О Қ ы т у ә дістемес І балабекова Қ


Ыбырайым Б. – ф.ғ.д., профессор (Алматы қ-сы, ҚазмемқызПУ)



бет11/18
Дата25.12.2016
өлшемі3,69 Mb.
#5262
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   18

Ыбырайым Б. – ф.ғ.д., профессор (Алматы қ-сы, ҚазмемқызПУ)



Адамзат тарихына аласапыран әкелген жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жиырма жылындағы сан қилы саяси-тарихи өзгерістер қазақ ақындарының тағдыры мен танымына, тұрмысына, сол арқылы әдебиеттің де сипаттарына едәуір ықпал жасады.

Бұған дейінгі адамзат тарихында болып көрмеген, құрылысы, идеялық нысанасы мен идеологиясы басқаша қоғам құруға талаптанған мемлекет өз территориясында тұратын елдің күллі өміріне күрт өзгерістер әкелді. Тұрмысқа, рухани өмірге саналуан жаңалықтар ене бастады. Сондықтан мұндай аласапыран кезеңде болмыс туралы санқилы ұғымдардың орын алуы, соған сәйкес қақтығыстардың әралуандығы – заманның қаншалықты күрделіленгендігінің белгісі. Міне, осының барлығы көркем әдебиетте әр деңгейде көрінді. Әу баста гуманистік принциптер, идеялар түрінде белгі берген идеологиялық бағыт жиырмасыншы жылдардың екінші жартысынан бастап, саяси-қоғамдық мәні тереңдеп, мемлекеттің өмір сүру нормасына айналуға, қоғамдық санаға пәрменді жетекші болуға бет бұрды.

Тұрмыстық-әлеуметтік тіршіліктің ғасырлар бойы, оған қоса бертінгі отаршылдық дәуірінде қалыптасып үлгерген ерекшеліктері қолма-қол бұзылуы, үйреншікті, «кәдуілгі» тірліктің астаң-кестең сапырылысуы, әсіресе мемлекеттік билік басындағылардың жергілікті жағдай айрықшалығын ескермей, әлеуметтік-қоғамдық, тарихи өзгерістерді жөн-жосықсыз асығыс жүзеге асыруы сан алуан қиындықтар мен қайшылықтарды көбейте түсірді. Күллі мемлекет ішінде саяси науқанның, кейін ұзақ жылдарға созылған жүйелі озбыр науқанның алғашқы кезеңі басталды.

Міне, осындай жағдайда өмір сүрген қазақ әдебиеті, оның ішінде поэзия ақындардың өмірлік-көркемдік тәжірибесі мен қалыптасқан талғамына, өмірлік көзқарасына қарай сыр-сыпаты әрқилы шығармалар арқылы салаланды.

Бұл кезде жаңа мерзімді басылымдар көптеп ашылып, көркем шығармалар бұрнағы кезеңдермен салыстырғанда, молырақ жарық көре бастады. Әсіресе, айрықша көрінгені – екі көркемдік платформа. Біріншісінде әдебиеттегі көркемдікті ең алдыңғы орынға қойған Мағжан Жұмабаев айрықшаланса, екінші тұрғыда ең алдымен жаңа қоғамның идеяларын жалау еткен Сәкен Сейфуллин көшбасшы ретінде тұлғаланды. Сонымен бірге жиырмасыншы жылдар поэзиясында ислам гуманизмімен құнарланып, Шығыс, Батыс әдебиеті мен философиясының құндылықтарын салмақтаған Ш. Құдайбердіұлы творчествосы арқылы көрінген философиялық лирика тағы да көрінді.

Халқымыздың рухани қажеттілігін қанағаттандыруда ауыз әдебиеті, халық шығармашылығы өкілдері де өнімді, игілікті қызмет атқарғаны талассыз.

М. Жұмабаев творчествосы – отаршылдық кезеңінде күйзелген қазақ әдебиетін әлем әдебиетінің деңгейіне көтерген, психологиялық-көркемдік иірімдер мен әлем поэзиясына жаңа өрнектер мен бояулар қосқан эстетикалық құбылыс, көркемдік жаңалық. Ол поэзиямыздың эстетикалық әлемін тың бояулармен, күрделі сезімдік әлеммен байытып, жаңа биікке көтерді. Қазақ поэзиясының ғасырлар бойы қалыптасқан бай дәстүрінен, фольклор мен ауыз әдебиеті құнарынан еркін, табиғи нәр алған ақын Шығыс пен Батыс әдебиетінен де мол сусындап, өзіндік эстетикалық әлем қалыптастырды.

Ақын шығармашылығының өзіндік эстетикалық әлемін айқындаған қазыналар ретінде бірден көзге түсетіні – өзіндік образдар және образдық сонылықтары, соны толғам сарындары, түрікшілдік, лирикалық кейіпкердің рухани мөлдірлік қуаттандырған асқақтығы (Мағжанға дейінгі ақындарда мен – күнмін, пайғамбармын…, деп келетін сарындар бұлайша өр дауыспен айтыла бермейді) мен көлгірсуден аулақ сыршыл сезімталдығы. Оның лирикалық кейіпкері бұған дейінгі қазақ өлеңіндегі ешкімге ұқсамайды. Бұған дейінгі қазақ жырындағы кейіпкер субъективті өмірі жайында әсіресе жан дүниесіндегі құпияларды жайып салуға, бар шындығын ағыл-тегіл ақтарып салуға соншалықты пәрменді құштарлық білдіре қоймаса, енді лирикалық кейіпкер өзінің осалдығын да, қуатын да жасырмайды, күлбілтелеп, күмілжімейді. Бойын кернеген саналуан сезім-толғаныстарын, толғамдарын іркіп, өзін өзі сақтандырып немесе тежеп, тиып ұстаудан мүлдем аулақ. Әсіресе ынтық сезімдерді жасырмай, ақтарып айтуға құлықты. Жан сырын жарық дүниеден қымтамай, тұмшаламай, көз жасындай мөлтілдетіп, таң шығындай мөлдіретіп жеткізеді, не айтса да ағынан жарылып, адалын айтады. Лирикалық кейіпкер субъективті толғаныстарын былай қойғанда, әмбеге ортақ, драмалық сезім арпалыстары арасында да өз түйсігімен, өз түсінік-тұрпатымен дараланады.

Бойындағы осалдығын да, озаттығын да бүгіп қалуды, демек, көлгірсуді білмейтін кейіпкер ашықтығымен, адалдығымен, сыршылдығымен бөлекше бітім танытты. Толқымалы, өзгермелі көңілдің бүгін былай, ертең олай құштарлықтары Мағжан Жұмабаевқа дейінгі қазақ поэзиясында дәл осыншалық ағыл-тегіл, дәл осыншалық үздіксіз, жүйелі төгіле бермейтін.

Орхон-Енесай ескерткіштеріндегі басқаға бас июді білмейтін жауынгерлік рух, Ж.Баласағұн, А.Иассауи, А.Иүгінеки, С.Бақырғани, Хорезми, С.Сарай, т.б. дастандарындағы заман – қоғам – адам үштігін мәңгілік мұраттар, ислам идеялары тұрғысынан терең таразылауға ұмтылған философиялық пайымдаулар, осы бағыттағы көркемдік ізденістерді одан әрі жалғастырған «кітаби» ақындар шығармаларында аталған үштік мәселесін айнымас асыл гуманистік мұраттар тұрғысынан бажайлап, адам мен қоғамның этикалық тазалығын, нормасын іздеген, бұларды өмірлік қажеттілік пен тіршілік дағдысына айналдыруды көздеген, соның жолдарын табуға құшырланған лирикалық кейіпкерлердің толғаныстарында көбіне заман қалыптастырған ішкі сабыр, тереңде жатқан ұстамдылық аңғарылатын.

Махаббат кешулерін өмірдің белгілі бір кезеңдегі эстетикалық-субъективті нормасы мен рухани нысанасы ретінде сұлулап сырлаған сал-серілер (Біржан, Ақан, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, үкілі Ыбырай, т.б.) поэзиясы да қалыптасқан дәстүр мен заман нобайлаған шеңберден аса қоймайтын. Тек Абай шығармашылығында ғана ежелден бергі рухани-тарихи даму орнықтырған дәстүр шеңберінен шығып, лирикалық кейіпкердің тек өзіне ғана тән субъективті сезім буырқаныстарын айқын, айбынбай ажарлау мен айшықтау көріне бастады. Абайдың ұстамдылығы заман нормаларына, заңына бағыну, көз жұмып, соған мойын ұсынудан емес, өз көңілі ұйыған, өз көзі жеткен сенімнен, болмыс құбылыстарын таразылаған өз танымынан туған. Жеке адам немесе мораль типтері, махаббат, табиғат, т.т. қай-қайсысы да лирикалық кейіпкерлерді ең алдымен философиялық аяда толғандырады да, ақын поэзиясы әсіресе осы қырымен айрықшаланады.

Ақындық “меннің” сипаты мен сырынан хабар беретін лирикалық кейіпкер сомдауда бұрыннан мол тәжірибе жинақтаған қазақ поэзиясына Мағжан жырлары әкелген кейіпкер өз бойында жоқты бар ғып көрсетуге ұмтылып тыраштанбайды, ақылгөйсімейді. Ақтарып айту бар да, асыра айтудан аулақ. “Гүлмін”, “күнмін” деуі – күшенуі емес, тарихынан тамыр алған, оның бағасын таныған отаншыл рухтың өз қадірін өзі сезініп, асқақ парлауы, еңсесін езгіге бастырғысы келмеген өр кеуденің ноқтаға мойын ұсынғысы келмеген арда асаудай аспанға шапшып қарсыласуы.

Осынша өр, асқақ кейіпкер – енді бірде бала, енді бірде дана. Қол созым жердегі ғашығына қолы жетпей, жалындап жаны күйіп, азап шеккенде, төгілген көз жасын да жасыра алмайды. Бұл – жан дүниесінің тазалығы, мөлдірлігі, “адалымды айтсам, жақпай қаламын-ау” деген қауіп-ойдан аулақ сенгіштігі. Лирикалық кейіпкер осындай адалдығымен, риясыздығымен баурайды, сендіреді. Осындай соны бітімді кейіпкер – М.Жұмабаев поэзиясындағы жаңалықтардың бірі деп айтуға лайықты. Идеялық аңсар-принцип, сарын ретінде белгі берген түрікшілдік те онымен тұстас немесе алдындағы ақындарда дәл Мағжандағыдай айқын дауыспен аршындап, алға шығып көріне бермейді.

Бұл орайда ғасыр басындағы және сол тұстағы түркі халықтары зиялылары көтерген идеялар Мағжанға жақсы таныс болғаны, ақынның өмір шындығын, тарихын бел-белестерді өз сүзгісінен өткізгені, сенімі өлеңдегі сырына айналғаны аңғарылады. И. Гаспиринскийдің толғаныстары қазақ даласына да жетіп, М. Жұмабаевқа да әсер еткенге ұқсайды. Автор бұл жайында арнайы атап көрсетпегенімен, кезінде белең алған идеялық сарынның жалпы қазақ зиялыларына да жақсы таныстығы тарихтан мәлім.

Мағжан поэзиясының өзіндік эстетикалық әлемін қалыптастыратын субъективті факторлар ретінде жаңа образдар және образдылық сонылықтар, соны толғам-сарындар (мәселен, түркішілдік, лирикалық кейіпкердің мөлдір сезімнің асып төгіліп жатуы, қуаттылығы, рухани тазалығы, аса асқақтығы. Мағжанға дейінгі ақындарда мен – күнмін, пайғамбармын... деп келетін сарындар кездесе қоймайды) мен көлгірсуден аулақ сыршыл сезімталдық атап айтуға лайықты. Оның өлеңдерінде символизм түрлі қырынан көрініп, түрлі тұрғыдан пайдаланылады. Ақын символизмнің өзіндік мүмкіндіктерін кәдеге жаратумен бірге өмірлік мегзеуі машақатсыз-ақ табылатын астарлық-жинақтаушылық қуат қосып, лирикалық кейпкердің субъективті сезімі немесе ой-аңсарымен табиғи өрілген суреткерлік концепцияны бейнелейтін астарлы байыптау дарыту арқылы символизмді таза эстетикалық ағым ғана емес, ауқымы одан әлдеқайда кеңірек эстетикалық-философиялық жүйеге көтерді деп айтуға болады.

Әрине, символизмнің де өз философиясы бар. Дегенмен М. Жұмабаев поэзиясындағы символизм таза осы түрдегі ағым, құбылыс ыңғайында ғана қалмайды, өмірлік тиянағы нық, реалистік мегзеуі мен романтикалық аңсары қабаттасқан жаңа құйма секілді. Сырт қарағанда, біркелкі символистік бояулардан құралған секілді көрінетін өлеңдерінің өзінде де реалистік-романтикалық астарлар бірін бірі толықтырып, бірінен бірі туындап жатады. Бұл мәселе алдағы уақытта арнайы зерттелгені игі.

Ақынның лирикалық кейіпкері субъективті толғанысымен бірге әмбеге ортақ, жалпыға мәлім драмалық сезім кешулерімен ерекшеленеді. Бұл сипат Қазан төңкерісіне дейінгі де, одан кейінгі де өлеңдеріне тән. Жиырмасыншы жылдарда кемеліне келген ақынның «Мені де өлім, әлдиле» секілді туындыларынан күрделі конструкция, символизм мүмкіндіктері – ой ишаралау тәсілдері мен бейнелеу құралдары белгілі бір өмірлік құбылыстар немесе абстрактылық арқылы микроәлем жасаудан гөрі көркемдік концепцияны бейнелеуге қызмет еткен, демек, өзіндік эстетикалық-философиялық көру мен байыптау жүйесін қалыптастырғаны аңғарылады.

Жиырмасыншы жылдардағы қазақ поэзиясына Мағжан Жұмабаев әкелген жаңалықтардың бірі – бейнелеу мүмкіндіктерін молайтатын, көркемдік әлемді байыта түсетін эстетикалық конструкцияны көркемдік концепцияны жеткізуге шебер пайдалануы. Алғаш рет біз қолданып отырған бұл терминге мынадай ұғым сиғызуға тырыстық. Эстетикалық конструкция дегеніміз – белгілі бір өлеңнің идеялық-көркемдік мазмұнын қамтыған көркемдік құрылымдағы образды-мағыналық тұрғыдан өзара сабақтасқан бөліктер жүйесі. Рас, мұндай конструкцияның жекелеген, «стихиялы» түрде жасалған үлгілері фольклорда, ауыз әдебиетінде де ұшырасатын. Мәселен:

Қыз Жібектің ақтығы

Наурыздың ақша қарындай.

Ақ бетінің қызылы

Ақ тауықтың қанындай.

Төсінде бар қос анар

Нар бураның санындай.

Бет ажарын сұрасаң,

Жазғы түскен сағымдай...

деп келетін тіркестер – бір-бірімен сабақтасқан конструкциялы теңеулер арудың ажарын айшықтайды, әрі эстетикалық сезіну сәті. Арудың ажарын «айқындаған», «анықтаған» мұндай конструкция эпос туындысының жалпы контексінде концептуалды-көркемдік әлемнің қажетті көркемдік компоненті қызметін атқарады. Мұндай сипаттар Мағжанға дейінгі поэзияда молшылық.

Ал, ақын бұл тектес компоненттерді тіптен басқаша бөлекше күрделендіріп, жаңа конструкция-құрылым жасады. Айталық, “Мені де, өлім, әлдиле” атты өлеңіндегі әр өлімнің өз шежіресі, трагедиясы бар. Солардың бәрі қосыла келіп, автордың осы шығармадағы көркемдік әлемін құрайтын эстетикалық конструкцияға айналған. Бұған дейінгі поэзияда жалпы көркемдік мазмұнға кірпіш қызметін атқаратын бейнелеу қазыналарының енді қоғамдасқаны соншалық, әрқайсысы жеке-дара деп бағалауға лайықты бір-бір “ансамбльдердің” басын біріктірген, бұған дейін төл поэзиямызда болып көрмеген тосын, суық сызымен сұсты, құрылымы жаңа, өзіндік бір әлем жасаған. Осы әлемнің құрамындағы ансамбльдерді құрайтын компоненттер ақын шығармаларында бұрыннан-ақ әр кезде түрлі келбетте кездесетін.

Мәселен, кезінде патшаның отаршылдық саясатына қарсы жазылғаны сезілетін өлеңдерінің бірі – “Жаралы жанда” мынадай жолдар бар:

Сар дала бейне өлік сұлап жатқан,

Кебіндей ақ селеулер бетін жапқан.

Тау да жоқ, орман да жоқ, өзен де жоқ,

Сәуле емес, қан шашып тұр күні батқан,/1/ -

немесе одан кейінгі уақытта жазылған “Сүйемін” атты өлеңіндегі:



Орманы жоқ, шуы жоқ,

Тауы да жоқ, суы жоқ,

Мәңгі өлік сахарасы, –

секілді шумақтар мен “Мені де, өлім, әлдиле” өлеңіндегі мысалдарды салыстырғанда, алғашқыларында “өлік, өлім” сөздерінің символдық мәнде қолданылғаны, алайда тек өз бояуымен ғана тұтасып тұлғаланған концептуалды әлемді емес, лирикалық кейіпкердің ақындық “менінің” аңсарын аңғартуға қажетті сезім-ситуацияны, сезім-символды бейнелеу үшін қажетті компонент қызметін атқарғаны байқалады. Ал, “Мені де, өлім, әлдиле” өлеңіндегі әлдекімнің өлгені, жалғыз жас қайыңның құлағаны, ұланның майданда қайтқаны, бетпақ шөлдегі жалғыз жанның өлімі, он бестегі жас сұлудың жасқа тұншығып өлуі, қозының көз тиіп өлуі, сұлуларды құшқан жастың ажал құшуы… бірінен кейін бірі кезектескен, бірден бірге ұласқан өлім ситуациялары арқылы өлеңнің конструкциясын концептуалды мазмұнға бағындырған, түпкі аңсарын тереңге тұндырған ақын шеккен азап алуан:



Бетімнен тәтті бір сүйіп,

Алдыңа алшы әлдилеп,

Келші, өлім, тезірек.

Жан ұшудан тоқтады,

Жынданып енді соқпайды

Кешегі асау жас жүрек.

Бетімнен тәтті бір сүйіп,

Алдыңа алшы әлдилеп…

Балқиды жаным бұл күйге,

Мені де, өлім, әлдиле…

Мені де, өлім, әлдиле!... /2/

Жиырмасыншы жылдарда көркемдік тәжірибесі де, шеберлігі де толысқан ақынның мұндай туындыларынан болмысты сезіну аумағы айрықшалықтарын, осы сезінуі бейнелеудегі соны ізденістерге бастағанын көреміз.

Жалған дүниенің опасыздығынан жалыққан, шаршап жабыққан лирикалық кейіпкердің жаны күйіп, тыным өтініп сағынуы, сонша трагедияларды көріп, қиналған жүрекке араша аңсауы, қажудан сұрланған, қарауытқан рухани әлемін тазартуға талпынудың бір шарасы секілді “мені де, өлім, әлдиле” деген жалыныштан бетер өтініш – конструкцияның күмбезі, лейтмотиві. Өлеңдегі осындай күрделі көркемдік конструкция, символизм арсеналы – ой-сезімді бейнелеу мен жеткізу мүмкіндіктері өмір құбылыстарын сұрыптап, саралап, көркемдік микроәлем жасаудан, басқаша айтқанда, құйрығы шолтаң етіп, бірден көрінетін идеяны ишаралаудан гөрі мазмұны байтақ макромир, көркемдік конструкцияны бейнелеуге қызмет еткені, демек, ақынның өзіне ғана тән, бұған дейінгі қазақ поэзиясында бұл кейіпте ажарланбаған эстетикалық-философиялық көру мен байыптау жүйесін қалыптағаны аңғарылады.

Ойды, эстетикалық нысанды бейнелейтін күрделі, сатылы, әрі өзара сабақтас мазмұндық-көркемдік ұстындар арқылы тұтасқан конструкцияға құрылған өлеңдер қатарына “Гүлсімге”, “От”, “Мен кім?” өлеңдері де жатады.

Ақынның қазақ поэзиясына қосқан жаңалықтарының, жаңа үлестерінің бірі – троп, фигураның – айшықтау мен құбылтудың саналуан тәсілдерін табиғи, еркін және молынан пайдалануы, сол арқылы қыруар тың образдар әкелуі, образдылық әлемін байытуы. Кербез келісіммен кестеленген, кезектескен, бірін бірі толықтырып кемелденген образды ойлар мен орамдар ұжымдасып, тек Мағжанға тән образды көркемдік әлемді көркейтеді.

Келші, көзім, күн бетіңді көрейін,

Сүйші, сәулем, тұншығып мен өлейін.

Кел, жұлдызым, жылжып қана жібектей,

Жұлдызды – жүзік, айды алқа ғып берейін.

...Күлкің, Күнім, күміс күндей табаққа,

Мінсіз сұлу меруертті шашқандай...

…Еркетайым, келсең егер қасыма,

Сәулелерден шоқ қадар ем басыңа.

Көз жасымнан меруерт тізіп берер ем,

Келші, күлмей көзден аққан жасыма…/3/

Осындағы күн – бет, жұлдыз жібектей, жұлдыз – жүзік, ай – алқа, күндей күміс табақ, мінсіз сұлу меруерт, сәулелер шоғы, меруерт – көз жасы, т.б. бейнелі кестелер, әлбетте, бірден көзге түсіп, ақынның шалқар талантын, шабыттылығын айқын танытады. М. Жұмабаев поэзиясының осы сәтте көрінетін тағы бір айрықшалығы – айқын, ажарлы айшықтардың қасында қаумалаған қарапайым секілді тіркес сөздердің сезім сәулесі мен көлеңкесін тірілтуі, талпындыруы, түрегелтуі, тербетуі. Лирикалық кейіпкердің жан күйін “келсең егер, қадар ем, берер ем, күлмей” секілді кәдуілгі кірпіш-сөздерден-ақ барлап үлгереміз. Келші, сүйші, көрейін, өлейін, берейін, шашқандай, көзден аққан секілді байырғы, байсалды сөздер өлеңнің көркемдік әлемін кестелеген контекстің құрамында әрқайсысы тек өзіне ғана тиесілі, тек өзіне ғана тән қызметті атқарып, көркемдік бірліктерге айналған. Мұндай мәртебелі қызмет атқарған қарапайым сөздер шебер қиюласып, лирикалық кейіпкердің психологиясынан, парасатынан сыр шертеді. Демек, бейнелік қызметі теориялық анықтамалар мен шарттарға тікелей сәйкес келмесе де, өлең контексінің, тіркес контексінің біртұтас бітімінің бір бөлігіне айналу арқылы ажарлау абыройына ие болған.

Мұндай мысалдар ақын шығармаларында молшылық. Образ күрделілігі мен алуан түрлілігі, образдылық әлемінің байлығы, сан түрлі тәсілдермен жасалуы – ақынның жиырмасыншы жылдардағы поэзияға зор үлес қосқанының айғағы. Ақынның өз замандастарына ықпалын Бернияз Күлеев, Ғұбайдолла Балақадыров өлеңдерінен де, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, т.б. шынайы ықыласпен жазылған мақалаларынан да байқаймыз.

Лирикалық кейіпкердің жан дүниесіндегі құбылыстарды терең де нәзік бейнелеу, жан сырын, сезім дірілін ірікпей, ақтарып айту да мөлтек психологиялық талдаудың бір көрінісі іспетті. Мағжан Жұмабаев ештеңе бүкпейді, қанша қуанып, қанша жылағанын да жасырмайды. Қазақ поэзиясының арғы-бергісіне көз салғанда, Мағжаннан өткен «жылауық» ақын табу қиын. Бұл көз жасы – ақынның күйректігі, рухани бошалаң, болбырлығы емес, рухани әлемінің тұнықтығы мен толғанысының мөлдірлігі, шіркеу түспеген, шырылдап шыққан шындығы.

Жан ләззатын тән рахатымен бірлеген, өмір туралы, сүю туралы толғанысын мұндай ашық, мұнша еркін, өткір де тосын ақтара айшықтау бұған дейінгі қазақ поэзиясында кездеспейді. “Бүгінгі күн өмір, өлім - менікі”, “Сырым”, “Сүй, жан сәулем” өлеңдерінің өзегіне айналған сезім екпіндеген сайын арнасы кеңейе келе, толассыз толқындап, кейіпкердің рухани әлеміне жетелей түседі, қапысыз бойлап, оның табиғатын танытады.

Ақын өлеңдерінде физиологиялық күй психикалық күйге ұласады да, одан әрі тебіренісі тербелген психологиялық процеске айналады. Міне, осы ұласу мен ұлғаю бұрылыстарында үнемі белгі берген сәулелі сезім-толғаныстар тоғысынан толқындаған эстетикалық аңсар арайлап шығады. Осы эстетикалық аңсар шығарманың өн бойын кернеген күй-процестерге нұрын таратып, авторлық идеяға айналады, суреткерлік концепцияның түзілуіне атсалысады.

Кейіпкердің жан дүниесіне үнемі ыждаһатпен зер салу – ақынның ерекшелігі, әрі рухани қажеттілік, көркемдік құштарлық ретінде “Батыр Баян” поэмасында психологиялық талдау тәсілін қазақ поэзиясында алғаш рет реалистік мәнерде қолдануға жетеледі.

Поманың драматизмге толы, ең шырқау сәті – батыр Баянның ашумен інісі Ноянды атқаннан кейінгі сұрапыл қиналысы, жан азабы. Осы сәттегі батырдың іштей күйреп күйзелуі, жаны шырқырауы психологиялық талдау тәсілі арқылы жеткізілген. Мұндай драмалық тебіреністер әлем поэзиясында сирек.

М. Жұмабаев шығармаларының жалпы қазақ поэзиясына, оның ішінде жиырмасыншы жылдар әдебиетіне қосқан үлес-жаңалықтарының бірі – бүгінгі көптеген зерттеушілер дұрыс көрсетіп жүргендей, символизм рухындағы туындылар. Бұл ретте символ мен символизм ұғымдарының шекаралары шендес, бір-бірімен сабақтас ұғымдар болғанымен, әрқайсысының өзіндік жүгі, міндеті барын да ескерген жөн. Ақын шығармашылығында мұның екеуі де молынан кездеседі. Символизм көркемдік ағым ретінде де, ой-сезімді бейнелеудің тәсілі ретінде де стильдік ерекшелікті қалыптастыруға атсалысады. М. Жұмабаев сөзге символдық-көркемдік тұрғыдан алғаш рет эстетикалық мағына, идеялық мазмұн дарытумен шектелмей, эстетикалық мөлтек әлемге (микромир) айналдырады. Демек, қарапайым да қайратты сөз енді өзінің мән-қуаты арқылы ойды жеткізудің құралы қызметін атқаруды “місе тұтпай”, контекстің құрамында әлсін-әлсін дараланып көрінуі арқылы эстетикалық-философиялық мазмұнға, сол арқылы эстетикалық-эмоциялық қуатқа ие болады. Мәселен, от, қара, қараңғылық, жер, жел, жол, жұлдыз, күн, түн, сәуле, зар, өлім, т.б. сөздер жай лексика емес, символ-сөз, образ-сөздер дәрежесіне көтерілген. Біраз тұстарда философиялық категорияларға да айналады. Контекстің әлпештеуі мен иіріміне, икемдеуіне, көркемдік қуатына қарай әр сәтте алуан бояу сәулесімен нұрланады. Мұндай сөздер енді символ-сөздерге, символ-ұғымдарға, символ-мағына, символ-идея, символ-бояу, символ-нақыш, символ-концепция, символ-проблема, символ-категория, символ-бейнелілікке ұласады.

ӘДЕБИЕТТЕР


  1. Жұмабаев М. Шығармалары. Үш томдық. А.,1995, 1 том, 75-бет.

ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы қазақ әдебиетіне, оның ішінде қазақ поэзиясына ықпалын тигізген алуан факторлар, соған орай өрістеген әрқилы көркемдік ізденістер, көркемдік тәжірибе мен ақындық шеберлік мәселелері тарихи-әдеби процесс контексінде қарастырылады.

РЕЗЮМЕ


В статье рассматриваются факторы, повлиявшие на казахскую литературу двадцатых годов прошлого века, в частности на казахскую поэзию, а также вытекающие из этого проблемы различных художественных поисков, опыта и поэтического мастерства в контексте историческо-литературного процесса.

Т І Л Б І Л І М І Н І Ң М Ә С Е Л Е Л Е Р І

ТЕРМИННІҢ БАСТЫ БЕЛГІЛЕРІ
Ақайұлы Ы. – ф.ғ.д., профессор (Алматы қ-сы, ҚазмемқызПУ)
Әдетте, балкон сөзін біреу термин деп, біреу термин емес деп, мынау термин, анау термин емес, термин бүкіл әлемге ортақ сөз деп, қандай да негіз-дәлелсіз-ақ сөздің бірін ана топқа, бірін мына топқа жіктеп жатамыз. Біреулер, қазақ сөзі жай, әшейін сөз ғой, болса, орыс сөзі мен шетел сөзі термин болар деп ойлайды. Тағы біреу, орыс сөзін қазақшалап, шетел сөзін қазақшалай алмай жатады да, аудармаған, аудара алмаған себебім – ол шетел сөзі ғой, оны аударуға болмайды деген тұжырым айтады. Әрі осы негізде басқа тілге аударылмайтын шетел сөзі нағыз термин болар деп ойлайды. Жұртты бұлай адастырып жүрген нәрсенің бірі – ғылымның бізге орыстан, Еуропадан келуі. Сол ғылыммен бірге келген шетел сөзі – жай сөз емес, термин сөз болар, оны қазақшалау қиындығы да содан шығар деген түсінік қалыптасқан. Мысалы, көпшілік клетка, селкеция, ген, артерия, вена деген шетел сөздерін сөзге келмей термин десе, кислота, соль, порошок, самолет, вертолет деген орыс және түйсік, түсінік, зерде, зейін, сана, ой деген қазақ сөздеріне келгенде күмілжіп қалып жатады.

Өкінішке орай, бұл жай жұрттың ғана сөзі, түсінігі емес. Тілші, терминші мамандардың өзі бұл түсініктерді анық ажыратып бере алмайды. Себебі, сөздің термин немесе термин еместік сипаттары – әлі күнге ғылыми тұрғыда да анықталып, нақтылана қоймаған мәселе.

Іс жүзінде келтірілген сөздердің термин немесе термин емес дейтін айрықша белгілері жоқ. Пәлен тіл сөзі термин де, түген тіл сөзі термин бола алмайды дейтін де ереже жоқ. Тек біздің мамандар мен көпшілік санасында осындай көмескі түсінік бар.

Олай болса, әуелі термин деген не, оның сөзден айырмашылығы, яғни басты белгілері қандай дегенге тоқталайық.

Терминнің ең басты белгісі – ол – сөз. Қандай да түсініктің аты болуы терминді сөз етеді. Ол сөзше айтылып, сөзше естіліп, қабылданып, сөзше жұмсалады және қолданылады. Терминнің сөз болатын тағы бір себебі – ол тілдік бірліктерден құралады. Тілдегі кез келген басқа сөз сияқты дыбыс, буын, түбір, қосымша, түбір сөз, туынды сөз, күрделі сөз, сөз тіркесінен жасалады, осылардан, осылардың түрлі үйлесімінен жасалады.

Санамалай, салыстыра айтар болсақ: 1. Екеуінің де мәні, мағынасы бар, екеуі де дыбыстық тіркесімнен құралады, екеуі де тілдің сөздік құрамына кіреді. Екеуі де грамматикалық өзгеріске түседі әрі бірдей түседі: қосымшалар буын үндестігі бойынша жалғанады. Синоним, омоним, полисемия екеуіне де тән (1). Екеуі де сөйлемдегі сөздер ықпалына түсіп, мағыналық өзгеріске ұшырайды. Мысалы, азот – иіссіз, түссіз газ немесе азот Менделев кестесінің екінші қатарында, бесінші топта орналасқан; күмістің d қабатында 9 электрон бар немесе ...күміспен күптеп деген сөйлемдердің екі жағдайында азот пен күмістің екі мағыналары қолданылып тұрғаны, яғни олардың мәтінмәндік ықпалға түскені көрініп тұр. Сөздің де, терминнің де жасалуы, ауызекі және жазба тілдердегі қолданысы мен өзгерісі сол тілге тән бір ғана заңдылық негізінде жүзеге асады. Ал о бастағы бір түбірдің уақыт өте келе бірнеше туындысы пайда болуы және күрделі сөз түзуге қатысуы – терминнің де тұлғалық икемделуге түсетінін көрсетеді. Мысалы, әуелде аммон тұлғасында болған сөздің аммоний, аммиак, аммоналы, аммофос, амид, амин, имин сияқты ондаған түрлік өзгерістері, туындылары бар. Екеуін де адам пайдаланады, ал адамның ғалым, ғалым еместігі екінші ретті нәрсе.

Ол жер, су, тау, тас, қол, аяқ сияқты тілідің негізгі сөздік қорын құрайтын, онда әуелден бар жай, түйсіктік атаулардан, атау сөздерден, қолөнер, шикізат, қарбарыс, мәжілісхат, баянхат, қолдаухат, берімхат (накладной), ұяшық, талшық, қылшық сияқты ішкі құрлысы оқылып тұратын уәжді сөздерден, мыс тотығы, күкірт қышқылы, ас тұзы, азу тіс, сүт тіс сияқты сипаттауыш, сипаттай атауыш тіркестерден тұрады және осы келтірілген сөздік бірліктердің бәрі де өз кезегінде термин болады, белгілі бір саланың термині болып табылады. Яғни термин тілдік таңба, бірлік ретінде сөз болады.

Осыған орай, терминнің тілдегі басты қызметі көрінеді. Ол жалпы қатынастық, жалпы тілдік деңгейде қандай да түсініктің ат(ау)ы болады әрі мұны сөздік әлде жадтық қызмет деп атаймыз. Сондай-ақ қызмет мақсаты – бөлектеу, бекіту (фиксация), сақтау болып, тілдің де, қоғамның да бүкіл болмысына негіздік, арқаулық рөл атқарады.

Терминнің сөз ретіндегі басқа басты белгілері төмендегідей. Біріншіден, ол – танымдық сөз. Термин – көпшілік үшін жаңа, белгісіз, мазмұны күрделі арнайы түсініктің аты және жай ғана аты емес. Ол аталушы нәрсенің тіл арқылы қоғамда танылып-түстелуіне, таным жүйесінде орнығып, бейнесі қалыптасуына қызмет етеді. «Адам, өзіңді таны» ұранына сай ғылымның басты мұраты мен дамуының қозғаушы күші – адамзаттың қоршаған орта және өзі туралы білімі артып, танымы кеңейіп, өзін рухани күшейту ниеті болса, термин – осы мұраттың жүзеге асуында ғылымның алғашқы және бірден-бір жаршысы. Мысалы, төл сөз, төлеу сөз деген терминдік сөздерден біз мұның бірі – адамның өз сөзі, алғашқы, түпкі сөз екенін, екіншісі – соның орнына, төлеміне, өтеуіне жүретін сөз екенін, ал өршіткі, өсірткі, есірткі дегендерден бұлардың бірі – әлденені өршітетін, күшейтетін, екіншісі – әлдененің өсуіне сеп болатын, өсуін тездететін үшіншісі – адманың есіріп, құтырынуына алып келетін нәрселер екенін аңғарып, білеміз. Яғни бұлар арнайы айтып, қосымша хабарлаусыз, ата(л)уы арқылы-ақ дүние туралы білігімізге білім қосып, танымымызды арттырады. Жаңа және арнайы, мазмұны күрделі сөз болуы терминге танымдық сипат береді.

Бұл белгісі терминнің танымдық қызметіне негіз болады. Танымдық қызмет мақсаты жаңа нәрсені түсіндіру, таныстыру болады әрі қоғамның оқу-білім, өндіріс, технологияға жақын, жоғары сауатты, саналы өкілдеріне, яғни әлеуметке бағышталады.

Терминнің сөз ретіндегі екінші басты белгісі – ол – атау сөз. Атау сөз деген не?

Атау сөзді атауыш сөздер негізінде түсіндіруге болады. Тіл білімінде атауыш сөз деп жеке тұрып та, басқа сөзбен тіркесіп те қолданыла беретін негізгі сөздерді айтады. Сірә, осы атауыш сөздердің бір бөлігі кең танымал болады. Яғни адам өмірінде өте жиі кездесетін әрі нақты түрде болатын түсінік есімденіп, есімдік сипат алып, мысалы, кісі есімінше қолданылатын болады. Жай, қатардағы ғана сөз болып қоймай, атауға айналады. Бір өзі тұрып-ақ сөйлем бола аларлық деңгейге жетеді (іргелес сөйлемдер), ата(л)уы арқылы-ақ өзінің сөздік (лексикалық) мағынасынан әлдеқайда кең түсініктер жүйесін тудыра алады. Мысалы, тау, дала, ел, жүрек, қан, жол, өмір, өлім, сөз деген атау сөздерді жеке-дара атасақ, оймызға, көз алдымызға осы сөздерден шығатын, осы түсініктер айналасындағы көптеген елестер тізбегі келуі мүмкін. Керісінше, тамыр, қолқа, бауыр, қылтамыр, табақ, ыдыс, сөйлем, сөз тіркесі деген сөздерді атау түйсігімзде ондайлық ойлар туғыза бермейді. Яғни олар – атау емес, бар болғаны жай, атауыш сөздер. Сөздің бәрі нәрсе, түсінікке ат болады. Бірақ бәрі атау, атау сөз болмайды. Термин де – кез келген емес, маңызды түсінік атауы. Сол себепті ол да атау сөз болуы мүмкін. Мысалы, компьютер әуелде тек термин еді, енді жалпы тілдік сипат алып, атау сөзге де айналды.

Олай болса, атау мен терминнің бірлігі – екеуі де есім сипатты, атау тұлғалы, атаулық сипаттағы сөз, қандай да түсінк аты. Айырмасы – атау – кең танымал, есімдігі басым, ескі, жалпы тілдік, ал терминнің танымдығы басым, арнайы мәні бар, жаңа, аз танымал. Яғни термин маңызды, тіректік түсінік аты ретінде атау сөзбен үндеседі. Бұл оның атаулық қызметін құрайды әрі атаулық қызмет мақсаты айшықтау, әйгілеу, айғақтау, көрсету болады.

Терминнің сөз ретіндегі үшінші басты белгісі – ол – жаңа сөз, орысша айтсақ, неологизм. Арнайы анықтама (2) бойынша, «тілдегі бұрыннан келе жатқан белгілі тәсілдер арқылы жасалған немесе мағынасы ауысу арқылы туған жаңа сөзді неологизм дейміз». Әрі ол «үш жолмен жасалады ... : а) негізгі түбірге жұрнақ қосылу арқылы (өндіріс, өнім-ді-лік, өндір-гіш), б) сөздердің бірігуі арқылы (халық-аралық, қол-өнер, алғысөз, соңғысөз, келіссөз, жарыссөз. жолақы, бесжлдық, шетел), в) сөздердің мағыналары ауысуы арқылы (қарау – көру, бағу, талқылау)». Яғни термин де әуелгі сөз тұлғасы сақтала отырып, мағынасы өзгере, оған жаңа мағына үстеле немесе сөздің тұлғасы да, соған сәйкес мағынасы да өзгере, яғни аталған сөзжасам тәсілдері бойынша жаңа сөздік бірлік жасала пайда болады. Екіншіден, терминнің бәрі де жаңа тұлғалы, мағыналы сөздік бірлікке жатады. Тілдегі басқа сөздерге қарағанда жақында ғана жасалған жаңа сөз болып табылады. Мысалы, тілдегі тат, таттану, тат басу деген әуелгі (яғни ескі), жай сөздерге қарағанда тотық, тотығу, тотықсыздану, тотықтырғыш, тотықсыздандырғыш деген терминдік, арнайы сала сөздерінің тұлғасы да, мағынасы да жаңа болып табылдады. Дәл сол сияқты, тұз, қышқыл, ауа сөздерінің де белгілі бір салаға қатысты айтылатын, арнайы мәні жалпы тілдік, әуелгі мәніне қарағанда әлдеқайда кейін пайда болған, яғни жаңа.

Бүгінде кез келген тілдегі жаңа сөз негізінен термин не қандай да сала түсінігі ретінде пайда болады және керісінше, белгілі ғалым С.А. Низовцеваның (3) пайымдауынша, пайда болып жатқан жаңа сөздердің 90 пайызы термин болып табылады.

Жаңа сөздік сипаты терминнің сөзден сөз тудыру, сөзді түрлендіру, сөз жасаудың соны тәсілдерін тудыруға, яғни сөзжасамдық қызметіне негіз болады. Кез келген тіл де жаңа сөз туып, жасалып отырмаса, оның ішкі даму мүмкіндіктеріне тұсау салынады, онда бөгде тіл сөздері пайда болады. Бұл қызметінің мақсаты тілдегі сөз қорын арттыру, оны ойға, заманға ілестіру, өз табиғатына сай жаңарту, жасарту болады әрі тіл сапасына, оның икемдік, оралымдық сипаттарына бағышталады.

Терминнің сөз ретіндегі төртінші басты белгісі – ол – арнайы сөз, арнайы мәні бар сөз. Яғни сөздің жалпы (жай) және арнайы мәні болады. Сөздің арнайы да, жалпы да не тек арнайы не тек жалпы мәні болуы да мүмкін. Яғни арнайы мәні жоқ сөз де болады. Сөйлем, көсемше, есімше, етістік, есімдік сияқты көптеген терминнің, сөздердің тек терминдік мәні бар, жалпы мәндері жоқ. Ал рай, шырай, одағай, шылау, үстеу, жалғау, жұрнақ, қосымша, түбір, буын сияқты мыңдаған сөздердің жалпы тілдік те, арнайы да мәндері бар. Бұл сөздердің термин немесе термин емес, жай сөз болуы қолданыс аясына қарай анықталады. Мысалы, ауа сөзінің 1. дем, 2. газ қоспасы деген жай сөздік те, терминдік те мәндері бар. Оның бірінші мағынасы күнделікті тұрмыста, жалпы тілде, екіншісі – белгілі бір сала аясында қолданылады. Олай болса, термин – сөз және арнайы қолданыстық сөз. Терминнің терминдігі сөзінің тегіне қарап емес, қолданыс аясына қарап анықталады. «Балкон» көпке жалпы тіл, тұрмыс сөзі ретінде танылды. Сондай-ақ ол – сәулет-құрылыс саласының арнайы сөзі де. Ол ғылыми қатынаста қолданылса, термин болады да, жай, жалпы тілдік қатынаста қолданылса, жай сөз болады. Қолданыстық сипаты, қоланыс аясы терминді сала атауы, яғни кәсіпсөз етеді

Терминді танып, анықтаудағы бір жаңсақтық оны ғылым сөзі, ғылыми таңба деп атап, тек ғылыммен ғана байланыстыра қарау болып отыр. Терминнің, терминдік сөздің алғаш рет ғылым саласында пайда болғаны рас. Ғылымның өзі әуелден бір кәсіп түрі еді. Ол кезде өндіріс – өндіріс, дене еңбегі, қара жұмыс етін де, ғылым – ғылым, ақ жұмыс, ой еңбегі, ой ойыны болатын. Бүгінде кез келген кәсіп, өндіріс, саланың ғылыми негізі бар. Дәл сол сияқты кез келген өндірістің, саланың өзіндік атаулық жүйесі, термині бар. Мысалы, мал шаруашылығы бұрын қара жұмыс қана болған, қазір оның бірнеше салаға жіктелген ғылымы барына, оның ғылым нысаны да екеніне және өзіндік атаулық жүйесі де бар екеніне, ол атаулар қатарында білімдік, яғни оқып-білуге қатысты, таза ғылымдық, яғни ғылымды жазуға, дамытуға қатысты және тікелей өндірістік, яғни сала шаруашылғын жүргізуге қатысты атаулар барына әрі бәрінің артық-кемсіз, бірдей бағаланатынына ешкім таласпайды. Сол сияқты, кез келген әрекет түрінің арнайы өзіне ғана тән, өз атымен аталатын ғылымы болмаса да, басқа ғылым аясында, ғылымдар түйісінде қаралып, шешілетін ғылыми негізі болады. Мысалы, бет күтімі қызметінің де бірінші кезекте ғылым нәтижелері негізінде жүргізілетіні әрі оның медицина, биология, химия т.б. ғылымдар түйісіндегі мәселе екені белгілі. Ғылым–технология–өндіріс қатынасы да теория-әдістеме-практика қатынасын қайталайды. Осы себепті, енді сала сөздерін термин, кәсіпсөз деп бөлудің түк мәнісі жоқ. Олай болса, әуелден табиғаты бір бұл сөздер тобын ғылыми сөз, ғылыми емес сөз, өндіріске қатысты сөз, кәсіби сөз деп жасанды жіктеуге ұрынбай, бәріне ортақ белгілері бойынша арнайы сөз, сала сөзі деп немесе Ақаңша, пәнсөз деп атасақ болады.

Оның үстіне, терминтану мәселесіне айрықша мән берген кеңестік ғалымдардың соңғы буын өкілдері де терминді специальная лексика, отраслевая лексика деп атап, оның айрықша жаралған сөз, ғылыми таңба еместігін аңғара, қабылдай, мойындай бастау жайы да байқалады. Олай дейтініміз – «..термин ғылым саласының атауы болғандықтан, ұлттық тілдің жалпы халыққа бірдей мәнін қамтыса, профессионалдық лексика тек ұсақ мамандықпен ғана байланысты ... аздаған мамандар ғана қолданатын оқшау сөздер...» деген түсінікке сай, кеңестік ғылым әуелден кәсіпсөз – шаруашылыққа қатысты жай, қалдық сөз, ал термин – ғылым атауы, алдыңғы қатарлы, аса ғылыми түсінік деп, бұл екеуін екі бөлек нәрседей түсіндіріп келген-ді. Сондағы мақсаты – әр тілде әуелден бар, болуы тиіс кәсіптік атаулар мен таза ғылым атауы саналатын терминді өзара қарама-қарсы қою, терминді ол тілдерге аудартпай алдыру, кәсіпсөзді ескі-құсқы сөз етіп көрсету еді. Олай болса, термин арнайы мәні бар, сала сөзі ретінде кәсіп сөзбен теңеседі. Тек терминнің көпшілігі жаңа да, кәсіпсөздер ескі болады.

Бұл сипаты терминнің арнайы, салалық қатынас құралы болуына, яғни қатынастық қызметіне негіз болады. Қызмет мақсаты ойды жеткізу, әрекетке түрткі болу болады әрі ғылымға, ғылым-білімді дамытуға бағышталады.

ӘДЕБИЕТТЕР

1 Котелова Н.З. К вопросу о специфике термина // Лингвистические проблемы научно-технической терминологии. – М: Наука, 1970. – С. 112-126.

2 Қазіргі қазақ тілі. – А., 1964. – 69-75 б.

3 Низовцева С.А. Возможности и границы унификции научно-технической терминологии // Термины в языке и речи. – Горький, 1985. – 122 с.


ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада термин сөздің мазмұндық сипатын ашатын негізгі белгі-қасиеттері көрсетіліп, талданады.

РЕЗЮМЕ

В статье выдвигаются и анализируются основные признаки терминологичесокй лексики.



Каталог: attachments
attachments -> Формирование профессиональных умений и навыков
attachments -> Қазақ мемлекеттік қыздар
attachments -> ҚазақТҰтынуодағЫ
attachments -> История финансовой науки и ее развитие в России
attachments -> Актуальные проблемы международных отношений
attachments -> Ұлы баба есімі дәріптелді  Жаңа кітап баспадан шықты  Кітап тұсаукесеріне әзірлік
attachments -> Биография великого инструмента
attachments -> Урок музыкальной литературы в 5-м классе. Тема урока: И. С. Бах. Органное творчество
attachments -> «Найрозумніший» 8 клас І тур
attachments -> Қазақ мемлекеттік қыздар


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   18




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет