НҰрпейісұлы нұрпейістің



Дата31.12.2019
өлшемі46,4 Kb.
#54842
Ғ.З. ИСКАКОВА,

PhD доктор,



әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
94(574);930.25 КЕҢЕС НҰРПЕЙІСҰЛЫ НҰРПЕЙІСТІҢ ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ

(К. Нұрпейісұлының жеке қор құжаттары бойынша)
Мақалада Алматы облысының мемлекеттік мұрағатының 2009 жылы құрылған № 1099 «Академик К. Нұрпейістің» жеке қоры материалдары талданды. Мұнда жеке құжаттары, куәліктері, марапатттау қағаздары, қорғаған кандидаттық және докторлық диссертациялары, өз қолымен жазылған өмірбаяны т.б. құжаттары колданылды. К. Нұрпейіс ғалым, тарихшы, академик, тарих ғылымының докторы өмірін отандық тарих гылымы мен жоғары мектепке арнап, тарих ғылымының қайраткері ғана емес, оның жанашырларының бірі болды. Мақалада ғалымның тарих ғылымын халық арасында насихаттауға, халықтың жаңа тарихи санасын қалыптастырудағы рөлі көрсетіледі.
Түйін сөздер: жеке тектік қор, құжaт, Кеңес Нұрпейісұлы Нұрпейіс, мaтериaл, іс, тізімдеме, мемлекет, саясат, Алаш қозғалысы.
Көрнекті ғалым, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника кайраткері Кеңес Нұрпейісұлы Нұрпейістің өмірі мен артында қалған ғылыми мұрасы өзінің өзектілігін күн озған сайын сұранысқа ие болуымен айғақтау түсуде.

Жұмысты жазу барысында Алматы облысының мемлекеттік мұрағатының 2009 жылы құрылған № 1099 «Академик К. Нұрпейістің» жеке қоры материалдары талданды. К. Нұрпейістің ғылыми, педагогикалық, коғамдык қызметін сан-салалы көрсететін материалдар пайдаланылды. Мұнда жеке құжаттары, куәліктері, марапатттау қағаздары, қорғаған кандидаттық және докторлық диссертациялары, өз қолымен жазылған өмірбаяны т.б. құжаттары колданылды [1].

Кеңес Нұрпейіс 1935 жылы 15 наурыз айында Алматы облысы, Райымбек ауданы (бұрынғы Кеген ауданы), Саты ауылында дүниеге келген. ХХ ғасырдың 30-шы жылдары Қазақстандағы қиын қыстау заманында дүниеге келген баланың басына қиындықтар түсті. 1937 жылы жазықсыз жаламен ұсталып, із түссіз жоғалып кеткен әке тағдырын ол көп жыл өтіп, өзі де ел ағасы болған шағында білді [2]. 1942-1945 жылдары сол ауданның Қарабұлак ауылындағы балалар үйінде тәрбиеленіп, бастауыш мектепті бітірген соң, 1946-1952 жылдары Алматы қаласындағы .№ 18 Жамбыл атындағы ер балалар орта мектебінде оқиды. Мектепті үздік бітірген К.Н. Нұрпейіс С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттык Университеті) философия факультетіне оқуға түседі де, кейін тарих факультетіне ауысады. Ол кезде республикадағы бірден-бір ерекше білім ордасында оған Ермұхан Бекмаханов сияқты атақты ғалымдар дәріс берді. К. Нұрпейіс оқудың алғашқы күнінен бастап-ақ тәлімгер-педагогтар мен бірге оқитын жолдастарының назарын табандылылығы мен эрудициясына, терең ойы мен біліміне аударады. Төменгі курста жүрген кезінде-ақ оның ғылыми баяндамалары мен хабарламалары оқытушылар мен студенттердің үлкен кызығушылығын тудырды. 1957 жылы университетті үздік бітірген студентті өзі оқыған оқу орнына оқытушылык қызметке қалдырады [2]. Осы ЖОО-ғы аз ғана уақыт аралығында жас ғалым өзінің жұмысқа деген салмақты және жауапкершілікті көзқарасымен, аудитория ынтасын жаңа ғылыми идеяларға аудара білу, олардың сол уақытта өте өзекті, сонымен қатар ғылымда түрлі бағаланып жүрген мәселелерге деген қызығушылығын оята алу дарынымен әріптестері мен студенттердің құрметіне ие болды.

1958 жылы ақпан айында К.Н. Нұрпейіс Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология жэне этнография институтына ғылыми қызметке шакырылады. Сол кезден бері оның бүкіл еңбек жолы мен ғылыми кызметі осы институтта өтті. Мұнда ол кіші ғылыми қызметкерден белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым Академиясының академигіне дейінгі жолдан өтті.

К. Нұрпейіс - Қазақ тарихының ең маңызды мәселелерінің ірі зерттеушісі болды. Оның қаламынан 460-тан астам ғылыми және ғылыми-көпшілік жарияланымдар, олардың ішінде 12 монография, тың байқаулармен, мәнді ескертпелермен, дәйекті корытындылармен сипатталатын монографиялык тұрғыдағы 20-дан артық кітап бар. Оның ғылыми-зерттеу жұмыстарының басты бағыттары:

Қазақстандағы ХІХ-ХХ ғасырлардағы ұлт-азаттық қозғалыстарының тарихы;

Республикамыздың қоғамдық-саяси өмірінің мәселелері;

1917 жылғы қос революция;

Алаш қозғалысының тарихы;

1918-1920 жылдардағы Азамат соғысының мәселелері.

Ғалымның қалыптасуына белгілі ғалымдар Қазақ КСР Ғылым академиясыньң академиктері А.Н. Нүсіпбеков, С.Н. Покровский, академияның мүше-корреспонденті Г.Ф. Дахшлейгер, тарих ғылымдарынын докторлары Т.Е. Елеуов, А.С. Елагин және басқалары зор ықпал етті. Келешегі мол жас ғалым 1917 жылғы революциялық оқиғалар тарихын, XX ғасырдың 20-жылдарындағы Қазакстандағы мемлекеттік құрылыс, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін зерттейтін топ құрамына енгізілді. 1963 жылы К. Нұрпейіс өндірістен кандидаттық диссертация қорғады. Осы кездері жас ғалымның назары қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін, 1917 жылғы революциялар оқиғаларын, Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы мен азамат соғысы тарихын зерттеуге бағытталды [2]. 60-жылдары ғалым республика облыстарында сол кезеңнің оқиғаларына, тарихына қатысты материалдар мен естеліктер жинастырған бірқатар экспедициялардың жұмысына ат салысты. Осы жұмыстардың нәтижесінде оның қатысуымен орыс тілінде «Қазақстандағы Октябрь революциясы мен азамат соғысының тарихынан» (Алматы, 1962), «Қазақстандағы Кеңестер билігі үшін күрес» (Алматы, 1963) естеліктер жинақтары, «Орта Азия мен Қазақстандағы шетел интервенциясы және азамат соғысы» (Алматы, 1963. Г. 1; Алматы, 1964. Т. 2) атты құжаттар мен материалдар жинақтары және басқа да іргелі басылымдар жарық көрді. 1963 жылы «Қазақстанның солтүстік-шығыс облыстарының Кеңестері. Кеңес үкіметін орнату және нығайту жолындағы күресте» (1917 ж. ақпан-1918 ж. маусым) тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғаған болатын [3]. Диссертацияға жазылған пікірлерді қарастыратын болсақ онда, ғалымның таңдаған такырыбы өте өзекті деп бағаланып, Қазақстанда Кеңес үкіметінің орнауы үрдісі жан-жакты талданғандығы, ғылыми мазмұнына жоғары баға берілді.

1965 жылы К. Нұрпейіс ғылыми қызметкерлікке өтті. 1968 жылы ол орыс тілінде «Қазақстан Кеңестері жұмысшылар мен шаруалар билігін нығайту үшін күресте (1917 ж. қараша - 1918 ж. маусым)» атты монография жариялады. К. Нұрпейісның ғылыми зерттеулерін жұртшылык жоғары бағалады. 1972 жылы ғалым «Қазақстанның шаруалар Советтері (1917-1929)» деген іргелі монография шығарып, соның негізінде «Қазақстанның шаруалар Кенестері (ауылдык. Советтердің 1917-1929 ж.ж. құрылуы, нығаюы және практикалық қызметінің тарихы)» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады [4, 39-б.].

Ғалым Кеңес Нұрпейіс 1970-1980 жылдары жарыққа шыққан бес томдық «Қазақ ССР тарихы» атты академиялық басылымның, редакциялық алқа мүшесі болды [5,7].

Мұнан кейінгі жылдарда ғалымның зерттеу аясына сонымен бірге 1918-1920 жылдардағы ұлттық-мемлекеттік құрылыс, Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының құрылу тарихы, Орта Азия республикалары мен Қазақстанның ұлттық-территориялық межеленуі, Кеңес өкіметінің Қазақстандағы аграрлық реформалары, республикадағы қоғамдық-саяси өмір мәселелері енді. Осы ізденістер нәтижесінде К. Нұрпейіс бірқатар монографиялық еңбектер жазды. Олар: «Қазақстан Советтерінің I Құрылтай съезі» (Алматы, 1970), «Қазақстан - республикам менің» (Алматы, 1980), орыс тілінде «Қазақстан шаруаларының тарихы» (Г.Ф. Дахшлейгермен бірігіп жазған. Алматы, 1985, Т. 1), «Қазақстанда Кеңестердің құрылуы» (Алматы, 1987), «Куйбышев және Қазақстан» (B.C. Познанскиймен бірігіп жазған. Алматы, 1988) және басқа еңбектер. Мұнымен қатар ол көптеген кітапшалар, ғылыми басылымдар мен журналдарда, мерзімді баспасөзде, «Қазақ Совет энциклопедиясы», «Ұлттық энциклопедия» басылымдарында жарияланған мақалалар мен рецензиялар жазды.

Оның 1978-1981 жылдары негізгі авторлардың бірі ретінде көне заманнан бүгінге дейінгі «Қазақ ССР тарихын» шығаруға катынасуы ғалым өміріндегі елеулі белес болды. Осы жүмыс үшін ол 1982 жылы Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының бір топ көрнекті ғалымдарымен бірге Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағына ие болды. 1989 жылы Ұлттық Ғылым академиясының мүше-корреспонденті болып сайланды. 1980 жылдардың соңы - 1990 жылдардың бас кезінде қоғамдық-саяси өмірдегі түбегейлі өзгерістерге байланысты Қазақстанның тарих ғылымында да бетбұрыс басталды. Қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар алдында өткен тарихи жолды жаңа тұрғыдан зерделеу міндеті тұрды. Бірінші кезекте Қазақстан тарихындағы «ақтаңдақтарды» жою, халықтың мәдени мұрасын жаңғырту бағдарламасы жасалды. Осы кезден бастап К.Нұрпейіс басқаратын бөлім Қазақстан Республикасы тарихының өзекті мәселелерін зерттеуге зор үлес қосып келді. КСРО-ның ыдырауы, Қазақстан тәуелсіздігінің жариялануы, ұлттық сана-сезімнің өсуі тарих ғылымының қоғамдағы орнын өзгертуді және өткен тарихты зерттеудің, оның ішінде Кеңес дәуірінің тарихы да бар, жаңа тұжырымдық негіздегі методологиялық әдістерін қарастыруды талап етті. Нәтижесінде бір кезде Кеңестік режим мен Коммунистік идеология тыйым салған XX ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалысы, Алаш және «Алашорда» тарихы белсенді зерттеле бастады. Осы мәселелерді жаңа тұрғыдан зерттеуге К. Нұрпейіс өзі тікелей белсенділік көрсетті.

Ғалым алғашқылардың бірі болып XX ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық козғалыс тарихын, оның ішінде 1917 жылы ақпан және қазан революциялары мен Алаш көтерген Қазақ Автономиясының тарихын объективтік тұрғыдан зерттеу мәселесін көтерді. 1990 жылдары Тарих институты және өзі К. Нұрпейіс күш салып жүріп, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатына рұқсат алып, жарты жыл тапжылмай отырып зерттеу жүргізді. Ғалым «Алаш қайраткерлерінің кім болғанын сонда анық білдім» - деп, бөлімше бастығы болған Ресей Федерациясының қылмыстық кодексінің 58 бабына сәйкес сотталып, 1943 жылы Карлагтың бір лагерінде қайтыс болған әкесі Нұрпейіс рухына арнап «Алаш һәм Алашорда» еңбегін жазған болатын [6, 417-б.]. Тарихымыздың тылсым иірімімен суырылып шықкан «Алаш туралы сөз» атты құжаттық жаңа фильм де К. Нұрпейістің ғылыми кеңесші ретінде жаңа қырын таныта алды. Ол «Алаш һәм Алашорда» атты монографиясын жариялады (Алматы, 1995). Сонымен қатар, ғалым қазақ интеллигенциясының аса көрнекті өкілдері, Алаш қозғалысы қошбасыларының шығармашылық мұрасын зерттеді. Бұл жұмыстың нәтижесінде ол X. Досмұхамедовтың, М. Тынышбаевтың, Ә. Ермековтің шығармаларын, олар туралы құжаттық материалдарды жариялады.

К. Нұрпейіс Алаш ұлт-азаттық қозғалысы және «Алашорда» Автономиясының тарихын зерттейтін ғылыми мектептің негізін салушылардың бірі. Ғалым Т. Рысқұловтың өмірі мен қызметін зерттеуге, шығармаларын жариялауға да зор үлес қосты.

Ізденістер мен көпшілігі әртүрлі мұрағаттардың бұрын жабық жатқан қорларынан алынған материалдар ғалымға кеңестік режимге рухани және саяси салада қарсылық көрсету тарихы туралы байыпты зерттеулер жүргізуге мүмкіндік берді. Оның Е.Б. Бекмахановтың өмірі мен қызметі, оны қуғын-сүргінге ұшырату себептері туралы жазғандары, Е. Бекмахановтың «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» атты монографиясын талқылаған мәжіліс стенограммасын жеке кітап етіп жариялауы жұртшылық арасында зор ықыласқа ие болды.

К. Нұрпейіс авторларынын бірі және бас редакция алқасының мүшесі ретінде бес томдық көне заманнан бүгінге дейінгі «Қазақстан тарихын» дайындап шығаруға қатынасты [7, 339-340-бб.].

Академик К. Нұрпейіс республикадағы археографиялық істің дамуына зор үлес қосты. Ол негізінен Қазақстанның XX ғасырдың тарихы бойынша құнды құжаттарды тауып, өңдеп, ғылыми айналымға енгізді. Ғалым Қазақстанда жарияланған 20-дан астам құжаттар жинағыньң құрастырушысы, редакторы, алғысөзі мен түсініктемелерінің авторы болды.

Тарихи білімді негізгі таратушылардың бірі болып, өзге тарихи зерттеулермен қатар, К. Нұрпейіс өзінің «Кіші Отанының», яғни Жетісудың тарихына көңіл бөлді. Оның шығармашылығы мен зерттеулерінің оқырмандары мен құрметтеушілер ғалымның туған жерге деген сүйіспеншілігіне, өзі таңдаған ғылымына деген адалдығына тамсанады. Ол - Кеген, Қарқара және Нарынқолдың көне және қазіргі тарихы жөніндегі зерттеулердің авторы. Сонымен қатар, ғалым «Атырау» энциклопедиясын құрастыруға қатысқан ғалымдардың бірі. Оның бұған қосқан үлесін сол кездегі Қазақстан Республикасының премьер-министрі И. Тасмағамбетов жолдаған мына алғыс хаттан көруге болады: «Атырау, Ақ Жайық өңірінің ақиқат шежіресі - «Атырау» энциклопедиясын жасақтап, оқырман назарына ұсынудағы ерен үлесіңіз үшін ел атынан ризашылығымды білдіремін. Кітапта өлке тарихы, оның тіршілік тынысы мен игілігін арттырған даңқты перзенттерінің өмір жолдары жан-жақты қамтылып, бүгінгі және келер ұрпақтарға зор тағылым берердей ғылыми, әдеби тұрғыда жеткізіле берілсе, біз автор ретінде сіздің айшықты қолтаңбаңыз бар деп есептейміз» [8, 14-б.] .

Сонымен бірге 1916 жылы Қарқара көтерілісіне арналған тарихи эсселер, сондай-ақ, осы өлкенің танымал өкілдері - Ақай Нүсіпбеков, Нұрбол Өмірзақов, Ыдырыс Көшкінов, Айтжан Түркебаев, Сұраншы Сауранбаев, Сәрсембай Бейсембетов, Аужан Ниязбеков және т.б. туралы бірқатар мақалалар да ғалым қаламынан туған болатын.

К. Нұрпейіс белсенді ғылыми-редакторлық жұмыстарды да атқарып келді: 15 жыл бойы «Қазақ ССР ҒА Хабарлары. Қоғамдық ғылымдар сериясы» журналы редакциялық алқасының жауапты хатшысы болды. 1998 жылдан бастап «Отан тарихы» журналының, Швецияда шығатын «Центральная Азия и Кавказ» қоғамдық-саяси журналы редакцияларының алқа мүшесі қызметін атқарды. «Қазақ тарихы» журналы шыға бастағаннан бері оның редакциялық алқа мүшесі, «Ұлттық энциклопедия» басылымдарының тарих секциясының төрағасы қызметтерін атқарды. 2004 жылдан бастап оның басшылығымен «Туған өлке» журналы шығарылды. Оның ғылыми редакторлығымен Қазақстан тарихының өзекті мәселелеріне арналған 16 монография мен мақалалар жинақтары жарық көрді.

К.Н. Нұрпейіс жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімін қайтару саласында үлкен қоғамдық жұмыс атқарды. Ол Республикалық «Әділет» ерікті тарихи-ағарту қоғамы құрылтайшыларының бірі және басқарма мүшесі болды. К.Н. Нұрпейіс Москва, Ереван, Ташкент, Бішкек, Уфа және басқа да қалаларда өткен халықаралық және республикалық ғылыми конференциялар мен симпозиумдарға қатынасып, құнды баяндамалар жасады.

Академик К.Н. Нұрпейіс Отандық тарих ғьлымын дамытуға сіңірген еңбегі жоғары бағаланды. Мемлекет тарапынан көптеген марапаттауларға ие болды. 1989 ж. ол Ұлттық Ғылым академиясының мүшесі, 2003 жылы толық мүшесі (академигі) болып сайланды. 1997 жылы ол Әлеуметтік академияның толық мүшесі (академигі) болып сайланды. 1995 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. 1998 ж. К. Нұрпейіске «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» құрметті атағы берілді.

Кеңес Нұрпейіс «Тарихи тұлғалар» мақалалар жинағы 2007 жылы жарық көрді [8]. Кітапта Қазақстандағы ХІХ-ХХ ғасырлардағы ұлт-азаттық қозғалыстарының тарихы, Республикамыздың қоғамдык-саяси өмірінің мәселелері, 1917 жылғы қос революция, Алаш қозғалысының тарихы, 1918-1920 жылдардағы Азамат соғысының мәселелері тақырыбында кейінгі жылдары жазып, кезінде баспасөзде жарық көрген материалдары жинақталған. Барлығы 45 мақалалары жинастырылып ұсынылған болатын. Мұнда Қазақстан тарихына жаңаша тұжырымдарға сай зерделеу бағытымен танысып, коммунистік идеологияның кесірінен есімдері аталмай келген көрнекті ардагерлерінің өмірі мен қоғамдық қызметтері, тәуелсіздік жолындағы табанды күрестері жайлы дәйекті мағлұматтар берілген. Кітап Алаш қозғалысының 90 жылдығы, қызыл қырғынның 70 жылдығына арналып шығарылған болатын [9].



Ғалым өзінің ғылыми ізденістерінің нәтижесінде көптеген мұрғаттарда қажырлы еңбек етті, олар: ҚР ОММ, Омбы, Семей, облыстарының ОММ мұрағат қорларын, Өзбекстан Республикасының ОММ, РФ Мемлекеттік мұрағаты, Жамбыл, Шымкент, Ташкент облыстық, мемлекеттік мұрағаттары, Орынбор облыстық ОММ мұрағаты. Ғалымның жоғарыда аталған еңбектері көп жылдар бойы осы мұрағат материалдарын қажырлы еңбекпен жинақтап, талдау нәтижесінде туындаған болатын.

Қазақстанның тарих ғылымы бастауында тұрған ғалымдардың қажырлы еңбектерінің арқасында калыптасты. Олардың арасында танымал ғалымның орны ерекше. Ол Қазақстан Республикасында тарих ғылымының дамуына өзінің табиғи дарынымен, еңбек сүйгіштігімен және туған Отанға, Қазақстандық тарих ғылымына деген махаббатымен орасан зор үлес қосты.

Кеңес Нұрпейістің таныстарының естеліктерінде ғалымның дүниетанымының кеңдігіне, тарих ғылымы саласындағы эрудициясына, ғылыми-зерттеудегі мол тәжірибесіне, қайырымдылығына, ақ жаркын мінезіне, өз ісіне берілген адамдарды танып алуына, оларды интеллектуалды еңбек пен жаңа жетістіктерге құлшындыра алу шеберлігіне тәнті болды деп айтылады [10]. К. Нұрпейіс тек өз ісіне шын берілген ғалым ретінде ғана емес, үлкен кәсіби және өмірлік тәжірибесі бар адам ретінде де әріптестер мен студенттерінің шексіз құрметіне ие болды. Кеңес Нұрпейістің зерттеу жұмысы тың жаңалықтарға толы және Қазақстан Республикасының тарих ғылымын жаңа белеске көтеруге өзінің сүбелі үлесін қосқан айтулы ғалым болды.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1 Алматы облысының мемлекеттік архиві. №1099-қор Нұрпейісов Кеңес Нұрпейісұлы

2 Қозыбаев М. Тәуелсіздіктің рухани көрінісі // Егемен Қазақстан. – 1999. - 26 маусым. ; Кеңес шыққан белес // Егемен Қазақстан. - 1995. - 14 наурыз.

3 Нұрпейісов К. Қазақстанның солтүстік-шығыс облыстарының Кеңестері. Кеңес үкіметін орнату жэне нығайту жолындағы күресте (1917 ж. ақпан-1918 ж. маусым). - Алматы 1963 // Алматы ОМА. 1099-қ., 1-т., 250- іс, 1-139-пп.

4 Ахметов Қ., Кәкенова Г. Дарынды зерттеуші, ұлағатты ұстаз // Жаңа Сарыарқа. - 2005. - №6.

5 Әбілсейіт М. Зиялылар шоғырындағы жұлдыз // Мұнайлы Астана. – 2005. - 11 наурыз.

6 Омарбеков Т. Алаш қозғалысының жаңа тарихы // Тарихпен өрілген тағдыр. - Астана 2007; Тарихшы тұғыры //Алматы Ақшамы. – 1995. - 13 наурыз.

7 Кеңес Нұрпейісұлы Нұрпейіс. Қазақстан ғалымдарының библиографиясына материалдар. - Алматы. - 2005.

8 Нұрпейіс К. Тарихи тұлғалар. – Алматы, 2007.

9 Қабдешұлы Б. Өткенді ескеру - өскендіктің белгісі // Жетісу. - 1998. - 21 ақпан.

10 Жүкеш Қ. Еуроцентризм, жаһандану және ұлттық рух хақында // Қазақ әдебиеті. - 2007. - 23 наурыз.




4

Каталог: edu.history -> media -> upload -> 2186 -> 2018
2018 -> Қайым мұхаметханов және абай туындыларының текстологиясы түйін
2186 -> Әож 94 (574) ахмет бірімжанов – алаш интеллигенциясының КӨрнекті өкілі түйін Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»
2186 -> Уалтаева А. С., т.ғ. к. Отар Ә. Н., 2-курс магистранты Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ӘӨЖ: 94(574)(092)
2186 -> Садықов Тілеген Садықұлы Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Тарих факультетінің профессоры, т.ғ. д
2186 -> Б. С. Боранбаева
2186 -> Қали айнұр1, СӘкенұлы қайрат2, айдаралиева әсел
2186 -> Маулит. Б. 1, Шәріпқазы Н. 2 1
2186 -> Омарова Г.Ә., ғылыми қызметкер, Алматы қ., Қазақстан. ӘОж 4(574). 084. Алжир қасіреті: азап шеккен аналар естелігінде


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет