Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»


«МАХАББАТ, ҚЫЗЫҚ МОЛ ЖЫЛДАР» (ҮЗІНДІЛЕР)



бет137/292
Дата05.02.2022
өлшемі6,93 Mb.
#4779
түріБағдарламасы
1   ...   133   134   135   136   137   138   139   140   ...   292
«МАХАББАТ, ҚЫЗЫҚ МОЛ ЖЫЛДАР» (ҮЗІНДІЛЕР)
1. Махаббаттың алдында жазда алыстан көзге шалынған таудай мұнартып, әрқашан екі мақсат тұратыны аян. Оның бірі табиғи тілек те, екіншісі сана мұраты болмақ. Табиғи тілек дегеніміз қыз бен жігіттің бір-біріне қызығып, құмартуы түрінде білінеді, нәпсіге тіреледі. Ал, сана мұраты жігіттің қыздан немесе қыздың жігіттерден өзімен ойы тең, ақылы сай, бір-бірінің қуаныш-реніштеріне өмір бойы ортақ болысып, мұң шағып, сыр шертіп, шер айтысатын, жанымен жаны үндес адам іздеуі, бірін-бірі шексіз сүйетін жан тауып, соған қосылып, қосылған соң бірін-бірі өле-өлгенше қадірлеп, құрметтеп өтуге ұмтылуы. «Кімнің қаны махаббаттан тән ләззәтімен қоса рухани ләззәт алуға ұмтылса, тек соны ғана адам деп бағалаймыз» дейтін Бальзак сөзінің мәні осы арада айқындала түседі.
Қызқұмар жігіттің (немесе керісінше) желөкпе, жеңілтек, қызыққыш, құмартқыш келетіні ежелден белгілі жай. Ондай адамдардың қысқа қызық, шолақ шаттыққа аңсарлары ауып тұрады да, бара-бара нәпсінің құлына айналады. Ондай жандар өздерінің осы нәпсіқұмарлығын өзгеге махаббат деп ұсынады. Бірақ шынайы махаббат пен құмарлықтың екеуі екі басқа. Құмарлық көбіне аңшыға тән қасиет. Аңшы көрген аңын құтқармауға тырысады. Ол көк ала қанат үйректі сүйгеніне емес, соған оғының тигеніне разы болады. Аңшыға шолақ сәттің қуанышы ғана қажет. Ал, махаббат мәңгілік қуаныштың туын ұстайды.
2. Кей қыздар махаббаттың басты шарты сұлулық деп түсінеді. Неғұрлым жігіттерге сұлу боп көрінсем, соғұрлым махаббатта жолым болады деп есептейді. Сондықтан ондайлар бетін бояп, қасын күзеп, кірпігін «ұзартып», ернін қызартып, әлек болады. Жақында трамвайда сондай бір қаракөз қызды көрдім. Қасты қырып, оның орнына бір сызық қара бояу тартыпты. Сол бояуды көзінің құйрығына да жағып, оны және «ұзартып» қойыпты.
Бетіндегі баттасқан бояуды былай қойғанда, қасының орны мен көзінің құйрығынан қатарласа сызылған жаңағы екі жіңішке сызық көлденең адамға жыланның айыр тіліндей танылып, сүйкімсіз әсер етеді. Қыздың онда шаруасы жоқ, «Мен сұлумын, маған сұқтана қараңдар» дегендей жағын таянып, орындықта сіресіп отыр. Оның қасына қарт ана келіп, түрегеп тұрды. Қыз кішілік жасап, үлкенге орын берер деп ойлап едім, бірақ өйту оның кәперіне де келмеді. Біреу қызға қолын созып, қасындағы кассадан билет жыртып әперуді өтінді. Сұлу адам сыпайы болуға міндетті еместей-ақ, ол міз бақпастан теріс айналып, терезеге қарап кетті.
Мұндай қызға қандай жігіттің ғашық боларына таң қаласың. Табиғаттың өз бояуы бойында тұрған уыздай жас қыздың жалпақ жұртқа деп шығарылған қайдағы бір жасанды бояуды жағып, сұлу боп көрінуге тырысуы келіспейді-ақ. Көп қыздардың ішін сұлуламай, тек сыртын сұлулауға тырысуы өкінішті. Қыз қанша боянғанымен саналы жігіт оған салғаннан құлап түспесе керек қой. Қызға ажары үшін ғана емес, адамгершілігі үшін ғашық болмай ма? Ғашық адам сүйгенінің бойынан сұлулықтан басқа да асыл қасиеттер іздейді. Ол қасиеттер: ақылдылық, адамгершілік, сыпайылық, сыйластық, еңбексүйгіштік болса керек. Жалқау қызға жан жоламауға, еріншек қызды ер алмауға тиіс. Мұның растығына көптеген мысалдар бар. Еңбекте үздікті сүйеді. Оқуда озықты қалайды. Қай қыз жұмысты жақсы істесе, жұмысшы жігіт соған ұмтылады. Қай қыз сабақты жақсы оқыса, студент жігіт соған қырындайды. Нашар оқитын қыз өзін сүйікті етіп көрсетуге тырысады. Жігітті де қыз танауы үшін емес, таланты үшін сүйеді. Еріншек жігітке ешкім қарамайды. Ендеше махаббаттың басты шарты сұлулық емес. Сұлу деп қазақта көрікті әйелді айтады. Ал көркінің үстіне ақыл-парасаты мол әйелді ару деп атайды. Өмірде сұлу көп те, ару аз. Ауыз әдебиетінде ару бейнесіндегі Құртқа, Қарашаш, Меңдісұлу сияқты қыздар ғана суреттеледі.
3. Кейбір жігіттер «мен пәленшеге бір көргеннен ғашық болдым» деп соғады, ал «бір көргеннен ғашық болу» ешбір қисынға келмейді. Бір көргенде қыздың ұнауы немесе оның жігіт қиялындағы өзі мұрат еткен әйел бейнесіне бір жері (беті, аузы, көзі, мұрны, шашы, т. б.) ұқсауы ықтимал. Сол ұксастық жігіт жүрегіндегі құмарлық сезімін лап еткізеді де, ол енді қыздың қалған қасиеттерін өз ойындағыдай етіп, қиялмен жобалай жөнеледі. Осыны ол «бір көргеннен ғашық болдым» деп түсінеді. Бұл шындық емес. Өйткені, бір көрінген қыздың басындағы қасиеттер оған қараған жігіттің көңіліндегі бейнеге қаншалықты ұқсайтынын бірнеше көргеннен кейін ғана анықтауға, сонда оның көп белгілері сәйкес келмейтініне көз жеткізуге болады.
Ұлы Отан соғысына дейінгі біздің ауыл бозбалаларының көпшілігінің арманы аққұба өнді, ақ жүзді жар еді. Өйткені онда әйел жөніндегі біздің мұратымыз фольклордан, ақындардың өлеңдерінен қалыптасты. Біз үшін ол кезде дүниедегі ең сұлу әйел Қыз Жібек болатын. Ал, қиссада ол былай суреттелетін:
Қыз Жібектің ақтығы
Наурыздың ақша қарындай...
Көкейде қалыптасқан осы бір жақсы жар мұратын Абайдың «Білектей арқасында өрген бұрым», Ақан серінің «Аққұба қатын алсаң бойы сұңғақ» дейтін өлеңдері және толықтыра түсті. Сөйтіп олар танадай жалтылдаған қара көзді, қардай аппақ қызға шықты, сондай жарға қолымыз жетсе деп арман етті. Соғыстан кейін олардың бірсыпырасы жар сүйді. Бірақ көбінің көңілдегі мұраты алған әйелдерінің мүсінімен үйлескен жоқ: «наурыздың ақша қарындай» ақ қыз орнына қараторы, бидай өңді, қызыл шырайлы, ақсары, шикілсары келіншектерге ие боп шыға келісті. Тіпті олардың бойлары да әр түрлі: сұңғақ, орта, тәпелтек; көздері де әр түсті: қоңыр, шегір, көк болды. Енді олар мұраттарын алған жарларының мүсініне лайықтап, қайта қалыптастырды. Осы арада олар өздерінің бұрынғы мұраттарының мол пішілген киімдей олпы-солпысын да көрді, кемшілігін де білді. Егер жарыңның жаны жақсы, адамгершілігі биік болса, оның «ақтығы наурыздың ақша қарындай», ал көзі «аласы аз, қара» боп келуінің тіпті де қажеті жоқ екенін ұқты. Менің құрдастарымның балалықпен тағы бір білмегендері жарымыздың бойы Ақан айтқандай сұңғақ болса деп армандауы болыпты. Енді қарасақ, олардың бәрінің өз бойлары орта, тәпелтек, бәкене екен. Ал өзің тапал, жарың биік болса, онда қандай жарастық болмақ? Жігіттер оны да байқамапты. (Әрине, өмірде ұзынды-қысқалы боп та жұптаса береді. Бұл қосылушы екі адамның көңіл жарастығына байланысты).
4. Махаббатты өзенге емес, көлге емес, тек қана теңізге теңестіруге болады. Теңіз сияқты мұның да бетінде тулаған толқындар жүреді, түбінде ғажайып сырлы тереңдік жатады. Адамның жыныстық соқыр сезімінен туған сусыма жүйрік тілек толқынға ұқсаса, шын санадан шыққан жан тебірентер жақсы мұрат, асыл арман тізбегі махаббаттың тереңдігін танытады. «Бір көргеннен ғашық болу» деген сөз де сол «толқын» іспеттес, ол тән құмарлығынан туған, жалт етпе сезім ғана. Алғашқы лап еткен сәтте оның күшті боп көрінуі де ықтимал. Бірақ бұған қарап алданып қалуға болмайды. Тән құмарлығы алдамшы, өткінші, тұрақсыз сезім. Онда шынайы махаббатқа лайық тереңдік жоқ. «Бір көргеннен ғашық болдым» дегеннің өзі-ақ ол сезімнің таяздығын танытады, көре сала соны құшуға құмартқан жүгенсіз, ұшқыр тілекті көрсетеді. Теңізді бірінші рет көрген адам оның суының ащы немесе тұщы екенін, астында не барын бірден білмейді. Мұны теңізге түсіп көріп, түбіне талай сүңгіген адам ғана айта алады. Сол сияқты бір көргеннен адамның бойындағы барлық адамгершілік қасиетін аңғаруға болмайды. Оны анықтамаған соң ғашық болу да мүмкін емес. Ендеше «Сізді бір көргеннен ғашық болдым» деген сөзге сенудің орны жоқ. Олай деп оңай «олжа» тапқысы келген қу жігіттер мен шын сезімнен хабары жоқ, жасөспірім, бейкүнә қыздар ғана айтуы ықтимал.
Сонымен, «бір көргеннен ғашық болу» деген - ұшқары сөз. Бір көргеннен тек қана ұнатуға, қызығуға, құмартуға болады. «Құмарту — ғашықтық емес. Адам жек көре тұрып та құмарта береді» (Ф. Достоевский). Ал, бірсыпыра жастар бірін-бірі ұната сала: «Бітті, біз ғашықпыз!» деп есептейді. Сөйтіп, қолма-қол сүйісіп, сүйкенісіп жібереді. Көзді ашып жұмғанша ерлі-зайыпты боп та шыға келеді. Олар мұның шынайы сезім емес екенін артынан аңғарады. Содан соң бір-бірімен айтысып, ажырасып әлек болады. Мұндай күйге душар болмас үшін жастар тез қауышуға құмартпауы керек. Ұзақ сөйлесіп, сыйласып, сырласып, әбден біліскеннен кейін, шын сүйетініне, бірігіп, жарасты өмір кешетіндеріне анық сеніскеннен соң ғана бір-біріне ләззат құшақтарын ашса абзал. Кіршіксіз, таза махаббаттың тәттілігі де сол болмақ. Қыздар бос күйеу тапқанына емес, дос күйеу тапқанына қуануы қажет. Жігіттер кино, театрға бірге баратын жолсерік қана емес, жан серік тапса ғана Бақытты. Осылай жұптасып, зайыптылық өмірдің алтын босағасы — достық пен махаббатты берік ұстаған берекелі семьяны ғана көрші ұнатады, қоғам құптайды.
5. Махаббат ұшқыны дананың да, даңғойдың да жүрегіне түседі. Біріншісінің жүрегіне түскен ұшқын махаббаттың маздаған мәңгілік отын тұтатады; соңғысына түскені - мұз үстіне лақтырған қызыл шоққа ұқсайды. Шын махаббаттың шырғалаңы да болады.
Махаббат мәңгілік болуы үшін, оның оты өшпеуі үшін оған жұп боп қосылған екі жақ кезек «тамызық» тастап отыруы парыз.
Мұның өзге ешбір математикалық формуласы жоқ. Махаббатта бір-ақ формула бар, ол — тұрақтылық. Махаббаттың да досы мен қасы бар. Досы: ұят, ар, борыш. Осы үшеуін ренжітпей, өзіне сенімді серік еткен махаббат қана зайыптылық заңына берік болады. Қасы: ашу, қызғаныш, кикілжің. Осылардың әзәзілі — арақ. Жас жұбайлардың бірін-бірі сүйіп қосылуымен іс бітпейді. Олар қосылғаннан кейін де өз махаббатын гүлдей мәпелей беруі тиіс. Сүйіктісін қуантуға тырысу, соны риза етерлік бір нәрсе істеуге ұмтылып отыру — мәпелеудің бір түрі осы. Сүйгеніңнің көңілін қалдырмау үшін оның тілегін мүлтіксіз орындау да ғанибет.
Сайып келгенде әр адам — өз махаббатының бағбаны. Солып қалмауы үшін қай гүлге қашан су құю керектігін бұлжытпай білетін бағбан тәрізді, адам да өз махаббатының үнемі жайқалып тұруына тынбастан жағдай жасап отыруы тиіс. Бұл үшін ерлі-зайыптылардың әрқашан да бір-біріне құштарлығы, шексіз сенімі, әлдеқалай іште бас көтерген қызғанышты сыртқа шығармай, сабырмен жеңуі, ағат айтылған сөздерді кек тұтпауы, кешірімділігі, өзара қалтқысыз қамқорлығы, сыйластығы, ашуды тежеп, нәпсіні тыйып ұстауы қажет. Бір сөзбен айтқанда, өздерін тәртіппен ұстай білген зайыптардың махаббаты ешқашан өшпек емес. Сонда ғана ерлі-зайыптылар арасындағы жарасты махаббат үйге нұр, ұяға көрік береді, тұрмысқа ажар, көңілге базар орнатады. (Нұршайықов Ә. Махаббат, қызық мол жылдар. - Алматы: Атамұра, 2002.-360 бет. 341 -344-беттер)




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   133   134   135   136   137   138   139   140   ...   292




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет