Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»



бет14/58
Дата15.12.2016
өлшемі6,93 Mb.
#3880
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   58

2.

«БАҚЫТ» деген үлкен әріппен жазылар жасыл өлкеге, адамзат баласын тартып тұратын ғажайып өмірге салынып қойған даңғыл жол жоқ. «Осылай жүрсең - бақытқа жетесің, осылай өмір сүре бастасаң – бақытты боласың» деген жазбаша қағида тағы жоқ. Бақытқа әркім өз соқпағымен, өз тар жол, тайғақ кешуімен ұмтылып жетеді.

Кімде-кім өзінің өмір сүру соқпағын дұрыс жүріп таныса, жеткен жетістігіне шүкіршілік етсе – бақытқа жетті деген сол деп ойлаймын.

Қарап отырсақ, «бақытсызбын» деушілер қанағат етпеуден шығады. Отбасың – Отаныңды гүлдендірем деп ұмтылсаң, ол-дағы өз қолыңда. «Ырыс алды - ынтымақ», «Төртеу түгел болса – төбедегі келеді, алтау ала болса – ауыздағы кетеді» деген мақалдарды халық бекер айтпаған.

Жеткенге жетісіп, барға мастанып кетпеген дұрыс. Толдым деген төгіледі. Қандай қиындық көрсең де, неге жетсең де балаларың қасыңда болып, ата-ананың тұрмыс-тіршілігін бірге көріп, сезініп өскені дұрыс. Әйтпесе дәулет аспаннан түскендей болуы, оның бағасын білмей, барлықтан бұзылуы оп-оңай. Ондай жағдайда өмір бойғы еңбегіңнің еш кеткені. Адам баласы өз өмірінде қырық жыл патша болса да, қандай рахат көрсе де ұрпағы дұрыс болып өспесе, көргені түстей болып өте шығады.

Ұрпағың тәуір өссе, солармен бірге қайта гүлдейсің, қайта шалқисың. Бүгінде біреулер балаларыңның жағдайына қарап сені бағалап, сыйлайтын болыпты.

Міне, осының бәріне жету үшін шексіз еңбек, толағай мейірім, есепсіз махаббат үлкенге құрмет, кішіге ілтипат жасау, жетімнің маңдайынан сипап, жалғызды демей жүру қажет секілді.

Сонда ғана «БАҚЫТ» деген қасиетті ұғым, әркімге қона бермейтін көгершін сенің жүрегіңе келіп ұялайды. «Бақытты болғың келсе, ешкімнің бақытын қызғанба» деген сөз содан қалған.



(Мағазбекқызы С.//Алматы ақшамы, 05.2012)

3.

Бақыт жайындағы толғаныс заманалар бойы еш уақыт тоқтаған емес, ол туралы ойланбаған, жазбаған ғалымдар мен хакімдер кемде-кем. Өйткені, бақытқа жету – бар адамның арманы. Патшалар өздерінің зәулім сарайларында бақытты болуға бас қатырса, кедей-кембағалдар лашықтарында өз ойындағы бақытсыздығын күрсінуімен білдірген.

Бірақ, сол патшадан жай адамдарға дейін әрқайсысы өз бақытын табу жолында мына өмірдің сан қырлы соқпақтарынан өтуге бел шеше кірісіп, қаншама тауқымет көрсе де күдіксіз алға ұмтылумен болады. Бұл ұмтылыс сол адамның зады бақытсыз болып қалмау үшін жасаған талпынысы еді.

Тарихта талай адамдар бақыт іздеп өмір сүрді. Олар бақыттың не екендігін түсінбегендіктен, оны жоқ жерден іздеді. Олардың іздеп жүрген бақыты материалдық талаптарымен байланысты болғандықтан қанағаттан-дырмады, яғни олар үшін бақыт – шөл жазирадағы сағымдай немесе көзге көрінбейтін, дауысы естілмейтін аты бар да заты жоқ құстай сезілгендіктен, сан-сыратқан сезім жетегінде ел мен жер кезіп, әуре-сарсаңға түсумен болады.

Негізінен, бақыт та, байлық та мол мал-дүниеде деушілердің саны басым. Олар: «Бақыт адамның басына қонады, соны ұстап қалса, ие болса тұрақтап қалады»,- дейді. Және келіп, бұл сөздерді санадағы тұғырынан тайдырып байлыққа, кәсіпке, шат-шадыман тұрмысқа байланыс-тырып айтады. Алайда, кәсіп те, өнер де өз мәресіне жеткен, байлыққа да белшесінен батқан, тұрмыс жағдайы күн санап артқан кісілердің немесе осындай қоғамдық ортаның көбіне-көп рухани тоқырауға түсіп, бір түрлі көңілсіз күйде қалғанын да көрдік. Солардың ішінен осы бір тынысты тарылтып, адамның тәнін ғана рахаттандырып, жанын ұмыт-тыратын бей әдеп қылықтармен рахат өмірдің жолын іздейтін де болады. Өйткені, олар дүниеде алға қойған мақсаты мен арманына жеткеннен кейін де ешбір байлықпен өлшенбейтін, рухани аса қымбат нәрселердің бар екенін сезген.

Демек, мал-дүниенің көбейіп, киімнің бүтін, қарынның тоқ болуы бақытты болудың алғы шарты саналмайды. Аллаһ тағала мал-дүниені жанындай жақсы көрген және сол жолда жанын беруге бейіл, Аллаһқа деген сенімдері тұрақсыз мұнафиықтар (екі жүзділер) туралы Құран Кәрімде былай деген: «(Мұхаммед (с.ғ.с.!) Онда сені олардың малдары, балалары таңырқатпасын, шынында Аллаһ, ол арқылы оларды дүние тіршілігінде азаптауды және қарсы болған бойда олардың жандары шығуын қалайды» («Тәубе» сүресі, 55-аят). Расында да солай. Байлықты өмірдің сәні мен мәніне балап жүргендердің сол еңбегін, уақытын сарп етіп, ыстығына күйіп, суығына тоңып жүріп тапқан мал дүниесінің қамы үшін күндіз-түні шапқылап жанын қинауы, түндерде жүрегі тыншып ұйықтай алмауы, күндердің күнінде банкротқа ұшырай-мын-ау деп уайымдауы, қуанышынан гөрі қайғысының артуы т.б. бәрі де бұл дүниедегі көрер азаптарына жатады.

Адами өмірдің басты мақсаты байлықта дейтіндердің әр уақыт рухы өшкен, көңіл-күйі қалыпсыз, ашушаң келеді. Бірақ, мұндай адамды аз мал-дүние бай етпейді де, ал қанша көбейсе де тойғыза алмайды. Яғни, азға қанағат, көбіне шүкір демейді. Сондықтан да, халқымыз: «Адамның көзі (әсіресе жүрек көзі) топыраққа ғана тояды»,- деп бекер айтпаған.

Қазіргі таңда біз білім мен ғылым-техниканың таңғажайып жетістіктерінің жемісін көріп, тұрмысымызға бұрын-соңды болмаған қолайлықтар, жаңалықтар қосылуда. Бізге алыс жер жақындап, қиын іс оңайлап, көмескі нәрселер көрінетіндей болды.

Тіпті, көптеген дамыған елдер мен ірі қалалардың кейбір тұрғындары базардан өзіне керекті нәрселерді компьютер сайты арқылы есептесіп ала беретін деңгейге де жетті. Олардың ғылым-техника саласындағы жетістіктері мен тұрмыс өзгерістері есепсіз деуге болады.

Бірақ, олар осы үшін өзін бақыттымын деп айта ала ма? Себебі, адам табиғатындағы барлық талаптарды бір ғана материалдық тұрғыдан қанағаттандыруы мүмкін емес. Аллаһ тағаланың адам баласының игілігіне берген жер бетіндегі тыныс-тіршіліктен, өрелі тұрмыстан іші пысып, зерігіп басқа планеталарда өмір сүргісі келетіндердің ұшырасуы да осының айғағы. Әрине, көмескіні білсем, құпияны ашсам дейтін пенделік қызығушылықтың дұрыстығы күмәнсіз. Білімге құштарлық пен ізденуді тоқтату адам табиғатына үйлесімсіз екені белгілі. Тарихта талай ғалымдар өздерінің көз майларын, жүрек қандарын, дене қуатын сарқа жұмсап, білім, ғылым жолында ізденіс жасады. Адамзаттың игілікке кенеліп, бақытты өмір сүрулерін аңсады.

Бірде дүниенің ұстазы атанған, даналығымен, данышпандығымен аты шыққан Аристотель өз достарымен бақыт туралы пікір алысады. Сонда достарының бірі: «Материалдық жақтан тәркі дүниелікке салынып, жан рахатынан безініп, нәпсіден біржола тыйылу – бақыт саналады»,- дейді. Және бірі: «Адам қуаныш сезінген нәрселердің барлығын пайдалану. Мысалы, музыка, ішіп-жеу, ойнап-күлу, сұлу сылқымдармен көңіл көтеру ең зор бақыт»,- деп алдыңғысына қарсы пікір айтады. Сонда Аристотель тұрып былай дейді: «Жалпы адамзат бақыты ақыл-парасатқа толы ісімен толымды тірлік барысында өмір сүреді. Адам дәл осындай бақыт ішінде ғана өзін әйгілеп, өмірін әрлендіре алады. Ол өз-өзіне қойған: «Не нәрсе ақыл парасатқа толы амал мен толғамды тірлік бола алады?»- деген сауалға былай деп жауап береді.

– Біз мүмкіндіктің барынша өміріміздегі ең қымбатты рухани құндылықтарға сүйеніп өмір сүруіміз керек. Ақыл – әрбір адамның қасиетті, адамдағы ең берік, ең ардақты. Сондықтан саналы адам үшін ақылға үйлесімді тұрмыс ең тамаша, ең мерейлі деп есептеледі. Өйткені, басқа әрқандай да бір тіршілік иесімен салыстырғанда адамды адам санатына қосатын – ақыл. Сол себепті, ақылға құрылған тұрмыс ең бақытты болмақ. Енді, әркім өзін ақылды, дана санайтын заманда нағыз ақыл иесін қалай пайымдауға болады?



Сөзімізді түйіндер болсақ, бақытқа материалдық көзқараспен қарауға болмайды. Өйткені, ол көзбен көріп, таразымен өлшейтін нәрсе емес, оны байлықпен яғни, теңге, не доллармен сатып алуға тіпті, де болмайды. Бақыт сырттан келмейді. Ол адамның ішкі жан дүниесінен туындайды. Көңіл-күй шаттыққа толып, жүректің жылуы артып, тән тазарып, ар-ұждан ақылмен санасып, ақыл жүректің әмірін тыңдап, ал жүрек Аллаһтың әміріне бойсұнып, иман нұрына бөленген кезде адам нағыз бақытқа кенеледі. Бақыт – шынайы ниет. Шын ықыласыңызбен қол жайып тілеген тілектің қабыл болуы. («Ислам және өркениет» газеті)
*** *** ***

Өзіңсің – басыма құт, қосыма құт,

Өзіңсің – жасыл уақыт, асыл уақыт.

Сапарда жүргенімде сарғайып мен,

Сағынып күте білсең, осы – Бақыт!
Әлдиле, Махаббатты, асыра, күт!

Оған тіл тигізбесін тасыр уақыт.

Күйзеліп жатқан кезде, бас жағымда

Күзетіп отырсаң сен, осы – Бақыт!
Кім демей, аталғанда досым аты,

Отырсаң ақылыма қосып ақыл...

Бір қора жолдас ертіп келгенімде

Қарсы алсаң күлімсіреп, осы – Бақыт!
Біреулер жүр ғой сырттан досын атып,

Қорықпа, күдіктенбе шошыма түк.

Мен жайлы айтылған бір қаңқу сөзге

Сенбесең, иланбасаң, осы – Бақыт!

(Мырзалиев Қ.Үш томдық шығармалар жинағы. Алматы: Жазушы. -1989.-Т.2. Домбыра. Алақан:Өлеңдер. - 432 бет. 82-бет)
БАҚЫТ ТУРАЛЫ ОЙ

Бақыт деген не өзі?!

Бақыт деген не өзі? – деп, бастады топ таласты.

Бірі оны үйден іздеп, бірі қырдан әрі асты.

Бірі айтады:

Бақыт деген барлық байлық емес пе,

Керегінше киіп ішсең, бақыттысың  да емес пе.

Бірі айтады: Жоқ,

Бақыт деген қолың жетпес мансап қой,

Жұрттан гөрі жүрсең ерек, соның өзі жақсы-ақ қой.

Бірі айтады:

Бақыт деген, бақыт деген,

Жүйрік мініп, той тойлап,

Әсем болмай, күйбеңменен, қарын тойса, карта ойнап.

Бірі айтады:

Бақыт деген адал жар мен перзент қой,

Ынтымаққа ырыс келген,

Ол да соған ермек қой.

Пікірлердің таласына осылай мен жолықтым,

Бақыт адам баласына келмес оңай, соны ұқтым.

Безбеймін мен баладан да, байлықтан да, жардан да,

Мансап жетпес бар адамға үлестіріп алғанда.

Үміт үзбей іздейді олар, таңдап сол бір жақұтты,

Оны алыстан іздемегін, жүректен тап бақытты.

(Есдәулет Ұ. http://www.kuttybolsyn.kz/)
 ЖАДЫҢДА САҚТА!  

ЕЙ, АДАМ . . .

Ей, адам! Өзіңді өмірдің қуаныштарынан және сый-сияпаттан айырмау үшін жоғалтқаныңды ойлап, уайым-қайғыға салынба, босқа қасірет шекпе. Мұндай жағдайда сен танып-білуге және алдыңа қойған мақсатыңа жетуге қажетті қуат-күшіңді әлсіретіп аласың.

Пифагордың айтқанына сүйенсек, екі түрлі іс-әрекеттен адамның бейшаралығы және дәрменсіздігі байқалады: Біріншісі — пайдасыз іс жасау және ол туралы көп әңгімелеу. Екіншісі — өзінен сұралмаған іс жайлы көп әңгіме шерту. Егер шешеннің сөйлеген сөзі алтын болса, онда үнсіздік — інжуге орнатылған лағыл.

Егер алдап түсіру үшін құрылған торды көріп тұрып, оны болдырмауға тырыспасаң, сен алдауға қатысушы әрі сатқын болып есептелесің.

Ей, адам! Сені адамдар арасында жала жапқыш, өсекші, шағыстырғыш, бейпіл ауыз және жылпос ретінде танытуы мүмкін іс-әрекеттен жалтарып, бойыңды аулақ ұста.

Істі шешу кезінде ешқашан алдап-арбау мен қулыққа барма. Бұл кесірлі қасиеттерді адамдармен араласудың, өзіңнің тілегің мен талабыңды қанағаттандырудың, мақсатыңа жетудің құралына айналдырма. Өмірлік көзқарас: «Өтірік деген нәрсе үмітке деген сенімді өлтіреді»,- дейді. Бұл — жоққа шығарыла алмайтын қағида. Ендеше, өтіріктен аулақ бол.

Шектен тыс көп және жиі ант берме. Құдайдың атын ант берген кезде немесе әңгіме арасында ауызға ала берме. Әйтпеген жағдайда Құдайдың қаһарына ұшырайсың да, атақ-даңқың мен игі істерің зиян шегеді. Абыройлы және ақ-адал атың ұмытылады да қалады.

Сенің алға қойған мақсаттарыңа жетуіңе кедергі келтіретін ең қауіпті дұшпандарың - арақ, темекі, есірткі. Бұлармен өміріңнің ешбір кезеңінде дос болма.

Ей, адам! Жиындарға қатысушылардың, ғалымдардың және білгір, зерделі азаматтардың арасындағы өзіңнің орныңды және шамаңды біл. Мәжіліске қатысушылардың арасындағы өз орныңды белгілеген кезде әділеттілік, теңдік және кішіпейілділік тәртібін сақта. Басқаға лайық орынға көз тігіп әуре болма. Дінімізді жетік меңгерген жандар былай деп жазған: «Алла Тағала өз орнын білетін және оны бұзбайтын адамдардың күнәсін кешіреді».

Ақылыңның күшінен және қарапайым пайымдауыңнан сенің барлық істеріңнің сұлулығы, олардың ашық та орасан зор пайдасы байқалып тұрады.  Ardaktylar.kz»)
«МАХАББАТ, ҚЫЗЫҚ МОЛ ЖЫЛДАР» (ҮЗІНДІЛЕР)

1. Махаббаттың алдында жазда алыстан көзге шалынған таудай мұнартып, әрқашан екі мақсат тұратыны аян. Оның бірі табиғи тілек те, екіншісі сана мұраты болмақ. Табиғи тілек дегеніміз қыз бен жігіттің бір-біріне қызығып, құмартуы түрінде білінеді, нәпсіге тіреледі. Ал, сана мұраты жігіттің қыздан немесе қыздың жігіттерден өзімен ойы тең, ақылы сай, бір-бірінің қуаныш-реніштеріне өмір бойы ортақ болысып, мұң шағып, сыр шертіп, шер айтысатын, жанымен жаны үндес адам іздеуі, бірін-бірі шексіз сүйетін жан тауып, соған қосылып, қосылған соң бірін-бірі өле-өлгенше қадірлеп, құрметтеп өтуге ұмтылуы. «Кімнің қаны махаббаттан тән ләззәтімен қоса рухани ләззәт алуға ұмтылса, тек соны ғана адам деп бағалаймыз» дейтін Бальзак сөзінің мәні осы арада айқындала түседі.

Қызқұмар жігіттің (немесе керісінше) желөкпе, жеңілтек, қызыққыш, құмартқыш келетіні ежелден белгілі жай. Ондай адамдардың қысқа қызық, шолақ шаттыққа аңсарлары ауып тұрады да, бара-бара нәпсінің құлына айналады. Ондай жандар өздерінің осы нәпсіқұмарлығын өзгеге махаббат деп ұсынады. Бірақ шынайы махаббат пен құмарлықтың екеуі екі басқа. Құмарлық көбіне аңшыға тән қасиет. Аңшы көрген аңын құтқармауға тырысады. Ол көк ала қанат үйректі сүйгеніне емес, соған оғының тигеніне разы болады. Аңшыға шолақ сәттің қуанышы ғана қажет. Ал, махаббат мәңгілік қуаныштың туын ұстайды.

2. Кей қыздар махаббаттың басты шарты сұлулық деп түсінеді. Неғұрлым жігіттерге сұлу боп көрінсем, соғұрлым махаббатта жолым болады деп есептейді. Сондықтан ондайлар бетін бояп, қасын күзеп, кірпігін «ұзартып», ернін қызартып, әлек болады. Жақында трамвайда сондай бір қаракөз қызды көрдім. Қасты қырып, оның орнына бір сызық қара бояу тартыпты. Сол бояуды көзінің құйрығына да жағып, оны және «ұзартып» қойыпты.

Бетіндегі баттасқан бояуды былай қойғанда, қасының орны мен көзінің құйрығынан қатарласа сызылған жаңағы екі жіңішке сызық көлденең адамға жыланның айыр тіліндей танылып, сүйкімсіз әсер етеді. Қыздың онда шаруасы жоқ, «Мен сұлумын, маған сұқтана қараңдар» дегендей жағын таянып, орындықта сіресіп отыр. Оның қасына қарт ана келіп, түрегеп тұрды. Қыз кішілік жасап, үлкенге орын берер деп ойлап едім, бірақ өйту оның кәперіне де келмеді. Біреу қызға қолын созып, қасындағы кассадан билет жыртып әперуді өтінді. Сұлу адам сыпайы болуға міндетті еместей-ақ, ол міз бақпастан теріс айналып, терезеге қарап кетті.

Мұндай қызға қандай жігіттің ғашық боларына таң қаласың. Табиғаттың өз бояуы бойында тұрған уыздай жас қыздың жалпақ жұртқа деп шығарылған қайдағы бір жасанды бояуды жағып, сұлу боп көрінуге тырысуы келіспейді-ақ. Көп қыздардың ішін сұлуламай, тек сыртын сұлулауға тырысуы өкінішті. Қыз қанша боянғанымен саналы жігіт оған салғаннан құлап түспесе керек қой. Қызға ажары үшін ғана емес, адамгершілігі үшін ғашық болмай ма? Ғашық адам сүйгенінің бойынан сұлулықтан басқа да асыл қасиеттер іздейді. Ол қасиеттер: ақылдылық, адамгершілік, сыпайылық, сыйластық, еңбексүйгіштік болса керек. Жалқау қызға жан жоламауға, еріншек қызды ер алмауға тиіс. Мұның растығына көптеген мысалдар бар. Еңбекте үздікті сүйеді. Оқуда озықты қалайды. Қай қыз жұмысты жақсы істесе, жұмысшы жігіт соған ұмтылады. Қай қыз сабақты жақсы оқыса, студент жігіт соған қырындайды. Нашар оқитын қыз өзін сүйікті етіп көрсетуге тырысады. Жігітті де қыз танауы үшін емес, таланты үшін сүйеді. Еріншек жігітке ешкім қарамайды. Ендеше махаббаттың басты шарты сұлулық емес. Сұлу деп қазақта көрікті әйелді айтады. Ал көркінің үстіне ақыл-парасаты мол әйелді ару деп атайды. Өмірде сұлу көп те, ару аз. Ауыз әдебиетінде ару бейнесіндегі Құртқа, Қарашаш, Меңдісұлу сияқты қыздар ғана суреттеледі.

3. Кейбір жігіттер «мен пәленшеге бір көргеннен ғашық болдым» деп соғады, ал «бір көргеннен ғашық болу» ешбір қисынға келмейді. Бір көргенде қыздың ұнауы немесе оның жігіт қиялындағы өзі мұрат еткен әйел бейнесіне бір жері (беті, аузы, көзі, мұрны, шашы, т. б.) ұқсауы ықтимал. Сол ұксастық жігіт жүрегіндегі құмарлық сезімін лап еткізеді де, ол енді қыздың қалған қасиеттерін өз ойындағыдай етіп, қиялмен жобалай жөнеледі. Осыны ол «бір көргеннен ғашық болдым» деп түсінеді. Бұл шындық емес. Өйткені, бір көрінген қыздың басындағы қасиеттер оған қараған жігіттің көңіліндегі бейнеге қаншалықты ұқсайтынын бірнеше көргеннен кейін ғана анықтауға, сонда оның көп белгілері сәйкес келмейтініне көз жеткізуге болады.

Ұлы Отан соғысына дейінгі біздің ауыл бозбалаларының көпшілігінің арманы аққұба өнді, ақ жүзді жар еді. Өйткені онда әйел жөніндегі біздің мұратымыз фольклордан, ақындардың өлеңдерінен қалыптасты. Біз үшін ол кезде дүниедегі ең сұлу әйел Қыз Жібек болатын. Ал, қиссада ол былай суреттелетін:

Қыз Жібектің ақтығы

Наурыздың ақша қарындай...

Көкейде қалыптасқан осы бір жақсы жар мұратын Абайдың «Білектей арқасында өрген бұрым», Ақан серінің «Аққұба қатын алсаң бойы сұңғақ» дейтін өлеңдері және толықтыра түсті. Сөйтіп олар танадай жалтылдаған қара көзді, қардай аппақ қызға шықты, сондай жарға қолымыз жетсе деп арман етті. Соғыстан кейін олардың бірсыпырасы жар сүйді. Бірақ көбінің көңілдегі мұраты алған әйелдерінің мүсінімен үйлескен жоқ: «наурыздың ақша қарындай» ақ қыз орнына қараторы, бидай өңді, қызыл шырайлы, ақсары, шикілсары келіншектерге ие боп шыға келісті. Тіпті олардың бойлары да әр түрлі: сұңғақ, орта, тәпелтек; көздері де әр түсті: қоңыр, шегір, көк болды. Енді олар мұраттарын алған жарларының мүсініне лайықтап, қайта қалыптастырды. Осы арада олар өздерінің бұрынғы мұраттарының мол пішілген киімдей олпы-солпысын да көрді, кемшілігін де білді. Егер жарыңның жаны жақсы, адамгершілігі биік болса, оның «ақтығы наурыздың ақша қарындай», ал көзі «аласы аз, қара» боп келуінің тіпті де қажеті жоқ екенін ұқты. Менің құрдастарымның балалықпен тағы бір білмегендері жарымыздың бойы Ақан айтқандай сұңғақ болса деп армандауы болыпты. Енді қарасақ, олардың бәрінің өз бойлары орта, тәпелтек, бәкене екен. Ал өзің тапал, жарың биік болса, онда қандай жарастық болмақ? Жігіттер оны да байқамапты. (Әрине, өмірде ұзынды-қысқалы боп та жұптаса береді. Бұл қосылушы екі адамның көңіл жарастығына байланысты).

4. Махаббатты өзенге емес, көлге емес, тек қана теңізге теңестіруге болады. Теңіз сияқты мұның да бетінде тулаған толқындар жүреді, түбінде ғажайып сырлы тереңдік жатады. Адамның жыныстық соқыр сезімінен туған сусыма жүйрік тілек толқынға ұқсаса, шын санадан шыққан жан тебірентер жақсы мұрат, асыл арман тізбегі махаббаттың тереңдігін танытады. «Бір көргеннен ғашық болу» деген сөз де сол «толқын» іспеттес, ол тән құмарлығынан туған, жалт етпе сезім ғана. Алғашқы лап еткен сәтте оның күшті боп көрінуі де ықтимал. Бірақ бұған қарап алданып қалуға болмайды. Тән құмарлығы алдамшы, өткінші, тұрақсыз сезім. Онда шынайы махаббатқа лайық тереңдік жоқ. «Бір көргеннен ғашық болдым» дегеннің өзі-ақ ол сезімнің таяздығын танытады, көре сала соны құшуға құмартқан жүгенсіз, ұшқыр тілекті көрсетеді. Теңізді бірінші рет көрген адам оның суының ащы немесе тұщы екенін, астында не барын бірден білмейді. Мұны теңізге түсіп көріп, түбіне талай сүңгіген адам ғана айта алады. Сол сияқты бір көргеннен адамның бойындағы барлық адамгершілік қасиетін аңғаруға болмайды. Оны анықтамаған соң ғашық болу да мүмкін емес. Ендеше «Сізді бір көргеннен ғашық болдым» деген сөзге сенудің орны жоқ. Олай деп оңай «олжа» тапқысы келген қу жігіттер мен шын сезімнен хабары жоқ, жасөспірім, бейкүнә қыздар ғана айтуы ықтимал.

Сонымен, «бір көргеннен ғашық болу» деген - ұшқары сөз. Бір көргеннен тек қана ұнатуға, қызығуға, құмартуға болады. «Құмарту — ғашықтық емес. Адам жек көре тұрып та құмарта береді» (Ф. Достоевский). Ал, бірсыпыра жастар бірін-бірі ұната сала: «Бітті, біз ғашықпыз!» деп есептейді. Сөйтіп, қолма-қол сүйісіп, сүйкенісіп жібереді. Көзді ашып жұмғанша ерлі-зайыпты боп та шыға келеді. Олар мұның шынайы сезім емес екенін артынан аңғарады. Содан соң бір-бірімен айтысып, ажырасып әлек болады. Мұндай күйге душар болмас үшін жастар тез қауышуға құмартпауы керек. Ұзақ сөйлесіп, сыйласып, сырласып, әбден біліскеннен кейін, шын сүйетініне, бірігіп, жарасты өмір кешетіндеріне анық сеніскеннен соң ғана бір-біріне ләззат құшақтарын ашса абзал. Кіршіксіз, таза махаббаттың тәттілігі де сол болмақ. Қыздар бос күйеу тапқанына емес, дос күйеу тапқанына қуануы қажет. Жігіттер кино, театрға бірге баратын жолсерік қана емес, жан серік тапса ғана Бақытты. Осылай жұптасып, зайыптылық өмірдің алтын босағасы — достық пен махаббатты берік ұстаған берекелі семьяны ғана көрші ұнатады, қоғам құптайды.

5. Махаббат ұшқыны дананың да, даңғойдың да жүрегіне түседі. Біріншісінің жүрегіне түскен ұшқын махаббаттың маздаған мәңгілік отын тұтатады; соңғысына түскені - мұз үстіне лақтырған қызыл шоққа ұқсайды. Шын махаббаттың шырғалаңы да болады.

Махаббат мәңгілік болуы үшін, оның оты өшпеуі үшін оған жұп боп қосылған екі жақ кезек «тамызық» тастап отыруы парыз.

Мұның өзге ешбір математикалық формуласы жоқ. Махаббатта бір-ақ формула бар, ол — тұрақтылық. Махаббаттың да досы мен қасы бар. Досы: ұят, ар, борыш. Осы үшеуін ренжітпей, өзіне сенімді серік еткен махаббат қана зайыптылық заңына берік болады. Қасы: ашу, қызғаныш, кикілжің. Осылардың әзәзілі — арақ. Жас жұбайлардың бірін-бірі сүйіп қосылуымен іс бітпейді. Олар қосылғаннан кейін де өз махаббатын гүлдей мәпелей беруі тиіс. Сүйіктісін қуантуға тырысу, соны риза етерлік бір нәрсе істеуге ұмтылып отыру — мәпелеудің бір түрі осы. Сүйгеніңнің көңілін қалдырмау үшін оның тілегін мүлтіксіз орындау да ғанибет.

Сайып келгенде әр адам — өз махаббатының бағбаны. Солып қалмауы үшін қай гүлге қашан су құю керектігін бұлжытпай білетін бағбан тәрізді, адам да өз махаббатының үнемі жайқалып тұруына тынбастан жағдай жасап отыруы тиіс. Бұл үшін ерлі-зайыптылардың әрқашан да бір-біріне құштарлығы, шексіз сенімі, әлдеқалай іште бас көтерген қызғанышты сыртқа шығармай, сабырмен жеңуі, ағат айтылған сөздерді кек тұтпауы, кешірімділігі, өзара қалтқысыз қамқорлығы, сыйластығы, ашуды тежеп, нәпсіні тыйып ұстауы қажет. Бір сөзбен айтқанда, өздерін тәртіппен ұстай білген зайыптардың махаббаты ешқашан өшпек емес. Сонда ғана ерлі-зайыптылар арасындағы жарасты махаббат үйге нұр, ұяға көрік береді, тұрмысқа ажар, көңілге базар орнатады. (Нұршайықов Ә. Махаббат, қызық мол жылдар. - Алматы: Атамұра, 2002.-360 бет. 341 -344-беттер)
*** *** *** ***

Мына әлемге керек ауа, керек күз.

Әттең, шіркін, біз жай ғана терекпіз.

Мені біреу сүйсе деймін жай ғана,

Мені біреу сүйсе деймін себепсіз.

 

Сүйсе деп ем қыңыр-қисық қалпыммен.



Салыстырмай гауһар, күміс, алтынмен.

Сұп-суық деп ойлайды екен оны да

Тым сезімтал жұбай болар қар кіммен?

 

Сүймесе екен ұнаған соң кескінім,



Және көңіл көтерген соң кешқұрым.

Сүймесе екен қалмаған соң ешкімі,

Сүймесе екен қажытқанда ескі мұң.

 

Күн егер де не болады күлмесе?



Бәрімізде жан қалмайды Күн десе.

Түнге ғашық адамдарға таң қалма,

Түнді неге сүйетінін білмесе.

 

Кетер едім құс боп ұшып дерексіз,



Кете алмадым жан секілді керексіз.

Мен біреуді сүйсем екен жай ғана,

Мен біреуді сүйсем екен себепсіз.

(Танакөз Толқынқызы. tanakz-tolynyzyny-le.html)
РИЗАШЫЛЫҚ

Тақырыбым «ұсақтау» - бала жайлы,

Әлдилеп ақ сүт берген ана жайлы.

Пәк сезімді жырлау да ескіріпті,

Қазір сөздің ірісін бағалайды.

«Көші – дедік - өмірді пасықтардың,

Махаббат - сандырағы ғашықтардың».

Жоғалды деп арудан нәзік қылық,

Жігіттердің сөз еттік жасықтарын.

Ал мен болсам ризамын ғұмырыма,

Гүл тағамын қызымның бұрымына.

Қарапайым жердегі ана тапқан

Ғашық болдым қазақтың бір ұлына.

Сүйдім қырдың гүлін де, жусанын да,

Жудым сәби жөргегін, қуыршағын да.

Ана болдым кәдімгі, мейірленіп

Тыпырлатқан тірлікті құрсағымда.

Отыратын жан-жарын тосып үйде,

Мазалайтын тірліктің көші кейде,

Мен әйтеуір халқымның бір қызымын,

Мына өмірді сүйетін осы күйде.

Қастерлеймін адал, пәк сезімді мен,

Ой кешемін, таң алды көзімді ілем.

Ірі сөзбен сөйлейтін кей пенденің

Ұсақ өмір кешетін кезін білем.

(Бақтыгереева А. http://www.kuttybolsyn.kz/)
АНА ТУРАЛЫ ЖЫР

Шәмші өзінің құдайдай сыйлап, жанындай жақсы көретін әкесіне ол өлген соң моласының басына үлкен кешене ғимарат салдырды. Ал өзін ақ сүтімен асыраған аяулы анасына арнап әннің ең асылын жазды. Ол – «Ана туралы жыр». Оның туу тарихы былай.

Жәмшид Шәмші атанып, композиторлық атағы шартарапты шарлап кеткенде, оның ғазиз анасы қайта айықпастай кеселге ұшырайды. Өзінің о дүниелік екенін айқын сезген ол Алматыдағы Шәмшіні шақыртады.

- Балам,- дейді кіреуке тартқан көздеріне қос тамшы үйіріліп. – Бұл өмірден жас кеттім демеймін, арманда кеттім деймін…Жазмыш маған келіннің қызығын көруді, немере сүюді бұйыртпады. Тағдыр солай да … Қайтейін? … Жалғыз тілеуім – сен аман бол… Бұл өмірде салған әнің айтылмай жатып үзілмесін. Ол әнің ұзаққа кетсін. Бақыл бол, балам.

Ананың ақтық лебізін естігенде ғана Шәмші өзінің отызға тақалып қалғанын, ән соңында жүріп үйлі-жайлы болуды да еске алмағанын бір-ақ білді. Бетінің ажары тайса да, көзінің нұры жоғала қоймаған анасы өзіне ұмсына қарағанда Шәмші бірден талай жасқа кері шегініп, өзін нәрестедей, сәбидей сезінген еді. Ойлап қараса, анасы оған әлемнің жарығын сыйлапты, даланың ең әсем гүлін жинапты, самсаған құстардың қанатын беріпті, мол дүниенің жаннатын ұсыныпты. О, ана! Ана! Бұл өмірдегі өзінің ең жақын, ең асыл адамынан мәңгілік айырылғалы тұрғанын сезген Шәмші оның ыстық төсіне басын қойып, еркінен тыс өксіп жылап жібергенін сезбей де қалды.

- Апа, қарыздармын саған … қарыздармын, апа! Сенің басыңа мавзолей орнату менің қолымнан келе қоймас. Бірақ, саған әсем әннің ең сұлуы, ең нәзігінен ешқашан ұмыт болмайтын ескерткіш қалдырамын … - деді Шәмші даусы үзілді-кесілді шығып, көз алдындағы бар дүние тұманға сүңгіп.

Бұл 1957 жылдың 4 қыркүйегі болатын. Шәмші анасына берген уағдасын 1961 жылы орындады. Осы жылы оның «Ана туралы жыр» деген әні дүниеге келді. Бұл ән – қазақ совет музыкасындағы ана туралы жазылған тұңғыш ән еді. Бұл ән – ана алдындағы ешқашан өтелмейтін борышын сезінген баланың егіле төгілген көз жасы еді. Бұл ән есейген ер жүрек ұланның бұл өмірдің теңізін адал кешуге берген анты еді. Бұл аналар туралы гимн еді.

(Бодықов О. Шәмші Қалдаяқов: хикаяттар. Алматы. «Шабыт» баспасы – «Дәуір», 1992. 112-бет. 31-32 -беттер)
*** *** ***

Бір жылы қыс қатты болып, мен екі күн кешігіп, үйге әрең жеттім. Қыстың қызыл күні батып бара жатқан болатын. «Түу» деген түкірікті жерге тигізбейтін қызыл шұнақ аяз кешке қарай одан сайын үдей түскен. Шана ауылға кіре бере мен өзіміздің үй жаққа көз жүгірттім. Біздің үйдің төбесінде, барлық ауыл үйлерінікі сияқты, екі мұржа болатын. Оның бірі пештікі де, бірі қазандықтікі еді. Сол екі мұржа маған шу дегенде үшеу болып көрінді. Шеткі екеуінен будақтаған түтін биікке көтеріледі. Апамның мен тоңып келер деп, күні бойы қазандыққа да, пешке де өртеп от жағып жатқанын ұқтым. Үшінші мұржа дегенімнің күні бойы мені қарауылдап жүрген апам екенін үйге жақындағанда бір-ақ білдім. Сөйтсем апам байғұс екі күн бойына күні-түні ұйқы-күлкі көрмей, осылай мені қарауылдаумен болыпты ғой.

Қақаған аязда үй төбесінде тұрған оның шашының бәрін ақ қырау басып, қасы, кірпігіне дейін аппақ болып кетіпті. Артынан:

- Апа-ау, мені тосамын деп аязда қатып қалсаң қайтесің?- дедім әзілдеп. Сонда апам былай деп шындап жауап берді маған:

- Сенің жолыңды тосып өлсем – арманым жоқ қой, құлыным, қызығым, көк пырағым, - деді. «Көк пырағым» деген сөздің мынадай мәні болатын. Мен жасымда жақсы оқып едім оқуды. Мектептен қайтқанда есіктен кірер-кірместен:

- Апа, бүгін бес әкелдім, - дейтін едім қозыдай маңырап.

- О, айналайын, менің жүйрігім, көк пырағым! – деп апам екі бетімнен кезек сүйетін еді еміреніп. Оның «көк пырақ» дегені өзіміздің колхоздың алдына мал салмайтын жүйрік көк бестісі болатын. Мені де алдына жан салмасын деп «көк пырақ» атаған болатын апам.

Апамның жүзіне көз салсам екі беті бал-бұл жанып, маған бар мейірімін төгіп, емірене қарап қалған екен. Ондай мол мейірді тек күн ғана көктемде жер бетіне төге алар еді. Оның қоңыр көздерінен шашыраған махаббат ұшқыны апамның мен үшін неге болса да, ең әрісі өлімге де әзір екенін танытып, ұқтырып еді маған.

Апамның осы сөзін естіп, бетіне қарағанымда неге екенін білмеймін, жүрегімнің бірінші рет кеудемді теуіп, бүлк ете түскенін сездім. Сыртқы дүние емес, өз ішімнен ондай үн, дүрс еткен дыбыс естимін деп ешқашан да ойламаған едім. Бәлкім ол баланың анаға деген шексіз махаббатының тұңғыш оянуы шығар. Сол жайлы жүрегімнің санама жеткізген алғашқы хабары болар бұл. Әйтеуір содан кейін мен қайда жүрсем де апамды ойлап жүретін болдым. Алыста жүрсем жиі-жиі хат жазып, ыстық-ыстық сәлем жолдау айнымас әдетіме айналды. «Сенің жолыңды тосып өлсем – арманым жоқ, құлыным, қызығым, көк пырағым» деген сөздер, алыстан берілген айқын дабылдай болып, құлағымда мәңгі сақталып қалды. Осы сөздер ойыма түссе-ақ біздің аласа үйіміздің ортасында шынардай тіп-тік болып, маған күн нұрындай шексіз мейірін төгіп, елжірей қарап тұрған апам көз алдыма елестеп, жүрегім жібіп сала беретін.

Есіл апам, ер апам! Тағы қандай істерің бар еді есімде қалған? Көп қой, көп. Сенің маған деген аналық қамқорлығыңды ойлап тауыса алармын ба, айтып жеткізе алармын ба мен? Жоқ, жеткізе алмаспын ешқашан? (Нұршайықов Ә. Махаббат жырлары. – Алматы: Санат, 2009. – 2 том.- 480 бет.22-23-беттер)


АНА

Бәрі де, Ана, бір өзіңнен басталды:

Сен деп жаздым алғаш өлең дастанды.

Қуандым ба?

Өзің бар деп қуандым.

Жыладым ба?

Өзің жоқ деп жас тамды.

Бәрі де, Ана, бір өзіңнен басталды:

Жанарыңнан көрдім алғаш аспанды.

Еркелесем, бір өзіңе еркелеп,

Жасқандым ба?

Тек өзіңнен жасқандым.

Алғашқы дәм - ол да сендік сүт еді,

Ақ сүт берген қашанда үміт күтеді,

Отанымның өзі сенен басталып.

Жауларыма жеткен жерден бітеді!

*** *** ***

Асыл ана, сен асырап,

Адам болды үміткерің.

Өзіңдей-ақ болар, сірә,

Жігіттің де жігіттері!

Білектей қос бұрымыңды

Бір-ақ өріп аптасында.

Сонау жаны сірі күнде

Жүрдің құрмет тақтасында.
Бірер минут үзілісте

Басып жүрек діріліңді,

Екі адамның ісін істеп,

Әрең бақтың бір ұлыңды.

Көңіл жыры азды күні

Келмей қойды нақышына.

Алып жұмыс саулығыңды,

Ауру берді ақысына.
Бірақ дұрыс сөкпегенің,

Көрген аз-мұз жәбір болса.

Өмір жаман өтпегені

Қарыздарың - Өмір болса!

(Мырзалиев Қ.Үш томдық шығармалар жинағы. Бірінші том. Өлеңдер мен поэма. Алматы: Жазушы. -1989.-445 бет. 85, 89-беттер)

ӘКЕМ МЕНІ АППАҒЫМ ДЕУШІ ЕДІ

Өз ұғымымда әкем үлкен қасиетті кісі болатын. Өзіне тән қарапайымдылығымен, әзіл-қалжыңымен ерекше болып көрінетін. Көп ақынға тән мақтану, көлгірсу, менмендік әкеме жат қасиеттер еді. Ол үнемі қарапайым болып жүретін. Жаны адал, ақкөңіл, сезімі пәк еді.

Әкем өте балажан адам еді. Балаларының бәрін де жақсы көретін.Үлкен апам Әйкенді «Менің ақылшым, сүйенішім», - деп үнемі үлкен кісімен сөйлескендей ақылдасып жүретін. Одан кейінгі Қарлығашты да еркелетіп, ерекше жақсы көретін. «Ақ көгершінім» дастаны әкемнің балаға деген нәзік сезімінің куәсі десе болғандай. Ағам Мағжанды «Ақ Мақа» десе, маған тете апам Тоғжанды «Ақ Тоқа» деп еркелететін. Әкем үшін бәріміз де аппақ болып көрінуші едік.

Әкем мені де аппағым, ақ қызым деуші еді. Қайда барса да, қасынан тастамай алып жүретін. Кейін, мектепте оқып жүрген кезімде, қонаққа баруға ұялып, өзім бас тартсам да: «Баламды ұнатпаған адам мені қонаққа шақырмай – ақ қойсын!» - деп ертіп кететін. Әкем ұйықтар алдында Мағжан мен Тоғжанның маңдайынан сипап, менің басымды иіскеп барып төсегіне жататын. Мені «Саидокдок –док» деп мейірленетін. Балаларының бәрін де тең ұстаса да, кенжесі болғасын ба, мені қатты еркелететін. Маған арнаған өлеңінде:

Бәлкім, ертең де еркелетер?

Сенемін!


Төбесіне тік көтерер сені елің,

Жалауындай алыс жүрер кеменің, - деген еді.

Әттең, мектеп бітіргенімді де көрмей кететінін қайдан білейін? Тағдырға дау айту қиын ғой...

Ол біздің ешқайсымызға да дауыс көтеріп, ұрысқан емес. Бәрімізді де еркін тәрбиеледі. Өзі де бір нәрсеге қуанғанда, бала сияқты болып кететін. Балаларымен балаша ойнап, мәз болатын.

Әкемнің балаларына ат қоюы да қызық әңгіме. Анам екеуі қосылғаннан кейін ол үш қызына ат дайындап қойыпты. «Бұйырса, үш қыздың әкесі боламын», - деп Әйкен, Бикен, Назкен деген аттарды дайындапты. Әйкен дүниеге келді, одан кейінгі Назкен сегіз айлығында қайтыс болды. Назкеннен кейінгі қызды Бикен деп қояйын дегенде, жолдастары: «Аттарды ұйқастыра берсе, ұл болмайды»,- деп айтқан соң атын Қарлығаш деп қойған екен. Қарлығаштан кейін дүниеге келген жалғыз ұлына сол кездері атын атауға да қорқатын, қазақтың тамаша ақыны Мағжан Жұмабаевтың есімін береді. Мағжан 1965 жылы қаңтар айында дүниеге келді. Қазір ойласам, батылы барып ең алғаш Мағжан деп ат қойған менің әкем екен. Мағжаннан кейін туған қыздың атын қоюға анамның билігі келіпті. Әдебиетке жаны құмар анам қызының атын Тоғжан деп қойыпты. Менің атымды да қоюға үлкен талас болған көрінеді. Бәрі таласып, өз аттарын ұсынып жатқанда, үлкендердің қасында ойнап жүрген 5-6 жасар Әбіш Кекілбаев ағаның баласы - Әулеттен: «Қане, сен қандай ат қойғың келеді? » -деп сұрапты. Сонда Әулет: «Саида» деген екен. Сөйтіп, менің атымды Әулет аға қойып, кіндік шешем Әбіш ағаның анасы – Айсәуле әжеміз болыпты.

Әкем анамызды өмір бойы құрметтеп өтті. Анам екеуінің махаббаты жайлы жыр қылып айтады. Ол әкемнің өмірлік серігі ғана емес, қамқоршысы, күтушісі, адал досы болды.

Қайтарынан бір жыл бұрын әкем: «Қызым, сенен үміт күтіп, қазақша мектепке бердім, енді өзің талаптанып, күнде істеген әрекеттеріңді жазып, күнделік аш. Мен оқып, кателіктерін түзетіп тұрайын» - деп еді. Бір-екі айдай күнделік жүргіздім, әкем үстінен қарап отырды. Өкінішке орай, ол күнделігім көп қағаздың ішінде жоғалып кетіпті. Әлі күнге дейін: «Сол кезде неге ұқыпты болмадым екен?» - деп өкінемін. Әкемнің өз қолымен берген, ақжол тілеген аманаты емес пе еді ол?! Әлде менің әлі талай жазатын күнделігімнің бірі ғой деп селқос қарағаным ба? Білмеймін. Әкем дүниеден тым ерте кетеді деп кім ойлаған? Иә, ерке едім, әкем мені өмір бойы төбесіне көтеріп, еркелеріп өтердей еді. Ажал тырнағына ерте ілігетінін қайдан білейін?

Әкемнің домбырасына, тартқан күйлеріне мұрагер болып, жалғыз ұлы Мағжан қалды. Ал әкемді ақын, суреткер ретінде зерттеу – менің парызым. Кезінде ол маған үлкен үміт артып еді, сол үмітін ақтасам – арманым жоқ.



(Жұмекенқызы С.//Жалын, № 11, 2008)
ӘКЕМ ТУРАЛЫ СОҢҒЫ СӨЗ

Менің әкем сексен жетіге қараған шағында бір мың тоғыз жүз сексен үшінші жылы сентябрьдің төрті күні дүние салды. Сентябрьдің жетісі – сәрсенбі күні жамбасы жерге тиді. Соңғы отыз жылда қыс айларының денін қалада, бізге келіп өткізетінді. Бірақ кейінгі үш-төрт жылда жүріс-тұрысы ауырлап Алматыға келе алмады. Сол себепті жәй-күйін білмекке, сәлемдеспекке ауылға өзім барып жүрдім. Бір мың тоғыз жүз сексен бірінші жылы барғанымда тың еді. Көңілі де тетік, жүріс-тұрысы да ширақ болатын. Көргісі келген соң Түмен облысында тұратын жиені – Қапезге де апарып қайтқанмын. Араға жыл салып тағы келдім. Бірақ әкем шаршаңқырап қалған. Сабыты да кісіге түсе бастапты.

Менімен қонақтап келген Тахауи сәлем бере бөлмесіне кірді.

- Шәке, қалайсыз? Тыңсыз ба?

Әкем сәл жымиды да:

- Сексен бес дұрыс еді. Арғы жағы кәләкәйт, - деп, өзі де күлді. Бізді де күлдірді.

Бұл әңгіме көз жұмарынан бір жарым ай ғана бұрын болған еді. Өмірден жыламай өткен адамдардың бірі менің әкем бе деп те ойлаймын.

(Шаймерденов С. Ағалардың алақаны. Повестер, әңгімелер, эсселер. Алматы, «Жазушы», 1987.- 361 бет.116-бет)
ЕСІРКЕП ҚАРТТЫҢ ӘҢГІМЕСІ

Қызылорда қаласында тумаса да туғандай болып кеткен Қомшабай атты інім бар. Әкесі Есіркеп мен көргенде жасы жетпістерге қарай келіп қалған сұлу да сүйкімді ақ шал еді. Шашы да, өзі де қылаусыз аппақ. Сол кісі бірде қызық әңгіме айтқан. Соны қаз қалпында қағазға түсіруді жөн көремін.

Отызыншы жылдардың атақты халық комиссары Темірбек Жүргеновтің әкесі Қара дәулетті кісі болған. Ел ішіндегі беделі де жаман емес. Айтқанын тыңдаттыра алатын, дегенін істеттіре алатын адам. Сөйтсе де Сыр бойында одан өткен беделді, одан өткен даңқты бір кісі бар. Ол – белгілі ақын Тұрмағанбет Ізтілеуұлы. Тұрмағанбет Қарадан көп кіші. Сөйтсе де нағашылы-жиенді болғандықтан әзілдері қатты жарасса керек.

Бір күні Қара түстеніп отырған үйге Тұрмағанбет келіп түскен ғой. Жасы кіші болса да даңқы зор, әңгімесі әдемі, көрген-білгені көп Тұрекеңді жұрт қаумалап төрге шығарайын десе, Қара сырыла қоймапты. Әңгімесін үзбей сөйлей беріпті.

- Тұреке, жоғары шығыңыз.

- Жоқ, маған осы ара да жарайды, - деп ақын төменірек жерге отырған.

- Тұреке, сіз сөйлеңіз...

Бірақ ауыл-үй арасының қысыр әңгімесі айтып отырған Қара тоқтай қоймаған.

Сонда Тұрмағанбет ақын жұртқа Қараны мезгеп былай депті:

- Адамның бойында алпыс екі тамыр бар. Соның бірі әу баста ерекше жаралады екен. Нәресте дүниеге келгенде жаңағы тамыр өкшеде тұрып сәбиге жер тепкілетеді. Он мен жиырманың арасында табанға барып, қолды-аяққа тұрғызбай зырылдатады. Жиырма мен отыздың арасында салып ұрып белге барады. Жатқызбайтын болады. Түн ұйқыңды қашырып жортуылға шығарады. Бозбалалық құрғызады. Отыз бен қырықтың арасында ол тамыр кеудеңе келеді. Қырық пен елудің арасында әлгі тамыр басыңа барады да, кемеңгер дана етпек сені. Ал алпыстан асқан соң тіліңе келіп қоныс салады да, адамды заржақ етіп бос сайратып қояды. Қарекеңнің сол заржақ тіл безер шағы ғой, сөйлей берсін...

Разы болған жұрт ақынын көтеріп әкеп Қарадан да жоғары отырғызыпты,- деп Есіркеп қарт нұрлы да сұлу жүзіне күлкі ойнатып, қылаусыз аппақ сақалын ақ саусақтарымен сипалап қойған еді.

Мейлі Қара, мейлі Ақ бол, асылы жұрт қаламаған жерде үндемегенге жетер не бар екен десейші!



(Шаймерденов С. Ағалардың алақаны. Повестер, әңгімелер, эсселер. Алматы, «Жазушы», 1987.- 361 бет.115-116 - беттер)
ДОС ЖҮРЕГІ

Дос жүрегі – шар айна,

Сылтауыңа қарай ма,

Бүлдіріп алма қалайда,

Кір шалдырма, жарай ма!

Шимайланса шар айна,

Дақ түсірер шырайға.

Абайла, бауырым, абайла!


Дос жүрегі – бал бұлақ,

Жанарды тартар жалтырап.

Сырлары жатар сылдырап,

Түкірме оған сен бірақ.

Кәусарымен қандырар

Келгеніңде қалжырап.

Абайла, бауырым, абайла!
Дос жүрегі – домбыра,

Тиегін тап та мың бұра.

Құлақтың құрышын қандыра

Сыңғыра дей бер, сыңғыра.

Мелшиген тақтай болмасын,

Сындыра көрме, сындыра.

Абайла, бауырым, абайла!
Дос жүрегі – кең дала,

Шексіз ғой деп ойлама,

Шетсіз ғой деп ойлама,

Ретсіз: «Өй!» – деп қорлама.

Кең дала болар тар дала,

Досыңа қалсаң бұлдана.

Абайла, бауырым, абайла!
Дос жүрегі – балапан,

Алақан керек, алақан.

Жылылық керек және оған

Жүрегіңнен тараған.

Жетіліп сонда балапан

Тоятын тілер даладан.

Абайла, бауырым, абайла!
Дос жүрегі – қия-шың,

Қырандар салар ұясын.

Ер жігітке бұ да сын,

Ерінбесең шығасың –

Күн астында тұрасың,

Күніңді кімге қиясың!

Абайла, бауырым, абайла! ( Ахметов Ә. Екімыңжылдық дала жыры. / Бас ред. Ә.Нысанбаев. – Алматы: “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 2000. – 752 бет. )
ТАҢ

Төгіл, шуақ!

Даланың көркін құрап.

Желмен ойнап желбіре,

желпін, құрақ!

Жұмыр Жердің жүрегін дүрсілдетіп

Жүгіріңдер, еркін жел,

еркін бұлақ!


Суы - сылқым даланың,

Бұлты – сылаң.

Бәрі ғажап өлкеде бұлқысын ән!

Құстар әнін тыңдатып

үй тұсынан,

Алма бақтар оянсын ұйқысынан!


Таңның нұры!

Ай жүзін жасырасың.

Төгіл!

Жарық үміттер жасымасын.



Ақ сәуледен тәж киіп басына шың,

Алтын шапақ далаға шашырасын!


Адамдарды таңдантып, мәңгі ойлантып,

Ұшқан құстай зулайды, самғайды уақыт.

Мына шексіз ғаламда

ӨЗ ДАЛАҢ мен ӨЗ ОТАНЫҢ болғаны қандай бақыт!

ТАҢ келеді.

Бойында қанша нұр бар!

Өз Еліңдей ел болмас Жер шарында.

Отандастар!

ОТАННЫҢ жаңа Таңын

Ерте оянып, қуанып қарсы алыңдар!

ҚАЙЫРЛЫ ТАҢ! (Ахметова К.//Жұлдыз, № 5, 2011)
ТУҒАН ЕЛІМ – ТІРЕГІМ

Туған жерім – жүрегімнің мекені,

Мекенімнен жылжымаймын екі елі.

Атажұрттың аясында жыр толғап,

Өмір сүрсем, осы маған жетеді.
Өлең құсы басқа тегіне қонбаған,

Жүрегім бар болатұғын жолға алаң.

Сондықтан да күнді бекер өткізбей,

Еңбектенем, қағаз-қалам қолға алам.


Десек адам бұл өмірдің мейманы,

Жолдас болмас қарын сипап, тойғаны.

Тойлау оңай, оңайлықпен келмейтін,

Өлең кәне, өлең сыйлар ой кәне?!


Осыны ойлап күні-түні алаңмын,

Жыр тумаса ақын үшін қараң күн.

Өзім кіші болғаныммен, елім деп,

Толғанғанда жүрегі үлкен адаммын!...



(Қазиев Ж.//Алматы ақшамы, 09. 2012)

*** *** ***

Кірісіпті жұмысқа дана батыр,

Ізгілік пен махаббат ауада тұр.

Көк көлден көтерілген бір топ аққу,

Көк аспанды арқалап бара жатыр.


Ауа мөлдір қоршаған аспан тұнық,

Құстар әнін бастады басқа ән тынып.

Сағым жатыр алыста сағыныштай,

Ағып жатыр ақ бұлақ бастан тұнып.


Бел жасылдап жатыр –ау бетегесін,

Кең далаға көзіңмен от енесің.

Көктем таңы дейтұғын жалғыз сөзбен,

Көңілді биікке көтересің.

Көктем таңы – көңілдің көк өлкесі,

Көтерілді қияға ән еркесі.

Көлін аңсап азанда ұшқан құстың

Көрінбейді жай көзге көлеңкесі.



(Молдағалиев Т. Жиырма бесінші көктем: Өлеңдер мен поэма.-Алматы: Жазушы, 1980. 432 бет. 251 - бет)
1.

ТУҒАН ЖЕР

«...Туған жердің қадірін туғалы түзге шықпаған елдегі адам не білсін.

Туған жердің қадірін алыс жерге ұзатқан, ұзатқанына әлде талай жыл өткен қыз білмесе, кім білсін?

Туған жердің қымбатын ғылым іздеп, шет жайлап, кітап қарап сарылып, көзінің майын тауысқан, көшенің шаңын көп жұтқан шәкірт білмесе, кім білсін?

Туған жердің артығын, жазатайым іс етіп, күштілерге күш етіп, еріксіз елден айрылған, шеттен дәмі бұйырған, жаттан сыйлау көрмеген ер білмесе, кім білсін?

Туған жердің асылын қараңғы үйге қамалып, қара нан мен қара шай жүрегін кесіп жатқанда, қазы, қарта, сар қымыз бұлбұл ұшып көзінен, есіл елін сағынған, бір көруге зар болған тұтқын білмесе, кім білсін?

Туған жердің қадірін әлеуметтің ісіне басын байлап жегілген, кеңседе қағаз кемірген, күйіп-пісіп кебеп боп еңбегінің жемісін көрсем-ау деп телмірген, тар көше мен тар үйде, бойы бір сергіп көрмеген азамат білмей, кім білсін?

Ыстық қой, шіркін, туған жер! Туған жерге жеткенше, қайтып дәтің шыдайды? Кім сағынбас өз қағын. Кім сүймесін өз жерін? Сүймесе, сүймес зердесіз, шерсіз жүрек, тілеуі бөлек жетесіз...

... Елін сүйген, оқушылар, жүріңдер, туған жерге жетейік! ...

Шөгіп жатқан түйедей, ортасы кезеттеніп, денесін қошқыл қара түк басып, қыр арқасы тарақтай ирек-ирек болып, шудасы желкілдеп тұрған, мынау өзіміздің Баян тауы! Жарықтық қандай салауатты! Қандай айбатты! Міне, Ашының бойы! Әне, Бөрлікөл, Бұламбай, Қарасор. Ана көрінген – Мойылды. Ой, шіркіндердің көзі жаудырап, самаладай болып жарасып тұрғанын-ай!» (Аймауытов Ж. Бес томдық шығармалар жинағы. 1-т.- Алматы: Ғылым, 1996. – 328 бет. 103- бет)



2.

«Ей, жолдас! Сен жас адамсың, әлде көпті көрген қартсың, сен шырылдап жерге түскеннен бері талай жердің суын іштің, талай жердің көркіне қызықтың. Солардың ішінде сенің есіңнен кетпейтін бір-ақ жер бар, ол – туған жер. Сенің өмірде құлаш жайған, келешегіңнің таңын атқызған, балалық тәтті шақты қоныштап басып тойлаған бір-ақ жерің бар, ол – туған жер. Туған жер сенің өмірде ұмтылғандағы үзеңгің, баспалдағың. Сен оны сүйесің, саған ол – ыстық, саған ол – қуанышты.

Ей, жолдас! Мен Арқаның қазағымын. Сен қай жердікісің? Арқалықсың ба? Алматылықсың ба? Ақтөбеліксің бе? Қай жер жақсы? Мен болсам, Арқамнан жақсы жер жоқ дер едім. Арқаның суы – бал, желі – жібек, тасы – алтын, орманы – жұпар дер едім. Сен менімен таласасың, сен өз жеріңді мақтайсың. Арқа сен үшін жай ғана сөз, маған бұл сөзді есту қиянат. Міне, талас, міне айтыс, міне керіс!

Ей, жолдас! Кел, келісейік, көрісейік: әркімнің өз аузының дәмі өзіне тәтті, әркімнің өз туған жері өзіне қадірлі. Сенің таласың да жөн, менің таласым да жөн. Кел, қосылып туған жерге рақмет айтайық. Ол бізді өсірген, біздің жүрегімізден орын ала білген, бізді мақтандырған туған жер. Жаса, туған жер! Келіңдер, туған жерге арнап алақанымызды шапалақтап уралап айқайлайық! Жаса, туған жер!» (Бұлқышев Б. Заман біздікі: Проза мен поэзия.-Алматы: Атамұра, 2003.-192 бет)

*** *** ***

Жер, қасиетті жер! Әр халықтың паналап, тіршілік ететін қасиетті мекені, екінші сөзбен айтқанда, Отаны! Аң екеш аң да інін, құс екеш құс та ұясын басқаға қимайды, оны жан аямай қорғайды, оларға жем ұсынып та, алдап та емексітіп ала алмайсың. Өйткені ін де, ұя да олардың жері – Отаны. Мал асылы жылқыны да қанша алысқа алып кетсең де, босап кетсе, сол өскен жерін аңсап қашады, өзі өсіп, өзі жайылған жерін басқа жерге айырбастағысы келмейді.

Кешегі Ұлы Отан соғысына қатысып, оққа ұшып, жанын тапсырар алдында туған жерін аузына алып, ыңыранып жатқандарды талай көргенбіз. Еліне аман оралғандар туған жерін көріп, алдынан шыққан жақындарынан бұрын жата қалып, туған жерінің топырағын иіскеп, егіліп жылағандарды да естігенбіз. Мен де майданнан қыста қайтып туған жеріме келгенде, жер топырағы қалың қар астында жатқандықтан, үстіндегі қарын қомағайлана асап, жата кеткенім есімде. Туған жерлері азат етіліп, партизан біздермен қосылғанда украин ұлдары жата қалып жерін аймалап жылағандарын да көргенбіз (Қайсенов Қ. Таңдамалы. – Алматы: «Қазақстан», 2008. – 480 бет)
МАХАББАТТЫ ҚОРҒАУҒА ШАҚЫРАМЫН

Жасыл бұта жая алмай жапырағын,

Сусыз дала жасырып жатыр әрін.

Суретші емес, бәріңді орманшы боп,

Сұлулықты сақтауға шақырамын.
Келер-кетер ойыңды сапыра күн,

Айтып-айтпай өтеді ақын әнін.

ТАБИҒАТҚА,

АДАМҒА ДЕГЕН

БАРЛЫҚ

МАХАББАТТЫ

ҚОРҒАУҒА ШАҚЫРАМЫН.
Осы ойменен әр таңды атырамын,

Ауасында толқыған әтір-ағын.

Туған жердің киелі атырабын –

Тобылғылы, топ шилі топырағын.

Торғын гүлін,

Жайқалған ЖАПЫРАҒЫН –

БӘРІН,

БӘРІН


СҮЮГЕ ШАҚЫРАМЫН!

(Ахметова К.//Жұлдыз, № 5, 2011)
БІРЛІК ТУРАЛЫ ЖЫР

Жас баладай қуанып тұрмын бүгін,

Құшағыма ап боз жусан – қырдың гүлін.

Асып-тасып көңілім шаттанады,

Ұмытқандай байырғы күннің мұңын.
Сағыныш па, білмеймін, қуаныш па –

Жүрек қанат қомдайды бір алысқа.

Жер, аспан да көлеңке-бұлтсыз бүгін,

Тербелгендей дүние жыр-ағыста.


Жыр-ағыста келемін алып-ұшып,

Қуанғандай есімнен жаңылысып.

Бейне бүгін үйіме абыр-сабыр

Қимастарым келгендей сағынысып.


Мөлдір өзен, жап-жасыл жаға, талдар,

Адамдар-ау, шын барлап қарасаңдар,

Мынау таңда жаңа леп, жаңа сән бар!

Маған қарап күлімдеп қол бұлғайды,

Бейтаныс балақандар.
Күн төгеді

тау, далаға мейірім - құтты нұрын.

Қол ұстасып адамзат шықты бүгін

алаңдарға алқызыл ту орнаған –

ескертуге есерлеу мына әлемге

бірліктің мықтылығын.



(Оңғарсынова Ф. Сұхбат. Өлеңдер. Алматы: «Жазушы», 1982.- 180 бет. 39 -бет)
КӨК БӨРІНІҢ РУХЫ
Ғасыр өтті,

Еңсені басып өтті,

Қосып берді қайғыға қасіретті.

Айға атылған арыстан мерт болды да,

Арда туған арғымақ басы кетті.
Тәуелсіздік!
Бостандық!
Азаттығым!
Баға жетпес бағымсың ғажап құның.

Шам жарығы түсер ме өз түбіне,

Жемісіңді татар ма қазақ тілім?
Тәуелсіздік!
Азаттық!
Бостандығым!
Атың озсын бәйгеге қосқан бүгін.

Қайылмын мен қайтарар қауқарыңа 

Әділдік пен шындықтың қашқан құнын!

Желтоқсанда жарқ еткен Алты Алашым,

Басыңдағы базарың тарқамасын!

Келер ұрпақ кермалдап кетпес үшін,

Тығырықтан сен бүгін жол табасың!

Қайран бабам белінде балта ұстаған,


Тағдырымен күні жоқ тартыспаған.


Көк бөрінің рухы жүрегімде,

Көктен тусам мен қалай байқұс болам?

Көк түріктің қаны әлі асыл күйде,

Ешқашан да, ешкімге басыңды име!

Ер қазақтың баласы еркін өскен,

Жаралған ғой жаныңмен жасын бірге.

Замандарды көп көріп тар-қысталаң,

Айбалтадай жарқ еттің шарға ұстаған.

Жер-жаһанды жібердің жап-жарық қып,

Желтоқсанның жасыны, алғыс саған!

Арқа, Атырау, Алатау, Ергенеқон,

Бір тілекті Тәңірім берген екен.

Бар қазақтың тасы өрге домаласын,



Құтты болсын, туған ел, төл мерекең!

(Есдәулетов Ұ. http://it-tirlik.kz/танымдық-ақпараттық журнал)
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ


  1. Абай. Жастықтың оты жалындап. Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ: Өлеңдер. – Алматы: Жалын. 1990. – 128 бет.

  2. Абай. Жетінші сөз. Оныншы сөз. Он бесінші сөз. Он тоғызыншы сөз. Қара сөз. Поэмалар. Алматы: ЕЛ, 1993- 272 бет.

  3. Абыз. Білгендерден ғибрат ал. Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер. Құраст. Б. Адамбаев, Т. Жарқынбекова.- Алматы: Жазушы, 1989.-368 бет.

  4. Аймауытов Ж. Неге арналсаң, соны істе.//Социалистік Қазақстан, 07.01.1989

  5. Аймауытов Ж. Туған жер / Бес томдық шығармалар жинағы. 1-т.- Алматы: Ғылым, 1996. – 328 бет.

  6. Айтбайұлы Ө. Қазақ қызы //Дала мен қала, № 10 (191), 08.03.2007.

  7. Айтматов Ш. Мәңгүрт//Жалын, № 7, 2008 жыл.

  8. Ақтамберді жырау. Балаларыма өсиет.../Бес ғасыр жырлайды: 2 томдық./Құрастырған М. Мағауин, М. Байділдаев. Алматы: Жазушы, 1989.-Т.1.- 384 бет.

  9. Алтынсарин Ы. Әй, достарым. Әй, жігіттер/Бес ғасыр жырлайды: 2 томдық./Құрастырған, М. Байділдаев, М. Мағауин. Алматы: Жазушы, 1989.-Т.2.- 496 бет.

  10. Аристотель. Никомах этикасы. Аударған З.С. Ақтамбердиева/Әлемдік педагогикалық ой-сана. 10 томдық. 1-том: Ежелгі дәуір/Жетекшісі Ә.Н. Көшербаева. – Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2008. – 400 бет.

  11. Асан қайғы. Еділ бол да, Жайық бол ... /Бес ғасыр жырлайды: 2 томдық/Құрастырған М. Мағауин, М. Байділдаев. Алматы: Жазушы, 1989.-Т.1.- 384 бет.

  12. Асқар О. Жақсылық пен жамандық //Қазақ әдебиеті, 07.05.2010.

  13. Ахметов Ә. Дос жүрегі/ Екімыңжылдық дала жыры. / Бас ред. Ә.Нысанбаев. – Алматы: “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 2000. – 752 бет.

  14. Ахметова З. Шуақты күндер: Естелік, эссе. – Алматы: Жалын, 1987. – 264 бет.

  15. Ахметова К. Махаббатты қорғауға шақырамын //Жұлдыз, № 5, 2011.

  16. Ахметова К. Таң //Жұлдыз, № 5, 2011.

  17. Ахметова К. Ініме. /http://www.kuttybolsyn.kz/

  18. Әбу Насыр әл-Фараби. Өлеңдері /Аударған А. Нысаналин. Әлемдік педагогикалық ой-сана. 10 томдық. 2-том: Шығыс әлемі (орта ғасыр)/Жетекшісі Ә.Н. Көшербаева. – Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2009– 400 бет.

  19. Әнет баба әңгімелері. Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер. Құраст. Б. Адамбаев, Т. Жарқынбекова. – Алматы: Жазушы, 1989. – 368 бет.

  20. Байлық, Бақыт, Ақыл. Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер. Құраст. Б. Адамбаев, Т. Жарқынбекова. – Алматы: Жазушы, 1989. – 368 бет.

  21. Байлық пен ақыл. Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер. Құраст. Б. Адамбаев, Т. Жарқынбекова. – Алматы: Жазушы, 1989. – 368 бет.

  22. Байтұрсынов А. Анама хат. Оқуға шақыру. Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер, публ. мақалалар және әдеби зерттеу/Құраст. Р. Нұрғалиев. - Алматы: Жалын, 1991.- 464 бет.

  23. Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш (үзінді)/Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер, публ. мақалалар және әдеби зерттеу/Құраст. Р. Нұрғалиев. - Алматы: Жалын, 1991.- 464 бет.

  24. Байтұрсынов А. Білім жарысы/ Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер, публ. мақалалар және әдеби зерттеу/Құраст. Р. Нұрғалиев. - Алматы: Жалын, 1991.- 464 бет.

  25. Бақтыгереева А. Ризашылық/ http://www.kuttybolsyn.kz/.

  26. Бала би. Ахмади Ж. /Жалын, № 4, 2011.

  27. Бала болсаң - болғандай бол! Жақсы жігіт белгісі. Қонақжайлық белгісі / Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер. Құраст. Б. Адамбаев, Т. Жарқынбекова.- Алматы: Жазушы, 1989.-368 бет.

  28. Бегалин С. Бала Шоқан / Шоқан асулары. «Жазушы»- 1971. 192 бет

  29. Бенджамин Франклин. Өмірбаян /Әлемдік педагогикалық ой-сана. 10 томдық. - Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2008. 4-том: Жаңа дәуірдегі педагогикалық ойлар (ХVІІ-ХVІІІ ғғ.)/Жетекшісі Қалиева К.М.- 384 бет.

  30. Бодықов О. Ана туралы жыр/ Шәмші Қалдаяқов: хикаяттар. Алматы. «Шабыт» баспасы – «Дәуір», 1992. 112-бет. 31-32 –беттер.

  31. Болатханқызы А. Қазақтың ырымы энергетикалық күшке айналып кеткен... //Айқын, 23.02.2010.
  32. Болатханқызы А. Келін сәлемінің сыры. //Айқын, 12.01.2010.


  33. Бөрібай М. Бақыт деген не?//Алматы ақшамы, 18.10.2010.

  34. Бұқар жырау. Әлемді түгел көрсе де .../ Бес ғасыр жырлайды: 2 томдық./Құрастырған М. Мағауин, М. Байділдаев. Алматы: Жазушы, 1989.-Т.1.- 384 бет.

  35. Бұлқышев Б. Заман біздікі: Проза мен поэзия.-Алматы: Атамұра, 2003.-192 бет

  36. Гуго Сен-Викторский. Оқуға ақыл-кеңес. Кітап оқудың мәдениеті жөнінде /

  37. Әлемдік педагогикалық ой-сана. 10 томдық. – Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2009. 3-том: Орта ғасыр дәуіріндегі педагогикалық ойлар/Жетекшісі Жусанбаева Г.М.- 416 бет.

  38. Дулатов М. Ешкімге жауыздық қылма / Оян, қазақ! Роман, өлең-жырлар, әңгімелер. Алматы: Атамұра, 2003. – 192 бет.

  39. Дулатов М. Жігіттерге. Шалдың үш баласы / Оян, қазақ! Роман, өлең-жырлар, әңгімелер. Алматы: Атамұра, 2003. – 192 бет.

  40. Дулатов М. Шалдың үш баласы / Оян, қазақ! Роман, өлең-жырлар, әңгімелер. Алматы: Атамұра, 2003. – 192 бет.

  41. Дхаммапада. Әр адамдағы «Мен» туралы. Аударған Ә. Нілібаев/Әлемдік педагогикалық ой-сана. 10 томдық. 1-том: Ежелгі дәуір/Жетекшісі Ә.Н. Көшербаева. – Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2008. – 400 бет.

  42. Ежелгі шумердің мектеп өсиеттері/Әлемдік педагогикалық ой-сана. 10 томдық. 1-том: Ежелгі дәуір/Жетекшісі Ә.Н. Көшербаева. – Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2008. – 400 бет.

  43. Есдәулет Ұ. Бақыт туралы ой/ http://www.kuttybolsyn.kz/

  44. Есдәулетов Ұ. Көк бөрінің рухы/http://it-tirlik.kz/танымдық-ақпараттық журнал.

  45. «Жақсылық етсең өзіңе ...»/ Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер. Құраст. Б. Адамбаев, Т. Жарқынбекова.- Алматы: Жазушы, 1989.-368 бет.

  46. Жақып Б. Қарындастарыма. http://www.kuttybolsyn.kz/

  47. Жұмабаев М. Қарағым. Тез барам.. ./ /Көп томдық шығармалар жинағы. 1 – том. Өлеңдер, дастандар, әңгіме. – Алматы: Жазушы, 2008.-208 бет.

  48. Жұмбақтың шешілуі/ Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер.Құраст. Б. Адамбаев, Т. Жарқынбекова.- Алматы: Жазушы, 1989.-368 бет.

  49. Жұмекенқызы С. Әкем мені аппағым деуші еді //Жалын, № 11, 2008

  50. Жүсіп Баласағұни Хас-Хаджиб. Адам баласының қадір-қасиеті біліммен, ақылмен екендігі туралы/ Орта ғасырдағы түркі ойшылдары. Жиырма томдық. 5-том. Астана: Аударма, 2005. – 528 бет.

  51. Израиль патшасы Дәуіттің ұлы Сүлейменнің өсиеттері/Аударған Ж. Түрікпенұлы. (Әлемдік педагогикалық ой-сана. 10 томдық. 1-том: Ежелгі дәуір/Жетекшісі Ә.Н. Көшербаева. – Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2008. – 400 бет.

  52. Кайкаус. Ата-ананы құрметтеу туралы. Дос таңдау туралы Үйлену туралы /Кайкаус. Қабуснама /Өзбек тілінен аударған – Т.Айнабеков. – Алматы: Жазушы, 2005. – 160 бет

  53. Кейқаус. Анушированның үгіт-насихаттарын еске түсіру туралы/Әлемдік педагогикалық ой-сана. 10 томдық. 2-том: Шығыс әлемі (орта ғасыр)/Жетекшісі Ә.Н. Көшербаева. – Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2009– 400 бет.
  54. Кенжеахметов С. Бесікке байланысты ырым-тыйымдар. Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Алматы, «Ана тілі, 1994. -79 бет.

  55. Кенжеахметов С. Жас келіншектерге байланысты бірнеше салт-дәстүр/ Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Алматы, «Ана тілі, 1994. -79 бет.


  56. Куң Фуд Зы (Конфуций). Луньюй - Қанатты сөздер.Аударған К. Мырзагелді/ Әлемдік педагогикалық ой-сана. 10 томдық. 1-том: Ежелгі дәуір/Жетекшісі Ә.Н. Көшербаева. – Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2008. – 400 бет.
  57. Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Алматы, «Ана тілі, 1994. -79 бет.


  58. Қазақы тыйымдар мен ырымдар. (Қазақы тыйымдар мен ырымдар / Құрастырушы авторы Құралұлы А. – Алматы: Өнер, 1998. – 64 бет.

  59. Қазиев Ж. Туған елім – тірегім //Алматы ақшамы, 09. 2012.

  60. Қазыбек би. Жақсы ұл – елдің туы болады./ Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер. Құраст. Б. Адамбаев, Т. Жарқынбекова.- Алматы: Жазушы, 1989.-368 бет.

  61. Қайсенов Қ. Таңдамалы. – Алматы: «Қазақстан», 2008. – 480 бет.

  62. Қараби. Қайтып кірер есікті қатты серіппе/ Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер. Құраст. Б. Адамбаев, Т. Жарқынбекова.- Алматы: Жазушы, 1989.-368 бет.

  63. Қарттың ұлына өсиеті / Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер. Құраст. Б. Адамбаев, Т. Жарқынбекова.- Алматы: Жазушы, 1989.-368 бет.

  64. Қорқыт атаның нақыл сөздері. /Қорқыт ата кітабы. Алматы, «Жазушы», 1986.

  65. Құдайбердиев Ш. Арман. Шығармалары. Алматы, «Жазушы», 1989.
  66. Құдайбердиев Ш. Бәйшешек бақшасы. / Психология. Адамзат ақыл-ойының қазынасы. 10 томдық: Қазақтың психологиялық ой-пікірлері. 10-том / Жетекшісі – акад. Ә.Н.Нысанбаев. – Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2006. – 480 бет.


  67. Құдайбердіұлы Ш. Мен кетемін. Адамшылық. Жол табалық ақылмен. Шығармаларының бір томдық жинағы. Халықаралық Абай клубы. Жидебай, 2006. 730 бет.

  68. Құдайбердиев Ш. Шын бақыттың айнасы/Шығармалары: Өлеңдер, дастандар, қара сөздер. Құраст. Жармұхамедов М., Дәуітов С., Құдайбердиев А. – Алматы: Жазушы, 1988. – 560 бет

  69. Құлпытастардағы тағылым сөздер (VI-VIII ғғ.). Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы. Алматы, «Рауан», 1994, 89-90 беттер)

  70. Мағазбекқызы С. Бақыт...//Алматы ақшамы, 05.2012

  71. Мақал-мәтелдер. Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы: Бірінші том

  72. (VI ғасырдан ХХ ғасырдың басына дейінгі кезең / Ред. алқасы Шаяхметов Ш.Ш.

  73. т.б. Құраст. Қ. Жарықбаев, С. Қалиев. – Алматы, Рауан, 1994. – 320 бет.

  74. Мақатаев М. Сенім туралы жыр /Өлеңдер, поэмалар. – Алматы: Жазушы, 1982. – Т.2. Соғады жүрек. – 384 бет.
  75. Мәшһүр Жүсіп. Ағайын-туыс. http://www.kuttybolsyn.kz/


  76. Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Аспан, жер, және адам жаратылысы туралы / Психология. Адамзат ақыл-ойының қазынасы. 10-том.- Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2006.-480 бет.

  77. Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Ғылым/Психология. Адамзат ақыл-ойының қазынасы. 10-том.- Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2006.-480 бет.

  78. Молдағалиев Т. Кірісіпті жұмысқа дана батыр…/ Жиырма бесінші көктем: Өлеңдер мен поэма.-Алматы: Жазушы, 1980. 432 бет.

  79. Момышұлы Б. Ұшқан ұя.- Алматы: «Санат», 2005. – 224 бет. Момышұлы Б. Әке өсиеті/ Ұшқан ұя.- Алматы: «Санат», 2005. – 224 бет.

  80. Мұхамедиярұлы А. Болмайық төрт аяқты мал секілді.../ (Бес ғасыр жырлайды: 2 томдық./Құрастырған М. Мағауин, М. Байділдаев. Алматы: Жазушы, 1989.-Т.1.- 384 бет.

  81. Мырзалиев Қ. Ана /Үш томдық шығармалар жинағы. Бірінші том. Өлеңдер мен поэма. Алматы: Жазушы. -1989.-445 бет.

  82. Мырзалиев Қ. Өзіңсің – басыма құт, қосыма құт .../ Үш томдық шығармалар жинағы. Алматы: Жазушы. -1989.-Т.2. Домбыра. Алақан: Өлеңдер. - 432 бет.

  83. Мырзалиев Қ. Шоқан /Үш томдық шығармалар жинағы. Бірінші том. Өлеңдер мен поэма. Алматы: Жазушы. -1989.-445 бет.

  84. Насираддин Туси. Насири әдебі /Әлемдік педагогикалық ой-сана. 10 томдық. 2-том: Шығыс әлемі (орта ғасыр)/Жетекшісі Ә.Н. Көшербаева. – Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2009– 400 бет.

  85. Насыр Хұсырау. Білім. Адамгершілік. Афоризмдер /Аударған С. Оспан. Әлемдік педагогикалық ой-сана. 10 томдық. 2-том: Шығыс әлемі (орта ғасыр)/Жетекшісі Ә.Н. Көшербаева. – Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2009– 400 бет.

  86. Науаи Әлішер. Адам парқы/Аударған И. Сапарбай. Әлемдік педагогикалық ой-сана. 10 томдық. 2-том: Шығыс әлемі (орта ғасыр)/Жетекшісі Ә.Н. Көшербаева. – Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2009– 400 бет.

  87. Низами Гәнжауи. Ұлыма өсиет /Аударған Қ. Бекхожин. Әлемдік педагогикалық ой-сана. 10 томдық. 2-том: Шығыс әлемі (орта ғасыр)/Жетекшісі Ә.Н. Көшербаева. – Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2009– 400 бет.

  88. Нұршайықов Ә. Ана .../ Махаббат жырлары. – Алматы: Санат, 2009. – 2 том.- 480 бет.

  89. Нұршайықов Ә. Бауыржан Момышұлының жас ұрпаққа айтар сөзі/ Ақиқат пен аңыз. Роман-диалог. Екінші басылым. Алматы, «Жазушы», 1978. 360 бет.

  90. Нұршайықов Ә. Махаббат, қызық мол жылдар. - Алматы: Атамұра, 2002.-360 бет.

  91. Оңғарсынова Ф. Бірлік туралы жыр/Сұхбат. Өлеңдер. Алматы: «Жазушы», 1982.- 180 бет.

  92. Өмірде озық бол/ Шешендік сөздер/Құраст. Адамбаев Б.- Алматы: 1992.- 167 бет.

  93. Сексенбаева Ә. Қызғаныш/Әдептен озбайық: Мақалалар/Құраст. Ж. Бейсенбаев. – Алматы: Қазақстан, 1984. – 184 бет.

  94. Соқпақбаев Б. Менің атым – Қожа: Повесть. Өлгендер қайтып келмейді. Роман. - Астана: Елорда, 1999. – 468 бет.

  95. Стамбекұлы Д. Мейірім мен жылылық/ Жұмағым мен тамұғым: Жыр кітабы. – Алматы: Сөздік-Словарь, 1999.-304 бет.

  96. Сұлхан Саба Орбелиани. Сұлхан Саба Орбелианидің өсиеттері/ Әлемдік педагогикалық ой-сана. 10 томдық. - Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2008. 4-том: Жаңа дәуірдегі педагогикалық ойлар (ХVІІ-ХVІІІ ғғ.)/Жетекшісі Қалиева К.М.- 384 бет.

  97. Сухомлинский В.А. Ұлы педагогтің өсиетінен. Даналардан шыққан сөз: Нақылдар жинағы./ Жинап, құраст., ауд. Ұ.Асылов. – Алматы: Мектеп, 1987. – 383 бет.

  98. Толқынқызы Т. Мына әлемге керек ауа, керек күз/ tanakz-tolynyzyny-le.html

  99. Түздің адамы / Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер.Құраст. Б. Адамбаев, Т. Жарқынбекова.- Алматы: Жазушы, 1989.-368 бет.

100.Шаймерденов С. Әкем туралы соңғы сөз/Ағалардың алақаны.

Повестер, әңгімелер, эсселер. Алматы, «Жазушы», 1987.- 361 бет.

101.Шаймерденов С. Есіркеп қарттың әңгімесі//Ағалардың алақаны.

Повестер, әңгімелер, эсселер. Алматы, «Жазушы», 1987.- 361 бет.

102. Шал ақын. Жігіттер, жау алмайды ақылдасаң .../ Бес ғасыр

жырлайды: 2 томдық./Құрастырған М. Мағауин, М. Байділдаев.

Алматы: Жазушы, 1989.-Т.1.- 384 бет.

103.Шалкиіз жырау. Жақсының жақсылығы сол болар.../ Бес ғасыр

жырлайды: 2 томдық/Құрастырған М. Мағауин, М. Байділдаев.

Алматы: Жазушы, 1989.-Т.1.- 384 бет.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   58




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет