БАҚЫТ ДЕГЕН НЕ?
1.
Бақыт, бақыт ...
Бары-жоғы бес әріптен тұратын сөз, бірақ мағынасы ұлан-ғайыр. Әрбір адамның бақыт жайлы бір-біріне ұқсамайтын өзіндік бір түсінігі бар. Бақыт жайлы сұрасаң, әртүрлі пікір естіп, терең ойға қаласың.
«Мен үшін бақыт деген ортамнан ерекше көріну, яғни соңғы сәнмен киіну, оның үстіне дәл мен киген киімді өзгенің үстінен көрмеуім»,- деген жауапты жасанды қылықты ұнатар арудан алған болар едік ...
«Егер менің машинам мен үйім болса, ең бақытты жан болар едім»,- деп жауап қатар еді жеңілтек бикештің бірі ...
Үш әйел алсам, бірі кірімді жуып, бірі асымды дайындап, бірі көңілімді тауып, әрбірі асты-үстімен түсіп, жағдайымды жасап жүрсе, шіркін. Онда өмірде менен асқан бақытты ешкім болмас еді»,- деген жауапты қарнын сипаған, өз басын ғана ойлайтын месқарын жігіттен еститінімізге еш күмән жоқ...
«Осы ғажап таңның атқанын көріп, тамашалап тұрғаным мен үшін бақыт, тәуба»,- деп алақанындағы бақытты қанағат тұтарлық жандар да аз емес...
Сонымен бақыт деген не? Кейде адам өз қолындағы бақытты бағалай алмайтыны рас. Бақыт қолдан ұшқан соң өкінеміз. Өткенге өкінгеннен не пайда...
Түс кезі. Студенттер аябаққа ағылуда, бір қолдарында тандыр нан, екінші қолдарында «3 желания» майонезі бар. Бақ ортасында екі аяғынан арбаға таңылған жас жігіт отыр. Осы кейпіне қарамастан, жан-жағына қуана көз тастайды. Егер қос аяғы коляскаға таңылмағанда, мына құрбыларымен бірге екінші курс студенті атанар еді ...
Мүгедек жігіттің қасынан темекі түтінін ішіне сорғанды мақтаныш көретін құрбысы өтіп бара жатты. Ол жәй кетпей: «Қауқары бітіп сарғайған жапырақтардан бақыт іздеп отырмысың?» - деп миығынан күліп, мысқылдап өтті. Мүгедек жігіт ашуға бой алдырмай, сабырлылықпен ақырын ғана: «Әрбір таңның атқанын көру – мен үшін үлкен бақыт. Сол бақытты мен көрдім. Әлемде менен бақытты жан жоқ шығар», - деді жүзі күлімдеген қалпы.
Осы көріністен менің түйгенім: өзіңе бұйырған бақытты уақтылы байқап, бағасын түсіне білу. Мұның өзі – Бақыт.
(Бөрібай М.//Алматы ақшамы, 18.10.2010)
2.
«БАҚЫТ» деген үлкен әріппен жазылар жасыл өлкеге, адамзат баласын тартып тұратын ғажайып өмірге салынып қойған даңғыл жол жоқ. «Осылай жүрсең - бақытқа жетесің, осылай өмір сүре бастасаң – бақытты боласың» деген жазбаша қағида тағы жоқ. Бақытқа әркім өз соқпағымен, өз тар жол, тайғақ кешуімен ұмтылып жетеді.
Кімде-кім өзінің өмір сүру соқпағын дұрыс жүріп таныса, жеткен жетістігіне шүкіршілік етсе – бақытқа жетті деген сол деп ойлаймын.
Қарап отырсақ, «бақытсызбын» деушілер қанағат етпеуден шығады. Отбасың – Отаныңды гүлдендірем деп ұмтылсаң, ол-дағы өз қолыңда. «Ырыс алды - ынтымақ», «Төртеу түгел болса – төбедегі келеді, алтау ала болса – ауыздағы кетеді» деген мақалдарды халық бекер айтпаған.
Жеткенге жетісіп, барға мастанып кетпеген дұрыс. Толдым деген төгіледі. Қандай қиындық көрсең де, неге жетсең де балаларың қасыңда болып, ата-ананың тұрмыс-тіршілігін бірге көріп, сезініп өскені дұрыс. Әйтпесе дәулет аспаннан түскендей болуы, оның бағасын білмей, барлықтан бұзылуы оп-оңай. Ондай жағдайда өмір бойғы еңбегіңнің еш кеткені. Адам баласы өз өмірінде қырық жыл патша болса да, қандай рахат көрсе де ұрпағы дұрыс болып өспесе, көргені түстей болып өте шығады.
Ұрпағың тәуір өссе, солармен бірге қайта гүлдейсің, қайта шалқисың. Бүгінде біреулер балаларыңның жағдайына қарап сені бағалап, сыйлайтын болыпты.
Міне, осының бәріне жету үшін шексіз еңбек, толағай мейірім, есепсіз махаббат үлкенге құрмет, кішіге ілтипат жасау, жетімнің маңдайынан сипап, жалғызды демей жүру қажет секілді.
Сонда ғана «БАҚЫТ» деген қасиетті ұғым, әркімге қона бермейтін көгершін сенің жүрегіңе келіп ұялайды. «Бақытты болғың келсе, ешкімнің бақытын қызғанба» деген сөз содан қалған.
(Мағазбекқызы С.//Алматы ақшамы, 05.2012)
3.
Бақыт жайындағы толғаныс заманалар бойы еш уақыт тоқтаған емес, ол туралы ойланбаған, жазбаған ғалымдар мен хакімдер кемде-кем. Өйткені, бақытқа жету – бар адамның арманы. Патшалар өздерінің зәулім сарайларында бақытты болуға бас қатырса, кедей-кембағалдар лашықтарында өз ойындағы бақытсыздығын күрсінуімен білдірген.
Бірақ, сол патшадан жай адамдарға дейін әрқайсысы өз бақытын табу жолында мына өмірдің сан қырлы соқпақтарынан өтуге бел шеше кірісіп, қаншама тауқымет көрсе де күдіксіз алға ұмтылумен болады. Бұл ұмтылыс сол адамның зады бақытсыз болып қалмау үшін жасаған талпынысы еді.
Тарихта талай адамдар бақыт іздеп өмір сүрді. Олар бақыттың не екендігін түсінбегендіктен, оны жоқ жерден іздеді. Олардың іздеп жүрген бақыты материалдық талаптарымен байланысты болғандықтан қанағаттан-дырмады, яғни олар үшін бақыт – шөл жазирадағы сағымдай немесе көзге көрінбейтін, дауысы естілмейтін аты бар да заты жоқ құстай сезілгендіктен, сан-сыратқан сезім жетегінде ел мен жер кезіп, әуре-сарсаңға түсумен болады.
Негізінен, бақыт та, байлық та мол мал-дүниеде деушілердің саны басым. Олар: «Бақыт адамның басына қонады, соны ұстап қалса, ие болса тұрақтап қалады»,- дейді. Және келіп, бұл сөздерді санадағы тұғырынан тайдырып байлыққа, кәсіпке, шат-шадыман тұрмысқа байланыс-тырып айтады. Алайда, кәсіп те, өнер де өз мәресіне жеткен, байлыққа да белшесінен батқан, тұрмыс жағдайы күн санап артқан кісілердің немесе осындай қоғамдық ортаның көбіне-көп рухани тоқырауға түсіп, бір түрлі көңілсіз күйде қалғанын да көрдік. Солардың ішінен осы бір тынысты тарылтып, адамның тәнін ғана рахаттандырып, жанын ұмыт-тыратын бей әдеп қылықтармен рахат өмірдің жолын іздейтін де болады. Өйткені, олар дүниеде алға қойған мақсаты мен арманына жеткеннен кейін де ешбір байлықпен өлшенбейтін, рухани аса қымбат нәрселердің бар екенін сезген.
Демек, мал-дүниенің көбейіп, киімнің бүтін, қарынның тоқ болуы бақытты болудың алғы шарты саналмайды. Аллаһ тағала мал-дүниені жанындай жақсы көрген және сол жолда жанын беруге бейіл, Аллаһқа деген сенімдері тұрақсыз мұнафиықтар (екі жүзділер) туралы Құран Кәрімде былай деген: «(Мұхаммед (с.ғ.с.!) Онда сені олардың малдары, балалары таңырқатпасын, шынында Аллаһ, ол арқылы оларды дүние тіршілігінде азаптауды және қарсы болған бойда олардың жандары шығуын қалайды» («Тәубе» сүресі, 55-аят). Расында да солай. Байлықты өмірдің сәні мен мәніне балап жүргендердің сол еңбегін, уақытын сарп етіп, ыстығына күйіп, суығына тоңып жүріп тапқан мал дүниесінің қамы үшін күндіз-түні шапқылап жанын қинауы, түндерде жүрегі тыншып ұйықтай алмауы, күндердің күнінде банкротқа ұшырай-мын-ау деп уайымдауы, қуанышынан гөрі қайғысының артуы т.б. бәрі де бұл дүниедегі көрер азаптарына жатады.
Адами өмірдің басты мақсаты байлықта дейтіндердің әр уақыт рухы өшкен, көңіл-күйі қалыпсыз, ашушаң келеді. Бірақ, мұндай адамды аз мал-дүние бай етпейді де, ал қанша көбейсе де тойғыза алмайды. Яғни, азға қанағат, көбіне шүкір демейді. Сондықтан да, халқымыз: «Адамның көзі (әсіресе жүрек көзі) топыраққа ғана тояды»,- деп бекер айтпаған.
Қазіргі таңда біз білім мен ғылым-техниканың таңғажайып жетістіктерінің жемісін көріп, тұрмысымызға бұрын-соңды болмаған қолайлықтар, жаңалықтар қосылуда. Бізге алыс жер жақындап, қиын іс оңайлап, көмескі нәрселер көрінетіндей болды.
Тіпті, көптеген дамыған елдер мен ірі қалалардың кейбір тұрғындары базардан өзіне керекті нәрселерді компьютер сайты арқылы есептесіп ала беретін деңгейге де жетті. Олардың ғылым-техника саласындағы жетістіктері мен тұрмыс өзгерістері есепсіз деуге болады.
Бірақ, олар осы үшін өзін бақыттымын деп айта ала ма? Себебі, адам табиғатындағы барлық талаптарды бір ғана материалдық тұрғыдан қанағаттандыруы мүмкін емес. Аллаһ тағаланың адам баласының игілігіне берген жер бетіндегі тыныс-тіршіліктен, өрелі тұрмыстан іші пысып, зерігіп басқа планеталарда өмір сүргісі келетіндердің ұшырасуы да осының айғағы. Әрине, көмескіні білсем, құпияны ашсам дейтін пенделік қызығушылықтың дұрыстығы күмәнсіз. Білімге құштарлық пен ізденуді тоқтату адам табиғатына үйлесімсіз екені белгілі. Тарихта талай ғалымдар өздерінің көз майларын, жүрек қандарын, дене қуатын сарқа жұмсап, білім, ғылым жолында ізденіс жасады. Адамзаттың игілікке кенеліп, бақытты өмір сүрулерін аңсады.
Бірде дүниенің ұстазы атанған, даналығымен, данышпандығымен аты шыққан Аристотель өз достарымен бақыт туралы пікір алысады. Сонда достарының бірі: «Материалдық жақтан тәркі дүниелікке салынып, жан рахатынан безініп, нәпсіден біржола тыйылу – бақыт саналады»,- дейді. Және бірі: «Адам қуаныш сезінген нәрселердің барлығын пайдалану. Мысалы, музыка, ішіп-жеу, ойнап-күлу, сұлу сылқымдармен көңіл көтеру ең зор бақыт»,- деп алдыңғысына қарсы пікір айтады. Сонда Аристотель тұрып былай дейді: «Жалпы адамзат бақыты ақыл-парасатқа толы ісімен толымды тірлік барысында өмір сүреді. Адам дәл осындай бақыт ішінде ғана өзін әйгілеп, өмірін әрлендіре алады. Ол өз-өзіне қойған: «Не нәрсе ақыл парасатқа толы амал мен толғамды тірлік бола алады?»- деген сауалға былай деп жауап береді.
– Біз мүмкіндіктің барынша өміріміздегі ең қымбатты рухани құндылықтарға сүйеніп өмір сүруіміз керек. Ақыл – әрбір адамның қасиетті, адамдағы ең берік, ең ардақты. Сондықтан саналы адам үшін ақылға үйлесімді тұрмыс ең тамаша, ең мерейлі деп есептеледі. Өйткені, басқа әрқандай да бір тіршілік иесімен салыстырғанда адамды адам санатына қосатын – ақыл. Сол себепті, ақылға құрылған тұрмыс ең бақытты болмақ. Енді, әркім өзін ақылды, дана санайтын заманда нағыз ақыл иесін қалай пайымдауға болады?
Сөзімізді түйіндер болсақ, бақытқа материалдық көзқараспен қарауға болмайды. Өйткені, ол көзбен көріп, таразымен өлшейтін нәрсе емес, оны байлықпен яғни, теңге, не доллармен сатып алуға тіпті, де болмайды. Бақыт сырттан келмейді. Ол адамның ішкі жан дүниесінен туындайды. Көңіл-күй шаттыққа толып, жүректің жылуы артып, тән тазарып, ар-ұждан ақылмен санасып, ақыл жүректің әмірін тыңдап, ал жүрек Аллаһтың әміріне бойсұнып, иман нұрына бөленген кезде адам нағыз бақытқа кенеледі. Бақыт – шынайы ниет. Шын ықыласыңызбен қол жайып тілеген тілектің қабыл болуы. («Ислам және өркениет» газеті)
Достарыңызбен бөлісу: |