ӘБУ МУИН ӘЛ-КУБАДИЯНИ
ӘЛ-МАРВАЗИ НАСЫР ХҰСЫРАУ
(1004-1072)
Әбу Муин әл-Кубадияни әл-Марвази Насыр Хұсырау – тәжік-парсы ақыны, философ, дін қайраткері. Жас кезінде сарай маңында қызмет етеді. Дидактикалық лирикаларында зор ақындық шеберлігін танытты. Насыр Хұсыраудың аты 1046-52 жылдары Египетке жасаған саяхаттан соң жазылған «Сапарнама кітабы» арқылы әйгілі болды. Ол өзінің трактаттарында адалдықты, достықты, махаббат тақырыбын дәріптейді. Ақын шығармалары бүгінгі таңда да өшпес туынды болып қала береді.
БІЛІМ
Меншігіңді әрқашанда бақылаусыз қалдырма,
Оған-дағы күтім, қамқор керек болар алдырма.
Екі бірдей құлағың бар, екі бірдей көзің бар –
Сенім артар қақпаң сенің алып жүрер өзің бар.
Үйрен, таны! Құбылмалы тағдырың бар тағы да,
Айналаңды танып-білу, қорғаның сол бағыңа.
Білімді кім өзіне өлмес қалқан етсе қарулы,
Сол тіршілік шуылынан алаңдамас алымды.
Тағы да айтар ақылым бар: сенбе естіген жел сөзге,
Қауасеттің түбі шикі: мойын бұрма өлсең де.
Ұзын құлақ сөздерің де, хабарың да естіген,
Көргенге әсте ешқашан да тең келмейді деп білем.
Содан да сен естігенді қоян қақтым санама:
Әрбір сөздің дәлелі бар олжаға оны балама.
Керек десең сөз дегенің іс емес қой көрінер.
Ісің – жеміс! Ал сөздерің көлеңке ғой өрілер...
Маржан деп сен жүз қайтала, одан маржан шықпайды,
Одан гөрі бір сүңгісең қолың соны ұстайды.
АДАМГЕРШІЛІК
Бар өмірің адамзатқа қуаныш боп тарасын,
Жүзімдейін тәтті болып, билеп ал сен санасын.
Сенде егерде мұншалықты үлкен жүрек болмаса,
Майшамдай-ақ жарық төк те зәбір берме жанға аса.
Адамдарды ісіңмен де, сөзіңмен де жүдетпе,
Елді тыңда мейіріммен, салмақ салма жүрекке!
Дерті барды айықтыр да! Қайғылыны жұбат сен!
Жердегі өм ір қатыгез ғой теңестірсе тозақпен!
Буырқанған жассың ғой сен, жыртқыштарды үйрет сен,
Ата-анаңды әрқашанда қуанышпен билет сен.
Анамыздың бізді аялап өсіргенін ұмытпа,
Әкеміздің тәрбиесін салма әсте құлыпқа.
Содан да сен өзің жасар бейқамдықтан алшақ бол
Қартайғанда жүрегіңе у боп тұнар жаңсақ жол.
Көп ұзамай өзіңді де жаулап алар кәрілік,
Бұл киелі заңдылықты ұстама сен әрі ғып.
Өмір кеш сен бар жан үшін өзіңді әсте ойлама,,
Сенің жаның жарқырайды алғыс алып қайда да.
АФОРИЗМДЕР
Сен адамның ізгілікті қасиетін бағала,
Жақсы киім, жалған жүзді жүрісіне қарама.
***
Білім ғана бәрінен биік етер адамды,
Қатарыңда отырғаннан өткір етер жанарды.
***
Бәрін саған білу парыз. Оқи бер тек үздіксіз!
Оқу әсте ұят емес. Сырын жұмбақ білдік біз.
Өз ақылын кеңіткен жан айта білсін ашығын –
Бір күндері бақыт қонып, ұстаз болар асылың.
***
Бақытпен тек мақтануға әрқашанда болады,
Егер де ол болып жатса білім-қуат қонағы.
Аударған С. Оспан. (Әлемдік педагогикалық ой-сана. 10 томдық. 2-том: Шығыс әлемі (орта ғасыр)/Жетекшісі Ә.Н. Көшербаева. – Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2009– 400 бет. 258-265 - беттер.)
Достарыңызбен бөлісу: |