұрған сағатқа қарасам, сенбі емес, жексенбі болыпты. Сағат төртке он алты 
минут қалған екен. Ойымды орнықтыра алмай біраз отырдым. Бағанадан 
бері естігенімнің бас-аяғы жиналды-ау дегенде қағазға түсіре бастадым. 
Жазуым керек, ертең деп еріншектік жасасам, талай сөзден айырылып 
қаламын. Мен мұндай мәнермен өзгеше бір сарынмен айтылған әңгіме 


194
түрін атамнан бұрын естіген емеспін. Атам көбінесе сөзді тұжырымды 
қысқа қайырып, шегелеп сөйлейтін. Осы жолы ұзақ-ұзақ сөйлеп барып, 
қорытынды жасап жатты. Бұл қарттық туралы күнде айтыла бермейтін 
толғау, мұң аралас шындық, ғибрат болар ақыл еді.
Екі-үш күннен соң атам тұмаудан айығып, көз үйренген қалпына кел-
ді (қатты ауырғанмен, Бақытқа қарағанда тез сергіді). Менің көкейімнен 
атамның әңгімесі кетпеді. «Тер қысып, жаны қиналғанда термен бірге 
ағылып еді, өзінің сонда не дегенін біле ме екен, сұрасам қайтеді» деген 
ой мазалап жүрді. Бірақ сұрай алмадым, атам да сол әңгімеге қайта айна-
лып соқпады. Қарттық туралы тақырыпқа беттемей қойды. Бүгінге шейін 
соны әдейі айтқанын, не тұмаудың салдарынан еріксіз айтқанын білмей-
мін. Бірақ, қалай болғанда да, ол шыншыл жанның ақ көңілінен бүкпесіз 
ағытылған өзіндік бір сыры еді.
***
Бақытжан әлі мойнын дұрыстап ұстай алмайтын нәресте Ержанға 
мәнерлеп өлең оқып, ересек адаммен әңгімелескендей сөйлей беретін. «Не 
түсінеді?» деп, Бақыттың осы әпенділігіне қайран қалушы едім. Сонда 
ол: «Түсінбесе де дыбыстың ырғағы, сөздің айтылу әуені құлағына сіңеді. 
Шүлдірлеп еркелетіп сөйлемей, әр нәрсені өз атауымен атап анық айтса, 
баланың тілі ерте шығады және ұғымтал болады», – дейтін. Жаялыққа ора-
нып ештеңенің парқын ажыратпай жатқан сәбимен жалықпай «әңгімелесуі» 
ермек секілді көрініп, мән бермейтінмін.
Тегінде, Бақыттың сол айтқаны жөн бе деп қалдым. Өйткені балам екі 
жасында-ақ әп-әдемі сөйлеп, кісіні ынтамен тыңдайтын болды. Папасы оған 
кітапты көп оқитын, өзі де ертегі, өлең шығарып, қала берді сатып әкелген 
ойыншықтардың айналасында әңгіме құрастырып жіберетін. «Егіншінің 
баласы арық қазып ойнайды» демекші, әкесінің қағазға жақындығы да ерте 
әсер етті. «Мынау не, анау не?» деп жүріп әріп танып, ертегі кітаптарды 
төрт жасында өздігінен оқуды үйренді. Содан кейін оқығанынан не ұққанын 
айтып бермейінше ызыңдап қасыңнан шықпайды. Атамның қолына көшіп 
келген соң нағыз әңгімешіл болып алды. Себебі атам жалықпай тыңдайды, 
жай тыңдаушы емес, ойын өрістетіп, қиялын жетелейді. Бала фантазиясына 
бағыт сілтеп, белгілі бір арнаға шебер бұрып отырады.


195
Ержанның қызық әдеті бар еді, естіген, оқыған ертегі әңгімелерін өз 
қалауынша өзгертіп, соның ішіне міндетті түрде үйдегілерді, әсіресе атасы 
мен өзін қосып айтқанды ұнататын. Кейде әр түрлі ұлттың ертегілерінің 
кейіпкерлерін араластырып, «интернационал» ертегі жасайды. Қазақтың 
Алдар көсесі мен орыстың Иванушкасын оп-оңай достастырып, тіл табыс-
тыра салу оған қиынға түспейді. Бір жолы атасы Ержанның сондай туын-
дысын тыңдап болған соң:
– Маған ертегі айтып бергеніңе рақмет. Бірақ сенің үлкен кемшілігің – 
бұрыннан бар, дайын нәрселерді бір-бірімен қосып қойыртпақтап, көже 
жасайсың. Оны өзіңдікі етіп ұсынасың. Мұндайды, қазақша айтқанда, 
біреудің қазы-құртын жымқыру дейді. Ал жазушылар «плагиат» дейді. 
Сондықтан мықты болсаң басынан аяғына дейін өз көкейіңнен, өз санаңнан 
шығарғын. Ана жатқан кубиктерді үй жасап ойнағанда қандай әдемі 
қиюластырасың, әңгімені де сондай көркем қиыстыр. Дайынды алып пай-
далану кез келген адамның қолынан келеді. Ұқтың ба? – деді.
Содан Ержан ертесіне атасына келіп: 
– Мен сізге ешкім жазбаған, өзім ішімнен шығарған ертегі айтып бе-
рейін бе, – деді.
– Е, айтқын, бірақ есіңде болсын, күндегідей болса қуып жіберемін.
– Жарайды, ата. – Креслоға шөге жайғасып отырды да, әңгімесін бас-
тады: – Бұрынғы өткен заманда Ержан деген бір жақсы бала болыпты, – де-
генде мен күліп жібердім.
– Тыңдай білмесең, шығып кеткін, – деп, атам маған ызбарлана 
қарады.
– Кешіріңіз, – деп жым болдым. Тоқтап қалған оған атасы айта бер де-
гендей иегін көтерді.
– Ержан деген жақсы баланың отқа күймейтін, суға батпайтын батыр 
атасы болыпты. Ержанның папасының–атасының баласының аяғы ауыра-
ды екен. Соған дәрі шөп іздеп атасы екеуі биік тауға кетіпті. Келе жатады,
келе жатады, келе жатады...– Осы сөзді кемінде он рет қайталады, жолдың 
ұзақтығын беру әдісі болу керек. Мен жалыға бастадым, бірақ атам басын 
изеп-изеп қойып әлі «келе жатыр».– Бір кезде дәрі шөптің көп өскен жеріне 
келіпті. Атасы мен немересі қуанып кетіпті. Енді дәрі шөпті дорбаға 
жинап жатқанда дәу жолбарыс ағаштан секір-і-іп түсіпті. Көздері үлкен, тісі 
өткір екен. «Қазір немереңді жеймін», – деп бақырыпты. Сонда атасы бір 
қолымен ана-ан-дай жерге лақтырып жіберіпті.


196
Жолбарыс алдымен ойбайлап жылапты, содан кейін «Оһ-оһ!» деп, 
жатып-жатып орнынан әрең тұрыпты. Жамбасын сипап, аяғы ақсаңдап 
батырдың қасына келіп басын иіп:
«Кешіріңіз, Бауке, әшейін ойнап едім, енді өйтпеймін», – депті дегенде, 
мен күлкіге булығып, шыдай алмай шыға жөнелдім...
Ержан балабақшаға барғанға дейінгі әңгімелері осы тектес қиялының 
жемісі, көрген түсі болып келетін. Бақшаға үйреніп, көндіккен соң айтатын 
тақырыбы көбейді, түрі де өзгеріп, «реалистік» сипатқа ене бастады. Күн-
діз не істегендерін, қайда болғандарын, қандай тақпақ жаттап, нендей ән 
салғандарын түгел баяндайды. Кіммен шекісіп, бекіскенін де қалдырмайды. 
Атам мұқият тыңдайды, баланың шалыс басқан жерінде: «Әттеген-ай, 
мынауың жарамаған екен, оны былай істеу керек еді», – деп, немесе «Қап, 
жолдасыңды ренжітіп алыпсың ғой, ертең барғанда кешірім сұра» деген 
секілді ескертпелерін орынды қосып, немересімен ұғынысып жатады.
Атасымен арасындағы осындай ашық қарым-қатынастары кенеттен 
бұзыла жаздады. Оған Ержанның баяғы қиялшылдығы себеп болды.
Сол күні Бақытжанның баспадағы бір жұмыстарымен айналысып, түстен 
кейін үйде болмадым. Әйелдердің әдеті – үйден шыққан соң құрығанда бір 
дүкенге бас сұғып, керек-жарағын іздей жүреді. Мен де бір-екі дүкенді ара-
лап, кезекке тұрып қалып, одан бақшаға соғып, Ержанды алып, үйге бір-ақ 
қайттым. Атам біздің келуімізді аңдып жатқандай:
– Бері келіңдер,– деп дауыстады.
Демнің арасында көңіліме бір күмән кірді. Соның салдарынан баламның 
бәтеңкесінің шиеленген бауын зорға шештім. Атамның өңін көрмесем де 
алаңсыз еместігін дауыс ырғағынан аңғарып, өзім үйде болмаған үш-төрт 
сағаттың ішінде ненің килігіп, қандай өзгерістің бола қойғанын білмедім. 
Мүмкін, менің сонша уақыт кешіккеніме ренжіп жатыр ма? Үйге біреу 
келіп тыныштығын шайқалтып кетті ме екен? Әлде Бақытжан бірбеткей-
лігіне салып бірдеңені бүлдірді ме? Ержан кірген бойы атасының жаны-
на барды. Атам қолының сыртымен баланың кеудесінен итеріп, жанына 
жақындатпай:
– Сен өтірік айтуды қайдан шығардың? – деп тіке бас салды.
– Қашан өтірік айттым? – Ержан қаймыға қоймай қарсы сұрақ қойып 
тақ етті.
– Мойныңа алудың орнына, таласқың келе ме? Ақталмақшысың ба? – 
Атасы қабағынан кәрін төгіп, немересін түтіп тастардай дірілдейді.


197
– Өтірік айтпадым, бұрышқа қойсаңыз да айтпадым! – Ержан тыйылар 
емес. Менің араға кірісе алмай дымым құрып тұр. Балаңды өтірікші деп 
жатқанда қайбір хал болсын. «Біздің үйде бұрышқа қойып жазалайтын әдет 
жоқ еді, бақшадан үйренгені болар» дегенді ойлап өзімді алдаусыраттым.
– Аһ, солай ма, кішкентай Тазша? – Атам ақырып жіберді де, жан-жағын 
сипалап көзілдірігін алды, қайтадан орнына қойды. Бұл өзін-өзі басу үшін 
істеп жатқан әрекеті. – Кінәңді білмей тұрсаң мен айтайын, тыңда! Сен 
радиодан сөйледің, ұялмай-қызармай бүкіл Қазақстанды алдадың. «Атам 
мені хайуанаттар паркіне апарды, мәңгілік алауға апарды» деп бөскен кім? 
Қашан апардым, неге өтірік айтасың? Қане, жауап бер!
Ержан не дер екен деп ойлағанымша:
– Апарғаныңыз рас,– деді.
– Ра-а-с? – Атамның таңғалғаны сонша, өзінен-өзі шашалып сөйлей ал-
май қалды, одан тізесін сарт еткізіп бір ұрды, содан кейін немересіне көзін 
қадады.
– Рас, – деді Ержан, – мәңгілік алауға барғанда көп солдаттар бар бола-
тын. Бәрі сізге честь берді. Сіз қолыңызды отқа тостыңыз. Қолыңыз мына 
кілем сияқты қып-қызыл болды. Мен қатты қорықтым. Бірақ қолыңыз 
күймеді, сонда солдаттар «Ура!» деп айқайлады. Өзіңіз естіп едіңіз ғой, – 
дегенде атам амалы таусылып, екі қолын екі жаққа жайып:
– Ну и ну! – деп үнін соза шығарды...
Осы кезде Бақыттың күлгенін естіп бәріміз жалт қарадық. Есік-
ке сүйеніп, бізді мазақтағандай кейіппен айылын жияр емес. Қашаннан 
тұрғанын көрмеппіз, тіпті дәл қазір күлетін де ештеңе жоқ.
Дегенмен Бақытжанның осы орынсыз күлкісі атамды құрсаулаған 
шарасыздықты бұзғандай:
– Ержан, сен осы айтқаныңның бәрін түсіңде көрген боларсың. Өзің 
аңғармай шынымен болғандай айтып тұрғаның сол шығар. Ойланып көрші, 
мен сені ол жерлерге апарғаным жоқ қой, солай ма?– деді атам неғұрлым 
жұмсақ сөйлеуге тырысып.
– Апардыңыз, апардыңыз, – деп, Ержан өкіре жылап үлкен жазу
үстелінің астына кіріп кетті де, жылауын үдете түсті.
Не шығып кетерімді, не баламды жұбатарымды білмей дал болдым, 
көрініс ауыр, әрі мен үшін жұмбақ бірдеңе. Бақытқа қарап едім, жүзіндегі 
күлкі зым-зия, астыңғы ернін тістеп, бұрылып шығып бара жатты.


198
– Әй, тоқта! – деп, атам баласына зілдене дауыстады.
Бақытжан бетін бері бұрғанда, атам:
– Сенің жаңағы күлкің де, енді кетіп бара жатқаның да маған түсініксіз,– 
деді.
– Ал маған осындағы сөздің бәрі түсініксіз. Күлгенім – сенің сасқан 
сұрқыңа қараудың өзі қызық болды. Кетіп бара жатқаным – баланың көз 
жасын көруге дәтім шыдамайды, – деді Бақыт салқын үнмен. Үлкендердің 
сөзі ілінісіп келе жатқан секілді, сондықтан неде болса баланы ана жаққа 
алып кетпекші болып, қасына жақындағанымда, атам «тиме» деп тоқтатып 
тастады.
– Ержанға бүйректеріңнің бұрып тұрғаны анық. Зейнеп көзін жасы-
рып, сен ерніңді тістелеп, мені атарға оқтарың болмай тұр. Бірақ кішкен-
тай өтіріктің неменеге апарып соғатынын әке-шешенің орынсыз кеңдігімен 
түсінгілерің келмейді. Өтірік жұқпалы, бойға тез тарап, буыныңды лезде 
алады. Бір өтірікті жеңіл айтқан, екіншісіне қиналмайды. Өтіріктен қылмыс 
туындайды, айналасына залал әкеледі...
– Папа, сөзіңді бөлгеніме кешір. Бірақ алдымен не бүлінгенін айтсаңшы, 
Зейнеп білетін шығар, ал мен ештеңе ұқпай отырмын, – деп Бақытжан 
сөйлеуге тырысты.
– Бағана кітап оқып жатып көзім талды. Содан бір дем радио тыңдайын 
деп тетігін көтеріп едім, таныс дауыс. Елең етіп құлақ түрдім. «Менің атам 
батыр, орден-медальдары көп. Ол мені хайуанаттар паркіне апарды, мәңгілік 
алауға апарды», – деп, өзіміздің Ержан сайрап тұр. Жағамды ұстадым.
– Атыңды атады ма? – деді Бақыт.
– Жоқ.
– Мүмкін басқа баланың даусымен шатастырған боларсың. Егер 
бұларды радиоға жазған болса, сол күні айтып келер еді. Хабарды бүгін 
бергеніне қарағанда, жазғандарына кем дегенде бір жеті болған, содан бері 
неғып үндемей жүр, – Бақытжан баласы отырған үстелдің астына үңілді. 
Ержанның жылағаны басылғанымен, бері шыға қоймай әлі отырған.
– Ержик, радиодан сөйлеген сенсің бе? – деді Бақыт.
– Мен сөйледім. Жанат та, Азамат та сөйледі. Бәріміз өлең айттық.
– Оны бізден неге жасырдың? – Әкесі Ержан тығылып отырған қуысқа 
тағы қарады.
– Мені ол күні балабақшадан апам алып кеткен. Апамның қасында 


199
қондым, содан кейін ұмыттым. Содан кейін есімнен жоғалыпты, – деп, неге 
айтпағанын түсіндірді.
– Міне, көздерің жетті ме? – Атам бізге алма-кезек қарады да: – Радио-
дан сөйлеген өзі екенінен бас тартпайды, бірақ өтірік айтқанын мойында-
май отырған жоқ па?
– Өтірік емес, рас! – Ержан қуыстан басын шығарып, қайта жасырынды. 
Әр нәрсенің шегі бар, мына бала барған сайын тоңмойынданып, қиқарлығын 
қояр болмады. Ешқайсымыздан бір шапалақ жеп көрген емес, алайда дәл 
қазір шықпыртып алсам да артық болмас еді.
Атам көрдің бе дегендей, Бақытжанға қарады. Менің екі бетім дуылдап, 
назарымды неге тоқтатарымды білмедім. Бақытжан саспаған сияқты, бала-
сы жаққа бұрылып:
– Ержан, бері шық. Беті-қолыңды жақсылап жу, асүйде үстелдің үстінде 
графинде су бар, содан ішіп осында қайтып кел, – деді.
Ол бағанадан бері отырған жерінен еңбектеп шығып, бізге қарамастан 
есікке беттеді. Мен ілеспекші болып едім, Бақытжан көзін алартып, барма 
деп ымдады.
– Папа, тыңдашы, – деді Бақыт баласы әрі кеткенде, – Ержанның тым 
әсершіл, қиялшыл екенін жақсы білесің. Ол сенімен бірге хайуанаттар пар-
кіне, мәңгі отқа баруды армандаған. Тілегінің күштілігі соншалық, оған 
өзі де сенген. Қазір немереңнің кішкентай өміріндегі ең басты адам сенсің. 
Ата дегеннің не екенін сезіне бастады, саған қолы енді жетті. Бұрын бөлек 
тұрғанымызда анда-санда келіп гүрілдеп кететінің есеп емес, ол кезде 
өзіңнің бар-жоғыңды танытқан жоқсың. Үйге қонақ келіп кеткендей ғана 
әсер беретін. Енді бір үйде тұрып, күнде қасында отырып, ішіндегі сәбилік 
сырын тыңдап, аталық мейірімге бөлеу баланың мінезіне ықпалын тигіз-
бей қалған жоқ. Ол қазір мына бізді кейіндеу сырғытып қойған, бізден гөрі 
сенің қасыңнан көбірек шықпауға тырысады. Ержан паркке, мәңгілік алауға 
бармай жүр дейсің бе? Апасы да, мамасы да талай апарған. Бірақ арманы 
сенімен бару, соны үнемі ойлағандықтан қиялын таза шындыққа айналды-
рып алған, оған өзі сенеді. Меніңше, бұған бір жақты қарап, шыли өтірік 
деуге болмас. Өмірдегі үлкен өзгеріс, ұлы жаңалықтардың өзі осы арман-
қиялдан басталмай ма екен.
– Сен немене, маған ақыл үйретейін дедің бе? – Атам тістеп отырған 
мүштегін жұлып алып, күлсалғышқа қағып-қағып жіберді.


200
– Ақыл үйретіп отырғаным жоқ. Ержанның айтқаны менің де басымнан 
өткен, ол маған таныс сезім. Баяғыда өзің Калинин қаласында тұрғаныңда 
мен әкесімен қол ұстасып бара жатқан өзім құралпы баланы көргенде 
дүниедегі ең бақытты жан сол болар дейтінмін. Кейде қызғаныштан көзім 
қарауытып кетуші еді, ондайда жылап та алатынмын. Әрине, сен қызмет 
жағдайымен алыста жүрдің, бірақ мен оны саралап ойламайтынмын. 
Өйткені басқалар секілді мені де жетектеп жүретін қайратты қол керек бо-
латын, ой, қандай керек еді. Амал қанша, сенімен бірге болуды қиялдаудан 
басқа қолымнан не келуші еді?
Мен онда Ержанның қазіргі жасынан үлкен болатынмын. Алайда 
қиялымда сенімен қол ұстасып бармайтын жерім жоқ еді. Сол әдемі, сәулелі
армандарыммен бірге оянып, бірге ұйықтап, түсімде көретінмін. Өзім соның 
бәріне құлай сеніп, өзгені де сендіруге құлшынатынмын. Ешқашан өтірікке 
санаған емеспін, тек кейін есейгенде ғана басқаша баға бердім. – Кекілі 
ұйпалақтанып кіріп келе жатқан баласын көрді де, Бақыт әңгімесін доғара 
қойды. Ержан өзінің аласа орындығына келіп отырды, екі қолын тізесінің 
үстіне қойып, моп-момақан бола қалыпты.
Атам Бақытжанды бір рет бөлгені болмаса, көзін алмай тыңдады, тек 
Ержан кіргесін ынтасын соған аудара қарап отырды да:
– Ержан, – деп өзіне қарай жақындауға белгі берді. Бала жанына 
тақалғанда: – Өзің айтқан жерлерге апармағаным үшін кешір. Бұл менің 
тарапымнан кеткен ұқыпсыздық екен, оны толығымен түсініп отырмын. 
Бірақ та сен де ойлаған ойыңның бәрін болған деп кесіп айтып қасарыспа. 
Жаман адамның істеген ісі тек өзіне мақұл болып тұрады. Мен сені жаман 
демеймін, бірақ өзіңдікін ғана жөн көріп, соны басқаға мойындатудан аулақ 
жүргін. Әлі де кеш емес, екеуміз осы демалыста мәңгілік алауға барамыз, 
әне, сонда «бардық» деп ашық айтуға қақың бар (атам уәдесінде берік тұрды, 
аяғының ауырғанына қарамай немересін мәңгілік алауға апарып келді). Сен 
әңгімені әйбат айтасың, оның жақсы. Дегенмен ертегі мен шындық шека-
расын шатастырма. Өзіңнен үлкен адамның бетіне баттиып қарсы келме-
гін, ол өте ұнамсыз қасиет. Ендігәрі бағанағыдай ерегісіп қырсықсаң, менің 
көңілім сенен біржола қалады, ұқтың ба?
– Ұқтым, ата, екеуміз, расында, барған екенбіз деп жүрдім.
– Міне, көрдің бе, енді дұрыс түсіндің, – деп атасы кекілінен сипады.
– Сіз өзіңіз мендей болғанда өтірік айтпадыңыз ба? – деді Ержан ойла-


201
маған жерден. Бәріміз ду күлдік. Баланың ойы, назары бір нәрседен екінші 
нәрсеге жедел ауысатыны белгілі. Ержан атасымен арақатынасы айқында-
лып, көңілі орныққан соң, өзінің еркін сөйлейтін әдетіне қайта басты.
– Айттым, – деді атам күле отырып, – ол ертеде интернатта оқып 
жүргенімде болған. Сол кезде біздің «кедейдің баласы» немесе «жалшының 
баласы», одан әрі кеткенде «жетім» деген анықтама атауларымыз болатын. 
Өйткені интернатқа тұрмысы жақсының, ол тұрмақ ортаның балаларын ал-
майтын. Бірен-саран кіріп кеткендері болса, тез біліп қоятын да, шығарып 
жіберетін. Сонда біз өзімізден артық ешкім жоқ екен, кедейлік, жалшылық, 
жетімдік деген біздің ғана еншімізге тиген ерекшелік деп түсінетінбіз. 
Сондықтан болар, балалар өздерінің байдың малын қалай бағып таба-
ны тілінгенін, таяққа жығылып естерінен танғандарын бір-бірінен өткізе 
айтады. Байдың мырза баласының көрсеткен азабы мен мазағы жыр бо-
лып төгіледі. Өзім ешкімнің соққысын жеп, маңдайымнан күн өтіп қой 
бақпағандықтан, «неге осылардай болмадым» деп өкінем де жүремін. Өзімді 
басқалардан кем санап іштей мұжыламын. Ақыры ойлай-ойлай тапқаным, 
«жалшының баласы» деген қағаз әкелсем, мен де мал бағып, табаныма 
тікен кірген болар едім. Сонда тілім де шешілер еді, аналардың айтқаны 
айтқан ба, хикаяның қызығын менен естір еді. Бірақ мен олар секілді кеш-
ке дейін таяқ жеп, байдың баласының қорлығын көтергенше, өзін жығып 
салып, сілейтер едім деймін ғой. Сөйтіп жүргенімде интернатқа мені іздеп 
әкем келді. «Ауылдық кеңестен мені жалшының баласы деген қағаз әкеліп 
бер», – деп қиғылықты салдым. Жәкем марқұм алғашында әзілдеп тұр екен 
десе керек, біраз күліп алды. Қабағым түсіп қасарып мен тұрмын, сонда ол 
кісі:
– Балам, біздің кедей екеніміз рас. Бірақ мен ешқашан біреудің есігін-
де жалшылықта жүргенім жоқ. Болмағанды болды деп қалай айтпақпын, – 
деді.
– Ондай қағаз болмаса, мені оқудан шығарып жібереді, – деп мен де 
қоймаймын.
– Шығарып жіберсе, панасыз емессің, үйге қайтасың. Өзіңді де, өзгені де 
алдап алған білімің баянды болмас. Ал өтірік айту күнә. Біздің тұқымда еш-
кім жалған сөйлемеген, қора былғар қотыр ешкідей бүлдіріп, ши шығармай 
адал жүргін. Шындық үшін азап тартқан да абырой. Сен оқудан шығарып 
жібереді дейсің, «өтірікші», «суайт» деген атақ алу оқудан шыққаннан мың 


202
есе масқаралық болады. Онда мен балам бар деп айтпаймын. Дардың ас-
тында тұрсаң да өтірік айтпа, шындық бәрінен қымбат, шындық қашан да 
жалғанды жеңеді,– деді.
Әкемнің сөзі сүйегімнен өтті. Ойша дайындап тиянақтаған түйіндерім-
нің быт-шыты шығып, қиялымда пісіп алған талай керемет ерліктерімнен 
бас тарттым. Байы да құрысын, баласы да құрысын, жәкемді өкпелетіп без-
дірмейін деп, бүкіл жоспарымды бұзып, қалыпты тірлікке көштім, – деп 
атам сөзін аяқтады да, мәз болып отырған маған жалт қарап:
– Әй, балам, әңгіме десе екі құлағың едірейіп, басқа тірліктің бәрін 
жылы жауып, есіңнен шығарады екенсің. Үш Момышұлының өтіріктерін 
есің кете тыңдап рақаттандың, енді бізге ауқат бер, – деді. «Ұялған тек 
тұрмас» деп бірден зытудың орнына, Бақытқа қарап күліппін, ол мұндай 
сәтті құр жіберетін адам ба:
– Папа, бұның да талай өтірігі бар, бірақ біз секілді аузын ашса көмейін 
көрсетіп ағынан жарылмайды, тымырайып үндемей құтылады, – деді.
– Үндемеу де – өнер. Көп сөйлемейтін адамның ойлануға уақыты да көп 
болады. Біз айтқанды ойлап жүреді де, оны қайтадан өзімізге жұмсайды, – 
деп, атам мен жаққа қарағанда, есіктен шығып үлгердім.
Бері келгесін: «Осылардың өтірігінің өзінде мөлдір адалдық жатыр-
ау», – деп ойладым.
***
Жазушы деген халықтың мінезі елден ала бөтен бе, әлде біздің Бақытжан 
сондай ма, әйтеуір, бірде көл, бірде шөл, мінезінің омпақ-томпағы көп. Бабын 
табу қиын, аяқ астынан сіркесі су көтермей, тиіп кетсең жарылардай болып 
шыға келеді. Жазғысы келіп машинкасына отыра қалғанда, қисыны келіп 
ойындағысын төгіп салса, бұдан мейірімді, бұдан көңілді, әзілкеш адам 
жоқ. Ал кібіртіктеп, ойлағаны қағазға түспей, түссе де көңілінен шықпады 
ма, тиісерге қара таппай, өшін кімнен аларын білмей өзінің де, өзгенің 
де зықысын шығарады. «Сойылдың жуан басы сорлыға тиеді» дегендей, 
тісін маған батырады, кінәні маған жапсырады. Менің іс-әрекетімнен тіске 
басу етер түк таппай қалса, онда трамвайдың салдырлағаны, телефонның 
шырылдағаны, күннің жауын-шашынды болғаны – «кінәлілер» көбейіп-ақ 
кетеді. Осы жолы да бір жетіден бері берекесі кетіп болды. Қасына барып 
едім, өзіме тіке тиіспегенмен біраз қаһарланды.


203
– Не деген кері кеткен тірлік! Қаптаған ауыр күндер, шетінен дүйсенбі 
дерсің! Мына жыл да жылап тұр! – деді орысшалап.
Мұндайда қазақша сөйлесе сөз таппай, ашуын толық шығара ал-
май булығып қалады. Бір жақсы жері қазақша ұрса алмайды, ал орысша 
ұрысқаны, неге екенін білмеймін, маған онша бата бермейді.
– Бүлінген ештеңе жоқ, – дедім, – бәрі де орнына келеді, босқа ашулана 
беріп, жүйкеңді жұқартып қайтесің, – деп, басу айтқан болдым. Сол мезет-
те қасымда тұрған Ержанға көзім түсіп тіксініп қалдым, бала жанарында 
бір үрей бар сияқты.
– Мама, жүріңізші атама барайық, – деп етегімнен тартты. Қолымнан 
жетектеп, атамның бөлмесіне келдік. Атам баласының әлгіндегі екпіндеп 
айтқан сөздерін ашық тұрған есіктен естіген.
– Ата, папам «тяжелая неделя» деді, енді жаман бола ма? – деп, Ержан 
атасына жақындағанда көзіндегі үрейдің неден туғанын түсініп, жүрегім 
шымырлап кетті.
– Жоқ, Ержик, күннің бәрі жақсы. Жаман жеті болмайды, – деп, атам 
немересінің басынан сипады. Содан кейін маған қарап:
– Адам айнаға қарағанда тек өз бейнесін көретіні секілді, Ержанның па-
пасы өзіне көп қарайды, өзін жиі тыңдайды. Сол үшін айналасындағыларды 
көрмейді, көрсе де, айнадағы келбеті бірінші орында тұрады. Бұл кей-
біреулерге әдетке айналады, өзіне ғана қарау оларға ұнайды да, бара-бара 
басқаның төбесінен қарап, оқтау жұтқандай иілмеуге үйренеді. Сөйтіп, 
түйе бойына сеніп жылдан құр қалады, тышқан жыл басы болып шыға ке-
леді, – деді.
– Ата, мен ол ертегіні білем, тағы бір рет айтып беріңізші, – деп, 
атасының қолынан ұстай алды.
– Айтып беру қиын емес, бірақ білмеген нәрсені есту одан жақсы. Еке-
уміз ай аттарын, жыл атауларын үйренсек қайтеді?
– Ура! Үйренем! – деп, Ержан бірден келісе кетті.
Сол күннен бастап атам немересіне айдың, жылдың атауларын үйрете 
бастады. Атасы құр салдырлатып қайталатқан жоқ, әрбір атауға байланыс-
ты ұғымдарды кеңінен түсіндірді. Оларға қатысты талай аңыз, мақалдар мен 
өлеңдер айтып берді. Ержан тұрмақ өзіміз қызығып тыңдап, есімізде қалды. 
Атам баланы шатастырмас үшін қазақша ай аттарын осы күнгі күнтізбе 
бойынша үйреткенмен, бізге ай аттарының қазақ арасында, әр жерде әр түрлі 


204
айтылу айырмашылықтары бар екенін, көнекөз қариялардың күні бүгінге 
дейін сол бұрынғы атауларымен атайтынын түсіндірді. Мысалы: Сентябрь 
туса, қураған шөптің басынан мамыққа ұқсаған бір үлпілдектер қаптап 
ұшады, бұны қазақ «мизам ұшты» дейді, содан барып кейбір жерлерде әлі 
күнге дейін сентябрьді «мизам» деп атайды. Ал ноябрьде қараша, қоңырқаз 
түн қатып жылы жаққа ұшып кетеді, осыған байланысты ноябрьді «қараша» 
деп атайды. «Қарашаның қары жатпайды», «Қарашаның тоқымдай қары 
қалса, қыс қатаң келеді» деген сияқты ел ішіндегі түсініктерді өз басым 
біле бермейтінмін. Бұрын қазақ халқы көшіп-қонып табиғаттың аясында 
жүргендіктен, негізгі тіршілігі мал өсіру болғандықтан ай, жыл атаулары 
табиғатпен, малмен байланысты айтылған екен.
Атам Ержанға мынадай жыл санау үйретті:
Тышқан жылы – тыныштық. 
Сиыр жылы – сыйлық. 
Барыс жылы – бірлік. 
Қоян жылы – қамбалы. 
Ұлу жылы – үлгілі. 
Жылан жылы – жайлы. 
Жылқы жылы – жұтсыз. 
Қой жылы – құтты. 
Мешін жылы – мейірімді. 
Тауық жылы – табысты. 
Ит жылы – игілік. 
Доңыз жылы – дүниелі.
Мұндай жыл санау есіңізде қалай қалмасын! Тұла бойы құт-береке 
молшылыққа, бейбіт тыныштыққа тұнып тұрған жоқ па?! Бұған қарасаң 
жаман жыл жоқ, оны жұтататын адамзаттың өзі көрінеді.
Атам бізді қасына әдейілеп отырғызып қойып: «Сендер былай болыңдар, 
солай істеңдер», – деп үгіт айтқан адам емес. Қарапайым әңгіме үстінде, 
кішкентай мысалдардың өзінен, атамның қиын да қызық, үлкен өмірінің 
кемеңгерлік қорытындылары көрініп тұратын. Ақымақ болмасаң оны қалай 
түйсінбеуге, сезінбеуге болады?!
Ержан атасының сол жыл аттарын тек жақсылыққа байланысты-
рып үйреткеніне шын пейілімен, сәби жүрегімен құлай сенетін. Біреулер, 
әлдеқалай, «биыл пәлен жыл, өлім көп болады, қыс қатты, жаз жұтаң бо-


205
лады» деп жатса, Ержан қарсыласып шыға келеді. «Олай демеңіз, атам ол 
жылды былай деген» деп, өзі білетін жыл санауды тақпақтай жөнеледі. 
Онда тұрған не бар, айтқанмен бәрі сондай керемет бола қала ма деп ой-
лайтындар да бар шығар. Алайда сенім деген – ғаламат күш. Атам мы-
нау жарық дүниенің игілігіне, ізгі ниет, жақсы тілекке сенуді немересінің 
бойына шым-шымдап сіңіргісі келгенін көрмеу мүмкін емес. Үлкен-үлкен 
дариялардың ұсақ тұнба бұлақтардан басталатыны секілді, бұлтсыз ашық 
аспан мен күннің құдіретті шуағын аялай білер, әділетті өмір үшін күресе 
білер азамат баулудың мөлдір бастауы осы екені сөзсіз.
***
Бүгін ала таңнан аспан түндей түнеріп тұр. Ауа райының бұзылары 
былайғы дені сау адамдарға алдын ала сезілмегенмен, дімкас жандар оны 
біраз күн бұрынырақ біледі. Бақытжан кеше, күн шайдай ашық тұрғанда, 
«аяғым сынып барады, күн бұзылатын шығар» деп қиналып еді. Атам да 
түнде көпке дейін көз шырымын алмады, таң алдында бір оянғанымда, 
шамы жанып тұрған. Бүгін асты тәбетсіз ішіп, дастарқан басындағы 
әңгімеден қашқақтады. Бөлмесіне барып, жатып қалды.
Бақытжан аурудың азабын көп тартып, өмірдің басқа да мұқтажын 
көріп, тағдыры қиындау боп өскенге ме, өзгеге үндемегенмен, маған көп 
шағынады. Атам баласы сияқты ауырғанын ауа райынан көріп немесе жан 
азабының өшін өзгеден алмайды. Не де болса ішінде, «нар жүгі ауыр болса 
да» үндемей көтереді.
Айтты-айтпады бүгінгі ауа райы екеуін де төсектен тұрғызбады. 
Бұлардың арыстай болып жатып қалғандары жанымды жай тапқызар емес. 
Әсіресе атамның көңілсіздігі, мына қарлы боран алдындағы түнеріп тына 
қалған күндей үнсіздігі батып барады. Қалай десеңіз де, атамның алды 
қатты адам, бар ниетіммен күтуге ұмтылғаныммен, үнемі көңілінен шыға 
бермеймін. Міне, қазір де не деп ойын бөлерімді, қандай көмек көрсетудің 
жөнін таба алмадым. Бар ойым, үйге біреу келсе, мүмкін сергір ме еді де-
ген болымсыз үміт. Бірақ кімнің не оймен келетінін тағы білмейсің. Қас 
қылғандай ертелі бері тым-тырыс, керек десеңіз телефон да шырылда-
майды. Кейде көзіңді тырнап ашқаннан, қонақтар бірінің үстіне бірі келіп, 
күтуге зорға үлгеріп жатасың. Сондай күндерді «соңғы қонақтар бұрынғы 


206
қонақтарды қуған күн болды» дейтін атам. Үйімізді үнсіздіктен құтқаратын 
Ержанымыз да күндіз үйде болмайды, балабақшада.
Кешке қарай менің тілегім шынымен орындалды, әйтеуір, есік қағылды. 
Арнап шақырып, тағатсыз күтетін қадірлі меймандарым келгендей қуанып, 
тездетіп есік аштым. Келген кісі әжептеуір атағы бар, осы астанада тұратын 
бір ағай. Қасына жап-жас екі жігітті ілестіре келіпті. Қонақтарды үлкен 
бөлмеге кіргізіп, өзім атамның қасына бардым:
– Сізге кісілер келді. Осында бастап әкелейін бе?
– Жоқ, қазір өзім шығамын. Сен дастарқанға дәм әзірле, – деп, үйде
киетін ұзын шапанына қол созды.
Бақытжанды бері шақырып мазаламадым, оның өзінің себептері бар 
еді; ағайды онша ұнатпайды. Бұрында, осы кісі келген сайын, бір сыпайы 
сылтау тауып бөлмесіне кетіп қалатын. Содан кейін, әлгінде аяғына дәрі 
жағып, үстін жауып тастап едім.
Көп кешіктірмей шай жабдығын әзірлеп, дастарқанға қояр ыстық-
суық дәмдерді көтеріп, қонақтар отырған бөлмеге кірдім. Әңгіменің неден 
басталғанын білмеймін, ағай сөйлеп отыр екен.
– О не дегеніңіз, батыр аға! Қазақта сіз сияқты атағы жер жарған адам 
бар ма, сірә? Сіз аруақты адамсыз. Мен сіздің көлеңкеңізде сізге еліктеп, 
сізге ұқсауға тырысып жүрген хулиган ініңізбін, – дегенде «мына кісі не деп 
кетті» дегендей атам жаққа қарадым.
Атам, әдетте, көзге мақтар көпірме сөзге арқасы қозар адам емес, қайта 
айбаттанып бірден тыйып тастайды. Сөйтер ме екен деп жүзіне қарағаным 
да сол еді. Бірақ бұл жолы өзінің бір ойы болды ма үндемей отыр. Ана кісі 
желпініп біраз жерге барып қалды, сонда да тоқтар емес.
– Мен сізге табынамын, батыр аға. Ұстараның жүзіндей қылпылдаған 
қысылтаяң жағдайда, қыл көпірдің үстіндей қылт еткен заманда сіз алдыңғы 
қатарда болдыңыз. Ел үшін мың өліп, мың тірілдіңіз. Сонда да жұрт сізге 
ренжиді. Бұл күнде өзіміз болмасақ қадір білер жұрт қалды ма? Сізді босқа 
кінәлайды. Сізді солдафон дейді, мейірімсіз дейді, мен бәрібір сенбеймін! 
Сіз сияқты адам енді қайтып туылмайды, – деп бір демалды.
Атам ләм демей әлі үнсіз отыр, қоладан құйған ескерткіштей өңінен 
ештеңе білінер емес. Мен мына ағайдың әлгі сөздерінен кейін, осы кісі ішіп 
келген жоқ па деп қалдым, бірақ сау сияқты. Ағайдың қасына ілесіп келген 
екі жігіт көздері атыздай болып біресе атама, біресе хулиган ағаларына жалт-


207
жалт қарайды. «Енді не болар екен» деп, бір шиеленісті күтіп отырғандары 
сұрларынан көрініп тұр. Қазір атам айқайды салып қуып шығады, айта 
жүретін бір қызыққа кенелеміз деп іштей дайындалып отырғандары, «тәйт» 
десең зыта жөнелуге дайын екендіктері қипақтаған қозғалыстарынан-ақ 
белгілі еді. Бұлар бұрын атаны жақыннан көріп, ауызба-ауыз сөйлеспеген, 
бірақ атам туралы айтылатын көп аңызға көзсіз сенетіндерден болды. Алай-
да жігіттердің үміті ақталмады, өрт шықпады, айқай болмады. Ана ағай 
ойға-қырға шапқылап бір демалғанда атам:
– Айтарыңды айтып болдың ба? – деді.
– О, батыр аға, айтарым көп-ақ. Бірақ сіз тоқта десеңіз аялдамасқа шамам 
бар ма? – деді екі қолын құлаштай жайып. Мен бұл кісіге көз алмай қарап
қалыппын. Самайының ағын жасыру үшін көмірдей қара түске бояған 
шашы мен мұрты қандай жасанды болса, қолының, бетінің қозғалысы да 
соншама жасанды екен.
– Айтқаныңның бәрі дұрыс, – деді атам. – Бұл маған жаңалық емес. 
Бір кезде мөлшерсіз мақтап аспанға көтердіңдер, кейін негізсіз жамандап 
табанға түсірдіңдер. Екеуін де көтеруге ерлігім жетеді. Жамандықты да, 
жақсылықты да тілеп алғаным жоқ. Жарық болмаса көлеңке де болмас еді. 
Әрине, жала жабысқан шоқтай күйдірмесе де күйелейді. Амал қанша, егін 
бар жерде торғай бар, – деп темекі тұтатты. Атам сөзін екі жігітке арнап 
отырғандай соларға қарап қайтадан сөйлеп кетті.
– Мен солдафон емеспін, мен солдатпын. Екеуінің арасы жер мен 
көктей. Мен алғы шептің, жақын ұрыстың офицерімін. Маған ел ренжі-
мейді, бүкіл жұртты қаралап күнәкар болмаңдар, маған өкпелейтін өзінше 
бір топ бар. Ол «оттауизммен» айналысатындар. «Оттауизм» дегеннің не 
екенін білесіңдер ме? Білмесеңдер энциклопедияның «О» әріпі бөлімінен 
қараңдар. Оттауизм – это казахское слово. Неопределенное понятие, прису-
щее только некоторым казахам, – дегенде ана кісі:
– Ха-ха-ха! Мынау бір керемет анықтама екен! – деп қарқылдап күлді. 
Атам оған назар аудармастан сөзін тағы жалғастырды.
– Маған ренжитін өзінше бір топ бар дедім ғой, тыңдаңдар. Баламды 
Кеңес Армиясының қатарынан алып қалмадың деп туысқаным ренжиді. 
Түрмеден босатып алмадың деп мойнына қан жүктеген, ұрлық істеген, 
қоғам тәртібін бұзған қылмыскер, «буынсыз жерге пышақ салып» оқуға 
түсірмедің деп абитуриент, диссертациямды өткізуге көмектеспедің деп 


208
аспирант ренжиді. «Құртып бермедің» деп күншіл пасық, қызметімнің 
жоғарылауына ат салыспадың деп мансапқор ренжиді. Кезексіз жақсы пәтер 
алуға жәрдемдеспедің деп танысың, кітабымды шығартуға кіріспедің деп 
дарынсыз графоман ренжиді. Сын айтты деп кейбір ақын-жазушы, артист, 
режиссер ренжиді. – Осы араға келгенде темекісін будақтатып, мүштегінің 
күлін түсірді. Атамның темекі ұстаған қолы әжептәуір дірілдеп, өңі боза-
рып, әжімдері тереңдеп, көз алдымда қартайып бара жатқандай көрінді. 
Атам аяғанды жек көреді, бірақ мен атамды іштей егіліп аядым, жүрегім 
шаншып, жаным ашыды. Мына отырғандарды өзім қуып шыққым келді, 
бірақ қонақ атанікі.
– Егер мен бұлардың қолжаулығына айналсам, кеңсе-кеңсенің алдын 
тоздырумен өмірім өтер еді. Халыққа не бердім дер едім? Келер ұрпаққа не 
қалдырдым дер едім? Кітап тұрмақ дәптердің бір бетін жазуға шамам кел-
мес еді. Қорытып айтқанда, бәрі атақтың азабы. Келгендеріңе рақмет, мен 
шаршадым, – деп, атам сөзін аяқтады.
Ана кісі бірдеме айтпақ болып еді, атам қолын сермеп тоқтатып тастады. 
Мен әлгіндегі «қызық» көруге құмарланып, қомданып отырған екі жігітке 
қарадым. Өздері әжептеуір қысылған секілді, бірін-бірі итермелеп есіктен 
тезірек шығуға тырысты. Ұяты бар есті жігіттер болса, Момышұлының 
уытты шындығынан бір қорытынды көкейлеріне түйер-ау деп ойладым.
...Атамның шамы тағы түнімен жанып тұрды. Өзім де кірпігіме тіреу 
тірелгендей көз жұма алмадым, тегі, ұйқым қашып кетті. Атама бір нәрсе 
қажет емес пе екен деп бір-екі рет бас сұқтым, бір жолында: «Ұйқтай бер, 
маған алаң болмағын»,– деді. Екінші рет: «Мазамды алмашы, балам!»– деді.
Көпшілік жұрт атамды көруге келеді, әңгімелесіп, аталы сөздерін есту-
ге ынтығады. Аңсап күткен перзенттері дүниеге келгенде атамның етегі-
не бір орап, адал ниет, ақ батасын алатындары қаншама. Достары сағынып 
келіп қауышып жатады. Ешқандай себеп іздемей-ақ жай әңгімелесуге 
келеді. Атам деген әңгімені шебер айта да біледі, зейін қойып тыңдай да 
біледі. Сөз қарапайым нәрседен басталып, үлкен философиялық ойларға, 
нәзіктік, сұлулық жайында эстетикалық қорытындыларға айналып жата-
ды. Мұндайда, өз басым, жадырап, көпке дейін көтеріңкі көңілмен, ойлы 
күймен жүремін.
Еліміздің түкпір-түкпірінен алыстағы өзге елдерден келетін хаттар 
өзінше бір төбе. Хат арқылы атаммен сөйлескісі келген қарт та, жас та, бала 


209
да жазатын. Халықтың атама деген шынайы сүйіспеншілігіне толы ыстық 
сәлемі күн сайын жетіп жататын. Дара туған ұлын қадірлей білетін алтын 
бесік – ел-жұрттан келген қарапайым хаттардың өзі атама тың күш, ша-
быт әкелетін. Тіпті өлеңмен «Жигули» машинасын сұрап немесе «Қоян» 
деген есімін «Арыстанға» өзгертуге көмектессеңіз деген секілді әпенділеу 
хаттарға да мәз болып қалатын. Өкінішке қарай, былыққа, заңсыздыққа 
араласуға көндіргісі келетін хаттар да біршама болып қалады. Міне, осын-
дай келеңсіз өтініштер, бағанағы сияқты көбіктей көпірме қонақтар әйел 
өсек, еркек өсектің бәрін жинап келіп жүйкесіне тиетін. Атам өмірі май-
да сөзге араласып, ұсақталып төмендеген емес, емендей иілмейтін қайсар 
қалпынан айырылмайтын, рухы жоғары биіктігінен таймайтын. «Ит 
үргенде үндеме, өзіңді үстем санасаң» деп өзі айтатындай басын қорғауға 
белсеніп шығып көрмеген. Дегенмен осының бәріне орасан күш-қуат керек 
қой. Атам да сезім түйсігі бар адам емес пе? Көңіл күйіне сызды көлеңке 
түсіретін жағымсыз сөздердің денсаулығына инедей қадалатынын сол – сөз 
тасыған, қызық қуған пенделер неге ескермеді екен?
«Көптен қалған бір асыл көз ғой, абайласаңдаршы!» – деп, барлығына 
жар салып айғайлағым келетін осындайда.
***
Өзге жұртты қайдам, өзім қараптан-қарап жүріп күлкілі бірдемеге 
ұрынып қаламын. Сол ісім есіме түссе талайға дейін қиналып, бетім дуыл-
дап, құлағым қызарады. Былай қарасаңыз, жеңілтек, ұшқалақ та, үндемей 
жүріп бір нәрсені дүңк еткізіп айта салып, қарап отыратын тұйық та, сөзді 
ермек үшін, әдейі айта салатын қылжақ та емеспін. Қай жерде не айту керек 
екенін білетін сияқтымын, бірақ соған қарамай, «қалай білмей қалдымға» 
душар болып жүретін жайым бар. Сондай бір ыңғайсыз жағдайдың түсіме 
де кіріп қызық болғаны бар. Түсімде өзім өмірі көрмеген Тибеттің заңғар 
тауларын, тақыр бас ламаларын көрдім. Қаптаған адамдар саусақтарын шо-
шайтып мені көрсететін сияқты. Бір сәт бәрі тына қалып, жерге құлап, бас-
тарын көтермей әлдекімге құрмет көрсетеді. Мен де бұрылып қараймын. 
Ол келе жатқан ламалық дінбасы «Ақыл мұхиты» аталған Далайлама екен 
деймін. Жақындап келгенде басын көтереді. Қарасам, өзіме таныс әйелдің 
жүзін көріп таңғаламын... Осы бір түсініксіз, қызық түстің түпкі себебі ата-
ма байланысты еді.


210
Атам екеуміз Жазушылар одағына барған сайын ірі денелі, қара торы 
қысық көз келіншекті жиі кездестіретінбіз, ол сонда істейді. Атамды 
көргенде орнынан ұшып тұрып, қу жаны қалмай жалпылдап амандасады 
да жатады. Атам да:
– Халің қалай, Далай-лама? Балалар жақсы ма? – деп, немесе, – А ты 
все цветешь, Далай-лама? Ну-ну, цвети, красавица! – дейді кейде салмақты 
үнмен. – Далай-лама, Олжас өзінде отыр ма? – деп сұрайтын. Бұл әйелдің 
бурят екенін, қазақша түсінбейтінін бірде атам айтқан болатын.
Бір күні атам, ертеңгілікте, газет-журналдардың атаулары жазылған 
тізімді берді де:
– Балам, мынау үйге жазылып алатын газет-журналдардың жалпы 
қарасы, өздерің қарап шығып қосатындарыңды қосыңдар да, бүгіннен
қалдырмай осы шаруаны бітіріп келгін. Далай-ламаны тауып ал, мына 
тізімді бер, қалғанын өзі жөндейді, – деді.
Мен өзіме әбден үйреншікті болған Жазушылар одағының кең 
баспалдағымен екінші қабатқа көтеріліп, Далай-лама отыратын кабинет-
ке бардым. Ол әдеттегідей орнында екен, қазақша түсінбейтінін білем, 
орысшалап:
– Сәлеметсіз бе, Далай-лама! Мені сізге атам жіберіп еді, – дедім ша- 
руамен келгенімді бірден сездіріп.
Ол бетіме таңдана қарап, жымиып күлді де:
– Менің атым Далай-лама емес, Люся. Өйтіп, тек, Бауке аға айтады, – 
демесі бар ма.
Бойымдағы ыстық қан бетіме шапшып, өртеніп кеттім. Жердің тесігі 
болса кіріп-ақ кетер едім. Қысылғаным соншалық, кешірім сұрауға тілім 
зорға келді. Менің масқаралығымның куәсі болған мына әйелден, кабинет-
тен тезірек қашып құтылуға асықтым. Келіншек ақылды екен. Күлген де жоқ, 
ұрысқан да жоқ, халімді түсінді білем, бірден шаруаға кірісті. Қағаздарды 
қалай толтыру керек екенін өзіме де көрсетіп, өзі де жазып, әйтеуір, еке-
уміз жұмысты тез бітірдік. Баспалдақтан төмен қарай мұндай зымырамас-
пын. Осындағы ақын-жазушылар менің жаңағы ағат ісімді біліп қоятын 
сияқты, қазір бәрі қосылып күлетіндей тезірек далаға шығуға асықтым. 
Көшені кесіп өтіп, В.И. Лениннің үлкен ескерткіші тұрған гүл алаңындағы 
орындықтың біреуіне отыра кеттім. «Қалай аңғармай қалдым? Япырмау, 
тарихтан аз да болса хабары бар адам Далай-ламаның кім екенін біледі ғой. 


