Байланысты: Тапсырма 2. 7 апта. Реферат жазу жұмысы (1)
2. Жәдид мектептері – 19-20 ғасырлар тоғысында Еділ бойы, Кавказ, Түркістан, Қазақстанда ашылған мектептер. 1884 жылы Гаспралы Исмаил би өзінің әріптестерімен бірге діни оқуды халыққа терең білім беру ісімен ұластыра отырып, жаңа оқу жүйесін жасады. Бұл жаңа әдіс бойынша мұсылмандық мектептерде оқушылар ұлттық тәлім-тәрбиеге негізделген дін пәндерімен қатар жазу, есеп, география, тарих, орыс тілі, т.б. өмірге қажетті пәндерді оқитын болды. Жәдид Мектептері “Ібтидай” (бастауыш) немесе “рушти” (5 — 6 жылдық) болып, жергілікті халықтың қаражатымен ашылды. Мектептерде балаларға бұрынғы “иман шартының” орнына “Муаллим эввел” (Бірінші мұғалім) және “Муаллим сани” (Екінші мұғалім) ұсынылды. Сонымен бірге балаларды мектепте ана тілінде оқуға, жазуға үйретіп, география, тарих, арифметика және т.б. пәндерден алғашқы білім беріле бастады. Жәдидшілер балаларды “жаңа әдіспен” оқытуды жақтады, ал олардың құрған мектептері жаңа әдіс, яғни “ұсулы жәдид” мектебі аталды. Балаларды “жаңа әдіспен” оқыту жолындағы ағым Еділ бойындағы татарлардан басталады. Содан Астрахан, Орынбор арқылы Батыс Қазақстанға, біртіндеп Қазақстанның өзге өңіріне тарады. Қазақстанда кеңінен етек жая бастаған Жәдид Мектептері мен медреселердің ішіндегі ірілері “Мамания”, “Расуле”, “Ақтас”, т.б. болды. Мұнда жоғарыда аталған оқулықтармен бірге араб, түркі, қазақ, орыс, дін, тарих, география, жануартану пәндерінен ғылыми түсінік беретін кітаптар пайдаланылды. Патша өкіметі бұл мектептердің өркен жаюына қысымшылықтар жасап келді. Олар өз тыңшыларын жіберіп, нақты мәліметтер жинап, түрлі кедергілер қойып отырды. Мысалы, патша өкіметінің 1911 жылғы мектеп-медреселер туралы есебі бойынша, Қазақстанда 84 медресе ббар, онда 28814 шәкірт тәрбиеленіп, 130 ұстаз қызмет атқарған, оның 1446-сы бар болғаны бастауыш сауат ашу мектептерінің түлектері болды. Отаршыл саясат қысымшылығынан жәдидтік бағыттағы оқу орындары ығыстырылып, 19 ғасырдың 2-жартысынан бастап Қазақстанда орыс-қазақ мектептері, училищелері дүниеге келді.
Исмаил бек оқу-ағарту ісінің ұлттық негізде болып, мектептердің ана тілінде білім беруін, медреселерде діни ілімдермен дүниәуи ғылымдардың қатар оқытылуын, жаңа әдіспен өзіндік ережелері бар оқу жүйесінің қажетсіз пәндерден арылуы керектігін, оның орнына оңайдан бастай отырып ғылымхал, тәпсір, хадис, тарих, жағырапия пәндеріне көбірек мән берілуін баса айтты. Гаспыралы бастауыш мектепті медреседен бөлуді, мұғалімге айлық төлеуді, оқу-жазуды үйретуді буын әдісімен емес, фонетикалық әдіспен бастап, жеңіл жолды қолдануды, қыздар үшін де бастауыш мектептер ашуды және білім беру бойынша арнайы бағдарлама қабылдап, оқулықтарды жас ерекшелігіне қарай оқытуды ұсынды. Сондықтан ол дәстүрлі медреселер мен мектептерге реформа жасау қажет деп, 1884 жылы Бахшасарайда алғашқы жәдит мектебін ашты. Осылайша алғаш Қырымда тұсауы кесілген жаңа үлгідегі мектептер Қазанда, Уфада, Орынборда, Бұхарада, Ташкентте, Семейде, Алматыда және тағы басқа қалалар мен елді мекендерде ашылып, білім бере бастады. Гаспыралы «Тәржіман» газеті арқылы жәдит мектептері туралы көптеген мәлімет беріп, халықтың ынтасын арттырса, екінші жағынан «Хожа-и Субян» атты оқулық арқылы жаңа жүйенің қалай жүзеге асырылатынын үйрететін еді. Ал жаңа жүйе бойынша жәдит мектептерінде ескі қадым мектептерінен бөлек, белгілі бір қағидалар бар болатын. Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі бар медресе жүйесі мен молдалар бұған барынша қарсыласып баққанымен, жәдит мектептері қысқа уақыт ішінде оң нәтиже берді. Араб тілін оқып-жазумен қоса бұл мектептерде тарих, жағырапия, геометрия және есеп сияқты сабақтарды да оқытатын. Іргесі сөгіле бастаған туыстыққа қайта дәнекер болған жәдит мектептерінде түбі бір түркі халықтарының балалары түгел болды. Ғалия, Расулия медреселерінде татар, башқұрт, өзбек, әзербайжан балалармен бірге жүздеген қазақ балалары да оқыды. Сондай-ақ қыздар үшін де арнайы мектеп, медреселер болды. Кейін Мысыр, Польша, Үндістан және Қытай сияқты елдерде ашылған жәдит мектептерінің саны 1905 жылы Ресейдің өзінде ғана бес мыңнан асып кетті. «Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма. ...Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ» деген Абайдың да жаңашыл мектепті асыға күткені анық. Көкбай ақынның:
«Абай марқұм ескіге ермеуші еді,
Ескіні онша жақсы көрмеуші еді.
Мысырдан төте жолмен оқу шықты,
Сол қашан келеді деп шөлдеуші еді»,
деп жазуы соны меңзейді.
Ұлтты тек ағарту саласымен ғана оятудың жеткіліксіз екенін ұққан жәдитшілер ұлттық сипаттағы түрлі басылымдар шығара бастады. Осы мақсатта 1883 жылы сәуір айының 10-ы күні «Тәржіман» газетін шығарған Исмаил бек, беташар алғысөзіне былай деп жазды: ««Тәржіман» шамасы келгенше дұрыс пікірлерді және пайдалы мағлұматтарды мұсылмандар арасында тарату, мұсылмандардың пікірлері мен мұқтаждықтарымен орыстарды таныстыру үшін қызмет жасайды. Осы өте маңызды мәселелерді мойнымызға ала отырып, халқымызға қолғанат болатынымызға сеніміміз мол». Басылым сол сертінде тұрды. Османлы мемлекетінің «жас түріктер» 1908 жылы билікке келіп, ел Парламентіне депутаттыққа шақырғанда Исмаил бек «баспаханасының басында» қалуды артық санаған екен. Ол туралы Алаштың көсемі Әлихан Бөкейхан: «Исмаил мырза «Тәржіманды» өзі жазған, баспаханада қаріпті өзі тізген, мәшинәда өзі басқан, газетаны өзі бүктеген, шаһардағы алушыларға өзі үлестірген. Сөйтіп бейнеттеніп жүріп «Тәржіманның» бір жағын орысша, бір жағын түрікше толтырып, жеті сайын шығарып тұрған», деп жазады.