Тәйімбет Көмекбаев
Қармақшы ауданындағы есімі елге белгілі, ардақты да, атақты ер азаматтар аз болмаған. Олардың арасында Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаевтың есімін ерекше құрметпен атаймыз. Өйткені, ол 1941 – 1945 жылдары Ұлы Отан соғысында қан майданда от кешіп, Отан үшін кеудесін оққа тосқан. Соғыста ерекше ерлігімен, жаужүрек батырлығымен көзге түсіп халық батыры атанды. Сондықтан оның жауынгерлік өмір жолы жерлестерінің,ізбасар ұрпақтарының мәңгі жадында.
Тәйімбет Көмекбаев – 1896 жылы Қызылорда облысының, Қармақшы ауданындағы №10 ауылда туған. Ұлты қазақ, КПСС мүшесі. 1944 жылы октябрьде ол Отанды қорғаушылар қатарына қосылды.
128 Псков атқыштар дивизиясының 533 атқыштар полкінің 5 атқыштар ротасының бөлімше командирі кіші сержант Көмекбаевқа 1945 жылы 10 апрельде Совет Одағының Батыры атағы берілді. Тәйімбет Көмекбаев соғыстың басынан аяғына дейін барлаушылар бөлімшесін басқарды. Бұрынғы жылқышы бір көрген жерін есте сақтай алатын, жыртқыш құстың әдет қылығын білетін, ол қырандай қырағы еді. Тәжірибелі солдат ол атқыштар қару жарағының қай түрін болса да жақсы білетін. Ұрыста епті де, батыл еді.
1943 жылдың басында Т.Көмекбаев өзінің жерлестері Сарыбае пен Жарқынбаев үшеуі фашист әскерлерінің штатына шабуыл жасады. Олар дивизия штабына кенеттен шабуыл жасады. Олар дивизия штабына олжа ретінде 12 солдат, екі офицер алып келді. Совет жауынгерлерінің кенеттен пайда болуы жау жағын састырды. Жаудың 37 солдаты мен офицері біздің барлаушыларға ұрыссыз берілді. Т.Көмекбаев 1945 жылғы қысқы шабуыл ұрыстары кезінде ерлік пен батылдық көрсетті. Ол бірінші болып Глейвиц қаласына кірді. Колховица қаласына шабуыл жасаған кезде жаудың атыс ұясын талқандады. 1945 жылы февральда Көмекбаев Ордерден алғашқы өткендердің қатарында болып өзінің оң жағалауындағы Эйхиринд елді пунктінің маңындағы плацдарды ұстап тұрды. Ұрыста ол жаудың 5 қарсы атакасына тойтарыс берді. Түнде ержүрек жауынгер шабуыл жасаушы топты бастады. Бригқаласының кіре берісінде жаудың станокты пулеметінің расчетын жасайды. Көмекбаев қала үшін болған ұрыста 60 фашист басқыншысын жайратып, 12 адамды қарусыздандырды да тұтқынға алды. 1945 жылғы 8 февральда Ванзен қала үшін болған ұрыста жаудың 7 қарсы атқышына тойтарыс берді. Совет жауынгерлері өздерінің алдын ала орналасқан позициясын қорғап, 1 қадам да шегінбеді.
Совет Одағының Батыры Т.Көмекбаев 1 – Украин майданы өкілдерінің құрамына Москвада болған Жеңіс парадына қатысты.
Майданнан қайтып оралғаннан кейін Тәйімбет Көмекбаев соғыс жылдарында әбден әлсіреген халық шаруашылығын қалпына келтіруге батырға тән белсенділікпен қызу араласып кетті. Сөйтіп алғашқы жылдары ауданымыздың бірқатар ұжымшарларын басқарып, кейін ауылдық кеңестің төрағасы болып ұзақ жылдар жемісті еңбек етті. Халық шаруашылығының қандай саласында жүрсе де Тәкең өзінің батырлық күш – жігерін аямай жұмсап, ел байлығын арттыруға, алда тұрған жауапты міндеттерді шешуге аянбай атсалысты.
Тәйімбеттің ерлігі туралы жыр
Шақылдап снарядтар, аспан шулап,
Бомбалар борап қардай будақ- будақ.
Жыртылып жер қыртысы қопарылып,
Долданып, тас – топырақ жатты тулап.
Түн іші. Орман, дала тұрған мүлгіп ...
Жасқанбай Тәйімбеттер алға жылжып.
Жүз қадам жау шебіне жақындады,
Жамылған жендеттерге түннен түндік.
Қасында екі кісі Көмекбаев,
Үшеуі жатты қатар қанат жайып.
Таң алды, сағат төрттің шамасында,
Болды айқас боп көрмеген бір ғажайып.
Тәйімбет пулеметке лентаны іліп,
Салмаққа салып күшін жауға бүлік.
Тартқанда күшті бармақ тырнақшаны,
Пулемет бұрқырады сақ-сақ күліп.
Шалғымен қирады жау шалған шөптей,
Топырлап домалады тоң тезектей.
Басылып шаң – тозаңы жаужағының,
Көрінбей көпке дейін қыбыр етпей.
Көтеріп келе жатты таң пердесін,
Сескенбей жатты төсеп оққа төсін.
Айналып артын дұшпан қалған екен,
Тәйімбет тағы басты оқ пернесін.
Батырдың қаны қайнап, бойы ысып,
Жалындай жайнап көзі қыза түсті.
Сескенбей себе берді оқ нөсерін,
Үні өшті талай фашист топырақ құшып.
Күн шықты көкжиектен күле қарап,
Буалдыр бұлт жамылып, тозақ тарап.
Құтырған құм қауыпты елу фашист,
Бір жүз де он алтысын алды қамап.
Батырдың көңілі толып, көзі жайнап,
Бұрқанды мұздыбүркіп, бұлт шайнап.
Желкелеп ата дұшпан фашистерді,
Штабқа жалғыз өзі келді айдап.
Мұзарап Жүсіпов
Жауынгері ғасырдың
(Батырға арнау)
Мамыр сайын той жасап жүрген дәйім кеп,
Атына батыр – Көмекбаев Тәйімбет.
Ойлаймын кейде батырдың ұлы – Бағбанды,
Әкеге көктен алып берген айын.
Айды әперсе қолын созып көкке де,
Той жасаса ел қондырып көпке де.
Бұл өнеге адал ұлдың борышы,
Бұл әкесін апарғаны Меккеге!
Әкесі үшін мақтанса ұлы мақтанды,
Батыр деген жай сөз емес жаттанды.
1941 – де Тәйімбет,
Отан қорғау сапарына аттанды.
10-шы ауыл Өндіріс ед тұрағы,
Шымыр тұлға, жарқырып қос шырағы.
Көрген жерін есте ұмытпай сақтайтын,
Жылқышы еді қырандайын қырағы.
Қырғидайын жауға тисе қастанды,
Кейде ашық, іс жүргізді астарлы.
Қан майданда бұйрық алып қатерлі,
Барлаушы боп бөлімшені басқарды.
1943-те – қыс таңын,
Қапылыста зар илетіп дұшпанын.
Жерлестері Сарыбаев пен Жарқынбай,
Үшеуі алды фашистердің штабын.
Шабуылғашабуылды жалғап кеп,
Қарсыласса жау жүрегін жармақ боп.
Дивизия штабына олжасы,
Екі офицер, 12-сі солдат боп.
Дәл түбінде қаласының Познань,
Қаймықпаған құрамының азынан.
Барлаушылар бұзып өтті жау шебін,
Дегендей бұл жай істеген базынам.
Кек алмаққа көктей өтіп кебірді,
Тас бекінген жауды көріп елерді.
37 солдаты мен офицер,
Барлаушыға өз еркімен берілді.
Шабуылға шықса ұрыстың майын жеп,
Колхозица, Глейвицті дайын деп.
Жаудың атыс талқандады ұясын,
Барлаушы боп топ бастаған Тәйімбет.
45-тің 6-сында ақпанда,
Одерден ел алғаш өтіп жатқанда.
Бірінші боп өзі де өтті өзеннен,
Жаудың тобын түсірді айдап қақпанға.
Қаласында кіре беріс Бригтің,
Жон терісін сыпырғандай «Ірі иттің».
Расчетін жойды жаудың пулемет,
Ұли да алмай қалды иті, ұлиды кім?
Деп сұрасаң жау қырылып өліппе?
Қорғап қала, қатер келсе төніп те.
Пулеметтен 60 фашист жайратып,
12-сін тірі әкепті полкке.
45-те сегізінші ақпанда,
Банзен үшін ұрыс болып жатқанда.
Тойтарыс берді жауға жеті рет,
Дамыл тауып көз ілмеді ақ таңда.
Тойтарысты берсе жауға сарқыла,
Күш – қайраты тасқандай боп артыла.
Жауынгерлер қорғап позициясын,
Бір қадамда шегінбеді артына.
Мәртебесі тиіп көкке жоғары,
Жаудыжеңіп, жеңісіне жоралғы.
Ер Тәйімбет Көмекбаев Кеңестер,
Одағының батыры боп оралды.
Бейбіт өмір алға бұрса арнаны,
Орындалды орасан зор арманы.
Дамуына үлес қосып қомақты,
Туған жерін көркейтуге арнады.
Халқына адал деп ақтаған тұзымен,
Дайын аста дәм болмайды тұзы кем.
Озық ойлы тәрбиелеп ұрпағын,
Ұлағатты ұл өсірді, қызымен.
Ұлы ғасыр батыр жылын мән қылып,
Хас батырды жырға қосса ән қылып.
Үш мыңыншы «Жауынгері ғасырдың»,
Құрметпен аты қалды мәңгілік.
Үрліхан Өндібаева
Қазақстан Журналистер Одағының
мүшесі, Тұрмағамбет ауылы
Жанаев Нұрмағамбет
1912 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, қазіргі Тұрмағамбет ауылында туылған. 1924 жылы колхоз завскладта, 1934 жылы дүкенші, 1936 жылы селоның бастығы, 1938 -1939 жылдары армия қатарында жүріп, Финляндия соғысына қатысып, одан 1940 жылы аман –сау келіп, қайтадан селоның бастығы болған. 1942 жылы қайтадан Ұлы Отан соғысына аттанған. 1942 – 1943 жылдары Украина қалаларын азат етуде Белгородта, Харьковта, Днепр өзенін азат етуде Карпат тауларына дейінгі шайқастарда болған. Содан 1944 жылы «Кишнев», «Бухарест» азат етуге жан аямай шайқасқан. Содан Венгрияда Будапешт қаласын азат етуде 1944 жылы декабрь айында ерлікпен қаза болған. Артиллерия командованиясында В/ч-142 полк №10 бригада командир взвод болып қызмет еткен. Старший сержант атағын алған. Майдангер ақын Жанаев Нұрмағамбет соғыста жүріп жазған өлеңдері сол кезде соғыс уақытындағы газеттерде жазылған солдаттарға дух берген. Ол кісінің көп өлеңдері, Жұлдыз журналына, облыстық, аудандық газеттерде жарық көрді. Ол майдангер ақынға 80-жасқа толуына байланысты 1990 жылы туған ауылынан «Жанаев Нұрмағамбетке ас беріліп, көше атағын берді». Ол кісінің өз еліне еткен адал қызмет жасап, Отан үшін жанын қиғандығын бағалап, осындай құрмет жасауы, Майдангер ақынға, Аудан басшыларына, ауыл тұрғындарына үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Жанаев Нұрмағамбеттің көптеген өлеңдері бар. «Ауыл азаматтарына», «Сүйген сұлуға», «Ауыл ақсақалдарына», «Елге сәлем», «Днепрден өтерде», «Доңбай атаға», «Мұзарапқа», «Тілегенге», «Шәймерденге». Осындай көп өлеңдері бар.
Бұл кісінің өлеңдерін жинаған майдандас досы Іздібаев Шәрибек, інісі Дәулетбаев Запа, туған інісі Жанаев Алмағамбетұлы Аманқос.
Жанділда Бердімұратов
Жанділда Бердімұратов – 25.04.1926 жылы Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы №16 ауылда туылған. 1934 жылы сол ауданның Қара – Шоқат станциясындағы жеті жылдық мектептің 1 – класына барған. 1934 – 1935 оқу жылында 1 – кластан 2 – класқа жаңа жылда өтіп, сол жылы 2 – класты бітірген. Сол сияқты 1935 – 1936 оқу жылы да 3 – класты жаңа жылда бітіріп 4 – класқа өткен. Сол жылы 4 – класты бітірген. Сөйтіп екі жылда төрт класты бітірген.
Пионерге 1935 жылы, комсомолға 1939 жылы өткен.
1941 – 1942 оқу жылында Арал қаласының Т.Г.Шевченко атындағы орта мектепті грамотамен бітіріп шыққан. Сол жылы /декабрь 1942ж/ өзі тұратын «Сарытепсен» деген колхозға счетоводтыққа сайланып, оны 1944 жылы армияға кеткенше істеген. 1944 жылы армия қатарына алынып, курсант болған. 1945 жылдан бастап Рота, баталъон, полкта писарь, ст.писарь, іс жүргізуші қызметтерін атқарған. Армиялық шені – капитан.
1948 – 1949 - 1950 жылдары неміс фашистерінің, офицерлерінің оккупацияланған территорияда істеген зұлымдықтарын зерттеп, қылмысқа тарту жөнінде военный трибуналдың мүшесі болған. 1950 жылы қыркүйекте армиядан оралып, ең әуелі Шалқар ауданында КГБ-де, кейін Шымкент облысы, Ильич ауданында аудандық Совет атқару комитетінде – инспектор, жалпы бөлім меңгерушісі, жауапты секретары, 1956 жылдан бастап Совет атқару комитеті председателінің орынбасары, аудандық партия комитетінің партиялық ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, аудандық ауыл шаруашылық инспекциясының бастығы қызметтерін атқарған.
1961 жылдан 1963 жыл аралығында сол ауданның Амангелді атындағы колхозының председателі болған. 1963 жылдан бастап Қызылорда облыстық партия комитетінде инструктор, бөлім меңгерушісінің орынбасары болған.
1965 жылдан 1975 жыл аралығында Қармақшы аудандық партия комитетінің екінші секретары, 1975 – 1977жж аралығында Қызылорда облыстық ауыл шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары болып істеген.
1977 жылдан бері Ленинский совхозының директоры. Июль 1954 жылдан КПСС мүшесі. 1952 жылдан бастап үздіксіз аудандық Советтің депутаты, Ильич, Қармақшы аудандық партия комитетінің пленум мүшесі, бюро мүшесі.
1963 жылдан бастап 1977 жылға дейін Қызылорда облыстық партия комитетінің пленум мүшелігіне кандидаты болды. Еңбек Қызыл ту орденімен /1973ж/, екі рет «Құрмет белгісі» орденімен /1966, 1971жж/ және мемлекеттің 8 медальімен наградталған.
Бұдан басқа «ВДНХ-дан екі бронзовый медаль», «Бесжылдықтың ударнигі» деген екі значок, «Тың игерудің 25 жылдығы» значогі т.т. бар.
Қаппар Рахатов
Рахатов Қаппар – 1926 жылы қазіргі Ленин атындғы кеңшардың жерінде дүниеге келген. Ленин атындағы орта мектептің 7 сыныбын бітіріп, «Күйеу асар» түбіндегі Ленин атындағы ұжшарда бригадир, қойма меңгерушісі, ферма есепшісі болып жұмыстар істеген.
1944 жылы соғысқа аттанған. Екінші Украин майданындағы кескілескен ұрыстарға қатысқан. Бас қолбасшының орынбасары, маршал Г.Жуковтың алғысын алған. Соғыста көрсеткен ерліктері майдандық газетке жазылған.
1945 жылы соғысқа жарамсыз деген комиссия қорытындысымен елге оралған. өйткені майданда алған ауыр жарақаты салдарынан өзіемделген №236 әскери госпиталдың қорытындысымен 1947 жылға дейін екінші топтағы мүгедек болған.
Елге келгесін көп жылдар бойына ауыл шаруашылығында еңбек етіп, 4 рет ауылдық кеңеске депутат болып сайланған.
1979 жылы күріш егіп, одан кейін кеңшарда бригадир болған, 1966 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 1979 жылы «Ауыл шаруашылығы жарысының жеңімпазы» деген белгілермен, Москва қаласындағы ауыл шаруашылық көрмесінің екі рет қола медалімен наградталған. 1982 жылы 5 наурызда «Еңбек Қызыл Ту» орденін алған.
«Еңбек ардагері» медалімен наградталып, 1985 жылы зейнет демалысына шыққан.
Ол «Отан соғысы» орденінің екінші дәрежесімен, көптеген мерекелік медальдармен наградталған.
Қаппар Рахатов бұл күндері ұлын ұяға, қызын қияға қондырған еңбек ардагері. Оның балалары да немерелері де шаруашылықтың әртүрлі саласында еңбек етіп жүр. Сондықтан майдангер жауынгер Қаппар Рахатовты Ленин атындағы кеңшардың тұрғындары ерекше құрметтейді.
- Қарт жауынгер есімі құрметке лайық – дейді ауылдастары. Өйткені ол көпшіліктің ақылшысы.
Қылышбек Байжанов
Байжанов Қылышбек 1920 жылы қазіргі Ленин атындағы кеңшардың жерінде туған. Ворошилов атындағы мектепте 7 сынып бітірген. 1940 жылы әскер қатарына шақырылған. 1941 жылы соғысқа аттанған. 1 Украин майданында жаралы болып, 19 қаңтар 1943 жылы Каменск, Горький қаласы госпиталдерінде жатып, емделіп шыққан.
№218 гвардиялық әуе бригадасында тоғыз ай болып, талай шайқастарға қатысқан. Москва маңында, Уменскіде, Прибалтика майданы бойынша 1944 жылы 16 маусымда Карелфин жеріндегі ұрысқа қатысқан. 22 шілде күні жаралы болып, Вологодск облысының Госпиталінде жатқан. Сол жерден дәрігерлік комиссияның қорытындысымен соғысқа жарамсыз болып, ауылға 1944 жылы 17 қазанда қайтқан. Елге келгеннен кейін Жосалы аэропортында жұмыс істеген. Сол жерде үздіксіз 23 жыл жұмыс істеп, 1983 жылы зейнетке шыққан.
Ол «Отан соғысының» екінші дәрежелі орденімен, «Еңбек ардагері», «СССР Қарулы Күштеріне 50 жыл», «СССР Қарулы Күштеріне 60 жыл», «Ұлы Отан соғысындағы (1941 – 1945 ж.ж.) жеңіске 30 жыл», «Ұлы Отан соғысындағы (1941 – 1945 ж.ж.) жеңіске 40 жыл», «СССР Қарулы Күштеріне 70 жыл», «Ұлы Отан соғысындағы (1941 – 1945 ж.ж.) жеңіске 25 жыл» медальдарымен наградталған.
- Өзі болған жерлерді қызықты етіп әңгімелеп береді, - дейді ол туралы ауылдастары. – Біз де тыңдаудан жалықпаймыз.
Жанұясында балалары мен немерелері бар. Қазіргі уақытта олар да халық шаруашылығының әр түрлі саласында жемісті жұмыс істеп жүр. Қылышбек Байжанов балаларына да, ауылдастарына да соғыстың халыққа қандай алапат қайғы алып келетінін айтып, сыр шертіп отырады. Ленин атындағы кеңшардың жұртшылығы оның майдан жолдары жайлы мол хабарда. Өйткені, Қылышбек ақсақал осы соғысқа қатынасқан ауыл азаматтарының бірі.
Достарыңызбен бөлісу: |