211
Өзім әжептәуір білетін сияқты едім. Әкем Тибет медицинасы жөнінде та-
лай қызық нәрселерді айтушы еді. Сонда Далай-лама туралы да көптеген 
мағлұматтар естігенмін, енді келіп соншама сауатсыздық көрсеттім», – деп 
өкінудемін. Люсямен арадағы болған осы ыңғайсыз әңгімені ешкімге айт-
пайын деп бекіндім. Бірақ ол келіншек атамды көргенде өзі айтып қойса 
қайтемін деген ой тағы мазалады.
Атамның осы ат қойғыштығына үйренетін уақытым болған да еді. 
Атам, шын мәнінде, ат қойғыш. Бір жолы:
– Е-ей, бұйра шаш, бері кел, – деп біреуді шақырғанға жалт қарасам, 
ұзын дәліздің бойымен қасқа бас інілерінің біреуі асыға басып келеді екен. 
Ауылдағы тәмпіш бір жеңгесін «Қырмұрын», Бақытжанды «Черновик», 
Шайым Шаваев дейтін ұйғыр жазушысын «Древний народ», менің інімді 
«Паша» деп, айта берсе толып жатыр, әйтеуір, бір қарап-ақ оп-оңай ат 
қоятын. Қалай десе де, сол сан алуан атауларға ешкім ренжімейтін. Қайта 
атқа ие болғандар «Бәукең мені осылай атайды» деп мақтан ететін, өйткені 
атам кімді не деп атаса да келісіп, жарасып тұратын.
Мен үйге келген соң атам:
– Иә, балам, бітірген шаруаңды баянда, – деді.
– Бәрін жөндедім, – деп қысқа жауап қайтардым.
– Жоқ басынан бастап айтқын, – деді. Біздің үйде қалыптасып кеткен бір 
әдет – қайсымыз қайда барсақ та ештеңені қалдырмай түгелімен айтамыз. 
Үйден шыққаннан бастап, қайтып келген аралықтағының бәрі толығымен 
қамтылады. Бұл жолы сөзім шашырап, дұрыстап баяндай алмадым. Атам 
маған өзінің өткір көздерін қадап, бастан-аяқ бір шолып шықты да:
– Әй, балам, сен бірдемені бүгіп отырсың, не бүлдіргеніңді жасырмай 
айт, – деді.
Ұяттан өртеніп отырып, «бүлдіргенімді» ашық айтуға тура келді. Атам 
үйді басына көтере күлді, оны естіп Бақытжан келді. Мән-жайды білген соң, 
ол тіпті есіріп күлді, оған тек сылтау табылмай тұрады. Бұл келемеж күлкі 
емес, бірақ ыңғайсыз халде қаласың, одан құтылудың бір жолы – шамаң 
келсе, өзіңнің қосылып күлгенің.
Атам мен Бақыт күліп, сәл саябырлағандай болды, атам орамалымен 
көзін сүртіп, маған қарап:
– Көрдің бе, маған еліктеудің неменеге апарып соғарын? Мысалы, біреу 
Бибігүлге, біреу Ғарифоллаға еліктеп өлең айтады, содан олар Төлегенова 


212
мен Құрманғалиев бола қалады дейсің бе? Ал мені көшіру – жай еліктеу 
емес, ашық ақымақтық, кейде өрескелдік болып шығады. Әркімнің өзіне-
өзі ұқсағаны жақсы. Біреудің бойындағы табиғи болмысына ұқсаймын 
десең, ол бетперде сияқты жансыз қалқа болады, әрі-беріден соң күлкіге 
қалдырады, – деді.
Мына сөздер тура өзіме бағышталып жатқандай қабырғама қатты бат-
ты, қарсы сөз айтуға болмайтынын білсем де, жайдары сөйлеп отырған соң 
батылданып:
– Мен әдейі еліктегем жоқ, білмей қалдым,– дедім.
– Далай-ламаның кім екенін осы күнге дейін неге білмейсің? – деді 
атам.
– Білемін ғой, тек корей халқының Кан, Ким, Пактері сияқты буряттар-
да да бұл атақ жалпылай фамилияға, атқа айналып кеткен екен деп жүрдім. 
Өйткені, сіз өзіңіз, ол әйелді ылғи «Далай-лама» дейсіз, ол да «ау» деп жау-
ап береді,– деп ақтала бастадым. Атам тағы күлді.
– Мұндай қателесуде тұрған ешқандай кінә жоқ, бірақ мен не айтсам 
соның бәріне сене бермегін, – деді.
Қалай сенбеймін? Мен күмәнданатын бір сөзі жоқ, қарапайым сөзінің 
өзінен терең мағына іздеймін. Отты көзқарасынан, өртеп өтер ашуынан, 
мөлдір де шынайы күлкісінен, мұңлы жүзінен, қолының қозғалысынан... 
бәрінен өзгеге бітпеген ер тұлғасын көретінмін. Шаң жұқпаған аппақ арын, 
жағымпаздық пен тоғышарлыққа жаны төзбейтін қаталдығын көретінмін. 
Қара қылды қақ жарған әділет пен шындықтың алмас қылышын көретінмін. 
Қалай сенбеймін атама?
***
Атам бірнеше күннен бері көне жазбаларын ақтарып жатқан. «Орысша 
өлеңдер» деген сыртында жазуы бар папканың ішін ашып көргеннен-ақ 
көңіл күйі күрт өзгерді. Қабағы қарс түсіп, темекіні үздіксіз бұрқыратты. 
Арасында үнсіз сұлқ түсіп жатып қалады да, оқыстан басын көтеріп алып, 
сарғайған дәптер беттеріне қайтадан шүйіле қарайды. Іздегенін таба алмай 
соған ренжи ме, әлде өзіне ауыр тиетін жағдайды есіне түсіретін жазуға 
кезігіп қапаланды ма, ол арасы маған белгісіз. Атамның бір кезде орысша 
өлең жазғанын Бақытжан айтқан болатын. Мына қарап жатқан дәптер, 


213
қағаздар солар секілді. «Көрер ме еді» деген ой қылт еткенмен, атамның жел-
ді күнгі су бетіндей тыныштығының бұзылғанынан қаймығып үндемедім.
...Телефон безілдей жөнелді, келіп тыңдасам, жұмсақ үнді ер адам атам-
ды сұрайды. Күте тұрыңызды айтып, телефонды атама алып бардым. Әрі-
бері тасымалдауға ыңғайлап сүйретілген ұзын бау жалғап алғанбыз.
– Ата, сізді сұрайды, – дедім.
Атам трубканы қолымнан жұлып алғанда, мүлт кеткенімді біліп, ішім 
дір ете қалды.
– Да. Здравствуйте. Я вам не артист, понятно? – деп, трубканы мен 
ұстап тұрған телефон аппаратына қоймастан, қалай болса солай тастай сал-
ды. Биқ-биқ етіп теңселе салбыраған тұтқаны жүре көтеріп бері шықтым. 
Ашығын айту керек, кінә менен болды. Қабағынан қар жауып, алай-түлей 
болып отырғанда телефонда нем бар еді? Телефон шалған адамға кесірім 
тиіп обал жасадым, кім де болса босқа күйді. Кейде осы телефон деген де 
қырсық, өткен бір жолы ұятқа қалдырды. Біреу өстіп телефоннан атамды 
сұрайды, тілі күрмеліп сөзін зорға айтады. Ішіп алған екен, босқа мазалап 
әурелемесін деп сылтау айтып құтылдым. Өйткені ондайлар да кездесіп 
тұрады, бірдеңе ұрттап алған адамның көңілшектеніп бауырмашыл бола 
қалатыны белгілі жай.
Содан, кешке қарай дырдай атағы бар бір ағамыз келді.
– Бауке, бағана телефон шалып едім, үйде жоқ екенсіз, – деп ысылдап, 
сөздерін түйіле айтқанда ұялғанымды-ай. Сөйтсем бар кәдік ағайдың жаңа
салғызған жасанды тісінен болыпты. Таңдайлы протезге бірден дағдылана 
алмай сөйлегенде тілі бұралатыны сол екен. Бір риза болғаным, атам менің 
өзін үйде жоқ деп бадырайтып айтқан өтірігімді әшкерелемеді. Тек ағай 
кеткен соң, мән-жайды ұғып әбден күлген болатын.
Бүгінгі телефон соққан адам сол күні қайта хабарласуға жүрегі 
дауаламаған болу керек. Көп ретте осы секілді шекесі тасқа тірелгендер 
екінші қайтып беттемеуші еді, алайда араға күн салып ол тағы телефон шал-
ды. Бұл жолы атамды емес, Бақытжанды сұрады. Енді телефонды құшақтап 
Бақытқа апардым. Бір қыдыру уақыт өткенде ол бөлмесінен шығып, менің 
жаныма келді.
– Телестудиядан телефон соғып жатыр, – деп, астыңғы ернін тістеп сәл 
тұрды да, – Жеңістің 30 жылдығына арнап жоспарланған хабарларының 
үлкен біреуі папам туралы болмақшы екен. Ал папам кеше телестудия де-


214
генді ести сала, сөйлеспей қойыпты. Жаңағы жігіт бала кездегі жолдасым, 
бір аулада өсіп, көрші тұрғанбыз. Кейін әркімнің өмір жолы әр тарапқа 
тарағанда, қатынасымыз үзіліп қалған. Ол қазір телестудияның орыс әдеби 
хабарлар редакциясының бас редакторы екен. Папаңмен сөйлесіп көр, 
мүмкін, иігер деп өтініп отыр, – деді Бақытжан.
– Сөйлесіп көр, бірақ абайла. Елшілігіңді жүйелі жүргізе алмай 
жөндеймін деп бұзып, жалғаймын деп үзіп алма, – деп ақыл айтайын.
– Фу, осы сен-ақ білгішсініп жүреді екенсің, – деп қолын бір сермеп, 
кетіп қалды.
Жоқ жерде тақылдай көсемсіп, бұны да қисайтып алдым. Атам кеше-
гіден гөрі бүгін дұрыстау, өңінен аса қаталдық байқалмайды. Түскі асқа 
жиналғанымызда тіпті жайдары болды. Бақытжан алғашында күлдіргі бір 
нәрселерді айтып отырды да, әңгімесін алыстан орағыта бастады.
– Біз Фурманов көшесіндегі үйде тұрғанда үшінші подъездің екінші 
қабатында Синельников дейтіндер бар еді. Солардың қыз секілді нәзік, 
үлбіреген Ильюша атты баласы болатын. Сол қораның басқа балаларын-
дай подвалдарды шарлап, бөтен көшеге қаңғымай үнемі тап-таза болып, 
аулада кітап оқып немесе әжесімен ілесіп жүретін. Ильюша біздің үйге жиі 
келіп менімен ойнайтын, бір-бірімізге кітап ауыстыратынбыз. Папа, мүмкін 
есіңде шығар, әкесі ұзын бойлы сымбатты кісі еді ғой, – деп, Бақытжан 
әкесін сөзге тарта қойды.
– Бірден есіме қайдан түссін. Бұны неге сұрап отырсың?
– Сол Ильюша қазір телестудияның дырдай бір қызметкері. Кеше 
сөйлеспей қойған адамың өзіміздің Ильюша болып шықты, – деді Бақыт 
жайраңдап.
– Болса қайтейін. Сені делдалдыққа жұмсады ма?
– Сәл тыңдашы, мен әлі сөзімді бітірген жоқпын. Ильяға Жеңістің 30 
жылдығына арналған үлкен хабарды жасау жүктеліпті. Қазақстанның Ұлы 
Отан соғысындағы үлесін айтқанда, Мәскеуді жаудан қорғаған шешуші 
кезең сөз болғанда, панфиловшыларға соқпай өту мүмкін емес. Ал Панфи-
лов дивизиясының әйгілі комбаты Бауыржан Момышұлы.
– Тоқта! – Атам тура беттен салып жіберетіндей қолын шұғыл 
көтергенде, Бақыт аузы ашылған күйі әкесіне қарады.
– Тоқта зыпылдамай. – Атам алдындағы ыдысты бір шетке ысырып 
қойды. – Қазақ халқының тарихы ерте кезден жауынгерлік дәстүрге толы. 


215
Бірақ адамзаттың тағдырын шешуде зор рөл атқарған сұрапыл соғысқа 
тұңғыш рет қатысты. Бүкіл Кеңес халқымен иықтаса отырып, орасан 
ерліктердің иесі болды. Моральдық сыннан абыроймен сүрінбей өткеніне 
тарих куә. Оны досымыз да, дұшпанымыз да мойындайды. Кеңес Одағының 
өзге халықтары секілді Қазақстанда азаматы майданға аттанбаған бір де бір 
түтін жоқ десем қателеспеймін. Сол боздақтардың көбі қайтпады. Өмірді 
сүйгендіктен өліммен беттесіп, жеңіске үлестерін қосып кетті. Өршелене 
ұмтылған жаудың өкпесін қабынта тойтарып, өздері шейіт болды. Әр-
қайсысының солдаттық жолы, жауынгерлік тұлғасы, әрбірінің өзіндік ере-
кшелігі болған. Алдымен соларды айту керек. Жер басып жүргеніміз үшін 
соларға борыштымыз. Бұны бүгінгі, ертеңгі ұрпақ білуге міндетті. Елге 
аман оралған ардагерлердің де жыл сайын қатары сиреп, көзден таса бо-
лып жатыр. Көзі тірі қарапайым қарт жауынгерлердің көргені көп. Ұмытуға 
мүмкін емес қаһарлы күндерді басынан кешкен, сондықтан айтары да 
мол. Бірақ олар мені жаз, мені көрсет деп атой салмайды. Қатерлі жаудан 
қасиетті жерімізді қорғағанын міндет етпейді. Әне, солардың жүрегінің 
не деп соғатынын, жанындағы, тәніндегі жарақаттың қалай сыздайтынын 
сезуге, ұғынуға шын ниеттен тырысқан адамға әрбіреуі телехабар түгілі 
том кітаптың кейіпкері болатыны даусыз. Ұлы Отан соғысы кезінде тыл 
мен майдан жұбы бір, жігі ажырамас тұтас қимыл көрсетті. «Бәрі майдан 
үшін, бәрі жеңіс үшін» деген ұран әлі ел есінде. Сол ұран майдандағы жа-
уынгер мен тылдағы еңбекшінің міндетіне міндет, қайратына қайрат қосты. 
Жүректер бірге соғып, білектер бірге қимылдады. Қан мен тер бірге төгіліп, 
Жеңіс арнасында бірге құйылды. Тылымыздың мықтылығынан құрсанған 
жауды жеңдік. Ұлы Жеңіс күні бүкіл халыққа ортақ. Ал жазушылар мен 
журналистер болса көргенінен танбай аты белгілілердің айналасын шиыр-
лай береді, шиырлай береді. Елеусіз жүрген майдан ерлерін, ескерусіз 
жүрген тылдың ерлерін іздеп тауып, олардың ойларының терең қоймаларын 
қопарып, соны көпке жеткізбей ме? Қайсыбіреу ұялмай-қызармай: «Әй, 
қойшы, сол саржамбас болған соғыс тақырыбын», – дейді. Өткенді ескер-
меген өшеді, өткенді қастерлеген өседі. – Атам маған ымдап күлсалғышты 
сұрады. Әңгімеге беріліп, оның бар-жоғын аңғармаппын. Мен қайта кірген-
де Бақыт сөйлеп жатыр екен.
– Папа-ау, сол жазушының бірі өзіңсің. Сені айтпады, жазбады дегеннің 
жаны шықсын. Алайда халық алдымен сенен күтеді, тағы айтса, жазса де-
ген тілекпен үміттене қарайды. Өйткені әлі жүрегіңде сыр көп, – деді.


216
– Иә, айтарым көп еді. «Ісімізді елге жеткіз» деген өлгендердің өсиетін 
ойдағыдай орындай алмадым. Күн өткен сайын артқа сырғып барады. Ай-
тайын, берейін деп талпынасың, ұмтыласың, бірақ денсаулық деген ит 
те бір жағынан түп етектен алып миымды тоқырата береді, – деп, атам 
күлсалғышты қолына ала орнынан тұрып есікке беттеді.
Бағанадан әңгімеге негіз болған бастапқы мақсат айқындалмады, те-
ледидардан сөйлеуге көнді ме жоқ па шешілмей қалды. Соны аңдаған 
Бақытжан неде болса басын ашып алайын дегендей, әкесінің соңынан ілесе 
жүрді. Атам артына қарамастан:
– Әлгі жігіт хабарласса, келсін, – деді.
Атамды ылғи қыңырая береді деуге болмайды, жөн деп тапса, баланы 
да тыңдайтын кездері бар. Бақыт Синельниковтың хабарласуын күтпей өзі 
телефон соқты. Сөзді созып түсіндіріп те жатпады: «Тез кел», – деді. Жарты 
сағат өтпей селеу шашты, ақ құба, орта бойлы жігіт келді. Атама кірердің 
алдында бір кесе мұздай суды демалмастан сіміріп, биіктен секіргелі 
тұрғандай кеудесін кере ауа жұтып барып қана ана жаққа аяқ басты. Мына 
жігіттің сонша әбігерге түскені мені де еліктіргендей арттарынан ілестім. 
Бақытжан Ильяны атама ертіп апарып таныстырғанда:
– Араға адам салғаныңа ұялмайсың ба? – деді атам ә дегеннен 
шүйлігіп.
– Кешіріңіз, басқа амалым болмады, – деп, Ильяның ақ құба өңі 
күлгінденіп шыға келді.
– Есіңде болсын, – деді атам әлі түрегеліп тұрған жігітке, – өзім істегім 
келмеген іске мені көндіретін адам туған жоқ. Сенімен сөйлесуге келісім 
бергенім Бақыттың еңбегі емес. Мәселенің маңыздылығына қарап шешкен 
өз тұжырымым. Содан кейін мен сендердің өз беттеріңше жасаған жос-
пар, сценарий дегендеріңе бағынбаймын. Айтатын сөзімді толық жеткізіп,
ойымды қорытуым керек. Бірақ алдымен не дейтінімді саған түсіндіремін. 
Егер «ана жерге тұра қалыңыз, мына жерде үндемеңіз» деп аузымды 
қақпайлап қалыпқа салмақ болсаң, осы тойғаныңмен ізіңше қайта бергін, 
понятно?
– Әрине, әрине, айтқаныңыз болады, – деп Илья қолын кеудесіне қойып 
бәйектеді.
Атамның денсаулығын ескеріп, студияға апарып әурелемей үйде 
түсіретін болды. Хабарды жазу мерзімі ұзақ болмағанмен, соған дейінгі 


217
қарбалас дайындықтары көп екен. Ертеңгі сағат онда толып жатқан темір-
терсектерін көтеріп алты адам келді. Атамды өзінің кабинетінде креслоға 
жайғастырып, алдына аласа үстел қойдық. Оның үстінде сөйлер сөзінің 
жалпы жобасы жазылған бір жапырақ қағаз, «Қазақстан» сигареті мен 
янтарь мүштегі жатты. Дайындық бұнымен бітпеді, жарықты дұрыс қою, 
дыбыстың таза болуы үшін арақашықтық, тағы толып жатқан әрі-бері көп 
жүрістің өзі хабарды жазғанға дейін-ақ адамды титықтатып тастады. Атам 
мүштегін күлсалғышқа тықылдатқан сайын Бақыт екеуміз бір-бірімізге 
қарап қоямыз. Өйткені бұл белгі көңіл жұбатарлық емес, атам не ашуын 
шақыру үшін, не лықып келіп қалған ашуды басарда осылай мүштек көбірек 
дыбыс беретін әдеті.
Жан-жағынан үлкен электр шамдарының шақырайған жарығы мен неше 
түрлі арбиған-сарбиған темірлердің қоршауында жарты сағат мүдірмей, 
сүрінбей сөйлеу деген екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сөз болғанда 
қандай! Ерлік пен батырлық салтанатының ұлы мерекесіне арнап қарт жа-
уынгер өзінің алып жүрегінен тебірене төгілді. Жас ұрпаққа – балаларына, 
немере-шөберелеріне аталық ақ батасын беріп, әлемге бейбітшілік тіледі.
Телехабардың негізгі бөлігін жазу аяқталғанмен, түсірушілер енді бері 
келіп, атамның кітаптарын үстел үстіне жайната жайып тастап, қайтадан 
дырылдатып жатты. Бақытжан екеуміз оған алаңдамай кабинетке келсек, 
темірдің бе, резинканың ба иісі мүңкіп, бөлме қапырықтанып кетіпті. Артық 
дыбыс қосылып кетеді деп, бүкіл есік-терезені тарс бекітіп тастап еді. Атам 
басын артқа шалқайта өңі қуқылданып, маңдайы тершіп қозғалмай отыр 
екен. Шөлдеген де болар деп, қайнап тұрған шайды демдеп жіберіп, шайне-
гімді көтеріп әкеле қойдым.
– Ана кісілерге бірдеңе қажет болып қалар, сонда барғын. Шайды 
Бақыт құйып береді. Қазір түс кезі, жұмыстарын аяқтаған соң ауқаттандыр. 
Оларға да оңай емес, шаршады, – деді атам. Есіктен шыға беріп өз-өзімнен 
жымидым, мен атамды аяп жүрсем, атам өзін «қинағандарға» жаны ашып 
жатыр.
Телестудия қызметкерлерінің сыпайылық жасап асқа қарамаймыз де-
геніне қоймай дастарқанға отырғыздық. Сол кезде сыртқы есік қағылды. 
Аласалау, толықша келген жігіт «Қазақ әдебиетіненмін» деп өзін таныс-
тырды. Атаммен сөйлесіп, 30 жылдыққа интервью алмақшы екен. Мен 
Бақыттан бұрын суырылып:


218
– Атам бүгін өте шаршады. Міне, мына кісілер сағат онда келіп еді, 
жұмыстарын жаңа ғана аяқтады. Мүмкін болса ертең келіңіз, – дедім. 
Ешқашан атамның сыртынан бүйтіп билік айтқан емеспін, осы жолғым 
амалсыздан, атам ауырып қалады-ау деген көңілімнің мазасыздығынан 
шығып еді.
Тілші менің сөзімді де, өзімді де жаратпады. Оныкі де орынды, үлкен 
газеттің атынан, редакцияның тапсырмасын орындау үшін келді. Сондықтан 
кеткісі келмей сипақтап, «япыр-ай ә, япыр-ай ә» дей берді.
– Шаршауын шаршады, – деді Бақытжан сөзге араласып, – бірақ ет 
қызуымен, әлгіндегі екпіні басыла қоймаған әсерімен сөйлесуі де мүмкін. 
Алдын ала хабарласып алмай келіп қалыпсыз, не де болса енді кіріп көру 
керек, – деді.
Кісі көзінше қарсыласып жұбайыма сөз қайтаратын әдетім жоқ, тек іш-
тей онымен келіспей қырсығыңқырап, тілшіні атама ертіп апардым. Бақыт 
өзі жөн сілтеп кабинеттің есігін көрсетіп жіберді де:
– Киімімен ұйықтап шыққандай шалбары мыж-тыж, үтіктелмепті, 
папамның көзіне түсіп айдап шығар ма екен, – деді.
Бір жақсы болғаны бәрі тыныштықпен өтті. Шамасы, тілшінің өзі елең 
етпеген шалбарының қатпарларын атам да көзге ілмесе керек. Интервью 
беріп, олжалы етіп қайтарды. Сол тілші екі-үш күнде қайтарамын деп 
Ержанның атаммен бірге түскен суретінің негативін әкеткен күйі жоғалды. 
Алғашында келер деп үміттеніп уақыт өткізіп алыппын. Кейін редакцияға 
іздеп барып, орнын сипап қалдым. Басқа қызметке ауысып кетіпті. Сол 
жігітке титімдей сурет пленкасының кереметтей қажеті де болмас, алайда 
бізге қаншалық қымбат екенін түсінбегені өкінішті.
Сонымен телехабар «Олар менің есімде» деген рубрикамен көрсетіліп, 
көптің көңілінен шықты. Кейін Жеңістің 40 жылдығына «Қазақстан Ұлы 
Отан соғысы жылдарында» деген қырық сериялы видеофильмнің жетін-
ші сериясы түгелімен атама арналды. Көрсету уақыты жағынан басқа 
серияларға қарағанда көлемдісі болғанмен, елу бес минутқа атам туралы 
көп нәрсені сыйғыза алмады. Дегенмен режиссер Жеңіс Мұқатаев, драма-
тург Әділбек Тауасаров, тағы басқа фильмді жасауға қатысқандар үлкен 
жауапкершілік ынтамен сәтті шығаруға аянып қалмады. Біз – балалары – 
қолымыздан келген көмегімізді көрсеттік; сирек суреттер, атамның соғыс 
кезіндегі қолжазбалары, өзі сызған ұрыс карталары секілді басқаларда жоқ 
керекті құжаттарды түсіріп алуларына жәрдем бердік.


219
Осы жұмыстың әбігері тұсында Жеңістің 30 жылдығына арнап 1974 
жылдың желтоқсан айында түсірген телехабардың егжей-тегжейіне шейін 
көз алдыма келіп, көкейімде сайрап тұрды. Мен Әділбек пен Жеңіске сол 
күндерді суреттеп айтып та бердім. Олар телестудияның бүкіл архивін 
ақтарып, оны таба алмады. Бір-екі рет көрсеткен соң өшіріп тастаған болу 
керек деген жорамалды айтты, бірақ одан не пайда? Атам көбінесе қағазға 
қарамай көсілтіп сөйлейтін, сол жолы айтқандарының тек бір бет жоспары-
нан басқасы із-түзсіз жоғалып кетіпті.
Атам жайлы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы 
«Бауыржан Момышұлы» деп аталатын деректі фильм түсіріп, 1985 жылы 
мамырдың сегізі күні астанадағы Алатау кинотеатрында премьерасы өтті. 
Фильмді түсіруші режиссер Алмас Байұзақов, сценарийін жазған автордың 
бірі В. Татенко және Бақытжанмен көрермендер кездесуі өтті. Өкінішке 
орай, сценарийдің тағы бір авторы өзіміздің Әзілхан аға Нұршайықов 
сырқаттанып жатқандықтан, премьераға келе алмады.
Залда дерлік жастар, алуан түрлі ұлттың балалары отырды. Мерекелік 
көтеріңкі көңілмен араның ұясындай гуілдегендеріне қарап, киноны қалай 
қабылдар екен, түсінер ме екен деп қобалжыдым. Бірақ шам өшіп фильм 
басталысымен-ақ жым-жырт тыныштық орнап, біткен кезде сартылдаған 
қол соғудан зал көтеріліп кеткендей болды.
Осы фильмнің жасалуына көптеген көрнекті адамдар қатынасты. 
Атамның Шымкент интернатында бірге оқыған, бала кезден қадірлеген 
досы Әбділда ата Тәжібаев, Әзаға – Әзілхан Нұршайықов, атамнан дәріс 
алған шәкірті генерал-полковник Иван Макарович Голушко, «Волоколам 
тас жолында» Момышұлының рөлін сахнаға шығарған Борис Щербаков, 
қарулас досы Д.Ф. Снегин, атамның өз кітаптарында аты көп аталатын аға 
политрук Ф.Толстунов, тағы басқалар айдынды бейне туралы шындық сыр-
ларын ақтарды.
Атам хақында көзі тірісінде түсірілген деректі фильмдер жоқтың қасы. 
Бұның өзі, бір жағынан, атамның күрделі мінезінен болса, бір жағынан, 
болашақты болжай ойлап қамданбаған тиісті орындардың, соны шешетін 
кейбір адамдардың салғырттығынан болуы мүмкін.
Атам туралы талай жазылады, талай кино түсіріледі. Сөнген жұлдыздың 
жарығы миллион жылдарға жететіні секілді кейінгі ұрпаққа оның қадір-
қасиеті одан әрі жарқырап айқындалады. Өйткені атамның өмірін жеке 


220
бір адамның жер бетіндегі тіршілігі дей алмайсыз. Ол – үлкен дәуірді, ұлы 
кезеңді қамтитын Отан тарихымен, халық өмірімен бірігіп кеткен өшпес 
өнегелі бейне.
***
Атам екеуміз Орталық архив басқармасына барып келсек, лифт істемей 
тұр екен. Лифтінің жүрмей қалуы дейтіннің не екенін биік үйдің жоғарғы 
қабатында тұратындар жақсы біледі. Жасы келген үлкен кісілер тұрмақ, біз 
сияқты жаспыз деп жүргендердің өзі бұралаңдаған баспалдақтармен өрге 
қарай көтерілгенде сыр білдіріп алады. Ал екі қолыңда айран-сүт, азық-
түлік салған дорбаң мен торың болса, халің тіпті қиын.
– Аяғыңыз онсыз да ауырып жүргенде қиын болды-ау, – дедім ата-
ма қарап, – өмірі бір дұрыс жұмыс істемейді, – деп, әлдекімдерге тиісіп 
сөкпекші болып келе жатыр едім, атам сөзімді тоқтатып тастады.
– Өзің білмейтін адамдардың сыртынан ғайбат сөйлеп обалына қалма. 
«Шу» деп тебініп қалып жүре беретін, бұл саған, Көкшолақ емес, жансыз 
темір. Жоғары-төмен тынбай зырылдаудан титықтаған шығар. Одан да жа-
ман аяққа жалынып, баспалдақпен көтерілейін, – деді.
Жайлап жүріп үшінші қабатқа жеткенімізде атамның қабағы түсіңкіреп 
тұрып қалды. Әрі қарай қабат сайын демалып, жетіншіге жетіп, пәтерімізге 
келдік. Есікті Бақытжан ашты.
– Не болды? Өңің бозарып кетіпті ғой, – деді әкесінің жүзіне сескене 
қарап.
– Лифт жүрмей тұр, жаяу көтерілдік, – дедім.
Енді байқадым, үйге апам келген екен.
– Қап, құдай-ай, – деп, ол кісі де амандасуының арасында атамды аяп 
жатыр.
– Жайлы үй сұрап алмаған өзінен көрсін, – деп, Бақытжан ойламаған 
жерде күтпеген сөзді тарс еткізді.
– Аяғым аспаннан салбырап түскен жоқ. Өзгеден артық бер деп ештеңе 
сұрамаймын, – деп, атам да «еруліге қарулы» даусын көтерді.
– Сен сұрамасаң, сыртыңнан талай нәрсе сұралды, оны да жоққа 
шығарасың ба? – деді баласы тоқтай қоймай. Апам Бақыттың білегінен 
қысып қалғанын көзім шалды.


221
– Замолчи, пожалуйста! Шаршап тұрмын, – деп, атам жүре сөйлеп 
бөлмесіне кіріп кетті.
– Әкеңнің алдына шығып даусыңды неге көтересің? Мен саған риза 
болмай тұрмын, балам! – деді апам. Ренішін жасыра алмай әр сөзін нықтай 
айтты. Апам деген – өте салмақты адам. Кісіге дауыс көтергенін естіп 
көрмеппін, сабырлы, жүйелі сөзімен кімді болса да сабасына түсіреді. 
Бақытжан үндемеді. Кеуіп піскен бауырсақтай тырсия қызарып біраз 
тұрды. Темекінің бір талын алып, бармағымен уқалап, мыжып, шелекке 
лақтырып жіберді. Екі қолды қалтаға салып, асүйдің ішінде аяққа оралғы 
болып әрі-бері жүрді, содан кейін әлдебір шешімге келгендей жейдесінің 
түймесін дұрыстап, әкесінің бөлмесіне кіріп кетті.
Апам екеуміз ас қамына кірістік, алайда әлгіндегі жайсыз көріністің 
жағымсыз әсерінен арыла алмай бір-бірімізге ләм деспедік. Мен байқатпай 
көздің астымен апама қарап қоямын, бір қалыпты, сыр білдірмейді.
– Әкесінің мінезін, өмір бойғы әдетін біле тұрып теріс ағады, – деді бір 
кезде өзіне-өзі сөйлегендей.
– «Жаратқан жалғыз бота беріп, оның мұрнын жырық етіп беріпті» де-
гендей, бар балаларыңыз осы, жақсыны қайдан табасыздар? – деп, сөзді 
әзілге айналдырмақшы болдым.
– Иә, бары осы. Бұған да тәубе. Бірақ баланың өзі бала, қылығы бала 
емес, – деді.
Осы кезде Бақытжанның күлген даусы естілді. Аузым сөйлесе де, 
«әлдеқалай болады» деп қобалжып тұр едім, көңілсіздіктің серпілгенін 
сезіп қуандым. Неге десеңіз, әкелі-балалы екеуінің алыс-шалыс ұқсас 
мінездерінің арасында шыбын жаным талай шыжғырылған.
– 43-жылы... – деп, апам бір әңгіменің шетін шығарғанда елең етіп 
тыңдай қалдым. – 43-жылы Бауыржан демалысқа келерде Жамал кішкентай 
Бақытты алып, Мәскеуден алдынан шыққан болатын. 23 желтоқсан күні түн 
ішінде Алматыға келіп жетті. Оларды вокзалда көп адам күтіп алды. Ішін-
де Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, 
тағы басқа бір топ адам үйге келді. Пәтер – жалғыз бөлме. Ортада үстел, 
бес-алты орындық, Жәмкенің төсегі, бір шетте Бақыттың тоқымалы бесік-
арбасы, былайынша айтқанда, еркін айнала алмайсың. Келген кісілердің 
үш-төртеуі отырып, қалғандары түрегеліп тұрды. Сәлден соң кісілер: 
«Тынығыңыз, жолдан шаршап келдіңіз», – десіп қоштаса бастады. Шамасы, 


222
отырар жердің тарлығынан тізе бүкпей тұрғандарына ыңғайсызданса керек. 
Баукең бәрін тоқтатты.
– Көңіл кең болса орын жетеді. Қысылмаңыздар. Мына төсектің үстіне 
отырыңыздар. Апапа біз келеді деп қазан көтеріп дайындалып отырған 
көрінеді. Дайын астан дәм татыңыздар, – деді. Сүт бетіндегі қаймақтай өңкей 
маңдай алды азаматтардың ешқайсысы тырс етіп қарсыласпады. Қысылып-
қымтырылып болса да ас ішіліп, талайға дейін жақсы әңгімелесіп отырып 
тарасты. Ол кезде Бауыржанның аты шартарапқа тарап, дүркіреп тұрған кез 
еді. Ертеден кешке дейін сәлемдесуге келген кісіден есік жабылмайды. Егер 
бір топ адам келсе, отырар орын болмай Жамке де қысылады. Қойшы, содан 
бір аптадан соң Совнаркомнан арнайы адам келді. Ұмытпасам, фамилиясы 
Қойкелдинов дейтін жігіт еді.
– Келімді-кетімді адамдарыңыз көп, мына кішкентай бөлме сіздерге 
өте тар екен, әрі жас бала бар. Біз екі бөлмелі пәтер дайындап едік. Соған 
Ленинградтан келген бір адамдар кіріп алыпты. Бүгін оларды басқа жерге 
шығарамыз. Ертең сіздер көшіп барасыздар, – деді.
– Жоқ! Қозғамаңдар! Олар ошағы ойран болып, шаңырағы ортасы-
на түсіп, оттың, өлімнің ішінен келді. Қазақстан ешқашан өгей шешенің 
үйі болған емес. Бұл да өз Отаны. Олар – Кеңес адамдары. Менің отбасым 
олар көрген сұмдықты көрген жоқ. Қақаған аязда, боранның өтінде емес, 
жылы баспананың ішінде отыр. Үйімді кеңіт деп ешкімнің алдына барғам 
жоқ. Осымен сөз тамам, – деп, ана жігіттің қайтып аузын ашқызбады. Бізге 
дайындалған үйге кіргендер бір топ жан екен, ертесінде келіп алғыстарын 
жаудырып, риза болып кетті. Кейін Бауыржан майданға қайтадан аттанды. 
Сонда ғана бізге мына Фурманов пен Калинин көшесінің бұрышындағы 
үйден екі бөлмелі пәтер берілді, – деп, апам өзі басы-қасында болып, көз 
алдында өткен істі айтып берді.
Апам сіңлісінің (мамамыздың) қиын тағдырына ортақтасып, қабырғасы 
қайысса да, атамды құрметтеуден ешбір танбаған кісі. Өзі білетін жаңағы 
сияқты талай әңгімені үлгі-өнеге тұтып, үнемі айтып отырады. Атам болса 
«біздің апапа» деп өте қадірлейтін. Қазақ халқының қайын бике мен күйеу 
бала арасындағы әдептен озбайтын ізетті сыйластығы әдемі де қимас бір 
көрініс беретін.
Апамның әңгімесі, ата әділдігінің дәлелдеуді қажет етпейтін тағы 
бір үзігі еді. Атам Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында ерліктің 


223
отты тұлпарымен даңқтың шыңына шықты. Кейін қаруын қаламға айыр-
бастап, азаматтық өмірге ауысқанда, халық қорына қосылатын әдеби 
шығармаларымен өз биігіне тағы көтерілді. Атағын пайдаланып, даңқтың 
жүрдек «лифтісімен» емес, тер төгіп, өз аяғымен жетті. Аузынан шыққан 
сөзі ескерусіз қалмайтын құдіреті болғанымен, соны жеке басының жылы-
жұмсағына жұмсамаған. «Дүниенің рақатын надан көреді, азабы – ердің 
сыбағасы» деп өзі айтқандай, кейде атамның қасына аз күн жұғысып кет-
кендер оның батырға тән аңғалдығы мен баладай ақ көңілін сыртынан өз 
пайдасына жаратып та кететін. Міне, сондай кезде Бақытжан бір жағынан 
ұят қысып, бір жағынан жасынан түйін болып түйіліп қалған перзент-
тік өкпесі қысып, әкесінің бетіне тура келіп қалатын. Атам мұқтаж кісі-
ге үстіндегі жалғыз шапанын сыпырып бергенімен, туған баласына қатаң 
қырымен келетін. Әлдекімдерден оңбай «таяқ жеп, мұрны қанап» жатса, 
«менсіз орныңнан тұр да, әрі қарай өзіңе сеніп жүре бер» дейтін. Жалғыз 
баласын жетектегісі келмейтін. Бұл қағидасы, бір қарағанда, барып тұрған 
мейірімсіздік секілді көрінетін. Алайда кейбір белді, беделді әкелердің 
қолынан келмейтін ерлік еді. Бізге келгендегі осы бір ымырасыздығы – ар, 
ұят дейтін ұғымдарды белінен басып өтпеуге, өз еңбегінсіз әке даңқына қол 
жүгіртпеуге берік баулығаны екен. Өмірдің ойламаған бұрылысы алдыңнан 
шыққанда омақасып омыртқаң опырылып, жұлының жұлынбасын деген-
дей бізді өз аяғымызбен жүруге үйретіпті, қатаң қарапайымдылық пен адал 
еңбекті меншігімізге мұра ғып қалдырыпты.
***
Біздің үйге осыдан елу жыл бұрын Аса интернатында атаммен бірге 
оқыған Тасыбеков Алданазар деген кісі келді. Атам алғашында танымады, 
қонақ өзінің кім екенін айтқанда:
– Апырмай, тірі ме едің? – деп айғайлап жіберді.
– Тірімін, Бауке, тірімін.
– Тоқта, тоқта, ұмытпасам сен Әшірәлиев Назар емес пе едің?
– Иә, соның өзімін. Ол да есіңізде екен ғой, – деп ағай күліп жатыр.
Бір кісінің екі аты, екі фамилиясының болғанына таңырқап, ештеңенің 
байыбына жетпей атам мен қонаққа кезек-кезек қарап тұрмын. Атам соны 
аңғарып маған мән-жайды ұқтыра бастады.


224
– Аса интернатына Құрманбек Сағындықов, мен, осы Алданазар 
үшеуміз бірге қабылданғанбыз. Ол кезде интернатқа кедейдің балалары 
ғана қабылданатын. Сондықтан оқудан шығарып жібермесін деп, бұл ата-
сын былай қойып, өз әкесінің атымен Әшірәлиев болып, ал өз атының «Ал-
дасын» алып тастап, Назарын ғана қалдырып жазылған екен. Содан сабақ 
күзде басталды, оқып жүрдік, бірақ көктемде интернатта «тазалау» науқаны 
жүргенде Назар соған алдымен ілініп кете барған. Солай ма? – Атам сөзінің 
соңында қонағына жауап күте қарады.
– Солай, Бауке, солай. Тегіс шындық, – деп ағай күле құптады.
Жарты ғасыр кездеспеген адамдарда айтар сөз аз болмаса керек, өздері 
әңгімелессін деп, дастарқан қамын жасауға шығып кеттім.
Екі қарт сонау балалық шақтарын, қиын да қызық қимас күндерін еске 
түсіріп, ұзақ отырып, кең сөйлесті. Шай үстінде ағай жайлы менің ұққаным: 
ол кісі Отан соғысының басынан аяғына дейін толық қатысып, төрт рет жа-
ралы болыпты. Әскер қатарынан тек қырық сегізінші жылы денсаулығына 
бола босанып, офицер атағымен, наградаларымен елге бір-ақ оралыпты. 
Қазір өзі зейнеттік демалыста балалары ержетіп, түтін түтетіп, өсіп-өнген 
үлкен әулетке айналыпты. Атам қонағының сөзін бөлмей ықыластана 
тыңдады.
Кейін ағай кетуге жиналғанда, атам маған қарап:
– «За нами Москваның» бір данасын әкелші, – деді.
Мен кітапты әкеліп бердім, атам оның бірінші бетіне жаза баста-
ды. Қолының оңнан солға қарай қозғалғанына қарап қолтаңбасын араб 
әріптерімен түсіріп жатқанын білдім. Бұл атамның өзіне тән әдеттерінің бірі 
еді. Мына кісі сияқты ол әріпті танитын көнекөз адамдар түгіл, жастарға да 
осы жазумен қолтаңба бере беретін.
Атам жазып болған соң кітапты қонаққа емес, маған қайтадан бергенде, 
түсінбей жүзіне қарадым.
– Дауыстап оқығын, – деді атам.
Атамның бұйрығын бұлжытпай орындауға дағдыланып алғанмын. Бір 
жолы «сенен жақсы солдат шығар еді» деп күлген болатын. Мақтағанды кім 
жек көрсін, қазір де зырылдатып оқып берейін деп жазуға қарадым да, дереу 
ернімді тістей қойдым. Дауыстап оқуға болмайды, өзгеге болар, бірақ дәл 
қазір менің тілім келе қоймас... Неге десеңіз, мұнда «Алданазарға! Ескер-
ме ретінде Бауыржан Момышұлынан. 1974 ж. 25 желтоқсан» деген сөздер 


225
жазылған. Келін болып түскеннен бері атамның есімін атаған емеспін. 
Бұл ескі әдетке бағынып, көне салтты жақтағаннан емес, үлкен адамның 
атын баттитып атауға аузым бармайтын, әрі атамды шынайы сыйлап, 
құрметтеуімнен еді. «Оқи алмаймын» деп қайтарып берейін десем, араб 
әріптерін жақсы танитынымды атам біледі. Оның үстіне кісінің көзінше 
тілін алмағаным үшін оңдыра қоймас. Амал жоқ, оқып берейін.
– Сізге, – дедім қонаққа қарап басымды сәл иіп. – Ескерме ретінде атам
-
нан, – деп, кітапты ағайға ұсындым.
Ол кісі кітаптағы жазуды көз жүгіртіп оқып шығып, маған қарады, одан 
атама қарады да, күлкіге басты. Атам тіпті мәз. Күлкілері саябырлағанда:
– Бауке, келініңіз дипломат қой, – деді атама.
– Бұның аз!– Атам иығын қомдап жан-жағына паңдана қарап, темекісі
-
не қол созды.
«Бұның аз» дегені басыма төгіліп жатқан сый-сияпаттай көрініп, бүгін 
оң аяғыммен тұрған екенмін деп іштей масайрап-ақ қалдым. Мақтауды көп 
естіген адам өзіне-өзі сын көзбен қарай алмайды дейді, бұл жағынан алғанда 
менде ондай қауіп жоқ. Өйткені атам тарапынан өзіме сирек бағышталатын 
сараң мақтаудың шынайы бағасын қадірлей білдім десем, артық айтқаным 
емес.
Сол күннің бір белгісіндей болып атамның қаламынан «Үш интернат» 
деген шағын ғана әдемі әңгіме қағазға түсіп сақталып қалды.
***
Біздің үйдің ең көп дүниесі – қағаз. Күнделікті алатын газет-
журналдардың өзі бір құшақ. Далаға көп шықпайтын атам мен Бақытжан 
жаңалықтарды осы қағаздардың арқасында біліп отырады. Мен күнде, 
таңертеңгілікте, газеттерді атама алып барамын, ол кісі рақмет айтып 
көзәйнегіне қол созады. Бұл – өзгермейтін күндегі әдет. Бақытжан атам
-
нан бұрын ештеңеге жабыспайды, әкесі оқып болған соң ғана алады. Кейін
-
нен екеуі халықаралық жағдай туралы, маңызды мақалалар айналасын
-
да әңгімелеседі, кейде қызу талас та басталып кететіні бар. Менің ондай 
мүмкіндігім жоқ, күндіз қол тие бермейді. Кейде тірлік арасында, қалса, 
түнде қарап шығуға тырысамын.
Бүгінгі газеттермен бірге «Простор» журналының кезекті саны кел
-


226
ген екен. Ақтарып көрсем, Шерхан ағаның «Ақсай-Көксай» дейтін көлемді 
әңгімесі (Бақытжанның аудармасы) басылған екен. Өзіміздің фамилия
-
мызды көріп, әрі қадір тұтар қайнағамның әңгімесі болғанға қос қабат 
қуандым. Бұл жаңалықты атама тезірек жеткізейін деп қасына бардым.
– Ініңіздің әңгімесі, балаңыздың аудармасы шығыпты, – дедім.
– Той бүгін Құлилардың аулында десеңші! – деп атам жымиып қойды.
Журналдың мен ашып берген бетіндегі ағаның әңгімесін көріп:
– Балам, осының қазақшасы үйде бар сияқты еді, мен оқығанмын, қазір 
сол маған керек,– деді. Мен оны тауып апарып бердім де, шығып кеттім. 
Атам түскі асқа бір-ақ шықты, дастарқан басында аударма жайында әңгіме 
басталды.
– Шерханның бұл әңгімесі алғаш оқығанымда-ақ ұнаған. Шер
-
хан – суреткер жазушы. Есті қаламгер. Бірақ қазір әңгіме ол туралы емес, 
жалпы аударма туралы айтқалы отырмын. Аударма деген кәсіп емес, 
көлденең жатқан табыс та емес. Көркем аударма – үлкен өнер. Сондықтан 
аудармашының алдындағы міндет те зор. Сен оны білуге тиіссің. Мен сені 
балам болған соң көтермелеп, көзіңе мақтаудан аулақпын. Алайда менің бір 
сүйсінгенім, сен қазақша сөйлемнің табиғатын жақсы түсінесің. Кібіртік
-
темей, көсіліп еркін аударасың, тіліңнің бояуы да әп-әдемі. Содан кейін, 
орысша оқитындардың ұғымына түсініксіз атауларды сөз ішінде жатық
жеткізесің, тіпті автордың ойларына ой қосып кеңейтесің. Бірақ, кейде, 
түпнұсқаға қолыңды көп жүгіртесің, тым еркінсіп авторда жоқты да қоса 
саласың. Өзгенің төл еңбегіне өзгеріс енгізуге сенің қақың жоқ. Аударманы 
түпнұсқаның формасы мен мазмұнының бірлігін сақтай отырып жеткізу 
керек. Оған сенің тілің жетеді, бірақ білгішсініп, шошаңдап автордың ойы
-
на тиіскеніңді қойғын, – деді.
– Папа-ау, мен оны білгішсінгеннен немесе автормен жарысқа түсу үшін 
істемеймін. Көздеген мақсатымыз ортақ – кітап оқырманын табуы керек. 
Мен сол өзгерістерді, көбінесе, автормен келісіп барып, шығармаға енгі
-
земін. Онда да білгішсінгеннен емес, кітаптың сапасы үшін. Орысша кітап
Одақ көлеміне тарайтынын ұмытпау керек. Ұсынғалы отырған кітабы
-
мыз орысша оқитын оқырмандардың түсінік деңгейінен төмен болмағаны 
қажет. Мен осы жағына көп қараймын.
– Міне, міне, жік шығар бір тұс осы. Сен орыс оқырманының түсі-
нік межесіне жеткізем дейсің, ал өзің ауыл адамының мінез-құлық, әдет-


227
салттарын жете білмейсің.Білмеген соң кейбір іс-әрекеттің шығу төркінін 
түсінбей қаласың. Өмір бойы қалада өскен өз психикаңа, қалакүшіктік мі
-
нез, түсінігіңе біреудің кейіпкерін сүйрелейсің. Бұл деген жамау, бадырайып 
көзге түсетін бөтен тігіс, үнемі ұтымды шыға бермейтін әдіс. Аударманы 
оқығанда төл шығарманы оқығандай жеңіл, жатық оқылуы керек. Сен 
орыс тілін менен артық білмесең, кем білмейсің. Сол білген сөз қорыңды, 
тіл байлығыңды, ой оралымдарыңды кең пайдаланғын. Бұрын аударғанда 
бір ақсайтының қазақтың түрлі бояулы синоним сөздерінің арасындағы 
реңін ажырата алмаушылық еді, қазір одан көп арылыпсың. Мына қасыңда 
отырған «тірі сөздігіңе» рақмет айтқын, – деп, мен жаққа иегін көтерді.
Бейқам тыңдап отыр едім, күтпеген жерден атамның мақтағанына 
қысылып қалдым. Өйткені атам көзге мақтауға жомарт жан емес. Ал мен 
үшін анда-санда осылай елегені қымбат сыйлықтан артық еді.
Бақытжан аударма жасағанда қазақшасын оқып бер деп қасына 
отырғызып қоятыны бар немесе анау не, мынау не деп өзі жете білмеген 
сөзіне түсінік сұрап мазалағанда айтып беретінім болмаса, тіл жағынан ата
-
ма жету қайда! Атам деген бір сөздің өзін сан құбылтып миыңа құяды. Ал 
менікі «аңқау елге арамза молда болыпты» дегендей, қазақшаға шорқақтау 
Бақытжанның алдындағы мықтылығым ғой. Ауылда өскенмін, оқуды 
қазақша оқыдым, тілім бұзылмаған деп, өзімше әлдеқалай бас көтеріп 
мақтанатынмын. Атамның қасында өйтуге аузым бармайды. Атам деген 
Бақытжан айтқандай «нағыз энциклопедия» ғой. Ойы орысша келсе орысша, 
қазақша келсе қазақша ағылады. Екі тілді де шегіне жеткізе сөйлейді және 
екеуін де өзіне тән әдемі мәнермен, кейде бұрын өзің естімеген сөйлем ора
-
лымдарымен сөйлейді.
– Білмеймін, оқыдың ба, оқымадың ба? – дегенде маған айтып отыр ма 
деп басымды көтеріп қарасам, әлі баласына сөйлеп отыр екен.
– Бір кезде «Лениншіл жасқа» көркем аударма туралы мақала 
жазғанмын. Сонда көңілде жүрген, аудармашыларға керек болады-ау де
-
ген ойларымды ортаға салғам. Кейін ол «Ел басына күн туса...» дей
-
тін жинағыма кіріп еді. Соның түпнұсқасын орысша жазған болатынмын, 
қажет десең қағаздарымның арасынан тауып берейін,– деді атам әңгімесін 
бір қайырып.
– Тауып бер, оқып шығамын,– деді Бақыт.
Атам сигаретке қол созып, сәл үнсіздік туғанда ортадан әңгімеге кіріс
-
пек болдым.


228
– Ата, әнеугүнгі ескі дәптердегі:
Бетіне дүниенің бір түкіріп, 
Кетіпті Қорқыт бабам көрге кіріп... –
дегеннің аудармасын көрсетіп едіңіз ғой...
– Иә?
– Мен сол аударманы Бақытқа көрсетпей тұрып, жаңағы өлең жолдарын 
орысшаға аударып бер дедім. Ол:
«Плюнув жизни в злое лицо, 
Дед Коркыт в могилу ушел», – 
деп аударды. Сіздікі мүлде басқаша.
– Мен не деп едім?– деді атам.
Ол өлеңді сол күні-ақ күнделігіме түсірген болатынмын, әрі жаттап 
алғам.
Оглядевшисъ вокруг, кинув взор назад, 
Мой прославленный прадед Коркут-музыкант, 
Наплевав свысока в рожу этому миру, 
Без слезы сожаленья убрался в могилу, –
деп аудардыңыз. Оқырман ретінде маған әсер еткені сіздікі. Мағынасы кең, 
образды. Балаңыздікі сөзбе-сөз құрғақ аударма, частушка сияқты...
– Әй, әй тоқтағын! – деп атам қолын көтерді. – Мен саған қазақшасының 
екі жолынан басқа ештеңе көрсетпедім бе?
– Жоқ көрсетпедіңіз.
– Онда дұрыстап түсіндірмеген кінә менде екен. Мына төрт жол 
орысшасы аударма емес, қайта түпнұсқасы осы. Мен бұны 1944 жылы күзде 
жазғанмын. Кейін өз өлеңімді өзім аудара алмай қойдым. Талайға дейін сол 
күйі жатты да, тек 1965 жылы былай деп аудардым.
Сарнатқан қыл қобызды Қорқыт бабам, 
Жаһаннан бір тиянақ таба алмаған. 
Түкіріп жүзі қара сұм дүниеге, 
Тайсалмай суық көрге өзі-ақ барған.


229
– Ал ана екі жол қайдан шыққан, – деп батылдау сұрақ қойдым. Мына 
толық шумақтың соңғы жолдарына қарағанда, өзімнің алғашқы жаттап
алған екі жолым көбірек ұнайды, сондықтан оның да толық түрі табылып 
қалар деп дәмелене сұрағаным сол еді.
– Аудару кезіндегі бір нұсқаның сақталып қалғаны екі-ақ жолы, толы-
ғы – жаңағы. Енді түсіндің бе?
– Түсіндім, ата.
– Түсінгенің жақсы, әйтпесе талай кітап аударған әжептәуір аударма
-
шыны «частушка сияқты» деп... Оны Баха сенің бұйрығыңмен аударған, 
бағынбаса, тамақсыз аш қалар еді, рас па? Содан кейін бас-аяғы жоқ екі 
жолды алып жетіп бардың, жолма-жол аударды да берді. Енді келіп көркем 
тілмен шебер аударма жасай алмайды дейсің, солай ма, Черновик? – деп 
атам баласына қарады.
– Дәл таптың, папа, мен, керек десең, оның әуенін де байқамадым. 
Қандай шығарма болмасын аударар кезде автордың жазу ырғағын, айтайын 
деген негізгі ойын, кейіпкерлерінің жан дүниесін толық білмей тұрып бас
-
тай алмаймын, кейде бірнеше қайтара бастап, ұнатпай тастайтыным бар. 
Өзім мен автордың арасындағы байланысты тапқанша іс оңға баспайды. 
Ал автордың шығармасының бастау әуенін, көңіл күй ырғағын сезінсем, 
ұстасам, онда әрі қарай кете берем, – деді Бақытжан.
– Поэзияда әуен, музыка дегенді айта береді, ал прозадағы әуен дегенің 
қызық екен...
– Папа, бұны ойлаудың керегі жоқ, оны тек сезіну керек. Жақсы
шығармалар әуенсіз болмайды. Кейбір кітаптарды қолыңа алып оқи 
бастасаң салдыр-салақтығынан аяқ алып жүре алмайсың. Не үшін? Өйткені, 
бұларда ішкі әуен жоқ, ал ішкі әуен деген не? Ол – бастаушы тақырып де
-
ген сөз. Енді, осыған негізгі тақырыпты ашуға, тіл, бояу, оқиға, штрихтар 
қосылғанда бір бүтін дүние шығады. Мысалы, домбыра негізгі аспап болса, 
оның үнін ашып, сырын тереңдететін басқа аспаптарды, айталық, қобыз, 
сырнай, шаңқобыз, асатаяқ, тағы басқаларын қосқанда бір мықты, әдемі ор
-
кестр құралады. Осы жерде айта кететін бір нәрсе, жаңағы оркестрді нота 
білмейтін біреу басқарса не болатынын көзге елестету қиын. Сол сияқты 
шығарманың ішкі әуенін түсінбеген редактордың қолына түскен кітаптың 
да жолы болмайды. Бір жолы өз көңілім толып, беріліп аударған кітабым са
-
уатсыз редактордың қолынан жүнін жұлған тауықтай болып шыққан. Кей
-
де, осылай, аудармашының еңбегі зая кететіні де бар, – деді Бақытжан.


230
– Баха, не айтпақ болғаныңды ұқтым. Ең бастысы, аударма жөніндегі 
ұғымыңды жақсы түсіндім. Сен дұрыс айтып отырсың, егер шығарманың 
рухын білмесең, автордың көздеген түпкі мақсатын ашпасаң, онда аудармаң 
нәрсіз, сылдыр су болып шығады. Әрі-беріден соң сен жеке бір адамды ғана 
емес, қазақ әдебиетін аударасың. Сенің аудармаң арқылы қазақ әдебиетінің 
өкілі, яғни қазақ жазушысы бүкіл Одақ көлеміне тарайды. Орыс тілінде 
оқитын миллиондаған оқырманға сен арқылы жетеді. Олай болса, аудар
-
машы ретінде көтерер жүгің ауыр, міндетің зор, өзіңе қояр талабың қатал 
болуы керек. – Атам осы арада ашыған көже сұрады, одан темекі тұтатты 
да, қайта сөйлеп кетті.
– Сен бір жолы қалыптасып кеткен сөз тіркестерінің, сирек қолданыла-
тын мақалдардың мәнін бұзбай, сәнін кетірмей аудару қиын тиеді деп едің.
Байқауымша, әлі сол жағынан сыр алдырып жатыр екенсің. Сен ең алдымен 
сол сөз тіркесін немесе мақалдың жан-жақты мағынасын іздеуден ерінбе
-
гін, «неге солай, неге бұлай» деп өзіңе сұрақ қойып, жауабын табуға тырыс. 
Кейде қазақ тіліндегі тіркестің орыс тіліндегі басқа бір тіркеске әдемі келе 
кететіні болады, одан қашпа, қайта пайдаланғын. «Ұту үшін ұтылдым» деп
-
ті менің нағашым Текебай би. Ал енді «Отступаю ради большего наступле
-
ния» дегенге ұқсастығын көріп отырсың ба? – деді атам баласына қарап.
– Мағына жағынан ұқсауын ұқсайды, бірақ мен бірінің орнына бірін 
пайдаланбай, «Ұту үшін ұтылдым» дегенді «Проиграл, чтобы выиграть» 
деп аударар едім.
– Сен дәл көшірмесін бердің. Көшірме әр кез жақсы нәтиже бермей
-
ді. Қалай болғанда да мағынасын кең іздемесең, қырдан аса алмайсың. 
Мысалы, саған «Құдай жалғыз, мен жалғыз» деген сөз кездесті дейік, бір 
қарап, жаңағыдай аудара салу саған бас қатыратын шаруа емес. Бірақ көз 
жүгіртіп арырақ ойласаң, бұның негізі тереңде жатыр. Адам дүниеге келген 
күннен бастап тән жүйесі мен жан жүйесі жағында жалғыз: рақат, азап, ой 
түкпірлерін ол ешкіммен жете бөлісе алмайды – өз басы ғана көреді. Сезім, 
түйсігін түгелімен дәл сол қалпында өзге адамға ешқашан сарқып жет
-
кізе алмайды. Сен қолыңды күйдіріп алдың дейік. Зейнеп сені қанша аяп, 
қиналып түсінуге тырысса да, қолыңның қалай ашып, миыңа нендей әсер 
етіп жатқанын ол өзіңдей сезінбейді. Содан кейін, адаммен бірге еш жақыны 
өлмейді – ол жалғыз өледі. Тіпті өлім жауып тұрған қанды қырғында да әр 
адам жеке өледі. Көрдің бе, «Құдай жалғыз, мен жалғыз» – тек саяқ адамға 


231
ғана айтылмаған, ол барлығымыздың басымызда бар жалғыздық екен. Осы
-
дан келіп, «тәні бөлектің – жаны бөлек» деген шығады. Шын жақын жоқ. 
Жақындық деген мерзімді өмір түсінігі, – деп, атам темекі алып тұтатты. 
Әңгіме қарапайым аудармадан басталып еді, барған сайын арнасы кеңіп, 
өзім үшін қиындап бара жатқан секілді. Атам әңгімесін жалғастырды.
– Мәңгілік жақындық болмайды. Өйткені адамның тәні де, жаны да 
мәңгілік емес. Да! Не ощущения вечны, а дела, если они достойны бес
-
смертия! Дело высокое может принадлежать всем, и только оно! А мысли 
каждого, чувства и желания остаются с ним. Потому что каждый человек 
строго индивидуален! – деп атам үндемей қалды. Мен әр сөзін есіме сақтау 
үшін ішімнен қайталадым. Өйткені мен оны күнделігіме аударып түсірсем
атамның сөзінің бояуын жойып алар едім. Мен атамды өзгерте алмаймын.
– Адамның өзге тұрмақ, өзінен жасырар ойы болады,– атам қайталап 
сөйледі.– Әркімнің өз тілегі өзінде, қайғысы да қабырғасының астында. 
Бірақ адамның ең басты қасиетінің өзі – туған күннен бастап жалғыздықпен 
күресіп, арпалысуы, ізденуі болмақ. Әйтпесе шын мәніндегі жалғыздық – 
түпсіз қара түнек, шыңырау, ауыр жүк. Сондықтан адам баласы туа салып 
бақырып жылап, қасына адам жинайды, анасын іздейді. Дос іздейді. Ма
-
хаббат іздейді. Қоғамнан өз орнын, тіршіліктің мақсатын іздейді. Өмірі 
тыпырлап ізденумен өтеді. Алайда табиғаттың өзі жаратқан жалғыздығын 
түбірімен жоғалта алмайды. Бірақ оны жеңуге күресу – өмірдің мәні, адам-
ның ұлылығы болмақ, – деді атам.
Мен осы әңгімені айналдырып көп ойландым. Әдеттегі «жалғыз бала, 
жалғыз ағаш, жалғыз қалыпты...» деген сияқты «жалғыздықтардан» бұның 
жөні бөлек, философиялық терең ой түйіндеу екенін түсіндім. Менің атам 
жайдан-жай ештеңе айтпайды. Ол өз қайшылықтарымен, қиын тағдырымен, 
даңқтың азап, рақатымен іштей күрескен. Күңкілі көп майда тіршіліктен 
аулақ, «қайғысы қабырғасының астында», жалғыздықты басынан өлшеусіз 
кешірген сирек адам. Оның ғаламат құдіреттілігі – жалғыздығын Отанына, 
халықтың игілігіне жұмсап, мәңгілік болып қалуында еді.
***
– Ата, мен сізге ескерткіш орнаттым, – деді Ержан атасының қасына 
келіп.
– Ескерткіш дейсің бе? Кәне, көрейік.


232
Ержан төртбұрышты қағаз қораптың үстіне орнатқан «ескерткішін» 
алып келді. Қораптың үстінде пластилиннен жасалған қалқан құлақ, екі 
көзі екі жаққа бақырайған, қисық мойын керемет бір мүсін отыр.
– Әй, мынау айнымаған менмін ғой, – деді атасы.
– Мен сізге қарап-қарап жасадым.
– Мына кеудесіндегі қаптаған сары дақтарың не?
– Ол сіздің орден, медальдарыңыз ғой.
Атам ештеңе демеді. Атасының үндемей қалғанынан сескенген Ержан:
– Немене, аз ба?
– Жоқ, аз емес.
– Мен одан да көп жасай алам. Сіз менің атамсыз ғой. Сізден ештеңе 
аямаймын,– деп тіпті еркінси түсті.
– Маған керегі жоқ,– деді атам.
– Неге керегі жоқ? Орден керек, – деп, Ержан атасын үгіттей бастады.
– Еңбек сіңбеген сыйлықты алуға болмайды, – деді атасы.
Осы кезде есіктің қоңырауы сылдырлап, Ержан менен бұрын жүгірді. 
Бұл келген белгілі суретші Айша апа Ғалымбаева еді. Бағана телефонда 
атаммен сөйлесіп, кездесуге уәделескен болатын. Ержан үйге суретші ке
-
летінін, атасының суретін жасамақшы екенін естіген, тықақтап жүріп атын 
да біліп алған.
– Айша апа, жүріңіз, мен сізді атамның қасына ертіп апарайын. Әйтпесе 
адасып, басқа бөлмеге кіріп кетесіз, – деп, бірден қолынан ұстап, атасы 
жаққа қарай ерте жөнелді. Арттарынан мен де ілестім, бері қарай алып кет
-
песем атасы мен апайдың әңгімесіне бөгет болуы мүмкін.
– О, Айша ханым! Келіп қалдыңыз ба? Өрлетіңіз, – атам әдеттегі
«төрлетіңіз» дегенді өзінше қолданады.
Апай отырған соң, атам:
– Айша ханым, сіз маған ренжімеңіз. Мен бағанағы уәдемнен айныдым. 
Суретімді салғызбаймын, – деді атам салмақты жүзбен.
– Ой, неге?– Айша апаның даусы шошына шықты.
– Сіз бәрібір мені мынадан артық түсіре алмайсыз, – деп, Ержан жасаған 
мүсінді көрсетті. Ана кісі атамның жаңағысының әзіл екенін түсініп, күліп 
жатыр.
– Айша апа, сіз атамның суретін жасайсыз ба? – деді Ержан.
– Иә, айналайын.


233
– Онда мұртын ұмытып кетпеңізші?! – деп Ержан қиыла сұрады.
Басылған күлкі қайта көтеріліп, бәріміз мәз болып жатырмыз.
– Жаным-ау, мұрттың керегі не? – Айша апай баланың тілін қызықтады 
ма, Ержанды тағы сөзге тартты.
– Атамның мұрты жоқ болса, Максим Горькийге ұқсамай қалады,– деді 
Ержан.
– Айналайын, үлкен жазушыға ұқсаған жақсы, бірақ сенің атаң ешкімге 
ұқсамайды, – деді апай.
***
Бүгін, таңертеңгілікте сыртқа шыққанымда, бүкіл жан дүнием сергіп 
сала берді. Көк жүзінде алақандай бұлт жоқ. Төбемнен төңкеріле қалған 
мөп-мөлдір тұнық аспанға күн жайдары көтеріліп, Жер-анаға ерекше ме-
йірім шапағатын төгіп тұрғандай еді. Осындай әдемі басталған көктемнің 
мына күні өзімен бірге жарқын қуаныш ала келіп, ойлағаным орында
-
ла қалатындай ғажайып бір сезім құшағына ендім. Өз көңілім көтеріңкі 
болғанға ма, алдымнан қарсы ұшырасқан танымайтын адамға да аманда
-
сып, жақсы тілек білдіріп, тілдескім келді. Әйтеуір, бір қызық халде бол
-
дым.
Даладағы шаруамды тындырып үйге келсем, атам да ерте оянған екен.
– Қайырлы таң, ата! Қалай демалдыңыз? – дедім.
– Рақмет, балам. Жақсы ұйықтаппын. Жаңа балконға шығып едім, күн 
өте жақсы болып тұр екен, кеудем кеңіп қалғандай болды. Шайдан кейін 
екеуміз бір жерге барып келсек қайтеді? Жоспарлап қойған жұмысың жоқ 
па?
– Ешқандай жоспарлаған жұмысым жоқ. Сізге қуана ілесемін, – дедім.
– Ой-дойт деген! Мен сені жетістіріп қуантып жүрмін! Осы қырсық 
шалдан-ақ көресіні көрдім-ау дейтін шығарсың?
– Түу, ата-ай! Ойлап көрмеген нәрсені тарс еткізіп айта саласыз, адамның 
көңіліне келеді демейсіз. Қолымнан басқа келмесе де, үлкенді сыйлау ке
-
леді, мен де ата-ана көргенмін. Егер көңіліңізге жақпаған, ұнатпаған ісім 
болса айтыңыз, адам баласымын ғой, қателігімді түзетуге тырысамын. Ал 
сіздің қасыңызда өткен әрбір минутыма ризамын, бұл өзгенің маңдайына 
жазылмаған, тағдырдың маған тартқан сыйы... – деп, соншама суырылған 
сөзуарлығыма қысылып кілт тоқтадым. Айтып тұрғаным ақ көңілден 


234
шыққан адал ниетім болғанымен, көпірме сөзге балап, зекіп тастар ма екен 
деп, көкейімде сайрап тұрғанды толық айта алмай қалдым.
Атам менің жүзімнен көзін алмай, сынай қарап қалыпты. Бір сәт оң 
қасы көтеріліп, таңғалғандай болды. Сөз естімей тұрғанымда, ербимей, көз 
алдынан кетіп құриын деп бұрылып есікке қарай жүрдім.
– Тоқтай тұрғын,– деді атам жұмсақ үнмен.
– Балам, ата-анаңа рақмет. Сен қазірше «Народныйлыққа» жетпеген
-
мен, «Еңбек сіңіргенге» жетіп қалдың, понятно? Ал, жарайды енді, екеуміз 
өзімізді-өзіміз мақтап, бір-бірімізге жұмсақ көпшік қойып, біраз жерге ба
-
рып қалыппыз. Осымен доғарайық та, шаруамызға кірісейік, – деді.
Ертеңгі астан соң аспай-саспай киініп, жаяулатып жай жүріп Жазушы
-
лар одағына келдік. Атам «Жұлдыз» журналының редакциясына, Шерхан 
ағаға кіріп кетті. Мен атамның атына келетін хаттарды алуға беттедім. Өз 
міндетімдегі жұмыстарды бітіріп, атамның шығуын күтіп екінші қабаттағы 
орындықтың біріне келіп отырдым. Бірнеше минут өтті ме, өтпеді ме, толық 
денелі, орта жастағы бір кісі қасыма келіп отыра кетті де: 
– Жаңа Момышұлымен бірге келгеніңді көрдім, кімісің? – деді.
– Келінімін.
– Қай әйелінен туған баласының келіншегісің? – Сөзі өрескелдеу 
болғанмен, өзімнен үлкен адамның сұрағын жауапсыз қалдырғым келмеді.
– Ол кісінің жалғыз баласы бар, – дедім. Ана кісі мені тағы сөзге тар
-
тып, біздің отбасына байланысты ел ішінде айтылатын кейбір нәрселерді 
сұғанақтана сұрай бастады. Өз басым, жауап беруге тиісті емес жағдайларды 
қозғағандықтан, бұл арадан тезірек кеткім келді.
– Кешіріңіз ағай, атам мені іздеп қалар, ана жаққа барайын,– деп орным
-
нан тұрып кеттім...
Мен Жазушылар одағына жиі келем. Қанша үйрендім десем де, әр 
кез табалдырығын аттаған сайын, өзімді осы үлкен шаңырақтың келінін
-
дей сезініп, қобалжитыным бар. Мынау баспалдақтарға талай-талай 
ардагерлердің табаны тиіп, керегелері олардың үнін естіген. Үлкенді-кішілі 
қалам қайраткерлерінің бас қосатын қасиетті осы үйіне, тікелей болмағанмен, 
өзімнің де қатысым бар екеніне іштей мақтанамын да. Сондықтан болар, кей 
кезде есікті аяғымен теуіп ашып, кіріп келе жатқан адамды көргенде немесе 
әлдеқалай дауыс көтеріп, аузынан жағымсыз сөздер шығып, қызылкеңірдек 
болып жатқандарды көзің шалғанда «Қап!» дейсің. Аттап өтуге болмайтын 


235
бір межені бұзып, әдепсіздік жасап жатқандай көремін. Өзін де, өзгені де 
сыйлауға тәрбиесі жетпейтін, ішкі мәдениеттен кенже қалған жандар ма 
деп мүсіркеймін.
– Балам, – деп, гүр ете қалған атамның даусы ойымды бөліп, қасына бар
-
дым. Атам келген шаруасын бітірген секілді, Шерхан ағамен күле сөйлесіп 
тұр. Біз аға берген машинаға отырып, үйге қайтайық деп жатқанымызда 
атам аяқ астынан жоспарын өзгертті.
– Менің әлгі Рақымжанды көргім келіп тұр, – деді.
Атам Қошқарбаев Рақымжан ағаны өзгеше жақсы көреді. Біраз уақыт 
көріспей қалса кәдімгідей сағынатын. «Рақымжан – ер жүрек, нағыз батыр. 
Бала сияқты жаны таза, адал азамат. Ол – рейхстагқа ту тіккен қаһарман 
қазақ» деп ерекше мақтанышпен айтып отырады. Атамның ол кісі тура
-
лы жазғандары, жазылуға тиісті жоспарлары, әдейі арнаған қағаз қораптың 
ішінде, басқа қағаздарынан бөлек сақталған. Соны жүйелеп, бас-аяғын 
бүтін бір дүние етіп оқырманға ұсынсам деген ойы бар еді.
«Алматы» қонақ үйінің алдына келіп, машинаны жіберіп, ішке кірдік. 
Ағай жоқ екен, алдында отыратын хатшы қыз ол кісінің екі сағаттан кейін 
болатынын айтты. Мен енді үйге қайтатын шығармыз деп ойлап едім, бірақ 
атам өз мақамына басты.
– Ы-ым. Үйге бір барған соң, қайтып шыққым келмейтіні анық, 
сондықтан екі сағатты бір жерде өткізіп, Рақымжанды көріп бір-ақ қайта-
йық, – деді. Менде билік жоқ, үндемей тұра бердім.
– Жүр, балам, екеуміз ресторанға кірейік, – деді аспаннан түскендей, 
күтпеген сөзді айтып.
– Ой-бүй, кірмеймін!
– Неге кірмейсің?
– Танитын біреу көрсе, «мына келінді құдай атқан екен, қайын атасы
-
мен ресторанда жүр» демей ме? Жоқ, кірмеймін, – деп шыж-быж болдым.
– Ондайлар өз келінін ресторанға апара алмайды, қолынан келмейді. 
Сол таныс біреу кім екен, алдымен біз көрейік, жүр, – деді. Атамның әзілдеп 
тұрмағаны анық, мен шынымен састым.
– Ататай, кірмей-ақ қояйыншы, өтінем сізден, – дедім енді жалынуға 
көшіп.
– Тәйт әрі, арғымақтай шалды «тай» дегені несі, – деп қойып, ресторан-
ның кірер есігін нұсқағанда:


236
– Ата, өзіңіз кіріңіз, мен анау ағаштардың арасында қыдырып жүре 
тұрайын, – дедім.
– Хватить! Қарсыласпа атаңмен! Бүгін өзің шошаңдап шешен болып 
кетіпсің. Көп сөзді қой да, қолтығымнан ұста! Басыңды көтер. Бүкшимей, 
тік ұста кеудеңді. Ал енді шагом марш! – деді.
Мен амалым таусылып, бұйрығын орындадым. Егер тағы бір ауыз қарсы 
сөз айтсам, елдің көзінше айқайлап қуып жіберуі де ғажап емес. Тыныштық 
керек, ренішімді ішке жасырып, қызара-қызара ресторанға ендім.
Бір жақсы жері, адам аздау екен, бос орын баршылық. Таныс біреу 
көрінер ме екен деп, залда отырғандарды шолып өттім. Ешкім көрінбейтін 
сияқты, бірақ, кім білсін, бір қарағанда не көріп тындырды дейсіз. Өзіміз 
шетке таман орналасқан екі кісілік дастарқан басына келіп отырдық. 
Ресторанның даяшылары сағаттап күткізеді деуші еді, бізді күткізген жоқ, 
адам аз болғандықтан ба, әлде атамды таныды ма, тез-ақ келіп қалды. Ша
-
шын төбесіне сәндеп түйген әдемі қазақ келіншек өте жылы амандасып, 
қолындағы қағазына атам айтқан тағамдардың тізімін жазып алып кетті. 
Ресторанның ішінде отырғанда темекі тартуға болмайды дейді, оған ата 
қарасын ба? Темекісін асықпай тұтатып, бұрқырата бастады.
– Момышұлы...
– А-а...
– Қазір... бірдеңе... – деген үзік-жұлық, байланыссыз сөздер құлағыма 
келді. Дауыстар булыға шығып жатқандай күңгірт естіледі. Ақырын ба
-
сымды көтеріп, сол жағымдағы үстелде отырғандарға жайлап көз салдым. 
Мен бұларды, әлгінде, келген кезде-ақ байқағам, жалпы қарасы жеті-сегіз 
адам. Екі үстелді жалғастырып қойған ба, жоқ өзі сондай ма, үстел ұзын, 
әрі дастарқаны мол екен. Үнемі таза ауа жұтып, жүздерін жел қаққан ел 
адамдары қаланың тас сорып тастаған қуқыл өңді тұрғындарының арасын
-
да бірден көзге түсетін әдеті емес пе, мына кісілер де ауылдағы ағайындар
көрінеді. Өздері сіресіп жақсы киінгендер. Мен бір сәтке ғана қарап, жана
-
рымды тайдырып әкеттім. Неге десеңіз, барлығының назары біз жаққа ауған. 
Шанышқы, пышақтары сылдырламайды, ауыздары да қимылдамайды. 
Фотоға түсердің алдында демімізді ішке тартып қарап қаламыз ғой, тура сон
-
дай көрініс. Анығын айтқанда, қарап отырғандары атам. Ол кісі селт етпей, 
жан-жағына мойын бұрмастан, темекісін сорып қойып, жайбарақат отыр. 
Атам мұндай таңданыс, көзқарастарға үйреніп кеткен, көңіл бөлмейді.


237
Даяшы келіншек кешіктірмей тамақ әкелді, қолды-аяққа тұрмай, зы
-
пылдап қызмет көрсетіп жатыр. Атам алдындағы асына қарап сәл отыр
-
ды. Атамнан бұрын қолыма қасық алмай мен отырмын. Өзім онсыз да 
еріксіз келген адаммын, әрі бала жастан көпшілік орында жарытып ас іше 
алмаймын. Атам қасық, шанышқыны бір шетке ығыстырғанда, алғызған 
тамағы ұнамаған екен деп ойладым. Бірақ атам ұнағанның көкесін көрсетті. 
Тәрелкені екі қолдап көтеріп, шетінен сораптап іше бастады. Ресторанның 
сорпасы онша ыстық болмайтын көрінеді, лезде тауысты. Ыдыстың түбінде 
қалған бармақтай екі-үш түйір етті қолымен алып, аузына салды, оны 
жеп болғасын тәрелкені тілімен жалап-жұқтап орнына қойды. Содан соң 
асықпай ақ орамалмен аузын, мұртын, қолын баптап сүртті. Орындықтың 
арқалығына шалқайып, екі аяғын айқастыра еркін отырды.
Ана отырғандардың көзі шарасынан шықты, күбірлеп, қозғалып, 
қайтадан тына қалды. Мен ұяттан жарылуға бармын. Алды-артыма қарамай 
бәрін тастап, тұра қашқым келді. Жаңа «кірмеймін» деп қарсыласқаныма 
ерегісіп, ақымақ етіп отыр екен дедім. Әйтпесе атамның мұндай ерсі 
әрекетін көрген емеспін. Талай жерде бірге жүріп, түрлі қызықтарына куә 
болғаныммен де, дәл мынандай «тәртіпсіздікке» барады деп ойламаппын.
Атам енді екінші ыдыстағы қуырдақты алдына жақындатты. Не де
-
ген қырсық адам, бұны да қолымен асады. Әр саусағын тілімен жеке-жеке 
жалап, тамсанып қояды. Содан кейін бір-бірлеп қағаз салфеткамен, одан 
орамалмен сүртті. Күніне бес уақ үйреншікті болған дағдысындай бәрін 
аспай-саспай, сондай шынайы, сенімді қозғалыспен атқарды. Ас ішудің 
күнделікті әдетке айналған әдісіндей болып шықты. Онысы аз дегендей, 
ештеңе болмағандай маған таңдана қарап:
– Сен неге тамақ алмай отырсың? – дейді.
– Жегім келмейді, – дедім іштегі булыққан ызамды жасыра алмай.
Атам маған қайтып үндеген жоқ, темекісін тартып болып, даяшы келін
-
шекті қолымен белгі беріп шақырды. Ақшаны төлеп, дәмді тамақтандырып, 
жақсы құрметпен қызмет еткеніне рақмет айтты, басын сәнмен сәл иіп орны
-
нан тұрды. Маған қолтықта дегенді көзімен ұқтырды, басын тәкаппарлана 
ұстап, таяғын сілтей тастап есікке беттеді. Қадалған көздерден, даяшылар-
дың қулана жымиған күлкісінен жотам терлеп сала берді. Не керек, атам 
екеуміз рестораннан шықтық-ау, әйтеуір. Мен дереу:


238
– Ата-ай! Оныңыз не? – дедім жыларман болып.
– Нені айтасың? – дейді түк болмағандай.
– Жаңағы істегеніңізді айтамын.
– Е, олар күтіп отырды, сенімдерін алдай алмадым.
– Нені күтті дейсіз?
– Нені болушы еді? «Момышұлы ойына келгенін істейді, жүрген жерін
-
де бүлдіріп, бүлік шығарады» деп, концерт күткен он алты көз өңменімнен 
өтіп, ішіп-жеп қойған жоқ па? – дегенде, ойпырмай, олар жаққа назар 
аударған жоқ еді, сегіз адам екенін қай уақытта санап үлгерген деймін.
– Тірі мамонтты көргендей таңғалады. Әй, қайдам, тірі мамонтың тірі 
Бауыржандай әсер ете қоймас. Тәртіпті, «қой аузынан шөп алмас» болғым-ақ 
келді, бірақ музейдің сирек экспонатындай елдің көзіне нысана больіп оты
-
рудан жалығып кеттім. Содан, күткен үміттерін қанағаттандырып, сенім
-
дерінен шығайын дедім. Обал ғой, сонша уақыт сіресіп, бақырайып отыру 
дегенің! Біреуінің орнынан тұруға шамасы келмеді, былай қарасаң, тепсе 
темір үзетін жігіттер. Мен білсем, бұлар – ауылдың бетке ұстар интелли
-
генциясы. Көңілдері қалмасын деп кішкене өнер көрсеттім. Бірақ аяқ асты
-
нан жөнді ештеңе есіме түспеді. Олар күткен тұзды хулиганство шықпады. 
Тек «как обедает Момыш-улы?» деген көріністі тарту еттім. Менімше, разы 
болған сияқты, сен қалай ойлайсың?
Мен не жыларымды, не күлерімді білмедім. Атам өзін келемеждеп тұр 
ма, мені ме, жоқ әлгі адамдарды ма, ажырата алмадым. Не дерімді білмей 
дымым құрып, есеңгіреген адамдай меңірейіп жүзіне қарап қалыппын.
Көше бойлап төмен қарай келе жатқанымызды енді байқадым. Рақымжан 
ағаға кірем деп атам қайталап айтпады, мен сұрамадым. Алғашқы ойын, кел
-
ген мақсатын ұмытты дей алмаймын. Бірақ бағанағы сәулелі көңіл күйден 
айырылғаны анық еді. Үйге дейін біршама жер болса да, машина ұстамай, 
аяңдап жаяу келе жатырмыз. Атамның қабағы түйіліп кеткен, бірдеме де
-
сем сілкіп тастайтын сыңайы бар. Көңіл күйінің лезде өзгеріп, жүзінің 
неге қатулана қалғанын түсінбедім. Мүмкін, жаңағы өзінің «өнеріне» ыза 
болып келе ме екен? Сұқтанған он алты көздің алдында өзін төмендеттім 
деп қиналып келе ме? Жоқ, әлде осы сияқты әдейі істеген толып жатқан 
«концерттері» есіне түсті ме? Бұл арасы маған белгісіз. Есесіне ресторанда 


239
қалған әлгі адамдардың отырыстарын көз алдыма қиялмен елестетіп келем. 
Біз шығып кеткен соң естерін жинап, бірден ду-дуға көшкені анық.
«– Әне, айтып едім ғой бірдеңе істейді деп...
– Әй, батырым-ай, десеңші!..
– Қазақтығын көрсетіп қолымен асады-ау...
– Қасындағысы кім екен?..»
Шамамен осы сөздердің айтылғанына сенімім мол. Ертең ауылдарына 
барғанда одан да құбылтып айтып, тыңдаушыларының таңдайын қаққызып, 
көзін бақырайтатыны белгілі. Содан... содан... атамның атына қосақталып 
айтылатын өтірік-шыны аралас аңыздарға тағы біразы қосылатынына көзім 
жетіп тұр. Олар ғой қызық көрдік деп мәз болып отыр. Алайда өздерінің 
оңбай ұтылғандарынан хабарсыз. Мүмкін, осы адамдар атамды жақыннан 
енді қайтып көрмейтін шығар, өмір үнемі кездесуге, жолыңды түйістіруге 
сәтін түсіре бермейді. Соңғы рет көріп отырса ше? Бір көруді талай адам 
армандаған жоқ па! Олай болса, таныған соң, тым болмаса біреуі орнынан 
тұрып, сәлем неге бермеді екен? Бірден таныды ғой, үнін естіп, сөзін ұғып 
қалу неге ешкімнің ойына келмеді? Егер солай істегенде бұл кездесу ес
-
терінде ұзақ сақталатын мазмұнды, өнегелі бір әңгімеге айналар еді. Әрине, 
көргендерін олар онсыз да өмір бойы ұмыта қоймас. Бірақ жай жылтыраққа 
мәз болып, алтынның асыл қасиетін көре алмады, арзан көрініске көңілдері 
тойып қала берді.
Бір жағынан жаңағы адамдарды кінәлауға да болмайды. Көпшілік жұрт 
атамды табиғаттан, қоғамнан тысқары жаратылғандай көреді, атамның 
бойындағы кәдімгі адамға тән жақсы қасиеттердің жиынтығын байқай ал
-
май қалатын секілді. Атамды, шын мәнінде, түсіне білуге тағы бір үлкен 
кедергі – «қасына баруға қорқамыз» деген үстірт үрей. Өз басым осы 
сөзді талай адамнан естідім. Жаңағы кісілер де қорқып қасына жоламады 
ма екен, кім білсін. Ал, шындап келгенде, көп жағдайда адамдар атамды 
көрмей тұрып, өзін-өзі қорқуға дайындайды. Көрген жерде тізесі дірілдеп, 
қаша жөнелеуге дайын тұрады. Бұны өз тәжірибемнен білем. Келін ретінде
-
гі алғашқы кездесуге дейін менің де зәрем кететін, келсе қайтем деп алдын-
ала дірілдей беретінмін.
Иә, атаның алды қатты, сұсты жан. Атам әдейілеп ешкімді қорқытпайды, 
кінәлі болсаң өзің-ақ қорқасың.


240
Қатал болар мезгілде, 
Шатырлаған жайдай бол. 
Мейірім түсер мезгілде, 
Ағарып атқан таңдай бол, –
деп, өзіне мінездеме беріп тұрған жоқ па!? Біз «мен де адаммын жарал-
ған сүйек, еттен» дегенді ұмытып, атамнан ақылға сыйымсыз, айрықша 
бір кереметті күтеміз де тұрамыз, басқаша көруге көнгіміз келмейді. Сол 
«ғажайыптарды» істеуге өзіміз итермелейтін сияқтымыз.
Сол күні үйден көңілді кетіп, жабырқау оралдық. Атамның қабағы 
сол түйілгенінен қайтып жадырамады. Асқа да зауқы соқпады. Айнала
-
сына «бәрібір» дегендей солғын, немқұрайды қарады. Кім білсін, қандай 
ойлардың тұңғиығына батқанын. Мүмкін, атама адамдардың қарапайым 
қарым-қатынасы жетпейтін шығар. Бәлкім, өрлетпес өрлігі жаралы жанның 
амалсыз пердесі ме екен? Қанша дегенмен ол да пенде ғой, бір сәт белгісіз 
адам болғанды жүрегі қалайтын сияқты.
Мен сол жолы атам сияқты қайратты адамның өзін атақ пен аңыздың 
құрсауы аяусыз қысатынын сездім. Даңқ даңғыл жол емес екен, оның да 
жан қинайтын ауыр азабы бар екенін терең түсіндім.
***
Көктемнің қар еріп жатқан лайсаң күндері еді. Атам ала таңнан тұрып, 
шырттай киініп алыпты. Түсі суық көрінді, әйтсе де жөн сұрадым.
– Ата, қайда барасыз? – Әдеттегідей, тағы бір жаққа сапар шекпекші-ау 
деп ойлап қалдым.
– Жәмкеге барамын.
Осыдан жеті жыл бұрын қайтыс болған мамамызға барамын дегені 
жүрегімді зырқ еткізді.
– Бақырайма маған! Жамал түсіме кірді. Машина шақыр. Басына бара
-
мыз, – деді сөзін қысқа қайырып.
Енемнің қабіріне келдік, атам сәл үнсіз тұрды, содан кейін жердің 
батпағына да қарамастан тізерлеп отыра кетті. Екі қолымен жер тіреп:
– Жәмкем! Қайран, Жәмкем! Не көрсетпедім саған, кеш мені! – Енемнің 
қабіріне маңдайын тигізіп солқылдап жылағанда, менің даусым қосыла 
шығып, көпке дейін басыла алмадым...


241
***
Атам өзіне ұнамаған сынық сүйем сөзі үшін біреуді түре қуып шығатын 
да, қуып жіберуге он есе тұратын қайсыбіреулердің болымы жоқ әңгімесін 
сағат бойы шыдамдылықпен қыңқ етпей тыңдағанда қайран қалатынмын. 
Бір ақырып басып тастауы керек тұстың өзінде не сөзінен, не өңінен ештеңе 
сезілмей, қайта әлгі адамды одан әрі жетелеп аяғына дейін ашыла сөйлеп, 
көмейін толық көрсетуіне мүмкіндік береді. Атам маған кейде театрда 
ойын тамашалап отырған көрермен секілді сезілетін, олай дейтінім, сахна
-
да спектакль жүріп жатқанда, өзін тәрбиелі санайтын кез келген адам да
-
рынсыз актерге: «Ей, кет сахнадан, мынауың жалған», – деп айқайламайды. 
Ұнамаса да соңына дейін көріп, пікірін ішке түйіп, бірақ қайтады. Атам да 
алдында отырған кісінің ой-өресін, сипатын бақылап, зерттеп, өзінше бір 
қорытынды тұжырымға келетін болар деп жорамалдаушы едім.
...Азық-түлік салған қомақты сумканы көтеріп үйге келсем, киімілгіште 
бір керемет матадан тігілген ер адамның пальтосы, күрең сары жанат тымақ 
пен бақбақтың басындай үлпілдеген шарф ілулі тұр екен. Бұндай киімді 
киетін кісінің өзі де жай біреу болмаса керек-ау деп асүйге беттедім.
Есігі ашық тұрған атамның кабинетінен дауыс естіліп жатты. Қолымдағы 
нәрселерді жайғастырып жүріп құлақ түремін, атамның үні емес бөтен бір 
майлы дауыс кедергісіз үзбей сөйлейді. Мен білетін адам емесі анық, бірақ 
кім болса, сол болсын үйге келген соң алдына кіріп сәлемдесуім керек.
Атам әдеттегідей төсегінде жотасын қос жастыққа сүйеп, кеудесін 
көтеріңкіреп отыр, аузында сол баяғы ақ мүштек. Атамның қарсы алдындағы 
креслода қою шашын артына қарай келістіре қайырған, қыр мұрынды, 
қызыл шырайлы толықтау келген жігіт ағасы отыр. Ол менің сәлемімді 
бас изеп салмақты қабылдады. Өзінің отырысында, басы-көзін қозғауында 
паңдық па, тәккаппарлық па байқалады. Ал Бақытжан терезе жақтауына 
сүйеніп, түрегеліп тұр.
– Ә, келдің бе, балам? – деді атам мен қонаққа сәлемдескен соң.
– Келін бе, Бауке? – деп, ана кісі менің кім екенімді енді шамалағандай 
басын сәл шалқайта қарады.
– Ержанның мамасы осы, – деді атам.
– Ана араға отыр. – Атам төсегінің аяқ жағында керегеге тақап қойған 
орындықты саусағымен көрсетті.


242
Үндемей отыра қалдым, алайда әлденеге қуыстанғандай өзімді жайсыз
-
дау сезіндім. Мен сәлемдесіп қана шығамын, істейтін шаруам бар, қонаққа 
дастарқан әзірлеуім керек деп ойлағам. Атамның мына бұйрығына түсінбе-
дім. Өйткені мені әдейілеп қонақтың қасына үнемі шақыра бермейді, тек шай 
құйып, қонақ күтіп жүріп әңгіме тыңдап қалам. Талай кісілердің атаммен 
не сөйлесіп, неге келгенінен бейхабар қала беретінмін. Ондайда «тірлігіңді 
істей бер, шайды өзі құйып ішеді» немесе «бізді оңаша қалдырғын» деген 
ескертпелерін айтатын. Атамның мені отырғызып қойғаны қонаққа да таң 
көрінді ме, «бұныңыз қалай» дегендей сұраулы көзбен атама үнсіз қарады.
– Әңгімеңді жалғастыра бергін. – Атам ана кісінің жүзіне қарамастан 
жайбарақат сөйледі.
Қонақ бірден сөйлей қоймады, сол паңдау қозғалыспен креслоның 
екі жағына кезек сүйеніп, әлгінде не айтқанын есіне түсіргісі келгендей 
кең маңдайын алақанымен бір сипап өтті. Мен ішімнен «мына кісі менің 
отырғанымды жаратпады» деп ойладым.
– Иә, соғыс тақырыбы жайлы еді ғой айтып отырғанымыз,– атама тура 
қарап сөзін жалғастырып кетті. – Әрине, соғыс тақырыбы – үлкен тақырып, 
оңынан да, солынан да жазылып келе жатыр. Бірақ көңіліңізге келсе де 
ашығын айтайын, әбден ақжем болды. Қазір соғыс кезеңіне арналған кі
-
таптар оқылудан қалған. Әсіресе жастардың ынтасы жоқ, олардың дәуірі 
басқа, тақырыбы бөлек. Олар артқа қарап емес, алға бет алып өседі, бүгінгі 
болып жатқан өзгерістермен ертеңгі келер өмір қызықтырады. Халық та бұл 
тақырыптан шаршады, қайта-қайта жараның аузын тырнап, соғыс азабы 
мен қайғысын еске түсіре берудің соншама қажеті бар ма! Халық көңілінің 
біржола серпіліп, мына кеңшілік, молшылық заманның рақатын уайымсыз
пайдаланатын кезі әлдеқашан туған.
– Өзіңнің әкең майданда болып па еді? – деп атам сөзді бөлді. Бірақ жай 
ғана самарқау үнмен сұрады.
Қонақ бірден жауап бермеді, баяу қозғалыспен қалтасынан төрт 
бүктелген кіршіксіз қол орамалын алып, маңдайын сипай сүртіп барып 
қана сөйледі.
– Қызметіне байланысты өкіметтің арнаулы бронымен қалған.
– Ы... ым, – деп, атам ыңыранып темекісін бұрқ еткізді.
Көрген көзде жазық жоқ, өзім көрмесем сенбес едім, басқа-басқа ал май
-


243
дан тақырыбы жөнінде дәл мынадай кесір әңгімені атамның қалай бейжай 
тыңдап, қалай төзіп отырғанына түсінбедім.
– Сонда не жаз дейсің? – Атам ана кісіге немкетті кейіппен осы сөзді 
айтқанда ойым одан әрі тығырыққа тірелді.
– Сіздің өмірден көрген соққыларыңыз он адамның ғұмырына жетерлік. 
Бұл жөнінде тәжірибеңіз, көргеніңіз ұшан-теңіз, соны жасырмай, бүркемей 
жазыңыз.
– Оның кімге керегі бар?– деді атам жаңағы баяу сарынмен.
– Мысалы маған керек. Мен секілді тізгін ұстаған жігіттерге керек. 
Білейік, ұғайық, сабақ алайық, қай жерде қандай ордың жатқанын көрейік. 
Аяқтан шалғысы келіп құлшынып тұратын дұшпан бізде аз дейсіз бе?
– Өз жеріңде, өз еліңде жүріп, сонша жауды қайдан жиғансың?
– Қайдан деріңіз бар ма, етектен тартпаса бойына ас батып тыныш 
ұйқтамайтын қазекемнің ежелгі әдеті емес пе? Сүріндірсе тісінің қышуы 
қанатындай жүрген жоқ па талай сұм тіміскіп. Небір іскер жігіттерді өсір-
мей жүрген де сол күншіл тобыр.
– Сендерді өсірмей жүрген тобыр емес, өзің секілді көзі ашық дурак
-
тар. – Атамның жүзіне барлай қарап отырғам, көзінен бір уытты мысқыл 
ұшқыны жалт ете қалғандай болды.
– Қызықсыз-ау, Бауке! Дурак болсақ жауапты жұмысты сеніп тапсыра 
ма?
– Міне, қателіктің үлкені осы болса керек.
– Өйтіп қатты кетпеңіз, істеп жүргеніміз халықтың жұмысы.
– Сен өзіңді-өзің әшкерелеп, кім екеніңді ұстап беріп отырсың. Қалайша 
дерсің? Бастық болған соң трибунаға шығып жүресің, солай ма? Сен три
-
бунадан залға қарап тұрып, «халық, халық» деп өңешіңді керіп тұрып, 
ішіңнен «тобыр» деп жиырыласың.
– Ой, Бауке-ай, газеттің тілімен сөйлеуге дағдыланып кеткенсіз бе, 
немене? Әрине, халыққа сіздің еңбегіңіз бізге қарағанда көбірек сіңді, 
оны ешкім жоққа шығара алмайды. Біздің ұрпақ, біздің алдымыздағылар 
жақсы білеміз. Ал ұрпақ күнде өсіп, өзгеріп, жаңарып тұратын құбылыс. 
Қазір сізге тыныштық, орысша айтқанда, покой керек. Бүгінгі таңның ісін 
бізге қойыңыз, өз кезегімізбен біз де ұрпаққа бірдеңе қалдырайық, – деп 
тоқтады.


244
Бір сәт ауыр үнсіздік орнады. «Жаманның сөзін үндемей көтерсең, 
бір жеңдім деп масайрайды» дегендей, қонақ қасқиып, айылын жимай 
отырғандай көрінді маған. «Қазір, қазір атам жауап қайтаруы керек» деп, 
жүрегім атша тулады. Осы кезде бағанадан міз бақпай, тұрған қалпынан 
бір өзгермеген Бақытжан бері қозғалды: «шығып кететін болар» деп ой
-
ладым. Ол тура ана кісінің қасына таянғанда, өңіне көзім түсіп, «япырай, 
мынау не пәлеге бастады» дегенді ұққызбақ болып, атама жалт бұрылдым. 
Бақытжанның боп-боз өңі әкесін де тіксіндіргендей ме, атам да тіктене 
қарап қалыпты. Бірақ Бақытжан сабырлы үнмен сөз бастады, дегенмен да
-
усында діріл сезіледі.
– Сіз жаңа тыныштық, орысша айтқанда, покой керек дедіңіз бұл кісі
-
ге. Бірақ тыныштық болмайды. Бүгінге дейін болмаған нәрсе әрі қарай да 
болмайды. Бұл кісіні жұрт күндіз-түні іздейді, сұрайды, көрмесе сағынады. 
Келіп кетіп жатады. Бұған басқа елден, басқа жерден келетін, іздейтін, 
сұрайтындарды тағы қосыңыз. Жаман айтпай жақсы жоқ, ана дүниеге ат
-
танып кетер болса да, тыныштық болмайды. Өзіңіз айтқан өзгеретін жаңа 
ұрпақ іздеп, атын жаңғыртар, сонда қайдағы покой? Бұл жағынан алғанда, 
сізге қызығып та, қызғанып та қарап тұрмын. Оһ, как я вам завидую! Өйткені
зейнеткерлікке шықсаңыз, не орныңыздан ұшып түссеңіз, ешкім іздеп, 
мазаламайды. Тыныштықта ұмытылып, бақытты өмір сүресіз. Ал менің 
бейшара әкем ондай тыныштықты түсінде де көрмейді. – Көзі ұшқындап 
әкесіне жалт қарады. – Папа, мәңгі мазасыздықтың керегі не саған, мына 
кісінің ұсынған тыныштығын мүмкін қабылдарсың, а?
– Вы – оба дураки! – Бағанадан бері екеуін де байсалды тыңдаған 
атамның енді төзімі тозды білем, айғайлап жіберді. Бақытжан сол замат 
бұрылып, есікке беттеді, ана кісі тістене сұрланып:
– Жап-жас басыңмен қандай қатыгезсің, бала? – деді.
– Барым осы, ұнамасам, ана дұшпандарыңыздың тізіміне қосыңыз, – 
деп, Бақыт бөгелмей шығып кетті. Мен алақтап атама қарап ем, кете бер 
дегендей қолын сермеді.
Басым зеңіп бірдеңе түсінуден қалғандаймын, ойымды орнықтыра ал
-
май көзім әр нәрсеге бір түсті. Бақытжан балконда темекі тартып тұр, «күн 
суық, жейдемен шыққаны несі, шаншу қадалады ғой» деймін іштей. Осын
-
дай бөгде көріністермен ошақ басының қарапайым майда-шүйдесі бірте-


245
бірте басымның киіздей тұтасып тұрған қалпынан айықтыра бастады. 
Дегенмен бірдеңені тындырып істеп тастардай қауқар қазір шамалы, бар 
бітіргенім – самаурынға су толтырып токқа қостым да, тып-тыныш отыр
-
дым.
Қонақ көп бөгелмеді, шайға да қарамады. Біз шығып кеткен соң атам 
екеуінің арасында тағы не сөз болғанын білмеймін. Бірақ жүйелі әңгіме 
айтылмағаны белгілі.
Бақытжан ағаймен қоштасуға шықпады, ол кісі де керексініп ізде
-
меді. Мен кінәлі адамдай жүзім сынып, қонақтың бетіне тура қарай ал
-
май шығарып салдым. Бұл енді еншіме тиген міндет, үйге кім келмесін, 
атам оны қалай қабылдап, нендей сөз айтпасын, менің парызым – ізетпен 
шығарып салу. Атама келген кісіге тиісу Бақытжанда жоқ әдет еді, бүгін ор
-
тадан килігіп жарылып түсті. Меніңше, шыдамсыздық көрсетті. Қонақтың 
пиғылының көлеңкелі тұстарын мен де байқадым, өзінің басынан асып бара 
жатқанда атамды тістеп «ұрпақ өзгергенде ұмытыласың» дегенді айтпақ 
болғаны маған шаншудай қадалды. Бақытжан соны ұға қойып «өшсең өзің 
өшесің» деп қасарыса тулады. Басқаша айту керек пе еді, жоқ солай қақ 
маңдайдан соғу дұрыс па, қайдам...
Бақытжан қонақ кеткен соң әкесінің кабинетіне тура тартты, артынан 
іле мен де жеттім.
– Папа, кешір, – деді Бақыт кіре сөйлеп, – қонағыңның шырқын 
бұзғаныма ренжіме. Қанша айтқанмен балаң емеспін бе, қаным көтеріліп
кетті. «Сіз» деп сөйлесе де сөзі сасық көрінді. «Халық» деген сөзді айтады, 
ал халықтың сөзін айтпайды.
– У тебя вскипела не кровь, а мелкое ущемленное самолюбие, яғни 
қаның емес көтерілген, шаңың бопырады. Қазір көзімнен аулақ кет те, өзің 
жақсылап ойлан, – деп, атам баласына есікті көрсетті.
«Ойлануға» мен де кеттім. Атамның бағанағы «екеуің де ақымақсың» 
деп қонақ пен Бақытжанға бағыштаған сөзінің астарын енді ұғынғандаймын. 
Біреуі «атың қалмайды» деп, біреуі «қалады» деп дауласқандарына атам 
мүлде басқаша қарап, өзінше баға берді. Өйткені атам даңқ үшін, атын 
қалдыру үшін қан төгіп, от кешкен жоқ. Қандай биік мансап, жоғары атақ 
болмасын елге игілігін тигізбесе, өткінші жауындай лезде өте шығады.


246
***
Атам қуанғанда мереке күн сияқты көңілімізді шаттық толқыны керней
-
ді, үйдегі бар зат көріктеніп, күн сәулесі мол түскендей әсер етеді. Өйткені 
атам шынайы қуана біледі, өзінің ақ жүрегінің мейірім шуағын бүкпесіз 
жайып салады. Бүгін сондай бір күн болып тұр.
Бағана, ертеңгі астың дастарқаны басында отырғанымызда, күтпеген 
жерден Жанекең келе қалды.
– О, о, Джан келді! – деп, атам орнынан шұғыл көтерілді. Жанекең де 
қолындағы жол қапшығын есік түбіне тасай салып, құшағын жая атама 
қарай ентелей ұмтылды. Екеуі айқасқан құшақтарын жазбай бір сәт тұрып 
қалды. Жанекеңнің жанары тұнық үлкен көздерінен мөлт ете қалған жас 
тамшылары әжімсіз жүзімен иек астына қарай домалады. Осыны байқаған 
атам зілсіз сес көрсетіп:
– Тәйі әрі, осалдығыңды көрсетпе! – деді. Алайда өзінің де көзіне жас 
іркіліп келіп қалды.
Бұл – жан тебірентерлік қимас көрініс еді, ақ басты қарттардың 
сағынышпен қауышып, бір-біріне аялай қарап тұрғаны кімнің де болсын 
жүрегін бір «аунатып» түсері айқын еді.
– Ат-көлігіңіз аман келіп қалдыңыз ба? Кенайымның (жеңешемнің) халі 
қалай? Балалардың дені сау-саламат па?.. – деп, атам сұрақты жаудырып, 
ана кісі жауап беріп үлгере алмай, абыр-сабыр болды да кетті. Бақытжан 
екеуміз Жанекеңмен амандасқан соң атам қонағын баласындай қолынан же
-
тектеп, өзінің бөлмесіне қарай жүрді. Кетіп бара жатып:
– Балашка, дастарқанды жаңалағын, – деді. Олар кіріп кеткен соң 
Бақытжан маған қарап басын шайқап:
– Иә, шалдар әбден сағынысқан екен! – деді. 
Жанекең деп отырғанымыз – Қырғызстанның Талас қаласында тұратын 
Жамбыл Файзиев деген кісі. Ұлты өзбек. Біздің үйге аса бір қадірлі адам. 
Бұл кісі соғыс кезінде, майданда, атам басқарған батальонның штабында 
аспаз болған екен. Өзі еңкейген жасына қарамай ширақ қозғалады. Мығым 
денелі, келбетті қарт. Атам ылғи да «Джан, Джанеке» деп атайды.
Жанекеңнің Алматыда бітпей жатқан шаруасы жоқ, атамды сағынса 
келе беретін. Бұл кісі келген сайын атам маған:


247
– Ал, балам, ас үйдің билігін Джанға бергін. Мен оның қолынан дәм 
татпағаныма талай болды, – дейтін. Сондағы жеп жарытатыны шамалы, 
қызығын біз көреміз.
Алғаш рет Жанекең асүйге кіріп тамақ әзірлей бастағанда қатты 
қысылдым. Ер адамның қазан-ошаққа араласқанын ұнатпаушы едім, оның 
үстіне жасы үлкен кісінің ет турап, сәбіз тазартқаны көзіме бір түрлі сөлекет 
көрініп, өзімнен-өзім ұялғаным бар. Кейін Жанекең келгенде қазанның 
құлағын ұстайтыны үйреншікті болып кетті. Қайта бір кез дамылдап қалатын 
болғам. Бұл кісінің бір қызық жері, палауға керектінің бәрін сонау үйінен 
арқалап келеді. Біздің дүкендерде сатылатын күрмегі көп майда күрішті 
жаратпайды. Қайдан табатынын білмеймін, меруерттей жылтыраған таза, 
баданадай ірі үлкен бір дорба күрішті аузын шымши байлап әкелетін. Сап-
сары май басқан тауық, бармақтай-бармақтай көкшіл мейіз, айва, ең аяғы 
сәбізіне дейін мыңдаған шақырымнан ерінбей-жалықпай ала келетін.
...Шай үстінде атам маған қарап:
– Балам, алдымен Жанекеңнің сыбағасын жақсылап асқын. Абайла, 
қадірсіз жілік салып жүрме. Ал палауды кешке Митя Снегин келгенде жей
-
міз, – дегенде еріксіз езу тарттым. Өйткені асүйге сирек бас сұғатын, тамақ 
жайында ешқашан нұсқау бермейтін атамның мына сөзі, шынында, қызық 
естілді. Дәл осы арада Бақытжан біреу бүйірінен түрткендей қарқылдап
күлмесі бар ма.
– Әй, бас-аяғы жоқ күлкіңе жол болсын, – деп атам жаратпай қалды.
– Жаңа келініңе беріп жатқан бұйрығыңа қарап, сенің нұсқауыңмен 
жасалған бір тамақтың дәмі аузыма келіп, соған күлдім, – деді Бақыт.
– Есімде жоқ. Мен тамақ жасауға араласпаймын ғой, – деді атам.
– Араласқанда қандай! Жанеке, тыңдайсыз ба, мен сізге папамның тамақ 
істегенін айтып берейін.
– Әлбетте, – десе де Жанекең атама қарады.
Атам баласына айта бер дегендей басын изеген соң Бақытжан әңгімесін 
бастады.
– Ол кезде жалғыз тұратынмын, апапа ауырып, ауруханаға түсіп қалған. 
Мен барып тамақтанатын басқа үй жоқ, содан сорпа ішкім келіп, дүкеннен 
ет сатып әкеліп қайнатып отыр едім, папам келді. «Мынауың не?» – дейді 
қазанды нұсқап. «Сорпа ғой», – деймін. «Сорпа емес, сылдыр су, етің аз. 


248
Қазір мен саған керемет бір тамақ жасауды үйретейін. Үйіңде жеуге жа
-
райтын не бар, бәрін әкел», – деді. Содан жаңағы сорпаға күріш, макарон, 
картоп, қызыл бұрыш, қара бұрыш, пияз, сарымсақ, тағы екі түрлі жарма
-
дан бір уыстап салғызды. Біраз қайнаған соң «для кислотности» деп үстіне 
қатқан наннан қосқызды. Білесіз бе, Жанеке, не болғанын? Онсыз да ботқа 
болған тамақтың бар суын қатқан нан сорып алды. Нан езіліп көтеріле бас
-
тады, тура ашыған ас секілді көпіршіп, көбіктеніп шыға келді. Осы кез
-
де папам соңғы нұсқауын беріп: «Отты сөндір», – деді. Мен айтқанының 
бәрін бұлжытпай орындадым да: «Кәне, үстелге отыр, ас ішейік», – дедім. 
«Ы-ым», – деп отыра қоймай ойқастап тұрды да: «Мен ресторанға кеттім, 
ал мынаны өзің іш. Бұл – витамині көп нәрлі тамақ, сенің организміңе өте 
пайдалы», – деп кетті де қалды. Астың дәмін көрсем, адам түсініп болмай
-
тын бірдеңе, тінтіп жүріп етін әрең тауып жедім. Енді келіп «тамақ жасауға 
араласпаймын» деп өнерін жасырып отыр, – дегенде атамның өзі бастап ал 
келіп күлейік. Тамақтың сан алуан түрін жасайтын Жанекең мына әңгімеге 
көзінен жас аққанша күлді.
Тағы біраз анау-мынауды сөз етіп отырғанда атам Жанекеңе қарап:
– Жүріңіз, Джанеке, біз ана жаққа барайық, – деді.
Қарапайым, шынын айтқанда, шала сауатты Жанекең мен атамның 
сөздері жарасып, жымдаса қалатынына біздер қызыға қарайтынбыз. Бұл 
атама байланысты. Атам кіммен не жайында сөйлесуді жақсы біледі. 
Сөйлесіп отырған адамына қарай оның түсінік, өресін барлап, өзін де, өзгені 
де зеріктірмейтін ортақ тақырыпты дәл басып таба білетін. Кейде біреумен 
жайбарақат сөйлесіп отырса да, әңгіме аса жүйелі арнаға түспей, соңынан 
есте қалатын ештеңе болмағанда, «жақсы сұхбаттастық, бірақ ол өз тілінде, 
мен өз тілімде сөйлестік» дейтін. Ал Жанекең екеуі «бір тілде» талай түнді 
көз ілдірмей өткізе беретін. Атам 60 жылдық тойын өткізерде Жанекеңді 
арнайы шақырды, салтанатты жиналыста сахна төріне қасына отырғызды. 
Сонда: «Мына ала тақия кім болды екен, иығы тиіп отыр ғой», «Өзбектің 
бір мықтысы көрінеді», «Бәсе, Баукеңнің тура жанында анау-мынау отыра 
қоймас», – деп, талайлардың басы қатқан. Бірақ атам Жанекеңді «мықтыға» 
айырбастамас еді. Күштімін, мықтымын дейтіндерге жылы лебіз білдір
-
мей өте шығатын атам, көптің бірі саналатын Жанекеңе келгенде құрметі 
өзгеше болатын.


249
Жанекең атамды піріндей көреді, табынады деуге болады. Өзі атам
-
нан он жас үлкен, бірақ атамды атымен атағанын естімеппіз. «Хәзәйін» – 
деп, өзбек тілінің әдемі әуеніне салып әндете айтады. Бір жолы ас үйде 
отырғанымызда Жанекең маған былай деді:
– Менің алты балам бар, өзім соғыстан кейін үйлендім. Қазір балалардың 
алды оқып, білім алып, мамандық иесі болып, өз алдыларына түтін түтетіп 
отыр. Шүкір, тең-тұстарынан кем емес. Осының бәрі хәзәйіннің шарапа
-
ты, осы кісінің арқасында аман-есен тірі қалдым. Жер басып, ауа жұтып 
жүргеніміз үшін үй-ішімізбен өле-өлгенше борыштымыз... Соғыстан 
қайтқанда кейбіреулер артынып-тартынып бір нәрселерді алып қайтты. 
Сонда маған: Джанеке, «бүлінген елден бүлдіргі алма» деген сөз бар, бір 
сабақ жіп ілуші болмаңыз. Елге аман-есен оралып, туған босағаңызға жетіп, 
ер серігі – адал еңбектен танбасаңыз бәрі де болады. Әлі-ақ үйлі-жайлы бо
-
лып, берекелі семья құрып, бақытты тұрасыз», – деп еді. Айтқаны айны
-
май келді. Біреуден кейін, біреуден ілгері болып, еңбегімнің жемісін жеп, 
балаларымның қызығын көріп отырмын. Бұл – әулие кісі, батасын алған 
адам ақ жолды болады, – деп Жанекең бір сырын айтып еді. 
Тағы бірде күле отырып.
– Осы, бұрын, хәзәйінмен жақсы таныспын десем ешкім сенбейтін. 
Әсіресе қазақ-қырғыздардың талайы: «Момышұлын бір көргеміз жоқ, сен 
сарт ондай бақытқа қайдан жетіп едің?» – деп, «Сен сияқты қазан ұстап 
күйелеш болып жүретін адамды Момышұлы қайтсін», – деп мазақтап 
күлетін. Кейін хәзәйін үйіме әдейілеп келгенде жай адамдар тұрмақ, қаланың 
бетке ұстарының бәрі менің үйімді жағалады. Кіріп сәлем беріп, жүзін 
көріп, даусын естуге құмартып, талай жұрттың ентелегенін көрсең!.. – деп, 
мақтанышпен көңілі таси сөйлегенде, жүзіне сүйсіне қарап едім.
Жанекеңнің айтқаны рас, мен оны өз көзіммен көргенмін. Берікқарада 
жатқанымызда атамды қонаққа шақырған. Сонда атам Ержан екеумізді ала 
кеткен болатын. Біз барған соң, сәл уақыт өтпей-ақ, Жанекеңнің келіскен 
саялы ауласына кісілердің қалай қаптағанының куәсі болғам.
Жанекең Талас қаласындағы үлкен бір асхананың бас аспазы, табысы 
жақсы, тұрмыстары оңды, берекелі тұратын. Алайда атам жаңа жыл, 23 
ақпан, 9 мамыр мейрамдарында Жанекеңе ақша салатын... «Балаларына 
менің атымнан сыйлық әпереді» дейтін.


250
...Атам түстен кейін досына телефон соқты.
– Митя, бұл сенбісің? Әй, сен «импортный» болып қолға түспей кеттің 
ғой? Келем дейсің бе, онда сағат бестен қалмай жеткін. Бүгін біздің үйде ақ 
түйенің қарны жарылып жатыр. Джан келді. Сенің сапарыңның әңгімесін 
кең отырып тыңдаймыз, – деп гүрілдеп жатты.
Атамның қанды көйлек қарулас досы, жазушы Дмитрий Федорович 
Снегиннің Англияға барып қайтқанына бір-екі күн болды. Атамның «им
-
портный» деп жатқаны сол еді. Ал енді атам мен Снегиннің достығы өзінше 
бір дастан. Ұзақ жылдарға созылған, талай сыннан өткен адал да, табан
-
ды достық. Екеуі бір-біріне бауырлас, қаны бір туыстан да жақын, көріспей 
тұра алмайды. Атам өзгеге айтпайтын өкпесін, өзгеге сездірмейтін сырын 
Дмитрий Федоровичке ғана жасырмай ақтаратын. Басқаның алдындағы бет 
қаратпас қаталдығы мен өртеп өтер ашуын досына көрсеткен емес. Дауыл 
мінез атам мен жібектей есілген кербез Митя ағайдың қалай ортақ ой түйіп, 
тіл табысатынына талайлар қайран қалысады. Бақытжан кішкентай кезінен 
«Дядя Митя» деп атап, әлі күнге дейін алдынан арсалаңдап шығып, бала
-
дай еркелейді. Ержан «менің орыс атам» деп мақтанады.
Кешке жақын Дмитрий Федорович келді. Жанекең басқан бал палау
-
ды ортаға алып, атамның досының шетелге барған сапарының әңгімесін 
естідік. Жат өлкенің талай қызық, біз үшін толып жатқан тосын жайларын 
жазушының суретті тілімен әдемі баяндап берді. Митя ағайдың ерекше 
мақтаныш әсерімен айтқан бір әңгімесі мынау еді.
– Кезекті бір кездесуде бізді шағын концерт залына апарды. Кезде
-
суден соң өзіміздің Абай атындаты Опера және балет театрының жас 
бишілері Марат Мунтин мен Зарема Қастеева өнер көрсетуі керек еді. Ал 
сахна кіп-кішкентай, ол аз дегендей электронды музыка аспабының бірне
-
ше сандықтары тұр. Еркін үйіріліп билеу былай тұрсын, дұрыстап айнала 
алмайсың. Сондағы басқарып жүрген адамнан «Сахнаны босатуға болмай 
ма?» – деп сұрағанымызда «Қожайын рұқсат етпейді», – деді. Біз бишілер
-
ге билемей-ақ қойыңдар дегенді айттық. Өйткені босқа күлкі болып қала 
ма деп қауіптеніп едік. Марат пен Зарема өзара сыбырласып, одан музы
-
канттармен әлденені сөйлесіп алды да, билейміз деген шешімге келді. Шы
-
нымды айтсам, қорқып отырдым. Жалғыз мен емес, біздің адамдардың бәрі 
солардың тілеуін тілегендей бір халде еді. Ой, Бауыржан, не болды десейші! 


251
Бағдарламада жоқ «Балбырауын» күйі басталғанда қазақтың сәнді тігілген 
ұлттық киімін төгілте киген екі жас сахнаға ұшып шыққандай болды. Ах, 
қалай биледі! Сахна үстінде ешқандай кедергі жоқтай, соншама жеңіл, сон
-
шама сұлу қозғалыстармен бұралғанда бір сәт өзімнің бөтен елде екенімді 
ұмытып, Алматыда отырғандай сезіндім. Көрушілер қайта-қайта қол соғып 
сахнаға шығарып, қошемет көрсетіп шулады да кетті. Біздің мәртебеміз 
артып, мақтаныштан төбеміз көкке жеткендей болдық. Міне, осы екі жас 
туралы үлкен очерк жазбақшымын,– деп Митя ағай атама қарағанда, атам 
тура концерт көріп отырғандай алақанын сартылдатып соғып-соғып жібер
-
ді. Сөйтті де:
– Молодцы! Бұл сияқты өнерлі перзенттер үшін очерк тұрмақ, кітап жаз
-
са да жарасады. Елінің туын биік ұстады деген осы. Елдің атын шығаратын 
да осындай талантты жастарымыз,– деп атам аса риза болды.
Сағат бесте келген Митя ағай түнгі он бірде кетуге жиналды. Бәріміз 
өре тұрып шығарып салдық. Ол кісі есіктен шықпас бұрын:
– Джан, біздің үйге де келіңіз, жат емеспіз ғой, ал палау керемет дәмді 
болды, рақмет! – деді.
Жанекең өзбекшелеп қолын кеудесіне қойып:
– Сізге де рақмет, сізге де рақмет, Дмитрий Федорович, – дегенде атам 
қарқылдап күліп жіберді.
– Әй, Джанеке-ай, баяғы әдетіңізден бір танбайсыз-ау. 1941 жылы май
-
данда жүргенде Панфилов келіп, сонда Джан ол кісі кеткенше палау жасап 
жіберіпті. Иван Васильевич аса ұнатып, сүйсініп отырып жеді. Содан ке
-
тер кезде палауды мақтап рақмет айтқанда Жанекең өзінің солдат екенін, 
генералдың алдында тұрғанын ұмытып, қолын қазіргідей кеудесіне қойып: 
«Келіп тұрыңыз, келіп тұрыңыз, қадірлі мейманға төріміз дайын», – деп 
иілген болатын,– деп сөзін бітіргенде, бәріміз ду күлдік.
Ұйықтайтын мезгіл болғанда атам:
– Балам, Джанға төсекті менің қасыма салғын, әңгімелесіп жатамыз,– 
деді.
Мен бұл әдетін де білемін, Жанекең алғаш рет үйге қонғанда, үлкен 
бөлмедегі жұмсақ диванға салған төсекті атам құптамай, көрпе-жастықты 
өзінің бөлмесіне тасып, мені ұялтқаны бар. Содан кейін Жанекеңе әдейі жай
-
ма төсек алып қойып, кейін келгенінде жая қоятын болдым. Сол түні атам
-


252
дар ұйықтамады. Өзім де ерекше бір желпінген сезім аясында біразға дейін 
көз ілмей, ойға баттым. Осы қарайып отырған қарапайым ғана қариясы бар 
үйдің от басында өзгеше бір жылуы, береке құты болады. Ал менің атам... 
Мен Алатаудай шоқтығы биік асыл атамның көлеңкесінде талай қадірлі 
қарттарды көріп, қолымнан дәм татқызу құрметіне ие болған бақытты келін 
екенмін.
***
Бір кезде телестудияда істеп жүргенімде, литва халқының ұлы сурет
-
шісі, әрі классикалық музыкасының негізін қалаушы композиторы Микало
-
юс Константинас Чюрленис туралы бір хабар жасап едім. Сонда суретшінің 
«Достық» деп аталатын символикалық суреті маған ерекше әсер қалдырған 
болатын. Суретте бір адам от түстес нәзік шарды өте абайлап алға қарай 
ұмсынып біреуге ұсынып жатқандай немесе әлгінде ғана біреуден қабылдап 
алғандай сезілді. Ол демін ішіне тартып, қаттырақ тыныстауға да қорқатын 
секілді. Қолындағы сәулелі шарды жерге түсіріп алмайын дегендей, ая
-
лап ұстап тұр. Ол адам алақанындағы нәзік достықтың жылуынан бақыт 
құшағына бөленген бір керемет кейіпте бейнеленген еді. Сурет мағынасын 
мен осылай түсініп едім. Кейін Чюрленис туралы толығырақ білгім келіп, 
Каунас қаласындағы «Чюрленис музейіне» хат жазғанмын. Бүгін музейдің 
аға консультанты Бригита Тамошюнайте деген кісіден хат алып, әрі Чюрле
-
нис суреттерінің көлемді альбомына ие болып, мәз болдым да қалдым. Сонау 
Литва жерінен келген сәлемдемемді көрсетіп, мақтанбақшы болып атамның 
қасына кірдім. Өте сәнді жасалған альбомды құшақтап тұрғанымды көрген 
атам:
– Балам, бұл не?– деді. Не екенін өзі көрсін деп мен альбомды атама 
ұсындым. Атам алдымен оның сыртын жақсылап көріп, содан кейін ішін 
ақтара бастады. Қарауына бөгет болмай шығып кеттім. Бір кезде өзі дауыс
-
тап шақырғанда ғана бардым. 
– Балам, мен сурет өнерін бір шама түсінетін адаммын, содан кейін 
дәлдікті, нақтылықты ұнатамын. Мынаның көбі абстракциялы екен, мар
-
дымды ештеңе ұқпадым, – деп, альбомды қайтып берді. Көңілім бір түрлі 
болып қалды, алайда білгенімді, түсінгенімді айтып берейін деп бұрыннан 


253
таныс «Достық» суретін тауып алып, соны өзімнің қалай талдағанымды 
баяндай бастадым. Атам мені бөлмей зейін қоя тыңдады. Мен сөзімді бітір
-
генде:
– Бұл – достық туралы сенің түсінігің. Қиындықта сыналған, от пен 
суға түсіп шыңдалған берік достық емес мынауың. Меніңше, аялауды, 
сүйеуді қажет ететін жаңа басталған жас достық. Мына үлбіреген нәзік шар 
салмақты құрышқа айналуы керек, оған дейін талай су құмға сіңеді, – деп 
атам өз пікірін айтып үндемей қалды да: – Бір кесе көже әкелші, – деді.
Атам мен әкеліп берген көжені ішіп, мұртын орамалымен асықпай 
сүртіп отырып:
– Балам, көже ашытуды әжептәуір үйреніпсің, бүгінгің Балақыз 
жеңешемнің көжесінің қолына су құйып беруге жарайды, – деп мені 
«мақтағанда» еріксіз жымидым... – Балақыз жеңешемнің кім екенін білесің 
бе? – деді.
– Білемін, Құрманбек атаның апасы, бірақ мен ол кісіні көргем жоқ, –
дедім.
Атам әлдебір нәрсе есіне түскендей, әлгінде мұртын сүрткен орамалды 
умаждап сәл отырды.
– Күні бүгінге дейін бір жағдайға таңданам, – деп басын шайқап қойды.– 
Баяғыда, мен Жуалыда Райкомда істеп жүргенде, Еркінбектің үйінде 
тұрдым. Еркінбек Құрманбек екеумізден екі-үш жас үлкен болатын. Бірақ 
біздің сырлас, қимас дос болуымызға оның әсері тиген емес. Кеудемізді ар
-
ман мен тілек кернеген жас кезіміз, басымыз біріксе-ақ, алдағы күнімізді ар
-
мандап, жорамал жасаймыз. Сонда Құрманбек «мен журналист боламын» 
дейді. Мен «әскери адам боламын» деймін. Еркінбек екеумізге қарап күліп 
қойып: «Ниеттеріңе жетіңдер, армандарың алдарыңнан шықсын, екеуің 
сыртта жүргенде біреуіміздің ауылда қалғанымыз жөн. Сондықтан мен 
осында қалып ауылдың белсендісі болайын», – дейтін. Осы айтқандарымыз 
айнымай келді. Еркінбек марқұм өмірінің соңына дейін Жуалы ауданында 
партия, кеңес қызметінде болып, адал тер төкті. Құрманбек болса белгілі 
журналист, жақсы аудармашылығымен танылды. Өзің білесің, Александр 
Бектің «Арпалысын» ойдағыдай аударып, қазақ оқырманына жеткіз
-
ді. Үшеуіміздің достығымыз ертеден басталып, талай асудан асты. Біздің 
достығымыздың берік ұйытқысы Құрманбектің әкесі Сағындық жәкем еді. 


254
Еркінбек екеумізді туған баласынан артық көрмесе, кем санаған емес. Ой-
хой! Сағындық жәкем атақты аңшы, сері кісі еді, – деп, атам темекісіне қол 
созды.
– Ата, Бақытжан өзінің «Соңғы айқас», «Кездік» дейтін әңгімелерін 
жазғанда, сол кісіні көз алдыма елестетіп отырып жаздым дейді, – дедім 
мен ойыма түсе қалған нәрсені жасыра алмай.
– Бақыт ол кезде кішкентай еді ғой? Бірақ адамның бала кезінде 
көргендері ұмытылмай, есте ерекше сақталатын болады. Бәсе, бүркітті 
хайуанаттар паркінен көрген, аңшыны кинодан ғана білетін бұның сол 
әңгімелерінің әжептәуір шынайылығына іштей таңданып едім. Сағындық 
жәкемді күні бүгінге дейін ұмытпай есіне сақтай білгені мені кәдімгідей 
қуантып отыр. Ал Балақыз әжесін, әрине, жақсы біледі. Бақытжан ол 
үйге – Құрманбектердікіне кетсе, айлап жүретін. Ал Кеңес біздің үйге кел
-
се, артынан ешкім іздемейтін. Жаз шыға Еркінбектің үйіне қарай «Тельман 
қайдасың?» деп, екеуі ауылға кететін. Үшеуінің басы біріккен соң ойынның 
түбі түсті дей бер. «Асық», «ләңгі» деген көз үйренген ойындар, ал бұлар 
қошқарды тұлпар ғып мініп, бүкіл ауылдың қыз-келіншегіне күлкі болған, – 
деді. 
– Мен осы тұста бұл күнде салауатты азаматтармыз деп әлдеқандай бо
-
лып жүрген жігіттердің қошқар мініп, «құйындатып» келе жатқанын көз 
алдыма елестетіп, күлкім келді.
– Балақыз жеңешем Еркінбектің үйіндегі Айбарша апаңа, өзінің туған 
келіні Сараға, біздің Жәмкеге жақсы ененің үлгісін көрсетіп, үшеуін тату 
абысын етті. Үш үйдің балаларына ортақ әже бола білді. Жарықтық қызық 
кісі еді. – Атам аяқ астынан қарқылдап күліп жіберді де, күле отырып 
сөзін қайта жалғастырды. – Бір күні Балақыз жеңешем, мен, Құрманбек, 
Сара, Жәмке бесеуміз қонақтан қайтып келе жаттық. Ол кезде Алматы
-
да қазіргідей қаптаған машина жоқ, көше бойлап жүріп келеміз. Бір кез
-
де артымыздан «беп, беп» деп, машина белгі берді, біз шетке ығыстық. 
Жеңешем машинаның алдына түсіп алып безіп барады. Шофер қызық көрді 
ме, не озып кетпей, не бұрылмай әудем жерге дейін жеңешемнің соңынан 
ілесіп отырғаны! Жеңешем қарап-қарап қойып жүгіреді, машина көшенің 
бұрылысына жеткенде, басқа бағытпен кетті.
– Ойбай-ау, машина даусын естігеннен кейін жол шетіне шықпай, 


255
алдыға түсіп зытқаныңыз не? Басып кетсе қайтесіз? – дейміз. Сөйтсек: «Әй, 
ол қараңғалғыр мені қуып жетеді дейсің бе?» – дейді. Тіпті менсініп тұрған 
жоқ. – Атам қайтадан күлді, мен де қосыла күлдім.
...Иә, атамдардың достығы – ұзақ жылдарға созылып, адалдығынан 
таймаған достық. Әке жолын қуған, әкелер ұйтқы болған берік достықты 
балалары Кеңес, Тельман, Бақытжан жалғастырып келеді.
Біздер – үш үлкен келіні – Еркінбек атамның келіні Мейіржан, 
Құрманбек атаның келіні Ізтілеу, мен үшеуіміз енелеріміздің қиыспас 
достығын, солардың өнегелі жолын берік ұстауға тырысамыз. Енді 
біздің балаларымыз бірін-бірі туған бауырындай көріп, кездеспей қалса 
сағынысады. Аталар салған достық жылуы үшінші ұрпақтан төртіншіге 
қадам басты. Тельманның алғашқы сүйген немересі, Мақсұт баламыздың 
тұңғышы, бәріміздің ортақ немереміз секілді. Біз оны ескерткіш баладай 
көреміз. Өйткені атам қайтыс болып, бүгін-ертең қырқын береміз деп 
отырғанымызда ауыр мұңды серпілткендей, өмірді жалғастырушыдай бо
-
лып дүниеге келіп еді. Осы бір қылығы тәтті, балпиған сәбидің атын мен 
атай алмай «аташка» деп жүрмін. Тельман немересін үлкен атасының аты
-
мен – менің атамның есімімен атады.
Чюрленистің «Достық» суретінің терең мағынасын, шын достықтың 
құдіретінің қандай болатынын бұл күнде білемін деп айта аламын.
***
1982 жылы қыркүйекте М. Горький атындағы Академиялық Мәскеу 
көркем театры (МХАТ) Алматыда өзінің гастролін бастады. Аты әйгілі 
мұндай театрдың өнерін тамашалау мүмкіндігі жылда бола бермей
-
ді. Сондықтан ба олардың келетін хабары алдын ала дүмпілдеп, астана 
жұртшылығын қатты елеңдетті. Бақытжан екеуміз әдетте дүбірге қыза 
қоятын сауықшыл емеспіз, бірақ МХАТ-тың репертуарында Александр 
Бектің «Волоколам тас жолы» бар екенін білгенде, біз де елегізи күттік. Бұл 
спектакльді театр Мәскеу түбіндегі шайқастың 40 жылдығына арнап қойып, 
көрермендердің жақсы ықыласына ие болғанын орталық газет беттерінен 
оқып, радио хабарларынан естіген едік. Енді күні кеше ғана арамыздан кет
-
кен, әлі топырағы кеппеген әкеміздің образымен кездесу біз үшін жеңіл бол
-
майтынын білдік. Алайда бармай тағы отыра алмадық. 


256
Театрдың іші-сырты қаптаған адам. Қолында билеті барлардың өңі 
жайдары, батыл адымдайды, құралақан қалғандар «Артық билет бар ма?» 
деп, елдің алдын орап зыр жүгіріп жүр. Ержанымызды ортаға ала біз де 
кірдік. Жайлы орынға жайғасып отырғанмен, табанымның астында шоқ 
жатқандай тыпыршыдым. Не де болса тезірек басталса деген дегбірсіздік
-
тен жүрегім дүрс-дүрс соғады. Бақытжан мен Ержан үн қатпай тұнжырап 
отыр, бұлардың да халі мәз емес көрінді.
Ақыры спектакль басталды. Сахна емес, ұрыс даласы дерсің. Жарылған 
бомбаның гүрсілдеген даусы, қып-қызыл от, будақтаған түтін. Міне, біз 
тағатсыздана күткен «атамыз» да көрінді. Сырт пішіні жағынан ұқсауы 
мүмкін емес екенін онсыз да біліп барғанбыз, бірақ өзіміздің фамилия
-
мыз аталғанда көзімізден жас ыршып кетті. Папасы екеуміздің арамызда 
отырған Ержан дір етіп, әкесіне қарай жақындай түсті. Мен бірінші бөлімнің 
қалай біткенін аңғармадым, бір үнмен, бір қозғалыспен басталып, сонымен 
аяқталғандай сезілді.
Үзіліс кезінде біреулер келіп бізді құттықтап, біреулер «ұқсамайды» 
екен деп, енді біреулер «кітапта жоқты қосыпты» дегенді айтып жатты. Өзім 
сол сөздердің ешқайсысына мән бермедім, жауап қатып сөйлеуге құлқым да 
болмады. Өйткені мені баурап әкеткен, кеудемді кернеген сезім толқыны 
басқаша болатын. МХАТ-тың сахна тарихында қазақтың ширатылған шы
-
мыр образының тұңғыш көрінуі және оның біздің әкеміз екені тек балалары 
үшін емес, бүкіл халқымыз үшін мерейлі мақтаныш, зор қуаныш еді. «Неге 
сұрың ұқсамайды» демей, «Ортақ Отанымызды өзгемен бірге қорғаған ер 
қазақтың ерекшелігін көрсетіп, биік рухын таныта білгеніңе рақмет!» де
-
уіміз керек еді.
Спектакльдің соңынан барлық артистер көрермендердің алдына шықты, 
сонда залдан сахнаға Ержан көтерілді. Атасының рөлін ойнаған Борис Ва
-
сильевич Щербаковқа гүл ұсынып құттықтағанда, ол сұңғақ бойын иіп, 
баланың бетінен сүйді. Жұрт артистерге өздерінің ризашылығын білдіріп, 
үздіксіз қол соғып, қошеметке бөледі. Біз елмен бірге тарамай, сахнаның 
арт жағына бардық. Спектакльді қоюшы режиссер – РСФСР-дің еңбек 
сіңірген артисі, белгілі киноактер Всеволод Николаевич Шиловский кім 
екенімізді білгенде өте қуанып, әрі абыржып, «келгендеріңізге рақмет» де
-
генді қайталай берді, қайталай берді. Содан ол бізді Щербаковтың киінетін 


257
бөлмесіне ертіп апарды, «атамыз» үстіндегі әскери киімін әлі шешпеген күйі 
диванда екі шекесін ұстап отыр екен. Бақытжан Бористі құшақтап рақмет 
айтқанда, өзі рөлін ойнаған адамның ұрпақтарының пейіліне разы көңілден 
көзінен жас мөлтілдей жөнелді. Бұл енді бір айтуға сөз табылмайтын жан 
тербелген сәттер еді.
Бақытжан ертесіне Шиловскийге телефон соғып, үйімізден дәм татула
-
рын өтінді. Ол біздің шақыруымызды қуана қабылдайтынын, бірақ алды
-
мен атамның қабірінің басына гүл қоймақшы екендіктерін айтып, өздерімен 
бірге біздің де баруымызды сұрады.
Спектакльге қатысушы барлық артистер үлкен бір автобус, бірнеше 
жеңіл машинамен зират басына келдік.
– Папа! – деді Бақытжан дірілдеген баяу үнмен. – Өзің қорғаған 
Мәскеуден саған бас июге балаларың келіп тұр, – деп, Бақытжан осы сөздерді 
қазақша айтты. Мәскеуліктер оның не дегенін анық ұқпағанмен, мұндай 
жерде тек шын пейілден шымырлап адал лебіз шығатынын жүректерімен 
түсініп, барлығы бастарын иіп, атама тағзым етті.
Сол күннің ертесіне жиырмадан аса адам біздің үйге келді. Әншейінде 
тек кинодан көретін өнер шеберлері атамның ұрпағы бар шаңыраққа кеше
-
гідей бас иіп құрмет көрсетті.
Қонағын төбесіне көтеріп сыйлайтын халқымыздың салт-дәстүрімен 
Мәскеуліктерді шама жеткенше жақсы күтіп алдық. Қонақтар жалғыз біз
-
ге емес, бәрімізге ортақ болғандықтан, атамның менен басқа келіндері –
Ізітелеу мен Мейіржан да тікелерінен тік жүріп қызмет етті. Актерлер ұзақ 
отырды, әңгіменің небір сүбелісі айтылды. Барша сөз атамнан басталып, 
атаммен қорытындыланып жатты. Олардың бір қайран қала таңданғанда-
ры – атам пайдаланған бұйымдардың қарапайымдылығы еді. Қазір Ержан 
иемденген атамның кабинетінде көп кідіріп, әрбір затты аялай сипап көрді. 
Білгісі келген көптеген деректерді үздіксіз сұрап, аузымыздан шыққанды 
қызыға тыңдады.
Генерал Панфиловтың рөлін ойнаған атақты Георгий Бурков:
– Егер жалтыраған соңғы модалы заттарды көрсетсеңіздер, өз басым 
соны Момышұлы ұстады дегенге сенбес едім. Ал бізге ол кісінің қолының 
тері сіңген мына бояусыз ағаш үстелі бәрінен қымбат, – деді. Режис-
сер Всеволод Шиловский:


258
– Спектакльді сахнаға дайындап жүргенімде Мәскеу көшелерінің бір 
бұрышынан Бауыржан аға ұшыраса кетіп, «Смирно!» деп команда беретін
-
дей алаңдайтынмын, – дейді.
Борис Щербаков:
– Всеволод Николаевич маған осы рөлді ұсынғанда, қорыққанымнан 
бетімді алақаныммен жауып, орындыққа отыра кеттім. Біразға дейін келісім 
бермей, жүрексініп қашқақтадым. Бір жағынан аңыз адамды сахнаға шығара 
аламын ба деп күмәндансам, бір жағынан мұндай құрметке ие болу екінің
бірінің пешенесіне жазылмаған.
Сондықтан «давай Борис, бойыңдағы бар күшіңді жұмса» деп, өзімді-
өзім қайраттандырдым. Екінші қорыққаным – Алматыға келгенде. Басқа 
жақта бір бөлек те, туған жерінде көрсету қиын екен. Өйткені ол кісінің 
бүкіл болмысы, жаратылысы халқының жүрегінде тұр. Күні кеше бірге 
жүрген, жүзін көріп, сөзін естіген адамдар қалай қабылдайды, не айтар 
екен деген ойлар маза бермеді. Алматыда алғаш рет осы рөлмен сахнаға 
шыққалы тұрғанымда артистердің біреуі келіп, «Залда баласы мен немересі 
отыр екен», – дегенде тізем дірілдеп, тағы да орындыққа сылқ түстім, – деп, 
Борис бәрімізді күлдірді.
Қонақтар Алматыға бейтаныс болып келгенмен, бауырдай болып ат
-
танды. Біз кейін отбасымызбен Мәскеуге барғанда олар бізді құшақ жая 
қарсы алды. Әдейі келген шаруамыздан сәл босасақ болды, бірінен кейін 
бірі ала жөнеледі. Шиловский мен Щербаков екеуінің үйінде де атамның 
суреті ілулі тұр. Алматыдан мың-мың шақырым жердегі кісілердің төрінен 
атамның бейнесін көру бізге қаншалық әсер еткенін сөзбен айтып жеткі
-
зу қиын. Мәскеуге барған сайын сол суреттерді көргенде толқымай қалған 
емеспіз.
«Волоколам тас жолын» Москвада МХАТ-тың өз сахнасында да көрдік. 
Атамды танымайтын басқа жақтарда қалай қабылдайтынын білгіміз кел
-
ді. Залда бірде-бір бос орын болмады, жұрттың ынтасы керемет. Спектакль 
жүріп жатқанның өзінде екі-үш жерінде ду қол соғылды. Үзілісте театрдың 
фойесін аралап жүріп «колоритті бейне», «ғажап образ» деген секілді 
сөздерді естідік.
Сонда менің есіме бір нәрсе түсе кетті. Ұлы Жеңістің 40 жылдығын 
тойлаудың қарсаңында осы спектакльді телеспектакльге айналдырып Бүкіл 


259
одақтық теледидар программасы күллі Совет халқына көрсетті. Орталық 
газеттер жақсы атап жазғанда өзімізде талайлар мұрнын шүйіріп, жаратпа
-
ды. Сонда бір жігіт үйге келіп еденді теуіп:
– Бет пішіні ұқсамайтын адам ағамыздың рөлін неге ойнайды? Бұл не, 
келеке ме? Батыл-батыл айтып тоқтатып тастамай, сіздер ай қарап отырсыз
-
дар ма? – деп зіркілдегенде алғашында аузым аңқиып сөз таппай қалдым. Та
-
нымайтын біреу үйіңе кіріп келіп, баса-көктеп әкіреңдесе, бірден жинақтала 
қоюың оңай емес екен.
«Сіз» десе де сөздері сүйектен өтіп, өзім де ұшқындай жаздадым. 
Бақытжан үйде жоқ еді, бұл жігітке жауап беру үлесі маған қалғасын дауыс 
көтермей байсалды сөйлеуге тура келді.
– Шырағым, тепсінбе, – дедім. – Әрине, ата бәрімізге ортақ, сондықтан 
өз көңіліңнің тілегін айтып жатқан боларсың. Алайда кішкене тереңірек 
бойлау керек. Сонау астананың үлкен театры әкемізді қадірлеп, қастерлеп, 
бар мүмкіндіктерін сарқа пайдаланып, сахнаға жарқыратып шығарған 
жоқ па? Шындап келгенде, бұл жалғыз кісінің ғана образы емес, барлық 
қазақ жауынгерлерінің, қысылтаяңда қаймықпаған қаһарман азаматтардың 
жиынтық образын атам арқылы көрсеткен деуге де болады. Бірде-бір те
-
атр «Волоколам тас жолын» қолға алмай тұрғанда, МХАТ өзгелерге үлгі 
көрсетті. Қай кезде болмасын алғаш жол салушыға қиын, кейінгілер соған 
қарап бағыт алып, бет түзейді. «Жаман мұрын иісшіл» дегендей спектакль
-
дегі майда-шүйденің бәрін тізіп, соны далита түсу жараспас. Біздің театр 
ұжымына тек рақметтен басқа айтарымыз жоқ, – дедім.
Бірақ ол жігіт мені түсінбеді. «Сізбен сөйлесуге болмайды екен», – деп 
кетіп қалды.
Асылыңды алдымен өзгелер бағалап, қасиетін одан әрі асырып аспан
-
датып жатқанда кең пейілімен қуана білгенге не жетсін!
...Біздің МХАТ-пен достығымыз бекімесе, босаған жоқ. Көзден тайса, 
көңілден кететін жай таныстық емес. Бұл – атамның өзінен кейін де жатты 
туыс етіп, алысты жақындататын құдіретінің шарапаты тиген үлкен достық. 
Сондықтан жалғаса береді, жаңара береді деген сенімдемін.


260
***
Қаңтардың қарлы боранды алай-түлей күні. Түнде басталған ақ түтек 
түс ауа сәл саябырлағандай болды. Боран басылғанымен, жапалақ-жапалақ 
жауған қардан жер әлем аппақ болып, қарсыдағы үйдің төбесі көзге зорға 
шалынады. Жайшылықта зырылдап жататын машиналардың мықшыңдаған 
ауыр жүрісінен бе, қала көшесінің тынымсыз тіршілігі бәсеңсіп қалған 
секілді көрінеді маған.
Бақытжанның бөлмесінен музыка үні естіледі. Ол бүгін Бетховеннің 
5-симфониясын, 23-сонатасын кезек-кезек үздіксіз қойып тыңдап жатыр. 
Ерсілі-қарсылы жауған қар, ұйтқып соққан боран мен ұлы композитордың 
осы құдіретті шығармаларының арасынан бір ұқсастық әуен тапқан 
сияқты.
Кешке жақын күндегі әдетімізбен атамның қасында отырып, біраз 
әңгімелесуге бөлмесіне кірдік. Біз келгенде атам шалқасынан жатыр екен, 
көзі төбедегі бір нүктеге қадалған. Темекісі аузында, бірақ оты да, түтіні де 
көрінбейді, әлдеқашан сөнген болу керек.
– Ә-ә, келіңдер, – деді қозғалмаған күйі.
Ауыр ойдың тұңғиығына сүңгіп, талай жерді шарлап, шалдырып 
қайтқаны мұңлы көзінен, шаршаңқы баяу үнінен анық сезіліп тұр. Бақытжан 
атамның бұл күйін байқамады ма, әлде әдейі ойын бөлгісі келді ме, әкесіне 
жақындап келіп:
– Тү-у, папа-ай, үстіңнің бәрін былғапсың ғой, – деді.
– Нені айтасың?– деді атам баласына қарап.
– Кеудеңнің бәрі, тіпті мұртыңа дейін темекінің күлі, – деп, Бақытжан 
қалтасынан қолорамалын алып, әкесінің кеудесіндегі, мұртындағы күлді 
желпи түсіріп, сүртіп жатты. Атам баласының ыңғайына көніп, қозғалмай 
үнсіз қалды. Тек біз жайғасып отырғаннан кейін бері қарай аударылып ке
-
удесін көтеріңкіреп, жастықты шынтағының астына жылжытты. Бір тал те
-
мекіні алып, асықпай тұтатып, будақтата бастады. Біз сөзді неден бастары
-
мызды білмедік, атамды күткен сыңаймен әр қозғалысына қарап отырмыз.
– Күл былғаныш болмайды, – деді бір уақытта баласына тік қарап. – 
Ақырына дейін жанғанда күл қалады. Лаулай алмай бықсып түтіндегенде, 
көмір күйе қалады. Шала жанған заттың ауыр иісі болады, күлдің иісі таза, 


261
әрі мұңды. Мен тұнық ауаның өзінен күлдің иісін сезінемін, шайдай ашық 
күні көзіме күлден кіреуке тұман көрінеді. Неге? Жалын құшқан қалалар, 
жер бетінен бір жола жойылып, өртенген деревнялар мен ойран болған се
-
лолар, крематориялардың ажал пештерінде өртенгендердің күл тозаңы әлі 
күнге әлемді шарлап жүр. Өзін ешқашан ұмыттырмайды, оқтын-оқтын 
көзіңе түсіп, жанарыңнан жас парлатады. Ауамен бірге денеңе кіріп, қан 
тамырларыңды қуалай барып жүрегіңе инедей қадалады. «А пеплу ведь 
тоже больно век над землей скитаться. А пеплу ведь тоже страшно вечно в 
сердца стучаться. Люди, не позабудьте!»
1
... Егер күл екеш күлге осыншама 
қорқынышты азап болса, тірі адамға қаншалық қасірет десеңізші!
Менің көңілім босап кетті. Атамның мына әңгімесі, өзім білмейтін 
ақынның өлеңінен келтірген үзінді төбе құйқамды шымырлатып, арқамды 
аяз қарығандай денем түршікті. Бақытжанның да тырс деп сөйлеуге шама
-
сы жоқ, толқыған бір халде. Мен басымды көтеріп, атам жаққа қарадым. 
Атамның бурыл шашы мен қырау басқан мұртының таза күлмен бір түстес 
екенін енді аңғарғандай көз ала алмадым. Елім деп еңіреп, қанды жалын от 
кешіп, түтіндемей, соңына дейін алаулай жанып, күл түске енген ардақты 
атам-ай! Абзал жүрегі күніне сан рет жараланып, азап шегіп, қасірет тар
-
тады екен ғой. Мына бүгінгі боранда, сонау Мәскеу түбіндегі, аспанның 
астан-кестені шығып, өлім мен өмір белдескен қауіпті де қаһарлы жорықты 
басынан қайта кешірді ме екен?..
Бізге соғыстың сұрапылы туралы әңгіме айтпайтын, жайшылықта бұл 
тақырыпқа әдейі жоламайтын сияқты еді. Бейбіт тірлік, ел қызығы, Отан 
бақыты, Ержандардың шат күлкісі ауыр күндерді ұмыттырғандай сезілуші 
еді. Қателескен екенмін, түсінде шынжыр табан, кресті ажал танкілері ез
-
гілеп, талай шошып оянатынына енді күмәнім жоқ. Мен, басынан-ақ, ата
алдында адал қызмет етуге жанымды салатынмын. Осы күннен кейін 
«япырмай, иығындағы ауырлықты бөлісе көтеріссек-ау, қабырғамыз 
қайысты демес едік» деген ой кештім. Амал қанша, ойлағаның орындала 
бере ме, атам ешкімге салмағын салмайтын, нар көтермес батпан жүкті бір 
өзі арқалап жүре беретін. Атам телегей тасқын еді, арнаға бұруға көнбейтін. 
Асу бермес заңғарлығы өзгенің бойынан табылмас, тек атама тән жалқы 
жаратылыс еді.
1
Элида Дубровинаның «Көгілдір орман» атты өлеңдер жинағындағы «Күл» деген өлеңінен.


262
Алдағы өмірдің қалай боларын уақыт көрсетер, ал осы күнге дейін
-
гі өткен өмірімнің ішіндегі ең мәнді, мазмұнды болған кезеңі – атамның 
алдындағы аз жылғы титімдей еңбегім еді. Бір күнгідей болмады, аққан 
жұлдыздай жарқ етіп қас қағым мерзімде өте шықты. Сіңірер еңбегім, төгер 
терім көп еді, келіндік міндетім де мол еді. Бірақ менің қолыма қарап тұрған 
дүние шамалы екен. Жаратылыстың жаңылмас заңдылығы өз дегенін жасап, 
жүрегіміз қарс айырылып, атасыз қалдық. Алайда мен атамның келінімін. 
Ендігі жерде атамның атын, рухын қастерлеп өтем, немересін адал азамат 
етіп өсіруге өмірімді арнаймын. Қасиетті халқымның, туған елімнің аяулы 
қарттарының алдында басымды иіп, келіндік борышымды жалғастыра бе
-
ремін.
1986 жыл.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет