Адам баласының қадір-қасиеті
біліммен, ақылмен екендігі туралы
Ақылды - ұлы, біл, білімді – білікті,
Қонса екеуі, ұлы етер жігітті...
Ақыл қайда болса, ұлылық толады,
Білім кімде, сол білікті болады.
Ақылды ұғар, білімділер біледі,
Түгел болар білімді, есті тілегі!”...
Білімсіздер бар кеселді көреді,
Емдемесе, тектен текке өледі...
Ақылы болса, пайдасын ер көп көрер,
Білім білсе, әзиз тірлік өткерер!
Ақыл күллі ісіңді алып шығатын,
Бұл біліммен көрер бектер мұратын!
Білім, ақылдың қасиеттері,
пайдасы туралы
Ақыл – шырақ, қара түнді ашатын,
Білім – жарық, нұрын саған шашатын.
Ақыл қолдап, біліммен ер жетілер,
Екеуімен қадірі артып, бекінер...
Ақылдыға қадір-құрмет лайықты,
Ақымақ жан керең, сезбес айыпты!...
Ақыл болса, асыл болар – болса ер,
Білім болса, бектік қылар – қылса ер.
Ақыл кімде болса - болар асыл ол,
Білім кімде болса – бек һәм басың ол.
Ақылымен кісі асыл атанар,
Бекке ел ісі білімімен жасалар.
Талай ізгі іс, атқарылды ақылмен,
Мың рахмет ақыл-еске асыл кен!
Пайдасы көп, аз ақылды аз деме,
Қадыры көп, аз білімді аз деме!
Білім – байлық, азаймас һәм жоғалмас,
Еш қарақшы, ұрыға да тоналмас!...
Ақыл, сенің анттасқан нақ жолдасың,
Білім, сенген мейірімді қандасың...
Ақыл керек, білім таңдап аларға,
Білім керек, іске жақсы қарарға...
Біліктіні тыңда, ақылдың бұлағы,
Білімді сөз – шырын, жанның құнары:
Біраз нәрсе кісінің қас-дұшпаны,
Білсе оларды өзін қинап қысқаны.
Бұның бірі – тілдің жалған айтқаны,
Бұдан басқа – айтқан сөзден қайтқаны.
Үшіншісі – шарапқа аңсар ауғаны,
Шәксіз, текке өтер өмір қалғаны.
Тағы бірі – жүгенсіз іс-қылығың,
Сүймес ешкім, алған жанды шырығын.
Енді бірі – зымияндық бықсыған,
Кісі үйін түтіндетіп, тықсырар.
Және бірі: ашулы тіл – у, ашық,
Өлтіреді шағып сөксе, тіл ашып.
Бұлар жетсе, бір-бірімен қосылып,
Одан құт, бақ безер аулақ жосылып...
Басы айналып, тағдыр оған иілмес,
Сырт айналар, айныр, қайта сүйінбес!..
(Баласағұни Ж. Орта ғасырдағы түркі ойшылдары. Жиырма томдық. 5-том. Астана: Аударма, 2005. – 528 бет)
Достарыңызбен бөлісу: |