Қолданылатын әдебиеттер:
1. Дж. Ритцер, Дж. Степницки. Әлеуметтану теориясы. – Алматы: "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қоры, 2018. – 856 бет.
2. Гидденс Э. Социология / При участии К. Бердсолл: Пер. с англ. Изд. 2-е, полностью перераб. и доп. М.: Едиториал УРСС, 2005. — 632 с.
3. Ритцер Дж. Современные социологические теории. 5-е изд. — СПб.: Питер, 2002.- 688 с.
Қосымша:
1. Giddens A., Sutton Ph. Sociology. Wiley Academic, 2017.
2. Abdiraiymova G.S., Burkhanova D.K. Social structure of society and middle class: textbook / Almaty: Qazaq University, 2015. – 44p.
3. Abdiraiymova G.S., Burkhanova D.K. Sociology of youth / Textbook. – Almaty: Qazaq university, 2016. – 98p.
4. Ritzer G., Stepnisky J. Sociological Theory. – Los Angeles: Sage, 2018. – 802p.
5 ДӘРІС. Әлеуметтену және бірегейлік
Дәрістің мақсаты: студенттерге әлеуметтанудың теоретиялық-әдістемелік негіздерін түсіндіру.
Тұлға әлеуметтік қарым-қатынастың объектісі және субъектісі ретінде. Адам, индивид, тұлға. Тұлға құрылымы.
Тұлға әлеуметтенуі түсінігі. Әлеуметтену процесіндегі макро және микро ортаның арақатынасы.
Тұлғаның қайта әлеуметтенуі түсінігі.
Әлеуметтенудің дұрыс жүрмеуі. Адамдардың девиантты мінез-құлығын анықтау мәселесі.
Әлеуметтік өзара іс-қимылдар мен қарым-қатынастардың ұйытқысы жеке тұлға болып табылады. Адам тұлғасын зерделегенде оның көріністерін мынадай деңгейлерге бөлу қалыптасқан:
- табиғи деңгей - адамның өзінде бар және оған басқа адамдардың ықпалынсыз дамитын деңгей;
- биологиялық деңгей - шығу тегі бойынша ортақ болуы, бүл орайда адамның жануармен ұқсас болуы міндетті емес;
- мұрагерлік деңгей - ата-аналарының тектік қорының негізінде тіршілік етіп дамитын деңгей; ол биологиялық (бірақ биологиялықтың бәрі мұрагерлік емес);
- әлеуметтік деңгей - адамның әлеуметтену, басқа адамдармен араласуы мен өзара іс-қимылы барысындағы деңгей.
Әлеуметтік көрініс кең мағынасында үш құрамдас бөліктен тұрады [9]:
- өзіндік әлеуметтік - өзінің әлеуметтік рөлдерін қалыпты атқаруға қажет деген белгілер жиынтығы;
- ерекшеленген мәдени - автоматты түрде сақталатын, жеке адамның ажырамас белгісіне айналған және басқалардың оны тәрбиелі деп санауына мүмкіндік беретін әдептілік мінез-құлық нормалары мен ережелерінің жиынтығы;
- ізгі - адамдағы әдеп нормаларын ең жоғары талаптар ретінде сақтауға байланысты әлеуметтік және мәдени бастамалардың жарқын көрінісі.
Бұлайша тәптіштеу “адам”, “жеке адам” және “тұлға” ұғымдарының аражігін ажырату үшін қажет. “Адам” ұғымы жалпыға ортақ, ол барлық адамдарға тән сапалар мен қасиеттерді сипаттау үшін пайдаланылады. Бұл ұғым дүниеде өзіне ғана тән тіршілік ету тәсілімен басқа барлық материалдық жүйелерден өзгеше адам әулеті, адамзат сияқты ерекше тарихи дамушы қауымдастықтың бар екенін көрсетеді. Осынау тіршілік ету тәсілінің арқасында адам тарих дамуының барлық сатысында, жер шарының барлық нүктелерінде адам баласы болып қалады, онтологиялық мәртебесін сақтайды.
Бірақ адамзат өз бетінше өмір сүрмейді. Өмір сүретін де, әрекет ететін де нақты адамдар. Адамзаттың жеке өкілдерінің өмір сүруі «жеке адам» деген ұғыммен көрсетіледі. Жеке адам - адамзаттың жеке дара өкілі, оның барлық әлеуметтік және психологиялық белгілерінің: ақыл-ойының, ерік-жігерінің, қажеттіліктерінің, мүдделер және т.б. иесі. “Жеке адам” ұғымы бұл арада “нақты адам” мағынасында қолданылады. Адамның жеке басының және тарихи дамуының түрлі деңгейлеріндегі нақты-тарихи даму ерекшеліктерін көрсету үшін “жеке адам” ұғымымен қатар “тұлға” ұғымы пайдаланылады. Тұлға – жеке адам дамуының нәтижесі, оның барлық адамдық қасиеттерінің неғұрлым толық жүзеге асуы. Тұлға бірқатар гуманитарлық ғылымдардың зерттеу объектісі болып табылады. Философия тұлғаны дүниеде қызмет ету, таным және шығармашылық субъектісі ретінде қарастырады. Психология тұлғаны психикалық процестердің, қасиеттердің және қарым-қатынастардың: темпераменттің, мінездің, қабілеттің, ерік-жігердің және т.б. орнықты тұтастығы ретінде зерттейді. Әлеуметтану көзқарасы тұлғаның әлеуметтік-типтік белгісін бөліп қарайды.
Әлеуметтану проблемаларының бірі тұлғаны құрылымдық талдау болып табылады. Тұлғаның әлеуметтік құрылымы жеке адамның әр алуан қызметі барысында, өзі кіретін қауымдастықтар мен бірлестіктердің ықпалымен қалыптасатын және қызмет атқаратын объективті және субъективті қасиеттерінің жиынтығын қамтиды. Тұлғаның құрылымында мыналар бөліп қаралады:
1) өмір салты мен еңбек, қоғамдық-саяси, мәдени-танымдық, отбасылық-тұрмыстық сияқты қызметтерде көрінетін әлеуметтік сапаларды жүзеге асыру тәсілі;
2) тұлғаның объективті әлеуметтік қажеттіліктері. Тұлға - қоғамның органикалық бөлігі, сондықтан оның құрылымы негізінде қоғамдық қажеттіліктер орын алады. Басқаша айтқанда, тұлғаның құрылымы қоғамдық тіршілік иесі ретінде адамның дамуын анықтайтын объективті заңдылықтармен айқындалады. Тұлға бұл қажеттіліктерді ұғынуы да, ұғынбауы да мүмкін, бірақ та ол қажеттіліктер тіршілік етуін, өмір сүруін тоқтатпайды және тұлғаның мінез-құлқына айқындық енгізіп отырады;
3) шығармашылық қызметке қабілеттілік, білім, дағды жатады. Қалыптасқан тұлғаны қалыптасудың бастапқы сатысындағы жеке адамнан айырып көрсететін де оның дәл осы шығармашылық қабілеттері;
4) қоғамның мәдени құндылықтарын игеру дәрежесі, яғни тұлғаның рухани жан дүниесі;
5) тұлға басшылыққа алатын ізгілік нормалары мен принциптері. Сенімдер - адам мінез-құлқының басты бағытын анықтайтын ең терең принциптер. Сенімдер тұлғаның тұлғалық құрылымының өзегін құрайтын объективті қажеттіліктерді сезінуімен байланысты.
Әлеуметтануды бірінші кезекте ортақ мәселе қызықтыратын болғандықтан, жеке адамға қатысты әлеуметтанудың түбегейлі проблемаларының бірі - әлеуметтену процесі болып табылады. “Әлеуметтену” ұғымы жалпылама түрде жеке адамның әлеуметтік топ пен жалпы қоғамға тән мәдениет ұғымына кіретін және жеке адамның қоғамдық қарым-қатынастардың белсенді субъектісі ретінде қызмет атқаруына мүмкіндік беретін белгілі бір білім, норма, құндылық, ұстаным, мінез үлгілері жүйелерін меңгеруі процесін сипаттайды.
Әлеуметтенуден бейімделуді (жаңа шарттарға үйренудің уақыт бойынша шектелген процесі), оқытуды (жаңа білім алу), тәрбиені (әлеуметтендірудің агенттері мен институттарының жеке адамның рухани аясы мен мінез-құлқына мақсатты түрде ықпал етуі), есеюді (адамның 10 жастан 20 жасқа дейінгі кезеңде әлеуметтік психологиялық қалыптасуы) және ержетуді (адам организмінің жеткіншектік және жастық шағындағы нығаюының физикалық-физиологиялық процесі) ажырата білу қажет.
Әлеуметтену процесі негізгі өмір тізбектері деп аталатын сатылардан өтеді. Бұл балалық, жастық, ересектік және қарттық шақ. Әлеуметтену процесін нәтижеге жетуі немесе аяқталуы бойынша балалық пен жастық кезеңдерді қамтитын бастапқы, немесе ерте әлеуметтенуге және басқа екі кезеңді қамтитын жалғасқан әлеуметтенуге бөлуге болады. Өмір тізбектері әлеуметтік рөлдердің алмасуымен, жаңа мәртебеге ие болумен, зиянды әдеттерден, айналасындағылардан, достық байланыстардан бас тартумен, өмір салтын өзгертумен байланысты. Ескі құндылықтарды, нормаларды, рөлдер мен мінез-құлық ережелерін ұмыту кері әлеуметтену деп аталады. Содан кейінгі ескі құндылықтардың орнына жаңа құндылықтарға, нормаларға, рөлдер мен мінез-құлық ережелеріне үйрену қайта әлеуметтену деп аталады.
Әлеуметтенудің мәні адамды өз қоғамының мүшесі етіп қалыптастыратындығында. Кез келген қоғам өзінің әлеуметтік, мәдени, діни, этикалық мұраттарына барынша сай келетін адамның белгілі бір типін қалыптастыруға тырысып келген және тырысады. Алайда бұл мұраттардың мазмұны тарихи дәстүрлерге, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуға, қоғамдық және саяси құрылымға қарай әр түрлі болады. Дей тұрғанмен, қазіргі заманда қоғамның толыққанды мүшесінің мұраты көп, жалпы немесе әр түрлі қауымдастықтар үшін азды-көпті үйлесетін сипаттамасы бар екенін айтуға болады. Соған сәйкес әлеуметтену процесі де әр түрлі қоғамдарда белгілі бір ерекшеліктерді сақтай отырып, әмбебап және үйлесімді сипаттамаға ие болады, бұл ғаламдық, жалпы планеталық және жалпы әлемдік тенденциялармен (кенттену мен ақпараттандырудан экологиялық және демографиялық үрдістерге дейін) байланысты.
Достарыңызбен бөлісу: |